Сөйлеу техникасын меңгерудің жолдары

3.1. Сөйлеу  техникасын меңгерудің жолдары

Кез келген өнердің  өзіне тән ерекшеліктері болады. Өнердің өзіне тән пәні – өмір шындығына адамның эстетикалық  қатынасы, ал басты мақсаты  –  дүниені көркемдік тұрғыдан бейнелеу.

Сөйлеу мәдениетімен қатар, сөйлеу техникасының да маңызы зор. Сөйлеу техникасы дегеніміз  – тек, әдемі үн, шыныққан дем, анық сөз ғана емес, сонымен қатар, мән  – мағынамен байытылған техниканың  өзі де үлкен өнер.

Сөйлеу техникасы  адамның ішкі дүниесін сөз арқылы ашып, тек қана жаттап алу емес, терең оймен, үлкен сезіммен сезіну.болып табылады.  Кейбір актерлер тез сөйлейді немесе мәтінді не өлең  жолдарын төменгі дауыстан бастайды. Ондай актерлар тұрмыстық пьесаларды ойнай алса да, лирикалық нәзік ойларды жеткізе   алмайды.

Студенттерге жеңіл жаттап алатын әрі тез ұғына алатын баяндау тәсілмен жазылған, диалогы аз,ойы тұжырымдалған прозалық шығармадан беріледі. Көркем шығарманың құдірет күші  –  біздің ішкі  жан дүниемізді оятады. Студентке пайдасы  – оның ішкі есту қабілетін арттыруға ықпал ететіндігінде.

Адамның өмірі  оның іс  – әрекетімен, сыртқы тәрбиесімен  ғана қызықты болмаса керек. Адамның  адамдық қасиеті ішкі әлемнің  байлығымен немесе жұтаңдығымен көрінеді, сонымен таразыланып бағаланады. Сондықтан да, көркем шығармалардың  кейіпкерлері бізге өзінің дүниетану жөніндегі түсінігімен қымбат. Жаттығу жұмыстары үшін кейіпкерлердің алуан түрлі өмір құбылыстары жөніндегі жағымды   – жағымсыз көзқарасы айқындалған, оның ішкі дүниесін ашып көрсететін әдеби мәтіндер, шығармалар аса маңызды. Жаттығу барысында өлең шумақтарын пайдаланудың маңызы зор.

Өлең  – еркін  сөйлейтін жай сөздер тіркесі  ғана емес, ырғағы мен ұйқасы белгілі  қалыпқа түскен, шумағы мен бунағына дейін белгілі тәртіпке бағынатын  нақтылы сөздердің тізбегі, Абай айтқандай, «сөздің патшасы, сөз сарасы». Өлеңдегі әр сөз адамның жан дүниесімен, көңіл күйімен, сезім толқындарымен шумақ пен бунағында көл  – көсір сыр ұялап, сезім шалқып жатады. Өйткені, өлеңдегі әрбір дыбыстың мәні сөз мәнін әрі толықтырады, әрі ауыстырады.

Көк ала бұлт  сөгіліп,

Күн жауады кей  шақта.

Өне бойын егіліп,

Жас ағады аулақта.

 

Жауған күнмен жаңғырып,

Жер көгеріп, күш  алар.

Аққан жасқа  қаңғырып,

Бас ауырып, іш жанар... (Абай.)

Бұл   –  адамның көңіл  – күйін табиғат  құбылыстарымен салыстыра егіздеудің, яғни, психологиялық  параллелизмнің классикалық үлгісі. Ақын жаздағы жаңбыр мен адамның көз жасын қатар суреттей отырып, екі түрлі шындықты танытады. Сол арқылы шынайы философиялық  түйін шығарады.

Екі жаяу келеді:

Біреуінде керек бар, лүпілдеген жүрек бар;

Біреуінде күрек  жоқ, жүрек бар да, күрек жоқ.

Бірі шаршап келеді, күні бойы жер қазып;

Бірі шаршап келеді, жолдасына ор қазып.

Бірі үй сап, сол үйдің жылынуын тілейді;

Бірі  –  орға досының жығылуын тілейді.

Екі жаяу келеді, ортасында – бір күрек;

Сол күректің астына қашан түсер сұм жүрек.

(Е. Ибраһим.)

