Жалпы тіл білімі

 

КІРІСПЕ

 

Жалпы тіл білімінің анықтамасы. Ол, біріншіден, тіл білімінің теориялық саласы болса, екіншіден, оқу пәні болып есептелінетіні. Соңғы мағынадағы оның мақсаты мен міндеті. Жалпы тіл білімінің нысаны адамдардың дыбыстық тіл. Жалпы тіл ғылымы тілдің құрамын, функциялық сипаттарын, даму заңдылықтарын, сыртқы дүниемен, қоғаммен, ой-cанамен, мәдениетпен қарым-қатынасын түгел алып, жан-жақты зерттейтіні. Жалпы тіл білімі дыбыс тілі атаулының барлығына тән ортақ мәселелерді ортақ заңдылықтарды сөз ететін. Зерттейтін нысаны – жалпы тілдік болғандықтан, одан шығатын теориялық тұжырымдар да тіл атаулының барлығына немесе басым көпшілігіне бірдей қолдануға болатын жалпы тілдік теория екені. Курста қамтылуға тиісті негізгі мәселелер:

1. Тілдің өзіндік  табиғаты мен мәні, сөйлеумен, ойлаумен, қоғаммен байланысы, атқаратын қызметі.

2. Тілдің құрылымы, құрылымдық элементтерінің бір-бірімен  байланысы, арақатынасы.

3. Тілдің таңбалық, жүйелік сипаттары.

4. Тілдің деңгейлері. Грамматикалық категориялар.

5. Тілдер дамуындағы ортақ заңдылықтар, тілдік құбылыстарға түрткі болатын ішкі, сыртқы жағдайлар, тілдер дамуында болатын дифференциялық (даралану), интеграциялық (жақындасу) процестер, жалпыхалықтық тіл, диалект, сөйлеу тілі мен әдеби тіл, тілдік одақ т.б.

6. Тілдердің типологиялық, генеалогиялық топтары, жіктелісі.

7. Тіл білімінің  зерттеу әдістері.

8. Тіл білімінің  негізгі салалары, басқа ғылымдармен  қатынасы, өзіндік орны.

9. Тіл білімінің  тарихы, ондағы басты кезеңдер.

10. Тіл білімі  тарихындағы негізгі бағыттар мен мектептер екендігі.

Зерттеу сипатына қарай қазіргі заман тіл білімі қолданбалы, салыстырмалы-тарихи, типологиялық, структуралық, ареалдық, математикалық т.б. тіл білімі болып бөлінетіні.

Жалпы тіл білімінің әлемдік ғылымда теориялық саласы ретінде танылуы – 19 ғасырдың басында, салыстырмалы – тарихи әдістің тіл білімінің зерттеу әдісіне айналуы нәтижесінде қалыптасқаны. Ол әлемдік тілдердің универсалды, барлығына ортақ мәселелерін зерттеп, соның негізінде жалпы тілдік теорияны қалыптастырғаны. Сондықтан жалпы тіл білімі бүкіл тіл ғылымының бағыт – бағдар сілтейтін жетекші, бағдарлағыш ғылым деп есептелінетіні.

Тіл білімі қоғамдық ғылымдармен де, табиғаттану ғылымдарының алуан түрлі салаларымен де, философия ғылымымен де байланысты екені.

Тіл - өзінің пайда болуы, дамуы жағынан адамзат қоғамымен тікелей байланысты қоғамдық құбылыс, ол – қоғамда аса маңызды қарым-қатынас құралы қызметін атқарады. Сонымен бірге тіл, оны зерттейтін тіл білімі қоғамдық санамен, ойлаумен тығыз байланысты. Сол себепті тіл білімі адамды, адамзат қоғамын зерттейтін қоғамдық (әлеуметтік) ғылымдарға жататыны.

Тіл білімін зерттеуде қолданылатын әдіс-тәсілге, зерттеушінің ұстанған бағыт-бағдарына қарай жіктеушілік бар екені. Ондай жіктеулер қатарына салыстырмалы-тарихи, типологиялық, ареалдық, структуралық, психологиялық, этнографиялық, эстетикалық, синхрондық, диахрондық, қолданбалы тіл білімі т.б. жататыны.

 

І. ТІЛ БІЛІМІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ

1. Тіл теориясының  мән-мағынасы, негізгі проблемалары, күрделі салалары, ол салалардың басқа ғылымдармен байланысы.

