Рекреациялық географияның мәні мен мазмұны

ӘОЖ 811.512.122:[82.091:82-1]                  Қолжазба құқығында 
 
 
 
 

БЕКБОСЫНОВА АСИЯ ХАСАНҚЫЗЫ 
 
 
 
 

С. Мәуленов өлеңдеріндегі теңеу 
 
 
 

      10.02.02 – қазақ тілі 
 
 
 
 

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін 

алу үшін дайындалған диссертацияның  

АВТОРЕФЕРАТЫ 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Қазақстан Республикасы

Астана, 2010

   Жұмыс Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ тіл білімі кафедрасында орындалды 
 
 

    Ғылыми  жетекші: ҚР ҰҒА академигі, филология 

    ғылымдарының  докторы,      профессор  М.С. Серғалиев  

    Ресми оппоненттері: филология ғылымдарының докторы,              

    профессор А.Қ. Тұрышев 

    филология ғылымдарының

    кандидаты, доцент С.М. Сапина 

    Жетекші ұйым:  А. Байтұрсынұлы атындағы

    Тіл білімі институты

 
 

   Қорғау 2010 жылы «         »   қыркүйекте   сағат   14.00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 10.02.01 – орыс тілі, 10.02.02 – қазақ тілі, 10.02.06 – түркі тілдері, 10.02.20 – салыстырмалы-тарихи, типологиялық және салғастырмалы тіл білімі мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы (кандидаты) ғылыми дәрежесін беру үшін диссертация қорғайтын Д 14.29.02 диссертациялық кеңесінің мәжілісінде өтеді.

    Мекенжайы: 010008, Астана қаласы, Қажымұқан Мұңайтпасов көшесі, 5, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ оқу-лабораториялық ғимараты, 823-дәрісхана.  
 

   Диссертациямен  Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады. 
 

   Автореферат 2010 жылы «27»    тамызда   таратылды. 
 
 

   Диссертациялық  кеңестің ғалым хатшысы,

    филология ғылымдарының докторы                                       Е.Қ. Әбдірәсілов 

   

ЖҰМЫСТЫҢ  ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ

   Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Зерттеу жұмысымызға қазақ әдебиетінің іргетасын қалаушылардың бірі, поэзия әлемінде қайталанбас    тұлға – Сырбай Мәуленов поэзиясының тілі, әсіресе ақын тіліндегі теңеулерді тілдік-танымдық тұрғыдан зерттеу негіз болып отыр. Сырбай Мәуленов шығармаларының тілдік табиғатын қазақ халқының таным-түсінігімен және қазіргі тіл біліміндегі антропоцентристік бағытқа сай таныту – жұмыстың өзектілігін айқындайды.

   Қазіргі таңда ұлт тілдерін дамытып өркендетуге  жан-жақты мән беріліп отырған  кезеңде тілді зерттеудің нақтылы  үрдісі ұлттың ойлау жүйесіне тән  ерекшеліктері мен заңдылықтары негізінде  ашыла түседі. Әсіресе  жеке ақын-жазушылар тіліндегі көріктеуіш-бейнелеуіш құралдарды когнитивтік, лингвистикалық және мәдениетаралық қарым-қатынас теориясы тұрғысынан зерттеу арқылы тілдің жан-жақты қызметі анықталады. Көркемдік танымның аса қуатты құралдарының бірі – көркем әдебиетті теңеулерсіз көз алдымызға елестету еш мүмкін емес. Суреткер тіліндегі теңеулер әлемі оның поэтикалық тіл арқылы көрінетін дүниетанымын көрсетеді. Теңеу – таным көзі. Салыстыру, ұқсату, теңеу арқылы таным үдерісі арта түседі. Теңеу – адамның бейнелі ойлауының, әлемді бейнелей тануының және қоршаған дүниені көркем қабылдауының нәтижесінде қалыптасады.

   Тіліміздегі теңеулерге өзіндік менталдық сипаттар мен тілдік ерекшеліктеріне барлау жасай отырып, ұлттық болмыс пен таным көрсеткіші ретінде тану әлі де жеткіліксіз қарастырылуда. С. Мәуленов тіліндегі теңеулердің әмбебаптық қызметіне тоқталу, өлең тіліндегі теңеулердің қолданылу ерекшелігі туралы пайымдап, теңеулерге арнайы этнокогнитивті тұрғыдан зерттеу жұмысының жүргізілуі тақырыптың тың әрі соны екендігін көрсетеді.

   Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының негізгі  
мақсаты – Сырбай Мәуленов өлеңдеріндегі теңеулерді тілдік, функционалды стильдік, ұлттық таным және ішінара когнитивті тұрғыдан талдау болды. Осы мақсатты орындау барысында төмендегідей міндеттерді шешу көзделді:

   - теңеу жасалымындағы ұлттық сана  мен халықтық таным ерекшеліктерін анықтау;

   - қазақ мәдени өмірінен ақпарат беретін этномаркерлі теңеулер қолданысына талдау жасау;

   - прецедентті атау арқылы қалыптасқан  теңеулердің прагматикалық қызметін саралау;

   - теңеу-сентенциялардың С. Мәуленов өлеңдерінде стильдік қолтаңбасын, мәнерін танытатындай белгілерінің бірі екенін дәлелдеу;

   - перцептивті-сенсорлық модус негізінде жасалған теңеулердің ерекшелігін айқындау;

   - ақын өлеңдеріндегі тұрақты теңеулер мен авторлық қолданысқа ие болған тұрақты теңеулердің қолданыс ерекшелігін дәйектеу;

   - метафоралық, эпитеттік, метонимиялық  және синекдохалық теңеулердің  бейнелі-бағалауыштық қызметін таныту;

   - гиперболалық, литоталық, градациялық  теңеулер қолданысының өзіндік ерекшелігін анықтау;

   - синонимдік және антонимдік теңеулердің  қолданыс ерекшелігіне талдау  жасау;

   - теңеулердің концепт құрушылық  және танымдық ерекшелігін көрсету. 

   Зерттеу нысаны. Сырбай Мәуленов өлеңдеріндегі теңеулердің тілдік-танымдық сипаты.

   Зерттеудің дереккөздері ретінде Сырбай Мәуленовтің әр жылдары жарық көрген жыр-жинақтары: “Тартыс таңбасы” (1965 ж.), “Қызыл арша” (1969 ж.), “От пен су” (1975 ж.), “Сен екеуміз” (1977 ж.), “Тау гүлдері” (1979 ж.), “Жалын” (1979 ж.), “Жаңбырсыз күз” (1980 ж.), “Шуақ” (1981 ж.), “Күзгі бұлттар”(1987 ж.), “Алтын тасқын” (1981 ж.), “Ақшамның қызыл қанаты”    (1994 ж.), 3 томдық өлеңдер жинағы (1982, 1983, 1984 жж.) пайдаланылды.

   Зерттеудің  ғылыми жаңалығы. С. Мәуленов өлеңдеріндегі теңеулердің қазақ тіл білімінде алғаш рет тілдік-танымдық тұрғыдан талдануы мен жүйеленуі – ізденісіміздің ғылыми жаңалығы. Зерттеудің ғылыми жаңалығы  төмендегідей нәтижелерге жетуге негіз болды:

   - С. Мәуленов шығармашылығы алғаш рет тілдік және антропоцентристік тұрғыдан талдауға түсіп, дүниетанымдық зерттеулердің нәтижесінде ақын өлеңдеріндегі теңеулердің бейнелілік және көркемдік қасиетімен қоса ұлттық тілдің танымдық қасиеті айқындалды;

   - этномаркерлік  және прецедентті  теңеу мен теңеу-сентенция қызметі  сараланып, перцептивтік-сенсорлық теңеулер қызметінің көркемдік ерекшелігі талданды;

   - тұрақты теңеулердің қолданысына  танымдық тұрғыдан талдау жасалып,  автордың жеке қолтаңбасында  кездесетін  тұрақты теңеулердің  өзіндік ерекшелігі анықталды; 

   - ұлттық  бояуы барынша айқын  метафоралық, эпитеттік және метонимиялық, синекдохалық теңеулердің бейнелі-бағалауыштық, эмоциялық мән туғызу қасиеттері дәйектелді;

   - концептілік теңеулердің дүниенің ассоциативтік бейнесін көрсетудегі ерекшелігі қарастырылды.

