Абылай хан және қазақ-қытай қарым-қатынасы
АБЫЛАЙ ХАН АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР ЖӘНЕ ӘЛЕМ ТІЛДЕРІ УНИВЕРИТЕТІ |
Реферат |
Тақырыбы: Абылай хан және қазақ-қытай қарым-қатынасы |
|
Орындаған: Жапбар Л.Ж
гр. 103, ФПИФ, переводчик-синхронист
Тексерген: Жанакова Н.Т
Жоспар:
- Абылай хан – ұлы мемлекет қайраткері.
- Өмірбаяны
- Абылай ханның қазақ-қытай қарым-қатынасындағы орны
- Қорытынды
- Пайдаланылған әдебиеттер
АБЫЛАЙ ХАН ЖӘНЕ ҚАЗАҚ-ҚЫТАЙ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ
Қазақ халқының сан ғасырлық тарихындағы айтулы тұлғаларды оймен шолып шығудың өзі қазіргі ұрпақтың көкірегіне мақтаныш сезімін ұялатады. Ел тарихында аты алтын әріппен жазылған сондай киелі есімдердің бірі ғана емес, бірегей Абылай екенін санасы оянған әрбір қазақ баласы білетіндей болды. Сонау XVIII ғасырда басынан бағы ұшып, мемлекет ретінде, тіпті этнос ретінде жер бетінде сақталып қалу-қалмауы тарих таразасына түскен, ұрпақ үшін, ел үшін, құтты мекен үшін қан төгіп, жан беріскен кезеңде қазақтың бағына суырылып шығып, қол бастаған Абылай сұлтанның зор азаматтық тұлғасы бізге әрқашан қымбат. Абылай хан (1711-1781) Қазақ Ордасының ханы, қазақ мемлекетінің тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері, арғы тегі Жошы хан, бергі бабалары қазақ ордасының негізін салған Әз-Жәнібек, одан соң еңсегей бойлы ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Абылай – Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Жәңгір ханның Уәлибақы, Тәуке деген екі ұлы болады. Жәңгір қайтыс болып, таққа Тәуке отырғанда Уәлибақы хандыққа өкпелеп, Үргенішті билеген нағашы атасы Қайып ханның қолына барады. Уәлибақының баласы Абылай жекпе-жекке шыққанда жауы шақ келмейтін батыр болып, қанішер Абылай атаныпты. Осы Абылайдан көркем Уәли туады. Оның баласы Әбілмансұр (кейін қазаққа хан болып Абылай атанған) «ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, үйсін Төле бидің қолына келеді. Аш-жалаңаштықтан жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап Төле би оған «Сабалақ» деп ат қойып, түйесін бақтырады. Әбілмәмбет төренің жылқысын да бағады. Бұл, Ш.Уәлихановтың айтуына сүйенсек, Абылайдың 13 жасар кезі болса керек.
Ұлы Абай оны Қазақ халқының қаһарманы» десе, Мағжан «Алаштың арыстаны – Абылай ері» деп жырға қосқан. Шын мәнінде Абылай көзі тірісінде аты аңызға айналған, қазақ елінің тәуелсіздігі үшін қырық жыл бойы аттан түспей күрескен ұлы тұлға. Төле бидің тәлім-тәрбиесінде болуы Абылайға зор ықпал жасады. Қазақ даласының даналығын бойына жинаған баба ақылы мен парасатын, ел билеу қабілетін, анталаған жауға қарсы қазақ халқы басы біріксе ғана тойтарыс бере алатынын жас баланың санасына ұялата білген. Оған қоса бала кезінен көрген жұпыны тіршілік, өмірлік тәжірибе Абылайдың ел өміріне ерте араласуына себепші болды. Бұқар, Үмбетей жыраулардың, т.б. ауыз әдебиетінің ірі өкілдерінің мәліметтеріне қарағанда, Абылай жиырма жасында қан майданда ерлігімен танылған. Бұқардың Абылайға «Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде Ақ сұңқар құстай түледің» деуі осының дәлелі. Қай жылы туса да, 1730-33 жылдар аралығында болған бір ұрыста бұрын белгісіз жас жігіт Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қоңтажы Қалдан Сереннің жақын туысы (кейбір деректерде күйеу баласы) Шарышты өлтіреді
Үлкен әкесінің аруағын шақырып, жауға Абылайлап ат қойған Әбілмансұр жеңісті ұрыстан соң, Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне айналады. Бұдан соңғы жерде Әбілмансұр есімі ұмытылып, Абылай атанады.
