Газет публицистері және олардың жариялаған мақалалары

Жоспар:

 

І. Кіріспе

 

ІІ. Негізгі  бөлім.

1.Газеттің жарыққа  шығу тарихы

1.1. «Айқап» неге шықпай  қалды?

1.2.«Қазақ» газетінің шығу тарихы

2. «Қазақ» - қоғамдық- саяси және әдеби газет

3. «Қазақ» жабылды, бірақ оның басты мақсаты орындалды

4. «Қазақ» газетінің зерттелу кезеңдері

5. Газетттің қазақ жұртының саяси-әлеуметтік өмірін сипаттаудағы орны

5.1.Қазақтың бар қайғысы жер мәселесі

5.2. «Қазақ» газетіндегі көтерілген оқу –тәрбие мәселелері

6.Газет публицистері және олардың жариялаған мақалалары

6.1. «Қазақ» газетінің бас редакторы-Ахмет Байтұрсынов

6.2.Газеттің екінші редакторы-Міржақып Дулатов

6.3.Әлихан Бөкейханов– публицист

6.4. «Қазақ» газетін шығарушылардың құрамындағы – Жақып Ақбаев

 

ІІІ. Қорытынды

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

 

 

 

Кіріспе

                                         

 Қазақ баспасөзі өз бастауын ХIX ғасырдың екінші жартысынан алады. 1870-1882 жылдары Ташкенттен «Түркістан уалаятының газеті» шығып тұрды. Бұл Түркістан генерал-губернаторының ресми газеті еді. «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша ретінде айына төрт рет қазақ және өзбек тілдерінде жарық көрген. Аталмыш газет жабылған соң 1888-1902 жылдар аралығында Дала генерал-губернаторының Омбыдағы кеңсесі жанынан «Акмолинскимь областнымь ведомостямь» газеті жанынан «Дала уалаятының газеті» қосымша ретінде шығып тұрды. 1905-1907 жылдары «Серке» және «Қазақ газеті» оқырмандарға жол тартты. Алайда бұл басылымдардың қоғамдық-саяси өмірге аса ықпалы бола қойған жоқ. Ал 1911 жылы шыға бастаған «Қазақстан» газеті мен «Айқап» журналы ел өміріне етене араласты. Газетті белгілі ақын әрі ағартушы Шәңгерей Бөкейұлы ашып берсе, журналды публицист Жанша Сердалин ұйымдастырған. «Айқапта» ХХ ғасыр басындағы қазақ даласының әдеби-мәдени өмірі мен қоғамдық пікірлері айтарлықтай көрініс берді. Париждегі Сорбонна университеті зерттеушілері «Тарихшылар, педагогтар, лингвистер мен ақындардан құралған тамаша ұжымның арқасында «Айқап» журналы өте жақсы көркемделген жиырма бет болып басылып тұрды. Әдеби қазақ тілінің қалыптасуы мен әдебиеттің дамуына елеулі үлес қосты, ұлттық мәдениетке ерекше ден қойған журнал көп ізденісін халық шығармашылығы мен қазақ этнографиясына арнады», – деп анықтама берген. Айта кететін бір жәйт Ахмет Байтұрсыновтың араб әріптерін қазақ тіл орамдарына қарай ықшамдаған «Әліпбиі» мен «Тіл құралы» еңбектері де осы «Айқап» журналы арқылы көпшілікке таныстырылған. Журнал 1915 жылы қаржы тапшылығына байланысты жабылды. Біз бүгін ерекше тоқталғалы отырған «Қазақ» газетінің алғашқы саны 1913 жылдың 2 ақпанында жарық көріп, 1915 жылдан бастап аптасына екі рет шыға бастаған.

 

    1. «Айқап» неге шықпай қалды?

«Айқап» журналының алдыңғы басылымдардан, әсіресе патша әкімшілігінің  ресми баспа үні болған «Түркістан уалаяты» мен «Дала уалаяты» газеттерінен ерекшелігі – журналда қазақтың 20-ғасыр  басындағы әдеби-мәдени қозғалысы  мен қоғамдық пікірінің дамуы айтарлықтай көрініп тұрды. 
            Сорбонна (Париж) университеті зерттеушілерінің мәліметінше, «Тарихшылар, педагогтар, лингвистер мен ақындардан құрылған тамаша ұжымның арқасында «Айқап» журналы өте жақсы көркемделген 20 бет болып басылып тұрды» және «Әдеби қазақ тілінің қалыптасуы мен әдебиеттің дамуына едәуір үлес қосты; ұлттық мәдениетке ерекше ден қойған журнал көп ізденісін халық шығармашылығы мен қазақ этнографиясына арнады». 
           Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілі бойынша тұңғыш зерттеулерін осы «Айқап» журналында жариялағанын айта кеткен дұрыс. 
Алайда 1915 жылы 83-саны (басқа дерек бойынша, 88-саны) жарық көрген, қазақтың тұңғыш мәдени-ағартушы журналы болған «Айқапты», бір мәлімет бойынша, отаршыл әкімшілік күштеп жапты, басқа дерек көздеріне сәйкес, қаржы тапшылығынан жабылды.

