Арғындар

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

 

 

 

 

 

Тарих, археология және этнология факультеті

 

 

 

 

XII-XV ғ. Арғындар

(Баяндама)

 

 

 

Орындаған: Қалназар Бекжан Полатұлы.,1 курс

 

Тексерген: Карибаев Берекет Бақытжанұлы

 

 

 

 

 

 

 

                                                          

                                                            Алматы, 2012 жыл

 

МАЗМҰНЫ

 

КІРІСПЕ

 

 

 

I ТАРАУ

Арғындардың Қазақстан  аумағына қоныс аударуы

 

 

 

ІІ ТАРАУ.

XIV-XV алғашқы жартысындағы  Шығыс Дешті Қыпшақ тайпалары  және

Арғындар

 

 

 

 

ҚОРЫТЫНДЫ

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

 

 

 

Кіріспе

 

Арғындардың бабалары Арғу деген атпен басмыл-қарлұқ тайпалық одақтарында мүше болған заманда  Түрік қағанатттарынан бастау алып, Ұйғыр және Қидан бірлестіктерінің ықпалына түскен қилы замандарды бастан өткізді. Бұл мемлекеттердің күрделі  тарихы Орхон жазуларында тасқа  өшпес таңба болып жазылған

Б.з. XIII ғасырынан бастап бұл тайпаның құрамындағы бұрынғы  басмыл және қарлұқ рулары  Жетісу аймағындағы  түркі тайпаларының кейбір руларын  қосып алып, тарихқа Аргун немесе Аркенут деген атаумен әйгілі бола бастады. Бұл Арғын тайпасының жаңа сапалық өзгеріске ұшырап, қазақ  деген халықты қалыптастыруға бейімделе  бастаған кезі еді

Моңғол ұлыстары тұсында  алғаш Шағатай ұлысында, соңынан  Жошы ұлысында төрелердің қисапсыз жортуылдарына  қатысқан Арғындар байырғы қазақ  жеріндегі сан-салалы түркі тайпаларымен тығыз қарым-қатынаста болып, өзара  топтаса түсті.

Тақырыптың өзектілігі. Тақырыптың өзектілігіне келер болсақ. Арғын тайпасы ғалымдардың дәлелдеуі бойынша ғұндардың тікелей мұрагері болып табылады. Қазақ хандығы құрылуы қарсаңында қазақ санының басым көпшілігін құраған тайпалар қатарына жатады.Қазірде арғындар қазақ ру-тайпаларының құрамындағы белді рулардың бірі болып табылады. Ал маған берілген тақырып бойынша, яғни XIII – XV Арғындар туралы жазба дерек көздері жоқ десе де болады. Бұл басқа да қазақ ру-тайпаларына да ортақ мәселе. Сондықтан да бұл тақырып өте маңызды деп есептеймін.

Тақырыпты зерттеудің мақсаты. Осы жұмысты жазуда алдыма қойған ең басты мақсатым ол тақырыпты мейлінше толық меңгеру және сонымен қатар осындай ғылыми жұмыстармен шұғылдануды үйрену болып табылады.

Міндеттер. Арғын тайпалық бірлестігінің Қазақстан аумағына қоныс аударуын зерттеу, Шығыс Дешті Қыпшақта өмір сүрген тайпалармен Арғындардың қарым-қатынасын білу болып табылады.

Тақырыптың деректік базасына шолу. Тақырыптың деректік базасына келер болсақ. Бұл тақырыпқа байланысты деректер қатарына “Моңғолдың құпия шежіресі”, Рашид-ад-диннің “Жылнамалар жинағы”, Өтеміс қажының “Шыңғыснамасы”, Тарихи Абулхайрхани. // МИКХ, Таварихи гузида-и нусрат наме. // МИКХ, Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани. Михман намә-и Бухара (Записки Бухарского гостя) жатады

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Бұл тақырыпқа қалам тартқан кісілер көп болды. Олардың қатарына

Баяндаманың құрылымы. Баяндама Кіріспеден, І-ІІ тараулардан, Қорытындыдан, Пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Бірінші тарауды “Арғындардың Қазақстан аумағына қоныс аудару” деп алдым. Тарауда Арғындардың Қазақстан территориясына қоныс аударуының себебін, маңызын қарастырдым.

Екінші тарауды “XIV-XV алғашқы жартысындағы Шығыс Дешті Қыпшақ тайпалары және Арғындар” деп алып, тарауда Қазақ хандығының құрылуына дейінгі заманның және одан кейінгі кездердегі Шығыс Дешті Қыпшақ даласында Арғындармен қоса өмір сүрген тайпалар туралы және олардың өзара қарым-қатынасы жайлы сөз қозғадым.

