В.В.Путиннің президенттігі жылдарындағы

КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі. Қазіргі әлемдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағынан қарыштап дамып отырған жетекші мемлекеттердің бірі – Ресей болып табылады. Ресей халықаралық саяси өмірде Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының мирасқоры бола отырып 1990 жылдары өзінің бұрынғы позицияларынан біршама айырылғанмен, бүгінде ол бұрынғы КСРО сияқты әлемдік саяси өмірдің жоғарғы деңгейіне көтеріле алды. Оның бұл жетістіктерінде егеменді Ресейдің саяси басшылары үлкен рөл атқарды. Әсіресе, Ресейдің 2000 жылдан басталған кезеңдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық бағыттағы қол жеткен жетістіктері 2000-2008 жылдары Ресей Федерациясының Президенті болған Владимир Владимир Путиннің есімімен тікелей байланысты.

Тақырыптың өзектілігін қазах халқының ертеден солтүстік көршісі болған Ресейдің В.В.Путиннің президенттігі тұсындағы дамуын қазақстандық көзқарас тұрғысынан қарау мәселесі арттыра түспек. Өйткені, экономикалық, мәдени және тағы басқа салалар бойынша бір-бірімен етене байланысты бұл екі елдің қарым-қатынастары әсіресе, В.В.Путиннің президенттік билігі жылдары ерекше тереңдей түсті. Бір сөзбен айтқанда, В.В.Путин билігі тұсында саяси-экономикалық өмірі тұрақтана түскен Ресейге біздің сеніміз арта түсті.

В.В.Путин билікке алдын-ала дайындалып, өкімет билігі қолына табысталған тұлға болуына қарамастан, ол өзінің алдына қойылған міндеттерді толықтай орындады деп есептеуге болады. Олар әлеуметтік, экономикалық мәселелерден бұрын елдің саяси ахуалына қатысты міндеттер еді. Міне, В.В.Путин елдің ішкі және сыртқы саяси тұрақтылығын қалпына келтіре алды, көптеген халықаралық деңгейдегі саяси мәселелерді шешті. В.В.Путин президент ретінде елдің әлеуметтік-экономикалық өмірінен бұрын, Ресейге бұрынғы ұлылығын қайтара алды. Оның билігі тұсында Ресей әскери-саяси держава ретіндегі позицияларын қайтарып, үлкен саяси күш ретінде жаңа қырынан танылды. Ресей В.В.Путин тұсында халықаралық саяси өмірдің дамуы көшіне ілесіп, соған сәйкес өзінің сыртқы саясатына жаңа сипат берді. Ол ХХІ ғасырға бейбітшілік сүйгіш, халықаралық деңгейдегі түрлі мәселелердің шешімін табуға атсалысуға дайын мемлекет ретінде аяқ басты.

Диплом жұмысын жазу барысында тақырыптың осындай өзектілігін ескере отырып, Президент В.В.Путиннің өмір жолына, оның саяси және мемлекеттік қайраткер ретінде тұлғалануына, Ресейдің оның билігі тұсындағы сыртқы саясатына, жалпы В.В.Путиннің президенттік билігінің жетістіктері мен кемшіл тұстарын айқындауға баса назар аударылды.

Мәселенің зерттелу деңгейі. Диплом жұмысының тақырыбы бүгінгі уақыттың мәселесі болғандықтан ол жөнінде, яғни, В.В.Путиннің президенттік билігі жылдарындағы Ресей тарихына қатысты түрлі жанрлардағы әдебиеттердің әлі де болса жарық көріп үлгермеуіне байланысты жұмысты жазу барысында үлкен қиыншылықтарға кезектік. Өйткені, біздің қолымызға 2000-2008 жылдардағы Ресей тарихына қатысты бірде-бір әдебиеттер түспеді. Соған байланысты, диплом жұмысын жазу барысында негізінен интернет сайттарының материалдары пайдаланылды. Олардың қатарында президент әкімшілігінің сайттарын, бірқатар интернет басылымдарын, сондай-ақ, «Коммерсант», «Московский Комсомолец», «Новая газета», «Ведомости», «Финансовые известия», «Время новостей», «Новое время» және тағы басқа газеттер мен жорналдар материалдарының интернеттік нұсқалары пайдаланылды.

Сонымен қатар, мәселенің деректік көзі ретінде британдық, американдық және басқа шет елдік жетекші басылымдардың беттерінде жарық көрген материалдар қызмет етті.

Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Диплом жұмысының мақсаты В.В. Путиннің президенттігі жылдарындағы Ресейдің әлеуметтік-экономикалық және саяси даму тарихын қарастыру болып табылады. Осы мақсатқа сай төмендегідей міндеттерді шешу көзделіп отыр.

