Басқару теориясы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

БАСҚАРУ   ТЕОРИЯСЫ

РЫСТЫГУЛОВА ГАУХАР ТАУБАЕВНА

АҚТӨБЕ, 2011 ж.

АҚШ, Жапония және Батыс Еуропа елдері корпорацияларын басқаруды  ұйымдастыру мәдениетінің ерекшеліктері

Дүниежүзілік  қауымдастықтың айтарлықтай бір ерекшелігі оған кіретін ұлттардың әрқайсысы әлемдік өркениет қорына қосатын өз үлестерінің жан-жақтылығында. Ұлттардың өзіндік төл ерекшелігі мен бірегейлігі — жалпы мойындалған аксиома. Бірақ әр елдің ерекшелігін оқып-үйрену басқа елдердің өмірінің әр саладағы жинақталған тәжірибелерімен таныспай жүзеге аспайды.

Олай болса, қазіргі әлемдегі өзара тәуелділік, әлеуметтік-экономикалық процестерді  басқарудың теориясы мен тәжірибесі проблемалар табиғатына толық жауап  береді. Көптеген елдер өнеркәсіпті, сауданы, кооперацияны, ауыл шаруашылығын, т.б. басқаруда ерекше тәжірибелер жинады.

Өмірлік мүмкіншілігі ұйымдастырушылық мәдениет болып саналатын  кез келген ұйым өте күрделі организм болғандықтан, онда: не үшін адамдар  ұйымның мүшесі болды; олардың арасындағы қатынастар қалай қалыптасқан; олар қандай тұрақты нормалар мен өмір принципін және ұйымның әрекетін жақтайды; құндылықтар мен нормаларға қарасты пікірлердің қайсы жақсы, қайсы жаман деген мәселелер шешіледі. Бұл айтылғандардың барлығы ұйымдарды бірінен бірін ажыратып қана қоймайды, сонымен қоса олардың ұзақ мерзімді келешекте өмір сүре алатынын, қызметінің жетістігін алдын-ала анықтайды.

Ұйымдастырушылық  мәдениеттің иелері адамдар. Ұйымның  өмірінде ұйымдастырушылық мәдениет үлкен орын алатындықтан, қашанда басшылардың назарында болуы қажет. Менеджмент тек ұйымдастырушылық мәдениетке сәйкес келіп қоймайды, сонымен қоса оған өте күрделі ретте тәуелді. Ол өз жағынан ұйымдастырушылық мәдениеттің қалыптасуы мен дамуына ықпалын тигізеді. Ол үшін менеджерлер ұйымдастырушылық мәдениетті ұйымдастыруға, талдау жасай білуге, оның қалыптасуына және тілеген бағытта өзгеруіне ықпал жасауға міндетті.

Басқару деңгейлері

Экономика өзінің масштабының деңгейіне байланысты метаэкономика, макроэкономика, мезоэкономика және микроэкономика болып бөлінеді. Әрине, аталғандардың ішінде масштабы жағынан ерекше аталатын метаэкономика мен мезоэкономикаға ғылыми әдебиеттерде әзірше толық теориялық сипаттамалар берілген жоқ. Сондықтан олардың басқару деңгейі де анықталмаған.

Біріншіден, мезоэкономика туралы. Экономика ұғымының алдынан қойылған қосымша мезо грек тілінен алынған орта, ортадағы, аралық деген мағыналарды береді. Олай болса ұлттық шаруашылықты басқарудағы макро және микроэкономика деңгейлерінің ортасындағы аралық басқару жүйесінің өтпелі кезеңде жаңадан пайда болған басқару деңгейі деп атауға да болады.

Екіншіден, метаэкономика ұғымындағы "мета" қосымшасы грек тілінде сыртта немесе шекарадан тыс деген мағына берсе, біз метаэкономиканың деңгейі дүниежүзілік экономиканың деңгейімен тығыз байланыстылығын көреміз.

Егерде экономикада  макро — мезо — микро деңгейлерінде  үкіметаралық, салалық министрліктер  мен ең төменгі деңгейдегі фирмалардың  бастықтары арқылы басқара алады  десек, метаэкономика туралы бұлай  тұжырым айту қиын.

Метаэкономика ең жоғары деңгейлер (Президенттер, Премьер-министрлер, сыртқы саясат ведомстволары) арасындағы келісім-шарттар арқылы іске асады.

