Салт-дәстүр балаға байланысты

Айдар

 

Айдар (ғұрып). «Тұлымдысын тұл қылды, Айдарлысың құл қылды» («Қобыланды»). Балалардың төбе шашын ұзартып өсіріп, моншақ араластыра өріп қояды. Мұны —«айдар» дейді. Бұрын ел бұл ғұрыпты көп қолданған. Мысалы Кенесарының інісі атақты Наурызбай батырдың айдары болған. Балаға Айдар деп те ат қойылады, ол осыдан шыққан. Бұл ғұрып ер балаға жасалады. Сәбилерге шаш орнына кекіл, тұлым да қойылады.

Алтыбақан

 

«Алтыбақан» (дәстүр, ойын).—«Бәрекелде, мына қызықты қара! Мынау ауыл алтыбақан теуіп жатыр» (М. Әуезов). Алтыбақан — ұлттық ойын болғанымен оның салт-дәстүрлік маңызы одан гөрі жоғары тұр. Кешкілік ауылдың қыз-жігіттері аулақтау жерге алтыбақан құрып ойын-сауық жасайды. Бұл жастардың өнерін, ойын, көзқарасын, танымын қалыптастыруда зор тәрбиелік қызмет атқарады. Әншейінде «қызға қырық үйден тиым» дейтін қазақтың қыздарын алтыбақанға жібермеуге хақы жоқ. Алтыбақанда жастар ән салып, түрлі ойын ұйымдастырып, түн ортасына дейін сауық жасайды.

 

Асату

 

Асату (дәстүр). «Есет атам ет асатар, Ет асатса бес асатар» (Жаңылтпаш). Ет желініп болғаннан кейін төрде отырған ақсақал табақта қалған етті жас балалар мен жігіттерге асатуға тиіс. Бұрынғы кезде жас балалар «ет асаймыз»— деп, қонақ келген үйдің маңайында жүретін болған. Мұндай халықтық дәстүрді жазушы С. Мұқанов кең насихаттап, қолданып, жалғастырып отырған.

 

Ат қою

 

Қазақ отбасында нәрестенің дүниеге келуіне байланысты қазақ  халқы ат қоюға ерекше мән берген. Бала дүниеге келгеннен кейін  нәрестеге үш күннен кейін атасы  мен әжесі немесе ауыл ақсақалы, кейде үлкен қуаныштың үстіне келіп қалған «құтты аяқ» құдайы қонақ  балаға ат қояды. Ат қою дәстүрінде халықтың ұлттық ерекшелігі, наным  түсінігі, салт-санасы, арман-мүддесі  айқын көрінеді. Ерте заманда қазақ  елінде қалыптасқан дәстүр бойынша  ат қоюшы адам баланың құлағына: «Сенің атын ... (баланың аты айтылады)», - деп үш рет қайталайды. Ат таңдаған кезде түрлі ырымдар, түсініктер, тілектер ескеріледі. Қазіргі таңда ат қоюды мешітке нәрестені алып барып молдаға қойғызады немесе молданы арнайы үйге шақыртып қойғызады.

 

 

Ауызына түкірту

 

Ауызына түкірту (ырым). Ертеден келе жатқан ырым бойынша қазақтар белгілі батырлар мен билерге, ақындарға, тағы басқа белгілі адамдарға жас сәбидің ауызына түкіртіп немесе оның отырған орнына аунатып алатын болған. Оның мақсаты - сәби сол адамдардай өнегелі кісі болсын деген ұғымнан туған.

 

Ашамайға мінгізу

 

Ұл бала қара табан болып, жетіге дейінгі жерден жейтін таяғынан құтылып, кез келген қурай мен  шыбықты ат қып айнала шаба бастасымен өзі құралпы қыздардан бөліне бастайды. Есіл-дерті дүзге, малға  ауады. Ал қыздар көбелек қуып, қуыршақ  жасап, сұлу көрініске үйір болып, үйден  ұзамауға тырысады.

Қашан да тағдырын малға  сүйейтін қазаққа осы малды бағу үшін бала керек. Бала болғанда — ұл.

"Бір ұлы бардың бір  ру елде малы бар, екі ұлы  бардың екі ру елде малы  бар. Үш ұлы бардың төрт ру  елде малы бар. Бес ұлы бардың  төбеден салған жолы бар, алты  ұлы бардың алладан басқада  несі бар" деп Еркенекті  Саршуаш би айтқандай, казақ  үшін баланың көптігі жақсы.  Баласы көп болса, той-томалақты  да көп жасайды. Олардың тез  ер жетуіне асығады. Біз сөз  етпек ашамайға мінгізу осы  асығыстың алды.

