Туристік кәсіпорын қызметтін ұйымдастыру



КІРІСПЕ

 

Қазақстан Республикасының индустриялық - инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясында, шикізат бағытынан  қол үзуге ықпал ететін экономика  салаларын әртараптандыру жолымен  елдің тұрақты дамуына қол  жеткізу және  сервистік-технологиялық бағыт бойынша даму керектігі жөнінде айтылған. Осындай салалардың бірі – туризм.

Туризм - әлемдік экономиканың маңызды, тез қарқынды дамып келе жатқан салаларының  бірі болғандықтан, туризм саласын  зерттеу, оның өзекті мәселелерін анықтау  және шешу жолдарын іздестіріп, ұсынысты ортаға салудың маңызы зор. Болашағы бар ел болуды ойласақ, тек мұнаймен ғана алысқа бара алмайтындығымызды түсінген жөн. Себебі, мұнай көп көңіл бөлген сайын азаяды, ал туризм керісінше берері еселене түседі. Бұл жөнінде «Қазақстан Республикасында туризмді дамытудың 2007-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» Қазақстан Республикасының теңдесі жоқ табиғи және мәдени әлеуетіне негізделген қазіргі заманғы туристік индустрия туризмнің, туристік қызмет көрсетулердің халықаралық сауда жүйесіне оралымды кірігуінің табиғи жүйе жасаушы факторы, неғұрлым серпінді дамушы және өзінің капитал сыйымдылығына қарамастан, салынған капиталға қайтарымы жөніннен тиімді салалардың бірі болып табылатындығы жөнінде айтылған.

Сондықтан да, осы дипломдық жұмыста «XXI ғасыр көрнісі» атанып отырған туризм саласының алғышарттары қалыптаса бастаған ерте заманнан бастап, қазіргі күнге дейінгі даму тарихы мен экономикалық көрсеткіштері талданып, ұсыныстар енгізіледі.

Бұл дипломдық жұмыстың мақсаты – туристік кәсіпорын қызметін ұйымдастыру жолдарын талдай отырып, саланың экономикалық тиімділігін ашып көрсету және болашақта дамытудың жолдары мен мүмкіндіктеріне баға беру.

Жоғарыдағы мақсаттарға қол  жеткізу үшін төмендегі міндеттерге  қол жеткізу қажет. Олардың ішінде ерекше мыналарды бөліп қарастыруға болады:

  1. туризм түсінігінің мәні мен қалыптасуы және даму тарихы;
  2. туристік индустрияның салаларын талдау;
  3. туристік кәсіпорын қызметін ұйымдасытру;
  4. саланың қазіргі даму көрсеткіштері;
  5. Қазақстан аймақтары бойынша қаржылық –экономикалық талдау;
  6. туризмді мемлекеттік реттеу жүйесін қарастыру ;
  7. белгілі бір аймақ бойынша туризмді дамытуға ұсыныстар енгізу және тағы басқалар.

Зерттеу объектісі – Орталық Қазақстан туризм нарығының қазіргі жай-күйі және оған қатысатын туристік қызметті ұсынушылар мен тұтынушыларды, жеке өз алдарына бөлек зерттеу.

Жиналған  мәліметтер нәтижесінде анықталған мәселелердің шешу жолдарын ұсыну. Туризм нарығын дамытуға мемлекет тарапынан  қабылданып жатқан жобаларды атай отырып, оны одан әрі жетілдіру жолдарын қарастыру.

  Дипломдық жұмысты орындаудың теориялық және әдістемелік негізі болып Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің заңнамалық базалары және мемлекеттік бағдарламалар, оқулықтар, оқу құралдары, мерзімді басылымдар, интернет ақпараттары, зерттеу жұмысының нәтижелері табылады.

Дипломдық жұмыс 3 тараудан, кіріспеден, қорытындыдан, қолданылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

 

 

 

 

 

 

 

1 ТУРИЗМ КАТЕГОРИЯСЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ – ТЕОРИЯЛЫҚ    НЕГІЗДЕРІ

 

1.1 Туризм  түсінігінің қалыптасуы мен туристік саланың дамуы

 

"Туризм" және "турист" деген  терминдер әдебиет беттерінде XVII ғасырдың соңында пайда болды, XIX-XX ғасырларда кең қолданыла  бастады. Біршама зеттеушілердің айтуы бойынша, "туризм" сөзі латынның "TOURUARE" - айналу және француздың "TOURISME", "TOUR" - яғни серуен, сапарға шығу деген мағына білдіретін сөздерінен шыққан. Солай бола тұрса да, ең алғаш бұл сөз XVIII ғасырда Британ аралында осы елге келетін англия жастарының саяхатын анықтау үшін қолданылды. Франция, Англия, Германия жастарының оқуларын толықтыру үшін жіберіліп тұрды. Саяхатты "grand tour" десе, саяхатшыларды туристер деп атаған.

