Бағалы қағаздар туралы Қазақстан Республикасының қазіргі заңдары

МАЗМҰНЫ

 

КІРІСПЕ....................................................................................................................3

 

І БӨЛІМ. БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАРДЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫ

1.1 Бағалы  қағаздардың түсінігі...............................................................................5

1.2 Бағалы  қағаздар нарығы пайда болуының  құқықтық негіздері......................9

 

ІІ БӨЛІМ.  БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАРДЫҢ ТҮРЛЕРІ

2.1 Акция  түсінігі және түрлері..............................................................................15

2.2 Облигациялар, олардың акциядан  айырмашылықтары және облигациялардың  түрлері.......................................................................................16

2.3 Вексель – төлем міндеттемесі..........................................................................17

 

ІІІ БӨЛІМ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР ТУРАЛЫ ЗАҢДАРЫ

2.1 Бағалы  қағаздар туралы Қазақстан Республикасының  қазіргі заңдары.......20

2.2 Бағалы қағаздардың нормативтік құқықтық базасы......................................22

 

ҚОРЫТЫНДЫ......................................................................................................25

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ..................................................27

ҚОСЫМША

 

 

 

 

 

 

 

 

КІРІСПЕ

 

Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңдылығы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделген және Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінен, 2 шілде 2009 жылғы «құнды қағаздар нарығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңынан және басқа Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерден тұрады. Егер де Қазақстан Республикасы қол қойған келісімшарттарда заңда қарастырылғаннан басқа ережелер бекітілген болса, онда халықаралық келісімшарт ережелері қолданылады.

Курстық жұмыстың өзектілігі: Қазақстанда Азаматтық құқықтағы бағалы қағаздарды толық қалыптастыру үшін ұлттық өндіріс пен ішкі ұлттық нарық жүйесін қалыптастырып тереңдету керек. Қазақстан экономикасының өндірістік құрылымын қайта құрып жетілдіру мәселесі тұрғындардың қолындағы сақталған қаржы ресурстарын жұмылдырып экономиканың реалды секторына жұмсауды қажет етеді. Кіріс министрлігі мен Салық комитеті мамандарының пікірінше Қазақстан тұрғындарының қолында айналымға тартылмаған 2-3 млрд доллар нақты қаржы қорлары бар екен. Осы қорларды инвестицияға айналдыру үшін Қазақстандағы банкілердің мүмкіншілігін нығайтып, олардың салымшыларға беретін сақтандыру кепілдіктерін жоғары деңгейде көтеру қажеттілігі туындап отыр.

Курстық жұмыстың мақсаты: бағалы қағаздар түсінігін қалыптастыра отырып, пайда болуының құқықтық негізін, бағалы қағаздардың түрлерін, бағалы қағаздар туралы нормативтік-құқықтық актілерді талдау.

Курстық жұмыстың міндеттері:

  • Бағалы қағаздар түсінімен толықтай танысу;
  • Бағалы қағаздар нарығы пайда болуының құқықтық негізін қарастыру;
  • Акция, облигация, вексель ұғымдарына тоқталу;
  • Бағалы қағаздар туралы Қазақстан Республикасының Заңдарын талдау.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын құру және оны одан әрі өрістету мақсатында қажетті шараларды жасауда Қазақстандағы меншікті мемлекет иелігінен алу және жеке меншіктендірудің Ұлттық бағдарламасы бағалы қағаздар нарығының негізгі элементтерін құру процесін жеделдетті. Мемлекеттік кәсіпорындарды акционерлік қоғамдар түрінде қайта құру олардың инвестиция тартудың ең бір тиімді механизмдерінің бірі – акция шығаруды пайдалану мүмкіндігін ашты. Бағалы қағаздар нарығының механизмі экономиканың барлық субъектілеріне инвестиция көздерін алуға мүмкіндік жасайды. акция шығару осы ресурстарды шектеусіз алуға мүмкіндік туғызса, ал облигация шығару ақша ресурстарын, оларды банктерден алудан гөрі, тиімді жағдайда алуға мүмкіндік береді.