Микро және макроэкономика терминдері экономикалық зерттеулердің түрлі өрістерін белгілеуге немесе экономикалық теорияның түрлі әдістерін анықтау үшін пайдаланылады. Біздер ертеректе микро — макроэкономикалық зерттеулерді буржуазиялық теріс ілім деп келдік. Алғашқы рет микро-макроэкономикалық талдаулар туралы түсініктер саяси оқулықтарға тоқсаныншы жылдардан бастап енгізіле бастады. Американ экономистерінің (А. Грачи, Г. Телтнер, Н. Чемберлен), ағылшын экономисі Э. Керикростың, тағы басқаларының пікірлері бойынша, микроэкономикалық басқаруда фирмалардағы шешім қабылдау проблемалары кәсіпкерлер мінез-құлқының себеп-салдарына катысты. Бұл экономистер микроэкономика бизнесменнің, ал макроэкономика қаржы министрінің ісі деп санайды. Басқалары (мысалы, америка экономистері Г. Экли, П. Самуэлсон) микроэкономикаға тауар өндіруді жекелеген фирмалар бойынша емес, сонымен қоса өндіріс салалары бойынша ресурстарды пайдалану проблемаларын, тауарлар мен қызмет көрсету бағасын және кейбір белгілі жағдайларда табыстардың бөлінуін зерттеуді енгізуді ұсынады.

     Басқару деңгейлеріндегі менеджерлердің бейнелері

Кәсіпкерлік пен бизнес саласында менеджердің орны бөлек. Ол негізінен кәсіпорындағы немесе фирмадағы барлық жұмысты үйлестіріп, соны басқару мәселелерімен айналысады. Ұйымның алдында тұрған келелі міндеттерді айқындайды. Оның орындалуына бақылау жасайды және тікелей жауап береді.

Социалистік жүйеде менеджер арнайы мамандық ретінде саналмайтын. Рыноктық экономика заңдылықтары менеджерлерді арнайы мамандық ретінде қарастыруға мәжбүр етті. Өйткені менеджер кәсіпкерлікпен айналысатын кез келген құрылымның басқарушысы және жетекшісі болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, менеджер сол құрылымның басты қожайыны.

Коммерциялық  құрылымдар қатары өскен сайын, олардың  шағындығына және үлкендігіне қарамай, бірнеше менеджер қызмет істейді. Егер құрылым шағын болса, бір не екі, ал үлкен болса, атқаратын жұмыс ауқымына сай алты-жеті менеджер артықшылық етпейді. Мысалы, кадрлармен жұмыс жөніндегі, қаржы жөніндегі, көлік жөніндегі, шаруашылық жөніндегі, тағы басқадай. Бұлар өз шамасы бойынша жүктелген міндеттерді атқарады, оған жауап береді. Жалпы, менеджердің жұмысы өте үлкен, жауапкершілігі жоғары.

Менеджер  жан-жақты сауатты, ішкі және сыртқы рынокты жақсы меңгеруі тиіс. Өйткені ол өз фирмасының немесе кәсіпорынның өнімдерін, тауарларын орналастыруды, өткізуді, оны сатуды, тұтынушыларды табуды алдын-ала зерттей білуі керек. Сатуға шығарылатын тауарлардың қай жерде қолданысқа не болатынын, клиенттердің сұранысы қандай көлемде екенін күні бұрын анықтай отыруы шарт. Сонда ғана кәсіпкерлік пен бизнесте жолы болады.

Әр менеджер өзінің тұжырымдамасын алдын-ала дайындап алғаны жөн. Онда бизнес мүмкіншілігі жан-жақты қарастырылып, айқындалады. Мұнда: қазіргі рынокта қандай тауар қажет, көпшілік сұранымына сәйкес қандай өнімдер, қай жерде қандай тауарлар өтімді болатындығын анықтауға тиіс. Сондай-ақ, бұдан 4-5 жыл бұрын рынокта қандай өзгерістер болды, — осының барлығы оның көзқарасынан тыс қалмауы керек. Және тауарлар мен өнімдерді сатып алушы клиенттердің қазіргі мүмкіндігі, қаржылық жағдайы, қысқасы, бәрін белгілеп, анықтайды. Осы қыруар міндеттердің бәрі менеджердің мойнында.

Басқару жүйесіндегі өзін-өзі басқарудың дамуы

Өнеркәсіптік  қоғамнан кейінгі жағдайда басқару  билік жүргізу әрекетіне айналған, солай бола да бермек. Басқару аппаратындағы адамдардың жалпы мүддені басқалардан жақсы түсінуі және оны жүзеге асыру үшін басқаларды бағындыра білетін қабілеті мен мүмкіншілігі болулары қажет. Осындай қабілеттілігін қорғауға қандай дәлел ("Халықтың атынан және тапсыруы бойынша", "Алланың атынан", "Өзінің ерекше дарындылығынан") айтқанымен, басқарудың табиғатында демократияға қарсы сәттер бар: қызметкерлерден ең жоғары нәтиже алу үшін, олар "адам факторы", "адам ресурсы" ретінде қаралады.

