А. Байтұрсыновтың өмірі мен қызметі

     А. Байтұрсыновтың өмірі  мен қызметі    

     Кезінде репрессияға ұшырап, мерт болған боздақтар  қайта тірілді, сөнген жанып, жоғалған табылды. Алыптар қайта оралды. Тұтас  буынның төлбасы, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық  бағытты ілгері жалғастырушы ірі ғалым-тілші, әдебиет зерттеуші, түрколог, дарынды ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсынов қалыптасқан дәстүрлі құжаттар бойынша айтқанда, қазіргі Қостанай облысы, Торғай атырабындағы, Сартүбек деген жерде ел арасында беделді, қайратты кісі Шошақұлы Байтұрсын шаңырағында 1873 жылы 18 қаңтарда дүниеге келген.   

     Ахметтің "Өмірбаянында” көрсетуінше: мешін  жылы, 1872 жылы туған, № 5 ауыл, Тосын  болысы Торғай уезі. Қалың қазақ  ортасы, қаймағы бұзылмаған сахара тұрмысы табиғатынан дарынды  туған баланың сезім дүниесін, ой әлемін тербеп толқытады. Әділетсіз өмірдің улы зары бала жүрегін он үшінде жаралайды. Әкесі Байтұрсын мен оның інісі Ақтас қорлық-зорлыққа шыдамай, 1885 жылы 12 қазанда ояз начальнигі Яковлевтің басын жарып жібереді. Мұның арты – дүние-мүлікті тартып алу, түрме, абақты, Сібірге 15 жылға жер аударылу.  

     Табиғатынан аса дарынды туған талапты  бала Ахмет 1882-1884 жылдары әуелі көзіқарақты  адамдардан өз үйінде хат танып, артынан  жақын жердегі ауыл мектебінен сауат  ашады да, 1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныптық орысша-қазақша училищеде, 1891-1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдік мектепте оқып, білім алады. 1895 жылдың 1 маусымынан бастап мұғалім болады: Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы атырабында бала оқытады, өмір, тіршілік күресіне араласады, әділет үшін күреседі, жуандарға, байларға қарсылық білдіреді, патшаның отаршылдық саясатын айыптайды. Кейін екі сыныптық мектептерде ұстаз бола жүріп, 1901 жылдан бастап қолы бос кездерде өзі ізденіп, сан алуан кітаптар оқиды, әдебиетпен айналысады, оқу құралдарын жинайды. Ел ішінде оқыған, еркін мінезді батыл ойшылдың бедел-атағы өсе бастайды. Полиция тыңшыларының жаласымен күйе жағылып, губернатор Тройницкий жарлығы бойынша Қарқаралыдағы  екі сыныптық училищінің меңгерушісі Ахмет 1909 жылы 1 шілде күні Семей абақтысына алынып, сотсыз, үкімсіз, нақақтан нақақ 8 ай бойы азап-қорлық көріп, торығады, қиналып ширайды, күреске белді бекем буады. Бостандық аңсаған, күреске шақырған өлеңдер жазады. Ақыры Қазақстанда тұру құқынан айырылғандықтан, 1910 жылы 21 ақпанда түрмеден шығып, наурыз айында Орынбор қаласына келеді. Бұдан кейін Ахмет Байтұрсынов өміріндегі ең күрделі, қызықты, қажырлы кезеңдер басталып кетеді. 1913-1918 жылдар арасында "Қазақ” газетінде редактор болып, орасан зор әлеуметтік-тарихи қызмет атқарады, халық өмірінің сан-алуан көкейкесті мәселелерін көтереді, елді прогреске, өнер-білімге үндейді.  

     Алаш  қозғалысы тұсында (1918-1919 жылдың басы) Ахмет Байтұрсынов жаңа өткел, соны өріс іздейді. Ұлт азаттығы жолындағы  күрес басшыларының бірі болады. Азапты толғаныс, күрес эволюциясынан өтіп барып, 1919 жылдың наурыз айында бұрынғы ұлт интеллигенциясының кейбір өкілдерін өзімен бірге алып, қазақ халқының мүддесі үшін қызмет етеді деген үмітпен Кеңес өкіметі жағына өтеді – Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери революциялық Комитеттің мүшесі ретінде оның жұмысына белсене араласады. Республика халық ағарту комиссары, Бүкілодақтық Орталық Атқару комитетінің мүшесі, Коммунистік партия мүшесі (1920-1926 жылдар), Қазақстан академиялық орталығының жетекшісі, Ташкент, Алматы жоғары оқу орындарында профессор болады, сөйтіп жаңа заман үшін күреске кіреді.  

