Абай Құнанбаев. 10
АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ (1845-1904)
Балалық және жастық шағы
Қазақ халқының ұлы ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбаев қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы Шыңғыс тауының баурайындағы Қасқабұлақ деген жерде туған. Шыққан ортасы — ауқатты, тобықты руының белгілі ел билеушілері боллған. Әкесі Құнанбай кезінде болыс, аға сұлтандық қызметтер атқарған. Ал атасы Өскенбай, арғы атасы Ырғызбай — өз заманының атақты билері.
Құнанбайдан — Құдайберді, Төңірберді (Төкежан), Абай, Ысқақ, Оспан, Қалиолла (жас кезінде өлген), Ысмағұл деген жеті бала туған. Солардың ішінде Абай жас кезінен-ақ ерекше көзге түсіп, келешегінен үлкен үміт күттірген. Сырт көзге момын және сөзге иланғыш, аңқау Абай жас кезінен өлең, әңгімеге әуес болады, ертегі-аңыздарды кұмарта тыңдайды. Әжесі Зере мен анасы Ұлжанның аузынан естіген ерітегі-аңыздар — Абай сусындаған халық әдебиетінің алғашқы үлгілері.
Кішірек кезінде ауыл молдасынан аздап сауат ашқан Абайды әкесі он жасында Семейге оқуға жібереді. Әуелі ол Ғабдул-Жапардың, кейін Ахмет-Ризаның медресесінде оқиды. Болашақ ақын өзімен сабақтас шәкірттерден анағұрлым үздік . Мектепте жүргізілетін дін сабағын жеңіл меңгеріп, , парсы тілдерін үйренеді, бос уакытын кітап оқуға, өз бетімен ізденуге жұмсайды. Шығыстың классик ақындары Низами, Сағди, Хафиз, Физули шығармаларымен, ертегі, , қиссалармен Абай осы кезде танысқан.
Балалық шағындағы өлең жазамын деген талабын:
Физули, Шәмси, Сайхали,
Науаи, Сағди, Фирдоуси,
Хожа Хафиз — бу һаммәси,
Мәдәт бер я шағири фәрияд! -
Шығыс ақындарына сиынудан бастауы да Абайдың оларға деген сол кездегі ынтасын байқатады. Медреседегі уағыздармен шектеліп қалмай, араб, парсы, түркі
тілдерін игеру арқылы шығыс классиктерін оқып-үйренуге жетуі — Абайдың аса зор табысы.
Медресенің соңғы жылында Абай, мұсылманша оқумен қатар, Семейдегі "Приходская школаға" түсіп, үш айдай орысша да оқыған. Бұл — Абайдың кейін орысшаны өз бетімен үйреніп, игеріп кетуіне негіз болған.
Он үш жасында Абайды әкесі Құнанбай оқудан шығарып, өз қасына алады да, ел билеу ісіне баули бастайды. Ел басқару кызметінде өз орнымды басар ұлым осы ғой деген үмітпен, Абайға әр түрлі жол көрсетіп, тәрбиелейді.
Ел ісіне араласу — білімді, саналы, ойлы жас Абайдың ел танып, жер танып есеюіне, халықтың әдет-ғүрып, тұрмыс-салтын терең танып-білуіне жол ашады. Әкесіне ере жүріп, ол сол кездегі шешен-билердің ортасына түседі. Солардан сөз үйреніп, билікке керек қазақтың ескі сөз, жөн-жобасын, мақалдап, тақпақтап айту үлгілерін зерттейді. Бұл жол Абайды халықпен жақындастырады. Ол ескі әңгімелерді халық ішінен үйренеді. Сол әңгіме-жырлардағы елдің зарын, мұңын, әкімдер қиянатынан көрген зәбірді, ел ақындарының атқамінерлер жайындағы сынын көп естиді. Сөйтіп, бір жағынан, Шығыс, орыс мәдениетінен хабары бар Абай ел тарихымен таныса келе, ақыл-ойы толысып, көзге түсе бастайды. Балалықпен ерте қоштасып, ел ісіне араласқан ол елдің тұрмыс-тіршілігін, атқамінер әкімдердің қиянаттарын, шаруасы шайқалып жүдеген кедей шаруаларды, барымта-бақталастықты, содан туған лаң-пәлелерді көреді. Өздері надан, ел тағдырын ойламайтын басшыларға сынай карайтын болады. Мұның бәрі Абайға әке жолын ұстаудың жетімсіздігін, халыққа жақын басқа жол іздеу қажеттігін аңғартады.
