Қытай мемлекеті

        Л.Н.Гумелев атындағы Еуразилық Ұлттық Университеті

 

 

 

 

    Реферат

Тақырыбы: Қытай мемлекеті

 

 

                                                                              Дайындаған: Тургаева А.С

                                                                              Тексерген: Турунтаева А.А

 

 

 

 

 

 

 

                                

 

                                          Астана 2011

Жоспары:

  1. Кіріспе
  2. Негізгі бөлім

            Қытай мемлекеті

                a) Тарихы

                ә) Қытайдағы мұсылмандар көтерілісі

               б) Әдебиеті мен өнері

               в) Қытай медицинасы

                г) Мәдени мұралары

                   д) Қытайдағы қазақ әдебиеті, өнері және баспасөзі


  III. Пайдаланған әдебиеттер.

 

 

                                      Кіріспе

Қытай тарихы археологиялық мәліметтермен қатар, ерте заманнан бергі саяси өмір мен әлеуметтік қозғалыстарды зерттеуге мүмкіндік беретін, жазба көздерінің көпшілігі және түрлігімен ерекшеленеді. Діни-философиялық және тарихи мазмұны бар канондалған ежелгі қытай мәтіндері, әсіресе Конфуцийдің оқуы жазылғаны — өз кезегінде, қытай өркениетінің дамуына, қытай халықтарының көзқарасына әсер етті.

Қытай өркениетіне Конфуций заманынан бері әрбір адамның жердегі өміріндегі бақыт пен аман-саулығына бағытталған жоғары әлеуметтік-саяси белсенділік тән болды — адамның тағдыры құдайдың салғаны емес, өз еңбегінің арқасы. Қытай тарихындағы үлкен халық қозғалыстары менен Қытайға тән жоғары әлеуметтік көшпенділіктің мәнісі осында жатыр. Қытай өркениеті — әлемдегі ең ежелгілердің бірі. Қытай ғалымдарының айтуы бойынша, оның жасы бес мың жылға жуық, оның үстіне жазба көздері 3500 жылғы мерзімді қамтиды. Династиялар ауысқан сайын түрлі даму кезеңдерінен өткен ежелгі әкімшілік басқарудың баршылығы, өзге өркениеттен кейін қалып қойған көшпенді көршілер мен тау халықтарына қарағанда, жер өңдеу саласы дамыған экономикасының баршылығы анық артықшылық болды. Қытай өркениетін одан әрі конфуцийлік (б.з.д. 1 ғ.) және бірегей жазу жүйесінің енгізілуі күшейтті.

Саяси көзқарас бойынша, Қытай бірнеше мыңдаған жылдар бойы, цикликалық түрде қайталанатын саяси бірлік пен шашыраңқылық мерзімдерінен өткен. Қытай аумағы басқыншылардың шабуылына жиі ұшырады, бірақ басқыншылардың көбі ертелі-кешті қытайланып, қытай этносымен араласып кетті. Қазіргі қытай мемлекеті мен қоғамы көптеген ғасыр бойы қоршаған азия халықтарымен мәдени және саяси араласуы менен енгізілуінің нәтижесі. Қытай этносының аса ірі демографиялық потенциалының көрші халықтарға тигізетін әсерін жоққа шығаруға болмайды.

 

 

 

Қытайлар


 

