Дәнеш Рақышевтің шығармашылық мұрасы

 

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ....................................................................................................................4

1 ӘНШІ-САЗГЕР  ДӘНЕШ РАҚЫШЕВТІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ  МҰРАСЫНЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ......................................................9

1.1 Дәнеш  Рақышевтің шығармашылық мұрасының  қалыптасуына әлеуметтік жағдайлардың  ықпалы ............................................................... ...........................9

1.2 Дәнеш  Рақышевтің ғылыми-педагогикалық  қызметі  және шығармашылығы.............................................................................................30

2 ӘНШІ-САЗГЕР ДӘНЕШ РАҚЫШЕВТІҢ ОҚУШЫЛАРҒА БЕРЕТІН ТӘРБИЕЛІК МАҢЫЗЫН ОҚУ-ТӘРБИЕ ЖҰМЫСТАРЫНДА ҚОЛДАНУДЫҢ ЖОЛДАРЫ..............................................................................43

2.1 Дәнеш Рақышевтің шығармашылық мұрасын музыка сабағында қолданудың әдістемесі..........................................................................................43

2.2 Дәнеш Рақышевтің шығармашылық мұрасының музыка сабағында қолданудың іс-тәжірибесі ....................................................................................50

ҚОРЫТЫНДЫ ...................................................................................................60

 

ӘДЕБИЕТТЕР  ТІЗІМІ.........................................................................................61

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                            

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

КІРІСПЕ

 

Зерттеудің   көкейкестілігі. Қоғамның дамуына, ой-санаға, жалпы таным-түсінікке өзгеріс әкелген ел тәуелсіздігінің ақиқатқа айналып, тарихи орнығуы - өткендегі рухани мұрамыздың тұңғиығына қайта үңіліп, жаңа таным тұрғысынан зерделеуге зор мүмкіндік туғызды. Білім беруді қоғам мүддесіне сәйкес қайта құру, оқыту, тәрбиелеу мазмұнын жаңарту, әдебиет пен мәдениетті өркендету бағытында біршама іс-шаралар жүзеге асырылып, жас ұрпаққа жаңа оқу бағдарламалары мен оқулықтары, оқу-әдістемелік құралдары жасалып, мектеп бағдарламасына енгізілді. Мұның бәрі Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай: «Ойға алғанымызды орындау Қазақстанның шын мәнінде тарихи ауқымдағы аршынды самғау жасауына мүмкіндік берері сөзсіз»[1]. Осы міндеттерді шешуде ҚР Білім және ғылым министрі Ж.Қ.Түймебаев «орта білімнің мазмұнында тұлғаның құзыреттілігін қалыптастыруға баса мән берілгенін» айрықша атап өтеді [2]. Бұл міндеттер еліміздің мемлекеттік құжаттарында, Қазақстан Республикасының Конституциясында [3], Тіл туралы Заңында[4], Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында [5] т.б. атап көрсетілген. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында»: «...баланың бойында оқу қызметін меңгертуге қажетті жеке қасиеттерді тәрбиелеуге баса көңіл аудару керек»,- делінген [6].

Елбасы  Н.Ә.Назарбаев Ұлттық кеңестің мәжілісінде  жасаған баяндамасында (2003) «Мәдени  мұраларымызды жүйелеп, оларды қалпына  келтіру, сақтау, одан әрі дамыту ісіне  кең көлемде білек түре кірісетін  кез келді. Ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, бар мен жоғымызды түгендеп, жүйелеп, келер ұрпаққа аманат ету –  «Мәдени мұра» бағдарламасының  басты мақсаты болуға тиіс»,- деп, халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған  аса бай мәдени мұрасының келер  ұрпақты тәрбиелеудегі мүмкіндігінің  жоғары екендігіне ерекше назар аударған [7]. Қазақстан Республикасының 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасында: «Мәдени мұраны, соның ішінде қазіргі заманғы ұлттық мәдениетті, ауыз әдебиетін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын зерделеудің тұтас жүйесін құру» басты міндет ретінде айқындалуы халқымыздың мәдени қазынасына терең үңіліп, оны жаңа көзқарас тұрғысынан талдау қажеттілігін туындатады [8]. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу, білім беру үрдісінде олардың рухани жан дүниесін байыту бүгінгі өмір талабынан туындайды. Бұл туралы ұлы ойшыл Әл-Фараби «Тәрбиелеу дегеніміз – халықтың бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту» деген [9].

Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазақтар – ұлы  өркениеттің мұрагерлері, тарихи сан-сапамыз  құз-қияларына өзінің ұлттық «мен»  дегізерлік қасиеттерін алып шыға алады. Жай ғана алып шығып, жай ғана сақтай білген жоқ, сонымен қатар еселеп жаңғырта да білді» - дегені [10], қазақ халқының мол мәдени, рухани мұраларының, соның ішінде ұлт мәдениетінің бір бөлшегі болып табылатын Д.Рақышевтың музыкалық-педагогикалық мұрасының өміршең екендігін көрсетеді.