 

 

I ТАРАУ

Арғын тайпасының тарихы, басқа қазақты кұраған түркі тайпаларының тарихы тәрізді,қазіргі қазақ жерін моңғол жаулауымен тығыз байланысты. Тарихи деректер тіптен Шыңғысханның өзінің де хан болып сайлануын қазақты құраған ірі түркі тайпаларының тарихымен бірге алып қарастырады. Шәкәрімнің жазбаларында мынадай жолдар сақталған: Шыңғысханның өзі “осы Шыңғыс тауында хан көтеріліп, Хаған, яғни хандардың ханы атанып, үлкен хан болғаны 1203 жылы болса керек. Парсы жағын алып, қайтарында Бұхарадан молда әкелдіріп, дін жайын сұрап, өзгенің бәрі құдайдың үйі болса керек, ондай бір ғана жерді құдайдың үйі демек дұрыс емес деп молдаларға сый беріп қайырды. Осы дерек бүгінде аңызға айналып кетсе де тарихи шындықтан бастау алады деп ойлаймыз. Өйткені бізге жеткен мәліметтерге қарағанда қазіргі Щыңғыстау бұрындары Найман тайпасының атымен байланысты аталса керек. Қазақты құраған біраз ірі тайпалар, оның ішінде Арғын да бар, Шыңғысханды қарсы алып, оны Шыңғыстаудыц биігінде ақ киізге отырғызып, хан көтеріпті деген мәлімет те бар. Жалпы алғанда Темучиннің Шыңғысхан атанып, Ұлы ханға айналуы түркі тайпаларының қолдауына байланысты екендігін ешкім де теріске шығара алмайды.

Зерттеушілердің бір бөлігі қазақтың басын біріктірген алғашқы  саты - Алаш қауымдастығы осы Шыңғысханның қол астына қарағаннан кейін жаңа сапада қайтадан ұйысқан деген пікірді айтып жүр. Қытайлық бауырымыз Жақып Мырзаханов осыған орай былай деп жазады: “Төрт ұлыс” пен “Қазақ шежіресі” қолжазбасының бағыты бойынша, Алаш қауымының бірігуі XIII ғасырдың бас кезі, тегінде, моңғол шабуылына қарсы үйымдасқан одақ екені байқалады. Оған кірген тайпаларды (қыпшақ, найман, қаракесек, алшын, қоңырат, жалайыр) моңғол хандары алты арыс елге бөліп, әр қайсысына жеке-жеке таңба анықтайды да, “Алты сан Алаш” деген атпен Жошы ұлысының қарамағына береді.

Абай Құнанбаев “Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы”  деген шығармасында былай деп  жазады: “Қашан моңғолдан Шыңғысхан шыққанда, қазақтар құтты болсынға барыпты, бірақ қай жерде барғаны мағлұм емес, сөйтсе де осы Шыңғыс тауында әскері Қарауыл өзенінің бойында жатып, он екі рудан он екі кісі моңғолдың өз заңы бойынша “Хан” деген үлкен биіктің басында, ақ киізге Шыңғысты отырғызып, хан көтерген дейді... Сол он екі кісінің бірі қазақта Майқы би деген кісі екен. “Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би” деген мақал болған, Майқы сол кісі екен”.

Абай ел аузындағы аңыз бойынша жазған болса керек. Өйткені  Шыңгысханның хан тағына отырған жылы мен орны айтылмаған. Бірақ Шыңғысты хан көтеруге қазақ ұлыстарының да қатынасқанын, қазақта Майқы би деген кісінің қатынасқанын жазады”.

Мұндағы аталған Алаш қауымына кірген қазақ тайпалары арасынан арғындарға о бастан-ақ ұйытқы болған Қаракесектерді көреміз. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Сатай Сыздықов өзінің монографиялық зерттеуінде Қаракесектердің қарлықтар кұрамындағы боло, яғни болат руынан өрістегені туралы болжамдар айтқаны белгілі. Олай болса, сол тұста Қаракесектердің төңірегіне ұйысқан арғындардың біраз рулары Шыңғысханды қарсы алып, оны жақтап, Шыңғыстауда хан көтеруге қатысқан болып шығады. Бұл жалпы алғанда қарлықтардың Шыңғысханды бейбіт түрде хан ретінде қабылдап, мойындағаны туралы тарихи деректерге де қайшы келмейді.

Бұл тұста әлі де қарлықтармен бірге жүрген арғындар дербес тайпа ретінде атала қоймағандығын ескерер болсақ, олардың наймандар мен керейлер тәрізді өз тайпаларының атынан өкілдіктер шығара қоймағанын аңғарғандай боламыз. Қалай десек те арғындардың 1206 жылғы құрылтайда хан болған Шыңғысханды қолдағаны күмән туғызбайтын тәрізді.

Алайда Моңғол қыратында  Темучиннің алғаш 1203 жылы хан болғандығы туралы да айтылып жүр. Егер де алдағы тарауларда айтқанымыздай Арғындар бұл тұста қарлықтардың боло (болат) руының және ішінара басмылдардың құрамында жүрген болса , және осы екі үлкен тайпалар бас қосқан Тараз және Баласағұн аймағындағы Арғу деген жерде жаңа сапалық деңгейде тайпалық одақ құрған болса, әрине оларды Моңғол қыратындағы Темучинді хан сайлау шараларына қатысты деп айта алмаймыз. Біздің бұл пікірімізді тарихи фактілер де нығайта түседі.