     Арман ақталмайды. Кеңес өкіметі патшаның отаршылық саясатын жалғастырады. Алаш зиялылары қуғынға түседі. Осылайша большевизм қылышынан қан тамған кезеңде Ахмет Байтұрсынов әуелі 1929 жылы бір ұсталып, абақтыға қамалып, лагерь тепкісіне түсіп, ұзақ азап көріп, 1936 жылы қайтып келгенмен, 1937 жылы тағы репрессияға ұшырап, 1938 жылы атылды. Ұлы жүректің ауыр тағдыры осындай, ал толық өмірбаянын жазу үшін көптеген архив деректері, замандас естеліктері, тарихи материалдарға сүйену қажет. Қазіргі қолда бар дүниелердің ішінде оның өзі орысша жазған "Жизнеописание” (1929, 8 наурыз), "Биография” (1929, 21 тамыз) деген материалдар айрықша бағалы. Бұлар Алматы университеті архивінде сақталған.   

     Ахмет Байтұрсыновтың ғалымдық, ақындық, публицистік, қайраткерлік істері өз заманында аса  жоғары бағаланған. Қазақ ортасы, түркі  әлемі ғана емес, орыс ғалымдары  берген тарихи тұжырымдардың орны ерекше. Кезінде Ахмет Байтұрсынов, оның ғылыми еңбектері туралы орыс ғалымдары проф. А.Смайлович, Е.Поливанов бағалы пікірлер айтқан болатын.   

     Ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткерінің  өмірі, шығармашылығы, әлеуметтік қызметіне  байланысты маңызды еңбектер, негізінен, оның туғанына елу жыл толу мерейтойы тұсында жарияланды. "Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамы еңбектерінде” (Орынбор, 1922) орыс тілінде екі мақала басылды. М.Дулатовтың "Ахмет Байтұрсынұлы (биографиялық очерк)” мақаласындағы тарихи фактілер, деректер күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ. Ақиқатқа жүгінгенде, бұдан кейінгі уақыттарда А.Байтұрсынов өмірбаяны туралы жазған авторлардың бәрі де осы еңбектің материалдарын пайдаланғанын көреміз. Мақалада тұңғыш рет ақын, ғалым, публицист, қоғам қайраткерінің туған уақыты, кіндік қаны тамған жері, ол ортаның басты сипаттары, білім алған ошақтары, қызмет еткен орындары, әлеуметтік қызметтері, саяси-қоғамдық көзқарастарының өзгеруі, сан алуан эволюциясы жан-жақты ашылып берілген. Ал екінші мақалада А.Байтұрсыновтың ғылыми еңбектерін, әсіресе тіл саласында ендірген жаңалықтарын саралауға арналған.   

     Мәскеуде 1929 жылы "Коммунистік академия”  баспасынан шыққан "Әдебиет энциклопедиясының” 1-томында А.Байтұрсынов: "Аса көрнекті қазақ ақыны, журналисі және педагогі... Ол – қазақ тілі емлесінің реформаторы, грамматиканың және қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы” деп бағаланып, негізгі өмірбаяны беріледі, қоғамдық-әлеуметтік қызметі айтылады.  

     Өз  уақытының аласапыран құбылыстарын бағалау, болашақ алыс өрістерді  көруге келгенде жас Мұхтар Әуезов даналығына таң қалмасқа болмайды. Алмағайып ағыстарға малтығып, қалың тұманда адаспай, Ахмет Байтұрсыновтың тарихтағы орнына қатысты дәл бүгінгі күнмен үндес, орайлас пікір-тұжырымды жігіт-желең, 25-26-лардағы балғын ойшыл қалай тауып айтты екен деп таң қаласың: "Ақаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны, "Қырық мысал”, "Маса” еңбегі, "Қазақ” газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істелген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты біз ұмытқанда да тарих ұмытпайтын істер болатын. Оны жұрттың бәрі де біледі. Бұның шындығына ешкім дауласпайды”. ("Ақжол”, 1923, 4 ақпан), – деп жазады ол.   

     Ахмет Байтұрсыновтың тарихтағы орнын, оның әлеуметтік-қоғамдық істерін, дүниетанымдағы ерекшеліктерін өз кезінде дұрыс көрсетіп, әділін айтқан адамның бірі – Сәкен Сейфуллин. Ол "Еңбекші қазақ” газетіне (1923 жыл, 30 қаңтар) "Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды” деген арнаулы мақала жазып, онда былай дейді: "А.Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі. Оқығандардың арасынан шыққан өз заманында патша арам қулықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губернатор, соттарға күшін сатып, тілмаш болып, кейбір оқығандары арларын сатып ұлықтық істеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызметтерін қылды”. "Қырық мысал”, "Маса” кітаптарын, "Қазақ” газетіне редакторлық еткен еңбектерін, Алаш кезеңін, артынан компартияға кіргенін түгел шолып айта келіп, мынандай түйін түйеді: "Қалай болса да жазушы аз ғана, әдебиеті нашар қазақ жырларына оқу һәм тіл құралдарымен қылған қызметі таудай... Елуге келген Ақаңды шын көңілден құттықтап, өмірінің ұзақ болуын тілеймін”.  

