Қытай саясаты
ҚЫТАЙДЫҢ ҚАЗАҚСТАНҒА БАЙЛАНЫСТЫ САЯСАТЫ
Қылышты сабынан, жыланды басынан ұстау керек. Қазақтың аталы сөзі
«…Жауы
мен өзін жақсы білетін, жүз соғыста да қатерге тап болмайды. Жауын жақсы білмейтін, бірақ өзін жақсы білетін біресе жеңіп, біресе жеңілетін болады. Ал жауын да, өзін де білмейтін айқас сайын үнемі жеңіліс табады».
Қазақстанның ішкі жағдайына төндіріп отырған қытайдың қауіп-қатері жайында аз кем ақпараттар:
Қытайды зерттеп жүрген ғалымдардың пайымдауларына қарағанда, Қытайдың жалпы табиғи ресурстары 2 миллиард адамды қамтамасыз етуге ғана жетiп, одан кейiн өз мүмкiндiгiн сарқа береді екен. Дегенмен, осындай бiр тықырдың таяп келе жатқанын Қытайдың ғалымдары да жоққа шығармайды. Су көздерi тартылып, орман сиреп, жайылымдар азайып, егiстiк алқаптар уланып, экологиялық апат төне бастағаны хақында өздерi де дабыл қағып жатыр. Қазiр Қытай елi – қақпағы жабық өз iшiне сыймай бұрқылдап қайнап жатқан қара қазан тәрiздес. Түбiнде ол бәрiбiр таситыны ақиқат. Сонда, ол қалай қарай құйылады? БҰҰ мәліметтері бойынша жер көлемі үлкен бірақ адамдары өте аз тұрақтанған алғашқы үш елдің бірі Қазақстан екен (1 метр2 жерге 5,5 адам). Сондықтан жаһандану заманында табиғат бостықты қаламайтыны сияқты бос кеңістіктің орнын толтыру заңдылық. Бұл жерде Қазақстан үшiн өте үлкен қауiптiң басын ашып айтқан жөн. Қытайдың территориясымен шектесiп жатқан жерлерге назар аударып қарасақ, айналасының барлығы халықтың тығыз орналасуы нәтижесiнде тығындалып тұр. Оған қоса әлемде мұнай тұтыну жағынан алда тұрған Қытай үшін Қазақстандағы бай энергетикалық ресурстарға деген сұранысы тым жоғары.
ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ САЯСАТ
Қытай қажетті энергетикалық қуаттардың басым бөлігін теңіз жолдары арқылы тасып отырғаны белгілі. Ал теңіз жолдарына АҚШ-тың әскери-теңіз күштері бақылау жасауда. Яғни Қытайдың энергетикалық қуаттары АҚШ-тың бақылауында деген сөз. Осыдан мазасызданған Қытай, бұдан басқа альтернатив жол – Қазақстан арқылы энергетика қуаттарын тасып әкелуге қатты мүдделі болып тұр. Оның үстіне Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Халықаралық энергетикалық агенттіктің есебінше энергия тұтыну жөнінен Қытай АҚШ-ты басып озып, әлемдегі ең ірі мемлекетке айналды деп хабарлайды Би-Би-Си агенттігі.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің мәліметі бойынша жалпы Қазақстанда Қытайдың 78 компаниясы және 3 964 бірлескен кәсіпорындары жұмыс істеуде. Олардың басым бөлігі әрине энергетика саласында. Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевтың айтуына қарағанда, Қазақстанда қытай капиталының 50-100 пайыз арасындағы үлесі бар 15 мұнай-газ компаниясы жұмыс істейді (одан да аз үлестері бар компаниялар жеткілікті). Қолдағы деректер бойынша 5 компания 100 пайыз қытай инвесторларының иелігінде, 6 компания 50 пайыз қытай иелігінде.
Қытайдың иелігінде жұмыс істеп жатқан компаниялар:
- Ақтөбемұнайгаз – 85,32 % (CNPC)
- Маңғыстаумұнайгаз – 47 % (China National Petroleum)
- Қаражанбасмұнай – 50 % (СITIC group)
- ПетроҚазақстан (PetroKazakhstan) – 67 % (CNPC)
- Қазгермұнай (PetroKazakhstan) – 50 %
- Торғай Петролиум (PetroKazakhstan) – 50 %
- Бозашы оперейтинг лтд.
