ҚР Экология құқық негіздері

                        ҚР Экология құқық негіздері

1.ҚР Экология құқық негіздері, экологиялық құқықтық қатынас және қайнар көздері

ҚР-ның экологиялық құқығы — айналадағы табиғи ортаны қорғауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін  құқықтық ережелердің жиынтығын  зерттейтін оқу пәні немесе ғылым  саласы.

Экологиялық құқықтың мәні — бұл экологиялық-құқықтық нормалардың  қолданылу саласында қалыптасатын тарихи тұрғыда қазіргі және болашақтағы  ұрпақтар мүдделері үшін қоршаған ортаны сақтап қалу мақсатында табиғи объектілерді сақтау, жақсарту, қалпына келтіру, тиімді пайдалану тұрғысында міндетті түрде мемлекеттің қатысуы жағдайында азаматтар мен ұйымдар арасындағы өндірістік қатынастармен байланысты болуы.

Экологиялық қатынастар дегеніміз  — бұл объектісі табиғат пен  оның құрамындағы элементтер болып  табылатын қатынастарды айтамыз.

Экологиялық құқықтың объектілері  дегеніміз — айналадағы табиғи ортаны құрайтын, адамның тіршілік қажеттіліктеріне жұмсалатын табиғи ресурстар мен  адамдардың экологиялық денсаулығы мен өмірін айтамыз.

Экологиялық қатынастар субъектілеріне мыналар жатады:

1. Қазақстан Республикасы, себебі біздің мемлекетіміз табиғат  ресурстарының меншік иесі болып  табылады.

2. Шетелдік мемлекеттер  — Қазақстанның табиғат ресурстарын  пайдалану мәселелері бойынша  экологиялық қатынастардың субъектілері  болып табылады, республикаға табиғи  ортаға келтірген залалы үшін  жауап береді (шекаралық су объектілері  бойынша бірлесіп су пайдалануы  және т.б.).

3. Заңды тұлғалар.

4. Жеке тұлғалар.

Құқық саласының принциптерімен негізгі басшылыққа алатын ережелер танылады, оларға сәйкес белгілі бір  қатынастар реттеледі.

ҚР-ның «Қоршаған ортаны қорғау туралы» заңында былай  делінген: қоршаған ортаны қорғау мен  табиғатты ұтымды пайдалану мына принциптер негізінде жүзеге асырылады:

- адамның өмірі мен  денсаулығын қорғаудың басымдығы,  халықтың өмірі, еңбегі мен  демалысы үшін қолайлы қоршаған  ортаны сақтау және қалпына  келтіру;

- ҚР-ның нарықтық қатынастар  жағдайында тұрақты дамуға көшуі,  адамдардың қазіргі және болашақ  ұрпақтарының салауатты және  қолайлы қоршаған ортаға деген  қажеттіктерін қанағаттандыру мақсатында  қоршаған ортаның әлеуметтік-экономикалық  міндеттері мен проблемаларын  теңдестіре отырып шешу;

- экологиялық жағдайы  қолайсыз аймақтардағы экологиялық  қауіпсіздікті қамтамасыз ету  және бұзылған табиғи экологиялық  жүйелерді қалпына келтіру;

- табиғат ресурстарын ұтымды пайдалану және молықтыру;

- биологиялық алуан түрлілікті  және экологиялық, ғылыми және  мәдени жағынан ерекше маңызы  бар қоршаған орта объектілерін  сақтауды қамтамасыз ету;

- қоршаған ортаны қорғау  туралы заңдарды мемлекеттік  реттеу мен мемлекеттік бақылау,  оларды бұзғаны үшін жауапкершіліктің  ымырасыздығы;

- қоршаған ортаға нұсқан  келтіруге жол бермеу, қоршаған  ортаға ықпал ету мүмкіндігін  бағалау;

- халықтың, қоғамдық бірлестіктер  мен жергілікті өзін-өзі басқару  органдарының қоршаған ортаны  қорғау саласына белсенді түрде  және демократиялық жолмен қатысу;

- халықаралық құқық негізінде  қоршаған ортаны қорғау саласындағы  халықаралық ынтымақтастық принциптерін  сақтау негізінде жүзеге асырылады.

Экология құқығының жүйесі әдістемелік жағынан екіге бөлінеді: жалпы бөлім және ерекше бөлім.