     Түркістан республикасы Орталық атқару комитеті мен Түркістан Орталық партия комитетінің газеті "Ақжол” 1923 жылғы 4 ақпанында шыққан 270-санында: "Қазақтың дыбысына, сөзіне арнап әліппе мен әріп, тіл һәм оқу құралдарын шығарып, қазақтың жалпақ тілін талайға үйреткен Ақаң еді. Ұлт қамы дегенді көксеген адам болмай, қазақ құлшылыққа кез болғанда бостандыққа жол көрсеткен Ақаң еді”, — деп жазылған.   

     Бұдан кейінгі уақыттарда, әділет принциптері  бұзылып, адамшылықты таптаған зұлмат жылдар, нәубет, селебе, қан қырғын –  репрессиялар басталған кезде, көп  нәрсе мүлде бұрмаланды, "байтал түгіл бас қайғы” дейтін күндер туған. Ол шақта Ахмет Байтұрсыновтың еңбектерін талдап, тарихтағы орнын көрсетпек түгіл, атын атаудың өзі – қылмыс, азамат басын жұтатын, абақтыға апарар жолға айналды.  

     Бірақ сонда да ескі газет-журналдарды, архивтерді ақтарған, көне кітаптарды оқыған сұңғыла  жандар алдынан тұтас тау сілеміндей болып Ахмет Байтұрсынов мұрасы шығар еді; көзі – қарақты, қайрат-жігерінен, азаматтығынан айырылмаған аға буынның кейбір есті өкілдері, кейде оңашада, алды-артына бір қарап қойып: "Ақаң былай деген ғой” деп суырыла жөнелер еді. Профессор Бейсенбай Кенжебаев сынды жуас, момын көрінгенмен, іштей берік, қазақ әдебиеттану ғылымында тарихи мектепті негіздеген батыр ойлы ғалым өз шәкірттерінің біріне: "Мынау Ақаң жазған "Әдебиет танытқыш”, әдебиет теориясы. Мен 40 жыл сақтадым. Сенің диссертацияңа байғазы болсын. Қалған уақытта сен сақта. Бірақ байқа. Уақыты жетпей айқайласаң, таяқ жейсің. Аруақтың киесі ұрып, кесапаты тиюі мүмкін. Шарапаты тиетін уақыт келер. Ол күнді мен көрмеспін. Сендер көресіңдер. Мықты жерге тығып қой” деген екен. Жас, өр кеуде, тұяғына тас тимеген шәкірт өмірде талай теперіш көріп, таяқ жеген, дана ұстаз тілін алды дейсіз бе. Ақаң кітабы, ондағы пікір-байлам, ой-тұжырым, жаңалық – табыс туралы айтып та, жазып та жіберген. Жұрт білмей ме, көрмей ме, көрсетпей ме,  білген, көрген, көрсеткен. Сонда тұмсығы тасқа тиген шәкіртіне ұстазы айтқан сөз: "Ескерттім ғой, - болмадың. Енді оқасы жоқ. Шыда! Мұндайда еңбек етсең ғана еңсең көтеріледі”.  

     Қазақстанда Байтұрсынов есімін ауызға алуға  да, жазуға да тыйым салынған уақыттарда түркологтар тарапынан оқта-текте ол туралы бірен-саран пікірлер айтылып қалып жүрді. Әсіресе академик А.Кононов еңбегі қалың көпшілікті елең еткізді. Аты шартарапқа мәлім, беделді тілші ғалымның редакциясымен және алғысөзімен Мәскеуден 1974 жылы шыққан "Отандық түркологтардың библиографиялық сөздігі” кітабында Ахмет Байтұрсыновтың туған жылы, өскен ортасы, ата-бабасы, білім алған мектептері, қызмет еткен орындары, әлеуметтік-қоғамдық қызметі, басты еңбектері нақты айтылып, ол "араб алфавиті негізінде жетілдірілген қазақ әліппесінің авторы, қазақ тілінің фонетикасы, синтаксисі, этимологиясы, сол сияқты әдебиет теориясы мен мәдениет тарихы оқулықтарын жазды” деп тарихи тұрғыдан әділ көрсетілді. Кейбір қазақтың "қырағы” оқымыстылары бұл пікірлермен келіспей өз ұлтшылымызды өзіміз әшкерелейміз” деген пікір айтты.   