2. Тілдің анықтамасы, бұл мәселедегі ала-құлалық. Тілге  дұрыс анықтама берудің теориялық  мәні. Тілдің коммуникативтік, экспрессивтік  функциялары, бұл екеуінің ара  қатынасы, коммуникативтік функцияның  мәнділігі. Тілдің структуралық, семиотикалық сипаттарына қарай, қоғамның, мәдениеттің дамуына тигізетін әсеріне, алатын орнына қарай беріліп жүрген анықтамалар.

3. Тілдің табиғаты  және мәні. Тіл табиғаты дегенге  оның қандай құбылыстар қатарына  жататыны, мәні дегенге оның қоғамда атқаратын қызметі ерекшелігі жататыны. Бұл мәселелерді шешуде болып келе жатқан пікір қайшылықтары. Тіл білімі тарихында болған әр түрлі мектептердің, бағыт-бағдарлардың дүниеге келуіне ғалымдардың тілдің табиғаты мен мәнін қалай түсініктерінің себеп болғандығы және қазірде де солай болып келе жатқаны.

Кеңес тіл мамандары басшылыққа алған қағидалар.

4. Тіл мен сөйлеу. Бұл екеуі арасындағы бірлік  және өзгешеліктер. Сөйлеуде болатын  индивидуалдық сипаттар. Сөйлеудің  психологиялық жақтары, пайда болу жолдары. Тіл тіршілігі, оның дамуы, өз мүмкіндіктерін жан-жақты көрсете алуы сөйлеуге байланысты екені, сөйлеу тілдің жаны болып есептелетіні. Сөйлеу әрекеті мәселесін шешуде тіл білімі мен психология ғылымдарының өзара байланыста екені. Тіл мен сөйлеу арасындағы қарым-қатынастарды айқындауда Ф.де Соссюр заманынан бері қарай болып келе жатқан пікір таластары.

5. Тіл мен ой-сана  арасындағы қарым-қатынас. Бұл проблеманың  замандық тарихы барлығы. Бұл  екеуі арасындағы қарым-қатынасты  айқындаудағы әр түрлі көзқарастар: екеуін тепе-теңдік бірлікте қарау, бұлардың арасында ешқандай бірлік жоқ, екеуі екі түрлі ғылым обьектілері деушілер.

6. Тілдің жүйелік, структуралық сипаттары. Бұл екі  термин жөніндегі көзқарастар. Тілдің  структуралық элементтерін зерттеу  мен структурализм. Бұл екеуі арасындағы өзгешеліктер. Тілдің структуралық салалары, олардың әрқайсысының өзіндік сипаттары, арақатынастары, жүйенің анықтылығы, оның мәні. Жүйе элементтері арасында жүйесіздіктің де болатыны.

7. Тілдің таңбалық  сипаты. Жалпы семиотика мен тілдік семиотика. Таңба, оның түрлері: графикалық, акустикалық, заттық, ақша таңбалары мен нұсқау. Бұлардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері. Тілдік таңбалар, олардың түрлері мен функциялық ерекшеліктері. Семиотиканы сипаттаудағы философтардың арасындағы қайшылықтар.

8. Тіл және қоғам. Социологиялық тіл білімі, оның  обьектісі. Дыбыс тілінің пайда  болуы, бұған байланысты көзқарастар. Тіл және этникалық бірлік. Дүние  жүзіндегі тілдердің сандық шамасы  мен жіктелу түрлері. Тілдердің  бір-біріне қосылу (интеграция) және бір-бірінен бөліну (дифференциация), жекелену процестері, бұлардың қоғаммен, қоғамдық формациялармен байланысы, соңғыларының тілге тигізетін әсері мен ықпалы. Билингвизм, оны туғызатын себептер, әлемдік тілдің болу қажеттігі, бұл жөніндегі пікірлер, әрекеттер.

Тілдің функциялық, аймақтық, әлеуметтік типтері, олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері. Әдеби тіл. Тілдік дәстүр (узус) және әдеби тіл нормасы.

9. Тілдің даму  заңдылықтары. Бұл мәселеге байланысты  айтылып жүрген пікірлер. Тіл дамуының өзіндік заңдылықтары. Тілдік өзгеріске әсер ететін ішкі және сыртқы себептер. Тілдің функциялық және структуралық салаларының дамуының біркелкі болмайтыны, оның себептері лексиканың, фонетиканың, грамматиканың дамуындағы өзгешеліктерге байланысты екен. Тілдің қай саласында болса да тұрақты тұлғалар мен тұрақсыз, өзгерімпаз тұлғалардың болатыны.

