ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еуразияшылдық тұжырымдамасы

 

ҚР  Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еуразияшылдық  тұжырымдамасы.

 

Әлемнің жаһандану  үдерісінде Еуразиялық тұтастықтың  қажеттігі, осы кеңістікте интеграциялық  үрдістердің өмірлік маңыздылығы, ортақ бірлестіктің қағидаттары  мен бағдарламасы туралы идеяны мемлекет президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде мәлімдеген еді. Сол сәттен бері, өз дамуын алған бұл еуразияшылдық идея түрлі идеологтар, саясаткерлер, сарапшылар тарапынан қолдау тауып, қазір өмірге белсене еніп келеді. Әрине, мұндай озық идея «қайдан пайда болды, «еуразияшылдық ағымның» шығуы, даму тарихы қайда жатыр?», осы мәселеге алдымен, тоқталған жөн.

Жалпы, кез келген серпінді идеяның шығу тегін тарихи тұрғыдан қарастырсақ, өзінің даму кезеңдерін қамтиды. Еуразияшылдық идея алғаш рет ХХ ғасырдың бірінші жартысында Еуропада қуғында жүрген орыс эмигранттарының арасында туған екен. Бұл дегеніміз, бұрынғы ақыл-ойдағы идеологиялық құндылықтардың өзгеріп, жаңа көзқарастың пайда болуымен байланысты туған ерекше идеялардың бірі болды деген сөз. 1921 жылы Еуропада жарық көрген орыстың еуразияшыл философтарының осы бағыттағы пікірлерін жинақтаған «Шығысқа шығу» атты еңбектің алғы сөзінде «Бұл мақалалар дүниетанудың апатты өзгерісі кезеңінде туған дүниелер. Болған және алдағы уақытта болатын өзгерістерден біз саяси, әлеуметтік-экономикалық дағдарыстарды ғана емес, дүниетану көзқарасында да терең өзгерістер болатынын болжап отырмыз», делінген.[1]

Демек, мұнда еуразияшылдық идеясының екі кезеңі бар. Біріншісі, 1920-жылдары Н.С.Трубецкой, П.Н.Савицкий, Г.В.Вернадский дамытқан философиялық ой-пікірлер жүйесі болса, екінші кезеңін – 1990 жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразияшылдық доктринасын теориядан шынайы болмысқа ұластыруға талпынған ерік-жігерімен байланыстыруға болады. Олай болса, ресейлік «ескі еуразияшылдық» пен қазақстандық «жаңа еуразияшылдықтың» айырмашылығын ажыратып алайық. Біріншіден, еуразияшылдық Ресей үшін тарихи тұжырымдама болып қалды. Ал Қазақстан үшін өмірлік қажеттілік. Екіншіден, ресейлік еуразияшылдық Батысқа қарсы тұрушылықпен ерекшеленді. Ал қазақстандық еуразияшылдық Батыстан алыстауға емес, керісінше, мемлекетаралық деңгейде неғұрлым терең қарым-қатынас орнатуға зор мән беріледі. Қазақстанның 2008 жылы қабылдаған «Еуропаға жол» бағдарламасы осының айғағы болып табылады. Үшіншіден, Назарбаевтың еуразиялық доктринасы орыстардікіндей тар ауқымдағы идеологиялық сызба емес, кең ауқымдағы халықаралық және өркениетаралық байланыстар әдісі, ашық түрдегі өркениеттік карта болып табылады.  
Ендеше, Көшбасшымыздың Еуразиялық идеясын неоеуразияшылдық емес, жаңа қазақстандық еуразияшылдық деп атауымызға әбден негіз бар.

Еуразиялық одақ идеясының тарихи, этно-мәдени және әлеуметтік-экономикалық алғышарттары бар. Белгілі тарихшы Лев Гумилев атап өткендей: «ішкі Еуразия халқы славян-тұрандық қауымдастығымен көзге түседі, яғни қауымдастық жай этникалық қана емес, суперэтностық мәнге ие» орасан зор кеңістік болып табылады. Онда батыс еуропалық, славяндық, түркілік этномәдени құндылықтарды топтастырған әр алуандылық байқалады.[2]

