Заңды тұлғаларды құру тәртібінің ерекшеліктері

Мазмұны 
 

Кіріспе    .................................................................................................3 

I Заңды тұлғалар азаматтық құқық субъектілері ретінде ұғымы

1.1  Заңды тұлғалар туралы негізгі түсінік .........................................................5

1.2 Заңды тұлғалардың негізгі түрлері ...............................................................7 
 

II Тарау  Заңды тұлғаларды құру тәртібінің ерекшеліктері

    1.   Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеу .........................9
    2.   Заңды тұлғалардың құқықтық қабілеттілігі мен әрекет қабілеттілігі.......................................................................................................12
    3.   Заңды тұлғаның атауы ..................................................................................14

Қорытынды .........................................................................................................26

Қолданған әдебиеттер тізімі .............................................................................28 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Кіріспе 

     Заңды тұлға азаматтық құқықтың заңмен танылған бірыңғай субъектісі ретінде күрделі құрылым болып есептеледі. Азаматтық құқық ілімінде  заңды тұлғаның, оның ішінде әсіресе мемлекеттік заңды тұлғалардың маңызы (мәні), яғни құқықтық жағдайы жөнінде бірнеше ілім бар. Олардың авторлары заңды тұлға институтта қандай қоғамдық қатынастарды білдіреді, онда қандай адамдардың мүдделері қаралмақ, мемлекеттегі оның орны қандай және заңды тұлғаның мән-мағнасы неде деген сауалдарға байланысты әртүрлі пікір білдіреді. Азаматтық құқық теориясына көп еңбек еткен көрнекті ғалым профессор С.И.Аскназий  «мемлекеттік ілімнің» авторы. Ол былай деп айтқан: «мемлекеттік заңды тұлғаның артында мемлекеттің өзі тұрады да, шаруашылық қызметінің нақты саласында тізгінді өзі ұстайды». Әдебиетте бұл теорияны көп сынайтындар оған «егер олай болса мемлекет өзімен-өзі құқықтық қатынаста болуы керек қой» деген уәж айтады.

     Академик  А.В.Венедиктов «ұжым ілімін» алға тартты. Бұл ғалымның айтуы бойынша мемлекеттік заңды тұлғаның артында екі ұжым тұрады делінген:

  1. мемлекет атынан барлық халық;
  2. аталған заңды тұлғаның жұмысшылары мен қызметкерлерінің ұжымы.

     Ал, ғалым Д.М.Генкин «әлеуметтік ақиқат»  теориясын ұсынады, яғни онда ол қоғамдағы  тауар айналымы қатынастарының тарихи-экономикалық заңдылығын басшылыққа ала отырып, заңды тұлғаның азаматтық құқықпен жанама түрде қажеттілікке орай реттелетінін айтады. Профессор Ю.К.Толстой «директор ілімін» алға тартты, оның пікірінше, мемлекеттік заңды тұлғаның еркін білдіруші — директоры болып табылады.

     Азаматтық құқық тануда О.А.Красавчиковтың «әлеуметтік  байланыстар ілімі», А.А.Пушкиннің  «ұйымдастыру ілімі», Е.А.Сухановтың «мақсатты  мүлік» тәрізді ғылыми тұжырымдары  да айтарлықтай кең тараған. Сөйтіп, заңды тұлғаға «адамдардың қатысы» жөнінде әртүрлі пікірлер айталған және де бұл орайда авторлар түрлі белгілерге жүгінеді. Оның бірінде бұл адамдар заңды тұлға мүддесі үшін әрекет етеді, екіншісіңде адамдардың әрекеті осы институтпен (саламен) реттеледі, үшіншісіңде адамдардың әрекеті заңды тұлғаның әрекетінен көрінеді, ал кейде құқықтарды жүзеге асыруда, мәмілелерді жасауда оның еркі танылады.

