Қазақ философиясы. 8

Қазақ философиясында басқа халықтар тәрізді Әлем мен Адам екі дүниенің сырын ашуға ұмтылған. Аспан денелерінің қозғалысына тандана қарап, өзінше ой түйген. Көк аспанның сырын ашуға талпынған. Жұлдызды әлемнің жұмбақтарын ашуды арман еткен. Нәтижесінде дүние туралы түсінігі, көзқарасы қалыптасқан. Адам бойындағы небір тылсым күштерді де тануға ұмтылған. Қазақ халқының дүниесезімі мен дүниетанымының ерекшелектері өзі өмір сүрген ортамен тікелей байланысты. Қазақ халқы басқа еуропа халықтары сияқты табиғатты өзгертуге немесе оған үстемдік етуді мақсат етіп қоймаған. Керісінше, табиғатқа бейімделіп, онымен гармониялық қатынас орнатуды мақсат тұтқан. Қазіргі заман тілімен айтқанда, көшпенді қазақтардың экологиялық санасы биік болған. Бұл - біріншіден. Екіншіден, қазақ дүниетанымының ерекшеліктерін айтқанда, ескерер мәселе, ол - қашанда олардың еркіндік пен бостандық сүйгіштігі. Қазақ жерінде ешқашанда құлдық болмаған. Үшіншіден, қазақ қашанда теңдік пен әділеттілік мәселесіне қатты назар аударған. Төртіншіден, теңдікке негізделген әділеттіліктен әлеуметтік айырмашылықтар мен әлеуметтік топталу аз болған. Бесіншіден, байлыққа жетуден гөрі ар-намысты жоғары ұстау халықтың қанына терең сіңген құндылық. Онымен тығыз байланысы бар нәрсе - бар затқа қанағат ету де қазаққа тән қасиет. Алтыншыдан, ұжымдық мүддені жеке мүддеден гөрі жоғары ұстау – ол да көшпенділік өмір салтынан шыққан құндылық. Жетіншіден, өне бойы көшіп-қону барысында қашанда әр қилы қиындықтарды, қауіп-қатерлерді бастан кешуге тура келді. Ол - ерлікті, батырлықты қасиет етуді талап етті. Сегізіншіден, көшпенділердің өмірі өне бойы қауіп-қатерлерден, соқтығыстардан тұрғаннан кейін ол күнбе-күнгі өмірді бағалап, алудан гөрі болуды жаратқан. Әрбір күнді той-думанға айналдыру, өзін шешен сөзбен, даналықпен көрсете білу, әртүрлі сайыстарға қатысу, «сегіз қырлы, бір сырлы болу» бабаларымызға тән нәрселер болған. Тоғызыншыдан, дүниеге, басқа халықтарға деген көңілінің ашықтығы, қиналғандарға риясыз қол ұшын беру - бұл да біздің халықтың керемет қасиеттерінің бірі болып саналады. Оныншыдан, көшпенділердің негізігі құндылықтарының бірі - ата-ананы, үлкендерді сыйлау. Әрине, халықтың мыңдаған жылдар шеңберінде бойына жинаған көп қадір-қасиеттерінің ішінен біз негізгілерін ғана көрсеттік. Енді келесі мәселеге - қазақ философиясының ерекшеліктеріне тоқталатын болсақ: Біріншіден, қазақ философиясында онтологиялық (болмыс) және гносеологиялық (дүниетаным) мәселелерден гөрі адам мәселесіне көбірек көңіл бөлінеді. Екіншіден, адам мәселесі, қазіргі тілмен айтқанда, көбінесе экзистенциялық тұрғыдан қаралады және ол көшпенділік өмір салтын түсірсек түсінікті де болар. Үшіншіден, Отандық философияда абстрактылы-теоретикалық жүйелер жасау өте сирек кездесетін құбылыс - философиялық ізденіс адамның нақтылы өмірдегі жүріс-тұрысын сараптауға, яғни практикалық мәселелерге көбірек көңіл бөлінеді. Төртіншіден, адам болмысының этикалық жақтарына: жақсылық пен жамандық, ізгілік пен зұлымдық, ар-намыс, абырой т.с.с. категорияларға терең талдаулар жасалады. Бесіншіден, қоғам өмірінің негізгі мәселесі ретінде әрқашанда әлеуметтік әділеттілікке көбірек назар аударылады; Алтыншыдан, Отандық философияны аксиологиялық философия десек те болғаны, өйткені, онда құндылық әлеміне зор қөңіл бөлінеді. Енді мәселені нақтылай түсіп, Отандық философияның негізгі сатыларына қысқаша көз жіберейік. Басқа халықтардың философиясы сияқты Отандық философия да өз қайнар көзін көне аңыздар мен дастандар, ертегілерден бастайды. Егер аңыздармен бай халықтарға үнді мен гректерді жатқызса, қазақ елі де олардан кем түспейтін болар. Өйткені, өне бойы көшіп-қонып жүрген халықтың бір ғана байлығы болды, ол оның тілі, бабалардан келе жатқан дәстүр, аңыз-хикаялар, нақыл сөздер. Олардың көбі жаңа ғана жарық көріп, философиялық тұрғыдан талдануда. Көне түріктердің түсінігі бойынша, бұл Дүние жоқтан бұрын пайда болған. Оны ұстаға ұқсайтын Жаратқан тудырды. Дүние негізінен: жер, су, от, ауадан тұрады. Ол неше түрлі қайшылыққа толы: жер мен күн, өмір мен өлім, адам мен табиғат, бақ, құт пен зардап, жарық пен қараңғы, жылы мен суық т.с.с. Аспанға көз жіберген ежелгі түрік бабаларымыз оны Тәңір Жаратқан әлеміне жатқызған. Сонымен қатар, көне түріктердің нанымында ерекше орынға ие болған әйел Құдай - Ұмай болды. ХV-ХVIII ғ.ғ. философиялық ой - толғамдар негізінен жыраулық түрде дамыды. Қазақ халқының ақын-жырауларының ішінен Сыпыра жырауды, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Марғасқа, Ақтамберді, Бұқар жырауларды атауға болады. Қазақ халқының тарихында XIX ғасыр ерекше орын алады. Бұл ғасыр қазақ мәдениетінде «ағартушылық философия» деп аталады. Қазақ ағартушылық философиясының көрнекті өкілдері: Ш.Уалиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев. Ш.Уалиханов (1835—1865) – ұлтының ұлылығын әлемге әйгілеген ұлы ғалым. Болашақ ғалым дала әніне, ана уіліне, түркілердің елдігімен ерлігіне әлдиленіп өскен. Бабаларымыздың өсиетнамасын, елін, жерін, тілін сақтауға алтын арқау, аялы өзек болған фольклорды қадір тұтты. Ол «Ер Едіге» жырының үш нұсқасын өзара салыстырып, жаңа нұсқасын жасаған кезде Шоқан небәрі жеті жаста еді. «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын да сол кезде қағаз бетіне түсірген. Елінің тарихын, ауыз әдебиетін, этнографиясын, экономикасын жетік білген ел ағасы Шыңғыстан, өз заманының тек білімді ғана емес, сонымен қатар озық ойлы, парасатты, зиялы әкесінен болашақ оқымысты зор ғибрат алған. Ш.Уәлихановтың азамат, ғалым және ойшылдық қалыптасуында орыстың озық мәдениеті мен ғылым қайраткерлерінің маңызды рөл атқарғанын атап өтуіміз қажет. Шоқан В.Г.Белинскийдің, Н.