10. Тіл деңгейлері. Олардың қалыптасуындағы негізгі  шарттар, тіл деңгейлерінің түрлері  жайындағы пікірлер.

11. Грамматикалық  категория. Ол жайындағы пікірлер, қалыптасу шарттары, грамматикалық категорияның қалыптасуында формаға қарағанда грамматикалық мағынаның шешуші қызмет атқаратыны туралы пікірлер.

 

ІІ. ТІЛ БІЛІМІ ТАРИХЫ

 

Тіл білімі тарихы обьектісі. Тіл білімі тарихын дәуірге бөлу проблемасы.

1. Ежелгі заман  тіл білімі. Бұл дәуірде пайда  болған философиялық бағыттар. Филологияның  тууына түркі болған себептер. Ежелгі заман лингвистикасына  тән ортақ сипаттар мен кемшіліктер.

Ежелгі қытай тіл білімі. Мұнда қалыптасқан атау теориясы мен иероглифтік грамматика. Қытай грамматикалық ілімінің өзіндік ерекшеліктері.

Ежелгі үнді тіл білімі. Оны туғызған себептер. Яски мен Панини еңбектері. Панини жазған санскрит грамматикасының мәні. Үндістан тіл білімінің тіл білім тарихындағы орны, маңызы. Ол жөнінде пікірлер. Үнді тіл білімінің кемшіліктері мен әлсіз жақтары.

Байырғы грек тіл білімі. Мұны туғызған себептер. Грек тіл білімінің қалыптасуындағы философтардың рөлі. Грек тіл білімінің негізгі обьектілері: атау теориясы, тілдің шығуы, грамматикалық өнер. Бұл салаларға байланысты айтылған негізгі тұжырымдар, олардың әлді, әлсіз жақтары. Александрия тіл мектебі, оның көрнекті өкілдері. Бұл мектеп грек тіл мектебі, оның көрнекті өкілдері. Бұл мектеп грек тіл білімінің кейінгі дәуірлерде тіл білімі дамуына тигізген әсері мен ықпал еткенін білдіретін..

2. Орта ғасыр  тіл білімі. Бұл дәуірдің ерекшеліктеріне  қысқаша шолу. Әлемдік діндердің, канондық тілдердің пайда болуы, бұлардың тіл біліміне тигізетін  әсері. Схоластикалық бағыттың ықпалдары. Реалистік, номиналистік бағыттар. Орта ғасыр лингвистикасына тән негізгі сипаттар.

Орта ғасырдағы Рим тіл білімі. Рим тіл білімінің грек тіл білімімен бірлігі мен оған қосқан үлесі. Латын тілінің канондық тілге айналуы, оның грамматикасының бүкіл Еуропа халықтары тілдерінің грамматикасына үлгі болуы. Орта ғасырдың соңғы кездеріндегі грамматикалық туындылар.

Орта ғасырлық араб тіл білімі. Арабтардың ежелгі заман тіл білімін пайдаланып, тіл білімін дамытуы. Арабтардың тіл зерттеуіндегі өзіндік бағыттары, тың жүйелері. Араб ғалымдарының шет тілдерін зерттеу тәжірибелері, тіл білімі тарихында бірінші болып әр түрлі тілдік фактілерді бір-біріне салыстыра зерттеу әдістерін қолданғаны. Олардың түркі, маңғол, парсы, араб тілдерінің салыстырмалы сөздіктерін, грамматикалық очерктерін жазғаны. Бұған түркі тайпаларынан шыққан ғалымдардың қатынасқаны. Ислам дінінің тарауына байланысты араб тілінің канондық сипатқа ие болғаны.

3. Қайта өркендеу  дәуірі тіл білімі. Бұл дәуірдің  өзіндік сипатына қысқаша шолу. Жаңа жерлердің, бұрын белгісіз  халықтар мен тілдердің ашылуы, соның негізінде тіл білімінің жаңа сипатта дамуы. Бұл дәуірдегі тіл білімінің негізгі проблемалары: а) ұлттық тілді қалыптастырып дамыту, ә) жаңадан ашылған тілдерді үйреніп зерттеу, б) ежелгі заман тіл біліміндегі ой-пікірді, филологияны дамыту. Ұлттық сезімнің оянуына байланысты ұлттық тіл мен ұлттық мәдениетті, әдебиетті дамытуға күш жұмсау. Салыстырмалы сөздіктердің, грамматикалық еңбектерінің көбеюі.

