2-сыныпта сөз мағынасын оқыту әдістемесі

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

 

Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университеті

Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Шалтенова Бақытгүл 

 

 

 

 

2-сыныпта сөз мағынасын 

оқыту әдістемесі

 

ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС

 

5В010200 мамандығы – «Бастауыш оқыту педагогикасы және әдістемесі»

 

 

 

      

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Орал 2010

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

 

Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университеті

Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясы

 

 

 

 

 

«Қорғауға жіберілді»

Қазақ филологиясы  кафедрасының

меңгерушісі ___________ А.А.Раманова

 

 

 

 

 

 

ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС

 

 

Тақырыбы: 2-сыныпта сөз мағынасын оқыту әдістемесі

 

 

5В010200 мамандығы – «Бастауыш оқыту педагогикасы және әдістемесі»

 

 

 

 

 

 

 

 

 

       Орындаған                                                          Шалтенова Б.

 

       Ғылыми  жетекшісі                           

       Ф.ғ.к., доцент                                                      Раманова А.А.

 

 

 

 

 

Орал  2010

 

МАЗМҰНЫ:

 

Кіріспе .........................................................................................................

4

І тарау. І тарау. 2-сыныпта сөз мағынасын оқытудың психологиялық-педагогикалық негізі...................................................

 

5

І. 1. 2-сыныпта сөз мағынасын оқытудың лингвистикалық негізі..........

5

І. 2. 2-сыныпта сөз мағынасын оқытудың педагогикалық негізі.............

 

13

   

ІІ тарау. 2-сыныпта сөз мағынасын оқытудың әдістемелік негіздері .......................................................................................................

 

23

ІІ. 1. 2-сыныпта сөз мағынасын оқытудың әдістемесі .............................

 

23

ІІ.2. Сабақ үлгілері ......................................................................................

47

ІІ.3. Тәжірибе жұмысының қорытындысы ...............................................

58

 

Қорытынды ................................................................................................

 

60

Пайдаланылған әдебиеттер .....................................................................

61

   

 

 

Кіріспе

 

Тақырыптың өзектілігі. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында бастауыш мектепте білім берудің маңыздылығын көрсете келіп, қазақ тілін оқытудың басты ұстанымдарын ««Бастауыш мектептің негізгі міндеті – баланың жеке басын бастапқы қалыптастыруды қамтамасыз ету, оның қабілеттерін анықтау және дамыту. Осы сатыдағы оқу мен тәрбие оң уәжді қалыптастыруға, оқу әрекетін білуге, оқуға, жазуға, санаудың берік дағдыларын үйренуге, тілдің қарым-қатынастық қарапайым тәжірибесіне, өзін-өзі шығармашылық тұрғыдан таныта білуге бағдарланады» деп белгіленгені мәлім [1, 1].

Бастауыш мектептің қазақ тілі сабағында жеке тұлғаны қалыптастыруда оқушының өз ой-пікірін ана тілде еркін, дұрыс, түсінікті жеткізе білуден басталады. Ал өз ойларын емін-еркін жеткізу үшін оқушылардың сөздік қорлары бай болуы қажет. Балаларда мектепке келмей тұрып-ақ белгілі бір сөздік қор, сөз мағыналарын ажыратып, жеке өмірінде қолдана білу машығы қалыптасады. Осы қалыптасқан икемділігін одан әрі дамытуға мектепке келген күннен бастап назар аударған жөн. Бүгінгі таңда оқушыларға сөз мағынасын оқыту, сөздік қорларын молайту – өзекті мәселенің бірі.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері 2-сыныптағы қазақ тілі сабақтарында  сөз мағынасын оқыту әдістемесіне тоқталу. Бұл мақсаттардан мынадай міндеттер туындайды:

- бастауыш сынып оқушыларына  сөз мағынасын оқытудың психологиялық-педагогикалық  негіздеріне тоқталу;

- бастауыш сыныптардағы оқушыларына  сөз мағынасын оқытуда түрлі әдіс-тәсілдерді қолданудың маңызын айқындау;

- мемлекеттік бағдарлама бойынша 2-сыныптағы сөз мағынасын оқытуға бөлінген сағат санын айқындау, теориялық білімді ойын әдістерін қолдана отырып, игерту жолдарын ашып көрсету;

Зерттеудің дереккөздері 2- сыныптағы қазақ тілі оқулығы(2003, 2005), С.Рахметованың (1991), Г.Ж.Тұрдалиеваның (2007) бастауыш сыныптарда қазақ тілін оқытудың әдістемесі туралы жарық көрген оқу құралдары, «Бастауыш сынып», «Бастауышта оқыту» журналдары.

