Толеранттылық-бейбітшілікке апарар жо
Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігі
Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университеті
Тақырыбы: «Толеранттылық-бейбітшілікке апарар жол»
Орындаған:
Тексерген:
Алматы 2012ж.
Жоспар:
І.Кіріспе.
ІІ. Негізгі бөлім:
А) Толеранттылық-өзара сыйластық
В) Толеранттылықтың қырлары
С) Толеранттылық пен демократия диалектикасы.
ІІІ. Қорытынды
ХХ ғасырдың соңғы ширегінде техника мен технологияның қарқынды
дамуы қоғамның жаңаруына, экономикалық өсуіне арқау болып, әлемнің әл-ауқатын көтереді, әлеуметтік, дінаралық, ұлтаралық, мәдени қайшылықтардың алдын алады, оны түгел жоймағанымен, азайтады, өзара жарастық пен келісім орнайды деген үміт ұялатады. Алайда, іс жүзінде ол толық деңгейде ақтала қоймады. Жаһандану қордаланған қайшылықтардың шешімін түгел дәрежеде таппады. Мәселе тек кедейшілік пен қайыршылықтың деңгейінде ғана емес, ұлттар мен ұлыстар, діндер, әлеуметтік топтар, мемлекеттер арасында сенім орнамады, оның орнына “жаңа ұлт”, “жаңа отаршылдық” проблемасы пайда болды. Әсіресе діндер арасындағы қақтығыстар әлемді мазалады, “Буш пен Бен Ладен қақтығысы” үрей туғызды. Интеллектуалдық және имандылық емес, зорлық-зомбылық, лаңкестік, нәсілшілдік пен ұлтшылдық алға шықты. Ой-пікіріне, ұлт пен дін, тіл мен мәдениетіне қарай адамдарды қудалау, қоныс аударушылық, азшылық және әлеуметтік әлжуаз топтарды қорқыту-үркіту жиіленді. Адамдардың наным-сеніміне, саяси таңдауына, бейбітшілік пен демократияға қауіп төнді.
1995 жылы 16 қарашада ЮНЕСКО-ның
Бас конференциясы
Қазақстан қоғамында да саяси үдерістердің дамуы, сөз бостандығы, адам құқы мәселелері өткір қойылып, билік пен оппозицияның, діндер мен этностардың, салт-дәстүр мен мәдениеттердің бәсекелестігі мен бейбіт өмір сүруі үнемі назарда болып келеді.
Жуырда Астанада Мемлекет
басшысының төрағалығымен өткен
Демократиялық реформалар бағдарламасын
әзірлеу және нақтылау жөніндегі
мемлекеттік комиссияның
ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚ – ӨЗАРА СЫЙЛАСТЫҚ
“Толерантный” (“толеранттылы”), “толерантность” (“толеранттылық”) сөзі латын тілінен француз тіліне, кейін еуропа тілдеріне енген. Оны “төзімділік” деп аударып жүрміз. Өмірде адам баласының бәрі түсіністікке, кешірімге мұқтаж, бірақ өзі ешкімді кешірмейтін, аямайтын адамды өзгелер қалай дұрыс қабылдасын?! Тек өзіне сенімі мол, жігерлі адам ғана өз өлшеміне бөтен нәрселер алдында сабыр сақтай біледі, артықшылық болса үйренеді, кемшілік болса сақтанады, бірақ өзіне ұқсамағанына бола кек сақтамайды. Кеңпейілділіктен жұрдай, іші тар, қызғаншақ, пәлеқор, жалақор адам қашанда өмірге өкпелеп, өзгелерге өшігіп, абыржулы сасқалақ күй кешеді, кеудесін ыза кернеп тынысы тарылады, айналасын қабылдай алмай оқшауланады. Өмірде мойындағымыз, қабылдағымыз келмейтін, жек көретін нәрселердің болатыны табиғи, кейде тіпті алдану, қорлану, қате түсінік туғызу, себепсіз кінәлі болу кездесіп жатқанымен, соның бәріне төтеп беретін адамдық парасатты талғамының бірі және бірегейі – толеранттылық. Өйткені ол әралуан адамдарды өзара тұтастырады. Өшпенділік, кемсіту атаулы басқаларды ғана емес, сол адамның өзіне де залал келтіретін, жаулсаушы екі жақты да жаралайтын, жамандықты одан бетер өршітетін нәрсе. Демек, адамдық өмірдің алтын ережесі – өмірмен, адамдармен, тіпті бүкіл ғаламмен үндестікте, сәйкестікте өмір сүру, бөтен, бөгделіктің алдында өз-өзін ұстай білу.
