Лалагүлдер тұқымдасы

 

 

Кіріспе

 

Лалагүлдің атауы голландия тілінен аударғанда «ақ-ақ» деген мағынаны білдіреді.  Лалагүл лалагүлдер тұқымдасына жатады және 85 түрі бар. Лалагүл Францияның тарихында ерекше рөл ойнайды. Франк мемлекетінің негізін қалаушы І Холдвиг лалагүлдер өсіп тұрған Ли өзенінің жағалауында германдықтарды тас талқан етіп жеңген болатын. Жеңімпаздар майдан алаңынан лалагүлдерімен әшекейленген алқалармен келген болатын, осыдан бастап Францияның жалаулары мен елтаңбасында үш ізгіні-рақымшылық, әділдік және қайырымдылықты бейнелейтін үш лалагүлі бейнеленген.

Лалагүл тұқымдастарының  жапырақтары тамырға жақын жерден шығады қатарлас (параллель) және доға жүйкелі болады. Жапырақ тақтасы тегіс жиекті немесе тіс тісті болып келеді, бәрінде де тамырсабақтары және пиязшығы болады. Қоңырау тәрізді гүлдері ірі, ашық түсті, қос жынысты, актиноморфты, сирек зигоморфты. Гүлдері шашақгүл, сыпыртқыгүл және шатырша гүл шоғырларын құрайды, кейде бір ғана гүл болады. Гүл жапырағы екі қатар шеңбер бойына орналасқан, бірікпеген, сирек біріккен 6 күлтесі бар, тостағаншасы кейде болмайды. Андроцейі 6 аталықтан, екі шеңбер бойына орналасады, гинецейі үш аналықтан, үш ұялы, үстіңгі жатын. Жемісі қауашақ кейде жидек болып келеді, тұқымы эндоспермді.[1]

Лалагүл өсімдіктерінің пиязшығы түрі өзгерген өркен болып саналады. Оның түбіртегі түрі өзгерген сабақ болса, етженді қабықшалары шығу тегі жағынан жапырақ. Түбіртектің төменгі жағынан жер астына тамыр шығады, ал жоғарғы жағы дөңестеу болып келеді де одан тармақтанбайтын біржылдық өркенін жер бетіне шығарады. Пиязшығы жер бетіне сабағының шығуынан бұрын жетіле бастайды. Бұл кезде пиязшықта өткен күздегі жаңа бүршік әрі қарай дамиды және қабықшалар қалыптасады. Осыдан кейін ғана жапырақтар мен сабақ шығады. Жаз бойы пиязшықтың қабықшалары қоректік заттар жинақтайды. Гүлдеп бітіп тұқым бергеннен кейін лалагүлдің жер үстіндегі сабақтарымен жапырақтары өледі де, пиязшығы қыста тыныштық күйге көшеді. Лалагүлді тұқымы арқылы және вегетативтік әдіспен көбейтуге болады, сонымен қатар пиязшықтарының қабықшалары арқылы көбейе алады. Ол үшін ересек пиязшықтың сыртқы қабықшаларын бөліп алып, оның үштен екі бөлімін

Тазартылған дымқыл құмға  отырғызады.

Мақсаты:Лалагүлділер тұқымдасымен танысу және шолу жасау.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1. Негізгі бөлім

 

    1. Лалагүлдер тұқымдасы


       Бұл тұқымдаста 470-тей түр 10 туыс бар, даражарнақтылар класына жатады. Ол 4 класс тармағынан, 32 қатардан, 104 тұқымдастан және 63000-дай түрлерден тұрады. Негізгі өмірлік формалары шөптесін өсімдіктер.       Дүниежүзінің барлық флорасында кездеседі. Оқтын-оқтын құрғақшылық болып тұратын субтропикалық елдерде, сонымен бірге тропикалық емес елдердің шөлейт аймағында және шөлді облыстарға ауысатын жерлерінің өсімдіктер қауымының қалыптасуына лалагүлділердің тигізетін әсері орасан зор. Өмірлік формалары ағаштар (тропикалық елдерде), лианалар және жартылай лианалар негізінен көп жылдық шөптесін өсімдіктер, мәңгі жасыл немесе жаздық жасыл және өте сирек біржылдықтар. Бейімдеушілік процесінің эволюциясында әсіресе терең өзгерістерге вегетативті органдары ұшыраған. Олар баданаларға (луковицы), тамырсабаққа, түйнектерге филлокладииге, өнім бүрлеріне (выводковые почки) айналып кеткен. Жапырақтары әдетте азды-көпті етженді, сырты жылтырлау, шеттері тегіс, отырмалы болып келеді. Жапырақтары кезектесіп орналасады. Гүлсерігі қарапайым, күлтежапырақшалар түрінде берілген, актиноморфты, қосжынысты, үш өлшемді (сиректеу екі төрт өлшемді). Гинецейі ценокарпты, сиректеу апокарптыға жақын, 3 сиректеу 4 жеміс жапырақшаларынан тұрады. Гүлтүйіні жоғары. Жемісі қорапша, қауашақ немесе жидек болып келеді. Дәнінің эндосперімі болады (1-сурет)  [2].                                       

                                                       

 

                                                                 1-сурет.Лалагүлділер тұқымдасы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1.1.1 Қызғалдақ туысы

( Тюльпан –  Тulipa )

 

Қызғалдақтар Евразия  мен Солтүстік Африканың шөлді, жартылай шөлді және шөлейт аймақтарында кең таралған. Жабайы түрлері Кавказда, Орта Азияда, Қазақстанның далалық, жартылай шөлді зоналарда көптеп кездеседі.

