Бақылаушы жауынгер

Бақылаушы жауынгер.

            Мотоатқыш бөлімшесінде қарсыласқа бақылау жүргізу үшін бақылаушы тағайындалады. Бөлімше командирі бақылаушыға келесі міндеттерді жүктейді: бақылау орнын бүркемелеу және жабдықтау; бақылаудың көрсетілген секторындағы жергілікті жерді және заттарды зерттеу; бағдар мен жергілікті заттарға дейінгі қашықтықты өлшеу және  жергілікті жердің сызбасын құрастыру; қарсыласты байқаған сәтте оның жергілікті жердегі орнын анықтап бөлімше командиріне баяндау және оны бақылау журналына жазу.

Бөлімше командирінен тапсырма алған соң, бақылаушы бақылау  орнын бүркемелейді және жабдықтайды, бақылаудың көрсетілген секторындағы жергілікті жерді және заттарды зерттейді, бағдар мен жергілікті заттарға дейінгі  қашықтықты өлшейді және жергілікті жердәң сызбасын құрастырады. Қарсыласты байқаған сәтте бақылаушы оның жергілікті жердегі орнын анықтайды да, бөлімше командиріне баяндайды. Осыдан кейін ол нысананы сызбаға шартты түрде түсіреді де, бақылау журналына түсіреді.

    Бақылаушы  бақылау нәтижелерін дауыстап баяндау үшін командирге жақын орналасады. Оның қолында бақылау аспаптары (дүрбі, стереотүтік немесе перископ), жергілікті жердің картасы немесе сызбасы, бақылау журналы, құлабыз (компас) және сағат болуы керек. Бақылау үшін өзі қарсыласқа көрінбейтіндей, бірақ мүмкіндігінше көбірек естіп, көре алатындай болып орналасуы керек.

    Бақылау  үшін белгіленетін орын - бақылау  аймағын жақсы шолу мен сенімді  бүркеніш болатындай; авиация, артиллерия  атысынан және ядролық қарудың  зақымдағыш факторларынан қорғанатындай болуы қажет. Егер жергілікті жердің жекелеген заттары бақылау үшін ыңғайлы болса, онда оның жанына көлеңке тұстан орналасу керек. Бақылаушының негізгі тасаланатын орны – оқпана. Оқпана жергілікті жер заттарымен бүркемеленеді.  Жергілікті жерді бақылау тиімді болу үшін бақылаушыға бекітілген сектор қашықтығына қарай 2-3 аймаққа бөлінеді. Аймақ шекаралары бағдар немесе жергілікті жер бойынша белгіленеді.         Бақылаушы, ең алдымен өзіне берілген сектордағы жерді асықпай зерттеуі және барлық жергілікті жер заттарының санын, мөлшерін, формасын, өлшемін және өзара орналасуын еске сақтауға міндетті. Бұл дер кезінде қарсыластың пайда болуын байқауға немесе оның қимылы мен орналасуындағы өзгерістерді байқауға мүмкіндік береді. Осыдан кейін бақылаушы жақын аймақтан бастап, оңға, солға қарсылас жағына қарап жерді және жергілікті заттарды жүйелі бір ізбен тексере отырып, көзбен тағы бір шолып өзін-өзі тексереді. Осы тәртіппен ол орта және алыс аймақты байқайды.

    Егер  бақылаушы қарсыластың болу белгілерін байқап қалса, бұл аймақты бақылау аспаптары көмегімен қарап, нысана сипатын анықтайды. Қарсыласты байқаған сәтте  бақылаушы оның жергілікті жер жағдайындағы орналасуын анықтайды. Бұл үшін ол байқалған нысананың арақашықтығын белгілі жақын бағдарға дейінгі (оң, сол, жақын, алыс), қашықтығын өлшейді. Содан кейін ол бақылауды тоқтатпай, байқалған объект туралы командирге баяндайды.