Экологиялық құқықтың жалпы  бөлімінде экологиялық құқықтың мәселелері, табиғи ресурстардың жағдайын көрсететін қоғамдық қатынастар және бүкіл табиғат ресурстарына мемлекеттің  меншік құқығы туралы мәселелер қаралады.Ал ерекше бөлімде табиғи ресурстарды  қорғау және пайдаланудың мемлекеттік-құқықтық механизмі және табиғат объектілерінің жеке жағдайлары қаралады.

Қазақстан Республикасы экология құқықтарының қайнар көздеріне –  айналадағы табиғи ортаны қорғау, оны  пайдалану, сапасын арттыру және табиғи ресурстар жөніндегі қоғамдық қатынастарды реттейтін нормативтік  актілер жатады.Кейбір нормативтік  актілер экологиялық заңдардың  құрамына кірмеуі де мүмкін. Мысалы: Қазақстан Республикасының Қылмыстық  Кодексі – экологиялық заңдарды бұзғаны үшін жауаптылықтарды реттейтін  нормалардан тұрады, сондықтан ол экологиялық құқықтың қайнар көзіне жатады, бірақ экологиялық заңдылықтардың құрамына кірмейді, өйткені қылмыстық  заңдардың құрамына кіреді, сол сияқты Азаматтық кодекс, Әкімшілік құқық  бұзушылық туралы кодекстері де экология құқығының қайнар көздеріне жатады, бірақ экологиялық заңдардың  құрамына кірмейді. Сондықтан «Экологиялық құқықтың қайнар көздері» деген ұғым «Экологиялық заңдар» деген ұғымнан  кең.

Экология құқықтарының қайнар көздері белгілері бойынша үшке бөлінеді:

1. кешенді;

2. ресурстық;

3. әлеуметтік — экологиялық.

Экология құқықтарының кешенді  қайнар көздеріне нормативтік актілер  жатады, егер құқықтық реттеудің объектісіне  бүкіл табиғи ресурстар мен табиғи орта жатса, оған «Айналадағы қоршаған ортаны қорғау туралы» , «Экологиялық сараптама туралы» заңдарды жатқызуға  болады.

 

Экология құқықтарының ресурстық  қайнар көздеріне нормативтік актілер, егер құқықтық реттеудің объектісіне  жеке табиғи ресурстар жататын болса, мұнда Жер кодексі, Су кодексі, Орман  кодексі және т.б. жатады.

 

Экология құқықтарының әлеуметтік –экологиялық қайнар көздеріне адамдардың өмір сүруіне қолайлы ортаны қамтамасыз етуге бағытталған факторлар  жатады. Оған «Қазақстан Республикасында  халық денсаулығын сақтау туралы», «Семей облысындағы ядролық полигон  туралы» заңдарды жатқызуға болады.

1) Экология құқықтарының  ең негізгі қайнар көзіне Қазақстан  Республикасының Конституциясы  жатады.

2) Экология құқықтарының  қайнар көзіне «Айналадағы табиғи  ортаны қорғау туралы» Қазақстан  Республикасының заңы жатады. Бұл  заң қазіргі және  ұрпақтың мүдделерін көздеп, айналадағы табиғи ортаны қорғаудың құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін белгілеуге және адам қызметінің осы табиғи ортаға зиянды ықпал жасауына жол бермеу шараларына бағытталған.

3) Экология құқықтарының  қайнар көздеріне министрліктер  мен ведомстволардың нормативтік  – құқықтық актілері жатады. Министрліктер  мен ведомстволардың актілері  салалық басқаруды жүзеге асырады. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі халықаралық және республикалық ұйымдар

2.Халықаралық экологиялық ұйымдар

Қоршаған ортаны қорғау мәселелерін  шешуге БҰҰ (Біріккен Ұлттар Ұйымы) үлкен  үлес қосып отыр. Табиғатты қорғау қызметіне БҰҰ-ның барлық басты  органдары мен мамандандырылған мекемелері: Бас Ассамблея, Экономикалық және әлеуметтік кеңес (ЭКОСОС), Аймақтық экономикалық комиссиялар (мысалы, Еуропалық  экономикалық комиссия), Халықаралық  еңбек ұйымы (MOT), Білім беру, ғылым  және мәдениет мәселелері жөніндегі  Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО), Халықаралық  реконструкция және даму банкі (МБРР), Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық  агенттік (МАГАТЭ), Дүниежүзілік денсаулық  сақтау ұйымы (ВОЗ), Халықаралық теңіз  ұйымы (ИМО), Дүниежүзілік метеорологиялық  ұйым (ВМО) және т.б. қатысады.