- Павлодар мұнай өңдеу зауыты – 58 %
- Шымкент мұнай өңдеу зауыты – 50 %
10. Айдан мұнай – 100 %
11. ҚуатАмлонМұнай
Сондай-ақ қытайдың 4 компаниясы қазіргі таңда мұнай қоры бар жерлерге барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
2004 жылы сәуір айында Қытайдың Sinopec Group мұнай-химиялық компаниясы Каспийдің солтүстігіндегі бірқанша кеніштеріне (Солтүстік Бозашы, Қаражанбас) иелік ететін американдық Fioc (First International Oil Сompany) компаниясын сатып алды.
2009 жылы Қытайдың мемлекеттік инвестициялық қоры (China Investment Corporation, актив сомасы 300 млрд. $) маңызды компанияларымыздың бірі «Қазмұнайгаз» Барлау өндіру» АҚ-ның 11 пайызын сатып алды.
Әлемдегі мыс тұтыну жағынан бірінші орында Қытай тұрғандықтан Қазақстанның мыс кен орнына иелік етуге мүдделі. Сол себепті «Қазақмыс» компаниясына Қытайдың мемлекеттік даму банкісі 2,7 млрд. доллар несие бере отырып, үлесіне кіретін болып келіскенін жариялады. Сондай-ақ «Қазақмыс» қытайдың «Цзиньюй» компаниясымен Ақтоғай-Айдарлы мыс кен орнын бірлесіп пайдалану жөнінде келісімге келді. Соколов-Сарыбай кен-өндіріс бірлестігі Қытайға жылына 6 млн. тонна темір кен өнімдерін жеткізіп беріп отыр. Осы салада әлі де бірқанша компанияларды сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Арал теңізі акваториясында бiрқатар мұнай-газ кеніштерін ашу үшін қытайдың CNPC компаниясы геологиялық барлау экспедициясы жұмыстарын жүргізуде.
Энергетика өндіру саласындағы қытайдың ең қауіпті қадамы 939 млн. АҚШ долларына «ҚазМұнайГаздың» 14,5 пайыз акциясын сатып алуы болып саналды.
Таңқаларлығы еліміздің «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниямыздың үлесінен қытайдың CNPC компаниясының үлесі асып кетіпті. 2000 жылы Қазақстандағы мұнай өндірудің 7 пайызынан 2007 жылы 25 пайызына бірақ секіріс жасаған. Ал соңғы мәліметтерге қарағанда жалпы Қазақстандағы энергетика саласындағы үлестің жартысына жуықтапты. Сонда бұл елдің мұнай-газ саласындағы монополист компаниясы ҚМГ емес CNPC болғаны ғой. Егер де мұны түсіне білгенге елдің қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіріп тұр. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігі төрағасының орынбасары Б.Парсегов «Бәсекелестік туралы» заңының 12-бабына сәйкес егер нарықтағы үлесі 35 пайыздан асып кетсе нарық субъектісінің жағдайы үстем деп табылады. Ал қытайлық компаниялардың мұнай нарығында аталған өлшемдерге (критерий) сәйкес келмейді» деген болатын.
Қытай енді мұнай мен газ қорларымен қатар уран кеніштерін сатып алуды бастады. Себебі де бар. Қытай АЭС-ы, басқа да салалары уранға деген қажеттілігінің 20 пайызын ғана қанағаттандыра алады екен. Уранға деген 80 пайыз сұранысын сырттан алуға, импорттауға мәжбүр. Қолда бар ақпараттарға қарағанда қазірдің өзінде қытайлық компаниялар Шиелі (Қызылорда обл.), Иіркөл (Қызылорда обл.), Жалпақ (Оңт.Қаз.обл.), Семізбай (Солт.Қаз.) уран кеніштеріне иелік етуде екен. Қытайдың ұлттық ядролық корпорациясы мен Гуандун ядролық-энергетикалық корпорациясының (CGNPC) Қазақстандағы уран кеніштеріне үлеске кіріп, әрі «Қазатомпром» компаниясымен бірлесіп 2020 жылға дейін уран өндіруге келісім жасалған.