  • В.В.Путиннің өмір жолы мен білім алу кезеңдерін қарастыру;

 

  • В.В.Путиннің саяси қайраткер ретінде қалыптасу тарихын талдау;
  • В.В.Путиннің Ресей Федерациясының үкімет басшысы ретіндегі қызметіне талдау жасау;
  • В.В.Путиннің әлеуметтік-экономикалық саладағы реформалары және олардың нәтижелерін айқындау;
  • В.В.Путиннің сыртқы саясатының ерекшелігі және оның басым бағыттарыне талдау жасау.

Жұмыстың әдістемелік негізі. Диплом жұмысының әдістемелік негізі ретінде тарих ғылымының объективтілік, тарихилық, жүйелілік тәрізді негізгі принциптері басышылыққа алынды. Сонымен бірге, диплом жұмысын жазу барысында салыстырмалы-тарихи талдау, сыни талдау, логикалық зерттеу әдістері кеңінен пайдаланды. 

Еңбектің ғылыми жаңалығы. Диплом жұмысының ғылыми жаңалығы ретінде аталған тақырыптың университет деңгейінде бірінші рет жаңаша деректер мен зерттеулер негізінде қарастырылуын атап өтуге болады.

Жұмыстың хронологиялық ауқымы. Диплом жұмысының хронологиялық шеңбері негізінен В.В.Путиннің дүниеге келу жылынан (1952 жыл) бастап, қоса есептегенде 2008 жылға дейінгі аралықты қамтиды.

Жұмыстың құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, бес тараушаға бөлінген екі үлкен тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1 ТАРАУ. В.В.ПУТИН: САЯСИ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚАЙРАТКЕР

 

1.1. В.В.ПУТИННІҢ ӨМІР ЖОЛЫ ЖӘНЕ БІЛІМ АЛУЫ

 

Владимир Владимирович Путин 1952 жылы 7-қазанда Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласында дүниеге келген. Ресейлік мемлекеттік қайраткер, 2008 жылдың 8-мамырынан – Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы. 2000 жылдың 7-мамырынан 2008 жылдың 7-мамырына дейін Ресей Федерациясының екінші президенті (Президент Б.Н.Ельциннің қызметінен кетуінен кейін 1999 жылдың 31-желтоқсаны мен 2000 жылдың 7-мамыры аралығында президент міндетін атқарушы). Сондай-ақ, Ресей Федерациясы Қарулы Кұштерінің Жоғарғы Басқолбасшысы және Ресей Федерациясы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болды.

В.В.Путин қарапайым жұмысшылар отбасында дүниеге келді. Әкесі Владимир Спиридонович Путин (1911 - 1999 жылдар) – Ұлы Отан соғысының ардагері, зауыт жұмысшысы болған. Анасы, Мария Ивановна Шеломова (1911-1998 жж.) да зауытта еңбек еткен, соғыс жылдары Ленинград қоршауын басынан өткерді. Владимир отбасындағы үшінші бала болды – отызыншы жылдары туылған екі үлкен ағалары кішкентайларында қайтыс болған. Путиндер отбасы Ленинградта коммуналдық пәтерде тұрып келді. Президент болған соң, Путин өзінің бала кезден бастап барлаушылар туралы кеңестік фильмдерді сүйіп қарағандығын және мемлекеттік қауіпсіздік органдарында жұмыс істеуді армандағанын айтады [1].

1970-1975 жылдары В.В.Путин Жданов  атындағы Ленинград мемлекеттік  университеті (ЛМУ) Заң факультетінің халықаралық бөлімінде оқыды. Университет қабырғасында жүріп Кеңес Одағының Коммунистік партиясына кірді және 1991 жылы партияға тиым салынғанға дейін оның мүшесі болып қалды (яғни, формальді түрде КОКП-нан шыққан жоқ). Университте оқу кезінде сол уақытта Ленинград мемлекеттік университетінің доценті болған Анатолий Собчакпен бірінші рет кездеседі. А.Собчактің В.В.Путиннің мемлекеттік қызметкер ретінде қалыптасуына үлкен ықпал еткендігін атап өткен жөн. В.В.Путин оқуының соңында «Ұлтқа барынша қолайлылық туғызатын қағида» («Принцип наиболее благоприятствуемой нации») атты тақырыпта диплом жұмысын қорғады. Диплом жұмысы Халықаралық құқық кафедрасында дайындалды және ғылыми жетекшісі Л.Н.Галенская болды.

В.В.Путин бала кезінен спорт түрлеріне де әуес болып өсті. Әсіресе, физикалық күшті талап ететін спорт түрлерімен шұғылданған. Студент В.В.Путин сабақтан бос уақытында самбо, дзюдомен айналысып, әжептәуір нәтижелерге қол жеткізді. Ол 1973 жылы самбодан, 1975 жылы дзюдадан спорт шебері атанды. 1975 жылы дзюдодан Ленинград қаласының чемпиондығын жеңіп алады. Одан басқа осы спорт түрлерінен көптеген жарыстардың жеңімпазы атанған. Қазіргі таңда тау шаңғысымен сырғануды меңгерген.