   Зерттеудің  теориялық және әдіснамалық негіздері. Зерттеу жұмысында  тіл ғылымының іргелі зерттеулері, соны бағыттары мен жаңалықтары негізге алынды. Жұмыстың ғылыми негіздері ретінде В. Гумбольдт, Д.С. Лихачев,   В.А. Маслова, Ю.С. Степанов және т.б. ғалымдардың еңбектерімен бірге         А. Байтұрсынұлы, Ә. Қайдар, Р. Сыздық, Т. Қоңыров, М. Серғалиев,                  Н. Уәли, Г. Смағұлова, С.К. Сатенова, И. Айбарша, Г. Мұратова және т.б. зерттеушілердің еңбектері басшылыққа алынды.

   Зерттеу әдістері мен тәсілдері. Ғылыми зерттеу барысында лингвистикалық сипаттама әдісі, стилистикалық-семантикалық талдау әдістерімен қатар, салыстыру, баяндау әдісі, теориялық тұжырымдарға сүйене отырып, ғылыми тұрғыдан талдау, концептілік талдау мен когнитивтік талдау әдістері қолданылды.                                    

   Зерттеудің  теориялық және практикалық маңызы. Зерттеу барысында қол жеткен нәтижелер мен тұжырымдар қазақ тіл біліміндегі лексикология, фразеология, лингвомәдениеттану, этнолингвистика салаларының теориялық курстарын толықтыруға үлесін қосады. Талдау жасалған тілдік деректерді көркем шығармаға стилистикалық-лингвистикалық талдау жүргізу барысында, С. Мәуленов шығармашылығына арналған курстар мен семинарлар жүргізуде пайдалануға болады. Зерттеудің практикалық құндылығы жоғары оқу орындарында “Көркем мәтінді лингвистикалық талдау”, “Мәтін лингвистикасы”, “Қазақ тілінің стилистикасы”, “Когнитивтік лингвистика”, “Тіл мәдениеті” пәндерінен дәріс беруде пайдалануға болады.

    Қорғауға  ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

  • С. Мәуленов өлеңдеріндегі теңеулер ұлттық, танымдық белгісімен, бейнелілігімен, бағалауыш, экспрессивті, коннотаттық мәнімен құнды;
  • этномаркерлік теңеулер ұлттық мәдени код дәрежесінде бағаланады;
  • теңеулердегі прецедентті есімдер – ақпаратты бейнелі әрі терең түсіндіретін прагматикалық, ал сентенция-теңеу ақынның стилін, мәнерін танытушы көркемдік құрал;
  • С. Мәуленов өлеңдеріндегі метафоралық, эпитеттік  теңеулер өлең мәтінінде прагматикалық қызмет атқарған, ал метонимиялық және синекдохалық, гиперболалық, литоталық, градациялық және синонимдік, антонимдік теңеулер автордың дүниетанымын, идеясын танытып, дүниенің ассоциативтік бейнесін көрсетеді;
  • ақын өлеңдеріндегі концептілер ұлттық мазмұны терең, мағыналық өрісі кең лингвофилософиялық категория дәрежесіне көтерілген.

         Жұмыстың талқылануы мен жариялануы: Зерттеу жұмысының негізгі нәтижелері мен мазмұны бойынша “Ахмет Байтұрсынов және ұлттық таным мәселелері” аймақтық ғылыми-практикалық (Қостанай, 2007), “ІІІ Торайғыров оқулары” атты халықаралық ғылыми-теориялық (Павлодар, 2009), “Алтынсарин оқулары – 2009” 2-ші халықаралық ғылыми-теориялық (Қостанай, 2009) және “Алдамжар оқулары” халықаралық ғылыми-теориялық (Қостанай, 2009) конференцияларында баяндалып жарияланды. Сонымен қатар зерттеудің ғылыми нәтижелері мен қорытындылары ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің тізіміндегі А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының “Тілтаным” (Алматы, 2008. № 1 (29)), “Қазақ тілі мен әдебиеті” (Алматы, 2009, № 5), ҚР ҰҒА Хабарлары. Филология сериясы. (Алматы, 2009. № 6 (178)), С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Хабаршысы. Филология сериясы. (Павлодар, 2010. № 1 ) ғылыми журналдарында мақалалар түрінде жарияланды. 

   Диссертацияның  қолжазбасы З. Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің гуманитарлық пәндер және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ тіл білімі кафедралары мәжілістерінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.

   Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспеден, негізгі екі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған ғылыми, көркем әдебиеттер тізімдерінен тұрады.