Нұрсұлтан Әбішұлы философ болмаса да, өзінің сезімтал қасиетімен осы идеяның өміршеңдігіне көзі жеткендігін көрсетеді. Сондықтан да ол осы идеяны іске асырудың артықшылығын көре білді және ол ақыл-ой жүйесінде ғана емес, нақты өмірде экономикалық интеграция түрінде қажеттілігін дәлелдеді. Сөйтіп, озық идеяны өмірде іске асыру бағытындағы жаңа көзқарастармен байытты. Біртұтас экономикалық шынжыр түрінде қалыптасқан кеңестік экономиканың қалпына келіп, қайта жұмыс істеуі мүмкін болмаған жағдайда жаңа интеграциялық құрылым қажеттілігі ауадай қажет еді. Осы құрылымды Президент еуразиялық қауымдастық болуы керек деп үлкен көрегендікпен атаған. Бірақ тәуелсіз ел атанған көптеген ТМД елдері лидерлерінің бұл идеяны қабылдауға саяси қарымы мен ерік-жігері жетпеді. Ал өзінің көрегенділігін танытқан Нұрсұлтан Назарбаев идеяның өміршеңдігін байқатты. Нұрсұлтан Әбішұлы философияда «еуразияшылдық ағым» деп аталған осы идеяны жақтаушылардың еңбегімен де жақсы таныс болса керек. Себебі, Ресей қол астындағы халықтардың тарихын орыс тарихының тар шеңберінде ғана емес, жалпы еуразиялық өркениет ауқымында қарастыру қажеттігін ұсынған П.Савицкий, Г.Флоровский, Н.Трубецкой, Г.Вернадский және басқалардың еңбегін жалғастырушы, «соңғы еуразияшыл» атанған Л.Н.Гумилевті ол жоғары бағалайтынын көруге болады. 30-шы жылдардың ортасында КСРО-да бұл ағым ғылыми айналыстан күшпен шығарылып, оны жақтаушылар айыпталғаны белгілі. Оларды ардақтау тұңғыш рет Қазақстанда ғана қолға алынды. Астанадағы Еуразия университетіне Л.Н.Гумилевтің есімінің берілуі де соның көрінісі деп білеміз.

2006 жылдың 26 мамырында Л.Н. Гумилев  атындағы ЕҰУ-де «Экономика біліміне  инновация және ғылым арқылы»  атты өзінің дәрісінде Елбасы  Н.Ә. Назарбаев былай деді: «Еуразиялық идея теория секілді өткен ғасырда туды. Бірақ, еуразиялық идея тәжірибе жүзінде осы ғасырда жүзеге асады. Еуразияшылдық – ХХ ғасырдың басты идеялардың бірі. Мұны өздеріңіз түсініп, көретін боласыздар. Еуразиялық идеяның Қазақстан инициативасы негізінде орындалған үш басты көрінісі – ЕурАзЭҚ, АӨСШК және ШЫҰ. Және бұл үш ұйым мызғымас Орталық, Біріккен Еуразиялық Идеяның тәжірибелік келбеті»[4,218]

Еуразияның төрінде орналасқан Қазақстан қауіпсіздік және жоғарғы  дәрежеде интеграция мақсатында жаңа көпполярлы әлемдік саяси жүйені құруда үлкен рөл атқарып келеді. Бұл жөнінде Елбасымыз былай дейді: «Қазақстан – орталық Азияда еуропалық және азиялық халықтардың тамыры ұштасатын айрықша мемлекет. Әр түрлі мәдениет пен дәстүр бізге Батыс пен Шығаыстың үлкен жетістіктерін бойымызға сіңіруге мүмкіндік береді... біз, Қазақстан, еуропалық және азиялық аймақтық халықаралық ұйымдардың мүшесі бола отырып, өзіміздің геосаяси жағдайымызды ескеріп, қауіпсіздікті нығайту орталығы болуға дайынбыз»[3,9].

Батыс пен Шығысты жалғайтын  көпір болатын Қазақстан Президенті 2008 жылы 17-ші ЕЫҚҰ Парламенттік ассамблеяның жылдық сессиясында мынадай көзқарас танытқан болатын: «Еуропа және Азия – шырмалаң көптеген тарихи, экономикалық байланысы бар біріккен субконтинент. Бар күш-жігерімізді үлестірмей, қазіргі жаһандық мәселелерге, қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмаймыз».[5]

Сондай-ақ, Елбасымыз алға тартқан  идеяны бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қолдауымыз керек. Идея жоғары деңгейде ғана болмай, халықтың қайнаған ортасын баурағанда ғана өміршең болады. Сол себепті, алдымен біз бұл идеяның өміршеңдігіне көз жеткізіп, идеяны іске асырып, дамытуда әрбір қазақстандық үлес қосуы тиіс.