Тілдік зерттеулердің бұрын болмаған жаңа түрлерінің көріне бастауы, логикалық бағыттың күшеюі, логикалық (рационалдық) грамматикалардың жарық көруі. Пор – Рояль грамматикасы, оның өз заманындағы мәні, әсері. Тіл біліміндегі универсиализм бағытының кейінгі дәуірлердегі дамуы.

4. 19 ғасыр тіл  білімі. Онда 17-18 ғ. Тіл біліміндегі ой-пікірдің әрі қарай тереңдеп дамығаны.

1.Әр түрлі тілдердің  фактілерін бір-біріне салыстыра  зерттеу бағытының біртіндеп  көріне бастауы, соның нәтижесінде  тілдердің өзара туыстас, төркіндес  болатындығы туралы пікірлердің  тууы. Мұндай пікірлердің кейінгі дәуірде дүниеге келген салыстырмалы-тарихи тіл біліміне негіз болғаны. Салыстырмалы-тарихи тіл білімі. Оның обьектісі, көздейтін мақсаты. Тілдер туыстығына негіз болатын тілдік материалдар. Салыстырмалы-тарихи тіл білімі дамуының үш кезеңі. Бірінші кезеңнің, яғни салыстырмалы-тарихи әдістің, қалыптасу кезеңнің өзіндік сипаты. Оны қалыптастыруда Ф.Бопп, Р.Раск, Я.Гримм, А.Востоков, В.Гумбольдтың алатын орны. В.Гумбольдтың тіл философиясы, Тілдер семьясы, праязык (ата тіл) теориялары. Бұл әдістің қалыптасу кезеңіндегі жетістіктер мен кемшіліктер. Марксизм классиктерінің салыстырмалы-тарихи біліміне, оның кейбір көрнекі өкілдеріне берген бағалары.

Компаративистика дамуының екінші кезеңі. Бұл дәуірдің өзіндік ерекшелігі, алдыңғы дәуірден өзгешелігі, көрнекті өкілдері: К.Бругман, Б.Дельбрюк, А.Мейе т.б.

Салыстырмалы – тарихи тіл білімінің үшінші кезеңі, яғни қазіргі замандағы жай-күйі. Бұл дәуір компаративистиканың ең жетілген, кемшіліктерден едәуір арылған кезең екендігі.

19 ғасыр тіл  білімінде қалыптасқан тіл білімі мектептері мен ағымдар. Олардың дүниеге келтірген себептері.

а) Натуралистік – биологиялық бағыт. Бұл бағыттың өзіндік концепциялары. Көрнекті өкілдері. Зерттеген негізгі проблемалары, қателіктері.

ә) Логика – грамматикалық бағыт. Көрнекті өкілдері. Көтерген проблемалары. Әлсіз жақтары.

     б) Психологикалық  бағыт. Даралық (индивидуалдық) және  әлеуметтік психологизм. Бұлардың  негізгі концепциялары. Психологиялық  тіл білімінің қазіргі заман  тіл біліміндегі орны.

в) Жас грамматикалық бағыт (младограмматизм). Қалыптасқан мерзімі, көрнекті өкілдері, негізгі концепциялары, тіл білімі дамуына қосқан қомақты үлесі, әлсіз жақтары, қате тұжырымдары.

Қазан және Мәскеу тіл білімі мектептері. Бұлардың көрнекті қайраткерлері. Ұстанған негізгі бағыттары. Зерттеген проблемалары.

5.20 ғасыр линвгистикасы. Оның жас грамматикалық бағытқа  қарсы айтыста туып дамығаны. Жас грамматизм бағытына қарсы  күресте қалыптасқан тіл біліміндегі  бағыттар мен мектептер: сөздер  мен заттар, эстетикалық бағыт, неолингвизм, социологиялық және этнолингвистикалық бағыттар. Бұлардың әрқайсының өзіндік бағыттары, проблемалық негізгі обьектілері. Ғылыми табыстары мен әлсіздіктері.

Көрнекті қайраткерлері.

