Ұлттық сананың қалыптасуы

 
 
 
 
 
 

Қостанай мемлекеттік  педагогикалық институты

 

 

 

 

 

БП 12 Этнопсихология

«Ұлттық сананың қалыптасуы»

Бекниязова Гульнара Дастановна

Биология 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұлттық сана

Ұлттық сана адам баласы шыр етіп жарық дүниеге келген әрбір сәбидің еститін дыбысы, әуені, түр-түсті ажыратуы, тілінің  шығуы, дәстүрді меңгеріп, дінді мойындауы, байырғы кәсіпке икемделуі, ата  қонысты қадірлеу, ата-бабаның ақыл-кеңесін  мойындау, яғни кіндік кескен топырақта  ер жеткен кісі бойына даритын қасиеттердің бәрі Ұлттық санаға жатады.

Айтарлықтайы—жас шақта қалыптасқан  Сана. Ұлттық ерекшеліктің бет-бейнесі  де осы арқылы айқындалады. Бұған  дәлелді алыстан іздеп сабылудың  қажеті шамалы. Аралас-құралас жүрген Ш. Мұртаза, Ә. Кекілбаев, М. Мағауин, Д. Исабеков, Қ. Жұмаділдаев, М. Кенжебай марқұм А. Сейдімбек т. б. көптеген аға буын өкілдерінің шығармашылығына зер  салсақ та жеткілікті. Олардың жүріп  өткен өмір жолын түгендесек, он жеті жасында орта мектепті бітіріп, шаһарлы жерге келіп жоғарғы  оқу орнына түскен. Бес жыл дәріс  тыңдап, оны тәмамдаған. Сосын сол  қалада қызметке орналасқан, үйленген. Пәтер алған. Орысша үйренген. Балалы-шағалы болған.

Бірақ ауылдан етегін жапқан шағында аттанса  да, ол кездерден бері елдегі тұрмыс-салт, адам психологиясы, қоғамға деген  көзқарас кісі танымастай өзгерсе де, бәрібір, сол баяғы шығармаға  арқау етері дала өмірі, естіген  аңыз-әңгімесі, жеке кісілердің өмір тарихы. Жалпы кейінгі буын біздер ұстанатын  ғылым қағидасы бойынша олар піскен, жетілген, білім жиған, көркейген  ортаның тыныс-тірлігін көркем туындыға арқау ете білген.

Оған  қоса ұлттың әлеуметтік ахуалын жүрек  сыздата сөз ететін ерекше сезімталдықты  талап етеді екен. Ал түрлі қатерге  қарамай ұлттың жыртысын жырту «тентектігі» тек қана сананың қалыптасу кезінен  жарақтанатын, жастық шақта ғана қанға  сіңетін қасиет болса керек. Әйтпесе  қалада қырық жылдан бері тұрып келе жатқан жазушының дала өмірін суретеп  жазуы ақылға сыйымсыз дүние. Бізде  осы күнге дейін Ұлттық сананы қолдап жазылған көркем шығармалар бар  ма? деген сұраққа келетін болсақ. Әрине бар. Ал оларды талдаған және оны әлемнің басқа елдеріне мойындатқан  әдеби сын ше? Жоқ. Неге?

Себебі, бізде ел тағдырын, дәуір тынысын  сараптап, саралауға міндетті философия  ілімі дамымаған. Бұл кемшілікке әдебиет сыншылары да, философтар да кінәлі емес. Кінә ұзақ жылдар бойы отарлаушы ел жүргізген саясатта. Тіпті, осының өзі-ақ бізде ұлттық философияға  сүйенген эстетикалық талдаудың  өз міндетін атқара алмай келе жатқандығының  айғағы емес пе.

Ал  енді олай болса, философия іліміне  қай кезде бетбұрыс жасалуы мүмкін дегенге тоқталсақ, ол—ұлт тарихы біршама  жүйеленіп жазылған шақта ғана мүмкін іс. Егер ұлт тәуелсіздікке жете алмаса, ол жайында сөз қозғаудың  өзі қисынсыз. Себебі қаналушы елдің  тарихы қашанда қанаушы ел идеологиясының ықпалымен бұрмаланып жазылатыны дәлелдеуді қажет етпейтін шындық.

Ұлт тәуелсіздігін қорғай алған жағдайда сол сәттен бастап, өзін тәуелсіздікке  жеткізген идеологияның көземелдеуімен халықтың толық тарихы жазыла бастайды. Бұл филосифия ілімінің өркендеуіне  негіз қаланады, демек, шындықты суреттейтін  туындылардың жазылуына жол ашылады  және оларға әдебиет сынының дұрыс  баға беруіне мүмкіндік туады  деген сөз. Ұлттық сананы қорғай алмағандықтан  сонау бағзы замандардан бері қарай қордаланып жауабын күткен қазіргі қазақ әдебиетіндегі  сұрақтарда есеп жоқ десе де болады.