Басқарудың  қарама-қайшылығы сонда, біріншіден, оның ұйымдастырушылық - техникалық жағы жеке орындаушылардың еркінділігін тежеуді қажет етеді, екіншіден, әлеуметтік-экономикалық жағы өзін-өзі басқаруға араласатын негізгі қызметкерлердің жеке бас қабілеттілігінің дамуына, тәуелсіздігіне және ынталылығына байланысты.

Қазақстанның  рыноктық қатынастарға байланысты жаңа парадигмадағы адамдардың алатын орнына тоқтайық. Біздің коғамды қайта құру тұжырымдамасының көптігіне қарамастан, олардың барлығында да қайта құрудың ең басты факторы есебінде адамдарға және олардың мүдделеріне ерекше көңіл аудару тәсілі баса көрсетілген. Бірақта қайта құрушылық бағдарламалардың барлығында да белгілі біржақтылық бар: түрлі басқару субъектілерінің алдына ең алдымен адам өміріне жоғары деңгейге лайықты жағдай туғызуды қамтамасыз ету және олардың тамақтану, пәтер-үй, әлеуметтік-мәдениет жағдайларын жақсарту мақсаттары қойылады. Аталғандардың барлығының маңызын түсіндірмегенде де, адамдар бұл бағдарламаларда тек басқару субъектісі есебінде қаралады.

Шынында, адамдардың қоғамда өз орнын таба білуі тек  тоя тамақ ішіп, жақсы пәтерде өмір сүруінде емес. Адамның ең жоғарғы мақсаты — олардың қоғамдағы қабілетіне сай өз орнын таба білуінде, қоғамдық өндірісте адамдар тек тұтынушы немесе өндіруші деп қарауға болмайды. Адам басқарушының ең жоғарғы рөліне дейін көтерілуі керек. Міне, осыған байланысты өзін-өзі басқарудың даму үрдісін зерттеу қажет.

Басқару ісінің мәні

 

Басқару —  шешім қабылдау процесі. Қабылданған  шешімдер қойылған мақсаттарға сәйкес болуға тиіс. Сондықтан да басқарушы өзінің мақсаттарын анықтаулары және олар нақтылы тұжырымдалуы қажет. Жергілікті және орталық басшылықтың мақсаты жұмсалған капиталдың қайтарымы немесе одан да мәнді ең жоғары қарқынымен өсуі болуы мүмкін. Бастапқы мақсат қандай болса да, басқару процесі ұйымның рынок жағдайындағы келеңсіз өзгерістердің барлығына төтеп беріп, өмір сүре алатындығының кепілі іспеттес.

Шаруашылық  практикасы көрсеткеніндей, басқару  жүйесін жетілдіру, оның жалпы теориялық  мәселелерін дамыту рынок экономикасында бірден-бір тиімді жол болып табылады. Сондықтан да басқару жүйесінің деңгейін жаңа сапаға көтеру теориялық және практикалық жұмыстарда басты орын алады. Барлық басқару жұмыстарын қайтадан құру болмаса, жетілдіру экономикалық дамудың жаңа ырғағын алып келуге септігін тигізеді.

Басқаруды жетілдірудің проблемасы рынок экономикасына  көшу барысында қолымыздағы бар  экономикалық мүмкіншіліктерді пайдалана  отырып, жаңа өндіріс қатынастарын калыптастыру болып табылады. Аталғандардың барлығы басқаруды қайта құруға қатысты жұмысты жаңаша ұйымдастыруды талап етеді.

Рынок экономикасына  сай басқару жүйесінің қалыптасуы өндіргіш күштер мен жаңа өндіріс қатынастарынан туатын объективтік заңдылықтарға негізделген. Басқарудың шешуші проблемаларының бірі — оның ықпалын рынок экономикасының тиімділігін арттыруға пайдалану, рынок механизмдерінің үздіксіз әрекет етуін қамтамасыз ету.

Басқарудың  барлық жүйесі мен оның негізгі буындары экономиканың барлық деңгейлерінде  мүдделілікті қалыптастыруға әсерін тигізеді. Соның салдарынан ғылыми-техникалық прогрестің дамуына, ресурстарды үнемдеуге, олардың шығындарын азайтуға мүдделілікті күшейтуге жағдай туады.

