Қуатты Қазақстанды бірігіп құрайық

«Қуатты Қазақстанды бірігіп құрайық» деген Елбасының сөзі бар. Қазақстанның барлық аудандары, облыстары ғана емес, бүкіл қазақстандықтар бір кісідей біріге қимылдаса алынбайтын қамал жоқ. Президенттің сөзі осыны аңғартса керек. Еліміздің экономикасы, әлеуметтік жағдайы, мәдениеті қалай дамып келе жатқанын, қазіргі жай-күйін білу үшін Статистика агенттігінің том-том цифрлардан тұратын деректерін ақтарып жатудың қажеті шамалы. Ол да керек шығар. Егер шын жағдайды тереңірек түсінгіңіз келсе өзіңіз өмір сүріп жатқан аймақтың тынысына құлақ түріңіз. Елдің экономикасының, әлеуметтік жағдайының, мәдениетінің жүрек соғысын сезесіз. Жергілікті атқарушы биліктің тындырып жатқан тірлігіне қанығасыз. Біз Оңтүстік Қазақстан облысының «қан тамырының соғысын» байқауға ниеттеніп, білегіне саусағымызды салғанда осыны мақсат тұттық. Жақында облыста өткен, өзіміз қатысқан шараларды еске алдық.

ОБЛЫСТЫҢ ЕКІ «КӨЗІРІ»

Облыста жақында индустриялық-инновациялық бағдарламаның аясында бірнеше өндіріс орны іске қосылды Солардың бір шоғыры бұрынғы «Фосфор» зауытының аумағында ашылды. «Фосфор» – Шымкент қаласындағы бұрынғы ең ірі кәсіпорындардың бірі. Бір өзі шағын қала сияқтанатын. Аумағы — 337 гектар. Ұзақ жылдар бойы сары фосфор өндіріп келген. Кеңес одағы қалай тарады, зауыт та жұмысын тоқтатты. Шымкент қаласының тұрғындарын зиянды шаң-тозаңымен, түтінімен аямай ластап келгендіктен ешкім қыңқ еткен жоқ. Тіпті, осы зауытта жұмыс істеп, бала-шағасын асырап жүргендердің өзі зауыттың пайдасынан зияны көп екенін айтып жүрді. Арада көп уақыт өткен жоқ. Оның алып цехтарын, кімдер екенін қайдам, аямай тонады. Вагондарды тізіп қойып тұрып темірлерді түн жамылып артты да жатты. Қытайлықтардың құдайы беріп қалған болуы керек. Не керек,бұрынғы «Фосфордың» сыртқы келбеті соғыс жылдарында жаудың авиациясы аяусыз бомбалаған, одан кейін ауыр артиллериямен ұзақ уақыт бойы атқылаған қалалар сияқты еді. Бірақ зауытқа тартылған жол сақталып қалды. Коммуникацияның барлығы бар.

Шымкент қаласының әкімдігі осы «Фосфор» зауытының бұрынғы аумағын «Индустриялық аймақ» деп жариялады. «Өндіріс орнын ашамын» деп, екі білегін сыбанған кәсіпкерлердің бизнес жоспары дұрыс болса бітті. Осы арадан жер беріле бастады. Енді, міне, сол индустриялық орталықта салынып біткен кәсіпорындар салтанатты жағдайда ашылып жатыр. Бұл Оңтүстік Қазақстан облысының бір «көзірі» дей аламыз.

Біз жақында әлгі орталықта пайдалануға берілген «ҺІLL Corp.» деп аталатын зауытқа ат басын бұрдық. Бұл осы заманғы технологиялармен жұмыс істейтін, мотор майларын, басқа да жанар-жағармайлар шығаратын ірі зауыт. Өнімдерінің сапасы жөнінен Қазақстанда ғана емес, ТМД-да бұл кәсіпорынмен теңесе алатын өндіріс орны жоқ. Бізге жобаның жетекшісі Баходиржан Сайдуллаев мырза жоғары технологиямен шығарылып жатқан зауыт өнімдеріне шет елдерден де тапсырыс түсіп жатқанын айтты.

Зауытта орнатылған испаниялық жабдықтарда үлкен ыдыстарға мотор майлары құйылады. Ал, Чех елінен әкелінген жабдықтарда 4-5 литрлік ыдыстарға май толтырылып жатыр. «Ақылды» машиналар ыдыстарға қашан, қанша май толтырылғанын автоматты түрде жазып қояды. Тіпті, жұмыстың кімнің ауысымында атқарылғанына дейін көрсетеді. Шаруаның барлығын басқару тетіктері арқылы операторлар бақылап отыр.

