Мәтіндік семантикалық кеңістік құрылымындағы мәтін мазмұны мен мәні және мәтін талдаудағы жеке макрокомпоненттердің маңызы

 

 

Мазмұны

 

 

 

КІРІСПЕ 2

1.Мәтіндік семантикалық кеңістік құрылымындағы  мәтін мазмұны  мен мәні және мәтін талдаудағы жеке макрокомпоненттердің  маңызы 3

1.2   Мәтін талдаудағы заттық-оқиғалық фонның маңызы мен орны 5

2. Мәтін авторы субъективті-тілдік тұлға  немесе автор – мәтіндік міндетті компонент. 5

3.Мәтін семантикасының  концептуалды кеңістігі  және мәтіндегі мағынасы күңгірт сөздерге  этимологиялық талдау жүргізудің бағыттары. 7

3.1  Мәтіндегі «көнеліктерді» тарихи салыстырмалы және этимологиялық талдау 8

ҚОРЫТЫНДЫ 9

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

КІРІСПЕ

 

Мәтін –  сөз арқылы жеткізілетін, сөйлеудің  шығармашылық нәтижесі. Мәтін арқылы барлық тілдік бірліктер  іске қосылатындықтан, ол ерекше күрделі тілдік таңбаға  жатады. Соған орай мәтінді талдау мен мәтінді тану, оның түзілімі мен құрылымын саралау, мәтінжасам барысындағы тілдік бірліктердің қызметін анықтау бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналып отыр.

ХХ ғасырдан бастап мәтін сөйлеу бірлігі және ерекше сөйлеу шығармашылығы ретінде  зерттеле бастауы мәтін лингвистикасы  пәнін дүниеге келтірді. Мәтін  ұғымымен бірге оны танып-білудің  жолдары, амал-тәсілдері пайда болды. Ал мәтінді тілдік жақтан тану тілдік бірліктердің қызметін, мағыналық қырларын анықтаумен  пара-пар. Мәтіннің тілдік қырларын толық білу интеграциялық  процеспен  қатар жүреді. Ғылымдағы  интеграциялық үдерістердің көбеюі интеграциялық бірлесу мен тұтасудың көрінісі мәтін талдау мен мәтінтану, мәтін құрылымы мен мәтінтүзілімнен көрінетіндіктен, осы жаңа парадигмаға сай  мәтін  лингвистикасына, мәтінтануға, мәтін кеңістігінің семантикасы мен көне мәтіндердегі сөздердің этимологиясын ашуға арналған зерттеу жұмысының бағыты мен көтерген тақырыбы өзекті болып табылады.

Мәтін  - тілдік бірлік.  Зерттеуде мәтіннің тіл деңгейлері арасындағы орнын, басқа  тілдік бірліктермен арақатынасын және мәтіндік деңгейде универсалды тілдік қатынастардың қызметін көрсету  көзделген. Мәтінді концептуалдық  саралаудың теориялық қисындарын жетілдіру,  сондай-ақ мәтінтану ғылымы мен мәтін  лингвистикасы терминдерінің қазақ  тіл біліміндегі тұтас жүйесін  қалыптастыру және мәтін лингвистикасының базалық  ұғымдары туралы түсініктерді толықтыруы тұрғысынан зерттеу жұмысының  өзектілігі арта түседі. 

Тарихи  мұралар жекелеген автордың шығармасы  болса да, көп ретте белгілі  бір дәуірдің туындысы саналады және мұндай мәтіндерді тілдік жағынан тануда сол тарихи кезеңге арналған зерттеулердегі тарихи деректерді мәтіндегі деректермен  ұштастыра қарастыру нақтылыққа әкеледі және нәтижелі болады. Зерттеуде  бұл мәселе толық ескерілгендіктен, мәтінтану тұрғысынан маңызды. Қазақ  әдеби тілі тарихындағы авторлы  мұралар мен мұраға жатқызылып келген, ауызша жетіп, кеш басылған  шығармалардың  тарихи нақтылыққа қатысы ескерілуі  және зерттеуде осы ұстанымды  сақтауды  ұсынуы зерттеудің өзектілігіне нұсқайды.

Зерттеудің  өзектілігі әдебиетшілер көркемдік  құрал ретінде қарастыратын буын, ұйқас, өлең өлшеміне, әсіресе, өлең архитектоникасына  т.б. тілшілер басты мәтінтүзуші  белгі ретінде ерекше мән беру керектігін көрсетуімен;  әрбір грамматикалық  тұлғаға, атап айтқанда, жалғау, жұрнақ, предикат формаларындағы есімше, көсемше, жедел өткен шақ формаларына, шылауларға (әсіресе сұраулық, демеулік), яғни ертеден-ақ қазақ мәтінтүзуіндегі  қызметі сараланған, айшықталған  грамматикалық тұлғалар ретінде  қарауды айқындаумен; олардың мәтінді  тұтас құрылым, өз алдына жеке аяқталған мәтін жасайтын тұлғалар екенін мәтінталдауда да, мәтінтануда да естен шығармауға нұсқауымен және аса қажетті грамматикалық детальдар болып табылатынын; олардың ерекшеліктері мәтін ішінде айқындалып, семантикалық қырлары ашылатынын нақтылауымен арта түседі.