 

1.2. «Қазақ» газетінің тарихы 

Ұлттың үш алыбы Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Райымжан Мәрсеков бастаған білімді азаматтары жалпыхалықтық  газет ашу ісімен 1905 жылғы орыс революциясынан кейін айналыса бастаған. Оған себеп болған не? Сол жылы патша ағзамның «18 ақпан жарлығы» жарияланысымен олар өздерінің саяси талаптары жазылған әйгілі «Қарқаралы петициясын» Санкт-Петербургке жібереді. Петицияның 3-тарауында: «Қазақ халқының қазіргі мұқтажын айқындау үшін қазақ тілінде газеттер басып шығару қажет. Ол үшін бастапқы цензурасыз баспахана ашуға және газет басуға рұқсат сұрау емес, құлақтандыру тәртібін орнату керек болды», – деп жазылған. Семейден шығып тұратын «Семипалатинскій листокте» Петербордың «Новая жизнь» газетінен көшіріп басқан хабары жарияланған. «17 қазан манифесі мен одан кейінгі тұста Ә.Бөкейханов қазақ тілінде газет басып шығару үшін қырға кетті». Ал қараша айында Бөкейханов Мәскеуде өткен Ресейдің «Жергілікті (земский) және қалалық қайраткерлерінің» құрылтайында қазақтың сөз бостандығына зәру екендігі туралы сөз сөйледі. Ол: «Ана тілін еркін қолдану қазақтардың таяу арадағы мұқтажы, сөз бостандығы әсіресе алдағы сайлау науқанына аса қажет», – деп мәлімдеген. Бөкейхановтың бұл мәлімдемесі текке айтылмаса керек. Сол жылдың 9 желтоқсанында Ахмет Байтұрсынов ұсынған «Қазақ» деген атаумен газет шығаруға ресми рұқсат берілді. Бірақ әлдеқалай себептермен газет 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап аптасына бір рет шыға бастады. Ал газет атауы неге «Қазақ»? Кейбір деректерге қарағанда сол кезге дейін патша немесе үкімет құжаттарында қазақтар «киргиз-кайсак» деп жазылып жүрген. Бұл туралы Ахмет Байтұрсынов «Түрік баласы» деген бүркеніш атпен «Қазақ тарихы» айдарымен жарияланған тізбекті мақаласында: «…Біздің қазақ өзінің атынан айрылып, қырғыз атанып жүрмекші емес. Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениеті» (Казахская культура) құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті» (Казахская литература) тұрғызып, қазақшылы-ғын сақтамақшы». Газет шығарушыларының алғашқы сандағы «Құрметті оқушылар!» деп аталынған мақалада «…Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың әруақты аты деп, газетіміз-дің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі осы. Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенін ғұмыр жеткенінше істеп кетелік. Малша оттап, асап ішіп, халық үшін қам қылмай, қарын тойғанына мәз болып, мал өлімінде өлмейік», – деп жазылған. Осы мақалада олар халықтың ұйқыдағы санасын ояту үшін газеттің мәні мен маңызын да көрсетіп берген. «…Әуелі, газет – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды. Дүниеде не болып жатқанын көру жоқ, өз пікірін айту жоқ. Бүтін дүние жүзіндегі халықтар телеграмм, телефон, пошталардың арқасында бір-бірімен хабарласып, газет арқылы жұртқа жайып, бір үйдегі адамдардай сөйлесіп отыр. Дүниеде болып жатқан істер, сөйленіп жатқан сөздер – кімге пайдалы? Кімге зарарлы екендігін күні бұрын біліп, пайдалы болса, шаттанып, зарарлысынан сақтанып тұрады». Газеттегі «Ішкі хабарлар» тақырыбымен берілген шағын мақалада елдегі кірмелермен бөліске түскен жер мәселесінен мәліметтер берген. Қаншама шұрайлы жерді кірмелер иемденіп отырғанын оқып, оқыған жұрт бұл хабардың астарында үкімет тарапынан әлеуметтік әділетсіздік жасалып отырғанын іштей сезеді. Газет бүгінгі күнге дейін күрмеуі шешілмей келе жатқан тіл мәселесіне де сол кезде зор көңіл бөлген. «Қазақ деген қашаннан өз алдына ұлт болып, Еділден Ертіске, Оралдан Ауғанға дейін тұтас тұрған халық еді. Арамызға әртүрлі жұрт кіріскенде солармен қатар, атымыз жоғалмай, қазақ ұлты болып тұра аламыз ба? Осы біздің төсекте дөңбекшітіп, ұйқымызды бөлетін нәрсе. Басқа жұртпен араласқанда өз алдына ұлт болып, өз алдына тілі бар, өз тілінде жазылған сөзі (әдебиеті) бар жұрттарға не тұрады. Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Егерде біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек. Қазақтың осы күнгі ісінің бетіне қарағанда һәм мұнан былай ісіміздің беті осы болса, қазақ тілі азып жоғалуға ықтимал. Біз келімсек жұрттан кем болмас үшін оқымай тұра алмаймыз. Оқымасақ басқалармен қатар тіршілік ете алмайтынымыз сүттей ақ, күндей жарық. Оқығанда ісіміз осы қалпында болса, тіліміздің азып жоғалуы да анық. 
            