     Кейбір  авторлар бұл белгілерді біріктіруге  тырысып, заңды тұлғаның сыртында оның құқықтары мен міндеттерін «жасырып»  атқарушы тұратындығын дәлелдемек болады

     Бұл мәселе туралы батыс еуропа әдебиеттерінде де әртүрлі теориялық көзқарастар  кездеседі. Мәселен, К.Ф.Савиньи «фикция  теориясының» негізін қалады. К.Ф. Савиньи  көзқарасы бойынша, шын мәніңде  құқық субъектісінің қасиетін тек адам ғана еншілей алады. Ал заң шығарушы болса, заңды тұлғаның сыртында оны әйгілейтін адамдық тұлғаның қасиеті тұрғанын мойындайды. Сондықтан да заң шығарушы заңдық фикцияға жүгінеді, абстракциялық түсінік ретінде құқықтың ойдан шығарған  субъектісін алға тартады. Ал неміс ғалымы Гирке болса, «органикалық теорияның» тұжырымын ұсынып, заңды тұлғаны адам тұлғасымен салыстырады, бұл орайда оны дербес құрылым деп қарайды.

     Заңды тұлға туралы ілімде (теорияда) осындай  әр қилы пікірлер кездесуінің өзі  оның күрделі құқықтық құбылыс екендігін анық дәлелдей түседі.

     Заң тілінде құқықтардың және міндеттердің иелерінің «құқық субъектілері»  деп немесе «тұлға деп атайды. Тұлғаның заңдық тұрғыдан алғандағы ұғымы  құқық қабілеттілік ұғымымен сәйкес келеді. Құқық өкілеттілігін алған құқық қабілетті атаулының бәрін тұлға деп атауға болады.

     Тұғаның екі категориясы бар. Құқық субъектілері – ең алдымен адамдар (жеке тұлғалар). Әрбір адам – құқық субъектісі. Бірақ, құқықта  субъектілердің басқа  да категориясының барлығы мәлім. Бұл – ұжымдар, толып жатқан ұйымдар, кәсіпорындар, қоғамдар және тағы басқа да құқық пен міндеттердің иелері болып табылады.

     Жоғарыда  айтылған екі категориялы құқық  субъектілерін (яғни адамдар мен  ұйымдарды) бір-бірінен ажырату үшін заңгерлер бұларды жеке тұлғалар және заңды тұлғалар деп бөледі. Осының ішінде, біз заңды тұлғаларға тоқталайық. Заңды тұлға деп мекемелерді, ұйымдарды, кәсіпорындарды және тағы сол сияқтыларды атайды.

     Заңды тұлға – азаматтық-құқықтық қатынастардың  субъектісі. Дербес мүлкі бар, сол мүлікпен өзінің атынан мүліктік құқықтарға және мүліктік емес өзіндік ие бола алатын және сол мүлікпен міндеттемелерін атқара алатын, сотта, төрелік сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым заңды тұлға деп танылады.

     Әр  елде заңды тұлғаның өзіндік түрлері болады: мысалы, Германия құқығында заңды тұлға одаққа және мекемеге бөлінеді, Францияда заңды тұлғалардың негізгі түрлері – серіктестік пен ассоциация, ал Англияда заңды тұлға ең алдымен тұлғалардың басын біріктіретін корпорациялар және дербес түрінде болады. Англия құқығына мекеме деген ұғым мәлім емес, ал ФРГ, Швейцария құқығында мекемеге үлкен мән беріледі, әсіресе сенімгерлік меншік институтын кеңінен  пайдаланады. АҚШ заңды тұлғаларды корпорация мен мекемелерге бөлуді мойындамайды. Мысалы, штаттар мен федералды заңдары заңды тұлғаның құқықтық режимін, әдетте, қоғамдық қызметтің сипатына тәуелді етіп қояды. Заңды тұлғалар онда: а) жария (үкіметтік); ә) кәсіпкерлік емес; б) кәсіпкерлік деп бөлінеді.  
 
 
 
 

1 Заңды тұлғалар азаматтық құқық субъектілері ретінде ұғымы 

    1. Заңды тұлғалар туралы негізгі  түсінік
 

    Құқықтар мен міндеттердің иесі бола білу, азаматтық айналымда құкықтың дербес субъектісі ретінде қатысу, жеке тұлғаға ғана емес, заңды тұлғаларға да тән. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 33-бабында оған мынадай тұжырым берілген: "Меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығындағы оқшау мүлкі бар және сол мүлікпен өз міндеттемелері бойынша жауап беретін, өз атынан мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтар мен міңдеттерге ие болып, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым заңды тұлға деп танылады. Заңды тұлғаның дербес балансы немесе сметасы болуға тиіс. Заңды тұлғаның өз атауы жазылған мөрі болады".