Г.Чернышевскийдің, А.И.Герценнің, Н.А.Добролюбовтың еңбектерін оқып-үйренді, олардың көзқарастары мен идеяларын қуаттады. Ш.Уәлиханов тікелей философиялық мәселелер жөнінде еңбектер жазбаған, алайда, барша шығармаларынан дерлік философиялық пікірлер мен тұжырымдарды байқауға болады. «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы», «Сахарадағы мұсылмандық жөнінде», «Тәңір (құдай)» деген еңбектерінде философияның негізгі мәселесіне қатысты пікірлер айтады Қазақ жеріндегі шамандықтың орын алу себебін түсіндіргенде «сыртқы дүние - күн, ай, жұлдыздар және жер - алғашқы құдірет болып табылады» деп көрсетеді. Сонымен бірге шамандықтың шығу тегін мұқият зерттеулерінен және басқа да еңбектерінен Шоқанның себептілік заңдылығын құптайтындығы, себепсіз құбылыс болмайтындығына кәміл сенетіндігі байқалады. Мысалы, «Тәңір (құдай)» мақаласында қазақтардың малды қасиет тұтатын ырымдары себебін халықтың күн көрісі малға байланысты екендігімен түсіндіреді. Сонымен, Шоқан сыртқы дүниенің санадан тыс өмір сүретіндігін, оның объективтік заңдылықтарға бағынатындығын мойындайтын философиялық көзқараста болғанын көреміз. Қазіргі кезде философияның негізгі мәселелерінің маңыздысы есебінде адам, оның қоршаған дүниеге қарым-қатынасы аталынады. Уәлиханов бұл мәселенің маңызды екенін сонау XIX ғасырдың орта кезінде-ақ айтып кеткен. «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» деген еңбегінде табиғат пен адам, өмір мен өлім әрқашан түпсіз сырға толы ғажайып таңдану пәні болды деп көрсетеді. Ыбырай Алтынсарин (1841-1889) дүниетанымы қалыптасуына туған ел, халық ауыз әдебиеті, озық орыс әдебиеті мен Еуропа ойшылдарының еңбектері елеулі әсерін тигізді. Ш.Уәлиханов секілді Ы.Алтынсарин да өз халқының артта қалушылығын жоюдың бірден-бір жолы ағартушылықта деп сенді және Қазақстандағы халық ағарту ісінің ұйымдастырылуы мен дамуына белсене араласты. Ыбырай Алтынсарин арнайы философиялық тақырыпта еңбек жазбаған, дегенмен, ағарту және қоғам мәселелерін талдауға арналған шығармаларында дүниетанымдық ерекше пікірлер қалыптастырған. Ыбырайдың көптеген өлеңдері мен әңгімелерінен оның қоршаған дүниенің санадан тыс және тәуелсіз өмір сүретіндігін мойындайтынын байқаймыз. «Жаз», «Өзен» сияқты өлеңдері табиғатты өзінше тамашалау ғана емес, сонымен бірге оның адам санасынан тыс және тәуелсіз екендігі сезіледі. Бұл - ұлы ағартушының дүние туралы көзқарасының бір жағы. Екінші, Ыбырай дүниені жаратушы құдай деп біледі. Бұл ойды ол көптеген шығармаларында қайталап отырады. Мысалы, «Жаратқан мұнша таңсық жаббар құдай!» (Алтынсарин Ы. Таза бұлақ. А., 1988, 18-бет), «Жаратты неше алуан жұрт бір құдайым» деген өлең шумақтарында, «Мұсылманшылдықтың тұтқасы» т.б. еңбектерінде осы пікірді қуаттайды. «Мұсылманшылдықтың тұтқасында» бүкіл дүниені, жан-жануарларды айта келіп, «мұның бәрі де жалғыз теңдесі жоқ, ұқсасы жоқ бір құдайдың барлығына, бірлігіне һәм кәміл жаратушы халық - қадір екендігіне дәлел болса керек» деп тұжырымдайды. Ойды қайырып айтқанда, Ыбырай қоршаған дүниенің объективті өмір сүретіндігін мойындайды, сонымен бірге дүниені жаратушы құдай деп біледі. Бұдан Алтынсариннің дүниеге көзқарасы деизмге жақын екенін көреміз. А.Құнанбаев (1845-1904) қазақ ағартушылығында, қазақ халқының бүкіл ұлағатты мәдениеті тарихында үлкен орын алған ұлы ақын, ойшыл. Оның шығармашылық мұрасы өлең, дастан, философиялық проза, аудармалар мен әндерден тұрады. Абай - қазақ әдебиетінде сыншыл реализмнің негізін салушы. Ол «ақынның азаматтық парызы шындықты бейнелеуде, қоғамдық кесірді әділет пен ақылдың билігіне жүгіндіруде» деп білді. Дүниетанымдық мәселеде Абай Алтынсарин секілді деизмге жақын. Құдай - өз заңдары бойынша дамып жататын өлшемнің алғашқы себепшісі деп түсінді. Абай Құнанбаев өзінің аса дарындылығы, ой-өрісінің тереңдігі, халқына деген қамқорлығымен әлемге танымал болды. Абайдың дүниеге көзқарасы ойы мен қыры мол, күрделі. Дүние туралы пікіріне келсек, деизмге жақын дедік. Біріншіден, сыртқы дүниенің санадан тыс өмір сүретіндігін қуаттайды. Мысалы, қырық үшінші қара сөзінде адам «...көзбен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп, тыстағы дүниеден хабар алады» (А.Құнанбаев. Шығармаларының бір томдық жинағы. А., 1961, 48-бет), - дейді. Сонымен бірге көптеген өлеңдерінде, отыз сегізінші сөзінде жан-жануарларды, адамды, тіпті, машина, фабрикаларды алла жаратты деген тұжырым жасайды. «Мен» және «менікі» деген философиялық мәселені қарастырып, өзіндік тұжырымға келеді. Ақынның ойынша «мен» - ақын, жан, «менікі» - адам денесі. «Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, «менікі» өлсе өлсін, оған бекі» деп, дене өлгенімен жан өлмейді деген қорытындыға келеді. Абай таным туралы құнды пікірлер қалдырды. Түйсіктеріміз арқылы дүниеден хабар аламыз, пайда, залалды айыратын қуаттың аты - ақыл дейді. Көптеген өлеңдері мен қара сөздерінен диалектикалық тұжырымдар бейнесін көруге болады. Шәкәрім Құдайбердиев (1858-1931) Шығармалары: «Үш анық», «Мұсылмандық шарты». Оның «Үш анық» еңбегінде ар-ұждан мәселесі қарастырылады. Шәкәрім біріншіден - онтологиялық жолындағы гносеологиялық, таныммен, екіншіден, дін жолындағы теологиялық дүниетанымды екінші анық деп көрсетеді. Ал үшінші анығы Абайда кеңінен сөз болған мораль философиясындағы жан құмарына барып ұштасатын ұждан туралы күрделі проблеманы көтереді. «Адамдағы: ынсап, әділет, мейірім - үшеуі қосылып ұждан деген ұғым шығады. Мұны орысша «совесть» деп атайды. Бұған нана алмаған адамның жүрегін ешбір ғылым, өнер, ешбір заң тазарта алмайды. Ұжданы сол жанның азығы екеніне ақылмен сынап істесе, оның жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды» - дейді. [1]==Пайдаланған әдебиеттер==