Қытайлар (өз атаулары – Хань, Ханьзужэн, Хуа, Хуажэн) – ұлт, Қытай Халық Республикасының негізгі халқы. Жалпы саны 1 миллиард. 300 миллион-нан астам. Қытайлар Сингапурда, Таиландта, Малайзияда, Индонезияда, Филиппинде, Мьянмада, сондай-ақ АҚШ –та, кейбір Батыс Еуропа елдерінде де тұрады. Антропология жағынан моңғол тектес нәсілдің Тынық мұхит бұтағына жатады. Солтүстік қытайлар арасында шығыс азиялық топ, ал оңтүстік қытайларда оңтүстік азиялық топтардың түрлері басым. Қытайлардың этногенезімен тарихы күрделі. Кейбір этнограф ғалымдардың айтуынша, қазіргі қытайлар этносы хань-тибет, малайя-полинезия, мопкхмер, тохаржәне алтай тілдерінде сөйлейтін көшпелі халықтардың араласуынан қалыптасқан. Синологияда ең көп тараған ғыл. пікір бойынша, қытайлардың арғы эт никалық тегі Хуаньхэ өзенінің орта және төменгі аңғарында б.з.б. 4 – 3 мыңжылдықта  Яншао,  Луншаннеолит мәдениетін жасаушы тайпалар болған. Б.з.б. 21 – 8 ғасырларда осы аймақтарда көптеген ұсақ мемлекеттер өмір сүрді. Бұлар әр түрлі тайпалардан құрылды. Батыс  Чжау әулеті билеген дәуірде Хуанхэ мен Янцзы (Чанцзян) өзендерінің орта, төменгі аңғарларындағы әр түрлі тайпалар ұзақ уақыт аралас өмір сүріп, Хуа және Ся, кейінірек біртұтас Хуася атты этнологиялық қауымдастыққа айналды. Бұл атау оңтүстіктегі Мань, шығыстағы И, солтүстік пен батыстағы Ди және Жун (Роң) сияқты көшпелі тайпаларға тарады. Қытайда б.з.б. 3 ғасырға дейін біртұтас мемлекет қалыптасқан жоқ. Бұл дәуірде Чанцзяннан оңтүстікке қарай Юэ тайпалары өмір сүрсе, батысы мен    солтүстікнде үнді-арий және алтай тілдес көшпелі халықтар мекендеген. Қытайлардың ата-бабалары бұл халықтармен өте тығыз қарым-қатынаста болып, олардың материалдық және рухани мәдениетінің көптеген белгілерін қабылдады. Әсіресе динлин, ғұн-дунху, юечжи-тохар, тағы басқа көшпелі халықтардан металл өңдеуді, арбаны пайдалануды, атқа салт мінуді, соғыс өнерін, тағы басқа үйренді. Чжанго дәуірінде Қытайда бір-бірімен жауласқан жеті бірдей патшалық өмір сүрді. Солардың ішіндегі ең қуаттысы Цинь Шихуанди б.з.б. 221 жылы өзге алты патшалықты өзіне бағындырып, Қытай тарихындағы тұңғыш біртұтас мемлекет – Цинь империясын құрды. Бірақ көп ұзамай, б.з.б. 206 жылы билікке Хань әулеті келді. Қытай ұлтының негізгі этнологиялық құрылымы осы кезеңде қалыптасты. Қазіргі қытайлардың этнологиялық атауы – Хань да осы әулеттің атымен байланысты. 3 – 6 ғасырда қазіргі Қытай жерінде бір-бірімен ымырасыз күрескен көптеген патшалықтар қатар өмір сүрді. Бұлардың бірсыпырасын түркі, моңғол тектес тайпалар құрды. 618 – 907 жылы Тан империясы билік құрған Қытайдың ең елеулі әрі мәдениетінің өркендеген мерзімі болып есептелді. Хань дәуірінде пайда болған Ұлы Жібек жолының рөлі артып, солтүстіктегі және батыстағы көршілес елдермен саяси-мәдени байланыстары күшейді. Бұл кезеңде қытайлар этнология жағынан да біртұтастанып, нығая түсті. 10 – 13 ғасырларда қытайлар бөлшектенген жағдайда өмір сүрді. Таза Қытай әулеттері елдің орталық және оңтүстік аймақтарына үстемдік етті. Ал қазіргі Солтүстік Қытайда көшпелі түркі, моңғол, тағы басқа халықтардың мемлекет бірлестіктері бірінен соң бірі ауысып жатты. Олардың ішіндегі ең қуатты мемлекеттер – қидандар құрған Ляо (916 – 1125), шүршіттер құрған Цзинь (1115 – 1234) және таңғұттар құрған Ся (1032 – 1227) әулеттері болды. 1271 – 1363 жылы Қытайда Шыңғысханның немересі Құбылай негізін қалаған Юань әулеті билік етті. 1368 – 1644 жылы Мин әулеті мемлекет билікті қолға алды. 1644 – 1911 жылы маньчжурлік Цин әулеті тұсында Қытайдың қазіргі шекарасы қалыптасып болды. Соңғы рет қытайлар 1949 жылы ҚХР құрылғаннан кейін бірікті. Қытайларды әлем халықтары әр түрлі атайды. Шетелдіктер (негізінен ағылшын тілді елдер) Chіna, мұсылман елдері Чин, ал түркі, славян тектес елдер Қытай деп атайды. Chіna, Sіna, Чин атаулары ежелгі қытайдағы Цинь империясының атауынан шыққан. Жалпы түркі тектес елдер Қытайды тарихтың әр кезеңінде билік басына келген әулеттердің атымен атаған. Ежелгі ғұндар мен сақтар Қытайды Чин деп атаса, көне түркілер Табғаш елі (Солтүстік Қытайды билеген түркі тектес тобашы Вэй әулеті), Оңтүстік Қытайды Шин-Машин деп, ал моңғол тектес қидандар билеген кезден бастап Қытан, кейін Қытай деп атады. Бұл атау түркілер арқылы Шығыс Еуропаға таралды.    16 – 18 ғасырларда қазақтар Қытайды билеуші әулет шүршіт атымен де атаған. Елде біртұтас дін қалыптаспаған. Дао (даосизм) дінінің қағидаларын халықтың көпшілігі мойындамайды. Әрі дін, әрі филос. ілім болып саналатын конфуцийшілдікті көбінесе билеуші және зиялы қауым өкілдері ұстанды. Б.з. 2 ғасырында Орталық Азиядағы Кушан патшалығынан Шығыс Түркістан арқылы Қытайға будда діні таралған. Буддизм қытай мәдениетіне, философиясына, әдебиетіне, архитектурасы мен бейнелеу өнеріне күшті ықпал етті. Орта ғасырлар мен жаңа заманда қытайға арагідік зорастризм, ислам, христиан (католик, несториан, манихей) діндері де таралып, өріс жайды. ҚХР-да тұратын қытай халқының 70 пайызы ауыл шаруашылығында еңбек етіп, тары, күріш, бидай, жүгері, мақта, соя, шәй өсірумен айналысады. Көкөністің 100-ден аса түрі бар. Негізгі ұлттық тағамдары күріш пен ұннан, балық, құс етінен (тағы басқа жәндіктерден), мал, шошқа етінен жасалады. «Желінбейтін нәрсе жоқ, тек аспаз соны дәмді етіп пісіре білсін» деген мақал қытай тағамдарының ерекшеліктерін көрсетеді. Қытайлар ұлттық киімдерінде ерлер мен әйелдердің сырт киімдерінің үлгі пішімі ұқсас, тек кейбір жеке бөліктері ғана өзгеше. Отбасында ерлердің рөлі басым. Дәстүрлі ұлттық мерекелері – қытайдың күнтізбесі бойынша жаңа жылдың басы – Көктем мерекесі (Чуньцзе) аса салтанатты жағдайда өтеді. Ол қаңтардың 21-нен ақпанның 19 аралығына тура келеді. Ай күнтізбесі бойынша 4-айда өтетін Цинмин (таза жарық) мерекесінде ата-баба аруағына мінәжат етеді. Бұдан басқа да 5-айдағы «Дуакоу» және 8-айдағы Чжунцю (орта күз) мерекесінде шаруашылыққа, діни нанымға қатысты ғұрыптық іс-шаралар өткізіледі.

 

 

 