Берлиннің туризмді зерттеу институтының журналында "Arhiv fur Fremdenverkehr" (1930-1931 ж.ж) атты мақаланың  алғы сөзінде ресми түрде ғылыми әдебиетте "туризм" деген түсінік XX ғасырдың 30-жылдарында пайда болды.[ 1 ] Туризм деген өте кең түсінік, әдебиеттерде оған берілген әртүрлі анықтамаларды кезіктіруге болады. Мысалы, В.Унцикер туризм деп тек табыс табуға арналмаған, тұрақты жерден тыс жердегі барлық саяхат пен қысқа мерзімдік сапардағы құбылыс пен қатынастың жиынтығын атады. Кейбір авторлар "әртүрлі мақсаттағы спорттық жарыстарды да" туризмге  жатқызды. КСРО-да бірінші болып 1952 жылы В.В Добкович: "Туристік саяхат деп каникул және ұзақ уақытты демалыс кезеңдерінде біздің еліміздің әртүрлі аудандарында болып, сол елдің халықтарының өмірімен және мәдениетімен танысу, табиғи байлықтарымен, тарихи, әскери ескерткіштерімен танысуды айтамыз",- деп туризмге қазіргі уақытқа лайықты анықтама берген болатын.

Туризмге  қысқа да, сәтті анықтаманы Үлкен  Кеңестік Энциклопедия берді:

"туризм - бос уакыттағы адамның белсенді  саяхаты, сапары, жорық жасап демалуы". XX ғасырдың 30-жылдары поляк географы С.Лещинский туризм туралы түсінікті толықтап, "туристік-сауықтыру қозғалысына байланысты теориялық, шаруашылық, географиялық, статистикалық, құқықтық, мәдени және әлеуметтік сұрақтардың жиындысы", - деп анықтама берді.

Туризм  географиясы облысына еңбегін сіңіріп, атағы шыққан В.С.Преображенскийдің  айтуынша, "туризм" термині арқылы мынадай негізгі түсініктер беріледі:

- демография мен халық географиясы  және әділет ғылымы оқитын  халық қозғаласының ерекше түрі;

- экономика саласы, экономика мен  экономикалық географиямен айналысатын  халықтың әлеуметтік- мәдени қажеттілігін  өтейтін салалардың біреуі;

- социология мен рекриациялық  география айналысатын тұрақты  жерден бос уақытты өткізудің  түрі.

Қазіргі туризм анықтамасы екі топқа біріктірілуі мүмкін - жұмыстық және концептуалдық. Біріншісінің экономикалық, құқықтық және басқа да туризмнің аспектілеріне қатысы бар. Екіншісі, концептуалды немесе мәнін көрсететін анықтама, пәнді бүтіндей қамтиды, туризмнің ішкі сырын ашады.

Тарихи  даму процесінде "туризм" және "турист" деген түсінікке біраз өзгерістер енгізілді. Қазіргі халықаралық туризмде "тур" сөзі алдын-ала жоспарланған маршыруты, мерзімі, көрсететін қызметтер тізбегі бар туристік саяхат деген мағынаны білдіреді. Практикалық жағынан туризмнен гөрі турист деген түсінік анықтамасы жағынан анығырақ болғанын қажет етеді. Ең алғашқы "турист " деген анықтаманы Ұлттар Лигасының статистика жөніндегі сұрыптау Комитеті берді (1937 ж). Ол халықаралық түсінікке ие болды және аз түзетулермен біздерге де жетті. Соңғы жылдары "турист" ұғымының анықтамалары ресми халықаралық туристік ұйымдар одағының  жиындарында (Дублин, 1950ж; Лондон, 1957 ж), БҰҰ-ның халықаралық туризм және саяхаттар туралы конференциясында (Рим, 1963 ж), туризм туралы парламент аралық конференцияның конгресінде (Гаага, 1989 ж) талқыланды. Бұл оның теориялық және практикалық жағынан маңызының зор екендігін және оған берілетін анықтаманың толық та  дәлірек болуы керектігін көрсетеді.

Ағылшын тілінің вэбстерлік сөздігі tourist сөзіне "өз ләззаты үшін және мәдени ой-өрісін жоғарлату үшін саяхаттайтын адам", - деген түсініктеме берді.

Қазіргі шақта халықаралық тәжірибеде кең  қолданылып жүрген анықтама 1963 жылы Рим  конференциясында енгізілген және  Дүниежүзілік  Туристік Ұйым (ДТҰ) қолдаған келесі анықтама: "Туристер - бұлар өзінің тұрақты елі емес, ақша табатын іс- әрекеттермен айналыспайтын, басқа бір елге қандай да болмасын бір мақсатпен келуші адамдар". Бұл анықтама мыналарды қамтиды:

- туристер немесе келушілер  деп, осы елде кемінде 24 сағат  болатын адамдарды атайды және  олардың саяхат жасау мақсаттарын  мынандай топтарға бөлуге болады: а) бос уақыттарын көңіл көтеруге, каникулға, оқуға, спорт немесе діни қажылыққа пайдалану; б) жұмыс бабымен, отбасы ісімен немесе конференцияға келушілер.