Зерттеудің әдісі салыстыру, баяндау, талдау-жинақтау әдістері қолданылды.

Зерттеу базасы орта жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып оқушыларымен жүргізілді.

Зерттеудің құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан және қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

 

 

І тарау. 2-сыныпта сөз мағынасын оқытудың психологиялық-педагогикалық негізі.

І. 1. 2-сыныпта сөз мағынасын оқытудың лингвистикалық негізі.

 

Тылсым табиғаттың адам баласына сыйлаған ең бір бағалы да құнды байлығы – тіл. Сондықтан ол халқымызбен бірге туып, біте қайнасып келе жатқан «мәңгілігінің мәңгілігі» (Ғ.Мүсірепов), ұлтымыздың төлқұжаты, рәміздік белгісі, мәдениетіміздің мәйегі, рухани әлеміміздің сарқылмас қазынасы. Тілдің осындай құдіретін терең түсініп, қадірлей білген халқымыз оны көшіп жүрсе де, батпаққа батырмай, шабындыға алдырмай таза күйінде ұрпағына жеткізді. Бабамыздан, данамыздан қалған нұрлы да сырлы тіліміздің бүгінде есесі қайтып, еңсесі көтерілді. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде өмірдің барлық саласында кең түрде, бар мүмкіншілігімен қолданылуы керектігі заң жүзінде бекітілді.

Тіл – қоғамдық құбылыс. Ол таным объектісі ретінде біздің еркімізден тыс өз заңдарымен өмір сүріп жатады. Тіпті өз тілінде сөйлеу үшін ешқандай ереженің де, грамматиканың да қажеті жоқ сияқты. Алайда, ойыңды жүйелі де, күрделі етіп жеткізу үшін тілдің ішкі заңдылықтарын: сөздердің бір-бірімен тіркесу мүмкіншіліктерін, сөйлем мүшелерінің орны мен тәртібін, фонетиканың заңдылықтарын, сөз бен ұғымның, сөз бен мағынаның ара қатынасын, әр сөздің стильдік реңкін, т.б. білу қажет. Осыған орай лингвист-мамандар тілдің табиғатына сүйене отырып, оның ішкі заңдылықтарын ашады, оны дәлелдеп ережеге айналдырады, қолданыстағы сипатын қадағалайды. Тіл заңдылығын айқындауда кумуляция ұстанымы басшылыққа алынады. Оның вертикальды және горизонтальды түрі бар екені белгілі. Біріншісінің негізінде ереже бұрын айтылған пікірлерге, зерттеулерге негізделеді. Ғалым бұл пікірлерді қолдауы да, қолдамауы да мүмкін, бірақ айтуға міндетті.

Кез-келген ғылым тіл арқылы өмір сүреді. Мысалы, философия – қоғамдық сананың формасы, ойлаудың жалпы заңдары жөнінде дүниеге біртұтас көзқарасты қалыптастыруға бағытталған ғылым жүйесі болғанымен, ол тіл арқылы қалыптасады, дамиды. Яғни, тіл - әр ғылымның өмір сүруінің, оны танып-білудің негізгі маңызды көзі, құралы болып табылады. Осыған орай, әр пәнге екі тұрғыдан қарау керек. Біріншісі – тілдік жағы, екіншісі – оқылатын объекті жағы [2, 40].

 Тіліміздегі сөздердің табиғатын  түсіну үшін оның дыбысталуы  мен мағынасын біліп алу керек. «Дыбысталу сөздің материалдық жағын құрайды. Екі жақ – дыбысталу мен мағына сөздің бір-бірінен бөлінбейтін бөлшектері. Осы екі жақтың бірлігі – сөздің өмір сүруінің және қызмет етуінің шарты» [3, 5].