Әлемдік дәстүрлі діндердің қайсысы болса да, кеңпейіл кешірімділікті, сабырлы төзімділікті өзінің ең басты құндылық талабы еткен. Классикалық ұстаным бойынша, жамандықты жамандықпен жеңу мүмкін емес, оны тек жақсылықпен тебіренту, әсерлендіру арқылы ғана жеңу мүмкін. Басқалардан толеранттылық талап етуші адам алдымен өзі басқаларға толерантты болуға міндетті. Бірақ толеранттылық өзара сауда емес, ол ізгі мінездің ақы талап етпейтін ізгі көңілі. Кешірімшілдік, сабырлылық, қарсы жақты түсінуге тырысу қашанда адамды әсерлендіреді, ұялтады, жігерлендіреді және адамды өзінің тар өзімшілдік қапазынан алып шығып, өмірдің жарқындығына бөлейді, өзге адамдар болмысымен тұтастырады.
Шындығында, оның мәні қазақ тілінде терең: төзімділік, шыдамдылық, ымыраластық, байсалдылық, кісілік, ізгілік, кемелін таңдау, келісімін табу деп жалғастыра беруге болар.
Толеранттылық рухани, адами, идеялық, діни көзқарастар менің ұстанымдарыма жат болса да, қабылдаймын дегенді білдіреді. ХVІІІ ғасырдағы француз жазушысы және философ Вольтер: “сіздің пікіріңіз маған жат, бірақ сізге оны жақтау үшін мен өмірімді құрбан етуге дайынмын”, деген. Ол – толеранттылықтың басты қағидаты. Бұл адамдар арасында өзара сыйластықты, мейірбандықты білдіреді. Сондықтан, толеранттылық екі жақты сана: мемлекеттер, діндер, этностар, жеке адамдардың бір-біріне шапағат жасай білуі.
Толеранттылыққа қарсы “интолерантность” деген ұғым да бар. Оны төзімсіздік, ымырасыздық, шыдамсыздық, тағатсыздық, кейістілік, менмендік, бірбеткейлік, оспадарлық, парықсыздық деп адам, әлеуметтік топтар, мемлекеттерге байланысты айтуға болады.
Толерантты парасаттың үлгісі қазақ билерінде көп кездеседі. Мысалы, Қазыбек бидің қалмақ ханы Қоңтайшыға айтқан “біз қазақ деген мал баққан елміз” деп басталып, “досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз”, “...берсең жөндеп бітіміңді айт, не тұрысатын жеріңді айт!” деп аяқталатын сөздері өзара сыйластыққа шақырады.
Қазақ билері “Төремін деп тепсінбе. Төре мен құл майданда, кәрі мен жас ақылда, бай мен кедей мырзалықта, барлық адам көр мен қаза жауабында теңеледі”, – деп, адамдардың намыс, ақыл-парасатпен теңесетінін айтқан.
Қарама-қарсы беталыс, бағыт, пікір, идеялар қай мемлекет пен қоғамда да бар. Халықтың даналығы, ел басқарудың өнері осы үрдістерді белгілі мәмілеге келтіріп, асауға тұсау салып, үйлесім, жарасым таптыруда. Толеранттылық, келісім тарихтың мәңгілік сыйы емес, себебі күнделікті дамудан туып отыратын қайшылықтар біржола шешілмейді: күніге, ай сайын, жылдар бойы, үздіксіз, ешкімге бұра тартпай, шынайы жанашырлықпен, халықпен ақылдаса отырып, олардың шешімін табуды талап етеді. Сондықтан “толеранттылы”, “тұрақты қоғам” деген ұғымдар шартты түрде ғана қолданылып, жайбарақаттылыққа жол берілмеуге тиіс.