Арғын тайпасы Н А Аристовтың болжамынша қазақ даласына моңғол жаулап алушылығына дейін-ақ келген болатын. Себебі, Шыңғысханның жаулап алушылығы кезінде Ұлы ханның әскерлері Арғындардың аттары аталмайды. Осыған байланысты олар Шыңғысханның керей-наймандармен қақтығысы басталардан  бұрын, яғни XII ғасырдың соңғы ширегіне дейін-ақ Жетісуға қоныс аударды деген түжырым жасауға болады. Моңғол жаулап алушылығының қарсаңында арғындар наймандардың батысында, ' қыпшацтардың шығысында, батыс Тарбағатайдың солтүстік беткейінде тұрып жатты.

“Шыңғысхан Моңғол сахарасындағы көшпенділердің бәрін біртіндеп бағындырғаннан кейін, наймандарға (Қарақытай патшалығы жеріндегі билеуші найман хан Күшілікке) және Орта Азияға, қазақ даласына, таңғыттарға жорық жасағанда, жалаң моңғол әскерін ғана емес, өзі бағындырған түркі тайпалардың (керей, найман, қоңырат, меркіт, жалайыр, уақ, т.б.) бәрінің күшін пайдаланған еді.

Осы аталған тайпалар қатарында арғындардың да болғандығы белгілі. Олар бірде жалайырлармен бірге жүрсе, бірде уақтарды қолдады. Арғындарға “жиен” ретінде айтылатын әйгілі Тарақты тайпасы өзінің таңбасы жағынан жалайырларға, тарихы жағынан уақтарға жақын екенін жақсы білеміз. Сонымен Шыңғысханның жаулау жорықтары негізінен алғанда моңғол тайпаларына ғана емес, қазақты құраған көптеген іргелі тайпаларға арқа сүйеудің арқасында ғана мүмкін болды дей аламыз.

Бірақ бұл жеңіс Шыңғысханға  тыныштық әкелмеді. Хорезмшах қолдауына сүйенген найман тағының мұрагері Күшілік оған үздіксіз қауіп төндірумен болды. Күшілік Хорезмшахтың көмегімен моңғолдар басып алған иелігін қайтарып аламын деп үміттенді. Бірақ оның бұл үміті ақталмады. Ақырында ол Шыңғысхан әскерінен жеңіліп, қолға түсті де, өлтірілді. Күшіліктің жеңілуінің басты себебі - оның наймандарға туыс түркі тайпаларын өз жағына қарата алмауынан деп айтуға негіз бар.

Күшілік хан қаза тапқаннан  кейін оның Түркістандық иеліктері Хорезмшахтың қолына көшті. Бұған Шыңғысхан наразы болды.

1216 жылы Күшілік пен  меркіт ханының ұлы Кудуды (Хуту)  Жошы бастаған моңғол әскерлері қуып келіп, оларды Кили және  Камих өзендерінің маңында талқандаған кезде моңғол әскерімен соғысуға Мұхаммед Хорезмшах та келді. Моңғол әскерінің “бізге Хорезмшахпен соғысуға рүқсат жоқ, біз басқа жұмыспен келдік”,- деген сөзіне құлақ аспай, Хорезмшах соғыс бастаған болатын. Ол бұл соғыста өзі тұтқынға түсіп қала сақтады, баласы Жәлел-ад-диннің  батырлығының арқасында ғана құтылды. Хорезмшахтың бұл жорығы қыпшақ даласына қарсы бағытталғанын ескерер болсақ, олармен қақтығысқан Жошы басқарған әскерлер қыпшақ даласындағы түркі тайпаларының болғаны айқындала  түсетіндей. Бұлардың арасында қазақты құраған найман, керей уақ, жалайыр, табын тайпаларымен бірге арғын рулары өкілдерінің сарбаздары жүрді деуге негіз бар.

Ал енді Хорезмшах пен  Жошының арасындағы осы жанжалға байланысты Шыңғысханның көзқарасы да ерекше болды.

“Бұл қақтығыстың басталуына сұлтанның кінәлі екеніне  қарамастан, Шыңғысхан өзінің бұрыннан қалыптасқан ұстанымына  сай оған шабуыл жасағысы келмеді, әртүрлі жолдармен достық  қатынасты сақтауға және көршілік құқын қорғауға тырысты. Сұлтан тарапынан ашу-ызасын туғызған, қалай да қарсы шара қолданып, өш алуды қажет қылған қылықтар жасалғанша ол онымен соғысқа кіріскен жоқ”.

Екі күшті мемлекеттің  ара-қатынасына тереңірек тоқталуымыздың себебі ол қатынастың арғындар тағдырына да ықпал еткендігі. Екі мемлекеттің арасындағы жолдың бойына орналасқан, 1211 жылдан бастап қарлұқтармен бірге Шыңғысханға бодандығын мойындаған арғындардың бұл мемлекеттердің  қақтығысынан тыс қалуы және азды-көпті зиян шекпеуі мүмкін емес еді.