- экскурсанттар немесе уақытша  келушілер, елде 24 сағаттан аз  болатындар (теңіз рейсіне қатысушыларды қосқанда).

Ал, Қазақстан  Республикасының 2001 жылғы 13-маусымдағы "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" заңында төмендегідей анықтамалар берілген:

"Туризм - жеке тұлғалардың ұзақтығы жиырма  төрт сағаттан бір жылға дейін,  не жиырма төрт сағаттан аз, бірақ уақытша болған елде (жерде) ақы төлейтін қызметпен байланысты емес мақсатта түнеп өтетін саяхаты".

"Турист - жиырма төрт сағаттан бір жылға дейінгі мерзім кезеңінде уақытша болатын елді (жерді) аралап көретін және ақылы қызметпен айналаспай сол елде сауықтыру, танымдық, кәсіби-іскерлік, спорттық, діни және өзге де мақсаттарда кемінде бір рет түнеп шығатын жеке тұлға".

Жалпы туристік терминдер мен түсініктердің  дәл мағынасын анықтаумен әртүрлі  ұйымдар, олардың ішінде Ұлттар Лигасы, БҰҰ, ДТҰ және экономикалық даму мен әріптестік ұйымы айналысады.

Қорыта  айтқанда, туризм адамның саяхаттауға, демалуға, экскурсияға шығуға және т.б деген қажеттіліктері мен  мүдделерін қанағаттандыруға бағдарланған. Сонымен, адамдардың бос уақытының  кезеңдік және обьективті шегін кеңейту, оны мазмұнды және пайдалы демалыспен толықтыру, жалпы ой-өрісті дамытуда туризмнің басты мақсатын көреміз. Саяхаттың көптеген ғасырлық тарихы, географиялық ашулар, жаңа аудандарды өндірістік игеру, әлемдік шаруашылық байланыстың кеңейуі нәтижесінде көптеген ғылыми әдебиеттер, күнделіктер, есеп берулер жиналды. Олар адамның мәдениет, техника және ғылымның әртүрлі салаларында білімінің толығып, шыңдалуына негіз болды.

Б.э.д II ғасырдың өзінде адамдар жоғары қарқындылықпен алыс жерлерге саяхаттай бастады. Олар тек қана іскерлік немесе тауар алмастыру мақсатында ғана емес, сонымен қатар қазір "туризм" аталып жүрген мақсатта да сапарға шыққан. Көптеген адамдарда жаңа жерді көру, сол елдің халқының өмірі, салт-дәстүрімен танысуға деген қажеттілік, қызығушылық пайда болды. Әлемнің ешқандай мемлекетінің, тіпті Ежелгі Грецияның ғалымдарының өзі "туристік қозғалыстың" дәл қай уақытта пайда болғанын дөп басып айта алмайды. Тарих бізге ең алғаш өз мекенін тастап, жаңа қалалар мен елдерді іздеп шыққан алғашқы саяхатшының да атын қалдырмады. Бірақ, антикалық дәуірдің өзінде адамдарды олардың географиялық көршілері қызықтыра бастағанын сенімді түрде айтуға болады. Сондықтан да, ең бірінші саяхаттар жөнінде ақпараттар да антикалық кезеңде кездеседі. Осының барлығы саяхаттың ерекше түрі - туризмнің пайда болуына әсер етті. Сонымен, туризмнің өзіндік ерекше даму тарихы бар. Енді соған тоқталсақ:

Туризм  тарихы дегеніміз - саяхаттардың (жорықтардың, экскурсиялардың) ең қарапайым түрінен бастап, күрделі түрлерін қоса және көне заманнан қазіргі заманға дейінгі жүріп өткен жолын зерттейтін ғылым.

Туризм  қоғамдық, шаруашылық және кеңістіктік  құбылыс ретінде ежелгі замандарға терең тамыр жайған мол дәстүрге ие. Туристік әдебиеттерде  туризмнің  дамуын кезеңдерге бөлу жайында көптеп айтылады, әсіресе В.Унцикер мен Дж. Мариотти секілді ғалымдардың ортақ еңбегінде. Бұл еңбекте К.Пшеславскийдің (1973ж) бөлген кезеңдері келтірілген:

1) XVIII ғасырдың соңына дейінгі туризм

а) ежелгі туризм

б) орта ғасырлар мен қайта өрлеу дәуірі кезеңіндегі туризм

в) XVII және XVIIIғасырлардағы туризм

2) XIX - XX ғасырлардағы - II Дүниежүзілік соғысқа  дейінгі туризм

3) Қазіргі  заманғы туризм

Дегенмен, туризмнің даму тарихын кезеңдерге бөлу жөнінде әртүрлі пікірлер бар. Солардың ішінде ең көп тарағаны туризмнің даму тарихын 4 ірі кезеңдерге бөлу. Олар:

− Көне заманнан XIX ғасырдың басына дейінгі  кезең немесе "туризм тарихының алды" деп атайды;

− XIX ғасырдан XX ғасырдың басыны дейінгі "элитарлық  туризм " кезеңі;