Бүгінгі таңда қазақ ойшылдары мен  ғалымдарының, ағартушыларының педагогикалық  мұрасы сан қырынан зерттелген: Қазан  төңкерісіне дейінгі Қазақстандағы  педагогиалық ой-пікірлердің тарихы (Қ.Б.Жарықбаев[11], С.Қ.Қалиев[12], К.Б.Бержанов[13], С.Мусин[14], Г.М.Храпченков[15], А.Г.Герасимова[16], А.Н.Ильясова[17], К.Ш.Шаймерденова[18], А.М.Құдиярова[19], Қ.Б.Сейталиев[20], Т.М.Әлсатов[21], К.К.Құнантаева[22]); Кеңес дәуіріндегі Қазақстандағы ой-пікірдің дамуы (М.Б.Мадин[23], М.Б.Көккөзова[24], К.Ж.Ибраева[25], К.К.Камалиева[26], Р.Н.Көшенова[27], Қ.Қ.Шалғынбаева[28], А.Б.Тұрсынова[29], І.Р.Халитова[30], А.З.Дайрабаева[31], В.Буланова[32], Т.Ә.Ахметов[33], К.Т.Ыбрайымжанова[34]).

Ұлт тұлғаларының педагогикалық мұралары жан-жақты  қарастырылып, зерттеу нысанасына айналуда: түркі халықтарының (Қ.Б.Жарықбаев[35], Ө.Әлеуов[36], С.Қ.Қалиев[37], Қ.Б.Бөлеев[38], Т.М.Әлсатов[39], А.Қ.Жұмабеков[40]); демократ-ағартушылардың (Ш.Әлжанұлы[41], Қ.Б.Жарықбаев[42], А.Көбесов[43], К.Құнантаева[44], Г.И.Түретаева[45], Ж.З.Зейнуллина[46]); ақын-жазушылардың (С.Садуақасова[47], Р.Көшенова[48], Қ.Қ.Шалғынбаева[49]); майдангер –жазушылардың (А.Табылдиев, А. Бейсебаева, Р. Джанабаева, с. Иманбаева, Е. Жұматаева); қазақ зиялыларының (М.Ж. Құрманбаева[50], Қ.Т.Ыбраимжанов[51], Т.Ә.Ахметов[52], Б.Қиясова[53], Р.Үсенбаева[54], А.Құдиярова[55], А.Тұрсынова[56], С.Баймұратова[57], Қ.Қ.Қоянбаева[58], М.Ж.Құлжабаева[59], С.Т.Сманова[60], А.Е.Садыкова[61], С.С.Жакибекова[62], Е.К.Нұрланбекова[63], А.К.Асаубаева[64], М.К.Буметова[65], Р.Мұратханова[66], М.Д.Есекешова[67] және т.б.). Оқу – тәрбие үрдісінде оқушыларға музыка арқылы адамгершілік – эстетикалық, патриоттық тәрбие беру мәселесі де  бірқатар ғалымдардың еңбектерінде (С. Ұзақбаева, Ш. Құлманова, Л.И. Алимова, Е.Қозыбаев, М. Оразалиева, Б. Өтемұратова және т.б.) зерттеледі. Бұл еңбектер кейінгі зерттеулерге негіз боларлық қазақстандық педагогиканың тарихын айтарлықтай байытты. Мамандар ғылыми ой-пікірдің тарихын зерттеуде халықтың есінде терең із қалдырып, рухани мәдениетінің бөлінбес қазынасына айналған адамдардың іс-әрекеті екеніне көз жеткізіп берді.

Зерттеуге алып отырған тақырыбымызға жақын  еңбектер - Ж.Төлебаеваның[68], Қ.Қ.Құламбаеваның[69], Б.Т.Махметованың[70], А.Т.Имашеваның[71] зерттеулері.

Осы қатарда артында елеулі музыкалық-педагогикалық мұра қалдырса да, өнердегі өмір жолы мен шығармашылығы әлі де зерттелмей келе жатқан әнші-сазгер, педагог – Дәнеш Рақышев есімін атауға болады.

Д.Рақышевтың музыкалық шығармашылығы ұлттық болмысты танытуда көркемдік нақышымен, музыкалық-педагогикалық мазмұнының тереңдігімен, қайталанбас әншілік  дәстүрімен құнды. Сондықтан да, әншінің  музыкалық шығармашылығының қайталанбас  әншілік, сазгерлік мәнері, педагогикалық, қызметі зерттеу жұмысының өзектілігін танытады. Бұл мәселе – зерттеудегі мақсатымыз.

Д.Рақышевтың шығармашылық мұрасынан айтарлықтай  педагогикалық идеялар жинақталған, алайда, олар өз деңгейінде анықталмағандықтан, жүйеленбегендіктен күні бүгінге дейін ұрпақ тәрбиесінде кәдеге аспай отыр. Бұл туралы белгілі ақын-жазушылар С.Бақбергенов, Б.Нұржекеев, О.Асқар, Е.Бейсенбек, қоғам қайраткері Қ.Сұлтанов және т.б. замандастары мен шәкірттерінің жекелеген мақалаларынан, Т.Исабектің «Әнші Дәнеш» деректі романынан, Қ.Толыбаев құрастырған «Әнші Дәнеш» естелік-жинағынан, Р.Қ.Дүйсембінованың «Қазақтың ән және әншілік өнері» әдістемелік нұсқауынан, Ә.Ысқабаев, К.Құсайын құрастырған «Дәнеш әндері» жинағынан және Д.Рақышевтың «Әншілікке тәрбиелеу баяны» әдістемелік нұсқауынан, «Мақтанышым – елім» әндер жинағынан, «Өнермен өзектес өмір» естелігінен, Р.Имәрованың «Өткеннің бәрі аяулы» күнделік-естелігінен табуға болады. Бірақ олар ғылыми тұрғыдан толық талданбаған және музыкалық-эстетикалық тәрбиенің дамуына қосқан үлесінің мәні жеткілікті ашылмаған.