Өзара төзімділік, бөтенді шеттетпеу, толеранттық мінез таныту мәселесі ХVІ ғасырда Еуропада діни қозғалыстар мен діни жіктерге байланысты туған. Лютеран, протестант пен католиктерді бір-бірін жатсынбауға арналған декреттер, заңдар қабылданып, бөтен діндерді қудалауға, үстемдік жүргізуге тыйым салынған. Бірте-бірте діни конфессиялардың біржақты төзімділігі өзара діни төзімділікке, діни салт-жораларды еркін атқаруға, діни сенім еркіндігіне негізделе бастаған. Бөтен дінге рұқсат беруден оны сыйлауға, адамның діни сенім құқының маңызды тірегі ретінде мойындалған. Өзара сыйластық, толеранттық сананы әкімшілік, авторитарлық жолмен енгізуге болмайтындығына көз жеткізілген. Сөйтіп, дінді уағыздаушылардың билігіне шек қойыла бастады.
Француз философы Клод Адриан
Гельвеций дінаралық
Адамдардың наным-сеніміне бұйрық, зорлық жүрмейді. Гельвецкий тағынан кеткен корольдің: “үйімде 30-дан астам сағат бар, бірақ солардың ішінде бір сәтте, дәлме-дәл бір уақытты көрсететін екі сағат жоқ. Қалайша мен дін мәселесінде барлық адамдар бірдей ойласын деп мәжбүрлегенмін? Қандай ақымақтық, қандай астамшылық!” деп өзін өзі сөгіп, кеш болса да менменшіл патшаның өкінгенін айтады.
ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚТЫҢ ҚЫРЛАРЫ
Жарастық табу – толеранттылықтың негізі. Тарихи тәжірибе толеранттылық сананың әр түрлі деңгейі барлығын көрсетеді:
– “Бөтенді” барынша кінәлау, қудалау немесе күшке негізделген келісім;
– “Бөтенмен”” ымырасыз күрес, оны идеялық “әшкерелеу”, тыйым салу, бірақ жазалауға бармау;
– Парықсыздық, талғаусыздық, “маған бәрі бір” деп құндылықтарға бей-жай қарау;
– “Бөтенді” қабыл алмау, бірақ оған және оны қолдаушыларға құрмет көрсету;
– “Бөтенді” іс жүзінде қолдау, оны күшпен ығыстырумен келіспеу, қоғамда өз орнын алуын мойындау.
Толеранттылықтың барлық талаптарына сай мемлекет көп емес. Әр түрлі идеологиялық ағымдар мен мінез-құлықтар, мәдениеттер мен ұлт өкілдеріне сыйластық танытып, қоғамдық тұрақтылықты қалыптастыру бүгін әлеуметтік және рухани дамудың маңызды шартына айналды. Себебі, қоғамда қай заманда да қайшы пікірлер орын алады. Тіпті қылышынан қан тамған тоталитаризм заманында коммунистік идеологияға қарсы балама, әр түрлі көзқарас тараған, оларды ұстанушылар биліктің саясатымен сырттай жұғысқанымен, іштей оны жек көріп жүрген. Олар:
– Кәсіби білім деңгейінен коммунистік режімнің болашағы жоғын сезініп, байсалды тұрғыдан партияның сойылын соққан боп көрінгендер;
– Демократиялық, ұлттық құндылықты жақтаушы, іштей социализмнің ұлттық саясатынан жиреніп жүргендер;
– Қуғын-сүргінге ұшырағандар, олардың ұрпақтарының тағдырын бүлдірген осы саяси жүйемен келіспегендер;
– Нарықтық экономиканың қажеттігін түсінген шаруашылық басшылары;
– Номенклатураға кіре алмай, шеттетіліп, лауазымды қызметке қолы жетпей жүргендер;
– Кімнің тарысы піссе, соның тауығы, сыйынатыны да, сүйенетіні де билік, ал өзі билесе тіпті жақсы. Ондайлар бүгін де бар;
– Қазақстанды орталықтың тұқыртқаны соншалық, бірен-саран диссиденттер болды.
Іштей жеккөретіндер мен сырттай жақындасып жүретіндердің қоғамда қайсысының басымырақ екенін айту қиын. 19 миллионнан астам мүшесі бар коммунистік партия құлағанда, 19 адам қорғамады. Бірлік алдамшы болып шықты.