− XX ғасырдың басынынан  II Дүниежүзілік соғыстың басталуына дейінгі кезең (бұл әлеуметтік туризмнің қалыптаса бастауы);

− II Дүниежүзілік соғыстан қазіргі  заманға дейінгі кезең немесе "жаппай туризм" кезеңі. Енді, осы кезеңдердің әрқайсысындағы туризмнің ерекшеліктеріне қысқаша тоқталып өтсек:

1-кезең - "Туризм тарихының алды"

Ежелден Жерорта теңізінің халықтарында кез-келген көрші мемлекеттер жөнінде  деректер беретін географиялық карта, суреттемелері болған. Адамзаттың Антикалық  даму кезеңінде сахаттауының негізгі  мотивтері болып: білім алу, емделу, сауда-саттық және діни мақсаттар болған. Көрші мемлекеттермен сауда-айырбас қатынасын реттеу үшін адамдарға сол елдер жөнінде (салт-дәстүр, т.б) дәл және сенімді ақпараттар қажет болды. Сондықтан да, арнайы адамдар сол елдерге барып, қажетті мәліметтерді жинай бастады. Бұл кезеңде өздерінің кемелерімен ашық теңізге финикиліктер де сапарға аттанған. Олар сауда  жасау  мақсатында Жерорта теңізінен асып, Европа мен Африканың батыс жағалауларына дейін барған. Ал, ежелгі грек ғалымдары Пифий (б.э.д IV ғ) мен Геродоттың (б.э.д V ғ.) сапарға шығу себептері мүлдем өзгеше болған, олардың мақсаты жаңа жерлерді зерттеу, игеру болатын. Тарихтағы алғашқы географиялық еңбектер осы ғалымдардың есімімен байланысты болды. Ежелгі Грецияда алғашқы  спорттық мақсаттағы саяхаттар пайда болды. Олимпиадалық ойындарға тек қана Эллададан ғана емес бүкіл Жерорта теңізі бассейнінен көрермендер жиналатын болған. Осы кезеңге шет елден келген қонақтарға арналған алғашқы қонақ үй типтес үлкен үйлердің салынуын жатқызуға болады. Жаңа дәуірдің басында бүкіл географиялық ашуларлар жөнінде мәліметтер Страбон мен Клавдий Птоломейдің еңбектерінде жарық көрді. Ежелгі Рим ақсүйектерінің балалары білім алу үшін міндетті түрде Грецияға аттанған. Бұл "оқу-білім туризмінің" дамуына әсер етті. Ал, Римнің гүлденген шағында Грецияға көңіл көтеру, ойын-сауық үшін саяхаттады (оған грек театрларын тамашалауды айтуға болады). Римдіктер әсіресе емдік қасиеті бар минералды бұлақ көздерінде сауыққанды ұнатты (емдік  туризм). Мұның барлығы "ежелгі" туристер үшін уақытша тұрғын үй мәселесін туындатты, бұл өз кезігінде туристік инфрақұрылымының дамуына алғышарт болды. Б.д.д  I-II ғасырларда Рим Империясында мемлекет қаржыландыратын "керуен сарайлар" пайда бола бастады. Олардың бір-бірінен ара-қашықтығы бір күн жылқымен жүргендегіге тең болған. Мұндай "керуен сарайлар" тек қана ірі қалаларда ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік шенеуніктер, қызметкерлер қатынайтын жол магистральдарында, тіпті Галлия (қазіргі Францияның территориясы) мен Кіші Азияға апаратын курьерлерлік жолдар бойында да орналасқан. Осы кезеңде, дәлірек айтсақ VII-XI ғасырлардағы араб саяхатшыларын атап өтпеске болмайды. Әсіресе, Басрылық көпес Сүлеймен  Қытай, Үндістан және  басқа да көптеген елдерге саяхат жасап, адамдардың қоршаған әлем жайында ақпаратының молаюына септігін тигізді.

Саяхаттың дамуындағы тағы да бір маңызды фактор ол - діни мотив (қажылық туризмі). Мыңдаған дінге сенушілер мұсылман және христиан әулиелеріне саяхаттаған. Осы кезде  христиандармен Шығысқа ұйымдастырылған Крест Жорығын атап өтуге болады. Оған тек әскери адамдар ғана емес, сонымен қатар баю мақсатын көздеген көпестер мен шіркеу қызметкерлері және көптеген кедей шаруалар аттанды.

Кейіннен  Ағартушылық және Қайта Өрлеу  кезеңдерінде діни мотивтер әлсіреп, орнына әртүрлі мақсаттағы жекеленген саяхаттар көбейді (білім алу, емделу, көңіл көтеру). Ақсүйектердің балалары, жас дворяндар жиі Европа елдеріне өзіндік "гранд-турлар" ұйымдастырып саяхаттады. Біреулері танымдық мақсатта болса, екіншілері ойын-сауық пен қызық іздеді. Мысалы, Англияда мұндай саяхат маршруты Лондоннан басталып Парижде ұзақ тоқтап, одан Италиға: Генуя, Милан, Флоренция, Рим қалаларында саяхаттаған. Ал, қайтар жол Швейцария, Германия, Нидерланды елдері арқылы өткен.