 

 

 

Басқару құрылымдары, ұйымдастыру  түсінігі мен принциптері

 

"Ұйымды басқару құрылымы" немесе "басқарудың ұйымдастырушылық құрылымы" (БҰҚ) менеджменттің ең бір шешуші түсінігі болғандықтан, ол басқару мақсаттарына, функциялары мен процестеріне, сонымен қоса, менеджерлердің жұмыстарына және олардың арасындағы өкілеттікті бөлісуге тығыз байланысты. Құрылым шеңберінде барлық басқарушылық процесс (ақпараттықтармен алмасу және басқарушылық шешімдер қабылдау) кәсіби мамандығына сай менеджерлердің қатысуы арқылы жүзеге асырылады. Құрылымды басқару жүйесін уақытында және сапалы салынған ғимараттың арқалығымен салыстыруға болады. Сондықтан да ұйым басқарушылары басқару құрылымдарын қалыптастырғанда, олардың принциптері мен тәсілдерін, типтері мен түрлерін таңдау барысында, үрдістердің өзгеруі ұйымның міндетіне сәйкестігіне баға бергенде жете зерттеу жүргізуді талап етеді.

Бұл мәселелерді  қарағанда, осы мәселенің шешуші түсінігінен, ең алдымен ұйымдарды  басқару құрылымдарынан бастаған жөн. Менеджментке қатысты ғылымда осы  категорияның күрделілігін және көп мәнділігін көрсететін көптеген түсіндірмелер кездеседі. Олардың ең бастылары мыналар.

Басқару құрылымы деп қызметтің атқарылуы мен дамуын қамтамасыз ететін, тәртіпке келтірілген, өзара тұрақты байланыстардың біртұтас элементтер жиынтығын айтады. Басқарудың ұйымдастырушылық құрылымына, қойылған міндеттер мен мақсатқа жету жолдарын көрсететін функцияларға сәйкес, басқару процесі шеңберінде жүзеге асырылатын басқарушылық әрекетінің бөлісу формасы мен кооперациясы деп түсінік беруге де болады. Бұл тұрғыдан басқарудың ұйымдастырушылық құрылымын, оның құрамына кіретін органдар мен онда қызмет атқарушы адамдардың өзара байланысты міндеттерін атқаруды, құқықтары мен жауапкершіліктерін ең қолайлы бөлісу жүйесінің түрі деп те атауға болады.

Басқару элементтерінің байланыс қатынастары деңгейлері мен  өкілеттіктері — оның құрылымының  ең басты, негізгі түсініктері. Басқарудың ұйымдастырушылық құрылымының элементтері  жеке жұмыс істеушілер (бастықтар, мамандар, қызметкерлер), сол сияқты, белгілі  бір функционалдық міндеттерді орындайтын басқару аппаратының органдары немесе осы аппаратта қызмет атқаратын мамандар болуы мүмкін. Басқарудың ұйымдастырушылық құрылымының мамандану элементтерінің екі бағыты бар. Біріншіден, ұйым бөлімшелерінің құрылым құрамына байланысты маркетингті жүзеге асыратын басқару құрылымының, өндіріс менеджментінің, ғылыми-техникалық процестің тізбектері өзара ажыратылады. Екіншіден, функциялардың жалпы сипаттамасына байланысты жоспарлаумен шұғылданатын, ендірісті, еңбекті және басқаруды ұйымдастыратын, ұйымда барлық процестерді бақылайтын, басқару процесінің міндетін орындайтын органдар қалыптасады.

 

Басқару мақсатының әртүрлілігі  және топтастыру белгілері

 

Мақсаттарды жүйелі түрде топтастыру басқару  деңгейлері және маманданған бағыттары  бойынша басқарушылық әрекеттердің әр түрлілігін көрсетеді. Мақсаттар арасындағы айырмашылық топтастыру белгілері қызметін атқарып, олардың сипаттарын алдын ала анықтайды. Өмірлік циклдің (гр. — құбылыстар жиынтығы) фазаларына байланысты мақсаттар жүйелері төмендегідей ажыратылады:

1) жүйені құру. Ол үшін ғылыми-зерттеу, жобалау, монтаждау жұмыстарын жүргізу;

2) орныққан, қызмет атқарып тұрған жүйені пайдалану немесе оны жұмысқа қосу. Бұл жағдайда жасалған келісімдердің, кіріс нормаларының, қауіпсіздік техникасының әдеттегі жұмыс тәртібі сақталады және қамтамасыз етіледі;

3) технологияны жетілдіру;

4) еңбекті ұйымдастыру, сатудан кейін қызмет көрсету мақсаттарының дамуы.