Бұл ақиқат –  өмірдегі жақсылық пен жамандықты, солар қалыптастырған екі түрлі  бітімді, осылардан туатын адамдық  пен зұлымдық туралы екі түрлі  ұғымды жарыстыра егіздеу.

Оны көрерменге астарлап, әрекетті сөзбен жеткізу.

Сондықтан, өнер адамына ең қажеттісі   – дауыс  техникасымен жаттығу керек. Актер  боламын деген адамға сөз техникасы:

  1. Шығармашылық диапазонын кеңейтеді;
  2. Әрбір рөлді шебер етеді;
  3. Іштей белсенділікке және шеберлікке үйретеді;
  4. Тіл мәдениетін толық меңгеруге үйретеді.

Сахнада сөйлеу үлкен өнер болып табылады. Кейіпкердің  ойын, жүрек сезімін, толқынысын өз сөзіндей етіп жеткізу, сөйлеу ережелеріне  нұөсан келтірмей, драматургтың ой  – тебіренісін айна  – қатесіз, көрермен құлағының құрышын қандырардай етіп жеткізу  – ең қиын нәрсе.

Білімді әрі  мәдениетті адамдар үшін бабына келтіріп, дұрыс сөйлеу,сауатты жазу қандай міндет болса, сөздерді дұрыс айту актерлер үшін де сондай маңызды.

Ал өз дауысын  меңгеруі өз тынысына, сөйлеу мөлшерінің қызметіне,интонацияға, сөйлеу шапшандығына, паузаға,дикцияға байланысты. Сөйлеу техникасын жете түсінген актер драматург туындысының қасиетін, оның асыл құнарын тап басып жеткізуді қамтамасыз ете алады.

Дикция,тыныс,дауыс,орфоэпия, ауызекі сөздің логикалық интонациялық заңдылықтары  – міне, осының бәрі сөйлеу шеберлігінің маңызды да қажетті қырлары.

Сахна тілін  меңгерген кезде, сөз бен ойдың  тығыз байланысына, мағынасына жете көңіл бөлу керек.Сондықтан, актерді  рөлдегі кейіпкердің сөз саптауына үңіле отырып, автор ойынан әсте ауытқымай, сол ойдың түпкі мәнін айшықты боямен бере білуге баулу қажет.

Осыдан келіп,сахна  тілі сабағының басты міндеті  шығады. Ол –рөлді  орындау барысында  актерді сөйлеу шеберлігіне үйрету. Студентпен алғашқы кезден ақ жұмыс істей бастағанда, драматургиялық материалдарды орындаған кезде олардың сөзін қалт жібермей, үнемі қадағалап отыру керек.

Актерлік мамандықты таңдаған адам біздің ана тіліміздің табиғатын, қалыптасып және жетілген сөйлеу нормаларын жақсы білу қажеттігін түсіну керек. Сөздің дыбысталуында сөйлеу актісі бірдей бола бермейді. Сөйлеу барысында немесе жазғанда, оқығанда сөздер бір – бірімен үйлесіп жатады. Мұндай үйлесімдік  – қазақ тілінің ғасырлар бойы қалыптасқан қасиеті.

Сөйлеген кезде сөздің ішіндегі, не болмаса, сөздердің аралығындағы дыбыстар бір –біріне әсер беріп отырады.Яғни, бір – бірінің ыңғайына көніп, өзгеріп айтылуы да мүмкін. Сондықтан да, дыбыстар үндестігін сақтау  – сөйлеп тұрған адамның құлағына жұмсақ тиіп, сөзіне әуенді үн береді.

Себебі актер  болсын, көркемсөз шебері болсын сөзді, сөз құдіретін өздері ғана ұғынып, бағалап қоймай, оны тыңдаушысының  сезім түйсігіне жеткізе білуі  керек.Өйткені, дауысы жақсы болғанымен,сөзі анық болмаса,онда өнердің құндылығы  жойылады.

Проза – қазақ  әдебиетінде кейінірек туған, бірақ  орасан зор шапшаңдықпен дамыған  сала.А.Құнанбаевтың ғақлиясы мен Ы.Алтынсариннің  әңгімелері,С.Көбеевті «Қалың мал» және С.Торайғыровтың «Қамар сұлуы» жас  жанрдың алғашқы тәжірибелері ғана болса, тарихи жағынан қысқа мерзім ішінде Б.Майлиннің, М.Әуезовтің, С.Мұқановтың,Ғ.Мұстафиннің,Х.Есенжановтың, Ә.Нүрпейісовтің күрделі шығармалары арқылы көп ұлтты үлкен әдебиеттің биік төрінен орын алды.