Ашамай — ердің қарапайым  түрі. Ағаштан жасалады. Кеңдігі  баланың ауына лайық. Алды-артында  ердің қасы сықылды сүйеніші бар. Үзеңгісі жоқ. Үстіңде жұмсақ көпшігі  болады. Осыны жуас атқа ерттеп, үстіне баланы мінгізеді. Ауыл қалмасын деп  басыңда қол-аяғын байлайды. Сонан  соң тізгінді балаға ұстатып, біреу  атты алдымен арқан бойы жерге, онан соң алысқа жетектейді. Сөйте-сөйте атпен баланың өзі жүреді, бір-екі күннен соң аяғын байламайды. Сонымен айналасы бір жетіде атқа жақындық қаныңда бар қазақ баласы ашамайды тастай сап ер-тоқымға мінеді. Үзеңгіге аяғы жетпесе, таралғыға салады.

Өмірінің қақ жартысы  ат үстіңде өтіп, ауы ерде тозатын, қамыт аяқ, қайсар қазақ алғашқы  ашамайға мінгізу тойын өткізеді.'

Бұл той әр әке-шешенің  шама-шарқына қарай болады. Байлар ірі-қара сойып кәдімгідей той жасайды. Кедейлері бүйрегі бітеу, ұлтабары толатыңдай майы бар лағын сойып, көршілеріне ырым жасайды. Әулеттілер күзде бие ағытып, сірге жияр бергенде бір құлынға ен салып, ашамайға мінген баласына бәсіре атайды. Жоқтар колындағы  бір биесінің алдыдағы құлынын алдын  ала атап қояды.

Қазақ үшін алдымен ашамайға, артынан тай-құнанға міну ат жалын  тартты деген сөз — азаматтың  бастамасы: Өйткені қазақ баласы ұдайы жаугершілікте өскеңдіктен  бе, әлде көшпелі өмірдің өзі қалыптастыра ма өмірге ерте бейімделеді. Ерте үйленеді. Мал соңынан ерте ілеседі. Бұл  тіршіліктін бәрі бұрын қазаққа  атпен бітетін. Сондықтан ашамайға мінгізу ерекше аталады, Осы ашамайға мінгеннен бастап ат құлағында ойнау, кебенек киіп, елдің шеті, боранның өтіне шығу, сауыт киіп, садақ ұстап жау-мен шайқасу, бәрі-бәрі ашамайға мінуден кейінгілер. Бұған бейімделмеген бала ер жеткенде:

"Астына ала шолақ  ат-мінгізсең, Алты ай мініп  арытпас. Қолына қырық найза,  оқ берсен, Дұшпанға бірін атып, дарытпас" — дегендей көп ынжықтың  бірі болып шығады. Ашамайға баланы  мінгізіп көрші-қолаң, жақын-жуық  жиналғанда бұрынғы даналардың  жоғарыдағыдай көсем сөздері  көп айтылады. Ондай ынжықтарға  ұқсамасын деп үлкендер балаға  бата береді. Ашамайға мінгізудің  бір жағы баланы баулу болса,  бір жағы осы батаны алу...

 

Бауырына салу

 

Баурына салу (ғұрып). Баласы жоқ адамдар біреудің баласын асырап алуы яғни «бауырына салуы» ежелден бар қағида. Мұның да жөн-жоралары бар. Мысалы, жаңа туған баланы асыраушы анасы шаранасымен етегіне салып алады. Қазақтың ежелгі заңы бойынша асыраушы адам жаңа туған балаға атын қойып, оң қолына асық жілік ұстатады. Асық жілік ұстаған бала сол үйдің баласы деп есептеледі. Кейде баланың өз әке-шешесі балаға таласқан жағдайда асыраушы адам «оң қолына асық жілік ұстатып едім ғой» деп дауласады. Бұл үлкен дәлел, куәлік есебінде жүреді. Алайда, бала қайтыс болған жағдайда оның туған әке-шешесінің, аты айтылып, жаназасы шығарылады. Кейде ата, әже өзінің бірінші немересін «бауырына салып» алады. Бірақ ол асырап алғанға жатпайды.

 «Бауырына салу» немесе  бала асырап алуда баласы жоқ  адамдар балалар үйінен сәбилерді  өз бауырына алу мен қатар  балалар үйінен сәбилерімізді  шетел азаматтарының асырап алуға  әкететіндері де кездесіп тұрады.

 

Базарлық

 

Базарлық (дәстүр). Алыс сапарға, саяхатқа, сауда жолына шыққан адамдар жерлестеріне, көрші-көлемдеріне, сыйлас адамдарына, жас балаларға ірілі-ұсақты сыйлықтар әкеледі. Оны «базарлық» деп атайды. Бұл жақсы көрудің, сыйластықтың белгісі және ескерткіш ретінде қабылданады.

 

Байғазы

Байғазы (дәстүр). —«Уа, сатира сарбазы, Алырнаңа байғазы!» (С. Әбілкәкімов). Байғазы — балалардың, жастардың жаңа киімі үшін (мысалы қамшы, шана, ер-тоқым) берілетін ақшалай, заттай сый. Байғазы сұраудың еш артықтығы жоқ.