…Русша оқығандарымыз қазақ  тілінде пікірімізді толық айта алмаймыз, жетпейді, русша жазғанымыз оңай дейді. Қысқаша, русша, мұсылманша оқығандарымыз қазақ тілімен жазуға қорланып, біреуі русша жазады, біреуі әдеби (араби, фарсы сөздері көп кірген тілді айтып отыр. К.А.) тілмен жазады. Бұлардың өз тілінен қорынып жиренетін себебі не? Менің ойлауымша, бұл әдеттенуден бірі русша оқып, бірі әдеби тілмен оқып, қазақша жазу әдетінде болмағандық. Әдетінде жоқ нәрсе қалыптан тысқары болып, басында ерсі көрінеді. Қазақ тілі мен жазу әдетінде болмаған соң русша һәм мұсылманша оқығандарымыз қорынады. Бір-біріне жазған хаттарында қазақша жазбайды. Бұлай істеулері ұнамды емес. Сегіз, тоғыз жасынан оқуға түссе, оқыған тілі басқа болса, оқитын кітабы басқа тілде болса, жазғанда сол кітаптардан үлгі алып жазса, олар қайдан қазақша жазуға әдеттенер? Мұнан былай да осы бетімізбен жүре берсек, бірте-бірте тұтынудан шығып, әуелі қазақша жазу ұят көрінер, онан әрі не болары белгілі. Оқыған жастарымыз қазақ тілінен жиренсе, қарттарымыз мың жасауға болмаса, қазақ тілі жан сақтайтын орын жоқ. Сондықтан бұлтақтамай осы бастан істің бетін тура жіберу үшін анықтап ашатын нәрсе мынау: қазақ тілін сақтау керек пе, болмаса русша болсын, басқаша болсын сөйлеуге жараған соң бәрі тіл ғой, қазақ тілі жоғалса жоғала берсін дейміз бе? Біздің газетіміздің таңбасы «Қазақ», яғни қазақтығымызды сақтау. Қазақтық әрине аты мен тілі жоғалмаса сақталады. Бұл айтқанымыз русша, я басқаша оқымасын деген емес, русша тілін де білу керек. Бірақ өз тілінен жиренбеске керек деген сөз. Тұтынбаған нәрсе жоғалады». Бұдан асып не айтуға болады? Мәтіннен Ахмет Байтұрсыновтың қолтаңбасы анық көрініп тұр. Қазақ осы бір әлеуметтік кеселінен әлі де арылған жоқ. Арамызда әлі де Ана тілімізден жиреніп, сөйлеуге қорланып жүргендер қаншама. Осылай боларын әу баста ойлаған Ақаң неткен көреген жан еді! 
Енді газеттегі «Түрік баласы» деген бүркеншік атпен жарияланған «Қазақтың тарихы» деп аталған мақалаға көңіл қояйық. Автор тарихқа түсіндірме бере келіп: «…Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады. …Тарих не айтады десеңіз оның айтатыны мынау: Біздің бұрынғы бабаларымыздың кім екендігі, олардың дүниеде не істеп, не бітіргендігі, қандай құты барлығы, ол құтты не орынға жұмсағандығы; істеп жүрген ісінің қайсысынан пайда, қайсысынан зарар көргендігі; бұрынғы бабаларымыздың досы-дұшпаны кім екендігі, не себеппен бағы тайғандығы және соған ұқсас істердің барлығын тарих сөйлеп түсіндіріп тұрады», – дейді.

 “Қазақ” – қоғамдық-саяси және әдеби газет. Араб әрпімен қазақ тілінде 2ақпан 1913 ж- 26 қыркүйек 1918 жж аралығында Орынборда аптасына бір рет (1915 жылдан бастап 2 рет) шығып тұрған. Барлығы 264 саны жарық көрген. Таралымы 3 мыңнан 8 мың данаға жеткен. Шығарушылары – Мұстафа Оразаев, одан соң «Азамат» серіктестігі. Редакторы – белгілі қоғам қайраткері, ақын А. Байтұрсынов, «2- редакторы» - М. Дулатов. 1918 жылы шыққан бірнеше санының редакторы – Жанұзақ Жәнібеков.

Ол газеттің 261- 263 сандарына қол  қойған. Оның «Сыртқы хабарлар», «Ғұсмани түріктері», «Кәріс мұсылмандары», «Түрік тілінің ұлы ғалымы В. В. Радлов» (1917 ж) мақалалары жарық көрді. Шоқтығы биік мақаласы – «Алаш құрбандары» (1918 ж, № 262). Ол екі бөлімнен тұрады: 1) Алаш орда өкілдерін қорғаған Семейдегі атты- жаяу милицияның бастығы Қазы Нұрмұхамедұлының өлімі жайлы. 2) Штапс капитан Нұғыман Сарбөпеұлының қазасы туралы. 1917- 18 жж газет редакцияның өз баспасында жарық көрген. Қазақтың бас ақыны Абай туралы, оның өмірі мен шығармашылығы туралы алғашқы мақалалар осы газетте шықты.