Қазіргі күні Қытай, өндіріс саласының 70 пайызын көмір арқылы жұмыс істеткізіп жатыр екен. Бірақ көмір қуатының сарқылуына байланысты өндірістері мұнай мен газға жәймендеп көше бастады. Егер де бәрі демей-ақ қоялық, өндірістерінің жартысы уран мен мұнай-газға өтетін болса біздің ғана емес әлемдегі энергетикалық ресурстардың сарқылуына әжептеуір ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Қазірдің өзінде ресми мәліметтерге назар аударсақ, 2009 жылы 1,3 млрд. $, 2007 жылы 2,6 млрд. $ мұнай Қытайға экспорттағанымызға қарап, мұнай саласындағы Қытайдың экспансиясы анық көрініп тұр. Оған қоса Қытайға қарай салынып жатқан Қазақстан-Қытай (Бейнеу – Бозой – Ақбұлақ – Шымкент – Достық) газ құбырына, Қазақстан-Қытай (Атасу-Алашанькоу, Кеңқияқ–Құмкөл) мұнай құбырларына қарап та түсінуге болады.
ЖОБАЛАР
Қапшағайдағы ойын-сауық қалашығын Shun Tak Holdings Limited компаниясы 10 млрд. долларға салуды;
Шарын өзенінде Мойнақ су электр станциясын;
Балқаш және Екібастұздағы жылу электр станцияларын;
Ақтау пластмасса зауытын;
Жол-құрылыс техникаларының өндіріс зауытын;
Фармацевтикалық зауыт салу;
Қорғас-Сарыөзек, Қорғас-Жетіген темір жолдарын;
Атырау газ-химиялық зауытын;
Атырау битум зауытын;
Ақтөбедегі металлургиялық зауытын (аталған соңғы үш жобаға Қытай 1 млрд. 360 млн. АҚШ доллар инвестиция салады);
Каспий энергетикалық ХАБ (торабы) құрылысын;
Павлодардағы Бозшакөл тау-кен байыту комбинатын (2,7 млрд. АҚШ доллары);
Павлодар облысындағы Алюминий зауытын (400 млн. АҚШ доллар);
Ақтоғай-Айдарлы мыс зауытын;
Алматы облысындағы Шелек өзенінде (China Gezhouba Group компаниясы 727,7 млн. АҚШ доллары, қуаттылығы 254 мегаватт өндіреді) су электр станциясын салуды салуды жоспарлап жатыр.
Атыраудағы мұнай өңдеу зауытын қытайдың «Синопек Инжиниринг» компаниясы қайта жаңғырту үшін құрылысын бастап кетті (инвестиция құны 1 млрд 40 млн АҚШ доллары).
Сондай-ақ CNPC компаниясы жылына 30 млрд. кубметр газ айдайтын Қазақстан-Қытай (Бейнеу – Бозой – Ақбұлақ – Шымкент – Достық) газ құбырын салуды бастады.
Келісім бойынша аталған құрылыстардың барлығында қытайлық құрылыс компаниялары жұмысшыларымен бірге келіп салмақшы.
ҚЫТАЙ ИНВЕСТИЦИЯСЫ
Жалпы жоғарыдағы мәліметтер Қытайдың Қазақстандағы барлық энергетикалық ресурстарға, яғни мемлекетіміздің күш қуатына толықтай бақылау жасау үшін барынша инвестиция құйып жатқандығын дәлелдейді. Егер де Қытайдан инвестицияларды әкелуді шектен шығарып жіберсек, онда өзіндік саясатымыз болмайды. Бұл үдерістің түбі, әрбір қадам жасағанымызда «Қытайдың мүддесіне қарсы келіп қалмай ма?» деп ойланып әрекет жасайтын жағдайға жеткізеді. Қытай инвесторлары қытайдың мемлекеттік саясатын жүргізеді дейтін себебіміз, шетелге инвестиция шығарып жатқан компаниялардың барлығы Қытай мемлекетінің қадағалауында.