Сондықтан сөз еркіндігі, адамдардың емін-еркін сөйлеуі, қай саққа жүгіртіп, қалай сөз етсе де, тыйым салғаннан артық. Бүгінгі Қазақстан қоғамына да әр түрлі баға беріп жатады. Егер оларды топтастырып қарар болсақ, былай болып шығады:
Біріншіден, моральдық құлдырау, қылмыстың өсуі, өмірдің, тіпті арнаулы қызметке дейін комерциялануы, БАҚ-тағы зорлық-зомбылық. Ең сорақысы, соған қарсы қоятын күш жоқ. Шет ел, еліміздегі “демократтар” қоғам азған үстіне аза берсін дейді;
Екіншіден, екі миллионға жуық адам ауылдық жерде пайдалы іспен айналыспайды;
Үшіншіден, қалада күнде той, мейрам, банкет-фуршет, марапаттау, қаптаған “жұлдыздар”. “Пир во время чумы” деген осы емес пе?” деп сұрақ қояды;
Төртіншіден, түсінбейсің, ақша массасы көптігінен экономика “қызып” кетеді дейді. Екінші жағынан, таза суға, мектеп, жол салуға ақша жоқ.
Осы пікірге уәж айтатындар, біткен іске сыншы көп дейді.
Әуелі тоталитаризм жүйесінен, бодандықтан құтылсақ, мәселе өзінен өзі бола қалатындай көрінді. Ел халқы, қай этносқа жататынына қарамай, болашағымызға сенді. Бұл жерде өмір бойы төзімділікке тәрбиеленген қазақ халқының топтастырушылық рөлін, оның адал ниетіне қарай басқа этностардың Қазақстанды екінші отаным деп санауға құлықтылығын, елде экономиканың жедел қарқынмен дамуын, Елбасы Н.Назарбаев жүргізіп отырған көреген саясатты атап өткен жөн. Елдің басын қоса білдік, дау-жанжалдардың алдын алдық, жинақы болдық. Шекарамызды айқындадық. 7591 шақырым шекарамызды бекіттік. Ішкі қауіпсіздігімізді, әскерімізді жасақтадық. Экономикаға инвестиция тарттық, еліміздің заңдылық негізін қаладық. Әлеуметтік бағытты да айқындадық. Мүгедектер, көп балалы аналар, зейнеткер, барлық әлжуаз топтар мемлекеттің қорғауында. Сөз жоқ, халық төзімділік танытты, көрегендігін паш етті. Елбасы олардың алдында әруақытта да басын иеді. Жақсылықтың бәрін үйіп-төгіп жасап тастай қоймады деу орынсыз делінеді.
Осындай пікірлерді жалғастыра беруге болар, дегенмен, басым көпшілік еліміздің ертеңіне сенімді. Ал сенім – үлкен күш.
Бүгін әлеуметтану ғылымы толеранттылықтың мынадай түрлерін атайды: 1. Келіспеушілік, бас тартушылық (несогласие); 2. Өздігінен, өз бетімен келісу (самосогласие); 3. Өзара келісім (взаимосогласие); 4. Бірауыздан келісу (единогласие); 5. Алауыздық, қайшылық (разногласие); 6. Өзімен өзі келіспеушілік (самонесогласие); 7. Өзара келіспеушілік (взаимонесогласие); 8. Қарсы келісім (противосогласие).
Осы келісімнің қай көрінісі де жеке адам мен қоғамдық санада орын алып отыр. Сондықтан келісім, толеранттылық әр уақытта да шартты, уақытша ұғым. Оған уақыт, заман талаптары өз ықпалын тигізеді. Келісім әр уақытта да келіспеушілікке, келіспеушілік келісімге ұласып, диалектикалық қарама-қарсылықтар тудырады. Азаматтардың жеке құқы қайшылық, алауыздық тудырмай тұрмайды. Оған біздің мемлекет, саяси қайраткерлер, қоғамдық ұйымдар және қатардағы азаматтар дайын ба деген сұрақ күнде алдымызға тартылады.
