Жұмыс орны

Жұмыс орны –  жұмыс істеушінің (жұмыс істеушілер тобының) өндірістік міндеттерін орындауына бейімделген орын. Жұмыс орны негізгі  және көмекші жабдықтармен‚ технологиялық  және ұйымдық жарақтармен қамтамасыз етілуге тиіс. Мұны Жұмыс орнынын  жарақтандыру деп атайды. Негізгі жабдықтарға Жұмыс орнында ұдайы тұратын станоктар‚ агрегаттар‚ машиналар; көмекші жабдықтарға транспортерлер‚ рольгагтер‚ арбалар және еңбекті жеңілдететін басқа да қондырғылар жатады. Технологиялық жарақ – өлшеу‚ кесу аспаптарынан‚ көмекші және басқа аспаптардан құралады. Ұйымдық жарақ бейімдемелерді‚ аспаптарды‚ көмекші материалдарды‚ босалқы бөлшектер мен құжаттарды‚ дабыл мен байланыс‚ күтім жасау құралдарын‚ қоршау‚ қорғаныш және басқа құрылғыларды қамтиды. Жұмыс орнын ұтымды ұйымдастыру, яки басы артық‚ қолайсыз немесе орындалуы қиын қимыл жасамай‚ күш пен уақытты барынша аз жұмсай отырып‚ өнімділігі жоғары еңбек жағдайын жасау еңбек өнімділігін арттырудың басты шарты болып табылады. Жұмыс орнын ұтымды ұйымдастыруда оны еңбек құралдарымен және заттарымен қамтамасыз етудің‚ Жұмыс орнына қызмет көрсету желісін жасаудың маңызы елеулі. Жұмыс орнындағы өндірістік орта мен еңбек процесінің барлық факторлары‚ қызметкерлердің еңбек қызметі барысында денсаулығы мен еңбек ету қабілетіне әсер ететін әлеуметтік-экономикалық факторлар кешенді түрде бағаланады. Бұл Жұмыс орнын аттестаттау деп аталады. Ол, негізінен, кәсіпорын қайта құрылғанда‚ жаңа техника мен технология енгізілгенде‚ шикізат пен материалдардың жаңа түрлері пайдаланылғанда, еңбек жағдайы мен сипаты өзгергенде, ұйымдық-технологиялық шараларды жүзеге асыру есебінен еңбек жағдайы жақсартылғанда, жалдаушының немесе оған уәкілетті органның‚ кәсіподақ комитетінің немесе еңбек ұжымының басқа сайланбалы органының‚ кәсіпорын қызметкерінің бастамасымен өткізілуі мүмкін. Жұмыс орнын аттестаттау үшін арнаулы аттестациялық комиссия құрылады. Ол қажетті құқықтық‚ нормативтік-анықтамалық базаны тұжырымдайды‚ оны зерделеуді ұйымдастырады; мүдделі органдармен (еңбек жағдайының сараптамасымен‚ сан.-эпидемиол. қызметпен‚ еңбек инспекциясымен) және кәсіподақ органдарымен өзара іс-қимылды айқындайды; аттестатталуға тиіс Жұмыс орныдарының тізбесін жасайды; орындаушылардың барлық кезеңдерде жүргізілетін жұмысының барысына ұйымдық‚ әдістемелік басшылық пен бақылауды жүзеге асырады; Жұмыс орнының техология және ұйымдастырылу деңгейінің жобалық құжаттарға‚ еңбек қауіпсіздігінің стандарттарына‚ құрылыс және санитарлық ережелерге сай келуіне өндірістік баға береді; зиянды және қауіпті өндірістік факторларды зерттеулердің көлемін айқындайды және оларды жүргізеді; Жұмыс орнының ұйымдық-технологиялық деңгейін бағалау картасын‚ Жұмыс орнындағы еңбек жағдайының картасын және Жұмыс орнын еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау әдістемесінде көзделген басқа да құжаттаманы жасайды. Жұмыс орнын аттестаттау нәтижелері бойынша қызметкерлері ерекше еңбек жағдайына байланысты жасы бойынша зейнетке шығуға құқығы бар Жұмыс орныдарының‚ өндірістердің‚ кәсіптер мен қызметтердің‚ қолайсыз еңбек жағдайында жұмыс істегені үшін қызметкерлеріне үстеме ақы төленетін Жұмыс орныдарының‚ өндірістердің‚ кәсіптер мен қызметтердің‚ Жұмыс орныдарын еңбек қорғау ережелері мен нормаларына сай келтіру мақсатында оларды оңтайландыру жөніндегі ұйымдастыру-тех. шаралардың тізбесі жасалады.[