Курстық жұмысым кіріспеден, ІІІ бөлімнен, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады. І бөлімде бағалы қағаздар түсінігі, бағалы қағаздар нарығын құқықтық қамтамасыз ету жайында қарастырдым. ІІ бөлімде бағалы қағаздардың түрлері, соның ішінде акция, облигация, вексель бағалы қағаздарына тоқталып, сипаттама бердім. ІІІ бөлімде бағалы қағаздар туралы Қазақстан Республикасының заңдары жайында қарастырдым.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

І БӨЛІМ. БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАРДЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫ

 

1.1 Бағалы қағаздардың түсінігі

Азаматтық құқықтың объектілерінің бірі бағалы қағаздар болып табылады. Азаматтық кодекстің 129-бабында оған мынадай анықтама берілген: белгіленген нысан мен міндетті реквизиттерді сақтай отырып, жүзеге асырылуы тек оны көрсеткенде ғана мүмкін болатын мүліктік құқықтарды куәландыратын құжат бағалы қағаз болып табылады. Осындай анықтамадан бағалы қағаздың ерекше сипаты шығады, ол атап айтқанда:

а) бағалы қағаз — түрі және мазмұнымен заң талаптарына қатаң бағынатын құжат. Мәселен, бағалы қағаздармен куәландырылатын құқықтардың түрлері, бағалы қағаздардың міндетті реквизиттері, бағалы қағаз нысанына талаптар және басқа да қажетгі талаптар заң құжаттарымен немесе соларда белгіленген тәртіп бойынша бейнеленеді. Ал, міндетті реквизиттерінің болмауы немесе бағалы қағаздың ол үшін белгіленген нысанға сәйкес келмеуі оның жарамсыз болуына әкеліп соқтырады;

ә) бағалы қағаз оның иеленушісінің мүліктік құқығын куәландырады;

б) бағалы қағаздағы құқықты жүзеге асыру үшін оны көрсеткенде не бергенде ғана құқық іске асырылады. Айталық бағалы қағазда жасалған индоссамент бағалы қағазбен куәландырылған барлық құқықтарды бағалы қағаз бойынша құқықтар берілетін адамға — индоссантқа немесе соның бұйрығына ауыстырады. Индоссамент бланкілік болуы мүмкін (орындауға тиіс адам көрсетілмейді).

Бағалы қағазбен куәландырылған құқықтарды жүзеге асыру, бұл құқықтарды индоссантқа бермей-ақ индоссаментке тапсырумен ғана шектелуі мүмкін. Бұл жағдайда индоссант өкілі ретінде әрекет жасайды (АК-тің 132-бабы).

Азаматтық кодекс бағалы қағазды құжаттаумен бірге оны зат деп те көрсетеді. Өйткені, кез келген құжаттың түп-төркіні материалдық дүниеге қатысты келеді. Сондықтан да онда көрсетілген әріп таңбалары мен сандары, тасқа басылып не қолмен жазылған жазбалары осы құжат туралы тиісті ақпарат береді. Сонымен бірге кез келген құжаттың бағалы қағаз бола алмайтыны тағы бар, тек заңмен белгіленген шарттық белгілері сақталғаны бағалы қағаз құқығын алады.

Бағалы қағаздың міндетті реквизиттері арнайы нормативтік құқықтық құжаттарында көрсетілген (оның атауы, сериясы, нөмірі, өтініш жасау мерзімі, субъектінің қағаз бойынша керсетілген міндеті, нормалдық құны, кіріс көлемі немесе марапаттау (пайыздар), қағаз бойынша орындалу орны және басқа шарттар) талаптар болып табылады. Мұндай талаптар түгелдей сақталмаса, яғни бағалы қағаздың міндетті реквизиттерінің болмауы немесе бағалы қағаздың ол үшін белгіленген нысанға сәйкес келмеуі оның жарамсыз болуына әкеліп соқтырады (АК-тің 131-бабының 2-тармағы).

Бағалы қағаздар зат ретінде бірнеше түрге бөлінеді, әрі иеленушісінің талап-мүддесіне сәйкес бланк, қағаз парақшасы түрінде кездеседі. Бағалы қағаздың құны тиісті материалдық игіліктің құнына негізделеді.