1975 жылы Ленинград мемлекеттік  университетін тәмамдаған В.В.Путин  жолдамамен КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне жұмысқа жіберіледі. 1975-1984 жылдары Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Ленинградтық басқармасының Бірінші (кадрлық) бөлімінің қызметкері болды. 1976 жылы Охта қаласында («401-ші мектеп») «Оперативті құрамды қайта даярлау курсын» аяқтады. 1979 жылы Мәскеудегі Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Жоғарғы мектебінде бір жылдық оқу курсынан өтті. 1985 жылы Ю.В.Андропов атындағы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Қызыл жұлдыз институтын тәмамдайды. 1985-1990 жылдары Германия Демократиялық Республикасында Дрезден қаласында жұмыс істеді. Ресми түрде КСРО-Германия Демократиялық Республикасының Достық үйінің директоры қызметін атқарды [2].

В.В.Путин 1980 жылдардың басында отбасы құрады. Әйелі Людмила Александровна Путина. Бүгінде олар екі қыз тәрбиелеп отыр: бірі 1985 жылы Ленинградта дүниеге келген Мария, екіншісі 1986 жылы Дрезденде туылған Екатерина. Екеуі де 2003 жылы Санк-Петербург мемлекеттік университетіне оқуға түскен. Мария Биология-топырақ факультетінде білім алса, Екатерина – Шығыс факультетін бітірген. Путин қыздарының жеке өмірлері жалпы көпшіліктен жіте қорғалуда. Мәселен, Мария мен Екатеринаның халық бұқарасының қолы жететін бірде-бір суреттері немесе видео жазбалары жоқ. В.В.Путиннің отбасында сонымен бірге, көптеген үй жануарлары тіршілік етеді. Олардың көпшілігі сыйға тартылған. Үш ит – Кони атты қара лабрадор, екі пудель, Сказка есімді ешкі және оның лағы, кішкентай жылқы (пони) – Вадик отбасының толық мүшелері [3].

Психологиялық портреті. В.В.Путиннің басты жағымды қасиеті – ашықтығы. Бұл артықшылығы оған қызмет барысында басқа рөлдерде ойнауға жол бермейді. Осы қыры арқылы ол адамдармен тез тіл табыса алады. Алайда, оның тұлғасынан халық ел тағдырын сеніп тапсыратын адамның бейнесін беретін айқын ерекшеліктерді де табуға болады.

Путин – ленинградтық, питерлік, жұмысшы отбасынан шыққан адам. Осының өзі оның психологиясының халыққа жақын қалыптасуына ықпал етті. Оның бойындағы жеке артықшылықтары үйлесімді түрде қарапайымдылыққа ұласқан. Бұл ерекшелік белгілі-бір дәрежеде барлық питерліктерге тән. Кезінде А.Собчак Путиннің бұл қасиетін «шексіз ұқыптылық» ретінде айқындаған еді. Бұл тұрғыда Путиннің жазушылармен кездесуі кезінде сөйлеген сөзін келтірсек: «Менің соңғы жұмысыма қатысты айтсам: мен бұл тағайындау жөнінде білдім, бірақ оған ұмтылған емеспін. Менде жергілікті элитамен терең байланыстар жоқ. Мен шеткері аймақтанмын».

Азаматтық артықшылығы сенімді орыстық идентификация ретінде үйлесімді құрылған. Бұл ретте В.Путин өзінің сайлаушыларға жазған ашық хатын жақсы өмір туралы оймен аяқтауы бекер емес еді. Ол бұл мәселені өзінің отандастарының түсінігі мен сенімі тұрғысынан бағамдай білді. Сондықтан да, сайлау барысында халық В.В.Путиннің кандидатурасына қалау білдірді. В.Путин ресейлік (кеңестік) қоғамның жекелеген кәсіби және әлеуметтік тобының өкілі болып табылады және «чекист», «барлаушы», «офицер» ретінде қабылданады. 1999 жылы 18-желтоқсанда «Маяк» радиосының тікелей эфирінде ол өзін «офицерлік корпустың» «менінің» бір бөлшегі ретінде айқындап, демалысқа кету ештеңені өзгертпейді, «бұрынғы офицерлер деген болмайды» деп мәлімдеді. Офицерлік этостың ерекшелігі неде? Біріншіден, орындалмайтын уәдеге тиым салу. Бұл – үлкен құрбандық: «біздің елде проблемалар жетерлік, осыдан келе не болса соған уәделер беруге болады және әрқашанда олар орындалып жатырғандай сыңай танытуға болады». Екіншіден, берген уәдені орындау. Үшіншіден, өз ісіңді бас пайдаң тұрғысынан істемеу, парызыңды өтеу – «Отаныңа қызмет ету».