Абылайдың жиырма жасы қай жылға сәйкес келуіне байланысты, қай шайқасқа қатысқаны туралы болжам айтуға болады. Бұл, әрине, Абылай қатысқан алғашқы соғыс емес. Ел әңгімелері, тарихи жырлар Сабалақ әуелде Бөгенбай жасақтарының құрамында жорық-жортуылдарға қатысқанын айғақтайды. Аңырақай шайқасына қатыспады дегеннің өзінде де, Абылайдың 1730-33ж. Болған бір ірі шайқасқа қатысқаны дау тудырмайды. Тарихи деректерден Орта жүз жасақтары мен жоңғарлардың арасында 1730 жылы да, 1731 жылы да бірнеше үлкен ұрыстар болғаны белгілі. 1732 жылы жоңғарлардың 7 мыңнан астам әскері Орта жүздің шығыс шетіндегі ауылдарына шабуыл жасап, тегеурінді тойтарысқа тап болады. Абылайдың жиырма жасы 1733 жылға сәйкес келсе, дәл сол жылы қазақ пен қалмақ арасында үлкен майдан болғаны қытай деректерінде атап көрсетілген. Абылайдың әскери қайраткерлігі, қолбасылық қабілеті 30-40 жылдардағы шайқастарда ерекше көрінді. Осындай жан алысып жан беріскен соғыстардың бірін Бұқар жырау «Қалданменен ұрысып, Жеті күндей сүрісіп…» деп суреттейді. Ол соғысқа Абылайдың қанды көйлек жолдастары: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай т.б. қазақтың белгілі батырлары тізе қоса қатысады. Бұл да Абылайдың жауға қарсы қазақ халқының басын біріктіре білгендігінің дәлелі болып табылады. Бірте-бірте ұлыстағы бар өкім Әз-Тәуке ханның немересі Әбілмәмбет ханнан өтіп, Абылайдың қолына көшеді. Абылайдың ерлігі мен ақыл-парасатына бас ұрған Әбілмәмбет ақылшы аға болып қалып, кеңесші хан дәрежесімен шектеледі. XVIII ғасырдың 30-жылдарының аяғында Абылай есімі бізге белгілі құжаттарда Әбілмәмбет ханмен қатар аталады. Орыс тарихшысы А.И.Левшин: «1739 ж. Орта жүзде Сәмеке ханның орнына хан сайлаудан бұрын Әбілмәмбет пен Абылай екеуі бірдей хандық билік жүргізген»,- деп жазды. Ш.Уәлиханов та осы пікірді қолдайды.[1, 322б]
Өткен ғасырлардағы қазақ дипломаттары, саясаткерлері мен мемлекет қайраткерлері арасында Абылай хан дара даналығымен, алысты андағыштығымен, кемеңгер көсемдегімен ерекше көзге түседі деп білеміз. Абылай жөнінде белгілі тарихшы Алексей Левшин былай деп жазған «Өзінің қадір-қасиетін жақсы түсінген ол жұртты ақыл-айласымен, сабырлы-салмақтылығымен маңайына топтастыра білді. күшімен де сескендіре білген Абылай ыңғайына қарай біресе Ресей, біресе Қытайға бағыныштымын деп уәде беруге мәжбүр болғанымен, шын мәнінде ешкімге де бойұсынбаған, тәуелсіз басшы болды»[2,55б]. Иә, расында да осындай алып мемлекеттердің ортасында Абылай хан дипломатиялық шеберлікпен қазақ елінің бостандығын сақтай білді.
