Құс шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатудың маркетингтік аспектілері

   КІРІСПЕ 

   Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстан Республикасының Президенті 2006 жылғы халыққа Жолдауында әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына ену стратегиялық мақсатымыз деп атап айтқан. Сонымен қатар, еліміз Дүниежүзілік Сауда Ұйымына енуге дайындалуы отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігіне ерекше талаптар қояды. Осыған орай, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мәселесі аса өзекті болып табылады. Бұл мәселе әсіресе, ауыл шаруашылығы секторында, соның ішінде құс шаруашылығы кәсіпорындары үшін аса маңызды. Өйткені, ауыл шаруашылығы халықты өмір сүру үшін қажет азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ететін ел экономикасының маңызды саласы. Нарық жағдайында құс шаруашылығы кәсіпорындарының сыртқы нарықты айтпағанда, ішкі нарықтың өзінде бәсекеге қабілеттілігі төмен болып отыр. Қазақстан Республикасының статистика Агенттігінің мәліметтері бойынша халықтың құс өнімдеріне қажеттілігін отандық құс шаруашылығы кәсіпорындары 40% ғана қанағаттандырады. ДСҰ кірген кезде осы өнімдер жағынан толық импортқа тәуелді болмау үшін құс шаруашылығы кәсіпорындары өз өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету шараларын қарастырып жүзеге асырулары керек. Ауыл шаруашылығының бұл саласының бәсекеге қабілеттілігінің төмен болуының басты себептері негізгі қорлардың физикалық және моральдық тозуы, айналым қаражаттарының жеткіліксіздігі, өнім өндіру шығындарының жоғары болуы, өнім бағасының сатып алушылардың басым бөлігінің қалтасына сәйкес келмеуі, соған байланысты өнімді өткізудегі қиыншылықтар деуге болады. Осы мәселелерді тиімді шешудің бір тетігі ретінде тұтынушыға бағытталған нарық тұжырымдамасы – маркетингке жете көңіл аудару керек. Тәжірибелік тұрғыда құс өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігі мәселесін шешу үшін бірінші кезекте тұтынушының мұқтаждықтарын, талғам-талаптарын, қалауын дәл білу керек, нарықтағы бәсекелестердің іс-әрекет стратегиясын талдау қажет. Кәсіпорындар өзінің мақсаты мен мүмкіндіктерін нарық талаптарына сәйкестендіру арқылы бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізеді. Ал нарық талаптарын анықтау және зерттеу маркетингтің негізгі міндеті. Өкінішке орай, отандық құс шаруашылығы кәсіпорындарында маркетингтік қызмет толық деңгейде жүргізілмейді. Сондықтан өнімнің бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату үшін құс шаруашылығы кәсіпорындарының бүкіл шаруашылық қызметін ұйымдастыруда жаңа тұжырымдамалық тәсіл қажет. Осы мәселені шешудің маңыздылығына орай диссертациялық зерттеу жұмысы тақырыбының өзектілігі анықталады.

   Тақырыптың  зерттелу дәрежесі. Ауыл шаруашылығы кешенінің нарықтық экономикаға өту жағдайындағы мәселелерінің теориялық және ғылыми тәжірибелік аспектілері көптеген отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектерінде көрініс тапқан. Атап айтсақ, Ж.Б. Балапанов, Қ.М. Белгібаев, Т.А. Есіркепов, Ө.Қ. Есқараев, Ғ.Ә. Қалиев, Ж.Қ.Қорғасбаев, А.Б. Молдашев, Ә.Ә.Сатыбалдин және т.б.

   Өнеркәсіптік  негіздегі құс шаруашылығы Н.В. Агеев, Е.Б. Байбарақов, П.Е. Божко, И.Д. Жанғоразов, Д.И. Ковенко, т.б. ғалымдардың еңбектерінде терең зерттелген.

   Бәсекеге  қабілеттілік мәселесі А.П. Градова, Я. Корнай, Ю.В. Мишин, М.Портер, Р.А. Фатхутдинов, С. Фишер, Е. Хекшер, А.Ю. Юданов сияқты шетелдік ғалымдар еңбектерінде қарастырылса, Қазақстанда бұл мәселе С.Б. Ахметжанова, Ә.Ә. Әбішев, О.Б. Баймұратов, Ұ.М. Исқақов, Ж.О. Ихданов, А.К. Қошанов, Н.Қ. Мамыров, К.А. Нұрмағанбетов, Қ.О. Оқаев, О.С. Сабден, К.Ә. Сағадиев, А.М. Сейтқазиева сияқты ғалымдардың еңбектерінде көрініс тапқан.