Мақсаттардың  масштабы немесе әрекеттің қамту  ауқымына қарай глобальды (фр. —  бүтіндей алғанда, жалпы барлығын қамтитын, кең ауқымды), сол сияқты локальды (лат. — жергілікті) жеке түрлері болады. Өзінің уақытында қойылуы бойынша мақсаттар актуальды (лат. — өзекті), маңызды және елеусіз, екінші дәрежелі болып бөлінеді. Алатын орны бойынша басты мақсаттар, яғни негізгілері, басымды және қамтамасыз етуші мақсаттар немесе қосалқы, жанама болып ажыратылады. Уақыттық кеңістікте жүзеге асырылуы бойынша стратегиялық және тактикалық мақсаттар бар. Еліміздің Президенті өзінің "Қазақстан-2030" деген Жолдауында Республиканың аса маңызды екі стратегиялық мақсаттарын көрсеткені болатын. Олар: біріншіден, біздің еліміздің тәуелсіз мемлекет болып қалыптасу жолдары; екіншісі, кең масштабты әлеуметтік, саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыру. Бұл стратегиялық мақсаттың біріншісі көп қиыншылықтармен жүзеге асырылса, екіншісін жүзеге асыру үшін жүргізіліп жатқан шараларға осы тараудың үшінші параграфында мақсаттарды топтастырғанда әдейілеп көрсетілген. Басқарудың жалпы (негізгі) функцияларын іске асыратын ұйымдастырушылық бақылау, үйлестіру (реттеу), жоспарлау 

Басқарудың өзін-өзі басқару  және ұйымдастырумен өзара байланысы

Кез келген күрделі жүйе өзінің иерархиялық  құрамы болғандықтан, өзін-өзі басқару  жүйесі сыртқы басқарушылық ықпалды  бастан кешіріп қана қоймайды, онымен қоса дербестік немесе тәуелсіздік  дәрежесіне байланысты барлық жүйенің дамуына әсерін тигізетін белгілі бір импульстарды (лат. — талаптану, ынта) тудырады.

Егерде өзінен жоғары тұратын бірде-бір орган болмаса, жүйе толығымен өзін-өзі басқара алады. Өте күрделі иерархиялық жүйедегі элементтер мен жүйе тармақтары объектінің бірін құраса, онда ол жарым-жартылай өзін-өзі басқара алады. Бұл өзін-өзі басқара алатындық дәреже орталықтандыру, орталықтандыруды жою шаралары немесе жоғарыда тұрған орган жағынан жүзеге асырылатын сыртқы басқару мен жүйе субъектісін басқарудан шығатын ішкі басқару арақатынастарымен анықталды. Бұл жағдайда төмендегідей заңдылықтар сақталады: осы жүйенің автономиялығы қанша жоғары болса, бұл жүйенің өзін-өзі басқарушылығы сонша жоғары; жүйенің басқарушылық мүмкіншілігі қанша жоғары болса, сырттай әсерін тигізетін басқару шараларын сонша аз мөлшерде қажет етеді. Бұл және басқа жағдайда әңгіме қоғамдық, сол сияқты кәсіби басқару (өзін өзі басқару) туралы болуы керек. Кәсіби басқару үшін басқаруды тікелей мүлік иелері немесе жалдамалы қызметкерлер жүзеге асыра ма, — оның мәні онша керек емес. Бірақ басқарудың кәсібилік дәрежесі қызметкердің мамандығымен, сол сияқты олардың іске көзқарасымен тығыз байланысты. Өзін-өзі басқаруды толық және жарым-жартылай деп ажырату қажет болған жағдайда, екіншісін біріншісіне немесе керісінше жақындату жолдарын іздеу өте маңызды.

Сонымен, басқару  — даяр түрде сырттан жүйеге "келетін" сыртқы ықпал, өзін-өзі басқару — жүйенің өзінен туған ішкі ықпал. Осыған байланысты демократияға қарама-қарсы сыртқы ықпалмен анықталатын орталықтандыруды ыдырату емес, автократия екендігін баса көрсеткен дұрыс. Біз өз уақытында басқарудың бұл түрін "демократиялық централизм принципі" деп келгенбіз. Қатаң орталықтандыру жағдайында басқару өзінің демократиялық дәрежесімен ажыратылуы да мүмкін. Орталықтандыруға қарама-қарсы ұғым — демократия емес, орталықтандыруды ыдырату. Талдап отырған ұғымдарды салыстыру жағдайында кәсіби және қоғамдық, формаларды және формалды емес ұйымдардың диалектикасын еске ұстаған жөн. Олай дейтініміз, мұндай ұйымның жүйелерін талдау және жобалау үшін маңызы зор.