Қазіргі таңда көп жағдайда байғазыны жеңіл көлік, үй (пәтер) немесе көрнекті бір зат алғанда  қайырлы болсын, жаңа үйге кіргенде үйінің іші құтты болсын деп жатады.

 

Бесік той

 

Бесік той (салт). Туған-туыстары жиылып, нәрестені бесікке салу дәстүрін өткізеді. «Бесік алып бару» - қазақтың бір жерге келін болып түскен қызы тұңғышын босанғанда орындалатын дәстүрі. Бесіктің жасауын қыздың анасы даярлайды. Оған қоса киетін, зергерлік бұйымдармен дастарқанға қойылатын тәттілерін салып алып барады. Алып барған китінің ішіне тоғыз түрлі заттар салады. Тоғызға бағалы киімнен бастап, ұсақ заттар да кіреді.

Тойға жиналған қонақтар асқа отырып, шүйіркелесе әңгімелесіп, құдағилармен танысады. Шай ішіліп, әңгімелер  айтылады. Сонан соң «бесікке салу»  басталады. Құдағилары алып келген бесікті  ашпас бұрын, сол үйдің басқа  келіндері көрімдік сұрайды. Бесікті  ашатын әйел көрімдігін береді. Жөргектен  шығарып, иткөйлек кигізетін сәбиді бесікке әйелдердің ішінен жас жағынан  болсын, мінез-құлық, іс-әрекет жағынан  болсын парасатты, бойы таза, инабатты, жөн білетін, ел-жұртқа сыйлы, балалы-шағалы болған бәйбішелердің бірі салады. Баланы бесікке саларда бесікті  аластау ырымы жасалады. Бұл отқа табыну дәуірінен қалған ырым. Баланы бесікке саларда бесікті саларда  қарт аналардың біреуі шымшыуырды отқа қыздырып, сонымен бесіктің басын, арқалығын  қарып кертеді. От пен оның исінен жын-шайтан, дерт-дербезе қашады мыс деп есептеген. Жаңа бесікке нәрестені бөлмес бұрын, бесікке салушы бесіктің жабдықтарын орындарына қойып, шашу ретінде алып келген шайлық тәттілері мен ұсақ, ақшалай сыйлықтарын араластырып, бесіктің түбек байлайтын тесігінен өткізіп, қолын тосқан әйелдерге «тыштыма» деп, үлестіріп береді. Жаңа бесікке олар байғазыларын береді. Әкелінген бесікке көріп отырғандар баға беріп, бесік әкелушілерге киіт беріледі. Құдағилар білезік пен жүзіктерін бір-біріне сыйлайды. Бесік жыры әндері айтылып, би биленіп, көңіл көтереді.

 

Жеті ата

 

«Жеті ата» (ғұрып), «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» (Мәтел). Әр адам өзінің жеті атасын білуі — көргенділік пен білімділігін, ата көргендігін танытады. Білмесе «жеті атасын білмейтін жетесіз»—деп сөккен. Жеті атаны үйрету әр ата-ананың басты борышы. Мысалы: өзі, әкесі, атасы, бабасы және онан арғы ата-бабасының есімдерін білу жеті атаны білу деген сөз.

 

Кіндік кесер

 

Кіндік кесер (салт). Ел ішінде "кіндік шешесі" немесе нәресте туған сәтте оның кіндігін кесетін әйелдер дайын тұрады. Кейде олардың "жол менікі" деп аталатын кездері де болады. Кіндік кесу - мәртебелі абыройлы іс. Байыпты әжелердің шешімімен кіндік кескен әйелге "кіндік кесер" кәдесі беріледі. Кейінде "кіндік шеше" деп аталатын әлгі әйел сол баланың анасы есепті құрметке ие болады. Кіндік баласын оның өз анасынан кем санамауы керек. "Кіндік шеше" кейін келіп бала үйінен өз қалауын ала алады.

Баланың кіндігі түскеннен кейін "елдің қорғаны болсын" деп ер баланың кіндігін ат шаптырым жерге апарып көмеді. Қыз "Отбасының тірегі болсын" деп от орнына немесе табалдырыққа көмеді.

 

Қалжа

 

Қалжа (ғұрып). «Менің сорлы шешеме қалжа қайда, Қой сат деп әкем шапты көрші байға» (С. Торайғыров). Жас босанған әйелге арнаулы мал сойылып, берілетін тамақ-«қалжа» деп аталады. Жақын адамдар да «қалжа» әкеледі. Бұл әрі сыйластық, кұрмет, әрі босанған әйел тез сауығып кетсін деген мақсаттан туған елдік дәстүр, ғұрып.

 

Құрсақ шашу

Құрсақ шашу (дәстүр). «Құтты болсын деді де, Құрсақ шашу жеді де, қайтадан халқы тараған» («Алпамыс»). Жас келіннің екіқабат болғаны белгілі болса, оның абысын-ажындары, енелері әйелдерді шақырып, құрсақ тойын (кей жерде «құрсақ шашу» дейді) жасап, оның аман-сау қол-аяғын бауырына алуына (яғни босануына) тілек білдіріп шашу шашып, дастарханды түрлі дәмге толтырып, сауық жасайды. Ғұрып бойынша бойына бала біткен келіншекті «күмәнді», «аяғы ауыр», «ішінде көжесі бар» деп тұспалдап айтады. Бұл сөздің мәнісі жас келін қысылып, ұялмасын, тіл-көздің сұғынан сақтасын деген ойдан шыққан.