Азаматтық кодекстің 130-бабы мүліктік құқықтар куәландыратын мазмұнына қарап бағалы кағаздарды облигация, коносамент, акция және заң актілерінде немесе соларда бекітілген тәртіппен бағалы қағаздар қатарына жатқызылған басқа да құжаттар деп негізгі түрлерге бөледі. Кодекстің 130-бабының 2-тармағына сәйкес, бағалы қағаздар іштей ұсынбалы, атаулы және ордерлік болып жіктеледі. Ұсынбалы бағалы қағаздар құжаттың тұпнұсқасы болады, ал тұпнұсқаны ұсынушы келесі тұлғаға көрсеткен сәтте өзінің өкілеттілігін жүзеге асырады. Демек ұсынбалы бағапы қағаздар онда көрсетілген мерзімде нақты құнымен басқа мүліктік балама алуға құқық береді. Бағалы қағаздың мәтінінде оны ұсынушы үшін нақты тұлғаның есімі көрсетілмейді, тек бұл құжаттың бағалы қағаз екендігі ғана айқындалады (мысалы, облигация).

Ордерлік бағалы қағаз да құжат болып табылады, ол бойынша міндетті субъект құжат мәтінінде көрсетілген тұлғаға міндеттенген нәрсені орындауды ұсынады, немесе өзі де белгіленген ереже бойынша құжат мәтінінде көрсетіледі. Ордерлік бағалы қағаз құқықтың субъектісі болып табылатын белгілі бір тұлғаға беріледі.

Сонымен бір мезгілде мүліктік құқықтың айналым қабілеттілігін жақсарту мақсатында ордерлік қағаздар үшін оны тапсырудың ерекше механизмі жасалған. Ордерлік бағалы қағаз бойынша құқықтар бұл қағаз берілген жазу — индоссамент арқылы беріледі. Борышқор бұл талапты міндетті түрде сақтауы тиіс. Ордерлік бағалы қағаз бойынша құқық берілетін адам (индоссант) құқықтың болуы үшін ғана емес, оның жүзеге асырылуы үшін де жауапты болады. Индоссамент құжатта (әдетте сыртқы бетінде) жазылады және оның екі түрі болады, яғни бірінде иесі аталып, құқық мирасқорының аты жазылады, ал екінішісі әлгі айтқандай, бланктік болады, онда бағалы қағаздың тапсырылғаны туралы жазылады, бірақ құжаттың жаңа иесінің аты көрсетілмейді.

Бағалы қағаздың ордерлік түрін иеленуші индоссамент бланкісімен қоса құжатты берерде бағалы қағазды ұсынушыға тапсыру тәсілін таңдап, бағалы қағазды табыстауға, бағалы қағазды басқа адамға атаулы индоссамент бойынша тапсыруға және индоссаментке өзінің атьш жазуға құқылы болады.

Бланктік индоссаментке қандай да бір атауды енгізумен бағалы қағаздарды ұсынушыға беру тәсілі құжатты тапсырғанға дейін жүзеге асырылады.

Бағалы қағазды тапсыру кезінде жазылатын жазулар ретімен жазылады. Ал мүліктік құқықты тапсыруда ордерлік бағалы қағаз қолданылады. Құжаттың иесі құжаттың тұпнұсқасындағы міндеттерді орындау үшін ұсынарда индоссаментттердің реті бұзылып кетсе, одан бас тартуға құқылы. Бұл реттердің үзілмеуі база формальдық белгілермен айқындалады, аталған индоссамент бойынша берілетін құжаттың атымен қатар бағалы қағазда қабылдаушының да аты жазылады.

Ордерлік бағалы қағаз жоғалып кетсе, оған оны ұстаушының өзі жауап береді. Ордерлік қағаздың иесі айрылып қалған құжаты кімнің қолында екенін білсе, кұжатты қайтаруға ликдикациялық талап қоюға құқылы. Егер кейінгі индоссамент бланктік болса, жоғалған құжатқа құқық меншігін дәлелдеу іс жүзінде мүмкін болмайды. Мұндай қағазды жоғалтқанда оның орындалуына да үміт аз. Ал ордер қағазы жойылып кетсе, онда құжаттың балама данасын беруге болмайды.

Атаулы бағалы қағаз — бұл мүліктік сипаты бар құжат, оның иесі кім екендігі құжаттың мәтінівде көрсетіледі. Яғни атаулы бағалы қағаз бойынша құқықты талап ету сонда көрсетілген адамға ғана тиесілі болады.

Азаматтық кодекстің 130-бабында бағалы қағаздардың әр түрінің белгілерін қамтитын бағалы қағазды шығару көзделген. Оған мысал ретінде атаулы түрін ұстаушының жүргізуін талап ететін "Бағалы қағаздар нарығы туралы" Заңның 34-бабының нормасын келтіруге болады.