Инновациялық жобаны іске асыру 2008 жылы басталыпты. Жобаның жалпы құны 3 миллиард 342 миллион теңге. Оның 1 миллиард 337 мың теңгесі кәсіпкерлердің өз қаржысы. Ал қалғаны несиеге алынған қаражат. Құрылыс жұмыстарына 43 адам қатысыпты. Ал зауыт іске қосылған күннен бастап 226 адамға жаңа жұмыс орны ашылған. Сөйтіп, Шымкенттен шыққан жоғары сапалы «Fastroіl» майы тұтынушылардың игілігіне жарап жатыр.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Нұржан Әлтаевтың сөзіне қарағанда, индустриялық аймақ қазір еліміздің индустрияландыру картасынан өзінің орнын алып үлгерді. Ал индустриялық аймақ әкімшілігінің директоры Нұрғали Камардиновтың сөзіне қарағанда, жақында арнайы құрылған кеңесте осында салынатын 10 кәсіпорынның инвестициялық жобаларын қарап, бекітіпті. Олардың арасында темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауыт, құрғақ құрылыс материалдары қоспасын өндіретін кәсіпорын, битум және асфальт, жол құрылысы материалдарын шығаратын өндіріс орны, тағы басқалар бар. Олардың бірқатары алғашқы кезде бұрынғы «Фосфор» зауытының орнында қалған қоқысты шикізат ретінде пайдаланады.

Индустриялық аймақта салынып жатқан әрбір өндіріс орнының тағдыры бақылауға алынған. Кездескен қиындықтарды уақыт өткізбей шешіп беруге жергілікті атқарушы билік ынталылық танытуда. Салынып жатқан өндіріс орнының ғимараты қашан басталып, қашан аяқталатынына дейін белгілі. Кәсіпкердің жұмыс кестесі қалалық кәсіпкерлік және өндіріс басқармасында тұр. Мұндағы кәсіпорындар үшін электр қуаты 25 пайызға арзандатылыпты. Мынадай да жаңалық бар. Индустриялық аймақта тек қана өндіріс орындары емес, кәсіпорындардың өз өнімдерін сататын дүкендері де болады. Мысалы, қала тұрғындары осында келіп, өздері қалаған тұрмыстық заттарын, құрылыс материалдарын, тағы басқаларды зауыттың бағасымен сатып ала алады.

Индустриялдық аймақта тек қана еліміздің кәсіпкерлері жұмыс істемейді. Шет елдіктер де Шымкенттегі индустриялдық аймаққа инвестиция құя бастамақшы. Облыс басшылары жақында халықаралық инвестициялық қорлардың бірімен осы мақсатта келісімшартқа қол қойды. Шетелдіктер еліміздегі бюрократиялық кедергілерге реніш білдіріпті. «Өзге қолбайлау жоқ», – депті. Жалпы, 2010 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында облысқа 729,6 миллион теңге бөлінген. Соның 552 миллион теңгесі индустриялық аймақтағы инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Оңтүстік Қазақстан облысының тағы да бір «көзірі» бар. Ол «Оңтүстік» арнаулы экономикалық аймағы. Бұл жерде де бірнеше жаңадан салынған кәсіпорын пайдалануға тапсырылды. «Оңтүстік» арнаулы экономикалық аймағында орналасқан жаңа кәсіпорынның бірі «Хлопкопром–целлюлоза» ЖШС-нің идеясы бойынша салынып бітіпті. Жобаны «Гигроскопиялық мақта, мақта целлюлозасы мен карбоксилметил целлюлозасы» деп атапты. Оны іске асыру аясында соңғы 1,5 жылдың көлемінде қыруар шаруа тындырылыпты. Жобаның құны 3 млрд. 852 миллион теңгеге жуық, деді мамандар. Кәсіпорында 217 жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпорын директоры Қайнар Бегалыұлы Аббасовтың сөзіне қарағанда, жылына 12 мың 250 тонна өнім шығарылады.

«Оңтүстік» арнаулы экономикалық аймағында ашылған екінші кәсіпорын – «Oxy Textіle» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып біткен зауыт. «Тарақталған және иірілген жіп өндіру» кәсіпорнының цехтары үлкен, әрі биік. Ана шеті мен мына шеті ат шаптырым деуге болады. Бұл – мақта кластері аясында іске қосылған индустриялдық-инновациялық ірі жобалардың бірі. Кәсіпорынды салуға, жабдықтауға 5 миллиард 879,6 миллион теңге жұмсалыпты. Соның 2 млрд. 148,4 млн. теңгесі кәсіпкерлердің өз қаражаты. Ал 3 млрд. 731,2 млн. теңгесі несиеге алыныпты. Жобалық қуатына толық жеткен кезде бұл кәсіпорын жылына 7,5 мың тоннаға дейін жіп шығарады.