Басқарушылық еңбек және оның ерекшелігі

 

Еңбектің  кооперациялануы мен бөлінуінің барысында дербестелген адамның  іс-әрекетін басқару дейміз. Мұндай дербестік қоғамдық өндірістің дамуының қажетті де объективті жағдайы.

Басқарудың  мәні, оның қызметі және ерекшелігі: біріншіден, оның алдына қойған мақсатын орындауға бағытталған жолымен, екіншіден, басқарушылық еңбек процесінің "оңай" сәттерінің мағынасымен, яғни еңбек заттары мен еңбек құралдары және еңбектің өзімен тікелей байланысты. Басқарушылық еңбек ой еңбегі түрлерінің біріне жатады. Бұл еңбек материалдық игілікті өндіруге тікелей қатыспаса да, жұмысшының жиынтық еңбегінің ажыратылмас бөлігі. К. Маркс өндірістің кооперативтік сипатында өнімді еңбек анықтамасын тек жұмысшының тұтас жиынтығы деп қараған дұрыс деген пікір айтады. Бұл жағдайда өндіруші қызметкерлер қатарына тауар өндіруге қатысы бар жұмыскерлерден бастап, директор, инженерлермен бірге, барлық қызметкерлер қосылады. Олай болса, басқарушылық еңбек — барлық түйдектелген өндіріс тәсілдерінде қолданылуға қажетті өнімді еңбек.

Басқарудың  негізгі мақсаттары, біріншіден, ұйымның (фирманың) жұмысын жақсарту үшін ұйымдастырушылық қажетті жағдайларды туғызу, екіншіден, жоспарланған нақтылы нәтижеге жету үшін жекелеген еңбек процестерінің арасында үйлесімділікті қалыптастыру, жұмысшылардың бірлескен әрекетін өзара келістіруді қамтамасыз ету. Демек, басқару ең алдымен адамдармен жұмыс істеу, ал олардың еңбек әрекеті басқарушылық ықпалын тигізетін объект қызметін атқарады.

Өндірістегі адамдардың еңбек әрекеті басқарушылық еңбектің құрал ы есебінде ақпарат және оның түрлі формалары арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Ақпарат — басқарушылық еңбекті пайдаланудың ерекше объектісі. Соған байланысты басқарушылық еңбекті ақпараттық талдау кезінде творчестволық, идеологиялық және техникалық операциялар (лат. — әрекет, қимыл) бір-біріне сай келтіріледі. Басқарудың субъектісі мен объектісі арасындағы және басқару субъектілерінің өз араларындағы іс-қимылдардың ақпараттық сипаты бар.

Басқарушылық қызметкерлерді топтау

 

Басқарушылық  еңбектің бөлінуі — басқарушылық қызметкерлер түрлі топтарының еңбек  әрекеттерінің тәуелсіз өрістерде  дербестелуі объективтік процесс. Бұл процесс басқарушылық ықпал сапасының жоғарылауына жағдай туғызады.

Басқарушы қызметкерлерді, олардың басқару процесінде атқаратын  рөліне байланысты, басшы, маман, қызметші (қатардағы орындаушылар) деген ұғымдар кең тараған.

Басшы басқаруда  басты орын алады. Ол белгілі бір қызметкерлер тобына басшылық етеді, оның ұйымының нақтылы қызмет түрі бойынша шешім қабылдауға қажетті өкілеттігі бар, өзі басшылық ететін ұжым жұмысының қорытындысына жауап береді. Экономикада пайдаланылып жүрген "менеджер" (басқарушы) деген ұғым басшы ұғымының синонимі (гр. — аттас) ретінде жүреді. Шетел және еліміз мамандарының пікірінше, менеджердің (басқарушының), әкімшіліктің, бастықтың еңбегінде айтарлықтай айырмашылық жоқ.

Менеджер  — рынок жағдайына қажет лауазымды  өкілеттігі бар жетекші немесе басқарушы. Олар фирма әрекетінің тұрақты түрлері  бойынша шешімдер қабылдайды. "Менеджер" термині жеке бөлімшелердің шеңберінде немесе бағдарламалы - мақсаттық топтардың  нақтылы жұмыстарын ұйымдастырушыларына, кәсіпорындарының тұтастай немесе оның бөлімшелерінің жұмыстарының тұрақты түрін басқарушыға, бағыныштыларын басқаруға, қазіргі дәуірдегі тәсілде жұмысын ұйымдастыратын әкімшіліктің кез келген деңгейіне сәйкес пайдаланылады.