Эмиссиялық бағалы қағаздарды топтастыру мемлекеттік және мемлекеттік емес деп бөлінетін болғандықтан оның заңдық маңызы болады. "Бюджет жүйесі туралы" және "Мемлекеттің кепілімен қарыз алу және мемлекеттік борыш туралы" зандарға сәйкес мемлекеттік бағалы қағаздар мемлекеттің шеттен алуына орай ішкі және сыртқы инвесторларда шығарылады (олар шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың заңды және жеке тұлғалары болып табылады). Оны шеттен алу Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе Ұлттық банк арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару негізінен алғанда республикалық бюджеттің жетіспеуіне байланысты. Қазақстан Республикасы бағалы қағаздарды әлемдік нарықтарға шығарады (еврооблигациялар), сондай-ақ Қазақстан аумағында қазыналық міңдеттемеде және қазыналық облигацияда жүреді. "Бағалы қағаздар нарығы туралы" Заңның 14-бабына сәйкес мемлекеттік бағалы қағаздар эмиссиясын жүзеге асыру тәртібі және эмиссия көлемі арнаулы заңмен реттеледі. Мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар эмитентінің жарғылық капиталын қалыптастыру үшін шығарылады немесе заемдык қаржыны тарту мақсатында да қолданылады, ал олардың эмиссияларының тәртібі "Бағалы қағаздар нарығы туралы" Заңмен реттеледі.

Бағалы қағаздар женіндегі қазіргі қолданылып жүрген заңдар құжатталмаған бағалы қағаздар ұғымына сәйкестендірілген. Азаматтық кодекстің 135-бабында құжатталмаған бағалы қағаздардың мүліктік құқықтарының бірнеше түрі келтірілген.

Құжатталмаған құнды қағаздар шын мәнінде бағалы қағаздың мазмұнын куәландыратын мүліктік құқы болып есептеледі. Ондай бағалы қағаздармен құқықтық қатынасқа түскен кезде оның тізілімдегі жазбаға енгізілуі жарамды бола береді.

 

1.2 Бағалы қағаздар нарығы пайда болуының құқықтық негіздері

Кез келген заңның мазмұны қоғамда орын алып және одан әрі дамып келе жатқан экономикалық құбылыстарға сай болуы шарт. Себебі құқықтық нормаларды шығару белгілі бір экономикалық мүдделерге қызмет көрсетуге бағытталған. Қазақстан халық шаруашылығын дамытудың «кеңестік» үлгісінен экономиканың еркін өркендеуінің нарықтық үлгісіне өту кезі құқықтық негізді түбегейлі реформалау арқылы нарықтық қатынастарды дамытуға жол ашатын заң шығару қажет етеді. Әлбетте мұндай реформа жүргізудің мақсаты – осы тұрғыда тіпті жаңа заң шығару емес, революцияға дейінгі Ресей империясы мен Кеңес мемлекетінің жаңа экономикалық саясат кезінде орын алған құқықтық институттарды қалпына келтіру және нарықтық үлгімеен дамыған өркениетті мемлекеттердің (мысалы, АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Жапония және т.б.) тәжірибесін үйреніп, оны мемлекетіміздің экономикасын реттеуге бейімдендіру.

Бағалы қағаздар нарығын құқықтық қамтамасыз ету деген мемлекеттік органдардың бағалы қағаздар айналасы тиімді және мағыналы болуы үшін белгілі бір жағдай жасайтын заңдар шығару. Сол заңдардың мемлекет мүддесі мен халық керегін қанағаттандырып бет алған қоғамның объективті экономикалық талаптарына сай келуі. Қазіргі кезде Қазақстанның заңдарына мемлекетіміздің егемендік алғанынан бергі шыққан заңдар, Президентіміздің жарлықтары және үкіметтің қаулылары, сонымен қатар бағалы қағаздар жөніндегі Ұлттық комиссияның құқықтық актілері жатады. Бағалы қағаздар нарығын құқықтық ережелермен қамтамасыз ету мәслесіне ақшалы қарыз міндеттемелерінің айналысы (яғни оларды сату және сатып алу) және белгілі бір ұйымдық-құқықтық түрде құрылған шаруашылық субъектілерін басқару мен олардың меншігіне қатынасу құқығы кіреді. Бағалы қағаздар нарығындағы мүліктік құқық олар туралы шыққан заңдарда көрсетілген ерекше құжатпен расталады. Ол құжат бағалы қағаздар деп аталады. Бірақ олардың кейбірі азаматтық-құқықтық қатынастармен расталғанымен бағалы қағаздар нарығына айналысқа түспейді. Мысалы, Қазақстан заңдары бекіткен – ипотекалық куәліктер, сол сияқты коносамент және тауарларды орналастыру құжаттары тауар нарығына айналысқа түседі. Ал бағалы қағаздар нарығы қаржы нарығының құрамдас бөлігі. Қаржы нарығы капитал нарығы мен ақша нарығынан құрылатындықтан бұл жерде осы аталған екі нарықтың құқықтық қамтамасыз етілуі сөз болады.

