Қаржылық жағдай мен қаржылық тұрақтылықтың теориялық негіздері

   I – тарау.  Қаржылық  жағдай мен қаржылық тұрақтылықтың        теориялық негіздері

    1.1 Қаржылық жағдай  мен қаржылық тұрақтылықтың  түсінігі 

       Нарықтық  қатынастары жағдайында кәсіпорынның қаржылық жағдайын талдаудың маңызы өте зор. Бұл кәсіпорындардың  тәуелсіздікке ие болуымен, сондай-ақ олардың меншік иелері, жұмысшылар, коммерциялық серіктестер және басқа  да контрагенттер алдында өзінің өндірістік-кәсіпкерлік қызметінің нәтижелері үшін толық жауапкершілікте  болуымен байланысты.

       Кәсіпорынның  қаржылық жағдайын сипаттағанда “қаржылық  жағдай” дегеніміз немесе “қаржылық  жай-күй”  дегеніміз не деген  сұрақтарға жауап береміз.

       Соңғы жылдары шығарылған әдебиеттерде бұл  ұғым әр түрлі түсіндіріледі. Профессор  А.Д. Шеремет “Кәсіпорынның қаржы  жағдайы қаржыны тарату, пайдалану  және оны қалыптастыру көздерімен сипатталады” деп жазған.

       Профессор Н.А. Русак бұл ұғымды былайша  анықтайды: “Кәсіпорынның қаржылық жағдайы қаржы ресурстарын жасау, тарату және пайдаланумен сипатталады. Кәсіпорынның қаржылық жағдайы кәсіпорынның қалыпты өндірістік, коммерциялық және басқа да қызмет түрлері үшін қажетті  қаржы ресурстармен қамтамасыз етілуімен  және оларды мақсатқа сай, тиімді тарату және пайдаланумен, сондай-ақ басқа  шаруашылық субъектілерімен қаржылық қарым-қатынаста болу, төлем қабілеттілігі  және қаржылық тұрақтылықпен сипатталады. Кәсіпорынның уақтылы төлеу мүмкіндігі оның қаржылық жағдайының жақсылығын көрсетеді”.

       Профессор И.Т. Балабанов “Шаруашылық субъектісінің  қаржылық жағдайы – бұл оның қаржы  бәсекелестік қабілеттілігінің сипаттамасын (яғни төлем қабілеттілігі, несие  қабілеттілігі) қаржы ресурстары мен  капиталды пайдалану, мемлекет алдында  және басқа да шаруашылық субъектілері алдында өз міндеттемелерін орындау. Шаруашылық субъектісінің қаржылық жағдайын талдаудың келесі түрлерін жүргізеді: табыстылық пен рентабельділік; қаржылық тұрақтылық; несие қабілеттілігі, капиталды пайдалану; валюталық  өзін-өзі өтеу”, - деп жазады.

       Ал  Н.А. Русак болса, бұл түсінікті  кең мағынада көрсетеді: кәсіпорынның қаржылық жағдайы қаржы ресурстарының  пайда болуы, орналастырылуы, пайдаланылуымен  анықталады...

       Кәсіпорынның  қаржылық жағдайы қалыпты өндіріске  қажетті коммерциялық және кәсіпорынның басқа да жұмыстарының қаржылық ресурстарымен  қамтамасыз етілуімен, олардың бағытталған  және тиімді пайдаланылуы, басқа да кәсіпорындармен қарым-қатынасымен, төлем қабілеттілігімен сипатталады. Кәсіпорынның мүмкіншілігі оның қаржылық тұрақтылығымен есептеледі.

       С.А. Стуков осы ұғым бойынша өзінің көзқарасын келесі сөздермен баяндайды: “Кәсіпорынның  қаржылық жағдайы – бұл бірқатар көрсеткіштермен сипатталатын оның саулығы мен өмір сүру қабілеттілігін кешенді түрде бағалау”.

       Бірқатар  түрлі әдістермен есептелетін бірыңғай көрсеткіштерге қарағанда (мысалы, еңбек  өнімділігі, қор қайтарымдылығы, өзіндік  құн, жалпы табыс, тиімділік) қаржылық жағдай түрлі көрсеткіштерді есептеу  нәтижесінде және олардың жалпы  бағалауға тигізетін әсерін зерттеу  негізінде анықталатыны анық. Кәсіпорынның қаржы жағдайы әлсіз және өмір сүру қабілеті жоқ кәсіпорындарға аяусыз қарайтын бәсекелі нарықтың экономика  жағдайындағы кәсіпорынның сенімді  болуын, тұрақтылығын және келешегі барлығын куәландыруы тиіс. Жалпы сенімділік кәсіпорын жұмысының үздіксіздігін  және оның төлем қабілеттілігін көрсетеді.