Қазақ Философиясы[1] – қоғамдық сананың ұлттық түрі; тұрмыс пен танымның ортақ принциптері, адам мен дүние жүзінің қатынасы туралы ілім, табиғаттың, қоғамның және дүниетанымның жалпы даму заңдары жайындағы ғылым. Қазақ халқының даналық өрісінде дүние мен адам туралы дүниетанымдық көзқарастардың тарихи қалыптасқан даму жүйесін қамтиды. Қазақ тіліндегі даналық түсінігі мәні жағынан философияға жақын. Қазақтың даналық ой-пікірлерінің тарихы екі кезеңнен тұрады.Бірінші кезеңде Анахарсис, Қорқыт, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Йасауи, Әбу Наср әл-Фараби, Махмұт Қашқари, т.б. данышпандар даналық дәстүрлерін жасады, олар табиғи түрде қазақ этносының дүниетанымдық ойлау мәдениетінің бастау арналарына айналған.Екінші кезеңде қазақ халқының төл дүниетанымы мен философиясы қалыптасып, дамыды. Қазақ философиясының төл тарихы Асан Қайғы мен Мұхаммед Хайдар Дулаттан басталады. Асан Сәбитұлы – жырау, ойшыл, мемлекет қайраткері. Ол қазақ этносын әрі мемлекетін қалыптастырып, нығайтуда «Жерұйық» ілімін дүниеге әкелді. Бұл – халықтың қауымдасып ұлттық мемлекет құру идеясы болатын. Асан Қайғы өз жыр-толғауларында, шешендік сөздерінде хандық мемлекетті нығайту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажеттілігін насихаттайды. Оның Асан Қайғы атануы – ғұламаның ойшылдығының, парасаттылығының айғағы. Асанның қайғысы тек өз заманына қатысты емес, оны қайғыға салып отырған – болашақ туралы болжамдары, халық қайда бара жатыр, ертеңі қандай болады деген күрделі сұрақтар. Асан Қайғы – түркі жұртының әйгілі ойшылы Қорқыттың дүниетанымын жалғастырушы. Қазақ философиясы бастау алатын екінші ойшыл, қоғам қайраткері – М.Х.Дулаттың «Тарих-и-Рашиди» еңбегінде түркі дүниесінің рухани тұтастығы және оның дүние жүзі халықтары өркениетімен тығыз байланысы нақтылы мысалдармен баяндалған. Дулат философиялық антропологияның басты мәселесінің бірі күнә ұғымына сол заман ойшылдары еңбектеріне сүйеніп, талдау жасаған. Асан Қайғыдан басталған жыраулар легі (Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар, т.б.) қазақ қауымында хандық мемлекет жойылғанша болды. Хандық жойылған соң жыраулар дәстүрі жалғаспай қалды. Қазақ ақын-жырауларының шығармалары көшпелі болмысты, ата-қоныс, адам, қоғам, сол кездегі әлеум. жағдайларға, батырлық, көркемдік, адамгершілік, өмір мәселелеріне байланысты бола тұра, терең мағыналы философиялық ойларға толы. Қазақ поэзиясындағы философиялық бағыттың негізін салушылардың бірі – Шалкиіз жырау Тіленшіұлының шығармасында философиялық ой кешу, жыр толғау әдістері ерекше. Жырау дүниеде тұрақты, мәңгілік ештеңе де жоқ деп тұжырымдайды. Ақтамберді Сарыұлы өз жыр-толғауларында елді ерлікке, бірлікке шақырады. Оның жырларынан қазақ халқының ой-арманы, мақсат-мүдделері, олардың бар болмысы, ерекшеліктері, дүниеге өзіндік көзқарасы аңғарылады. 18 ғасыр жыраулары ішіндегі аса көрнекті тұлға – Бұқар жырау Қалқаманұлы да дүниедегінің барлығы өзгеріске ұшырап отыратындығын атап көрсетеді. Шығыстық ойлау жүйесі хакімдік діни философияны теріске шығармаған. Мыс, Қожа Ахмет Йасауидің сопылық ілімі ұлттық ойлау мәдениетіне нық еніп, оның қалыптасуының бір рухани негізі болды. Қазақ тіліндегі ақыл, парасат, тәуба, қанағат, шүкіршілік, хал, амал, сыр, шапағат, т.б. көптеген сөздер – сопылық дүниетанымның ұғымдары мен түсініктері. Төрт ғасырға тарта дербес мемлекет құрып, хандық дәуірде өмір сүрген қазақ халқының заманға сай құндылықтар жүйесі қалыптасты («Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Ер Едіге», «Қамбар батыр», «Ер Қосай», «Қырымның қырық батыры», т.б. жыр-дастандарындағы ерлік философиясы). Ерлік философиясы Махамбет Өтемісұлы жырларында өз жалғасын тапты. Шығыс поэзиясының, сопылықтың ықпалы және төл түсініктер негізінде қалыптасқан ғашықтық философиясына қатысты құндылықтар «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Еңлік – Кебек», «Қалқаман – Мамыр», т.б. жырларға негізгі өзек болды. Қазақтың дербес мемлекеттілігі жойылғаннан кейін жүз жылға созылған Зар заман дәуірінің ақындары (Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, т.б.) халықтың басына түскен отаршылдық нәубетін сары уайымға салыну, торығу сарынымен жырлады. Дулат Бабатайұлы өз шығармаларында қайырымдылық пен зұлымдық, мырзалық пен сараңдық, білім мен надандық мәселелерін талдап, шығармаларына негізгі арқау етті. Дулаттың әлеуметтік философиясы – жер, суды, елдің бірлігін сақтап қалу идеясы, басқа жұртқа күш көрсетпеу философиясы. Зар заман ақындарының ірі өкілі Мұрат Мөңкеұлы шығармаларындағы басты сарын – жер мәселесі, ата қоныс, бас бостандығынан айырылған тұтас елдің мұң-зары. Шортанбай заманақыр таяғанда табиғат та азады десе, Мұрат керісінше, заманның азуын адамнан көреді. 
Қазақ философиясы тарихында әйгілі ғалым Ш.Уәлихановтың орны ерекше. Ол «Даладағы мұсылмандық жөнінде», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы», «Тәңір (құдай)» деген еңбектерінде философияның негізгі мәселесіне қатысты пікірлер айтқан. Уәлиханов сыртқы дүниенің адам санасынан тыс өмір сүретіндігіне шек келтірмейді. Ол қазақ жерінде шамандықтың орын алу себебін түсіндіргенде «сыртқы дүние: күн, ай, жұлдыздар және жер – алғашқы құдірет болып табылады» деп көрсетеді. Оның еңбектерінен себептілік заңдылығын құптайтындығы, себепсіз құбылыс болмайтындығына кәміл сенетіндігі байқалады. Қазақ ағартушылығының көрнекті өкілі Ы.Алтынсарин бала дүниетанымының философиялық мәселелерімен алғаш шұғылданып, осы бағытта тамаша үлгі жасады. Хикмет сөз, яғни даналық айту дәстүрі Абай Құнанбаев заманына дейін үзілмеген. Абай адам болмысын тануда тың дүниетанымдық ойлар айтты. Адамзатты Алла махаббатпен жаратқан, демек, махаббат адамға дейін болған, Алланың тек өзіне ғана тән құдіреті деп білген Абай Адам мен Алланың арасындағы қатынасты сүю деп атайды. Өзін махаббатпен жаратқан Алласын адамның сүюі парыз. Абай сүюдің үш түрін айтады, олар: Алланы сүю, оның жаратқан кереметі – адамды сүю және хақ жолы деп әділеттілікті сүю. Осы үш сүюді Абай имани гүл дейді. Хакім Абай «толық адам» немесе кәмелетті адам тұжырымдамасын жасады. Олар: нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат. Адамды толық ететін – ақыл, жүрек, қайрат. Абай сияқты Шәкерім Құдайбердіұлы да қазақ елін қалай мәдениетті елдер қатарына қосамын деп талпынады. Шәкерім Абайдың имани гүл ілімін «Үш анық» кітабында ұят туралы ілімге айналдырды. Осы еңбекте Шәкерім сол кездегі еуропа ағымдардан деректер келтіре отырып, этикалық максимализмге негізделген ар-ұятты дәріптеу ілімін жасады. Ойшылдың тарихи-философиялық еңбектерінің («Қазақ айнасы», «Мұсылмандық шарты», «Түрік, қырғыз, қазақ hәм хандар шежіресі», «Үш анық») дүниетанымы мен негізгі әлеуметтік сарыны ағартушылық, адамгершілік идеяларымен сабақтасып жатыр. 19–20 ғасырларда Қазақ философиясындағы ой-толғаныстар мен көтерілген негізгі мәселелер дәстүрлі қазақ ойшылдығына сүйенгенімен, олардың ойлау кеңістігі кеңейіп, Қазақ философиясын еуропа дәстүрмен ұштастырып отырды. Бұл бағыт Абайдан басталып, 20 ғасырдың басындағы басқа да қазақ ойшылдарының шығармаларында жалғасын тауып, кең өріс алды.20 ғасырдың басында С.Торайғыров, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, т.б. озық ойлы қоғам қайраткерлері саяси сахнаға шығып, ең алдымен «Зар заман» (М.Әуезов) дәуірі өкілдерінің ой-пікірлерін дамытты. Олар өз шығармаларында отаршылдық бұғаудан құтылу, қазақ халқын өз алдына тәуелсіз ел ету, халықтың санасын ояту, надандықтан арылу мәселелерін көтерді. 20 ғасырдың 30-жылдары қазақ зиялы қауымының қуғын-сүргінге ұшырауымен Қазақстанның философиялық ой-пікірлер жүйесінің дамуы үзілді. 20 ғасырда қазақ халқының болмысына ерекше әсер еткен тұлға – М.О.Әуезов. Ол қазақ халқының келешегін айқындауда құнды мәдени-философиялық тұжырымдамалар ұсынды. Әуезов «бесігіңді түзе, бесігін түзей алмаған халықтың болашағы жоқ» деген терең ой айтты. Қазақстан үшін 1917 жылдан бастап отаршылдықтың жаңа түрі – кеңестік құндылықтар қалыптаса бастап, коммунизм туралы ілім негізге алынды, маркстік-лениндік философия үстемдік етті. Мұндай жағдайда қазақ халқының даналық ой-пікірлерін зерттеуге мүмкіндік болмады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бастап құлдық психологияның орнына демократия, өркениеттік құндылықтар орныға бастады. Қазіргі әдебиеттерде қазақ философиясы ұғымымен қатар «қазақстандық философия» деген ұғым қолданысқа енді. Ол Қазақстанда өткен ғасырдың 60-жылдары қалыптаса бастады, келе-келе «Қазақстандағы философиялық мектеп» деген түсінік орнықты, оның жетекшісі академик Ж.М.Әбділдин болды. Қазақстандық философтар неміс философиясын зерттеді, әсіресе, Гегельдің «Логика ғылымы» еңбегі негізінде қалыптасқан диалектика, логика, таным мәселелерімен айналысты, диалектикалық логиканың өзекті мәселелерімен шұғылданып, бұл салада айтарлықтай нәтижелерге жетті. Қазақ философиясы туралы зерттеулер нышаны егемендікке аяқ басқан кеңестік жылдарда аңғарыла бастады, бірақ толық мүмкіндік Қазақстанның тәуелсіздігінен бастап шындыққа айналды. Қазақ философиясының тарихы мен оның мәселелері туралы жүйелі ғылыми-зерттеулер жүргізіліп, кандидат, доктор диссертациялар қорғалды, арнайы ғылыми кітаптар жазылды. Қазақ философиясын дүниежүзілік фиолософиялар жүйесінде әрі өркениеттік негізде зерттеу егемен елдің қоғамдық санасының жетіліп-толуының басты арнасының біріне айналып келеді.