Жас келін бала біткен соң  бойына ас сіңбей кұса береді. Әлдеқандай тағамға көңілі шабады. Мұны жерік  болды дейді. «Бәйбіше келді алаңдап, Жас беріше жалаңдап, Жерігі қанбай сандалды» («Алпамыс»). Мұндайда әйелдер жерік ананың көңілі қалаған асын табуға тырысады. Жерігі қанбаған әйел басы айналып, ауыра береді. Мұндайды «ит жерік» дейді. Қалаған асы табылып, жерігі қанған әйелдің құмары тарқап, ерекше сезімге бөленіп, денсаулығы жақсара бастайды. «Жерік асын жегендей қуанды» деген сөз осындайдан шыққан. Жеріктікті басудың тек анаға ғана емес, іштегі сәбидің де денсаулығына зор әсері бар. Мысалы жерігі қанбаған ананың балалары әлжуаз, аурушаң, кейде кем тууы да мүмкін. Сәбидің аузынан суы шұбырып жүруі де осындайдан болады дейді халық даналығы.

Халық екіқабат ананы да тәрбиелеу жолын әсте ұмытпаған. Оны мәпелеп, аялай білген, ренжітпеген. Бұл жөнінде жазушы Зейнеп Ахметова былай деп жазған: «Қарағым, биік тауға қара-көңілің өседі, көңілің  өссе-немерең кең пейілді болады, жайқалған шөпке, жайнаған гүлге  қара-сәбиің шырайлы болады, бұлақтың көзін аш, бала қайырымды болады»  деген секілді ұлағатты тәлімін  беріп, аналарымыз жас келіншектің таным-талғамын ұштап... баулыған». Міне бұл ұлттық ұғымның ұлағаты.

Дәстүр бойынша жас  келін босанғаннан кейін оның анасы әдейі келіп, қуанышқа ортақтасады. Бұл ананың басты парыздарының бірі.

 

Құрсақ тойы

 

Құрсақ тойы (салт). Жас келіннің бойына бала біткеннен кейін оны тіл көзден сақтау мақсатымен қамқор ана ауыл әйелдерін жинап, «құрсақ тойын» өткізген. Оған жиналған әйелдердің бәрі шашуларын әкеп келіннің үстіне шашқан, келінге бата-тілектерін білдірген. Бұл «құрсақ шашу тойы» деп аталған. Көптен бері – бала көтере алмай жүрген әйел бойына бала біткеннен кейін, әйелдің жақын араластың құрбылары, құрдастары (негізінен әйелдер) жиналып, «құрсақ шашу» ырымын жасайды. Ол үшін құрсақ көтерген әйел үйінде дастарқан жасайды, ал келген әйелдер ақша мата тәттілер және т.б. шашу ретінде әкеліп, болашақ нәрестенің аман-есен босануына тілектестігін білдіріп, шағын той жасалады. Оңтүстікте мұны «құрсақ той» деп те атайды.

 

Қырқынан шығару

 

Қырқынан шығару (салт). Ерте заманнан келе жатқан әдет қазақ туғанына қырық күн толғанда баланы қырқынан шығарған. Қырық күн өткеннен кейін баланың өмірінде жаңа кезең басталады деп есептелген, себебі қазақ халқының ұғымында қырық саны қасиетті сандардың бірі. Қазақ халқының ғұмырында 7, 9, 30, 41 сандары қасиетті деп есептеледі. Ұл баланы қырық күнге жеткізбей, болашақта үйленгенде қалын малы аз болсын деп, 37 не 39 күнде, ал қыз баланы қалын малы көп болсын деп 42 не 44 күнде қырқынан шығарған. Нәрестенің ит көйлегін шешкен күні, яғни қырқынан шығарған күні ауылдағы әйелдер жиналады, ішіндегі немерелі-шөберелі болған кемпірдің бірі, немесе абысыны немесе өзінен үлкен әйел қырқынан шығару ырымын істейді. Баланың қарын шашын қалаған адамына (ер адам немесе әйел адам) алғызады, одан кейін қырық қасық суды үстінен құйып тұрып, «отыз омыртқан жылдам бекісін, қырық қабырған жылдам қатсын» деген тілекті айтып шомылдырады да, баланы шешесіне береді. Бала шомылдырып ыдысқа шақырылған ауыл әйелдері 40 қасық су құйып, сақина, жүзік сияқты заттар салады, теңгелер салған суға баланы шомылдырып, сонан соң шашы мен тырнағын алған. Сақиналарды бала шомылдырған әйелдер өзара бөліскен. Кейбір қарт әйелге көйлектік маталар береді. Баланың қарын шашын алған еркекке де азын-аулақ сыйлық береді. Баланың қарын шашын алған соң тастай салмай, сақтап қояды. Баланың қарын шашын шүберекке түйіп, тұмарша етіп тігіп, баланың киімінің он иығына қадайды. Бала қырқынан шыққанша әлсіз болады. Сондықтан бір тал шашын тастамай, сақтау керек деп біледі. Ал тырнағын көміп тастайды.