Өндiрiстiк нысандарды еңбек жағдайлары бойынша мiндеттi мерзiмдi аттестациялауды өткiзу ережесi  

1. Жалпы ережелер  

       1. Осы Өндiрiстiк нысандарды еңбек  жағдайлары бойынша мiндеттi мерзiмдi аттестациялаудан өткiзу ережесi (бұдан әрi - Ереже) 2007 жылғы 15 мамырдағы  Қазақстан Республикасы Еңбек кодексiнiң 317-бабы 1-тармағының 10) тармақшасына сәйкес әзiрлендi және өндiрiстiк нысандарды еңбек жағдайлары бойынша аттестациялауды өткiзудiң тәртiбiн белгiлейдi. 

       2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:

       1) өндiрiстiк нысандарды еңбек жағдайлары бойынша аттестациялау - оларда орындалатын жұмыстың қауiпсiздiгi, зияндылығы, ауырлығы, қауырттығы, еңбек гигиенасы жай-күйiн бағалау және өндiрiстiк орта жағдайларының еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы нормативтерге сәйкестiгiн айқындау мақсатында өндiрiстiк нысандарды, цехтарды, учаскелердi, жұмыс орындарын бағалау жөнiндегi қызмет;

       2) зертханалар - өндiрiстiк орта факторларын зертханалық және аспаптық зерттеулермен және өндiрiстiк орта жағдайларының еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы нормативтерге сәйкестiгiн айқындауға байланысты қызметтi жүзеге асыратын зертханалар;

       3) өндiрiстiк нысандар - өнiм шығарумен және жасаумен, пайдалы қазбаларды әзiрлеумен, өндiрумен және қайта өңдеумен, құрылыспен және өндiрiстiк қызметтiң басқа да түрлерiмен айналысатын ұйымның цехтары, учаскелерi және өзге де жеке тұрған өндiрiстiк бөлiмшелерi;

       4) жұмыс орны - еңбек қызметi процесiнде еңбек мiндеттерiн орындау кезiнде қызметкердiң тұрақты немесе уақытша болатын орны;

       5) мамандандырылған ұйымдар - өндiрiстiк нысандарды еңбек жағдайлары бойынша аттестациялауды жүргiзу жөнiндегi, бiлiктi кадрлары мен өзiнiң құрамында өндiрiстiк орта мен еңбек жағдайлары факторларын зертханалық және аспаптық зерттеу жөнiндегi зертханалары бар немесе заңнамада белгiленген тәртiппен тексеруден өткiзiлген тиiстi өлшеу құралдары бар, немесе қызметтiң осындай түрлерiн жүзеге асырушы зертханалармен ұзақ мерзiмдi шарттары бар дербес (тәуелсiз) ұйымдар;

       6) бiлiктi кадрлар - мамандандырылған ұйымдардың өндiрiстiк нысандарды еңбек жағдайлары бойынша аттестациялау жөнiндегi жұмыспен айналысатын, тиiстi бiлiмi бар немесе дайындық курстарынан өткен және тиiстi сертификаты бар қызметкерлерi;

       7) сертификат - тиiстi Бiлiм беру ұйымдары еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша даярлық курсынан өткен тұлғаларға беретiн белгiленген үлгiдегi құжат;

       8) жеке қорғану құралдары - қызметкердi зиянды және (немесе) қауiптi өндiрiстiк факторлардың әсерiнен қорғауға арналған құралдар, оның iшiнде арнайы киiм;