   НЕГІЗГІ БӨЛІМ  

   Жұмыстың  кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі, зерттеудің мақсаты мен міндеттері айқындалып, зерттеу нысаны, дереккөздері, теориялық және әдіснамалық негіздері, зерттеу әдістері, теориялық және практикалық маңыздылығы, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар, жұмыстың талқылануы мен жариялануы баяндалады.

   Диссертацияның  бірінші бөлімі “С. Мәуленов өлеңдеріндегі теңеулердің тілдік және танымдық сипаты” деп аталып, оның мазмұны алты бөлімшеде сипатталады. 

   Диссертациялық жұмыстың бірінші бөлімінің “Теңеу жасалымындағы ұлттық сана мен халықтық таным” деп аталатын бірінші бөлімшесінде  теңеу жасауға негіз болған ұлттық сана мен халықтық таным негіздеріне түсінік берілді.

   Адамзаттың өзін қоршаған шындықты, әлемдегі заттар мен құбылыстардың қыр-сырын танып білуге деген құштарлығы шексіз. Қоршаған ортаны танып білу адамның когнициялық қабілеті арқылы жүзеге асады. “Таным – өте  күрделі үрдіс, оған адамның бүкіл жан-дүниесі – түйсіктері, ақыл-ойы, ырқы, сезім тебіреністері, ішкі көкей көзі, (интуиция) – бәрі де өзара бір-бірімен байланысты түрде қатысады”[1, 638]. Әр адам айнала қоршаған заттар мен құбылыстарды өз жасына, өмірден түйген тәжірибесіне, білімі мен кәсіби іс-әрекетіне байланысты сана-сезіміндегі қалыптасқан ұғымдарды пайдаланып қабылдайды. Адамның танып-білгені адам санасында қорытылып, тілде көрініс табады. Адамның танымдық әрекеті мен тілдің қатынасын зерттеуде когнитивтік тіл білімінің маңызы ерекше. Бүгінгі таңда бұл бағытта когнитивтік лингвистика ғылымы өз нәтижесін көрсетіп отыр. Когнитивтік лингвистиканың алғашқы идеялары В. Гумбольдт, Б. Уорф, Э. Сепир еңбектерінен бастау алып, қазақ тіл білімінде Ж.А. Манкеева, Н. Уәли, Қ. Жаманбаева, Б. Ақбердиева,     М. Күштаева, С. Жапақов, Г. Снасапова, Э. Оразалиева т.б ғалымдардың зерттеулерінде қарастырылған.

   Танып білудің ең қарапайым формасы  ұқсату, балау, салыстыру, теңеу нәтижесінде жүзеге асады. Профессор Т. Қоңыров “...теңеу – көркем ойлаудың ұлттық ерекшеліктері жинақталған, дүниетанымының ұлттық өзгешеліктері бас қосқан категориялардың бірі” [2, 3] – деген ой қорытады. Теңеу ең алдымен адам санасымен, ассоциациялық ойлау нәтижесімен тығыз байланысты. Әр ұлттың тілі мен діліндегі ұлттық ерекшелігі де осы теңеуден көрінеді. Әр ұлттың өз танымына жақын сөздерді қолдануы заңды да. Себебі тіл иесінің ой-өрісі мен концептуалды әлеміне байланысты әр тіл дүние-ғаламның үзіктерін өзінше жеткізіп, бейнелеп суреттейді және ол өз тіліндегі ғалам бейнесіне сай болады. Тіліміздегі теңеулер халықтың тұрмыс-тіршілігі, оның ойлау және танымдық қабілеті жөнінде бай мәлімет береді.

   Әсіресе С. Мәуленов өлеңдерінде төрт түлік мал мен қазақ танымына жақын аң және жан-жануарлар мен құстар әлемі теңеу образын жасауға негіз болған. Қазақ таным-түсінігінде төрт түлік мал мен кейбір аң-құстардың және жануарлардың киелі екені ертеден белгілі. Жалпы құспен қатысты теңеулерде мифтік мазмұн басым болып келеді және олар туралы таным-түсінік тілімізде молынан сақталған. Бұл жөнінде Б. Ақбердиева: “...әлемдік мифологиялық жүйелердің қаймағы бұзылмай сақталып қалған жалғыз көз – қазақтың ұлттық тілі мен мәдениеті. Біздің тіліміздегі кез-келген сөз – символ. Өйткені оның астарында мифтік мазмұн жатыр”[3, 30] – деп ой тұжырымдайды. Мысалы:

     Жыр  домбыра келтіре алмай бұрауын,

     Ыза  болып столымнан тұрамын.