Тарихы


Б.з.б. 140 – 87 жылы конфуцийшілдік ресми идеологияға айналды. Хань әулеті тұсында бірыңғай қытай халқы қалыптасты. Халық өзін ханьдықтармыз деп атай бастады. Бірақ 184 жылы 20 жылдан астам уақытқа созылған көтерілістен Хань әулеті құлап, үш патшалық құрылды. Хань әулетімен бірге Қытайда құл иеленушілік қатынастар да жойылып, жаңа қоғамдық қатынастар (феодализм) орнады. Солтүстік Қытайды көшпелі тайпалар басып алды. Елде түрлі кезеңдерде қытайлық емес 16 патшалық құрылды. 589 жылы ел Суй әулетінің төңірегіне қайта бірікті. 618 жылы оның орнына Тан әулеті келді. Қытай елі қайта гүлденді. Империя түрлі бағытта басқыншылық соғыстар жүргізді. 630 жылы Шығыс Түрік қағандығын жойды. 8 ғасырдың бас кезінде Жетісуға басып кіріп, 751 – 52 жылы Атлах шайқасында арабтар мен жергілікті түркі тайпаларының одағынан күйрей жеңілді. 10 ғасырдың басына қарай Тан империясы ыдырап, 960 – 1279 жылы Оңтүстік Қытайды Сун әулеті біріктірді. Солтүстікте, солтүстік-шығыста, солтүстік-батыста көшпелі тайпалар билеген мемлекеттер өмір сүрді. Олар бір-бірімен және Сун әулетімен үздіксіз соғыстар жүргізді. 13 ғасырдың бас кезінен Қытайды Шыңғыс хан билеген түркі-моңғол тайпалары жаулап ала бастады. 1271 жылға қарай Шыңғыс ханның немересі Құбылай бүкіл Қытайды өзіне бағындырып, Юань әулетінің негізін қалады. 14 ғасырдың 2-жартысында Юань әулеті биліктен кетіп, орнына қытайлық Мин әулеті келді. 16 ғасырда Қытайға еуропалықтар келе бастады. 1551 жылы Португалия Аомэн (Макао) жерін жалға алады. Миссионер-иезуиттер келіп, христиан дінін уағыздай бастады. 17 ғасырда солтүстікүстіктен көшпелі тайпалардың шабуылы күшейді, аса ірі шаруалар көтерілістері басталды. Мин әулеті биліктен кетіп, өкімет көтерілістерді басу үшін көшпелі маньчжур билеушілерінен көмек сұрауға мәжбүр болды. Билікке маньчжурлік Цинь әулеті (1644 – 1911) келді. Жаңа әулет Қытайды қайта біріктірді. 17 ғасырдың аяғына қарай олар Халханы (қазіргі Моңғолияны) жаулап алды, 1757 жылы жоңғар хандығын жойды, Шығыс Түркістан Шыңжаң (жаңа шекара) деп аталды.18 ғасырдың аяғына қарай Тибет алынды. Осы кезден Цинь әулеті дағдарысқа ұшырай бастады. 19 ғасырда Қытайға еуропалықтардың әсіресе ағылшындардың экспансиясы күшейді. 1840 – 42, 1856 – 60 жылы еуропалықтармен арада «апиын соғыстары» болды. Жеңіске жеткен Англия, Франция, АҚШ өкіметтері елдің кейбір аралдарын алды. Солтүстікте пайда болған қуатты көрші Ресеймен шекара белгілене бастады. Халықтың тұрмысы күрт төмендеді. 1850 – 64 жылы елде аса ірі шаруалар көтерілісі болып, еуропалықтардың көмегімен зорға басылды. Шеткі аймақтарда да халық көтерілістері болып жатты. Оның ішіндегі ең ірілері 1862 – 77 жылы болған дүнгендер мен ұйғырлардың көтерілістері еді. 1860 – 70 жылы Қытайда капиталисттік қатынастар дами бастады. Жаңа экономикалық орталықтар (Шанхай, Ухань, тағы басқа) құрылды. Цинь империясы дағдарысқа ұшырап, Англия, Германия, Жапония, Франция, Ресей, АҚШ, тағы басқа елдер Қытайды өзара бөліске сала бастады. Халық тұрмысының нашарлығымен шетелдіктердің үстемдігі төңкерісшіл қозғалыстардың күрт күшеюіне алып келді. 1898 жылы басталған Ихэтуаньдар көтерілісі шетелдіктердің көмегімен басылып, Қытайдың ішкі-сыртқы саясатына толық бақылау орнатылды. 1911 – 13 жылы елде Синьхай революциясы болып өтті. Цинь әулеті биліктен кетіп (1912 жылы 12 ақпан), оңшыл күштер билікке келді. Бірақ Қытай жартылай отар ел ретінде қалып қойды.               1-дүниежүзілік соғыс жылдарында (1914 – 18) Жапония еуропа елдердің өзара соғысып жатқанын пайдаланып, Қытайға жаңа талаптар қойды. Жаңа үкімет ол талапты мойындап, Жапонияға тәуелді елге айнала бастады. 1917 жылы Ресейдегі Ақпан революциясынан кейін елде Сунь Ятсен басқарған ұлт-азаттық қозғалысы басталды. Қозғалыс Оңтүстік Қытайда жеңіске жетіп, Сунь Ятсен Кеңес өкіметіне хат жазып, «империалистерге» қарсы бірлесіп күресуді ұсынды. 1923 жылы ақпанда, Кеңес өкіметі Сунь Ятсен басқарған Гоминьдан партиясының өтініші бойынша Қытайға саяси, әскери кеңесшілер, қару-жарақ, тағы басқа көмек жібере бастады. 1927 жылы 18 сәуірде Гоминьдан партиясының оңшыл қанаты әскери төңкеріс жасап, билікті өз қолдарына алды. Оған қарсы 1921 жылы іргесі қаланған Қытай Коммунистік партиясы (ҚКП) бірқатар көтерілістер ұйымдастырды. Сөйтіп, солтүстік. Аудандарда ҚКП-ның басшылығымен Қытай Қызыл Армиясы мен Кеңестер деп аталатын өкіметтік органдар құрылды. 1930 – 36 жылы Гоминьдан өкіметі солтүстікке үздіксіз жорықтар жасап, ҚКП -ның базасын жойып жіберуге тырысты. 1931 жылдан бастап Жапония Қытайды жаулап алуға кірісті. Солтүстік-шығыс Қытайды басып алған жапондар орталық аудандарға ұмтылды. 1937 жылы шілдеде Жапония Қытайды толық жаулап алу үшін шабуылға шықты. Олар Солтүстік, Орталық Қытайдың едәуір бөлігін және Оңтүстік Қытайдағы теңіз порттарын басып алды. 1945 жылы 8 тамызда Кеңес өкіметі Жапонияға соғыс жариялап, Солтүстік-Шығыс Қытайды және Ішкі Моңғолияны азат етті. КСРО жапондардан қолға түскен қару-жарақтар мен әскери техниканы ҚКП-на беріп, оны күшейтіп жіберді. 1946 жылы басталған ҚКП мен Гоминьдан өкіметі арасындағы азамат соғысы, 1949 гоминьдан әскерлерінің талқандалып, Тайвань аралына қашуымен аяқталды. 1949 жылы 1 қазанда Қытай Халық Республикасы жарияланды. 1950 жылы 14 ақпанда кеңес-қытай келісімі жасалып, ол бойынша  КСРО  ҚХР-ға 300 миллион доллар көлемінде көмек көрсетті. 1953 – 57 жылы тағы да бірқатар келісімдерге қол қойылып, КСРО Қытайға 125 ірі өнеркәсіп орындарын салуға көмектесті. 50 жылдардың 2-жартысынан бастап Мао Цзедун бастаған ҚКП басшылығы ұлтшылдық бағыттағы саясатты күшейтті. «Үлкен секіріс» саясатын жүргізді. Аз ұлттарға қысым күшейді. 1960 жылдан бастап кеңес-қытай шекарасы жиі бұзыла бастады. 1966 – 76 жылы «мәдени революция» саясатын жүргізді. «Үлкен секіріс» және «мәдени революция» жылдарында мыңдаған адамдар репрессияға ұшырады. Мао Цзедун қайтыс болғаннан (1976) кейін, 1978 жылы желтоқсан айынан бастап ҚКП ОК елде Дэн Сяопиннің басшылығымен экономикалық реформалар жүргізе бастады. Бұл реформа нәтижесінде ҚХР экономикасы тез дамып, халықтың тұрмысы күрт жақсарды. Қытай әлемдегі жетекші елдермен бәсекеге түсе бастады. 2003 жылы күзде ҚКП ОК басшылығы ауысып, билікке жаңа буын өкілдері келді (Бұрынғы басшы Цзян Цзэминнің орнына Ху Цзиньтао тағайындалды).

