Мемлекеттік бюджеттің атқарылуы
1
1.1
Бюджет – мемлекеттің қажетті атрибуты және оның егемендігінің негізі. Бюджеттің көмегімен тиісті мемлекеттік және муниципалдық құрылымдардың ақшалай қорлары құрылады, бұл қорлар олардың жалпы маңызды міндеттерін орындауды қамтамасыз етеді, мемлекеттік билік пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының функцияларын жүзеге асырудың қаржылық негізін жасайды. Бюджеттерде мемлекеттің қаржылық ресурстарының аса ірі бөлігі шоғырланады, бұл мемлекеттің қаржылық саясатын ойдағыдай жүзеге асыру үшін қажет.
Мемлекеттік бюджет, кез келген басқа экономикалық категориялар сияқты, өндірістік қатынастарды білдіреді және сәйкес келетін материалдық-заттай іске асырылуы болады: бюджеттік қатынастар мемлекеттің орталықтандырылған ақшалай қорында – бюджеттік қорда затталынады. Мұның нәтижесінде қоғамда болып жатқан нақты экономикалық үдерістер мемлекеттің жұмылдыратын және пайдаланатын ақша ағынында өзінің көрінісін табады. Бюджеттік қор – бұл құндық бөліністің белгілі стадияларын өткен және ұлғаймалы ұдайы өндіріс, халыққа әлеуметтік-мәдени қызмет көрсету, қорғаныс және басқару бойынша қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін мемлекетке түскен қоғамдық өнім мен ұлттық табыстың бір бөлігі қозғалысының объективті түрде шарттасылған экономикалық нысаны. Бюджеттік қорды қалыптастыру мен пайдалану құнды бөлумен және қайта бөлумен байланысты оның қозғалысының үдерісін білдіреді.
Мемлекет бюджет экономикалық қосалқы категория ретінде мемлекеттің орталықтандырылған ақшалай қорын жасау және оны ұлғаймалы ұдайы өндіріс пен қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсаттарына пайдалану жолымен қоғамдық өнімнің құнын бөлу және қайта бөлу үрдісінде мемлекет пен қоғамдық өндірістің басқа қатысушылары арасында пайда болатын ақшалай қатынастарды білдіреді. Қаржылық қатынастардың бұл жиынтығы «мемлекеттік бюджет» ұғымының экономикалық мазмұнын құрайды.
Мемлекеттік бюджет жалпы мемлекет қаржысының функцияларына сәйкес келетін функцияларды – бөлу және бақылау функцияларын қаржылардың ұдайыөндірістік тұжырымдаманың шеңберінде орындайды. Бұл функциялардың іс-әрекеті, мазмұны, мәні мен маңызы бюджеттік қатынастардың қаралған өзіндік айрықшалығымен айқындалады. Бөлгіштік функцияның іс-әрекеті ерекшелігі сол, қоғамдық өнімнің құны қоғамдық өндірістің сфералары, ұлттық шаруашылықтың секторлары, аумақтар, салалар, жеке шаруашылықтың секторлары, аумақтар, салалар, жеке шаруашылық жүргізуші субъектілер арасында бөлінеді. Сонымен бірге қаржының және мемлекет қаржысының негізгі буыны ретінде мемлекеттік бюджет бөлгіштік функция шеңберінде: мемлекет қаржысының орналастыру, қайта бөлу, тұрақтандыру қосалқы функцияларын орындауды қамтамасыз етеді. Бақылау функциясы бюджеттік қорларды бөлудің сандық үйлесімдерінде, олардың қоғамдық өндіріс дамуының қажеттіліктеріне сай келетіндігінде, бөлудің ұнамсыз барысынан ауытқуын анықтау және оларды жою мүмкіндігінде көрінеді.