     Сонымен бірге, ұйымды заңды тұлға деп  тану үшін мынандай белгілер болуы керек: ұйымның  Жарғысында (Ережесінде) оның ұйымдық жағынан біртұтас құрамға ие екендігі; оның қарамағында басқаруға бөлініп берілген немесе өз меншігіне жататын мүлкі болуы; азаматтық-құқықтық келісімдер жасасқанда, сотта құқық қорғауға байланысты өз атынан әрекет етуі; өз міндеттері бойынша дербес мүлкімен жауапкершілігі болуы. Заңды тұлғалардың түрлері олар пайдаланатын меншік түрлеріне қарай мемлекеттік кәсіпорын, мемлекеттік бюджеттегі кәсіпорын, басқа қаражат есебінен қаржыландырылатын және өз алдына сметасы бар мемлекеттік, қоғамдық ұйымдар мен олардың бірлестіктері болып бөлінеді және олар заңды тұлғаларға жатқызылу үшін белгілі талаптар (өзінше балансы бар, өз сметасы және тағы басқалары) қойылады.

     Заңды тұлға деп өз атынан мүліктік құқықтар мен міндеттерді еншілейтін, оның құрамына кіретін тұлғалардан тәуелсіз өзі жауап беретін тұлғаны айтамыз. Заңда жария заңды құқық тұлғасы және жеке заңды

тұлғасы деп бөлінеді. Жария заңды тұлғаның ерекшелігі:

  1. алға қойылған мақсаттарының жария түрде сипаты болады;
  2. билік өкілеттігі болуы
  3. мүшеліктің ерекшелігі

     Жария заңды тұлғаларына: мемлекет, әкімшілік-аумақтық бөлініс, мемлекеттік мекемелер, сауда  және өнеркәсіп палаталары, мемлекеттік  және қазыналық кәсіпорындар жатады.

     Жеке  заңды тұлғаларға, жеке заңды тұлғаның қалауына орай азаматтық-құқықтық құжаттармен әрекет етуге құрылған ұжымдық құрылымдар жатады.

     Азаматтық құқық ғылымы заңды тұлғаны мынадай белгілері бойынша айқыңдайды:

  1. ұйымдасқандық бірлігі;
  2. мүліктік оқшаулығы;
  3. дербес мүліктік жауапкершілігі;
  4. азаматтық айналымға өз атынан қатынасуы.

     Әрбір заңды тұлғаның ұйымдасқан бірлігі оның өзіне тән қасиеті болғандықтан заңның өзі ұйымдарды бөліп қарайды. Ұйымдасқан бірлігі заңды тұлғаның ішкі құрылымынан көрінеді, сол арқылы қызмет аясы айқындалады. Заңды тұлғалар өз қызметтерін, егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, жарғы не құрылтай шарты арқылы, не тек құрылтай шарты негізінде жүзеге асырады.

     Сонымен қатар, заңды тұлғалар заң құжаттарына, соңдай-ақ құрылтай құжаттарына сәйкес жұмыс істейтін өз органдары арқылы азаматтық құқықтарға ие болып, өзіне тиесілі міндеттерді алады. Заңды тұлға оргаңдарының түрлері, тағайыңдалу немесе сайлану тәртібі және олардың өкілеттігі заңдар мен құрылтай құжаттарында белгіленеді.

     Мүліктік  оқшаулық — заңды тұлғаның экономикалық-құқықтық белгісі болып табылады және оның мүлікке заттық құқығын иеленуін білдіреді. Бұл арада әңгіме оның меншік құқығын, шаруашылықты жүргізу немесе оралымды басқару құқығы туралы болып отыр. Коммерциялық ұйымдағы дербес балансының мөлшері мен мекемедегі смета заңды тұлғаның оқшаулық мүлкін айқындайтын құжаттар.

     Дербес  мүліктік жауапкершілік дегеніміз — ол заңды тұлғаның міңдеттемелері бойынша өздеріне тиесілі барлық мүлікпен жауап беруі. Бұл жалпы ереже. Ал, меншік иесі қаржыландыратын мекеме мен қазыналық кәсіпорындар Азаматтық кодекстің 44-бабының 1-тармағының 2-бөлігіне сәйкес өз міндеттемесі бойынша өз билігіндегі ақшалай қаражатпен жауап береді, қаражат жеткіліксіз болған жағдайда мекеме мен қазыналық кәсіпорынның міндеттемелері бойынша (қосымша) оның құрылтайшысы жауапты болады.