Қызғалдақтар жалғыздықтан тік сабақты, жалпақтау немесе жіңішке  айыл тәріздес жапырақты, қоңыр қатты  қабыршақ пен қоршалған жуашықты көпжылдық өсімдіктер. Гүлдері ірі  жалғыздан кейде гүл шоғына біріккен, әр түрлі айқын түсті. Гүл серігі жалаң үш үштен қоңырау тәрізді болып орналасқан алты бірікпеген күлте жапырақшалардан тұрады. Аталығы алты, ол да үш үштен екі шеңбер түзеді.

Аналығы бір қысқа  мойынды үш жақтаулы аналық аузынан  тұрады.

Гүлінің формуласы: RP3+3 A3+3 G(3)

Жемісі үш ұялы қауашақ. Сәуір мамыр айларында гүлдейді. Балапан бүршікшелері және тұқымдары арқылы өсіріледі.

Қызғалдықтың көптеген түрлері мемлекеттік қорғауды қажет  етеді.

Қызғалдақтар Батыс  Европаға Түрік елінен таралған. Тюльпан  түріктердің бас киімі – “ Тюрбан ” – деген сөзінен шыққан.

Қызғалдақтың мәдени түрлерін Голландия елінде көптеп өсіреді. Өйткені бұл елдің климат жағдайы  осы өсімдікке өте қолайлы  болып табылады. Жуашықтары, гүлдері  әр түрлі 800 – тарта сорттары өсіріледі. (2-сурет) [3].    

 

 

2-сурет.Қызғалдақ туысы ( Тюльпан – Тulipa )

 

 

 

 

 

 

 

 

        1. Жатаған қызғалдақ-Tulipa patens

 

Саны мен таралу аймағы қысқарып бара жатқан түр. Түрдің таралу аймағы Қазақстанда орналасқан. Оған республиканың солтүстік аймағы дерлік түгел кіреді, шығыста Алтай тауларын қосқанда, Арал маңынан және оңтүстікте Орталық шоқыларға дейін таралған. Сонымен қатар, Ресейдің Волга-Дон аудандарында және Батыс Сібірдің оңтүстігінде кездеседі. Шағыл тасты беткейлерде, далаларда, жиі жазықтықтар мен тау етегіндегі сортаң топырақтарда өседі. Құрылысы жағынан жауқазынға ұқсас, әсіресе Гербарийден айыру қиын. Сондықтан екі түрді айыру мүмкін емес. Өте әдемі түр, гүлінің алуан түсімен ерекшеленеді, аппақ қардай түстен қызғылт- ақшыл көк түске дейін ауытқиды. Тұқымымен, өте сирек вегетативті көбейеді. Көптеген ботаника бақтарында жақсы өседі. Алғашқы гүлдеу кезеңі өте ұсақ, Алматы қаласында екпе көшеттері жетінші жылы гүлдейді. Табиғаттағы популяциясының саныгүл шоқтарына жинау және жер жырту әсерінен азайып отыр. Бірен-саран популяциялары Науырзым және Батыс Алтай қорықтарында, сонымен қатар Қарқаралы мен Баянауыл ұлттық парктерінде қорғалады. (3-сурет) [4].


 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                       3-сурет. Жатаған қызғалдақ-Tulipa patens

 

 

        1. Алакүлте қызғалдағы-Tulipa heteropetala

 

Сирек кездесетін түр. Тарбағатай мен Алтай тауларында кездеседі. Қазақстан жерінен тыс Шығыс және Батыс Сібірдің оңтүстігінде анда-санда кездеседі. Далалы, шөлейтті, жиі тау етегінен басына дейін тасты баурайларында өседі. Кейбір мамандар бұны дарагүл қызғалдақпен бір деп есептейді Бірақ, бұның сабағы ұзындау, жапырақтары алшақ орналасқан және сүйірлеу , гүл серігі жапырақтарының  ұшы доғал емес. Табиғи популяциялары оқшауланған, әдетте көлемі бірнеше ондаған шаршы метр жерді алып жатады. Кейде тығыздығы бір шаршы метрде 10-33 жынысты  жетілген дараларға жетеді. Мәдени өсірілуі тек Қазақстан ботаника бақтарынан белгілі. Екпе көшеттері бесінші жылы гүлдейді (Алматы қаласы). Марқакөл және Батыс Алтай қорықтарында, Қотанқарағай ұлттық паркінде қорғалады. (4-сурет) [5].