       9) ұжымдық қорғану құралдары - екi немесе одан да көп жұмыс iстеушiлердi зиянды және (немесе) қауiптi өндiрiстiк факторлардың әсерiнен бiр мезгiлде қорғауға арналған техникалық құралдар;

       10) жарақат қауiпсiздiгi - жұмыс орындарының еңбектi қорғау жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген жағдайларда жұмыс iстеушiлердiң жарақаттануын болдырмайтындай еңбек қауiпсiздiгi талаптарына сәйкестiгi;

       11) еңбек қауiпсiздiгi жағдайлары - еңбек процесi мен өндiрiстiк ортаның қызметкердiң еңбек мiндеттерiн атқару кезiнде еңбек қауiпсiздiгi мен еңбектi қорғау талаптарына сәйкес болуы;

       12) қауiпсiздiк нормалары - өндiрiс жағдайларын, өндiрiстiк және еңбек процесiн ұйымдық, техникалық, санитарлық-гигиеналық, биологиялық және еңбек қызметi процесiнде қызметкердiң өмiрi мен денсаулығын сақтауға бағытталған нормаларды, ережелердi, процедуралар мен критерийлердi қамтамасыз ету тұрғысынан сипаттайтын сапалық және сандық көрсеткiштер. 

       3. Өндiрiстiк нысандарды еңбек жағдайлары бойынша мiндеттi мерзiмдi аттестациялауды:

       1) өзiнiң ұйымында еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау қызметi мен өндiрiстiк орта факторларын зертханалық және аспаптық зерттеу жөнiндегi зертханалары бар жұмыс берушi;

       2) мамандандырылған ұйым жүргiзедi. 

       4. Өндiрiстiк нысандарды аттестациялау:

       1) ұйымның жұмыс орындарын еңбек  қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы қолданылып жүрген нормативтерге сәйкес аттестациялауды;

       2) ұйымның өндiрiстiк нысандарының еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы қолданылып жүрген нормативтерге сәйкестiгiн кешендi бағалауды:

       еңбек зияндылығының және қауiптiлiгiнiң дәрежесiн бағалауды;

       жарақат қауiпсiздiгiнiң дәрежесiн және ұжымдық қорғану құралдарымен қамтамасыз етiлуiн бағалауды;

       қызметкерлердiң жеке қорғану құралдарымен қамсыздандырылуын бағалауды қамтиды. 

       5. Өндiрiстiк нысандарды аттестациялау нәтижелерi:

       1) жұмыс орындарын қолданыстағы нормативтiк құқықтық актiлер талаптарымен сәйкестiкке келтiру үшiн еңбек жағдайлары мен қауiпсiздiгiн жақсарту жөнiндегi ұйымдық, санитарлық-техникалық, гигиеналық, психофизиологиялық және медициналық алдын-алу iс-шаралары кешенiн жүргiзу;

       2) өндiрiстiк орта мен жұмыс орындарындағы қауiпсiздiк жағдайларының нақты жай-күйiн бағалау;

       3) қызметкерлердiң қажеттi жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен қамтамасыз етiлуiн, олардың нақты еңбек жағдайларына және оларға қойылатын стандарт талаптарына сәйкестiгiн айқындау;

       4) кәсiптiк ауруға күдiк туғанда және кәсiптiк аурудың диагнозын айқындаған кезде, оның iшiнде даулар мен өзге де келiспеушiлiктердi сот тәртiбiмен шешкен кезде аурудың кәсiппен және орындайтын жұмысымен байланысын айқындау үшiн зиянды немесе қауiптi еңбек жағдайларындағы жұмыс фактiсiн растау;

       5) өндiрiстiк нысанның немесе жабдықтың пайдаланылуын тоқтату (тоқтата тұру) туралы шешiм қабылдау, сондай-ақ технологияны өзгерту;

       6) еңбек жағдайларының жай-күйi туралы статистикалық есеп жасау;