    Бақылаушының  баяндауы қысқа әрі нақты болуға  тиіс. Бақылаушы қатты айғайламай, командир еститіндей дауыспен  бағдар немесе жергілікті жерге қатысты алғанда нысананың жағдайын, оның қимыл - әрекетін баяндайды. Бұл кезде ол бағдардан оңға немесе солға қарай нысананың орналасуын метрдің мыңдық үлесі бойынша, ал сосын нысананың бағдарға жақын немесе алыс орналасуын метрмен көрсетеді. Мысалы: Бағдар – 2, оңға –10, 100-ден алыс, оқпанада – «танк», немесе «Дөңгелек» биіктегі, солға – 20, 200-ге жақын, бұта арасында – «бақылаушы», немесе «Фигуралы» тоғайынан батысқа бронетранспортер жылжып келеді және т. б.

 

Бақылау журналындағы жазу формасы

 

Бағдарлау уақыты

Қайда, не байқалды

Кімге, қашан  баяндалды.

6сағ 10мин

«Дөңгелек»  биіктігі, солға – 20, 200-ге жақын,

 бұта арасында  – «бақылаушы»

6сағ 10мин

Бөлімше командиріне

7сағ 20мин

Бағдар – 2, оңға –10, 100-ден алыс, оқпанада –  «танк»

7сағ 20мин.

Бөлімше командиріне


 

    Егер бақылаушы радиоактивті  немесе химиялық зақымдануды  байқап қалса, ол дереу қорғаныш  құралдарын киеді де, командирге  баяндайды және бақылауды жалғастырады.

 

Ішкі  әскерлерінің қалыптасу тарихы   

 

 

 

 

1992 жылғы 10 қаңтарда  Қазақстан Республикасының Президенті  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  «Қазақстан Республикасының Ішкі  әскерлері туралы» Жарлыққа қол  қойды.           

 «Біздің Ішкі  әскерлер аса маңызды міндеттерді  атқарады – олар еліміздегі  ішкі тәртіпті қамтамасыз етеді.  Әскер мемлекетіміздің ұлттық  қауіпсіздігін нығайтуға зор үлес қосуда. Мен, Еліміздің Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы  ретінде қызметтің қолайлы жағдайда өткерілуіне, Ішкі әскерлердің тиісті  деңгейде жабдықталуына қамқорлық жасауға тырысамын», - деген болатын Елбасы Астана гарнизонының әскери бөлімдеріне Жауынгерлік Ту тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде.

Бүгінгі таңда Ішкі әскерлердің құрамалары мен әскери бөлімдері мемлекетіміздің барлық қалалары мен облыс орталықтарында орналасқан. Қазіргі кездегі Қарулы Күштердегі басқару жүйесі, яғни Өңірлік қолбасшылықтар Ішкі әскерлерде қолданылатын еліміздің солтүстігінде, батысында, шығысында және оңтүстігінде орналасқан бригадалық құрылымға сәйкес келеді.  

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесіне кіреді және жеке тұлғаның, қоғам мен  мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де құқыққа қайшы қол сұғушылықтардан қорғауға арналған.

Ішкі  әскерлердің әскери қызметшілері өздеріне жүктелген міндеттерді  абыроймен атқара жүріп, ерлік, батырлық әрекеттерімен де көзге түсе білді. Тәуелсіз Қазақстанның Iшкi әскерлері құрылғаннан берi 147  әскери қызметшi мемлекеттiк наградалармен, оның iшiнде ордендермен — 26, медальдермен — 121 адам (олардың 17-сi қаза тапқаннан кейiн) марапатталды.