Көркем әдебиет  тілі екі түрлі екендігі белгілі:

    1. Еркін құбылыстағы тіл,яғни, проза  – тікелей,тура айтылған сөз;
    2. Белгілі бір тәртіпке бағынған,тізбекке түскен тіл.

Актер мен кейіпкердің  арасындағы алшақтық жойылып, қимылдары, күлгені және жылауы секілді көңіл  – күйді білдіретін сәттерә шынайы шығуы тиіс. Көркем шығарма болсын,өлең шумақтары болсын,олардың мәтіндерімен нақты және толық жұмыс істеу қажет. Өйткені, сөздерді айтқанда әртүрлі себептермен болып жатқан қателіктер, сондай  –ақ, жайсыздықтардың бірі –қазақ тілінің фонетикалық заңдылықтарының бұзылуы болып табылады.

Өнер адамдары өзінің ішкі дүниесін сөз арқылы ашып,сөз  құдіретіне терең ой жүгіртіп, үлкен  сезім деп қарауы керек. Олай болмаған жағдайда актерлер тұрмысы қарабайыр  оқиғаларды ғана баяндайтын пьесалардың  жеңіл – желпі жүгін көтеруден  аса алмай, кәсіби тұрғыда өспей қалады. Ондай актерлер жалпы адамзаттық  мәселеге құрылған,мәңгілік тақырыптарды қозғайтын күрделі шығармаларға келгенде кібіртіктеп,үлкен ой айтуға жарамай, кәсіби осалдық танытады.

Адамдар арасындағы қарым –қатынас қайнаған өмір екенін сахнадан жеткізі білу,сөз құдіретін түсініп сөйлеу үлкен өнер, қажырлы еңбек екенін ұмытпаған жөн.

Сондықтан, артиске  ең қажеттісі –сөз техникасын меңгеру.Яғни,сөзбен жұмыс істеу. Дауысты және дауыссыз дыбыстармен жаттығулар жасау өте  пайдалы.

Мысалы,алдыңғы  сөз дауысты дыбыспен аяқталатын болса, келесі сөздңғ басындағы дауыссыз дыбыстар ұяң дауыссыз дыбыстарға айналады.

 

 

 

 

Жазылуы:     Айтылуы:

Ай қабақ     Айғабағ

Ала кет     Алагет

Астана қаласы    Астанағаласы

Қара құм     Қарағұм

Көк ала     Көгала

Жезқазған     Жезғазған

Азан – қазан     Азаңғазан

Жылан көз     Жылаңгөз

Қой көз     Қойгөз

Қай – қайдағы    Қайғайдағы

Сөз басында  келген дауысты дыбыстар алдындағы  дауыссыз дыбыстарды ұяң дыбыстарға «жұмсартады». Сөйтіп, дауыссыздар  ұяңдап естіледі.

Жазылуы:     Айтылуы:

Қожақұл     Қожағұл

Сексеуіл     Сегсеуіл

Оймақ ауыз     Оймағауыз

Шекара     Шегара

Көк орай шалғын    Көгорай шалғын

Желге қарсы       Желгеғарсы

Үйге қарай     Үйгөғарай

Елу қаралы     Елүуғаралы

Екі қайтара     Екіғайтара немесе екқайтара

Үй қасында     Үйғасында

Қазақ тіліндегі  ұ, ү, о, ө еріндік дыбыстары сөз  басында да, бірінші буында да, кейінгі  буындарда да кездеседі. Олар ы, і, е  дауысты дыбыстары ұ, ү, ө дыбыстарына  жуықтап айтылады. Мысал ретінде  келтіретін болсақ:

 

 

 

 

 

 

 

Жазылуы:     Айтылуы:

Түтін      Түтүн

Жүйрік      Жүйрүг

Күміс      Күмүс

Үскірік     Үскүрүк

Баса көктеп     Басагөктеп

Келе – келе      Келегеле

Қара – құра      Қарағұра

Қора – қопсы     Қорағопсы

Қаракүйе     Қарагүйө

Екі сөзде дауысты дыбыстар келсе, онда соңғы дауысты дыбыс алдыңғы дауысты дыбысты «жұтып» қояды.