Бағалы қағаздар туралы қазіргі Қазақстан заңдары біраз кезеңнен өтті.

1917 жылы  Қазан революциясына дейін Қазақстан  Ресей империясының бір бөлігі  болғандықтан ХVІІІ-ХІХ ғасырларда  қазақ даласында азаматтық және  сауда қатынастары орыстың саудалық-құқықтық  ережелерімен реттелді. Революциядан  кейінгі Кеңес үкіметінің алғашқы  онжылдықтарында аталған қатынастар РСФСР-дың азаматтық заңдарымен жүргізілді. Сол кезде бағалы қағаздардың айналысына толық құқықтық мүмкіндіктер туғызған жаңа экономикалық саясатқа байланысты шығарылған заңдар болды. Атап айтқанда, ақша нарығында вексель және чектер, яғни қысқа мерзімді төлем құралдары сауда келісімінде кеңінен қолданылды. Олармен қатар тауарларды сақтау, жылжымайтын мүліктерді сатып алу-сату келісіміндерінде қоймалық, кепілдік куәліктер және тағы басқа бағалы қағаздар қолданылды. Заң жүзінде бағалы қағаздар туралы жалпы ұғым болғанымен, бұл айтылған қағаздардың өндірісті ұйымдастыру үшін қаражат жинауға мүмкіндігі жоқ. Ал негізгі бағалы қағаздарды, яғни акциялар мен заңды тұлғалардың облигацияларын шығаратын және қор биржалары мен бағалы қағаздар нарығының кәсіби делдалдары туралы құқықтық негіз болмады. Себебі делдалдар социолизм және коммунизм идеяларына жат элементтер деп есептелді.

1977 жылы  қабылданған КСРО Конституциясында  да жеке меншік, еркін кәсіпшілік  іс-әрекеттері қаралмағандықтан  айналымға акциялар, облигациялар  шығаратын акционерлік қоғамдар  және басқа шаруашылық кәсіпорындары  мен шаруашылық серіктестерін  құру туралы құқық болған жоқ. Алайда, мемлекеттің «өз ішінде»  айналымға түсетін мемлекеттік  облигациялар шығарылып, олар бағалы  қағаздар деп аталды. Мемлекетке  де облигация сатып, ақша тарту, халыққа да облигацияны сатып  алып, аз болса да не проценттік  өсім, не ұтыс алу тиімді болды. Бірақ ол облигациялардың қолдан-қолға өтіп, сату-сатып алу айналысы, яғни бағалы қағаздармен «ойын» ұйымдастыратын қызығушылық ынта болмады. Себебі, мұнда азаматтық құқықтың негізі – келісім еркіндігі сақталған жоқ, яғни облигациялар міндетті түрде күшпен жалақының бір бөлігінің орнына берілді.

Дегенмен КСРО халықаралық сауда-есеп айырысуында төлем қаржысы ретінде вексельдер, чектер және сол сияқты төлем құралдарын кеңінен пайдаланды.