Ішкі  әскерлердің бірқатар жауынгерлері Қазақстан Қарулы Күштерінің шектелген контингенті құрамында халықаралық міндеттемелерге сәйкес 1993 жылғы маусым мен 1999 жылғы тамыз аралығында тәжік-ауған шекарасының бір учаскесін күзетуге қатысты. Осы кезеңде ауысым кестесі бойынша шұғыл мақсаттағы бөлімдерден 20 құрама рота құрылған болатын. Олардың құрамында екі мыңнан астам офицерлер мен сарбаздар болып,  жауынгерлік тапсырмаларды атқаруға қатысты. 1995 жылғы жетінші сәуірде Таулы Бадахшанның Пшихавр шатқалында моджахедтермен болған ұрыс кезінде Қазақстан Ішкі әскерлерінің 17 жауынгері ерлікпен қаза тапты. Оларға Душанбе қаласында ескерткіш орнатылғаны белгілі.

Қабылданатын  ұйымдастыру және практикалық іс-шаралар  әскери басқару органдары мен  әскер бөліністерінің жауынгерлік  әзірлігін тиісті деңгейде ұстауға, жеке тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігіне төнген қатерге дәл және уақтылы ден қою қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының заңнамасына және Әскери доктринасына сәйкес Ішкі әскерлерге мынадай міндеттер жүктелген:

- Маңызды  мемлекеттік объектілерді және  тасымалдау кезінде арнайы жүктерді  күзету.

Қазіргі уақытта банкнот, монета және медальдар  шығаруға, құнды қағаздарды сақтауға қатысты мемлекеттің стратегиялық объектілерінің, сондай-ақ электр энергиясымен жабдықтау, уран өндіру, ядролық физика институты объектілерінің де сенімді күзеті қамтамасыз етіледі.

Мемлекет  тарапынан халықаралық стандарттарға  сәйкес объектілерді техникалық нығайту  бойынша іс-шаралар кешені жүргізілуде, атап айтқанда, ядролық объектілер БҰҰ қолдауымен ядролық материалдарға бақылау жүргізу мәселелері бойынша халықаралық бақылаушы орган болып табылатын Халықаралық атом энергетикасы агенттігінің талаптарына сәйкес келеді.

Мемлекеттік және халықаралық сарапшылардың  бағалауы бойынша арнайы бөлімдер күзетуді ұйымдастыру бойынша кәсіби дағдыланған, төтенше жағдайлар туындаған кезде жаттыққан іс-қимыл жасау үшін қажетті қару-жарақтары мен құралдары бар ұтқыр күштерді иеленген. 

Стратегиялық  объектілерді күзетуді келісім-шарт бойынша әскери қызметшілер қамтамасыз етеді.

Ішкі  әскерлердің қырағылығы арқасында  жыл сайын өткізу режимдерін бұзушылар  ұсталып, күзетілетін объектілерден  материалдық құндылықтарды ұрлауға  және алып шығуға дер кезінде тосқауыл қойылады.

2009 жылдан  бастап бұрыңғы Семей полигонын жеке қорғауды күшейту аясында Ішкі әскерлердің бөліністері полигонның стратегиялық объектілерін патрульдеуді қамтамасыз етеді.

Қабылданған шаралар нәтижесінде қауіпті  объектілерді рұқсатсыз ашу және оларға кіру оқиғаларына жол берілген жоқ.

-          түзеу мекемелерін күзету, сотталған және қамауға алынған адамдарды айдауылдау.

Сот қарауылдары еліміздің 71 елді-мекенінде  Қазақстан Республикасы Жоғарғы  Сотының, Астана, Алматы қалаларының  қалалық соттарының, әскери соттар мен облыстық соттардың сот мәжілістерін, олардың жылжымалы отырыстарын қамтамасыз етеді.

2010 жылдан  бастап Ішкі әскерлер Қазақстан  Республикасы Президентінің Жарлығымен  құрылған ауыр және аса ауыр  қылмыс жасалған қылмыстық істерді  қарайтын мамандандырылған ауданаралық  соттарды қамтамасыз ету міндеттерін орындауға кірісті.