Ыбырай Алтынсарин (шын аты — Ибраһим, 1841—1889) — қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы.

Туып-өскен жері — Қостанай облысының Қостанай ауданы, Арқарағай ауылы. Осы өңірде, Тобыл өзенінің жағасынан топырақ бұйырған.

1850 ж. Орынбор шекара комиссиясының қазақ балалары үшін ашқан мектебіне оқуға түседі. Мектепті бітірген соң, Орынбор шекара комиссиясында әскери старшина болып қызмет атқаратын үлкен әкесі Балғожа Жаңбыршыұлының хатшысы болады (1857—1859). Орынбор облыстық басқармасында тілмаштық қызмет атқарады.

1860 жылы Орынбор бекінісінде (Торғай) қазақ балалары үшін мектеп ашу тапсырылады, әрі сол мектепке орыс тілінің мұғалімі болып белгілінеді.

Ыбырайдың бүкіл өмірін арнаған  ағартушылық-педагогтық қызметі осылай басталады. Тікелей өзінің араласуымен  халықтан жинаған қаржыға мектеп үйін және интернат салып, 1864 жылы 8 қаңтарда мектептің жаңа ғимаратын салтанатты түрде ашады.

Ұстаздық-ағартушылық қызметке қоса Ыбырайға басқа да жұмыстарды атқару жүктеледі. Орынбор генерал-губернаторының тікелей тапсыруы бойынша Торғайда төрт рет уездік судья болып (1868—1874), торғай уездік бастығының аға жәрдемшісі (1876—1879) қызметін атқарады.[1]

Ыбырай инспекторлық қызметке кіріскен соң оқу-ағарту жұмыстарын одан әрі  жандандырып, Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерінде бір-бірден екі кластық орыс-қазақ мектептерін ашады, оларды қажетті кітаптармен жасақтайды. Әсіресе, елді көшпелі өмір салтын ескеріп, Ресейдің халық ағарту жүйесіне жаңа үлгілі білім беру тәсілін ұсыныс етеді.[2]

Нәтижесінде, 1888 жылы 10 сәуірде Орскіде бастауыш мектептер үшін қазақ жатарынан оқытушылар даярлайтын мұғалімдер мектебі ашылады. Ыбырай мұнан әрі қазақ жастары арасынан экономика, ауыл шаруашылығы, қол өнер кәіспшілігі салаларына қажетті мамандар даярлайтын училищелер ашуға көп күш жұмсайды. Тіптен, Қостанайдан ашылатын ауыл-шаруашылық училищесіне өзінің иелігіндегі жерін беретіні туралы өсиет қалдырады. Ыбырайдың қазақ қыздары үшін Торғайда, Қостанайда, Қарабұтақта, Ақтөбеде мектеп-интернат аштыруының тарихи мән-маңызы зор болды.

Ыбырай орыс-қазақ мектептері үшін арнаулы оқу құралдарын шығару қажет деп санады. Оқыту әдістерін жаңа бағытта құрды, оқуға деген баланың ынтасы мен қызығушылығын арттыруды көздеді, оқуды ана тілінде жүргізді. Мектеп оқуында, әсіресе, ана тіліне үйретуде К.Д.Ушинскийдің ойларына жүгінді. Қазақ балаларының таным-түсінігіне лайықты оқу-әдістемелік құралдар жазды. Ол орыс-қазақ училищесінде Ушинскийдің «Балалар дүниесін», Л.Н.Толстойдың «Әліппе және оқу құралын», Д.И.Тихомировтың «Грамматиканың қарапайым курсын» оқу құралы ретінде ұсынды.

Ыбырайдің пікірінше, мектептерге  арналып жазылатын оқу кітаптары  өзінің идеялық мазмұны және нақты  материалдары жағынан ана тілінің  және халық даналығының бай қазынасына негізделуге тиіс болды. 1879 ж. оның «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулығы және дидактик. оқу мәселесі жөнінде «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» жарық көрді. Бұл екі кітап та қазақ балаларын кириллица негізінде оқытуға арналған тұңғыш оқу құралдары болды. [4]

Ыбырай – жаңа дәуірдегі қазақ  әдебиетінің қалыптасуына қомақты  үлес қосқан. Ол қазақ жастарын ең алдымен  оқу, өнер-білім, тех-ны игеруге шақырады («Оқысаңыз, балалар, Шамнан шырақ жағылар. Тілегенің алдыңнан, Іздемей-ақ табылар»). Автор оқу-білімнің тек ізденіс, еңбекпен табылатынына мән берді. Бұған  инемен құдық қазғандай ыждаһаттылық, талап пен сабырлылық қажет екенін ескертеді. Ал оқымаған надандарды ақын аз ғана сөзбен сынап, олардың ақ, қараны айырмайтын көрсоқыр екенін айтады («Оқымаған  жүреді, Қараңғыны қармалап. Надандықтың  белгісі – Еш ақылға жарымас»). Оқу, білімнің пайдасы қандай, ол неге керек  деген мәселеге келгенде, оның өмір үшін, болашақ үшін қажет екенін талдап көрсетеді («Ата-енең қартайса, Тіреу болар бұл оқу. Қартайғанда  мал тайса, Сүйеу болар бұл  оқу»). Жастарды өнер-білім, тех-ны игеруге  үндеу ақынның «Өнер-білім бар  жұрттар» деген өлеңінде өз жалғасын тапқан. Ол өнер-білімі жетілген елдердің артықшылығы қандай, олар сол өнерімен нені игеріп отыр, ертеңгі өмірдің  талап-тілектері не секілді күрделі  мәселелерді жастар алдына көлденең тарту арқылы оларға ой тастап, өнер-білімді  батыл игеруге шақырады («Адамды  құстай ұшырды, Мал істейтін жұмысты, От пен суға түсірді. Отынсыз тамақ  пісірді, Сусыздан сусын ішірді»).

Ыбырай сондай-ақ Ушинский, Л.Н.Толстой, И.А.Крылов, И.Паульсон шығармаларын қазақ  тіліне тәржімалап, қазақ әдебиетінде  көркем аударма жанрын қалыптастырды. Қазақстан Үкімет 1989 ж. 22 желтоқсандағы қаулысымен Ыбырайдің туғанына 150 жыл толуына орай мерейтойы өткізіліп, ұстаздың мұраларына арналған ғылыми, тарихи, педогогикалық еңбектер жарық көрді. Арқалық қаласында Ыбырай мұражайы ашылды. Тобыл бойындағы Ыбырай қыстауы жанында, мүрдесі қойылған жерде, Ыбырайға күмбезді мазар орнатылды. Қазақстанда Ыбырай атында аудан, ауылдар, жоғары оқу орындары, шың, т.б. бар.

Ыбырай оқу-ағарту жұмыстарына  өз заманының ең озық әдістемелерін  қолдана отырып, білімнің балаларға  ана тілінде берілуіне айрықша  мән береді. «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулық, «қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» атты дидактикалық оқу құралын жазды. Бұл кітаптарындағы оқушыны отан сүйгіштікке, еңбекке, кісілікке — тәрбиелейтін ғибратты шығармалары ешқашан да өзінің мән-мағынасын жоймақ емес.