20 ғасыр тіл  білімінде Ф.де Соссюр концепцияларының  тигізген әсері мын ықпалы. Ол көтерген және өзінше шешкен мәселелердің қазіргі заман тіл білімінің де маңызды проблемалары болып келе жатқаны.

Структурализм, оның тіл білімінде алатын орны, негізгі концепциялары мен ұстанған бағыттары. Структурализмнің негізгі мектептері: Прага мектебі, Копенгаген мектебі, дескриптивтік (Йельск) мектеп. Бұлардың көрнекті қайраткерлері, зерттеген проблемалары.

Кеңес тіл білімі. Оның маркстік философия қағидаларына сүйенгені, сонны өзіне методологиялық негіз еткені. Кеңес тіл білімінің алғашқы дәуірі, бұл дәуірдің тіл білімі алдында қойған негізгі міндеттері. Н.Я.Маррдың «Тіл туралы жаңа ілімі», оның негізгі концепциясындағы қателіктер. 1950 жылы «Правда» газеті ұйымдастырған еркін айтыс. Кеңес тіл білімінің әлем тіл біліміне қосқан үлесі.

 

ІІІ. ТІЛДІ ЗЕРТТЕУ ӘДІСТЕРІ

 

Лингвистикалық әдіс туралы ұғым. Жалпы лингвистикалық және арнайы әдістер. Салыстырмалы – тарихи әдіс, құрылымдық әдіс, олардың мақсаты.

Сипаттама әдісі. Оның мақсаты, міндеттері.

Тілдік эксперимент жасау әдістемесі.

Таксономиялық (тілдегі ұқсас құбылыстарды салыстыру) әдіс, оның мәні.

Тілдік генетикалық әдіс, оның мәні. Қазіргі тіл фактілеріне сүйене отырып, көне тұлғаларды қалпына келтіру (ішкі реконструкция) әдісі. Этимологиялық талдаудың принциптері.

Типологиялық (салғастырмалы) әдіс, оның мәні.

Типологиялық зерттеулердегі бағыттар мен міндеттер.

Лингвистикалық талдау әдістемесі. Тіл модельдерін жасау әдістемесі. Тіл біліміндегі математикалық әдіс. Тілді статистика тұрғысынан зерттеу әдістемесі және жиілік сөздіктері. Тілдің лингвистикалық география әдістемесі. Тілдік стилистикалық талдау тәсілдері, компоненттік әдіс.

 

ПРАКТИКАЛЫҚ БӨЛІМ

 

Төменде негізгі тақырыптар  бойынша үлгі ретінде студенттердің семинар сабақтарында жасайтын баяндамалары мен өз бетінше орындалатын рефераттардың тақырыптары беріліп отыр. Оларды оқытушы өз жағдайына қарай өзгертіп, түрлендіруіне, практикалық жұмыстардың басқа түрлерін пайдалануына болады.

 

1.Жалпы  тіл білімі, оның обьектілері  мен проблемалары тақырыбы бойынша:

1.Жалпы тіл  білімі, оның зерттейтіні, қарастыратын мәселелері.

2.Жалпы тіл  біліміндегі «тіл» және «сөйлеу»  проблемасы.

3.Тіл білімін  зерттеудің практикалық мәні.

 

2.Тіл білімінің басқа ғылыми салаларымен байланысы тақырыбы бойынша:

1.Тіл білімінің  қоғамдық ғылымдармен байланысы  және онда алатын орны.

2.Тіл білімінің  жаратылыстану ұғымдарымен байланысы.

3.Тіл білімінің 20 ғасырда туған ғылым салаларымен  байланысы.

 

3. Тіл және қоғам тақырыбы бойынша:

1. Тілдің қоғаммен  байланысынан туатын тілдік жағдайлар (ситуация).

2. Ұлттық сипаттың  тілдегі көрінісі, тіл этникалық белгі екендігі.

3. Әлеуметтік тіл  білімі, оның қарастыратыны.

 

4. Тіл мен ойлау тақырыбы бойынша:

1. Тіл мен ойлаудың  қарым-қатынасы.

2. Тіл мен ойлаудың  қарым-қатынасы жөніндегі марксшілдердің  көзқарастары.

3. Ойлау процесі  дамуының тілге әсерін зерттеу аспектілері.

 

5. Тілдің жүйелік сипаты тақырыбы бойынша:

1. Тіл жүйелі  құбылыс, жүйелер жүйесі.