Абылай ханның Қытай империясымен байланыстары әсіресе осы орайдағы мәмілегерлік тактикалары мен саясаттары оқырмандарға әлі беймәлім. Қазіргі таңда бұл саланы жүйелі зерттеудің ғылыми-теориялық және практикалық маңызы айрықша. Сондықтан біз сол ғасырда жазылған Қытайдың орда құжаттарына сүйене отырып, Абылай ханның Қытаймен тікелей байланыс орнату динамикасын және оның қолданған мәмілегерлік саясаттарын зерттемекпіз. [3, 157 б].
1640 жылы Қытайда билік Маньчжурия әулетінің қолына көшті. Жауынгер маньчжурлар Қытайды басып алуымен ғана шектелген жоқ.Маньяжурлардың тұсында Қытай Шығыс Түркістан, Монғолия,Жоңғария аумағында белсенді саясат ұстанды. Мақсат осы аумақтарда империяға қосып алу еді, бұған XVIIIғасырда қол жеткізілді. Қазақ тарихи деректерінде маньчжурлар «шүршіт» деп аталады [4,45б].
Қытайдың Цин патшалығы Жоңғар хандығын жойысымен-ақ белсенді түрде Қазақ елімен байланыс жасауға шықты.Олар алғашында Абылайға хат жолдап өздерінің қазақтарға ұстанатын саясатын түсіндірген. Кейін олар Әмірсананың баскөтеруіне байланысты қазақтарды насихаттап өз жағына тарту және Абылай мен Әмірсананың байланысын анықтауға ойысты. Өйткені Абылай ханның Әмірсананы қолдау-қолдамауы Цин патша үшін өте маңызды мәселе болды. Сонымен Цин патшалығы өзінің Дань Жиң деген елшісін Абылай ханға жіберіп, бірқатар барлау жасады. Соған орай Абылай хан да Өмір батыр деген елшісін оларға қосып
[266] аттандырып, Іледегі Цинь патшалығының әскери жағдайынан ақпар берді. Бұл туралы патша ордасында хатталған деректе: « Абылай хан, сенің жіберген елші-пақырың Өмір батыр генерал Джао Хэй кездескен соң, сіздің ылтипатыңызды патшаға мәлімдеген едік, патша қатты риза болды... Егер ол Әмірсана сендердің жерлеріне қашып кетсе, сендер оны ұстап алып келсеңдер, ұлы мәртебелі патша сендерді мол сыйлықпен жарылқайды.Егер ол сендердің жерлеріңде жасырынып ұзақ жүретін болса, біздің әскерлер оны тұтқындауға барады, онда сендердің халық үркіп әуре-сарсаңға түседі-деп түсіндіріп айтыңдар. Абылайдың әлпетін-реакциясын байқап мәлімет беріңдер»- деген патшаның жарлығы жазылған [5,26б].