 

3. «Қазақ» жабылды, бірақ оның басты мақсаты орындалды

 

Газет құрылтайшылары тек ағартушылықпен ғана шектеліп қалмаған. 1905 жылғы «Қарқаралы петициясындағы» саяси мақсаттары мен мүдделерді жүзеге асыру жолында болды. «Қазақ» газетін шығарушы ұжымның бергі және ұзақ мерзімге арналған мақсаттары мыналар: 
– Қазақтардың 1907 жылғы 3 маусым заңымен жойылған сайлау және сайлану құқығын қалпына келтіру; 
– Келімсектерді қоныстандыру арқылы отарлау саясатына қарсы тұру және тәркіленген жерлерді қазақтарға қайтарып алып, меншікті жері ретінде заңдастыру; 
– «Ауыл мектептеріне қазақ әліппесін енгізу, осы мектептерде балаларды ана тілінде оқыту» және «Болыс кеңселері мен халық соттарында ісқағаздарын қазақ тілінде жүргізу» арқылы астыртын және ашық орыстандыру саясатына төтеп беру; 
– Дала өлкесіне заң жүзінде земство (жергілікті басқару) тетігін енгізу мен дамыту арқылы жаңа қазақ мемлекетінің негізін салуды бастау; 
– Қазақтарды әскери қызмет етуге заң арқылы міндеттеу, сол арқылы қазақтар үшін қазіргі заманның әскери ілімі мен қару-жарағына жол ашу. 
Газет осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін, ең бастысы, қазақтың ұлттық мемлекеттігін қайта көтеруде көп еңбектенді. Қандай ұлттық мемлекет? Бұл жөнінде Әлихан Бөкейханов өзінің «Қазақтар» очеркінде «…қазақтың ұлттық салт-дәстүріне негізінде батыс мәдениеті жүзеге асырылуын» атап көрсеткен. Алдына осындай биік мақсат қойған «Қазақ» газеті мен оның құрылтайшылары монархиялық билік дәуірінде қантөгіссіз күрес жолымен жетуді көздеген еді. 
Ахмет Байтұрсынов жетекшілік еткен «Қазақ» газеті қазақ халқының үні бола білді. Қалың елдің санасын оятып, қоғамдық өмірге көздерін ашты. Жақсы мен жаманын айырып, түзу жолды көрсетіп берді. Ұлттың көкейтесті мәселелерін қозғап, тілін сол кезде-ақ қорғап, жастарды өнер-білімге шақырды. Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов: «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол газетаның жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін, кімнің екпіні еді? Ол екпін ұйқыдағы қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң «маса» болып ызыңдап, «оятамын» деп ұзақ бейнетті міндет қылып алған Ахаңның екпіні болатын», – дегенін қазіргі оқырман жақсы біледі.

Ал «Қазақ» газеті мен оның құрылтайшыларының  көздеген түпкілікті мақсаты – қазақтың ұлттық мемлекеттігін қайта көтеру және Әлихан Бөкейхан өзінің «Қазақтар» очеркінде атап өткендей, қазақтың ұлттық салт-дәстүрі негізінде «батыс мәдениеті жүзеге асырылуға тиіс» болатын. 
            Алдына міне осындай мақсат-мүдделерді қойған «Қазақ» газеті мен оның құрылтайшылары мақсаттарына монархиялық билік дәуірінде қантөгіссіз күрес жолымен жетуге ұмтылды. 
            Алайда, отаршыл империя заманынан аман шыға білген «Қазақ» газеті совет өкіметінің Қазақстанға билік орнатуға тырысқан алғашқы күндерінде-ақ – 1918 жылдың наурызында біржола жабылды. Көп ұзамай оның құрылтайшылары мен авторларының басым көпшілігі саяси қуғын-сүргін кезінде атылып кетті.

 
4. «Қазақ» газетінің зерттелу кезеңдері

 

«Қазақ» газетінің зерттелуі 3 кезеңді  қамтиды:

1) Газет шығып тұрған уақыттан  өзінің «тұзы кем болғанша, артық  болсын» дейтін сүйікті нақылы  арқылы танымал Голощекиннің  Қазақстанға келгенге дейінгі аралық (1913- 25 жж).

2) Әкімшілік- әміршілдік жүйе  тұсында жарық көрген зерттеулер. 1925 жылы «Қазақ» газетін сынаған  мақалалар шықты. 5 мамыр күні  Орынборда «Еңбекші қазақ» газетінде  «Қазақстанда қандай газеттер  болды?» деген мақала шықты.  Ол мақаланың авторы – С. Мұқанов. Мақалада «Қазақ», «Сарыарқа», «Жас Азамат», «Бірлік туы» газеттері туралы материалдар жазылды. Содан кейін Ә. Байділдаұлының «Баспасөз күніне» атты мақаласы шықты. Оң пікірлерді 1932 жылы «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» кітабынан (С. Мұқанов) көруге болады. Ол кітапта «Қазақ» газетінен өрбіп басқа қазақ газеттері жарық көрді» делінген. Екінші кезеңге Б. Кенжебаев пен Х. Бекхожин еңбектері енеді. Бейсембай Кенжебаевтің «Қазақ баспасөзінің тарихынан» атты очеркі шықты. Ол кітапты сыншысымақ Ж. Сәрсенов «Әдебиет және искусство» журналының 1951 жылғы 7- нөмірінде сынап жазған. Б. Кенжебаевтің кітабы екінші рет «Социалистік Қазақстан» газетінде (1951 ж, 17 қараша) сыналған. Ол мақаланың авторлары – Б. Қорқытов, Ә. Досбаев. Тіпті, ол мақаланың тақырыбы да сыни көрініс береді – «Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеудегі өрескел қателер».