Басқаруда белгілі  бір міндет орындайтын қызметкерлерді мамандар дейміз. Олар жиналған ақпаратты талдап, өзіне қатысты басшыға қабылдауға қажетті шешімдердің варианттарын даярлайды.

Бизнестің жүйесі

Батыс елдерінде  шыққан оқулықтарда бизнеске жүйелі түрде анықтама беруге ерекше көңіл  бөлінген. "Бизнесменге" қазақ тіліндегі ең жақын мағыналы ұғым "кәсіпкершілік". Бірақ олар синоним сөздер емес.

Техас және Иллинойс университетінің (АҚШ) ғалымдары  С. Розеблатт, Р.Бонингтон, Б.Пидлостар  даярлаған "Бизнестің концепциясы" деген оқулықтарына "Бизнес дегеніміз  не?" деген сұраққа жан-жақты  бір жүйені аңғартатын әртүрлі жауап береді. Бірінші, "бизнес — кәсіпкерлік, іс жүргізудің жүйесі", екінші, "бизнес — адамдарға керекті өнімдерді өндіру", үшінші, "бизнес — бұл жұмыс", төртінші, "бизнес — біздің әлеуметтік-экономикалық жүйеміздің сара жолы", бесінші, "бизнес — бұл барлық тілектерімізді қанағаттандыру үшін жасалған жүйе", алтыншы, "бизнес — біздің өмір сүру тіршілігіміздің ортасы". Енді "Бизнес дегеніміз не?" деген сұраққа осы алты анықтаманың кез келгенін таңдап алып, қойылған сұраққа жауап беру үшін пайдалануға болады. Бизнестің мағынасы бұл анықтамалардан әрі кең, әрі ауқымды. Қорытып айтсақ: "бизнес дегеніміз — қоғамның тұтынуы мен тілегін арттыра беруге бағытталған өндіріс жүйесі".

Жоғарыдағы  аты аталған анықтамалар әлі  де санамыздан толық орын тапқан жоқ  сияқты. Бұл ұғымды әзірше кәсіпкерлердің тек қана кіріс кіргізуге бағытталған белсенділік әрекеті деп түсінуі басым. Не болмаса, бизнес дегеніміз — кәсіпкерлердің қоғамның басқа топтарының есебінен баюға бағытталған әрекеті деген мағынада деп түсіну де бар. Мұндай біржақты түсінік мағынаның теориялық негізін таяздатып, көлемін тарылтады.

Әрине, қазіргі  отандық "'бизнесмендеріміздің" басым  көпшілігі елімізде рынок экономикасының кең өріс алуына бағытталған институттардың мешеу дамуы себепті экономикалық сипатта орын алып отырған қателіктерді пайдаланып, еңбексіз пайда табу жолына түсу үрдісі де жоқ емес.

Бизнестің субъектілері. Қазіргі рыноктық экономикада бизнестің  субъектілері іс-әрекеттерін өздерінің іскерлік қимылдарына бағындырады және сол арқылы бір жүйеге түсіреді. Бұл жүйе барлық бизнесмендерді толық қамтып, олардың іс-қимылдарын өзара тәуелді етіп, экономикамызда рыноктың толық қалыптасуына, өркендеуіне әсерін тигізеді.

Бизнестің мәні мен атқаратын қызметі

 

Адам баласының  бүкіл тарихы бизнеспен байланысты. Бірақ та осы уақытқа дейін бұл ұғымды тек қана Батыс экономикасына тән "ақша құмарлардың әрекеті" деген теріс мағынасында ғана түсіну үстем болды.

Иә, олай болса, бизнес дегеніміздің мағынасы неде? Қойылған сұраққа жауап беру үшін осы терминнің этимологиясына көңіл аударған жөн. Бизнеске қазақ тілінде балама ұғым беретін болсақ, бұл — іс, жұмыс, қимыл әрекеті. Біздер өзара амандасқанда, міндетті түрде "жағдайың қалай?" немесе "жұмыс қалай?" дейміз. Егер ой жүгіртіп қарасақ, бұл қаратпа сөздің шығу негізі іскерлік мағынаны білдіреді. Тарихи жағынан, "іскерлікпен шұғылдану" "бизнес" мағынасын береді.

Бірақ та бизнесті бұлай таяз мағынада түсінуге де болмайды. Тек қана іс, жұмыс, яғни іс-қимыл, әрекет жасаушыларды біз "іске әрекеті бар адамдар" не "бизнесмендер" дейміз. Ендеше, бизнес адамдардың іс-әрекеті болса, бизнесмен — сол бизнеспен шұғылданатын адам. Сондықтан рыноктық экономикада бизнесмендер мен бизнес көрнекті орынға ие болады.