 

 

 

 

 


 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

4-сурет.Алакүлте қызғалдағы-Tulipa heteropetala

 

 

 

      1. 3 Альберт қызғалдағы – Tulipa alberti

 

Сирек кездесетін, эндемиктік түр. Сырдария Қаратауы (орталық және солтүстік-шығыс бөлігі), Шу-Іле таулары, Бетпақдала шөлінің оңтүстігі, Шолақ таулары мен Капшағай су қоймасы жағалауларында кездеседі. Аласа таудың қуаң беткейлерінде, шағыл тасты және сазды далаларда өседі. Гүлінің түсінің алуантүрлілігімен ерекшеленеді. Қызғалдақтардың көптеген басқа түрлері сиякты әр түрлі түстері жиі шағын жерде ғана жиналады, сондықтан гүлдеп түрған қызғалдақтар керемет әсер қалдырады. Популяцияның тығыздығы төмен — ең қолайлы деген жердің өзінде орташа 1 шаршы метрде 16 дара өседі. Тұқым арқылы көбейеді. Табиғи тіршілік ортасы бұзылмаған жерде — популяцияның барлық кезеңдегі топтары кездеседі және жас шыбықтары көп. Малды шектен тыс жаятын жерлерде түр саны азайып, жас өсімдіктер екі есе төмендейді. Мәдени түрде бірінші рет 1877 жылы Санкт-Петербургте өсірілген. Альпинарийлерді әшекейлеу үшін қолдануға болады. (5-сурет) [10].

5-сурет.Альберт қызғалдағы Tulipa alberti

                       

        1. Леман қызғалдағы – Tulipa  lehmanniana

 

Қазақстанда өте сирек  кездесетін түр. Қызылқұм шөлінде, сирек  Мойынқұмның солтүстік бөлігі мен  Бетпақдаланың оңтүстік-батысында  кездеседі. Бетпақдаладағы оның таралу аймағы морфологиялық жағынан жақын оңтүстік Балқаш маңы эндемигі Бем қызғалдағының таралу аймағымен шектеседі. Бұл жерлерде жиі екі түрдің көптеген өтпелі түрлері мен будандарының тұтас топтары кездеседі. Сонымен З.П. Бочанцеваның Бем қызғалдағын Леман қызғалдағының шығыс түрі деп қарастыруға болады деген ойына назар аударуға тұрарлық. Қазақстан жерінен тыс Өзбекстан, Түркіменстан және Тәджікстанда, сонымен қатар Иран мен Солтүстік Ауғанстанда кездеседі. Құмды және құмды-тасты шөлдерде өседі. Әдемі сәнді өсімдік, әдетте гүлі екі түсті (қызыл және сары гүлді) болады. Тұқымы арқылы және вегетативті көбейеді. Мәдени өсіруде төзімсіз, тіпті арнайы дайындалған құмды жүйектерде 2-3 жылдан кейін гүлдегенін тоқтатып, содан кейін қурап қалады. (6-сурет) [6].

6-сурет.Леман қызғалдағы – Tulipa  lehmanniana

 

        1. Регель қызғалдағы – Tulipa regelii

 

Сирек кездесетін, жоғалып  бара жатқан, эндемиктік түр. Тек Шу- Іле тауларында кездеседі. Бұл жерден тыс бір рет тек Кіндіктас тауынан (Қордай асуы маңынан) табылған. Мұнда бірнеше ондаған өсімдіктен тұратын шағын популяциясы кездескен. Шатқалдың сатыланған жерлерінде, шағыл тасы көп, күн көзіне жақсы қыздырылатын беткейлерде және шөгінді тастарда өседі. Орта Азия қызғалдақтарының ішіндегі ең әдемісі, ежелгі қалдық түр. Бұл өсімдіктің сыртқы құрылысы өзгеше. Қысқа сабағы, қатпарланған жалғыз ерекше жапырағы, өте ерте гүлдеуі және тіршілік ету кезеңінің қысқа болуы (мамырдың соңында аяқталады), осының бәрі- түрдің шөл тауларындағы ыстық құрғақшылық жағдайларында тіршілік етуге бейімделгенін көрсетеді. Онша биік емес, сабағы, (10 см-ге дейін) сабақты жапсыра қоршаған жапырағы эллипс пішінді, беткі жағында көптеген созылыңқы тарамдарымен. Барынша тығыз, көкшілдеу, басынқырап көгенде, серпілділігін де байқау қиын емес.

Гүлі де жалғыз , биіктігі 2,5-3 см дейін, гүлсерігі үшкірлеу жапырақшаларымен. Олардың ішкі жағы ақ, түп жағы сары дақты, сыртқы үшеуінің артқы жағы ашық күлгін түсті. Гүлдің оңтүстік бәйшешегіне  ұқсастығына байланысты (алатау шафраны) жергілікті тұрғындар Регель қызғалдағын да «бәйшешек» деп атайды. Бұл түр өте ерте наурыздың аяғы, сәуірдің басында гүлдейді. Жемісі мамырдың аяғында піседі. Тұқымымен көбейеді, қолда өсіру қиын, ерекше күтімді талап етеді. Бұрыннан сақталған, сирек кездесетін түр ретінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Саны малды шектен тыс көп жаю әсерінен азайып отыр. Қойлар жаппай піспеген жемістерін жейді, сөйтіп түрдің жаңаруына кесірін тигізеді (ол дерлік тек тұқым арқылы көбейеді). Мал жайылатын жерлерде бір шаршы метрдегі орташа тығыздығы 3-6, ал тіршілік ортасы бұзылмаған жерлерде бір шаршы метрде 14-27 өсімдікке дейін өседі. Мәдени өсіруге төзімсіз. Табиғи популяцияларының жағдайын бақылауды және арнайы қорғалатын жерлерді ұйымдастыруды қажет етеді. (1-сурет) [7].

