Қазақстанның ішкі саясаты

 

Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым  Министірлігі 

Абылай  хан атындағы қазақ халықаралық  қатынастар және әлем тілдері университеті 
 
 
 
 
 
 
 

                  Реферат 
 
 
 
 
 
 
 

   

    

   
 
 
 
 
 
 
 
 

                                                      
 
 
 
 
 
 
 
 

Алматы, 2011 ж 
 
 

Кіріспе

            Әлемдік даму аренасына қадам  басқан кез келген мемлекет  өз қоғамының мүшелерінің барлық  қажеттіліктерін қанағаттандырып,   жаңа биік белестерге қадам басуға әрекет жасайды. Бүгінгі таңда әлеуметтік мемлекет болып табылатын көптеген әлем мемлекеттері үшін әлеуметтік саясаттың айқын басым бағыттарын анықтап, салиқалы әлеуметтік саясат жүргізу, халықты әлеуметтік қорғаудың  өзіндік моделін қалыптастыру стратегиялық маңызы бар мәселе болып отыр. Әлеуметтік саясаттың басым бағыттарын анықтау арқылы мемлекет ең алдымен негізгі халықтың қажеттіліктерін анықтап, саясатты сол арнаға бағыттайды.  Демек, тиімді тетіктерін табу арқылы қоғамның әр түрлі топтарына, таптарына, әсіресе әлжуаз әлеуметтік қорғауды қажет ететін топтарын әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз етеді. «Әлеуметтік саясат» ұғымын теориялық-методологиялық талдау бұл саланың ғылыми негіздемесін орнықтырады. Ал әлеуметтік саясаттың негізі әлеуметтік қорғаудан бастау алса, әлемнің көптеген мемлекеттерінде  халықты әлеуметтік қорғаудың модельдері (Скандинавия елдері моделі,  Жерорта теңізі елдері моделі, Чилли моделі және т.б.) қалыптасып үлгерді. Осы тұста Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау жүйесінің әлем елдерінің озық тәжірбиесі негізінде өзіндік моделін жасап келеді. Десек те, қоғам түрленіп, нарық құбылып өзгерген сайын Қазақстанның да басқа мемлекеттер сияқты әлеуметтік саясатын жетілдіріп отыруы заңды құбылыс болып табылады.  Бұл ғылыми жұмыстың негізгі мақсаты -  әлеуметтік саясаттың теориялық аспектілерін ескере отырып, әлемдік тәжірбиеге үңіліп, Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау жүйесіндегі бағытын анықтау. Әлеуметтік мемлекеттің қалыптасуы мен дамуы азаматтық қоғам, демократия, гумманизм, құқықтық мелекет, еркіндік пен теңдік мәселелерімен тығыз байланысты.