2. Тіл жүйесіндегі  диахрондық, синхрондық қалыптар.

3. Тіл жүйесіндегі  прадигматикалық қатынастар.

4. Тіл жүйесіндегі  синтагматикалық қатынастар.

 

6. Тіл таңбалық жүйе тақырыбы бойынша:

1. Тілдік таңбалардың  өзіндік ерекшелігі.

2. Тілдік таңбалардың  жүйелік сипаты.

3. Тілдік таңбалардың  екі жақтылығы.

4. Ақпарат хабарлардың  сөз түрінде берілмейтін түрлері  паралингвистика, паракинесика туралы.

 

7. Тіл деңгейлері тақырыбы бойынша:

1. Тіл деңгейлері  туралы жалпы түсінік. (Тіл жүйесіндегі  «қабаттар» (ярусы).

2. Тіл деңгейлерін  қалыптастыру принциптері.

3. Тіл деңгейлерінің  түрлері, олардың әрқайсысының ерекшелігі, бір-бірімен байланысы.

 

8. Грамматикалық категориялар тақырыбы бойынша:

1. Грамматикалық  категория және оның мәні.

2. Грамматикалық  категориялардың тіл жүйесіне  қатысы.

 

9. Тілдің дамуы мен қызметі тақырыбы бойынша:

1.Тіл дамуының  шарттары мен себептері.

2.Тіл дамуының  диахрондық, синхрондық аспектілері.

3.Тіл дамуына  әсер ететін сыртқы жағдайлар.

4.Тілдің ішкі  құрылымдық даму заңдары.

5.Тілдің функциялық  қызметі.

 

10. Ежелгі дәуір тіл білімі тақырыбы бойынша:

1. Ежелгі қытай  тіл білімі.

2. Ежелгі үнді  тіл білімі.

3. Ежелгі грек  тіл білімі және грек философиясы.

 

11. Орта ғасырлардағы тіл білімі тақырыбы бойынша:

1. Орта ғасырлардағы  тіл білімінің даму жайы.

2. Араб тіл білімі.

3. Қайта өркендеу  дәуіріндегі тіл білімі.

 

12. 19 ғасыр тіл біліміндегі бағыттар тақырыбы бойынша:

1. 18-19 ғасыр тіл білімінің зерттелу жайы. 

2. Салыстырмалы-тарихи  тіл білімі, оның тіл білімін  дамытудағы мәні, кемшілігі.

3. Салыстырмалы-тарихи  әдіс және тілдердің генеологиялық  топтастырылуы.

4. В.Гумбольдт  және тіл философиясы.

5. Типологиялық  тіл білімінің қалыптасуы (Фрид. Шлегель, Авг.Шлегель, В.Гумбольдт т.б.)

6. М.Қашқари еңбегі  түркі тілдерін салыстырмалы-тарихи  әдіспен зерттеудің алғашқы үлгісі.

 

13. 19 ғасыр тіл біліміндегі бағыттар тақырыбы бойынша:

1. Тіл біліміндегі  логикалық бағыт.

2. Тіл біліміндегі психологиялық бағыт.

3. Тіл біліміндегі  натуралистік бағыт.

4. Жас грамматиктер  бағыты.

 

14. 19 ғасыр лингвистикалық мектептер тақырыбы бойынша:

1. Мәскеу лингвистикалық  мектебі, оның негізгі бағыты.

2. Қазан лингвистикалық  мектебі, оның негізгі бағыты.

3. Женева лингвистикалық мектебі, оның негізгі бағыты.

4. Ф.де Соссюрдің  тіл білімі туралы теориялық  тұжырымдары.

 

15. 20 ғасыр тіл білімі және структурализм тақырыбы бойынша:

1. 20 ғ.тіл біліміндегі  бағыттар.

2. Неолингвизм  мектебі.

3. Социологиялық  мектеп.

4. Эстетизмдер  мектебі.

5. Структуралық  тіл білімі.

6. Прага мектебі.

7.Копенгаген мектебі.

8. Дескриптік мектеп.

 

16. Кеңестік тіл білімі тақырыбы бойынша:

1. 20 ғасырдағы  Кеңес тіл білімі.

2. Кеңес тіл  білімінің негізгі ерекшеліктері.

3. Грамматика саласының зерттелуі.

4. Лексикология, лексикография  салаларының зерттелуі.