 

 

        1. Жауқазын, бәйшешек - Tulipa biebersteiniana

 

Саны қысқарып бара жатқан түр. Республиканың тек солтүстік- батыс бөлігінде—Жайық өзені  аңғарынан батыс шоқыларға және солтүстік-батыс Бетпақдалаға дейін  кездеседі. Қазақстаннан тыс Украинаның оңтүстігі мен ортаңғы бөлігінде, Қырым мен Кавказды қосқанда, Ресейде таралған. Далаларда бұталар арасында және орман шетінде өседі. Қазақстан үлгілері тек тұқым арқылы көбейеді, сондықтан түр саны гүл шоғырына жинаудан азайып отыр. Популяцияға негізгі зиян жер жыртудан келеді. Батыс Еуропа мен Солтүстік Америкада (ботаника бағы және жеке әуесқойлар) жиі өсірледі. Оңтүстік Қазақстан жағдайына төзімсіз, тез қурап қалады. Наурызым қорығында қорғалады. Қазақстандағы табиғи поуляциялары зерттелмеген, олар жүйелі түрде зерттеп , бақылап отыруды қажет етеді. (7-сурет)

 

 

 

 

 

7-сурет.Жауқазын, бәйшешек - Tulipa biebersteiniana

 

 

 

Түсі- аққызыл, түбі қара немесе сары, кейде барынша күңгірт қызыл, сары, кейде сап-сары түстер кездеседі. Кеш гүлдейді, сәуірдің аяғынан мамырдың аяғына дейін, маусым шілдеде жеміс береді. Тұқымымен көбейеді. Тиімді декоративті түр, мәдени түрде жақсы өседі, тұқымымен төртінші жылы гүлдейді. Ботаникалық бақтарда танымал және Батыс Еуропаның, АҚШ және Канаданың жеке топтамаларында белгілі. Сұрыптауда қолданылмайды, бірақ көгалдандыруда үлкен қызығушылық тудырып отыр, әсіресе Қазақстанның оңтүстік елді мекендерінде. Жеке түрлердің саны табиғи популяцияларда мүлдем азайды, әсіресе Алматы маңында, себебі тау беткейлерін саяжайлар салу мақсатында жаппай игеру және тұрғындардың гүлшоқтарын жинауы осындай күйге жеткізді. Түр қорғауды қажет етеді. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Басқа қызғалдақтардай ерте көктемде аралар үшін бағалы азық болып табылады.[8].

 

 

 

 

 

        1. Кеш қызғалдағы

 

Сирек кездесетін, дерлік эндемиктік, саны тез қысқарып бара жатқан түр. Іле Алатауының орталық және шығыс бөліктерінде (Ұзын Қарғалы, Қастек, Қарақастек, Жанбасжол, Қарақұндыз) кездеседі. Қазқстан эндемигі болып есептелген, бірақ 1960 жылдары Қырғызстаннан (Орталық Тянь-Шянь: Үлкен Кемин, Кіші Кемин) табылған. Таудың төменгі белдеуіндегі жартасты және шағыл тасты беткейлерінде өседі. Таңқаларлық әдемі қызғалдақ, ұсақ гүлділер тобының ішіндегі ең көз тартары. Жылтыраған жапырақтары мен гүлдерінің көп болуымен, ақырғы күлтелерімен, сонымен қатар жол жидектерінде мәдени отырғызылған көшеттерінің онша биік емес сабақтарымен табиғи әсер береді. Тұқымы арқылы және вегетативті жақсы көбеюіне байланысты (бір пиязшықтан төрт өсімдік өседі) көгалдандыру жұмысында жоғары бағаланады. Ол тез өсіп, шағын гүл шоқтарына ұқсас көп гүлді даралардан тұтас жүйек түзеді (жақсы күтімнен 10-18 гүлге дейін береді). Сәуірдің ортасынан мамырдың ортасына дейін гүлдейді. Тұқымымен көбеюден басқа вегетативті жолмен көбею тән.

Жерасты сабақтарының көмегімен  еншілес пиязшықтарды аналық өсімдіктен әр жаққа алып шығады. Өте әдемі әрі сәндік түр. Ерте гүлдейтіндігімен және қиындықсыз көбеюімен бағалы. Мәдени түрде 100 жылға жуық белгілі. Сондай-ақ Батыс Еуропа, АҚШ және Канада елдерінде. 1905 жылы бірінші рет мәдени түрде өсірілген. Өсімдіктер арасын айыру үшін қолданылады. Екпе көшеттері төртінші жылы гүлдейді. Таза сары гүлді түрлері де кездеседі. З.М. Силина «Күн» атты ерекше сортты шығарды. Табиғи популяциялары көп емес және көп жағдайда оқшауланып кездеседі. Малды көп жаюдан зардап шегеді (таптау және жеу). Қарақұндыз  ботаника  бағында бірен-саран қорғалады. Популяция жағдайын бақылап, Қарақастек және Жанбасжол сайларында арнайы қорғалатын жерлер ұйымдастыру қажет. Қзақстанда Алматы, Жезқазған және Риддер ботаника бақтарында өсіріледі. Қазақстанның Қызыл кітабына енген [9].