                   
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

                                         Қазақстан Республикасының әлеуметтік саясаты    

 ХХ  ғасыр кез келген мемлекеттің  ішкі саясатының негізгі бағыттарының  бірі әлеуметтік саясат болуы  керек екенін дәлелдеді. Әлеуметтік саясаттың басым міндеттері қоғамдық өмірде белгілі бір деңгейде теңдікті қамтамасыз етуді көздейді.  Халықты әлеуметтік қорғау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының ең негізгі басым бағыты. Экономикалық нарықтық қатынастар кезеңіне өткенде мемлекеттің әлеуметтік саясатын жетілдіру қажеттілігі туындады. Әлеуметтік саясат аясында халықты, оның ішінде көмекке аса мұқтаж адамдар, асыраушысынан айрылған, мүгедек жандар, жетім балалар әлеуметтік қорғалады.  Қазақстан Республикасы  Ата Заңында «өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы адам және адам өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсеткен [10].  Әрине, әлеуметтік мемлекеттің негізгі принципі де әлеуметтік саясатты жүргізіп, негізгі функцисы әлеуметтік қорғау болып табылады. «Әлеуметтік қорғау –  бұл мұндай қатынастар, яғни оның қамқорлығында индивидтер қоғамдағы өз позицияларын сақтауға мүмкіндіктері болады. Әлеуметтік қорғау – саяси немесе әлеуметтік одақты сақтау функциясы».  Әлеуметтік саясатты жүргізудің негізгі мынадай принциптері бар: баға көтерілгенде компенсацияның түрлі формаларын енгізіп және  индексация жүргізу арқылы халықтың өмір деңгейін қорғау; ең кедей отбасыларға көмектесу; жұмыссыздық жағдайында көмек беру; әлеуметтік сақтандыру саясатын жүзеге асыру; мемлекет есебінен білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғауды дамыту, мамандандыру бағытында белсенді саясат жүргізу. Жалпы әлеуметтік саясатты жүзеге асыру үш кезеңнен тұрады: саясатты қалыптастыру,  оны халыққа тарату және оны әр адамның қабылдауы. Әлеуметтік саясатты қалыптастыру процесіне түрлі үкіметтің жасаған бағдарлама, жобалары және парламент, президенттің бекіткен заң, жарлықтарын тікелей жатқызуымызға болады. Ал енді әр адамның әлеуметтік саясатты қабылдауы, ол тікелей екінші кезеңнің жүзеге асуына байланысты өз нәтижесін береді.

               Қазақстанның сыртқы саясаты ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы

       Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы  және адамзаттық құндылықтар

Қазақстан  Еуропадағы қауіпсіздік  және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға өз тәуелсіздігін  алғаннан  кейін көп уақыт өтпей-ақ, яғни 1992 жылдың  қаңтар айында мүше болды.

    ЕҚЫҰ  – Солтүстік Америка, Еуропа  мен Орталық Азияның 56 мемлекетінің  басын біріктіріп отырған әлемдік  деңгейдегі іргелі ұйым. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәселесі алғаш рет осы ұйымның Тұрақты кеңесінің 2003 жылы 18 ақпанда өткен жиналысында айтылды. Ал Қазақстанның төраға болуына қатысты шешім 2007 жылы желтоқсанда Мадридте өткен ЕҚЫҰ сыртқы істер министрлері кеңесінде қабылданды.   Сөйтіп 2010 жыл еліміз тарихындағы жарқын парақтардың бірі болып қалмақ. Бұл оқиғаның саяси маңызы – ЕҚЫҰ тарихында тұңғыш рет бұл ұйымға ортаазиялық  мемлекет төрағалық етуінде. Және  Қазақстан – қазіргі таңда ТМД кеңістігінде бұл ұйымға төраға болған бірден-бір мемлекет.

  Әскери-саяси  өлшем   Қазіргі таңда Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде және серіктерінің белсенді қолдауымен құрлықтар мен өркениеттер арасындағы дәнекерлік дәстүрлерін қайта жаңғыртуда. Тарих үшін тым қысқа уақыт ішінде дүние жүзі мүлдем өзгеше сипат алды. Геосаяси ахуал жаңарып, халықаралық қатынастардың мәні өзгерді, трансұлттық қауіп-қатерлердің жаңа түрлері пайда болды. Бұл ретте ЕҚЫҰ-ның заман талабына сай болуы аса маңызды. Осыған байланысты біз артықшылықтарымызды айқындап, жаңа қауіп-қатерлерге төтеп беретін қарымта жауаптарымызды белгілеуіміз керек.

 Қазақстан  төрағалығы ЕҚЫҰ-ның үш өлшемі  аясында, төрт «Т»-дан тұратын  – «траст» (сенім), «традишн» (дәстүр), «транспаренси» (ашықтық) және «толеранс» (төзімділік) деп жария етілген ұрандар рухында барлық мәлімделген басымдықтар бойынша жүзеге асырылуда. Өз төрағалығы тұсында Қазақстан еуропалық қауіпсіздік ұғымы континенттік аядан әлдеқайда шығып тұратыны туралы тезисті дәйектілікпен және белсенді түрде ілгерілетуде. Соның нәтижесінде бүгінде ЕҚЫҰ еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік ұғымдарын нақты пайдалануда.