“...Шыңғыс хаған сартауыл (Ортаазиялық Түркістан) еліне жіберген Ұқына бастаған жүз елшісі өлтірілгенін естігенде өз ордасында үлкен құрылтай шақырып: “Алтын арқанымызды сартауылдарға қидырып, қол қусырып отырамыз ба? Ұқына бастаған жүз жігітіміздің кегін қайтарып, сартауылдармен соғысып, егеске қысас істеп, сартауылдармен шайқасайық - деп Хорезмге соғыс жариялады. Осыдан соң 1219 жылы Шыңғысхан жазды Ертістің бойында өткізіп, аттарын жемдетіп алып, күзде онан әрі жылжыды. Жолында кездескен облыстардың бәрін басып алып, соғысуға келе жатқандығы туралы Хорезмшахқа хабар берді. Қаялыққа жеткенде Шыңғысханға осы өңірдегі әмірлердің басшысы Арслан келіп өз еркімен қосылды. Бұлар негізінен қарлық тайпасының өкілдері еді. Жоғарыдағы тарауларда арғындардың негізгі руларының қарлықтар құрамында болғанын ғылыми тұрғыда дәлелдеген болатынбыз. Сондықтан да Шыңғысханды қарсы алғандар қатарында қарлықтармен бірге арғын руларының да болғандығы күдік туғызбайды. Яғни осы қарлықтармен бірге Шыңғысханның қол астына өз әмірлерінің басшылығымен арғын жігіттері де келіп қосылды деп айтуға негіз бар.

XIII ғасырдың 20-жылдарында жаулау жорықтарын аяқтаған Шыңғысхан өзі басып алған аймақтарды балаларына бөліп беріп, мәңгілік мұрагерлікке қалдыруды ойластырды. Мұндайда Ұлы хан өзіне одақтас болған Жалайыр, Табын, Тарақты, Арғын және Уақ тәрізді тайпаларды да балаларының қарауына бөліп беруді естен шығарған жоқ. Осыған байланысты біз әңгімелеп отырған арғындар Шыңғысханның қай баласының қарауына көшті деген сауал туындайды.

Өкінішке орай, мұны дәлелдеп беретін мәліметтер тарихи деректерде кездеспейді. Шьңғысханның Жошыға берген төрт мың әскерінің құрамында арғындар аты аталмайды. Жошыға берілген сарбаздарды сиджиут тайпасынан шыққан Мунгур, кингит тайпасынан шыққан Кингитай, хушин тайпасының әмірі Хушитай және сол хушин тайпасынан шьққан әмір Байку басқарған. Мұндағы Хушин тайпасын Үйсін тайпасы, ал әмір Байкуды әмір Майқы би деп қабылдар болсақ, бір кездері Іле өңірін мекендеген үйсіндер Шыңғысхан жағына бейбіт түрде өткен болып шығады. Мұндайда айта кететін нәрсе, кейініректе бірнеше ғасыр бойы уйсіндердің отанына орныққан қарлықтар мен басмылдар, яғни арғындардың арғы бабалары үйсіндермен аралас-құралас өмір сүрді. Бұдан шығатын қорытынды Майқы басқарған үйсіндермен бірге арғындардың да кейбір рулары Жошы әскерлерінің құрамына қосылса керек. Тарихи деректерде бұл мыңдықтардың қайсы тайпалардан құрылғаны туралы нақты мәліметтер жоқ. Шыңғысханның бағындырған халықтарын моңғол тайпаларынан шыққан әмірлерге бөліп беріп отырғандығын ескерсек, Майқы бидің қоластында арғын руларының жасақтары да болса керек.

Сондай-ақ, деректер бойынша  Шыңғысхан сонау 1205-1209 жылдардағы тангуттармен, 1211 жылғы қытайлықтармен соғыстан бастап өз еркімен берілген халықтардан  да әскер жасақтап алып, шайқастарға  салып отырған. Ондай тағдыр қарлұқтармен аралас қоныстанған арғындардың да пешенесіне жазылғандығы анық.

Тарихи деректер Шыңғысханның және оның балаларының жаулау жорықтарында арғындардың белсенді рөл атқарғанын дәлелдейді. Қытай деректерін айналымға қосқан зерттеуші А.Ш.Қадырбаев Шыңғысханның ескі серіктері Хасаина мен Хуайдудың басқаруымен арғындардан құралған әскери күштердің моңғолдардың Хорезмге қарсы жорығында Самарқанды, Бұхараны және басқа қалаларды басып алуға белсенді қатысқандарын айтады. Мұның өзі арғындардың Шыңғысханның Орта Азияны, Иранды және Иракты жаулау жорықтарында айтарлықтай сенімді және тұрақты әскери күш болғанын тағы да байқатады. Тегінде Шағатай ұлысындағы қарлықтармен бірге қоныстанған кейбір арғын рулары кейініректе Мәуереннахр мен Моғолстан арасындағы төре тұқымдарының таққа таласқан қырғи-қабақ жанжалдарына араласуға мәжбүр болды. Сондықтанда Шағатайлық арғындардың тағдыры арнайы әңгіме етуге әбден лайық деп ойлаймыз. Сонымен бірге Жошы ұлысы құрамындағы арғын руларының тағдыры да аса күрделі болғанын айтпасқа болмайды.