Әмірсана мәселе бойынша Цин патшалығы Абылайға арнайы хаттар жолдап, елшілер жіберді. Бірақ Абылай Әмірсананы тұтқындауға әрекет жасамады. Әмірсана 1757 жылдың көктемінде көтерілісте жеңіліп, Орта жүз жеріне қайта қашып келді. Цин патшалығы бұл рет өз әскерлерін қазақ даласына жіберіп оны тұтқындап келге бел байлады. Сонымен қол бастаған сардарларларына: «... Біз тек сұмырай Әмірсананы ғана тұтқындауға кетіп барамыз, сендерге мүлде шабыл жасамаймыз.сендер жайбарақат отыра беріңдер,- деп айтыңдар. Егер оларда қарсылық болмаса, біздің әскерлердің бүлік шығаруына қатаң тиым салыңдар»[7,65б] тапсырма береді. Бірақ Абылай хан қазақ даласына үш бағытпен баса-көктеп келген Цин патшалығының қалың қолына батылдықпен шабуыл жасады. Бірақ ол мәселені соғыспен емес, келіссөзбен дипломатиялық жолмен шешуді өзіне тиімді санайды да, Қытайдың әскери шонжарларына елші жіберіп: « Біздің әскер бастап баруымыз әсте ірі елмен жауласу емес еді.Қалың қолдарың оларға шабуыл жасады» [8,78б]-деп оларға кінә тағады. Сөйтіп оларға ат тарту етіп, Әмірсананы тұтқындауға ат салысатындығын, арадағы қақтығысты тоқтатып, олармен сауда жасағысы келетінін айтады. Осыған байланысты Джан Хэйдың патша ордасына олдаған мәліметінде: «Қазақтың Дәмеш және Тоқта деген екі адамы әскери штабымызға келіп, кешірім сұрап, екі ат тарту етті. Олар ойламаған жерден қалың қолдарыңызбен шайқасып келіп, екі жақ бірдей арандалдық. Міне, бүгін ат тарту етіп, кешірім сұрап келдік дейді. Сондай-ақ олар бізбен сауда жасау ниетінде екендігін де білдіреді.» [10,12б]-деп көрсеткен. Осы деректерден, Абылай ханның Цин патшалығы мен қазақтар арасында орын алған күрделі саяси-әскери мәселені дипломатиялық жолмен шешкенін және олардың назарын экономикалық мүддеге аударғанын байқаймыз. Содан кейін Абылай хан мен Цин патшалығының әскери штабы арасында елшілер сапырылысып барып, келіп жатты. Бұл барыста Цин патшалығы Абылай ханға дипломатиялық арбау мен әскери қоқан лоқы көрсету тәсілін қатар қолданып, Әмірсананы ұстап беруге мәжбүрледі. Абылай хан Әмірсананы ұстауға ат салысатындығын айтқанымен, нақтылы іздестіру шараларын жасамады. Әмірсана Ресей жеріне өтіп, кейін ұзамай шешек ауруынан қайтыс болады.1757 жылдың кҥзінде Абылай хан Цин патшалығы елшісінен император Чиянлүңға хат жолдап «оларға ел болатындығын» білдіреді. Өйткені ол «Цин патшалығы (қазақтың) хан биігі үшін ешқашан қатерлі емес.» [9,12б]. екендігін түсінді де, солар арқылы Қазақ мемлекеттілігін сақтауды көздеді
Цин патшасы Цян-Лунның патша өзінің 1757 жылы 31қыркүйекте Абылай ханға жолдаған грамотасында: «патша әлемнің иесі болғандықтан, Қытай мен шетелді біртұтастандырады. Қазақтар жоңғарлардың жолды бөгеуі себебінен бізге тарту-таралғы, елші жібере алған жоқсыңдар. Қалың қолымыз жоңғарларды тыныштандырғаннан кейін, өз ризашылығыңмен еліңді бастап бірге қарадың... Өзің хан екенсің, патша хандығыңды бекітті. Бұл артық емес, егер өзін тіліген мансап-шенін болса, хат жолда, патша оны да бекітіп береді. Патша сендердің жайлы қоныстанып, көңілді тіршілік етілеріне тілектес. Сендер әлі де бҧрынғы салттарында бол беріңдер. Алым-салық беру-бермеу еркі өздерінде. Егер елші жіберіп, патшаға сәлем беретін болсаңдар, патша сендерге ерекше сый көрсетеді»[8,85б],-деп жазған. Бұл арада ерекше ескерте кететін жай: өздерін «аспан астының қожасы» деп санайтын Қытай патшалықтары өздерімен тікелей қарым-қатынаста болған елдерді «өзіңе тәуелді болған» немесе «сырттай ел болғандар» деп санайтын, сондай-ақ олардың елшілерден жіберген жөн-жосық сәлемдемелерін «чиян гүң-патшалыққа сый беру» деп атайтын.Іс жүзінде оларды дербес ел деп[ 267]санайды. Сондықтан император Чиянлүң қазақ туралы сұраған тарихшысына: «Олар ел болды, біз қабыл алдық деген -оларды жанамалай баурау ғана, бейне Вьетнам, Тайландтар сияқты. Оларға тек тәңір патшасының лебізін ғана білдіріп қана қою»[9,89б] -деп айтқаны соны аңғартады. Осы принцип енгізінде Цин патшалығы өзіне жолданған қазақ хандары туралы өз лебіздерін білдіріп, оларды формальды түрде бекіткен грамотасын жіберіп тұрумен шектелді, қазақ елінің ішкі-сыртқы істеріне қол сұққан жоқ. Абылай хан Қытай Цин патшалығымен қалыпты дипломатиялық қатынас орнатып оларға Қазақ хандығын және өзінің хандық мәртебесін мойындатып алған соң, оларға байланысты бірқатар маңызды істерді жүзеге асырды.