 

 

        1. Борщев қызғалдағы - Т. Борщова -  T.Borszczowii

 

Шалғын құмдарда өсетін 20-40 см биіктіктегі арасы алшақтау жайылып жазылған бұйра, ланцет тәрізді 4 жапырағы бар көпжылдық жуашықты өсімдік. Күлте жапырақшалары сары, қызғылт-сары, қызғылттау келіп, төменгі жағында күлгін түсті дақтар болады. Жуашығының қабықшасы түтікшеге жалғасқан.Сирек кездесетін, эндемикті түр. Арал маңы, Солтүстік Қызылқұм және Бетпақдала шөлінің батыс бөлігінде кездеседі. Соңғы жылдары Қызылкөл көлінің маңынан (Мойынқұм құмының батыс бөлігі) табылған. Тек құмды, сазды және сазды-шағыл тасты шөлдерде өседі. Осы түрге және осыған ұқсас екі түрге –Бем және Леман қызғалдақтарына тән белгі пиязшық қабыршағының өте ұзын (топырақ бетіне дейін) болуы, яғни сабағының жер асты бөлігін түгел тығыз талшықты қап қоршап тұрады. Леман қызғалдағынан айырмашылығы: жер үсті бөлігінің қысқа (1,5-2 есе) болуы (жер асты бөлігімен салыстырғанда) және гүлден асып немесе гүлге жетіп тұратын жоғарғы жапырақтарының болуы. Тұқым арқылы, жиі вегетативті көбейеді, яғни гүлдеген және вегетативті даралардың шоғырланған тобын құрайды. Гүлінің түстері қызыл және сары. Таралу аймағының шекарасында қорғалатын жер жоқ. Попуяцияларын есептеп, санын анықтау қажет, сонымен қатар ерекше қорғалатын жерлер, мүмкін, Борщев пен Альберт қызғалдақтарының жақсы сақталған жерлері Бетпақдала шөлінің батыс бөлігінде ұйымдастыру керек болар. (8-сурет) [10].

 

8-сурет.Борщев қызғалдағы - Т. Борщова -  T.Borszczowii

 

 

 

        1. Грейг қызғалдағы – Тulipa  greigii

 

Саны қысқарып бара жатқан, сирек кездесетін түр. Солтүстік  шөлден (Қызылорда қаласының маңынан) Батыс Тянь-Шань, Қаратау, Қырғыз жотасынан  Шу –Іле тауларына және Іле Алатауының шығыс бөлігіне (Қордай асуына) дейін  кездеседі. Қазақстан жерінен шамалы ғана шығады, Өзбекстан мен Қырғызстанның шекаралас аудандарында ғана таралған. Тау етегі мен тау жазықтықтарында, шағын тасты және ұсақ топырақты беткейлерде өседі, субальпі белдеуінің төменгі шекарасына дейін көтеріледі. Гүлінің түсінің керемет алуан түрлілігіаен ерекшеленеді. Талас Алатау мен Қаратаудың жекелеген сайларында кездескен әр түрлі формаларын кейбір авторлар жеке түрлерге жатқызған. Тек тұқым арқылы көбейеді. Табиғатта көшеті 10-12 жылдан кейін бірінші рет гүлдейді. Әсіресе елді мекен маңындағы гүлдеп тұрған өсімдіктерді жаппай жинау, осы маңдағы өсімдіктердің  түгел жойылуына әкеліп соқты. Елдің бәрі біле бермейді, біздің Грейг қызғалдағының ғылымға тек 1868 жылы ғана белгілі болғанын, ал 1877 жылы ол Голландияда бірінші дәрежелі сорт дипломын алды. Осы уақытқа дейін осы түрдің қатысуымен табиғи сұрыптау және будандастыру әдістері арқылы қызғалдақтың 300-ге жуық мәдени сорты алынды. Қазіргі жүйелеу бойынша олар «Грейг қызғалдағы және оның будандары» атты ерекше класқа бөлінеді. Сондықтан Қазақстан халқының алдындағы ең жауапты міндеті – тек табиғатта біздің ландшафтың әшекейін қорғап қана қоймай, табиғи сортты байытудың бағалы көзін қорғау болып табылады.

Қорғалатын жерлерде (Ақсу Жабағалы және Қаратау қорықтары, Берікқара мен Қызыл тау қорықшалары) түр өзін жақсы сезінеді. Кейде оның тығыздығы 1 шаршы метр жерде 150 дараға дейін жетеді, оның алпысы гүлдейді. Қазақстанға жыл сайын Англиядан, АҚШ- тан, Германиядан, Жапониядан және т.б. елдерден жүздеген адамдар келеді. (9-сурет) [11].