   Қазақстанда экономиканың әр салаларында маркетингтің қолданылу ерекшеліктері Ш.Р. Әбділманова, К.К. Керимова, С.С. Сатубалдин, Ф.С. Сейдахметова, Н.Н. Хамитов сияқты отандық ғалымдар еңбектерінде қарастырылады.

   Бірақ, құс шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатудың маркетингтік әдістер мен принциптерді қолдану теориялық тұрғыда жете зерттелмеген. Құс өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін маркетингтік бағалау және құс шаруашылығы кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін маркетингтік қызметті ұйымдастыру мәселелері ғылыми тұрғыда негіздеуді талап етеді.

   Зерттеудің  мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің мақсаты құс өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін маркетингтік әдістер мен принциптерді қолдану арқылы жоғарылату бойынша ұсыныстар жасау болып табылады. Осы мақсатқа жету үшін келесі міндеттер қойылды:

  • бәсекеге қабілеттіліктің теориялық негіздерін, нарықтық тұжырымдамасын зерттеу;
  • құс шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігіне әсер ететін факторларды талдап, бағалау жүргізу;
  • құс шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін зерттеу және оны бағалау әдістеріне талдау жасау;
  • құс шаруашылығының қазіргі жағдайы мен даму беталысын анықтау;
  • тұтынушылардың осы өнімдерге талғам-талаптарын, қалауын, анықтау үшін маркетингтік зерттеу әдістемесін дайындап жүргізу;
  • құс етінің бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатудың негізгі бағыттарын анықтап, солар бойынша құс шаруашылығы кәсіпорындары үшін ұсыныстар дайындау.

   Зерттеу объектісі. Зерттеу объектісі ретінде Шығыс Қазақстан облысындағы құс шаруашылығы кәсіпорындары алынды.

   Зерттеу пәні – құс шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатудың теориялық, әдістемелік және тәжірибелік аспектілері.

   Дисертациялық зерттеудің теориялық-әдістемелік негізі ретінде отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектері, Қазақстан Республикасының Заңдары, Президент Жарлықтары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулылары және басқа бәсекеге қабілеттілік мәселесіне қатысты нормативтік құжаттар қарастырылды.

   Зерттеу жұмысында Қазақстан Республикасы статистика Агенттігінің, Шығыс Қазақстан облыстық статистика Басқармасының ресми мәліметтері, құс шаруашылығы кәсіпорындарының есептік мәліметтері және автор жүргізген маркетингтік зерттеу нәтижелері ақпараттық база болып табылады.

   Зерттеу жұмысының ғылыми жаңашылдығы:

   – «бәсекеге қабілеттілік» түсінігіне авторлық анықтама берілген және құс шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін факторлар жіктемесі жүйелендірілген;

  • Шығыс Қазақстан облысы құс шаруашылығы кәсіпорындары өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін анықтау мақсатында маркетингтік бағалау жүргізіліп, мақсатты нарық сегменттері анықталған;
  • құс шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігіне ықпал ететін факторларды бағалау негізінде өнімнің өзіндік құнын төмендету жолдары анықталған;
  • өнімді тиімді өткізу стратегиялары жасалған;
  • құс өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету бойынша тәжірибелік ұсыныстар дайындалған.

   Қорғауға  шығарылатын негізгі  тұжырымдар:

  • өнімнің бәсекеге қабілеттілігінің авторлық анықтамасы;
  • құс шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату үшін маркетингтік бағалау жүргізу әдістемесі;
  • құс етінің өзіндік құнын төмендету жолдары
  • құс шаруашылығы өнімдерін өткізудің тиімділігін арттыруға байланысты нақты ұсыныстар
  • құс шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату бойынша тәжірибелік ұсыныстар.

   Зерттеудің  тәжірибелік маңыздылығы. Зерттеу жұмысында ұсынылған маркетингтік іс-шаралар құс шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату бағытында қолданылуы мүмкін. Теориялық және әдістемелік материалдар жоғары оқу орындарында «Маркетинг» пәнінен дәріс және тәжірибелік сабақтарда қолданылуы мүмкін.