       Кәсіпорынның  қаржы жағдайы осы кәсіпорынның белгілі бір кезеңдегі қаржылық тұрақтылығын және оның өз шаруашылық қызметін үздіксіз жүргізуі мен өзінің қарыз міндеттемелерін уақтылы  өтеуі үшін қаржы ресурстарымен  қамтамасыз етілуін көрсетеді.

       Ал  кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығы  нені білдіреді? Кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығы ұғымын жеке экономикалық категория ретінде зерттеу әр авторлардың өз бетінше берген анықтамаларына байланысты пікірталас тудырды.

       Мысалы, Совет экономистерінің  көзқарасы  бойынша кәсіпорынның өте жоғары дәрежеде қызмет етуінде басты рөлді  рентабельділік анықтайды дейді.

       А.К. Коровушкина 70-жылдардың басындағы  монографияларында кәсіпорын қоғамдық еңбекті аз жұмсап, неғұрлым жоғары экономикалық нәтижеге қол жеткізуі керек деп санаған.

       Академик  РАН Е.С. Стоянова бастаған ресейлік ғалымдар қаржылық тұрақтылық кәсіпорынның қаржы-шаруашылық қызметінің 4 көрсеткішімен  сипатталады дейді. Оларға жататындар:

  1. жоғары дәрежеде төлем қабілеттілігі
  2. баланстың жоғары дәрежеде өтімділігі
  3. жоғары дәрежеде несие қабілеттілігі
  4. жоғары дәрежеде рентабельділік

       Бір авторлар қаржылық тұрақтылықты “өз  қаражаттарын шебер пайдалану қабілеттілігі, жұмыс процесінде үздіксіздігін  қамтамасыз ететін қаржының жеткілікті болуы” деп түсіндіреді... Қаржылық тұрақтылық – меншікті және қарыз  қаражаттарының байланысы деп жазады.

       Енді  біреулері “өз қаражаттары есебінен активтерге (негізгі қорлар, материалдық  емес активтер, айналым қаражаттары) жіберілген қаражаттарды жабатын, сондай-ақ өтелмеген дебиторлық және кредиторлық  қарыздарға жол бермейтін және де өз міндеттемелерін уақытысында  қайтаратын шауашылық субъектілері қаржылық тұрақты болып табылады”, деп жазады.

       В.М. Родионова мен М.А. Федотова бұл  ұғымды келесідей түсіндірді: “Кәсіпорында тұрақты қалыптасқан табыстың  шығыннан артуының өзіне тән айнасы – қаржылық тұрақтылық болып табылады. Ол ақша қаражаттарын еркін пайдаланып, оларды тиімді қолдану арқылы өндіру мен өнімді өткізу процесінің үзіліссіздігін қамтамасыз ететін, сондай-ақ кәсіпорынды  кеңейтуге және жаңартуға қажетті  шығындарын қаржыландыратын кәсіпорынның қаржы ресурстық жағдайын сипаттайды. Қаржылық тұрақтылық кәсіпорынның жалпы  тұрақтылығының негізгі бөлігі болып  табылады”. Осы еңбегінде бұл  авторлар одан әрі мына анықтаманы келтіреді:

       “Кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығы – бұл тәуекелділіктің  мүмкін болатын деңгейінде төлем  қабілеттілігі мен несие қабілеттілігін сақтай отырып, табысты өсіру негізінде  қаржыны жарату мен пайдалану  арқылы кәсіпорынның дамуын көрсететін қаржы ресурстарының жағдайы”.