Еуразиялық одақты бұрынғы КСРО-ға қайта оралу емес, интеграциялық қайта жаңғыру деп түсінген жөн. Өйткені, Еуразиялық одаққа бастар жол – Кеден одағын қарастырсақ, қазіргі еларалық достық тікелей ақшаға байланысты. Бұл жерде қаржы белгілі бір саяси шешімге қатысты бөлінейін деп жатқан жоқ. Мұнда тараптар келісімді түрде қаржы бөліп, дивидендтерін алып отырады. Қазақстан, Ресей, Беларусь – бәрі тең, дербес мемлекет болғандықтан, әр мемлекет өз мүддесіне қарай шешім қабылдайды. Бұл бір ғана елдің саяси идеясы емес. Мұндағы салық заңдары, кеден заңдары арқылы кәсіпкерлердің өздерін өте жайлы сезінуіне, өндірісін дамытуына, салығын лайықты түрде төлеуіне жағдай жасалады. Қазір осы қағида жүзеге асырылып жатыр. Бірақ, бұл Кеден одақта үлкен мәселе туғызатын Кеден кодексін айтуға болады. Сондықтан, кодексті қайта қарау керек секілді. Әзірге Кеден одағындағы іс-әрекеттер кеден саласындағы процедураларды жеңілдетуге бағытталмаған. Ендігі жерде сол түрлі заңдарды реформалау қажеттігі туындап отыр. Мәселен, еңбек құқығын жақындастыру керек. Бұл ретте айтарлықтай айырмашылықтарымыз бар. Салық жүйесінде де біркелкілік болғаны жөн. Әрине, қазір саяси еркіндік бар. Әр ел өз қөзқарасын білдіру керек, білдіріп те жатыр. Сол себепті, осы мәселені терең ойланып, экономикалық тұрғыдан толық талдап, жасау қажет.

Жалпы, жаңа Кедендік Одақ құрылғаннан  бері, макроэкономикалық тиімділігін байқауға болады. Кедендік Одақ қатысушы-мемлекеттер үшін айтарлықтай, оң пайдасын беруде. Шетел инвестицияларын тарту, ұлттық ЖІӨ өсуі, өнімнің өзіндік құнын төмендету және басқа да көптеген шешуші көрсеткіштер бойынша оң динамиканың неғұрлым нақты цифрларын беріп жатыр. Үш мемлекеттің экономикалық субъектілерінің бірегейлендірілген кедендік тарифтер мен импорттық баж салықтарына бейімделу кезеңіне байланысты белгілі бір қиындықтар туындады. Ұлттық кедендік әкімшіліктер арасында жекелеген сәйкессіздіктер бар, олар Кеден одағы комиссиясының тәсілді жұмыстары арқылы жойылып келеді. Кеден одағы қазақстандық өндірісшілер үшін өткізу нарығының шекарасын Бресттен Владивостокқа дейін кеңейтті. 2011 жылы біздің экспорт Ресейге 60 пайызға, ал Беларусь мемлекетіне 2,3 еседен астамға өсті. Біртұтас кеден аумағы ішінде шетел валютасын алып жүруге қойылған шектеулер алынып тасталды. Бұл Ресей мен Беларусь мемлекетінің тауар өндірушілері үшін жасалды. Осылардың бәрі, байқағанымыздай, барлық қазақстандықтар, ресейліктер және беларусьтер үшін нақты тиімділіктер.

Біздің елдеріміздің азаматтарының  кедергісіз өтуі үшін бірлескен шекараларымыз  мөлдір болып келеді. Қазақстанның, Ресейдің және Беларусьтің Кеден  одағы - бүкіл ТМД кеңістігіндегі шынымен де ерікті және тең құқықты интеграцияның бірінші формасы. Бұл тарихта алғаш рет біздің елдеріміздің халықтарын өзара сыйластық, ұлттық болмысты сақтау және ортақ болашақтың бөлінбестігін түйсіну негізінде жақындастырады. Кеден одағының біртіндеп Біртұтас экономикалық кеңістікке, ал уақыт өте келе, Еуразиялық экономикалық одаққа  ауысуы біздің халықтарымыздың өркендеуі үшін қуатты ынталандырушы күшке айналып, біздің елдерімізді кең ауқымды әлемдегі жетекші позицияларға алып шығады.