Осы тұрғыдан алғанда Д.Рақышевтың шығармашылық мұрасын зерттеу жас ұрпақтың музыкалық-эстетикалық, адамгершілік тәрбиесіндегі мәнін пайымдауға мүмкіндік береді.

Демек, Д.Рақышевтың Қазақстанда қалыптастырған әншілік  мектебінің, әншілікке баулу әдістемесінің  педагогикалық негіздерінің ашылмауы, тәлімдік мұрасының мектептің оқу-тәрбие жұмысында пайдалану жолдарын қарастыратын бірден-бір зерттеу жұмысының  жоқтығы, ұстаздық тәлімгерлік идеяларына көңіл бөлмеу мәселенің негізгі  қарама-қайшылықтарын көрсетеді. Осының бәрін жинақтау зерттеу тақырыбын «Әнші-сазгер Дәнеш Рақышевтың шығармашылық мұрасы» деп таңдауымызға себепші болды.

Зерттеудің мақсаты: Д.Рақышевтың шығармашылық мұрасын зерттеп, жинақтау, жүйелеу және орта мектептердің оқу-тәрбие процесінде пайдалану жолдарын айқындау.

Зерттеу міндеттері:

1.Д.Рақышевтың  орындаушылық көзқарасының қалыпттасуына  ықпал еткен қоғамдық-әлеуметік  жағдайларды анықтау.

2.Д.Рақышевтың шығармашылық мұрасындағы жеке тұлғаның қалыптасуына музыкалық, эстетикалық, адамгершілікті әсер еткен адами-кісілік қасиетінің ерекшеліктерін анықтау.

3.Д.Рақышевтың  мұрасын педагогикалық талдау  негізінде  бір жүйеге келтіріп, тәрбиелік мәнін айқындау.

4. Д.Рақышевтың  әншілік мектебінде қалыптасқан  әдістемесінің бүгінгі музыкалық  педагогикамен сабақтастығын дәлеледеу.

5. Д. Рақышевтың шығармашылық мұрасын мектептегі оқу-тәрбие процесінде пайдалану жолдарын анықтау, ғылыми-әдістемелік ұсыныстар беру.

Зерттеу нысаны. Д.Рақышевтың шығармашылығындағы көзқарастары, педагогикалық іс-әрекеті.

Зерттеу мақсаты: Д.Рақышевтың шығармашылық мұрасын зерттеп, жинақтау, жүйелеу және орта мектептердің оқу-тәрбие процесінде пайдалану жолдарын айқындау.

Зерттеудің ғылыми болжамы: Егер, Д.Рақышевтың шығармашылық мұрасына педагогикалық талдау жасалынып, оның әншілік мектебінде қалыптасқан әдістеменің бүгінгі музыкалық білім беру педагогикасымен сабақтастығы дәлелденсе, мектеп практикасында пайдалану жолдары анықталса, онда өзінің тарихи тамырынан ой таразылай алатын шағырмашылықты тұлға тәрбиелеуге мүмкіндіктер туындайды, өйткені, Д.Рақышевтың музыкалық шығармашылығы оқушылардың музыкалық-эстетикалық, адамгершілік тәрбиесін тиімділікпен жүзеге асыруға игі ықпалын тигізеді.

Зерттеу міндеттері:

1.Д.Рақышевтың  орындаушылық көзқарасының қалыпттасуына  ықпал еткен қоғамдық-әлеуметік  жағдайларды анықтау.

2.Д. Рақышевтың  шығармашылық мұрасындағы жеке  тұлғаның қалыптасуына музыкалық,  эстетикалық, адамгершілікті әсер  еткен адами-кісілік қасиетінің  ерекшеліктерін анықтау.

3.Д.Рақышевтың  мұрасын педагогикалық талдау  негізінде  бір жүйеге келтіріп, тәрбиелік мәнін айқындау.

Зерттеудің жетекші идеясы: Д.Рақышевтың музыкалық шығармашылығы және педагогикалық мұрасы ұлт мәдениетінің құрамдас бөлігі, қайталанбас тарихи-педагогикалық құбылыс. Жас ұрпақтың музыкалық-эстетикалық, адамгершілік тәрбиесінде Д.Рақышевтың мұрасы игі ықпалын тигізеді.

Зерттеудің көздері: Д.Рақышевтың шығармашылық мұрасы; Д.Рақышев туралы жазылған деректі еңбектер мен мерзімді басылым материалдары; Алматы облыстық мұрағаттарындағы, мұражайлардағы материалдар; Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы (1999, 2007), «Мәдениет туралы» Заңы (1996), Мәдениет министрлігінің әр жылдардағы есептері, анықтамалары; мектептегі іс-тәжірибе жұмыстары.