--Қазіргі  қазақтар өмір сүріп жатқан  жерде бір кездері сонау VI-ғасыр  мен VIII-ғасыр аралығында құрамына  кірген Көк Түрік қағанатының  745 жылы құлауы біздер үшін  қандай жақсылық пен жамандықты  тарих сахнасына шығарды дегенді  ойласақ та:

--651 жылдан бастап Түркі тілді  халықтың шекарасына жетіп, ішке  ене бастаған арабтардың бөрілі  байрақты ел-жұрттың берекесі  қашып, беделінің түсуіне қандай  құрал, нендей уағыз арқылы  қол жеткізді деп бас қатырсақ  та:

--Ең  кемі 5000 жыл бойы ел-жұртты басқаруда,  саясат жүргізуде, еларалық байланысты, түрлі шарттар жасауда, өткенді  хатқа түсіруде, өнерді дамытуда, құқықтық саланы жетілдіруде  бірден-бір құрал болған Бічін  (руно) жазуының тұқымын тұздай  құртып, адамзат баласының санасынан  мүлде жойып жіберген қандай  күш, нендей идеологиялық жауыздық  деп санамызды сан-саққа жүгіртсек  те:

--Арғысына  бармай, бергісін қозғағанда бағзы  замандарда осы кең байтақ  далада тірлік еткен бабалар  санасында алғашқы нобайы пайда  болып, елу ғасырдан астам уақыт  бойы дәуірлеп, Күнге сиынған,  халық айбарын асырып, арқасын  қоздырған Тәңірі дінінің бірте-бірте  әлсіреп, оның есесіне тілі  де, дәстүрі де, тұрмысы да мүлде  бөлек арабтар табиғатына лайықталған  исламның бел алуы бізден бұрынғы  бабаларымызға, осы күнгі өзімізге  бақ әкелді ме, жоқ әлде байырғы  бағыт-бағдардан адастырып азапқа  салды ма деп күйзелер болсақ  та:

--Әйтпесе  бар-жоғы осыдан үш ғасырға  жетпейтін уақыт бұрын ғана  Ресей билеушілерінің қазақ хандықтарын  отар болуға итермелеуін игі  істердің бастамасына балап мақтанып, той жасап, думандата береміз  бе, жоқ әлде оны сол уақыттардан  бері қазақ атаулы бастан кешкен  салт-сана, дәстүрді өзгеріске ұшыратқан  қасіреттердің бастауы, қақпайлап  әкеп ұрындырған қанды аранның нақ өзі санап бармақ шайнаймыз ба деп жүздеп, тіпті, мыңдап тізуге болатын сауалдарға жауап іздеуге тура келер еді.

Бірақ, бұрынғы кездерде жақсылыққа тыйым  салынып, есесіне халық мінезінде  қылаң берген құлдық қылықтарды мейлінше дәріптеген Ұлттық сананың қанат  қатайтып шырқап ұшар кеңістігінің аясын  кеңейтуге ықпал ететін тарихы тәлкекке түскен елдің нені пайымдап, нені ұғынуға  шамасы келмеген. Ұлт санасының мүлде  өшірілуі Түркі тектес халықтың, соның  ішінде осы күнгі қазақтың да сонау VIII-ғасырдан бері қарай күні бүгінге  дейінгі рухының түсіп, еңсесін  қайта көтермеуінің басты себептерінің бірі болды деп батыл айта аламын.

Қай заманда қамсыз жатқан ұлтты басқалар өз тілінде сөйлетіп, дәстүрін жалғастырып, дінін қастерлетіп, ата қонысында  еркін тайраңдатып қойған? Тіптен іштен ірітушілерді ескермегенде пайда  іздеп қасқырдай анталаған сыртқы жаудың тыныш жатуы мүмкін бе? Әрине, жоқ. Сондайда, сыртқы жау басып алған  жағдайда этностың бұрынғы қалыптасқан  тыныс-тіршілігі дерліктей бүліншілікке, бүліншілік кедейлік пен кемсітушілікке жалғаспай ма? Міне, Сананы ұлттың басқа  сапада қорғауға мүдделі болатын  жері. Сондықтан да ұлт әскер ұстап, қару-жарақ дайындауға мәжбүр. Осы  мәжбүрлік ұлтқа материалдық  қор нығайту бағытында қаржы-қаражат  жүйесін жасауға итермелесе, ұйымдастыру  жұмысында үгіт-насихатты күшейтуді  талап етпей қоймайды. Яғни Сананы қорғайтын Ұлттық Мүдде дүниеге келеді.

XX-ғасырда  жазу-сызусыз үгіт-насихаттың пәрменді  жүргізілуі мүмкін бе еді. Әрине  мүмкін емес! Ұлттық Сананы құрайтын  дыбысты әріппен таңбалап алып  барып Ұлттық Мүддеге жол ашудың  қажеттігі туындамай ма? Шындығы  XX-ғасырда ғана емес, онан да  бұрын талай туындаған, бірақ... алғашында өлең, әңгіме жазған  Ахмет Байтұрсынұлының қазақ  әрпін түзіп, онан әрі грамматиканы, әдебиет теориясын жасауды мойнына  алуын ұмытқа айналған ұлы  істі қайта жаңғыртуы еді десе  де болады. Сонымен қатар Ахмет  Байтұрсынұлын сонау ерте замандарда  дала перзенттері өздерін көктегі  Құдайдың құлы емес, жердегі ұлына  балап сөйлеуге ерік беретін  Тәңірі діні идеологиясын аңсап  VIII-ғасырдан араб миссионерлерінің, XIII-ғасырдан Шыңғысхан ұрпақтарының  зорлығына төзе алмай, сонау  Алтын Орда заманында-ақ Едігеден  бастау алып, ең соңғы Махамбет  Өтемісұлының басының кесілуімен  саябырситын қанды қырқысулардан  соң үзілген үмітті қайта жалғауға  даналығы жеткен оқшау тұлға  деп бағалау әділдік.