       7) еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқару кезiнде қызметкердiң өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жұмыс берушiнiң жауапкершiлiгiн сақтандырған кезде сақтандырушының (жұмыс берушiнiң) сақтандыру тарифiн белгiлеу;

       8) еңбек жағдайлары зиянды және қауiптi жұмыстарда iстейтiн қызметкерлерге еңбекақы төлеудi және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген жеңiлдiктер мен кепiлдiктер берудi негiздеу;

       9) қызметкерлердiң еңбек жағдайлары, еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғаудың жай-күйi, зиянды өндiрiстiк факторлар және олардың әсерiнен қорғану шаралары туралы шынайы ақпарат алу мақсатында пайдаланылады. 

       6. Қазақстан Республикасының аумағында  жұмыс iстейтiн барлық ұйымдардың өндiрiстiк нысандары аттестациялауға жатады. 

       7. Аттестациялауды өткiзу мерзiмiн ұйым, еңбек жағдайларының өзгеруiне орай, бiрақ өндiрiстiк нысандардың соңғы аттестациялаудан өткiзiлген сәттен бастап 5 жылда кемiнде бiр рет белгiлейдi. 

       8. Өндiрiстiк нысандарды кезектен тыс аттестациялау мынадай жағдайларда:

       1) қайта құрылған, жаңғыртылған, жаңа  техника немесе технология орналастырылған;

       2) еңбек жағдайлары бойынша аттестациялау  үшiн жұмыс жүргiзу әдiснамасын бұзушылықтар анықталған кезде еңбек қауiпсiздiгiн және еңбектi қорғауды мемлекеттiк қадағалау мен бақылау органдарының талаптары бойынша жүргiзiледi.

       Кезектен тыс аттестациялау нәтижелерi өндiрiс нысанына еңбек жағдайлары бойынша алдында өткiзiлген аттестациялау материалдарына қосымша түрiнде ресiмделедi. 

       9. Өндiрiстiк нысандарды аттестациялауды өткiзудiң уақытылығы мен сапасын бақылауды мемлекеттiк еңбек инспекторлары жүзеге асырады. 

       10. Еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган Өндiрiстiк нысандарды еңбек жағдайлары бойынша аттестациялауды жүргiзу жөнiнде қызметтi жүзеге асыратын мамандандырылған ұйымдардың тiзiмiн жүргiзедi. 

  2. Жұмыс берушiнiң аттестациялауды өткiзуге дайындығы  

       11. Өндiрiстiк нысанды аттестациялауды ұйымдастыру және өткiзу үшiн жұмыс берушi теракты жұмыс iстейтiн, құрамында төраға, мүшелер және өндiрiстiк нысандарды аттестациялау жөнiндегi құжаттаманы жасауға, жүргiзуге және сақтауға жауапты хатшы бар аттестациялау комиссиясын құру туралы тиiстi бұйрық шығарады. 

       12. Ұйымның аттестациялау комиссиясының  құрамына жетекшi не оның орынбасары, еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау қызметтерiнiң және өзге де бөлiмшелерiнiң мамандары келiсiм бойынша, сондай-ақ ұйым қызметкерлерiнiң өкiлдерi кiредi. 

       13. Ұйымның аттестациялау комиссиясы:

       1) орындайтын жұмыстары мен еңбек  жағдайларының сипаттамасы бойынша  ұқсас жұмыс орындарын бөле  отырып, аттестациялауға жататын  өндiрiстiк нысандардың, цехтардың, учаскелердiң және басқа да жұмыс орындарының толық тiзбесiн жасайды;

       2) өндiрiстiк ортаның, еңбек және технологиялық процестердiң сипаттамаларына, қолданылатын жабдықтар мен тетiктердiң, шикiзат пен материалдардың түрлерiне қарай зерттеуге (зертханалық және аспаптық зерттеулер мен бағалауға) жататын қауiптi және зиянды факторлардың толық тiзбесiн жасайды;

       3) ұйымның өндiрiстiк нысандарын аттестациялауды өткiзу кестесiн жасайды және оны жұмыс берушiге бекiтуге ұсынады;

