Әлемдік саяси үрдіске кіріспе

№1 Дәріс

 

 Әлемдік саяси үрдіс пәніне кіріспе

 

1. Әлемдік саяси үрдіс ұғымы және оның мәні.

2. Әлемдік саяси үрдістің негізгі сатылары.

3. Әлемдік саяси үрдістің типологиясы

 

1. Әлемдік саяси үрдіс ұғымы және оның мәні. Әлемдік саяси үрдіс саяси ғылымдағы аса күрделі категория. «Саяси процесс» ұғымы барлық қоғамдық ғылымдарда кеңінен қолданылады. Бұл ұғымның мәнін анықтау үшін, жалпы «процесс» терминінің мәнін айқындаудан бастау керек. «Процесс» термині латынның жалғасы, қозғау сөзінен шыққан, ол: біріншіден, өзінің бағыты бар белгілі бір қозғалысты, қозғалыстың қайсыбір барысын, ретін, дамуын; екіншіден, жәй-күйдің, сатының, эволюцияның табандылықпен ауысуын; үшіншіден, белгілі бір нәтижеге жету үшін табанды қимыл-әрекеттердің жиынтығын білдіреді. Демек, «процесс» терминінің әмбебаптық сипаты бар, өйткені ол табиғат пен қоғамның шынайы және тұрақты қалпын көрсетеді.

Әлемдік саяси үрдіс бүкіл саясат субъектілердің қызметтерінің жиынтығы іспетті, соның негізінде белгілі бір уақыт және кеңістік шеңберінде қоғамның саяси жүйесінің қалыптасуы, дамуы және өмір сүруі іске асады. Сонымен бірге «саяси процесс» ұғымы саяси өмірдің барлық құбылыстарын: мемлекет қызметін және оның жекелеген саяси субъектілерінің қызметін, саяси мәдениеттегі өзгерістерді, саяси санадағы, психологиядағы, адамдардың жүріс-тұрысындағы және т.б. өзгерістерді мейлінше қамтиды.

Осымен  байланысты, ғылыми әдебиеттерде «саяси процесс» ұғымына анықтама беруде әр түрлі көзқарастың барлығын айтқан жөн. Бірінші көзқарастағылар, саяси процесс деп саясатта болып жатқанның бәрін түсіндіреді. Екінші біреулері, бұл ұғымды «саясат» категориясымен ұқсастықта қолданады. Үшінші концепцияны ұстаушылар, «саяси процесс» ұғымы қоғамның саяси жүйесі қалпының ауысуын түсіндіруші ретінде пайымдайды.

«Саяси  процесс» ұғымы ең алдымен, өзіндік ерекше мақсаттары мен функцияларын іске асыруда индивидтер, топтар, билік институттары бір-бірімен және мемлекетпен қалайша өзара әрекет ететінін ашады. Бұл мәселеде саяси процестің әлеуметтанулық түсіндірмесіне де назар аударылады, саяси процесті тек саяси күрес тұрғысынан қараумен қатар, әлеуметтік және саяси құрылымдар мен қатынастардың өзара әрекетін сараптау деңгейінде пайымдалады.

Әлемдік саяси процестің әлеуметтанулық түсіндірмесі американдық саясаттануда кеңінен тараған. Онда саяси процесс әлеуметтік процестер мен саяси рөлдер мен функцияларды жүзеге асыру негізінде саяси билікті алып жүрушілердің арасындағы өзара әрекет тұрғысынан суреттеледі.

Әлемдік саяси процестің өзіндік құрылымы бар. Саяси процестің құрылымы: саясат субъектілерінен, билік ресурстарынан, құралдардан, оларды қолданудың формалары мен әдістерінен, аралық әрі түпкі мақсаттар мен міндеттерден құрылады. Сонымен қатар, саяси процесс макрожүйедегі, микрожүйедегі өзгерістерді қамтитын уақыт пен қарқыны бойынша көп үйлеспейтін нақты жергілікті-локальды бағыттардан да тұрады.

Саясаттың кез-келген субъектісі (партия, қозғалыс, әлеуметтік топ және басқалар) өздерінің саяси процеске қатысуын белгілі бір принциптер негізінде ұйымдастырады. Олар әр түрлі болуы мүмкін, бірақ құқықтық мемлекетте оларды заңдылық критерийлері-өлшемі мен құқық нормаларына сәйкестік біріктіреді.