ЕҚЫҰ-ның байтақ кеңістігіндегі күрделі әскери-саяси  жағдайды ескере отырып, Қазақстан  өз төрағалығы  тұсындағы қызметін дағдарыстық жағдайларды болдырмау және реттеу жөніндегі ЕҚЫҰ мүмкіндігін күшейтуге бағыттады. Бұл саясат ЕҚЫҰ Қырғызстандағы дағдарысқа кез болған жағдайда өзін-өзі ақтап шықты. 

Қазақстан ЕҚЫҰ жауапкершілігі аймағынан тыс пайда  болатын қауіпсіздік мәселелеріне жаңа көзқараспен қарай бастағанын атап өту қажет, бұл Ауғанстанды бейбіт өмірге қайта әкелудегі ЕҚЫҰ-ның көмек көрсетуінің мүмкін жолдарын белсенді ізденісте, сонымен қатар ынтымақтастық бойынша ЕҚЫҰ-ның Азиялық және Жерорта серіктестерімен диалогтың күшейтілуінде көрініс тапты.

ЕҚЫҰ-ның әскери-саяси  өлшемінің күшеюіне дем берген Қазақстандық төрағалықтың басқа ерекше элементі - басты халықаралық ұйымдарымен, соның ішінде БҰҰ, ЕО, НАТО, ТМД, КҚТКҰ (ОДКБ) және АӨСШК-мен  интенсивті, іс жүзіндегі қайтарымға бағытталған диалог пен әрекеттесуді іске асыруы болып табылды. 

Соңғы 7 ай ішіндегі әскери-саяси өлшемінің шеңберіндегі басты шараның бірі  Қазақстан  Республикасының төрағалығымен  өткен Қауіпсіздік саласындағы  мәселелерге шолу жөніндегі жыл  сайынғы конференция (Вена, 14-16 маусым) болды. ЕҚЫҰ-ның бірінші өлшемін күшейту мақсатына сәйкес, Қазақстан Ұйымға мүше мемлекеттер соңғы жылдары көтеріп келе жатқан бұл негізгі форумның жұмыс сессияларын  кеңейту және жиі өткізу жөніндегі мәселенің шешімін табуына қол жеткізді. Қауіпсіздік саласындағы мәселелерге шолу жөніндегі жыл сайынғы конференцияның маңызы Қазақстан төрағалығының жоғары деңгейімен аталып өтті.

  Қазақстан  төрағалығы тұсында жасалған  жұмыстардың бірі – «Корфу  үдерісі» аясында Вена кеңестерінің  нәтижелері қару-жарақты таратпауды жіті бақылауда ұстау мен сенім шараларын күшейтудің маңыздылығын көрсетті.  одан әргі жұмысымыз үшін консенсустық салаларды анықтауда прогреске қол жеткізе алдық. Әскери-саяси қауіпсіздік мәселелерін талқылау Қазақстан  төрағалығы барысында нақты көрініс тапқан «Корфу процесі» шеңберіндегі еуро-атлантикалық және еуразиялық қауіпсіздіктің болашағы жөніндегі диалогтың негізі болып табылады.  Қабылданған бағдарламаға сәйкес, алғашқы жартыжылдықта сегіз кездесу, екі көшпелі семинар, соның ішінде қақтығыс, трансұлттық қатер, қарулануды бақылау және сенім мен қауіпсіздік шараларын күшейту тақырыбында да семинарлар мен кездесулер  өткізілген.  «Корфу процесінің» формалды емес және ашық сипаты әр түрлі идеялар мен ұсыныстардың пайда болуына, атап айтқанда, кәдімгі қаруландыруды бақылау тәртібінің әрекет етуін қайта орнату, Вена құжатын қазіргі заманға сай жаңартуды, таратпауды реттейтін ЕҚЫҰ қағидаларының жаңарту мүмкіндігін туғызды.  Барлық көтерілген ұсыныстар Венадағы (5 шілде) Тұрақты кеңес және Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі форумда  және Алматыда (16-17 шілдеде) ЕҚЫҰ-ның бейресми СІМК-де талқыланған қазақстандық төрағалықтың аралық есебінде көрініс тапты.