 

 

  

Қытайдағы мұсылмандар көтерілісі


Қытайдағы мұсылмандар  көтерілісі – қытай үстемдігіне қарсы ұлт-азаттық қозғалыс. Оған дүнгендер, ұйғырлар, қазақтар, тағы басқа мұсылман халықтары қатысты. 18 ғасырдың 2-жартысынан бастап Шыңжаңда Цинь империясының билігі орнаған еді. Бұл өлкедегі қытайдың жергілікті әкімшілік жүйесінің ұзақ жылдар бойғы шектен шыққан қанауына шыдамы таусылған халық 19 ғасырдың 1-ширегінде бас көтере бастады. Қашқарда Зия ад Дин (1815) және қожа Жаһангер (1826 – 27) бастаған ірі халық көтерілістері болды. 1847 – 57 жылы бірнеше халық көтерілістері бой көрсетті. Бірақ бұл көтерілістердің барлығын қытай әскері аяусыз басып отырды. Цинь империясына қарсы бүкіл аймақтық көтеріліс 1864 жылы басталды. Кучарқаласында, Шэньси мен Ганьсу провинцияларында дүнгендер көтерілді. Бұл топқа ұйғырлар келіп қосылды. Көп ұзамай көтерілісшілер қаланы өз қолдарына алып, дүнгендер мен ұйғырлар келісе отырып, Кучардың билігіне Рашид-ад-Дин қожаны отырғызды. Ол билікте Хан қожа деген атпен белгілі болды. Мұсылман көтерілісшілерінің қысымымен 1865 жылға қарай Цинь империясы бүкіл Үрімжі округіндегі билігінен айрылды. Көтеріліс Жаркент, Хотан, Тұрфан, тағы басқа қалаларды шарпып, бүкіл аймаққа тарала бастады. Шыңжаңдағы Цинь билігіне орасан зор қауіп төнді. Көтеріліс жасауға бастамашы болған дүнгендер мен ұйғырларды қазақтар мен қырғыздар да қолдады. Көтерілістің бүкіл аймаққа өршуі нәтижесінде Шыңжаңаумағында Цинь билігінен азат болған дербес бес мұсылман мемлекеті – Кучар, Хотан және Қашқар ұйғыр сұлтандықтары, Жоңғарияда дүнген хандығы және Құлжада Тараншы сұлтандығы құрылды. Біріне-бірі тәуелсіз бұл хандықтар өз аумақтарын кеңейту үшін күрес жүргізді. 1867 жылы ұйғыр сұлтандықтары Бұзрұк қожа басшылығымен біртұтас мұсылман мемлекеті – Жетішаһарға бірікті. Сол жылы Бұзрұк қожаның әскери қолбасшыларының бірі, тегі қоқандық – Мұхаммед Якупбек (Жақыпбек) билікті өз қолына алды. Ол 1870 – 71 жылы Түркиямен, Англиямен тығыз байланыс орнатты. Дүнген хандығын өзіне қаратып алып, Ресейдің шекаралық иеліктеріне қауіп төндіре бастады. Бұл аймақтағы саяси жағдайларды өз мүдделері тұрғысынан шешуде Ресей мен Англияның өзара бәсекелестігі күшейді. 1871 жылы шекаралық аймаққа қауіп төндірді деген сылтаумен Ресей Қазақстанмен шекаралас Тараншы сұлтандығын басып алды. Цинь империясы Орталық Азиядағы стратегиясының маңызы бар Шыңжаңдағы билікті қалпына келтіру үшін күш салуға кірісті. 1873 – 74 жылы Шэньси, Ганьсу, Нинься провинцияларындағы көтерілістерді талқандады. 1876 жылы Жоңғарияны, Үрімжіні алды. 1877 жылы Қытай әскері Шығыс Түркістандағы Қашқар, Кучар, Хотан, Турфан қалаларына кірді. 1878 жылы орыстардың қолындағы Іледен басқа бүкіл Шыңжаң жерінде Цинь өкіметінің билігі қалпына келтірілді. 1881 жылы Ресеймен жасалған екі жақты келісімдерден кейін Ілені қайтарып алды. Шыңжаңдағы мұсылмандар көтерілісін басқан соң бұл аймақта Қытай өкіметі мықты әрі берік тәртіп орнатып, оны билеп-төстеудің тиімді әдістерін іске асыруға кірісті.

 

 

 