XV ғасыр  - XVII ғасырдың екінші жартысында Ұлы географиялық ашуларға алғышарттар қалыптаса бастады. Карта бетінде "қара дақтар", дәлірек айтқанда ашылмаған географиялық жерлер саны азайды. Құрлықтар мен елдердің, мұхит, теңіздердің толық суреттемесін А.Никитин, Марко Поло, Васко де Гамма, Христофор Колумб т.б  саяхатшылар жазып қалдырды.

2-кезең – «Элитарлық туризм» кезеңі

Бұл кезеңде туристік қозғалыстың интинсивтілігіне септігін тигізген транспорт саласындағы  техникалық прогресс болатын: 1807 жылы Фултон параходты, 1814 жылы Стефенс паравозды ойлап тапты, пошта жүйесі жетілдендіріліп, ол Европадағы жолдар жүйесінің кеңейуімен қатар жүрді. 1830 жылы Англияда алғашқы автобус пайда болды, ол тек бірнеше жолаушыны тасуға ғана арналды. Ол кезде оны омнибус деп атады және олар бу двигательмен жүрді. Мұның барлығы саяхаттың қауіпсіздігін жоғарылатып, жолға жұмсалатын уақыт пен шығынды төмендетті. Жаппай жераударылғандардың Америкаға бет алуы теңіз хабарларын дамытты, ал XIX ғасырда ірі параход компаниялары пайда бола бастады.

Ғылыми Техникалық Прогресс және еңбекшілердің әлеуметтік күресі, сонымен қатар батыс европалық халықтың жағдайының жақсаруы жұмыс уақытының қысқарып, басында ақысыз, содан соң ақы төленетін демалыстың енгізілуіне септігін тигізді. Ең алғаш Германияда 1873 жылы мемлекеттік қызметкерлерге арналған демылыс жөнінде заң қабылданды.

Осының  барлығы уақытша келген қонақтарға қызмет көрсететін ұйымдардың пайда  болуына алып келді. Қарапайым пансионаттардың, керуен сарайлардың, "қонақ бөлмелердің " орнына алғашқы қонақ үйлер  келді. 1812 жылы  орталық Швейцарияда "РИКИ-КЛЕСТЕЛИ", 1832 жылы Фаульхорн каласында  отельдер салына бастады. 1801 жылы Германияның Баден-баден қаласында жоғары класстық "Бадише Хоф", ал 1856 жылы Швейцарияның  Интерлакен қаласында  "гранд-отель Швайцерхофт" қонақ үйлері салынды.

Швейцариялық  туризм зерттеушісі профессор К.Каспар өз еңбегінде былай атап көрсеткен: "туризмнің бұл даму кезеңінде  бірінші кезекте қоғамның аристократ өкілеріне, "жаңа дворяндарға", "бас офицерлерге" арналып жоғары дәрежелі, тамаша қонақ үйлер салынды". Бірақ, ол кездегі сервисті қазіргі күнгімен салыстыруға мүлдем келмейді. Оны сол заманнан біздің күнге дейін сақталған ескі хабарландырулар дәлелдейді. Мысалы, Австриядағы альпілік отельден сол кездердің хабарландыруы табылды, онда былай делінген: "Туристерден өтініш: американдықтардан - түнгі екіден кейін оралмауын, шведтіктерден - танғы алтыдан ерте тұрмауын, итальяндықтардан - кешкі оннан кейін жай сөйлеулерін сұранамыз! Ұлыбритания туристеріне қонақ үйге иттермен кіруге тыйым салынатынын ескертеміз!".

Ал, Канаданың  Квебек провинциясының қонақ үйінде 1882 жылы қожайынмен жазылған ереже  бүгінгі күге дейін ілініп тұр: "Төсекке  жатар алдында  міндетті түрде  аяқкиімдеріңізді шешіп жатуларыңызды  өтінеміз және барлық қонақтарды танғы алтыдан ерте тұруларын сұраймыз! Себебі, төсек жапқыш таңғы асқа дастархан ретінде керек!" Мүмкін қонақ үйдің қазіргі қожайыны "бұл сөздерді оқыған қонақтар, қазіргі күннің сервисін жақсы бағалайтын болады" деген ойда болса керек.

Осы кезде Германияда алғашқы минералды сулардың курорты ашылды, дәлірек айтқанда: Хайлигендаммен, Нордерн, Травемюн қалаларында.

Жыл мезгіліне байланысты элита өкілдері француз немесе итальян Ривьерасында, болмаса Швейцария мен Германияның  термалды курорттарында демалды, не Солтүстік Африка, Египет, Грецияға ұзақ саяхатқа шықты.