Әлемдік саяси процестің ресурстары болып оның идеялық және материалдық негіздері: ғылым, білім, техникалық және қаржы құрамдары, бұқараның, процеске қатысушылардың көңіл күйі, олардың идеологиясы, қоғамдық ортаның қалпы және басқа да факторлар қызмет атқара алады.

Сонымен жалпы саяси процесс жекелеген процестердің қарапайым ғана жиынтығы емес. Ол жеке процестерден өзінің көлемі, мазмұны жағынан ерекшеленумен қатар формаларымен де өзгешеленеді. Жалпы саяси процесс эволюция, революция, дағдарыс сияқты белгiлі үш формада жүреді.

Жалпы саяси процестің бүкіл қоғамды қамтитынын және оның саяси жүйесін мәнді өзгеріске түсіретінін немесе қалыпты күйін тіптен ауыстырып жіберетінін атаған жөн. Ал, жеке саяси процестердің жалпы саяси процестен айырмашылығына келсек, оның саяси өмірдің жекелеген жақтарын қамтуында жатқандығында деп түсінуіміз керек. Сонымен бірге жеке саяси процестер жалпы саяси процестен өзінің құрылымымен, сипаттамасымен, даму кезеңдерімен де ерекшеленеді.

Жеке  саяси процестер – бұл әр түрлі, қоғамның саяси жүйесінің жай-күйіне жалпы тиіспей, белгілі бір саяси мақсаттарды жүзеге  асыруға бағытталған қоғамның саяси белсенділігінің көптеген ерекше формалары. Соған сәйкес жеке саяси процестер билік өкілдерінің өздерінің міндеттерін тікелей атқару барысында (әсіресе қоғамды басқаруда) көрінеді. Бұл процестер сонымен қатар әр түрлі саяси партиялардың, қоғамдық қозғалыстардың және жекелеген азаматтардың өздерінің саяси мүдделерін (мысалы, сайлауға, референдумдарға, митингтерге, көше шерулеріне қатысуы) түрлі жолдармен іске асуын бейнелейді. Жеке саяси процестерге басқару шешімдерін қабылдау мен жүзеге асырудың түрлі формалары жатады.  Жеке саяси процестердің көптігіне және әр түрлігіне қарамастан, оларды жүзеге асыру қоғамның саяси жүйесін мәнді өзгерістерге түсіре алмайды. Мысалы, тоталитаризмді демократиялық саяси режиммен  алмастыруға немесе монархияны республикамен және басқаларын ауыстыруға әкеп соқпайды.

Саясатқа  қатысу саяси процестің мәнін  ашатын маңызды элемент болып табылады. Саяси процеске қатысушылар, оның әрекет етуші адамдары мен күштері болып жеке азаматтар, олардың саяси және қоғамдық ұйымдары мен бірлестіктері, әлеуметтік-таптық, этникалық және басқа да адамдар қауымдастықтары есептеледі. Саяси процеске әрбір қатысушының, яғни оның субъектісінің, өзіндік стратегиялық және тактикалық мақсаттары мен міндеттері болады. Олар саяси күштердің қызметінің формаларын, мазмұнын, әдістерін анықтайды, олардың арасындағы өзара қарым-қатынастың сипатын және т.б. белгілейді. Алайда, түптеп келгенде, бәрі бәз-баяғы саяси билік туралы мәселеге келіп тіреледі, ең алдымен оның мемлекеттік формасына байланысты болады. Саяси процеске қатысушылардың біреулері үшін мақсат тек билікті иелену болса, басқалары үшін – оны уысында ұстап қалу және пайдалану. Осыған байланысты саяси процесс субъектілерінің арасында қарым-қатынас қалыптасады. Мұндай қарым-қатынастар ынтымақтастық, бәсекелесу, күрес, шиеленіс, антогонизм, келісімге келу және т.б. сипатта болуы мүмкін.