 

Зерттеу әдістері: Зерттеу проблемасына байланысты Д.Рақышев жөнінде жарық көрген  еңбектерге және мерзімді басылымдарда жарияланған материалдарға, публицистикалық, мемуарлық әдебиеттерге, теориялық талдау; репертуарындағы әндерінің, төл әндерінің музыкалық-педагогикалық мазмұнын тарихи уақиғалардың контекстінде хронология бойынша талдау, мұрағат, мұражай материалдары, замандастарының естеліктеріне тарихи педагогикалық тұрғыдан талдау; интервью, анкета, әңгімелесу және  алынған нәтижелерді жинақтау, жүйелеу.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен  теориялық мәнділігі:

- Д.Рақышевтың  әнші-сазгер, педагог ретінде   қалыптасуына ықпал еткен қоғамдық-әлеуметтік  жағдайлар анықталды;

- Д.Рақышевтың  Қазақстанда музыкалық педагогика  саласында ерекеше маңызы бар  өзіндік әншілік мектебінде қалыптасқан  әдістемесінің бүгінгі музакылық  педагогикамен сабақтастығы дәлелденді.

- Д.Рақышевтың  мұрасы педагогикалық талдау  негізінде бір жүйеге келтіріліп, тәрбиелік мәні айқындалды.

Зерттеудің практикалық мәнділігі:

- Мектеп  оқушыларына арналған «Д.Рақышевтың  шығармашылық мұрасы» атты факультативтік  курс бағдарламасы және әдістмесі  жасалды.

- Сыныптан  тыс «Дәнеш тағылымы» атты  тәрбие жұмысының педагогикалық  үлгісі («Атамекен» тәрбие бағдарламасы  негізінде) дайындалды.

- Зерттеу  жұмысының нәтижелерін болашақ  музыка пәні мұғалімін даярлайтын  оқу орындарында «Музыка тарихы»,  «Дәстүрлі ән» пәндерінде, мұғалімдердің  білім жетілдіру институттарында  пайдалануға болады.

Зерттеу базасы: Эксперименттік жұмыс Талдықорған қаласындағы Д.Рақышев атындағы мектеп-интернатында,  Б.Жолбарысұлы атындағы №18, М.Жұмабаев атындағы №19 орта мектептерде өткізілді.

Диплом  жұмысының құрылымы: кіріспеден, екі  тараудан, қорытындыдан және әдебиеттер тізіменен тұрады.

Диссертацияның құрылымы: зерттеу жұмысы кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.

Кіріспеде зерттеудің көкейкестілігі, мақсаты, міндеттері, пәні, зерттеу нысаны, зерттеудің ғылыми болжамы, жетекші идеясы, зерттеу әдістері, көздері, ғылыми жаңалығы, практикалық маңыздылығы баяндалады. 

Зерттеудің  «Д.Рақышевтың шығармашылық мұрасының  жалпы сипаттамасы» атты бірінші бөлімінде әнші-сазгердің шығармашылық мұрасының қалыптасуына ықпал еткен факторлар қарастырылады.

Зерттеудің  «Дәнеш Рақышевтың оқушыларға беретін  тәрбиелік маңызын оқу-тәрбие жұмыстарында қолданудың жолдары» атты екінші бөлімде Дәнештің музыкалық мұрасы арқылы оқушыларға музыкалық-эстетикалық, адамгершілік тәрбие беруге бағытталған эксперимент жұмысының мақсаты, міндеттері мен жүзеге асыру принциптері, әдіс-тәсілдері, кезеңдері белгіленеді.

Қорытындыда Дәнеш Рақышевтың шығармашылық мұрасы нақты тұжырымдар мен дәлелді пікірлер, ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу нәтижесінде туындаған ұсыныстар беріледі.

 

 

 

 

 

 

І. ӘНШІ-САЗГЕР ДӘНЕШ РАҚЫШЕВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ МҰРАСЫНЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ

1.1 Дәнеш Рақышевтің шығармашылық мұрасының қалыптасуына әлеуметтік жағдайлардың ықпалы

 

      Қазақстан еліміздің егемендік алып, ұлттық тарихымызды шынайы зерттеуге жол ашылуы, оның бай мұрасын ұрпақ тәрбиесіне пайдалануға мүмкіндік туғызды. Ата-баба өнері дер кезінде зерттелінбей көптеген музыкалық мұралар келмеске кетті, ұлттық тәлімдік мұра халқымыздың теңдесі жоқ байлығы болып табылады. Шығармашылық өмірінде ұлттық өнерді меңгертуге бүткіл болмысын арнаған, бар ғұмырын өнер үшін сарп еткен Дәнеш Рақышевтың артында қалдырған музыкалық-педагогикалық мұрасы - М. Әуезов «Шертісің де, әнің де қандай келісті. Сен үлкен композиторсың! Әнің – нағыз қазақ әні», - деп бағалаған баға жетпес құнды мұра [72]. 

