Абай – қазақтың бас ақыны

Жоспар

КІРІСПЕ

І. Абай – қазақтың бас ақыны

ІІ. Абай – қазақ әдебиетінің классигі

ІІІ. Қазақ әдебиетінің өркендеу жолындағы Абайдың тарихи орны

ҚОРЫТЫНДЫ

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

КІРІСПЕ

Адам баласының бәріне ортақ дүниежүзілік мәдениет әрбір халықтың алдыңғы қатарлы ой-пікірлерінен, ұлы ақындар мен ойшылдардың шығырмашылық байлығынан құралатыны белгілі. Ұлылар өз халқының рухани мәдениетін бүкіл дүниежүзілік озық үлгілерімен табыстырып, оған өз ұлтының өзіне ғана тән ерекшеліктерін, ой-пікір байлығын, сөз өнерінің үлгісін қосады. Абай — қазақ халқының осы топқа қосқан ұлы ақыны, классигі. Оның мазмұны жағынан аса терең, гуманистік-философиялық ой-толғамдарға бай, адамдықты ардақтап, оның рухын биікке көтерген оптимизмге толы жарқын творчествосы кешегіні бүгінгіге жалғастырған алтын көпір сияқты өзінің туған халқын, сол арқылы өзі бауыр тұтқан адам баласының бәріне ерекше қызмет етіп келеді. Ол біздің халықтың ұлттық оянуына, сана-сезімінің көтерілуіне, әдебиеті мен мәдениетін жаңа сапада қалыптастыруға, қазақтың әдеби тілін орнықтыруға барынша мол еңбек сіңірді. Сондықтан біз оның ұлт мәдениетіндегі орнын өзі тектес ұлылармен ғана салыстыра қараймыз. Әсіресе, біздің аузымызға ақынның өзі ұстаз тұтқан, шығармаларынан көп тәлім алып, аударған Пушкин түседі. «Пушкин есімін атағанда, — деген еді Н.В.Гоголь, — орыстың ұлттық ақыны туралы ой келеді… Пушкин — ерекше кұбылыс және орыс рухының бірден-бір көрінісі болар: ол орыс адамының даму үстіндегі, тіпті екі жүз жылдан кейін болатын бейнесін елестетеді. Онда орыс табиғаты, орыстың жан дүниесі, орыс тілі, орыс мінезі соншалықты таза, әбден аршылған әсемдікпен көрінеді. Оны тек оптикалық шынының көтеріңкі бетіндегі тегістік сәулесімен ғана салыстыруға болады». Осы сөздер Абайға арнап та айтылған сияқты. Сондықтан біз әрдайым мақтанышпен қайталап, «орыс» деген сөздің орнына «қазақты» қойып, «қазақтың табиғаты, қазақтың жан дүниесі, қазактың тілі, казақтың мінезі» деп бастаймыз.

 

І. Абай -  Қазақтың бас ақыны

Қазақтың бас ақыны Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ. Абай Семей облысының қазағы, руы Тобықты. Ұлы атамыз  Ырғызбай Торғай облысындағы Ырғыз деген өзен бойында туған екен. Ырғызбай халқының қолбасы батыры, ел ағасы би екен. Тобықтының аймағы аз кезінде Түркі ханнан елін ертіп ауып келіп, Шыңғыс тауы малға еніпті  деп, қоныс еткен екен. Кіші атасы Өскенбай би ел арасында ғаділ би атанған. Өз елі түгіл, басқа алыс елдер де араларындағы зор дауларын Өскенбай бидің жұртына келіп бітіседі екен. Өз әкесі Құнанбай жұрт аузында қазақтың бас адамдарының бірі болған. Қазақты билер билеп, сұлтандардар төрелерден қойылып тұрған заман, солармен таласып, қарадан сұлтан болған адам екен. шешесі Ұлжан бәйбіше Қарқаралы уезіндегі Әбдірей, Тыржық деген жердегі Қаракесектің Бошан руынан, Бертіс тұқымынан. Шеше тұқымы күлдіргі, қалжың, әзілге Қантай, Тонтай деген күлкімен сөгіп, қалжыңмен киіп, аты шыққан адамдар нәсілінен. Тонтай малды адам екен. Ауырғанда өзгелерден гөрі қожа, молдалар жиірек сұрайтынын байқап жүреді екен. Өлер жолы келіп, ауырып жатқанда молдалар көңілін сұрай келіп отырғанында айтқан: «Баяғыдан бері жазыла-жазыла қожа, молдалардан да ұят болды, енді өлмесе болмас», - деп.

Абай 1845-ші жылы туған. Жылы жылан екен. Ибраһим деген атын бұзып, Абай деп ат қойған шешесі екен. Шешесінің сүйіп қойған аты ел арасында шын атынан көбірек айтылады. Абай 10 жасынан 13 жасқа шейін қырда мұсылманша оқыған. 13 жасқа шығарда Семейде Ахмед Ризаның медресесінде оқыған. Медреседе оқып жүргенде 3 айдай орысша да оқыған. 4 жыл мұсылманша оқып, 3 ай орысша оқып, сонымен оқуды қойған. 15 жасында-ақ, балалық қылмай, үлкендердің қатарына кіре бастаған. Қазақты меңгеріп, халыққа араны жүріп тұрған төрелермен әкесі Құнанбай таласқанда, Абай әкесіне серіктікке жарай бастаған. 20 жасында ел ішіндегі белгілі бір шешені атана бастаған. Зеректікпен естігенін ұмытпаған. Ел ішіндегі сақталған қазақтың бұрынғы өткен билерінің билігі, шешендерінің сөйлеген сөзі, көсемдердің істеген ісі, үлгілі сөздер, ұнасымды әзілдер, мақалдар, мысалдар сияқты нәрселерді Абай көп біледі екен.

Заман бұрынғыдай болса, Абай алаштың атақты билерінің бірі болуы шүбәсіз. Біліммен би болып, жұрт билейтін заман өтіп, тасың (таспен) би болатын заманға қарсы туған. Білімі көптер жұрт билемей, малы көптер жұрт билейтін заманға қарсы туған. Абай жұрт алдына білімін салғанда, басқалар малын салған, жұрттың беті малға ауып, ел билігі Абай қолына еркін тимеген. «Білімнен мал артық болушы ма еді», - деп, Абай жұрттың онысына көнбей, таласқан. Сөйтіп, партия  алаңына кіріп кеткен, өнер, білімін партия ісіне салған. Білімінің қызығын жалғыз ғана Тобықтылар көріп, басқаларға пайдасы тимей, болыстыққа құмар көп қазақтың бірі болып, бәлки, сол күйімен өліп те кетуі ықтимал еді. Қазақтың бағына, ондай болудан Құдай сақтаған. 80-ші жылдарда жер аударылып барған Михаэлис деген бір білімді кісімен, қазақ ғұрпындағы қағидаларды жиюға елге шыққан Гросс деген екеуімен Абай таныс болған. Бұлар Абайдікіне қонаққа келіп-кетіп жүрген. Абайдың тегін адам емес екенін байқап, олар болыстықтан гөрі жақсырақ нәрсе барлығын Абайға сездірген. Абайдай зерек адамға жөн сілтесе болғаны, онан арғысын өзі іздейді.