Осындай тұжырым  жасауға себеп: біздің күнделікті экономикалық өмірімізде, әсіресе нарық экономикасы жағдайында, шаруашылықтың барлық салаларында кездесетін көріністер, іскерлік қатынастар өз негізінде классикалық саяси экономикада ұдайы өндіріс процесінде кездесетін қоғамдық құбылыстардың бір түріне жатады. Себебі, қоғамның экономикалық өмірінде бизнес (адамдардың іс-қимылы) қандай болғанда да тауарларды өндіріп және оларды тікелей тұтынушыларға жеткізу процесімен сабақтас келеді. Сөйтіп, кез келген өндіріс қатынастарының субъектілері өзара іскерлік байланыстарға не болмаса өзара келісімге келу арқылы өндірілген тауарлардың сатыдан - сатыға (өндіру, бөлу, алмасу, тұтыну) өтіп отыруына жағдай туғызады.

Бірақ та бизнесті тек қана рынок экономикасына тән экономикалық категория деу де дұрыс емес. Бизнестің барлық тарихын зерттей отырып, сипаттарына талдау жүргізсек, онда оны рынок экономикасына дейін де байқар едік.

Еліміздегі басқару ғылымы тәсілдерінің даму эволюциясы

 

Біздің еліміздегі тарихи дамудың барлық кезеңінде  теориялық және практикалық міндеттерді  шешуді қамтамасыз ететін басқарудың әдістемелік негізі қалыптасуымен  қоса дамыды. Социалистік даму жылдарын және оған XX ғасырдың соңғы онжылдығын қоса есептеген дәуірді талдау, басқару ғылымына және оның саймандарына тән пайда болған түбегейлі өзгерістерді төрт кезеңге бөлуге мүмкіншілік береді: біріншісі — 20-шы жылдар; екіншісі — 30-50-ші; үшіншісі — 60-80-ші; төртіншісі — 90-шы жылдар.

Бірінші және соңғы төртінші кезеңдер өтпелі болды. Олар тек қана эволюциялық емес, сонымен революциялық жолмен дамығандығын көреміз. Біздің еліміздегі басқару проблемаларына тиісті жұмыстарға қорытынды беру негізінде, әрбір кезеңнің экономикасы, басқару жүйесі, әдістемелік саймандары үшін шешуші болып саналатын проблемаға қорытынды сипаттамалар 1-кестеде берілген.

Бірінші кезең. Жаңа экономикалық саясатты енгізуге байланысты жиырмасыншы жылдардың басында өндіріс жұмысының ұйымдастырушылық механизмдері мен әдістерінде батыл өзгерістер басталды. Сол жылдардағы әдебиеттерде өтпелі кезеңнің табиғаты туралы, экономиканың социалистік және осыған дейінгі секторлардың өзара қатынастары туралы, жоспар мен рынок туралы, ақша, қарыз және баға туралы айтыстардың мазмұндары жарық көрді. Бір уақытта басқаруға байланысты саяси-экономикалық проблемалар қойыла бастады, яғни заңдылықтар, принциптер, мақсаттар, функциялар т.б. сол сияқты проблемалар зерттелді. Шын мәнінде, міне, осы жылдарда социалистік өндірісті басқару ғылымының негізі жасалды.

Жетістікке бағытталған басқару

 

Кез келген кәсіпкер мен менеджердің негізгі  мақсаттары ұйымның ең жоғары пайда  табуына барлық күш-жігерлерін жұмсау, яғни жетістікке жету ықыласы олардың  барлығына тән сипат. Біз жетістікке жеткенімізді немесе жетістікке жету жолында қандай шаралар қолданғанымызды анықтау үшін, ең алдымен, жетістік категориясын анықтауымыз керек. Біреуден егер ұйымның жетістіктері жөнінде сұрасаңыз, олар өздеріне таныс алып кәсіпорындарды атай бастайды. Бірақ көлем мен пайда әр уақытта жетістіктің көрсеткіші бола бермейді. Ұйымдардың зор көлемге жетуі олардың негізгі мақсаты бола алмайды, шағын бизнестің жұмысы алып кәсіпорындарға қарағанда жетістікті болуы мүмкін, көп жағдайда солай болады да.

Табысқа жетудің  бірінші жолы — бақылау және басшылық. Егерде ұйымның шешімдер қабылдау процесінде менеджерлер басты орын алатын болса, онда оларды жоғары бағалап және осы көзқарасты толық қолдайтын ұйымда бастықтар болуы керек. "X" және "Y" теориясына негізделген басшылардың жұмыс стилін екі типке бөлуге болады.

Басқару теориясы