Мемлекеттік бюджет – ұлттық экономиканы басқарудың басты механизмдерінің бірі. Бюджеттік механизм мемлекеттің орталықтандырылған ақшалай қорын жасау мен пайдаланудың нысандары мен әдістерінің жиынтығы болып табылады және ірі құрылымдық ілгерілімдерді жүргізу, ғылымды қажетсінетін өндірістерді дамыту, инновациялық технологияларды ендіру үдерісінде пайдаланылады. Экономиканы реттеу үшін бюджеттік механизмді пайдалану қоғамдық өндірісті дамытудың қарқындары мен үйлесімдеріне әсер ете отырып, мемлекеттің қарамағына түсетін ақшаны оңтайландыру арқылы жүзеге асырылады.
Мемлекеттік органдардың өздерінің функцияларын орындауы үшін басқарудың барлық деңгейлерінеде тиісті қаржы базасы болуы тиіс. Осы мақсатпен әр елде өңірлердің шаруашылығын, әлеуметтік сферасын, әрбір әкімшілік-аумақтық бірліктерді абаттандыруды, заң шығарушы билікті, басқару аппаратын ұстауды және басқа шараларды қаржыландыру үшін олардың ақшалай ресурстарын жұмылдыруды қамтамасыз ететін бюджеттер тармақтарының желісі құрылады. Бюджеттердің жекелеген түрлерінің кірістері мен шығыстарын қалыптастыру, оларды теңестіру үдерісінде заңмен реттеліп отыратын белгілі бір қаржылық өзара қарым-қатынастар пайда болады. Осы элементтердің барлығы – бюджет жүйесін ұйымдастыру мен құрудың қағидаттары, оның буындарының өзара қатынастары мен байланысының ұйымдық нысандары, бюджет құқықтарының жиынтығы – бюджет құрылысын құрайды.
Бюджет құрылысында басты орынды бюджет жүйесі алады, ол экономикалық қатынастарға және құқықтық нормаларға негізделген түрлі деңгейлер бюджеттерінің, сонымен бірге бюджет процесі мен қатынастарының жиынтығын білдіреді. Әр түрлі елдердің бюджет жүйелері өзінің құрылымы, бюджеттерінің жекелеген түрлерінің саны жағынан түрліше болып келеді, өйткені олардың аумақтық құрылысы мен аумақтық бөлінісі байланысты болады.
Бюджет жүйесінің құрамы елдің ұлттық-мемлекеттік құрылымымен анықталады. Мемлекеттің федеративтік және унитарлық құрылымы болуы мүмкін.
Федеративтік мемлекеттерде бюджет үш буыннан тұрады:
мемлекеттік бюджет немесе федералдық бюджет немесе орталық мемлекеттің бюджеті;
федерация мүшелерінің бюджеттері (АҚШ-та – штаттардың, ГФР-да – жерлердің (ландтардың), Канадада – провинциялардың, Ресейде – федерация субъектілерінің бюджеттері);
жергілікті бюджеттер.
Унитарлық (біркелкі) мемлекеттерде екі буынды бюджет жүйесі қолданылады: орталық (республикалық) бюджет және толып жатқан жергілікті бюджеттер.
Екі жағдайда да бюджеттердің оқшаулану мен дербестігінің түрлі дәрежесі болуы мүмкін, бірақ, әдеттегідей, әлеуметтік-экономикалық процестерді басқаруды орталықтандыру деңгейіне байланысты төменгі бюджеттерге қатынасы бойынша белгілі бір реттеуші рөл орталық бюджетте сақталады.
Қазақстан Республикасының бюджет жүйесі бюджет құрылымының унитарлық типімен анықталады, өйткені Қазақстан – федералдық емес, басқарудың Президенттік нысаны және сайланатын парламенті бар унитарлық мемлекет.
Қазақстан Республикасында талдамалы ақпарат ретінде пайдаланылатын және бекітуге жатпайтын мемлекеттік және шоғырландырылған бюджет, облыстардың бюджеті жасалады.
Мемлекеттік бюджет өз араларында өзара өтелетін операциялар ескерілместен, республикалық және жергілікті бюджеттерді біріктіретін, мемлекеттің орталықтандырылған ақша қоры болып табылады.