«Оңтүстік» арнаулы экономикалық аймағы Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданы аумағында орналасқан. Ол Шымкент қаласымен іргелес. Енді Оңтүстіктің мақтасын өңдеп, мақта талшығынан тоқыма бұйымдарын өндіру жолға қойыла бастады. Оңтүстікте жеңіл өнеркәсіп дамыған сайын мақта шаруашылығымен айналысатын ауыл адамдарының арман-мақсаттары іске аса бастайды. Қазір елге дәл осындай кәсіпорындар керек. Мақта кластерін одан әрі дамыту мақсатында іске қосылған бірнеше кәсіпорын туралы айттық. Олардан тыс, «Ютекс-KZ» АҚ-ы иірілген жіп және дайын мата өндірісін қолға алып жатыр. Аталған кәсіпорындар толық қуатында іске қосылғанда әлі де тек қана мақта кластері бағытында мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады.

«Оңтүстік» арнаулы экономикалық аймағы 2005 жылы мақта кластері мен мата өнеркәсібін дамытуды қолдау үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған болатын. Сол «Оңтүстік» арнаулы экономикалық аймағында пайдалануға беріледі деп жоспарланған үш фабриканың екеуі қазір жұмыс істеп тұр. Үш фабрика жобалық қуатына жеткенде, облыс аумағында өсірілетін мақта шикізаты мен мақта талшықтарының 40 пайызы Оңтүстік Қазақстаннан өңделетін болады.

– Біз аумақтың инфрақұрылымдық құрылысын өзіміздің тарапымыздан толық аяқтадық. Жоғарыда айтылған кәсіпорындарды салумен және іске қосумен қатар қосымша инвестициялар тарту жұмыстарын жүргізудеміз. Атап айтқанда, түріктің танымал «Чалык» холдингімен келіссөздер жүргізілуде. Олар осында фабрика салуға 300 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы салмақшы. Сөйтіп, 2 мыңға тарта жұмыс орындарын ашамыз, – деп отыр. Бұл – алдын ала уағдаластық. Жақында Елбасының тапсырмасымен Оңтүстік Қазақстанның делегациясын басқарып Түркияға барып қайттым. Сонда жоғарыда айтылған уағдаластыққа қол жеткіздік. Бұл нақты ниет, орындауға болатын жоспар. Холдинг кенеп маталарын шығаратын фабрика салуды жоспарлап отыр. Сонда біз Оңтүстік Қазақстанда өндірілетін барлық мақта шикізатының 70 пайызға жуығын өзімізде өңдейтін боламыз, – дейді облыс әкімі Асқар Мырзахметов.

Арнаулы экономикалық аймақта тек қана мақта өңдейтін кәсіпорындар салынбайды. 2006 жылы Үкімет «Оңтүстік» арнаулы экономикалық аймағын мамандандыруды кеңейту жөнінде шешім қабылдаған болатын. Соған сәйкес мұнда мақта кластерін ғана емес, тұтастай алғанда мата өнеркәсібін дамытуға болады. Сондықтан да 2009 жылы облыс басшылығы АЭА-да мамандандыруды кеңейту және фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту және тағам өнімдері өндірісін құру жөнінде шешім қабылдады. Мұның өзі мүмкіндікті кеңейтті. Аймақта экономиканың басқа бағыттарын да дамытып, басқа да кәсіпорындар құру басталып та кетті. Мысалы, жақында жүн өңдейтін зауыт іске қосылды. Оның Соңғы жылдары қойды көбейтуге кірісіп кеткен шаруалар үшін тиімділігі өте зор. Мысалы, қазір Созақ ауданында мал басы Кеңес одағы кезіндегі деңгейге жетті. Бірақ шаруашылықтарға мал өнімдерін өңдеу мен өткізу қиын. Сондықтан өңдеу кәсіпорындарын көбейтуге облыс басшылығы айрықша көңіл бөле бастады. «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы Созақ ауданында ет, сүт өңдейтін кіші зауыттар ашуды ойластыруда. Бірақ, олар да жетпейді.

Ауданда қазір ірі қара мал мен жылқы жеткілікті. Мұнан тыс, 343 мыңнан астам қой мен ешкі, 8 мыңдай түйе бар. Айталық, Амангелді Нұрлаевтың «Қарақалпақ» деп аталатын шаруа қожалығында түйе 500-ге жетіпті. Мыңнан аса қой бар. Олардың негізгі табысы – түйенің еті. Ойсыл қараның қымыранына тапсырыс болса ғана өтеді. Көктемде түйенің, қойдың жүнін қырқыпты.

– Енді сол жүн жиналып тұр. Өткізбеген соң ақша болмайды. Тіпті, биылдан кейін жүнді қырқудың да қажеті жоқ па деп ойлап қоямыз. Қаншама шығындайсың. Сол да өтелмейді, – дейді түйеші Мұхамед Нұрлаев. Тек қана Созақ ауданында жылына 13 мың 800 тоннадай сүт жиналады. Мал бағып отырған шаруа сүтті өткізе алмайтын болған соң, сауа да бермейді. Одан төлі еміп, семіргенін дұрыс көреді. Ал жүнді шірітіп, құрттатып жібермеу үшін өртеп жіберуден басқа амал таппай жүргендер көп.