Осыдан бастап Абайдың әкесі Құнанбаймен, оның маңындағы қошеметшіл топпен ісі мен сөзі бір жерден шыға бермеген. Бірде Құнанбай ез баласының халықшыл мінездерін ұнатпай оған: "Сен жұрттың бәрімен күліп сөйлесесің, жайдақ су сияқтысың. Жайдақ суды ит те, құс та жалайды, кісіге қадірің болмайды. Көрінгенмен жақын боласың, кісі танымайтын желбегей жүрген кісінің басына ел үйірілмейді", — деп мін тағады. Әкесіне жауап ретінде Абай: "Қолында құралы бар бірен-саранға ғана тиетін шыңыраудағы судан қойшы-қолаң, жарлы-жақыбайдың бәріне бірдей пайдасы тиетін жайдақ су артық деп білемін", — депті.
Бүл жағдайлар — халықтың өмір сүруі мен келешегіне түрліше көзқарасы қалыптаса бастаған Абайдың ел билеу қызметінен шеттей бастауына әкеледі. Ендігі жолды ол кітаптан, озық елдердің мәдениетінен іздейді.
"Ізденіс жолында"
Өнер-білім жолындағы ізденісін Абай өз бетімен үйрену арқылы дамытады, орысша кітаптарды көп оқиды. Семей кітапханасынан кейде өзі барып, кейде арнайы кісі жіберіп, кітаптар алдырады. Қысқы айларда қалада ұзақ жатып, кітапханада отырып, түрлі тақырыптағы кітаптарды оқитын болады. Сөйтіп жүріп, ол 1870 жылы Петербургтен жер аударылып келген жас төңкерісшіл Е.П. Михаэлиспен кездеседі. Кітапханада Л.Толстой кітабын сұрап тұрған қазақты көріп таңырқаған Михаэлис оған таяп келіп, жөн сұрайды. Осылайша басталған екеуінің таныстығы кейін үлкен достыққа айналады.
Михаэлис Петербург университетінің студенті болып жүріп патша үкіметіне жақпайтын сөз-әрекеттері үшін осында жер аударылған. Ол Н.Г.Чернышевскийдің жолын қуған және онымен жақын таныс болған. Соның көмегімен Абай ендігі жерде керек кітаптарды іріктеп, жүйе-жүйемен оқитын болады. Ол орыс, батыс әдебиеттерін, философиялық, қоғамдық дамудың мәселелерін қарастырады, осыдан барып Абай: "Дүниеге көзімді ашқан — Михаэлис", — деген. 1880 жылдарда Михаэлис арқылы ол Долгополов, Леонтьев сияқты айдауда жүрген демократтармен танысады. Бұл жылдары Абай орыс әдебиетінің классиктері Пушкин, Лермонтов, Салтыков-Щедрин, Некрасов, Толстой шығармаларын және Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбов сияқты революцияшыл-демократтардың еңбектерін оқиды. Еуропаның бірталай ақындары мен ғалымдарының, ежелгі заман даналарының туындыларымен танысады. Олардың ішінде Сократ, Платон, Аристотель, Байрон, Гете, А.Дюма, Спенсер, Льюис, Дарвин, Дрепер тағы басқалардың шығармалары кездеседі. Сол арқылы Абай әдеби білімін, дүниетанымын кеңейте түседі.
Ақынның халқын ғылым, өнер жолына үндеуі мен демократтық көзқарасты қабылдауы, өмір шындығын терең танып, қоғамдық қайшылықтарды өткір сатира тілімен аяусыз шенеуінің бір тамыры осы мұраларда жатыр. Олар Абай бойындағы ақындық талантты оятты, оның жетіліп, дамуына жәрдемдесті. Оған дейін ойын-сауықтарда өзіл-қалжың ретінде шағын шумақтарды суырыпсалып айтқаны болмаса, ол ақын болуды мақсат етпеген. Оның өлеңдерінің жүйелі, ақындық үлгіде жазылуы 1882 жылдан басталады. Бұл жылы жазылған "Қан сонарда бүркітші шығады аңға" және Лермонтовтан аударған "Бородино" өлеңдері -Абайдың ақындығын өзіне де, өзгелерге де мойындатқан шын мәніндегі көркем туындылар. Мұның алғашқысында ақын қазақтың аңшылық өнерінің суретін нанымды әрі көркем етіп көз алдыңа келтіре жырлаған. Лермонтовтың "Бородино" атты өлеңін қазақшаға дәл, түпнұсқаға жақын етіп аударуға тырысқан. Бірақ өлеңнің тек алғашқы шумақтары ғана сақталған.