Шоғырландырылған бюджет өз араларында өзара өтелетін операциялар ескерілместен, республикалық бюджетті, облыстардың бюджетін республикалық маңызы бар қала, астана бюджетін және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына бағытталатын түсімдерді біріктіретін мемлекеттің орталықтандырылған ақша қоры болып табылады.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік бюджетінің басты бөлігі республикалық бюджетте шоғырланады.
Бюджет Кодексімен айқындалған салықтық және басқа түсімдер есебінен қалыптасатын орталық мемлекеттік органдардың, оларға ведомствалық бағынысты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржымен қамтамасыз етуге және мемлекеттік саясаттың жалпы республикалық бағыттарын іске асыруға арналған орталықтанған ақша қоры республикалық бюджет болып табылады. Тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет Қазақстан Республикасы заңымен бекітіледі.
Бюджет Кодексімен айқындалған салықтық және басқа да түсімдер есебінен қалыптасатын және облыстық деңгейдегі жергілікті мемлекеттік органдардың, республикалық маңызы бар қаланың – Астананың, оларға ведомствалық бағынысты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржымен қамтамасыз етуге және тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте мемлекеттік саясатты іске асыруға арналған орталықтанған ақша қоры облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала – Астана бюджеті болып табылады. Жергілікті бюджеттер тиісті маслихаттардың шешімдерімен бекітіледі.
Төтенше мемлекеттік бюджет республикалық және Қазақстан Республикасындағы төтенше немесе соғыс жағдайларында енгізіледі.
Төтенше мемлекеттік бюджетті бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді және ол қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітіледі.
Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төтенше немесе соғыс жағдайын енгізу және оның күшін жою туралы Президенттің Жарлығы төтенше мемлекеттік бюджетті енгізуге және оның қолданылуын тоқтатуға негіз болып табылады. Төтенше мемлекеттік бюджеттің қабылданғаны туралы Қазақстан Республикасының Парламенті дереу хабардар етіледі.
Төтенше мемлекеттік бюджеттің қолданылу уақытына тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның және тиісті қаржы жылына арналған барлық деңгейлерінің жергілікті бюджеттері туралы мәслихаттар шешімдерінің қолданылуы тоқтатыла тұрады.
Төтенше мемлекеттік бюджет төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген мерзім ішінде қолданыста болады.
Төтенше мемлекеттік бюджеттің қолданылуы тоқтатылғаннан бастап республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға және тиісті қаржы жылына арналған барлық деңгейлерінің жергілікті бюджеттері туралы мәслихаттардың шешімдеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан республикасының жекелеген жерлерінде төтенше жағдай енгізілген ретте төтенше мемлекеттік бюджет енгізілмейді.
Қазақстан Республикасының бірнеше аймақтарының аумақтарында бір мезгілде төтенше жағдай енгізуге төтенше жағдайдың зардабы ұлттық мүдделерге және республиканың экономикалық қауіпсіздігіне нақты қатер төндіруі мүмкін болатын ретте ғана төтенше мемлекеттік бюджет енгізуге негіз бола алады.
1-сурет. Қазақстан Республикасының бюджет жүйесі
Бюджет жүйесінің жұмыс істеуі бюджеттердің әр түрлі деңгейлерінің өзара байланысына негізделеді және оларды жоспарлау, әзірлеу, қарау, бекіту, атқару, бақылау тәртібімен, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы есеппен қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасының бюджет жүйесі мемлекеттік бюджет жүйесіне кіретін барлық бюджеттердің бірлігі, дербестігі, толықтығы, реалистігі, дәйектілігі, жариялылығы және т.б. қағидаттарына негізделеді.