Негізгі бақылауды БҰҰ  шеңберіндегі қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі жаңа үкіметаралық орган — Қоршаған орта жөніндегі  БҰҰ бағдарламасы, (ЮНЕП) жүзеге асырады. ЮНЕП — БҰҰ-ның негізгі көмекші  органы болып табылады. 1975 жылы өзінің қызметінің алғашкы кезінде ЮНЕП қоршаған ортаға байланысты мынадай  бірінші кезектегі алты міндетті айқындады: елді мекендер және денсаулық  сақтау; құрлықтың экологиялық жүйелері; қалалардың қоршаған ортасы; мұхиттар; қуат; дүлей апаттар.

ЮНЕП үш деңгейде жұмыс  істейді:

Бірінші деңгейде коршаған ортаның бәсекелес мәселелері жөнінде  және осы салада атқарылып жатқан шаралар жөнінде ақпарат береді. БҰҰ-ға мүше мемлекеттер жыл сайын  қоршаған ортанын ахуалы туралы баяндамалар  тапсырады, осы баяндамалардан аталған  ақпараттар алынады.

Екінші деңгейде жекелеген  елдерге, халықаралық үкіметтік  және үкіметтік емес ұйымдарға қатысты  бүкіләлемдік көлемде бағдарламалық  шараларды жүзеге асырудың міндеттері мен стратегиясын белгілейді. Осы денгейде қажетті шаралар мен олардың орындаушылары туралы мәселелер шешіледі, нақты бағдарламалар жасау үшін әдістемелік негіз қамтамасыз етіледі.

Одан әрі, екінші деңгейде қолдау тапқан бағдарламалар мен  жобаларды Қоршаған ортаны қолдау қоры қаржыландырады. Қолдау мөлшері тиімділікке, яғни қаржылық көмектін бағдарламанын  түпкі мақсатын іске асыруға қаншалықты ықпал ете алатындығына байланысты болады. Толық қаржыландыру ерекше жағдайларда ғана, яғни жобанын орындалуы  аса ірі жоба бойынша әзірлік  жұмыстарын жүргізумен тұтас келетін  болса, іске асырылуы мүмкін.

ЮНЕП өзі қызмет істеген  жылдары көптеген табиғат қорғау шараларын жүзеге асырды. Қоршаған ортаның аса ауқымды мониторинг жүйесі құрылды және оның құрамдас бөліктері ретінде — қоршаған орта бойынша ақпарат көздерінің Халықаралық анықтама жүйесі (ИНФОТЕРРА) және әуелетті уытты химиялық заттардың  халықаралық тіркеушісі құрылды.

Сондай-ақ БҰҰ шеңберінде Орнықты дамыту жөніндегі комиссия жұмыс істеді. Ол БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің (ЭКОСОС) көмекші  органы болып табылады. Қоршаған ортаны сақтаумен айналысатын 200-ден астам  халықаралық үкіметтік емес ұйымдар  бар. Мысалы, 1948 жылы Францияда құрылған табиғат және табиғат ресурстарын  қорғаудың Халықаралық одағы (МСОП); Құстарды қорғау жөніндегі Халықаралық  кеңес, Хайуанаттарды қорғау жөніндегі  Дүниежүзілік федерация; Альпі аудандарын қорғау жөніндегі Халықаралық федерация. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) шеңберінде 1992 жылғы ақпанда "Экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы  өзара әрекеттестік туралы" келісімге  қол қойылды. Бұл келісімге: Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Белоруссия, Қырғызстан, Молдова, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Украина қол  қойды. Келісімді іске асыру үшін: Мемлекетаралық экологиялық кеңес, Мемлекетаралық экологияльщ қор  құрылды. ТМД шеңберінде табиғат  қорғау ынтымақтастығын дамытуда Парламентаралық  ассамблея маңызды рөл атқарады. Оның құрамында Қоршаған ортаны қоргау жөніндегі бөлім құрылған.

Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау жөніндегі әр түрлі мемлекеттік  және қоғамдық ұйымдар, сондай-ақ халықаралық  үкіметтік емес экологиялық "Гринпис" ұйымы жұмыс істейді. Басты мемлекеттік  орган Табиғат ресурстары мен  қоршаган ортаны қорғау министрлігі  болып табылады. Аралды құтқару жөніндегі комитет, "Табиғат" экологиялық одағы, "Невада-Семей", "Каспий табиғаты" (Атырау), "Көкті сақтау", Ауқымды экологиялық қор, "Жастар экология мен мәдениет үшін" азаматтық қозғалыстары, "Тау" орталығы (Алматы) және басқа да қоғамдық мемлекеттік емес экологиялық ұйымдардың белсенді қызметтерін атап өтуге болады.

3.Әлемдік Киото хаттамасы

Киото хаттамасы - жаһандық экологиялық проблемаларды шешуге арналған, 1997 жылы Жапонияның Киото  қаласында қабылданған халықаралық  құжат. Киото хаттамасы – халықаралық  деңгейде экологиялық проблемамен  бірлесе күресуге бағытталған тұңғыш құжат.1980 жылы әлемдік қоғамдастықтың назары ғаламдық жылыну проблемасына ауды. Атмосфераның ластануы, жыл сайын  ауа температурасының көтерілуі  полюстердегі мәңгілік мұздардың еруіне алып келіп, соның салдарынан мұ­хит суларының деңгейі көтеріліп, жағалау  бойына жыпырлай орналасқан ірі қалалар, елді мекендер су астында қалады деген  қауіп айтыла бастады. Бұл алдымен  адамның табиғатқа тигізіп жүрген залалын ойланбастан жасаған  шаруашылық қызметінің салдары, көмірқышқыл  газы мен метанның ауаға шамадан  тыс бөлінуінің әсері деген ғалымдар пайымдауы біраз жайды аңғартты. Шынында да, жыл сайын әуеге көтерілген метан мен көмірқышқыл газы жерді қатты қызып кетуден сақтайтын инфракүлгін сәулелерді жұтып, планета температурасының көтерілуіне алып келді. Әсіресе, жылу, жарық бере­тін стансалардан, қаладағы кәсіп­орындардан бөлінген көмірқышқыл газы атмосфералық қабатқа өтетін газдың 1/3 бөлігін құрайды. Планетадағы жасыл алқаптар  мен ормандар бұл газдың біраз бөлігін қажетіне жаратқанымен, барлығын жұтуға шамасы жетпейтін болды.

Зиянды газдардың ауаны  бұлайша ластауы Солтүстік Америка  мен Еуропаның дамыған елдерінде және Қиыр Шығыстың индустриясының дамуы қарқын алған елде­рінде көбірек орын алуда. Осындай атмосферадағы антропогендік өзгерістердің Жер шарының жылыну проблемасына алып келетіндігін ресми мойындау 1980-жылдардың соңы мен 1990-жылдардың басында Біріккен Ұлттар Ұйымының Климат өзгеруін зерттейтін үкімет аралық сараптау тобының баяндамаларынан бастау алады. 1992 жылы Рио-де-Жанейро­да өткен Жаһандық орнықты даму саммитінде антропогендік өзгерістерге ұшырамау үшін ауаға бөлінетін газдың мөлшерін тұрақтандыру, климаттық балансты сақтау міндеті қойылды. Бұл конвенцияға 186 ел қосылатындығын білдіріп, ол 1994 жылдан бастап күшіне енді.

Жалпы, климаттың антропогенді өзгеруінің әсері қай деңгейде болуы мүмкін деген сауалға жауап іздеп кө­рейік. Ғалымдар планета­да­ғы климат жылылығы 2 градусқа жо­­ғарылағанның өзінде Жер ша­рында 500 млн. адам ауыз судан тап­шылық көреді, 3 градусқа жы­лығанда 3 млрд. адам ауыртпалық тартады деп есептейді. Себебі, климат өзгеріске ұшыраған сайын тегеурініне шыдас бермейтін қатты дауылдар, топан сулар қаптауы жиі­лей беретін бо­ла­ды. Бұдан, әри­не, бірінші кезекте ауыл шаруа­шы­лығы үлкен зиян ше­гетіндігі ай­қын. Ал ол өз кезегінде азық-түлік тап­шылығына алып келеді. Әлем­дік мұхит деңгейінің өсуінің де қатері аз емес, геогра­фия­лық кар­таның суреті қазіргі уақытқа мүлде ұқсамай, Голландия сияқты елдер мен Нью-Йорк секілді жа­ға­лауға жақын орын тепкен қалалар мен көптеген әсем аралдардың су асты­на кету қаупі бар. Нидерланды, Ұлы­британия сияқты аралдағы мемлекеттер, Кариб бассейніндегі және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы арал мемлекеттер үшін бұл қиын­дық­тың салмағы тым ауыр болмақ.