           Дәнеш Рақышевтың әнші-сазгер, ұстаз ретінде қалыптасуына ықпал еткен қоғамдық-әлеуметтік жағдайларды айқындау үшін оның өмірі мен шығармашылығы, балалық, шәкірттік, жігіттік, кемелдену шақтары және өмірінің соңғы кезеңдеріне байланысты басты уақиғалар қамтитын мерзіміне қарай жіктеліп, оның шығармашылық тұрғыда қалыптасуы мен тұлға ретінде қалыптасуы сараланды. (кесте 1).

          Дәнеш Рақышев туралы жарияланған еңбектер мен зерттеу материалдарына шолу жасау, оның әнші-сазгер, қоғам қайраткері, педагог ретінде аты әйгілі болғандығын және халқының аяулы ұлы, біртуар дарынды азаматы екендігін айғақтайды.

         Өкінішке орай, Дәнеш Рақышевтың өмір белестері мен шығармашылық іс-әрекетінің дамуы, музыкалық-педагогикалық мұрасы арнайы зерттеу объектісі ретінде қарастырылмай келеді. Әнші-сазгердің өмірі, қоғамдық-әлеуметтік қызметі көптеген мақалалар мен естеліктер жинақтарында, деректі романда, мұрағат деректері [73] негізінде ғана қарастырылған.

          Дәнеш Рақышевқа қатысты әдебиет саласы, музыкатану, музыкалық педагогикасы жөніндегі алғашқы ғылыми пікірлер ХХ ғасырдың 90-ыншы жылдарының соңғы кезеңдерінен бастап жарық көре бастады. Аға буын әдебиетшілеріміз С.Бақбергенов («Сұқсыр» [74], «Әнімен әлдилеген туған елін» [75]), Б.Нұржекеев («Әнмен өрілген сезім» [76]), Қ.Сұлтанов, Б.Нұржекеев («Жезтаңдай әнші» [77]), Қ.Сұлтанов («Дәнеш ағамен алғашқы кездесу» [78]) О.Асқар («Дарынды Дәкең» [79]), Е.Бейсембек («Балжан-ай» [80]), өнертанушы И.Жақанов («Аспандағы аққуға ән жалғаған» [81], «Қапастағы тоты» [82]), музыкалық білім беру педагогикасы саласынан ғалым-ұстаздар  Р.Қ.Дүйсембінова («Өнеріне тәрбиесі сай әнші еді [83]», «Жастарды музыкалық мұра арқылы тәрбиелеу - ізгілендіру негізі [84] », «Дәнеш Рақышев мұрасы-тәрбие арқауы» [85]), Ж.Мырқаев («Қас тұлпардың дүбіріне ілестік» [86], «Ақиық әнші» [87]), Ж.Ш.Таубалдиева, Р.М.Рысбекова («Жетісу сазгерлерінің шығармалары арқылы оқушылардың атамекенге сүйіспеншілігін қалыптастыру» [88]), Д.Р.Пірінбекова («Ән өнеріндегі асыл бейне» [89]), С.Т.Шыныбаев («Әншілік өнерге баулудағы ұстаздық өнеге» [90]), Н.Жанпейісов («Әншілік әлеміндегі дара тұлға» [91]), А.Қармысов («Өнер жолымды өрнектеген аға» [92]), М.Мұқаманов («Аспандағы аққуға әнін қосқан» [93])  өз еңбектерінде өскен ортасы, өмірі мен музыкалық-шығармашылық жолы туралы қысқаша қарастырған.

           Әншінің қазақ өнерінің дамуына қосқан үлесін Т. Исабектің «Әнші Дәнеш» атты деректі романынан қарастыруға болады. Бұл еңбекке қазақтың әйгілі әншісі әрі сазгері Дәнеш Рақышевтың өмірі мен шығармашылығы арқау болған. Роман авторы кейіпкерімен жастайынан аралас-құралас болып, қатар өскен адам, сондықтан да шығарма оқиғасы оқырманын шынайылығымен тәнті етеді. Деректі роман біртұтас желіде жазылып, «Жастық шақ белестері» және «Туған ел құшағында» деген екі бөлімнен тұрады. Оның мазмұны Дәнеш Рақышевтың музыка саласымен бірге музыкалық білім беру педагогикасы саласында да өшпес із қалдырғанын көрсетеді [94].

           Дәнеш Рақышевтың музыка педагогикасы саласына қосқан үлесі 2001 жылы «Жалын» баспасынан шыққан Қ.Толыбаевтың «Әнші Дәнеш» атты естеліктер жинағында да көрініс тапқан. Жинақ Қазақстан Республикасының Халық әртісі, халық әндерін орындаудың асқан шебері, майталман әнші, өзіндік мәнері зор сазгер Дәнеш Рақышевтың атының аңызға айналғандығын паш етіп, оған деген халқының шексіз сүйіспеншілігін, оның игі қасиеттері мен кісілік сипаттарын елге танытуды көздейді [95].