Қытайдың Қазақстанға ықпалы жөнінде шетелдік ақпарат көздері де ақпараттар тарата бастады. Еуропа статистика ұйымы мен халықаралық қаржы институттары Қытай бизнесінің Қазақстанда үдей түскендігі жөнінде және оның Қазақстан экономикасына қауіп төндіретіндігі туралы ақпарат жариялады. CSIS (Canadian Security Intelligence Service) мәліметіне қарағанда жақын болашақта Қытай Қазақстандағы барлық мұнай, газ кеніштерін сатып алмақ екен.
Уақыт өткен сайын мақсат, себебі жарияланбастан Қытайдан несие ала беру қарқын алды. Қазақстанның Даму банкісі China Development Bank алдындағы қарызы 2008 жылы 12,1 млрд теңге (5,6% займ ретінде), 2009 жылдың 30 маусымына дейін 45,1 млрд теңгеге (16 %) жетті. Әлемдік тәжірибеде көрсетіп жүргендей, шектен тыс жөн жосықсыз несие ала беру мәңгілік қарызға батырады.
Қытайдың Орталық банкісінің ресми мәліметіне қарағанда алтын-валюта қоры 2,447 трлн. долларға жетіпті. Артынша Қытай тек қана энергетикалық ресурстар қорын сатып алу үшін 3 трлн. қаржы бөлгенін әлемге жариялады. Дегенмен бұған таңырқаудың қажеті жоқ, өйткені миллиардтап доллар инвестициялар құйып жатқан сияқты көрінгенмен, ол салған қаржылары экономикамызды дамытуға емес, мұнай, газ, уранды, яғни қазба байлықтарымызды өндіріп Қытайға алып кету үшін ғана. Ал оның шығынын, экологиялық зардабын өтейтін Қазақстан халқы болмақ.
Өз экономикасын дағдарысқа қарамастан одан әрі дамыту үшін Қытайға мол энергия көзі мен шикізат ауадай қажет болғандықтан қытай инвестициясының алдында тұрған бір ғана идеологиялық міндет бар, ол – өз экономикасын дамыту. Сол себепті Қазақстандағы минералдық қорларды іздестіру мен игеру ісіне белсене қатысып келеді. Мұнай, газ, көмір, темір, қорғасын, мырыш, титан, алтын, күміс секілді пайдалы қазбаларды қойнауына басып жатқан Қазақстан – Қытай инвестициялық саясаты үшін іздегенге сұрағандай болып отыр.
Әрине экономикалық жағынан Қытай тек Қазақстанға емес әлемге ықпалын күшейтіп келе жатқаны рас. 2008 жылғы әлемдік экономикалық дағдарыс Қытай үшін үлкен пайда әкелді. Басқа елдердегі завод-фабрикалардың күйреуі әлемнің тұтынушыларының Қытай тауарына тәуелділігін арттырды. Сондықтан әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде Қытайдың экономикалық қуаты керісінше артып кетті. «Еуропадағы дағдарысқа қарамастан Қытай Еуропа рыногына салатын инвестиция қарқынын төмендетпек емес» – деп мәлімдеді ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Вэнь Цзябао 2010 жылғы шілдеде Германия канцлері Ангела Меркельен Пекиндегі кездесуінде. Қытай Еуроодақ экономикасының әлсіз тұстарын іздестіріп, қолайлы тұсынан кіруге тырысуда. Мысалға Грекия, Португалия, Италия секілді өзге де еуропалық елдердегі құнды қағаздарды жаппай сатып алып жатқанын айтуға болады. Демек Қытай енді керісінше Еуропаның өзіне инвестиция құя бастады деген сөз.
Қытай банкісінің (Bank of China) вице-президент Жу Минь «Бұл дағдарыс бізге АҚШ-тың әлем экономикасына бақылау жасай алмайтынын айқын дәлелдеп берді» деп ашық түрде сынға алды. Бұл дегеніміз Қытай бірте-бірте АҚШ-тың экономикасына, долларға деген тәуелділігін азайтты деген сөз. Қытайдың коммерция министрі Чэнь Дэмин де «юань біртіндеп долларға балама валютаға айнала бастайды» деген пікірді қуаттады. Қытай инвестициясы күшейді деген сөз юаннің де күшейгенін білдіреді. Себебі Қытай шетелдердегі жобаларды юань арқылы қыржыландыру тәсілін белсенді пайдалануға көшті. Оған да негіз жоқ емес алтын-валюта қоры бойы бойынша Қытай дүниежүзінде бірінші орынға шықты. Қытай юанінің әлемдік валютаға қарай жол алғанынан болар 2009 жылғы 15 сәуірде Пекинде Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Б. Жәмішев: «Қазақстан юаньді резервтік валюта ретінде пайдалануы мүмкін» деп салды. Экономикалық дағдарыс кезінде теңгенің тұрақсызданғанынан және юаннің тұрақты болып тұрғандығынан қазір саудагерлеріміз тауардың құнын юанмен өлшейтін болды. Бұл үдеріс түптеп келгенде доллар құнсызданатын болса Қазақстан юаньға көшуге дайын деген сөз.