 

 

9-сурет. Грейг қызғалдағы – Тulipa  greigi

 

 

        1. Күмәнді қызғалдақ

 

Сирек кездесетін, дәрілік  эндемиктік, аз зерттелген түр. Угам жотасының  биік тауларында (Қорымтөр) және Талас  Алатауының оңтүстік тармақтарында (Үлкен  Ақсу өзенінің жоғарғы жағы мен оның жағалау салалары- Амансай, Көксеке) кездеседі. Қазақстаннан тыс Қырғызстан мен Өзбекстанның (Шатқал мен Угам жоталары, Ангрен үстірті) шекаралас аудандарында таралған. Биік таудың теңіз деңгейінен 2400-3000 м биіктік аралығындағы шағыл тасты беткейлерінде өседі. Ұқсас Кауфман қызғалдағынан жіңішке, сүйір және көкшіл сұр жапырақтарымен, гүл серігі жапырақтарының да жіңішке болуымен, ұсақ гүлдерімен ерекшеленеді. Популяция жағдайы зерттелмеген. Тек Ақсу- Жабағалы қорығында бір шаршы метрдегі тығыздығы 188 өсімдікке жететіндігі белгілі, бірақ жынысты жетілмеген өсімдіктер үлесі небары шамамен 4%. Майдантал өзені аңғарындағы тіршілік  ететін ортасын қорғауға алған[10].

 

 

        1. Кауфан қызғалдағы –Tulpa  kaufmanniana

 

Қазақстанда Қаратаудың, Талас Алатауының, Өгем жотасы мен  Қоржынтаудың тастақты жерлерінде, тауалды аймақтан субальпі белдеулеріндегі тау жылғаларының жағалауларында өседі. Биіктігі 40 см-дей, жуашығының пішіні жұмыртқа тәрізді, сыртын қара қоңыр қабық жапқан. Жапырағының саны 2 – 3-тен аспайды, ұзынша немесе эллипс сияқты. Гүлі дара жетіледі, ішкі жағы ақ, онда ұсақ сары дақтар анық көрінеді, ал сыртқы беті қызыл немесе күлгін түсті. Тұқымынан көбейеді. Наурыздың аяғынан маусымға дейін гүлдейді. К. қ. – сәндік өсімдік, әсіресе селекцияда көп пайдаланылады, 200-ден астам сорты бар. К. қ-ның жылдан-жылға таралу аймағының азаюына байланысты сирек кездеседі. Қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.Сабағы мен жапырақтарының дақсыздығымен (әдетте, олар екіден, төрттен емес ) едәуір жіңішке және ұсақ гүлдерімен (биіктігі 6 см ) ерекшеленеді. Түске өте бай –ақ, ақшыл сары, жалтырауық, ашық сары , қызғылт сары, алқызыл, күңгірт қызыл. Гүлсерігінің сыртқы жапырақшаларының артқы жағында қарама –қарсы жолақтар жақсы бейнеленген (сирень түсті, жасылдау, қызыл күңгірт қызыл) Жоғары декоративті түр сұрыптауда кеңінен қолданылады. Кауфман қызғалдағы және оның будандары ерте гүлдейтіндігімен бағалы, (Наурыздың аяғы), және вегетативті жолмен көбейеді. Қолда жақсы өседі, бес жылда гүлдейді. өте тиімді сәндік түр. Алдыңғы түр сияқты адамдардың қолдары тимеген жерлерде қаулап өседі. Көктемгі жасыл алқапқа ашық және әртүрлі түстерімен сән береді. (10-сурет) [9].


 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

10-сурет. Кауфан қызғалдағы –Tulpa  kaufmanniana

        1. Дарагүл қызғалдағы – Tulipa  uniflora

 

Саны қысқарып бара жатқан түр. Алтай, Тарбағатай таулары мен Зайсан шұңқырында кездеседі. Қазақстаннан тыс Оңтүстік Сібір мен Батыс Моңғолияда таралған. Тау етегінен жоғарғы белдеуіне дейінгі шағыл тасты баурайлары мен құмды жерлерінде өседі. Мәдени өсіру тек Қазақстанда сынап байқалды. Алтай ботаника бағында (Риддер қаласы) жақсы гүлдеп, жеміс береді. Тұқымы арқылы және вегетативті көбейеді. Алматы жағдайында толық төзімді емес. Көшіріп отырғызылған пиязшықтары гүлдейді, бірақ 12 жыл ішінде біртіндеп қурап қалады. Жыл сайын жеміс бермейді және вегетативті өте сирек көбейеді. Батыс Алтай қорығында қорғалады. (11-сурет) [10].

                  

11-сурет. Дарагүл қызғалдағы – Tulipa  uniflora

 

 

 

1.1.1.13 Островский қызғалдағы – Tulipa ostrowskiana

 

Тек Іле Алатау жотасының орталық және басты бөлігінде және Қырғыз жотасының шығыс бөлігінде (Алматы және Жамбыл облыстарында) кездеседі.

Алматы қаласының маңынан кездесетіндіктен көп уақыт бойы Қазақстанға тән түр болып есептеліп келді, кейіннен Қырғызстанмен шектесетін территориядан табылды. Таулардың төменгі, ортаңғы белдеулерінде, қоректік қоры мол топырақты беткейлерде өседі. Бүршік жарған кезінде барынша биік иілгіш (40 см-ге дейін) сабағымен, қандауырша тәрізді жидектері толқындаған үш жапырағымен және ұзарған әдемі гүлімен ерекшеленеді. Жарық мықты болған кезде, жұлдызы тостаған тәрізді ашылады. (12-сурет) [10].