Олар орыстың атақты ақындары Пушкин, Лермонтов, Некрасов барлығын, қара сөзді келістіріп жазғыш Толстой, Салтыков, Достоевский барлығын, сөз сыншысы Добролюбов, Писарев барлығын Абайға білдірген кітаптарымен таныстырған. Өлең жазып Пушкин, Лермонтов, Некрасовтар қазақтың би, болыстарынан гөрі қадірлі екендігін Абайға түсіндірген. Ғылымды өлең жазу, сөз жазу нағыз қадірлі істің бірі екенін Абай енді ұққан. Ақындық, өлеңшілік ел көзіне қадірсіз ол кемшілік ақындық пен өлеңшілікте емес, ақындық псн өлеңшілікті орнына жұмсамағандықта екендігін, өлеңшілікті қазақ ақындары, өлеңшілері қайыршы, тіленшілік орынға жұмсағаннан өлеңнің қадірі кететінін Абай әбден білген соң, өлең жазуға түскен.

Абай жас күнінде күлкі үшін қалжың өлеңдер, қыздарға өлеңдер жазған, есейген соң арланып, тастаған Михаэлис пен Гроссқа кез болмаса, сол күйімен кетер еді. Қандай үлгілі, қандай мағыналы, қандай терең сөздер жерге көмілер еді?! Абай сөздері- қазаққа зор бақ. Бетін түзеп, жөндегісі келген  кісілерге де, сілтеген жолды ылақпай тұп-тура тапты, адамға да қазақ балалары талай алғыс берер. Орыс адамдарымен танысып, өлең орны қайда екенін білгеннен кейін, Абай өлеңге басқа көзбен қарап, басқа құрметпен, көзқараспен күтіп алып, тор түгіл, тақтан орын берген. Бірақ сөзден өлеңнің таққа мінгендей артықшылығы қанша оны да көрсетіп, айтып қойған. Айтушы мен тындаушы көбі надан болғандықтан, өлең болып айтылып, жүргендердің көбі өлең емес екендігі, өлең жаман болса да, келістіріп жазушылары ішінде бірен-сараң екендігі, жұрт мағыналы, маңызды, терең мағына жоқ, маңыз жоқ, желдей гулеп, құлаққа ұнамсыз тиіп өте шығатын жеңіл сөздерді тындауға құмар Абайдың өлең жайын жазған сөздерінде көрсетілген.

Сонымен  Абайдың сыншылығы, өлең жақсы болуға неден екендігігін білетіні де көрініп тұр. Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек; ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек; мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған. Бұлардың үстіне, Абай көсем, үлгі шығарып, өнеге жайғыш болған. Абайда өлең сөздің неше түрлі үлгісі, өрнегі табылады. Ол өрнектерді ойдан шығармай, орыстан алса да, орыс өлеңдерінің өрнектері қазақ тіліне жарайтындығын бастап көрсеткені де зор көсемдік. Абай өлең жақсы болуға керек шарттардың бәрін білген. Сондықтан өлеңі қай тарапынан да болса толық. Жалғыз-ақ міні бар. Ол мін - өлең бунақтары тексеріліп орнына қойылмағандық. Оның оқығанда я әнге салып айтқанда кемшілігі зор болады. Дауыстың ағынын бұзып, өлеңнің ажарын кетіреді, мысалы, төселіп, желіп келе жатып шоқытып кеткен сияқты, тайпалып жорғалап келе жатып текіректеп кеткен сияқты. Бұл кемшілікті түзетуге болады. Өлеңнің үш буынды бунақтары мен төрт буынды бунақтары алмасып кеткен жерлерін алып, өз орындарына қойса, түзеледі. Мұнан басқа Абай өлеңдерінде мін бар деп өз басым айта алмаймын. Кейбіреулердің айтатын «ауырлығы бар» деген сөздер, ол өлеңнің қисынын келтіре алмағаннан емес, өрнегінің жаңалығынан, қазақ өлеңдерінің дағдылы түрінен басқарақ болған соң, оқушылар жаттыққанша жатырқайды. Сонан ғана ауыр сияқты көрінеді.

Абайдың асылын танып, дұрыс баға берген нәрсесі жалпы  өлең емес, көп нәрсені Абай сөз қылған; сол сөздерінің ішінде Абайдың әр нәрсенің асылын танығаны, білгені көрінеді. Абайдың өлендері қазақтың басқа ақындарының өлеңінен үздік артықтығы әр нәрсенің бергі жағын алмай, арғы асылынан қарап сөйлегендіктен. Басқа ақындардың сөзге шеберлігі, шешендігі Абайдан кем болмаса да, білімі кем болғандығы даусыз. Абай сөзінен Әбубәкірдің «шайды, кебісті әркім тұтынып кеткені асылды қорлау болды» деп қайғырған сөздері табылмайды. Басқа ақындар аз білімін сөздің ажарымен толтыруға тырысқан. Абай сөздің ажарына қарамай, сыпайылығына қарамай, әр нәрсенің бар қалыбын сол қалыбынша дұрыс айтуды сүйген. Мысалы, «Аттың сыны» деген өлеңінде сыпайышылық жүзінен құлаққа жағымсыз тиетін сәздер бар; бірақ аттың сынына керек мүшелері болған соң, оларын айтпаса, аттың сыны толық болып шықпас еді. Абайдың «Аттың сыны» деген өлеңін оқығаныңда, көз алдыңда сол жақсы аттың өзі тұрғандай, пішіні келіп елестейтіні, жақсы атқа бітетін мүшелердің бірін қалдырмай жазғандықтан. Абай көп нәрсені білген, білген нәрселерін жазғанда, «мынау халыққа түсінуге ауыр болар, мынаның сыпайышылыққа кемшілігі болар» деп, таяқтан тартынбаған. Хақиқатты хақиқат қалыбында, тереңді терең қалпында жазған. Хақиқатты тануға, тереңнен сөйлеуге, бойына біткен зеректіктің үстіне, Абай әртүрлі Еуропа білім иесілерінің кітаптарын оқыған.

Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек. Абайдың сөздері 1909-шы жылы кітап болып басылып шықты. Бірақ  жұртқа тарамай жатыр. Басылған кітап Ақмолада, Семей болысынан басқа облыстарға таралмай жатқаны кісі таң қаларлық іс. Абайдың сөзін Семей ләпкесіне қамап, жасырып қоймай, кіли қазақ баласы бар уалаяттардағы кітап сатушылардың бәрінің де магазиндерінде жүргізу керек еді. Абайды қолымыздан келген қадарлы жұртқа таныту үшін мұнан былай кейбір өнегелі, өрнекті сөздерін газетаға басып, көпке көрсетпекшіміз.

 

ІІ. Абай – қазақ әдебиетінің классигі

 

Абайдың қазақ әдебиеті алдындағы ұлы қызметі оның ұлттық әдебиетте шындык дегеннің не екеніне бірнеше per кеңіл аударып, оны тұңғыш аша білуі деуге болады. Ол қазақ өмірін, оның адамдарын, табиғатын, жан дүниесін терең білді және соны бірінші болып көркем әдебиет бетінде жан-жақты бейнеледі. Ол шындықтың ақыны болып туды, солай өмір сүрді. Оның өлендерін оқи отырып, одан сәл де болса, жалғандық табу қиын. Бәрі де бар, болған және қазақтың ұлттық табиғатына тән шындық мөлдіреп көз аддыңа келеді. Ұлы суреткер есебінде Абай оны көркем бейнелеудің жаңа жолын тапты. Оның өлендері өзінін карапайымдылығымен, табиғилығымен құйылып, ойға, сезімге ұялайды. Сондықтан ол қазақ әдебиетіндегі тұңғыш ұлы суреткер саналады. Жазу өнерінің қарапайымдылығы мен табиғилығын Абай қазақ поэзиясының ұлттық сипатына айналдырды. Оның ұғымы, танымы, бейнелеу жүйесі түгелдей ұлттық шындықтан өрбіп, біртіндеп терендейді. Жаңа ой, жаңа сөзге лайық стиль де жаңарып, өзгеше көркемдік куатқа ие болады. Ондағы тіл байлығы, суреттеу кұралдарының әр алуан түрлері, теңеулер мен метафора, күштеусіз, төгіліп, ұйқасып тұрған тармактар, ішкі үйлесімдер қазақтың сөз өнерін әсемдік әлемінің биігіне көтереді. Осымен Абай қазақ сөзін ұстартып, әдеби тілдің негізін салды. Абай қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет өз заманында халықты толғандырған қоғамдық және саяси өмір проблемаларын күн тәртібіне қойды. Ол қазақ коғамының қайшылықты жақтарын, замандастарының алауыз берекесіздігін, патшаның отаршылдық саясаты қоздырып отырған рулық тартыстардың елдің бірлігіне келтірген зиянын қатты сынай отырып, еңбекші елге іш тартты, халықты қараңғылықтан жарыққа сүйреді. Ол халықтардың оңашаланып өмір сүретін дәурені өткенін, ендігі жерде ел болудың кепілі дамыған көрші елдермен қарым-катынас жасауда екенін айтты. Елді сол жолда бірігуге, ынтымақтастыққа шақырды. Уақыт талабын заманынан оза шауып түсіну — Абайдың даналығының белгісі. Абай шығармаларының тақырыбы әр алуан. Одан қазақ қоғамының тағдырына, адамдардың тіршілігіне байланысты ақындық сырды да, жалпы қауымды билеген берекесіздік, еңбексіздік, жалқаулық жайлы ойлар мен сынды да, жаңа үлгіде жазылған табиғат пен махаббат лирикасын да, өмірдің киындығы мен қоғамдағы адам орны, еңбегі туралы ой-толғамдарды да, кәрілік пен жақындарының, балаларының өлімі жанын жаралаған ақын-әке сезімін де кездестіреміз. Осылардың бәрі бірімен-бірі жалғасып, тұтас ақындық әлемді құрайды. Өмірдің шныы мен Абайдың сыны онда араласып, белсенді ақын позициясын әңгімелейді. Ол — қазақ әдебиетінде әйелдердің тағдырына бірінші көңіл бөлген ақын. Оның кіршіксіз, таза, терең сезіміне үңіліп, ананы, даналықты, достыққа берік адал сезімді жырлады. Оның табиғат лирикасы адамды, оның жан дүниесін терең ашудағы ұлттық әдебиеттің бірінші жаңалығы болып табылады. Ол жылдың мезгілдерін жырлауда үлкен суреткерлікке жетті. Қазақ әдебиетінде өлең сөздің қоғамдық күшін, көркемдік қуатын көтеруге арналған бірінші ақындық программаны да Абай жасады. Ол кедей ақындардың күн көріс кәсібіне айналып, бағасы түскен өлең сөзді (ән мен күйді де) өз биігіне қойып, оқырманның, тындаушының талғамын тәрбиелеуге белсенді араласты. Акынның бұл саладағы ұлы қызметі орыстың классикалық әдебиеті эстетикасымен, Белинский, Чернышевский көзқарастарымен ұштасып жататыны ғылымда әлдеқашан дәлелденген. Абай ақын боп сөз жазып қана отырмаған, өз өлеңіне өзі ән шығарып таратқан. Оның композиторлық шығармашылығы біздің халықта ерекше бағаланады. Егер ол ақын болмаса, осы әндерімен-ақ, композиторлық еңбегімен ұлы адамдардың қатарына кірер еді. Қазақ даласында бірінші шырқалған Татьяна тек Пушкинді ғана насихаттап, халыққа таратып қойған жоқ, сүйгеніне қосыла алмаған мұнды орыс қызын қазақ құрбыларымен табыстырды. Абайдың өмір сүрген ортасы дәстүрге бай емес еді. Оның көргені, естігені — халық әдебиеті, бай фольклор, жеке ақындар творчествосы болды. Жасынан әке ырқымен ел ісіне араласқан Абай мұны жетік білді. Ел басшылары, ру ақсақалдары бас қосқан алқалы жиындарда қиыннан қиыстырып сөз айта алатын, тапқыр, шешен адамдар ғана кұрметке ие болатын. Абайдың үлкен әкесі Өскенбай да, әкесі Құнанбай да осындай, сөз ұстаған белгілі билер болған. Осы жолға түскен Абай да жасынан сөз сырын жақсы білді, сөз қуып, дау ұстаған талай мүйізділердің сынынан өтті, шешен атанды, би болды, төбе билікке де сайланды. Бірақ ақындық үшін бұлар жеткіліксіз еді. Мұны түсінген Абай халық даналығының тар шеңберінен шығып, бетін дүние жүзі әдебиеттерінің озық үлгілеріне бұрды. Ол шығыстың классикалық поэзиясын да, орыстың, сол аркылы Еуропаның демократтық әдебиетін терең зерттеді. Сөйтіп дүние жүзінің озық әдебиеттерінен сусындады. Ол Фирдоуси, Низами, Сағди, Хафиз, Науаи, Фзулилерді ұстаз тұтты, солардың үлгісімен өлендер де жазды. Пушкинді, Лермонтовты, Крыловты, Салтыков-Щедринді, Достоевскийді, Лев Толстойды, Чернышевскийді, Добролюбовты, Писаревті окыды. Орысша аудармалары арқылы Гете мен Байронды білді. Абайдың алғашқы өмірбаянын жазған Кәкітай Ысқақовтың айтуынша, ол Бокльді, Милльді, Дрэперді, Дарвинді, Спинозаны, Аристотельді, Сократты оқыған. Семейге жер ауып келген орыс революционерлері (Михаэлис, Леонтьев, Долгополов) Абаймен достасып, ақынның жүйелі оқуына көмектескен. Абайдың ой-өрісін кеңейткен де, дүниеге көзін терең ашып қарауға үйреткен де, ақындық шабытын қанаттандырған да осылар. Осыдан кейін ақын өзі де «Шығысым Батыс боп кетті» деп мойындаған. Осыларды оқу Абайды қараңғылықтан ағартушылыққа, көшпелі тұрмыстың етекбастылығы мен рушылдықтың әдет-ғұрпынан халықтық демократизмге алып