Әдебиеті  мен өнері


3 мың жылдық тарихы  бар Қытай әдебиетінің алғашқы  поэтикалық ірі туындысы – «Шицзин» («Жыр кітабы», б.з.б. 11 – 6 ғасырлар) халық жырларының жиынтығы. Көркем прозадан «Гоюй» («Патшалықтар тарихы»), «Чуньцю» («Жылнама»), филосафиялық трактаттардан «Чжуан-цзы», «Сюнь-цзы», тағы басқа шығармаларды атауға болады. Тан дәуірінде поэзия мен новелла дамыды. Юань әулеті (1289 – 1368) дәуірінде қытай драмасы өркен жайды. Жаңа Қытай әдебиетінің негізін қалаушы Лу Синь (1881 – 1936) болды. 1921 – 22 жылы реалистік және романтик. бағыттағы әдеби топтар құрылды. Қазақ тіліне бірқатар шығармалары аударылып, жеке кітап болып басылды. (Лу Синь, «Әңгімелер», 1951, 1958; Го Можо «Әңгімелер», 1958; Лао Шэн «Рикша», 1960; «Мысықтар шаїары», 1972, тағы басқа). Қытай өнерінің ежелгі ескерткіштері б.з.б. 3-мыңжылдықта пайда болды. Неолит дәуірінде жасалған керамикалық бұйымдар сақталған. Инь мемлекеті тұсында айналасы дуалмен қоршалған қалалар пайда болды. Цинь мемлекеті (б.з.б. 221 – 207) кезінде Қытайдың ұлы қорғанының негізгі бөліктері салына бастады. Тан (618 – 907) және Сун (960 – 1279) мемлекеті дәуірлеп тұрған кезде қытай мәдениеті жан-жақты өркен жайды. Қытай музыкасы дүние жүзіндегі ең көне мәдени мұралардың бірінен саналады. Б.з.б. 11 – 6 ғасырлардағы жазбаларда кездесетін «юэ» (музыка) сөзі поэзия, би, бейнелеу өнері деген ұғымдарды да қамтыған. Ежелгі қытай философы Конфуций тамаша музыканың мемлекеттік құрылысқа игі әсері тиетіндіктен оның арнайы құрылымдық сипаты болу керек деп тұжырымдаған. Дәстүрлі қытай оркестрінде 100-ге тарта музыкалық аспаптар қолданылады. Олардың негізгілері: шекті – сэ, цинь, пипа, ху (эрху, сыху, баньху); үрмелі – сяо, пайсяо, шэн; соқпалы – барабан, шылдырмақ қоңыраулар, тағы басқа Қытайдың театр өнері «байси» («жүз ойын-сауық») ойын түрінде пайда болған. Б.з.б. 2 – 1-мыңжылдықтың жазба ескерткіштерінде «чан-ю» («әнші актер»), «пай-ю» («қуақы», «комик») деген терминдер кездеседі. Тан дәуірінде (7 – 10 ғасырлар) ән мен бидің сахналық жаңа түрі – дацюй пайда болды. 8 ғасырдың орта шенінде Тан императоры Сюань-цзунь сарайының жанынан музыканттар мен бишілер, әншілер дайындайтын «Алмұрт бағы» («Лиюань») атты театр мектебі құрылды. 17 – 19 ғасырларда көптеген жергілікті театрлар: банцзы, цинь-цян, юэцзюй, тағы басқа құрылды. 19 ғасырдың орта шенінде осы театрлар негізінде пекиндік муз. драма (цзинси) театры дүниеге келді. Қытай театрының негізгі сипаттары осы цзинсида толық қамтылған.

 

 

Қытай медицинасы


Қытай медицинасы – дәстүрлі медицинаның белгілі және дамыған саласы. Қытай медицинасының негізі, қайнар көзі қытай халқының көне мәдениеті мен дәстүрінен, қытай өркениетінің жетістіктерінен бастау алады . Қытай медицинасы адамның организмін біртұтас дене деп қарастырады, ал дененің саулығы адам организміндегі қуаттың (энергияның) тепе-теңдігіне байланысты деп санайды. Мұнда бір мүшеге ғана қатысты диагноз жоқ (мысалы, гастрит, тағы басқа); ол адамның денесін жанынан айырып қарамайды, ондағы сезімдік (эмоциялық), ділдік, рухани қызметтер тек миға ғана емес, әр мүшеге, әр клеткаға тән қасиет деп саналады. Жалпы алғанда, басты назарды емделуге емес, аурудың алдын алуға аударады. Дәрігер, ең алдымен, салауатты өмір сүруге үйрете алатын ұстаз әрі ақылшы. Сау адамның алдымен дәрігерден кеңес сұрауы дағдылы құбылыс. Мұндай ерекшелік, тіпті, көне жазбалардан-ақ айқын көрінеді. Мысалы, «Нэйцзин» қағидатында (б.з.б. 3 – 2 ғасырларда) былай жазылған: «Нағыз дананың ісі былықты түзегенінде емес, тәртіпті сақтағанында...». Дәрілер дайындау үшін қытай медицинасы тек қана табиғи құрамдарды қолданады; бұл батыстық медицинада жиі кездесетін асқыну мен жанама қауіп-қатерлердің болуын азайтады. Осындай ерекшеліктері арқасында оның ресми медицина әдістерінен белгілі бір артықшылықтары бар. Сонымен бірге, қытай медицинасының ұстанымдарының тиісті ғылым негіздеуі болмаса да, көп жағдайда оның емдік әдістерінің тиімділігінің жоғары екені байқалады. Оған мысал, әсіресе дүние жүзіне белгілі қытай медицинасының бір бағыты – чжэнь-цзю терапиясы, яғни инемен емдеу және күйдіру. Қазіргі кезде қытай медицинасы Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымында (ДДСҰ) ресми түрде танылды. Бірнеше халықаралық медицина ғылымы форумдар мен кездесулерде қытай медицинасы кеңінен зерттелуі, қолданылуы қажет деп көрсетілген. Бұл жөнінде 1978 жылы 6 – 12 қыркүйекте Алматыда өткен ДДСҰ-ның халықар. конференциясының декларациясы қабылданды. ҚХР-да үкімет қолдауымен жыл сайын 30 мыңдай қытай медицинасы мамандары даярланады. Ал Қазақстанда қытай медицинасын оқыту Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтында, Шығыс медицина институтында (Түркістан қаласы) және бірқатар медицина жоғары оқу орындарда ашылған кафедралар мен факултеттерде жүргізіледі.

 

 

 