Тек қана оқу-ағарту жұмыстары емес, Ыбырай сонымен бірге сол кездегі  қоғамдық — саяси өмірге сергек араласып, ғылым-білімге, еңбек пен өнерге, дінге, этнографияға қатысты мақалалар жазды. Оның, әсіресе, көркем еңбектері қазақ әдебиетінің қалыптасуына айрықша ықпал етті.

Ыбырай есімі берілген аудан, ауылдар, оқу оырндары, көшелер, жер атаулары Қазақстанның түкпір-түкпірінде кездеседі.[5] [6]

Ыбырай Алтынсариннің шежересі

Балғожа би Балғожа Жаңбыршыұлы (туған жылы белгісіз - 1860) - би. Ыбырай Алтынсариннің атасы. Орта жүздің Қыпшақ тайпасының Ұзын руынан шыққан. Қазіргі Қостанай облысының Қостанай ауданында дүниеге келген. 1824 жылы хандық жойылып, Орынбор генерал-губернаторлығы үш аға сұлтандыққа бөлініп, әр сұлтандық дистанцияларға, дистанциялар бөлімшелерге бөлінген кезде Балғожа би Жаңбыршыұлы Ұзынқыпшақ бөлімшесін басқарған. Балғожа Жаңбыршыұлы 1839 жылы хорунжий, 1848 жылы жүзбасы «сотник», 1850 жылы старшина әскери лауазымын алған.

Ресей өкіметі тарапынан «Ынталылығы  үшін» («За усердие») деген алтын  медальмен марапатталған. Сонымен  бірге патша өкіметі оған аты  жазылған екі тапанша мен қосауызды  мылтықты сыйға тартқан. Балғожа  Жаңбыршин - жүзбасы, Қыпшақ руының ұзын тармағын басқарған. Торғай, Тобыл және Әйет өзендері аралығында көшіп-қонған Орынбор шекара комиссиясының пікірінше  ол "адамдарды басқару жағынан  да, жалпы орда істері жөнінен де, өз руластары алдында өте беделді  болған. Ол би ретінде Шығыс ордада ғана емес, өзге ордаларда да істі қарауға  шебер, білгір адам саналған" (ҚРОМА, 4-қор, І-тізбе, 3404-іс, 310-байлам, 83-86 парақтар, 1850). Ыбырайдың атасы Балғожамен бірге туған Ханқожаның Ақдәулет, Қылышбай деген екі баласы болады. Оның баласы Алтынсары 1844 жылы көтерісшілер қолынан қаза табады. Осыдан соң  немересі Ыбырайды өз тәрбиесіне алған. Балғожа би немересін 1850 жылы Орынбор  шекара комиссиясының осы қалада қазақ балалары үшін ашқан жетіжылдық мектеп - интернатына оқуға береді. Атасы оны жасынан-ақ адалдыққа, тапқырлыққа, турашылдыққа, шешен-дікке  баулыған. Өзімен бірге жиын-тойларға алып барып, билік айтқызып қанатын  қатайтқан. Ыбырай да жасынан зерек  болып, атасын жерге қаратпай алғырлық танытып, көпшілік құрметіне бөленеді. Оның бұл турашылдық, шешендік қасиеттері Торғайда сот істерін жүргізген  кездерінде айқындала түседі. Қалай  дегенде де Ыбырайдай ұл өсіріп, тәрбиелеген Балғожа есімі ұмытылмақ  емес. Бірақ оның аты-жөні Қазақ Совет  энциклопедиясына енбеген. Туған, өлген  жылдары белгісіз.

Шеген би

Ыбырай Алтынсариннің нағашы атасы. Шеген бидің өмірі, билік жүргізу  мезгілі Тәуке хан заманындағы  қазақ хандығының пісіп-жетілуі, нығайып  аяғынан тұруы, тұтастығын сақтауы, көршілес елдермен тең өмір сүруімен тығыз байланысты. Шеген би (Шербұға) бабамыз 80-90 жылдай өмір сүрген болуы  керек. Оның өмірге келген мезгілін XVI ғасырдың аяғы не XVII ғасырдың басы деп  болжам жасайды. Атақты Шеген би аумалы-төкпелі, түсініксіздеу мезгілде өмір сүрген. 1680-1688 жылдар аралығында Тәуке хан  тағына отырғанда Шеген Жеті рудың  атақты билерінің бірі болғаны белгілі. Бірінші болып қойылған мәселе –  елдің бірлігі. Тәуке хан билік  жүргізудің бұрын болмаған жаңа түрін  енгізуді ұйғарғаны болуы керек - бірінші болып Билер кеңесін  құраған. Бұған қазақтың Ұлы жүзінен, Орта жүзінен, Кіші жүзінен бір-бір  биден енген. Кіші жүздің атынан Шеген  би сайланған. Шеген би Жағалбайлы тайпасынан шыққан, азан шақырып қойған аты  – Шербұға. Түбі Мелде бидің ұрпағы. Ел аузында: «Елді ел еткен Мелде  би» деген сөз қалған. Шеген  сол замандағы ғылым мен мәдениеттің  орталығы болған Бұхара, Самарқаннан  тәлім-тәрбие алған. Жалпы, Шеген би туралы ел аузынан естігеніміз –  оның мына төрт жол айтқан сөзі: Елдің  емі далада, Даланың емі балада. Баланың емі анада, Тіршілік түбі Аллада. Профессор Аманжол Күзембайұлы  «Қостанай жаңалықтары» газетінің 2008 жылдың 26 тамызында шыққан «Қоғамға қызмет ететін әділ би» деген мақаласында  былай дейді: «…Би халықтың ашық даусымен сайланған. Егер би өзінің шыншылдығы жөнінде халыққа сенімсіздік  білдірсе, онда оған адамдар барып  шағынуды қояды және ол би биліктен шығып қалады.

Шеген би неше түрлі сұрақтардың  шешімдерін адалдықпен тауып беріп  отырған. Әсіресе, жер көлемі туралы көп мәселелер шешімін тапқан. Ол кезде жайлау, қыстау, сосын мал  ұстайтын қазаққа мал суару үшін өзен көлдің жағалауын жанжал шықпайтын  қылып, қылдай етіп бөліп беру керек  болған. Әр руға, тайпаға бөлінген жер  арада алауыздық не өкпе тудырмаған. Бұл Шеген бидің шеберлігі  мен оның әркімге тартпайтын шыншылдығын  көрсетеді». Осы ғалым «Тарих өз өлкеңнің тарихынан басталады» деген  мақаласында: «Шеген би өз мезгіліндегі ең ауыр мәселе – шекара белгілеу мәселесімен  айналысқан. Бұл іске шыншылдығымен, қайсарлығымен, қажырлылығымен кірісіп, өзінің өмірімен қоштасқан. Орыстар  қазақ жерін көбірек алып қалу үшін Шеген биді сатып алу мақсатында «сыйлық» деген атпен оған алтын  алқа, алтын жүзік, алтынмен көмкерген  шапан, қылыш беріп, «шекараны қайта  қарасын» деп уәкіл адам жіберген. Сонда Шеген би оған: «Алтынан алқа, жүзік тағатын қатын емеспін, қылыш алатын жауынгер емеспін, шапан  жабатын сұлтан емеспін», – деп  сыйлықтарын қайтарып жіберген. Одан кейін Шеген биді ұстап алып, қамап  көндіруге тырысқан. Көп ұстай  алмайды, себебі бүкіл Алты алашқа белгілі, сұрауы бар. Босатып жіберген, бірақ  ердің қасын, қанжығасын улап аттандырған. Содан уланып Шеген би қайтыс болған». Шеген биді сол кездегі қазақ  хандығының орталығы болған Түркістанға, қазақтың ардақты адамдарының қасына жерлеуге алып шыққаны, бірақ сүйек  бұзылып кететін болғасын, басқа  жерге жерленгені баяндалады. Шеген  биді қазақ хандығының бірінші заңының  іргесін қалаушылардың бірі десек, оның оныншы ұрпағы, атақты заңгер, егеменді Қазақстанның алғашқы министрінің  бірі Нағашыбай Шәйкенов Қазақстан  Республикасының негізгі заңы –  Бірінші Конституцияның негізін  салушылардың алдыңғы қатарында  болғанын халық жақсы біледі.