        Қазақстан төрағалығымен өткен  7 айдың барысында ЕҚЫҰ-ның жауапкершілік аймағындағы «созылмалы» қақтығыстарды реттеу жөніндегі келіссөз форматтары дәйектілікпен ілгерілетілді. «Созылмалы» қақтығыстар жөніндегі Арнаулы өкіл белсенді жұмыс істеуде. Әзірбайжанның, Арменияның президенттерімен Таулы Қарабақ проблемалары бойынша бірқатар кездесулер өткізілді. Қазақстан Ресей Президенті Д. Медведевтің әзірбайжан-армян қақтығысын реттеу жөніндегі күш-жігеріне қолдау білдірді. Ұйымға мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің Алматыдағы бейресми кездесуінің аясында ЕҚЫҰ-ның Таулы Қарабақ бойынша Минск тобы теңтөрағаларының отырысы өтіп, бірқатар мәселелер бойынша пікірлер алмасылды.

    Қазақстан  төрағалығы тұсында маңыз берілген  мәселенің бірі – Ауғанстандағы  жағдай. ЕҚЫҰ-ның Ауғанстанға қатысты  жаңа стратегиясының қажет екендігіне еш күмән жоқ. Бұл елді нәрлендіру жөніндегі халықаралық күш-жігерді арттыра түсуі қажет. Лондондағы халықаралық конференцияда қуатталған, Ауғанстандағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жауапкершілігін жергілікті билікке кезең-кезеңмен беруді көздейтін бастаманың зор маңызы бар. Елде Талибанды қоса алғанда барлық саяси күштер спектрінің өкілдерін бейбіт өмірге қайта кіріктіру жолымен қантөгісті тоқтату мақсатындағы Кабулдың бағыты да қолдауға лайық. Бұл ел экономикасының түрлі салалары үшін білікті кадрлар штатын құру Ауғанстанның өткір қажеттілігі болып табылады. Сондықтан да Қазақстанда ауған азаматтарын еліміздің жоғары оқу орындарында оқыту жөніндегі, құны 50 миллион долларлық білім бағдарламасын іске асыру басталды. Соған сәйкес 2010-2018 жылдары Қазақстанда мың ауған студенті оқытылады.  Қазақ елі ауған жастарына сапалы білім алу мүмкіндігін беріп, бұл елді нәрлендіру үдерісіне ғана емес, сонымен бірге экстремизм және лаңкестік идеологиясының таралуын қысқартуға маңызды үлес қосатыны даусыз.

  Қазақстан  төрағалығы тұсында көршілес  ел Қырғызстандағы саяси жағдайдың  шиеленісуі де үлкен сынақ  болды. Ұйымның тиімділігіне Қырғызстандағы  саяси дағдарыс елеулі сынақ  болды. Соңғы 5 жылдағы екі мемлекеттік  төңкерістің басты себептері  экономиканың дамымағандығы, халықтың кедейлігі, билік тіктемесінің әлсіздігі және мемлекеттің қалыптасу кезеңіндегі демократиялық институттардың тұрлаусыздығы болды. Қазақстанның әлемдік көшбасшылармен келісілген күш-жігері бұл елдегі кең ауқымды азамат соғысының қаупіне жол бермеді. Шекаралас, бауырлас ел ретінде Қазақстан  бұл елге гуманитарлық көмек жіберіп, арнайы конференция ұйымдастырды. 