3) Тәуелсіздік алғаннан кейінгі  кезең. Бұл кезеңге Үшкөлтай  Субханберлинаның еңбектері жатады. Ол 1956 жылдан бері газетті зерттеген,  картотекасын түзген. 1997 жылы «Қазақ» газетінің іріктелген материалдары кітап болып басылады.

 

5.Газеттің қазақ жұртының саяси-әлеуметтік өмірін сипаттаудағы  орны

 

Газетте XX ғасырдың басындағы қазақ  жұртының саяси-әлеуметтік өмірінің негізгі  мәселеріне, шаруашылық жайына жер мәселелеріне, басқа елдермен қарым-қатынасына, оқу-ағарту, бала тәрбиесіне, әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, тарихқа арналған А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, Ә.Бөкейхановтың, Ш.Құдайбердиевтің, М.Жұмабаев, С.Торайғыровтың т.б. жазушы, қоғам қайраткерлерінің мақалалары жарияланып тұрған.

Кезінде басылым әскери цензураның қатаң бақылауында болған. Газет бетінде жарияланған әрбір мақаланы, хабарды барынша мұқият тексеріп отыруды, баспасөз заңын бұзса, редакторларын жауапқа тартуға, соттауға бұйырған баспасөз ісінің бас басқармасы граф? Орал, Орынбор губернаторларына жазған құпия хаттары мұрағатта сақталған. Көптеген қиындықтарға қарамастан газет 1918 жылдың қыркүйек айына дейін үзбей шығып тұрған. Қазақ ұлттық баспасөзінің қалыптасу дәуірінде мұндай ұзақ уақыт жарық көрген басылым жоқ.

Қазақ газетінде де жер мәселесі үздіксіз көтеріліп отырды 1905-1907 жылдардағы көтерілістен кейін патша үкіметі  қазақтардың жерін тартып ала  бастаған. Бұл туралы А.Байтұрсынов: “Қазіргі қазақ мәселелерінің ең зары жер мәселесі. Бұл қазақтың тірі я өлі болу мәселесі” – деген.

Жер – тіршілік көзі. Ал мал баққан қазақтың онсыз шаруасын жүргізуі өте  қиын. Газеттегі Әлихан Бөкейхановтың  «Айналма» атты мақаласы тағы да жер  жөнінде. Қазақтың жер жөніндегі  законға көзін ашу. «…Мал бағатын жерден мұжықтан басқа орыс баласына қазақ жері берілсін деген закон жоқ. Орыс мақалы бар: «Заң арба жетегі, қалай қарай бұрсақ, сол жақта болады» деген. Жер министрінің мекемесі Министрлер Советіне мақұлдатып, патшаға қол қойғызып алып отыр. Сібірде, Степной облыстарда һәм Түркістанда мал бағамын десе, отыз алты жылға торгсыз арендаға мал бағатын жер берілсін деп. Оброчний устав деген закон бар. Мұның 93-101 статьяларында айтылған, қазына жері арендаға торгсыз берілетін мұжық обществосы деген. Жер министрі осы жаңа айтылған законды аттап өтіп, судай кешіп отыр. Бұл бір айналма. 
Павлодар уезінде қала саламын деп кескен «Ертіс», «Ермак» деген екі жер бар. Бұл жер Ертістің күнбатыс қабағындағы қазақ жері. Осы қалалар жері арендаға беріледі орысқа ғана, орыс дініндегі адамға ғана. Өзге орыс патшасының панасындағы жұрт жер арендаға алатын жолынан правосынан шығып қалған. Закон арқылы орыс патшасының панасындағы адам правосынан сот тергеп, айыпты деп тапса, айрылады. Не жұрт правосын мінесе, Г.Дума, Г.Совет һәм патша үшеуі мінейді. Жерді орысқа ғана беремін деп жұрт правосын Министрлер жоғалтып, законды аттап өтіп отыр. Міне, тағы бір айналма». Автор жергілікті ұлт өкілдерін орыстандырудың жымысқы саясатын, сондай-ақ әділетсіздікті осылай ашқан.

Газет рәміздік- бейне ретінде киіз үйді ұсынды. Бұл - қазақ ұлты деген ұғымды берді. Оның түндігі батыстан ашылып, есігіне «Қазақ» деп жазылды. Мұны түсіндірген ұлт зиялылары «қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері таралсын, «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын» деп жазды.

Газетте XX ғасырдың басындағы қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелеріне, қазақ шаруашылығының  жағдайына, жер мәселесіне, басқа елдермен қарым-қатынасына, оқу ағарту, бала тәрбиесіне, әдебиет  пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санаға, тарих пен шежіреге арналған құнды мақалалар жарияланды.