Бюджет жүйесi мынадай принциптерге негiзделедi:
Реалистік қағидаты – бекітілген бюджеттік көрсеткіштердің әлеуметтік-экономикалық дамудың және бюджеттік, параметрлеріне бекітілген, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары параметрлеріне болжамдарының бағыттарына сәйкестігі. Бюджеттің реалистігіне Президенттің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауына сәйкес оларды Қазақстан Республикасының элеуметтік-экономикалық дамуының индикативтік жоспарының, аумақтарды дамытудың экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларының өлшемдеріне сәйкес келтіру арқылы қол жеткізу;
Реалистік қағидаты бюджет тізімдемесін бұрмалауды болдырмау және бұзылуын жою үшін қажет. Ол бюджетте мемлекеттің қаржылық операцияларының шынайы көрсетілуін, бекітілген сомалардың бюджеттік арналымдардың атқарылуына сәйкестігін алдын-ала қарастырады. Нақтылы дамудың болжамдары мен бағдарламаларының көрсеткіштеріне негізделетін және бюджеттік резервтердің болуымен нығайтылған кірістердің барлық көздері мен шығыстар бағыттарының есеп-қисаптарының негізділігімен анықталады.
Транспаренттілік қағидаты – мемлекеттік немесе заңмен қорғалатын өзге құпия болып табылатын мәліметтерді, сондай-ақ қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдары үшін бюджеттік үдерістің міндетті ашықтығын қоспағанда, бюджет заңнамасы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді, бекітілген нақтыланған, бюджеттерді және олардың атқарылуы туралы есептерді, стратегиялық, Қазақстан республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру және пайдалану туралы ақпаратты міндетті түрде жариялау.
Дәйектілік қағидаты деп мемлекеттік органдардың бюджеттік қатынастар сферасында бұрын қабылданбаған шешімдерді сақтауын айтады.
Нәтижелілік қағидаты – мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларында көзделген тура және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуге бағдарланған бюджетті әзірлеу және атқару.
Сабақтастық қағидаты - өткен кезеңдерде бекітілген әлеуметтік-экономикалық даму мен бюджеттік параметрлер, базалық шығыстар, болжамдарына, бюджеттік мониторинг қорытындыларына, нәтижелерді бағалауға негізделген республикалық және жергілікті бюджеттерді жоспарлау.
Негізділік қағидаты – бюджет жобасына қандай да болсын түсімдерді немесе шығыстарды кірістіру қажеттігін айқындайтын нормативтік құқықтық актілердің және басқа құжаттардың негізінде бюджетті жоспарлау.
Касса бірлігінің қағидаты – бюджетке түсетін барлық түсімдерді бірыңғай қазынашылық шотқа есептеу және бірыңғай қазынашылық шоттан барлық көзделген шығыстарды ұлттық валютада жүзеге асыру.
Тиімділік қағидаты – бюджеттік қаражаттардың бекітілген көлемін пайдаланып, ең үздік тура нәтижелерде қол жеткізу қажеттігін негізге ала отырып, бюджеттерді әзірлеу және атқару немесе бюджеттік қаражаттардың аз көлемін пайдаланып тура нәтижеге қол жеткізу;
Бюджет жүйесі реттеуші кіріс көздерін пайдалану, мақсатты және өңірлік бюджет қорларын құру, оларды ішінара қайта бөлу арқылы жүзеге асырылған барлық деңгейлер бюджеттерінің өзара іс-әрекеттеріне негізделген.
Бюджеттік үдерісте республикалық бюджеттің және жергілікті бюджеттер арасындағы қатынастар бюджетаралық қатынастар болып табылады.
Бюджеттік қатынастар мемлекеттік басқарудың деңгейлері арасындағы функциялар мен өкілеттіктердің аражігін айқын ажыратылуына, бюджеттер арасында түсімдер мен шығыстарды біркелкі бөлінуіне, сондай-ақ бюджетаралық трансферттерді айқындау әдістерінің біртұтастығы мен ашықтығына негізделген.
Бюджеттік кодекстен басқа өзге заңнамалық актілерде есебінен шығыстар қаржыландырылуға тиіс және түсімдер есептелуге тиіс болатын бюджет дейгейін белгілеуге жол берілмейді. Шығыстарды немесе түсімдердің жекелеген түрлерін бюджеттің бір деңгейінен екіншісіне беру Бюжеттік кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда ғана жүзеге асырылады.