шықты. Ол халқына, кейінгі ұрпаққа орыстың тілін, өнерін, еңбекшілдігін үйренуді өсиет етті. «Мал да, өнер де, ғылым да — бәрі орыста тұр… Оның тілін білсең, көкірек-көзің ашылады», — деді. Оның ақындық ойында философиялық, эстетикалык, саяси ұғымдар кеңейді. Оның ойшылдығы адамды жетілдіруге, оның қоғамдағы орнын табуға, пайдалы қызмет істеуге үйретуге («Кірпіш болып қалану») арналды. Әдебиеттің ұлттық дәстүрін жаңарта отырып, ол әдебиет бетін адам сезімін суреттеуге бұрды, адамды танудағы табиғаттың рөлін ашты. Шындықты өз сезімі арқылы, өз басынан өткен уақиғалар негізінде тануға жетті. Сөйтіп рухани өскен, байыған Абай демократтық орыс поэзиясының арнасында кызмет еткен ұлы таланттар тобына кірді. Ол Пушкиннен, Лермонтовтан, Крыловтан классикалық аудармалар жасады. Оның бұл саладағы еңбегін тек аударма деп қарау жеткіліксіз. Ол ұлы ұстаздарымен творчестволық жарысқа түсті. Орыс туындыларын қазақ өмірінің шындығына жақындата отырып, өз сезімінің, геройлар психологиясының күшімен терендете түсті. Татьяна мен Онегин хаттарының осындай сыпатын кезінде орыс зерттеушілерінің өздері-ақ мойындаған. Оның Онегинді өлтіру сырының өзі-ақ орыс әдебиетіндегі оқшау адамдардың тағдыры жайлы Чернышевский, Добролюбов мақалаларымен таныс болғанын байқатады. Көшпелі қазақ ауылынан шыкпай-ақ, сонау Шыңғыстауда жатып, өз бетімен білім алып, қазақ даласына дүниежүзілік мәдениеттің шырағын жакқан Абайдың осы еңбектерін үлкен Азаматтық ерлік демеске бола ма?! Абай бүгін бізді өзінің өмірге, тіршілікке деген көзқарасының тұтастығымен тартады. Оның замандастарына, болашақ ұрпаққа арнаған өсиеті бұрынғылар айтпаған сөз болғандықтан емес, ақынның өз заманының шындығын өзі жинақтай, корыта білуімен, жұртқа оны бұрынғыдан басқаша, өзгеше көркемдік қуатпен жеткізе білу өнерімен қымбат. Ол қазағын, елін сүйді. Оның бойын, ақыл-ойын табиғатпен туысқан, адам жаратылысының шынайы қалпын бұзбаған қайраткердің әділетсіздікке қарсы ашу-ызасы, кегі тудырған «өзгеше махаббат» («Странная любовь». Лермонтов) сезімі биледі. Оның өлендерінде адамгершілікті мұрат тұтқан адамның сезім күйін бейнелеген лирика мен ұнамсыздықты сынаған сатира араласып жататыны да соңдықтан. Адам бұлай өмір сүрмеуі керек — ақын шығармаларының түйіні осы. Ол ақылға, еңбекке сүйеніп өмір сүруді, жамандық жасамауды, адамгершілікті сақтауды қалайды. Мұны айтқанда, тек халық даналығына, фольклорға ғана сүйенбейді, қазақ ортасының өзі көрген шындығына бунтарлықпен қарап, адамгершіліктің жаңа нормаларын іздейді. Батыс пен Шығыстың әдебиетін, ойшылдарын, әлеуметшіл-саясатшыларын қарағанда, Абайдың іздегені де осы. Осы ізденіс ақынның өзін де рухани тазартып, адамзатқа ортақ ойларға жетелейді. Соларды өз халқына үлгі етіп ұсынады. Ол қоғамдық ойды оятты, оны тәрбиелеуші болды, адамдықтың жаңа нормаларын өмірге батыл кіргізуді талап етті. Оның әкенің ұлы болмай, адамның ұлы болу жайындағы ойы да осыдан туған. «Әкенің баласы — дұшпаның, адамның баласы — бауырың» деген ол. Ол адамды жүрек, ақыл, сезім билеуін, адамның адамға дос болуын, сенің тағдырың бүкіл адамзаттың тағдырымен байланысты, біріңе-бірің қонақсың дегенді көп айтады. Мұның бәрінің негізінде адамның рухани азаттыққа ұмтылуы идеясы жатыр. Абай беймезгіл заманда өмір сүрді. Оның идеясы, ізденісі қараңғы қазақ қауымы үшін түсініксіз болды. Заманынан оза шауып, келер ұрпақтың тілімен сөйлеген дананы саңырау, соқыр, мылқау қайдан түсінсін. Оның заманына «Жұмбақ» болуы да осыдан. Өзі де өлеңінде «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп», «Мыңмен жалғыз алысқанын» жазады. Ол заманының бар қайшылығын жүрегіне басып, ауыртпалығы басына тиіп, күрсініп өтті, ерте қартайды. Көшпелі тұрмыс пен надандық, рушылдық жайлаған елдің бетін өнерге, білімге, кәсіпке бұрам деп, татулыққа, бірлікке шақырған жырлары «Қалың елі-қазағына» дарымады. Оның өлендерін толтырып тұрған мұң-зар, ашулы ыза, заман трагедиясын арқалаған данышпан ақынның ауыр сезімі осыдан туады. Зарын ол өлеңге төгіп, өлеңін ғана өзіне серік етті. Ақынның прогресшіл көзқарасы қараңғы, надан ортада кері әсер туғызды. Оны «орысшыл» санады. Әкесі Құнанбайдың да Абайдың бойынан көрген үш мінінің бірі осы «орысшылдығы» еді. Ақынның жер ауып келген революционерлермен достығы жергілікті әкімшілікті оған қарсы қойды. Абайдың үйі тінтіліп, өзіне қастандық жасалды. Бірақ Абай өзі іздеп тапқан әділдік жолынан қайтқан жоқ. Ол патша әкімшілігінің ар жағында орыстың халқы барын, онымен жақындасудың қажеттігін көрді, таныды. Бүкіл қазақ қауымы «орыс» деген сөзді кұбыжық көріп (олардың көргені отаршылдық саясатты жүргізген урядниктер мен приставтар ғой), одан шошынып тұрған заманда, орыс халкымен достыққа шақырған Абай сөздері бүгін қандай актуальды естіледі. Ақын өзіне сүйенішті жастардан тапты. Маңына талантты жастарды жинады, балаларын, жақын жас достарын орысша оқытты. Бұл қасарысқан кертартпалыққа қарамай Абай жолының қазақ даласына кең жайыла бастағаны, туысқан халықтармен қарым-қатынастың ұлғаюының басы еді. Ол өзбектін, татардың еңбекшілдігін, кәсіп игеруге ұмтылысын құптады, қазаққа үлгі етті. Абай патриотизмі мен интернационализмі осыдан бастау алады. Тек ұлылар ғана басқа халықтарды өз халқымен табыстырады, оларды сыйлауға, сүюге үйретеді. Олардың творчествосын халықтық ететін де осы ерекшеліктері. Ұлыларда ұқсастық та көп. Ол ұксастықтар олардың тағдырында, творчествосыңда, қалдырған ой-пікірінде, сөз өнерінің биіктігінде. Сол ұқсастықтар оларды өз халқының ақылшысы етеді, қоғамдық ой-пікірдің басына қояды, кейінгіге үлгі етеді. Қысылғанда сырласар досың да, ақыл сұрар ұстазың да сол болады. Оларды өмір бойы оқисың, мәңгі үйренесің. Абайда көшпелі қазақ өмірінің ащы сабағы мен дүниені шолған кыранның қырағы көзі бар. Ол ұсақ-түйекті көзге ілмейді, оған алданбайды, дүниеге биіктен қарайды, халық тағдырын, бүгінін, келешегін тұтас көреді. Сондықтан Абай творчествосы — қазақ халқының тарихы — бүкіл даланың эпосындай елестейді. Абай — халқының, оның ұлттық өмірінің символы. Оның өлмес творчествосында халық рухының жарқын күші, қайғысы мен қуанышы сакталған. Ол соның бәрін көркем сөздің күшімен бейнелеп, бүкіл адамзат мәдениетінің тарихына қосты.  