Баланы қырқынан шығарғаннан  кейін, ит көйлекті шешкен соң, оған тәтті  бидай, жүгері қуырып салып, түйіп иттің  мойнына байлап жібереді. Ауыл балалары итті қуып жүріп, мойнындағы «ит көйлекті»  шешіп алып, тәттісін бөліп жейді. Ит көйлекті ырым деп, баласы жоқ әйелге береді. Онысы – барлық адамды қуантатын  баласы көп болсын дегені. Кейіннен бұл әдет ұмытыла бастады.

 

Құлақ тесу

 

Қыздың құлағын  тесу – дәстүрге енген ежелгі ғұрыптың бірі. Әдетте бойжеткеннің немесе балиғатқа толған қыздың (9 жас, кейде одан да ертерек) құлағын тесу үшін қыздың шешесі, жеңгелері, апалары жиналады. Құлақты уқалап, жанын кетіріп, қыздырылған жуан инемен немесе кәдімгі тарымен теседі. Ол үшін екі тарыны құлақтың екі жағынан бірінін тұсынан бірін дәл келтіріп қысады. Бір қызығы тесілген құлаққа қызыл иттің жүнін есіп өткізеді. Үлкен кісілер иттің жүнін өткізсе «құлақ іспейді, қотырланбайды, жара түспейді» дейді. Халық ұғымында қыздың құлағын тесу – оны сүндеттеумен бірдей деген қағида бар.

 

Сатып алу

 

Сатып алу (ырым, салт). Біреудің баласы туысымен шетіней берсе, яғни баласы тұрмаса, онда одан кейін туған баланы "сатып алатын" ырым бар, бұл ырым былай жасалады. Елдегі бақсы, балгер, кемпір әлгі үйге келіп, "менің баламды ұрлап алыпсыздар, өзім аламын" деп нәрестені ата-анасының наразылығына қарамастан алып кетеді. Бір-екі күннен кейін баласының әке-шешесі әлгі кемпірге барып, "бала сатып алады". Кемпір баланы керегенің астынан алып береді. Сөйтіп, бұл бала "сатып алынған бала" болып саналады. Баласы тұрмай жүргендерге бұдан басқа да жасалатын ырым бар. Мысалы, әлгіндей "баланың өмірі ұзақ болсын" деп жеті кемпірдің екі аяғының арасынан өткізіп алады.

Сүндет той

 

Сүндеттеу (салт). «Һәм оның атқа мінер сүндет тойы, Тойға сойған үйінің жылқы, қойы» (С. Торайғыров), бұрыннан келе жатқан дәстүр. Ең бірінші Ыбырайым пайғамбар мен оның ұрпақтары сүндеттелген және сүндетке отырғызу Құдайдың берген өсиеті болған. Қазақ халқында бұл салт-дәстрге айналған. Халықтың түсінігі бойынша, сүндетке отырғызудың мақсаты – бала ер жетіп, азамат болды дегенді білдіреді. Қазіргі күні қазақ халқы осы салтты «Сүндет той» деп, көп жерлерде үлкен той жасап, атап өтеді. Сүндетке отырғызылған балаға тай мінгізіп, келген қонақтары сыйлықтар сыйлайды. Бұрынырақта атқа жабу жауып, ашамай салып, сүндетке отырғызылатын баланы отырғызып, алдына қоржын іліп, туған-туыстарын тойға шақыртуға шығарған. Қазіргі кезде арнайы шақырту билеттерін жасап, оның сүндетке отырғызылатын баланын суретімен шығарады немесе ауызба-ауыз шақырылады. Той басталғанда кейбір жерлерде, арнайы ұлттық киім киіндірген баланы атқа отырғызып, жиналған қонақтардың алдына шығарады. Отырғызатын атын өрнектелген кілемше жабулармен безендіреді. Шашуларын шашып, байғазыларын береді. Тойды өткізетін асаба қонақтарын жайғастырып отырғызып, тойды бастайды. Той бастар өленімен келген қонақтарын қарсы алып, тілектерін айтқызады. Тойға арнайы келген жақын туыстары тілектерін айтып, сыйлықтарын сыйлайды. Би билеп, өлендер айтылып, ойындар ойналады. Қазіргі кезде баланы сүндетке отырғызуда хирург-дәрігердің көмегімен немесе дәрігер болмаған жағдайда сүндетке отырғызуды білетін адамға жасатады. Мұндай адамды қожа деп атайды және көбіне-көп қолы жеңіл адамдарға жасатады.