Толеранттылық сана қоғамның әр саласында орын алып отыр. Отбасылық мәселелер, гендерлік саясат пен ұлттық менталитет, қоғам алдындағы парыз бен салықтан жалтару, сайлауға барып дауыс беру не бермеу, ұлттық тәрбие және эротика мен порнографияны қолдау не қолдамау, ішімдік пен темекі тартуға әуестік туралы ойлар қоғамдық пікірде зор орын алады.
БАҚ пен қоғам арасындағы байланыс – толеранттылық қатынастардың маңызды қыры. Себебі баспасөз бен теледидар арқылы зорлық-зомбылықтың, жыныстық қатынастар мен ел халқының мінез-құлқына, салт-дәстүріне жат қылықтардың тарауы үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Бұл мәселеде толеранттылық ахуал, қоғамдық келісім жоқтығы байқалуда. Бірқатар мемлекеттерде бұқаралық ақпарат құралдары өз халқына ақпараттық соғыс жариялап, елді рухани жағынан ыдыратып, тіпті денсаулығын да әлсіреткен мысалдары аз емес. Енді қоғамның рухани-адами ахуалына тікелей ықпал ететін салаға қоғамдық бақылаудың қажеттілігі туып отыр. Көпшілік цензураны жаңғыртпай, қоғамдық кеңес құрып, адамгершілік тұрғысынан сараптама жасау жолдарын іздеу, адамгершілік цензура қажеттілігі туралы пікірді ұсынады. Сонымен бірге, бірқатар азаматтар қоғамдық кеңес бәрібір ештеңе шешпейді, ұсыныстар кеңес деңгейінде қалып қояды, цензура қажет десе, үшінші біреулер БАҚ-қа ешқандай тыйым салмай, шексіз еркіндік беру керек дейді. Еуропа журналистерінің шексіз, жауапкершіліктен тыс еркіндігінің 1,5 млрд. мұсылман қауымының арына тигеніне бүгін біз куәміз. Қазір Қазақстанда да кейбір БАҚ иелері халық талабымен есептесуден гөрі, өз мүдделерін, табысын басымырақ ойлайды.
Осы және басқа да жағдайлар елімізде бай адамдарға да толерантты оң көзқарас туғызбай отыр. Адал еңбегімен, іскерлігімен байлық жинағандарды сыйлаймыз, ал біздің байлар негізінен ұрлық, алдау, алаяқтық жолмен байығандар, бізде басқа жолмен баю мүмкін емес дейді бірқатар адамдар. Бірақ қазақстандықтар байлардың мүлкін тартып алуға, оларға жаза қолдануға шақырмайды. Ал Ресейде 90-шы жылдардағы жекешелендірудің салдары әлі өткір талқыланып жатыр, тіпті үш ресейліктің бірі оның қорытындысын қайта қарауды қалайды, тағы 33%-ы орынды болар деп қарсы болмайды. Жекешелендірудің пайдасынан зияны көп деушілер оны іске асырушылар сот алдында жауап беру керек дейді. Қазақстандықтар мен ресейліктердің толеранттылыққа деген көзқарастар деңгейінде, әсіресе басқа саяси ағымдарға, партияларға, жеке тұлғаларға, саяси оқиғаларға баға бергенде өзіндік ерекшеліктерінің барлығын көреміз. Қазақстан қоғамы келісімге, татулыққа, солар арқылы толеранттылыққа бейім. Жуырда Астанада болған сапарында ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы Карл де Гюхт “бүкіл әлемде өркениеттер қақтығысы деп аталатын құбылыс байқалып тұрғанда, Қазақстанда қазір орын алып отырған толеранттылық ахуалын” атап өтті.
Толеранттылықтың әлеуметтік ғылымда әр түрлі деңгейі барлығын айтқан жөн.
Біріншіден, инстинкт, сақтану түйсігі деңгейінде “әйтеуір елде тыныштық болсын” дейтіндерді көреміз.
Екіншіден, іштей келіспей, сырттай келісім ишаратын танытушылықты жоққа шығаруға болмайды;
Үшіншіден, жалтақ келісім, ойланбай келісе салу, келісімпаздық кездесіп жатады;
Төртіншіден, парасатты келісім бар.