Әттеген-айы  бұл жетістіктердің ұзаққа созылмай 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін  бірте-бірте талмаусырап, ақырында күйреуі еді. Әдепкі қарқынды болашақта  болатын жұмақ өмірге қарапайым  халықты қатты иландырып, уәдені үйіп-төккен большевиктер ақыр соңында  езілген ұлттың үмітін ақтамайтыны  анықталды. Олар қарсыластарын жеңіп, бірте-бірте нығая келе отарлаудың бұрынғыдан да сорақы тәсілі ұлтсыздандыру саясатын бағыт етіп ұстанатыны анықталды.

Осы мақсатта жүргізген тазарту шаралары бас-аяғы 20 жылда дербес мемлекет болуды армандаушыларды былай қойғанда көкірегі ояу деген азаматтардың өзін көзінен тізіп оққа байлап құм  қаптырды. Сонан соң-ақ рухани жұтаған, үмітсіздік пен ашаршылықтан есеңгіреген  халықты коммунистік идеологияның тезінен өткізіп, Сананы өзгерту  арқылы орыстандыруға бірыңғай кірісті.

Содан ашаршылық пен қуғын-сүргіннен  жан созып тірі қалған кедей кепшіктен  тұратын қазақ атаулы бұрын-соңды  тарихта ұлттық сипат ретінде  байқалып көрмеген мінез байқатып, өзін-өзі жамандауға, ең киелі деген  мақсат-мұраттарды даттауға кіріскен. Қазақ ортасында сұмдық саналатын, тіпті айта берсе мүмкін емес, әке  мен бала бет жыртысуы өнегелілік сипатта көрсетілді. Кейбір кітаптарда ұлт мінезіндегі, тұрмыстағы инабат, ілтипат, сабыр мен салауаттылық отарлаушы ұлттың көңілін табу үшін қасақана елеусіз қалдырып, оның есесіне  қазақ халқының бойындағы бүкіл  кемшілік, кемтарлық, керкеткендік, көткеншектеу, опасыздық сияқты сорақылықтар ұлттық бетбейне ретінде суреттеліп, сол  арқылы жазушы ұпай жинады. Ел басқарған  хан, аға сұлтан, болыс, би, байлар жемқор бейнесінде суреттелді. Алаштың арқа тұтқан көкірек көзі ашық азаматтары ұлтшыл деп қараланып барып хатқа  түсіп, қалың оқырманға жөнелтіліп жатты.

Дін мейлінше әшкереленіп, оны уағыздайтын  қожа-молда, ишан, бақсы-балгер, құбыжық, надан кейпінде бейнеленді. Ғасырлар бойы тірлік етудің бір тәсіліне айналған көшпенділік салт зорлықпен тежеліп, қазақ халқын қырғынға ұшыратқан  коллективтендіру дәуірін туындыларына арқау еткен ақын-жазушылар оны  болашақ жақсылықтың нышаны ретінде  майын тамыза әсем бейнелеп, қалың  бұқараны шындықтан адастырды.

Енді  Кеңес Одағында күн көре алмайтындарын  сезіп, туған жерден безе қашқандарды  ізінен шам алып қуып жетіп желкесін қиған Қызыл Әскер сарбаздарының  жағымды тұлғасын үлгі ету арқылы жастарды өз ұлтына қол көтеруден  тайсалмайтын етіп тәрбиеледі. Орыс тілі кейіпкерлер диалогінде шексіз дәріптеліп, ана тіліміздің ғылымға икемсіз, техника саласына жарамсыздығы оқырман  санасына сіңірілді. Қазақ ұлтының  өкіліне жұмысқа орналасуға шектеу қойылған өндіріс орындары небір  романдарға арқау болып, көпшіліктен  шындықты жасырып, оларды қамсыз жүруге бағыттады. Жерімізді улап, халықты  күйзелткен, ұрпақты аздырған ғарыш  айлағы шабытпен жырланды. Аралас некені уағыздайтын шығармалар авторлары  қолапашталды. Осының бәріне сенбейтіндер 1960-1970 жылдар аралығында жазылған кітаптарды қайта оқып шықса көзі әбден жетеді.

Қазақ халқы қазір өзінің бұрынғыша  ғасырлар бойы көріп келе жатқан қасіреті мен қайғысының, қорлығы мен зорлығының салдарына байбалам салудан бойын  аулақтатып, енді оның ең түпкі себебін, анықтап, соның құпиясын ашуға бет  бұрған шағына қадам басқалы тұр  ма екен деп те үміттенеміз. Өйткені  қазақ Мемлекеттік Тәуелсіздікк қол жеткізіп, оның шапағатын шала-шарпы  көріп жатқанымен әзірше Ұлттық Тәуелсіздікті  орната алмай діңкелеулі халық. Оған дәлел көп. Басқасын айтпағанда Конституция  баптарын аяқасты етіп әлі күнге  дейін іс қағаздарының орысша жүргізіліп келе жатқанын мысал етудің өзі-ақ кінараттауға жетерлік айғақ. Себебі қандайда бір  этнос болмасын бостандық үшін қан  төгіп жеңіске жеткенімен—баяғы отарлаушы елдің тілінде сөйлеп, мемлекет саясатының басым көбін  сол бір бөтен ел дәстүрін, дінін, салтын, тілін, әдет-ғұрпын ұлықтаумен қалыптасқандар жүргізсе, ондай халықты  Ұлттық Тәуелсіздікке жеткен деп  кімді сендірмекшіміз? Бұларға көңіл  аударуымыздың басты сыры—қазақ халқының бір замандардағы тұтастығына  сызат түсірген, қазіргі кездегі  ұлтымыздың орыс және қазақ тілді  болып іштей бөлшектенуінің бастауы  әлгіде айтқан ұлтсыздандыру саясатында жатқанын ескерту. Сондықтан тез  арада Мемлекет, Үкімет, Парламенттік деңгейде қазақ тілін қолға алмайтын болса, жаһандану заманының бірінші  құрбандары болып кетуіміз ғажап  емес.