Сөз, сөз  тіркесі, сөйлем (поэзиядағы өлең жолдары) мәтін түзуші тірек элементтер, олардың  қызметі тарихи мәтінде де, қазіргі  жазба жаңа мәтіндерде тең дәрежеде болады; сондай-ақ сөздердің объективті дүние мен жағдаяттарға байланысты  белгілі бір мәтіндерде белсенді және пассив топтары қалыптасады,  бірақ олар  мәтінталдауда да, мәтінтүзу кезінде де маңызды; поэзиялық  мәтіндердегі сөйлемнің, яғни ойды жеткізуші  элементтің құрылымы прозалық мәтінге  қарағанда ерекше болады; тірек сөздер тек реалды жағдай, ақиқат дүниеге  байланысты ғана емес, автордың (автор-субъектінің) өмірлік ұстанымы мен көзқарасына  қарай мәтіннен орнын алады, ал бұл  қазіргі жазба мәтіндер мен ертедегі жазба мәтіндерді тану мен тілдік талдау жасауда ұқсас жағдаяттарды тудыратынын көрсетуі  жұмыстың өзектілігін айқындай түседі. 

Мәтін –  мағыналық, құрылымдық, жүйелілікпен тұтасып  жатқан, тілдік бірліктері бір-бірімен  байланыстағы  біртұтас шығарма  және мазмұндық, коммуникативтік, құрылымдық жақтан ұйымдастырылуына қарай  мәтін  күрделі категория, яғни оны зерттеу  де күрделі, ал мәтіннің күрделілігі  оны зерттеп-танудың көпаспектілігін  тудырады, екінші жағынан, оны классификациялаудың  сан қырлы болатынын байқатады.

Виртуальды  кеңістікте мәтіннің тууы процесінде мәнді әрі мазмұнды бірліктер  іріктеле келе мәтіндік мәндік құрылымды  іске қосады, осы құрылым арқылы мәтіндік тұтас ой мәтінденеді.  Тілдік бірліктердің іріктелуі арқылы мәтіндік актуалды семантикалық кеңістік жасалады, осы кеңістік тұтас мәтінді  түсіну мен ұғынудан, санадан өткізуден  барып  қалыптасатын өріс болып саналады. Өрістің бір шегі құрамындағы  тілдік бірліктердің этимологиясын  ашумен нақтыланатынын ескергенде, зерттеу  өзекті мәселені көтерген деп есептеу  керек.

1 Мәтіндік семантикалық кеңістік құрылымындағы  мәтін мазмұны  мен мәні және мәтін талдаудағы жеке макрокомпоненттердің  маңызы

 

 Мәтіндік кеңістіктің  бірнеше түрі болады және тіл білімінде оны бөлудің бірнеше тәсілі қалыптасқан. Ең алдымен, мәтін материалдық объект ретінде қосөлшемді кеңістікті құрайды. Бұл кеңістікте мәтінді құрайтын тілдік бірліктер белгілі тәртіппен, кезекпен орналасқан. Кеңістіктің осы түріне сана сферасынан  екінші бір кеңістік сәйкес келеді. Нақ осы кеңістік семантикалық кеңістік деп аталады. Бұл кеңістік виртуальды және актуальды деген екі бөліктен құралады.

Мәтінге осы тұрғыдан келу іс жүзінде мәтінді  өзіндік сипаты бар, өзіндік табиғаты арқылы ерекшеленетін, мәтіннің мазмұнын атау  (номинациялау) үшін таңдалынып алынған терминдермен, тірек сөздермен  бекітілген және толыққан, ментальды туындыға, кеңістікке айналдырады. Мысалы, Махамбет өлең мәтіндерін шартты түрде ұлт мүддесі, атажұрт, азаттық үшін күрес, Еділ мен Жайық, Исатай мен Махамбет ерлігі деген семантикалық кіші бөліктерден, кеңістіктерден құралатын ментальды тұтас түзілім деп ұғынуға болады.

Сонымен, мәтіннің семантикалық кеңістігі дегеніміз – ментальды тұтас жасалым (түзілім). Мәтіннің (оны қабылдау кезінде) оқырман тарапынан интерпретациялануы (актуальды семантикалық кеңістік) қатысады. Айталық, Махамбет өлеңдері адам (Исатай Махамбет, Жәңгір), уақыт (ұлт азаттық көтеріліс кезеңі), кеңістік (тар заман) ұғымдарын интерпретациялау арқылы түсінікті бола түседі.