Қазақстан – толеранттылы қоғам, жаппай наразылық білдіріп, қарсылық көрсетуге негіз жоқ деген пікір орынды, бірақ бұл жеке дара аумақтар, қалалар, ұжымдар мен әлеуметтік топтар арасында қарсылық акциялар, экстремистік әрекеттердің, саяси тұрақтылықтың шырқын бұзушылар болмайды дегенді білдірмейді. Көп жағдайда бұл ресми билік мақұлдаған қадамдардың бұқараның мақұлдауына, рухани-мәдени мәселелердің ел, ұлт мүддесімен үйлесім табуына байланысты болмақ. Ал үйлесім, жарасым табылмаған мемлекеттерде экстремистік көңіл-күй өршіп кетуі де мүмкін екенін басқа елдер мысалынан көріп отырмыз. Бұл тұста тек орталық билік емес, жергілікті биліктің беделі, оларға халықтың сенімі өте маңызды.
ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚ ПЕН ДЕМОКРАТИЯ ДИАЛЕКТИКАСЫ
Деспотизмге, тоталитарлық
жүйеге негізделген қоғамда таптық,
сословиелік жік адамдарды бір-
Бөтен ойды шеттету адамзат тарихында талай-талай билеушілерге тән болған. Себебі, олар басқаша ойлайтындарды мойындау өздерінің билігіне, беделіне шек қояды да, өздеріне тең, тіпті артық ақылдың, беделдің бар екенін білдіреді деп санаған. Сондықтан дербес пікірі бар қайраткерден, дарынды ойшылдан, ғалым, жазушы, ақыннан дарынсыз билік үнемі қорыққан, себебі ақын, ойшыл оның келеңсіз істерін әшкере етеді. Көптеген ұлылардың кезінде өз туған елінде лайықты бағасын ала алмауы да осыдан.
Еркін ойды қудалау, тура пікірді шеттету талай мемлекеттің түбіне жеткен. Тарихта билікке тоймаған патша, император қол астындағыларды күш-қайраты мол еркін азамат емес, айтқанын екі етпейтін роботқа айналдыруға тырысқан. Азаматтық, ұлттық сана бұл тұста көмескіленіп, халық топас бола бастайды. Пікірсайыстың, сөз бостандығының жоқтығы халықты рухани жағынан әлсіз ете береді. Ауру адамның соңғы демі таусылғанша емделуге тырысатыны сияқты, әлсіз ел билеуші де мемлекетті құлатпауға тырысатынын, бірақ түптің-түбінде ондай мемлекет күйрейтіндігін Кеңес Одағының тарихы мен ақыры көрсетті.
Өз халқын жек көретін адам аз. Бірақ жабылып, өз елін, қандастарын, билікті тек мадақтай беру де отансүйгіштік өлшемі емес. Сондықтан Англияда үкіметтің билік пұрсатын теріс пайдаланушыларды сынауды патриотизм деп бағалайды. Бернард Шоу “Дені сау ұлт өз атын өзі шақырған көкектей кеуде қақпаса керек; дені сау адам өзінің ет пен сүйектен жаралғаны туралы ойлай бермейді ғой”, – депті.
Саяси мәдениеті жаңа қалыптасып келе жатқан біздің мемлекетімізде саяси толеранттылық орнығып болды деу қиын. “Бізде демократиялық мәдениеттің терең дәстүрлерінің жоқтығы, еркіндікті ойыңа келгенді істеуге болады деп түйсіну елді тұрақсыздыққа ұрындыруы, біздің болашаққа арналған барлық жоспарларымызды белінен басып, өзімізді алысқа кері серпіп тастауы әбден мүмкін екенін мойындауымыз керек”, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында.
Мемлекет басшысының бұл пікірін Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысында “Сіздерді бірден өзара толеранттылық пен сындарлылыққа шақырғым келеді. Тек солай ғана – консенсус пен өзара түсіністік арқылы нақты нәтижелерге қол жеткізу мүмкін болады” деген тұжырымын нақтылай түседі. Демек, толеранттылықтың егіз сыңары ретінде сындарлылықты атаған жөн.
Біздің жас мемлекетіміз алғашқы күннен бастап, екі қауіптен сақтанды: бір жағынан, шексіз, авторитарлық биліктен, екінші жағынан, әлсіз, әлжуаз мемлекет болып қалудан. Осы екі пәленің алдын алып, аман келе жатырмыз. Оппозиция билік тармақтары тежемелік және тепе-теңдік қағидатына негізделе алмай келеді деп сынайды, атқарушы билікке басқа да айып тағып бағуда.