80-жылдардың орта кезінен бастап, Абай ақындық жолға біржола бет бұрады. Бұл кездегі оның өлеңдерінің қай-қайсысы болсын — толысқан ой-сананың жемісі. Бұған дейін арагідік жазған өлеңін өз замандасы Көкпай атынан таратып жүрген Абай 1886 жылдан бастап өз атына көшірген. Бұл жағдайды Көкпай ақын былай деп еске түсіреді:
"1880 жылдан бастап, 1886 жылға шейін Абай әрбір өлеңді жазып жүрді. Бірақ бұл уақыттағы сөздерінің барлығын "Көкпай сездері" деп жүргізді. Кейін Омбыда "Дала уалаяты" мен "Серке" газеті шықканда, бірер өлеңін тағы да менің атымнан жіберді. Осы хал 1886 жылға шейін келді де, сол жылдың жазында ел жайлауға шықты. Абай аулынын ең өрістеп барып орнықпақ болған жайлауы Бақанас өзенінің бойы еді.
Көш жүріп кетті. Біз Абаймен бірге бірнеше кісі болып, артынан келдік. Осы жылы Абай аулында доктор Долгополов та қонақ еді. Ауыл Бақанастың бойындағы Көпбейіт деген жерге қонып жатыр екен.
Абай қонып жатқан ауылды көріп: "Осы суретті өлең қыл", — деді. Мен біраз өлең қылып едім, жақтырмады да, өзі жазбақшы болды. Сонымен үй тігіліп болып, бәріміз жайланған соң, Абайға келіп едім: "Өлең Көкшенің бойынан асайын деді ғой",—деді. Мен: "Асса, басында мен қолқалап алған нәрсе емес еді, енді өзіңіз ретін тауып, қайтып аларсыз",—деп қалжыңдадым. Сөйтсем, сол күні "Жаздыкүн шілде болғанданы" жазған екен, оқып берді. Өзі жазған сөзіне ең алғашқы рет, аз да болса, қанағат қылғанын көргенім сол. Менің қалжыңыма орай қылып: "Сен соғымыңа бір ту бие ал, мен енді өлеңімді өзім алайын", — деді.
Осы жылдардан бастап Абай өлеңді үзбей жазуға тырысқан. Бірақ ел арасындағы шиеленіскен тартыстар оның әдебиетпен бірыңғай шұғылдануына мүмкіндік бере бермеген.
"Дүние де өзі, мал да өзі"
1995 жылы жарық көрген
"Абай" эяциклопедиясының
мұқабасы
Абайдың ақындық жолға бет бұрғандағы алғашқы сөзі мәдениет пен білімнің маңызын насихаттауға арналады. Оның 1885 жылы жазған "Жасымда ғылым бар деп ескермедім" өлеңі бұл тақырыптағы тұңғыш шығармасы болумен қатар, ақынның сөз өнері жолындағы жаңа ізденісін де танытады. Абай мұнда, ең алдымен, жаңа үлгідегі ақынға керек ғылым жайын сөз етеді. Ғылым-білімді кезінде зерттей алмағанына өкініш білдіреді. Өз қателігін балаларын оқытумен түзеуге бет алғанын айтады.
Сонымен қатар ол "Қызмет қылсын, шен алсын" деген халық мүддесіне жат тәрбие жайын мінеп, сынайды.
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім.
Бұл — өткенге кұр өкіну емес, келешекте жастардың өзі тәрізді опық жеп қалмай, білім мен өнер қуатын шағын бос өткізбей еңбектенуіне жөн сілтеу. Шығарма Абай ақындығының халықтық, ағартушылық мақсатқа қарай бет алғандығының белгісі тәрізді. Кейінгі туындыларында ақын бұл идеяны тереңдете түседі.