Мәтінді семантикалық құрылым түрінде қарастыру  барысында  мәтін мазмұнын сегменттік бөлшектерге бөлу қажеттігі туындайды. Соған орай мәтіндік фрагменттер  мәтінде бейнеленген жағдаятпен сәйкестендіріледі де, әртүрлі жіктеледі: а) денотат (Колшанский, Новиков), ә) белгі (таңба), б) номинация [1, 61б.], в) заттық мән ретінде [2,105б.], т.б.

Мәтін мазмұнының семантикалық компоненттерінің  ең жоғарғы бөлігінде әлем туралы индивидуальды-авторлық концепция  орналасады. Себебі кез  келген шығарма - объективті ақиқаттың  субъективті  бейнесі. Бұл кез  келген әлемнің индивидуалды суретіне тән универсалды сипат, себебі, әрбір  шығармада оны тудырушының яки  жазушының жеке басының қасиеті, мінезі, тілдік бояу-ерекшелігі жинақталады. Көркем шығарманың бар мәні мен маңызы да осында. Сондықтан кез келген шығармада автор бейнесі мен  әлем бейнесінің кездесуі міндетті, олар мәтін құрылымына міндетті түрде  қатысады. Мәтін семантикасының пайда  болуы мен қалыптасуы және әрі  қарайғы дамуы, ең біріншіден, көркем шығармаға байланысты ментальды  жасалымға тәуелді. Соған сай  әдеби шығарма автор интенциясына және тілдік таңбаларды автордың сөз, сөйлем, күрделі синтаксистік бүтіндерді, иерархияға бағынған түзілім элементтерін,  таңдап алуымен, яғни виртауальды кеңістікпен  байланыстырыла отырып жазылады.

Екіншіден, мәтін семантикасы оқырман тарапынан  мәтінді оқырманның қабылдау үдерісіне байланысты жүзеге асатын құбылыс. Бұл құбылыс, шындап келгенде, коммуникативтік жүйенің үш бөліктен тұратын құрылымына негізделген. Оның алғашқы бөлігіне автор (суреткер), екінші бөлігіне – көркем шығарма (мәтін) және үшінші бөлігіне осы көркем шығарманы, яғни мәтінді қабылдайтын адамдар (адресат)  енеді.

Көркем  мәтінді қабылдау үшін эмпатияны  қабылдауға қабілеттілік керек, себебі шығармадағы қатардағы кейіпкерлердің, сонымен бірге басты кейіпкерлердің көңіл-күй, мінез-құлық ерекшеліктерін түсінуге эмпатиялық қабілеттілік қажет, өйткені осы қабілеттілік арқылы, тұтасымен алғанда, шығарма авторының  біртұтас концепциясын ұғынуға болады. Мәтінді әркім әртүрлі қабылдайды, қабылдау үдерісіне оқырманның білім  деңгейі, өмірлік тәжірибесі, шыққан ортасы, т.б. факторлар әсер етеді. 

     1.2   Мәтін талдаудағы заттық-оқиғалық фонның маңызы мен орны

Коммуникативтік ситуация заттық-оқиғалық фонда өрістейді. Мұны тарихи фон деуге де болар  еді. К.Долинин былай дейді: “Предметно-событийный фон – это место, где происходит общение, время, когда оно развертывается (время суток, день недели, время  года, но также и абсолютное время, т.е. такой-то год или даже такое-то число, например, 9 мая 1945 года), а также  кто присутствует при общении  в качестве наблюдателя и что  делается или происходит вокруг” [3,12].

Тағы  да Махамбет мәтіндерін алар болсақ, ондағы жер-су атаулары, Баймағамбет сұлтан, Жәңгір хан, Исатай сынды тарихи тұлғалардың  есімдері, ру аттары, т.б. аталумен қатар, сол кездегі әлеуметтік жағдайды танытатын тұрмыстық, материалдық  лексика элементтері заттық фон  тудырып тұрған тілдік фактілер. Мысалы: Ақсүйек, сұлтан, Байеке, Әкім болған сен едің, Алдыңа келіп арыз айтар Қас қарашың мен едім немесе қимыл-сынды білдіретін: Еділді көріп емсеген, Жайықты көріп жемсеген – жолдарындағы емсеген, жемсеген сөздерін де осы қатарға қосуға болады.