Еуразиялық идея теориядан шынайы практикалық кезеңге өту үдерісінде. Негізі, идея ұсынғаннан бері, Президенттің белсенді қатысуымен болған идеяның жүзеге аса бастауында бес қадамды ерекшелеуге болады: Бірінші қадам, 1994 жылы Мәскеуде ТМД қатысушыларына Еуразиялық одақ құру туралы бастама көтеруі; екінші қадам, 1995 жылы Қазақстан, Ресей, Беларусь президенттері Кедендік одақ құру туралы келісімге қол қоюы, кейінірек Қырғызстан мен Тәжікстанның қосылуы; үшінші қадам, 2000 жылы Бішкекте Кедендік одаққа кіретін Қазақстан, Ресей, Белоруссия, Қырғызстан, Тәжікстанның мемлекетаралық кеңесінде жаңа халықаралық ұйым – Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың құрылуы; төртінші қадам, 2002 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттері Орталық азиялық ынтымақтастық ұйымын құру туралы келісімге қол қоюы; бесінші қадам, 2003 жылы Мәскеуде Қазақстан, Беларусь, Ресей, Украина президенттері бірыңғай экономикалық кеңістік құру туралы келісімге қол қоюы.

Қазақстанның, Беларусьтің  және Ресейдің Кеден одағы Еуразиялық экономикалық қауымдастықтан қисынды түрде өсіп шықты. Оның 2000 жылы бес ел – Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан пішінінде құрылуы еуразиялық интеграция тәжірибесіндегі бетбұрысты сәт болды. ЕурАзЭҚ шеңберінде интеграциялық үдерістің түрлі өлшемдері бойынша тетіктердің тармақталған құрылымы қалыптасты. Оның үстіне олар тек мемлекетаралық деңгейде ғана емес, сонымен бірге төменнен кәсіпкерлердің, ғылым, білім беру және мәдениет қайраткерлерінің, ҮЕҰ, жастардың бастамасы бойынша тағайындалады. Жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысты ескергенде Еуразиялық даму банкі мен Дағдарысқа қарсы қор құру уақытылы атқарылған іс болды. Бүгінде ол ЕурАзЭҚ-тың бірқатар елдеріндегі нақты экономикалық жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен бірге жедел көмек, мысалы, әлемдік дағдарыс зардаптарын бастан өткерген Беларусь экономикасына, көмек беруге де жағдай жасады.

Дегенмен, жоғарыдағы бес  ірі құбылыстан бөлек, қазіргі таңда  әртүрлі деңгейде, әскери жағынан  ҰҚШҰ-ға, экономикалық тұрғыдан Кедендік Одақ (Қазақстан, Ресей, Беларусь), саяси  мүдде жағынан ШЫҰ-ға, АӨСШК-ке интеграциялану үрдісі жүзеге асты. 2012 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енген нағыз толыққанды, өркениетті, еуропалық ортақ нарық секілді құрылым -  Бірлескен экономикалық кеңістікке жол ашылды.

Үш елдің Кеден одағы пішінінде  өндірісшілердің салалық ассоциацияларының тез пайда болуы жеке мәселе. Біздің кәсіпкерлеріміз өз мүдделерін келісу, ішкі бәсекелестік пен өзара қолдау ережелерін қалыптастыру үшін интеграцияланады. Еуразия Медиа-форумы, Телевизия мен радионың Еуразия қауымдастығы нақты бір тақырыптар бойынша жұмыс істейді. Еуразия кино және театр фестивальдері, түрлі мәслихаттар, жастар форумдары дәстүрге айналып келеді. Сондай-ақ, Елбасының бастамасы негізінде, Санкт-Петербург экономикалық форумда құрылған Университеттердің еуразиялық қауымдастығы, Ғалымдардың еуразиялық клубы, Жоғары технологиялардың халыаралық орталығы бүгінде ағартушылық және ғылыми кеңістікте өзінің көкжиегін кеңейте түсті. Қоғам өмірің барлық тереңіне бойлай түскен тікелей интеграция үдерістері жүріп жатыр. Еуразия интеграциялық идеясы өмірлік күшінің көрінісі осы. Бүгінде халықтарымыз өздерін қалыптасу үстіндегі еуразиялық біртектіліктің, оның мәдени, діни және тілдік көпқырлылығы бөлшегі ретінде барынша айқын сезіне бастады. Мұнда жемісті экономикалық өзара іс-қимыл мен ізгі көршілестікке деген ортақ ұмтылыс анық байқалады. Біздің барлығымыз тек бірлескен өткеніміздің бай тәжірибесі ғана емес, сондай-ақ, бөлінбейтін ортақ тарихи болашаңымыз бар ұлттардың жаңа ғажайып еуразиялық қоғамдастығы пайда болуының куәгерлері болып табылады.