Дыбыстардың тіркесуі (сөзге айналуы) белгілі бір зат не басқа құбылысты аңғартатын атауға айналады. Бірақ ол сөз (дыбыс тіркесуі) өзі белгілейтін заттың не белгілі қасиетіне қарай тіркесіп сөз құрайтын болса, дүние жүзіндегі түрлі тілдердегі сөз де бірдей болып шығар еді. Сондықтан сөз бен оның аңғартатын мағынасының арасында шартты, тарихи құбылыс қана болады. Ал сөз мағынасы ұғымға байланысты. Сөз жоқ жерде ұғым жоқ. Бірақ ұғым мен сөзді тең қарауға болмайды. өйткені, барлық сөз ұғымды аңғарта бермеуі мүмкін. Мен де сіздерге ілесіп кетпес пе екем? (Ғ.Мүсірепов) деген сөйлемде мен, сіздерге, ілесіп, кетпес сөздері белгілі бір ұғымды аңғартып тұр. Ал де, пе шылаулары мен екем көмекші етістіктің ондай ұғымы білінбейді. Осыдан барып сөздер лексикалық мағынасы бар сөздер (ұғымды аңғартатындары) және лексикалық мағынасы жоқ сөздер деп екіге бөлінеді. Лексикалық мағыналы сөздер лексикологияның зерттеу объектісіне жатады да, лексикалық мағынасы жоқ сөздер тек грамматикалық мағына беретіндіктен грамматика аясында қарастырылады.

Ұғым мен сөздің тең келе бермеуі сөз мағынасындағы экспрессивтік-эмоциялық бояулардан да байқалады. Ұғымда эмоциялық бояу жоқ, ал сөздің бойында жақсы көру, жек көру сияқты көзқарас кездесе береді. Мысалы, жоғал, құры сөздерінде жек көру сияқты эмоциялық реңк бар.

Немесе бір ұғымның бірнеше сөзбен (синонимдермен), керісінше бірнеше ұғымның бір сөзбен (омоним, көп мағыналылық), айтылуы да сөздің ұғыммен тепе-тең емес екенін білдіреді. Сондай-ақ бір ұғымның сөз тіркесімен берілуі де сөзден өзгешелігін байқатады. Мысалы: сары ала, қолқап, көз шырымын алу, төбе шашы тік тұрды т.б.

Олай болса, сөз өзі атайтын зат емес, ол (сөз) сол зат туралы ұғымның санадағы сәулесі. Сөз – жалпылаушы мағынаға ие. Мысалы, ағаш деген біртектес зат туралы жалпы ұғым аламыз. Ал, ағаштың түрі көп. Қазақ тілінде ағаштың тал, терек, қарағай, қара ағаш, алма, өрік, шабдалы т.б. түрлері бар. Немесе хайуан сөзін естісек те жалпы ұғым аламыз. Хайуанның қай түрі екенін тек жолбарыс, арыстан, қасқыр, аю, түлкі, сиыр, түйе, жылқы, қой, ешкі т.б. деген сөздер арқылы ғана ажыратамыз.

Сөздің өзіне ерекшелігін жақсы түсіну үшін оны тілдің басқа единицаларын – фонема, морфема, сөз тіркесі, сөйлемдерден өзгешелігін білу керек болады.

  1. Сөздің құрылымы жағынан фонемадан өзгешеленеді. Өйткені жеке фонемадан тұратын сөз а, е, о сияқты одағай сөздер болмаса көп кездеспейді.
  2. Сөз тіркестерінің құрамына басқа сөздің енуі мүмкін.

Ал сөздің құрамына басқа сөз кіре алмайды. Мысалы: сен келдің – сен ерте келдің. Менің кітабым – менің оқыған кітабым. Бұндай қасиеттің сөзде болмауы, оның қашанда құрылымдық жағынан тұтастығын аңғартады.

Қай сөз болмасын белгілі бір сөз табына қатысты болып келеді. Ал фонема, сөз тіркесі, сөйлемде ондай қасиеттің болуы мүмкін емес.

Осы белгілеріне қарап, сөздің мынадай анықтамасын жасауға болады.

«Сөз дегеніміз – белгілі мағынасы бар, құрылымы жағынан тұтас бір сөз табына тән болып келетін дыбыстар тіркесі», - деп атап көрсетеді Айтбай Айғабылұлы [4, 6].

Сөз туралы түсінікті жақсы аңғару үшін оның мағыналарын түсіну шарт. Қазақ тілі байлығына жататын барлық сөздер мағыналарын өзара жіктеп қарасақ, әуелі лексикалық мағына, грамматикалық мағына дегенге көңіл аудару керек. Тіліміздегі көптеген сөздер затты (су, жер, орман, мектеп, тау), заттың сапасын (жақсы, үлкен, жаман), қимыл әрекетті (бару, келу, жүру, оқтау, сену), мезгілді (ерте, кеш, кеше, бүгін) білдіреді. Ал осы сөздердің тағы бір ерекшелігі, олардың грамматикалық формасы, белгілері болады. Сонымен тіліміздегі сөздер заттар мен құбылысты (сапа, қимыл, т.б.) аңғартатын мағынасы мен грамматикалық форма, белгілеріне қарап сөз таптарына қарап жіктеледі.