     Қазақстан азаттық алғанға дейінгі Ахмет  Байтұрсынов туралы жазылған пікірлердің  сілемі осындай. Күрделі тұлғаның өмірі, ғылыми, әдеби мұрасы жайлы тілшілер — Ә.Қайдаров, Т.Қордабаев, Р.Сыздықова, С.Кеңесбаев, әдебиетшілер – Қ.Мұқамедқанов, Р.Нұрғалиев, тарихшылар – К.Нұрпейісов, М.Қойгелдиев, С.Өзбеков, жас ғалымдар – А.Мектепов, Ғ.Әнесов, Б.Байғалиев т.б. еңбектері шыға бастады. Бір томдық шығармалары, үлкен көлемді "Ақ жол” (құрастырған Р.Нұрғали), "Тіл тағылымы” (құрастырған Р.Сыздықова) кітаптары басылды.

    АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВ 

    (1873—1938)

    XX ғасырдың басында қазақ халқы  аса ірі қоғамдық-саяси өзгерістермен  қатар ауқымды рухани жаңғыруларды  да бастан кешті. Ұлттық мәдениет  пен әдебиеттің, білім мен ғылымның туын көтерген, жұртшылықтың санасына демократиялық ойлар сіңіріп, алға жетелеуге ұмтылған зиялы топ қалыптасты. Халықтың зердесіне сәуле түсіріп, санасын оятқан осы топтың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынов еді.

    Қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының, тіл білімінің атасы, ұлы түрлендіруші-реформаторы атанған ол өзінің алдындағы Шоқан, ЬІбырай, Абайлардың ағартушылық, демократтық бағыттарын жалғастыра отырып, өз заманындағы тұтас бір зиялы қауымның төлбасы болды.

    Өмір  жолы. Ахмет Байтұрсынов 1873 жылы 18 қаңтарда қазіргі Қостанай облысының Торғай өңіріндегі Сартүбек деген жерде дүниеге келеді. Әкесі Байтұрсын Шошақұлы намысқой, сергек, еті тірі адам болады. Сол себепті де Байтұрсын мен оның ағайындары патша өкіметінің өкілі — уезд бастығын соққыға жығып, түрмеге қамалады. Бұл оқиға он жасар бала Ахметтің санасына қатты әсер етеді. Мәселенің түп негізін толық ұқпағанымен, ол өмірдегі әділетсіздік пен зорлық-зомбылықты, әлеуметтік теңсіздікті көзімен көріп, көңіліне ой ұялатады.

    Табиғатынан зерек әрі талапты бала Ахмет 1882—1884 жылдары көзі ашық ауыл адамдарынан сауатын ашып, хат таниды да, кейін жақын маңдағы ауыл мектебінде оқиды. 1886—1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныпты орысша-қазақша училищеде, 1891—1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдер даярлайтьш мектепте білім алады. Бұл жылдары ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің үлгісінде жұмыс істейтін, игі дәстүрлері мол жаңаша мектептер саны көбейген болатьш. Міне, осы тәрізді оқу орындарында оқып, сапалы білім алып шыққан Ахмет Байтұрсынов 1895 жылдын 1 шілдесінен өзінің мұғалімдік, ұстаздық қызметін бастайды. 1895—1897 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде ауылдық, болыстық мектептерде, екі сыныптық училищелерде сабақ береді.

    Мұғалім бола жүріп ол қоғамдағы болып жаткан құбылыстарға, әлеуметтік өмірге үңіледі. Халыққа білім берудің жолдарын, қазақ тілі мен әдебиетінің мәселелерін зерттеу мүмкіндіктерін қарастырады. Көп кітаптар оқиды, өз бетімен ізденеді. Әдебиетпен айналысады, өлең-жырларын жазады, ауыз әдебиетінің үлгілерін жинайды, оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлейді. Өзінің білімімен, ақыл-парасатымен ел аузына іліге бастайды. Бостандық аңсаған, күреске үндеген өлеңдер жазады. Соның салдарынан 1910 жылы Қазақстанда тұру құқығынан айырылып, Орынбор қаласына келеді.

    1913—1918 жылдары өзі ұйымдастырған "Қазақ" газетінің редакторы бола жүріп, кең ауқымды әлеуметтік істер атқарады. Газет бетінде халык өмірінің аса күрделі мәселелерін көтереді. Елді оқу-білімге, ілгері ұмтылуға шақырады.

    1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін  қоғамдық өмірге белсене араласқан Ахмет Байтұрсынов қазақ жұртының тәуелсіз мемлекетін құруды мақсат еткен Алаш қозғалысы көсемдерінің бірі болады. Кейінірек Қазакстанның тұңғыш халық ағарту министрі, Қазақстан академиялық орталығының жетекшісі, Алматыдағы, Ташкенттегі жоғары оқу орындарының профессоры қызметтерін атқарады.

    Кеңес өкіметі тұсындағы коммунистік  идеология аласапыранының салдарынан 1929 жылы жазықсыз ұстальш, ұзақ уақыт  түрме мен лагерь азабын тартқан  Ахмет, 1936 жылы елге қайтьш оралғанымен, 1937 жылы қайта тұтқындалып, 1938 жылы атылады.