Өз кезегінде үш мемлекеттің  экономикалық саясатын үйлестірудің тетіктері, қызметтердің, капиталдар мен еңбек  ресурстарының, біріздендірілген заңнамалардың  трансшекаралық еркін қозғалысын қамтамасыз ету шындыққа айналды. Бизнестің  ұлттық субъектілері БЭК-ке қатысушы әрбір мемлекеттің инфрақұрылымдарына теңдей мүмкіндігін иеленетін болады. Болашақта біртұтас көліктік, энергетикалық және ақпараттық жүйелер қалыптасады.

БЭК интеграцияның мейлінше жоғары сатысы - Еуразиялық экономикалық одаққа өту үшін берік негіз қалайды, қуатты бірлестік болады. Үш мемлекеттің жиынтық ІЖӨ-сі жуық шамамен 2 триллион долларды құраса, өндірістік әлеуеті 600 миллиард долларға, ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру көлемі - шамамен 112 миллиард долларға, ал жалпы тұтыну нарығы 165 миллион адамға бағаланады.

Енді алдымызда келесі баспалдағымыз  интеграцияның ең жоғарғы деңгейі  – Еуразиялық экономикалық одағын құру тұр. Бұл бірлестік бізге  технологиялық, жаңғырту, инновация  салаларында тиімді кооперациялар  құруға қосымша мүмкіндіктер береді. Еуропалық үлгіде Еуразиялық одақтың атқарушы комитеті мен жалпы парламент, әр сала бойынша комиссиялар құру мәселесі де бар. Бұл үлкен қадам 2015 жылға қарай жоспарланып отырғанын білеміз.

Еуразиялық экономикалық одақ іске қосылса, Еуроодақпен қарым-қатынас, ынтымақтастық қалай, қай бағытта өрбуі мүмкін?

Сарапшылардың пікірінше, бұл екі  құрылым бір-біріне сұраныста болады. Өйткені, біздің Одақта нарықпен қатар, ресурс көздері мол. Еуропа нақ бізден энергиялық ресурстарды алуға мүдделі. Ал өз тарапымыздан біз де Еуроодақпен экономикалық ынтымақтастық жасауға мүдделіміз. Ондағы жоғары технологиялар мен сапалы тұтыну өнімдеріне деген сұраныс бізде үлкен. Сол себепті, экономикалық тұрғыдан екі құрылымның бір-біріне деген тартылысы зор, ұмтылысы үлкен болары сөзсіз.

Қазақстан тарапы Еуразиялық одақ жобасын ұсынғанда ТМД елдерінің мүддесіне сай тең құқылы және еркін түрде кооперативтік дамудың үлгісін нақтылап беруге тырысты. Еуразиялық одақ - егеменді мемлекеттердің тұрақтылық пен қауіпсіздік, әлеуметтік-экономикалық жаңғыруға бағытталған интеграциясының тәуір бір үлгісі. Еуразиялық одақтың тәжірибе жүзінде іске асырылуы қоғамның сан-салалы бағытында өзара байланыс орнатуға жол ашқанын, оның ішінде интеграциялық үдерістердің жоғары мектептің дамуына да өз ықпал-әсерін тигізіп отырғанын жеткізді. Жоғары білім қоғамдағы барлық өзгерістер мен үдерістердің қажеттілігін өтей алатын маңызды әлеуметтік институт болып есептеледі. Елдердің білім саласындағы ықпалдастығы БҰҰ мен ЮНЕСКО қызметінің де ең басымдыққа ие бағыттарының бірі саналатыны белгілі. Соңғы уақытта жоғары білімнің интернациялануы жаңаша қарқын алып келе жатқанын айтуға болады. Ал бұл өз кезегінде Еуразиялық ықпалдастық идеясының жүзеге асуына серпін болатыны анық.