Ақпаратты дүниеге әкелетін немесе оны қабылдау кезіндегі нақты бір фоннан гөрі, керісінше, жалпылама әлеуметтік, саяси  және тарихи-мәдени ситуацияның салмағы  басым түсіп жатады. Махамбет өлеңдерінің  дүниеге келуіне себеп болған осындай жалпылама фон – саяси жоғары тұрған иерархия тепкісі, әділетсіздік. Сол әділетсіздікке қарсы әрекет нәтижесі – көтеріліс, ал көтерілістің суретін тұтас өлеңдер жиынтығы береді. Ол өлеңдер Исатай өліміне, Баймағамбет сұлтанға, Жәңгір ханға арналған, т.б. яғни жырдың тарихилығы басты фон болып тұр. Нақты заттық-оқиғалық фонда туындаған, мәтіндегі жекелеген тұлғалар, жер-су атаулары, зат, құбылыс, ұғым атаулары уақыт өте келе фонның өзгеруіне байланысты біртіндеп көмескіленген, мәтін прагматикасы заңы бойынша мәтінді интерпретациялау қажеттілігі пайда болған.

2. Мәтін авторы субъективті-тілдік тұлға немесе автор – мәтіндік міндетті компонент. Мәтін түзуші элементтерді, басқаша айқанда, мәтін құрылымындағы негізгі тілдік бірліктерді, ойды жеткізу амалдарын анықтау мәтінді түсіну үшін жеткілікті емес, сондықтан, мәтінжасамдағы  және мәтінді қабылдау процесіндегі автордың  орнын нақтылап, анықтап, белгілеп алу маңызды. 

Мәтін тудырушы автордың бейнесін: 1.Мәтін иесінің  өзін, бейнесін автордың тілі, ол қолданған  тілдік құралдары сомдайды, өйткені  тілдік құралдарсыз, өзгеге ұқсамайтын ерекше тілдік қолданыстары тудырады, онссыз шығарма да болмайды; 2. Екінші кезекте автор бейнесін сомдап шығарушы қабылдаушы топ яки оқырман (адресат). Автор бейнесін адресаттың сомдауы  қабылдаумен астасып кетеді әрі  мәтін құрылымының  базасы арқылы жасалады. 3. Автордың тұтас мәтін  арқылы танылатын немесе авторлық жалпылама  бейнесі болады.

Кейде мәтіндік ойды, автордың түпкі ой-мақсатын жеткізуші  жалғыз автор ғана болмайды, онымен жарыса автордың орынбасары қызметінде ғылым тілінде «фиктивті баяндаушы», яғни «жалған баяншы» деп аталатын қосалқы бейне жүреді. Ол мәтіндік ақпарды хроникалық ретпен жеткізуші және сол мәтіннің кейіпкері ретінде мәтін құрушы тұлға болуы мүмкін. Оны «жасырын баяншы» деуге болады. Махамбет мәтіндерінде осындай  тұлға да кездеседі. «Әй, «Махамбет, жолдасым!» деген өлеңді бастырып шығарушылар бұл өлеңді «Исатай атынан» деп  ерекшелеп көрсетеді.  Осы арадағы Исатай қосалқы баяншы немесе жасырын баяншы, өйткені өлең иесі шын мәнінде – Махамбет.

Кейде мәтін  авторының бейнесін, мәтін арқылы айтпақ ойын жеткізу үшін: 1.Оқиғаны, яғни шығарма сюжетін жеткізу  үшін баяншы таңдалып алынады. Мысалы, Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» бастан-аяқ  автор емес, бас кейіпкер атынан баяндалады.  Мұндай баяншы арқылы жеткізілетін тұтас мәтіндердің қатарында  М.Мағауиннің «Жармақ» романын атауға болады. 2.Оқиғаға, сюжетке қатысы жоқ, ойдан шығарылған «жақсыз» тұлға  арқылы да автор бейнесі беріледі. Мұндай жақсыз тұлға мен автор  баяндауы кезектесіп келіп отыратын романдарға «Қартқожа», «Ақбілекті»  жатқызуға болады. 3.Мәтіндегі автор  бейнесі анық та айқын, тікелей автордың өз атынан беріледі. Мысалы, О.Бөкейдің көптеген әңгімелерінде автордың қатысы, сөз ұстап отырғаны анық байқалады, сондықтан сюжет өз атынан баяндалады. 

Қазақ мәтініне қатысты айтқанда, мәтін арқылы «қазақ немесе қазақ  ұлтының адамы» деген  түсінік қалыптасады. Мәтіннің семантикасы  арқылы жекелеген авторлардың образдар жүйесі (Мұхтар Әуезовтың әдебиетте  қалыптастырған образдары, Абай, Базаралы, Дәркембай, жатақтардың жиынтық  бейнесі, татар саудагерлерінің, әже (Зере) мен ананың (Ұлжанның), сүйіскен жастардың, қыздардың (Тоғжан мен Айгерімнің, т.б.), тоқал мен бәйбішенің, т.б. –  бәрі жинақталып келіп, қазақ халқының этникалық суретін жасайды, яғни лингвомәдени сипатын қалыптастырады.