       В.Т. Артеменко мен М.В. Беллендир бұл  ұғымды былай түсіндіреді: “Қаржылық  тұрақтылық – бұл табыстың шығыннан тұрақты дәрежеде артуы. Ол ақша қаражаттарын еркін пайдалануды қамтамасыз етеді  және оларды тиімді пайдалану арқылы өндіру және өнімді сату процесінің үздіксіз болуына жағдай жасайды. Сондықтан  да қаржылық тұрақтылық барлық өндіріс  – шаруашылық қызметі процесінде қалыптасады және кәсіпорынның жалпы  тұрақтылығының негізгі бөлігі болып  табылады”. Ал кәсіпорынның жалпы қаржылық тұрақтылығы, ол ең алдымен әрдайым  табыстың шығыннан артуын қамтамасыз ететін ақша ағымының қозғалысын көрсетеді. Нарық жағдайында ол ең бірінші өнімді (жұмыс, қызмет) өткізуден түсетін  табыстың  тұрақтылығын талап етеді  және оның мөлшері мемлекетпен, жабдықтаушылармен, несие берушілермен, жұмысшылармен  және тағы басқалармен есеп айырысу  үшін жеткілікті дәрежеде болуы тиіс. Сонымен қатар кәсіпорынның әрі  қарай дамуы үшін барлық есеп айырысулар мен барлық міндеттемелерді орындағаннан кейін осы кәсіпорында өндірісті  дамытуға, оның материалдық-техникалық базасын жаңартуға және де әлеуметтік климатын жақсатуға және басқаларға мүмкіндік беретіндей дәрежеде табыс  қалуы қажет.

       Қаржылық  тұрақтылықтың мәні – бұл қорлар мен шығындардың қалыптасу көздерінен қамтамасыз етілуі – деп түсіндіреді  А.Д. Шеремет пен В.С. Сайфллин. Э.А. Маркарьян мен Г.П. Герасименко  да дәл осындай көзқараста: “Кәсіпорынның  өз міндеттемелері бойынша есептесу мүмкіндігі немесе сауда,несие және басқа да төлем сипатындағы операциялардың нәтижесінде пайда болатын кәсіпорынның төлем міндеттемелерін уақтылы  және толық орындау мүмкіндігін  көрсететін төлем қабілеттілігі, қаржылық тұрақтылықтың сыртқы көрінісі болып  табылады”.

       Кәсіпорынның  қаржылық тұрақтылығы, қаржылық жағдайы  туралы көптеген ғалымдардың тұжырымдары  мен көзқарастары айтылып өтті. Енді айта кететін бір мәселе – бұл  кәсіпорындарының қаржылық тұрақтылығына  деген әрбір бөлек топ мүшелерінің  көзқарасы. Мысалы, меншік иелері кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығын мына тұрғыда  қарайды: олардың қызығушылығын кәсіпорынның қанша көлемде пайда әкелуі тудырады, пайда қаншалықты көп болса кәсіпорын соғұрлым тұрақты деп есептейді, ал несие берушілер (кредитор) қызығушылығын қарызға алынған қаражаттар бойынша төлемдер уақытылы төленуі тудырады. Ал басқарушылар персоналы тұрғысынан қарасақ олар кәсіпорын құрылғаннан бері оның барлық қызмет барысындағы өзгерістері мен жағдайынан хабардар, кәсіпорынның қызметі туралы барлық ақпараттармен қамтамасыз етілген, сондықтан да басқа да топ мүшелеріне қарағанда басқару персоналы кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығына жауапкершілікпен қарап, кәсіпорынның жағдайы олар үшін өте маңызды, жақын болып келеді.

       Сонымен, қорыта келгенде кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығы дегеніміз – оның төлем қабілеттілігі, несие қабілеттілігі, кәсіпорынның қаржылық тәуелсіздігі, өзіндік қаражаттарының еркіндігі, толықтылығы, бір сөзбен айтқанда, оның өзіндік капиталының қарыздық капиталдан асуы, несиелер мен төлемдер бойынша, сонымен қатар мемлекетпен салықтар мен басқа да міндетті төлемдер бойынша уақытында есеп айырысуды жүзеге асыру. 

                  1.2  Кәсіпорынның  қызметіне әсер  ететін факторлар 

       Кәсіпорынның  қызметі объективті, яғни кәсіпорынның өзінен тәуелсіз сыртқы факторларға  және басқару командасының шешіміне тәуелді ішкі факторларға байланысты. Өзгерістер мен жағымсыз тенденциялардың  алдын-алып, болдырмау осы факторлардың әсерімен сипатталады.

       Әр  кәсіпорынның қаржылық жағдайы оның жалпы қызметіне сәйкес бірқатар факторларға байланысты.