 

ІІІ. Қазақ әдебиетінің ркендеу жолындағы Абайдың тарихи орны

 

Көшпелі де қараңғы елдің ортасында өмірі өткен аса дарынды ақын Абай тағдырының қандай ауыр, қандай аянышты болғанын бар бейнесімен көз алдыңа әкеле қою да оңай емес. Ойсыз-сұңсыз тоө жұрт үшін ізі білінбей өте беретін біріне бірі ұқсаған марғау күндер ойлы ақын үшін арылмай қойған азап болуға тиісті де. Үсті түгел қуарып, аздап қана астынан көктеп жататын күзгі даладай тозығы жеткен өмір ақын көңілін көтермеске керек. Сондай күйге ұшыраған ақын: Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген бір қызық ісім екен сұм жалғанда! – деп, жүдеу көңілін аңшылық сияқты аз қызықпенн көтергенін өзі айтып кеткен. Абай кезіндегі «сұм жалған» Абайдың зар сөзі: Несі өмір, Несі жұрт? Өңшең қырт, Бас қаңғырт! Бірін бірі тез айдап, ел өмірін тез жаңартар заман ауысуы көшпелі далада ғасырларға созылады. Өмір баяу да мешеу. Ескілік сарылтып ұзақ жасайды да, жаңалық жіңішкелеп қана кіріп, кешеулеп тамырланады. Бәйбішелі-тоқалдығымен, әмеңгерлігімен, ақсақалдығымен міз бақпай мелшиіп тұрған кәрі заман жас өртеңді көктей орып, тымағымен тұншықтырады. Отаршыл мен озбыр үшін бұл елдің өзінен гөрі жүн-жұрқасы, тері-терсегі қымбат. Сондай жұт өмірде ақынға серпін беретін, ақын сезімін алға сүйреп, ақын ойына іздеу салатын әлеуметтік қақтығыстар қайсы? Қақтығыс болса – ол патриархалдық-феодалдық басыларының арасында әріден келе жатқан, бұқараны күнәсіз тонамалап қажытқан ескілігі. Айын, күнін үнсіз жетелеп елеусіз өтіп жатқан жылдар да шын дарынға үйреншіктіден өзге қорек бере алмайды, баяғы бір ескісін тосады. Дала кең де, өміршеңбері тым тар, серпінсіз. Сол құнарсыздықты қызғана қорғап, Абайдың өзі жасаған дәуірі түгіл, одан арғы әжелер мен бабалар заманы ауыспастан тұр. Заман таразысын солардың заңы басып тұр, төбе биі әлі солар. Бұл жабықтыратын да жалықтыратын өмір. Сондықтан ақын: Күңгірт көңілім сырласар Сұрғылт тартқан бейуаққа, Төмен қарап мұңдасар Ой жіберіп әр жаққа, – деп мұңаймасқа шарасы жоқ. Абай өз тұсындағы үстемдік иесі феодалдық үстем таптың шірік салт-сана, көзқарастарын қатты сынады. Қоғамдық тақырыптарға жазылған өлеңдері түгіл ғашықтық лирикасында да бұл ойынан іркілген жоқ. Аяқтап келгенде тозығы жетіп, енді алға қарай аттар бір адымы қалмаған феодалдық қоғамға – несі жұрт, өңшең қырт, – деп, Абай өз кесімін айтып, болашаққа зер сала қарады. Мұынысында жалғыз ғана безінгендік емес, сол қоғамның болашағы жоқтығын сезінгендік те бар. Абай ойының шарқ ұрып ізденуінің бір себебі осында болуға тиісті.