Мәдени  мұралары


Қытай қорғаны


Ұлы Қытай  қорғаны

Ұлы Қытай қорғаны (қытай Ваньли чанчэн – он мың шақырымдық қамал) – Қытайдағы ежелгі қорғаныс құрылысы. Қытай қорғанының құрылысы Қытай тарихындағы Чуньцю («Көктем және күз» б.з.б. 770 – 476 жылы) және Чжаньго («Жауласқан патшалықтар» б.з.б. 475 – 221 жылы) заманында салына бастаған. Ол кезде Хуанхэ алқабында жеті шағын патшалық жеке-дара өмір сүрді. Олар өздерінің солтүстік-ндегі ғұн және дунху сияқты көшпелі тайпалардан қорғану үшін өз шекараларына қорғаныс қамалдарын тұрғыза бастады. Б.з.б. 221 жылы тұңғыш император Цинь Шихуанди өзге алты патшалықтың басын біріктіріп, біртұтас Қытай империясын құрды. Ол әр патшалық тұрғызған үзік-үзік қорғаныс қамалдарын бір-біріне жалғастырып салдырды. Оның ұзындығы 5000 километрге жетті. Хань империясы заманында қорған-қамалдар шығыста Ляодун түбегінен батыста Линьтаоға (қазіргі Ганьсу провинциясының жерінде) дейін жеткізілді. Қорғаныс қамалдарының бұзылып, бүлінген жерлерін Қытайды билеген әрбір патшалық жөндеп, қалпына келтіріп отырды. Әсіресе Мин әулеті солтүстігіндегі көршілері – шүршіттер (маньчжур) мен моңғолдардан қорғану үшін сол заманның ең озық техникасын пайдалана отырып, биік тау жоталары мен шатқалдарына және шөл далаға дейін қорғаныс қамалдары мен бекіністерін салдырып, қорғанды ұзарта түсті. Шығыста Бохай теңізінің жағасындағы Шаньхайгуань бекінісінен батыста Ганьсу провинциясындағыЦзяюйгуань бекінісіне дейін созылып жатқан қорғанның жалпы ұзындығы 10000 километрге жетті. Қытай қорғанының бүгінгі күнге дейін бүлінбей жеткен 5000 километрден астам бөлігі сол Мин дәуірінде жөнделіп, жаңадан тұрғызылған. Мұның негізгі бөліктерінің орташа биіктігі 7 – 8 метр, табанының ені 6,5 метр, үстіңгі жағының ені 5,8 метр. Қорғанның үстінде әр 100 метр сайын 2 – 3 қабаттан тұратын қарауыл мұнарасы салынған. Онда гарнизон сарбаздары тұрған, әрі қару-жарақ, оқ-дәрі сақталған. Ал қорғаныс шебінің ең маңызды деген тұстарында ірі бекіністер, ішкі өткелдер бар. Қорғанның ішкі, ал кейде сыртқы жағынан тау жоталарының үстіне аралары белгілі қашықтықты сақтай отырып салынған дабыл мұнараларында күндіз түтін түтетіп, түнде алау жағу арқылы бір-біріне белгі беріп отыратын болған. Осы тәсілмен бір сағаттың ішінде 500 километр алыс жерге әскери дабыл беріп, қауіп-қатерді хабарлай алған. Екі жарым мың жылдан астам тарихы бар Қытай қорғаны адамзаттың сәулет өнері тарихындағы ғажайып кереметтердің бірі. Ол Қытай тарихында белгілі дәрежеде әскери қорғаныстық және Ұлы Жібек жолындағы сауда-саттық байланысында қауіпсіздік рөлін атқарды. Алайда солтүстіктегі көшпелі жауынгер халықтарға ол ешқандай тосқауыл бола алған жоқ. Ғұндар, түріктер, қидандар, моңғолдар мен шүршіттер (маньчжурлер) қорғаннан өтіп, отырықшы елдермен емін-еркін саяси, мәдени және сауда байланыстарын жүргізді, әуелі олар Қытай жерінде Вэй (таб-ғаш), Ляо (қидан), Юань (моңғол), Цинь (маньчжур) империяларын құрып, Қытайды көптеген ғасыр биледі. 1961 жылы ҚХР үкіметі қорғанның көптеген тұстарын қайта қалпына келтіріп, мемлекет қорғауына алды, ал 1987 жылы ол адамзаттың мәдени құндылығы ретінде ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мәдениет және табиғат ескерткіштері тізіміне кіргізілді.