 

Тымаққа салу

 

Тымаққа салу (дәстүр). Ел арасында «шала туып тымаққа салып өсірген екен» деген сөздер жиі естіледі. Халықта әдетте шала туған сәбиді осылай өсіретін ғұрып бар. Оның себебі шала туған сәби ұстауға, бесікке салуға келмейді, тымақ жылы, әрі бөлеуге ыңғайлы болады. Және сәбидің неше күні кем болса, сонша күн керегенің әр басына ілініп қойылатындықтан күн кереге басы арқылы есептеледі. Мысалы: қырық күн кем болса, керегенің қырқыншы басынан кейін бала тымақтан алынып, әдетте жаңа туған баланың рәсімі жасала бастайды. Айталық, ат қою, бесікке салу т. б. (Егер бала қыста туса, онда үй қабырғасына бірнеше жерге шеге қағылып ілінеді.)

 

Тіл ашар

 

Тіл ашар (дәстүр). Тіл ашар тойына арнап шашу шашады. Әр отбасы баласы жеті жасқа толған соң медресеге, мектепке оқуға береді. Бұл да бала өміріндегі елеулі оқиға, есте қаларлық елеулі кезең. Осы күні балаға жаңа киім кигізіп, оқу жабдықтарын дайындап, шағын той өткізеді. Мұны дәстүрлі "тіл ашар" тойы деп атайды. Үлкен-кішілер балаға өсті, азамат болды, "ғалым бол, ақын бол" деген сияқты тілек білдіріп бата береді. Жаңа киіміне байғазы, тағымдар ұсынады. Бұл тәрбиеден бала өскендігінің белгісін сезінеді, оқуға құмарлығы артады.

 

Тұсау кесу

 

Тұсау кесу (салт). Бала бесіктен белі шығып, еңбектеуден өткен сон аяғын қаз-қаз баса бастайды. Нәресте 9-12 айлығында қаз тұрып, алғаш жүруге талпынады. Өз аяғымен туған жерінің топырағын басып, із түсіріп, өз көзімен алдына қарап таң-тамаша болады. Бұл баланың ең алғашқы талпынысы, тіршілігі. Мұны ежелден түсінетін қазақ баласының келешегіне ақ жол тілеп, тұсау кесер жасайды. Бұған да мал сойып, жұрт жияды. Баланың анасы ала-құла шуда жіптен екі-үш қарыс дайындап, оны ауылдағы бір желаяқ пысық әйелге "Ал сен кес. Өзіңдей пысық болсын" деп ұсынады. Ол кісі ала жіпті баланың екі аяғына тұсауша байлап, сонан соң ортасынан кеседі. Бала анадайдағы апасына қарай тәлтіректей жөнеледі.

Міне, осыдан бастап кішкене  қазақтың өмір жолының алғашқы ізі  жер бетін шимақтайды. Тұсау кесу қазақтың өмір сапарының сәтті болуы  үшін ақ ниет пен жасаған ырымы, құдайға  деген құлшылығы.

Осы арада "баланың аяғына не себепті ала жіп байланады, қара, қызыл, көк жіп неге байланбайды?" деген сұрақ тууы мумкін.

Бұның мәні мынада: казақ  баласын сөзді естіп ұға алатын, айтқаңды ептеп істейтін кезінен  — осы тұсауы кесілгеннен бастап ұрлыққа, зорлыққа, жырыңдылықка барма, жолама деп баулиды. Біреудің ала  жібін аттама, бүлінгеннен бүлдіргі алма дегенді әу бастан-ақ құлағына сіңісті етеді. Аяқтағы жіптің ала  болуы да, оның кесілуі де жоғарыдағыларға  жолама, ондайдың жолын қолыңнан келсе  кес, дүниенің азы біреудің бір құлаш  жібіне ең құрығанда бұзауға бас  жіп болар ма деп қызықпа, түс  ауындағы жіпті кескендей оңдай  арам кезіксе кесіп-құртуға тырыс  дегені. Бұл — екінші себебі.

Біріншісі бастағы айтқанымыздай  баланың келешегіне жол ашу, ақ жол  тілеу.

 

Тұлым қою

 

Тұлым қою (ғұрып).—«Сәрсеке! Көңілге солай екен дұрыс та ғой, ләкинде шариғатта балаға тұлым қою дұрыс емес» (М. Дулатов). Баланың (ұл, қызды) кішкентай кезінде шашын өсірмей екі шекесіне екі шоқ шаш қояды. Мұны «тұлым» деп атайды. Тұлым көбінесе қыз балаға қойылады және ол сәбиге лайықты ғұрып.