 

Ұлттық сананың қалыптасуына және оның дамуына екі тұрғыдан қарауға  болады:

  • 1. сезімдік, түйсіктік.
  • 2. саналы теориялық.

1-сі ез елін, халқын, ұлтын  сыйлайтын, сүйетін алғашқы ыстық  сезімнен туса, 2-сі өз елінің, халқының, ұлтының өткенін, қазіргісін, келешегін толық біліп, тексеріп, халық тағдырына, ұлт мәселелеріне  мемлекеттік, елдік, тіпті дүниежүзілік  тұрғыдан теориялық ұлттық бағыт-бағдарлама  тұрғысынан қарап, аңғару арқылы  болатын саналы ойдан туады.  Ал, ұлттық сананың жасаушысы,  қолдаушысы, қорғаушысы, сақтаушысы  әрқашанда ұлттық интеллигенция, ұлттық зиялы қауым халықтың тек сезімі ғана емес, ойы, санасы оянған өкілдері, артына, қазіргісіне, алдына ой жүгіртіп, көз жіберетін, 
«Қыранша қарап Қырымға, 
Мұң мен зарды қолға алып, 
Кектеніп надан залымға, 
Шиыршық атып, толғанатын» ұлы ойшылдар ғана ұлттық сананың негізін салып, ірге тасын қалаған. Дәл осы тұрғыдан Абай сезімтал да ойшыл, білімдар да кемеңгер. Халқының өткеніне қиналған, қазіргісіне күмәнданған, алайда келешегінен үміттеніп, «шиыршық атып толғанған» Абай: «Осы мен өзім - қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді... Ондайым жоқ. Егер жек керсем, сөйлеспес ем, мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, «не қылды, не болды?» демей жата беру керек еді... бұлардың бәрі де жоқ... Мен өзім тірі болсам да анық тірі емеспін... Сыртым сау болса да ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем, қуана алмаймын...» деп, халқының қамын ойлап қиналады, қапаланады, халқының мінін, кемістігін көрсетіп, бетіне баса сынайды. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. Жақсы менен жаманды айырмадың. Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың» деп бір жағынан қатты қиналса, екінші жағынан «Дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді? » деп, үміттенеді.

Ойшыл ақынның ұлттық сана жөніндегі пікірін үш тұрғыдан пайымдауға болады. 1-ден, қазақ халқының ұлттық санасының қалыптаса бастауы  жөніндегі ойлары; 2-ден, Абайдың  өз заманындағы ұлттық сананың ерекшеліктері, қайшылықтары, белгілері туралы ойлары; 3-ден, қазақтың ұлттық санасының қалыптасуын, дамуын Абай қазақ халқының шығуымен тікелей байланыстырады. Абай «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген еңбегінде аталған мәселелерге ерекше тоқтала келіп, адам баласының бір саласы Үндістан тарапынан келген, олар «ертерек ғылымға үйір болып, қайдан шыққандарын білгендер», екіншіден - монғол жағынан келген; олар заманның кебін ғылымсыздықпен өткізіп, тауарларын терең білмейді... соның бірі - біздің қазақ, - деп, қазақтың сары нәсілге, оның ішінде монголоид тегіне жататынын білдіріп, қазақты өзінің тегімен таныстырады. Қазақтың ертеректе Амудария және Сырдария бойын жайлағанын, сонсоң Алатау бөктерін, Ташкент төңірегін, кейіннен «Ақтабан шұбырындыға» ұшырап, қалмақтардан қауырт жеңілген соң Сарыарқаға, Шыңғыс тауына ауыса көшкенін айта келіп, «Қазақтың қатты өсе бастағаны Құба қалмақтың жұрты бұзылған соң, осы Сарыарқаға орныққан соң ғана болса керек», - дейді.