Заң шығарудың келесі кезеңі – экономиканы қайта құру идеясы өндірісті қосымша инвестициялау көздерін табу, кәсіпшіліктің тиімділігін арттыру, сол сияқты азаматтардың өз бетімен шаруашылық жүргізуге қызығушылығын арттыратын механизмін құру жолдарын табу керектігін меңзеді. Осы кезде КСРО Министрлер Кеңесінің 1990 жылғы 19 маусымындағы шешімі «Бағалы қағаздар туралы» Ережені бекітті, одан кейін 1991 жылғы 31 мамырда Кеңес Одағы және Одақтас республикалар жаңа Азаматтық заңдардың Негіздерін қабылдады. Оның толық бір тарауы бағалы қағаздар туралы ұғымға және оның түрлеріне, сол сияқты бағалы қағаздарды басқа біреуге беру ережесінің негіздерін бекітуге арналған. Бағалы қағаздар туралы дәл осы Негіздер 1993 жылдың 30 қаңтарында Қазақ КСР-ның Жоғары кеңесінің «Экономикалық реформа жүргізу кезінде азаматтық құқық қатынастарын реттеу туралы» қаулысы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексін қабылдағанша өз күшінде болды.

Қазақстанда 1990-1994 жылдары бағалы қағаздар шығарып және оларды нарықта сатуға мүмкіндік беретін жоғарыда айтылған.

Азаматтық заңдардың негіздерінде бірсыпыра құқықтық актілер қабылданды. Олар:

  • 1991 жылдың 21 маусымындағы «Шаруашылық серіктестіктері және акционерлік қоғамдар туралы» Қазақ КСР-ның акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер құрып, олардың өз жұмысын қаржыландыру үшін акциялар мен облигациялар шығаруына мүмкіндік беретін заң;
  • 1991 жылдың 11 маусымындағы «Бағалы қағаздар айналымы және қор биржасы туралы» бағалы қағаздарды шығаруды реттеуге, оларды тіркеуге, бағалы қағаздар нарығындағы делдалдық қызметті лицензиялауға, қор биржасын құруға және оның жұмыс істеуіне рұқсат беретін заң;
  • 1991 жылдың 13 қарашасындағы Қазақ КСР-ның Министрлер Кабинетінің қаулысы бекіткен «Бағалы қағаздар туралы» Ереже шығарылатын бағалы қағаздардың түрлерін және олардың әрқайсысында  жазылатын мағлұматтарды белгіледі;
  • Осы нормативтік актілер негізінде шығарылған ережелер жиынтығы мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару, заңды тұлғалар шығарған бағалы қағаздардың эмиссиясын мемлекеттік тіркеу және басқа да құжаттарды шығару тәртібін белгіледі;
  • Мүлікті меншігінен алу және жеке меншіктендіру арқылы кәсіпорынды акцияландыру, сол сияқты инвестициялық қорлардың жұмысын реттеу туралы бірсыпыра заңдар мен ережелер;
  • Вексельдер, банктік (депозиттік) сертификаттарды шығаруды және оларды айналымға түсіруді, сондай-ақ банктік қызмет көрсетуді реттейтін Қазақ КСР-ы Мемлекеттік банкінің ережелері.

Сол жылдары кейбір акционерлік қоғамдар алғашқы акцияларын шығарып, оларды айналысқа түсірді. Сонымен бірге қор биржалары және тауарлы-қор биржалары құрылды. Бағалы қағаздар нарығының алғашқы кәсіби мамандары пайда бола бастады.

Шығарылған актілерді қолданудың нәтижесінде Қазақстанда бағалы қағаздар нарығын қалыптастыру идеясын іске асырудың алғашқы қадамдары жасалып, бұл жүйеде аз да болса, тәжірибе жинақтап және оның мәнін түсінуге мүмкіндік туындады.

Өз тәжірибеміз бағалы қағаздар нарығында мемлекеттің атқаратын рөлін көрсетті. Бір уақытта ол әрі бағалы қағаздардың эмитенті, әрі инвесторы, әрі бағалы қағаздар нарығын реттеуші және ондағы қатынастарды бақылаушы субъект ретінде өзінің әртүрлі органдары ретінде қатынасады. Айта кететін жәйт, мемлекеттік орган басқа жақпен әрі «ойынға» қатысушы, әрі өзіне де ойынға басқа қатынасушыға да ойынның ережесін шығаруына құқығы жоқ. Сондықтан 1994 жылдың 20 наурызындағы Республика Президентінің «Бағалы қағаздар нарығын қалыптастыру шаралары туралы» жарлығы бағалы қағаздар нарығындағы қатынастарды реттейтін және бақылайтын мемлекеттік орган ретінде бағалы қағаздар жөніндегі Ұлттық комиссияның ережесін бекітті.