Абайдың табиғат суреттері (адаммен шендестірілген) де образдар жүйесін толықтырады. М.Мағауин, Ә.Кекілбаев, т.б. шығармалары, мұнан  өзге, басқа да мысалдар қазақ әдебиетінде  образдар жүйесі барын көрсетеді, яғни  қазақ тілінде «әлемнің суретін тіл арқылы категориялау» деп аталатын тілдік құбылыс барын дәйектейді. Ал кейіпкер мен автордың мәтін түзіліміндегі қызметі, олардың арасалмағы, автор мен кейіпкердің сәйкесуі мен сәйкессіздігі, т.б. автор «менін» анықтап алудан басталса керек. Айталық, Орта ғасыр жазба ескерткіштерінде және жыраулар тілінде жиі ұшырасатын, тіпті бүгінгі күні де көп қолданылатын әдеби кішіпейілділіктің орнына автордың тікелей өз атынан пафосты «мен»-нің айтылуы ХҮІІІ ғ. көрнекті ақыны Махамбеттің өлеңдеріндегі барша желіні ұстап тұрған алтын арқау.  Өйткені өлең мәтіндерінде жақсыз сөйлеу жоққа тән.

Сондықтан автор - мәтінтүзіліміндегі маңызды  категория. Категорияны тірек етіп шоғырланған мәтін өзіндік валенттілігі бар тілдік бірліктердің табиғи жолмен және бірізділікпен тіркесуінен  туындаған жүйеге айналады. Оқырман  мәтінді түсінуге талпынғанда, шынында, оның авторын, оның концепциясын, шығарманы жазуға итермелеген факторды, қандай ойын оқырманға жеткізуді мақсат тұтқанын, ойын, жан-сезімін түсінуге талпынады. Яғни шығарманы оқып, оны түсінуге ұмтылыс түсінілім үдерісі деп аталды. Түйіндей келгенде, автор әлемді өз түсінігі арқылы тани отыра өзгеге танытуға талпынатын шығармашылық феномен, ол шығармасы арқылы әлемді тануға үлес қосады, әлемнің тілдік суретін жасайды.

3 Мәтін семантикасының  концептуалды кеңістігі  және мәтіндегі мағынасы күңгірт сөздерге  этимологиялық талдау жүргізудің бағыттары.

 Мәтіндік  концептуалды кеңістіктің мәдениетпен   және тілмен байланысы. Тілдің мәдени концептосферадағы өзіндік орны оның мәдениетпен қарым-қатынасынан келіп шығады. Тіл мен мәдениеттің арасындағы тығыз байланыс туралы мәселені өрбіте келіп, Д.С.Лихачев өз еңбектерінде тіл концептосферасын мәдениетпен теңестіреді: «Концептосфера языка – это в сущности концептосфера русской культуры... Национальный язык  - это не только средство общения, знаковая  система для передачи сообщений. Национальный язык в потенции – как бы «заместитель» русской культуры» [4,6б]. Мәдениеттегі контстанта және концепт арақатынасы мен өзара байланысы концептілік талдаулардың негізінде жатуы тиіс. Констант деп ұлт тағдырымен, тарихымен өзектес, ұлт өмірімен, тағдыр-талайымен біте қайнасып, ұзақ жасап келе жатқан, яғни ұлт мәдениетіндегі өмірі ұзақ ұғымдарды, концептіні атауға болады. Констант концептілердің парадигмасы қарапайым тұрмыстық, ғылыми, мәдени санада қалыптасқан «ерік», «жігер», «жеңіс», «жеңіліс», «әділдік», «парыз», «сенім», «үміт», «махаббат», «білім», «сөз», т.б. атаулардан құралады. Көркем шығармалардың концептілік талдау үлгілері осы атаулар парадигмасын талдаудың үлгілері негізінде қалыптасады.

Әрине, келесі кезекте концептілердің әмбебаптылығы, адам санасының универсалдығы, рухани дәстүрге құрметі арқылы субъектінің  «мәдени жады» қалыптастыратын ассоциативтік өріс пен әмбебап білімінің өзектілігі орналасады. В.Телия ұлттық мәдениет пен этностың ұлттық-танымдық сипатын фразеологиялық тіркестермен қатар халық мәдениетінің рәсімдік нысандары, паремиологиялық қор, образ-эталондар жүйесі, символ сөздер мен символдық мәнді жеткізетін сөз тіркестері, діни-теологиялық атаулар, қанатты сөздер мен орамдар арқылы ажыратуға болады деп түсіндіреді [5, 239-247б]. Әр мәдениет өкілінің нақты бір ұлтқа ғана тән, нақты бір мәдениетке ғана тән белгісі сөзі арқылы көрініп тұрады. Мысалы, Махамбет өлеңдеріндегі: Мыңды алған, бірді беріп, Ақтабанды, Жыландай белге соққан бүгілдірді-ай - деген жолдар басқа емес, қазаққа етене жақын, қазаққа түсінікті, қазақ үшін бейнелі-образды. Сонымен бірге садағына сары жебені салдыру, маңдайын сары сусар бөрік басу, жаурынына күшіген жүнді оқ шанышу, айғайласа белдігі байлану, адырнасын ала өгіздей мөңірету, көк шыбығын қанды ауыздан жалату, алма мойын аруды ат көтіне салу, жампоз, аруана, т.б. сөздер мен сөз тіркестері, сөз орамдары мен афористік қолданыстардың бәрі де лингвомәдени бірліктер бола алады.