Жазылуы:     Айтылуы:

Бара алмады     Баралмады

Бармап па еді     Бармаппаеді

Келе алмады     Келалмады

Қарға адым                Қарғадым

Айта алмады     Айталмады

Сары арқа                Сарарқа

Жоғарыдағы  мысалдан сөйлеу барысында сөз ішіндегі немесе сөздер аралығындағы дыбыстар бір – біріне әсер ететіндігін  көреміз. Олар бір- біріне өз ыңғайы бойынша  өзгеріп отырады. Бұл ретте дыбыс  үндестігін сақтаудың маңызы зор. Өйткені, дыбыс үндестігін сақтау барысында тыңдаушыға жұмсақ естіліп, сөзге әуенді үн береді.

 

3.2. Тыныс алу  жүйелерінің жұмысы

Тыныс дегеніміз  – дыбыстың қуат- күші және күре тамыры болып есептеледі. Актер не болмаса көркемсөз шеберінің табиғи дауысының жарқын да жайлы, ашық та анық, сұлу да сүйкімді шығуы, оның қалай тыныстап, қалай дем алуына тәуелді болады. Адам өз демін, әрине , саналы түрде ыңғайына қарай еркімен пайдалана алады. Дұрыс дем алу, адамның дем алу заңдылықтарын сақтай отырып жаттығуына байланыстыөз ағзасын өмірлік процестерінің қалыпты жұмыс стеуіне көмектеседі. Жалпы көңіл – күй жағдайын ғана емес, сонымен бірге, дыбыс шығару жүйелерінің шаршағанын қолмен сылып тастағандай әсер етеді, оның қызметін жақсартады.Тынысты ұтымды пайдалану актер дауысын байыта түседі. Оның денсаулығына игі әсерін тигізеді. Ал, керсінше, «бос рәсуә ету» сөздің берекесін кетіріп, дауыс жүйесін кеселге ұшыратады.

Тыныстаудың мынандай тәртібін ұстанған жөн: демді ішке тарту  – демді сыртқа шығару – екі  аралығындағы сөзді сабақтау – демді ішке тарту.

Тыныс алуды  бақылауды тиянақтауға бола ма?

Алдымен демді  ішке тартып, одан кейін дем алу  керек. Қалған деммен бір шумақ қысқа  өлең жолдарын айтып көріңіз.

Біріншісі –  дауыс шыққынға дейі дем сыртқа қандай бұлшықет есебінен шығады?

Екіншісі - өлең жолдарын оқыған кезде тыныс жүйесінде  қандай өзгерістер болады?

  1. Тыныс алу жүйелерінің жұмысын техникалық жаттығулар жасау арқылы тексеруге болады. Мысалы, доп ойнап жүріп, секіріп жүріп немесе  қылыштасып, семсерлесіп.
  2. Осы жатттығулар барысында студент ентігетін болса, дем алуды сақтамайтындығын ескеруге болады.

Студент өзінің дауысын жолға қою барысында  өзіндік жеке жаттығулар жасау керек.

Сол кезде мына жайларды есте сақтағаны жөн.

Олар: тыныс  жолындағы бұлшықеттер көмей, жұтқыншақ және ауыз қуысы өзара байланыста болып, нақтырақ айтқанда, өзара тәуелді жағдайда жұмыс істеуі қажет. Бұлардың біреуі назардан тыс қалса, ол бәріне де кері әсерін тигізеді.Мысалы, тыныс алу жолы қызметін ғана алыңыз.Бұл дауыс аппаратының қызметін нашарлатады. Барынша терең дем алу желбезекке артық күш түсіріп, дауыстың өзіне тән ырғақ нақышын бұзады. Бір зіл – батпан басып, жаншып тұрғандай жағымсыз естіледі.Ал, тынысты өз мөлшерінде дұрыс алмау, сөздің дұрыс екпінін әлсіретіп жібереді, оның толқындап шығуына,әуендеп естілуіне зиянын тигізеді.Өкпені артық ауамен керу кеңірдекті ұлғайтып, өкпеде қан айналымын бұзуға апарып соғады. Өкпедегі оттегінің жеткілікті болғанына қарамастан, тыныс тарылып, ентігу басталады.