5. Тіл тарихы, диалектология  салаларының зерттелуі.

6. Қазіргі кезде  қазақ тіл білімінің даму сипаты.

 

Семинар сабақтарында бұдан басқа алдын-ала даярлаған тестілік сұрақтармен және тілдің табиғи мәнісі, жүйесі, структуралық құрылымы, дамуы, функциялық қызметі, тіл табиғатындағы әр түрлі кезеңдер туралы тақырыптармен жұмыс істеу көзделеді.

 

 

 

ҰСЫНЫЛАТЫН ӘДЕБИЕТТЕР

 

1.Амирова Т.А., Ольховиков Б.А., Рожденственский  Ю.В. Очерки по истории лингвистики. М., 1975.

2.Ахманова О.С. Основные направления лингвистического  структурализма. М., 1985.

3. Березин Ф.М. История лингвистических учении. М., 1958.

4. Березин Ф.М., Головин Б.Н. Общее языкознание. М., 1979.

5. Бодуэн де  Куртенэ И.А.Избранные труды по общему языкознанию. Т.1-2. М., 1963.

6. Гумбольдт В.А. Избранные труды по языкознанию. М., 1984.

7. Звегинцев В.А. Внутренние законы развития языка. М., 1954.

8. Кодухов В.И. Общее языкознание. М., 1974.

9. Қордабаев Т.Р., Қалиев Ғ. Жалпы тіл білімі. А., 2004.

10. Лингвистический  энциклопедический словарь. М., 1990.

11. Мейе А. Сравнительный  метод в историческом языкознании. М., 1954/

12. Методы лингвистических  исследований. М., 1973.

13. Общее языкознание. М., 1970, 1972; М., 1973.

14. Хрестоматия по истории языкознания ХІ –ХХ веков. Құрастырған Звенинцев В.А. М., 1956.

15. Чикобава А.С. Проблема языка как предмета  языкознания. М., 1959.

16. Щерба Л.В. Избранные  работы по языкознанию и фонетике. Л., 1958.

17. Языковые универсиалии  и лингвистическая типология. (мақалалар жинағы). М., 1969

Авторы: ф.ғ.д., профессор Ғ.Қалиев.

 

ПӘН БОЙЫНША ГЛОССАРИЙ

 

         Салыстырмалы – тарихи тіл білімі – шығу тегі жағынан бір – біріне жақын тілдерді зерттейтін тіл білімінің саласы.Негізгі мақсаты – туыс тілдердің арақатынасын анықтап зерттеу арқылы олардың даму жолдарын сипаттау.Оның қалыптасуы Еуропа ғалымдарының көне үнді әдеби тілінің үлгісі санскритпен танысуынан басталып, 18 ғ. 2 – жартысы мен 19 ғ. Басына сәйкес келеді.

         Типологиялық тіл білімі – тілдердің шығу тегіндегі өзара қатынасының қандай екеніне қарамастан, олардың құрылымдық және функционалдық белгілерін салыстыра зерттеу нәтижесінде 19 ғасырдың орта шенінде туған. Типологиялық тіл білімі жалпы тіл білімінде анықталған құрылымдық және функционалдық концепцияларға сүйене отырып, жеке тілдерді зерттеуге негізделеді.

Ареалдық тіл білімі – (лат.аrea – кеңістік, аудан) – лингвистикалық география әдістері арқылы тіл құбылыстарының таралу жайын, тіларалық (диалектаралық) байланыстарды зерттейтін тіл білімінің саласы, 19 ғ. 2 – жартысы мен 20 ғ. Басында пайда болған.

Структуралық тіл білімі – тілді таңбалар жүйесі деген қағидаға және тіл құрылымындағы жігі айқын элементтерге сүйене отырып, олардың формалды жағын қатаң түрде (нақты ғылымдарға жақындығын) зерттейтін тіл білімінің саласы.Оның жеке сала ретінде қалыптасқан кезі – 20 ғасырдың 20 – 30-жылдары.

Психологиялық тіл білімі – сөйлеу процесінің қалай іске асатыны, адам психикасындағы қабылдау, түйсік, байымдаумен сөйлеудің байланысын, оның тіл жүйесіне қатысын зерттейтін тіл білімінің саласы.Бұл бағыт 19 ғасырдың орта шенінде пайда болған.