Мәтіндегі тілдік бірліктердің мән-мағынасы кейде  кейінгі дәуірге түсініксіз болып  жатады, өйткені тіл тарих пен  мәдениетті сақтап, жеткізуші болса, тарих бір орнында тұрмайды, өзгеріп  отырады. Ол өзгерген сайын тілдік бірліктер  жаңаланады, әрбір жаңа ұғым атауы  тілде сөз арқылы таңбаланады. Бірақ  осы концептілік ұғымдарды жеткізу  барысында ақын мәтіндерінде  мағынасы күңгірт сөздер мен сөз тіркестері кездеседі. Олардың түп-тамырын, этимологиясын  ашу арқылы концептілерді, ұғымдарды  нақты тануға, концептілік өрісті анықтауға болады. Ол этимологиялық  талдаулар арқылы  жүзеге асады.

3.1 Мәтіндегі «көнеліктерді» тарихи салыстырмалы және этимологиялық талдау

(Махамбет  тілі сөздігін түзу тәжірибесінен). Мәтінтанулық зерттеулерде этимологияның атқаратын қызметі оқушының мәтінді толық, түсініп қабылдауға даярлаумен астасып жатыр. Бұл жерде “мәтіндік этимология” деген айрықша сала жоқ. Сол тілдердегі сөздердің, тілдік бірліктердің шығу тегін зерттейтін этимологияны сол күйінде қызметке жарату бар. Айталық, Махамбет мәтіндеріндегі мағынасы күңгірт тартқан сөздерге этимологиялық талдау осы тарихи фонды немесе заттық-оқиғалық фонды ескере отырып жасалуы тиіс. Махамбет мәтіндерінде кездесетін көмескі, мағынасы түсініксіз сөздерге 1925 жылдан бастап бір-екі ауыз сөзбен түсінік беріліп отырған. Мысалы, “Ереуіл атқа ер салмай” атты өлеңінің соңында қу толағай тіркесіне “қу бас” деген түсінік беріледі. Әрине, сөз мағынасын жан-жақты түсінуде бұлайша бір сөзбен анықтама беру жеткіліксіз.

Енді  “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде” толағай сөзіне берілген түсінікке көңіл аударайық: “Сын. көне. Түгі жоқ, тап-тақыр, жалаңаш” [6, 179 б.]. Р.Сыздық “Сөздер сөйлейдің атты еңбегінде толағай сөзіне былайша талдау жасайды: “Махамбеттің атақты “Ереуіл атқа ер салмай” деген өлеңіндегі Темір қазық жастанбай, Қу толағай бастанбай – деген тармақтарда кездесетін толағай сөзі ақын жинақтарында да, мектеп оқулықтарында да “бас” деп түсіндіріліп жүр. Бұл – біршама дұрыс түсінік. Толағай – таза түркі (қазақ) сөзі емес, ол не түркі-монғол тілдеріне ортақ, не тек монғол тілінде толгой – 1) “бас”, 2) “басшы, бастық, ие”, 3) “бастаушы” 4) “бір нәрсенің басы” (мысалы, тауды”), 5) “бір бөлік, бір дана”. Осы сөзден “басшы болу, басқару, жетекшілік ету” мағынасын беретін толгойло (х) (толағайлау) деген етістік жасалған. Ал қазақ тілінде бұл сөз қу толағай тіркесі түрінде жұмсалғанда, біздің байқауымызша, тек “бас” деген ұғымды емес, “тақыр бас, жалаңаш бас” дегенді білдіреді” [7, 152 б.]. Н.Ф.Катанов жинап бастырған қазақ мақал-мәтелдерінің ішінде “құдайдан тілегенім қолаң қара шашты еді, құдайдың өзі қосты қу толағай бастының деген мәтел кездеседі.

Махамбет  жыр-толғауларындағы архаикалық (көне) сарынды бейнелейтін тіл деректеріне  бүгінгі ұрпақтың құлағына тосындау естілетін, әдеби тіліміздің күнделікті қолданысында кездесе бермейтін, мәтіндік (мәтіндік) мәнін аңғаруға болса да, жеке-дара дербес мағынасы айқын емес, күңгірт, бұлыңғыр болып келетін сөздер мен сөз тіркестерін енгізуге болады. Мысалы:

Сайғақ: Саздауға біткен құба тал, Кімдерге сайғақ болмаған?