Бұл жарлық 1991 жылғы: «Бағалы қағаздар айналымы және қор биржасы туралы» Заңды және «Бағалы қағаздар туралы» Ережені жойды. 1994 жылдың алты айы бойы Қазақстанның бағалы қағаздар нарығы құқықтық қамтамасыз етілмеген жағдайда қалды. Тек 1994 жылдың 3 қазанындағы Министрлер Кабинетінің қаулысымен «Бағалы қағаздар туралы» уақытша ереже бекітілді. Ол Қазақстан бағалы қағаздар нарығын дамытудың құқықтық негізі ретінде 1995 жылдың сәуіріне дейін пайдаланылды. 1995 жылдың қаңтарында Республика Президенті Бағалы қағаздар жөніндегі Ұлттық комиссиясының төрағасымен оның төрт мүшелерін бекітуі және осы мемлекеттік органның атқару комитетінің құрылуы бағалы қағаздар нарығын қалыптастырудағы асулы кезең болды. Дәл осы уақыттан бастап Ұлттық комиссия өзіне бекітілген қызметтерді атқаруға кірісті.

Сөйтіп, 1995 жылдың сәуірінен Қазақстанда бағалы қағаздар нарығын дамытудың және оның құқықтық негіздерін қалаудың қазіргі кезеңі басталды. Осы кезде негізгі нормативтік-құқықтық актілер қабылданып, Алматы қаласында салтанатты жағдайда Орталық Азия қор биржасы ашылды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ІІ БӨЛІМ. БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАРДЫҢ ТҮРЛЕРІ

 

2.1 Акция түсінігі және түрлері

Акция – үлесті немесе меншікті куәландыратын бағалы қағаз. Ол иемденушісіне компанияның капиталының, мүлкінің, кірісінің бір бөлігіне заң жүзінде меншік құқық береді. Компания қанша уақыт жұмыс істеп тұрса, акция да сонша уақыт қолданылады. Бірақ осы уақыт ішінде акцияның иесі сан рет өзгеруі мүмкін. Акционерлердің акцияны шығарған компанияға қайтаруға құқы жоқ.

Акцияны шығару мына жағдайда болады:

  • Меншікті акцияландырғанда, яғни акционерлік қоғам құрып, оның жарғылық капиталын қалыптастырғанда;
  • Бар компанияны акционерлік қоғам ретінде қайта құрғанда;
  • Жарғылық капиталды қосымша молайтқанда.

Жарғылық капитал деген шығарылған акциялардың бастапқы жинақ құны. Акция белгілі бір жағдайда акционерлік қоғамның өз капиталын ұлғайтуға және оны инфляциядан қорғау үшін жұмсауға болатын бағалы қағаздардың бірден бір түрі. Акция компанияның акционерлер алдындағы қарыз міндеттемесі. Компанияның өз акциясын қайта сатып алатын құқы бар. Бірақ бірсыпыра елдерлің заңында, егер корпорацияның төлем қабілеті жоқ болса, онла ол акциясы қайта сатып алу құқынан айырылады деген де ереже бар.

Акция бірнеше түрге жіктеледі. Бір жағынан, басқа біреуге беру тәсілі бойынша: атаулы және иесі ұсынушы болып екіге бөлінеді, екінші жағынан, корпорацияны басқаруға қатысуы құқығы бойынша жай және артықшылықты акция деп екіге бөлінеді.

Атаулы акция – иесі міндетті түрде корпорацияның реестрінде тіркелуі тиіс акция. Акционерлік кітабында қанша және қай уақытта алғандағы туралы жазылған акция иесі ғана акционер деп есептеледі.

Ұсынушыға арналған акция – иесінің аты-жөні корпорация кітабында тіркелмеген акция. Кітапқа ұсынушыға арнап шығарған акцияның жалпы саны ғана көрсетіледі.

Жай акция иеленушілердің корпорацияның тапқан пайдасының мөлшеріне байланысты дивиденттер алу құқы, жиналыстарда дауыс беру арқылы корпорацияны басқаруға қатысу құқы және корпорация жабылып қалған жағдайда несие берушілермен есеп айырысқаннан кейін мүліктің бір бөлігін алу құқы бар. Құқықтар акция мөлшеріне сәйкес көлемде жүзеге асырылады.