Шілдехана

 

Шілдехана (салт). Жаңа туған нәрестенің құрметіне арналған той. Шілдехана – үлкен қасиетті күн. Келін босанып, үйге келгеннен кейін мал сойып, көрші-қолаң, ағайын туыс, аға-жеңге, келіншектерді шақырады, көбіне әйелдер келеді. Шілдеханаға арнайы шақырумен де, шақырусыз да келе беретін болған. Бұл тойда «балаңыздың бауы берік болсын» деген құттықтау айтылады. Негізінен шілдехана үй иесінің жағдайына қарай үш күнге созылады. Шілдеханаға келген қонақтар таң атқанша жаңа туған нәрестені, оның анасын ардақтап ән салып, домбыра тартып, ойын-сауық ұйымдастырады.

Келген күні баланы шілде  суға түсіреді. Анадан шыққаннан кейін ол тазару керек. Әдетте шілде суынан жара шықса жағу үшін кейінге сақтап, алып қояды. Итаяқ – баланы шомылдыру үшін пайдаланылған ыдыс. «Итаяққа салды ма?» деген сөз содан қалған. Оған ақша-тиын, сақина-білезік салады, баланы суға түсіріп болған соң оны келіндерге бөліп береді. Әйелдердің «Маған итаяқтан ақша қайда?» деп айтып жататыны осыдан.

 

Шілдеқаққан

 

Шілдеқаққан (ырым). Қазақша "әр бала туған сайын анасының бір тісін ала түседі" деген шындыққа сай келетін бір қағида бар. Анығында жас босанған әйелдердің тісі түсіп қалатыны бар. Бұны "шілдеқаққан" дейді. Бұл жас ананың өз күтіміне де, денсаулығына да байланысты болады. Ырым бойынша жас босанған келіншек итке "кет" демейді. Онда тісі түсіп қалады дейді халық сенімі. Халық тәжірибесінде бұл да жай айтылған сөз болмауы керек. Өйткені халық ырымы мен тыйымының бәрін бекерге орынды іс емес.

Шідерге сигізу

 

Шідерге сигізу (ырым). «Шідерге симеген неме! (сөгіс)» Қазақ халқы бала 4-5 жасқа толғаннан кейін сүндеттеу, ашамайға мінгізу, тігін тігу, жүн түту сияқты еңбекке баулып, ұлттық әдет-ғұрыптарды түсіндіріп, оны жүзеге асыра бастайды. Соның бірі еркек балаларды шідерге сигіздіру. Бірнеше адам бас қосып балаға «сен енді азамат болдың, шаруаға ыңғайлы бол» деп бата беріп, алдына шідер тастап оған сигізеді. Бұл ырым бала еңбекқор, іске бейім болсын деген ойдан туған. Шаруаға икемсіздерін «шідерге симеген неме» деп сөгеді, күстаналайды.

 

Қазанжарыс

 

«Қазанжарыс» (ырым).— Әйел босанар сәтте басқа әйелдер қазанға жеңіл-желпі тамақ істеп оны босанатын әйелден бұрын пісірмек болып «жарысады». Халық ұғымы бойынша туатын бала «қазан жарысқа» «қатысып», одан бұрын өмірге келуге тырысады деп түсінген.

Тоқым қағу

 

Ашамайға мінген соң іле-шала бәсіресіне мінген бала бірінші рет  үйінен алысқа жолаушылағанда әке-шешесі бір малын сойып, оның тоқым қағарын  өткізеді.

"Қазақта мектеп те жоқ, Медресе аз. Надан, балалары тәрбиесіз"— деп ат кеудесімен басып кете жаздатып жүргендер — шетінен тойдала, пілге үрген иттей, олар қанша үрсе де түйенің үстіндегі қазақты қаба алған жоқ. "Тоқым қағу" соларға қаққызбаудың, соғысса женілмеудің алғашқы сабағы.

Біз осы "тоқым қағарға" дейін баланың он жас айналасындағы кезін сөз еттік. Бұған дейінгінің бәрін қазақ балалық кез дейді. Жүген-құрықсыз дербес шақ дейді де, оннан аса еңбек мектебіне кіргізеді, оқытады. Біз бұны қазақтың жасты бөлуімен түсіндірейік.

Қазақ ұлы оннан асысымен қозы жасы атайды. Бұл шақта баланың міңдеті, істейтіні — қозы бағу. Бұл еңбекке баулудың қазақша бастауыш класы іспетті. "Қозы жасы" атауы да содан.

Жоғарыда өзіміз сөз еткендей қағаз-қалам ұстап партада отырған оқушысы болмағанымен, өрісте қолына ақ таяқ ұстап, еңбекке шынығып жүрген баласы бар қазақ бір жағынан зиян тартса, бір жағынан пайда тауып жатады. Түбінде оқу-ғылым теріс емес қой. Бірақ түйенің өзі — түйе, құмалағы түйе болмайтынындай, оқығанның бәрі ойлаған жерден шыға бермейді... Ал қозы жасы деп аталатын еңбек мектебіндегілер шетелдікке қанша айтқанмен бейім келеді.

Бұл арада біз оқудан ат-тоңды ала қашудан аулақпыз. Әңгіме қазақтың ертедегі әлқиссасы жөнінде болып отырған соң, сол кездегі қазақтардың бала тәрбиесі, оқытуы болмады дегеңдерге ескерту жасау ғана.