       4) жұмыс орындарын еңбек жағдайлары  бойынша аттестациялау нәтижелерiн автоматты түрде өңдеу үшiн өндiрiстерге, цехтарға, учаскелерге, жұмыс орындарына кодтар бередi;

       5) өндiрiстiк нысандарды аттестациялауды өткiзу үшiн қажеттi нормативтiк анықтамалық базаны қалыптастырады;

       6) өндiрiстiк жарақаттану мен кәсiптiк аурулардың себептерiн талдайды;

       7) өндiрiстiк жарақаттануды талдау негiзiнде жарақаттану қаупi басым жұмыстарды, жұмыс орындары учаскелерiн, технологияларды, машиналарды, тетiктердi, станоктар мен жабдықтарды анықтайды;

       8) еңбек жағдайлары бойынша аттестациялауды өткiзуге өзiнiң мүмкiндiктерi болмаған жағдайларда мамандандырылған ұйымды белгiлейдi және онымен тиiстi шарт жасасу жөнiнде жұмыс берушiге ұсыныс жасайды;

       9) аттестациялау жөнiндегi жұмыстар көлемiн ескере отырып, тартылатын мамандандырылған ұйыммен және жұмыс берушiмен өндiрiстiк нысандарды аттестациялауды өткiзу мерзiмiн келiседi;

       10) еңбек жағдайлары бойынша аттестациялауды  өткiзуге көмектесудi қамтамасыз етедi;

       11) өндiрiстiк нысандарды аттестациялауды бақылауды жүзеге асырады. 

  3. Аттестациялауды  өткiзудiң тәртiбi  

       14. Еңбек зияндылығының және қауiптiлiгiнiң дәрежесiн бағалау:

       1) еңбек жағдайлары бойынша бағалауға  жұмыс орнындағы барлық қауiптi және зиянды өндiрiстiк (физикалық, химиялық, биологиялық, технологиялық) факторлар;

       2) қауiптi және зиянды өндiрiстiк факторлардың деңгейлерi зертханалық және аспаптық өлшеулер негiзiнде анықталады. Физикалық, химиялық, биологиялық факторлардың зертханалық және аспаптық өлшеулерi жұмыс және өндiрiстiк процестер жағдайларында, технологиялық регламентке сәйкес дұрыс қолданылатын ұжымдық және жеке қорғану құралдарымен орындалуға тиiс. Жұмысшылардың үнемi ашық ауада және жерасты көмiр шахталарында болуына байланысты жұмыс орындарында зертханалық және аспаптық өлшеулер жүргiзiлмейдi.

       3) қауiптi және зиянды өндiрiстiк факторлар параметрлерiн өлшеу нормативтiк құқықтық актiлерде, санитарлық ережелер мен нормаларда, мемлекеттiк стандарттарда көзделген тәртiпте және көлемде жүзеге асырылады. Зертханалық және аспаптық зерттеулер нәтижелерi хаттамалармен рәсiмделедi (осы Ережеге 1-қосымша).

       4) зиянды және қауiптi өндiрiстiк факторлардың параметрлерiн өлшеген кезде белгiленген мерзiмге сәйкес мемлекеттiк тексеруден өткен өлшеу құралдарын пайдалану қажет;

       5) еңбек жағдайларының нақты жай-күйiн бағалау қауiптi және зиянды өндiрiстiк факторлардың рұқсат етiлген деңгей шегiне сәйкестiгiне өлшенген параметрлер сәйкестiгi негiзiнде жүргiзiледi. 

       15. Жарақат қауiпсiздiгiн бағалаудың негiзгi нысандары:

       1) өндiрiстiк жабдықтар;

       2) құрылғылар мен саймандар;

       3) ұжымдық қорғану құралдарымен  қамтамасыз етiлу;

       4) оқу және нұсқау құралдарымен  қамтылу болып табылады. 