  Қазақстан  төрағалығы өз құзырының аясында  әрекет етіп, ЕҚЫҰ-ның БҰҰ-мен және Еуропа Одағымен қажетті өзара ықпалдастығын қамтамасыз етті. Бұл посткеңестік кеңістікте қақтығысты бірлескен тиімді реттеудің алғашқы тәжірибесі болды.  Жалпы, Қазақстанның төрағалық етуі ЕҚЫҰ-ның құрылымдарын, біріншіден қауіпсіздіктің әскери емес аспектілерінде мамандандырылған Полициялық қызметтің стратегиялық мәселелері бойынша бөлім мен Лаңкестікке қарсы бөлімшелерінде қолдауларына айрықша көңіл бөлуде. Осы жылы аталмыш бөлімшелер басшыларының Қазақстанға жұмыс сапарлары ұйымдастырылды. Алдағы саммитке дайындық шеңберінде ЕҚЫҰ-ның лаңкестікке және есірткі айналымына қарсы күресінің рөлін оңтайландыру тиісті өріс алуы тиіс.

Жаңа сыңдарға және қауіп-қатерлерге қарсы тұруға жол бермеу контекстінде Іс басындағы  төрағалықтың басымды бағыты болып ЕҚЫҰ-ның шекаралық қауіпсіздігі және бақылау әлеуетін бекітуі болып табылады. Орталық Азия және Ауғанстан елдерінің шекара кадрларын дайындауға арналған Ұйымның Душанбедегі ЕҚЫҰ-ның шекаралық колледжін дамытуға зор мән берілуде.

  ЕҚЫҰ-ның  сыртқы қатынастарын бекіту бойынша Қазақстанның төрағалық ету жігерінің маңызды нәтижелерінің бірі Алматы қаласында ұйымдастырылған Еуроатлантика және Еуразиядағы қауіпсізідік сұрақтарымен айналысатын маңызды халықаралық ұйымдардың – БҰҰ, ЕҚЫҰ, НАТО, ЕО, Еуропа Кеңесі, ТМД, ҰҚКҰ және АӘСШК басшы/өкілдерінің бейресми кездесуі  болып табылды. Кездесу барысында іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуын қатысушылар қазақстандық төрағалықтың жетістігі деп бағалады және де қауіпсіздік жөнінде өзекті проблемалар бойынша, сондай-ақ қауіпсіздік саласындағы аталмыш құрылымдардың тұжырымдамалары туралы өзара ақпарат алмасу жөнінде ашық және баянды ой-пікірлер алмасты.

Экономикалық-экологиялық  өлшем     

Қазақстан өз төрағалығы тұсында Ұйымның үш өлшемінің  екіншісі – экономикалық-экологиялық  өлшемінің тең толтырылуына әрдайым назар аударуда. «Корфу процесі» шеңберіндегі пікірталас ЕҚЫҰ-ның екінші өлшемінің маңыздылығын кооперативті және қауіпсіздік концепциясының ажырамас бөлшегі ретінде көрсетті.

ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер Қазақстан төрағалығының экономикалық-экологиялық бағытындағы басты бір шарасы – «ЕҚЫҰ аймақтарында шекараны кесіп өту орындарында тиісті басқаруды жолға қою, жалпы көлік қауіпсіздігін күшейту, халықаралық көлік және теміржол қатынастарын жеңілдету» тақырыбында өткен 18-ші Экономикалық-экологиялық форумы болды. Қатысушылардың пікірлері бойынша форум жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қазіргі таңдағы аса маңызды деген мәселелерді қамтыды.