 

12-сурет. Островский қызғалдағы – Tulipa ostrowskiana

 

 

 

1.1.1.14 Шренк қызғалдағы - Tulipa Schrenkii

 

Лалагүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық баданалы өсімдіктер туысы. Баданасы жұмыртқа тәрізді, жуандығы 3 сантиметрге дейін жетеді. Сағағы жіңішке, биіктігі 30 см. Жапырақтары 3-4, ланцет тәрізді, жіңішке сопақша келген гүлінен сәл ұзын. Гүлдері ірі, ақ, қызыл не сары түсті. Гүлдерінде қара, ақ немесе сарғыш дақтар болады. Дәндерімен көбейеді. Мамырда гүлдейді, маусымда жемісі пісіп жетіледі. Қауашағы доғал пішінді. Тасты-қиыршықты жерлерде және беткейлерде өседі.

Қазақстанның барлық өңірінде өседі. Шренк қызғалдағы —  әсемдік өсімдік, алқабы жылдан-жылға  қысқарып келеді. Жер жырту және егісті жедел игеру салдарынан оның қоры жылдан-жылға азаюда. Қызғалдақ Қазақстанның "Қызыл кітабына" енгізілген. (13-сурет) [7].

13-сурет. Шренк қызғалдағы - Tulipa Schrenkii

 

1.1.2 Лалагүл туысы (лилия—Lilium)

 

Туыста Солтүстік ендіктің қоңыржай климатты облыстарында өсетін 80-100 түрі бар. БОР-дың территориясында 15 түрі (БОР-дың европалық бөлігінде, Сібірде, Қиыр Шығыста, Кавказда) кездеседі. Гүл серігі воронка, қоңырау тәріздес, айқын қызыл, сары, ақ тағы басқа түсті бірікпеген күлтежапырақтардан тұрады. Гүлдері шашақ гүл шоғырына біріккен немесе жалғыздан дара орналасады. Жерастылық жуашығы сыртынан шатырланып келген тығыз орналасқан қабыршық жапырақшалар мен қоршаулы келеді. Жапырақтары ұзынша бүтін тақталы отырмалы немесе қысқа сағақша арқылы кезектесіп немесе шоқталып орналасады. Жер бетілік сабағы жыл сайын қурап түсіп отырады. Лалагүл туысының кең таралған түріне ақгүлді лалагүл, бұйра лалагүл, бірағайынды лалагүл, корольдық лалагүл, ұзынгүлді лалагүл, жолбарыс лаласы (L.tigrium)- қара дақтары бар ақшыл сары гүлді өсімдік.

 Лалагүл баданасы черепица тәрізді болып келетін өсімдік. Гүлдері үлкен шашақты гүл шоғырына біріккен немесе жалғыздан болып келеді. Гүл серігі қанық боялған (қызыл, сары, сирен түсті немесе таза ақ). Ақ лалагүлдің (лилия белая—L. Candidium) шыққан жері, отаны Кавказ. Гүлінің формуласы:

*P3+3 A3+3 G(3). (14-сурет) [8].

 

                

14-сурет. Лалагүл туысы (лилия—Lilium).

 

1.1.2.1 Бірағайынды лалагүл

(л. Однобратственная—L.monadelphum)

 

Гүлдерінің түсі сары болады. Король лалагүлі (л. Королевская-L. Regale) сәндік өсімдік. Қазіргі кезде бұл түрдің 2000-дай сорты бар. Шығыс Азияда жеуге келетін баданасы үшін лалагүлді көкөніс (овощтық) дақылы ретінде өсіреді. Тамаққа лалагүлдің сібірлік түрлерінде пайдаланады. Дауыр лалагүлінің баданасынан жүрек ауруына ем болатын глюкозидтер табылады. Бұйра лалагүл, (л. Кудреватая, или мартогон- L. Martagon), негізінен орманның ашық жерлерінде, жарық ормандарда, субальпі белдеуіндегі шалғындарда өседі. БОР-дың территориясының барлық жерлерінде кездеседі деуге болады. Орта Азиядан басқа жерлерінде. Бұл түр табиғи жағдайда кездесетін лалагүл туысының Қазақстандағы жалғыз өкілі. (9-сурет) [12].