Шыңғысхан Еділ бойын, Дешті Қыпшақты, Бағдадтан Үндістанға дейінгі жерлерді бағындырған соң, ол уалаяттарды өзінің төрт ұлына бөліп берді. Арғындар қоныстанған мекендердің бір бөлігінде Шыңғысхан 1224 жылы Ертіс бойындағы Бұқа Жошы ханға хан ордасын тігіп, жеңіс тойын тойлады. Тарихшылар  мойындаған осы факті айқындай түсуді қажет етеді.

Рас, құрамына арғын жерлері де кірген Жошы ұлысының ордасы Рашид-ад-диннің айтуынша, Ертістің бойына тігілді. Бірақ ол орда 1224 жылы емес, одан онбес-он алты жыл бұрын тігіліпті. Рашид-ад-дин 1222 жылқы жылының басында (15 ақпан - 16 наурыз) Шыңғыс хан Таликан қамалын басып алғанда ол жерге Шағагай мен Үгедей келді, ал Жошы өз тұрағына (становище)  және ұлысына кетті деп жазыпты. Соған қарағанда Шыңғысхан Жошының иелігін (ұлысын) 1224 жылдан бұрын белгілеп берген  сияқты.

Рашид-ад-дин 1226 жылы көктемде Онгон-Далан-құдық деген  жерде Шыңғысхан ұлдары Үгедей мен Тулуйды шақырып алып,  оларға өзінің өсиетін айтқанын хабарлайды. Ол “тақтың мұрагері етіп Үгедей ханды тағайындады да, оларды иеліктеріне, ұлыстары мен үйлеріне қайтарды.

Рашид-ад-диннің осы мәліметтеріне қарағанда қазақты құраған көптеген түркі тайпалары, сондай-ақ арғындар да мекендеген өңірді Шыңғысхан Жошының үлесіне 1222 жылы-ақ белгілеп берді. Ал Шағатай, Үгедей, Толылардың ұлыстарын 1226 жылдың көктемінде белгіледі.

Г.С.Сабирзянов деген зерттеушінің пікірі бойынша Шыңғысхан басқа  тайпалармен бірге арғындар да мекендейтін  Жошының еншісін (ұлысын) 1223 жылдың басында бөліп берген. Ол сөзбе-сөз былай деп жазады: после успешного завершения әтой кампании (т.е. после завоевания основных городов Средней Азии С.Т.) Джучи-старший сын Чингис-хана был назначен главным даругачи над кипчаками.

Осы автор өз еңбегінің келесі бетінде қыпшақтар мен олардың одақтастары - орыстарды Қалқа өзенінде толық жеңгеннен кейін 1226-1227 жылдары Жошының билігіне Хорезм мен Дешті Қыпшақ берілді деп жазады. Айта кеткен жөн, Жошының бұл жеңісін басқа түркі тайпаларымен бірге арғындар да қамтамасыз еткен еді. Жоғарыдағы авторлар Жошы ұлысына моңғолдардың Дешті Қыпшақ пен Орта Азияны басып алғаннан кейінгі қосып берілген жерлері туралы айтып отыр.

Бұл мемлекетті құрған Бату ханның өте талантты мемлекет  қайраткері, шебер саясаткер болғандығы тарихшылар арасында  күмән туғызбайды.

Батудың Русь пен Шығыс  Еуропаға жорықтары кезінде, яғни 1236-42 жылдар аралығында арғындар Орда Еженнің жасақтарының қатарында соғысты деп айтуға толығымен негіз бар. 150 000 адамнан тұратын бұл әскердің Батыс Алтай өңірінде жасақталып, батысқа аттанғаны белгілі. Осы қаһарлы жорықтарда арғындар Дешті-Қыпшақтағы басқа да ірі тайпалар тәрізді Еуропаға дейін барды. Батыстағы арғын атауымен байланысты топонимикалық атаулар осы кезден қалған деп айтсақ тарихи  шындыққа қайшы келе қоймаспыз.

 

ІІ ТАРАУ.

