Бөлім мәтінен кейін мынаны қосу керек

     2- бөлім мәтінен кейін мынаны  қосу керек 

     Қазақстан қоғамының қазіргі жағдайы рухани келісім мен өзара түсіністіктің  орын алуымен ерекшеленеді. Ол халықаралық  деңгейде де мойындалып отыр. Қазіргі  кезде елімізде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезін өткізуге байланысты дайындық жүріп жатыр. Қазақстан халқы Ассамблеясының XVII сессиясында сөйлеген сөзінде Н.Ә.Назарбаев: «Мен еліміздегі діни істер туралы ерекше айтқым келеді» деді. Елбасы дінаралық қатынастардың өте нәзіктігіне аса назар аударды. Оның өзіндік себептері бар. Еліміздегі конфессияаралық қатынастар күрделілігімен және қайшылықтарымен, пікірталастар туғызатын әртүрлі теориялық және тәжірибелік мәселелермен ерекшеленіп отыр. Соның бірі – зайырлы мемлекеттің сипаты.

     Зайырлы қоғамдағы діннің алатын орны қандай? Діни бірлестіктер қандай қызмет атқарып жатыр және олар әлеуметтік, рухани мәселелерді шешуге ықпал ете ала ма? Діндердің өмірге араласуының өлшемі, шегі қандай дәрежеде болуы керек? Сондай-ақ мемлекеттің де діндер ісіне араласуының жай-жапсары қандай? Неге рұқсат, нені тиімсіз деп қарауымыз керек? – деген сияқты сауалдар бүгін Қазақстан азаматтарын, сондай-ақ постсоциалистік мемлекеттер азаматтарын да толғандырып отыр. 
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің делегация құрамында 2003 жылы Ресей Мемлекеттік Думасына барған сапарымызда бір топ депутаттарды Мәскеудің М.В.Ломоносов атындағы университетінің ректоры, академик В.А.Садовничий қабылдап, студенттердің рухани тәрбиесіне байланысты мәселелермен таныстырды. Университеттің жанында «Православие мәдениеті институты» ашылып, алдағы уақытта Ислам мәдени институты ашылатынын, жастарды осы арқылы жат діндерден дәстүрлі дінге қарай бет бұруға әрекет жасап жатқандарын сөз етті. Артынша Ресейде «Православие мәдениеті негіздері» пәні мектептерде, басқа да жоғары оқу орындарында енгізіле бастағанда, бір топ ресейлік академик-атеистер, белгілі қоғам қайраткерлері бұқаралық ақпарат құралдарында ашу-ызамен бұл қадамның Конституцияға қарсы екендігін алға тартты. Діннің әу бастан мемлекеттен бөлінгендігіне баса назар аударды. Сондықтан дінге сенетіндердің дінге деген белсенділігін қолдау, оқу орындарындағы факультативтік болса да курс ашу қоғамда діннің үстемдігіне әкеледі деп Ресей Президентіне үндеу де жариялады.

     Зайырлы мемлекеттер діннің үстемдігіне де, дінді мансұқтауға да заң бойынша жол бермейді. Дегенмен зайырлы мемлекет пен атеистік мемлекеттің арасын ажырата алмайтын жағдай ТМД елдерінде, Қазақстан қоғамында да жиі кездеседі. Төркініміз Кеңес үкіметі ұлт десе «ұлтшыл» деп айыптауға дайын тұратын еді. Енді бүгін дін десе, әсіресе, Ислам діні туралы сөз бола қалса, ол дінді ұстанушыларға «экстремист», «террорист», «вахаббист» дейтіндер көбейді. Бұл, біріншіден, көрші славян елдерінің бұқаралық ақпарат құралдарының барлық пәлені мұсылмандардан көріп, оларды құбыжық етіп көрсетіп, өздерін ақтауға тырысушылығынан туып отыр. Бұл, әсіресе, Шешенстандағы соғыс кезінде жиі көрініс берді. 
Екіншіден, діншілдікті – «фанатизм», радикалдық іс-әрекеттермен байланыстыратын психология өз ішімізде әлі де көрініс алып отыр. Дін ата-бабаларымыздың құндылығының негізі дегенімізбен, әлі оның парқына бара алмай жүрміз. Орыс ақыны А.Вознесенский айтқандай, «мы некрещенные дети советской империи» деп, бүгінгі қазақтардың да кіндігін негізінен атеистер кескен, рухани тәрбие алмай, енді көп дүниені ой елегінен өткізудеміз. Сондықтан да зайырлы мемлекеттің не екенін біреу біліп, біреу білмей, атеистік мемлекетке теңейді.