 

15-сурет. Бірағайынды лалагүл(л. Однобратственная—L.monadelphum

 

1.1.2.2 Бұйра лалагүл (Л. Кудрявая—Lilium martagon)

 

ТМД елдерінің европалық  бөлігінде Кавказда, Сібірде орманды  жерлерде таралған. 60-90 см ұзындықтағы  гүл сидамының жоғарғы ұшында 6-10 шақты жеке гүлдерден түзілген гүл шоғыры орналасқан, жуашықты көп жылдық өсімдік. Гүлсидамының орта шеніндегі ланцет тәрізді бес алты жапырақтары шоқталып, одан жоғарырақтағы ұсақ жапырақшалары кезектесіп орналасқан. Гүл серігі айқын қара-қошқыл түсті үш-үштен екі шеңбер түзеп бос орналасқан. Алты күлте жапырақшалардан тұрады. Аталығы алты қоңыр қошқыл түсті тарамдалған ұзын жіпшелі келіп олардың жоғары басында арқа жағынан бекіп, шайқалып тұратын тозаңдықтары орналасады. Аналығы үш жеміс жапырақшаларының бірігуінен түзілген бір аналығы едәуір үлкен ұзынша созылған түйіннен, ұзын мойыннан және шоғыр басты аналық аузынан тұрады. Қауашағы да үлкен кері жұмыртқа формалы, алты қырлы ішінде көптеген тұқымдары жатады. Жуашығы 5 см ұзындықта сары түсті. Жуан етті қабыршақтардан түзіліп, оның қойын бөлігінде балапан бүршікшелер орналасады. Осылар арқылы жақсы вегетативті көбейіп отырады. Жуашығы жеуге жарайды. Бұл табиғи жағдайда өсетін лалагүлдердің Қазақстанда кездесетін жалғыз түрі болып саналады. (16-сурет) [10].

 

 

 

16-сурет.Бұйра лалагүл (Lilium martagon):

1-сабақтың тұп бөлігі;

2-гүлшоғыры; 

3-гүлінің диаграммасы.

 

 

 

 

1.1.2.3 Тауалға Сиверцов корольковиясы

 

Монотипті туыс өкілі  бір ғана түрі бар. Таралу аймағы Қазақстандық Батыс Тянь-Шаньнан болар болмас шығады. Сазды, ірі қиыршық тасты  беткейлерде арша және алма ормандарынан, аласа таулардан бастап , субальпі белдеуінің төменгі шекарасына дейінгі бұта шіліктерінде кездеседі (Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облысы) . Шөптесін көпжылдық, ірі, шар тәрізді, шырынды пиязшығы бар. Сабағының биіктігі 70 см-ге дейін, кезектесе орналасқан кең сопақ жапырақтарымен біртіндеп кішірейген гүлжапырақтарына ауысады. Воронка тәрізді қоңыраулы, иілген гүлдер саны   25-ке дейін. Сабақтың бас жағында гүлшоғырына (шашаққа) жиналған. Гүлдердің түсі өте ауыспалы. Күңгірт қоңырдан жасылдау қоңырға дейін сирек сап-сары. Корольковия сәуірдің басынан шілденің басына дейін сирек гүлдейді (еріп жатқан қардың айналасында), жемістері (ірі, сопақ, қорапшалар алты кең қанаттарымен) мамырдың соңында шілдеде піседі. Тұқымымен көбейеді, вегетативті жолмен сирек[11].

Оңтүстік Қазақстанда  бұл өсімдікті тауалға немесе «тау картобы» деп атайды. Пиязшықтарының құрамында 40% -ына дейін крахмал және 1% -5а жуық улы алкалоидтар бар. Ашаршылық жылдары олардан ұн жасап, азыққа пайдаланды. Әдетте сыртқы қырылған түйнекті күйдіретін уынан айыру үшін бірнеше қайтара суық суға жуу керек. Жуылмаған пиязшықтарды азыққа пайдалануда жаппай уланған жағдайлар болған. Корольковияның алколоидтары орталық жүйке жүйесіне әсер етеді. Соңғы онжылдықта олар емдік препараттар ретінде байқаудан өткізілген. Гүлдері тозаңдар мен шірнелер бөледі. Сондықтан ерте көктемгі омарталық өсімдік ретінде қызықтырады. Мәдени түрде қиындықсыз өсетін тартымды сәндік өсімдік. Құрғақ сабағы жемістерімен гүл шоқтарын жасауға пайдаланады. Риддер ботаника бақтарында өсіріледі. Қазақстанның Қызыл кітабына енген[13].

 

 

1.1.3 Қазжуа туысы – Гусиный лук-Gagea

 

Туыста шамамен 70 түр  бар. Қазжуа туысы ерте көктемде өсетін эфемероидтар. Олар өте ұсақ өсімдіктер жапырақтары жіңішке, гүлдері ұсақ, түсі көпшілігінде сары болып келеді. Қазжуалар ерте көктемде гүлдейді де, вегетациялық кезеңін тез аяқтайды. Қазақстанда 38 түрі кездеседі. Олардың барлығы дерлік шөлді және шөлейт аймақтардың өсімдіктері. Жапырақтары жіңішке жер тағанды, гүл жапырақшалы. Сары түсті ұсақ гүлдері шатыр гүл шоғырына біріккен. Күлте жапырақшалары 6, аталығы 6, аналығы1 үш қалақшалы аналық аузынан тұрады. Күлтесі, аталығы үш-үштен екі шеңбер құрап орналасқан. Аналығы үш жеміс жапырақшасынан түзілген. Жуашығы жұмыртқа формалы. Жемісі- кері жұмыртқа пішінді қауашақ. Сәуір айында гүлдеп жеміс құрайды. 70-ке тарта түрлерден тұрып оның 38-і Қазақстан жерінде кездеседі. (17-сурет) [12] .

Лалагүлдер тұқымдасы