Ең бірінші, ол Қытай Цин патшалығына байланысты қазақтың этнотерриториясын қалпына келтірді. Абылай хан өзінің Цин патшалығына жіберген алғашқы елшілері арқылы қазақтың атамекені- Тарбағатайды сұратты. Осыған орай жазылған патша ордасының жауап хатында: « Абылай- сендер шалғайда жатқан бөтен елсіңдер.... Ал сенің елшің бізге жеткізіп келген: Тарбағатай тегінде біздің жайылым жеріміз еді, сол жерді патша жарылқап, бізге берсе-деген сөзіне келсек, бұл жер жаңа ғана тыныштандырылған, әлі иен жатқан өңір. Патша әсілі ол жерді сендерге қиып бере салушы еді, бірақ сендер бізге ебін тауып ел болып алдыңдар, бізге еңбек сіңірген жоқсыңдар. Сондықтан ол жерді сендерге сыйға бере салу- мемлекеттің тәртібіне қайшы келеді... Егер сендер айтқандай-ақ Әмірсананы тұтқындап, әкеліп беретін болсаңдар, онда ол жерді сендерге жарылқап беруге болады»[10,56б] дейді. Абылай хан екінші рет Цин патшалығынан Ілені сұрайды. Ол туралы 1760 жылы 8- маусымда Цин патшалығының Абылай ханға жолдаған хатында: « Сенің елшілерінің айтуынша, ойрат жері қазір иен жатыр екен... Сен және патша жарылқағанның үстіне жарылқай түсіп, қазақтардың Ілеге барып, мал бағынуына рұқсат берсе,- депсің. Тарбағатай қатарлы жерлер ежелден жоңғарлардың жайылым жері, патша қалың қолымен ол жерді тыныштандырған. Сен қазақтар бұрата (қырғыздар- ташкенттіктер, әндіжандықтар, бадақшандықтар барлықтарын өз ықыластарыңмен ішке( бізге) қарадыңдар. Қазақтар сендердің жайылым жерлерін ұлан-ғайыр кең дала. ... Қазір Іле және басқа жерлерге ішкеріден әскерлер бірінен соң бірі келіп тың жер игеріп жатыр. Абылай сен бұрын Тарбағатай қатарлы жерлерге барып мал бақсақ,- деп өтінген едің, патша оған да рұқсат бермеген болатын. Бүгінгі талабың тіпті артық»[10,11б],-деп, қазақтың ежелгі атамекенін өздеріңе қайтарып беруден бас тартады. Бірақ Абылай хан Орта жүз бен Ұлы жүздің бірқатар руларын шығысқа қарай жылжытып көшіру арқылы байырғы жұртына қайта қоныстандыру саясатын қолданды. Соның нәтижесінде қазақтың этнотерриториясын қалпына келді және кеңейе түсті.