    Алаш  қозғалысының көсемі ретінде "халық  жауы" деп атылған А.Байтұрсыновтың есімі де, шығармалары да көпке  дейін жұртшылық үшін жабық болды. Тек тәуелсіз Қазақстан жағдайында ғана ақынның шығармалары жарық  көрді, мұралары зерттеле бастады. 1988 жылы ақталғаннан кейін А. Байтұрсынов шығармаларының жинағы (1989), "Ақ жол" кітабы (1991) жарық көрді.

    Шығармашылық  мұрасы. Ірі қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың артында аса мол әдеби, ғылыми еңбектер қалды. Ол өз заманында әрі ақьш, әрі аудармашы, әрі ғалым ретінде танылды. Ахметтің 1909 жылы Петербург қаласында "Қырық мысал" деген атпен жарық көрген алғашқы кітабына негізінен орыс мысалшысы И.Крыловтан аударған аударма мысалдар жинақталды. Бұрын мысал арқылы тұспалдап айтылған ойларын Ахмет 1911 жылы Орынбор қаласында шыққан "Маса" атты өлеңдер жинағында өз сөзімен ашықтан-ашық жария етті. Бұл жылдары ол қазақ тілі мен әдебиетінің әр түрлі мәселелеріне арнап көптеген мақалалар жазып, баспа беттерінде жариялады. Әсіресе 1913 жылы жазыльш, "Қазақ" газетінде жарияланған "Қазақтың бас ақыны" атты мақаласы Ахметті білікті әдебиеттанушы ғалым ретінде танытты. Бұл мақала ұлы Абайдың үлттық әдебиеттің тарихынан алатын орнын айқындауға, ақын шығармашылығына баға беруге арналған тұңғыш ғылыми зерттеу еңбегі еді.

    Әдебиетші Ахмет Байтұрсынов мұрасының  маңызды бір саласы — оның ел аузынан жинап, жүйелеп, баспа бетінде жариялаған ауыз әдебиеті нұсқалары. Атап айтқанда, Ахмет жинаған фольклорлық үлгілер негізінде Мәскеу қаласында 1923 жылы "Ер Сайын" жыры, 1926 жылы "23 жоқтау" кітаптары жарық көрді.

    Ахмет Байтұрсынов қазақ тілінің ұлы  түрлендіруші-реформаторы, теоретигі  әрі қазақ тіл білімі саласына орасан зор еңбек сіңірген көрнекті ғалым болды. Ол араб әріптерінің  негізінде төте жазу үлгісін, яғни қазақтың төл әліпбиін жасады. Өзінің "Оқу құралы" (1912), "Тіл құралы" (1914), "Әліпби" (1924), "Жаңа әліпби" (1926) тәрізді кітаптарында қазақ тілінің ғылыми, теориялық және әдістемелік мәселелерін кеңінен талдап берді. Қазақ тіл білімінде терминдер жүйесін қалыптастырды. Қазақ тілі грамматикасындағы ұғымдар мен категорияларға жаңаша әрі дәл анықтамалар берді.

    "Әдебиет  танытқыш" кітабы. Ахмет Байтұрсынов — қазақ ғалымдарының ішінен шыққан тұңғыш әдебиет теоретигі. Оның әдебиетші ғалым-теоретик ретінде тұлғасын айқындаған басты еңбегі—"Әдебиет танытқыш". Еңбек 1926 жылы Ташкент қаласында басылып шыққан. Бұл кітабында ғалым алғаш рет қазақ әдебиетінің теориялық, методологиялық мәселелерін негіздеп берді. Әдебиеттану ғылымындағы басты ұғымдар мен терминдер жүйесін жасады.

    "Әдебиет  танытқыш" кітабы екі бөлімнен  тұрады. Бірінші бөлімде көркем  әдебиеттің бейнелеу құралдары  мен әдіс-тәсілдері талданса, екінші  бөлімде әдеби жанр түрлері  сөз болады. Тұтастай алғанда,  Ахмет Байтұрсынов өнер атаулыны  екі топқа бөледі. Оның бірі — тірнек өнері, екіншісі — көрнек өнері. Көрнек өнеріне ғалым сәулет (архитектура) өнерін, сымбат (скульптура) өнерін, кескін (живопись) өнерін, әуен (музыка) өнерін және сөз (әдебиет) өнерін жатқызады.

    "Өнердің  ең алды — сөз өнері саналады. "Өнер алды — қызыл тіл" деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық больш, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шама қадарынша сөз өнері атқара алады, қандай сәулетті сарай болсын, қандай сымбатты әрі кескінді суреттер болсын, қандай ән-күй болсын, сөзбен сөйлеп суреттеуге, көрсетуге, таныстыруға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді" деп жазады Ахмет Байтұрсынов.