          Соңғы жылдары әншінің 70 жылдық, 75 жылдық, 80 жылдық мерей- тойлары облыс, республика көлемінде атап өтілуі де кездейсоқтық емес. Сондықтан да Қазақстанның мәдениетінің, музыка, педагогика тарихының дамуына ерекше атсалысып, сол өнер жолында талай қиыншылықтарға ұшыраса да, өмірінің соңына дейін адал қызмет еткен ірі тұлғаның  шығармашылықты іс-әрекеті жас ұрпақтардың ой-санасында берік орын алуын жөн санап, ерекше баға берген бірқатар мақалалар, естеліктер жарық көрді (Ә.Ысқабай, Ж.Нұрғожаев, М.Нұрсейіт, К.Рақыш, Т.Кәрім, С.Керімбеков, Е.Манапұлы және т.б.). Осындай басқосуларда Жетісу жерінен шыққан ел ағалары Қ.Сұлтанов, К.Ақылбаев,әр жылдардағы Алматы облысының  басшылары З.Нұрқаділов, С.Мұқанов С.Үмбетов, және т.б. өз кезегінде әнші туралы, оның мәдениетке қосқан сүбелі үлесі туралы өз ойларын ортаға салып, ұлағатты сөздер айтты.

          Дәнеш Рақышевтың өмір жолы, музыкалық-педагогикалық мұрасы - тәлімі мол жол. Оның тұлға ретінде қалыптасуына бірнеше бастау бұлағы болған факторлар ықпалын тигізді: өскен ортасы (отбасы, туыс-туғандары, жолдастары); тәлімдік жүйе (қазақ халқының музыка өнерің қазынасы, ұстаздары); қоғамдық, мәдени-әлеуметтік іс-әрекеті; әдебиет, өнер, ғылым саласындағы замандастары; өз бетімен білім іздеу, тәлім-тәрбие алу, шығармашылықты дамуға талпынысы.

         Дәнеш Рақышевтың біртуар дарынды тұлға болып қалыптасуының іргетасы, ең алдымен, отбасында қаланды.

         Ұлттық дәстүрді көзімен көріп, көңіліне түйіп қаймағы бұзылмаған дәстүр-салтты, адамгершіліктің бастауы мен өнер атаулыны пір тұту, оның халық өміріндегі нарқын салмақтай білу осы алтын бесік отбасында басталған болатын. Оның табиғатынан мейірімді, еңбекқор, биязы, парасатты, ұлтжандылық қасиеті ана сүтімен дарыды деуге болады.

         Дәнешке ат қоюдың тарихы да отбасында бала тәрбиесіндегі халықтық дәстүр-салтты берік ұсталғандығын көрсетеді. Ол шыр етіп дүниеге келгенде, ауыл жиналып, қалжаға мал сойылып, балаға ат қою жайы сөз болады.. Ең алдымен ауыл ағасы Баясылға қолқа салынады. Ол: «Рақыш артымнан ерген ерке інім. Менің жалғыз баламның аты - Әбиқожа. Енді оның артынан еретін інісі Әбимолда болсын»,- деп азан шақырылып, сол есім үш дүркін сәбидің құлағына айқайлап айтылады да, бата жасалады, кейін бес жасқа келгенде нағашы жұртынан бір ағайын ақыл айтады: «Балаң молда бола қоймас. Болса «молда» лақабы өзі-ақ қосылады». «Жақсы лепес - жарым ырыс» деген сөз бар. Ең берісі, нағашы ағасы секілді сыпайы, жұртқа қызметін көрсететін пысық жігіт болсын...» Сөйтіп оның аты «Данияр» болып өзгерді. Қазақ халқындағы әдет-ғұрып бойынша анасы Тәжіхан оны еркелетіп «Дәнеш» деп жанама ат берді. Осылайша Дәнеш есімі халық санасынан берік орын алады  [95,-51б.].

         Дәнеш - Байтүгей, Тоғарыстан дейтін екі іргелі ата тараған Суан елінің перзенті. Байтүгейден – Сатай, Елшібек, Құдайберді, Алдияр, Молақ балалары болып, Өсек суының күншығыс беті Жаркент жағын жайлайды. Тоғарыстан әулеті – Мырзагелді, Солтанғұл, Ақша, Әбсүгір, Қошқар, Қараменде, Қарабек, Бөлек секілді аталар сол судың батыс саласында. Дәнеш – Мырзагелдіге жатады. Мырзагелдінің – Тауасары. Тауасардан – Құлжабай, Таңат, Қуанышбай, Сатыбай боп төрт ата өсіп - өнген. Соның Құлжабайынан – Қанай. Қанайдан – Рақыш. Рақыштан – Дәнеш.

          Мырзагелді - өнерлі, сауықшыл ел. Көсемі  де, шешені де, батыры да, бағыланы  да, ақыны да, әншісі де бар.  Дуылдасқан сергек тұқым. «Мырзагелдіден  бата ал, Ақшадан ат ал» дейді  қария сөздері. Бар суанға ықтасын,  айбар, береке болған Әтіке,  Құлжабай, Нұржеке батырларын өз  ұрпағы ұмытқан жоқ.