– Біздің ең бірінші мәселеміз, мал өнімдерін өңдейтін кіші зауыттар ашу болып тұр. Өйтпесек, мал басы өскенімен, одан елге пайда болмайды, – деген еді Шымкенттегі басқосулардың бірінде Созақ ауданының әкімі Созақбай Әбдіқұлов. Әкім дұрыс айтады. Созақ ауылында жеке кәсіпкердің сүт өңдейтін цех ашу үшін салған ғимараты қаңырап бос тұр. Шаруаның жабдықтар сатып алуға қаржысы жетпей тығырыққа тіреліпті. Ал асыл тұқымды қаракөл өсіретін «Құмкент» өндірістік кооперативі өздері елтірі өңдейтін шағын цех ашпақшы. Малшылар асыл тұқымды қаракөл қойларын, негізінен, етке өткізіп жатыр. Елтірісін сатайын десе, өңделмеген тері өте арзан. Шопанның еңбегі ақталмайды. Кооперативте қазір 12 мыңнан аса қаракөл қойы бар.

– Мал шаруашылығынан келетін табысты мардымды деп айта алмаймын. Өз шығынын өзі жапса, бізге сол да жеткілікті. Шаруашылықтың 30 пайызы егіншілік. Табыс сол егіншіліктен келеді, – дейді «Құмкент» өндірістік кооперативінің төрағасы Исатай Тәліпов.

Енді облыстық әкімдіктің ұйытқы болуының нәтижесінде жүнді кәдеге жаратуға мүмкіндік туды. Обал болып жатыр еді. Кейбір шаруалар былтырғы жүнді шикізат күйінде келісін 5 теңгеден сатқанын өз көзімізбен көрген едік. Облыстағы қойлардың дені сапасы жоғары қылшық жүнді.

– Біздің есебіміз бойынша жылдан-жылға облыс шаруалары жүн өндруді көбейте алады. Ал ашылған зауыттың қазіргі мүмкіндігі жылына 3,5 мың тонна жүнді өңдеу. Яғни, кәсіпорын шаруалардың қолындағы жүннің бір бөлігін ғана өңдей алады. Соның өзінде бұл оң бастама болды. Қазір зауыт биязы жүнді шаруалардан шикізат түрінде келісін 200 теңгеден сатып алып жатыр. Оны жуып сатқан кезде құны 600 теңгеден кем болмайды, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов.

Қазақ үшін қажетті кәсіпорынды іске қосуға қаржыны «Максимум» аймақтық-инвестициялық орталығы бөліпті. 100 миллион теңгеге инфрақұрылым ретке келтіріліпті, құрал-жабдықтар сатып алыныпты.

– Жүн жуатын цехтың қуаттылығын арттыру қажет. Тағы бір цех орнату керек. Түбіт шығаратын цехқа тағы да 40 шақты құрал-жабдық қосқан дұрыс болады, – деді «Максимум» аймақтық-инвестициялық орталығының бас директоры Мәлік Шыныбаев.

Зауыт басшылығы келешекте жүнді жуып қана қоймай оны түтіп, содан әртүрлі мата шығармақшы, көрпе тікпекші, киіз басуды да байқап көрмекші. Осы шаруаларды атқаруға қажетті жабдықтарды да түгендей бастапты. Өнімді экспорттау жөнінде шетелдік әріптестерімен келісім жасап жатқандары белгілі болды.

– Биязы жүнді Қытайға жібереміз. Олар бізге алдын ала миллион теңге төлеп қойды. Ал қара жүнді Россияға жібереміз. Осы екі елдегі әріптестерімізбен әрқайсысына 2 мың тоннадан жүн жөнелтуге «контракті» жасап қойғанбыз, – деді зауыттың бас директоры Шағанбек Қанжарбайұлы.

 

Зауытта қазірдің өзінде 150 адам еңбек ете бастапты. Ал ол толық қуатымен іске қосылғанда 200-ден аса маман жұмыспен қамтылмақшы.

Оңтүстік Қазақстан облысында биылғы жылдың басынан бері іске асырылған инвестициялық жобалардың саны қазір 10-ға жуық. Осынша зауыт салынып бітті. Сөйтіп, облыстың өндірістік қуаты бірте-бірте артып келеді. Мына мәселеге назар аудармау мүмкін емес. Басты бағыт – шикізатты өңдеу арқылы тұтынушыға дайын өнім жеткізу. Жоғарыда аталған жобаларды іске асыру мақсатында облыста 21,6 млрд. теңге инвестиция тартылды. Сөйтіп, 1386 жаңа жұмыс орындары ашылды.