Абай — әрі ұлы, әрі ұлттық ақын. Ұлы ақындардың орны тарихи мәні бар өзгерістерге, туған елінің бір сатыдан бір саты жоғары өрлей беруіне қай кезде бастаушы, қай кезде қостаушы бола білгеніне байланысты. Бұл жағынан алып қарағанда Абай көзқарастарында ұлы жазушы Лев Толстоймен сарындастық бар. Толстой сияқты Абай да ескірген заманды, озбырлықты, шен қмарлықты, патшалық құрылысты, ояз бен болысты, тоң мойын феодалдарды, оның тымағы тоқтықтан азып бара жатқан жастарын қатты сынға алады. Бұл – үстемдіктің іргесін қашап, ордасын шайқайтын еңбек, бұқара наразылығына мықты сүйеу болатын басшылық . Қалың бұқараның бірінші жауы феодал табы болса, ақынның қатал сынға алғаны да сол тап. Абайдың жақсылық іздейтіні – момын шаруа. Сондықтан бұл қазақ даласының тарихындағы халық тілегін айтқан ақын, үстем тапқа қарсы болған, бұқараға сүйеу болған ақын. Ленин ұлы жазушы Толстойды сынағанда, оның феодалды монархиялы құрылыстың тас іргесін тітіреткенін аса ірі еңбек деп бағалайды; сонымен бірге, 1861 жылдан кейін Россияда капитализм заманы орнағанда Толстойдың «деревнялық социализм» алданышынан аса алмай қалғанын аяусыз мінейді.

Абайдың әлеуметтік көзқарасында да осы бар: ескіні сынау жолында ол бұқара тілегіне басшы, ал, «не істеу керек?» дегенде басшы бола алмай қалады: Оқы, үйрен, надандылықтан құтыл, орыстан үйрен дегендері – бұқараға тасталған ұран. Ленин 1840-1890 жылдардың арасын Россиядағы озық ойдың ұзақ іздену, көп азап арқылы марксизмді ревволюциялы теорияны тапқан кезеңі дейді. Лев Толстой осы елу жылдық дәуірге кіретін орыс халқының ұлы ойшыларының бәрін де жақсы біледі. Алғашқы еңбегін басқан революцияшыл демократтың бағытындағы «Современник» пен Толстой кейін ажырасып кеткені де мәлім. Белинский, Чернышевский, Плеханов түгіл, Толстой Лениннің – «Байкотқа қарсы» деген еңбегін ерекше қадалып оқып, негізгі ойларының астын сызып қойғаны тарихқа түскен анықтама. Ал, Абай ше? Біздің Абайды зерттеуші ғалымдарымыздың көпшілігі оның Михаэлис, Долгополов, Гросс, Леонтьев сияқты Чернышевскийден тәлім алған адамдармен жақсы танысып, достасып кеткендігін дәлелдейді. Бірақ революцияшыл-демократтық саяси ағымның Абайға қандай әсер еткенін, Абайдың нені қабылдағаны тереңірек дәлелдейтін дерек бізде әлі күнге дейін жоқтың қасы. Даусыз нәрселер: Абайдың «дүниеге көзімді ашқан Михаэлис» дегені, қазақ халқын орыс халқымен достасуға шақырғаны, Россияның патшасына қас, еліне достық көңілмен қарағаны. Бұл ойларын бұқараға арнап бөліп айтпай, елім деп тұтас айтқан күнде де оның прогрестік маңызы әлсіремейді. Шоқанда бұл бағыт терең де ашық, тура саяси мағынада болса, Абай мұны көбінесе ақын тілімен, поэзиясының барлық бағытымен айтады. Бірақ өрісі бітіп, алды біржолата тұйықталып тұрған феодалдық даланың болашағы қайда, қай бағытта деген сұрауларға қоғамдық өркендеу тұрғысынан Абай берген жауап бар, ал оны толық ашып берген зерттеуші аз. Отар даланың тағдыры өз қолында емес екенін, өздігінен оңаша ізденіп ел бола алмасын анық білгенін Абайдың барлық шығармасынан да аңғаруға болады, дегенмен, жоғарғы сұраулардың жауабы әлі күнге жорамал дәрежесінде қалып келеді. Біздіңше, өндірісті, капиталды, қала мен феодалдық сахараның арасындағы революциялық қақтығысты көрмеген, мал баққан көшпелі елде өмірі өткен ақын қоғамдық өсудің сатыдан сатыға көтеріліп ауысып отырғанын зерттемеген де білмеген. Революциялық марксизмді жақсы білген Толстойдың капиталистік дәуірден әрі жатқан «крестьяндық социализм» көзқарасында қалып қойғаны сияқты, Абай да шаруа мәселесінен жоғарырақ көтеріле алмайды, тіпті сөз ққылмайды.