Бюджетаралық қатынастарды реттеу нысандарын айқындаған кезде бюджеттер деңгейлерінің әрқайсысының салықтық әлуеті, өңірлердің объектіивтік бюджеттік қажеттіліктерін бағалау нәтижелері, бекітілген натуралдық нормалар ескеріледі. Бюджетаралық қатынастарды реттеу нысандары орта мерзімді фискалды саясатқа сәйкес белгіленеді.
Бюджетаралық реттеу – тиісті аумақтарда кірістік әлуеттің жетімсіздігі кезінде теңгерімділік мақсаттарында жоғарғы бюджет ресурстарының бір бөлігін төменгі бюджетке берудің және керісінше, қаражаттарды қайта бөлудің жүйесі.
Бюджеттік реттеуді кең және тар мағынады қарауға болады. Тар мағынада ол бюджеттік ресурстардың ең төмен тапшылығына жетуге бағытталған. Кең мағынада - бұл қаржылық оесурстар балансының параметрлерін ескере отырып бюджеттік реттеуді жүргізу.
Бюджеттік реттеудің моделі мынадай негізгі үш блоктан тұрады:
бюджет жүйесі деңгейлерінің кірістік әлеуетін құру механизмдерінің жиынтығы;
шығыстардың ұтымды құрылымын қалыптастыруды кіріктіре отырып барлық деңгейлердің бюджеттері атқарылуының шарттары мен ұйымдастыру- ды анықтау жөніндегі іс-шаралар жиынтығы, бюджеттердің кіріс және шығыс бөліктерінің атқарылуын, әлеуметтік стандарттарды сақтауды бағалауды бақылаудың бірыңғай жүйесін жасау;
кіріс және шығыс құзырларын межелеуді және жауапкершілікті кіріктіретін бюджетаралық қатынастардың жүйесі, сонымен бірге өңірлерге қаржылық көмектің әдістері.
Бюджеттік реттеу механизмі – құралдар мен олардың нысандарының жиынтығы, олар арқылы төменгі бюджеттердің кірістік базасын теңестіру мақсаттарында түрлі деңгей бюджеттерінің арасында қаражаттарды бөлу және қайта бөлу жүзеге асырылады. Осы мақсатпен әр түрлі қаржылық құралдардың жиынтығын пайдалану кезінде бір деңгейдің субъектілері арасында, сондай-ақ орталық, өңірлер және жергілікті органдар арасында мемлекеттің кірістерін бөлуді жүзеге асырады. Оларды қолдану аумақтардың бюджеттік қамтамасыздығы деңгейлерін теңестіруге бағытталған және тұрақты негізде бюджеттің кірістері мен шығыстарын заңнамалық межелеуге негізделеді.
Бюджеттік реттеу механизмін іске асыру құралдардың екі негізгі топтарын пайдалануды шамалайды: нормативтік-есептік әдістерге негізделген бюджеттік және түрлі деңгейлер бюджеттерін кірістердің салықтық көздерімен қамтамасыз етумен байланысты болатын салықтық топтар. Құралдардың бюджеттік тобына қайтарусыз және өтеусіз негізде жүзеге асырылатын жоғарғы деңгей бюджеттерінен төменгі буын бюджеттеріне берілетін қаржылық көмектің әр түрлі нысандары жатады. Құралдардың екінші тобы (салықтық құралдар) бюджет жүйесінің деңгейлері бойынша және бір деңгей бюджеттері арасында бюджеттік түсімдердің салықтық көздерін бөлудің әр түрлі нысандарын пайдалануды шамалайды.
Бюджетаралық қатынастар:
1) республикалық және облыстық бюджеттердің, республикалық маңызы
бар қала, астана бюджеттерінің арасында:
трансферттермен;
бюджеттік кредиттермен;
2) облыстық және аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттер арасында:
трансферттермен;
бюджеттік кредиттермен;
кірістерді бөлу нормативтерімен реттеледі.
Трансферттер (нормативтік-үлестік жәрдемақы) – бұл қайтарусыз және өтеусіз негізде нақтылы мақсаты көрсетілмей бюджеттік реттеу ретінде бір деңгейдің бюджеттерінен (жоғары) басқа деңгейдің бюджеттеріне (төменгі)бөлінетін қаражаттар.