ХХІ жүзжылдықта Еуразиялық одақты жаһандық дамудың нақты трендтерінен тыс қалыптасқан жаһандық күштердің табысты орталығы ретінде көз алдымызға елестету мүмкін емес. Үстіміздегі жұзжылдықта аймақтану жалпыәлемдік үрдіске айналды. Еуропалық одақ тауядағы жылдарда құрамына Хорватияны, болашақта Сербия мен Черногорияны және басқа мемлекеттерді қосу есебінен одан әрі кеңеюді жоспарлап отыр.

Шығыс Азияда Қытайдың және бірден екі  миллиард тұтынушыны қамтитын АСЕАН  мемлекеттерінің қатысуымен планетамыздағы аса ірі еркін сауда аймағы құрылып келеді. Қаржы-экономикалық тұрғыда Парсы шығанағы өңірі өзінен өзі ұйымдасып жатыр. Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка мемлекеттерінің интеграциясы нығая түсуде. Егемен дамудың 20 жылында Ресейдің, Қазақстанның және өзге де еуразиялық интеграцияға қатысушылардың экономикалары жаһандық экономиканың бөлшегіне айналды. Қазіргі таңда мемлекетіміз модернизациялануының, ғылыми ауқымды инновациялық экономика құруының маңызды шарты АҚШ-пен, Еуроодақпен, Қытаймен, Азия-Тынық мұхиты экономикалық қоғамдастығы елдерімен инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты белсенді өрістету болып табылады. Бұдан бөлек, жаңа жаһандық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру үдерістерінің маңызды аспектілерін де қаперге алған жөн. 2010 жылы қабылданған ЕЫҚҰ саммитінің Астана декларациясында біртұтас және бөлінбейтін Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік кеңістігін құру мақсаты белгіленген болатын. Сол себепті,  бүгінде ХХІ ғасырдағы алыс болашаққа, мүмкін тіпті, одан кейінгі ғасырларға бағдарланған еуразиялық интеграция идеясын жаңаша саралау көкейкесті мәселе болып табылады.

Қазіргі таңда, «одақ» және «империя басқыншылығы» дейтін дүрлікпелі сөздерден  үрейленуді еңсеру керек. Бұл жайында  Ресей Президенті В.В. Путин өзінің «Известиядағы» атты мақаласында жазған еді: «НАФТА шеңберіндегі Солтүстікатлантикалық интеграция да үш мемлекеттен – АҚШ, Канада, Мексикадан тұрады. Бірақ, ешкім АҚШ-тың империялық шамшылдығы  туралы сөз қозғамайды. Кейбір батыс сарапшылары Еуразиялық Одақ Қытайлық экономикалық экспансиясы дегеннен қорғану үшін құрылмақшы деп мәлемдеме жасағанда асығыстық танытып отыр. Мұндай мәлісдеменің шындықта тым алшақ жатқанын айтуға болады. Керісінше, ҚХР соңғы екі он жылдық бедерінде Ресей, Қазақстан, Беларусь мемлекеттерінің стратегиялық әріптесі болып табылады. Біз интенсивті саяси сұхбат және тығыз экономикалық ынтымақтастық ұстанып келеміз. Біз, сондай-ақ, ШЫҰ және АӨСШК шеңберлерінде тығыз іс-қимыл танытудамыз»[6].

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  атап өткендей, Еуразиялық одақ құрудың  төрт принципті мәселесі бар. Біріншіден, интеграция, ең алдымен, экономикалық қажеттілікке негізделген прагматикалық сипатта ғана бола алады. Екіншіден, көпқабатты және түрлі жеделдіктегі интеграция идеясы. Үшіншіден, қауіпсіздікті бір ғана елдің күш-жігерімен қамтамасыз ету мүмкін емес, аймақтық қауіпсіздік тетіктерін іздестіру қажеттілігі. Төртіншіден, интеграцияның еріктілігі.