Аталған іс-шаралардан басқа, экономикалық-экологиялық өлшемдердің  негізгі басымдылықтарын іске асыру шеңберінде, 29 қаңтарда Алматы қаласында «Еуропа-Азияға өту жолының логистикалық рөлі» атты халықаралық конференция өткізілді. Конференцияның мақсаты көлік-логистикалық шешімдердің озық тәжірибесі мен үлгілерін қолдау, ынталандыру мақсатында  саладағы мемлекет пен жекеменшік арасындағы ынтымақтастықты дамыту, бірнеше мемлекеттер шекаралары арқылы өтетін континентаралық жүк тасымалдауды оңтайландыру болып табылады.

Ғаламдық қаржылық және экономикалық дағдарыс тақырыбы ЕҚЫҰ шеңберінде алғаш рет Қазақстан төрағалының барысында,  ІІІ Астана экономикалық форумында талқыланды. Осы форумда Қазақстан Президенті Бонн құжаты және ЕҚЫҰ-ның Маастрихт стратегиясы өзгерген жағдайларға икемді бейімделуді қажет ететіндігін, сондықтан дағдарыстан кейінгі жағдай, орта және ұзақмерзімдік әлемдік даму тенденциялары көрініс табатын «Маастрихт плюс» жаңа құжатын дайындау жұмыстарын қолға алу қажеттігін  атап өтті.

 Сонымен қатар  Астана форумында Елбасы Н.  Назарбаев ЕҚЫҰ-ның «екінші себетін»  нақты және мазмұнды толықтыруға байланысты қазақстандық жаңа бастаманы – Еуразиялық интеграция идеясын, оның басты қағидалары мен бағыттарын айқындайтын құжатты дайындауды ұсынды. Алматыдағы 16-17 шілдеде өткен ЕҚЫҰ СІМ бейресми кездесуінде  қазақстандық төрағалық Еуразиялық интеграция мәселесі бойынша ЕҚЫҰ мемлекеттерінің талқылауына негіз болатын арнайы құжат –  «Ойландыратын деректерді» таратты. 

      Екінші өлшемнің шеңберінде Қазақстандық төрағалық тұрақты даму мен қоршаған ортаны қорғау саласында ЕҚЫҰ мүмкіндігін қатыстыру бойынша, атап айтқанда, Ұйымның жауапкершілігі аймағында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясында Арал мәселесін шешу ісін алға апаруға ат салысып отыр.  Осы салада маңызды іс-шара ретінде 2010 жылдың соңында Арал бойынша арнайы донорлық конференцияны өткізу болып саналады. Көмекші ұйымдастырушылар ретінде ХАҚҚ, БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы және Ашхабадта орналасқан Орталық Азияға арналған алдын алу дипломатиясы бойынша БҰҰ-ның аймақтық орталығы қатысады деп күтіледі.

      Адам өлшемі. Қоғамды демократияландыру, адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қамтамасыз ету, білім беру, адам саудасымен күрес, сот жүйесінің тәуелсіздігі, әділ сайлау, гендерлік тепе-теңдікті ілгерілету және т.б. үрдістерді қамтитын кең ауқымды,  қоғамдық маңызды бағыт болып табылады.

 Қазақстан  ЕҚЫҰ төрағалығын қабылдаған  сәттен бастап гуманитарлық өлшемнің  алға шығуына ерекше ықылас  танытып отыр, сонымен қатар біздің  еліміз өз  төрағалығы тұсында  ЕҚЫҰ мәртебесін жоғарылату бағытындағы құндылықтар мен қағидаттарды мүлтіксіз ұстануда.

Ұйымның қызметін атқарып және шешімін қабылдап отырған  Қазақстан қазіргі кезде ЕҚЫҰ-ның  адам құқықтары мен демократиялық  институттар жөніндегі бюросына, аз ұлттар ісі жөніндегі жоғарғы  комиссарына және БАҚ еркіндігі жөніндегі өкіліне, Парламенттік ассамбелеясына белсенді көмек көрсетуде.