     Заңды тұлғалардың дербес мүліктік жауапкершілігі заң актілерімен тағайындалуы мүмкін.

     Бұл Азаматтық кодексте былайша қаралған:

    1. толық және сенім серіктестіктеріне қатысушылардың тиісті серіктестіктердің міндеттемелері бойынша жауапкершілігі (Азаматтық кодекстің 63-бабының 1-тармағы, 72-бабының 1-тармағы);
    2. кооператив міндеттемелері бойынша өндірістік кооператив мүшелерінің жауапкершілігі (Азаматтық кодекстің 96-бабының 3-тармағы);
    3. егер заңды тұлғаның банкрот болуын құрылтайшының әрекетін туғызған болса, заңды тұлғаның міндеттемелері бойынша құрылтайшы ның жауапкершілігі (Азаматтық кодекстің 44-бабының 3-тармағы);
    4. еншілес шаруашылық мәмілесі бойынша негізгі ұйымның (Азаматтық кодекстің 94-бабының 2-тармағының 2-бөлігі), сондай-ақ негізгі шаруашылық серіктестігінің кінәсінен еншілес шаруашылық серіктестігі банкротқа ұшыраған кезіңдегі жауапкершілігі (Азаматтық кодекстің 94-бабының 2-бөлігінің 3-тармағы);
    5. серіктестік міндеттемелері бойынша толықтай салым төлемеген жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушының жауапкершілігі (Азаматтық кодекстің 77-бабының 1-тармағының 2-бөлігі) және тағы басқа жағдайлардағы жауапкершлік1.

     Заңды тұлғаның азаматтық айналымға өз атынан катынасуы процессуалдық-құқықтық белгісі. Ол оның сотта талапкер және жауапкер болуына, өз атынан шарт жасасуға, бір жақты мәміле жасауына мүмкіндік береді. 

    1. Заңды тұлғалардың түрлері
 

     Азаматтық кодекс заңды тұлғаларды төмендегідей түрлерге бөледі: коммерциялық және коммерциялық емес.

     Өз  қызметінің негізгі мақсаты ретінде табысын келтіруді көздейтін (коммерциялық ұйым) не мұндай мақсат ретінде пайда келтіре алмайтын және алынған таза табысын қатысушыларына үлестірмейтін (коммерциялық емес ұйым) ұйым заңды тұлға бола алады.

     Коммерциялық  емес ұйым болып табылатын заңды тұлға мекеме, қоғамдық бірлестік, акционерлік қоғамдар, тұтыну кооперативі, қоғамдық қор, діни бірлестік нысанында және заң құжаттарында көзделген өзге де нысанда құрылуы мүмкін. Коммерциялық емес ұйым кәсіпкерлік қызметпен өзінің жарғылық мақсаттарына сай келуіне қарай ғана айналыса алады.

     Коммерциялық  емес ұйым болып табылатын және мемлекеттік  бюджеттің есебінен ғана ұсталатын  заңды тұлға тек қана мемлекеттік  мекеме нысанында құрылуы мүмкін.

     Заңды тұлғалар бірлестік құра алады. Заңды тұлға Азаматтық кодекстің заңды тұлғалар түрлерінің әрқайсысы туралы Заңның, өзге де заң құжаттары мен құрылтай құжаттарының негізінде жұмыс істейді.

     Коммерциялық  заңды тұлғалар пайда табуды көздейтін ұйым десек қателеспейміз. Кіріс түсіру мақсаты болып табылмайтын және алынған таза кірісті қатысушылар арасында бөлмейтін заңды тұлға коммерциялық емес ұйым деп танылады ("Коммерциялық емес ұйымдар туралы" Қазақстан Республикасы заңының 2-бабы).

     Осындай саралау заңды тұлғалар түрінің әрқайсысын ерекше құқықтық тәртіпке бағындырады. Азаматтық кодекстің 34-бабының 2-тармағына сәйкес коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға мемлекеттік кәсіпорын, шаруашылық серіктесік, акционерлік қоғам, өндірістік кооператив нысандарында құрыла алады.