Путин үшін қызмет ету мотиві маңызды. Жоғарыда атап өтілген кездесуде ол президенттік әкімшіліктегі екі жылдық қызмет етуден кейінгі 1998 жылдың ортасынна өз басында орын алған тұлғалық дағдарыс туралы айтып берді. Ол: «Мемлекеттік қызметті тастау жөнінде ой келді – қайырым шағы туындады, одан әрі жұмыс істеу жалықтырып жіберді» деген болатын. Қайырым шағы – бұл 1996 жылы губернаторлық сайлауда А.Собчак жеңіліс тапқан кейін оны Мәскеуге жұмысқа шақырғандық еді. В.В.Путиннің өзі Мәскеуге сұранбағындығын шегелеп айтады.

1998 жылдың шілде айында өзінің Қауіпсіздіктің федералдық қызметінің (ФСБ) директоры болып тағайындалуын ол қызмет ету ретінде, ал келесі жылдың наурыз айындағы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметіне шақырылуын – жеке ерік-жігерін сынау ретінде қабылдады. Бұл жөнінде В.В.Путин жазушыларға былайша айтып берді: «Қауіпсіздік кеңесінің хатшысын ұзақ таңдады, меннен басқасының барлығы бұл қызметтен бас тартты... Сол уақытта елде президент биліктің институты ретінде көтеріле алатындығы туралы ешкім ойламаған еді» [4].

Офицерлік этосқа тән тағы бір ерекшелік – тез шешімге келу, яғни, бұйрық немесе жеке таңдау болсын оны орындауға деген шешімді құлшыныс. Ойлағанды жүзеге асыру Путинге өзінің істеп жатқандығын және оның бұйрығымен басқа біреулер іске асырғанды заңдастыру туралы келелі мәселе туындатады. В.В.Путиннің іс-әрекетіне қарап оны екі нәрсе ойландыратындығын бағамдауға болады, олар – моральдық шыншылдық және қатаң заңдылық.

Шешенстанда болған екінші кампания барысы Путиннің өзінің соққыға соққымен жауап беріп, Ресей Федерациясы территориясында бандиттік-террористік анклавтарды жоюға бағытталған таңдауының моралдық жағынан дұрыстығына сенуінен ғана жүзеге асты. Жазушыларға ол «бізде таза моралдық позиция. Бізге ештеңені жасырудың қажеті жоқ» деп, сенімді түрде айтқан болатын. «Единство» («Бірлік») қозғалысының құрылтай съезінде сөйлеген сөзін аяқтай келе, ол өзіне демеу ретінде көретін партияның міндетін былайша өрнектеді: «биліктің халыққа жақындығын дәлелдеу – қол жеткізуге болатын белес».

В.В.Путинмен жарияланған «заңның диктатурасы» жөнінде көп және әртүрлі айтылды. Иә, бұның сайлау алды жүріс екендігі түсінікті. Дегенмен, желтоқсан айының басында Путин өзінің Қауіпсіздіктің федералдық қызметіне келуі және өткен ғасырдың 30-жылдары осы Лубянкада жұмыс істеген адамдармен кездесуі жөнінде былайша айтып берді: «Бір шараны талқыладық, олар былай істеу қажет деп айтты. Мен айтамын: бұлай жасауға болмайды, ол заңсыз, заңдысы мына жол... Олар айтады: біздер үшін ереженің өзі заң. Мен үшін осы күтпеген жағдай болды». Салыстыру үшін айтар болсақ, РОМИР-дің желтоқсан айындағы сұрауының қорытындысы бойынша «Ресейде билік пен азаматтар заң бойынша өмір сүруі тиіс» дегенге 96 %-ы келісіп жауап берген [5].

Идеологиялық  портреті. Путиннің психологиялық портретінің шынайылық қыры оның идеологияға қатысты ұстанымында біршама жайылып кетеді. Бұл дегеніміз – жақсы белгі. Адамның психотипі мен идеологиясының толық біртекті болуынан фюрер пайда болады. Саясатта идеяға шырмалған тұлға – бұл әлеуметтік апат.

Путиннің идеологиялық таңдауы толық түсінікті, бірақ оның идеологиясында агрессивті біржақтылық жоқ. Бұл тұрғыда оның өзінің «Россия на рубеже тысячелетий» атты мақаласында «мемлекеттік идеология» жөніндегі ойды жоққа шығаруын айтсақ та жетіп жатыр. Бұлайша тұжырым жасау оның либералдық консерватор болуында жатыр.