1886 жылы Абай "Ғылым таппай мақтанба", "Интернатта оқып жүр" деген өлеңдер жазды. Мұның алғашқысы ұстаз ақынның кейінгі ұрпаққа айтар өсиеті түрінде жазылған. Бүкіл өлең бойына Абай "ғылым" деген сөзді қайталап айта отырып, адам бойындағы қазынаның үлкені және әрбір жігерлі жастың талпынатын арманы — ғалым болуы керектігін түсіндіреді.
Ғылым таппай мақтанба!
Орын таппай баптанба!
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге, —
дейді ол. Сөйтіп, ғылымға берілудің, ғалым болудың жолдарын әңгімелейді.
Ғалым болмай немене,
Балалықты қисаңыз.
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
"Ондай болмақ қайда?" деп,
Айтпа, ғылым сүйсеңіз!
Сізге ғылым кім бірер,
Жанбай жатып сөнсеңіз.
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз, — дейді.
Ғылым жолы — әділдік жолы. Оны ұстаған адам ескі жолмен жүре алмайды.
Надандарға бой берме,
Шын сөзбенен өлсеңіз.
Немесе:
Надандықпен кім айтса,
Ондай түпсіз сөзге ерме, —
дегенде, ол ғылым үйренетін жастың қараңғы, надан қауымнан өзгеше болуын қалайды.
"Интернатта оқып жүр" өлеңінде Абай әлгі ойларына тың пікірлер қосады. Мұнда, сыншылдық басым. Ақын патшалық ел билеу жүйесіне, оқыту тәртібіне сын айтады. Халыққа пайдалы емес, залалды болып шығатын әкімдер мен шалағай төрелердің оқудағы мақсатын көрсетеді.
Орыс тілі, жазуы
Білсем деген таласы
Прошение жазуға
Тырысар, келсе шамасы.
Ынсапсызға не керек,
Істің ақ пен қарасы.
Нан таппаймыз демейді,
Бүлінсе елдің арасы,
...Аз білгенін көпсінсе,
Көп қазаққа епсінсе,
Кімге тиер панасы?
Ақын мұндай мақсатпен ғылым қууды қуаттамайды. Олардың "Иә тілмаш, иә адвокат" болу ниетіне Салтыков пен Толстойды әдейі қарсы қояды. Толстой мен Салтыков-Щедрин сынап, масқаралаған орыс шенеуніктерінің бейнесін олардың есіне салады.
Тіл мен теңеу, түр жағынан алғанда да, "Интернатта оқып жүр" өлеңі — жаңалығы бар шығарма. Осы өлеңде Абай "интернат", "военный қызмет", "прошение", "адвокат", "здравомыслящий", "коренной", "счет", т.б. орыс сөздерін қолданады. Оларды ұйқастыра отырьш, еркін пайдаланады және оларды ақын орыс мәдениетін үгіттейтін өлеңге әдейі кіргізген.
Озық мәдениет пен ғылымды, білімді игерген жаңа адамның бейнесін ақын кейін өз ұлы Әбдірахман (Әбіш) өліміне байланысты жазған өлеңдерінде жасайды. "Ғылым оқып білгенше, тыныштық, тыным таппаған, дүниені кезіп көргенше, рақат іздеп жатпаған" Әбдірахманды ол "жаңа жылдың басы" санайды. Оның бойындағы бауырмалдықты, адалдықты, қарапайым мінезді басқа жастарға үлгі етеді. Оның "аз өмірін ұзартқан" ғылым деп ұғады ("Көргені мен білгені жүзге келген шалдан көп").
"Қалың елім, қазағым"
Бұл кезде жазған өлеңдерінде Абай озық мәдениетті насихаттаумен қатар, әлеуметтік, азаматтық санасы өскен халықтың үлкен қайраткері дәрежесінде көрінеді. Оның өлеңдерінен еңбекші халық мүддесін қорғаған азаматтың үні естіледі. Өзі ел билеуші тап ортасынан шықса да, тарихи дамудың беталысы мен қоғамдық шындықты түсінген ол еңбекші шаруаға шындап бет бұрғанын байқатады. Оларды "елім", "жұртым", "халқым" деп, дос тұта сөйлейді. Осы бетбұрыста Абай сол халықты жүдетіп, шаршатып отырған ұнамсыз әрекет-мінездерді, олардың ішкі сырын үлкен шеберлікпен ашатын психолог ақын ретінде танылады. Заманы мен өзі өмір сүріп отырған ортаның кемшілік-қайшылықтарын өткір және әділ мінеп-сынайды.