     Қазақстан Республикасының Конституциясында «дін мемлекеттен бөлінген» делінбеген. «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы заңының 4-ші бабында «Діни бірлестіктер мемлекеттен бөлінген» делінген. Ал Конституция заңының бірінші бабында Қазақстан «зайырлы мемлекет» деп жарияланған.

     Демократиялық қоғамда дін міндетті мемлекеттік мәртебеге ие емес, бірақ оның өз орны бар. Конституциямыздың 5-бабында: «Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр алуандылық танылады» делінген. Дін тек идеология ғана емес, дегенмен Конституцияның бұл тұжырымы дүниеге деген әртүрлі көзқарастың (идеологияның) заң алдында теңдігін, бірақ ешқайсысының анық міндетті еместігін көрсетеді. Конституцияның бұл бабынан экстремистік, радикалдық емес, идеологиядан басқалар, діни де, атеистік те көзқарастар мәдени өмірімізде, бұқаралық ақпарат, сондай-ақ азаматтардың қалауына байланысты меншік түріне қарамастан оқу орындарында уағыздалуы мүмкін. Әрине, бүгін Конституция берген бұл мүмкіндікті толық пайдалана алмай отырмыз. Қазақстанда дінтану пәні факультативтік негізде немесе міндетті емес пән ретінде енгізіле бастады, ал жоғары оқу орындарында тек Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтында барлық мамандарға міндетті пән ретінде енгізілді. 
Мемлекетімізде іштей атеизмнің әлі тұғыры берік. Сырттан таңылып жатқан пікірді қолдай жөнеліп, мешіттер тым көбейіп кетті, қалаларда діни рәміздер басым, бұл зайырлы мемлекетке сәйкес емес деушілер кездеседі. Осылай мемлекетіміз клерикалданып немесе дінге бойұсынып бара жатыр деп те айтушылар бар. Елін, рухани дәстүрін сыйлайтын зайырлы мемлекеттерде мұндай сөздерді ашық айтуға бармайды, оны әдепсіздікке санайды, ал ол елдерде діни ғибадатханалар, ай мен крестер де баршылық. 
Конституцияның 22-бабы «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар», 14-бабы «дінге көзқарасына» байланысты «ешкімді кемсітуге болмайды» деген қағидаларына сәйкес мемлекет:

     – азаматтардың дінге қатынасына, дін  таңдауына, балаларының да дін таңдауына араласпайды;

     – мемлекеттік органдардың жұмысын  діни бірлестіктерге жүктемейді;

     – діни бірлестіктерді қаржыландырмайды;

     – діни бірлестіктердің жұмысына, егер ол заңға қайшы болмаса, араласпайды;

     – әртүрлі діндегі немесе дінге  сенбейтін адамдардың, діни бірлестіктердің  өзара сыйластықта, төзімділікте болуына ықпал етеді.

     Ал  діни бірлестіктер:

     – мемлекеттік биліктің қызметін атқармайды және мемлекттік органдардың жұмысына араласпайды;

     – саяси партиялардың жұмысына қатыспайды, оларға қаржылай қолдау көрсетпейді;

     – мемлекеттің заңнама талаптары  мен құқық тәртібін сақтауға міндетті.

     Діни  ұйымдар мен мемлекеттің қоғамға  ықпалы бірдей емес. Ел тұрғындары, негізінен, мемлекеттің азаматтары, ал наным-сенім жағынан олар әртүрлі дінге жатады, болмаса атеист, дінге бейжай, себебі адамның наным-сенімі тек дінмен шектелмейді. Мемлекеттің заңдарын орындау барлық азаматтардың міндеті десек, ал діни қауымдастықтардың, адамдардың, бағыт-бағдарларының орындалуы азаматтардың калауына қарай болады.