Осылайша Алтын Орда кезеңіндегі«қыпшақтар»деген жинақталған атаумен аталған этно-саяси қауымдастықтың ру-тайпалық құрамы XIII ғасырға дейінгі кезеңмен салыстырғанда елеулі өзгеріске үшырады. Әрине бұл аталған кезеңге дейінгі жергілікті ру-тайпалардың моңғол шапқыншылығы дәуіріне байланысты орын алған этно-саяси өзгерістердің нәтижесінде қүрамы өзгеріп, этникалық дамудың жаңа кезеңге өткенін көрсетеді. Алтын Орда мемлекеті ыдыраған тұста Дешті Қыпшақтағы іргелі тайпалық бірлестік ретінде белгілі болған Арғындар оның орнында пайда болған мемлекеттік бірлестіктердің негізгі халқын құрады. Олар көбінесе қыпшақ ру-тайпалық бірлестігі құрамында да аталды. Дегенмен ортағасырлық деректердің азды-көпті мәліметтерінің көпшілігі Арғындар атауын нақты сақтап қалған. XIII ғасырдың алғашқы жартысындағы моңғолдардың Дешті Қыпшақ даласына жасаған әскери жорықтары жергілікті халықтың басына төнген үлкен қатер болғаны рас. Адамзат тарихында қарама-қайшылықты бағалар мен пікірлер туғызған моңғол шапқыншылығы Дешті Қыпшақтағы ру-тайпалардың бір-бірімен мидай араласуына әкеліп соқты. Орыс зерттеушісі Б.Я. Владимирцев «рулардың шашырауы соғыста жеңіліс табу нәтижесінде жүзеге асты. Жеңімпаз жау руларды талқандады, сондықтан өзара туыс руластар өзге жат рулардың адамдарымен араласып кетті»,- деп жазды. Аталған зерттеушілердің пікірлеріне сүйене отырып, моңғол дәуірі деп аталатын кезеңде кейінірек қазақ халқының негізін қалаған ру- тайпалардың, соның ішінде Арғындардың да сол замандарда орын алған саяси оқиғалар нәтижесінде бұрынғы Алтын Орда аумағы мен оған шектес аумақтардагы этно-саяси процестердің ортасында жүргенін көреміз. Сондықтан біз іргелі тайпалық бірлестік Арғындардың іздерін Ноғай Ордасы, Қазан хандығы, Ақ Орда мемлекеті, Әмір Темір және оның ұрпақтары мемлекеті және т.б. мемлекеттік бірлестіктер тарихынан кездестіреміз.

Ноғай халқының қалыптасу процесіне тоқталу негізгі мақсатымыз болмағандықтан, Арғындардың аталған кезеңдегі ноғай этно-саяси қауымдастығындағы орнына тоқталайық. Негізінен ноғай этногенезінің соңғы кезеңіндегі негізгі этникалық базасын Өзбек ұлысының немесе тарихта көбінесе «көшпелі өзбектер» деген атаумен белгілі тайпалар бірлестігі құрағаны белгілі. Ал «көшпелі өзбектер» ұлысының негізгі халқын құраған «92 баулы өзбек» тайпаларының ру-тайпалық құрамы туралы ортағасырлық дерек мәліметтерін талдау Арғындардың аталған ұлыстағы саны жағынан басым, беделді тайпалардың бірі болғандығын көрсетіп отыр. «Көшпелі өзбектер» мемлекеті тұсындағы Арғындар тарихына өз алдына жеке тоқталамыз. Сондықтан сәл кейінірек бұл мемлекеттің ру-тайпалық құрамы туралы пайымдауларымызды кеңірек талдайтын боламыз.

Т.И. Сұлтанов «92 баулы өзбек» тайпаларының ру-тайпалық құрамы туралы құнды мәліметтер беретін ортағасырлық автор Сайф ад-Дин Ахсикентидің «Маджму ат-таварих» атты шығармасының 3 нұсқасын өзара салыстыра отырып, Өзбек ұлысының ру-тайпалық құрылымын қарастырғанын айтып өткен едік. Міне, осы тізімде аталған ру-тайпаларды Ноғай ру-тайпалық бірлестігі туралы В.В.Трепавлов жасаған кестемен салыстырдық. Жоғарыда аталған Т.И.Сұлтановтың еңбегінде берілген тізім бойынша берілген 92 тайпаның ішіндегі 33-і В.В.Трепавлов келтірген 70 ру-тайпамен сәйкес келеді. Олар: алшын, бадай, баяут, бүркіт, бутас (баташ), жалайыр, джыйыт (джуют), дурман, қаңлы, керейіт, қыпшақ, қырғыз, қырқ, қытай (хытай), қият, қоңырат, маңғыт, меркіт, минг, найман, онгут, сарай (сарайшық), тама, түркмен, уимауыт, тургак, казак, үисін, калджут, кулачи, телеу, уйгур, чимбай. Ал, Арғындар В.В. Трепавловтың тізімінде минг елінің бір тармағы ретінде көрсетілсе, ал «Маджму ат-тауарихта» 8- ші болып жеке тайпа ретінде аталады. Ал, мұның себебі мынада болса керек. «92 баулы өзбек» тайпаларының тізімін, ондағы ру-тайпалардың орналасу зандылықтарын зерттеген зерттеушілер ру-тайпалардың тізімдегі қатар саны оның сол замандағы әрі сол аймақтағы әскери-саяси өмірде алатын орнын көрсетеді деп топшылайды. Бұл айтылғандардан Шығыс Дешті Қыпшақтағы беделді әрі саны жағынан басым Арғындардың негізгі бөлігі негізінен аталған аймақта шоғырланған деп есептейміз. Ал, біз осы айтылғандарға сүйене отырып, Арғындардың Ноғай Ордасы аумағындағы таралуы мен қоныстануының барысын былайша түйіндей аламыз. Біріншіден, Шығыс Дешті Қыпшақтағы негізгі, көп санды тайпалық бірлестікті құраған Арғындар моңғол билігін мойындағаннан кейін моңғол билеушілерінің әскері құрамында батысқа қарай барған. Екіншіден, алғашқы кезеңде моңғол шапқыншылығының ауыр соққысынан кейін ауыр зардап шеккен Арғындар да басқа ру-тайпалар секілді ыдырап, бөлшектеніп, басқа ру-тайпалармен араласып, жан-жаққа бас сауғалап көшуге мәжбүр болған. Үшіншіден, Арғындардың бір бөлігінің Шығыс Дешті Қыпшақтан қоныс аударуына Алтын Орда мемлекетінде ХІІІ ғасырдың екінші жартысында орын алған «дүрбелең кезең» және бұдан кейінгі кезеңдердегі саяси тұрақсыздық әсер еткен.