Екіншісі, қазақ-қытай арасында тікелей экономикалық сауда байланысын қалыптастырды. 1757 жылы Абылай хан Цин патшалығының әскери шонжарларын айырбас сауда жасауға шақырды, бірақ олар штабымызда саудагер жоқ, келер жылдың кұзінде Үрімжіде айырбас сауда жасауды бастайық деп келіседі. Осы жөнінде 1757 жылы 15 желтоқсанда хатталған Орда күнделігінде: «Қазақтармен Үрімжіде сауда жасау Абылаймен келісілген, патша өз жарлығымен бекітті, [10,105б]-деген. Патша жарлығы бойынша қытайлар Үрімжіден арнаулы түрде қазақтармен сауда жасайтын базар ашып, сол жылдың өзінде екі дүркін айырбас сауда жасады.Содан бастап Үрімжі базарында екі ел cаудагерлері бірнеше жыл « жылқыға жібек айырбас» саудасын жасап тұрды. Кейін Цин патшалығы Қашқариядағы ұйғырларды да өзіне бағындырып, Тәңір( Тянь-Шань) тауының оңтүстігі мен солтүстігін біртұтас басқаратын әскери-әкімшілік мекемесін, яғни Іле генерал-губернаторы штабы Қорғастан құрды. Іле және Тарбағатай шекара қарауылдарына қалың қол ұстап, ішкі қытайда сотталған қылмыскерлерді этаппен айдап әкеліп, тың жер игеруді қолға алды. Сонымен әскерге және шаруашылыққа қажетті мініс аттар мен сойыс малдарды және егіс көлдерін қазақтардан шешу үшін, Цин патшалығы 1760 жылы Іледен, 1763 жылы Тарбағатайдан қазақтармен арнайы сауда базарын ашып, тұрақты түрде айырбас сауда жасады. Сауда базарының жақын жерден ашылуы қазақтардың онда көптеп барып айырбас саудамен шұғылдануына өте қолайлы болды. Қазақ саудагерлері тек Цин үкіметімен емес, Қашғарияда ұйғырлармен де, өзбек, тәжіктермен де
[268] айырбас сауда жасады. Осындай кең көлемде өрістеген сауда-саттық істерінің нәтижесінде қазақтардың экономикалық тұрмысы жақсарды, сондай-ақ қазақ қоғамында саудагерлік кәсіп қалыптасты.
Абылай ханның Цин патшалығымен саяси-экономикалық байланысты дамытуы қазақ даласын отарлауға қадам басқан Ресей үкіметін қатты алаңдатты. Орынбор және Сібір губерниясына: «Қазақтың барлық беделді адамдарына жағына түсіңдер, оларға мол тарту-таралғы, сыйлық беріңдер. Сондай-ақ шекара маңындағы шарт қойғандарға қора-жай алып беріңдер» [11,29б]-деген нұсқау түсірді. Орта жүз жеріне барған «Ораков пен Гуляевтер әдептілік, сыпайылықпен Абылай сұлтанды Орынборға, тіпті болмаса, Троицкіде келуге шақырады. Абылай сұлтан бірнеше рет келемін деп келмейді» [4,31б]. Абылай хан орыс үкіметінің отарлау ниетін білгендіктен, олардан өзін аулақ ұстауға тырысты, сондықтан олармен де қалыпты дипломатиялық қатынас сақтау саясатын ұстанды.
Қазақ билеушісі Абылай көрші Қытаймен сауданың маңыздылығы түсіне отырып,сөйтіп, Пекинмен коммерциялық өзара байланысты күшейтуге күш салды.Ілелік Цзянь-Йзунмен Сайрамкөл маңындағы бір кездесуінде ол Тарбағатайда (Чугучакта), Іле (Құлжада айырбас базарын құру туралы сауда шартын жасасты[10, 2б]. Бұған дәйекті дәлелдерді Шоқаның еңбегінен таба аламыз: «Между тем сам Абылай имел свидание с Ильским цзян-цзунем около озера Сайрам-Куль и заключил с ним торговый договор, по которому открыты были в Тарбагатае и Или меновые базары»[10, 168 б].