2. Әлемдік саяси процестің негізгі сатылары. Әлемдік өзара саяси әрекет ретінде саяси өмір динамикасына талдау жасау саяси процестің мазмұнды жағын ашуға мүмкіндік береді. Саяси процесс саяси өмірдің үнемі, кезекпен болатын оқиғалары іспетті, бірақ, ол, сонымен қатар, ішкі бірлікпен байланысқан. Солай болғанмен де саяси процесс бір мезетте тұтас құрылымды қайта өндіруші ретінде және саяси өмірге ықпал ететін экономикалық, экологиялық, мәдени және өзге де факторларды біріктірген әлеуметтік орта және әлеуметтіктен тыс орта мен өзара әрекеттегі саяси жүйенің циклдік өмірі ретінде көрінеді. Әлемдік саяси процесс барысында институттық жүйе бейімделеді және оның жалпы әрі жеке элементтерінің бейімделуін, оның жүйелік сапалар ретінде ұдайы өндірілуін және сақталуын, оны құрайтын компоненттерді де қамтамасыз етеді.

Осы орайда әлуметтік-саяси ғылымда саяси өзгерістің көздері, механизмдері және формалары жөнінде көптеген түсініктер қалыптасқанын айтуымыз керек. Мысалы, Маркс саяси динамиканың негізгі себептерін экономикалық катынастардың ықпалынан көрді, Парето оларды элита таралымымен байланыстырды, Вебер – харизматикалық лидердің қызметінен, Парсонс – адамдардың әр түрлі рөлдерді қолдануынан көрді. Алайда, саяси өзгерістің негізгі көзі ретінде көбіне-көп шиеленісті көтерді.

Әледмік саяси өзгерістің көздері мен формаларының көп түрлілігі саяси құбылыстардың өмір сүруінің белгілі бір тәсілдерінен көрінеді1. Осымен байланысты, менің ойымша, саяси процестің негізгі төрт сатысын бөліп айтуға тұрарлық. Ол – қалыптасу, өмір сүру, даму және құлдырау сатылары. Десек те сатыларға осылай бөлу шартты түрде ғана жүргізіледі. Алайда біртұтас саяси процесте олар бір-бірімен өзара байланыста әрекет етеді, әрқайсысы өзіне тән ерекшелігін сақтайды, өзіндік міндеттерін атқарады және ерекшелікті әдістер мен саяси әрекетті іске асырады.

Қалыптасу (жаңа саяси құбылыстарды, институттарды, қатынастарды, нормаларды жасау, жобалау) саяси процестің тарихи, логикалық, бірінші, бастапқы сатысы болып табылады. Ол бір мезгілде және тұрақты түрде жүреді. Бір мезгілдік – қайсыбір саяси жүйенің пайда болу кезеңі. Саяси процестің бұл сатысы, әдетте, бір саяси күштердің заңды билігінен айырылып, басқа күштер билікті қолына алғандағы қоғам дамуының түбегейлі моментіне сәйкес келеді. Осы жаңа күштер өздерінің қажеттіліктерін қанағаттандыратын жалпы саяси жүйені жасайды, олардың еркін енді биліктің басқа органдары және басқада саяси инстатуттары жүзеге асыратын болады. Бір мезгілде бұрынғы құқықтық нормаларды жаңамен алмастыру жүзеге асады, онда жаңа пайда болған билік институттары, саяси жүйенің басқа да элементтері бекітіледі. Саяси процестің бұл сатысының басты кезеңі – Конституцияны толығымен қайта қарау, немесе жаңа Конституция қабылдау – бұл саяси биліктің, оның барлық инститтарының заңдылығын мойындататын жария және демократиялық тәсілі.

Алайда  биліктің заңдылығы жаңа Конституция қабылдаумен бітпейді. Бұл әрі ұзақ, әрі тұрақты процесс. Осы тұрғыдан келгенде саяси жүйені конституциямен бекіту бір мезгілдік акті болып қалмайды. Оны заңдастыру процесі тұрақты түрде қайталанып тұрады, үздіксіз жүреді, өйткені бұл жүйе мойындауды талап етеді және ол қоғам мүшелері тарапынан қолдауды кажетсінеді. Сонымен саяси процестің көп түрлілігі оның алуан түрлі типологиясын ерекшелейді.

3. Әлемдік саяси процестің типологиясы. Әлемдік саяси өмірдің бірқатар белгілері мен көп түрлілігіне байланысты саяси процестің әр түрлі типологиясы бар2. Алайда бұл саяси процестің  типологияларын түсіндіруде саясаттануда түрліше екпін жасалған, солардың біршама танымалдарын атап өтелік.