Сондықтан, дұрыс  дем ала білу де, оған жаттығу да өнер. Жаттығу жұмыстарын тек қозғалмай, орнықты жағдайда ғана жасау керек дейтін сөз дұрыс емес, ол бір жақты пікір.Қажет болса, би билей жүріп те, жүгіріп те дұрыс тыныс алуға үйренген жөн. Сөйлей жүріп дем алу жаттығуын жүргізудің пайдасы зор. Оны ойша «айтып» тыныстау гимнастикасын жасаумен алмастыруға болады. Осы орайда, Сейдәлім Тәнекеевтің «Бел белесінен» мысал келтіре кетсек:

«Биыл қыс ерте түсті. Табиғатты  қойсаңшы! Қарашаның басында жапалақтап жауған қар ала бүйірленіп жатып  алады  да, желтоқсанның басында жердің бетін ақ көрпе түгел жапты да кетті. Тау бөктерінің тұрғындары қар көрмей жүрген ел емес қой. Дегенмен, биыл қалың түскен қарға қосыла таудың ызғарлы желі күнде дерлік желігіп – ақ тұр. Мұндайда алдымен баланың ойыны мен уақ малдың мазасы кетеді емес пе? Арты не боларын кім білсін?! Малдың майын жейтін ұзын сары суықт әлі алдаи ғой. Анау терең сайдың табанын алып жатқан екпінді тау суы да қайта қойған жоқ. Тілекті анасы ерте оятты:

  • Тұр, балам! Бадаға қара, бүгін біздің кезек екен. Уақ малдың артында сақалын сапситып әкеңнің жүргені ұят болады. Бадаға өзің барып кел, - деген анасының жылы лебізіне бұл «жоқ» дей алмады. Әкесі болса ғой шорт кесіп айтар еді. Қайта анасы мәмлені түсіндіріп, жалынғандай болып тұр. Бәрібір бармай қоймайтын тіршілік болған соң: «Жынында осы абыроймен әкемнің жекіген сөзін естімей тұрғана міндетімнен құтылайын» деп төсектен басын көтерер – көтерместен киіміне жармасты. Тілектің сергек мінез танытқанына ерте тұрғызуға қимай егеліп тұрған ана жүргеі бір жағынан риза болса, екінші жағынан ұйқысы бөлінген баласына жаны ашып тұр.

Ананың жылы лебізінен бойы жадырай түскен Тілек  апыл – құпыл киініп, есік алдына шыққанда толықтау денелі, кең иықты, сұңғақ бойлы, ат жақты, құс мұрындығ, аққұба өңді әкесі жеңіл киіммен қозысын ерткен алты саулыққа жарты баудай жоңышқаны қар үстіне шашып, енді болған екен.

Әкесінің күнде  ертемен кішкентай айнаның алдына отырып, асықпай қимылдап мұрты мен  сақалын дөңгелетіп басып, ұстарамен  қырынып алып барып, бсқа тіршілігіне кірісетін әбден қалыптасқан әдеті бар. Бүгін де сол әдетіне басып, ол сақалын тауға бітен қарағайдың етегіндей қымқырып, әдемілеп алған еді. Сақалдың жиегіне біткен тас бұршақтың үлкендігіндей қара – қоңыр қалың айналасы ұстараның жаңа ғана түскен ізінен көк мұзданып жалтырап жатыр. Оның өткір көзі қою қасының астынан қиыла жалт етіп бір қарағанда – ақ Тілектің бойы ширығып сала берді».

Студенттер дауыстарын жаттықтырып, жолға қою барысында жеке өздері жаттығулар жасау қажет. Сол жаттығулар барсында мына жағдайларды есте ұстағандары дұрыс. Яғни, тыныс жолдарындағы бұлшықеттердің,  көмейдің, жұтқыншақтың, ауыз қуысының өзара байланыстылығын және нақты әрі анық айтудағы тәуелділік жағдайында жұмыс істеу керек.Бұлардың бәрінің назардан тыс қалуына болмайды. Өйткені, ол кері әсер тигізуі мүмкін. Сондықтан, дем алу жолдары қызметін ғана есепке алу қажет.