Қытай Қазақстанның банк жүйесіне де дендеп еніп келеді. Байқасаңыздар Халық банкінің банкоматтары қытай тілінде де қызмет көрсете бастады. Қазірдің өзінде Қазақстандағы Қытай банкі, Алматы қаласындағы қытай сауда-өнеркәсіп банктері Қазақстан аумағында қызмет көрсетуде.
Қытайлық компаниялар егер де шетелге экспорт шығаратын болса және шетелде бөлімшелерін ашатын болса мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен салықтық жеңілдіктер, түрлі дотациялар және жеңілдікпен несиелер арқылы қолдау білдіріледі. Сондықтан бөгде мемлекеттер үшін инвестиция деп көрінген қаржылар Қытайдың мемлекеттік қолдауының нәтижесінде игеріліп, экономикалық шеңгеліне түсіреді. Бұл ретте инвестициялар дегеніміз сыйға берілген ақша емес, кейін еселеп қайтаруды талап ететін кредит түрінде келіп жатқанын ұмытпау керек. Кредит түрінде берілетін және оны басқаға игертпей, тек өздері ғана игеретін қытай инвестициясы Орталық Азия елдерін қарызға батырып, осы өңірдегі Қытай экономикасының тегеурінін нығайта түсуде. Сол үшін де бұған мемлекеттік деңгейде жүргізіліп жатқан саясат деп баға беруге болады.
ЭКОЛОГИЯЛЫҚ САЯСАТ
Әрине қытайлық компаниялар қазба байлықтарды өндіру кезінде қоршаған ортаны да ластап жатқаны рас. Соның есебінен жергілікті халықтың денсаулығы зардап шегуде. Жергілікті ауруханалардың мәліметтеріне қарағанда кен орындарындағы экологияның ластануынан аурулар саны артып келеді екен. Қытай кен орындарында газдан улану оқиғалары жиі қайталанатын болды. Шиелі кентінде болғанымда «Соңғы күндері судың бетінде бір майлы тәрізді сұйықтық пайда болды. Білетіндердің айтуынша ол уран көрінеді. Соны біле тұра жергілікті халық судың бетін үрлеп жіберіп іше беретін» жағдайға жетіпті.
2006 жылы қазан айында Қызылорда облысы Тасбөгет кентінде қытайлық «СНПС-Ай-Дан Мұнай» компаниясының мұнай қалдықтарын төгіп (230 квадрат метр), экологияны ластаған фактісі тіркелді.