   Жұмыстың  негізгі нәтижелерінің қолданылуы. Зерттеу жұмысының негізгі қорытындылары мен ұсыныстары әр түрлі халықаралық және аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда баяндалып талқыланған. Олар: «Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі: жүйелік жағдайларын талдау, оң бағыты, теріс салдары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы (Алматы, 2004), «Жедел жаңару жолындағы экономикалық бағдарлар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы (Алматы, 2005), «Аманжолов оқулары – 2005» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы (Өскемен, 2005),  «Қазақстанда экономикалық ой-сананың дамуы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы (Алматы, 2006).

   Жарияланымдар. Зерттеу тақырыбы бойынша 7 ғылыми жұмыс жарияланған, жалпы көлемі 2,91 баспа парақ.

   Диссертациялық  жұмыстың құрылымы мен көлемі. Жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан, қолданылған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.  

  НЕГІЗГІ БӨЛІМ 

   Өндірілген  өнімнің бәсекеге қабілеттілігі  мәселелері көптеген отандық және шетелдік ғалым-экономистердің еңбектерінде қарастырылған. Әр автордың анықтамасын алып қарасақ та олар бір-біріне қарама-қайшы емес, керісінше бірін бірі толықтырады:

  • өнімнің бәсекеге қабілеттілігі – оның сатып алушылар үшін тартымдылығын қамтамасыз ететін, тұтынушылар қажеттілігін қанағаттандыратын сипаттамалардың жиынтығы;
  • бәсекеге қабілеттілік қатысты сипатта, белгілі бір уақытта бәсекеге қабілетті өнім келесі бір кезеңде бәсекеге қабілетті болмай шығады немесе белгілі бір аймақта бәсекеге қабілетті өнім, тағы бір территорияда ондай болмай шығады;
  • нарықтың әр сегментіндегі тұтынушылардың қалауы әркелкі болып келетіндіктен сәйкесінше олар үшін бәсекеге қабілетті өнім параметрлері де әр түрлі болады.

   Бұдан «бәсекеге қабілеттілік» ұғымының ерекшеліктері мынадай деуге  болады:

  • көп мағыналылық, өйткені зерттеушілер бұл ұғымға әр түрлі мән береді;
  • қатыстылық, бір нарықта сәттілікке ие тауар, енді бірінде бәсекеге қабілетсіз болады;
  • салыстырмалылық, бірдей екі немесе бірнеше тауарды салыстыра отырып ғана өнімнің бәсекеге қабілеттілігін анықтауға болады;
  • бәсекеге қабілеттілікті талдау және бағалау әр деңгейде әр келкі болып келеді, тауар деңгейінде, кәсіпорын деңгейінде, сала деңгейінде, ұлттық деңгейде.

   Сонымен өнімнің бәсекеге қабілеттілігін нарық  жағдайында тұтынушының бағалауы арқылы анықталатын, тұтынушы нақты мезетте қалайтын қасиеттерді қамтитын, кәсіпорынға өнімді ұсынып отырған нарықта сұранысты жоғары деңгейде қанағаттандыра отырып пайда алуға мүмкіндік беретін көрсеткіштердің жиынтығы деп анықтаймыз.

   Құс шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігіне келетін болсақ, оны қарастыруда құс шаруашылығы өндірісіндегі және өткізудегі ерекшеліктеріне тоқталамыз. Құс шаруашылығының өзіндік ерекшеліктері бар. Олар:

   – құс шаруашылығы өнімдері бұқаралық сұраныс өнімдері қатарына жатады, әдетте тұтынушылар оны сатып алуда аса көп ойланбайды, соған байланысты өндірушілер нарықтағы тұтынушы қалауына қол жеткізу үшін өндірілетін өнім сапасын жоғарылату, ассортиментті кеңейту, емдік қасиеттері жоғары құс өнімдері өндірісін қолға алу сияқты тауар саясатына қатысты мәселелерді үнемі қарастырып нарық талаптарына сәйкестендіріп отыруы олардың бәсекеге қабілеттіліктерін жоғарылатады;