Жалпы алғанда біздің пікірімізше, осы негізгі үш себеп және т.б. оқиғалар негізінде Арғындар Алтын Орда мемлекеті ыдырағаннан кейін оның орнында пайда болған Қырым хандығы, Қазан хандығы, Ноғай Ордасы сияқты мемлекеттік бірлестіктердің этникалық негізін қалауға қатысты зерттеулерде Ноғай Ордасының құрамына маңғыттармен бірге қоңырат, найман, арғын, қаңлы, алшын, қыпшақ, кенгерес, қарлұқ, алаш, тама және басқа ру-тайпалар енгені туралы тұжырым жасалған. Ноғай Ордасындағы бұл ру-тайпалар Алтын Орданың қираған тамтығанынан құрылған басқа да бірлестіктер тәрізді этникалық құрылым емес, көбінесе саяси кұрылым болды. Сондықтан XV ғасырдың екінші жартысынан бастап Ноғай Ордасының одан әрі ыдырау кезеңі тұсында көптеген ноғай этно-саяси қауымдастығын құраған ру-тайпалар өз атауларын сақтай отырып қазақ, қарақалпақ, башқұрт, ноғай және т.б. халықтардың құрамына енді. Әрине Арғындардың Шығыс Дешті Қыпшақ тайпалары ретінде Қазақ хандығының құрамына енуі аталған аймақтағы этно-саяси оқиғаларға байланысты жүзеге асқаны белгілі. Дегенмен ноғайлар құрамында батыста орналасқан Арғындардың Қазақ хандығына қосылуы Ноғай Ордасының ыдырауы процесіне қатысты оқиғаларға байланысты болды. Мұндағы Арғындар сондай-ақ, ноғай, башқұрт, қарақалпақ халықтарының да халық болып қалыптасу процесінің соңғы кезеңіне араласты.

Көріп отырғанымыздай Арғындар XVI-XVII ғасырдың алғашқы ширегіндегі Ноғай ордасының ру-тайпалық құрамы туралы азды-көпті мәлімет сақтаған орыс деректерінде аталмайды. Мұның басты себебі Арғындардың басым бөлігінің көрсетілген мерзімде әлсіреп, ыдырау процесін басынан кешіріп отырған Ноғай Ордасының емес, негізінен Қазақ хандығының негізгі халқын құрағандығына байланысты болса керек. Сондай-ақ бұл жағдай олардың аталған кезеңдегі Ноғай Ордасының ыдыраған бөліктеріндегі саяси белсенділігінің төмендігіне де байланысты. Ал Арғындардың ХІХ-ХХ ғасырдың бас кезіндегі этнографиялық материалдардың мәліметтері бойынша ноғайлардың да арасында аталуы, олардың өзге Дешті Қыпшақ ру-тайпалары сияқты Алтын Орда мемлекетінің ыдырауы нәтижесінде орын алған түрлі саяси- этникалық оқиғалардың нәтижесінде бір кездерде ноғайлардың құрамында болғандығына байланысты аз бөлігінің солардың арасында сақталып қалғандығын көрсетеді.

Тарихта «Көшпелі өзбектер» мемлекеті немесе Әбілхайыр хандығы деген атпен белгілі мемлекет өзінің этникалық, саяси және шаруашылық құрылымы жағынан алғанда өзіне дейінгі Ак Орда мемлекетінің заңды жалғасы болды. Ақ Орда мемлекеті сонау Алтын Орда мемлекетінің негізін қалаған Бату хан тұсында ағасы Орда Еженнің ұлысы ретінде шығыс бөлігі Алтай таулары мен Ертіс өзені, Балқаш көлінен Сырдария алабы мен Арал теңізінің солтүстігіне дейінгі ұлан-байтақ өңір және оған іргелес жерлерді қамтыған аумақта құрылды. Ал, бұл өлкенің негізгі халқын қыпшақ, каңлы, үйсін, жалайыр, алшын, қарлық, найман, керей, арғын, қоңырат және т.б. ру-тайпалар құрады. Бұл тайпаларды біз Қадырғали Жалайыри көрсеткен «Алаш мыңының» негізін қалаған негізгі ру-тайпалар деп атай аламыз. Қадырғали Жалайыри «Алаш мыңының» тайпалық құрамын талдал айтпаса да, оның арасындағы үлкені тарақ тамғалы жалайыр екендігін көрсете кетеді. Сондықтан арғындар алдымен Ақ Орда, одан кейін оның аумағында құрылған «Көшпелі өзбектер» мемлекетінің халқының негізін қалаған ру-тайпалардың бірі болды.