Бұдан басқа, ұйымдасқан қылмыстық топтардың  жасаған әрекетін және исламның радикалдық ағымдарын тұтынғаны үшін, террористік  әрекеті үшін тартылған адамдарды  қарайтын аса маңызды соттардың  отырыстары қамтамасыз етіледі. 

Сотталғандар  мен қамауға алынған адамдарды  айдауылдау теміржол және автожол жоспарлы бағыттары бойынша жүзеге асырылады.

Жыл сайын сотталғандар мен қамауға  алынған адамдарды айдауылдау бойынша 5 мыңнан астам қарауыл жасақталады.

Әділет  министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің өтінімдеріне сәйкес аса қауіпті қылмыскерлерді және өмір бойы бас бостандығынан айыруға үкім шығарылған адамдарды айдауылдау үшін жоспардан тыс ерекше қарауылдар тағайындалады.

Ішкі  әскерлердің бөлімдері мен бөліністері Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің түзеу мекемелерін күзету міндеттерін орындайды. Режим түрлері бойынша түзеу мекемелері ұстаудың жалпы, қатаң және ерекше түріне бөлінеді.

Ішкі әскерлерде не зымырандардың қуаты, не ұшқыр ұшақтар, не брондытанк техникасы болмағанымен, құқықтық тәртіпті қорғайтын сарбаздардың басты қаруы – олардың бойындағы қырағылық пен табандылық болып табылады. Күн сайын 2 мыңнан астам әскери қызметші жауынгерлік қызметке түседі.

- Қоғамдық тәртіпті сақтауда, қоғамдық тәртіптің жаппай және топтасып бұзылуына тыйым салуда, қоғамдық қауіпсіздікті және төтенше жағдайдың құқықтық режимін, терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін қамтамасыз етуде, ішкі істер органдарымен бірлесіп қатысу, терриристік операциялар жүргізуге қатысу, төтенше жағдайлардың (дүлей зілзалалардың, ірі авариялар мен апаттардың) зардаптарын жоюға қатысу.

Жедел бөлімдердің жеке құрамы Елордада және еліміздің 18 қаласында қоғамдық тәртіпті сақтау міндеттерін атқарады.

Қазақстан Республикасы ІІМ ішкі істер органдары  мен Ішкі әскерлерінің патрульдік-бекеттік қызметті ұйымдастырудағы және өткерудегі іс-әрекеті заңдылық, ізгілік, жеке адам құқығын сақтау және дара басшылық принциптеріне сәйкес жүзеге асырылады.

Патрульдік-бекеттік қызметті өткеруге қатысатын Ішкі әскерлерінің әскери қызметшілері қажетті кәсіби дайындықтан өтуі, тәртіпті және қырағы болуы, қызметтік міндеттерін атқару кезінде батыл шешім қабылдай білуі, табандылық танытуы, жоғары материалдық  қабілеттерді иеленуі, қызметтік міндеттерді орындауға байланысты қиындықтарға қарсы тұра білуі қажет.   Қарамағындағылармен араласу кезінде әскери қызметшілер ілтипатты, өнегелі және сыпайы болуға міндетті, олардың іс-әрекеті заңды болуы тиіс.

Қоғамдық  қауіпсіздікті сақтау жөніндегі міндеттерді орындау кезінде Әскердің әскери қызметшілері ерлік пен батылдықтың жарқын үлгілерін көрсетіп келеді. Соңғы екі жыл ішінде әскердің жиырмадан астам әскери қызметшісі үкіметтік және ведомстволық наградалармен марапатталды.  

Жыл сайын халықарарлық және мемлекеттік  маңызы бар 300-ге жуық қоғамдық-саяси, мәдени-бұқаралық  және спорттық іс-шаралардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

Құқықтық  тәртіп әскері қазақтардың дүниежүзілік құрылтайында, әлемдік діндер съезінде, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымы басшыларының саммитінде, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің отырыстарын өткізуде, Рим Папасы ІІ Иоанн Павелдің Елордаға тарихи іссапары, ЕҚЫҰ Астана Саммитінде, басқа да әлемдік деңгейдегі қайраткерлердің Қазақстан астанасына сапары кезінде және Астана күнін мерекелеуде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етті.