Консерваторлық идеология ойлап тауып, парламенттік консервативтік партия құруға Ресейде екі рет әрекет жасалды. Олардың авторлары Шахрай, В.Никонов, В.Рыжков деген саясаткерлер болатын. Дегенмен, В.В.Путин насихаттап жүрген либералдық консерватизмнің тағдыры басқалай болатын сияқты. Неліктен? Себебі уақыт келді. Алдыңғылардың әрекеті мезгілінен бұрын болды. Ал қазіргі таңда Путинге бұлайша жасауға мүмкіндік бар, оның үстіне  - өзі күшті консерваторлық аргумент. Ресейлік реформалардың онжылдығы жаңаша шындықты туындатты. Онда біз де және оған лағнет айтып, 1985 жылды қайтаруды аңсап жүргендер де өмір сүрудеміз. Тіпті, оның бағалауды үйреніп келе жатырғандаймыз. Бұл дегеніміз қолда бар институттарды қорғайтын, консерватизмнің идеология ретінде пайда болуының бірден-бір жағдайы. Қалғандары идеялар мен идеалдарға басымдық беруі мүмкін. Консерватизмнің өзінің өмірбойғы басты жауы – радикализммен қарама-қарсы тұруындағы күшінің қайнар көзі осы.

«Бүгінгіні» сақтап қалу, оны «өткеннің», сондай-ақ, «болашақтың» радикалдық «шабуылдарынан» қорғау – міне Путиннің идеологиялық ұстанымы осы. «Маяк» радиосына және «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбаттарында ол КСРО-ның күйреуіне шын жүрегімен жаны ашитындығын жеткізді. Себебі, Путин үшін КСРО – бұл Ресей болатын. Ол КСРО-ның күйреуіне консервативтік түсініктеме берді. Яғни, оның пікірінше жүйе орындалмайтын уәделерден құрылды. Күнделікті бейшара тірлік жасанды түрде таңылған алдағы «жұмақпен» көмкерілді. Ақыр соңында «халық қандай жағдай орын алса да – бұдан нашар болмайды деп есептеді. Дәл осының себебінен барлығы да оңай құрдымға кетті».

Бұл жағдай қазіргі Ресейде орын алмауы тиіс және осы – ресейлік консерватизмнің фундаменталды алғышарты. Осыдан Путиннің органикалық (фанатикалық емес) антикоммунизмі пайда болды. Ол Ресей Федерациясының Коммунистік партиясына қарсы күрес жүргізбейді, оның күресі – коммунистік электоратқа қарсы. В.В.Путин Ресей Федерациясының Коммунистік партиясын «жүйе құраушы партия» деп есептеп, маңызды саяси институт ретінде мойындайды. Бірақ ол коммунистердің идеологиялық радикализміне қарсы. Бұл тұрғыда ол: «кезінде олар бәрін, тіпті тауыққа дейін тәркілеп, қоғамдық меншікке айналдырған... Осының барлығының қайталану қаупі бар» деп мәлімдеді. Ол Ресейде коммунистер үшін болашақты олардың «өздерінің бағдарламаларындағы радикалдық элементтерден және идеологиядан бас тартуынан», сөйтіп, бірте-бірте «еуропалық үлгідегі социал-демократиялық партияға» айналудан көреді. Басқалай жағдайда – саяси қайшылықтар туындайды [6].

Радикалдық емес ресейлік идеологиялар қатарына В.Путин либерализм мен «орыс идеясын» қосады. Оның соңғысын жеткізуі көңіл аударуға тұрарлық. Бір жарым ғасыр бойы осы идеялық-рухани кешен орыс халқының есі мен жанын шулатып келуде. Тіпті алдыңғы шақырылымдағы Мемлекеттік Дума «орыс идеясы» бойынша тыңдау ұйымдастырды. Путин оны төрт құндылық қағидаларымен байланыстырады: тұлғаның құқығы мен бостандықтары, мемлекеттік пен әлеуметтік келісім. Бұл айтылғандардың барлығы айналып келгенде – мемлекет туралы.

Мұндай «мемлекеттікте» Путиннің консерватизмі қалайша либералдық болуы мүмкін? Ол үшін либералдық идеялар мен құндылықтардың жиынтығын еске түсірсек: тұлғаның құқығы мен бостандығы, бәсекелестік нарықтық экономика, бөліністік (теңгерушілік емес) әділеттілік. Соңғы онжылдықта Ресейде қалыптасқан тәртіпті осылар заңдастырып отырған жоқ па? Егерде иә болса, мәселе басқада: яғни, оның консерватизмі либералдық болмауы мүмкін ба?! Ал «күшті мемлекет» жөніндегі тезис либералдық отандық дәстүр тұрғысынан негізделген, - осы орайда Борис Чечерин мен Петр Струвені еске алсақ та жетіп жатыр.