Сондықтан сөздердің заттар мен құбылысты білдіретін мазмұны лексикалық мағына деп аталады да, грамматикалық формасының мазмұны грамматикалық мағына деп танылады.

Сөз нақтылы жағдайда бір лексикалық мағынаға ие болса, грамматикалық мағынасы бірнешеу болуы мүмкін. Мысалы, қалпақ сөзі адамның басқа киетін киімінің бір түрін білдірсе, ол лексикалық мағынасы. Ал, қалпақ сөзінің бір ғана киімді (затты) білдіруі (жеке форма), атау септігінде тұруы грамматикалық мағыналарын аңғартады.

Сөздің лексикалық мағынасы мен грамматикалық мағңыналы сөз қаншалықты түсінікті болғанымен ол грамматикалық форма арқылы байланысқа түспей сөйлем құралмайды, ой, пікірді білдіре алмайды. Ал, осы сөздерді айтатын деген ойымызға лайық грамматикалық формасына келтірсек, «көзің ауырса, қолыңды тый» деген фраза шығады. Мұның өзі лексикалық мағынаның грамматикалық мағынаға тәуелді екенін аңғартады.

Олай болса, сөздің лексикалық мағынасы мен грамматикалық мағынасы бірін-бірі толықтырып, сөздің қатынас құралы ретінде жұмсалуына негіз болады екен.

Қандай сөз болса да, ол мағынасымен есепке алынып, белгілі бір көдеге, қатынас құралы болуға жарайды. Бірақ сөздің барлығы мағына жағынан міндетін бірдей өтей бермейді. Мысалы, дербес лексикалық мағынасы бар зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, еліктеуіш сөздердің қызметі бірдей емес. Айталық, жер, аспан, дәу, қызыл, кел деген сөздерде лексикалық мағына белгілі ұғымға телініп, оны анық аңғартып тұрса, мен, сен, ол деген есімдіктер мен бес, он, жиырма деген сан есімдердің лексикалық мағынасы белгілі болғанмен ұғымды нақтылы көрсете алмайды. Есімдіктердің аңғартатын ұғымы мәтіннен аңғарылады. Мысалы, сен деген сөзден нақтылы кім екенін біле алмаймыз. Оның Асан не Сәрсен әлде Бейсен екені тексте белгілі болады. Ал, сан есімдер өзімен қатар тұрған заттық ұғыммен ғана нақтылы ұғым бере алады. Егер, он бес, елу, жетпіс десек, ол сандар ненің саны екені белгісіз. Он бес дәптер, елу студент, жетпіс мектеп дегенде ғана сан есім сөздердің мағынасы ашылады.

Сөздің лексикалық мағыналарын жақсы түсіну үшін академик В.Виноградов үлгісімен сөздің тура мағынасы мен фразеологиялық байлаулы мағынасын, синтаксистік шартты мағынасын білу қажет [4, 7].

Сөздің тура мағынасы деп тікелей шындыққа қатысты лексикалық мағынаны айтамыз.

Тура мағыналы сөз басқа сөздермен еркін байланыса береді. Бірақ шексіз емес. Мысалы, кітап үлкен, кіші, қалың, жұқа, қызық, ескі, жаңа болуы мүмкін, сондықтан үлкен кітап, кіші кітап, қалың кітап, жұқа кітап, қызық кітап, ескі кітап, жаңа кітап деп айта береміз. Алайда, қисық кітап, тура кітап, қомақай кітап деуге болмайды.

Тура мағыналы сөздердің басқа сөзбен еркін байланыса фразеологиялық оралыммен салыстырылып айтылған. Мысалы, ашық сөзі тура мағынасында ашық есік, ашық терезе, ашық кеуде болып бірнеше сөзбен тіркессе, ашық ауыз дегенде фразеологиялық мағынаға ие болып, сыр жасыра алмайтын мінезді аңғартады. Төкті деген сөз тура мағынасында су төкті, айран төкті деп айтыла берсе, тер төкті деген тұрақты тіркесте тер сөзімен ғана тіркесіп, еңбектенді, қиналды деген мағынаға ие болады. Көк сөзі тура мағынада заттың түсін білдіріп, көк шөп, көк кітап, көк есік, көк көз сияқты тіркестерде кездессе, көк тайғақ, көк тиын, көк желке деген фразеологиялық тіркестердің әрқайсысы жеке-жеке фразеологиялық байлаулы мағынада қолданылып тұр. Біріншісінде, - нағыз, жылтыр дегенді, екіншісінде – түк те, дәнеңе де, үшіншісінде – дәл, шүйде, қарақұс деген ұғымды аңғартады.