Адам өлшемі шеңберіндегі сот әділдігі мен заң  үстемдігі жайы Қазақстан төрағалығының  басты назарындағы маңызды бағыттың бірі болды. Бұл мәселеге арналып 17-19 мамырда Варшавада өткен «Сот жүйесінің тәуелсіздігін және әлеуметтің сот әділдігіне қол жеткізуін қамтамасыз ету» тақырыбында арнайы семинар өткізілді. Адам өлшемінің өзекті және ажырамас бөлігі болып табылатын тақырыпты таңдағаны үшін ДИАҚБ/ЕҚЫҰ директоры Я. Ленарчич  қазақстандық төрағалыққа алғысын білдірді.

Әйел құқықтарын қорғау және жалпы гендерлік теңдік  мәселелері Қазақстан үшін басымды  бағыт әрі ЕҚЫҰ-ның бүкіл кеңістігі  үшін өзекті мәселе болғандықтан, Іс басындағы  төраға Гендерлік мәселелер бойынша  жеке өкіл лауазымын құру бойынша ынтасын білдірді. Ағымдағы жылдың 13 шілдесінде бұл лауазымға «Ашық қоғам институтының» (АҚШ) саяси мәселелері бойынша аға сарапшысы Уэнди Паттен кандидатурасы тағайындалды.

 Бүгінде ЕҚЫҰ-ның  жауапкершілік аймағында мәдени, өркениетті және дінаралық үнқатысудың өткір қажеттілігі пісіп жетілді. Көп ұлтты және көп конфессиялы, мәдениетаралық және өркениетаралық үнқатысуды жақтайтын мемлекет ретінде Қазақстан ұлтшылдықты, діни төзбеушілікті, расизмді, ксенофобияны және антисемитизмді тиімді еңсеру үшін ЕҚЫҰ әлеуетін белсене пайдалануды жақтайды.     Кең тұрғыдағы толеранттылық тақырыбы ЕҚЫҰ аясында ғана емес, сонымен бірге біздің еліміздің 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығы барысында да Қазақстанның басты назарында болмақ. Бұл ретте биыл маусым айының соңында Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның төзімділік және кемсітпеушілік жөніндегі жоғары деңгейдегі конференциясының табысты қорытындылары ұлтаралық және конфессияаралық келісім саласында пікір алмасудың маңыздылығын қуаттап бергенін атап өткеніміз жөн.

Осы орайда Елбасы Н. Назарбаев ЕҚЫҰ СІМ Алматы кездесуінде  сөйлеген сөзінде  «біз соңғы он жылдықтарда төзімділік саясатындағы елеулі ілгерілеушілікке талдау жасауға  және «ЕҚЫҰ: жаңа онжылдықта төзімділікке қарай» деген шартты атаумен ортақ құжатқа шығуға тиіспіз деп білемін» деген болатын.

Қазақстан төрағалығы тұсында, шілде айында Венада ұлттық азшылық тақырыбы бойынша екінші қосымша кеңес өтті. Өткен кеңес  гуманитарлық өлшемдегі ЕҚЫҰ қызметінің бүкіл тарихы бойынша ұлттық азшылықтар құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған тұңғыш шара болып табылады.

Қазақстан Іс басындағы  Төраға ретінде Ұйымның басқа  өңірлік құрылымдармен, соның ішінде АӨСШК-пен серіктес қарым-қатынастардың  дамуына үлкен мән береді.

Биыл маусым айында Стамбулда ЕҚЫҰ-дағы қазақстандық төрағалықтың бастамасымен ЕҚЫҰ және АӨІСШК-ға қатысушы 21 мемлекеттің, оның ішінде ЕҚЫҰ-ға барлық алты азиялық және үш жерорталық (Египет, Иордания, Тунис) әріптес мемлекеттің, ЕҚЫҰ «Үштігінің» мүшелері ретіндегі Литва мен Грецияның және Азербайджан, Иран, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан делегацялары қатысқан «ХХІ ғасырдағы Еуразиядағы қауіпсіздік пен экономикалық ынтымақтастық» деп аталған арнайы шара өткізілді.