Бюджеттер деңгейлері арасындағы трансферттер жалпы сипаттағы трансферттерге, ағымдағы нысаналы трансферттерге, дамудың нысаналы трансферттеріне бөлінеді.
Нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттерді жергілікті атқарушы органдар тиісті бюджеттік бағдарламаларда айқындалған олардың тек қана нысаналы арналымына сәйкес пайдаланады.
Нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттердің нысаналы мақсатқа сай пайдаланылмаған сомалары мемлекеттік қаржылық бақылау органының актісіне сәйкес осы трансферттер мен кредиттерді бөлген жоғарғы бюджетке Үкімет белгілеген тәртіппен бақылау актісіне қол қойылғаннан кейін бір ай ішінде қайтарылуға тиіс.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен немесе облыстық жергілікті атқарушы органның резервінен бөлінгендерін қоспағанда, қаржы жылы ішінде пайдаланылмаған (түгел пайдаланылмаған) нысаналы трансферттердің сомалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша олардың нысаналы арналымы сақтала отырып келесі қаржы жылында пайдаланылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша пайдалануға (түгел пайдалануға) рұқсат етілген, өткен қаржы жылында бөлінген, қаржы жылы ішінде пайдаланылмаған (түгел пайдаланыл-маған) нысаналы транферттердің сомасы оларды бөлген жоғарғы бюджетке ағымдағы қаржы жылының соңына дейін қайтарылуға жатады.
Нысаналы даму трансферттерін пайдалану кезінде үнем жасалған жағдайда жергілікті атқарушы органдар үнемделген тиісті соманы жоғарғы бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттертері есебінен жергілікті инвестициялық жобаларды іске асыру жүргізілген бюджеттік бағдарламалар бойынша олардың нәтижелерінің көрсеткіштерін жақсартуға пайдалануға құқылы.
Бюджеттік реттеудің отандық практикасында реттеу механизміне бюджеттік субвенциялар мен бюджеттік алынымдар жатады және олар жалпы сипаттағы траняферттер болып табылады.
Бюджеттік субвенциялар – жоғарғы бюджеттерден төменгі бюджеттерге республикалық немесе облыстық бекітілген сомалар шегінде берілетін трансферттер. Бюджеттік алынымдар республикалық немесе облыстық бюджетте бекітіліген сомалар шегінде төменгі бюджеттерден жоғарғы бюджеттерге берілетін трансферттері болып табылады.
Деңгейлес теңгерімділік – биліктің тиісті деңгейлерінің жеке өңірлері мен аумақтарының бюджеттеріндегі кірістер мен шығыстардың жалпы сәйкестігі.
Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі абсолюттік мәнімен жылдар бойынша бөліне отырып, үш жылдық кезеңге:
республикалық бюджет пен облыстық, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің арасында – Қазақстан Республикасы заңымен;
облыстық бюджет пен аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерінің арасында – облыстық мәслихаттың шешімімен белгіленеді.
Жалпы сипаттағы тарнсферттердің көлемдері әрбір үш жыл сайын өзгертілуге жатады.
Жалпы сиапттағы трансферттер бюджеттің әрбір деңгейі үшін Салықтық кодексте бекітілген шығыстардың бағыттарына сәйкес мемлекет кепілдендірілген қызметтерді ұсыну үшін өңірлердің бюджеттік қамтамасыз етілу деңгейін теңестіруге және фискалдық мүскіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған.
Жергілікті бюджет кірістерінің болжамды көлемі шығындарының болжамды көлемінен асып түскен кезде жоғарғы бюджетке жергілікті бюджеттен бюджеттік алыным белгіленеді.
Жергілікті бюджет шығындарының болжамды көлемі кірістерінің болжамды көлемінен асып түскен кезде жоғарғы бюджеттен жергілікті бюджетке бюджеттік субвенциялар белгіленеді.