Қытайдағы қазақ әдебиеті, өнері және баспасөзі


19 ғасырдың екінші жартысынан  бастап қазақ жерінде хандық  биліктің жойылуы қазақ халқының  мәдени‚ саяси және аумақтық  тұтастығының бұзылуына алып  келді. Қытай мен Ресей империясы  арасында шекара бөлінісі туралы 1864 жылы өткен келісім бойынша  қазақ жерінің шығыс өңірі  (Шығыс Түркістан) Қытай аумағы‚ қалған өңірі Ресей аумағы болып саналды. Алайда Кеңес – Қытай шекарасына қатаң бақылау орнатылғанға дейінгі кезеңде (20 ғасырдың басы) қазақ халқының әдеби-мәдени тұтастығы айтарлықтай өзгеріске ұшыраған жоқ. Сондықтан Қытай қазақтары арасында сақталған ауыз әдебиеті үлгілері мен сол кезеңге дейінгі жазба шығармалардың барлығы жалпы қазақ әдебиетінің құрамдас бөлігі болып табылады. Қытайдағы қазақ әдебиеті өз алдына дербес даму арнасы ретінде сол елдегі әкімшілік өзгерістерге сай шартты түрде Чиң патшалығы (1864 – 1912), Яң Зыңшин (1912 – 28), Жин Шурын (1928 – 33), Шың Шысай-гоминдан (1933 – 44), Үш аймақ-Шығыс Түркістан кезеңі (1944 – 49), ҚХР құрылғаннан кейінгі жаңа дәуір (1949 – қазірге дейін) кезеңдерінде дамыды. Қытайдағы қазақ әдебиеті осы кезеңдер тудырған заман талабына сай қалыптасты. Оның ішінде жалпы қазақ әдебиетінің 20 ғасырдың басына дейінгі кезеңінде қалыптасқан шығармашылық дәстүрі‚ тәуелсіздік‚ ұлт-азаттық сарындарымен қатар Қытай коммунистік идеологиясының мүддесін көздейтін әдеби ағымдар да көрініс тапты. Қытайдағы қазақ жазба әдебиетінің алғашқы өкілдері Өмірұзақ (1830 – 1929), Отарбай (1834 – 1914), Төлебай Бөжек (1857 – 1931) ақындар болып саналады. Шылбы Көбекұлы (1860 – 1936) және 1920 – 21 жылы шамасында Қытай аумағына өткен Әсет Найманбайұлының (1867 – 1923) орны ерекше (кейін Әсеттің 78-ге жуық толғауы, 19 дастаны, 13 айтысы және 30-дан астам әні қамтылған 2 томдық шығармалар жинағы ҚХР-да жарық көрді). Ақыт Үлімжіұлы (1866 – 1940), Құтбай ақын (1876 – 1936),Ә.Жанұзақұлы (1878 – ө.жылыб.), Е.Ахметұлы (1879 – 1962), А.Мыңжасарұлы (1893 – 1918), тағы басқа қаламгерлер қытайдағы қазақ әдебиетінің жалпы қазақ әдебиетінің бір арнасы ретінде дамуына ықпал етті. Апашбайұлының (1876 – 1946) «Қазақ Сырдан ауғанда» тарихи шежіресі, З.Мәмиұлының (1897 – 1928) «Ырыс пен бақ», «Ғылым хикилометрат», Көдек Маралбайұлының (1888 – 1937) «Бір қызға», «Әдепсіз балаға», тағы басқа өлеңдері, «Кең Текес», «Сасан аулына барғанда», «Туған елді аралау» атты дастандары Қытайдағы қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылды. Т.Жолдыұлының (1903 – 47) «Іле көркі», «Қоштасу», «Түрмедегі хал», «Арманым», «Туған жер» өлеңдері мен «Назигүл», «Анар-Сәуле», «Салиқа-Садық», «Молда мен бақсы», «Қасқыр мен Бөрібасар» сияқты толғау-дастандары, Қойдыммен айтысы халық арасына кең тарады. А.Татанайұлы (1906 – 94) «Малбикенің өмірі», «Адасқан аю» дастандарын, «Құлдықтан құтылғандар» пьесасын жазды. Осы кезеңде Қытайдағы қазақ әдебиетінде Бұқара Тышқанбайұлы, Нығмет Мыңжани, Дубек Шалғынбайұлы, Шарғын Әлғазыұлы, Қаусылхан Қозыбайұлы, тағы басқа қаламгерлердің есімдері кеңінен танылды. Мыңжанидың (1922 – 93) «Қазақ тарихының дерегі» (1949) атты ғылыми еңбегі мен «Күрескер семья» пьесасы, «Қарлығаш» атты өлеңмен жазылған романы замана шындығын бейнеледі. Қытай Халық Республикасы құрылғаннан кейін (1949) қытайдағы қазақ әдебиетінің бағыт-бағдары өзгеріске ұшырады. Қажығұмар Шабданұлының «Жат ұрпақ», «Өгейдің күні» жыр-дастандары, «Бақыт жолында», «Жарқын қыз» атты әңгімелері, «Қылмыс» (6 кітап) романдары дүниеге келді. Р.Әпшеұлының (1924 – 2000) «Тасбастау», «Озғандар мен тозғандар», «Биікке», «Балапан», «Нұрпай», «Бастан кешкендер» атты әңгімелер жинағы мен романдары осы кезеңнің жемісі. І.Оспанұлының (1924 – 1999) «Шаттық жыры», «Тянь-Шань жырлары», «Меруерт» атты өлеңдер жинағы Қытайдағы қазақ әдебиетіне қосылған сүбелі еңбек болды. Мағаз Разданұлының (1924 – 81) «Асулар толғауы», «Уақытқа жауап», «Босаға» жинақтары, «Сары бел», «Алтай ақиықтары» романдары, О.Айтанұлының (1931 – 97) «Құс жолы», «Тырналар» топтамасы, «Аң шадырын оқ табар», «Таразы» романдары жарық көрді. Ш.Қамзақызы, Б.Досжанұлы, К.Мұқажанұлы, С.Қапшықбайұлы, Д.Сәкейұлы, Р.Ібінқызы, З.Мыңбайұлы, С.Садуақасұлы, І.Баянбайұлы, М.Шәріпханұлы, Б.Байжұмаұлы, І.Ахмет-ұлы, З.Нұрәділқызы секілді ақын-жазушылардың есімдері оқырманға танылды. Қытайдағы «мәдени төңкерістен» соң (1966 – 76) тарихи тақырыпты қамтыған роман жанры дамыды. Ж.Мырзаханұлының «Арман асуында», «Таңқурай»; О.Ахметұлының «Өзгерген өңір», «Көкбелес», «Құмдағы іздер», О.Әбділұлының «Ұстаз»; Ж.Біләлұлының «Жондағы жорықтар», «Торғайлар», Т.Ырыскелдіұлының «Тасқын», «Тау тағысы», «Ұлы көш», Ғ.Қанапияұлының «Бұрқасын», Ш.Құмарұлының «Бөке батыр», «Көз жасы сарқылмайды», «Ертіс кілкіп ағады», «Ер Жәнібек», Ш.Қызырұлының «Дабыл», «Бұлаң дүние», «Қайқая шапқан Қаракер», Б.Құсбегиннің «Жан», «Зуқа батыр», Ғ.Біләлұлының «Ғасырлық қуғын», С.Жанболатовтың «Елжау күнби», «Саншора күнби», «Оңғай күнби», Ғ.Саржанұлының «Көресі», «Қайтауыл», З.Сәніктің «Басбай», «Сергелдең», І.