Синтаксистік шартты мағына. Сөздің қай мағынада қолданылып тұрғандығы тек сөйлем ішінде анық болады. Жеке тұрғанда кей сөз басқа ұғым берсе, сөйлемде қолданылуында, синтаксистік қызметіне қарай басқа мағынаға ие болуы мүмкін. Мысалы, осы баланың басы бар. Олар нағыз хайуан ғой. Оны адам деп жүрсек есек екен. Ол түлкілігін қоймай жүр деген сөйлемдерде бас сөзі ақыл, хайуан сөзі топас, адамгершілігі жоқ, есек сөзі милау, ақымақ, түлкі – қу деген мағынаны аңғартып тұр.

Сөз шеберлері сөзді синтаксистік шартты мағынада қолдану арқылы көркемдік бояуы мол да әсерлі, сезімге әсер ететін сөйлемді құрайды. Мысалы: Байлар біздің еңбегіміздің қаймағын жесе, біз әлі өз еңбегіміздің қаспағына да қолымыз жете алмай жүрміз. (Ғ.Мүсірепов) дегенде де қаймақ, қаспақ сөздері синтаксистік шартты мағынада қолданылып тұр. Бірақ бұл сөздер жалпы халық тілінде дәл осы мағынада қолданыла бермеуі мүмкін. Сондықтан да сөйлем ішінде сөздің мағыналық жақтан құбылып, әр түрлі мағынада жұмсалуы синтаксистік шартты мағына деп аталады.

Қазақ тілінде сөздің синтаксистік шартты мағынасы көбіне эмоцияға лайықталып айтылады. Мысалы: тарлан, сұңқар, лашын сияқты сөздер жағымды эмоцияны аңғартса, түлкі, жылан, есек сияқты сөздер жағымсыз эмоцияны білдіреді.

Тіліміздегі сөздер белгілі бір ұғым атауын білдірумен бірге ауыспалы мағынада қолданылу арқылы түрлі өзгеріске ұшырап көп мағыналы сөздер пайда болады. Тіпті ауыспалы мағынада қолданылған көп сөздің мағынасы жиі қолданылу арқылы негізгі мағынаға ауысып кетуі мүмкін. Мысалы, Отан сөзі бұрын үйді білдіретін, әркім өз өз үйін, ошақ басын отаны деп атайтын. Бұл сөз қазір жаңа мағынада қолданылып, ел, мемлекет дәрежесіндегі кең мағыналы сөзге айналып, бұрынғы мағынасы ұмытыла бастады.

Олай болса, тіліміздегі сөздердің баюы көп мағыналы сөздің жасалуына да байланысты екен.

Тіліміздегі көп мағыналы сөздер сөйлемде қолданылуына қарай жеке-жеке мағынаға ие болады.

Мысалы, аспанға қара, көйлегіңе қара, терезеге қара дегенде көзді бір нәрсеге бағыттау, көру ұғымын берсе, малға қара, балаға қара дегенде қамқорлық жасауды, ал артыңа қара, айналаңа қара дегенде, ойлан, сақ бол дегенді білдіреді.

Көп мағыналық ұзақ уақыт қолданылып, сол тілде сөйлеуші халықтың санасында қалыптасу арқылы пайда болады. Сондықтан да басқа тілден жаңадан енген сөздерде, неологизмдерде көпмағыналық болмайды.

Көп мағыналы сөздерді омонимдерден ажырата білу керек. Көп мағыналы сөздердің өзара ішкі байланысты (метафора, метанимия, синекдоха, қызмет ұқсастығы) анық байқалып тұрады, сондықтан олар қолданылуда тура мағынадан алшақ кете алмайды.

Мысалы, Құлаған қызыл әскер басын бір көтеріп алды да, қайта құлады. (Ғ.Мүсірепов). Басы аманның малы түгел (мақал). Шу өзенінің басы ала таудан басталады (оқулықтан). Жандос үйіне қос басынан кеш қайтты (С.Адамбеков).

Осы сөйлемдердегі бас сөзі әртүрлі мағынада қолданылған, бірінші сөйлемдегі «адамның дене мүшесі» екенін аңғартатын бас сөзіне байланысты мағынадан өрбіген.

Ал омомним сөздердің мұндай ішкі мағыналық байланысы сезілмейді.