     Мемлекет  пен діннің қызметін анықтау, олардың  арақатынасын ажырату, заң алдында  олардың теңдігі, олардың ортақ  мүдделері барлығын жоққа шығармайды. Сол себепті дін мен мемлекет арасында шекара жоқ.

     Дін мен ғылым арасындағы қарым-қатынастарға да жеңіл-желпі қарауға немесе қайшылықтарды  ымыраға келмейтін кереғар жақтар деп түсінуге тағы болмайды.

     2009 жылдың 12 ақпанында Еуропа Ғылыми  қауымдастығы Чарльз Дарвиннің  туғанына 200 жылдығын атап өтті. Дарвинизм теориясы туралы әлі де әлемде пікір қайшылығы бар. Мұсылмандар онымен ымыраға келмей, жоққа шығарса, басқалар жартылай мойындайды, үшіншілер оны толықтыруда. Пікірталас әлі жалғасуда. Католиктер арасында дін мен ғылым арасында адамның пайда болуы туралы айтыс бірте-бірте мәмілеге келетін сияқты. Бүгін бірқатар шіркеулер Ч.Дарвиннің эволюциялық іліміне қарсы емес, адамдардың – биологиялық, физиологиялық жағынан жануарлармен ортақ ұқсастықтары барлығы айтыс тудырмайды, ал оның жанын жаратушы

     Құдай дегенге тоқтайды. Адамның тәні мен  жаны сияқты, ел халқының болмысына  етене жақын, сіңіскен дінді мемлекеттен  түгел ажыратуға болмайды. Осылай адамзат екі билікке бас иеді: дінге және зайырлы мемлекетке деген  қағида қалыптасып келеді. Атеистердің жөні бөлек.

     Мемлекет  адамдардың тәнін билесе, ішіп-жеуін, тұрмыстық жағдайын, денсаулығын  реттесе, жаратушы ол дүниеде де, бұл  дүниеде де адамның жанын билейді. Қазақ ойшылдары «жан дүниеге  қонақ екен, дүние деген шолақ  екен» деп талай айтқан. Дін адамдар Алла алдында бірдей десе, мемлекет адамдар заң алдында бірдей дейді. Мемлекет өз адамдарына елдің азаматы ретінде қараса, дін адамдарға Алланың сүйіктісі ретінде қарайды. Осы тұста зайырлы қоғамда дін мен мемлекет, билік пен діни салт-сана үйлесіп, қоғамда дін мен мемлекет, билік пен діни салт-сана үйлесіп жатыр. 
Дін мен ғылым, жан мен тән мәселелері төңірегінде әлі де пікір алмасу толастар емес, біз ғылымдағы пікірлерді ғана ортаға салып отырмыз. 
Халықтың күш-қуатты, жұбатуды, жан жарасына емді діннен де іздейтіні анық. Бұқаралық ақпарат құралдарында Қызылағаштағы қайғылы оқиға тұсында, сондай-ақ жергілікті жердегі ұлтаралық қақтығыстар кезінде дінбасыларының өз ұстанымдарының болмағанына, елді жұбата алмағандығына, араздасқандарды татуластыра алмағанына сын айтады. Ол адамдар тек елдің азаматтары ғана емес, мұсылмандар емес пе деген уәж айтылды. Сын орынды сияқты. Ал беделді сырттан келген діни топтар жинаған.

     Бірқатар  зайырлы елдерде діни бірлестіктер елде болып жатқан, әсіресе, адам өліміне байланысты оқиғаларға өз бағасын беріп, не себепті христиандар, мұсылмандар, басқалар қаза тапты деп дін тұрғысынан билікпен пікір алмасып жатады. Мемлекет те діни бірлестіктерге байланысты өз ұстанымын ашық білдіреді. Ондай диалог заңды, ал кейде тіпті мемлекет пен дін арақатынасын шешуде сотқа жүгінуде жиі көрініс алады. 
Сонымен, зайырлы мемлекет атеистік емес. Мемлекет азаматтарды мейірімділік, патриотизм, сабырлылықты уағыздайтын діннің қолдауына мұқтаж. Ал тарихи құндылықтарымыз, дініміз мемлекеттің қолдауын қажет етеді.