Абаймен қарым-қатынасы

Абай мен Ыбырайдың жасаған  өмір кезеңдерінде де көп алшақтық жоқ, төрт-бес жыл ғана айырма бар. Әлеуметтік-саяси өмірдің ұқсас  бірлігі де олардың таным-талғамының бір бағытта өрістеп дамуына  қолайлы жағдай жасаған. М. Әуезовтың айтуынша Абай Алтынсаринды жақсы білген, тіпті кейбір мәселелер бойынша одан үйренуді де жат санамаған: «Абай Ыбырайды жақсы білген. Кейін Абайдың өзі қадірлегендіктен, Абайдың қолжазбаларының ішіне Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларынан жасалған аудармалар қоса кірумен бірге, Ыбырай өлеңдері де үнемі бірге көшіріліп жазылып жүруші еді. Абайдың өзінің тапсыруы бойынша солай болса керек... Ыбырайдың әрқашан Абай атымен бірге жазылып, жатталып, таратылып жүруі бүл екеуінің үні бір, үміті бір, арман бағыты және болашақ тағдыры бір ақын екендіктерін танытушы еді» (Әуезов М. 20 томдық шығармалар жинағы. 19-т., - А., 1985, 246-6.). Қазақ әдебиеті тарихында табиғат лирикасы жанрының туындап, қанат жаюына Абай мен Алтынсарин зор үлес қосты. Олар өзіне дейінгі ақындардың жыр мен толғау, дастандарында табиғат көріністерінің жеке бөлінбей, түйдек-түйдегімен қоса жырланып келген үлгілерін түңғыш рет жеке алып, түр мен мазмұн жағынан тың сипат бере білді. Орыс ақыны А. С. Пушкиннің табиғатты жырлау дәстүрін Алтынсарин қазақ әдебиетіне алғаш рет батыл енгізіп, жаңа сипатты поэзияның қалыптасуына жол салды. Алтынсаринның табиғат көріністерін адам өмірімен шебер астастыра бейнелейтін «Сәуірде көтерілер рахмет туы» өлеңінде мал баққан көшпелі өмірдің шындық суреттері әсем де нанымды өріледі. Сәуір айындағы күн нұрымен еріген мұз бен жауын-шашынның жерге нәр беруімен даланың құлпырған әсем бейнесі, таза ауаға мастанған адам мен жан-жануарлардың мәре-сәре болуы, мал төлдеп, аққа аузы тиген жұрттың қуаныш-көңілі, әзілі жарасқан жастар мен кәрілердің шаттығы, көл жағалай ұшқан қаз бен үйрек, тасыған өзен мен мал даусының жаңғырығы, ынтық жастардың оңашада бас қосуы - бәрі де реалистік тұрғыда әсерлі сипатталады. Жақындар құдайымның көктен күні, Тең болар жарлықпенен күн мен түні. Аспаннан рақымменен күн төнгенде, Қуанып қыбырлайды ыныс-жыны (Алтынсарин. Таза бұлақ. - А., 1988, 93-6.),- деп, Алтынсарин күн бейнесін бүкіл тіршіліктің қайнар көзі, мейір-шапағаты ретінде ұтымды суреттеп, «Жердің қуануы» ұғымын жас баланың ұйқыдан оянып гүлдей жайқалып шыға келуімен астастырады. Абай Алтынсаринның осы бейнелі сөз тіркесін «Жазғытұры» өлеңінде: «Күн - күйеу, жер - қалындық сағынысты, Құмары екеуінің сондай күшті... Күн күйеуін жер көксеп ала қыстай, Біреуіне біреуі қосылыспай, Көңілі күн лебіне тойғаннан соң, Жер толықсып түрленер тоты құстай...» - деп, көркейте жетілдіріп, сомдап қолданады. Осы тұрғыда М. Әуезовтың: «Абайдың кейін жазатын осы алуандас «Жазғытұры», «Жаз», «Күз» «Қыс» дейтін өлеңдерінің бәрінен біз жаңағы айтылған, Алтынсарин салған тың жолдың түгелімен қабыл алынып, онан әрі көркейіп, дами түскенін білеміз» деген пікірі өте орынды айтылған (Әуезов М. Көрсетілген еңбегі. 213-6.). Абай мен Алтынсаринның табиғат лирикалары мағыналық жағынан ұқсас, оларда жарыса жырлау дәстүрі (нәзира) мен стиль бірлігі ортақ және өлеңдерінің мазмұны мен құрылысы сабақтас, өзара үндес келеді. Қазақтың ұлы ағартушыларының адамгершілік ой-тұжырымдары өрнектелген Абайдың «Ескендір» поэмасы мен Алтынсаринның «Жаратты неше алуан жұрт бір құдайым» атты өлеңі Ескендір патшаның төңірегінде құрылып, өрбітіледі. Алтынсаринде оқиға желісі жинақталып, қысқа қайрылса, Абай шығармасы дамымалы мазмұнға құрылған. Ескендір патшаның уәзірі ретінде Алтынсаринде Қыдыр Ілияс, Абайда ежелгі грек философы Аристотель алынған. Бұл шығармаларында Абай мен Алтынсарин дүние жүзін түгел жаулап, адам қанын судай шашқан тойымсыз патшаны әшкерелейді, сол арқылы бүкіл адамзатқа ой салып, адамгершілікке шақырады, ізгілікті ту етіп көтереді. Екі ақын да бір тақырыпты өздерінше қайталай жырлап, адамгершілікті, имандылықты арнайы сөз етеді. Мұндай ұқсастықтар Абай мен Алтынсарин шығармашылығының бір бағыты - орыс классиктерін тәржімалау тәжірибесінен де байқалады. Олар орыс әдебиетінің рухы мен стилін сақтап, қазақ оқырмандарының табиғатына етене жақын етіп аударудың көркем үлгісін жасады. Абай буған қоса өлеңнің түпнұскалық мән-мазмұнын дәл беруге, ой-қорытындысын өзгертпей жырлауға ерекше көңіл бөледі. Ал Алтынсарин дәлдіктен гөрі, мазмұн бірлігін сақтауға зер салған. Абайдың И. А. Крыловтан аударған «Қарға мен түлкі» мысалы мазмұны мен стилі жағынан түпнұскаға мейлінше жақын болып келетін болса, Алтынсарин осы өлеңді Абай секілді 7- 8 буынды жыр үлгісімен емес, 11 буынды қара өлең түрінде аударған. Ол Крыловтың «ангельский голосок» деген тіркесін: «сөзің күміс, алтын» десе, енді бірде: «сандуғаш, бұлбұлдарды көріп едім» деп, қазақ ұғымына жақындатып алады. Қоғамдық құрылысы мен әлеум. ортасы ортақ, бір дәуірде өмір сүрген қазақтың екі ұлы ағартушысы туған халқын өнер-білімге үндеді. Абай ел-жұрттың көкірек-көзін оятпақ болса, Алтынсарин техника тетіктерін үйренуге шақырды. Олардың жастарды білім алуға, ғылым жолына түсуге үндеген ой-тұжырымдары өзара өзектес, сабақтас келеді.[7]

Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық көзқарасының қалыптасуы

Ыбырай (Ибраһим) Алтынсарин қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырды. Ол 1841 жылы қазіргі Қостанай облысының аумағында дүниеге келді. Әкесінен ерте айырылған ол атасының — белгілі би және старшын Балқожа Жаңбыршинның қолында тәрбиеленеді. Ыбырай бала кезінен бастап білімге және өз бетінше оқып білуге бейім екенін байқатты. Көп оқыды, Ресей қоғамының білімді адамдарымен жиі араласып тұрды. Орынборда оқып жүрген кезінде шығыстанушы ғалым В.В. Григорьевпен жақын танысып алды. Ол өзінің бай кітапханасын Ыбырай Алтынсариннің еркін пайдалануына рұқсат етті. Білімге құштар жас бос уақытының бәрін де сол кітапханада өткізді.Білген үстіне біле түссем деген құмарлық пен өз халқыма неғұрлым көбірек пайда келтірсем деген абзал арманға ұмтылыс жас Ыбырайдың өмірлік ұстанымына айналды. Өзінің мінез-құлқы жағынан қарапайым әрі еңбек сүйгіш еді, көп оқыды, өзге халықтардың қол жеткен табыстарын неғұрлым көбірек біле түссем деп армандады. Алған білімін өз халқының пайдасына асыруға талпынды.1857 жылы ол Орынбор шекара комиссиясы жанындағы мектепті алтын медальмен бітірді. Ыбырай орыс, араб, татар және парсы тілдерінде еркін сөйлей білді. Кейінірек халық ағартушысы ретінде өз білімін өзінше оқып, арттыра түсуді белсенді түрде жалғастыра түсті. Дүние жүзі әдебиетінің классиктері У. Шекспирдің, И. Гетенің, Д. Байронның, А. Пушкиннің, Н. Гогольдің, М. Лермонтовтың, Ғ. Низамидің, А. Фирдоусидің, Ә. Науаидың шығармаларын зор зейін қойып оқыды. Ы. Алтынсариннің педагогикалық көзқарасының қалыптасуына орыс педагогы К. Ушинскийдің және чех ойшылы Я. Коменскийдің еңбектерімен таныс болуы игілікті әсерін тигізді. Ы. Алтынсарин орыстың көрнекті демократтары Н.Г. Чернышевскийдің, Н.А. Добролюбовтың, А.И. Герценнің және басқалардың шығармаларымен де таныс болды.Мектепті бітіріп шыққан халық ағартушысы Ы. Алтынсарин үш жылдай атасының қол астында кеңсе қызметкері болып істеді. Осы жылдар ішінде ол өз халқының сауатын ашып, білімін көтерудің аса қажет екенін жете түсінді.

Ағартушының педагогикалық қызметі

Білімін өзі жүйелі жетілдірудің нәтижесінде  ол өз заманының аса білімді азаматы  болды. Орыс педагогика ғылымының тарихы мен өз тұсындағы жағдайын терең  зерттеп білу оны қазақ халқының аса көрнекті ағартушысы етіп қалыптастырды. Ы. Алтынсарин орыс-қазақ мектептерінің  оқу- шыларына арнап екі оқу құралын: «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы» мен  «Қырғыздарга (қазақтарга) орыс тілін  уйретуге алғашқы басшылық» жазып  шықты. Ол қазақ балалары үшін зайырлы  мектептер ашуды армандады. 1860 жылы облыстық басқарма оған Торғай қаласында қазақ балалары үшін бастауыш мектеп ашуды тапсырды. Өзі сол мектепте орыс тілінің мұғалімі етіп тағайындалды. Ағартушылық идеялары жігерлендірген ол ауыл-ауылды аралап, жергілікті халыққа білім алудың маңызы мен қажеттілігін түсіндіруге күш салды. Ондай мектептер ашу үшін қаржы-қаражат жинауды қолға алды. Ондай ақшаның алғашқы үлесін Ы. Алтынсариннің өзі қосты. Осыдан бастап оның ағартушылық және педагогикалық қызметі басталды.1864 жылы қазақ балаларына арналған интернаты бар мектеп салтанатты түрде ашылды. Үгіт жұмыстарының нәтижесінде оқуға 16 бала жазылды. Кейінірек бұл мектептердегі оқушылардың саны арта бастады. Халық ағартушысы жүргізген үгіт жұмыстары нәтижелі болды. Бұл ретте ол былай деп қуана жазды: «Аш қасқырдың қойға ұмтылғаны сияқты, мен балаларды оқытуға қызу кірістім және мені өте қанағаттандыратыны — бұл балалар әлдеқандай уш айдыц ішінде оқуды, тіпті жазуды үйреніп алды».1879 жылы Ы. Алтынсарин Торғай облысы мектептерінің инспекторы болып тағайындалды. Оның еңбегінің арқасында білім беру саласы қазақ даласында кең орын алды. Атап айтқанда, облыстың барлық уездік қалаларында училищелер ашу қолға алынды. Ол осы мақсатпен Торғай облысының қазақ ауылдарын түгел аралап шықты. Халықтан қажетті қаржы жинастырды. Соның нәтижесінде Ырғыз, Николаев, Торғай және Елек уездерінде екі сыныптық орыс-қазақ училищелерін ашты. Оларды мұғалімдермен және оқушылармен толық қамтамасыз етті. Ол мектептердің жабдықталуына, олардың жанында шағын кітапханалар ұйымдастыруға ерекше күшті мән берді. 
Қазақстанда қыз балаларға білім берудің басталуы да Ы. Алтынсариннің есімімен байланысты. Аса көрнекті халық ағартушысының басшылығымен қыз балаларға арналған бірнеше мектеп ашылды. Ол мектептердің жанында интернаты болды. 1886 жылы мектеп-интернаттарда 211 қыз бала оқыды. Ы. Алтынсарин мектепті халық ағарту ісінің маңызды буыны санады.

Ыбырай Алтынсариннің экономикалық көзқарасы

Ы. Алтынсарин жан-жақты білімді  адам болды. Білімді адам ретінде  ол прогреске, білімге ұмтылудың  қазақ халқы үшін қаншалықты зор  маңызы бар екенін айқын көре білді. Ол қазақтардың арасында ағартушылық  жұмыстарын жүргізіп, темір жолдар мен электр қуатының, егіншілік кәсібінің, телеграфтың және әр түрлі қолөнердің пайдасы туралы айтып берумен  болды. Қазақстанның экономикалық дамуы  үшін қажетті мамандар даярлауға  ерекше мән берді. Қолөнер және ауыл шаруашылық училищелерін ашуға да көп  күш-жігер жұмсады. Алдыңғы қатарлы  орыс зиялы қауымының өкілдерімен  кездесу кезінде қолөнер кәсібі, бау-бақша егу, мал өсіру және диқаншылық жөнінде жазылған оқу  құралдарын табуға көмектесулерін өтінді.

Ол қазақ жастарына тері илеу, сабын қайнату, май шайқау және кірпіш күйдіру, көзе жасауды үйретуге тырысты. Сондай-ақ ағаш ұсталығы, темір жону, слесарьлық кәсіпке баулуды да армандады. Ол жастарға жаңа машиналарды қалай пайдалану, ауру малдарды қалай емдеудің және зиянды жәндіктерге қарсы қалай күресудің тәсілдерін үйретуге тікелей өзі де қатысып жүрді. Өзінің очерктер мен ауызекі әңгімелерінде қазақтарды диқаншылықпен айналысуға шақырды. Ы. Алтынсарин жастарды еңбек сүйгіштікке баулыды, уақытты босқа өткізуден және жалқаулыққа салынудан сақтануға шақырды.

Ыбырай Алтынсариннің ғылыми және әдеби қызметі

Ол өз замандастары арасында ғалым-этнограф, көсемсөзші әрі ақын ретінде де кеңінен  танылды. Ол Орыс географиялық қоғамы Орынбордағы бөлімінің толық мүшесі болды. Географиялық қоғамның тапсырмалары бойынша баяндамалар жасап түрды, қазақ халқының этнографиясы бойынша мақалалар жариялады. Атап айтқанда, Кіші жүз қазақтарының адамды жерлеу, ас беру, құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрі, ежелгі әдет-ғұрып зандары туралы зерттеу мақалалары жарық көрді. Ол өзінің жұмыстан қолы босаған кездерінің бәрін де ауыл арасында өткізді, туған халқының тарихы, фольклоры, шежіресі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі туралы материалдар жинастырды. Өзінің көзі тірісінде бірқатар ғылыми мақалалары журналдар мен газеттерде жарияланды. 
«Орынбор ведомствосы қырғыздарының құда түсу мен үйлену тойы кезіндегі әдет-ғұрыптарының очеркі» атты еңбегінде үйлену тойларына байланысты толып жатқан әдет-ғұрыптарды тәптіштей суреттеді.

Ы. Алтынсариннің әдеби мұрасы да едәуір елеулі. Ол И.А. Крыловтың мысалдарын, Л.H. Толстойдың әңгімелерін орыс тілінен қазақ тіліне аударумен қатар өзі де қысқа әдемі әңгімелер жазды. Ы. Алтынсариннің қаламынан туған аудармалар, өлеңдер, әңгімелер, мысалдар, этнографиялық очерктер мен ертегілер оқырман жүрегіне жол тапты. Оның шығармаларының тақырыбы да әр алуан. Ы. Алтынсаринді қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушы деп айтуға болады.