Біздің жас оппозицияның еркіндікті өзімшілдікке, тіпті еркіндіктің бой бермейтін үстемдігіне айналдырғысы келетіні байқалады. Либерализмді әлсіздік деп түсінеді. Президенттің Жолдауында “біз демократиялық дәстүрлерді дамытумен бірге оны қорғаудың жеткілікті қатаң жүйесін қарастыруымыз керек” деген ойына оппозиция күдік туғызуға тырысты. Әрине, соңғы кезде оппозицияның белгілі өкілінің қайғылы қазаға ұшырауы алаңдаушылық туғызуда. Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қызметкерлердің азаматтарға қиянат жасауы қанымызды қайнатады. Осы қылмысты істі заңнама талаптарына сай тергеп, ащы да болса шындыққа елдің көзін жеткізу – толерантты ахуалды орнықтыра түсудің жолы. Бірақ қуатты мемлекет демократияға қауіп төндіреді, әкімшілдік-әміршілдік жүйені қайта жаңғыртады деуге негіз жоқ. Қылмысқа қарсы тұру, елдің саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету, оппозицияны да қорғау қуатты мемлекетті қажет етеді.
Толерантты ахуал қалыптасқан елде билік пен оппозиция жиі орын ауыстырып жатады. Үкіметті көп сынайтын парламент спикері премьер-министр болып, парламентпен келісе бермейтін премьер спикер болып жатады, сол сияқты министрлер депутат болып, депутаттар министр болуы да жиі кездеседі. Айналып келгенде елді екіге бөліп, “біз” бен “олар”, біреуі баррикаданың ар жағында, біреуі бер жағында деу қауіпті. Билік басындағылар ауысқанмен ақыр заман болмайды, ел қорғаусыз, жетім қалмайды. Ондай психология тек жеке басқа табынған елде ғана болады. Саяси реформалар бүгін парламент төрінде қай партия өкілдері көбірек депутат болып отыруында емес, ел халқының саяси, құқық санасын тәрбиелеуде, оның жауапкершілігін қалыптастыруда жатыр.
Толеранттылық сананың прагматикалық қыры да бар. 1985 жылы Пекинде Тяньаньмэнь алаңында қытай студенттерінің қаны судай ақты. Бұл оқиға көптеген елдерде, әсіресе АҚШ-та ашу-ыза туғызды. Бірақ Қытай басшылары демократия деген нақты тарихи ұғым, 1 млрд.300 млн халық толқыса, бүкіл жер жүзіне өзінің жағымсыз ықпалын тигізер еді, біз аз шығынмен жағдайды тұрақтандырдық, деді. Көрші елден бізге, Қазақстанға 20-30 млн. босқын келсе, бізді өздеріне тез сіңіріп алар еді де, біз ұлттық болмысымыздан айырылар едік. Америкалық саясаттанушы Роберт Даль: “Цена репрессий иногда бывает выше, чем цена свободы” деген екен. Осы мысалмен біз тіпті де репрессияны жақтайық деп отырған жоқпыз, шексіз еркіндіктің жоқтығын, толеранттылықтың жағдайға байланысты мәжбүрлік сипат алатындығын, бүлікке емес, бірлікке бейімділігін айтқымыз келеді.
Толеранттылық туралы ой қозғағанда біз дінаралық қатынастарды айтпай кете алмаймыз. Қазақ жерінде ислам және басқа да діндер кеңес заманында қудалауға ұшырады, мешіттер қиратылды, діни әдебиет өртенді. Дін қызметкерлері жаңа демократиялық заманға енді-енді бейімделуде, халықтың рухани талаптарын толық деңгейде қанағаттандыра алмай жүргені де белгілі. Бұл олардың кінәсі емес, өткен заманның оспадарлығы.
Жаһандану әлемді біртұтас қауымдастыққа айналдырып, “өзім” мен “өзгенің” мәнін өткір қойып отыр. Егер бұрын “бөтен” қол жетпес алыстағы жұмбақ, шет болып көрінсе, бүгін “бөтен” біздің өмірімізге басып енді. Соның бір көрінісі – шетелдік діни конфессиялардың елімізге ағылып келуі.