«Ақтабан шұбырындыдан» кейінгі қырық жылға созылған қиян-кескі шайқас - қазақ халқының ұлттық санасын қалыптастыруда аса үлкен орын алған 1-дүн.жүз. соғыс болғанын Абай аңғарғандай. «Ақтабан шұбырынды» жөніндегі ойларында Абай халықтың сан жағынан өсуін ғана емес, сапа жағынанда, әсіресе, сана жағынан есуін де ескеріп отыр. Алғашында ойсырай жеңілгеніне, қансырай күйрегеніне қарамастан Абылай ханның, Бұхар жыраудың, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлардың, Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің халықтың санасын оятып, төңірегіне үш жүздің халқын жинап, бүкіл қазақ «халық болып қаруланып» Отансүйгіштік, патриоттық ұлттық сананы рухани ту көтеріп, қазақ жерін азат етіп, тілін, дінін, тінін, әдет-ғұрпын, салт-сананы сақтап қалғанын Абай жақсы білген. Енді Абай кезеңіндегі ұлттық сананың қайшылықтары мен ерекшеліктеріне тоқталайық. 18 ғ-дың ортасында ұлттық сананың қалыптасу кезеңімен бірге үш жүздің басы қосылып, мемлекет болып құрылуымен қатар, осыған қарсы құбылыс Россия империясының қазақ халқын отарлау, боданға айналдыру процесі басталды. Бұл процесс ескі жараның - рушылдық жараның аузын қайта ашты. Осы орайда орыс патшасы ІІ-Екатерина езінің отарлаушыларына берген бір нұсқауында: «1. Қырғыз-қазақ халқының бір ру басшыларын екінші ру басшыларымен араз етіп, бірімен-бірі қас етіп, бірінің етін бірі жеуге себеп болыңыз. 2. Султандардың бірімен-бірін араз қылып, бірімен- бірін иттей таластырып, бірін-бірі жеуге себеп болардай іс қылыңыз», - деп, қазақтардың отарлаудың ежелгі әдісі - «бөлшекте де билей бер» деген саясатын іске асыра бастады. Абай орыс халқын, Пушкинді, Лермонтовты, Толстойды т. б. орыс халқының озық ойлы қайраткерлерін өте жақсы көрді. Алайда, Ресейде Пушкин бар еді, сонымен бірге пушка да бар еді... Абай Пушкиннің кім екенін бар ынта-жігерімен түсінгенімен, пушкаға, патша империясының қазақты орыстандыру саясатына ашық қарсы шықпаса да іштей наразы болды. Абай өмір сүрген кезеңде ұлттық санада қайшылықтар шиеленісе түсті. Соның ең негізгілері рулық сана менулт бірлігіне ұмтылу, жалқаулық пен еңбекқорлық арасындағы қайшылық, арызқойлық пен шын мәнінде әділеттілікке ұмтылу арасындағы т. б. қайшылықтар.

Абайдың рушылдық санамен  күресі. Абай заманында қазақ қоғамының  дамуына, өсіп-өнуіне, прогреске ұмтылуына  зиянды әсерін тигізген кесепат құбылыс - рушылдық сана, алтыбақан алауыздық, береке бірліктің жоқтығы, руға, тайпаға, жүзге бөлінушілік болды. Сананың  жекеден жалпыға қарай даму сатыларын:

  • 1) Аталық сана,
  • 2) Рулық сана,
  • 3) Ұлттық сана,
  • 4) Әлемдік сана деп шартты түрде бөлуге болады.

Абай өмір сүрген заманда  осының бәрі де болды. Шоқан, Ыбырай, Абай алдыңғы қатарлы елдердің кемеңгерлеріндей әлемдік сананың деңгейіне көтерілгенмен, қалың бұқара халық рулық сананың  шеңберінен шыға алмады. Бұның 2 түрлі  себебі болды. 1. Молшылықта өмір кешкен көшпелі тіршілік. Ру-ру болып малымен  бірге көшіп жүрген үлкенді-кішілі рудың, тіпті тайпаның өз көктеуі, жайлауы, күзеуі, қыстауы болды. Ру - бір жағынан  әр адамның қазіргі тілмен айтқанда азаматтық паспорты болса, екінші жағынан  ру - әр адамның қиын-қыстау кезеңде  т. б. кезеңдерде табан тірер тірегі болды. Осыдан келіп жеке адамдар, әсіресе, ру басшылары елдік, бүкілхалықтық  мақсат мүдделерден гөрі рулық, тайпалық мақсаттар мен мүдделерді алға шығарды, жер үшін, жесір үшін өзара жауласу, барымталасу күшейе түсті. Міне, сондықтан  да Абай рушылдық сананы өзінің «Ызалы жүрек, долы қол, улы сия, ащы тіл, Не жазып кетсе, жайы сол, Жек көрсеңдер  өзің біл», - деп, өзінің ұстарадай өткір  тілімен аямай сынады. Өзі туып өскен қоғамның қандас жалғасы бола тұра, өз ортасынан рухының биіктігімен озып шығып 
«Менсінбеуші ем наданды, 
Ақылсыз деп қорытуын, 
Түзетпек едім заманды, 
Өзімді өзім тым-ақ зор тұтып» деп ашына жазған.

Абай кемеңгерлігінің  өзіне дейінгі, өз кезіндегі, өзінен кейінгі зиялылардан ерекшелігі сол - Абай халық санасын өзгертуді  өз аулынан, өзінің туып өскен ортасы, тайпасы, руы - Тобықтыны сынаудан бастайды. «Ел бұзығы тобықты, Көп пысыққа  молықты, Малдының малын көре алмай, Борышын түгел бере алмай, Көрінгенге обықты» деп, сол кездегі тобықты  ішіндегі пысықтарды түйреп өтсе, «Арғын, найман жиылса, Таңырқаған сөзіме, Қайран сөзім қор болды, Тобықтының езіне» деп, өз аулында, өз руында өзін түсінбейтін, тек болыс болуды арман ететін, күштілері сөз айтса, шыбындап бас  изейтін, жағымпаз, санасыз, ел қамын  ойламайтын тоғышарлардан жиренеді.