Жоғарыда айтылған қағидаларды  Елбасының көзқарасынан талдап көрсек. Бүгінде КСРО ыдырағаннан кейін  құрылған мемлекеттердің жақындасу үдерісін еуразиялық интеграция деп атау дағдыға енді. Бұл ұғым талдамашылар пен сарапшылар кеңінен пайдаланады, және ең маңыздысы, ол таяу және алыс шетелдердегі саяси элитаның табиғи сөз саптауына айналды. Бүгінде Еуразиялық Одақ құру идеясы кері итеру сезімін туғызбайды және ешкімді де таңдандырмайды. Мұның сыртында ол туралы ең жоғары деңгейде таяудағы мақсаттар және нақты интеграциялық жоба ретінде айтылады. Ал бұл идеяның пайда болғанына, ТМД кеңістігінде жаңа интеграциондық бірігу – Мемлекеттердің Еуразиядық Одағын құру ұсынысы жарияланғанына небәрі он сегіз жыл толды. ТМД құрылғанына екі жыл толғаннан кейін, Елбасымыздың мұндай ұсыныс жасауы бекер емес. Өйткені, ТМД заман талабының сұранысына сай емес, қатысушы-мемлекеттердің қажеттілігін қанағаттандырмайды. Сондықтан, арнайы нақты қағидалардың керектігі көрінді. Еуразияшылдықтың ізбасарларының ішінде танымал ойшы Лев Гумилевтің көзқарасын жақын тұтқан Елбасы, ойшының еңбегін бағалап, Ел ордасы – Астанада Еуразиялық университетке есімін қойғанын тағы айтсақ болады. Ол Солтүстік және Орталық Еуразиялық ауқымды бөлігіндегі халықтардың арасындағы географиялық және мәдени-тарихи байланыстардың бірлігін тұжырымдамалы түрде негіздеді.

Сонымен, Президент ХХ және ХХІ  ғасыр кезеңін жағдайына қарай  келесі принциптерді негіздеп алды.

Біріншіден, мәдени мен өркениеттілік  факторлардың маңызын теріске шығармай-ақ, ең алдымен экономикалық прагматизм негізіндегі интеграцияны құру керектігін ұсынады. Абстрактілі геосаяси идеялар  мен ұрандар емес, экономикалық мүдделер интеграциялық үдерістердің басты қозғаушысы болмақ. Сондықтан болашақ Еуразиялық Одақтың бастапқы негізі – Біртұтас экономикалық кеңістік біздің халықтарымыздың бірлесе табысты дамуының ауқымды ареалы ретінде болмақ.

Екіншіден, интеграцияның еріктілігі. Әрбір мемлекет пен қоғам жаһанданушы әлемде өзіндік болмысқа шексіз бас ұра берушіліктің және өз шекараларында тұйықталып қалудың мағынасы жоқ екендігін түсінуге дербес келуі тиіс.

Халық пен мемлекеттің мүдделерін басшылыққа алған ерікті интеграция - мемлекеттің өркендеуінің ең қысқа жолы.

Үшіншіден, Еуразиялық Одақ мемлекеттердің теңдік, бір-бірінің ішкі ісіне араласпаушылық, егемендік пен мемлекеттік шекаралардың қол сұғылмастығын құрметтеу  қағидаттары негізіндегі бірлестік  болып табылады.

Төртіншіден, Еуразиялық Одақтың әрбір мүше елдің мүдделерін ескеретін, нақты да шынайы өкілеттіктерге ие, консенсус негізінде іс-қимылдар жасайтын ұлтүстілік органдар құрылуы қажет. Бұл аксиома болғандықтан, егемендікті беру дегенді қарастырмайды. Осымен басты еуразиялық интеграция қағидаттарына әрбір қатысушы елдің ішкі дамудың тұрақтылығы, ұлттық экономикалық, несие-қаржылық және әлеуметтік саясаттың нәтижелілігі мен жауапкершілігі мәселелерін қосу аса маңызды. Бұл біз үшін үлгісі аса пайдалы Еуропалық одақ экономикасындағы қазіргі қиындықтарды еңсерудің тәжірибелерін есепке алғанда айрықша маңызды.

Бұл аспектілердің бәрі ТМД мемлекеттері басшыларының бәріне жіберілген Елбасының  ұсыныстарының дестесінде егжей-тегжейлі баяндалған. Алайда, ол күндері іс жүзінде  барлық посткеңестік елдердің жұртшылығынан Елбасының еуразиялық бастамасын қолдаған көптеген үнқосулар келгенімен, оны нақтылы талдауға саясаткерлер дайын болмай шықты.


ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еуразияшылдық тұжырымдамасы