XX ғасырдың бас  кезіндегі қазақ өміріндегі екінші  бір күрделі мәселе оқу –ағарту  ісі болды. Қазақ даласында  заман талабына сай жалпы білім  беретін негізінен орыс-қазақ  мектептері болды. Мұндай алғашқы  бастауыш орыс-қазақ мектебі 1841 жылы Жәңгір хан ордасында ашылды. Екінші мектеп Орынбор шекаралық коммисиясының жанынан 1850 жылы ашылды.Ол негізінен орталық аппараттың төменгі орындарына писарлар мен тілмаштар даярлау мақсатын ұстанды.Алғашқы 30 баланың бірі ретінде онда қазақтың тұңғыш ағартушысы Ыбырай Алтынсарин оқыды.Ал үшінші осындай мектеп Омбы қаласында Сібір қазақтары облыстық басқармасының жанынан 1865 жылы ашылды. Оған жиырмаға жуық оқушы қабылданды. Осылайша бірте-бірте мектеп ашу ісі бел ала бастады. Бірақ бұл негізінен орыстың ықпалды күшейте түсуге бағытталған оқу жүйесі болатын. Орыс-қазақ мектептерінің басты көздеген мақсаты жалпы қазақ балаларының ой санасын, таным-түйсігін жетілдіруге, оларды білімділікпен біліктілікке ұмтылдыру емес, өз кеңселеріне қажетті төменгі дәрежелі қызметкерлер даярлау және ел арасында солардың тәлім -тәртібі арқылы орыстандыру саясатының нарқын арттыру еді .

«Қазақтың»  басты бағыты ағартушылық мәселесін  қамтыды. Өнер, білім жағынан қалың  қазаққа бас көз болды. Мысалы: «оқу жайы», «Қазақша оқу жайы» атты мақалалар оқудың мән жайын, маңызын, әсіресе, «Қазақтың шаруасына, бір жақтан надандықтан кемшілік келген де, екінші жақтан білімсіздігін көріп тұрғандар басынып, елдігнен , теңдігіне қалдырып, тиісті сыбағасына қиянат істеп тұрғаны санасы бар қазаққа ескерерлік іс еді. Бұл заманда қол жетпегендерді теңдікке жеткізетін, әлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнер –білімге мезгіл өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында шаншылмас едік, бізде өз алдымызда бір жұрт екенімізді білдірер едік» – десе, «Орысша оқу орыс қолтығында тұрған жұртқа керек, қазақша оқы, жаза білген соң, шама келсе орысшада білу керек», -дейді. Газет 1913 жылы жарияланған матеиалдарында оқудың мән жайын, маңызын айтып көпке түсіндіруге тырысса, екінші 1914 жылғы «Бастауыш мектеп» (№61), «Мектеп керектері» (№62), «оқу мезгілі» сияқты мақақаларында мектеп, медересе жайларын нақты көрсетіп  мұқтаждарын  айтады.

Оқу- ағарту  мәселесіне «Қазақ» газеті көп көңіл  бөліп, қазақ даласында жаңадан мектеп медреселер салудың қажеттілігі осы істің барысы туралы хабарларды кеңінен жариялап отырды. Сондай-ақ қазақ тілінде шыққан кітаптардың бағыт-бағдары, алатын орны жөнінде қысқаша сын мақалалар өте көп жазылды.

Жер бетіндегі  тіршілік иесі еркіндік үшін жаратылған. Өсімдік екеш өсімдік те қалағанынша өркен жайып, өз қуаты жеткенше күнге қарай бой созуға ұмтылады. Жан-жануар атаулының  да аңсары сол. Ал, адам ше ?! Шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап, құндақтауға көнбей еркіндіккее талпынған тірі пенде қашан жер қойнына кіргенше өз мүддесі жолында тырмысып, тырбынып өтпей ме?! Тіпті, нағыз тәубәшіл де төзімді кісінің жан сарайына үңіліп қарасақ, оның да көкірегі еркіндікке бұлқынған арман мен мұратқа толы.

Шыққан тегі мен өскен тарихының, әдет-ғұрпы мен мінез-құлқының, табиғи ортасы мен шаруашылығының, ең соңында, тілі мен дүниетанымының  ортақтығы бір ұлт етіп ұйытқан кез келген  халық та әлгі жеке адам сияқты ғұмыр бойы азат ел болуды, жұмыр жер бетінен, адамзат тарихынан өзіне лайықты орнын алуды армандап өтеді. Арманынан айырылған, мұратын жоғалтқан адам да, халық та дара тұлғалық қасиетінен айырылып, азып-тозып, ақырында жоғалып бітеді.

Үш жүз жыл  бойы бодандық бұғауында тұншыққан  қазақ халқының қайтадан дербес мемлекеттік  орнатып, айналасы  төрт-бес жылдың ішінде төрткүл дүниеге танылуына жеткізген қандай ұлы күш еді,-деп таң қалатындар болса, сол ұлы күш осы ғасырлар бойы халқымыз көкірегінен өшпеген азаттық рухы.

«Заманына қарай амалы» деген  сөз бар. Мұның мағынасы – заманның түріне қарап іс- істеу. Төңірекке қарасақ, түнерген-түнерген бұлттар көрінеді, түбі қандай белгісіз, не боларын білмейміз. Нұр болып жауып, жерімізді көгертіп, несібемізді молайтар ма?