– Биылғы жылдың екінші жарты жылдығында тағы да жеті инновациялық-инвестициялық жоба іске қосылмақшы, – деді бізге облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшылары.

– Тұтастай алғанда, жеделдете индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы ауқымында облыста ағымдағы жылы 23 жобаны іске асырамыз деп жоспарлап отырмыз. Оның 8-і қазірдің өзінде пайдалануға берілді. Үшеуін жоғарыда атадық. Жыл аяғына дейін кестеге сәйкес тағы 12 жоба іске қосылады. Осы 23 жоба орындалған кезде 3 мың 784 жаңа жұмыс орны ашылмақшы, – дейді облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов.

БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ЭКОНОМИКА

Елбасымыз «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында атап көрсеткеніндей, еліміздің алдағы онжылдықтағы жаңа дамуы экономиканы жедел әртараптандыру және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы қамтамасыз етіледі. Елдің қуатын еселеп арттыруға бағытталған міндеттер облыс кәсіпкерлерін де жігерлендірді. Алдағы уақытта облыста индустрияландыру және инфрақұрылымды дамыту есебінен экономиканың тұрақты өсуіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін нақты міндеттер қойылды. Оған жетудің жолдары да анықталды. Сөйтіп, нақты бағдарламалар ұсынылды. Оңтүстік Қазақстан облысында да Президент Жолдауын жүзеге асыру мақсатында, іс-шара жоспары әзірленіп, бекітілді. Қазір облыста алға қойылған міндеттерді орындауға бағытталған нақты, кешенді жұмыстар жүргізілуде. Тоқтап тұрған кәсіпорындар іске қосылуда. Жұмыс істеп тұрғандарында өндіріс кеңеюде. Облыстың ондаған ірі және орта кәсіпорындарында мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылды. Оның ішінде индустриялық – инновациялық даму бағдарламасы аясында жалпы құны миллиардтаған теңге тұратын инвестициялық жобалар іске қосылды. Сөйтіп, жаңадан бірнеше мың жұмыс орны пайда болды.

2009-2011 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында облыстағы 500 кәсіпорынның өндірістік және экономикалық жағдайларына талдау жасалды. 35 проблемалық кәсіпорын анықталды. Солардың 22-де жұмыс тұрақтандырылды. Облыстағы барлық кәсіпорындардың каталогы әзірленді. Өнімнің қазақстандық мазмұнының үлесін арттыру мақсатында отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетілуде. Кентау қаласындағы эксковатор және трансформатор зауыттарына ауылшаруашылығында суармалы жерлерге каналдар қазуға және облыс тұрғындарына тұрмысқа қажетті бұйымдар әзірлеуге арнайы мемлекеттік тапсырыстар берілді. Алдағы уақытта мұндай тапсырыстардың көлемін ұлғайту көзделуде.

Облыста «логистикалық орталық» деген сөз жиі естілетін болды.

Шымкент қаласында жалпы аумағы 72 гектар жерде сауда-логистикалық орталығын құру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл өз кезегінде қазіргі уақыт талабына сай келетін транспорттық-логистикалық орталық құруға, экспорттың артуына, мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Аталған орталықта бірінші кезекте қоймалар, сауда павильондары орналасады. Осы орталықта 4100 адам жұмыс істейді деп жоспарланып отыр.

ӘРТАРАПТАНДЫРУДЫҢ ӨЗЕГІ – КӘСІПКЕРЛІК

«Әртараптандырудың өзегі кәсіпкерлік болады» деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. «Бизнестің жол картасы – 2020» деп аталатын жаңа бағдарлама бойынша облыста кәсіпкерлікті дамыта отырып, тұрақты жұмыс орындарын құру көзделуде. Мақсат айқын. Ол – әрбір азамат жеке кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік алуға тиісті. Сөйтіп, жұмыссыздықты азайту, елдің тұрмысын жақсарту. «Кәсіпкерлікті барынша ынталандырып, қолдау көрсету түбі үлкен табысқа әкелетіндігі сөзсіз», – дейді облыс басшылығы.