Жалпы консерваторлық идеологияның табиғаты сондай, ол «тірі өмір» үшін «идеяға» жеңіл айнала алады. В.В.Путин өзінің партиясынан «билік пен ақшадан» күштірек болатын идеялар жүйесін талап етеді. Осы ретте ол өзінің сенімді адамдарымен кездесуде «ұлттық идеяны» «билікке өз сөздеріне, өздерінің уәделеріне нақты іс-әрекеттермен және нәтижелермен жауап беретін талап» ретінде айқындап берді [7].

Саяси портреті. В.В.Путиннің саяси стилін бірқатар себептерге байланысты айқындау қиынға соғады. Біріншіден, президенттің міндетін атқарушы жалпылама саясаткер ретінде енді-енді бейімделуде. Бұл жөнінде ол Михаил Леонтьевке берген сұхбатында өзі мойындап: «Маған бұл жұмыс ауыр деп ойламаймын, бірақ сонымен бірге, қанағаттана алмаймын».

Екіншіден, Путин әзірше әрі премьер, әрі де факто президент қызметін атқарып жүр. Бұдан не шығатындығын Думадағы жанжал көрсетті. Николай Сванидзеге берген сұқбатында В.Путин премьер ретінде лауазымдарды бөлу барысында оңшылдарды қолдау өзіне тиімді болатындығын – үкімет Думаға либералдық заңдардың кешенін ұсынатындығын түсіндірді. Бірақ мемлекет басшысы тұрғысынан В.Путин өзінің міндеті ретінде саяси тепе-теңдікті сақтауды және спикер қызметі мен ондаған комитет басшылықтарын коммунистерге беруді көретіндігін жеткізді. Саяси спектрдің үштен бір бөлігі тиісілі солшылдар өздерінің Думадағы өкілдіктерімен елдегі мүдделер құрылымын сақтауы тиіс.

Үшіншіден, бөлініс («саяси жанжалдасу аяқталды» - «Единство» партиясының съезінде сөйлеген сөзінен) емес, керісінше күштерді жұмылдырудың саяси стилистикасы біршама нақтылықтың болмауын көрсетеді. Келісім аз дегенде екі серіктеспен жасалады, нәтиже шығаратын саяси шептің нақты координаттарын алдын-ала болжау мүмкін емес [8].

Соған қарамастан, саясаткер Путиннің қолтаңбасын анықтауға болады. Ол «дәстүрлі» немесе «харизматикалық» көшбасшы емес, керісінше, бүгінгі типтегі саясаткер. Макс Вебердің ойы бойынша мұндай саясаткер өзінің «үстемдігін «заңдылықтың» күшімен, заңдылықты орнатудың міндеттілігіне және ойлы құрылған ережелерге негізделген іскерлік «жинақылыққа» сенудің күшімен орнатады».

Путиннің «500 күн» жанрындағы шығармаларға сенбейтіндігі хақ. Сайлаушыларға ашық хат – оның тұлғалық-идеологиялық стилистикасына сәйкес келетін бағдарлама. Ол – «моралдық ереже», «отбасы», «патриотизм» сынды консерваторлық құндылықтардан туындайды және ресейліктердің өмірін «жақсартуға» бағытталған. Бүгінде бұл құндылықтар «мәселеге айналған», яки мемлекеттік жігер, жалпыға міндетті ережелер, меншікті бөлудің жалпы халық таныған жол жоқ.

Мәселелердің тізімі оларды шешудің алгоритмін жасайды: мемлекет нақты айқындалған меншік иелерінің экономикалық қызметінде ортақ үлгідегі ережелерді бекіту арқылы әрекет (бұл сипатта ол «үлкейеді» және «қуаты артады») етеді. Басымдықтардың тізімі сол сияқты оңай: кедейшілікпен күресу, экономиканы шенеуніктік-бандиттік рэкеттен қорғау, ұлттық ұлылықты өркендету және ұлттық мүдделердің сыртқы саясаты. 

В.В.Путиннің психологиялық, идеологиялық, саяси портреттеріне талдау жасай келе бірқатар қорытындылар шығаруға болады. В.В.Путиннің президенттігі тұсында Ресейде өзгеру дәуірі болды. Ельцин өзінің жүзеге асырған саясатында өзінің жолын жоғалтып отырды, ал Путин болса кез-келген іс-әрекетінде жеңімпаз болып шықты. Ельцин өзінің билігін өкіметсіз кеңістікте нығайтқан ерекше «билік машинасы» болды. Путин – кеңейіп келе жатырған жалпы өкіметтік кеңістікті нығайтушы «билік машинасы» [9].