       Кәсіпорынның  қызметіне әсер етуші факторларды  ең біріншілер болып атап өткен С.С. Сатыбалдин мен К.Ш. Дюсембаев болды. Олар факторларды сыртқы-объективті және ішкі-субъективті деп бөлген.

       Сыртқы  факторлар олардың пайда болуына  байланысты екі үлкен әсер етуші  – макро және микроэкономикалық  деңгейге бөлінеді. Соңғы жылдары  мезодеңгейде көрсетіліп жүр.

       Макро және микроэкономикалық деңгей сыртқы факторларға қалай жатса, ішкі факторға да солай жатады.

       Сыртқы  факторлар оны қоршаған ортаны қалыптастыра отырып, кәсіпорынның қызмет ету шарттарын  анықтайды, яғни кәсіпорын басшылығына  дұрыс не бұрыс шешім қабылдау қажеттілігін көрсетеді. 

             Мемлекеттік экономикалық саясат. Ол кәсіпорынның қаржылық жағдайына салық тұтқаларын пайдалану арқылы, кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету арқылы және олардың қызметін реттеуге байланысты әр түрлі әкімшілік шараларды пайдалану арқылы ықпал етеді.

       Кәсіпорынның  қаржылық жағдайын анықтайтын факторлардың келесісіне экономиканы мемлекеттік  реттеу жатады. Оған кіретіндер: 

    • Саяси тұрақтылық – отандық кәсіпкерлікті дамытуға қажет шетел инвестицияларын  тартуға икемді болу, яғни қызығушылықтарын арттыру.
 
    • Ақша-несие  саясаты – бұл мемлекеттің  айналыстағы ақша массасын реттеу, соның негізінде экономикалық нақты  секторларының несиеге қол жеткізу  деңгейін анықтайды. Ал ұлттық валюта бағамының тұрақтылығы қаржылық операцияларды жүргізгенде және өнімге баға белгілеуде маңызды рөл  атқарады.
 
    • Салық-бюджет саясаты – бұл әр түрлі салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді белгілеу арқылы кәсіпорынға ықпал  ету. Бұл саясат кәсіпорынның бәсекелестерінің, әріптестерінің, тұтынушыларының қызметіне  әсер етеді, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттің  шығыстар жүйесі экономикадағы жиынтық  сұранысты анықтайды, жеке салаларды  дамытуды ынталандырады.
 
    • Сыртқы  экономикалық саясат – бұны белгілі  бір деңгейде әлемдік экономика  ықпалының нәтижесі десек те болады, бірақ бұны жеке, тәуелсіз факт ретінде  қарастырамыз, өйткені мемлекет экспорттық және импорттық операцияларды, шетел-валютасымен  операцияларды және шетел қаржы  нарықтарындағы отандық өндіріс  үшін жүргізілетін операцияларды өзі  анықтайды.
 
    • Экономиканы әкімшілік реттеу әдістері кәсіпкерлік  қызметке елеулі ықпал етеді. Кейбір кәсіпорындардың жекелеген салаларын  мемлекеттік реттеу көбінесе әкімшілік  әдістермен, сондай-ақ антимонополиялық саясат арқылы жүргізіледі.
 

       Кәсіпорынның  қаржылық жағдайының шарттарын анықтауда  экономикалық жағдайы шешуші рөл  атқарады. 

    • Экономикалық  циклдың дағдарыс, тоқырау, өрлеу, шарықтау сияқты фазаларымен және экономикалық дамудың жалпы ұлттық өнім көлемі, ұлттық табыс, инфляция мен жұмыссыздық  деңгейі сияқты макроэкономикалық  көрсеткіштермен  анықталатын жалпы  экономикалық конъюктура. Жалпы алғанда  қандай да бір уақыт аралығында қалыптасқан  экономикалық қатынастардың жағдайын қалыптастырады.
 
    • Мемлекет  экономикасының табиғи ресурстармен қамтамасыз етілуі өндірістің негізгі даму бағыттарын анықтайды, ал ол өз кезегінде экономикадағы  табыс нормасына, сонымен қатар  кәсіпорынның қаржылық жағдайына әсер етеді.

      Қаржы ресурстарымен қамтамасыз етілу  дегеніміз капитал мен еңбек  өндірісінің басқа факторларына қол жеткізу деген сөз. 

    • Экономикада қаржы ресурстарына қол жеткізу  қаржы нарығының даму деңгейімен анықталып, кәсіпорынның қосымша ресурстарды  тартуына немесе тежеуіне әсер етеді.
 