Еңіреу:     Еңіреу ұлы емшек боз, Ер мінген күні берік болсын т.б.

Бұл тәрізді  қолданысы сирек, не шектелген, мағынасы күңгірттенген, тіпті түсіндірме (ҚТТС), диалектологиялық, сөздіктерде (ҚТДС, І том) ескерілмеген, мәселен, әрәйнә, адаған, мінкен ер, атайы жүйрік, үдірім, шөншік, талыс, сой, ителгі көз, көлемі, қара бұлт, желгір ақбөкен, қырқаланып өту, қарындас (бауыр, туыс мәнінде), дауысы аңқыған, күлісті сынды күрең, адырнасын ала өгіздей мөңіретіп, т.б. осы сияқты жеке сөздер мен сөз тіркестері Махамбет қолданысында көптеп кездеседі. Бұл фактілер Махамбет мұрасына көне (архаикалық) сарын тән деген пікірдің бір дәлелі болмақ.

Ал екі вариант түрінде қолданылып келе жетқан ерулі мен ереулі атаулары жөнінде екі ұдай пікірдің пайда болуы олардың тұлғалық ұқсастығына байланысты болса керек. Алайда бұларды бір түбірден тараған туынды түбір деп те қарауға болмайды, олар: ер- (біреудің артынан ерудің ілкі түбірі) және ер- (ерлік сөзінің ілкі түбірі) деген мүлдем екі басқа туынды түбірдің негізі болып тұрған гетерогенді (әр текті) омонимдер. Бұл арадағы шатасудың екінші себебі – сөзжасам моделі саналатын форманттардың – үлі және еуіл – айтылуында метафозаға ұшырауы. Демек, бұл сөздің шынайы төркіні – 1912 жылы шыққан “Шайыр” жинағындағы нұсқасы, яғни ерулі.

ҚОРЫТЫНДЫ

 

     Мәтін теориясы таратыла келе, қазіргі кезде бірнеше ірі-ірі  салалаға, салалық бағыттарға бөлініп  кеткендіктен, жазба мәтін мен  ауызша мәтінннің тілдік талдауы  үлкен екі арнаны құрайды. 

     Мәтінталдау мәтінтудырушы тілдік  тұлғадан бастап, көркем шығарманың  өзін түзуші белгілерді, мәтінтүзілімге  қажетті тілдік бірліктерді, мәтіннің  типтері мен түрлерін анықтауды,  мәтіндік бөліктерді талдаумен  бірге, қабылдаушының тілдік құзіреті  қарастырылатын, түрлі тілдік кеңістігі  зерттелетін маңызды сала болса,  мәтінтанулық зерттеулердің шығарма  иесі мен ол дүниеге әкелген  туындының  тілдік сипатын  ашу, салыстырмалы және тарихи  тұрғыдан талдау, сол арқылы тұтас  бір тарихи кезеңге тән тілдік (лексика-грамматикалық, фонетикалық)  және көркемдік-стильдік ерекшеліктерді  анықтайтын әлеуеті болады, сонымен  бірге мәтінтану да, мәтінді талдау  да қай жағынан болмасын өзара  бір-бірімен байланысты, тілдік бірліктердің  қолданыстағы немесе әрекетті  жағдайдағы мағынасы мен құрылымын  тануда әлеуетті.

Мәтінтану барысында ұстанатын принциптер жаңа және көне мәтіндерді тану барысында  әртүрлі жолды ұстанудан туындайды, бірақ қазақ көне мәтінін зерттеу классикалық филолологияда ұстанымға айналған дәстүрлі мәтін зерттеу әдістемесіне сәйкеспейді.

Осы орайда, қазақ филологиясына «ауызша-жазбаша  мәтін» деген жаңа әдістемелік бағдар алу керек.  Әрине, осы қос ұғымды атаудың соңғы «жазба» сыңарын  анықтап, түсіндіретін классикалық  ұғымдағы автографтар (қолжазба, тізбе  немесе тізім, көшірме), әр жылдары жарық  көрген басылымдар болады және басылым  неғұрлым көне, жарық көрген уақыты әрірек болған сайын – соғұрлым мәтінтану тұрғысынан бағалырақ  болмақ.

Мәтін «бірігу, байланысу» деген ұғымда жұмсалатын әрі мағыналық, әрі грамматикалық  қатынас арқылы өзара байланысып жататын сөйлеу бірліктерінің, айтылымдардың, фразадан жоғары бірліктердің, фрагменттердің, т.б. бірізділенген тұтастығы, ал тұтастық менталды құрылым болғандықтан, мәтіннің функционалды түрінің кез келгені  экстралингвистикалық, лингвистикалық, когнитивтік, семантикалық аспектіден қарастырылып, зерттелуі тиіс.