Облыс басшылары төмен пайыздық өсіммен шаруаларға несие берудің жолын тапты. «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Қазірдің өзінде-ақ Оңтүстік Қазақстанның осы тәжірибесін үйренуге өзге облыстардың өкілдері келіп жатыр. «Максимумның» мақсаты – инвестициялық жобаларды қаржыландыру. Ол былтырдан бері облыс әкімдігінің қаржы операторы міндетін атқарып келеді. Шаруаларды несиелендіруді жеңілдетуді көздеген облыстық әкімдік екінші деңгейдегі банктерге тәуелділіктен құтылды. Шынында да «Максимумның» өзге қаржы операторларынан айырмашылығы көп. Ол ауылдық жерде орналасқан жылжымайтын мүліктерді де кепілге қабылдайды. Несие жеңілдетілген жағдайда, жылына 7-9,5 пайыз өсіммен беріледі. Комиссиялық төлемдер алынбайды. Несие алушының өмірін сақтандыру талап етілмейді. Несие алу үшін қажетті құжаттардың ықшамдалған тізімі бар. Қысқасы, ауыл кәсіпкерлері үшін тиімді жағдайлар жасалған. Әрбір ауданда аймақтық менеджерлер жұмыс істейді. 2009 жылдың мамыр айынан бастап осы күнге дейін «Максимумда» жалпы сомасы 4,6 млрд. теңгені құрайтын 1 621 жоба мақұлданды. Солардың 98,8 пайызы ауылдағы кәсіпкерлердің жобалары. Берілген несиелердің қайтарымы 95 пайыздан астам болып тұр. 2010 жылы «Максимум» жалпы сомасы 772,7 млн. теңгені құрайтын 13 жобаны мақұлдап, қаржыландыра бастады. Соның нәтижесінде қазірдің өзінде бірнеше мың адамға жаңа жұмыс орындары ашылды. Ірі қара мал 2500 басқа, ет өндіру 361, ет өңдеу 264, сүт өндіру 2490, сүт өңдеу 2071, жеміс, көкөніс өнімдерін өңдеу 15600 тоннаға артты. «Ырыс» деп аталатын «Максимумның» еншілес мекемесі 2009 жылы 999,8 млн. теңгенің 548 жобасын мақұлдады. «Максимум» 2010 жылы 2,1 млрд. теңгенің 51 жобасын қарап, оң қорытынды жасады. Ең көп тұтынылатын азық-түліктердің бағасын төмендету мақсатында Шымкент қаласында 13 әлеуметтік дүкен салынып, іске қосылды. «Максимуммен» еншілес «Агроконцерн» ЖШС-і аудандардың игерілмеген арнайы жер қорынан жалға 1408 гектар жер алды. Сөйтіп, жаңа технологиямен егін сала бастады. Биыл пияз, қызанақ, сәбіз, тағы басқан сан алуан көкөніс, басқа да ауылшаруашылығы дақылдары егіліп, жиналып, халыққа сатылып жатыр.

Биылғы жылы облыста 220 мың гектардан астам жерге астық егілген. Астық орағы аяқталып келе жатыр. Үстіміздегі жылы 340-350 мың тонна аралығында дән бастырамыз деп отыр ауылшаруашылығы басқармасындағылар. Ауыспалы егіс тәсілін сақтап, жердің құнарлылығын арттыру мақсатында мақта егілетін алқаптың көлемі 3,7 мың гектарға азайды. Ол жерлерге дәндік және мал азығындық дақылдар егілді. Майлы дақылдар да биыл өткен жылғымен салыстырғанда 22,6 мың гектарға артық егілді. Мақсары егілген алқап 87,4 гектарға жетті. 10,1 мың гектарға күнбағыс егілді. Облыс диқандары биыл 25,8 мың гектарға көкөніс екті. Бұл да былтырғыдан көп. Қазір Оңтүстік Қазақстанда өсірілген көкөністер бүкіл республика тұрғындарына сатылып жатыр. Өнім мол.

МОЛШЫЛЫҚҚА ЖЕТУДІҢ ЖОЛЫ

Облыста мал шаруашылығын дамытуға деген ұмтылыс жақсы. Былтыр ет, сүт, жұмыртқа және жүн өндіру алдыңғы жылғымен салыстырғанда 2-4 пайызға өсті. Сөйтіп, ет 154,6, ал сиыр сүті 607 мың тоннаға, жұмыртқа 247 миллион данаға жетті, 6,7 мың тонна жүн өндірілді, мал мен құс саны 3-5 пайызға артты. Қазір баяғы ұжымшарлар мен кеңшарлар жоқ. Өндірілген мал өнімдерінің басым көпшілігі жеке қожалықтардың үлесінде. Былтыр сүттің 3, ал еттің 5 пайызын ғана ауылшаруашылығы кәсіпорындары мен шаруа (фермер) қожалықтары өндірді, қалған 95-97 пайызы жеке азаматтардың шаруашылықтарының үлесінде.