      Аққуымдай ақындықтан айрылып,

      Түні бойы кірпік  ілмей шығамын.

                              /(Жыр жазар алдында), 272/.

    Өлең  жолындағы жанкештілік және оған өзін арнауы өлеңде аққуымдай ақындықтан айрылып деген жолдармен берілген. Теңеулік құрылымда қазақ этносының мифтік-таным түсінігі жатыр. Мифологиялық таным-түсінік бойынша аққу – ерекше қасиеті бар киелі құс. Сондықтан халқымыз аққуды ежелден киелі санап, ауламаған және атпаған. Аққу жұбымен ғана өмір сүре алады. Ал аққудың сыңарынан айрылуында ырым бойынша жамандықтың белгісі жатыр. Бір сыңарынан айрылуы, оның да жуық арада мерт болатынынан хабар береді. Ал ақынның аққуымдай ақындықтан айрылып деуінде осы халықтық таным-түсінік негізге алынған.

   С. Мәуленов өлеңдерінде теңеу образы қызметін атқаруға қазақ танымына жақын құстар – үкі, аққу, лашын, көгершін, бүркіт – зооморфизмдері қолданылған. Теңеу образы қызметін атқарған құс атаулары адам бойындағы әртүрлі қасиеттерді бейнелеп, адам басынан кешкен жағдайларды, көңіл-күйін таныту қызметін атқарған.

      Бірінші бөлімнің “Этномаркерлі сипаты бар теңеулер” деп аталатын екінші бөлімшесінде ұлттық тілдің белгісін, таңбасын білдіретін ұлт тіліне ғана тән теңеулерге тілдік-танымдық тұрғыдан талдау жасалынды.

     Тілдегі таңбалар – ұлттың сөз қоймасы іспетті, себебі таңбаларда ұлттың өмірінен мәлімет беретін мол ақпарат жатады. Ұлттық атаулардың жасалуының бір жолы, ұғымды берудің көркемдік тәсіліне теңеулерді жатқыздық. Себебі теңеулерде ұлт тілінің өзіне ғана тән ерекшелігін көрсететін белгілер барынша ашық әрі айқын көрініп тұрады.

   Ақын  өлеңдерінен ұлтымызға барынша  жақын этномаркерленген теңеулерді молынан кездестіруге болады. Әрине  бұл сөздер – мәдени мәнге ие әрі ұлттық мәдениетіміздің бірден-бір  көрсеткіші. Ақын қолданған теңеулер ұлттық тілдің белгісін, таңбасын білдірумен құнды болып келген. Ұлтымыздың мәдениеті этномаркерлі теңеулермен репрезентацияланып, ұлт – мәдениет – тіл сабақтастығы негізінде дамыған. “...таңба ұлт мәдениетін тілде маркерлеу қызметін атқарады. Себебі, бір этностың мәдениеті екінші этносқа оның тілдік таңбалары арқылы баяндалады”[4, 89]. Мысалы: 

           Жарқыраған басында 

           Қардан аппақ сәукеле.

           Жатады күн қасында 

           Көкірегін тау кере.

                  /“Жарқыраған басында”, 242/.

   Ақын  сәукеледей теңеуін – таудың ең жоғарғы бөлегін безендіруге қолданып тұр. Қазақ халқында сәукеле – этномәдени  атауға ие болған зат атауы. Тіліміздегі тұмар да мәдени мәнділікке ие. Мысалы:

            Сақтап көңіл төрінде тұрпатыңды,

            Сағынышпен күтермін бір хатыңды.

            Мүмкін сенің сол хатың бойтұмардай

            Жазар менің сыз шалған сырқатымды.

                                  /“Гүлзар баққа таратып сыбағаны”, 327/.

   Теңеулік  құрылымдағы теңеу образын атқарып  тұрған бойтұмар сөзі тек лингвомәдени зат атауы қызметін ғана атқарып тұрған жоқ, ақын бойтұмардың қорғаушы күшіне ерекше мән бергені байқалады. Немесе:

           Қырдың шоқ-шоқ

           Алқызыл гүлдеріндей

           Қызыл басқұр,

           Зер шашақ дөдегесі.

           Киіз үй

           Көрмедей бір

           Алдыма жайып салған жер бедерін.