   – құс шаруашылығы өнімдері аз уақыт ғана сақталады, сондықтан оларды тасымалдайтын арнайы көліктер мен сауда құрал-жабдықтары қажет. Бұзылу және зақымдану себептерінен өнімдерді өндірістен сауда орындарына жеткізгенге дейін құс етінің 2-3 % және жұмыртқаның 7 % жуығы жоғалады, бройлер балапанының еті нарық жағдайлары мен бағаға қарамастан қажет салмаққа жеткен кезде, ал жұмыртқа өндіріле салып сатылуы керек. Сондықтан сұраныс пен ұсыныс тепе-теңдігіндегі қателіктер құс шаруашылығы кәсіпорындары үшін аса қымбатқа түседі, осыған байланысты құс шаруашылығы кәсіпорындары өнімді өткізу жүйесін жетілдіру арқылы бәсекелік артықшылықтарға қол жеткізе алады;

   – ауыл шаруашылығы салаларының ішінде құс шаруашылығы өнім бірлігіне көп шығын жұмсалатын, өндірілген өнімнің өзіндік құны жоғары өндіріс болып табылады, сондықтан өнім өндіру үрдісін оптималдау өнім бағасы жағынан бәсекелесуге мүмкіндік береді.

   Басқа ет түрлері нарығымен салыстырғанда  әлемдік құс еті нарығы жедел  дамып келеді. Соңғы 20 жылда бұл  ет түрі өндірісі 30 миллионнан 75 млн тоннаға өскен. Әлемдегі құс етін өндіру мен тұтынуда негізгі үлесті тауықтың еті алады. Бүкіл құс етінің 30%-ға жуыға Азияда, Солтүстік және Орталық Америкада өндіріледі. Оңтүстік Америка мен Еуропаның үлесі шамамен 15% құрайды. Солтүстік және Орталық Америка, Азия сияқты ірі өндіруші аймақтарда АҚШ, Бразилия, Қытай мемлекеттері көшбасшы болып табылады, олардың әлемдік құс еті өндірісіндегі үлесі  55%. 

Кесте 1 – 2001-2005-жылдар аралығында Қазақстан Республикасында өсірілген құс саны мен олардан өндірілген құс еті мен жұмыртқа көлемі 

Көрсеткіш Жыл 2005-ж. 

2001-ж. салыс-тырғанда,%

2001 2002 2003 2004 2005
Құс саны, млн бас 21,1 23,7 23,8 24,8 25,6 121,3
Құс еті, мың тонна 31,2 35,3 38,4 41,3 46,4 148,7
Жұмыртқа, млн дана 1975,6 2008,4 2276,7 2316,8 2514,7 127,3
   Ескертпе – ҚР Статистика Агенттігінің материалдары негізінде автормен жасалған.

 

   Кестеден  көріп отырғанымыздай Республика бойынша құс етінің өндірісі барлық шаруашылық санаттарында 2005-жылы 2001-жылмен салыстырғанда 48,7 %-ға, жұмыртқа өндірісі 27,3 %-ға өскен. Ал осы жылдардағы өсірілген құс басының санына келетін болсақ, барлық шаруашылық санаттарында 2003-жылы – 23,8 млн бас құс, 2004-жылы – 24,8 млн бас құс, 2005-жылы – 25,6 млн бас құс өсірілген. 2005-жылы 2001-жылмен салыстырғанда өсірілген құс басының саны 21,3 % жоғарылаған. Мәліметтерден көріп отырғанымыздай, құс шаруашылығы өндірісі жылдан-жылға өсіп отыр, бірақ зерттеу барысында отандық құс өнімдерін өндірушілер нарықтағы құс етіне сұранысты толық қанағаттандыра алмай отырғандығы анықталды. Ішкі нарықта сатылатын құс етінің 70%  жуығы шетелдік өнім екен. Оның басты себептері, біріншіден, құс шаруашылығы кәсіпорындарының өндіріс қуаттарының төмен болуы болса, екіншіден, шетелден (әсіресе, АҚШ-тан әкелінетін «Буш сирақтары») келетін арзан бағалы құстың сан етінің жаппай сұранысқа ие болып отырғандығы. 