Рушылдық сананың есуінің  негізгі себебі - Россия империясының қазақ даласын толық отарлауға  бағытталған 1822-68 ж. шыққан аға султандар  мен болыстарды сайлау, уездік соттарды тағайындау жөніндегі ережелер мен  заңдар болды. Осындай заңдар мен  ережелердің ішіндегі ең зияндысы, халықтың санасын аздырушы - болыс  сайлау мен сот сайлауы. Болыс  сайлауы - рушылдықты жауыннан кейінгі  саңырауқұлақтай өсіріп, отқа құйған майдай маздатса, сот сайлауы - қазақ  даласында бұрын-соңды болып көрмеген «арызқойлық»деген жаңа індетті  тудырды. Сайлау заңдарына наразы Абай «Орыс айтты өзіңе ерік берем деп, Кімді сүйіп сайласаң, бек көрем деп. Бұзылмаса, оған ел түзелген жоқ, Ұлық жүр бұл ісіңді жек көрем деп». Әр ру болыстыққа өз адамын сайлағанды қалайды... Үш жылға болыс сайланады, үшінші жылы сайлау жақындап қалып, тағы да болыс болып қалуға болар ма екен деп күні өтеді. Осыдан келіп ел іші жік-жікке, ру-руға бөлініп, өзара топтасып партия құрысады, ұйымдасады. Шығу тегі жақын екі ру, екі тайпа бір-бірімен бірде жауласып, бірде жарасып, бірде жақындасып, бірде қас, бірде дос болып күн кешеді. Патша өкіметіне керегі де осы. «Болды да партия, Ел іші жарылды, Әуре мінмен тия, Дауың мен шарыңды» деп налыған кездері аз болмаған. Рушылдыққа, жікке бөлінушілікке Абай ұлттық береке-бірлік идеясын қарсы қояды. Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды - бірлік, ырыс алды-тірлік»дейді, бірақ, «бірлік»дегеннің не екенін қате түсінеді. Олардың ойынша «бірлік» - ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. «Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не зиян?». Бұл бірлік емес, біреуге біреу тегіннен-тегін міндетсігендік, жатыпішерлік. Шын мәніндегі бірлік - ақылға бірлік, ел қамын, ұлт қамын ойлаудағы санадағы бірлік, халықтың келешегі үшін күрестегі бірлік екенін кесіп айтады. Тек бірлік болса ғана қазақ ел бола алады, бостандыққа, тәуелсіздікке жете алады, оның керісінше, «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді»деген мақалмен түйіндейді. Абай нысанаға алған моральдық кемістіктің ең бір көбірек еріс алғаны - жалқаулық пен еңбекқорлық арасындағы қайшылық. Қазақтың... жалқау болатындығының себебі не? - деп сұрақ қояды да, өзі жауап береді: «Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді, әрбір мақтаншақ ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді, әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады», - дейді. Жалқаулыққа, еріншектікке Абай еңбек қорлық идеясын қарсы қояды, өз ұлтының келешегін барлық халық болып жұмылып істеген баянды еңбектен күтеді. «Әуелі енер ізделік қолдан келсе, ең болмаса еңбекпен мал табалық», «Түбінде баянды еңбек егін салған, Жасынан оқу оқып, білім алған. Би болған, болыс болған өнер емес, Еңбектің будан езге бәрі жалған». Әркім өз еңбегімен күн көріп, еңбегінің жемісін жеп, оны мақтан етуі керек. «Бақпен асқан патшадан Мимен асқан қара артық. Сақалын сатқан кәріден Еңбегін сатқан бала артық» деп ой түйеді. Сол кездегі аса шиеленісіп тұрған мәселенің бірі - ұлттық сананың әділеттілікке ұмтылуы мен арызқойлықтың көбеюі арасындағы қайшылық болды. Халық санасына тереңдеп сіңе бастаған арызқойлық кесапаттың ел арасын бұлдіруден басқа берері жоқ екенін жанымен түсінген ақын:

«Қазақтың қайсысының бар  санасы?

Қылт етерде дап-дайын  бір жаласы.

Пысықтықтың белгісі - арыз беру,

Жоқ тұрса бес бересі, апты аласы» -

немесе:

«Барып келсе, Ертістің суын татып,

Беріп келсе, бір арыз бұтып-шатып», -

деп, арызқой жылпостарды  аямай сынға алады. «Елді алып, Еділді алып өсіреді, ісіп-кебіп, қабарып  келе жатып». Осы бір арызқойлық кесапатты Абай өзінің Қырық екінші сөзінде «Бұл күндегіге байлық та мақтан емес, ақыл, абырой да мақтан емес. Арыз бере білу - мақтан... Ендігі жұрттың  ақылы да, тілеуі де, қаракеті де - осы» деп жазады. Россияға бағынғанға дейін  қазақта арыз жазушы да, арызды қабылдап алушы да болмаған. Ол кездегі ел ішіндегі дау-шарлар қазақтың өзіне  тән ағайыншылық, адамгершілік жолымен  шешіліп отырған. Бұл жөнінде  Абай Отыз тоғызыншы сөзінде біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан  артық екі мінезі бар екен: ол заманда ел басы, топ басы деген  кісілер болады екен. Ол ел басы, топ  басылары қалай десе, халық соған  көніп, ағайындарының жақсылығын асырып, жамандығын жасырып, бәрінде бауырындай көріп, қамын жеген. Екіншісі - намысқор келеді екен. Аты аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды  екен... «Ағайынның азары болса да, безері болмайды» деп, бір-бірімен келіседі, бірлеседі, берекелеседі екен», - дейді. Мұндай жағдайдың пайда болуының негізгі себебі - патшалық Россияның қазақ даласын қалай басқару туралы 1822, 1824, 1838, 1854, 1855, 1867- 68 жылдары шыққан заңдары мен ережелері және соларды іске асырудың зұлымдық тәсілдері еді. Бұл заңдар қыр қазақтарының санасында орыс мемлекетінде әділеттілік бар, заңдылық бар деген жалған үміт, жалған сенім тудырды. Үстірт қарағанда бұл заңдар сыпайы ғана «ереже», («положение») деп аталды. Шын мәнісінде қыр қазағын Россия империясының «әділ» заңына сендірудің зымиян әрекеті еді. Барлық ақиқат, әділеттілік, шындық ақ патшаның заңдарында деген жалған пікірге сенген аңқау, ақ көңіл қазақ құрсаулы қақпанға қалай түскенін байқамай да қалды. Міне, осыдан келіп арызқойлар, жалақорлар көбейді. Сол қақпанға түскен, жалған ойға иланған, бала мінезді қыр қазағы бірінің үстінен бірі арызданып, әділеттілікті уезд бастықтарынан, ояздан, ген.-губернаторлардан іздеп, Омбыға, Орынборға, Ташкентке шын-өтірігі аралас арыз жаудыратын болды. Абайдың сөзімен айтқанда: «Құтырды көпті қойып азғанасы, Арызшы орыс - олардың олжаласы. Бірде оны жарылқап, бірде мұны, Қуды унатты-ау, Семейдің бұл қаласы». Әділеттілікті іздестіруден туған бұл пиғыл бара- бара әдетке айнала бастады. «Арызшылар көбейді, болыстыңк... шөмейді, қайтсын байғұс демейді», - деп, уытты сөзімен түйреп өтеді. Ертеден келе жатқан «Түгел сөздің түбі бір, Түп атасы Майқы би», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген әдеттегі сананың қағидалары ұмытылып, орыс империясының заңдарын, ережелерін жергілікті пысықтар, белсенділермен бірге орыстың әкімдері (ояздар, майырлар, жандаралдар) өздерінің бас пайдасына икемдеді. Осы жағдайды жақсы түсінген Абай: «Орыс айтты өзіңе ерік берем деп, кімді сүйсең соны бек көрем деп, бұзылмаса бұған жұрт түзелген жоқ, ұлықтар жүр бұл ісіңді кек керем деп», - деп, орыстың заңдарымен таза ауамен дем алып, тұнық сумен шөл қандырып өскен дала халқының санасының уланып бара жатқанына қынжылады. Бұрын хаттан басқа ешкімге ештеме жазып көрмеген қазақтың арызқойлыққа үйрене бастағанына, «қазақтың қайсысының бар санасы», - деп ызаланады. Рушылдық, жалқаулық, арызқойлық, өтірік-өсек, мақтаншақтық, бақастық, надандық, залымдықты т. б. адамгершілікке, халықтың санасына жат, жағымсыз қылықтарды талдай келіп: «Жасы кіші үлкеннен ұялмай жүр, сұрамсақтар нәсібін тыя алмай жүр. Сәлем борыш, сөз қулық болғаннан соң, Қандай жан сырттан сөз боп, сыналмай жүр?» деп, «ашуланса ызалана алмай, күлсе қуана алмай» қасіреттенуі, қиналуы өз халқының тағдырына, салт-санасына әлем биігінен, өте жоғары моральдық сана тұрғысынан қарағандықтан туған күйзеліс. Абай өз елінің санасындағы қайшылықтарды ашып көрсету, кемістіктерін сынаумен бірге, оның жақсы жақтарын да сезе, түсіне білген. Халқының бала мінезділігіне, ақ көңілділігіне, қонақжайлылығына, ел, жер қорғаудағы ерлігіне қуанған, сүйсінген. Бұрынғылардың адалдығына, ақкөңілдігіне, аңқаулығына күлме, олардан үйрен деген ойды айта келіп: «Бала мінез ойыншы бұрынғылар. Аңқау екен, мазақтап соны сынар. Артқа қарап, ақпейіл шалға күліп, Абұйырсыз, атақсыз көрге құлар», - дейді. Абай қазақтың қиындық кезде (кісі өлімі, апатқа ұшырау т. б.) біріне-бірі тірек, тиянақ, көмекші болып, бауырласып, бірлесіп қайғыны азайтып, ауыртпалықты көтеріп кететін мінезіне, әдетіне, ағайыншылдығына іштей қатты ризашылық білдіріп: «Дүниелік көңіл тоқ, Ағайынға бауырмап. Тәкаппар жалға нанда жоқ, Айнымас жүрек, күлкің - бал», - деп қуанса, «Аты аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салады екен» деп халқының қазақ даласындағы кең мінезіне мейірленеді. Гуманист ақын халықтың мейірбандық, қайырымдылық ниетін, іс-әрекетін де жоғары бағалайды. Әр түрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне нендей жақсылық, игілік ойласа, өзгеге де сондай жақсылық ойлау - адамгершіліктің ісі, - дейді. Қазақ халқының қанына сіңген көрінісі - қонақжайлылық. Алыс болсын иә жақын болсын, танысын, танымасын.бай болсын иә кедей болсын басқа жақтан үйге келген адамды, мейманды барымен қарсы алу, жақсы асын беру, жайлы төсекке жатқызу - қазақ халқының ежелден қанына сіңген салт-дәстүрлерінің бірі. Қазақтың осындай мейірбандығын, қонақжайлылығын 19 ғ-да қазақ даласына әртүрлі себептермен келген орыс, поляк халқының ойлы адамдары ізгі ниетпен, ілтипатпен ерекше атап өткен. Орыстың әйгілі тіл маманы В. И. Даль: «Қазақ жеріне өттің екен, әмияныңды қалтаңа салып қой. Жылтыратып тиын санап отырғаның бұл елдің әдет-ғұрпына ерсі», - дейді.