Бұл сарын, әсіресе, Абайдың "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым" деп аталатын өлеңінде анық байқалады. Мұнда өз халқының басындағы қайғы-мұңды көріп дерттеніп, "Қалың елі — қазағының" қазіргі халіне қинала сөйлеген ақын бар. Ел ұйтқысын бұзған, оның берекесін кетірген әкімсымақтарға деген оның ызасы да мол.
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?—
деп, ол ел ішіндегі адамгершілік жағынан да, мінез-құлық жағынан да татымсыз топты бөліп көрсетеді.
Абайдың алғашқы сыншылдық өлеңдері XIX ғасырдағы орыс реализмінің сыншыл сарынын үлгі тұтқанын, сол жолдағы ізденісін, беталысын байқатады.
Татулық пен тұрақтылық
Халқының келешегін ойлап егілген, сол үшін ұнамсыздықты аямай сынау арқылы түзетуді ойлаған Абайдың жас ұрпаққа айтар ақылы да, уағызы да аз болмаған. Соның бірі — достық мәселесі. "Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат" өлеңінде ол тіршілікте өзі көрген, халық тәжірибесі танытқан шындықты айта отырып, жастарды шын адамгершілік жолына, қиянатсыз, адал достыққа үгіттейді. Оларды жалған татулық, бояма мінезден сақтандырады.
Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,
Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз.
Күншіліксіз тату бол шын көңілмен,
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз.
Бір жерде бірге жүрсең, басың қосып,
Біріңнің-бірің сөйле сөзің тосып.
Біріңді-бірің ғиззат, кұрмет етіс,
Түрғандай бейне қорқып, жаның шошып.
Абай үлкен достықты отбасылық өмірден, жастар сезімінің түрақтылығынан, әйелге адамгершілік, әділет тұрғысынан қараудан іздеді. Ол жастардың адал махаббаты мен шын достығын уағыздады. Ескі әдет-ғұрып заңдары бойынша өзі бастан кешкен өмір сабағына сүйене отырып, ол шынайы достық сезімді жоғары қояды. Жас ұрпақты ескі тәрбиенің кертартпа жағынан жирендіріп, жаңа өнеге ұсынады. Бұл түрғыда оның "Өкінішті көп өмір кеткен өтіп", "Кейде есер көңіл кұрғырың" деген өлеңдерін еске алу орынды. Бұл өлеңдердің лирикалық кейіпкері — шын достық пен махаббатын таппай күйзелген жан. Ол "сол досты" іздеп күңіренеді, жоқтайды.
Махаббатсыз дүние бос,
Хайуанға оны қосыңдар.
Пайда, мақтан — бәрі тұл,
Доссыз ауыз тұшымас, —
деген өлең жолдары—мазмұны жағынан ақынның ой түйіні, өсиеті іспетті. Бұл өлеңдер жас ұрпақты ақын аңсаған достыққа, махаббатқа үгіттейді.
"Өлең — сөздің патшасы"
XIX ғасырдағы орыс әдебиетін, оның халықтық негізін терең зерттеу Абайды ақьн мен ақындықтың мұрат-мақсаты жайлы жаңа көзқарасқа алып келді. Ең алдымен, Абай сөз өнерін үлкен қоғамдық күш, әлеуметтік тартыстың кұралы деп таныды. "Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы" атгы өлең — бұл тұрғыдан ақын бағдарламасы тәрізді. Онда Абай өлеңге қойылатын көркемдіктің жаңа шарттарын белгілейді.
Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.
Бұл — жақсы өлеңді даналықтың айғағы деп ұғу. Мұның ар жағында өлеңнің түрі мен мазмұнының бірлігін талап ету ("Іші алтын, сырты күміс" болуы), оны "бөтен сөзбен былғамау" талаптары қойылады.
Көркем сөздің асылы — поэзия деп жоғары бағалай отырып, бір кез Абай қазақ ортасында оның қадірін кетіріп жүрген ақындарды сынауға ауысады.
Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,
Мақалдап айтады екен, сөз қосарлап.
Ақындары ақылсыз, надан келіп,
Көр-жерді өлең қыпты, жоқтан қармап.
Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,
Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.
Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,
Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап.
Бұл сын, негізінен, өлең сөзді әлеуметтік шындықты суреттеуге емес, күнкөріс қамына жұмсаушылар мен "көр-жерді өлең" қылушыларға арналады. Сол арқылы ақын қазақ арасында өлең сөздің "қадірсіз" көрінген себебін ашады. Сөйтіп, өз поэзиясында жаңа мақсат барын жариялайды.