Шет ел діни конфессияларының ықпал жасау технологиясы бізге таныс емес, біздің дәстүріміз, тарихымыз, тіпті заңдарымыз оларға жат. Олармен үйлесім табу бізге де қиын. Оларды жау деп қарау да дұрыс болмас, дос деп айтуға да асығыс.
Олардың қаржысы мол, нарықтық
экономика жағдайына
Толеранттылық идея сырт көзге қарайып көрінгенімен, шындығында, жай төзімділік қана емес. Ол өмір талабынан туып отыр, әр түрлі салдарға апарып соғады. Өзінен бөтенге, дербес пікірі бар, өзге тілде сөйлейтіндерге, бөтен дінге жататындарға, бөтен құндылықтарды мойындайтындарға деген ашу, ыза, төзімсіздік кектесушілікке айналады. Ол жеке адамнан бастап, ұлттарға, дінге, мемлекеттерге қауіп төндіреді. Демократия – ол тек еркіндік қана емес, ол ісің мен сөзіңе деген жауапкершілік, өзіңді өзің билей білу. Ойланбай айтылған сөз оқтан да қауіпті. Толеранттылық ой-пікіріміздің, наным-сеніміміздің шектілігін, әрқайсымыздың да қателесуімізге “құқымыздың” барлығын мойындатады. Татулықсыз, келісімсіз демократияның мүмкін еместігі секілді, демократиясыз, еркіндіксіз татулық мүмкін емес.
Қорытып айтқанда, мейлі адамаралық күнделік байланыста болсын, немесе мемлекеттік, тіпті әлемдік қауымдастықта болсын өзара түсінісу мен кеңшілік етуге, сабыр сақтауға құрылған толеранттылық ұстанымының маңызы айрықша. Ол демократиялық құқықтардың сақталуына кепілдік береді, араздықтардың алдын алады, адамдарды өмірді сүюге жетелейді, оқшауланудан, ауытқудан, кекшілдіктен, кемсітуден арылтады. Дегенмен толеранттылықтың адамгершілік қағидаттарына, елдің заң-тәртіптеріне, ұлттық мұратқа қайшы келмеуіне қол жеткізу қай-қашанда ескерілуге тиісті шешуші түйін есептеледі.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1. Лекторский В.А. О толерантности, плюрализме и критицизме // Вопросы философии. - 1997. - №11.- С.46-54.
2. Тишков В.А. Культуры мира - М.: Наука, 1993. - 314 с
3. Тишков В.А. О толерантности / Толерантность и согласие. - М., 1997. -С.19.
4. Гасанов З.Т. Формирование культуры межнационального общения в многонациональном регионе // Педагогика. - 1994. - №5. - С. 11-15.
5. Сухомлинский В.А. Павлышская средняя школа: Обобщение опыта учебно-воспитательной работы в сельской средней школе – М., Просвещение, 1979. – С.393.La tolerance au risgue de 1 histoire. Lyon, Aleas, 1995.-242 r.
6. Аристотель. Сочинения в 4-х т. - Т.4. - М.: АН СССР, 1983. – С.830.
7. Марк Аврелии Антонион. Размышления Римского императора Марка Аврелия о том, что важно для самого себя.-Репр. Изд.-М., 1991.- С.64
8. Локк Д. Басқу туралы екі трактат./ауд. Иманбаев М.Ө., ред.: Нұрышева Ғ.Ж., Ғабитов Г.Х. Зерде қоғамдық қоры; Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы. –Алматы.:Раритет,2004-Б.230.

- Толерантыық
- Толкание ядра
- Толкание ядра (техника и методика обучения)
- Толкающие системы управления материальными потоками в производственной логистике
- Толкование гражданских законов по субъекту и по объему. Способы толкования гражданских законов
- Толкование, значение и определение слова "нищета"
- Толкование Конституции
- Толерантность и конфликт
- Толерантность и образование
- Толерантность и стрессоустойчивость
- Толерантность, как принцип социально-педагогической деятельности
- Толерантность как фактор общения
- Толерантность как часть менталитета белорусского народа
- Толеранттылық