Қытайдың басты экологиялық саясаты, Ертіс пен Іле өзендерінің арнасын бұру арқылы (Мысалыға, Ертіс-Қарамай каналын салу арқылы Ертістің арнасын бұру) Қазақстанның шығыс аймағына үлкен экологиялық апат қаупін тудыруында. Өзендерімізде судың төмендеуінен балықтың түрлері азая бастады. Бұл мәселелер кезең-кезеңімен үкіметтік деңгейге дейін көтерілді. Ертіс өзенінде Қытай салып жатқан арна Павлодардың сумен жабдықтау жүйесіне қауіп төндіріп отырғандығы туралы Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев Ақсу ферроқорытпа зауытында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың қатысуымен өткен кеңесте мәлім етті. Кейіннен екі елдің президенттері суды тиімді пайдалану туралы ортақ келісім-шартқа қол қойды. Өкінішке орай келісім декларативтік түрде қалып, іс жүзінде керісінше судың арнасы төмендей берді. Мысалыға, келісімге сәйкес Қытай тарапы бір ғана Ертіс-Қарамай каналына қарай 0,8 кубкиломтетр орнына 4,5 кубкилометр су алуда. Бұған алаңдаушылық білдірген Қазақстан үкіметі тарапына, Қытай тарапы ресми түрде «Елдің барлық ресурстары, оның ішінде шекаралық өзендері де Қытай экономикасының өркендеуіне жұмыс істеуі керек. Қалғаны маңызды емес» деп бір-ақ қысқа қайырды. Соңғы жылдары судың деңгейі төмендеп қана қоймай қоқыстар ағып келетін болды. Оның себебін Қытай тарапы, Шыңжаң өлкесіндегі өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының (күріш алқабының көбеюі) жылдам дами бастағанымен түсіндіруде. Павлодар облыстық СЭСі Ертіс өзенінен алынып тұрған сынама нәтижесіне сәйкес жыл сайын судың нашарлап бара жатқандығын анықтады. 2008 жылғы 8 шiлде күнi КТК телеарнасы Ертiсте жаппай шаяндардың қырылып жатқанын көрсеттi. Шаяндарға келген апат ертең адамдарға келмесiне кiм кепiл?
Бір ғана Іле өзенінің бойында 65 су электр станциясы салынғанын ескерсек, оған қоса тағы 13 су қоймасын салуды жоспарлап жатыр. Ерекше ескерер мәселе, аталған су қоймалары салынып жатқан жерлер тектоникалық қыртыстардан тұратын, сейсмикалық қауiптi аудандар екендігі. Егер де 8 балдық жер сiлкiне қалса, су қоймасындағы судың қуаттылығы жолындағының бәрiн шайып Балқашқа бiр-ақ құяды. Осы бөгет суының жүзден бiрiн құрайтын Қызылағаштың жағдайын бәрiмiз бiлемiз. Сонымен қатар Балқаш көліне 80 пайыз суды Іле өзенінен келеді. Егер де Іле өзені тартылатын болса Балқаш көлі Арал теңізі апатынан кем емес зардап әкеледі.
Қытайдың болашақтағы жоспарларына қарағанда аталған өзендердің арнасын толығымен бұруға дайындалып жатыр. Себеп «Батысты игеру саясаты» аясында Шыңжаңға 20 жыл ішінде 250 млн. халық орналастырады. Егер де жан басына судың тұтыну мөлшерін есептер болсақ шын мәнінде Қазақстан тарапына бір тамшы суда өтпейтін көрінеді. Осы жағдайды ескерген Қытай көп жағдайда «Трансшекаралық өзендер мен көлдер туралы» халықаралық конвенцияға қол қоймайтындығын, яғни трансшекаралық өзендерді қалағанынша пайдаланатындығын ескертуде.
ҚЫТАЙ ТАУАРЫ
Екі ел арасындағы тауар айналымында Қытайдың үлесі Қазақстаннан 20 пайызға артық. Импорт, экспорттағы сауда балансының сальдосы минусқа кеткен. Былайша айтқанда дайын өнімдерді импорттап, шикізаттарды Қытайға экспортқа шығарамыз. Ал бұлардың бәрі экономикадағы әділетсіздік емес пе?
Әрине қытай тауарларына тыйым салып, сауда нүктелерін жаба алмаймыз. Сондықтан қытай тауарларына қатысты екі нұсқа жол бар: 1) шекарада сауда орталықтарын ашып, сол арадан тауарын алып, өздерін сол жерде қалдырып отыру; 2) тауарларды Қазақстанда өндіру. Егер бізде өндіретін болса Қытайдағыдай зиянды қоспаларды қосуға, өндіруге тыйым салар едік. Яғни қытайдың зиянды тауарларының жолын кесеміз. Әйтпесе қазіргі жағдайда қанша жерден қытайдың зиянды заттарына айыппұл салсақ та, тыйым салсақ та тоқтата алмасымыз анық. Қайсы нұсқа болса да қытай жұмысшыларына рұқсат берілмеуі тиіс.