Сондықтан да Абай Салтыков пен Толстой арасына айырма қоймай атайды. Революциялы ой ордасынан алыс, қайыр шетте жасаған Абайға бұл кінә емес, анықтау ғана. Шыққан ортасының, заманының қалың шытырман қайшылықтары мен қараңғылығына қарамастан, Абай өз дәуірінің прогрессті ақыны екенін, қазақ халқының озық ойы екенін көрсетіп кетті. Абай заманындағы қазақ халқының алдында тұрған тарихи сұрау – болашағының кіммен бірге екендігі еді. Абай соған тура жауап беріп, «орыс халқымен бірге!» деді. Қазақ халқының ол кезеңі түгіл, бүгінгі күні тағдырын алдын ала шешетін негізгі сұрау да, жауап та осы еді. Абай осы әділ жауапты берді. Орыстың революцияшыл-демократтарының Абай жүрегіне терең орнаған ойы оның осы жауабында деуіміз керек. Дала өмірінің мешеу ескілікке қамалып ұзақ қаңтарылып қалған кезінде Абай берген жалғыз жауап ел алдындағы тас кедергіні жұллып тастағанмен бірдей еді. Бұл – ең алдымен, даланың кертартпа феодалдарына қарсы, ғасырлар бойындағы әдеттерге қарсы ашық айтылған бұқара тілегі, ел тілегі. Осы жауабында біржола бекінген Абайдың ақындық тізгіні де шешіліп кеткендей. Қырық жасына дейін ақындығына жете мән бермей келген Абайдың барлық мұрасы соңғы жиырма жылдық өмірінде жасалған. «Басқа шауып, төске өрлеп, қарасөзге дес бермей жүріп» қырыққа келіп қалған Абай енді поэзияға шұғыл бет бұрады. Бұдан өлеңнің әлеуметтік мәнін Абай Чернышевский шәкірттері арқылы терең ұғынды деген жорамал жасауға болады, екінші, «орыс халқымен бірге!» деген өз жауабы ақынның өзіне де жаңа серпін береді, бойын сергітеді. Ақындығы ерте танылған Абайдың қағаз бен қаламға кеш, бірақ, біржола мойын бұруы бунап жүрген көп сұраулардың негізгі жауабын тапқанына байланысты болуға тиісті. Қырықтан асқан Абайдың «жігіт ағасы», «ел ағасы», деген сияқты ел ішінде, әсіресе ел ортасында қатты қадырленетін беделі тіпті күшейген кезі болуы керек. Бірақ, Абай соның бәрін құрмалдық етіп, ақындығын табады. Бұл – әрине, прогрессті үлкен ойдың әсері, ақын шабытына нәрлі де жаңа қорек табылғаны. Қолын кеш сермегендігіне өкінішпен бастаған Абай бізге қалдырған қымбат мұрасын жазба әдебиеттің жаңа кезеңіне сай үлгімен жасағанын көреміз. Бұл күнге дейінгі зерттеулерге ққарағанда, Абайдың өз еңбектерінің ден салмағы соңғы 20 жылына (1884-1903 жылдар) түссе, Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларын аударған кезеңі де осы. Бұдан екі қорытында жасауға болады: 1) Абайдың өз шығармалары мен аударушылық еңбегі қатар жүріп отырған; 2) Абай творчествосындағы толып жатқан жаңа өлең түрлері Пушкин мен Лермонтов поэзиясын терең зерттеу нәтижесінен туған. Сондықтан да Абай жасаған жаңа түрлер әлі күнге ескірмей, бүгінгі поэзиямызға үлгі болып, кейде тіпті әлі меңгере алмаған үлгі болып қалып отыр. Абайдың жаңа түрлер табуын сөз қылғанда, бұл жалғыз түр мәселесі емес, мазмұн мен түрдің бірлігі, тұтастығы екенін естен шығармауымыз керек. Біздің көп зерттеушілеріміз мұны әлі күнге дейін ескермей келеді. Абай түрді түр үшін емес, айтайын деген ойын дәлірек, өтімді де ұтымды етіп айту үшін іздеген, жасаған да тапқан. Мысалы жазылуы төрт буын болса да, оқығанда түгел үш буын болып кететін: Несі өмір, Несі жұрт? Өңшең қырт, Бас қаңғырт! – біздің буынға бөлінетін силлабикалық өлеңдердей, бір сөзін бір сөзі лебімен бүркеп кетпейді, әр сөзін қаққан шегедей дәл оқытады. Болмаса: Бойы бұлғаң, Сөзі жылмаң, Кімді көрсем, мен сонан – Бетті бастым, Қатты састым, Тұра қаштым жалма-жан, - деген шумақты алайық. Жексұрын адамды суреттеуге түйреп айтылған төрт-ақ сөзден құралған бастапқы екі жолы жетіп жатса, безіп кетуіне берілген соңғы үш жолы қандай! Бір сөзін өзгертуге болмайтын, ауыстыруға болмайтын, ойыңды әрі көркем, әнін дәл беретін түр осындай болуы керек. Біздің кейбір ақындарымыз он бір буынды «қара өлеңді» кәрі әжесінің санды жіліктеріндей үшке бөліп, шашыратып шашып, жаңа түр орнына ұсынып жүр. Біра, өзгені қойып, Маяковскийдің аудармасын оқығанында да мұның бәрі оп-оңай жиналып, «қазақы» қара өлеі болып шыға келеді. Ақынның түйреп айтайын деген ойы төлеусіз қалады. Мүмкін Абай силлабо-тоникалық өлең түрін жасауды мақсат етіп қоймаған шығар. бірақ ол мазмұнға сай түр керектігін терең сезінген. Оны және ұлы Пушкин, Лермонтовтың реалистік поэзиясына сіілтеп кеткен жөні, оны тереңдету біздің бүгінгі ақындарымыздың парызы. Көңіл қоя қарасақ Абай поэзиясының күшті жағы мазмұнына сай түр іздеген шығармаларында. Абайдың: Ақыр заман жастары, Қосылмас ешбір бастары… – болмаса: Сыналар, ей жігіттер, келдің кезің… – деп басталатын өлеңдері, басқа біреу жазса түкке тұрмайды дей салатын нәрселер, ойға да қонбайды, есте де қалмайды. Ал мазмұнына түрі сай келген «Сегіз аяқ», «Ем таба алмай», «Айттым сәлем қаламқас» сияқты өлеңдерін жұрттың көбі жатқа біледі. Абайды құрметтейтін, өскен дәуірдің ақындары оның поэзиямызды жоғары сатыға көтеруге жәрдемі тиетін жаңа түрлерін дамытуға тырысуға міндетті. Өйткені ол жалғыз түр емес, үлкен мағынасындағы поэзия мәселесі, кең шеңберлі көлемді мәселе, ұлы орыс поэзиясының өскен жолы. Абайдың ең алғаш кездескен поэзиялық мектебі орта ғасырлық Шығыс еді: Физули, Шамси, Сайхали, Науаи, Са`ди,Фирдоуси, Мәдет, я шағири фәррияд! – деп, Абай солардан мәдет тілеп бастады. Бірақ, поэзияның жаңа замандағы әлеуметтік маңызын жете ұғынған ұлы ақын өзінен кейінгі қазақ поэзиясына Батысты, оның ішінде орыстың реалистік поэзиясын мектеп етуге жөн сілтеді. Өзі Шығыс мектебінен бастаған, Шығыстың барлық ұлы ақындарымен терең таныстығы бар Абайдың аяқтап келгенде орыстың реалистік әдебиетінің жөнін сілтеуі – терең мағынадағы прогрестік көзқарас. Мұның нәрлі де құнарлы бағыт екенін біз қазіргі қазақ совет әдебиетінің өркендеу тәжірибесінен де көріп отырмыз. Осы берік бағытын Абай өзінің әдебиеттік еңбегі мен қазақ халқының сезім-санасына, әсіресе, көркемдік сезімі бар ақын-әншілеріміздің сана-сезіміне өзгерместей-өшпестей етіп мықтап құйып кетті. Абай заманындағы қараңғы қазаққа Пушкин, Лермонтов шығармаларын жатсырмастай жатық етіп аударып беру – деген тарихи маңызы бар еңбек. Пушкин, Лермонтов жырларын Абай өлеңімен де, әндерімен де тұрақты да өмірлі етіп қазақ халқының сезім дүниесіне сіңіріп кетті. Сондықтан, осы күнге дейінгі қазақ тіліндегі Пушкин мен Лермонтовты еске алғанда, ең алдымен, Абай аудармасы тілге оралады. Таңғажайып бұл қалай хат, Мағнасы алыс, өзі жас? Сөзі орамды, әр түрі жат, Және әдепті, және рас… – деп, бас қосылған жерде біреуіміз бастасақ, енді біреу: Бұл кінә емес, әншейін наз, Сағынамын айтамын, Досың-ақпын, тағдыр араз, Толғанамын қайтемін… – деп созып әкетеді. Абай аудармаларының еркіндігі, дәл еместігі, кейде қосып, кейде жонып отыратындығы мәлім нәрсе. Бірақ, принципінде бұл бір тілдегі шығарманы екінші тілде қайта жасау жолында (воссоздание) жақындайды да біздің заманда өсіріп-өркендетуді тілейді. Абай аударып отырған шығарманың рухын, поэзиялық көркемдігін аққыл мен сезімге дәл тиетін етіп шығарады.