 ЕҚЫҰ мен  басқа халықаралық ұйымдардың  ынтымақтастығын күшейту бағытында ЕҚЫҰ-ның бейресми министрлік кездесудің шеңберінде  17 шілдеде Алматыда өткізілген  Еуразия және Еуроатлантикада қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерімен айналысатын негізгі халықаралық ұйымдардың басшылары мен өкілдерінің бейресми кешкі асы қазақстандық төрағалықтың шеңберіндегі маңызды оқиға болды.  Осындай тұңғыш кездесу ЕҚЫҰ, ТМД, ЕО, НАТО, БҰҰ, Еуропа кеңесі және АӨСШК сияқты халықаралық институттар арасыдағы диалог пен ынтымақтастықтың дамуына дем берді.

 Төрағалықтың  жартыжылдық мерзімінде Ұйымның гуманитарлық өлшемі бойынша зор жұмыс атқарылды. Қазіргі күннің өзінде  Қазақстан төрағалығын көптеген қатысушы мемлекеттер мен ұйымға әріптес елдер табысты деп бағалауда.

11 жылдан бері  шақырылмай, биыл желтоқсан айының 1-2 күндері  Астанада өткізілетін ЕҚЫҰ саммиті қазақ елі үшін ғана емес,  Ұйымға  мүше 56 мемлекет үшін де айтулы оқиға болмақ. 

                                                                   Қорытынды

          Қорыта айтқанда, Қазақстанда азаматтарымыздың әлеуметтік қорғалуы Конституциямен кепілдендірілген. Ал әлемдік қаржылық дағдарыс кезінде тұрақтылық пен қоғамның өсіп-өркендеуі мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатын тиімді жүргізуіне тәуелді. Ал Қазақстан ұстанған бүгінгі әлеуметтік саясат халықтың тұрмыс жағдайының артуына әсерін тигізіп отыр.   Қазақстан қашан да инвесторлар үшін сенімді және қолайлы мемлекет болды. Дағдарысқа қарамастан, қазір де солай. Еліміздегі саяси тұрақтылықтың әрі әлеуметтік орнықтылықтың арқасында осы жылдар ішінде мемлекетімізге сырттан бас-аяғы 100 млрд. АҚШ долларына жуық инвестиция тартылыпты. Бұлар өз кезегінде Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін шыңдап, халықтың әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсартуға септігін тигізді. Бұндай артықшылығын Қазақстан алдағы уақытта да уыстан шығармай, жалғастыра беруге құлықты. Бұл ретте Үкімет ел экономикасына инвестицияларды, соның ішінде шетелдік инвестицияларды тарту үшін биыл да қолайлы жағдайларды қалыптастыру жөніндегі жұмысты жалғастыратын болады.  Бұдан бөлек, мемлекет пен жеке меншік серіктестігі механизмін пайдалануға айрықша маңыз бермек.

      Иә, Президент Н. Назарбаевтың ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің биыл шілде айында Алатау баурайында өткен бейресми кездесуінде сөйлеген сөзінде айтылғандай, ұйым құрылған 1975 жылы, сол тұста әлі әлемнің саяси картасында орын алмаған Қазақстан тәрізді мемлекеттің 35 жылдан кейін оны басқаратыны, сірә, ешкімнің қиялында болмаған шығар. 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Қолданылған әдебиет 

www.akorda.kz

Молдабекова А.Т. Сараптама, Әлеуметтік қорғау.    20.02.2010.

Жұматай И. Қазақстан  Республикасында кедейшілікке қарсы  күрес, әлеуметтік қорғау, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту – саясатты ізгілендірудің басты бағыты // САЯСАТ-POLICY. 2007. № 12.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі  мәліметтері. 
 
 
 
 
 
 

Қазақстанның ішкі саясаты