                                                      /“Киіз үй”, 42/.

   Ақын  қазақтың киіз үйін – жер бедерін жайып салған көрмеге теңеу арқылы ұлттық мәдениетіміздің биік деңгейін аңғартып тұр.

   Ж. Манкеева мұндай лексемаларды лингвоелтану аспектіде зерттеліну қажеттігін айтады[5, 10]. С. Мәуленов өлеңдерінде ұлт тіліне ғана тән теңеулер мол қолданылып, ұлттың мәдениетін, ерекшелігін танытуға қызмет еткен. Бұл теңеулер арқылы ел мәдениеті, ел тарихы, ұлтымызға тән қасиет ашыла түскен.

   Ақын  қолданған – сәукеле, бойтұмар, киіз үй т.б сөздер – ұлттық тілімізге ғана тән болып келіп, ұлттың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетін көрсетуде айрықша қызмет атқарған  деуімізге болады. 

   Бірінші бөлімнің “Прецеденттік есім негізінде жасалған теңеулер” деп аталатын үшінші бөлімшесінде теңеу жасауға негіз болған прецеденттік есімдердің прагматикалық қызметі зерттеу нысанына алынды.

   Теңеулердің ұлттық мәдени сипаты прецедентті атаулардан да көрінеді. Ресей ғалымдарынан прецедентті  терминнің негізін салушы Ю.Н. Караулов болса, оны дамытушы Ю.А. Сорокин, Д.Б. Гудков, В.В. Красных,                  Е.А. Нахимова т.б ғалымдар болды. Абай шығармаларындағы прецедентті есімдер жайлы Г. Мұратова “Прецедентті мәтіннің (есімдердің) рөлі зор: олар автордың идеялық-эстетикалық танымын, білім аясын көрсетеді; шығармалары арқылы жаңа тың поэтикалық образ сомдауға ықпал етеді”[6, 238] – деп тұжырым жасайды. С. Мәуленов өлеңдерінде өмірде болған тұлғалар, яғни прецеденттік есімдер де теңеу жасауға негіз болған және олардың саны өте көп. Теңеулердегі прецедентті есімдерден әртүрлі қоғамдық дәуірлерде болған оқиғалар жайынан хабар алуға болады. Көбіне мәдени-тарихи жағдайлар бір ғана атақты есіммен беріліп, ұлтқа қатысты бар сырды аңғартып, ерекше коннотациялық мәнге ие болған. Ақын теңеулік құрылымда прецедентті есімдерді орынды қолдана отырып, көркем теңеулермен аз сөзге көп мағына сыйғызып шеберлік танытады.  Әсіресе ұлы Абай, Мұхтар есімдері теңеулік құрылымда барынша молынан қолданылған. Мысалы:

           Алтыбақан, ауыл үсті ән-думан,

           Орда тауы, Шыңғыс тауы жаңғырған.

           Сол таулардай Абай, Мұхтар – қос алып

           Қол ұстасып шығатындай алдыңнан.

                                       /(Ақшоқыға беттегенде), 92/.

   Ұлы Абай есімі мен Мұхтар есімдері теңеулік құрылымда жай аталып қана тұрған жоқ. С. Мәуленов осы есімдер арқылы қос ақынға деген өзінің құрметін, мақтаныш сезімін жеткізіп тұр. Абай мен Мұхтар есімдерін биік таулармен салыстыра отырып, қос ақынға деген ерекше ықыласын, сағынышын да сездірткендей. Сонымен бірге Ілияс, Бейімбет, Сәбит, сахна серкесі Серәлі (Серәлі Қожамқұлов) және жалпыадамзатқа барынша танымал Омар Һаям, Әлішер Навои, Бетховен және төл ғашықтық символына айналған образдар теңеулік құрылымда прецеденттік есім қызметін атқарып, ақынның идеялық-эстетикалық танымын білдіруге қызмет еткен. Теңеулік құрылымдағы төл ғашықтық символына айналған есімдер қазақ халқының когнитивтік кеңістігін кеңейтіп, ақынның аялық білімін көрсетіп тұр.

             Паш етіп барлық жерге баяндамай,

             Көп өттік Алматыға аялдамай,

             Бар екен қазақтарда не сұлулар

           Баяғы Қозы Көрпеш – Баяндардай.

                                  /(Алғашқы әскер), 259/.