Әлемдік саяси процестің өркениет тұрғысынан алғанда батыстық және батыстық емес екі типін көрсетуге болады. Олардың айырмашылығы батыстық және батыстық емес дүниенің өркениеттілік ерекшеліктерімен, олардың халықтың практикалық бағытын және мінез-құлқын анықтайтын мәдениетімен айқындалған.

Бұл типология салыстырмалы саясаттану шеңберінде жасалған. Америка саясаттанушысы Л.Пай «Батыстық емес саяси процесс» деген мақаласында батыстық және батыстық емес саяси процестерді ажырататын 17 белгіні қалыптастырған. Оның пікірінше, батыстық емес қоғамдарда саяси және қоғамдық салалар және жеке қатынастар арасында нақты шекара жоқ; саяси партиялар белгілі бір дүниетанымды дәріптеуге және өкілдік өмір салтын көрсетуге бейім; саяси процесте сыбайластар тобы басым; саяси топтардың жетекшілері стратегия мен тактиканы анықтауда біршама еркіндікке ие; саяси процесс оған қатысушылар арасында интеграцияның болмауымен сипатталады; арнайы рөл атқаратын ұйымдасқан мүдделі топтардың ықпалы нашар, осыдан келіп рөлдерді біріктіру және өзара алмасу деңгейі жоғары; саяси әрекеттердің мақсаттары мен құралдарына қатысты консенсус жоқ; оппозициялық партиялар және билікке келуге талаптанушы элита революциялық қозғалас ретінде жиі шығады, харизматикалық лидерлердің рөлі үлкен және т.б.

Батыстық  дүниенің саяси процестерінің ізі ретінде Л.Пай англосаксондық елдердің мәдениетін қарастырған, соның негізінде, оның пікірінше, батыс демократиясы қалыптасқан.

Саяси процесті ұйымдастыру және талдау тәсілі бойынша  горизонтальды-ұйымдастырылған және вертикальды-ұйымдастырылған саяси процестер деп бөледі. Горизонтальды-ұйымдастырылған және вертикальды-ұйымдастырылған саяси процестерді, М.Вербердің термині бойынша, «идеалды типтер» ретінде қарастыру керек. Соңғылар саяси мәдениеттің этатистік емес (демократиялық) және этатистік (технократиялық, элитарлық) екі түріне сәйкес келеді.

Горизонтальды-ұйымдастырылған саяси процесс ұтымды әрекет етуші субъектілердің: үкімет, саяси партиялар, мекемелердің өзара әрекеттерін көрсетеді. Ол оған қатысушылардың ортақ ойын ережелерін бетке ұстап, бір-бірімен ынтымақтасатын немесе қарсыласатын формальды теңдігін және салыстырмалы автономдығын мойындаудан туындаған. Мұндай процесте оған қатысушылардың арасында алға қойылған  мақсатқа жету үшін әркім бір нәрсесін құрбан ететін мәдени саудаласу формасына немесе жүйенің бүкіл элементтер тұрғысында «келістіру» формасына айналады. Горизонтальды-ұйымдастырылған саяси процестің идеалы болып «дөңгелек стол», көп жақты консультациялар есептеледі, солардың арқасында маңызды саяси шешімдер қабылданады. Саяси процестің формасы ретіндегі ұйымдасқандықпен қалыптасу үкіметтің, кәсіпкерлердің және кәсіподақтардың тұрақты өзара әрекеттерін реттейтін үш жақты комиссияларда, заңда бекітілген институттарда көрініс табады.

Вертикальді-ұйымдастырылған саяси процесс мүдделердің  қажеттіліктерін стихиялық көрінісі ретінде, иррациональды бұқараның ойлау үлгісі ретінде түсіндіріледі. Бұған мемлекеттік билік және саяси институттар жүйесі, қоғам жасаған құндылықтар жүйесі қарсы тұрады. Вертикальді-ұйымдастырылған саяси процесте қоластындағылар-азаматтар биліктің беделін мойындайды, ал билеушілер қоғам мүшелеріне белгілі бір еркіндікке кепілдік береді. Ойластырылған және ұтымды өзара саяси әрекетті, азаматтарға құндылықтарды таңуға тырысатын үкімет қалыптастырады. Олардың арасында ең маңыздысы болып заңға бағынушылық, жауапкершілік, ұтымдылық басқару есептеледі. Мемлекет пен қоластындағылардың-азаматтардың өзара қатынасының мәні басқарушылар мен басқарылатындардың «дұрыс» мінез-құлық, жүріс-тұрыс ережелерін анықтаумен шектеледі. Басқарушылар қоғамның әр түрлі топтарының мүдделерін үйлестіруі тиіс, ал басқарылатындар бір-бірімен келісімге келуге ынталы болуы керек. Вертикальды-ұйымдастырылған саяси процесс билік құрылымының қабілетінің арқасында топтың талаптарын белгілі бір әрекет бағдарламасына кіріктендіру арқылы ұтымдылық, болжау және конструктивтік элементтерін күшейтуді жобалайды.