Болмаса, дауыл  болып соғып,үйімізді жығып тастар ма? Көзіміз бұған жетпейді. Жалаң аяқ, жалаң бас, жеңдеріміз қиюсыз, етектеріміз жиюсыз ашылып, шашылып қамсыз жатқан халықпыз. Күннің не боларынан ешкімнің көзі жетпейді. Дауылды жауын ету қолымыздан келмейді, үйлеріміздің қирамаи қалуына амал ету керек. Сол амалға кіруге жұртқа мұрындық болатын нәрсенің бірі газет. Халыққа газеттің керегі қандай? «Айқап» журналында қазақ халқының әдет-ғұрып, тәрбие мәселелеріне арналған Жақып Ақбаевтың «Туысқан  бауырларына бір насихат», Шәкәрім Құдайбердиевтің «Біздің мұқтаждарымыз», «Сөз таласы», Мұқамеджан Сералиннің «Біздің бұрынғы һәм қазіргі халіміз» сияқты бірқатар еңбектері жарияланған.

Бұдан біздер әсіресе, XX ғасырдың басында шыға бастаған биресми ұлттық басылымдарда әдет-ғұрып, оқу-тәрбие мәселелерінің бірте-бірте алдыңғы қатарға шығып, халықтың рухани байлығын бұрынғыдан да байыта түсуге, отарлықтың кесірінен барынан айырылғандардың санасын оятуға барынша күш салғандығын байқаймыз.

XX ғасырдың басында қазақ халқының көзі мен құлағы және тіліне айналған тағы да бір басылым, ол – «Қазақ» газеті. Мұнда желкен деген бүркеншік атпен жазған автордың «Өтінішке жауап», Х. Досмұхамедовтың «Тамыр дәрі қақында» және тағы да басқа көптеген авторлардың ұлттық әдет-ғұрып , оқу-тәрбие мәселелеріне арналған мақала, очерк, әңгімелері   жарияланған. 

Қасақстанның  Россияға ерікті қосылуы  нәтижесінде  орыс халқы мен ќазаќ халқының алдыңғы қатарлы өкілдері арасында рухани және достық қарым-қатынастар қалыптаса  бастады.

Қазақ ағартушылары Шоқан Уәлихановтың, Ыбырай Алтынсаринның  және Абай Құнанбаевтың қоғамдық саяси көзқарастары орыстың алдыңғы қатарлы революцияшыл демократтарының әсерімен қалыптасты.

Ш. Уәлихановтың қоғамдық-саяси көзқарасының демократиялық  бағытта болып қалыптасуына оның 1860 жылы Петербургте болуының ерекше маңызы болды.

Шоқан Петербургте болған кезінде алпысыншы жылдардың қозғалысын зерттеді. Сол кездегі таңдаулы журналдарды оқиды. Бұл кездегі таңдаулы журналдар А.И. Герценнің шет елде шығарып тұрған «колоколы» , Н. Г. Чернышевский мен Н.А. Добралюбов тұсындағы «Современник» (1854-1862) болатын.

Шоқан Уәлиханов  өзінің публицистикалық мақалаларында  халық бұқарасының мүддесін қорғады, әділеттік күшін күресті. Мысалға  оның «Сот реформасы» деген хатын  алуға болады. Бұл өтініш ретінде  жазылған жай хат емес, қазақ халқының әлеуметтік шаруашылық және мәдени өмірінің көкейтесті проблемалық мәселелерін қорғайтын публицистикалық мақала.

Қазақстанның  Россияға қосылуының прогресшіл маңызын  қазақтың ағартушы –демократияның ішінде бірінші болып дұрыс түсінген, қазақ халқының ұлы орыс халқымен дос болуына насихаттаған Шоқан болды. «Орыспен біз тарихи байланыстамыз, онымен біздің қанымыз араласқан»-деп жазды ол.

Сонымен қатар  Шоқан өз халқының ұлттық намысын  қорғай да білді. Кейбіреулер ойлағандай қазақ халқы «Сондай тағы және дөрекі емес, қоғамдық прогреске бейім және болашағы зор халық» деп танытты ол өз халқын басқа жұртқа. Ол өз халқы мен отанына деген шын сүйіспеншілігін басқа халықтарды, алдымен ұлы орыс халқын, оның озат мәдениетін алдыңғы қатарлы адамдарын сыйлаумен ұштастырды. Орыстың революцияшыл демократ публицисттері сияқты  Ш. Уәлиханов өз халқына жаны ашығандықтан оның надандығын, әдеп-ғұрпының зиянды жақтарын ешбір іркілместен қатты сынады.

Сөйтіп Ш. Уәлиханов  «Сот реформасы  туралы» деген  публицистикалық мақаласында тек  право мәселелері жөнінде сөз етіп қойған жоқ, сол кездегі шешуді керек етіп отырған басқа да әлеуметтік маңызы бар мәселелерді ғылым-білім, әйел теңдігі мәселелерін де қамтыған.