Жалпы сипаттағы трансферттерді аудару тәртібі мен кезеңділігін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Ағымдағы нысаналы трансферттер – жалпы сипаттағы трансферттердің есеп-қисабы кезінде ескерілмейтін, ағысдағы жекелеген бюджеттік бағдарламаларды іске асыру үшін республикалық немесе жергілікті бюджеттерде бекітілген сомалар шегінде жоғарғы бюджеттердің төменгі бюджеттерге берілетін трансферттері.
Дамуға арналған нысаналы трансферттер жоғарғы бюджеттерден қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттары негізінде жергілікті атқарушы органдар ұсынатын жергілікті бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға және стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың жоғарғы мемлекеттік басқару органдарының құзырына жататын, экономикалық пайда алуға немесе әлеуметтік-экономикалық тиімділікке қол жеткізуге бағытталған іс шараларын төменгі мемлекеттік басқару органдарының орындауына арналған республикалық немесе жергілікті бюджеттерде бекітілген сомалар шегінде төменгі бюджеттерге берілетін трансферттер болып табылады.
Республикалық бюджетке түсетін түсімдер. Салықтық түсімдерден республикалық бюджетке бағытталатындары: мұнайлық сектор ұйымдарынан түсетін қоспағанда, корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы, соның ішінде қазақстан Республикасының аумағында өндірілген тауарларға, орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтерге және оның аумағына импортталатын тауарларға қосылған құн салығы, Қазақстан аумағына импортталатын тауарларға акциздер, құмар ойын бизнес салығы, мұнайлық сектор ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда, үстеме пайда салығы, бонустар, пайдалы қазындыларды өндіру салығы, тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемақы, қазақстан Респбликасының жасалған келісім-шарттар бойынша өнімді бөлу жөніндегі үлесі, әкелінетін және әкетілетін тауарларға кеден баждары, консулдық алым, мемлекеттік баждар, алымдар мен төлемақылар.
Республикалық бюджетке түсетін салықтық емес түсімдерге респбликалық меншіктен түсетін кірістер республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің тауарларды өткізуден түсетін түсімдері, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын, сондай-ақ Ұлттық банктің бюджетінде тұратын және қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер салатын айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар, өндіріп алулар, республикалық бюджетке түсетін салықтық емес басқа түсімдер жатады.
Негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерге бекітілген мемлекеттік мүлікті, мемлекеттік материалдық резервтен тауарларды, мемлекетке тиесілі материалдық емес активтерді сатудан түсетін ақшалар болып табылады.
Облыстық бюджеттерден, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінен түсетін трансферттер, Ұлттық қордан республикалық бюджетке түсетін трансферттер республикалық бюджетке түсетін трансферттер республикалық бюджетке түсетін трансферттер түсімдері болып табылады.
Республикалық бюджеттен берілген кредиттерді өтеуден, республикалық меншіктегі мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан, үкіметтік қарыздарды сатудан түсетін түсімдер республикалық бюджет есебіне жазылады.
Аяқталуы керек..............
САЛЫҚ
Мемлекеттік қазынаның қаражатын молайта түсудегі маңызды мәселе – бюджет. Өйткені, денсаулық сақтау органдарының, халыққа білім беру мекемелерінің, зейнеткерлер мен студенттердің, басқа да толып жатқан халық жіктерінің тағдыры бюджетке байланысты екені хақ. Бюджет кірістерінің құрамы, бюджетке шоғырланатын ақша қаражаттарының формалары шаруашылық жүйелері мен әдістерінен, сол сияқты қоғамның экономикалық шараларын шешуге тәуелді. Бұрын бюджет кірістері мемлекеттік кәсіпорындардың ақша қорларынан құралса, нарықтық экономикаға көшуге байланысты, ол заңды және жеке түлғалардың салықтық және салықтық емес төлемдерінен тұрады.