    Әдебиеттін  көркем бейнелеу құралдары, жанрлары жөнінде  талдау жасай келіп, А.Байтұрсынов олардың, әрқайсысына әлемдік әдебиеттану ғылымындағы атауларға сәйкес дәлме-дәл қазақша балама атаулар береді. Бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымында қолданыльш жүрген ұғымдар мен категориялардың атауларьш термин дәрежесіне көтеріп, қолданысқа енгізген Ахмет Байтұрсынов дейтініміз сондықтан.                                                                          

    Әдебиеттің  жанрларын айқындау, тарихи кезеңдерге, бөліп қарастыру мәселесінде де бұл еңбекте көптеген тұжырымды ойлар айтылады. Бұлардың кай-қайсысы да қазақ әдебиеттану ғылымындағы жаңалық болатын.

Сонымен қатар, "Әдебиет танытқышта" Ахмет  Байтұрсынов аса бай фольклорлық  материалды пайдаланды. Теориялық қисьндарды қазақ ауыз әдебиетінен және баспасөз беттеріндегі қазақ ақын-жазушыларының шығармаларынан алынған мысалдар арқылы бекітіп отырды.     

    Ахмет  Байтұрсынов                                                                

   (1873 - 1938)                                                                        

 

 
        

Балалар, бұл жол басы даналықта,

Келіңдер, түсіп байқап қаралық та!

Даналық  өшпес жарық,                                   

кетпес байлық,

Жүріңдер іздеп тауып алалық та!              

*********************

Кек көрсеттім қазақ деген намысқа,

Жол сілтедім жақын емес алысқа.

Өзге жұрттар өрге қадам басқанда,

Дедім: "Сен де қатарыңнан  қалыспа.                                      

   А. Байтұрсынов

 

    Қазақ тілі білімінің іргетасын қалаушы, ірі-ғалым, ағартушы – педагог, сөз құдіретін  танытқан танымал ақын, қазақ баспасөз тілінің ұлттық үлгісін көрсеткен талантты публицист, туған халқының рухани дүниесін көтеруге көп күш жұмсаған мәдениет қайраткері.  Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жыл 28 қаңтарда қазіргі Қостанай облысы Торғай атырабындағы Сартүбек деген жерде дүниеге келді.   

    1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы 2 сыныпты орысша-қазақша училищеде, 1891-1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдік  мектепте оқып, білім алады. 1895 жылдан  Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы өңірлерінде бала оқытып, әділет үшін күреске араласа бастайды. 1909 жылы  шілде айында патша өкіметінің тыңшыларының жаласымен Семей абақтысына алынып, сотсыз, үкімсіз сегіз ай бойы қамауда жатады. Ақыры Қазақстанда тұру құқығынан айрылып, 1910 жылы наурыз айында Орынбор қаласына келеді.   

    1909 жылы Петербургте «Қырық мысал», 1911 жылы Орынборда «Маса», 1912-1925 жылдар  арасында «Оқу құралы» жеті  рет қайта басылып  ұзақ пайдаланылды. 1914-1916 жылдары «Тіл құрал» атты кітабы басылып шықты. 1913-1918 жылдар – А Байтұрсынов Орынборда шығып тұрған  «Қазақ» газетінің редакторы, 1918-1925 жыл басы – А.Байтұрсынов   Алаш қозғалысының алғы шебінде. 1919-1926 жылдары Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери-революциялық комитетінің мүшесі, Республика оқу-ағарту Халық комиссары, Қазақстан Академиялық Орталығының жетекшісі, Ташкент, Алматы жоғары оқу орындарында профессор болып қызмет атқарды.   

    1929 жылы абақтыға қамалып, 1936 жылы  босатылады.  1937 жылы 8 қазанда қайтадан тұтқынға алынып, репрессия құрбаны болады.  

 
 
Өмірбаяны

Ахмет Байтұрсынов  ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист-педагог, аудармашы, қоғам қайраткері.

Туған жері — бұрынғы Торғай уезінің  Тосын болысы (қазіргі Қостанай облысының  Жангелдин ауданындағы Ақкөл  ауылы).

1882—84 жж. ауыл мектебінде оқыды. 1890 ж. Торғайдағы екі кластық, орыс-қазақ училищесін, 1895 ж. Орынбордағы   мұғалімдер мектебін бітірген.

1895—1909 ж. Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі  мектептер мен орыс-қазақ училищелерінде  мұғалімдік қызмет атқарады.

1909 ж. патша  үкіметінің саясатына наразылық  білдіргені үшін Семей түрмесіне  жабылып, 1910 ж. жер аударылды.

913 ж. Орынборда  «Қазақ» газетін ұйымдастырып, 1917 жылдың аяғына дейін оның редакторы  болды.