Ауыл жақтан ақсаңдай басып орта жасты бір еркек келді (Б.Майлин). Бұл дәрі дене қызуын басады (Е.Оразақов) деген сөйлемдердегі бас сөзінің жоғарыда айтылған сөзбен қатысы жоқ.

 Олай болса көпмағыналы сөздер сырттай омонимдерге ұқсас болғанмен ішкі мағыналық байланысына қарай өзгеше болады. Сөз мағынасының көбею процесі тоқтаусыз болып жататын құбылыс. Себебі бұл құбылыс сол тілде сөйлейтін халықтың ойлау дәрежесінің дамуына байланысты нақтылықтан абстрактілікке, жалқылықтан жалпылыққа ауысу процестерімен байланысты.

Мысалы, Күн еңкейді, күн ыссы,

Ыстыққа қандай шараң бар.

Ыстықтан да ыссы жұмысы

Тоқтатар емес адамдар

                               (М.Мақатаев)

Осы үзіндідегі екі ыссы сөзі екі мағынада, біріншісі тура ыстық мағынасында, екіншісі – қауырт, асығыс, тоқтаусыз жүріп жатқан еңбек қимылын, еңбек етіп жатқан адамдардың бойындағы жалынды құлшынысты бір сөзге сыйғызу үшін автор сөз мағынасын ауыспалы мағынада әдейі алып отыр. Әрине бұл қоданыс автордың өз қаламына тән құбылыс. Бірақ осындай ізденіс, образды сөз жасау әрекеті бірте-бірте көпмағыналылықтың пайда болуына себепші болады. Сөз шеберлері сөзді ауыспалы мағынада қолданғанда оны қалай болса солай жасай алмайды. Қазақ тілінің өз заңдылығына сүйеніп отырып дамытады. Анықтап айтсақ, көп мағыналы сөздердің ішкі құрылысында белгілі бір байланыс болады, ол байланыс бір зат не құбылыстың атын іргелес зат не құбылысқа ауыстырып қолдану заңдылығына негізделеді. Сөздің көп мағынасы болуына себеп болатын мұндай қолданыс тәсілдерін сөздің ауыспалы мағынада қолдануы деп атайды. Төменде оған жеке-жеке тоқталамыз.

Метафора. Белгілі бір зат не құбылыс атауы басқа бір зат не құбылыстың түрі, тұлғасы, қимыл-әрекет ұқсастықтарына  қарай ауысып аталу тәсілін метафора деп атайды. Мысалы, иненің көзі, бұлақтың көзі, істің көзі, күн көзі дегендегі көз сөздері адам не жануардың көру мүшесі – көзге ұқсату арқылы аталған ауыспалы мағынадағы сөздер.

Метафоралық тәсіл арқылы пайда болған ауыс мағыналар барлығы дерлік жалпы халыққа түсінікті байырғы сөздерден жасалады. Мысалы, өткір пышақ - өткір сөз, өткір жігіт, өткір ой; құстың қанаты – қол қанат, әскердің қанаты, сол қанат; салқын су – салқын сөз, салқын жүз т.б.

Сондықтанда сөздің тура мағынасы сияқты ауыспалы мағынасы да жалпы халыққа түсінікті болып келеді. Бірақ метафора тәсілі арқылы жасалған ауыспалы мағыналар жалпы халыққа түсініктілігі мен қолдануы жағынан бірдей болып келе бермейді. Көркем әдебиеттегі метафоралар жалпы халық тіліндегі метафорадан бөлектеу болады. Көркем әдебиетте күнделікті қолданылып жүрген метафоралар әлдеқайда образды, әлі халыққа тарамаған күйде келеді. Мысалы мына үзінділерді алып көрелік

Оңашадан әлдилеп ойдың гүлін,

Тыныштыққа армансыз тойдым бүгін.

                                       (Қ.Мырзалиев)

Әлсін-әлі жүректі дір еткізіп,

Санада сағыныш ән балалайды.

                                     (М.Мақатаев)

«Асаркөл» жолына бұрыл дедіңіз, қона кетті көкірегіме. Шаяхмет құданың құдіретіне шек келтірген сөзге ергісі келмей сөздің бетін басқа жаққа аударды. (Ғ.Мүсірепов).