Ескі бише отырман бос мақалдап,
Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап.
Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел,
Сендерге де келейін енді аяңдап, —
дейді ол. Бұл шумақтың соңғы жолдары ақынның өлең сөздің мазмұнын өзгертумен байланысты, тыңдаушыларды да тәрбиелеу қажеттігіне назар аударғанын байқатады. Оларды халық тағдырын жырлайтын жаңа үлгідегі поэзияны түсіне білуге, бағалауға шақырады.
Батырды айтсам, ел шауып алған талап,
Қызды айтсам, қызықты айтсам, қыздырмалап.
Әншейін күн өткізбек әңгіме үшін,
Тыңдар едің бір сөзін мыңға балап, —
деп, ескі ақындар жырын тыңдауға үйреніп қалған ұғымды
сынап алатыны да бар.
Қоғам мен адам өміріндегі поэзияның орны және қызметі
жайындағы ойын Абай "Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол"
(1888) атты өленінде тереңдете түседі.
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойласаңшы бос қақпай, елең-селең.
Бұл ойын ақын бала туғандағы шілдехана, қыз ұзатқандағы тойбастар өлеңдері, адам өлгенде айтылатын жоқтаулармен дәлелдей келіп, өмірде өнермен байланыссыз еш нәрсе жок екенін көрсетеді. Абайдың бұл пікірі "алғашқы қоғамнан бері қарай өнер адам баласының күнкөріс қарекетімен қатар жүргізілген рухани құралы болды" деген ғылыми көзқарасқа дәл келеді.
Осы негізде ақын өз әріптестеріне жаңа талап қойып, олардың ел мұңына жақын болуын қалайды. Халық алдында өзінің де күлкі болмауын, сөздің де қадірін кетірмеуін тілейді.
Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан,
Нең кетеді жақсы өлең сөз айтқаннан?
Сүйінерлік адамды сүй, қызмет қыл,
Аулақ бол әнін сатып нәрсе алғаннан, -дейді.
Өлеңнің ермек емес, өнер екенін ол ылғи баса айтады. Өз өнерін халық мүддесіне жұмсауды мақсат етеді. Оны мына шумақтан да байқаймыз.
Мақсатым — тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көзін қойып, кеңілін ашпақ.
Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,
Думан-сауық ойда жоқ, әуел баста-ақ.
Ақын мен ақындық міндет туралы ойланғанда, Абайдың осы мәселені тереңдете қарастыру, ел құлағына сіңіре беру үшін қайта бір оралғанын "Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін" (1889) атты өлеңінен көреміз.
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі — сезімді, тілі — орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін!
Өзінің ақындық мақсатын осылай көрсете отырып, Абай бұл өлеңде шығарманың мазмұнына қатысы жоқ сөзуарлықты, ескі қиссаларда, соған еліктеп қисса жазатын ақындарда кездесетін "әсіре қызыл" теңеу, жалған қызықшылықты суреттеуді сынап өтеді.
Өлеңі бар, өнерлі інім, сізге
Жалынамын — мұндай сөз айтпа бізге.
Өзге түгіл өзіңе пайдасы жоқ,
Есіл өнер қор болып кетер түзге, —
деген сездермен ол жас буын ақындарға тағы да тілек артады.
Үш жылдың (1887,1888,1889) ішінде біріне-бірі жалғас жазылған бұл үш өлеңде Абай ақынның қоғам алдындағы қызметі мен сөз өнерінің күші жайындағы ойын тереңдетіп, толықтыра түсті. Бұл ой, түптен келгенде, әдебиеттің халықтығы туралы орыстың революцияшыл-демократ-тарының эстетикалық көзқарасымен үндеседі. Белинский мен Чернышевскийдің әдебиетті өмірге жақындату, сол арқылы қоғамдық дамудың өзекті мәселелерін батыл көтеру жайлы ойлары Абайға күшті әсер еткен. Осы идеяға сүйене отырып, ақын қазақ ортасындағы өлең сөздің маңызын көтеруге күш салады. Жаңа сөзге лайық жаңа оқушы, тыңдаушы тәрбиелемек болады. Бұл — Абайдың қазақ әдебиетіне әкелген үлкен жаңалығы.