    • Еңбек нарығының  жағдайы мен даму деңгейі кәсіпорынның қызметіне бірнеше қырынан әсер етеді.

                

              Мезодеңгей кәсіпорынның жағдайына, оның қызметінің негізгі шарттарын қалыптастыра отырып әсер етеді. Шешуші рөлді мына факторлар атқарады:

    • Нарықтың даму деңгейі – жаңадан дамып келе жатқан салалар мен жаңадан зерттеліп, құрылып келе жатқан нарықтардың тәуекел деңгейінің жоғарылығымен сипатталады.
    • Нарықтағы бәсеке деңгейі – жекелеген немесе бір топ кәсіпорындардың баға деңгейіне әсер ету мүмкіндігі. Кәсіпорынның қаржылық жағдайына және осы кәсіпорынға деген несие берушілердің көзқарасына, сенімділігіне ықпалы зор.
    • Кәсіпорынның өніміне деген сұраныстың тұрақтылығы мен сұраныстың төлем қабілеттілігінің деңгейі кәсіпорынның осы шақтағы қаржылық жағдайын, сондай-ақ болашақтағы қызмет ету мүмкіндігін анықтайды.
 

           Кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығының негізгі шарттарын кәсіпорын басшыларының бақылауы анықтайды. Кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығына әсер ететін ішкі факторларға мыналарды жатқызамыз:

    • Кәсіпорынның өмірлік циклы – кәсіпорын қызмет етуінің алғашқы сатыларында кәсіпорын өзіндік (меншіктік) қаражаттары аз болса, сыртқы көздерден қосымша қаражат тартуға мәжбүр болады. Одан бөлек жабдықтаушылармен қалыпты қарым-қатынас орнату мен тұрақты тұтынушыларды қызықтыру біраз уақытты талап етеді. Едәуір дамыған сатысында кәсіпорынның нарықта үлесі, тұрақты несие берушілері, сенімді жабдықтаушылары мен әрі қарай даму стратегиясы қалыптасады. Бұндай кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығы жоғары болады.
    • Кәсіпорынның көлемдік сипаты – корпоративтік (корпорациялық) типтегі кәсіпорындардың қосымша капитал тартуда, қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуде мүмкіндігі кішігірім кәсіпорындар мен бір ғана тұлғаның иелігіндегі кәсіпорындарға қарағанда әлдеқайда жоғары болады.
    • Кәсіпорынның өсу қарқынының динамикасы – кәсіпорынның тұрақты бірқалыпты дамуы бір жағынан кәсіпорынның қаржылық  жағдайының беріктігінің нәтижесі болса, екінші жағынан қаржылық қатынастардың беріктілігі мен қаржы нәтижелерінің жақсаруынан.
    • Кәсіпорынның алдына қойған мақсаттары мен міндеттері – бұл фактор кәсіпорынның қаржылық жағдайын анықтаудың бірнеше шарттарын біріктіреді:
    1. Шешуші рөлді кәсіпорын дамуының стратегиялық бағыттарының дұрыс қалыптастырылып, өңделіп, бекітілуі және тактикалық шараларды анықтаумен қоса алға қойған мақсаттарға жетуге деген ынтасы атқарады.
    1. Сыртқы орта шарттары мен қоғамдық тұтыну арасындағы мақсаттардың сәйкестігі.
      • Кәсіпорынның құрылымы – басқару теориясында қатаң қызметтік құрылым мен иілмелі дивизиондық құрылымдық бөлімшелері бекітіледі.

       Қатаң қызметтік құрылым типінде кәсіпорын  құрылымдары қатаң түрде анықталған функцияларды орындайды, сонымен қатар  кәсіпорынның нақты ұйымдастырған  құрылымы бар.

       Иілмелі дивизуалды құрылымдық бөлімшелер тактикалық шараларды жүзеге асыру үшін арнайы құрылымдық элементтерді қалыптастырып, оларды қажетті кадрлармен және техникамен жабдықтайды. 

    • Персонал  – кәсіпорын жұмысшыларының мамандандырылуы, әсіресе басқару органдарының жоғары дәрежеде мамандандырылуы өте маңызды, өйткені кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығы  басқару органдарының қабылдаған шешімдерінің дұрыс не бұрыстығына байланысты, сонымен қатар кәсіпорынның даму бағыты мен саясаты көбінесе басқару  органдарының жеке басының артықшылықтары мен мақсатына тәуелді анықталады.
    • Технология – қолданылатын технологиялардың қазіргі заман талабына сай болуы өнімнің сапасына және кәсіпорынға келіп түсетін пайда мен ақша ағымдарының кәсіпорын төлеміне әсер етеді.
 