          Дәнештің балалық шағы, жастық кезеңі Іле өңіріндегі Құлжа қаласының маңында өтті. Өнерпаздары өріс таба алмаған бұл аймақта талай тарландар құмығып, құлап жол алмай тұрған-ды. Алайда балаға әке сүйеніш қой Малшы Рақыш өзінің өнер қуған жалғыз ұлының тізгініп тежемеді. Ел ішін еркінше аралап, өнер жолына біржола түсуіне бөгет болмай, қолынан келгенін жасады. Ол кісінің өзі де ән мен күйге әуес еді. Баласының талантын танып, талабын жебеді. Әкесінің осындай қамқорлығы туралы әнші естелігінде былайша толғанады: «Әкем өнеріме, әніме тұсау салмай бос жіберді. «Көрсетпеген өнер зая кетеді» дейтін әке сөзі маған ерекше қанат бітіретін. Он үш жасымда қаракер құнанды баптап міндіріп, сыбызғы, сырнаймен ән салдырған сол өнер құдіреті шығар. Бұл әкенің де үлкен қамқорлығы, әнді қастерлеуі деп түсінемін». Рақыштың өзі де қара жаяу болмаған. Бір той-жиында: - Осы сені жұрт өлеңші деп жүр ғой, ал кәне, қойды қалай қырғызып алғаныңды өлеңмен айтшы,- дейді сынағандай жиналғандар. Сонда Рақыш біраз ойланып:

Қой жайдым, Омардай сай бауырына,

Қойымның  құзғын қонды сауырына.

Ол қойды  қасқыр құрғыр жемес еді-ау,

Отырып  қаппын, Еренше ауылында.

 

О, қасқыр! Өзі жүйрік, түсі суық,

Қойымды жарып кетті жетіп бұйрық.

Пышағы  жоқ, асатын – қазаны жоқ,

Тимейді екен жүрегіне шикі құйрық, - деген көрінеді. Осындай өнерінің арқасында ел ішінде Рақыш туралы жақсы сөз жайыла бастайды. Бір тойда жұрт Тамаша деген өлең сөзге жүйрік әйелді Рақышпен айтысуға көндіреді. Екі ақын бірін-бірі сөзбен біраз түйрейді. Тамаша Рақышты  ұры суан деп сөзбен қағытады. Рақыш  оның бедеулігін бетіне басқанда, Тамаша бұл сөзге шыдай алмай, орнынан  тұрып кетеді [94,-6 б.]. Міне, айтыс өнері деген қандай қатал. Әділін айтатын ақынын жұрт та қастерлеп, құрметтей білген. Осындай өнерге құмар Рақышты кедейлік көп тежеген. Кедейлігіне қарамастан ауыл-аймағын әнге бөлеп, айтысқа түскен, ән салған, домбыра тартқан. Байлауға жетсе де, күрмеуге келмейтін қысқа жіптей, әнді өнер ете алмай, күн көрістің қамымен өткен.

         Дәнештің өмірінде өз анасы Тәжіхан бір таңғажайып елес. Ел-жұрт, көз көрген жандар: «О, шіркін, Тәжіхан!» десіп, оның айтыстарын, әншілігін ауыздарының суы құрып отырып айтатын. Айтыскер Тәжіхан үнемі от басының берекесін сақтаушы болды. Бірде мал соңында салпақтап жүрген Рақышын сергіткісі келіп:

                                 Тезек теріп келемін етегіме,

                                 Қара тазым жүрмейді жетегіме.

                                Емдемесем болмайды көже ашытып,

                                 Қарамай кетіп едің жөтеліңе,-дейді.

Рақыш кідірместен:

                                Жүрмесе де қу тазы жетегіңе,

                                 Тезек теріп келесің етегіңе,

                                 Сен ашытқан сол көже дәрі болсын,

                                 Әлдибек ағаңның да жөтеліне, – деп жауап береді [95,-77б.].

          Анасы бұл дүниеден өткен соң, әкесі Ақманар сұлуға үйленген. Ол кісі Дәнешті өгейсітпей, өз анасындай болып, бауырына басады.

          Ата - анасының өнерпаз болуы жас әншінің ән, әншілік өнерге деген сүйіспеншілігін, талғампаздығын, эстетикалық көзқарасын қалыптастырып,  сол арқылы дүниетанымының дамуына ықпалын тигізді. Айтыскер ақын әкесінің қамқорлығы арқасында заманындағы әйгілі әншілермен, жыршылармен, күйшілермен танысты. Олардың асқан шеберлікпен орындауындағы халықтың өткені мен болмысын танып білуге мүмкіндік алады. «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан, сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан»,- деп ұлы Абай айтқандай, өмірде азамат ретінде қалыптасып, өз орнын таба білді.

          Дәнеш мұрасын іздегенде, оның төңірегін табиғи байланыста, жалғастықта алып қараған жөн. Өйткені, өнерпаздың мектебін ашу - оның шығармашылық лабораториясын, өрісін ашу деген сөз. Ендеше, Дәнештің әншілігін, сазгерлігін, ұстаздығын лаулаған өнер, жыр ортасынан, әншілік төңірегін жас қыранды баулап, қияға ұшырған сол ортадан іздеуіміз керек.

Шынында да, алаулап тұрған таланттың талабын ұштайтын мектептің болмауы мүмкін емес еді. Дәнеш өзінің түлеп келе жатқан әншілігі мен сазгерлігіне қажетті нәрді асқан өнерпаз, өңшең жақсының өнегесінен, халықтың байтақ қазынасынан алған.