Оңтүстік Қазақстан облысында қазір 749 мың ірі қара, 3 млн. 786 қой мен ешкі, жылқы 151,8, түйе 17, шошқа 34,7 мың, ал құс саны 2 млн 282 мыңға жетті. Облыста мал мен құстың өнімділігі артып келеді. Әрбір сиырдан сауылған сүт орташа 2088 килограмға жетті. Мақтарал, Сайрам, Түлкібас аудандарында бұл көрсеткіш 2284-2555 келі. Әсіресе, Шымкент қаласының төңірегінде сүт өнімдерін молайту үшін қыруар жұмыстар атқарылуда.Мал шаруашылығы өнімдерінің көбейе бастауы, негізінен, асыл тұқымды мал шаруашылығын ұйымдастырудың нәтижесі. Қазір облыста 155 асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылық бар. Олардың 17-сі ірі қара, 78-і қой, 35-і жылқы, 15-і түйе, 9-ы шошқа және бір асыл тұқымды шаруашылық құс өсірумен айналысады. Осы асыл тұқымды шаруашылықтарда 5626 бас ірі қара, 317,6 мың қой, 11 мың жылқы, 4,3 мың түйе, 8 мың бас шошқа өсірілуде. Бұл жалпы ірі қараның – 0,6, қойдың – 7, жылқының – 6, түйенің – 22, шошқаның 27 пайызы. Рас, қазірше облыстағы асыл тұқымды малдың үлестік салмағы республикадағы орташа көрсеткіштен төмендеу. Әсіресе, ірі қара мал аз. Республикада асыл тұқымды ірі қараның үлесі жалпы мал басының 5,2 пайызындай. «Мал табынын қалыпына келтіру үшін асыл тұқымды малдың үлестік салмағы 20 пайыздан кем болмауы керек», – дейді облыстық ауылшаруашылығы басқармасының мамандары.

Қазақ мал ұстауға бейім. Бұл облыс ауылшаруашылығының негізгі салаларының бірі. Облыс халқының тұрмыстық әл-ауқатының өсуіне және облыс экономикасының өркендеуіне мал шаруашылығының әсері аз емес. Сондықтан мал шаруашылығын дамыту, оның ішінде асыл тұқымды мал басын көбейтуді жолға қою туралы облыстық әкімдіктің алқа мәжілістерінде аз әңгіме болып жүрген жоқ. Белгіленген межелер мен оларды іске асыру үшін атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес.

Әрбір аймаққа бейімделген мал тұқымдарын көбейтуді жолға қоюға талпыныс жасалуда. Асыл тұқымды шаруашылықтарда ірі қара малдың – әулиеата, қара-ала тұқымдары көбейіп келеді. Қой шаруашылығында бұл маңызды жұмыс үш бағытта жүргізілуде. Биязы жүнді Оңтүстік қазақ мериносы, қаракөлдің қара және сұр түрлері және қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы арта түсуде. Жылқыдан – қазақтың жабы, ахалтеке және Қостанай жылқысын көбейтуге талпыныс бар. Түйеден – аруана және ет бағытындағы қос өркешті, шошқаның – ірі ақ тұқымы, ал құстан – Роданит тұқымы өсірілуде.

Бұрынғы жылдары асыл тұқымды биязы жүнді қойын, негізінен, Бәйдібек, Қазығұрт, Төлеби, Ордабасы, Түлкібас аудандарының шаруашылықтары өсіреді екен. Қазір шамалы ғана биязы жүнді қойы бар Қазығұрт ауданын айтпағанда, жоғарыда аталған басқа аудандарда аталған қой тұқымы мүлдем азайып кеткені жасырын емес. Сондай-ақ бұрын асыл тұқымды таза қанды, жартылай таза қанды, орыс желісті жылқыларын өсірген Қазығұрт, Сайрам, Сарыағаш,Төлеби, Түлкібас аудандарында қазір жылқының жоғарыда аталған тұқымын өсірумен бірде-бір шаруашылық айналыспайды.

Облыс көлемінде асыл тұқымды қаракөл қой шаруашылығы саласында да күрделі жағдай қалыптасып отыр. Атап айтқанда мал басының кемуіне, жоғары өнімді зауыттық типтердің гендік қорының жоғалуына және өте бағалы елтірі түрлерінің сиреуіне әкеліп соғып отыр.

Аталған олқылықтардың орнын толтыру үшін облыста не істеліп жатыр?

– Бүгінгі таңда облысымызда асыл тұқымды малды көбейтіп, оның өнімділігін арттыру үшін жұмысты, негізінен, 3 бағытта жүргізу көзделуде. Біріншіден, асыл тұқымды мал шаруашылықтары зоотехникалық есеп-қисапты және селекциялық жұмыстарды өз дәрежесінде жүргізе отырып сұрыптап, іріктеу арқылы малды өз төлі есебінен көбейту. Екіншіден, басқа аймақтардан Оңтүстіктің табиғатына төзімді асыл тұқымды малды сатып алу арқылы көбейту. Үшіншіден, жаппай жекешелендіру үдерістері кезінде жеке қожалықтарға бөлініп кеткен асыл тұқымды малдарды топтастырып, құжаттарын қалпына келтіру арқылы оларды ассоциацияларға, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге біріктіру, – дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов.