     Коммерциялық  емес ұйым — заңды тұлға ретінде мекеме, қоғамдық бірлестік, акционерлік қоғам, тұтыну кооперативі, қор, діни бірлестік қауымдастық (одақ) нысанындағы заңды тұлғалардың бірлестігі нысанында және заң құжаттарында көзделген өзге де нысанда құрылуы мүмкін. Коммерциялық емес ұйымдар туралы заң бойынша:

      1. коммерциялық емес ұйым өзінің жарғылық мақсаттарына сәйкес келетіндей ғана кәсіпкерлік қызметпен айналыса алады;
      2. жекелеген ұйымдық-құқықық нысанында коммерциялық емес ұйымдардың кәсіпкерлік қызметіне Қазақстан Республикасының заң актілерінде шектеулер қойылуы мүмкін;
      3. коммерциялық емес ұйым кәсіпкерлік қызметі бойынша кірістері мен шығастардың есебін жүргізеді;
      4. коммерциялық емес ұйымдардың кәсіпкерлік қызметіне салық салу Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес жүзеге асырылады;
      5. коммерциялық емес ұйымдардың кәсіпкерлік қызметінен алынатын кірістерді коммерциялық емес ұйымдардың мүшелері (қатысушылары) арасында бөлісуге болмайды. Ол жарғылық мақсаттарға жұмсалады. Қоғамдық және діни бірлестіктердің, қорлардың өз қаражаттарын қайырымдылық мақсаттарға пайдалануына жол беріледі.

     Құрылтайшылардың (қатысушылардың) өздері құрған заңды тұлғалардың мүлкіне құқықтары:

    1. құрылтайшыға (қатысушыға) заттық құқығы жататын;
    2. құрылтайшыға (қатысушыға) міндеттемелік құқығы жататын;
    3. құрылтайшыға (қатысушыға) мүліктік құқығы жатпайтын заңды тұлғаларға бөлінеді.

     Заңды тұлғаның мүлкіне өз құрылтайшылары меншік құқығын немесе өзге заттық құқығын сақтап қалатын заңды тұлғаларға шаруашылық жүргізу құқығында немесе оралымды басқару құқығында мүлкі бар ұйымдар жататын болғандықтан мұның өзі құрылтайшының заттық құқықты иеленетінін білдіреді. Мүлкіне өз қатысушылары (құрылтайшылары) міндеттемелік құқықтарын сақтап қалатын заңды тұлғаларға шаруашылық серіктестіктер, акционерлік қоғамдар мен өндірістік кооперативтер жатады. Шаруашылық серіктестіктерінің мүлікке меншік құқығы болғандықтан, қатысушылар бұл мүлікке міндеттемелік құқыққа (жарғылық капиталындағы үлесіне қарамастан) ие болады.

     Мүлкіне өз құрылтайшылары (қатасушылары) мүліктік құқықтарын сақтамайтын заңды тұлғаларға қоғамдық бірлестіктер, қоғамдық қорлар және діни бірлестіктер жатады (Азаматтық кодекстің 36-бабының 4-тармағы). Жоғарыда айтқанымыздай, Азаматтық кодекс коммерциялық емес ұйым болып табылатын мекеме, қоғамдық бірлестік, тұтынушылар кооперативі, қоғамдық қор, діни бірлестікті де құруға жол ашады. Бірақ бұл тізімнен шектеп қалуға болмайы, себебі "коммерциялық емес ұйым" заң құжаттарында көзделген өзге де нысандарда құрылуы мүмкін (Азаматтық кодекстің 34-бабының 3-тармағы). 
 
 

ІІ. Заңды тұлғаларды құру тәртібінің ерекшеліктері 

    1. Заңды тұлғаларды мемлекеттік  тіркеу және қайта тіркеу
 

     Азаматтық кодекске заңды тұлғаларды құру жөнінде  жалпы ережелер енгізілген, сол арқылы оның түрлерінің жекелеген нормалары нақтыланады. Кодексте заңды тұлғаның құрылтайшысы жақында арнайы бап енгізілген. Азаматтық кодекстің 40-бабына сәйкес заңды тұлғаны бір немесе бірнеше құрылтайшы құруы мүмкін. Мүлікті шаруашылық жүргізу немесе оралымды басқару құқығымен ерекшеленетін заңды тұлғалар меншік иесінің немесе ол уәкілдік берген органдардың келісімімен басқа заңды тұлғалардың құрылтайшылары бола алады.

     Заңды тұлғаны бір немесе бірнеше құрылтайшы құруы мүмкін.