Сонымен қатар, В.В.Путиннің дінге қатысы қалың оқырманды қызықтыратындығы сөзсіз. Жетекші телеканал болып табылатын Си-эн-эннің тілшісі Ларри Кингке 2000 жылы 8-қыркүйекте сұхбат беру барысында «Жоғарғы күштерге сіз сенесіз бе?» деген сұраққа В.Путин: «Мен адамдарға сенемін. Қайырлы іске сенімін. Біздің барлығымыздың осы өмірге қайырымдылық жасау үшін келгенімізге сенемін» - деп, жауап береді. В.Путин Мәскеу және бүкіл Русьтің Патриархы Александр ІІ-мен ол өлгенге дейін үнемі кездесіп (Борис Ельцин В.Путинге президенттік билікті берген – 1999 жылдың 31-желтоқсанынан бастап) тұрды, діни қызметтерге қатысты, елге сапар барысында түрлі православиелік храмдар мен монастырлерге барып тұрды.

В.Путин дінге қатысты: «Ресейдің дәстүрлі конфессиялары да, және ядролық қорған да ресейлік мемлекеттілікті нығайтатын, елдің сыртқы және ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алғышарттарды құрайтын құрамалар болып табылады» - деп, мәлімдеді. Алайда, В.Путиннің Шіркеудің діни жоралғыларына қатысуы жөнінде мәліметтер жоқ. 2000 жылдардың басында ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарында В.Путиннің рухани атасы – РПЦЗ және Мәскеу патриархатының Орыс православиелік шіркеуінің бірігу үдерісінің белсенді қатысушысы архимандрит Тихон (Шевкунов) екендігі жөніндегі мәлімет таратылады [10].

В.В.Путин өзінің саяси-қоғамдық өмірі барысында көптеген мемлекеттік, шет елдік және шіркеулік атақтар мен марапаттауларға ие болды. Ол кеңестік кезеңде «Құрмет Белгісі» орденіне ие болды. Ал, шет елдік марапаттары төмендегідей:

- Германия Демократиялық Республикасы  армиясының «Еңбегі үшін» қола медальі (1988 ж., ГДР);

- «Хо Ши Мин ордені» (2001 ж., Вьетнам);

- «Алтын қыран» ордені (2004 ж., Қазақстан);

- Құрметті легион Орденінің  Үлкен крестінің кавалері (2006 ж., Франция);

- Бас кортестердің Сенаты және Конгресінің алтын медальдері

  (2006 ж., Испания);

- Әбд әл-Әзиз королінің ордені (2007 ж., Сауд Аравиясы);

- «Буюк хизматлари учун» ордені (2008 ж., Өзбекстан).

Бұлардан басқа В.В.Путин бірқатар шіркеулік марапаттауларға ие болды. Олар: Қасиетті теңапостольдік ұлы князь Владимирдің І-дәрежелі ордені (2002 ж., Орыс православиелік шіркеуі); «Қасиетті Борис патша» ордені (2003 ж., Болгарлық Православиелік Шіркеуі); «Шейх уль-ислам» (2006 ж., Кавказ мұсылмандарының рухани басқамасы); «Слава и Честь» ордені (2007 ж., Орыс православиелік шіркеуі).

Сонымен қатар, В.В.Путинге көптеген қалалардың «Құрметті азаматы» деген атақ берілді:

  • Санкт-Петербург қаласының Құрметті азаматы (2006 жылдан бастап);
  • Қазан қаласының Құрметті азаматы (2005 жылдан бастап); 
  • Сомбор қаласының Құрметті азаматы (2007 жыл, Сербия);
  • Врбас қаласының Құрметті азаматы (Сербия);
  • Лозница қаласының Құрметті азаматы (Сербия);
  • Рашки қаласының Құрметті азаматы (Сербия);
  • Апатина қаласының Құрметті азаматы (Сербия);

Пожаревац қаласының Құрметті азаматы (Сербия) [11]. 

Сондай-ақ, В.В.Путин көптеген академиялық атақтардың иегері. Оның тізімі төмендегідей:

Ресейлік атақтар

- Ресей әскери-медициналық академияның  құрметті докторы (2000 жылдан);

- Санкт-Петербург университетінің  заң факультетінің құрметті докторы (2000 жылдан);

Шет елдік атақтар

- Дж.Неру атындағы университеттің  құрметті докторы (2000 жылдан);

- Түркімен мемлекеттік университетінің құқықтың құрметті докторы (2000 жылдан);

- Африналық университеттің құрметті  докторы (2001 ж., Грекия);

- Ереван мемлекеттік университетінің  құрметті докторы (2001 ж., Армения);

- Баку славяндық университеттің құрметті докторы (Әзірбайжан).