XIX ғасырдың  екінші жартысында туризм индустриясы  өз аясын кеңейтіп алғашқы  туризм бюролары пайда болды,  олардың мақсаты туристерге қызмет  көрсету және саяхатты ұйымдастырып  беру. Осы кезде "пэкидж-тур"түсінігі пайда болды.Алғашқы "пэкидж-турды" яғни, кешенді туристік қызметтерді бір бағада сатуды баптистік қозғалыс миссионері, Лайцестердің ұстасы Т.Кук ұйымдастырған болатын. Ол 1841 жылы Мидлян темір жол қоғамымен бөлек поезда Лейстерден Лоногобургке дейін және кері қайтуға билетті  шегеріммен  алу туралы келісімге отырады. Саяхатқа ол жергілікті бағдарламаларды және жарнаманы қосты. Қызметтер кешені келесілерден тұрды: поездбен 20 мильдік саяхат, купеде жеңіл түстік және үрлемелі оркестр. Жалпы саяхатқа 570 адам қатысты, ол әрбір адамнан 1 шилингтен алды.

Атап  кететін жай, Т.Кук бұл саяхаттарды  ұйымдастырғанда табыс табуды емес әлеуметтік мақсатты көздеген. Т.Кук  шет елге бірінші саяхатты 1855 жылы Париждегі бүкіл әлемдік көрмеге  ұйымдастырды. Ал, 1856 жылдан бастап мұндай саяхаттарды европа елдеріне жиі ұйымдастыратын болды. Оның қызметінің табысты болғандығы соншалықты, кейіннен ол " Т. Кук және Ұлы " атты турбюро ашады. Бұл турфирма қазірге дейін жұмыс істейді.

Бүгінгі күннің туристік фирмалары Т. Кук  енгізген жаңалықтары қазіргі күнге дейін қолданылады. 1.1 суретте Т.Куктың енгізген жаңалықтары көрсетілген.

1862 жылдан  бастап оқырманға туристік саяхаттың  мәнін түсіндіретін каталогтар шыға бастады. Осының барлығы туризмге сұраныстың ұлғайғандығын көрсетеді. Германияда "Райзебюро Штанген" атты алғашқы турфирма 1863 жылы Бреслау қаласында ашылды. Ол көбіне белсенді түрде теңіз саяхаттарын ұйымдастырды. Ол қызметтер көпшілікке қолжетімсіз болғанына қарамастан, өте үлкен сұранысқа ие болды. Тек, XX ғасырдан бастап орта тап өкілдеріне де саяхаттауға мүмкіндік туды.

3-кезең  - Әлеуметтік туризмнің қалыптаса  бастауы

Туризм  өзінің ІІ-ші кезеңі "Өрлеу дәуірінде" көптеген жетістіктерге қол жеткізген болатын, дегенмен 3-кезеңде бірнеше себептерге байланысты әлемнің көптеген елдерінде, туризм және де экономиканың барлық салаларында "тоқырау кезеңі" басталды. Ол ХХғ 30-шы жылдарындағы экономикалық депрессия және екі Дүниежүзілік соғысқа байланысты болды, осының барлығы туризмнің дамуын 30 жылға жуық "тоқтатып" тастады. Бірақ, дәл осы кезеңде "жаппай  туризмнің" алғышарттары қалыптасты. Ел ішіндегі және шет елге туристік саяхаттар мазмұны өзгере бастады. Туристердің саяхаттау мақсаты ойын-сауық, көңіл көтеру ғана емес, енді танымдық мақсаттарға ауысты. Маршрутар көбіне тарихи орындарға, мәдениет ескерткіштері орналасқан жерлерге  жасалатын болды. Халықаралық туристік қозғалыстың көп бөлігі Европа елдеріне тиесілі болды.

Ал, Германияда жаппай туризмнің дамуыны серпіліс берген ұлттық- социализм болатын. Ел басшылары "халық" бірлігі идеясын жүзеге асыра отырып, демалу мақсатында жапай ұйымдастырылған туризмнің дамуына серпін берді. Бұл қызметті арнайы ұлттық-социализм ұйымы "Қуаныш арқылы күш" (kraft durch Freude) басқарды. 1933 жылы ағартушылық және (пропаганда) министірлігіне қарасты империялық туризм комитеті құрылды.

 

Сурет 1.1 Т.Кук енгізген жаңалықтар

 

Бұл саланың  жалпы идеологиясын А.Гитлердің  өзі жасады: "Мен жұмысшыларға бос уақыттың және жеткілікті дәрежеде демалуға барлық жағдайдың ұйымдастырылғанын қалаймын. Себебі, менің халқымның жүйке жүйесінің мықты болғанын ойлаймын, тек сондай халықпен ғана Үлкен Саясат жүргізуге болады!" Тарих Гитлердің "үлкен саясатына" кінә тақты, бірақ бұл жерде назар аударатын жайт, нацистік тәртіп жұмыскерлердің  жаппай демалысын ұйымдастыруға көп көңіл бөле отырып, туризмге халықтың жаңа тап өкілдерін тартып, оның әлеуметтік деңгейін кеңейтті. Германия үкіметі топтық демалыстың - круиздер, темір жол турлары, туристік жорықтардың ұйымдастырылуыны қатысты. Ыңғайлы баға Германиядағы бірінші "Туристік жарылыстың (бумның)" болуына әсер етті (сурет 1.2).