Осы келтірілген үзінділердегі гүлін (ойдың), тойдым (тыныштыққа), балалайды (ән) деген сөздер, біріншіден, образдылығымен ерекшеленіп тұр, екіншіден, жалпы халық ойдың гүлін, тыныштыққа тойдым, ән балалайды деп айтпайды. Ал қона (кетті көкірегіме) еру (сөзге), бетін (сөздің) аударды деген сөздер де метафора тәсілімен ауыспалы мағынаға ие болғанымен жоғарыдағы метафора сияқты образдылық жоқ және осылайша жалпы халық айта береді.

Олай болса, метафоралар өзара жіктеледі, соңғы мысалдағы метафоралар көркем әдебиетте метафора ретінде қаралмайды. Сондықтан бұндай ауыспалы мағыналы сөздерді қазақ тіл білімінде тілдік метафора деп аталады.

Көркем әдебиетте қолданылатын метафоралар образдылығымен қатар тұрақты метафора және индивидуалдық метафора деп екіге бөлінеді. Сонымен қазақ тіліндегі метафора арқылы ауыспалы мағына туғызу тәсілі үш түрге бөлінеді.

  1. Тілдік метафора. Тілдік метафора жалпы халық тілінде: сөйлеу, жазу, оның ішінде әдеби шығармаларда да кең қолданылады. Бірақ олар әдебиетте көркем образ, суреттеу құралы ретінде емес, стиль аралық түрінде қолданылады. Мысалы, таудың басы, өзеннің басы, қос басы, шөп басы, сөз басы, әскер басы; кітап беті, істің беті, судың беті, жердің беті т.б.
  2. Тұрақты метафора. Тұрақты метафоралар жалпы халық тілінде қолданылатын, бірақ суреттеу құралы ретінде образдылығымен ерекшеленетін ауыспалы мағыналы сөздер. Мысалы, сары алтын (бидай), қара алтын (көмір), ақ алтын (мақта), көгілдір экран (телевизор), жасыл алаң (футбол), барқыт түн, алтын күз, сөз маржаны, т.б.
  3. Индивидуальдық метафора. Бұл топқа сөз шеберлерінің метафора тәсілі арқылы қолданған көпшіліктің қолданысында жоқ метафоралар енеді.

Мысалы:

                Жақсылық жауып, Дүниені мынау  сел етсе,

               Жауыздықтардың, жамандықтардың барлығына,

               Көрге алып кетем керексе.

                                                       (М.Мақатаев).

Сыпайы тұспалмен бастап, шыншыл бір тың сөздермен мұң төкті. (М.Әуезов). «Асаркөл» жолына бұрылған соң, бос жатқан даланың Шаяхмет айтқан көріністері барлық жазғы бояуларымен көз алдына төселе кетті. (Ғ.Мүсірепов).

Бұл мысалдардағы жақсылық жауып, мұң төкті, көріністері, төселе кетті деген метафоралар ақын, жазушылардың жеке қолданысындағы стильдік өзгешелікті көрсететін суреттеу құралы болып қала береді. Бұндай индивидуальдық метафоралар лексикалық мағына беретін сөз ретінде қаралмайды, түсіндірме сөздікке енбейді. Тек жеке реңк пайда ететін құрал болып қала береді.

Метонимия. Қазақ тілінде сөз мағынасының ауысып қолданылу тәсілінің бірі метонимия деп аталады.

Метонимия іргелес екі заттың не құбылыстың бірінің атауы екіншісіне ауысып айтылуынан пайда болады. Мысалы: Жаз аяғында бір оқыс мінез көрсеткеннен бері қарағанды тыныш тұрып жатыр. (Ғ.Мүсірепов). Мен бұрын Толстойды аз оқыған едім. (М.Әуезов). Осы екі сөйлемде Қарағанды сөзі қарағнды халқы, Толстой – Толстойдың кітабы, шығармасы дегенді аңғартып тұр. Мұнда іргелес тұрған халық, кітап сөздерінің мағынасы қарағанды, Толстой сөздеріне ауысып, жаңа қолданыста айтылып тұр.

Қазақ тілінде метанимияның түрлері көп. Олардың жасалу жолдары мыналар. Қимыл-әрекет атауынан нәтиже атауына ауысу арқылы пайда болған сөз мағыналар бар. Мысалы: ою (қимыл атауы), ою (іс-әрекет нәтижесінде пайда болған зат). Бұл тәсілмен жасалған сөздерге жабу – жабу, соғыс – соғыс, ұрыс – ұрыс т.б. жатады. Бұл тәсілмен жасалған метонимияға ағаш жару – отын жару, шөп шабу – пішен шабу, деген қос тіркестердің екіншісін жатқызуға болады. Себебі ағаш шөп қимылға негіз объект болған болса, отын, пішен сөздері қимыл нәтижесін көрсететін сөздер.