Эстетикалық тәрбиенің бір  саласы – сөйлей білу. Әрбір сөздің еркін әрі анық шығуы, тыныстың кең  болуы, дауысты қалыптастыру, дауыстың сыңғырлап тұруына тікелей әсер етеді. Сондықтан да, жаттығу барысында тыныс алуға,демге, дикцияға баса назар аудару керек. Яғни, шұбыртпалы сөздермен көп жұмыс істеу өзіндік себебін тигізетіндігі сөзсіз.

Ұлы жазушы М.Әуезов: «Қазақ театр өнерінің ұрығы елдің әдет – салтынан, ойын – сауығынан, ән – күй және өлең – жырларынан басталады»,- деген екен. Сондықтан да, бұлар – тек халқымыздың рухани байлығы, сарқылмас қазынасы ғана емес, әдебитіміз бен мәдениетіміздің құнды тарихы, егеменді тәуелсіз еліміздің болашақ асыл қазынасы, артымызда қалатын мирасымыз, мұрамыз. Ендеше, жаттығуларды кеңінен пайдалануымыз керек.

Дем алудың үш үлгісі бар:

Бірінші: Әңгімелесу барысында көкіректі керек дем алу деп те айтылады. Бұл – кеуденің жоғарғы және орта бөлігінде өтеді. Ғни, демді ішке тартқанда адамның иықтары көтеріліп, кеудесі тартылады. Иық пен кеуде бұлшық еттері жиылады. Кеудемен дем алғанда ауа артық жұтылып, дауыс әлсіреп қалуы мүмкін. Сондықтан да, кеудемен дем алу тиісімсіз.

Екінші: Демді ішке тарту бауыр еттің төмен түсуі арқылы жүргізіледі.  Мұның бір артықшылығы -  демді қажет кезінде жиі әрі жеңіл алуға болатындығында. Ішпен дем алу, дем алудың бұл үлгісі кеудеден төменгі тұста өтеді, бұл да оқу.

Үшінші: Аралас – диафрагмалық, яғни толық тыныс алу. Бұл өкпесі сау адамда ғана кезедеседі. Барлық тыныс жүйесіндегі бұлшық еттер мінсіз жұмыс істейді. Толық дем алған тұста кеуде көріктей кеңіп, дыбыс жолдары ашылады. Сөйлеу сазын дұрыс жолға қоюдың ең тиімді үлгісі осында. Ол үшін қандай машықтану жұмыстарын жасау керек? Енді соған тоқталайық.

Адамның жүріс – тұрысы,отырысы,денесін  ұстауы тыныс (дем) алудың қалыптасқан  нормасын жасауғат бірден бір септігін тигізеді. Басын тік, кеудесін көтеріңкі, екі иығын еркін қимылдатарлықтай бос, ішін тартыңқы жағдайда ұстап, өзін - өзі бейімдеп отыруы сергек сезінуге ғана емес, ең бастысы – дем алу процесінің дұрыс жүйеленуіне де пайдалы.

Жауырын, жота, желке, мойын, кеуде, алқым, маңдай, жақ бұлшық еттерін  шынықтыру үшін жаттығу жасап  отыру керек. Сондай – ақ, көмейді  шынықтыру, дыбыс мөлшерінің қызметін қалыптастыруға баса назар аударылады.

Тыныс алуды жаттығу барысында  бір орында ғана жасамай, қимылдар және қозғалыстар барысында жасауға  болады. Тыныс мүшелері қозғалыс кезінде  күрделі жұмыстарды іс жүзінде жүзеге асырады.

Әрбір жаттығудың өзінді қолтаңбасы бар. Жаттығу барысында адамның көңіл – күйінің де көп мән – мағынасы бар. Сондықтан да, жаттығулардың әрқайсысы көңілді сергітеді, ойды қанаттандырады. Жттығу жасап, дайындалып жатқан студенттің шабытын оятып, ақтарыла сөйлеуге итермелейді, сөйтіп, ән салуға, сүйікті ақындарының өлең – жырларын және жазушылардың шығармаларын оқуға әкеп соғады. Дем алу жаттығуларын ойша, іштей орындаған жөн. Дыбыс шығаратын тыныс алу мүшелеріне гимнастика жасау және мәтіндермен, жаттығулармен айналасу өте пайдала екендігін де естен шығармаған жөн.


Сөйлеу техникасын меңгерудің жолдары