Мәтіннің  коммуникативтік, функционалдық, прагматикалық, ақпараттық, кумулятивтік сипаттары  оны қоғамнан, мәдениеттен тыс  қарастырудың тиімсіздігін көрсетеді, сондықтан да мәтінді жазба тіл  мен сөйлеу актісі ретінде ғана қарастыру  жеткіліксіз.

Қоғамның  әртүрлі саласындағы коммуникацияны орнықтыру, жеңілдету, ұшқыр түсінуі  үшін қолданылатын мәтіндердің түрлері  болатындықтан, мәтін бірнеше типтерге бөлінеді. Мәтіннің әр типіне байланысты өзіне тән узуалды құрылымы, сөзқолданысы, синтаксистік құрылымдарының жүйесі болады. Мәтіндегі мағыналық ұйытқы сөздердің  қолданылу жиілігі, белігілі бір  тақырыптық-семантикалық өріске қатысты  сөздердің түрлі (парадигматикалық, синтагматикалық) байланыстары, ой қозғалысын қамтамасыз ететін тілдік бірліктердің (дейктикалық элементтер, синонимдер, жалғаулықтар) барлық мәтіндерде ұқсастығы, мәтін бөліктерінің формалды құрылымындағы  тұрақтылық мәтін түзу  заңдылықтарын  сипаттауға мүмкіндік береді.

Көркем  мәтін – динамикалық бірліктердің жиынтығы. Көркем мәтіннің элементтері  арасындағы қатынас типтері жекелеген  «жазушының» «идиолектісін» жасайды. Бұл қатынастарды белгілі бір  жанрдың, әдеби мектептің, не белгілі  бір кезеңге тән айрықша сипатты  белгілерді айқындау үшін пайдалануға  болады.

Мәтін түрлері  көп болғанмен, мәтіннің ерекше түрі болып саналатын көркем мәтінде  адресант, хабарлама («сообщение»), адресат, кілт («код»), кодтау я болмаса кілттеу («кодирование»), қайтадан кодтау (бұл  мәтінді толық ұғынып оқу деген  сөз) («декодирование»), т.б. элементтер болады. Олардың көмегімен мәтіндегі  астарлы ойды, мағынасы көмескі сөздерді, мәтін құрауға тірек болып  тұрған негізгі сөздерді, сөз тіркестерін  тануға болады және кез келген мәтін  мәтінтанулық тұрғыдан жүйеленген әдістер  жиынтығы  аркылы зерттеледі.

Мәтіндегі тілдік бірліктердің мән-мағынасы кейде  кейінгі дәуірге түсініксіз болып  жатады, өйткені тіл тарих пен  мәдениетті сақтап, жеткізуші болса, тарих бір орнында тұрмайды, өзгеріп  отырады. Ол өзгерген сайын тілдік бірліктер  жаңаланады, реалийлер өзгереді, әрбір  жаңа ұғым атауы тілде сөз арқылы таңбаланады, зерттеуші тарапынан  олар интерпретацияланады.

Мәтіндердегі  мағынасы күңгірт, көнерген сөздердің  мағынасын ашу үшін бірнеше зерттеу  принциптері қолданылады: фонетикалық, морфологиялық, семантикалық. Сонымен  бірге, әртүрлі экстралингвистикалық факторларды, яғни тарихи фонды назарда  ұстаған жөн. Мәтіндердегі мағынасы күнгірт тартқан сөздерде этимологиялық  талдау осы тарихи фонды немесе заттық-оқиғалық фонды ескере отырып жасалады.

Концептуалды  саралаудың  перспективті бағыттарының бірін көркем мәтіннің семантикалық саралауды жасаудан байқалады. Мәтінге  семантикалық талдау жасау парадигматикалық және синтагматикалық қатынастар бойынша  жүзеге асады және талдау кезінде  мәтіннің ішкімәтіндік синтагматикалық  табиғаты сақталады. Соның нәтижесінде  түрлі  концептілердің белгілерінің өзара араласуы, жақындасуы, бір-біріне сіңісуі арқылы мәтін концептосферасы  тұтасып, бірігеді, мұндай кезде егізгі тірек концепт мәтіндік концептосфераның өзегі болып саналады.

 

Пайдаланған әдебиеттер: 

1. Гак  В.Г. О семантической организации  текста // Лингвистика текста: Материалы  науч.конф. – М.,1974. – 345 стр.

2. Купина  Н.А. Смысл художественного текста  и аспекты лингвосмыслового  анализа.  – Красноярск,1983. – 165 стр.

3.Сорокин Ю.А. Текст, цельность, связность, эмотивность// Аспекты общей и частной лингвистической теории текста. – Москва:Наука,1982. – 321 стр.

Мәтіндік семантикалық кеңістік құрылымындағы мәтін мазмұны мен мәні және мәтін талдаудағы жеке макрокомпоненттердің маңызы