Киото хаттамасының экономи­калық  негіздемесінің басты тіні етіп англо-америкалық экономист Рональд Коуздың экономикалық жекеменшік құқық теориясы алынған. Коуз теориясына дейін қоршаған ортаның ластануын зерттеушілер онымен күресте мемлекет өндіріс қалдықтарындағы зиянды заттар концентрациясының ең жоғары нормасын және ауаға шығарылатын зиянды заттардың ең жоғары нормасын анықтап, одан асып кеткенде нормативті бұзғаны үшін айыппұл салып, жауапқа тартып отыру қажет деп келді. Ал Коуз және оны жақтаушылар жоғарыда көрсетілген шаралардың жетімсіз болатындығын алға тартты. Олар бек­ітілген нормадан ауытқымаса да қоршаған ортаға зиян келтіретін кәсіпорынның ешкімге жауап бермейтінін, әрі жоғарыдағы нормалар барлық кәсіпорындар үшін бірдей алынғандығын көлденең тарта отырып, мұндай үдерістен пайда жоқ деп санайды. Сондықтан, реттеу шығарылған өнім қоғамға қаншалықты қажет деген критериймен өлшенуі керек дейді. Сол себептен, Коуз дау тудырушы нысан ретінде кәсіпорынның өзін емес, қоршаған ортаға зиян келтіретін кәсіпорынды пайдалану құқығын қарастырады. Мұндай құқық кәсіпорынның кімге тиесілі екеніне қарамастан, келісім мен сату және сатып алу нысанына айналады. Коуз идеясы бойынша, бұл құқық сату-сатып алу актілерін жасау арқылы түптің-түбінде нысанды тиімді пайдаланатынның қолына өтеді.

Коуз көзқарасы қоршаған ортаны ластаумен күрестегі ұстанымдарды түбегейлі өзгертті. Енді, мемлекет, жоғарыда көрсетілгендей, зиянды қалдықтар шығуының нормативін жасаумен шұғылданбайды, тек зиянды заттар шығуының ең жоғары көлемін хаттама негізінде белгілейді, сол көлемде ластауға лицензия беріп, оны аукцион арқылы ең көп ақша төлегеніне сатады. Кейін лицензияға сәйкестік қана қадағаланып отырады. Сонда зиянды қалдықтар мен зиянды заттар концентрациясын бөлу ақылы болып, мемлекеттік аукциондарда лицензияны сатып алушы фирма оны басқаларға өсіріп сатуға да мүмкіндік алады. Осылайша кейбір дамыған елдер атмосфераға зиянды заттар бөлудің ұлттық рыноктарын құра бастады.

Егер мемлекет өзіне тиесілі  квотаны толық жұмсамайтын болса, онда өзінен артылған бөлігін өзге елге сата алады. Бұл ретте көршіміз Ресей өзінің квотасын толық көлемде  жұмсай алмай отыр. Ал біздің елде квотаның мұрты да бұзылмайтындай шамада. Хаттаманың тағы бір маңызы – дамыған елдер мен өтпелі экономикадағы елдер булы газдардың атмосфераға шығарылуын азайтуды бірігіп атқаратын мүмкіндігі бар. Ол қалай жүзеге асады? Мәселен, бір елдің атмосфераны ластау деңгейі төмен де, енді біреуінікі жоғары. Төмен деңгей көрсеткен ел атмосфераға газ шығарудан өзі жинаған бір­ліктерін жаңағы мұқтаж елге беріп, пайдасын көреді.

Киото хаттамасына енудің экономикалық жағынан тиімділігін ұққан Ресей хаттаманы ратификациялады және өз экономикасына жылына 4-6 млрд. доллар көлемінде шетелдік инвестиция тартуды көздеп отыр. Алайда, атмосфераға зиянды заттарды бөлудің алдыңғы легіндегі, барлық зиянды шығарындының 36,1 пайызын алып отырған АҚШ асығар емес. Мұхиттың арғы жағындағы алпауыт елдің хаттаманы ратификацияламауының ресми себебі – Қытай, Үндістан тәрізді ауа ластауда әжеп­тәуір “үлестері” бар дамушы елдердің осы халықаралық құжатты ратификацияламауы. Бұл, екінші жағынан АҚШ-қа тиімді.