Табиғат лирикасы
Абайдың дүниежүзілік озық поэзиядан алған тағы бір үлгісі—табиғат лирикасы. Табиғат — адам баласының еңбек етіп, өмір сүретін ортасы. Оны әлемнің классик ақындарының бәрі де жырлаған. Дәуірі мен ортасына, өзінің жеке басының көңіл күйіне байланысты әр ақын оны өзінше
жырлаған. Оның жылдың төрт мезгілі жайлы өлеңдері 1886—1890 жылдар аралығында, ақынның әлем поэзиясын тереңдеп оқып, үлгі тұтқан кезінде жазылған. Сондықтан да ақында әр өлең сайын өзінше іздену, табиғаттың өз суреттерін беруде, табиғат пен адамның, ортаның байланы-сын тануда жаңа үлгілер туады.
Абайдың бұл тақырыптағы тұңғыш өлеңі—"Жаз" (1886). Осы өлеңнің өзінде Абай — ақындық мәдениеті іріленген, шебер өнер иесі. Мұнда жазғы табиғаттың көркем көрінісі мен неше алуан қызықты құбылысы асқан шеберлікпен суреттеледі. Көрініс, құбылыстардың бейнелері жарқын. Көк орай шалғыны мен бәйшешегі толысқан жайлау мен әлі қонып үлгермеген ауылдың қарбалас тіршілігі қимыл-қозғалысымен түгелдей суретке түседі.
Жаздыкүн шілде болғанда, Ат, айғырлар, биелер,
Көкорай-шалғын, бәйшешек, Бүйірі шығып, ыңқылдап.
Ұзарып, өсіп толғанда; Суда тұрып шыбындап,
Күркіреп жатқан өзенге Құйрығымен шылпылдап,
Көшіп ауыл қонғанда; Арасында құлын, тай
Шұрқырап жатқан жылқының Айнала шауып, бұлтылдап.
Шалғыннан жоны қылтылдап,
Өлеңде әзілдесіп, күлісіп үй тігіп жатқан қыз-келіншек, ат үстінде мал аралаған ауыл иелері, шешесін жағалап, қыңқылдаған жас балалар, жылқы соңында салпылдаған жылқышылар мен су жағалап, құс салған бозбалаларға дейін алынып, толықтырып тұр. "Өлеңнің ішінде жанды тіршілік, қайнар қызу мол болғандықтан, — дейді Абай шығарма-шылығын көп зерттеген Мұхтар Әуезов, — түрі мен өлшеу ұйқастарында да аса жанды, қызулы жүрдектік бар... Тұтас бітімді, келісті келген өлеңнің аяғына шейін орайлас ұйқастар айнымай созылып отырады. Өлең тілінде үлкен байлықпен қатар тапқырлық, дәлшілдік мол".
Қыс табиғатын Абай бұдан өзгешелеу стильде суреттеген ("Қыс", 1888). Бұл — нағыз классикалық поэзия үлгісінен туды. Бірақ бұл әрекет табиғаттан гөрі, адамның — жанды тіршіліктің әрекетіне ұқсайды. Абай қысы Н. Некрасовтың "Аяз атасы" тәріздес.
Ақ киімді денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды,
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды.
Абайға дейінгі әдебиетте қысты жанды адам (шал) бейнесінде суреттеу әдеті болмаған. Бұл — Абай жаңалығы. Оның үстіне, ақын оны қазақтың бейжай, енжар жатқан даласына қорқынышты үрей әкелген қатал бейнеде алады. "Демалысы — үскірік, аяз бен қар, кәрі кұдаға" теңейді. Бұл жерде қазақтың байырғы ұғымы қолданылады. Мазасыз, сұрампаз, еселеп алып, тыным бермейтін кәрі құданың бейнесі арқылы қыстың да қайталап соғып, көшпелі елдің тіршілігін тарылта беретін жайын суреттейді. Өлеңде мал баққан қазақ даласының қысқы тіршілігі мен пейзажы шыншылдықпен шебер суреттеледі.