Этникалық тіл білімі. Этнолингвистика – грекше ethnos халық, тайпа) – тілдің халық мәдениетіне қатысын зерттейтін тіл біліміндегі бағыт.Этнография ғылымының құрамында 19-20 ғасырлар арасында дербес бағыт ретінде пайда болған.Оған 19 ғасырдың 70-ші жылдарында Солтүстік және Орталық Америка жеріндегі көптеген үндіс тайпаларының зерттелуі ықпал етті.

Социологиялық (әлеуметтік) бағыт (социолингвистика) тілді адамдардың қоғамдық қызметіне, кәсіби тіршілігіне қызмет ететін әлеуметтік құбылыс, қарым – қатынас құралы деп қарайтын бағыт, 19-20 ғасырлар аралығында пайда болған.

Эстетикалық бағыт -  тілді эстетикалық философия тұрғысынан зерттеу нәтижесінде 20 ғ. басында Батыс Еуропа тіл білімінде туған бағыт.

           Синхрониялық тіл білімі – тілдің белгілі бір дәуірдегі қалпын, құрылымын сипаттап зерттейтін тіл білімі.Оны сипаттама тіл білімі, нормативті тіл білімі деп те атайды.

          Диахрониялық тіл білімі – тілдің тарихи уақыт ішінде өзгеруі мен дамуын зерттейтін тіл білімі.Оны тарихи тіл білімі деп те атайды.

          Дескриптивтік тіл білімі – Америка үндістерінің тілін зерттеуге байланысты америкалық структурализм құрамында 20 ғасырдың 30-50- жылдарында пайда болған тіл білімі.Оның мақсаты – тілдің лексикалық, грамматикалық мағыналары туралы мәліметтерді пайдаланбай – ақ, тіл элементтерінің өз айналасында болатын өзгерістерін (өзара тіркесімділігі т.б.) зерттеу арқылы сөйлеу процесін сипаттау.

Бұл – дистрибуция әдісін қолдану арқылы тілді формалды түрде зерттейтіндіктен, дистрибуциялық тіл білімі деп те аталады.

Қолданбалы тіл білімі – тілді практикалық талаптарға сәйкестендіріп қолданудың ғылыми жүйесін қалыптастыратын тіл білімінің саласы.Ол ғылыми пән ретінде 20 ғасырдың орта кезінен белгілі болды.Мысалы, графика мен орфографияны қалыптастыру, сөздіктер жасау, сөйлеу мәдениетін жетілдіру, әдеби норманы орнықтыру, терминдерді жүйеге келтіру т.б. қолданбалы тіл білімінің қарайтын мәселелері.

             Функционалдық тіл білімі – структуралық тіл білімінің тілдің қатынас құралы ретінде функциялық жағына баса назар аударатын саласы.20 ғасырдың 30-жылдарынан бастап дамыған.

Паралингвистика - (грекше рara – жанында, қасында) – сөйлеу үстінде қолданылатын тілдік емес, қосымша құралдарды (дауыс ырғағы, дауыс әуені, интонация, бет, қол, дене қимылы т.б.) зерттейтін тіл білімінің саласы.

        Салыстырмалы – тарихи зерттеу әдісі - – шығу тегі жағынан бір – біріне жақын тілдерді салыстыра зерттейтін әдіс.Негізгі мақсаты – туыс тілдердің арақатынасын анықтап зерттеу арқылы олардың даму жолдарын сипаттау.Оның қалыптасуы Еуропа ғалымдарының көне үнді әдеби тілінің үлгісі санскритпен танысуынан басталып, 18 ғ. 2 – жартысы мен 19 ғ. Басына сәйкес келеді.

          Типологиялық зерттеу әдісі– тілдердің шығу тегіндегі өзара қатынасының қандай екеніне қарамастан, олардың құрылымдық және функционалдық белгілерін салыстыра зерттеу. Типологиялық тіл білімі жалпы тіл білімінде анықталған құрылымдық және функционалдық концепцияларға сүйене отырып, жеке тілдерді зерттеуге негізделеді.

Структуралық әдіс– тілді таңбалар жүйесі деген қағидаға және тіл құрылымындағы жігі айқын элементтерге сүйене отырып, олардың формалды жағын қатаң түрде (нақты ғылымдарға жақындығын) зерттейтін әдіс. Қалыптасқан кезі – 20 ғасырдың 20 – 30-жылдары.

Жалпы тіл білімі