     Мүлікті меншіктенушілер не олар уәкілдік берген органдар немесе жақтар, ал заң құжаттарында арнайы көзделген реттерде өзге де заңды тұлғалар заңды тұлғаның құрылтайшылары бола алады.

     Заңды тұлғаның құрылтайшылары, Қазақстан  Республикасының заң актілерінде  көзделген жағдайларды қоспағанда, осы заңды тұлғаның құрылтайшылары болып табылмайтын оның басқа қатысушыларынан қандай да бір артықшылықтарға ие бола алмайды.

     Азаматтақ кодекс құрылтай құжаттарының түрін  және міндетті реквизиттері мен басқа  да оған қойылатын талаптарды айқындайды.

     Азаматтық кодекстің 41-бабына сәйкес заңды тұлға өз қызметін жарғысы не құрылтай шарты деп аталатын құрылтай құжаттары негізінде жүзеге асырады.

     Егер Азаматтық кодексте және Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, заңды тұлға өз қызметін Жарғысы және құрылтай шарты негізінде немесе егер заңды тұлғаны бір тұлға құрған болса, Жарғысы және заңды тұлға құру туралы жазбаша түрде ресімделген шешімі (жалғыз құрылтайшының шешімі) негізінде жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларда коммерциялық ұйым болып табылмайтын заңды тұлға ұйымдардың осы түрі жөніндегі жалпы ережелер негізінде іс-әрекет жасай алады.

     Шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлға өз қызметін Қазақстан Республикасының Үкіметі мазмұнын белгілейтін үлгі жарғының негізінде жүзеге асыра алады.

     Заңды тұлғаның құрылтай шарты жасалады, ал жарғысын құрылтайшылары бекітеді. Егер коммерциялық ұйымның құрылтайшысы бір адам болса құрылтай шарты жасалмайды.

     Коммерциялық  емес ұйым мен мемлекеттік кәсіпорынның құрылтай құжаттарында заңды тұлға  қызметінің мәні мен мақсаты белгіленуге тиіс.

     Шаруашылық  серіктестігі, акционерлік қоғамы мен  өндірістік кооперативтің құрылтай құжаттарында олардың қызметінің мәні мен мақсаттары көзделуі мүмкін.

     Құрылтай  шартында тараптар (құрылтайшылар) заңды  тұлға құруға міндеттенеді, оны құру жөніндегі бірлескен қызмет тәртібін, оның меншігіне (шаруашылық жүргізуіне, оралымды басқаруына) өз мүлкін беру және оның қызметіне қатысу ережелерін белгілейді. Егер Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде немесе заңды тұлғалардың жекелеген түрлері туралы заң актілерінде өзгеше көзделмесе, шартта құрылтайшылар арасында таза табысты бөлудің, заңды тұлға қызметін басқарудың оның құрамынан құрылтайшылардың шығуының шарттары мен тәртібі де белгіленеді және оның жарғысы бекітіледі.

     Құрылтай  шартына құрылтайшылардың келісуі бойынша басқа да ережелер енгізілуі мүмкін.

     Жалғыз  құрылтайшының шешімі заңды тұлғаны  тіркеу жөніндегі іс-әрекетті жүзеге асыратын тұлғаны тағайындау, мүліктерді меншікке беру (шаруашылық жүргізу, оралымды басқару) шарттары туралы шешімді және Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін өзге де шешімдерді қамтуға тиіс.

     Жалғыз  құрылтайшының – заңды тұлғаның шешімін Қазақстан Республикасының  заңдарына не осы заңды тұлғаның жарғысына сәйкес оның сондай шешім  қабылдауға құқығы бар органдары, лауазымды адамдары немесе қызметкерлері қабылдайды.

     Заңды тұлғаның жарғысында, онда оның атауы, тұрғылықты орны, оның органдарын құру тәртібі және олардың құзыреті, оның қызметін қайта құру мен тоқтату ережелері белгіленеді.

     Егер  заңды тұлғаны бір адам құрса, онда оның жарғысында мүлікті құру және кірістерді бөлу тәртібі де белгіленеді.

     Жарғыда заңдарға қайшы келмейтін басқа  да ережелер болуы мүмкін.

     Барлық  мүдделі адамдар заңды тұлғаның жарғысымен танысуға құқылы.