Абайдың табиғатты суреттеудегі жаңаша ізденісін, өсу-өрлеуін танытатын туындылары — бұдан кейінгі жазылған күзге арналған екі өлеңі — "Күз", "Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі-ай" (1889). Бұл өлеңдерде өмір мен табиғат шындығы жаңаша идеялық-көркемдік тұрғыда берілген. Алдыңғы екі өлеңде ақын назар аудармаған көшпелі елдің жүдеу тіршілігі, таптық, қоғамдық қайшылықтар соңғы өлеңдердің негізі мазмұнын құрайды. Көшпелі елдің күзгі тіршілігі мен табиғаттың жүдеу көрінісін:
Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай,
Жапырағынан айырылған ағаш, қурай,
— деп суреттеген ақын ізінше-ақ осындай ортадағы кедей үйдің тұрмысын көрсетуге ауысады. Күзгі суықтағы бай мен кедей үйлерінің тіршілігін бір-біріне қарсы қояды. Үлкен адамдар ғана емес, жас бала, кемпір-шалға дейін атап, осылардың өз ортасындағы күнкөрісі шындығын ашады.
Кедейдің өзі жүрер малды бағып,
Отыруға отын жоқ үзбей жағып.
Тоңған иін жылытып, тонын илеп,
Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып.
...Қар жауса да тоңбайды бай баласы,
Үйі жылы, киіз тұтқан айналасы.
Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,
Ағып жүріп ойнатар көздің жасы.
Бұл суреттер Абайдың қазақ ауылындағы таптық жікті айқын танып, оның сыртқы көрінісін ғана емес, ішкі сырын да түсіне бастағанын байқатады. Ол еңбекші елдің мұңына ортақтасады. "Байда мейір, жалшыда бейіл де жоқ, аңдыстырған екеуін кұдайым-ай",—деп ренжіп, байға: "Жас
бала, кемпір-шалын тентіретпей, бір қыс сақта, тас болма сен де о ғүрлы", — деген тілек айтады.
"Жазғытұры" (1890) өлеңінде де Абай бұл мезгілдің өзіне тән суреттерін жасайды. Мұнда табиғат әлеміне кірген жаңалықтың иесі — "ата-анадай елжіреген күннің көзі" көбірек айтылады. Ақын сезімі қыстан қысылып шыққан ел қуанышына ортақтасады.
Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Шаруа қуған жастардың мойны босап,
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.
Ақын қазақ даласындағы жазғытұрғы мезгілдің суреттерін толық бере отырып, оның ел тіршілігіндегі орнын жанға жайлы, енбекке қолайлы сипатын да атап өтеді. Мал семірер, ақ пенен ас көбейер, Адамзат көңілі өсіп, көтерілер.
Абай табиғатты жырлауға кейін де оралып отырған. Бұл тұрғыдағы сәтті іздетстерінің қатарына оның "Желсіз түнде жарық ай", "Көлеңке басын ұзартып" өлеңдері жатады. Бұларда ол табиғатты сырттай тамашаламай, өлең кейіпкерінің көңіл күйімен, ішкі сезімімен табыстыра, ұштастыра суреттейді. Әсіресе соңғы өлеңде кешкі табиғаттың сұрғылт суреті ақын көңілінің күңгірт бейнесімен шебер астасу, қиюласу табады.
Көлеңке басын ұзартып,
Алысты көзден жасырса,
Күнді уақыт қызартып,
Көк жиектен асырса,
Күңгірт көңілім сырласар,
Сүрғылт тартқан бейуаққа.
Төмен қарап мұңдасар,
Ой жіберіп өр жаққа.
Бұл жолдар табиғаттан алған әсерді ақынның жүрек сыры жайлы ойларымен толықтырады. Оның күңгірт сезімі алабұртып, мұңға тартып, оқырманды да ойландырады. Ол өз басының шарасыз күйін, іске аспаған ойларын адасқан күшікке теңейді ("Адасқан күшік секілді, ұлып жұртқа қайт-қан ой"). Айласыз, әлсіз күшіктің көшкен елдің жұртында қальш, ұлып-ұлып қайтқан бейнесін ол өз басының трагедиялық күйіне ұқсатады. Сөйтіп, жалғыздық тақырыбына үлкен әлеуметтік, философиялық мән-мағына береді.
Адам мен табиғаттың бірлігі тақырыбын әлем поэзиясынан ала отырып, Абай қазақ өмірімен байланысты кең дамытты. Бұдан: "Ақын неғұрлым даныпшан болса, соғұрлым табиғатпен терең араласып, оны құшағына тұтас қамтып алады. Сөйтіп, бізге табиғатты барынша байланыстыра көрсетеді" деген В. Белинский сөзінің шындығы көрінеді.