Қазіргі таңда шекарада қытай тауарларын тексеріп өткізетін лабораториялар салуымыз керек. Себебі Қытайдың көптеген тауарларына Еуро Одақ, АҚШ, Жапония, Малайзия сияқты көптеген елдер тиым салды. Себеп біреу, адам денсаулығына зиянды, тіпті улы заттар. Біз көп жағдайда қытай тауарларының зиянды екенін шетелдік зерттеулер нәтижесінде біліп жатамыз. Мысалыға Англияның денсаулық сақтау департаменті мен Англия косметикалық хирургия индустриясы инспекциясының бірлесіп жүргізген тексерулері нәтижесінде қытайлық косметикалық тауарлары аборт жасатылған балалардан жасалатынын анықтады. Ал оның түрлі ауруларға жол ашатынын, яғни өлген баланың генінде бар түрлі аурулар косметикалық тауарлар арқылы жұғатынын дәлелдеді. Сондықтан қазір мүлдем тыйым салды. Бір кездері АҚШ, үй жануарларына арналған Қытай тағамдарынан зиянды қоспа тауып еді, ит пен мысығының денсаулығын мемлекеттік деңгейде қорғап Пекинге қарсы нота жіберді. Осы жағдайларды біле отыра 2010 жылдың 18 сәуірінде қазақ-қытай кеден басшылары 24 сағат бойы жұмыс істейтін тауар өткізу бекетін ашатын болып келісті. Мұндағы мақсат қытай тауарларын кедергілерсіз тез арада өткізетін «жасыл коридор» ашу. Бізде ешқандай зерттеу орталықтарының жоқтығынан қытай тауарлары арқылы аурулардың түрі көбейіп келеді. Қолданатын заттары тұрмақ қытайдың тағамдарының зиянды екенін сезе тұрып жей беретін жағдайға жеттік. Қытай тағамдарының дерлік бәрі гендік модификацияланған тағамдар. Тіпті кейбір тағам түрлерінің зияндылығын анықтауға мүмкіндігіміз жетпейтін көрінеді. Бірде қытайдан Семейге келген шошқаның еті қаншама тексерулерден өтіп халық тұтынатын орынға келгенде ғана зияндылығы анықталады. Артынша 90 тонна зиянды шошқа етін қайтаруға мәжбүр болдық. Сонда зияндылығы белгілі бір уақытқа дейін анықталмай жүре береді деген сөз. Осылай сездірмей әсер ететіндердің көпшілігі еркектерді белден айыратын, ұрықтарын өлтіретін қоспа бар екеніне құлақ та үйренді.
2003 жылы 8 қаңтарында Павлодар облыстық СЭС-і Қытайдан әкелінетін ашытқылардан (дрож) қалыптан 50 есе жоғары токсиндік заттар бар екенін анықтап дабыл қақты. Бұл адамның жүйке жүйесіне, бүйрегіне, бауырына тікелей зақым келтіреді екен. Мамандардың айтуынша тағамдарымен қоса Қытайдан келетін киім кешек, балалар ойыншықтарының сапасы да сын көтермейді. Осылардың кесірінен ауру ұрпақтар саны өсуде. Атап айтқанда бүлдіршіндер арасында артроз, сколиозға шалдыққандар көбейді. Соңғы 5-10 жылдан бері жастардың басым бөлігінде майтабан ауруы анықталып әскерде отан қорғау борышынан айрылғандар қатары көбеюде. Медицина мамандары бұл қытайдың аяқ киімдерінің тигізген зардабы екеніндігін анықтады.
Мектептердегі стандартқа сай келмейтін қытай парталарының зардабынан балалар бүкір, қабырғасы қисық қалыптасуда. Одан қалды кеңсе тауарларының жағымсыз иісті, улы бояуларынан оқушыларымыз тағы да зардап шегуде. Ал нәрестелерге арналған ойыншықтардағы улы бояулардан зақымданған, жарылғыш заттардан күйген, сылдырмақтағы дыбыстың қаттылығынан керең болғандар қаншама. Бүгінде жерге түссе сынбайтын қытайлық ыдыстарға қызығатындар көбейді: бағасы арзан әрі төзімді. Мұндай ыдыстарға салынған тағамдар лезде уға айналады екен. Себебі ыдыстағы меламиннің құрамына формальдегидпен бірге асбест қосылады екен. Ал асбест ыдыс тұрмақ, құрылысқа пайдалануға қатаң тыйым салынған улы зат.