Кесте 2 – 2003-2005 ж.ж. Қазақстандағы құс еті өндірісі, импорты және экспорты 

Көрсеткіш Жыл
2003 2004 2005
Саны, мың тонна Нарық сыйымды-лығындағы  үлесі, % Саны, мың тонна Нарық сыйымды-лығындағы  үлесі, % Саны, мың тонна Нарық сыйымды-лығындағы  үлесі, %
Отандық өндіріс 38,4 40,1 41,3 33,8 46,4 29,2
Импорт  57,4 59,9 80,7 66,1 112,4 70,8
Экспорт 0,085 0,08 0,040 0,03 0,15 0,09
Нарық сыйымдылығы  
95,72
 
100
 
122,0
 
100
 
158,65
 
100
   Ескертпе  – ҚР статистка Агенттігінің мәліметтері  бойынша автормен жасалған.

 

   Талдау  көрсеткендей, отандық құс етін өндірушілердің өндірістік қуаттарының жеткіліксіздігі себебінен құс еті бойынша импорттың үлесі жоғары болып отыр. Импорттың үлесі 2003-жылғы 59,9% салыстырғанда 2005-жылы 70,8% құраған. Арзан құс етімен жабдықтаушы АҚШ (1 тоннасы 550,3 доллар) және Бразилия (1 тоннасы 620,9 доллар). Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, өндіруші елдер өткізу нарықтарын іздестіріп, мемлекеттің қолдауымен оны демпингтік бағамен сатады. Алыс шетелден арзан бағамен келетін құс еті ішкі нарықта жоғары нарықтық бағамен сатылады.

   Өзіндік құны бойынша құс еті қымбат ет болып отыр. Құс өнімдері өзіндік  құнының жоғары болуының негізгі  себебі материалдық шығындардың  жоғары болуы, олардың үлесі құс  өнімінің өзіндік құнында жылдан жылға өсіп келеді. 1997 мен 2004 жылдар аралығында құс етінің өзіндік құны 7,4%, жұмыртқаның өзіндік құны 29,1% өскен.

   Өнімдердің  өзіндік құнының өсу себептеріне  келетін болсақ, өнеркәсіптік негіздегі  құс шаруашылығы кәсіпорындарының қызметі көптеген жабдықтаушылармен  тығыз байланыста жүреді.

Кесте 3 – Шығыс Қазақстан облысы құс фабрикаларындағы құс өнімдерінің өзіндік құны 

Жыл Өзіндік құн, теңге
Құс етінің 1 центнері Жұмыртқаның 1000 данасы
1997 14646 4500
1998 14953 3791
1999 16728 3699
2000 17519 4196
2001 10296 4591
2002 13522 4512
2003 14365 4817
2004 15731 5811
   Ескертпе – Облыстық статистика басқармасының мәліметтері негізінде автормен құрастырылған.

 

Олар  құрал-жабдық, жем-шөп, дәрумендермен  және басқа да қажет заттармен  қамтамасыз етушілер. Бұл жерде әсіресе, құрамдас жеммен қамтамасыз етушілердің маңызы жоғары, өйткені құс өнімдерінің өзіндік құнының құрамындағы жем-шөптің үлесі 73,9% құрап отыр. 

Кесте 4 – Құс етін өндірудегі материалдық шығындардың құрамы 

Материалдық шығындардың құрамы Құс еті өндірісінің  шығындары, мың теңге Шығын түрінің  жалпы материалдық шығындар құрамындағы  үлесі, %
Жем-шөп 947396 73,9
Отын 86428 6,7
Электр  энергиясы 33606 2,6
Суға  төленетін шығындар 18855 1,5
Қосымша бөлшектер, жөндеу 185652 14,5
Қызметтер мен жұмыстарға төленетін ақы 9133 0,7
Барлығы 1281070 100
   Ескертпе  – Кәсіпорын мәліметтері бойынша  автормен жасалған.

 

   Материалдық шығындарды құс шаруашылығы кәсіпорыны өзінің құрамдас жем дайындау бойынша шағын зауытын ашу арқылы төмендетуге мүмкіндік алады. Қазіргі уақытта тауықтардың еті сапалы болуы үшін әр түрлі дәрумендер Ресейден және шетелдерден алынады. Олардың басым бөлігін өз елімізде дайындауға шикізаттар жеткілікті бола тұрып, неше есе бағаға сырттан аламыз. Осы мәселе бүкіл құс шаруашылығы саласы деңгейінде шешілуі керек. Екінші орында қосымша бөлшектер мен жөндеу шығындарының үлесі жоғары. Мұның себебі, өндіріс құралдарының физикалық тозуы. Соның салдарынан жөндеу шығындары жоғары болып отыр. Өндірісті жаңа техникамен, негізгі құралдармен жабдықтау өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндігін береді, әрі жаңа техникамен өсірілген құс етінің сапасы да сәйкесінше жоғары болып келеді. 