4 -кезең - "Жаппай  туризм" кезеңі         

    Жоғарыда айтылғандай, Дүниежүзілік соғыстар туризмнің дамуын біраз уақытқа тоқтатып тастады. Тек соғыстан кейін ғана өз дамуын әрі қарай жалғастырды. Дәл осы кезден бастап, туризм жаппай сипатқа ие болады: ол көптеген жоғары индустриялды дамыған мемлекет халықтары үшін қажеттілікке айналды.

1950 -1960 жылдары Батыс  европалық елдерде туристік фирмалардың  белсенді түрде дамыған және әртүрлі көңіл көтеру мен қонақ үй, мотельдердің жаппай салына бастаған кезі.

 

Сурет 1.2 Германиядағы "Туристік жарылыс (бум )"

 

 


 

 

 

 

 

 

 

 

Айта  кетер жай, XX-ғасырдың 50-ші жылдарындағы Европалық туризм көбіне американдық  туристерді қабылдауға бағдарланды, себебі олар қабылдаушы мемлекеттерге доллар-валюта ағымының құйылу көзі болатын. Ал, XX-ғасырдың 60-шы жылдары мен 70-шы жылдарының ортасы кіру, сондай-ақ шығу туризмінің экстенсивті өсуімен және туристік ұйымдардың көбеюімен ерекшеленеді. XX-ғасырдың 80-ші жылдары туризмінің өсу темпі тоқтағанмен, турфирмалар өндіріс көлемін жоғары дәрежеде ұстап тұрды. Тіпті, осы кезде туристердің түнеу ұзақтығы 1,9 есеге ұлғаяды, егер 60-шы жылдары ГФР-де бүкіл халықтың 27% ғана туристік саяхатқа қатысса, 1980 жылы олардың сана - 57,7 %  құраса, 1987 жылы 64,4% жетеді.

II Дүниежүзілік  соғыстан кейін туризм нарығында  сұраныс пен ұсыныс түбегейлі  өзгеріске ұшырады, жаппай конвейірлік  туризм  диференцияланған түрге  көшті. Екі жағдайда да жаппай  туризм жөнінде айтылып отыр, демек оған тек элита өкілдері ғана емес, орта тап та қатысады, демек XX-ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап табысы төмен халық өкілдері де қатыса бастайды.

Конвейрлік  туризм  дегеніміз - туристер қажеттілігі  мен мотивациясының біртектілігі, демек  ұсынылатын қызметтер де тұлғасыз-конвейрлік сипатта болады. Ал, дифференцияланған туризмнің өзгешелігі - туристер қажеттілігі мен мотивациясының әртүрлігі, туристік сұраныстағы тар маманданған сегменттердің көптігі мен ұсынылатын қызметтердің түрлілігі және туристік ұсыныстың анық мамандануы. Бұл туризм түрі үшін ең бастысы кең емес, терең ассортименттер қызметі маңызды. Басқаша айтқанда, турфирмалар тур өнімнің көп түрін емес, тек бірнеше түрін ғана ұсынады, бірақ олардың әр қайсысының көптеген нұсқалары болады. Жаппай конвейрлік туризмнен дифференцияланған туризмге көшу, өндірушілер нарығынан тұтынушылар нарығына өтумен бірдей жүрді. Енді, туризмнің Қазақстанда даму тарихына тоқталсақ:

Ұлы Жiбек жолы бойында орналасқандықтан Қазақстан аумағындағы қалалар  мен табиғаты ғажайып қорықты жерлер ежелден саяхат және туризм нысандары болып табылған. Қазақстандағы алғашқы туристiк ұйымдар XX ғасырдың 20 — 30-жылдары пайда болды. 1929 жылы Алматы қаласында тұңғыш туристiк жорық ұйымдастырылды. Оған Г.И. Белоглазов пен Ф.Л. Савин басқарған 17 мектеп мұғалiмдерi қатысты. Жорық Алматы төңiрегiнен басталып Есiк көлінде (62 км) аяқталды. 1930 жылы Алматы өлкетану мұражайы жанында Пролетарлық туризм және экскурсия қоғамының өлкелiк бөлiмшесi жұмыс iстей бастады. Оның алғашқы төрағасы болып В.Г. Горбунов сайланды. Осы жылы Алматы қалалық телеграф пен пошта қызметкерлерiнен (16 адам) құралған топ (Ф.Л. Савин басқарған) Медеу — Көкжайлау — Үлкен Алматы көлі жағалауына дейiн барды. Туризмнiң бұл түрiне В.Зимин, А.Бергрин, Д.Литвинов, Х.Рахимов, Г.Белоглазов, тағы басқалар көп үлес қосты. 1931 жылы қаңтарда Алматыдан Зиминнiң бастауымен алғаш рет шаңғышылар жорығы ұйымдастырылды. “Еңбек және қорғаныс” эстафетасын алған бұл жорыққа қатысқан 8 шаңғышыға ұлттық атты әскер полкiнiң сегiз шабандозы қосылды. Олар Алматыдан шығып, Ұзынағаштан өтiп Қордай асуы арқылы эстафетаны Қырғызия командасына табыс еттi. Сол жылы Алматыдағы Жетiсу губерниясындағы мұражайдың жанынан Бүкiлодақтық пролетарлық туризм мен экскурсия ерiктi қоғамының 10 мүшесi бар алғашқы ұясы ұйымдастырылды. Ол кейiннен Қазақстан өлкелiк кеңесiне айналды. Әуесқой туристердiң бастауымен Алатау қойнауындағы Күйгенсай (Горельник) шатқалында туристер үшiн шағын үй салынды. 1936 жылы бұл жерде республикадағы ең алғашқы 50 кiсiлiк “Горельник” турбазасының шаңырағы көтерiлдi. 1938 жылы Көкжайлау шатқалында (Алматы маңында) алғаш қазақстандық туристер слетi өттi. Оған 200-дей туристер қатысты. 1943 жылдың басынан “Горельник” турбазасында Кеңес армиясының тау атқыштарын даярлайтын Бүкiлодақтық нұсқаушылар мектебi орналасты.