Әскердің  жеке құрамы табиғи зілзалалар, өрттер мен апаттар кезінде зардап шеккен азаматтарға бірнеше рет көмекке  келді.

Мысалы, 2010 жылғы көктемде 5514 әскери бөлімінің  әскери қызметшілері ТЖМ, Қорғаныс істері департаментінің қызметкерлерімен, Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілерімен  бірлесіп Алматы облысы Қызылағаш ауылының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарына көмек көрсетті.

Олар  қайғылы оқиға орнына алғашқылардың  бірі болып келді. Құқық қорғау әскеріне ең күрделі тапсырмалар беріліп, жауынгерлер әскери борыштарын өтеп қана қоймай, қиындыққа тап болған азаматтарға шын ниетпен қол  ұшын созды.

Соғыс кезінде Қазақстан Республикасының аумағын қорғау жүйесінде жекелеген міндеттерді орындау; заңсыз қарулы құрамаларға қарсы күресу; ерекше қауіпті құқық бұзушылықтарды, диверсияларды, терроризм актілерін, қарулы қақтығыстарды тыю және тайталасушы тараптарды ажырату.

Ішкі  әскерде «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөліністері бар. Әскердің сенімді  қалқаны саналатын бұл жасақтарға ең қиын және ең жауапты міндеттерді  орындау жүктеледі. Олардың бірі – ішкі істер органдары және және басқа да әлуетті ведомстволармен  бірлесіп, терроризмге, экстремизге және басқа да қоғамға қайшы әрекеттерге тосқауыл қоятын арнайы операцияларға қатысу.

«Бүркіт»  арнайы мақсаттағы жасағының басты  символы, арнайы мақсаттағы әскери қызметшінің  жоғарғы біліктілігін көрсететін белгісі  – күрең берет болып табылады.

Күрең беретті кию құқығын беретін  қазақстандық біліктілік сынағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінде  өткізілетін ұқсас сынақтармен  салыстырғанда: маршрут ұзақтығы, динамикалық  қозғалыс жүктемесі, нормативтерді  орындау бойынша ең күрделілердің бірі болып саналады.

«Біз  болмасақ, кім?…», «Қазақстан Республикасына және арнайы мақсатқа қызмет етемін!»  деген ұрандар Отан қорғау жөніндегі  ең қиын міндеттерді мойнына алған  адамның өмірлік таңдауы десе болады.

Жауынгерлік әзірлікті жоғарылату және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылымдарымен бірге әскердің әскери басқару органдары мен бөліністері командалық-штабтық, жедел-тактикалық оқу-жаттығуларға және штабтық жаттығуларға қатысады.

Мәселен, 2009 жылы Ішкі әскерлер «Мәтібұлақ» полигонында өткен Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Ұжымдық жедел ден қою күштері құрамына кіретін бөліністерді тарта отырып, бірлескен «Өзара іс-қимыл – 2009» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына белсене қатысты.

ҰЖДК бөліністерінің, оның ішінде «Өзара іс-қимыл – 2009» халықаралық оқу-жаттығуында ҰҚШҰ қатысушы елдердің Бірлескен жедел ден қою күштері құрамына енген Шымкент құрамасының автомобильдегі жедел мақсаттағы батальоны мен Алматы құрамасының «Бүркіт» арнайы мақсаттағы жасағы жеке құрамының іс-әрекетіне Мемлекет басшысы жоғары баға берді. Сондай-ақ 2010 жылы ШЫҰ-ға мүше елдерінің әскерилері қатысқан халықаралық  «Бейбітшілік миссиясы – 2010» жаттығуына қатысып, абыроймен оралды.