Кесте 5 – Шығыс Қазақстан облысы құс фабрикаларындағы 2005-2006 жылдардағы ет өндірісінің көлемі (тонна) 

Құс фабрикасының аталуы Тірі  салмағы бойынша Сойылған  салмағы бойынша
2005 2006* 2006-ж. 2005-ж салыстыр-ғанда,  % 2005 2006* 2006-ж. 2005-ж салыстыр-ғанда,  %
«Прииртыш бройлер құс фабрикасы» ЖШС-і 3203 3700 115,5 2531 2934 115,9
«Өскемен  құс фабрикасы» АҚ 14264 13469 94,4 11489 10874 94,6
«Предгорное құс фабрикасы» АҚ 64,1 106,6 166,3 49,6 74,6 150,4
Барлық  бройлерлік құс фабрикалары бойынша 17531,1 17275,6 98,5 14069,6 13882,6 98,7
Барлық  жұмыртқа бағытындағы құс фабрикалары  бойынша 705 827 117,3 521 612 117,4
Тұрғындар шаруашылығы 1647 1480 89,8 570 922,9 161,9
Барлығы облыс бойынша 19883,1 19582,6 98,4 15160,6 15417,5 101,7
   *оперативтік есеп мәліметтері бойынша

   Ескертпе – Облыстық статистика басқармасының есебі бойынша автормен жасалған.


 

   5-кестеден көріп отырғанымыздай, құс етінің өндірісі облыс бойынша алғанда 2006-жылы 2005-жылмен салыстырғанда тірі салмағы 300,5 тоннаға немесе 1,6 % кемісе, сойылған салмағы 352,9 тоннаға немесе 1,7 % жоғарылап отыр. Соның ішінде жекелеген құс фабрикалары бойынша қарастыратын болсақ, тірі салмақта «Өскемен құс фабрикасы» АҚ-ның өндіріс көлемі 795 тоннаға кеміген, «Прииртыш бройлер құс фабрикасының» өндіріс көлемі 497 тоннаға жоғарылаған, «Предгорное құс фабрикасы» өндірісі 42,5 тоннаға өскен. Құс етінің өндірісі тірі салмақта жұмыртқа бағытындағы кәсіпорындарда да 122 тоннаға жоғарылаған, ал тұрғындар шаруашылығында 167 тоннаға кеміген. Сойылған салмағы бойынша талдауға келетін болсақ, «Өскемен құс фабрикасы» АҚ-ның өндіріс көлемі 615 тоннаға кеміген, «Прииртыш бройлер құс фабрикасының» өндіріс көлемі 403 тоннаға жоғарылаған, «Предгорное құс фабрикасы» өндірісі 25 тоннаға өскен. Құс етінің өндірісі жұмыртқа бағытындағы кәсіпорындарда да 91 тоннаға, ал тұрғындар шаруашылығында 352,9 тоннаға жоғарылаған.«Өскемен құс фабрикасы» АҚ 2006-жылы өндірілген бройлер еті 2005-жылмен салыстырғанда 5,3% немесе 615 тоннаға кеміген. «Прииртыш бройлер фабрикасы» ЖШС бройлер етінің өндірісі 2006-жылы 15,9% немесе 403 тоннаға жоғарылаған.  

Кесте 6 – Шығыс Қазақстан болысындағы құс етін өндіруші кәсіпорындардың 2004-2006 жж. негізгі өндірістік көрсеткіштері 

Көрсеткіш Өскемен құс фабрикасы Прииртыш  бройлер фабрикасы
2004 2005 2006 2004 2005 2006
Өндірілген  бройлер еті, тонна 10743 11489 10874 - 2531 2934
Ішкі  нарықта сатылған құс еті, тонна 10187 10665 10473 - 2510 2968
Бройлер балапанының орташа тәуліктік салмағы, грамм 41,8 44,6 45,1 - 47,2 51,0
Өндірілген 1 кг өнімнің өзіндік құны, теңге 192,98 182,46 169,98 - 201,45 186,68
1 кг  еттің орташа сатылу бағасы, теңге 211,15 225,36 208,23 - 232,26 196,10
Құрамдас  жемнің бір тоннасының құны, теңге 47558 41760 40058 - 44623 43388
   Ескертпе  – Кәсіпорындардың бухгалтерлік есеп мәліметтері негізінде автормен жасалған.