Осыған орай вертикальды-ұйымдастырылған саяси  процестің тағы бір айырмашылығы елдің лидерінің өз беделін қалыптастыруға тырысуы және қолдап отыруымен ерекшеленеді. Менің көзқарасымша, билік пен қоғамның өзара әрекетінің сипаты бойынша Қазақстандағы саяси процесті вертикальді-ұйымдастырылған процеске жатқызуға болады. Өйткені мұнда билік керекті саяси мінез-құлықтың ережелері мен шарттарын бір жақты анықтап, азаматтардың тілегіне сәйкес құндылықтарды таңып отыр.

Саяси ықпал  ету объектілері бойынша және мазмұны тұрғысынан саяси процесс: ішкі саяси және сыртқы саяси процесс  болып бөлінеді. Олар ерекшелікті  пәндік саласымен, субъектілердің өзара  әрекет етуі, институттардың өмір сүруі, дамуы тенденциялары және заңдылықтарының  тәсілдерімен өзгешелінеді. Ішкі саяси  процесс саясаттың субъектілерінің  арасында жүреді, олардың қызметінің негізгілері саяси билікті жеңіп  алу және оны ұстап тұру әрі  қолдана білу болып табылады. Көптеген елдердің ішкі саяси процестерінің  мазмұнында мәнді өзгешеліктер бар. Ол мемлекеттік құрылыс пен басқару  формаларына, саяси өлшемдерге, билеуші  элита сапасына және басқа да факторларға  байланысты. Кез-келген елдің ішкі саяси  процесінің ірге тасы болып саяси  экономикалық укладтардың арақатынасы, қоғамда қалыптасқан әлеуметтік құрылым, саяси мәдениет дәстүрлері, халықтың өз жағдайына қанағаттану  деңгейі есептеледі.

Ішкі саяси  процестердің ерекшеліктерін түсіну үшін азаматтардың саяси белсенділігін  институттендірілген формасының жетекші  рөлі мен маңызын естен шығармаған жөн. Сонымен биліктің  ұйымдық  құрылымы саяси процестің негізі болып табылады, өйткені ол халықтың қайсыбір деңгейдегі белсенділігін  талап етеді, азаматтарды саяси  мобилизациялау құралдарының жиынтығын  және басқарудың басымды әдістерін  анықтайды. Саяси ұйымдастырудың қозғалмалығы мен мобилдігіне саясаттың әлеуметтік ортаға ықпал ету деңгей және сипаты тікелей тәуелді болып келеді. Ішкі саяси  мақсаттарға бейбіт тәсілдермен  де, күштеу әдістерімен де жетуге болады.

Сыртқы саяси  процесс халықаралық істерді  жүргізу өнері ретінде басқа  мемлекеттермен қарым-қатынасқа тарайды. Сонымен қатар сыртқы саясат олардың  өзара қарым-қатынастарын реттейді.

Дүние жүзінде  мүдделері сәйкес келмейтін және әр салада үйлеспейтін  бағдарламалары бар көптеген мемлекеттердің өмір сүруінен туындаған ерекшеліктерді сыртқы саяси  процесс иемденген. Қазіргі жағдайда сыртқы саяси процесс келіссөз жүргізу  өнеріне айналып, екі жаққа да тиімді саяси  келісімге жету құралы болып отыр.

Билікті қайта  құрудың жылдамдығы мен көлеміне, сипаты мен әдістеріне қарап саяси  процесті эволюциялық және революциялық деп те бөледі3.