     Заң құжаттарына сәйкес заңды тұлғаның басқа құрылтай құжаттары болуы мүмкін. Сонымен қатар, коммерциялық емес ұйымның құжаттары:

    1. мекеме үшін — меншік иесі (меншік иелері) бекіткен ереже (жарғы) және меншік иесінің (меншік иелерінің) заңды тұлға құру туралы шешімі;
    2. қор, тұтыну кооперативі, коммерциялық емес акционерлік қоғам ,қауымдастық (одақ) нысанындағы, өзге де ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігі үшін—құрылтайшылар бекіткен жарғы және құрылтай шарты;
    3. қоғамдық бірлестік, діни бірлестік үшін — жарғы болып табылады ("Коммерциялық емес ұйымдар туралы" Заңның 21-бабы).

     Коммерциялық  емес ұйымның құрылтай құжаттарының талаптары коммерциялық емес ұйымның өзінің, оның құрылтайшыларының (қатысушыларының) орындауы үшін міндетті.

     Коммерциялық  емес ұйымның құрылтай шарты мен жарғысы арасында қарама-қайшылық болған жағдайда:

    1. егер олар құрылтайшылардың ішкі қатынастарына қатысты болса, құрылтай шартының;
    2. егер олардың қолданылуы заңды тұлғаның үшінші тұлғалармен қатынасы үшін маңызды болса, жарғының талаптары қолданылуға тиіс.

     Бір адаммен құрылған коммерциялық және коммерциялық емес ұйым тек жарғы негізінде ғана жұмыс істей алады. Азаматтық кодекстің 41-бабының 3-тармақшасына сәйкес шаруашылық серіктестік пен өндірістік кооперативтің құрылтай құжаттарында олардың қызметінің мәні мен мақсаттары белгіленуге тиіс.

     Құрылтай  құжаттарының қатарына құрылтай шарты енгізілген жағдайда Азаматтық кодекстің 41-бабындағы талаптар сақталуы керек, сонымен бірге онда көрсетілген ережелермен шектеліп қалмайтындығы да ескерілген.

     Заңды тұлғаның жарғысына қоятын талаптар аталған баптың тармағында қамтылған. Жарғының міндетті шартының тізбесінде бірқатар шарттар қамтылған, атап айтқанда: ол жұмыс тәртібі туралы, әкімшілік пен еңбек ұжымы арасындағы өзара қарым-қатынастарды және тағы басқаларды енгізу қажеттігін міндеттейді. Заңды тұлғаның құрылтай шарты мен жарғысы арасында қарама-қайшылық туындаған жағдайда:

      1. егер құрылтайшының ішкі қатанастарына қатысты болса, құрылтайшы шарты;
      2. егер олардың қолданылуы заңды тұлғаның үшінші тұлғалармен қатынастарында маңызы болса, жарғының ережелері қолданылуы тиіс.

     Барлық  мүдделі адамдар жарғымен танысуға құқылы. 

     Заңды тұлғаларды мемлекеттік  тіркеу және қайта  тіркеу

     Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу тәртібі Азаматтық кодекстен басқа, Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылы 17 сәуірде шығарған "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу туралы" заң күші бар Жарлығымен және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу туралы Ережесімен реттеледі. Заңды тұлға әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтуге тиіс. Мемлекеттік тіркеу тәртібі заңдарда белгіленеді.

     Мемлекеттік тіркеудің құқықтық маңызына келетін болсақ, тұлға мемлекеттік тіркеуден өткеннен бастап заңды тұлға болып саналады. Заңды тұлғаны тіркеу фактісі заңды тұлғаға заң талабын сақтауды және өзінің құрылтай құжаттарын заңға сәйкестендіруді міндеттейді. Тіркеуден бас тарту тек сот тәртібімен шешіледі. Заңды тұлғаны құрудың тиімсіздігін желеу етіп тіркеуден бас тартуға жол берілмейді.

     Мемлекеттік тіркеу деректері, соның ішінде коммерциялық ұйымдар үшін фирмалық атауы заңды тұлғалардың біріңғай мемлекеттік регистріне енгізіледі.

     Филиалдар мен өкілдіктер заң құжаттарында белгіленген тәртіппен тіркеледі. Филиалдар мен өкілдіктер атаулары өзгерген жағдайда қайта тіркелуге  жатады.

Заңды тұлғаларды құру тәртібінің ерекшеліктері