         Дәнеш Қытайдағы қазақ өңірінің Жарсу, Қаратас мектептерінде оқып, есейген жылдары суаннан шыққан Әбіләкім молда, Төрехан ақын, Жалайырдың Күләй ақынынан, әнші-домбырашы Әпірейім молдадан, Байбазар мұғалімнен үлгі-өнеге алып, өнерінің нәрінен сусындаған. «Мектеп директоры Наймантай Нұрахмет деген кісі домбырамен ән салып, қиссалар айтушы еді»,- деп үлкен құрмет сезімімен еске алады әнші [96]. Сөйтіп мектеп қабырғасында жүрген күндерінде талай әнші, күйшілермен танысып, олардағы өнер атаулыға деген сүйіспеншілігі дарып, талап-талғамына арқау болғандығын байқаймыз. Сол жылдары мектептегі көркемөнерпаздардың белді мүшесі болған Дәнеш, спектакль қоюға да қатысады. «Әкімбек болыс» деген пьесада бай қызының рөлін нанымды орындап шығады (ол кезде қазақ қыздарына бұндай ойынға қатысуға тиым салынатын).

         Дәнеш Рақышевтың мәдениет, білім берудің тарихи сахнасынан әнші, сазгер, белсенді қоғам азаматы ретінде көрінуіне тікелей ықпал еткен оның рухани ұстаздары Мәмет, Қадрихан, Қайыпбек болды. Балауса жігіт шағынан олардың қасына еріп, өзіне ұстаз тұтып, әншілік-ақындық өнер үйренуі оның әншілік бағытын айқындай түсті. Ол әншілік өнердің қыр-сырымен танысып, тәлім-тәрбие ала жүріп, өнердің мән-мағынасы жайлы өз бетімен ой түюге, өнерді, мәдениетті, туған халқының салт-дәстүрін құрмет тұтуға үйренді. Мұндай шығармашылықты, ән құшағына оранған атмосфера оған өлшеусіз әсерін тигізді.

         Дәнештің бағына қарай, оған ақын-әнші Мәмет Бабасов ұстаздық етеді. Мәметтің диапазоны кең, сазды әуеннің саңлағы болғандығына оның Дәнешке үйреткен «Әй, Бөпем», «Каракөз», «Қоңыр қаз» әндері айқын мысал бола алады. Бұл әндерді орындауға кез келген әншінің дауысы жете бермейді. Ол үшін кең тынысты, «демі зор әнші болады» деп халық тектен-тек айтпағанындай, үлкен әншілік шеберлік және ол шеберлік халықтың қалаулысы болуы үшін эстетикалық талғампаздық талап етіледі. Мәметтің әні, әншілік шеберлігі Дәнешті таң қалдырып, әншілік өнерге деген үлкен қызығушылығын тудырды.

         Ән өнеріне біржола ынта қойып, қолына алғашында сырнай, кейін келе домбыра ұстаған Дәнеш он бес жасында әнші-күйші, өнерпаздар ортасына етене араласты. Бұл тұста ер көңілді, жомарт жүректі, ақ жарқын, ашық мінезді, той-думанның сәні Мәмет әншінің ықпалы айырықша болды. Еңгезердей балуан тұлғалы Мәмет көбіне жиын топ ортасында жыр-дастандар айтатын. Халықтың және бұрынғы өткен әншілердің талай-талай әсем әндерінің балдай тамылжыған әуенін бәз қалпында көкейінде сақтап, өзінің қоңыраудай күмбірлеген қоңыржай даусымен мамырлата төгілтетін, ешбір қоспасыз, бабымен балбырата айтқанда тыңдаушыларды үйіріп алатын. Асылы, әнді сүйсініп айта білу де өнердің көзі сияқты. Өйткені, екінің бірі барылдап ән салуы мүмкін. Ал шынайы ықыласпен, қырын-сырын ұғына орындалған ән тыңдаушыларын да елең еткізіп, жетелеп әкетеді. Дәнеш, ең алдымен, әнді, содан кейін әнді орындаушыны аялап, қадір-қасиетін танып білуіне, оған шынайы құрмет көрсетуде Мәмет ақыннан әліппе оқығандай үйреніп, үлгі өнеге алған. Күн шапағатындай жайма шуақ, теңіз толқынындай ширақ, лепті, еркелігі мол, назы басым «Қоңыр қаз», «Жан ерке», үміт пен арманға толы, жүректі баурап, сезімді тербейтін «Қаракөз», «Алма бел» әндері Мәмет ақынның ұзақ жылдар бойы өз кеудесінде сақтап жүріп, ақырында інісіндей болып бауырында өскен өзі өмірінің соңғы күндеріне дейін ағалық ниетпен сыйлап, қадірлеп келген өнерпаз бауыры Дәнеш әншіге беріп кеткен мұрасы іспетті. Айтушысы табылмаған ән де жетімсірейді, елеусіз қалып ұмытылады. Ал Дәнеш сақтаған халықтың бұл қасиетті мұрасы саф алтындай таза күйінде сәуледей құбылған мөлдірлігімен халық өнерінің алтын қорына қосылды.

Дәнеш Рақышевтің шығармашылық мұрасы