Облыс агроқұрылымдарында мал басының 95-98 пайызы шаруа және жеке қожалықтарда топтасқан. Сондықтан, малды асылдандыру жұмысын дамытудың негізгі жолдарының бірі малды қолдан ұрықтандыру, дейді ауылшаруашылығының шенеуніктері. Өткен жылы облыстағы аудандар мен қалаларда мал басын қолдан ұрықтандыру жұмыстарын жақсарту мақсатында жергілікті бюджеттен 20 миллион 500 мың теңге қаржы бөлініпті. Осы қаржыға 40 мың бас сиыр қолдан ұрықтандырылғаны белгілі. Осындай жұмыстардың нәтижесінде 2010 жылы әрбір сауын сиырдан сауылатын сүтті 3000 келіге жеткізу көзделіп отыр.

2011 жылдың соңына дейін облыста тағы да 55 сүт фермасын ұйымдастырмақшы, 220 малды қолдан ұрықтандыру бекеттері жұмыс істей бастамақшы.

– Жақын жылдары асыл тұқымды 80 қой, 45 жылқы, 22 түйе шаруашылығы ұйымдастырылады. 80 мал бордақылайтын алаң салынады. 29 мал соятын арнайы орын ашылады. Мемлекеттік қолдау көрсету арқылы мал тұқымын асылдандырып алсақ, алдағы 1-2 жылда облыс халқы мал өнімдерімен өзін-өзі толық қамтамасыз ететін дәрежеге жетіп қалады, –деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов.

Облыс тұрғындары шамамен жыл сайын 108 мың тонна ет, 692 мың тонна сүт, 365 млн. дана жұмыртқа жейді екен. Қазір оңтүстікқазақстандық шаруалар етті қажеттіліктен едәуір көп өндіреді. Ал сүт пен жұмыртқа мәселелері бойынша межедегі көрсеткіштерге жетуге жақындап қалды.

ЖАҢАША КӨЗҚАРАС

Соңғы жылдары облыста тағлымы мол тарихи ескерткіштердің біразы қайтадан жөнделді. Қаланың кең көшелерінің біріне Тұрар Рысқұловтың ескерткіші бой көтерді. Ұлы Отан соғысына облыстың әскери комиссариаттарынан шақырылып, қан майданға барған 140 мыңнан астам адамның есімдері мәрмәр тасқа ойып жазылып, оларды мәңгі есте сақтаудың амалдары қарастырылды. Шымкенттегі Абай атындағы саябақта Даңқ аллеясы тұрғызылды. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би көшелері қосылатын Ордабасы алаңында зәулім Тәуелсіздіқ монументі ашылды. Жастар арасындағы жұмысты одан әрі жақсарта түсуге бағытталған маңызды қадам жасалды. Облыс орталығындағы екі қабатты ғимаратты «Жастар үйі» деп атады. Қазір жастар ұйымдарының барлығы сонда жиналып, жұмыс істеуге көшті.

 

Шымкент қаласындағы Абай атындағы саябақта бұрын «Жастар» деп аталатын тойхана бар еді. Облыс, қала басшылары әлгі ғимараттың иесіне қолқа салды. Ел демалатын жерде тойхананың тұрғаны ақылға қонбайтын еді. Сондықтан кәсіпкер тойханасын әлеуметтік жауапкершілік аясында коммуналдық меншікке өткізді. Ғимарат бюджет қаражаты есебінен жоғары талап деңгейінде қайта жөндеуден өткізіліп, көркем сурет галлереясы болып ашылды.Ұлы сазгер Шәмші ағамызға арналып, Шымкенттің төрінде «Шәмші әлемі» деп аталатын керемет кешен тұрғызылды. «Шәмші әлемі» төбесі жабық ғимарат емес. Ана шеті мен мына шеті ат шаптырым саябақ. Ұлы сазгерге арналған саябақтың ортасында Шәмші Қалдаяқовқа арналған биік ескерткіш тұр. Мүсіннің қарсы алдында Оңтүстік Қазақстан облысынан шыққан сазгерлер мен әнші-күйшілердің есімдері тасқа қашалып жазылған аллея барі.

Шымкенттегі облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Шәмші әлемі» көрме-экспозициясы ашылды. Көрмеде ән өмірінде жарық жұлдыздай сәуле шашып, айрықша із қалдырған, күллі қазақ халқының мақтанышына айналған Шәмші Қалдаяқұлының өмірі мен шығармашылығы көрсетілген. «Шәмші әлемінде» «Арыс жағасында» атты Шәмші әндерінің ретро фестивалі өтті. Аталған тарихи және мәдени ескерткіштердің барлығы, негізінен, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында атқарылды.


Қуатты Қазақстанды бірігіп құрайық