Әскерде кез-келген міндетті орындауда дұрыс шешім қабылдай алатын және оның орындалуына қол жеткізетін офицер құрамының жеткілікті кадрлық және интеллектуалдық әлеуеті қалыптасқан.

Бұған 13 жыл бұрын Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің Жоғары әскери училищесінің құрылғаны зор ықпалын тигізді дей аламыз. 2009 жылы училищеге Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің Әскери институты мәртебесі берілді.

Әскери  институт халықаралық деңгейге көтерілді, қазіргі уақытта Қырғызстан мен  Тәжікстанның ішкі әскерлері үшін әскери мамандар даярлауда. 

Институт  түлектері жыл сайын Ішкі әскерлер кадрларын толықтырып, еліміздің  басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарында лайықты қызмет өткеруде. Олардың көбі қазір құрамалар  мен әскери бөлім командирлерінің  орынбасарлары, батальон және рота командирлері лауазымдарында, сондай-ақ Қазақстан және Ресейдің әскери академиялары мен университеттерінде оқып жүр.

Еліміздің жоғары әскери оқу орындарын бітірген түлектер үшін маңызды оқиға –  Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің  Жоғарғы Бас Қолбасшысы  
Н.Ә. Назарбаевтың үздік деп танылған жас түлектерге жыл сайын лейтенант погондарын салтанатты түрде тапсыру рәсімі жақсы дәстүрге айналды.

Елбасының «Отанға адалдық, елге қызмет ету, біздің азаматтарымыздың тыныштығы мен  өмірін күзету, бейбіт өмір сүру, болашағымызды қорғау – жас офицерлер, бұл сіздердің міндеттеріңіз. Сіздерге біздің жас ұрпақтың, жас сарбаздардың тағдыры тапсырылады, сондықтан Сіздер оларға әке, аға бола білулеріңіз керек. Олардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастырыңыздар, біздің отанымызды қорғай білетін мықты, ақылды азамат етіп тәрбиелей біліңіздер, - деген сөзі сардарлардың ұранына айналды.

Сөз жоқ, адам қуаты – әскердің жауынгерлік  қабілетінің басты шарты.

Сондықтан, әскерде моральдық-психологиялық  және ізгілік қасиеттерді тәрбиелеуге үлкен көңіл бөлінеді.

Әскерде тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстың жүйесі қалыптасқан, оның міндеттері:

- әскерде  мемлекеттің қорғаныс пен қауіпсіздік  саласындағы саясатын жүргізу;

- әскери  қызметшілердің бойында қазақстандық патриотизм мен интернационализмді, әскери антқа адалдықты, Отанымыз – Қазақстан Республикасын қорғауға әзірлікті қалыптастыру;

- әскер  жеке құрамын моральдық-психологиялық  ахуалда тәрбиелеу;

«Жаттығуда  қиын болса – ұрыста жеңіл» атты даңқты қолбасшы Суворовтың принципі қазіргі уақытта да өз мәнін жойған жоқ.

Жоспарлы  және тиімді ұйымдастырылатын жауынгерлік  дайындық жеке құрамды тәрбиелеудің қуатты тірегі болып табылады, әскери қызметшілерді тәртіпті етеді және олардың бойында елге деген мақтаныш пен патриотизм сезімін тәрбиелейді. Сондай-ақ, жақсы жолға қойылған, үзіліссіз жауынгерлік оқу әскери қызметті тартымды етері сөзсіз.

Қазіргі армияны жауынгерлік машиналар  мен ату құрылдарынсыз көзге  елестету қиын. Адам факторы басты  роль атқарады десек те, жаңа қару-жарақ пен техниканың мәні жыл сайын арта түсуде.

Бүгінгі уақытта заманауи техникалардан  жоғары сенімділік пен түрлі климат жағдайында үздіксіз жұмыс істеуі, жөндеу кезінде қарапайымдылығы, жолсыз жерде жүре алуы және тас жолдардағы жылдамдағы талап етіледі.