       Кәсіпорынның  қаржылық тұрақтылығы кәсіпорынның қаржылық және нақты ресурстарын  ұйымдастыру мен басқару тиімділігіне, кірістер мен шығыстардың тепе-теңдігіне, өндіріс процесінің үзіліссіздігін қамтамасыз ететін жоғары дәрежедегі өтімділік активтерінің болуына  байланысты.

    • Өзіндік, сырттан қосымша тартылған және қарызға алынған қаражаттар бойынша қаржыландыру көздерінің арақатынасының оптималды деңгейін сақтау.
    • Нақты нарық шарттарына, сонымен қатар кәсіпорынның қызмет ету саласына сәйкес кәсіпорынның айналмалы және айналымнан тыс активтерінің құрылымын оптималды түрде қалыптастыру.
    • Өнімді өндіру мен өткізу процесінің үзіліссіздігін, кәсіпорын ресурстарының айналымын қамтамасыз ету үшін жабдықтаушылар мен тұтынушыларды қатаң сұрыптау (тщательный отбор), яғни ақшалай және материалдық ресурстардың түсімдерінің тұрақтылығы. Жабдықтау шарттары мен төлемдері бойынша келісім-шартты алдын-ала құру.
    • Инвестициялық саяатты, баға саясатын және сату саясатын нақты жоспарлау мен оны жүзеге асыру.
    • Кәсіпорынның жалпы қызметіне және оның барлық құрылымдық  бөлімшелеріне үнемі оперативтік бақылау жүргізіп отыру.
    • Нәтижелерді талдау жұмыстарын жүргізу мен кейінгі қызметін бақылау.
    • Стратегиялық дамудың бағыттарын анықтап, тактикалық мәселелердің орындалуын қамтамасыз ету.
 

       Жоғарыда  аталып өткен шарттардан басқа кәсіпорын  қызметінің қаржылық нәтижесіне бухгалтерлік принциптер, алғашқы мәліметтер алынған  есептік әдістер ықпал етеді.

       Кәсіпорынның  қаржылық жағдайына әсер ететін шаруашылық қатынастардың тиімділік факторы  да бар. 
 

ІІ-тарау. Қаржылық жағдайды бағалау әдістерінің жүйесі

2.1. Қаржылық жағдайды  талдау әдістері. 

    Қаржылық  талдаудың тәжірибесі қаржылық есепті оқудың негізгі ережелерін қалыптастырды.Олардың  ішінен алты негізгі әдісті бөліп  қарастыруға болады:

  • көлденең талдау;
  • тікелей талдау;
  • трендтік талдау;
  • салыстырмалы талдау;
  • факторлық талдау;
  • қаржылық коэффиценттер әдісі.

   Көлденең  талдау – есеп берудің әрбір позициясын өткен кезеңмен салыстыру.Ол өткен  кезеңдегімен салыстырғандағы бухгалтерлік есептің түрлі баптарының абсолюттік және салыстырмалы ауытқуларын анықтауға  мүмкіндік береді.

   Тікелей талдау - әрбір есеп позициясының жалпы  нәтижеге тигізетін әсерін айқындай отырып,қорытынды қаржылық көрсеткіштердің  құрылымын анықтау.Ол жалпы баланс немесе оның бөлімдері бойынша қорытынды  көрсеткіштегі жеке баптардың үлес салмағын анықтауға мүмкіндік береді.Мысалы ұзақ және ағымдағы активтердің кәсіпорын  мүлкінің жалпы құнындағы,яғни баланс валютасындағы үлес салмағы және т.б.

   Тікелей және көлденең талдаулар бір-бірін  толықтырып отырады.

   Трендтік  талдау барлық көрсеткіштер 100 % деп  алынатын базистік жыл деңгейінен, бірқатар жылдар көрсеткіштерінің салыстырмалы ауытқуын есептеуге негізделеді.Басқаша  айтқанда ,трендтік талдау әрбір есеп позициясын бірқатар өткен кезеңддермен салыстыруды және трендті,яғни жеке кезеңдердің дербес ерекшеліктері  мен  кездейсоқ  әсерлерінен тазартылған  көрсеткіш динамикасының  негізгі  тенденциясын  анықтауды көрсетеді.Трендтің көмегімен болашақтағы көрсеткіштердің  мүмкін болатын маңызы қалыптасады,ал одан кейін перспективті,болжамдық  талдау жүргізіледі.