В.В.Путин сонымен бірге көпсанды сыйлақтардың иегері. Оның ұзын саны төмендегідей:

2001 жыл – Ұлы Петр атындағы  ұлттық сыйлықтың лауреаты;

2002 жыл – «Православиелік халықтардың  бірлігін нығайту бойынша ерен  еңбегі үшін» сыйлығының лауреаты;

2002 жыл – «Мемлекет жүргізген реформаларды әрбір ресейлікке жеткізуге деген шынайы ұмтылысы үшін» деген себеппен Мәскеу журналистері одағының «Баспасөздегі ашықтығы үшін» сыйлығының лауреаты;

«Огонек» журналының сыйлығының лауреаты;

2004 жыл – «Ресей мемлекеттілігін нығайту үшін» «Мемлекеттік және саяси қызметі» номинациясы бойынша «2004 жылдың жыл адамы» сыйлығының лауреаты;

2004 жыл – Андрей Первозванныйдың «За веру и верность» сыйлығының иегері;

2007 жылы қараша айында әлемнің  Нобель сыйлығына үміткер ретінде ұсынылады;

2007 жылы 19-желтоқсан айында «Time» журналымен 2007 жылдың жыл адамы болып жарияланды.

В.В.Путин кластық шені және әскери атағы жағынан запастағы полковник және Ресей Федерациясының 1-класты мемлекеттік кеңесшісі болып табылады (1997 жылдан бастап) [12].  

 

 

1.2. В.В.Путиннің  саяси қайраткер ретінде қалыптасуы

 

В.В. Путин Мәскеуге барып, үлкен қызметтерді атқарғанға дейін мемлекеттік қызметтің түрлі салаларында үлкен дайындық мектебінен өтті. Осы қызметтер барысында оның саяси қайраткерлік тұлғасы қалыптасты.

1990 жылға дейін мемлекеттік қауіпсіздік саласында жұмыс істеген В.В.Путин осы уақытта бастап азаматтық салаға қызметке ауысты. Өзінің мемлекеттік қауіпсіздік саласындағы қызметін запастағы подполковник шенімен аяқтайды. 90-жылдардың ортасында В.В.Путин өзін бірқатар саясаткерлер Мемлекеттік қауіпсіздік комитетімен байланысы бар деп айыптаған соң бұрын мемлекеттік қауіпсіздік органдарында жұмыс істегенін ресми түрде мәлімдеді.

Ленинградқа оралысымен В.В.Путин Ленинград мемлекеттік университеті ректорының халықаралық мәселелер бойынша көмекшісі қызметіне орналасты. 1990 жылы ЛМУ-нің ректоры Станислав Меркурьевтің арқасында осы жылдың мамыр айында Ленинград қалалық кеңесінің төрағасы болып сайланған А.Собчакпен таныстығын қайта жандандырды. С. Меркурьев В.Путинді жауапты қызметкер ретінде мінездеме беріп, осыны бағалаған А.Собчак оны өзіне кеңесші қызметіне жұмысқа алады. 1991 жылдың 12-маусымында А.Собчактың Санкт-Петербургтің мэрі қызметіне сайлануынан кейін В.Путин қала мэриясының Сыртқы байланыстар бойынша комитетінің төрағасы болады. Бұл қызметте ол 1996 жылдың маусымына дейін істеді. Сыртқы байланыстар бойынша комитеттің В.Путин тұсындағы негізгі жетістіктері ретінде оның бұрынғы орынбасары Владимир Чуров Санкт-Петербургте алғашқы болып елде батыстық банктердің өкілдіктерінің ашылуын; «Парнас» инвестициялық зонасының және Пулков қыраттары ауданындағы зонаның құрылуын (бірінші ірі батыстық инвестор 1995 жылы бірінші кезекте зауытты іске қосқан «Кока-кола» компаниясы болды); Санкт-Петербургті сапалы халықаралық телефон байланысымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берген оптоволокондық кабельдің Копенгагенге дейін тартылуының аяқталуын; 1994 жылы Путиннің бастамасымен СПбМУ-де халықаралық қатынастар факультетінің ашылуын атап өтеді [13].  

Одан басқа, 1990-жылдардың басындағы үлкен экономикалық қайта құрулар кезінде ВВ-ның (Путинді көзіне қарап қалалық саяси қауымда осылай атаған) басты міндеті аймаққа инвестицияның келуінен жағдай жасау болды. Ол өзі Петербургте валюталық биржаның құрылуын және 1992 жылы қалалық мэрия және КРМG арасындағы ірі консультативтік келісім-шарттың жасалуын жеке қадағалады. В.Путин сондай-ақ, питерлік бір кәсіпкер айтқандай неміс капиталы үшін «көпір» бола отырып, қалаға бірқатар ірі германдық қаржыгерлердің келуіне алғышарт жасады. Соның ішінде, В.Путиннің көмегімен Ресей территориясындағы алғашқы шет елдік банктердің бірі болған – BNP-Drezdner Bank (Rossija) құрылды. Бұдан басқа В.Путин «Европа» және «Невский палас» отельдеріне шет елдік инвестицияларды тартуды дайындады. Петербургтегі және шет елдердегі өзінің шет елдіктермен кездесуінде ол таусылмастай ерік – жігерін көрсетті [14].

В.В.Путиннің президенттігі жылдарындағы