Патша үкіметі  құлатылғаннан кейін ұлт-азаттық  қозғалыс күшейеді. 1918-19 жж. Алашорда қатарында болады. 1919 ж. маусымның 24 Қазақ өлкесін басқаратын Әскери-революциялық комитеттің мүшелігіне тағайындалады.

1922-25 жж. Қазақстан  Халық ағарту комиссариаты жанындағы  ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы, Халық ағарту комиссары, Бүкілресейлік ОАК-ның, ҚР ОАК-нің мүшесі, Түркістан Компартиясы ОК-нің органы «Ақ жол» газетінде қызметкер.

1925-29 ж. Қазақ  халық ағарту институтында (Ташкент)  және ҚазПИ-де оқытушы болды.

1929 ж. маусымында  қамауға алынып өзі Архангельск облысына жер аударылған, ал жұбайы мен қызы Томскіге жіберілген. 1934 ж. Қызыл Крест комиссиясында қызмет еткен Е. Пешкованың (Максим Горькийдің зайыбы) қолдаухатымен Ахмет Байтұрсынұлы босатылған. Сол кезде ол жанұясымен бірге Алматыға қайта оралған. 1937 ж. қазан айында Ахмет Байтұрсынұлы тағы да қамауға алынған, екі айдан соң, желтоқсанның 8 «халық жауы» есебінде атылған.

Сәкен Сейфуллин  баға беріп, Ахмет Байтұрсынұлы туралы былай депті:

…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды… халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті.

Мұхтар Әуезов депті:Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны –  «Қырық мысал», «Маса» ; «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын.

Бірақ зорлықпен, күшпен дегенін болдырып үйренген большевиктер бұл ақиқатты теріске шығарып, оның есімін де, еңбегін де тарихтан өшіруге тырысып бақты. Оны бар ғұмырын адал қызмет етуге арнаған туған халқына жау етіп көрсетіп, «халық жауы» деген жалалы жамылғыны жауып, атқызды, атын атағандарды қуғынға салды. Бәрібір олар мақсатына жете алмады. Жала – бұлт, шындық – күн екен, заманы қайта туып, шындықтың шұғыласы өз нұрын төкті. Ұлтын сүйген ұлтжанды Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы өз халқымен қайта табысты.   

Шығармалары

Байтұрсынұлы  шығармашылық жұмысын өлең жазудан  бастаған. Онда ол еңбекші халықтың ауыр халін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын көрсетіп, жұртшылықты оқуға, білім-ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, еңбек етуге шақырады. Патшалық Ресейдің қанаушылық-отаршылдық саясатын, шенді-шекпендінің алдында құлдық ұрған шенеуніктердің опасыздығын сынады.

Ақынның алғашқы  өлеңдері «Қырық мысал» атты аударма  жинағында 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық  көрді. Бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың  ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсайды. Ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған.Байтұрсынұлының екінші кітабы — «Маса» (1911). Бұл кітапқа енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады. Көптеген өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес болды. Ол Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырған дәстүрлерді, гуманистік, демократиялық бағыттағы өрісті ойларды өзінше жалғастырушы ретінде көрінді. Қоршаған ортаға ойлана, сын көзімен қарайды, қоғам қалпына көңілі толмайды. «Қазақ салты», «Қазақ, қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» т.б. өлеңдерінің мазмұны осыны танытады. Кітаптың ішкі сазы мен ой өрнек, сөз орамы қазақ поэзиясына тән өзіндік жаңалық, ерекше өзгеріс әкелді.   

Әдебиеттану

Халық ауыз әдебиетінің  үлгілерін жинап жарыққа шығаруда Байтұрсынұлы зор еңбек сіңірді. Әдебиет саласындағы алғашқы  зерттеуі деп оның «Қазақ» газетінің 1913 жылғы үш санында шыққан «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласын атауға болады. Онда қазақ халқының рухани өмірінде Абайдың аса ірі тұлға екені, өмірбаяны, шығармаларының мазмұн тереңдігі, ақындық шеберлігі, поэтикасы, орыс әдебиеттерімен байланысы туралы ойлы пікірлер айтылған, ақын мұрасының эстетикалық қадір-қасиеттері ашылған. Қазақтың эпостық жыры «Ер Сайында» алғы сөз бен түсініктемелер жазып, оны 1923 ж. Москвада шығарды.