   Қаржылық  талдаудың нарықтық экономика жағдайында  көбірек таралған әдісі әр түрлі  қаржылық коэффиценттерді пайдалану  болып табылады.

   Коэффиценттер салыстырмалы шамалар болып табылады,оларды есептеу кезінде шамалардың біреуін  бірлік  ретінде алып, ал екіншісін  бірлікке қатынасы ретінде көрсетеді.Қаржылық коэффиценттерді есептеу баланстың  жеке баптарының арасында болаты н  өзара байланыстарға негізделген.Олар кәсіпорынның (корпорацияның) қаржылық жағдайын кезекті факторлық талдау үшін алғашқы база болып табылады және олар талдау нәтижесінде талдау жүргізушіге жасырын құбылыстарды ашуға мүмкіндік береді.

   Салыстырмалы  талдау – фирманың, еншілес фирмалардың, бөлімшелердің және цехтардың жекелеген  көрсеткіштері бойынша есебінің құрама көрсеткіштерін  шаруашылық ішіндегі талдау, сондай-ақ берілген фирманың көрсеткіштерін орташа салалық және орташа жалпы экономикалық мәліметтері  бар бәсекелес фирмалардың көрсеткіштерімен салыстырғандағы шаруашылық аралық талдау болып табылады.

   Факторлық талдау – бұл жекелеген факторлардың қорытынды көрсеткішке тигізетін  әсерін зерттеудің детерминдік ( анықтау) немесе реттелмеген тәсілдер көмегімен  талдау.Сонымен қатар факторлық  талдау қорытынды көрсеткіштерді оның  құрамдас бөліктеріне жіктегенде –  тура, ал оның жеке элементтерін жалпы  қорытынды көрсеткішке біріктіргенде  ол – кері (синтез) болуы мүмкін.

   Жоғарыды  аталған әдістермен қатар, қаржылық жағдайды талдауда экономикалық, сондай-ақ экономикалық және математикалық статистиканың  дәстүрлі әдістері қолданылады.

   Қорыта  айтқанда, кәсіпорынның қаржы жағдайын талдауда аудиторлық түрлі әдістер  мен тәсілдерді қолдануға еркі бар.Оларды ұтымды пайдаланып, осы талдауды жүргізудің   дәйектілігіне  байланысты дұрыс  әдсті таңдай отырып, аудитор қаржылық жағдайға терең, жан-жақты әрі кешенді  талдауды жүргізе алады,сондай-ақ объективті және анық баға береді, қаржылық тұрақтылықтың  нығаюы мен кәсіпорынның табыстылығының өсуі жөнінде ұсыныстар дайындайды. 
 
 

    2.2. Қаржылық тұрақтылықтың абсолютгі көрсеткіштері тауарлы-материалдық қорлардың, олардың қалыптасу көздерімен қамтамасыз етілу дәрежесін көрсететін көрсеткіштер. 

    Тауарлы-материалдық  қорлардың қалыптасу көздерін сипаттайтын  үш негізгі көрсеткіш анықталады:

    1. Меншікті айналым капиталының бар болуы. Бұл көрсеткіш меншікті капитал мен (баланс пассивінің I бөлімі) ұзақ мерзімді активтердің (баланс активінің I бөлімі) арасындағы айырма ретінде анықталады. Ол меншікті айналым қаражаттарын сипаттайды. Алдыңғы кезеңмен салыстырғанда оның көбеюі кәсіпорынның қызметінің болашақтағы дамуын көрсетеді. 

    Мак көрсеткіші бірқатар маңызды талдау коэффициенттерін есептеп табу үшін пайдаланылады: кәсіпорынның ағымдағы активтерін жабу коэффициенті (бұл көрсеткіштің нормативті мәні 0,1-ден төмен болмау керек), тауарлы-материалдық қорларды жабу коэффициенті (бұл көрсеткіштің нормативті мәні 0,6-дан төмен емес) және тағы басқалары.

Қаржылық жағдай мен қаржылық тұрақтылықтың теориялық негіздері