Гуманист -  публицист  әйел теңдігі мәселесінде өзінің «Сахарадағы мұсылманшылдық туралы»  деген мақаласында да баса көңіл бөлді. Ол қазақтардың балаларын тумай жатып атастырып, балиғатқа толмаған қызын қалың малға сатып, жесір әйелді әмеңгерлік салтымен зорлап қосатын тағылық әдеттеріне қарсылық білдірді. Шоқан мұның бәрін адам өміріне еткен қастандық, оның правосына қол сұққандық деп білді де, әйел теңдігі мәселесін күн тәртібіне қойды. Ол «Қазақтар қыздарын жасқа толмай күйеуге бермейтін болсын, ата-аналары өздерінің балдарын тұрмысқа шығуға, үйленуге күштемейтін болсын» деп ұсыныс енгізді.

Публицистикалық және ғылыми зерттеу мақалаларында  Шоқан қазақтың әдебиеті мен тілін  дамытудың жолдарын айтып, жөн сілтеді. Ол «Халқымыздың бай және ақындық  қасиеттен кен де емес тамаша әдебиеті бар» – деп мақтаныш етті және өзі  жақсы білетін халықтың ауыз әдебиеті мұралары мен орыстың класикалық озық әдебиеті қазақтың жазба әдебиетінің жаңа бағытта дамуыныың қайнар көзі, үлгі өнегесі болады деп білді. Ол өз халқының ауыз әдебиеті мұраларын, ақындардың шығармаларын қоғамдық даму процестерімен байланысты зерттеп, келелі пікір айтты.

Ш. Уалиханов  журналистиканың саяси маңызын, атқаратын ролін жоғары бағалады. Баспасөз жұмысына қатынасу оның ертеден  бергі арманы еді. Оның «Абылай», «Қырғыздар туралы», «Жоңғар очерктері «  сияқты төрт-бес мақаласы 1861 жылы жарық көрді.

Шоқан еңбектерінің барлығы дерлік орыс тілінде жазды. Бірақ ол бастауыш білімді өзінің ана тілінде алып, хат таныды. Егер де сол кезде қазақ баспасы, қазақша газет, журнал болса, Шоқан  мақалаларын, очерктерін, әдеби зерттеулері  мен сындарын өзінің ана тілінде бастырып шығарған болар еді. Алайда өз еңбектерін қай тілде жазбасын Шоқан өз халқының қамын ойлап, қалың бұқараның мүддесін қорғады, қайтсе де өзінің артта қалған орыстың озат мәдениетіне жанастыру үшін күресті.

Сөйтіп, Шоқан Шыңғысұлы Уәлихан қазақтың көрнекті ғалымы, демократ ағартушысы болуымен қатар қазақтың публицистикасы мен баспасөзінің негізін салушыларының бірі болды.

Ыбырай Алтынсариннің  ағартушылық және демократиялық  көзқарастары орыстың қоғамдық ой пікірімен  педагогикалық ғылымының алдыңғы қатарлы өкілдерінің – Чернышевскидің, Добролюбовтың, Ушинскийдің тағы басқалардың  әсерімен қалыптасты.

Демократияшыл бағыттағы орыс журналистикасы Алтынсаринді қызықтырған, ол XIX –ғасырдың 50-жылдарының аяқ шенінде және 60-жылдардың бас кезіндегі журналдарды қажымай талмай оқып, «Жаңа журналистиканың» бетіндегі шетелдіктермен сөздерді және өзіне керекті фактілерді ұқыпты түрде жазып алып отырған. Жазып алынғандары қалың дәптерге айналған.

Баспасөзді  халық ағартудың, қоғамдық ой-пікірді дамытудың аса маңызды құралы деп таныды ол. Қазақша газет, журнал болмағандықтан Алтынсарин халыққа жалпы білім тарататын, өнер үйрететін кітап шығаруды талап етті.   «Молдалардың оқытып жүрген араб, парсы, татар кітаптарының бәрі де адам баласын дұрыс ойдың бәрінен адастырады, кері кетіреді. Ал басқа халықтар сияқты қазақтарға да олардың өздеріне түсінікті тілде жазылған, оқығанда ақыл беріп, ой түсіретін кітаптар керек» деп жазды ол.

Осындай мақсатты көздеген Алтынсарин 1879 жылы «Қазақ хрестоматиясы « және «Орыс тілін қазақтарға үйретудің бастауыш құралы « деген екі кітабын орыс әрпін қазақша бастырып шығарды.

Алтынсариннің «қазақ хрестоматиясы» әрі оқулық, әрі көпшілікке арналған публицистика және көркем әдебиет шығармаларының жинағы, халыққа әртүрлі білім беретін энциклопедиясының рөлін атқарды.

Алтынсарин 1862 жылғы бір хатында «Қазақ халқы  қарапайым, өнері жоқ халық. Бірақ  біз қарапайымдылықтың өзінен де көп жақсылық табамыз. Қазақ халқы  ұғымтал, ақылды, дарынды, бірақ оқымаған халық. Мәселе оны ағартуды болып отыр» –деп жазды.

Газетте жарияланған  мақаларында Алтынсарин қазақ елі  отырықшы болуға әлі әзір емес, сондықтан  бұл халықтың көшпелі салтын бірден жойып жіберуге болмайды. Ондай шара қолданудан бұрын әуелі сол халықтың өнері мен салтын білген жөн деп қазақтарды зорлап отырықшылыққа айналдыруға қарсы болды.

Газет публицистері және олардың жариялаған мақалалары