Революциялық  сипаттағы саяси процесті билікті  салыстырмалы түрде тез сапалы өзгеруі, шешім қабылдау тәсілдерінің өзгеруі, саясатқа қатысу жолдары мен механизмдерінің  өзгеруі ерекшелейді. Бұл процесс  қоғам өмірін түбегейлі төңкеру  болып саналады. Оның барысында  мемлекеттік биліктің және үстем  етуші меншік формасының ауысуы болады. Революциялық саяси процесс салыстырмалы түрде қысқа саяси мерзім ішінде бейбіт және күштеу құралдарымен  жүзеге асырылуы мүмкін. Мұндай кезеңдерде, әдетте, электоральдыққа сенім білдіру  стихиялыққа орын береді, бұқаралық  саяси қозғалыстардың еркін формалары  алға шығады.

Эволюциялық саяси процесте саяси билік құрылымындағы  өзгерістер біртіндеп қайта құрулар  және реформалар жолымен іске асады. Саяси дамуы мен өмір сүрудің  мұндай сипаты әр түрлі саяси субъектілердің белгілі бір  функциялары мен  рөлдерді бөлуге шешім қабылдау механизмдерінің  тұрақтылығына арқа сүйейді. Биліктің заңдылығы және әдеттегідей басқарушылар мен басқарылатындардың ортақ социомәдени  құндылықтарының және бағдарларының  болуы, келісім этикасының және конструктивті  оппозицияның болуы саяси процестің  эволюциялық жолымен жүруінің негізі болып табылады.

Эволюция  мен революцияның өзара тығыс  байланысқан  қозғалыстың, табиғат  пен қоғамның дамуының екі формасы  екенін айту керек. Саяси эволюция әрбір  жеке алынған елде әрқашанда бірегей  құбылыс, оның ұлттық тарихының элементін  құрайды. Сонымен бірге бір топ  елдерде эволюция элементтері ұқсас  болуы мүмкін. Оның себептеріне салыстырмалы түрдегі тарихи жағдай, мәдени және діни құндылықтардың ортақтығы және с.с. жатады.

Саяси эволюция заңдылықтарын естен шығару, революциялық қарсыласуды қалыптастыруға жол береді, қоғамдық дамудың нормальды  прогресін үзіп жібереді, мемлекет пен қоғамды қатал конфронтация жолына түсіреді.

Әлемдік саяси процеске қатысушылардың өз функцияларын көпшіліктің алдына  іске асыруы мемлекеттің өз міндеттерін, қабылдаған шешімдерін сөзсіз орындауы немесе анық орындамауы тұрғысынан алғанда саяси процестер ашық және жасырын (көлеңкелі) түрлерге бөлінеді.

Ашық  саяси процестерге топтар мен  азаматтардың мүдделері  партиялар  мен қозғалыстардың бағдарламаларында  айқындалады, сайлауларда  дауыс  беруден білінеді, бұқаралық ақпарат  құралдар арқылы мәселелерді талқылаудан  көрінеді, азаматтардың билік институттарымен  байланысынан байқалады, қоғамдық пікірді  есепке алу арқылы және  т.с.с. көрініс  табады. Демократиялық мемлекеттерде  саяси процестің ашықтығы деп  жұртшылықтың саяси шешімдерді қабылдауға, бағдарламаларға түзетулер енгізудің  түрлі фазалары мен кезеңдеріне  қатынасуы, элитаның құрамын толықтыруға  қол жеткізуі, сонымен қатар билік  пен азаматтардың  басқа да мәселедегі өзара әрекетінің ашықтығы қабылданған.

Ашық  саяси процеске қарама-қарсы тұрған жасырын саяси процестер  жұртшылықтың алдында бекітілмеген саяси институттар  мен билік орталықтарына арқа сүйейді, олардың рөліне тыйым салынған, сол рөлді жария емес және мойындалмаған  қоғамдық құрылымдар атқарулары мүмкін.

Жасырын, көлеңкелі саяси құрылымдар биліктің жоғарғы және орта  деңгейінде орнығады. Бұл жерде әңгіме мемлекеттердің, мекемелердің, жасырын әрекеттері туралы, құпия құжаттары, бұйрықтары жөнінде, құпия функциялы органдардың  және толық жасырылған мекемелердің өмір сүретіндігі туралы болып отыр. Ресми адамдар мен билікте  заңсыз қызмет түрі жемқорлық-коррупция  пайда болуы мүмкін, саяси емес сипаттағы жасырын (көлеңкелі) құрылымдардың (қара базар, қылмыс, мафия) жария мемлекеттік  құрылымдармен бірігіп кетуі  қаупі бар.