Әскери  техника мен қару-жарақтың заманға  сай дамып келе жатқанына байланысты Ішкі әскерлерде оларды сапалы пайдалану  үшін мамандар даярлауға көңіл бөлінуде. Сондықтан, жыл сайынғы техникалық тексеруге ерекше талап қойылады. Автобронды техникаларды ақаусыз және дұрыс пайдалану – Ішкі әскердің жоғары жауынгерлік әзірлігінің кепілі.

Ішкі  әскерде қызметті сапалы атқару үшін техниканы ғана емес, адамдардың сенімді  серігі – қызметтік иттерді пайдаланады. Маман-кинологтр қалалардағы құқықтық тәртіпті ұстануға, объектілер мен айдауылдау күзетін сенімді қамтамасыз етуге, қылмыскерлерді іздестіру бойынша операцияларға, төтенше жағдайлардағы міндеттерді орындауға үлкен үлес қосуда. Кинологтардың өздері айтатындай: «Адал досқа жұмыста айырбас жоқ. Әзірше жақсы дайындалған иіс сезгіш иттен жақсы техника құралы шыға қойған жоқ».

Жылына  екі рет кинологтар мен олардың  төрт аяқты серіктері оқу құрамасының  кинологиялық орталығында оқу-жаттығуларын жетілдіріп, қызметтерін одан әрі  жалғастыру үшін әр өңірге жіберіледі. Оларға әскерде барлық жағдай жасалған. Қызметтік иттер кең вольерлерде ұсталынып, калориялы құрғақ тамақпен тамақтандырылады және күн сайын адамдармен бірге құқық қорғау тәртібін күзету міндетіне кіріседі.

Дене  шынықтыру дайындығы және спорт - әскер өмірінің ажырамас бөлігі. Құқық қорғау әскері күнделікті міндеттерді орындау үшін олардан мықты дене дайындығы мен шыдамдылық талап етілетіні сөзсіз.

Ішкі  әскердің мақтанышы – оның штаттық  спорттық командасы болып табылады. Әскер спортшыларының жетістігі  елімізге әйгілі.

Елена Хрусталева, Ермахан Ыбрайымов, Бекзат Саттарханов, Бақтияр Артаев, Людмила  Прокашева, Бақыт Сәрсекбаев, Светлана Подобедова және Владимир Седовтардың  есімдері әлемге әйгілі. Олар – Олимпиада  ойындарының, әлем, Еуропа және Азия чемпионаттарының чемпиондары және жүлдегерлері.

Спортшылардың осындай жетістіктері әскерде спортшылардың  шеберлігін жетілдіруге жақсы жағдай жасалғандығын айқын көрсетеді.

Ішкі  әскерлер Орталық оркестрі мен Ән-би ансамблі құқықтық тәртіп әскерінің  беделін көтере түсетін өнерлі шығармашылық топ болып табылады.

Ансамбльдің Ішкі әскерлер комитеті ақпараттық-насихаттау тобының жұмысына «Отанға қызмет етеміз – халыққа қызмет етеміз!», «Конституцияға адалмыз!», «Менің Қазақстаным  – менің болашағым!», «Біз – Жеңіс  мұрагерлеріміз!», «Офицер – қаһармандық мамандығы» және басқа да түрлі әскери-патриоттық акцияларға белсене қатысуы жақсы дәстүрге айналды.

Ішкі  әскерлер Ән-би ансамблінің концерттері  әскердің жеке құрамы мен Отанымыздың  барлық өңірінде тұратын тұрғындардың ыстық ықыласына бөленіп жүр.

Тәуелсіз  мемлекет ретінде Қазақстанның қалыптасуы мен дамуында Ішкі әскерлердің алатын орны ерекше және ол өзіне жүктелген  міндеттерді абыроймен орындап  келеді. Ішкі әскерлер әрқашан құқықтық тәртіп пен мемлекет қауіпсіздігі күзетінде.


Бақылаушы жауынгер