   Қазақтарда  не сұлулар бар  екен Қозы Көрпеш Көрпеш – Баяндардай деуінен ақынның ұлтымыздың ұл-қыздарымен мақтануы байқалады. Прецеденттік есімдер қатарына прецедентті топонимдер де жатады. Теңеулік құрылымдағы бұл атаулар ақынның еліміздің әсем көрінісін мақтан тұтудан туған. Сонымен бірге прецедентті топонимдерде көбіне ұлт тарихына қатысты мәліметтер бейнелі түрде салыстырыла суреттелген.  Мысалы, Ұлытау – қазақ халқының алтын бесігі, киелі мекені, “әлемнің орталығы” болса, ол ақын өлеңдерінде де осы қызметте жұмсалынған.

         Бұл жерде бүкіл қазақ түгенделіп,

         Біреуін бірі қайрап жігер  беріп,

        Жойылып жүзге бөлу, алауыздық,

       Жанындай жайған жасыл кілем керіп.

                                                   /(Ұлытау), 112/.

     Түйіндей келгенде, ақын өлеңдеріндегі  теңеулерде прецедентті есімдер  молынан кездесіп, прагматикалық  мақсатта жұмсалып, оқиғаның оқырманға  барынша әсерлі, бейнелі жеткізілуіне  себеп болып тұр және прецедентті  есімдер ақынның дүниетанымын білдірумен бірге, өлең жолдарының бейнелілік мәнін арттыруға қызмет еткен.

   Бірінші бөлімнің “Ақын өлеңдеріндегі сентенция-теңеулер” деп аталатын төртінші бөлімшесінде ақынның дүниетанымын, парасат-пайымын көрсететін сентенция-теңеулердің қызметі талдауға түсті.

   Кез келген суреткер өз ойы мен көзқарасын оқырманға әсерлі әрі бейнелі  етіп жеткізу үшін  тілдің экспрессивті құралдарын мейлінше уәжді қолдануға  тырысады. Көркем шығармадағы теңеулер адамның сезіміне ерекше әсер етіп, түрлі стильдік қызметте қолданылуымен құнды болып келеді. С. Мәуленов қолданған теңеулер ұлттың таным-түсінігін білдірумен бірге терең мазмұнды, ой-тұжырымды болып келген. Афористік қасиеті өте жоғары өлеңдерінде теңеулер ерекше қызмет атқарған. Салиқалы ой айтып, салмақты ой түйген мұндай теңеулер ақын өлеңдерінде өте мол кездеседі. Әлемнің тілдік бейнесін жасауда теңеулердегі сентенция құбылысының танымдық сипаты айрықша деуге болады. Қадыр Мырза Әлі шығармаларындағы сентенция құбылысын зерттеген А. Әділова “Сентенция дегеніміз – белгілі авторы бар, адам, қоғам өмірінің сан алуан қырын қамтитын, терең мазмұнды, көркем, әсерлі, кітаби-жазба әдебиетте ұшырасатын, мәні контексте ашылатын ықшам сөйлем (синтаксистік бірлік)”[7, 12] – деген анықтама береді. Мысалы:

      Айтылған сөз қисынсыз,

      Қаңғыбастай үй-күйсіз.

     Қисынды  сөз іздейміз

     Күндіз-түні  ұйқысыз. 

                       /“Айтылған сөз қисынсыз”, 442/.

   Ақын  қолданған теңеулік құрылымдағы  мұндай құбылыс белгілі бір оқиғаның түйіні мен қорытындысы болып  келген. Теңеулік құрылымдағы оқиға  түйіні: сөз қадірін білу, сөз  қадірін кетірмеу.

   Біздіңше, сентенциялық құбылыстың біразы теңеулік құрылым көмегімен жүзеге асатын тәрізді. Себебі айнала қоршаған ортадағы зат пен құбылысты салыстыру, теңеу арқылы ғана оның сапасы мен қасиетін бір-бірінен ажыратып, бағалауға, ой-түйін жасауға болады.

         Күлкілерде тұрғандай  уақыт күліп,

         Күлкілерде жатқандай бақыттылық.

         Бірақ, бірақ күлкі бар көлгірситін,

         Адам ұлын дарға асып,

                                                  атып тұрып. 

         Іштен үңгіп адамның жанын  жейтін,

         Күлкілер бар адамды жәбірлейтін.

Рекреациялық географияның мәні мен мазмұны