Артықшылықты акциялар – меншік туралы ерекше сертификат. Олар корпорация пайдасының деңгейіне қарамастан белгіленген мөлшерде неғұрлым нақты дивиденд төленуін қамтамасыз етеді.

 

2.2 Облигациялар, олардың акциядан  айырмашылықтары және 

облигациялардың түрлері

Облигация деп эмитеттің белгілі бір шартты орындауға, яғни алған ақша сомасын қайтаруды және белгіленген сыйақыны (мүддені) төлеуді міндеттенген жазбаша қарыз құжатын айтады.

Облигация мерзімдік қарыз міндеттемесі болғандықтан оның кепілі болып эмитеттің жалпы кепілдігі саналады. Облигация да акция сияқты корпорацияны инвестициялаудың ең маңызды көзі. Дегенмен бұл екі бағалы қағаздарды бір-бірінен түбегейлі өзгешеліктері бар. Ол өзгешеліктердің маңыздылары мыналар:

  1. Облигация иемденушісі корпорацияға несие беруші болып табылады.
  2. Облигация иемденушісіне сыйақы төленеді. Оның мөлшері белгіленген және нақты анықталған. Облигация бойынша сыйақы басқа өтелетін дивиденттерден бұрын төленеді. Корпорацияның сыйақыны уақытын төлеу алмауы оның банкрот деп танылуына тең.
  3. Басқа несие беруші сияқты, облигация иесінің дауыс беру құқығы жоқ. Ол акционерлер жиналысына, сонымен қатар, корпорация басқаруға да қатыспайды. Оған керісінше акция иесінің корпорацияның мүліктік мүддесін қорғауда шешуші дауыс құқығы бар.
  4. Облигация бойынша сыйақы корпорацияның шығынына  жатады. Ол салық төленетін пайдадан төлнеді. Ал дивиденд салық төлегеннен қалған корпорацияның таза пайдасынан өтеледі.

Облигацияда бірсыпыра элементтер көрсетіледі: номиналы, купондық мөлшер, өтеу туралы нұсқау, эмиссия шарты, қамтамасыз етілуі, рейтингі.

Номиналы деп облигацияның бетінде көрсетілген ақша сомасын айтады. Оны облигация иесі өтелу мерзімі келгенде алады.

Купондық мөлшер – жыл сайын эмитент төлейтін облигацияның номинал құнына байланысты келісілген сыйақы – төлем.

Өтеу күні – компанияның сатып алушыға облигацияны номиналына тең соманы қайтарып және сыйақы төлеуді тоқтататын күнтізбедегі күн.

Эмиссия шарты – ашықтан-ашық облигация шығару мәмілесі. Ол қарыз алушымен траст компаниясының шарты бойынша шығарылады.

Өтеу туралы нұсқау – эмиссия шартындағы тармақ. Ол бойынша эмитент облигацияның номиналдық құны және сыйақы төлейтін арнаулы қор құрады. Ол қор траст компаниясының бақылауында болады.

Қамтамасыз етілген облигациялар – оларды шығарғанда кепілдікке корпорация активтері немесе мүлігі салынады. Облигация қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген болып екіге бөлінеді. Қамтамасыз етілген облигация корпорацияның негізгі активтерін талап етуге құқық беріп және сонымен бірге оның негізгі меншігінің облигацияға салынғанын көрсетеді.

 

2.3 Вексель – төлем міндеттемесі

Өндірістегі жұмыстың айналымдылығы, яғни өнімді өндіру, оны сату және басқа да коммерциялық қызмет көрсету кезінде көбіне қаржы қорының жетіспеуі сияқты жағдайға душар болады. Сол кезде өнімді сатып алушы жабдықтаушымен есеп айырысуды кейінге қалдырады. Демек өнім несиеге сатылады. Несиені қайтару кезінде ақшалардың бір түрі – вексель пайда болады.

Вексель – қарызды өтеудегі заңды түрде бекітілген төлем міндеттемесі. Ол бағалы қағаз. Вексельді борышкер, яғни вексель беруші тауарды несиеге алғанда тауар сатушыға, яғни вексель иемденушіге береді. Вексельдің мәні – несиеге алған белгілі бір соманы төлем уақыты жеткенде келісілген жерде өтеу үшін тауар сатып алушының сатушыға берген қарыз міндеттемесі.

Бағалы қағаздар туралы Қазақстан Республикасының қазіргі заңдары