«Жер шарының белдеуін жағалай қазақтарды жайғастырса, жер  жүзін бір тиынсыз айналып  шығуға болады», - дейді қазақ жеріне жер аударылып келген поляк революционері  А. Янушкевич. Қазақтың ақ көңілділігін, қонақ жайлылығын, соғыс өнеріне  бейімділігін көзімен көрген, 20 ғ-дың  басында Түркістанда болған пиғылы таза орыс генералы А. Суздальцев: «Қазақтар - сунит мұсылмандары. Әйелдері біршама  еркін жүреді. Беттері ашық, ежет, өткір. Тілдері түрік, мінез-құлқы  жағынан ең ұнамды халық. Кек сақтамайды, көп сөйлемейді, қонақжай. Сарттар  сияқты жалтақтап, жарамсақтану оларға жат - ақкөңіл, сенгіш. Соғыс өнеріне  аса бейім. Әрі ержүрек, жылқыны  жақсы кереді және ең мықты шабандоздар», - деген («Қазақ әдебиеті», 6. 7. 1993). ы  шығармаларында жиі кездесетін «қазақ» - «қазағым», «ел»-«елім», «жұрт»-«жұртым», «халық» -«халқым» деген ұғымдарды  Абай әр түрлі контекстке, сез пайдалануға  орай «ұлт», «ұлтым» деген мағынада қолданады. Мысалы, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым»деген туындысын да бүтін  қазақ ұлтын «бірлікке, берекеге, шын пейіл» бірлестікке шақырады. Жиырма бесінші сөзінде қазақтың қамын ойлаған Абай «қазаққа күзетші  болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың  қамын жейік деп ниеттеніп  үйрену керек», - дейді. Әкесі Құнанбай туралы «Мұқым қазақ баласы. Тегіс  ақыл сұрапты, Тобықтыны ел қылып, Басын  жиып қурапты» дей келіп Абай бүтін  қазақтың басын қосып, жаманын жасырып, жақсысын асырып, халқын алдыңғы қатардағы  елдердің қатарына қосуды арман етеді. Қазақ халқын дүн.жүз. өркениетті елдер  қатарына қосу үшін не керек? - деген  сауалға жауап ретінде Жиырма төртінші сөзінде «Жер жүзінде екі мың миллионнан көп артық адам бар, екі миллионнан аса қазақ бар». Қырық бірінші сөзінде «қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек: әуелі - зор өкімет керек. Ол өкімет халықты білімге, ғылымға, өнерге, еңбекке жұмылдыруы қажет. Екінші - өкімет басындағы адам аса бай болу керек, ол өз байлығын, ел байлығын жас ұрпақты әділ де адал жолға салуға, мәнді іс атқаруға жүмсауы керек», - деп, келешекке бағыт сілтейді.

Ұлттық сананың ең негізгі белгісі - әр ұлттың өзін-өзі танып білуі, өзін өзге ұлттардан айыра білуі, ұлттық мақсаттар мен мүдделерді іске асыру үшін күресу, ұлттық мақсаттар мен мүдделерді бүкіл адамзаттың мақсаттары мен мүдделеріне ұштастыра білу. Өз ұлтының жетімсіздер, мешеулеу жағымен күресе отырып, ілгері дамыған ұлттардың жақсы, жағымды жақтарынан үйрену, дүн.жүз. гуманистік санаға жету. Қазақ ұлтының келешегін ойлаған Абай өзінің өмірлік мақсатын халықтың болашағымен байланыстырып, ұштастырып: «Мақсатым - тіл ұстартып, өнер шашпақ. Наданның көзін қойып, көңін ашпақ. Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер, Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ», -дейді. Халқының қамын ойлаған Абай: «Мазлымға жан ашып, ішің күйсін, қарекет қыл, пайдасы көпке тисін. Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған, Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін», - дейді. тұра, сананы байлық сана, кедейлік санаға бөлмейді, өйткені, бай мен кедейдің саналысы да, санасызы да, адамгершілігі бары да, жоғы да бар екенін жақсы біледі. Байды да, кедейді де еңбек етуге шақырады. Таптық көзқарасты дәріптемей «Қайран елі қазағының» қамын ойлайды. Абайдың дүниеге көзқарасындағы ұстаған негізгі принципі - «Адам бол». Ойшыл ақынның аңғаруынша көптеген адамдарда «адам» деген ат бар, бірақ, «Адам» деген зат жоқ. Сондықтан да Абай «Адам бол - бай тап, Адам бол мал тап, Қуансаң қуан сол кезде», «Бес нәрседен (өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, текке мал шашпақтық) қашық бол, Бес нәрсеге (талап, еңбек, ойшылдық, қанағат, рахым) асық бол, Адам болам десеңіз» деп, өз елін, келешек ұрпағын жалпы гуманистік рухқа, бірлікке шақырып, «Біріңді, қазақ, біріңді дос, көрмесең, істің бәрі бос», - дейді


Ұлттық сананың қалыптасуы