Баянбайұлының «Селкеусіз сезім», тағы басқа романдары соңғы жылдар жемісі саналады. Қытайдағы қазақ әдебиеті қорында қазіргі уақытта 100-ден астам роман, 600 хикаят, 900-дей өлеңдер жинағы, 150-ге жуық әдеби-сын кітаптары бар. 40 қаламгер ҚХР Жазушылар одағына, 280 ақын-жазушы ШҰАР Жазушылар одағына мүше. ҚХР Мемлекет сыйлығына 30, ШҰАР әдеби сыйлығына 90-ға жуық ақын-жазушы ие болған. Қазақ қаламгерлерінің көптеген шығармалары қытай, ұйғыр, моңғол, қырғыз, ағылшын, корей тілдеріне аударылды. Сонымен қатар Қытайдағы әдебиеттің жетекші өкілдері Күңзы, Мыңзы, Ли Бәй, Ду Фу, Лу Шүн, Мау Дүн, Лау Шы, Ба Жин, Сау Иүй, Жанбозан, Уаң Мың секілді сөз зергерлерінің шығармалары қазақ тіліне тәржімаланды. Қытай тілінде жазатын Әкбар Мәжитұлы, Еркеш Құрманбекқызы, Шәріпхан Әбдәлиұлы, Қайша Тәбәрәкқызы, тағы басқа ақын-жазушылар жетілді. 1950 жылдардан бастап қазақ фольклоры мен ауыз әдебиеті үлгілерін жинап бастыру ісі жүйелі түрде қолға алынды. Мәселен, «Ертегілер» (1958), «Ертегілер мен аңыздар» (1958) атты екі кітап жарық көрді. 1980 жылдан бұл бастама дами түсіп, «Қисса-дастан», «Тарихи жырлар», «Батырлық жырлар» (18 том), «Ғашықтық жырлар» (8 том), «Ертегі-аңыздар» (4 том), «Шежіре» (3 том), «Тарихи айтыстар» (6 том), «Тарихи ән-күйлер» (4 том), «Шешендік сөздер» (4 том), «Мақал-мәтелдер» (2 том) баспадан шықты. «Арқалық батыр», «Бердіқожа батыр», «Қошқар батыр», «Қабанбай батыр», «Жәнібек батыр», «Сабалақ», «Әлібек-бор батыр», «Әтікей-Нұржекей», «Ахмет-Кәшім», «Зауқия», «Дариға», тағы басқа жырлар халық игілігіне айналды. «Шалғын», «Мұра» журналдарында ауыз әдебиеті мұраларын насихаттаған 200-дей мақала жарияланды. «Ауыз әдебиеті туралы байымдаулар» (1984), «Қазақ әдебиеті тарихының таңдамалы үлгілері» (1985), «Қазақ ауыз әдебиеті туралы» (1985), «Ауыз әдебиеті тарихы» (1998), тағы басқа зерттеу еңбектер жазылды. Халық мұрасын жинап, баспадан шығару ісіне О.Егеубаев, А.Байболатұлы, І.Балықшыұлы, І.Арабин, Б.Кәсейұлы, О.Ханафин, Ж.Әбішұлы, тағы басқа‚ тарихи тұрғыдан зерделеуге Н.Мыңжани, Ә.Қалиұлы, А.Кірішбаев, Ә.Шәріп, О.Асылұлдары үлес қосты. Қытай қазақтарының сахна өнері 1934 жылы Іле аймағында Б.Майлиннің «Шұға» шығармасын сахналаудан басталды. Пьесаны сахнаға шығарған Таңжарық Әбдірахман рөлін өзі, Шұға рөлін жұбайы Бәтиге ойнатты. Іле-шала «Тайханшаң», «Жәлел жырық», «Қойшы Көбен» пьесалары, Алтай аймағында З.Шәкерімұлының «Біздің елде астық бар ма, астық сал дейтін бастық бар ма?» атты декламациясы (1935) қойылды. Алғашқы Тарбағатай теа-трының тұсау-кесер спектаклі Д.Шалғынбаевтың «Қасқырбай» пьесасы болды. Осыдан кейін жергілікті қаламгерлердің «Талап», «Аюбай», «Күлкі ашар», «Арқалық батыр», «Алыпсатар», «Некеқияр», «Бота көзді бозжігіт», «Салиха-Сәмен», «Бәйбіше-тоқал», «Бетім-ау, құдағи», тағы басқа шығармаларымен қатар лиро-эпостық жыр үлгілері ықшамдалып, сахналанды. 1947 жылы Үрімжі қаласында қазақ тілінде өлкелік театр ашылып, оны алғаш Халық Қариұлы басқарды. 1953 жылы Бұқара Тышқанбаев пен қытай жазушысы Уаң Иху бірлесіп жазған «Хасен-Жәмилә» фильмі түсірілді. 1954 жылы Іле Қазақ Автономиялы облысы құрылып, қазақ театры, көркемөнер мектептері көбейді. Үрімжі қаласындағы көркемөнер интернатында қазақ факултеті ашылып, қазақ жастары оқуға қабылданды. 1958 жылы «Салиха-Сәмен» либреттосы жазылды. Қытай қаламгері Уаңның «Айгүл» (1964), Ә.Қатбаевтың «Қыз бейіті» және «Жетім қыздың махаббаты» атты кинофильмдері экранға шықты. Таңжарық ақынның өмірін бастан-аяқ бейнелейтін О.Егеубаевтың 5 сериялы «Таңжарық» атты бейнефильмі (1990) көп сериялы кино өнерінің шымылдығын ашты. Туған жердің көркем табиғатын, ұлттық салт-сананы сипаттайтын Тұрсынәлі Рыскелдиев пен Қасымхан Уатханұлының «Іле салтанаты» атты деректі фильмі 1995 жылы көрерменімен дидарласты. Ә.Бапин, Д.Рақышұлы, М.Мұхамедқызы, Т.Қожанұлы, Ш.Сапарғалиқызы, Ә.Мәлік-ұлы, Т.Белгібайұлы, Ф.Мәлікқызы, К.Ішікбайқызы, Б.Әлімбеков, М.Әбдірахманұлы, Ф.Қызданаева, К.Шүленбайқызы, К.Әбдірахманұлы, Манапқазы, Дәлелхан, Құрманбек, Ерғали сынды өнер саңлақтары жұртшылыққа танылды. Қытайдағы қазақтардың баспасөзі «Іле уалаятының газетінен» (1910 жылы 22 наурыз) басталады. 1932 – 35 жылы қазақ тілінде «Шыңжаң газеті», «Іле дариясы» (кейін «Іле Шыңжаң»), «Біздің тауш» (кейін «Шыңжаң Тарбағатай хабарлары»), «Алтай», «Ерікті Алтай» газеттері мен «Жаңа Алтай» журналы (1935 – 40) шыға бастады. Ұлт-азаттық күрес нәтижесінде (1945) Шығыс Түркістан үкіметінің құрылуына байланысты «Төңкеріс таңы», «Алға», «Халықшы», «Табыс», «Алтай халқы» газеттері мен «Таң шолпаны», «Бірлік», «Одақ», «Хан тәңірі», «Шаншу» (сатиралық) журналдары жарық көрді. 1946 жылы қазақ жастары Үрімжі қаласында «Сәуле» атты баспа ашты. 1954 жылы Шәуешек қаласында «Шыңжаң әдебиет искусствосы» (қазір «Шұғыла») журналының тұсауы кесілді. Қазір өлке деңгейінде қазақ тілінде «Шыңжаң оқу-ағартуы», «Мұра», «Көкжиек», «Тіл және аударма», «Оқырман өресі», «Бұлақ», «Ғылым мінбесі», «Заң аясы» секілді 10-нан астам журнал шығады. Алтай аймағында «Алтай аясы», «Жас түлек», «Ғылым және өнер», «Денсаулық және білім», Іле аймағында «Іле айдыны», «Іле жастары», «Іле ағартуы», «Балалар дене тәрбиесі», «Іле әйелдері», Тарбағатай аймағында «Тарбағатай», Санжы қаласында «Боғда», Құмыл аймағында «Құмыл алқабы» сынды аймақтық журналдар бар. «Шыңжаң халық баспасы», «Шыңжаң оқу-ағарту баспасы», Пекин қаласында «Ұлттар баспасының қазақ бөлімі» қазақ тілінде жұмыс істейді.

 

 

  

 

Пайдаланылған әдебиеттер:  

  1. “Қазақ Энциклопедиясы”, II-том
  2.    Уикипедия
  3.   Дүние жүзі тарихы
  4.   http://www.googl.kz
  5.  

 

 

 

 

 

 

[Введите название организации]

[Введите название  документа]

[Введите подзаголовок документа]




 

 

Айдана

[Выберите дату]




 

 


Қытай мемлекеті