Автобустарынан, вагондарынан халықтың қандай зардап шеккенін де білесіздер. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық қызметі мен «Ғылыми сараптау орталығы» мемлекеттік мекемесі қытайдан келген жүк және жолаушылар вагондарына жүргізген 250 зерттеу қорытындыларына сәйкес аталған вагондардың адам денсаулығына зиянды екендігін, химиялық заттардың нормадан 8- 135 есе асатындығы яғни құрамында фенол және формальдегидтің (формальдегид – тыныс жүйесіне, көзге, теріге, сондай-ақ орталық нерв жүйесіне теріс әсер ететін канцерогендік зат) барлығы жөнінде мәлімет таратты.
2008 жылы ақпанда Петропавлда қытай ойыншықтарының зиянды партиясы тәркіленді. Ол ойыншықтардағы улы заттардың мөлшері шекті нормадан 60 есе асатын болып шыққан.
2008 жылы 17 қазанда Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің жүргізген тексерулері нәтижесінде Алматы, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында 159 килограмм зиянды қытай құрғақ сүті тәркіленді. Сондай-ақ мектептердің жанында зиянды деп табылған «Кенди» атты қытайдың 82 балмұздағын тәркіледі.
Қытайдан келген жиһаздық өнімдердің барлық түрінен формальдегид қана емес, мырыш, кадмий және хром сияқты ауыр металдар да анықталған.
Азық-түліктің түрлерін өндіретін «Саньлу» кәсіпорны мен тағы 21 компаниясы өнімдеріндегі протеиннің құрамын арттыру үшін меламин деген қауіпті затты пайдаланғаны анықталған.
Өкініштісі күнде қолданып жүрген ұялы телефонымыздың маркасы басқа елдікі болғанымен Қытайда жасалғандығы және оның радиация мөлшері шектес тыс болғандықтан миымызды зақымдап жатқанынан көбіміздің хабарымыз жоқ.
Осы тектес мәліметтердің бәрін тізіп жаза берер болсақ, ұзын-сонар тізімге айналары сөзсіз. Сондықтан 19 жылдан бері қайталана беретін оқиғалар – қытайдың зиянды тауарларынан зардап шегудің алдын алу үкіметтің алдындағы міндет.
Халық арасында қытай тауарына деген теріс көзқарастың жаппай қалыптасқанынан кейін Қазақстан Республикасы Үкіметі Парламентке берген есебінде Қытайдан келген тауарлардың 80 % зиянды екендігін мойындады. Осы жағдайды ескере отырып дамыған елдердің шектеу қойған тауарларының тізімдерін жасап, үкіметіміз де шектеу қоюы керек.
Бір елдің экономикалық қауіпсіздігін тәуелділіктен қорғау үшін тұтыну тауарларының жартысынан астамын өздері өндіруі керек деген заңдылық бар. Бұл жағдай Қазақстанда қызыл сызықтан әрі асып кетті. Алманың атасы атанған Алматы өңірі алманы Қытайдан тасығаннан кейін не сұрауға болады.
Қысқасы қытай тауарларының осындай ауыр хәлге душар ететін зияндылығын ескере отырып ақпарат құралдарында кең түрде насихаттау керек. Махатма Ганди айтқандай «ағылшындарға қарсы күресудің бір жолы – ағылшын тауарларын еш сатып алмау» деген екен. Содан кейін ағылшын компаниялары бірінен кейін бірі банкротқа ұшырап, артынша үнді жерін тастап кете барыпты.

- қытай философиясы
- Қытай философиясы
- Қытай философиясы
- Қытай экономикасы
- Қышқыл
- Қышқылдар мен негіздердің қазіргі заманғы теориясы. Бренстед-Лоуридің протолиттік теориясы, протолиттік реакциялардың теңдеуін құрастыр
- Қышқылдар мен негіздердің теориясы
- Қытай Коммунистік Партиясының жүйесі
- Қытай қазақтарының тұрмыс-салты
- Қытай қаржы нарығы
- қытай мадениеті
- Қытай математикасы
- Қытай мемлекеті
- Қытай реформаларының ерекшеліктері