Өйткені казақ балаға жастайынан қатал қараған, баули білген. Кей халықтың қозы жасындағылары сары далада сарылып қозы бақпақ тұрғай, жеңіл-желпі киініп есік алдына шықса ауырып қалады.

Алматының кейбір биік үйінен басқаны көрмеген он жасты қойып, жиырмадағы баласы ауылға келгенде отын бұтай алмай тыраңдап жатқанына талай куә болғанбыз.

Қазіргі халыққа қозы жасындағы  балаға жүз қозыны итарқасы қиянға апарып жаю өте қиын көрінгенімен, ол кезде ол жастағыларға онан жеңіл жұмыс жоқты.

Бәсіре

Бәсіре - қазақ шаңырағында дүниеге ұл бала келгенде, сол күндері туған құлынды немесе ботаны нәрестенің бәсіресі деп атау салты. Қазақ халқының ұғымы бойынша, дүниеге келген баланың болашағы өзіне атаған бәсіремен тығыз байланысты. Сондықтан оны мінбейді, сатпайды. Бәсіре мүмкіндігінше жүйрік, жорға әрі біреу болғаны дұрыс. Бәсірені баламен бірге қадағалайды, бұла қып өсіреді. Есейе келе бәсіресі бар баланың да малға деген ықыласы, пейілі түзу болады.

"Жастайынан бағып ем,

Бәсіре ғып торы тайым" Х.Талғаров[1]

 

 

Тақырып 10 Дәстүрлер

Дәстүрлерді зерттеуге қолайлы  болу үшін оларды арнайы топтарға бөлуіміз керек: шаруашылық, күнтізбелік сипаттағы, өмірлік.

10.1 Өмірлік циклдің дәстүрлері  өткен тарихымыздың сырларын  терең түсінуге мол мүмкіндік  береді.

-Баланың өмірге келуі  (туғандағы дәстүрлер, ат қою,  бесікке салу, қырқынан шығару);

-Инициациялар (тұсау кесер,  сүндет, атқа мінгізу т.б.);

-Жастық класстар (терминология, мүшел жас);

-Үйлену тойы (некеге отыру,  неке, ұрын келу);

-Балаларды тәрбиелеумен  байланысты дәстүрлер (ойындар,  дене шынықтыру, шаруашылықтың  тәжірибелік дағдылары, аңға баулу,  өнерге баулу, үлкендерді сыйлауға  тәрбиелеу);

-Қайтыс болғанда орындалатын  және жерлеу дәстүрлері (жуындыру, өлікті киіндіру, қайғының белгілері,  құрбан шалу, жерлеу, көңіл айту).

10.2 Шаруашылық циклдағы  дәстүрлер көбінесе ауылшаруашылық  жұмыстарына қатысты ұнататын  істерімен

 

 

Әдебиеттер

 

1 Абуль-Гази. Родословное древо тюрков. Сочинение Абуль-Гази, Хивинского хана. (Пер. и предисловие Г.С. Саблукова, с послесловием и примечаниями Н.Ф. Катанова. – Казань, 1906).  –  М. : Ташкент-Бишкек, 1996.   – 358 с.

2 Агаджанов С. Г. Очерки истории огузов и туркмен Средней Азии IX-XIII вв.  – Ашхабад, 1969. – 483 с.

3 Аджигали С. И. Генезис традиционной погребально-культовой архитектуры Западного Казахстана /на основе исследования малых форм/.   –Алматы, 1994.   – 258 с.

4 Аджигалиев С. И. Особенности  мемирольной эпиграфики Западного  Казахстана // изв. НАН РК. Серия  философическая, 1994. – №1. – 84 с.

5 Амангелді А. Ұлттану.  – Алматы, 1998. – 155 б.

6 Акишев К. А. К проблеме происхождения номадизма в аридной зоне древнего Казахстана // Поиски и раскопки в Казахстане.   – Алма-Ата, 1972.  – С. 31  – 46.

7 Акишев К. А. Курган Иссык. – М., 1978. – С. 55.

8 Ақтаев С. А. Аруақ  деген не? «Білім және еңбек». – Алматы, 1974. –  146 б.

9 Ақатаев С. Н.  Культ  предков у казахов и его  этногенетические и историко-культурные  истоки. Дисс. канд. ист. наук. – Алматы, 1973. – 25 с.

10 Алимбай Н., Муканов М.С., Аргынбаев Х.Традиционная культура жизнеобеспечения казахов. Очерки теории и истории. – Алматы, 1998.    – 324 с.

11 Алекторов А. Е. Бакса  (Из мира киргизских суеверий) // ИОАИЭ, 1900. – Т. 16. – Вып 1. – Б. 32 –33.

12 Ал-Якуби. Қитаб  ал-Будая. В кн: Материалы по  истории туркмен и Туркмении. – М., Л., 1939. – Ч.1. – 150 с.

Салт-дәстүр балаға байланысты