2) Қимыл-әрекет атауы сол қимылдың  құралы болып та аталады. Егеу, сабау деген қимыл атаулары, сол істі орындауға қолданылатын құрал атына ауысады.

3) Заттың материалдық атауы, сол  материалдан жасалған бұйым атауына  ауысады. Мысалы: үкі (құс), үкі (сәндік бұйым), құндыз (аң), құндыз (теріден жасалған жаға, бөрік) т.б.

4) Ыдыс атаулары сол ыдысқа  салынған затқа ауысып айтылады. Мысалы: қазан піскенше бәрі көруге кетті (Ғ.Мұстафин). дегенде қазанның ішіндегі тамақ деген мағына туып тұр.

5) Мекеменің аты мекеменің үйі деген мағынаға ауысып қолданылады. Мектеп (оқу-тәрбие беретін орын), мектеп (сол мекеме тұратын, жұмыс істейтін ғимарат). Мектепте оқимын – мектеп салынып жатыр.

6) Мекеме, елді мекен атауы сол  мекемеге немесе елді мекенде тұратын халықты аңғартады. Заводта жұмыс істеймін – завод демонстрацияға шықты. Қала салдық – бүкіл қала қуанды.

Сонымен метонимия да метафора сияқты сөз байлығын оның икемділік, образдылық қасиетін арттыратын тәсіл болып есептелінеді.

Синекдоха. Сөз мағынасын ауыстырып қолдануда жиі кездесетін тағы бір тәсіл – синекдоха. Синекдоха деп бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны, немесе керісінше атау арқылы сөз мағынасының ауысуын айтады.

Мысалы: Бас екеу болмай, мал екеу болмайды (мақал) дегенде бас сөзі адамның дене мүшесі емес, адамның өзін аңғартып тұр. Бүтіннің орнына бөлшек қолданылған.

Алдар көсе, Шығайбай, Қожанасыр, Қарабай сияқты жеке адам аттары жалпы мағынаға ие болған. Бұл жалқының жалпыны білдіруі болып табылады. Синекдоха метонимиямен өте жақын. Сондықтан да кейбір ғалымдар бұл екі тәсілді бір нәрсе деп қараса, енді біреулері бөліп қарағанымен біріне қатысты мәселені екіншісіне жатқызып та жүр. Мысалы: қазіргі қарақалпақ тілінің маманы Е.Бердимұратов адамды үстіндегі киіммен атауды, Ә.Болғанбаев Қарабай, Шығайбай, Қырынбайларды жалпы мағынаға көшуін метонимияға жатқызған [4, 13].

Cинекдоха да көркем әдебиетте  жағымды да жағымсыз эмоция  туғызу үшін қолданылады.

    1. Жігіттік – керемет бір дара кез

Дара кезден түк шығармай барады ез.

Болу керек жасыл жайлау, ақ отау

Ақ отауда болу керек қара көз.

                                             (Қ.Мырзалиев)

2. Өзің болсаң, тым ағат  ойлағансың

Бақыт емес басыңа қайғы алғансың.

Жан едің ғой жаныңның талғамы бар

Қара мұртқа қалайша байланғансың?

                                            (М.Мақатаев)

Осы екі үзіндіде де ез, қара көз, жан, қара мұрт сөздер – синекдохалар. Ез сөзі заттың атауы емес, оның сапасының атауы.

Бірақ мәтінде заттың атауы, адам деген ұғымда образды алынып тұр. Қара көз – қыз, жар мағынасында, жан да, қара мұрт та эмоция туғызса, ез, қара мұрт керісінше жағымсыз сезім пайда етеді.

Қызмет бірлігі бойынша аталу. Сөздің ауыспалы мағынада қолдану тәсілінің тағы бір түрі қызмет бірлігі бойынша аталу. Бұл тәсіл метафора сияқты ұқсастық белгілеріне негізделген. Бірақ метафора түр, түс, көлем негізге алынса, мұнда заттар мен құбылыстардың атқаратын қызметінің ұқсастығы себеп болады.

Мысалы, жүру сөзі бұрын адам не жануарлардың аяғымен орнынан қозғағанын білдірген. Қазір қозғалу қызметінің ұқсастығына байланысты аяғы жоқ машинаға, поезға, жүзетін параходқа да айта береміз. Бірақ олардың қозғаушы тетігі тіпті аяққа ұқсамайды.

2-сыныпта сөз мағынасын оқыту әдістемесі