Саяси процеске саяси қатысушылардың сипаты тұрғысынан ангажирламау және ангажирлау (ерікті және рұқсат етілген) болады. Ангажирламау саяси процестер азаматтардың мемлекетпен қатынаста және биліктің басқа да институттарымен еркін саяси қатысуларын жорамалдайды. Ангажирлау саяси процестерде азаматтарға саяси қатынастардың формаларын таңу және басқару шешімдерін қабылдаудың қатаң орталықтанған әдістерін таңу басым болады. Саяси процестің ангажирлау типіне, мысалы, теократиялық топтардың, әскери элитаның, авторитарлы лидерлерімен монархтардың немесе елдегі жалғыз партияның шешім қабылдауларын және саясатқа араласу формаларын санауға болады.

Өз  кезегінде саяси процестің ангажирламау демократиялық формаларын келесі бағыттар бойынша топтастыруға болады: оның біріншісі тіке демократия бағыты, мұнда жұрт билік құрылымына тікелей ықпал етеді және заң қабылдау процесінің мазмұнын анықтайды. Тіке демократияның институттарына референдум (плебисцит), халық инициативасы, жиналыстарда іске асатын тікелей басқару деп аталатындар және т.б. жатады. Бұл институттар, әдетте, Конституцияларда белгіленген; екіншісі, өкілеттік демократия немесе басқаша айтқанда халық сайлаған мемлекеттік органдар арқылы жүзеге асатын өкілеттік басқару бағыты. Сайланған мемлекеттік органдар өз кезегінде, басқа да мемлекеттік органдарды қалыптастыра алады. Жалпы ұлттық өкілетті органдардың (ең алдымен парламенттер) құқықтық мәртебесі Конституцияларда анықталады; үшіншісі, плюралистік демократия бағыты, бұл көп жақты саяси ассоциациялардың пайда болуынан, оларға кірген азаматардың басқару шешімдерінің мазмұнына ықпал ету қабілетінің күштілігінен көрінеді.

Адамдарды топтап жұмылдыру үкіметке белсенді түрде және мақсатты бағытталған ықпал жасауға мүмкіндік береді және оны қажетті іс-әрекет етуге итермелейді.

Қоғам үшін қайсыбір әлеуметтік қатынастарды саяси реттеудің формаларының маңыздылығы тұрғысынан айтқанда саяси процесс базалық және шет аймақтық  болып бөлінеді. Базалық саяси процестерді саяси өмірдің әр саласындағы алуан түрлі өзгерістер сипаттайды4. Олар оның базалық модификациясына, жүйелік қасиеттеріне қатысты нәрсе. Бұған, мысалы, әлеуметтік топтардың мемлекетпен қарым-қатынасын тәсіл ретінде саясатқа қатысуын, басқару шешімдерінде халықтың талаптары мен мүдделерін жаңғыртудың формаларын, саяси элитаны қалыптастырудың типті тәсілдерін және т.б. жатқызуға болады. Осы сарында мемлекеттің материалдық күштерін қолдаудың негізгі бағыттарын анықтайтын мемлекеттік басқару процесі турасында да айтуға болады.

Сайып келгенде, базалық саяси жүйенің негізгі элементі мемлекеттік органдары мен бұқара халықтың өзара әрекетінен құрылады. Осындай өзара әрекеттен саяси бағыт-бағдар жасалады, ол қоғамның басым көпшілігінің маңызды биліктік мүдделері мен талаптарын білдіруге және іс жүзіне асыруға бағытталған.

Шеткі аймақтық процестер қоғам үшін айтарлықтай  аса маңызды емес салдарлы өзгерістерді білдіреді. Мысалы, ондай өзгерістер олар негізінен жеке аймақтардың жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметінде, нақты саяси партиялардың, қоғамдық қозғалыстардың, мүдделік топтардың және т.б. қалыптасуымен  өзара әрекеті саласына шоғырланған.

Сондықтан да олар билікті атқарудың басымды  формаларына және тәсілдеріне принциптік деңгейде  ықпал ете алмайды.