Абай жасаушы да өзі, сыншы да өзі болған ақын. Оның айналасында көркем сөзге бейім адамдар болғанымен бұрын болмаған жаңа поэзияға жәрдем етер бірі жоқ. «Аттың сыны», «Жаздыкүн шілде болғанда» сияқты өлеңдеріне пікір айта алса да, терең сезім, жаңа теңеу, жаңа түр, ой жағынан оларға сүйене де, сене де алмайтын еді. Абайдың ұстазы да, мектебі де – ХІХ ғасырдағы орыс халқының озық поэзиясы, әсіресе, Пушкин мен Лермонтов. Абайдан кейінгі елу жылдың ішінде қазақ халқының жазба әдебиеті ХІХ ғасырда арман ете алмайтын биікке көтерілді, Абайға қоя алмайтын сындарды көтеретін үлкен әдебиетке айналды. Оның аты – қазақ кеңес әдебиеті, ол – советтік ұлы дәуіріміздің жемісі, өскен ойдан туған, өзінің әлеуметтік асыл құрал екенін таныған әдебиет. Біздің осы табыстарымызда қазақ халқының барлық болашағын ұлы орыс халқымен біріктіруге өшпейтін еңбек еткен ұлы ақынымыз Абайдың да үлкен еншісі бар. Оның тарихтан алар орны да осында, ол қазақ халқын ұлы орыс халқымен достастыруға сіңірген еңбегі арқылы, барлық рухани өрімізге жөн сілтеді. 

 

 

ҚОРЫТЫНДЫ

 

 Абай армандары — тек бір  ғана ұлт ұстанатын мұраттар  емес, күллі адамзат ұстанатын мұраттар. Қазақ топырағында оның орайын келтіруге мүмкіндік енді туып отыр. Мына сіздер мен біздерге үлес боп тиіп отыр. Өйткені, біз осы далада өмір сүрген ұрпақтардың ішінде әлгіндей мүмкіндікке қол жеткізіп отырған ең алғашқы және бірден-бір ұрпақпыз. Сондықтан ұлы ойшыл-демократ, ұлы рухани реформатор Абайға ең жакын, ең етене ұрпақ та тек бізбіз. Мұндай жақындық, мұндай етенелік бізге, тарих алдында үлкен жауапкершілік жүктейді. Асыл ұстаз өсиет еткен абзал мұраттардың тек қиял боп қалмай, нақты шындыққа, нақты әлеуметтік болмысқа айналар-айналмасы, мына біздерге байланысты.

Оның шығармаларындағы шынайы гуманизм, адам мүддесіне деген айырықша ынта, айырықша қамқорлық өмірдің көзіне жалтармай қарайтын шыншылдық, енжарлықты, шалағайлықты қиянатты, сұғанақтықты жегідей жек көретін рухани максимализм біздің бугінгі жүзеге асырмақ бастамаларымыздың да басты сипатына, басты мазмұнына айналуға тиісті. Абайдың айтуынша, адамның бақытты болуы үшін, оның ынтасы мен сол ынтаның мақсатына жетуіне былайғы жұрттың ықыласы керек. «Достықты достық шақырады»,— дейтіні де тегіннен тегін емес. Сондықтан да, ол ұлттық бүтіндік, ішкі татулық, уыздай ұйыған ынтымақты көп аңсады. Ал халық дегеніне жету үшін оған да өзін қоршаған ортамен дәл сондай ынтымақ пен ықпалдастық керек. Бұл біздің таңда тағдырымызды шешетін ең басты тарихи факторлардың бірі.

Біз де бүгін ұлтішілік татуластыққа да, ұлтаралық татуластыққа да, әлемдегі барлық ел, барлық халықтармен ынтымаққа да, мәдениеттер арасындағы сабақтастыққа да Абайша қарап, Абайша қастерлеуге ерекше мән береміз.

Қорыта келсек, бүгін таңда бәріміз ұлықтап отырған ұлы ақылгөй осыдан бір жарым ғасыр бұрын өз тұсындағы өркениеттен атымен шетқақпай жатқан аймақта жүріп-ақ, тек бүгінгі өркениет кана қамтамасыз ете алар адамдар мен халықтардың бостандығы мен жарастығына негізделген, ізгілігі мен игілігі бірдей биік дамыған азат қоғамның қандай болмағы керек екендігін де дәл пайымдай алыпты. Ал бүгін сол асыл жүрек, абзал ақыл дұрыс сипаттаған кемелділік қоғамын ойдағыдай жүзеге асырып шыға қалатын моральдық мүмкіндік бізде бар. Ақын армандаған ғылым да, өнер де, кәсіп те, білім де баяғыдай таңсық емес. Халқымыз сауатты. Мамандарымыз білікті. Еліміз тату. Қоғамның үштен бірі — отызға толмаған жастар. Тек сауатқа сәйкес қабілет, білімге сәйкес сана, жастыққа лайық жалын жігер жасампаздық болса, Абайдың қолы түгілі аузын байлаған ізгі мақсаттарды іске асыруды уақыттың өзі талап етіп отыр. Абай жылын өткізген жақсы. Абай жырын жаттаған дұрыс. Ал оның терең ойы мен өжет пікірі тек айта жүрер әңгіме болмай, күнбе-күнгі тірлігімізге бір кірпіш боп қаланып жататын нақты іске айналса, тіптен құба-құп. 
 
Ол үйреткен тағлым мен ол көксеген мұраттарды шын қастерлей білгеніміздің Әділет пен Абзалдық ұстазы алдындағы перзенттік қарызымызды терең түсініп, өтей алғандығымыздың бірден бір белгісі де осы болып табылады. Бүгінгі елімізде жасалып жатқан ұлы істердің нәтижелі болуына ең қажетті нәрсе — Сенім. Елге деген сатқындық ең алдымен оның болашағына сенбеуден басталады. Ал ұлы Абайдың, уайымшыл Абайдың болашаққа деген сенімін әсте жоғалтпағанын мына бір сөздерінен көруге болады: «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек — қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседен баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді».— дейді ұлы ақын.

Айтқаның келсін, жан баба! Ел басына түскен бүгінгі қиын-қыстау кезеңнің баянсыздығына, халқымыздың көңілін шаттыққа бөлейтін келісімге, жарастыққа толы рыздықты, молшылықты күндердің сарғайтпай ертең-ақ келетініне менің де сенімім мол.

Абайды бізбен мәңгілік бір қылатын да осындай ұғым, осындай сенім.

Ендеше, Абай өнегесі әрдайым көз алдымызда болғай! Қай ісіміз де Абай армандаған биіктен көріне білгей! 
Рақмет!


Абай – қазақтың бас ақыны