Біз қарастырып отырған кезеңдегі  Арғындардың орналасуы туралы жазған М.Тынышпаев олар XIV ғасырдың аяғында Алакөл көлі мен Қаратал өзені аралығында шоғырланса, ал 1400-1410 жылдары олар батысқа қарай жылжыған болуы керек деп есептейді. Біздің пікірімізше, бұл арғындардың әр тарихи кезеңдегі оқиғаларға байланысты жылжып, қоныс аударуының бір көрінісі ғана. Арғын тайпалық одағын құраған тайпалар жылжып, сонау Ноғай Ордасы, Қырым, Қазан хандықтарының аумағына дейін барғанымен, көпшілігі сол бастапқы аумағында үйысып отырды. Олардың аталған аумақтан жылжуы бұдан кейінгі тарихи оқиғалар тізбегіне байланысты.   

Арғындардың көпшілік бөлігі XIV-XV ғасырларда Шағатай ұлысы аумағында шоғырланғандығын ескере отырып, дегенмен олардың Алтын Орда мемлекетінің шығыс бөлігін құраған бұрынғы Ақ Орда аумағы немесе Шығыс Дешті Қыпшақ далаларына қоныстана бастауы бұдан сәл ертерек кезеңде басталған деп есептейміз. Халық есінде сақталған аңыз-әңгімелерде тарихи оқиғалардың өзегі бар екендігін ескерсек, ел аузында сақталған аңыз-әңгіме моңғол шапқыншылығынан кейінгі кезеңдердегі ру-тайпалардың жылжуы мен орналасу мекендерінің өзгеріске түскен кезеңдеріндегі оқиғалардан хабар беретіндігіне кәміл сенуге болады. Сонымен қатар қолда бар жазба деректердің біразында Алтын Орда мемлекетінің негізін салушы Бату хан әскері құрамындағы Арғындар немесе Тоқтамыс ханның жақын серіктерінің бірі болған Арғын Қарақожа батыр туралы және т.б. мәліметтерді ескере келе Арғындардың Ақ Орда, кейінірек «Көшпелі өзбектер» мемлекеті аумағы деп саналған Шығыс Дешті Қыпшақ далаларына қоныстана бастауы сонау XIII ғасырдың басынан-ақ басталған деп топшылауға болады.

Жоғарыда Ноғай Ордасының  құрамында маңғыт, қоңырат, найман, қаңлы, алшын, қыпшақ, кенегес, алаш, тама, кердері т.б. ру-тайпаларымен бірге  Арғындардың да кіргенін айтқан едік.

Сонымен осы кезеңдегі  саяси оқиғаларға байланысты Арғын  тайпалық бірлестігін құраған тайпалардың  бір бөлігі (қуандық, сүйіндік, бегендік, шегендік, шұбыртпалы, қаракесек, бәсентин, атығай, қарауьш, қанжығалы, тобықты, тарақты) негізінен Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында қоныс аударып, таралды. Арғындар деректерге қарағанда XIV-XV ғасырлар аралығында Ертістен батысқа қарай Орталық Қазақстанда, ішінара Сырдарияны және батыс Жетісуды мекендеген.

Арғындардың Жетісу жерінде  де мекендегенін деректер арқылы да көрсетуге  болады. Мәселен, «Раузат ас-Сафадағы» мәліметтерге сүйене отырып В.П. Юдин Моғолстан моғулдарының ру-тайпалық құрамына кірген архануд (арканут) тайпасын атайды. Дәл осы мәліметтегі арканудтарды Н.А. Аристов арғындармен теңестірген.

Жалпы, XV ғасырдағы «Көшпелі өзбектер» мемлекетінің ру-тайпалық құрамы туралы мәліметтер беретін жазба деректер Әбілхайыр хандығының негізгі халқын құраған «92 баулы өзбек» тайпаларының тізімі туралы ортағасырлық авторлар жазып қалдырған мәліметтерден тұрады. «92 баулы өзбек» тайпаларының тізімі ең алғаш рет XVI ғасырдаФерғанада Сайф ад-Дин Ахсикенти жазған «Маджму ат-таварих» еңбегінде беріледі. «92 баулы өзбек» тайпаларының тізімі бұдан басқа тағы үш дерек көзінде келтіріледі. Олар: Аваз Мұхаммед б.Мулла Рузи Мухаммад Суфи Аттардың «Тухфат ат-таварих-и хани» шығармасы мен белгісіз автордың XIX ғасырдың екінші жартысында жазылған қолжазбасы және 1871 жылы «Туркестанские ведомости» газетінің №10 жарияланған А.Хорошкин мақаласында берілген тізім. Міне осы аталаған тізімдердің барлығында Арғындар аталады.

Арғындар