Қазақ ауыз әдебиетінде  молынан сақталған жоқтау-жырларын арнайы жүйелеп, сұрыптап, 1926 ж. «23 жоқтау» деген атпен жеке кітап етіп жариялады. Байтұрсынұлының қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдебиет тарихы жөніндегі тұңғыш көлемді еңбегі — «Әдебиет танытқыш» (1926). Мұнда көркем сөз өнерінің табиғаты, сыры, мазмұны, ерекшеліктері, жанрлары, жаңа терминдер, ұғымдар жайлы жан-жақты зерттеулер, тұжырымдар сөз болды. Бұл еңбегінде Байтұрсынұлы ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің әлеуметтік, қоғамдық мән-маңызын ашудан гөрі адамгершілік, эстетикалық әсемдік әуенін талдауға көбірек көңіл бөлген. Сондай-ақ мұнда жазба әдебиеттегі ағымдар, әдістер туралы ой-түйіндер айтылған. Кітаптың бірінші бөлімі «Сөз өнерінің ғылымы» деп аталады да, онда көркем сөздің толып жатқан қыры мен сыры, тараулар мен тармақтар, тіл әуезділігінің қыруар шарттары, «сөздің өлең болатын мәнісі», өлең айшықтары, «шумақ түрлері», «тармақ тұлғалары», «бунақ буындары», «ұйқастығы» т.б. сөз етіледі.

Екінші бөлімі «Қара сөз бен дарынды сөз  жүйесі» деп аталады да, көркем қара сөз табиғаты, оның тараулары  — шежіре, заман хат, өмірбаян, «мінездеме», тарихи әңгіме, «әліптеме, әліптеу тәртібі — мәнді әліптеме, сәнді әліптеме, жол әліптемесі, байымдама, байымдау әдістері, түрлері — пән, сын, шешен сөз, оның түрлері, саясат шешен сөзі, білімді шешен сөзі, уағыз көркем сөз» деп жүйелеп келіп, әңгіме, романға сипаттама береді. Еңбектің «сындар дәуірі, онда шығарма түрлері» атты тарауы өте маныз-ды. Онда сыншыл реализм туралы алғашқы пікірлер нышанын кездестіруге болады.

Байтұрсынұлы  Еуропа жұртындағы сындар әдебиетінің  бай тәжірибесін меңгеруге бет алушылық, қазақ көркем сөз ізденістерінде сәйкестік, үйлесімділік тапқанын айтады. Байтұрсынұлы әдебиет зерттеушісі ретінде қазақ әдебиетінің даму процесін жеке дара бөліп қарамай, барлық халықтар әдебиетіне ортақ сипаттармен ұштастыра талдауға тырысады.

Байтұрсынұлының жыраулардың мұрасын жетік білетінін  осы еңбегінен айқын көреміз. Сөз өнерінің көне дәуірдегі үлгілері, 15-17 ғ-лардағы жыраулар поэзиясының  біразы ақын назарына іліккен. Асан Қайғы, Нысанбай жырау, Бұдабай ақын, Наурызбай  би, Құбыла ақын, Жарылғап ақын, Алтыбас, Ақмолда, Әбубәкір, Шортанбай, Байтоқ, Сүгір ақын, Мұрат, Досжан, Орынбай, Шернияз т, б. ақын-жазушылар шығармаларынан үзінділер бар.  

Аудармалары

Байтұрсынұлы  қалдырған бай мұраның тағы бір  саласы — көркем аударма. Ол орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, көркем қазынаның бұл саласын байытуға мол үлес қосты. И.А. Крылов мысалдарының бір тобын қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» деген атпен жеке жинақ қылып бастырды. И.И. Хемницердің «Атпен есек», А. Пушкиннің «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш», «Ат», «Данышпан Аликтің ажалы» шығармаларын, орыстың белгілі лирик ақыны С.Я. Надсонның өлеңін қазақ тіліне аударды.  

Түркітану

Байтұрсынұлы  тілші-ғалым ретінде қазақ тілінің  табиғаты, өзгешеліктері, араб әліпбиінің жайы, терминдер, қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы мақалалар жазды.

1926 ж, Бакуде  болған түркітанушылардың Бүкілодақтық 1-съезіне қатысып, «Түркі тілдеріндегі  терминология жайлы» деген тақырыпта  баяндама жасады. Байтұрсынұлы қазақ  балаларының ана тілінде сауатын ашуына көп күш жұмсады. Осы мақсатта «Оқу құралы» (1912), «Тіл құралы» (1914); ересектердің сауатын ашуға арнап «Әліпби» (1924), «Жаңа әліпби» (1926) атты оқулықтар мен тың еңбектер ұсынды. Қазақ грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша ғылыми термин жасап, морфологиялық тұлға-тәсілдерді жаңаша талдау, жаңаша анықтамалар берді. Қазақ фонетикасы мен грамматикасын талдауда тілдің типологиялық ерекшеліктері мен өзіндік даму барысын ескеру принципін ұстады.

Байтұрсынұлы  қазақ тіл білімін 20 ғ-дың бас кезінде қалыптастырып, оның ірге тасын қалады. Араб графикасына негізделген қазақ жазуының реформаторы болды. 

А. Байтұрсыновтың өмірі мен қызметі