Ыбырай Алтынсарин тамаша ақын да еді. Оның «Азған елдің билері», «Әй, достарым!», «Әй, жігіттер!», «Ана» атты өлеңдерінің адамгершілік-ғибраттық  сипаты басым. Ақынның бұл өлеңдерінен  қазақ жастарының талай ұрпағы үлгі-өнеге  алып, тәрбие көрді. «Кел, балалар, оқылық!»  деген өлеңінің:

«Бір Құдайға сиынып, 
Кел, балалар, оқылық, 
Оқығанды көңілге 
Ыкыласпен тоқылық! 
Оқысаңыз, балалар, 
Шамнан шырақ жағылар. 
Тілегенің алдыңнан 
Іздемей-ақ табылар...» — 
жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызы өте зор.

Ы. Алтынсариннің шығармаларында қазақтардың  өмірі шыншылдықпен бейнеленді. Оларда білімге, ғылымға деген құлшыныстың  қажеттігі кеңінен насихатталды. Жастарды оқу-білімге шақыра отырып, ол өзге халықтардың мәдени өмірін, олардың ғылымда қол жеткізген  табыстарын үлгі-өнеге ретінде мысалға  келтірді.

Ағартушының қоғамдық-саяси қызметі

1868 жылы Ы. Алтынсарин Торғай уездік басқармасына іс жүргізуші ретінде қызметке орналасты. Содан соң уезд бастығының аға көмекшісі және уақытша уездік судья міндеттерін қатар атқарды. Қызмет бабымен қазақ ауылдарында жиі болып тұрды. Өз халқының аса қажетті мүдделері неде екенін жақсы білді. Болыс басқарушылары мен ауыл старшындарының сайлауына қатысып жүрді. Ол сайлау кезінде дауысты сатып алудың, парақорлық пен қиянат жасаушылықтың орын алуына жол бермеуге тырысты. Бұған риза болмаған байлар оның үстінен облыстық басқармаға, әскери губернаторға және одан әрі Ішкі істер министрлігіне шағым жасады. Оны 1868 жылғы «Уақытша ережеде» белгіленген сайлау тәртібін бұзды деп айыптады. Ы. Алтынсарин қарапайым халықтың қамын ойлады. Ол өзінің парасатты мінез-құлқы және барынша адалдығы, халық алдындағы атағы мен беделінің аркасында ақталып шықты. Ол өзінің халық алдында сөйлеген сөздерінде патша үкіметінің отаршыл аграрлық саясатын ашық сынады. Патша үкіметі шенеуніктерінің озбырлық іс-әрекеттерін, олардың жергілікті қолшоқпарларын айыптады. Мәселен, ол 1864 жылғы хатында былай деп жазды: «Қызмет бабы бойынша мен байлармен жиі қақтығысып қаламын. Маған жамандық ойлайтындар лауазымды адамдар арасында да бар. Олар қорғансыз кедейлерді арсыздықпен талап-тонауда...» 
Ы. Алтынсарин патша өкіметінің жергілікті халыққа қысым жасайтын жүгенсіз саясатын айыптап отырды. Оған 1880 жылы «Оренбургский листок» газетінде жарияланған мақалалары айқын дәлел. Ол өз ғұмырының соңғы кезінде былай деп жазды: «Мен түбегейлі терең сеніммен туған халқыма шамамның келгенінше пайдамды тигізсем деген ниетімнен ешқашан бас тартпаймын». Ы. Алтынсариннің үшан- теңіз еңбегі қазақ халқының экономикалық дамуына, білім көкжиегінің кеңеюіне, рухани және мәдени гүлденуіне игі ықпал етті. Оның есімі халықтың есінде мәңгі сақталады. Бүгінде Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік білім академиясы Ыбырай Алтынсариннің есімімен аталады. Еліміздегі педагогтар қауымының ең таңдаулы өкілдері жыл сайын Ы. Алтынсарин атты төсбелгімен марапатталады. Ағартушы ғалымның қүрметіне жыл сайын ғылыми конференциялар өткізіліп түрады. 
Мұғалімдердің Ы. Алтынсарин туралы жазған хаттарынан :

«Марқұмның мен қазақ даласында болған кезімдегі бүкіл өмірі өзінің сүйікті халқына білім беру жолындағы ағартушылық қызметіне арналды. Ол халық өмірінің қалай бет бұрып бара жатқанын мұқият бақылап отырды және оны терең түсіне білді... Мұғалімдерге қатаң талаптар қойды, әрбір іске барынша ұқыпты қарауды талап етті, ол өз міндетіне жүрдім- бардым қарап, жұмысты шала-шарпы орындайтындарды қатаң жазалап отырды. Оқу ісін өзі қандай жанын сала жақсы көрсе, өз инспекциясына қарасты мұғалімдерден де тап соны талап етті. Ол өзінің шын жүректен шыққан тартымды әңгімелері арқылы мұғалімдерді оқу ісіне шын ниеттерімен құлшынып, адал еңбек етуге жұмылдыра білетін. Жұрттың көз алдында бізді соншалықты жоғары бағалайтын, өзгелерді мұғалімдерге ең адал ниетті азаматтар ретінде зор құрметпен әрі мақтанышпен қарауға мәжбүр етті. Ол әрдайым қасынан мұғалімдерді қалдырмай, өзімен бірге ертіп ала кететін, оларсыз сапарға сирек шығатын. Ол әсіресе жас қазақ мұғалімдеріне ерекше қамқорлықпен сүйсіне қарайтын... Оны мұғалімдер де жанындай жақсы көретін... Ол өзінің жеке өмірінде де өте сүйкімді, жомарт жүректі ақ көңіл адам болды. Онымен қашан болса да, қандай мәселемен болса да емін-еркін ашық сөйлесуге, ақыл-кеңес сұрауға мүмкін еді. Қашан болса да ақ көңіл адал ниетімен ақылын айтуға, тіпті нақты ісімен көмектесуге әрқашан әзір тұратың. Қазақ халқы да оны қатты құрметтейтін. Олай ететін толық жөні де бар еді: оның есігі келем деушілердің қай-қайсысына болса да әрқашан ашық тұратын. Ол өзінің ақыл- кеңесін берумен ғана шектелмей, қиын-қыстау кезде қиналып келген адамға өз қалтасынан ақша да беріп жіберетін, кейін оны көбінесе қайтарып ала да бермейтін. Орыс тұрғындары да оған қайырымды да әділетті адам ретінде сый-құрметпен қарайтын. Қостанайдың зиялы қауымы оны сағына күтетін. Өйткені ол көпшілікпен ортақ тіл табысып сөйлесетін, отырыстың сәнін кіргізетін, көңілді де сүйкімді әңгімелер айтатын... (Мұғалім Ф.Д. Соколовтың естелігінен)

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қорқыт Ата – түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы. Қорқыт Ата өмірде ізі, артында әдеби-музыка мұрасы қалған тарихи тұлға ретінде белгілі. Қорқыт Атаның өмір сүрген кезеңі туралы ғылымда әр түрлі болжамдар қалыптасқан. Алайда зерттеулердің көпшілігі Қорқыт Ата Сырдария бойында өмір сүрген оғыз-қыпшақ тайпалық бірлестігінде 10 ғасырдың басында дүниеге келген деген тұжырымға саяды. Рашид әд-Дин “Жамиғ Ат-Тауарих” атты тарихи шежіресінде Қорқыт Атаны қайы тайпасынан шыққан десе, Әбілғазының “Түрік шежіресінде” оның тегі баят екендігі, оғыздардың елбегі болып, 95 жасқа келіп қайтыс болғандығы айтылады. Сыр жағасына жақын жерде Қорқыт атаның зираты болғанын Ә.Диваев, т.б. ғалымдар өз еңбектерінде атап өтеді. Ә.Қоңыратбаевтың зерттеулерінде Қорқыт ата 11 ғасырдың басында дүниеден өткен делінсе, Ә.Марғұланның еңбектерінде ол 7 – 8 ғасыр аралығында өмір сүрді деген пікір айтылады. Қазақ философиясы тарихында Қорқыт Ата– ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымының негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист ретінде көрінеді. Қорқыт Ата жайындағы аңыздардан оның бойындағы үш түрлі өнер ерекше айқындалады. Біріншіден, ол оғыз-қыпшақ ұлысынан шыққан айтулы бақсы, абыз. Екіншіден – күйші, қобыз сарынын алғаш туындатушы өнерпаз. Үшіншіден – әйгілі жырау, оның жырлары оғыз-қыпшақ өмірін бейнелеген әдеби-тарихи мұра. Түркі халықтарының фольклорындағы Қорқыт Ата туралы аңыз әңгімелердің бірі оның туылуына байланысты.

Қазақ философиясы. 8