Салықтар барлық елдерде олардың қоғамдық-экономикалық құрылысы мен саяси іс-бағытына қарамастан ұлттық мемлекет кірістерінің негізгі көзі – ұлттық табысты қайта бөлудің басты қаржылық құралы, мемлекеттің кірістерін және бюджеттің кірістерін қалыптастырудың шешуші көзі болып табылады. Салықтарда мемлекеттің экономикалық мазмұны нақты түрде көрінеді, ал салықтардың әлеуметтік-экономикалық мәні, олардың түрлері мен рөлі қоғамның экономикалық құрылысымен, мемлекеттің табиғатымен және функцияларымен айқындалады.
Салықтар қаржының бастапқы категориясы болып табылады.
Салықтардың экономикалық мәні олардың өзінің функциялары мен міндеттерін жүзеге асыру үшін мемлекет жұмылдыратын ұлттық табыстың бір бөлігі болып табылатындығында.
Алғашқы кездерде мемлекетті ұстауға қажетті қаражаттар сол мемлекет тұрғындарынан заттай немесе ақшалай күйінде алынған болса, кейінінен олар тұрақты, жүйелі түрде ақшалай алынатын міндетті төлемдерге - салықтарға айналған.
Салықтардың, салықтық құқықтың мемлекеттермен қатар пайда болуы олардың құқықтық табиғатын, мәнін ашып көрсететін сияқты. Өйткені сол кездерден бастап мемлекеттерде әлеуметтік әділеттілік, демократиялық және құқықтық принциптері көрініс берген. Әртүрлі меншік нысандарының теңдігі, олардың өндіріс құралдары мен жабдықтарына негізделуі де мемлекеттің экономикалық жүйесімен шартталған болатын.
Сонымен салықтардың экономикалық мәні мынада: салықтар шаруашылық жүргізуші субьектілер мен халық табысының қалыптасуындағы қаржылық қатынастардың бір бөлігін білдіреді. Сондай-ақ шаруашылық жүргізуші субьектілер мен халық табысының белгілі бір мөлшерін мемлекет үлесіне жинақтап, жиынтықтаудың қаржылық қатынастарын көрсетеді.
Салықтар мемлекеттің құрылуымен бірге пайда болады және мемлекеттің өмір сүріп, дамуының негізі болып табылады. Мемлекет қүрылымының өзгеруі, өркендеуі қашан да болса оның салық жүйесінің қайта құрылуымен, жаңаруымен бірге қалыптасады.
Ұйымдық-құқықтық жағынан салықтар – бұл мемлекет біржақты тәртіппен заң жүзінде белгіленген, белгілі бір мөлшерде және мерзімде бюджетке төленетін қайтарусыз және өтеусіз сипаттағы ақшалай төлемдер.
Салықтар – шаруашылық жүргізуші субъектілердің, жеке тұлғалардың мемлекетпен екі арадағы мемлекеттік орталықтандырылған қаржы көздерін құруға байланысты туындайтын қаржылық қатынастарды сипаттайтын экономикалық категория[1].
Әрбір мемлекетке өзінің ішкі және сыртқы саясатын жүргізу үшін белгілі бір мөлшерде қаржы көздері қажет. Салықтар - мемлекеттің тұрақты қаржы көзі. Сондықтанда мемлекет экономиканы дамытып, тұрақтандыру барысында қуатты экономикалық тетік ретінде пайдаланады.

- Мемлекеттік бюджеттің кірістері мен шығыстары
- Мемлекеттік бюджеттің кірістері мен шығыстарының құрамы мен құрылымы
- Мемлекеттік бюджеттің қалыптасуындағы кеден төлемдері
- Мемлекеттік бюджеттің қалыптасуындағы кеден төлемдері
- Мемлекеттік бюджетті теңестіру
- Мемлекеттік бюджет туралы
- Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы
- Мемлекеттік бюджет
- Мемлекеттік бюджетке табыстардың жинақталу формалары
- Мемлекеттік бюджет кірістері
- Мемлекеттік бюджет қалыптасуындағы мемлекеттік баж
- Мемлекеттік бюджет қалыптасуындағы мемлекеттік баж
- Мемлекеттік бюджет мәні және мазмұны
- Мемлекеттік бюджеттен тыс қорлар