Әлемдік саяси жүйе институттарының өзара қатынасының тұрақтылығы тұрғысынан саяси процестер тұрақты және тұрақсыз болып бөлінетінін айтуымыз керек.

Тұрақты саяси процесс қайсыбір күштер мен тенденциялар қарсылық етуіне қарамастан саяси қатынастардың тұрақты ұдайы өндірілуін ұйғаратын анық белгіленген бағыттық өзгерістерді, биліктік қатынастардың бағыттық типтерін, билік ұйымдастыру формаларын білдіреді. Сонымен ол азаматтардың тұрақты институттендірілген саяси жұмылдыру формасы мен мінез-құлқын, сондай-ақ саяси шешімдер қабылдаудың функционалды меңгерілген механизмдерін сипаттайды. Тұрақты саяси процесс тұрақты әлеуметтік құрылымға, жұрттың өмір сүру деңгейінің артуына, режимнің заңдылығына, жоғары саяси мәдениетке негізделеді. Азаматтар ойын ережесін қолдайды, билікке сенім білдіреді. Саяси процеске қатысушылардың бәрі ынтымақтастыққа, ымыраға келетін шешімдер іздестіруге икемделеді, оларды біртұтас саяси құндылықтар жолын ұстаушылық біріктіреді. Өйткені үкімет өз шешімдерінде  қоғамдық пікірді ескеріп отыратындықтан адамдар өздерінің билікке ықпал ету мүмкіндік сенімін береді.

Тұрақсыз  әлемдік саяси процесс саяси бағытты өзгертудің қажеттігі ретінде әдетте биліктің, режимнің дағдарысы мен заңдылығын жойған жағдайда пайда болады. Оның: өндірістің құлдырауы, халықаралық қатынастардың шиеленісіп кетуі, өмір деңгейінің төмендеуі, әлеуметтік шиеленістер, қайсыбір әлеуметтік топтардың дискриминациялануы, олардың өз қоғамдық мәртебесіне қанағаттанбауы және сол сияқты әр түрлі себептері болуы мүмкін. Саяси процестің тұрақсыздығы сайлаушылардың қажетті қоғам даму жолын таңдауындағы кенеттен жалтақтауынан және оппозицияның белсенділігінен, үкіметті сынаудан, саясаттағы қиғаштықтардан және т.б. анық көрінеді. Осындай жағдайда басқару шешімдерін қабылдау кейде импульстік сипат алады, құқықтық және моральдық нормалардың реттеушілік рөлі шектен тыс құлдырайды. Және де билік қатынастары мен механизмдерінің мұндай күйі уақытша ғана болмайды, ол тұрақты және ұзақ мерзімдік сипатқа айналады.

Саяси процестердің барлық типтері таза күйінде  өте сирек кездеседі, өмірде олардың  тығыз өзара  байланысымен өрілуі тұрақты түрде болады. Алайда олардың  жіктеп қарастыруы саяси өзара әрекеттің  ең типтік белгілерін бөліп көрсетуге  мүмкіндік береді. Сонымен қатар, саяси процестің типологиясы кейбір идеалдық типтерді теориялық жіктеуге жол берудің нәтижесі деуге болады.

Сонымен, тұжырымдай айтқанда, саяси процесті өзі дамитын  нақты жағдайлардан бөліп қарауға  болмайды, өйткені ол өз саяси жүйесінің  өмір сүруімен шектеліп қана қалмай, саяси  ситуацияға қалай да ықпал ететін қоғамның бүкіл салаларын қамтиды.

 

 

Бақылау сұрақтары:

 

1. Әлемдік саяси процесс дегеніміз не?

2. Әлемдік саяси  процестің  мәні қандай?

3. Саяси процестің  негізгі сатылары қандай?

 

 

Негізгі әдебиеттер:

 

1. Жеребкин М.В. Политический процесс: типология и режимы функционирования. –М., 1999. –С.10-15.

         2. Политология. Словарь-справочник. – М., 2001. – С. 213-216.

         3. Әбсаттаров Р.Б. Саяси элиталар және саяси көшбасшылар: теориялық талдау // Хабаршы. «Әлеуметтану және саяси ғылымдар» сериясы. - Алматы: Абай ат. ҚазҰПУ, 2004. – №4(8л ). - 91-б.

 

 

 

 


Әлемдік саяси үрдіске кіріспе