       16. Өндiрiстiк жабдықты, құрылғылар мен құрал-саймандарды бағалау еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау туралы қолданыстағы нормативтiк құқықтық актiлер, мемлекеттiк және салалық стандарттар, еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi ережелер мен нұсқаулықтар негiзiнде жүргiзiледi және олардың техникалық жағдайына, паспорттық параметрлерi мен өндiрiстiк процесс технологиясының талаптарына сәйкестiгiне байланысты болады.

       Жарақат қауiпсiздiгiн бағалау өндiрiстiк жабдықтың, құрылғылар мен құрал-саймандардың, сондай-ақ оқу құралдары мен нұсқаудың нормативтiк құқықтық актiлер талаптарына сәйкестiгiн өндiрiстiк жабдықтарға белгiленген үлгiдегi техникалық паспорттардың немесе қауiпсiздiк сертификаттарының болуын ескере отырып, тексеру жолымен жүргiзiледi.

       Техникалық паспорттар мен сертификаттардың болмауы нақты осы жабдықта қолданылатын конструкциялық қауiпсiздiк элементтерi жабдық бiрлiктерiнiң әр қайсысына жеке көрсетiлген, өндiрiстiк жабдықтардың қауiпсiздiк нормативтiк талаптарына сәйкестiгi актiлерiмен өтелуi мүмкiн.

       Жабдықтардың жекелеген түрлерiне техникалық паспорттар, сертификаттар немесе актiлер болмаған кезде, олардың техникалық жағдайына қарамастан жарақат қауiпсiздiгiне терiс баға берiледi және оларды пайдалануды тоқтата тұру қажеттiлiгi туралы мәселе қаралады. 

       17. Өндiрiстiк жабдықтың, құрылғылар мен құрал-саймандардың жарақат қауiпсiздiгiн, ұжымдық қорғану құралдарымен қамтамасыз етiлуiн және де оқу мен нұсқау құралдарымен қамтылуды бағалау Жарақат қауiпсiздiгiн бағалау және ұжымдық қорғану құралдарымен қамтамасыз етiлуi хаттамасымен ресiмделедi (осы Ережеге 2-қосымша). 

       18. Қызметкерлердiң жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етiлуiн бағалау:

       1) әр кәсiп қызметкерлерiнiң жеке қорғану құралдарымен (бұдан әрi - ЖҚҚ) қамтамасыз етiлуi анықталады. Қызметкерлердiң ЖҚҚ-мен қамтамасыз етiлуiн бағалау нақты берiлген құралдарды өндiрiстiк ортаның зиянды факторларын ескере отырып, қызметкерлерге арнайы киiм, арнайы аяқ киiм және басқа жеке қорғану құралдарын тегiн берудiң нормаларымен салыстыру арқылы анықталады;

       2) қызметкерлердiң ЖҚҚ-мен қамтамасыз етiлуiн бағалау кезiнде берiлген ЖҚҚ-ның нақты еңбек жағдайларына сәйкестiгiн бағалау жүргiзiледi. ЖҚҚ-ның сапасы сәйкестiк сертификаттарымен расталуға тиiс;

       3) қызметкерлердiң ЖҚҚ-мен қамтамасыз етiлуiн бағалау Қызметкерлердiң ЖҚҚ-мен қамтамасыз етiлуiн бағалау хаттамасымен (осы Ережеге 3-қосымша) ресiмделедi. Қызметкерлер, еңбек нормалары мен жағдайларына сәйкес, ЖҚҚ-мен толық қамтамасыз етiлгенде ғана "қамтамасыз етiлдi" деген баға қойылады. 

  4. Жұмыс орнындағы еңбек жағдайларын жиынтық бағалау  

       19. Жұмыс орнындағы еңбек жағдайларын  жиынтық бағалау:

       1) өндiрiстiк ортаның зияндылығы мен қауiптiлiгiнiң, еңбек процесiнiң ауырлығы мен қауырттылығының дәрежесiн;

       2) жарақат қауiпсiздiгiнiң және ұжымдық қорғану құралдарымен қамтамасыз етiлу дәрежесiн;

       3) қорғану құралдарымен қамтамасыз  етiлу, олардың сапасы және еңбек жағдайларына сәйкестiлiгiнен тұрады. 