Абылай Ресей мен Қытай шекарараларындағы қалалардың қазақтарға сауда үшін ашық болуына, жәрмеңкелер ұйымдастыруға көп үлес қосты. Абылай хан дәуірінде қазақтардың Қытаймен сауда-саттықтары айтарлықтай деңгейде болғандығын Чианлұң жылнамасы сарай жазбаларының көптеген архив бумаларынан көруге болады. Солардың бірінде 1757 жылдың желтоқсан айының 15-күні жазылған мәлімдемесінде былай делінген:»Біздің бұрынғы келіскен пікірімізше болса, қазақтармен Үрімжіде айырбас сауда жасауды біз бұрын Абылаймен ақылдасып бекіткенбіз... Келер жылы жәрмеңкеде жылқы саудасы ғана жасалады. Егер қазақтар түйе,сиыр, қой секілді түліктерді айдап әкеліп жатса, оны да алайық. Қонысымызға олар да қажет». Осы сияқты сауда істері 1758 жылдың қаңтар айының 26-күні жазылған Чианлұң жылнамасында да айтылады: «Абылайдың Ну Санға жолдаған хатын да алдық. Онда базаршыларымыздың астық, ат көлікпен қамдасаңыздар әрі ежелгі қонысымызға барсақ деген тілек айтылыпты. Қазақтар өз мүдделері үшін еркімен сауда жасауға келіп отыр. Әділ болайық, саны мен сапасына қарай бұйымдарға баға бекітейік. Сауданың мұнан өзге үрдісі жоқ[10,85б]-делінген құжатта[10,28-29б].
XVIII ғасырда қазақ елінің Қытаймен сауда-саттықтары ұзақ уақыт орын алғандығын 1780 жылғы тамыз айының 30-күні жазылған құжаттан да көруге болады. Онда: «Биыл қазақтар сатқан мал былтырғыдан бір еседен астам көп болды. Қазіргі қоймамызда 8 мың топтай торғын аз қалыпты. Шұғыл қажет болғанның өзінде жедел 20 мың топ әзірлеуімізге тура келіп тұр-деп ашық айтылған[10,29б].
Қорытындылай айтқанда, Абылай ханның Қытай елімен шарт жасауының саяси астары, қазақ мемлекетінің дамуын сақтау және нығайтуға бағытталған болды. Абылай хан да, қасындағы кеңесшілер мен батырлары да бұл империяның қазақ даласына қандай мақсатпен көз тігіп отырғандығын ұмытпады. Бұл саяси көшбасшының бойында кездесетін интуиция, көрегенділік қасиеті деп білеміз.
Әдебиеттер
1. Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1
2. Левшин А. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей.- Алматы: Санат, 1996
3. Мұқаметқанұлы Н. Абылайханның атқарған қоғамдық қызметі. // Алаш. 2009, №3.
4. Абуев К. Хан Абылай и его время.-Астана: Елорда,2006.-304б.
269
5. Қасымбаев Ж.. Тәуелсіздік демі немесе тарихтан тағылым // Егемен Қазақстан. 2001, 12 желтоқсан.
6. Мұқаметқанұлы Н. Тарихи зерттеулер. - Алматы: Жалын, 1994. -144 б.
7. Басин В.Я. Россия и Казахские ханства в XVI-XVIII вв. Алматы: Наука,
1971-274б.
8. Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. III том.: Цин патшалығы дәуірінің мұрағат құжаттары. -Алматы: Дайк-Пресс, 2006.-244 б.
9. Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений. Алматы: Главная редакция Казахской советской энциклопедии, 1985.-416 б.
10.Тайшыбай З. Абылай ханның өмірі мен қызметтері жайлы құжаттар мен материалдар. – Петропавл : Астана. 2005.- 477 б.
11. Жәнібеков Ө. Уақыт Керуені. -Алматы: Жазушы, 1992. -192 б.

- Абылай ханның атқарған қызметі
- Абылай ханның ішкі саясаты
- Абылай ханның өмірі – жас ұрпаққа өнеге
- Абылай ханның саясаты
- Абылай ханның сыртқы саясаты
- Абылай ханның сыртқы саясаты
- Абыл Тілеубайұлы
- Абылай хан
- Абылай хан
- Абылай хан
- Абылай Хан
- Абылай хан (1711-1781)
- Абылай хан (1711-1781 жж)
- Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университеті