 

   Ішкі  нарықта сатылған құс еті «Өскемен құс фабрикасы» АҚ 2005-жылмен салыстырғанда 2006-жылы 1,9%, яғни 192 тоннаға аз болған, ал «Прииртыш бройлер фабрикасы» ЖШС сатылған бройлер еті 18,2%, немесе 458 тоннаға жоғары.

   Бір бройлер балапанының орташа тәуліктік  салмағы «Өскемен құс фабрикасы» АҚ 44,6 граммнан 45,1 граммға өсіп 1,1% жоғарыласа, «Прииртыш бройлер фабрикасы» ЖШС 47,2 граммнан 51,0 граммға жоғарылап 8% өскен.

   Статистикалық мәліметтер мен кәсіпорындардың  есептік көрсеткіштерін талдау барысында  құс шаруашылығы өнімдерінің  бәсекеге қабілеттілігіне кері әсер етіп отырған мәселелер анықталды, олар: өндіріс қуаттарының жеткіліксіздігі, өндіріс жағдайларының талаптарға сәйкессіздігі, өндіріліп отырған өнімнің өзіндік құнының жоғары болу мәселелері. Бұл мәселелерді шешу үшін статистикалық және есептік мәліметтерді талдаумен қатар маркетингтік бағалау жүргізілуі керек.

   Құс өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін бағалауда көрсеткіштерді үш топқа  бөлуге болады (1-сурет). 

     

   Осы үш топ көрсеткіштерін тұтынушылардың бағалауына ұсыну үшін құс шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін бағалау үрдісін құрамыз. Ол үрдіс бірнеше кезеңді қамтиды. 2-суретте құс шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін бағалау үрдісі көрсетілген. Нарық жағдайында кез келген әрекет ең бірінші маркетингтік зерттеулер жүргізуден басталады.

   2-суретте көріп отырғанымыздай, құс шаруашылығы нарығына кешенді зерттеу жүргізуде бәсекеге қабілеттілікке ықпал ететін тікелей факторлар зерттеледі, олар нақты бәсекелестер, нақты және әлуетті тұтынушылар мен нарықтағы құс өнімдері.

   1. Нақты бәсекелестерді зерттеу  үшін бәсекелестер картотекасы дайындалды. Бұл картотека бәсекелес кәсіпорын туралы жалпы мағлұматты, кәсіпорынның қаржылық жағдайын, өндіріс және ҒЗЖТКЖ, бәсекелес кәсіпорынның маркетингтік қызметіне қатысты мәліметтерді қамтиды.

   2. Нарықтағы құс өнімдерін зерттеуде құс етінің картотекасы жасалды. Бұл картотека нарықтағы бәсекеге қабілетті үлгі өнімнің сипаттамаларына қатысты ақпараттан тұрады.

   3. Нақты және әлуетті тұтынушыларды  зерттеу үшін «Құс етіне тұтынушылардың  талабын анықтау» сауалнамасы жасалып, талаптарға сәйкес жүргізілді. Сауалнама Алматы қаласының сауда орындарында жүргізілді.

   Сауалнамада алынған демографиялық мәліметтерді талдау арқылы құс етін сатып алушылардың  басым бөлігінің орташа жасы, орташа табысы анықталды. сұрау жүргізілгендердің басым бөлігі әйел адамдар 395 әйел немесе барлық сұрау жүргізілгендердің 79%-ы. Оның басты себебі ежелден қалыптасқан дәстүрге сәйкес әйел адам қашанда тамақ әзірлеуші ретінде қабылданатындығында. Соған байланысты әйел адамдар өнім туралы көп хабардар болғандықтан зерттеуімізде олардың басым бөлігін қамтуға тырыстық. Ерелер барлық респонденттердің 21%-ын (105 адам) құрады.

Құс шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатудың маркетингтік аспектілері