Қазақстан және Киото хаттамасы

 

Қазақстан Киото хаттамасының тетіктері арқылы энергия үнемдеуге байланысты үлкен инвестиция тартуға мүмкіндік алады. Нәтижесінде, экономиканың шикізаттық бағыттылығы нысаналы түрде, біртіндеп жоғары технологиялық өндіріс үдерістеріне өзгеретін болады. Цифр тілімен сөйлесек, Қазақстанда жыл сайын ауаны 213 миллион тонна өндіріс қалдықтары ластайды. Ал еліміздегі жоғары булы газдың шығарын­дысының 80 пайыздайы бір ғана энергия секторына тиесілі болып отыр. Жалпы алғанда, біздегі қуат көзін үнемдеу, оның тиімділігін арттыру әлеуеті жоғары. Қазақстан инвестициялық жобаларды іске асыру үшін Киото хаттамасының тетіктерін пайдаланса, инвестициялық жобалар бірнеше есе арзанға түспек. Сондай-ақ елімізде осы жолда озық технологиялар негізінде құрал-жабдықтарды жаңартып, өнім сапасын жоғарылатуға және әлемдік рынокта отандық өнеркәсіптің бәсекелестігін арттыруға болады деген пікірді жақтаушылар көбейді.

Киото хаттамасының елімізде ратификацияланбауы әлемдік деңгейде климаттың өзгеруі бойынша шешім қабылданарда Қазақстанды дауыс беру құқығынан айырып қана қоймай, біздегі барлық экологиялық бастамаларға тосқауыл болып келді. Ал хаттама уақыты шектеулі. Осыны ескергендіктен де болар, соңғы кездері Парламентте хаттаманы ратификациялау бағытындағы жұмыстар қарқынды жүрді. Сөйтіп, құжат Мәжіліс пен Сенатта мақұлданды.

Енді Киото хаттамасын ратификациялау Қазақстанның әлемдегі инвесторлары мен серіктестері арасында оң пікір қалыптастырып, елімізде “Киото үдерісін” дамытуға, тиімді энергия саясатын енгізуге, зиянды заттардың шығарындыларын қысқартуға, сондай-ақ барлық экономикалық саладағы ашықтыққа жетуге оң ықпал етеді. Мұның Бүкіләлемдік сауда ұйымына (БСҰ) кіру кезінде сөзсіз артықшылығы болады. Әрі хаттаманың экономикалық тетіктері толыққанды жұмыс атқарғанда қазақстандық бизнес те жаңа мәртебені иеленеді. Яғни, әлемдік рынокта булы газдар шығарындыларын саудалауда өзгелермен тең құқылы қатысушы болады.

Киото хаттамасын ратификациялау, сондай-ақ Қазақстанға қазіргі заманғы тиімді технологиялар түріндегі 1 млрд. АҚШ доллары­нан астам қаржыны – дамыған, алдыңғы қатарлы елдердің жыл сайынғы инвестицияларын тартуға жол ашпақ. Бұл технологиялар трансферті жабдықтардың тозуы 60 пайызға жеткен және оны жаңғырту көлемді инвестицияларды талап ететін энергетикалық секторға бағытталатын болады. Қазақстанның өндірістік күшін өсірмеу үшін міндетті түрде Кито хаттамасын ратификациялау қажет. Батыстың жырымдап беретін қаржысы уақытша және алдамшы. Экономиканың негізі өнеркәсіп,егер өнеркәсібіміз дамымаса және еліміз біржақты яғни жер қойнауындағы байлықпен ғана дамитын болса,онда экономикамыз басқа елдерге тәуелді болады. Киото хаттамасын тек экологиялық құжат деп қабылдауымыз қате. Бұл халқаралық құқыққа сай, дамушы мемлекеттердің экономикасын/дамуын заңды реттеу құралы. Қорыта айтқанда, Киото хаттамасына қосылу қоршаған ортаны қорғауды басқарудың сапасын көтеріп, индустриялық-инновациялық дамуды жеделдетуге, сондай-ақ тараптар конференцияларына қатысу құқығына ие болу арқылы бүкіл әлемнің энергетикалық саясатына тікелей әсер ететін келіссөздерде еліміздің энергетикалық саясатын қорғауға мүмкіндік береді.

 

 


ҚР Экология құқық негіздері