       20. Жұмыс орнында қауiптi және зиянды өндiрiстiк факторлар болмағанда немесе олардың нақты мәндерi қауiпсiздiк нормаларына сәйкес болғанда, сондай-ақ жарақат қауiпсiздiгiнiң талаптары орындалғанда және қызметкерлер жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етiлгенде, жұмыс орнындағы еңбек қауiпсiздiгi жағдайлары еңбек қауiпсiздiгi талаптарына сәйкес келедi деп есептеледi. 

       21. Егер жұмыс орнындағы өндiрiстiк орта факторларының нақты мәнi қолданыстағы нормалардан жоғары болған, жарақат қауiпсiздiгiнiң талаптары сақталмаған, ал қызметкерлердiң жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етiлуi нормаларға сәйкес келмеген жағдайларда, мұндай жұмыс орнындағы еңбек жағдайлары зиянды және қауiптiге жатқызылады. 

       22. Еңбек жағдайлары қауiптiге жатқызылған кезде аттестациялауға комиссиясы жұмыс орнын қайта жарақтандыру немесе тарату жөнiнде шаралар қабылдау туралы ұсыныс енгiзедi. 

       23. Өндiрiстiк нысандарды аттестациялауды аттестациялау комиссиясы Ұйымдағы еңбек жағдайларын жақсарту және сауықтыру жөнiндегi жоспардың жобасын қоса отырып, Өндiрiстiк нысанды аттестациялау актiсiмен ресiмдейдi. 

  5. Өндiрiстiк нысандарды аттестациялауды

ресiмдеудiң тәртiбi  

       24. Аттестациялау нәтижелерi мiндеттi бөлiмдерi, сондай-ақ қосымшасы бар бiрыңғай құжат түрiнде ресiмделедi:

       1) жалпы мәлiметтер (ұйымның толық заңды атауы, мекен-жайы, ұйымдық-құқықтық нысаны, жұмыс iстейтiндердiң жалпы санын, оның iшiнде зиянды және қауiптi еңбек жағдайларында жұмыс iстейтiндердi көрсете отырып және жеке өндiрiстiк бөлiмшелер бойынша ұйымның құрылымы, аттестациялау жүргiзудiң негiзi, тартылатын мамандандырылған ұйымдар туралы мәлiметтер, аттестациялау комиссиясының құрамы);

       2) өндiрiстiң қысқаша сипаттамасы (қызмет сипаты, қолданылған технологиялар, барлық зиянды және қауiптi өндiрiстiк факторлардың, қауiптi өндiрiстiк жабдықтардың және процестердiң тiзбесi);

       3) еңбек жағдайларын аспаптық және зертханалық зерттеу хаттамалары;

       4) жарақат қауiпсiздiгiн бағалау хаттамалары;

       5) қызметкерлердiң ЖҚҚ-мен қамтамасыз етiлуiн бағалау хаттамалары. 

  6. Ұйымдағы  еңбек жағдайларын жақсарту және  сауықтыру жөнiндегi iс-шаралар жоспары  

       25. Өндiрiстiк нысандарды аттестациялау нәтижелерi бойынша Ұйымдағы еңбек қауiпсiздiгi жағдайларын жақсарту жөнiнде iс-шаралар жоспары әзiрленедi (осы Ережеге 4-қосымша). 

       26. Жоспарда ескiрген техника мен жабдықты ауыстыру, өндiрiстiк процесс технологиясын жетiлдiру, еңбек жағдайларына сәйкес жеке және ұжымдық қорғану құралдарын қолдану жөнiнде iс-шаралар, сауықтыру iс-шараларын және еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғауды ұйымдастыру жөнiндегi iс-шаралар көзделуге тиiс. 

       27. Жоспарда барлық жұмыс орындарын еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау талаптарына сәйкес келтiру көзделуге тиiс. 

       28. Ұйымдағы еңбек жағдайларын жақсарту және сауықтыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарына аттестациялау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi қол қояды.

Жұмыс орны