Ұлы отан соғысынан кейiн “Горельник”  тау шаңғышылары мен альпинистер  кадрларын даярлайтын базаға айналды. Адамдардың белсендi демалысы мақсатында 1952 жылы Қазақстанда Туристiк-экскурсиялық басқарма (ТЭУ) құрылды. 1961 жылы Алматыда Республикалық жас туристер станциясы ашылды. 1960 жылы кәсiподақтардың Қазақ республикалық кеңесi жанынан туризм жөнiндегi республикалық басқарма ұйымдастырылды. 1962 жылы Туристiк-экскурсиялық басқарма Туризм жөнiндегi кеңес болып қайта құрылды. 1965 жылы Қазақстанда республикалық және 5 облыста (Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Орал, Шымкент) туристiк кеңес және әр облыста экскурсиялық бюро ашылды. 1950 — 1960 жылдары Алматы жоғары оқу орындарында тау туризмi, альпинизм (шыңға шығу), спорттық туризм дами бастады. Мұның нәтижесiнде туристiк нұсқаушылар тобы қалыптасты. Осы жылдары С.Күдерин, Ү.Үсенов, Н.Дубицкий, В.Г. Хомулло, тағы басқа мамандар оқушылар мен студенттер арасында туризмдi дамытуға үлкен үлес қосты. 1958 жылы Зиминге тұңғыш рет туризм бойынша КСРО-ның спорт шеберi атағы берiлдi. 1970 жылы құрылған Туризм және саяхатшылықтың республикалық кеңесi туризмнiң одан әрi дамуына әсер еттi. 1971 — 1975 жылдары Қазақстанда туризмнiң материалдық базасы нығайып, саяхаттық-туристiк ұйымдар көбейдi, жаңа туристiк базалар мен мейманханалар пайдалануға берiлдi. 1978 жылы Қазақстанда экскурсия мен туризмнiң республикалық кеңесi және 14 облыстық кеңес, 17 туристiк база мен мейманханалар, 26 саяхат, экскурсия бюролары және шет ел туристерiне қызмет көрсететiн 3 бюро, Алматы, Орал, Шымкент қалаларында туристiк автомобиль базалары құрылды. Туристiк базалар мен мейманханалардағы орын саны 7 мыңға жеттi. 1988 жылы туризм құрылымында бiршама өзгерiстер болды. Жаңадан туристiк экскурсия қауымдастықтары құрылды. Осы жылдары Қазақстан туризмiнiң дамуына Н.И. Самойленко, С.Әбденбаев, Т.Жездiбаев, А.Чукреев, О.Мазбаев, С.Р. Ердәулетов, тағы басқалар үлкен үлес қосты.

Тәуелсiздiк  алған Қазақстанда 1991 жылдан туризм саласы дамудың жаңа сатысына көштi. 1993 жылы Қазақстан Дүниежүзiлiк Туризм Ұйымына мүше болды. Осы жылы туризм индустриясын дамытуға арналған ұлттық бағдарлама қабылданды. 1997 жылы Қазақстан Республикасының Ұлы Жiбек жолының тарихи орталықтарын қайта өрлету, түркi тiлдес мемлекеттердiң мәдени мұралар сабақтастығын дамыту тұжырымдамасы, жалпы туризм дамуының стратегиясы жасалды. 2001 жылы 13 маусымда “Қазақстан Республикасындағы туристiк қызмет туралы” заң қабылданды. Онда республикадағы туристiк саланы дамытудың бiрiншi кезектегi шаралары, туристiк қызметтi лицензиялау, тағы басқа мәселелер тұжырымдалды.

 

 

 

 

 

1.2 Туризм индустриясының салалары  жане туристік кәсіпорын қызметін ұйымдастырудың ерекшеліктері

Туристік кәсіпорын қызметтін ұйымдастыру