     Ежелгі  қазақ хандығының мұсылман мемлекеті, оның ресми діні әрі идеологиясы  Ислам діні болғандығы бүгін талас  тудырмайды. Мемлекеттік рәмізі –  жасыл ту, қазақ тұрмысына негізделген  заңнамасы – «Жеті жарғы» мемлекеттің  құқықтық, мәдени негізі болды. Қазақ хандары Құранды сүйіп ант берген. «Сегіз қырлы» жігіттің бір қыры – мұсылманша білімді болу еді. Сондықтан білімді қазақтар арабша, парсыша оқи білген, араб елдерінен білім алған. Қазақ ұлт болып мұсылмандықтың негізінде ұйыған, қазақ болмысы, дәстүрі мен Ислам діні біте қайнасып сіңіскен, Ислам ұлтымыздың салтына бейімделген. Тіл мамандарының айтуынша, қазақ адам аттарының жетпіс пайызы – күні бүгінде араб, парсы тілдерінен. Ислам дінін қабылдағаннан кейін кісі аттарында Мұхаммед, Қожа, Саид (Сейіт), Ибраһим сияқты аттар жиі кездеседі. Бұқара халық үшін дін мен тәуелсіздік, дін мен патриотизм – ажырамас идеялар. Патша үкіметіне қарсы күресте діни ұрандар халыққа қуат берген. «Ат құйрығын сүзіңдер, «Аллалап» атқа қоныңдар!» деп би, жыраулар бата берген. Діни әдет, уағыздар халықтың мақал-мәтелдері мен нақыл сөздеріне де енген. «Халықтан ұял, Құдайдан қорық», «Киімі жаманды ит қабады, пейілі жаманды Тәңірі табады», тағы басқалар. Бірақ осындай мол мұрамыздан соңғы ғасырларда қазақ ұлты айырыла бастады.

     Кеңес заманында Қазақстанды басқа  республикалар сияқты «атеизм салтанат құрған» елдер десе, ХХ ғасырдың аяғы мен ХХI ғасырдың басында, біз, керісінше, Ислам мемлекеті болдық, Ислам Конференциясы Ұйымына мүшеміз. Биыл, 2011 жылы, сол Ұйымға төрағалық етеміз. Елімізде он екі миллиондай мұсылман бар. Ислам – күнделікті тіршілік, өмір салты ғана емес, ол мәдениет, өмірлік позиция, дүниетаным, бір сөзбен айтқанда, тұтас өркениет ретінде енді қайта дами бастады. 
Еліміздегі діни ахуалды сараптағанда, діни бірлестіктердің санының өскендігі, культтік орындардың көбейгені назар аудартады. 2010 жылдың басында елімізде 3776 діни бірлестіктер мен 561 діни топтар тіркелген. Сан жағынан ең көбі мұсылман діни қауымдастықтары мен топтары – 2697.

     Ислам дінін ұстаушылар да, Ислам ғибадатханалары  да сан жағынан басым – 2343. Ал 1990 жылы небәрі 46 Ислам бірлестіктері мен 46 мешіт болған.

     2002 жылғы жалпыұлттық санақта дін туралы сауал енгізілген жоқ. Ал 2011 жылғы санақ осы олқылықтың орнын толтырып, дін мәселесіне назар аударды. Ел халқының 70,2 пайызы – Ислам, 26,2 пайызы – христиан, 0,1 пайызы буддизм дінін ұстанатыны анықталды.

     Бүгін бірқатар ТМД елдерінде «Мемлекеттің рухани тұрағы не?» деген сауалға жауап іздеуде. Басты тіректің бірі дін мен мәдениет екені даусыз. Осы тұста, әрине, аға ұрпақтан гөрі мәселе жас ұрпақтың діндарлығына, оның діни идеяларды, догматтарды қабылдауы туралы болып отыр. Ғылыми әдебиетте жастарды діни сеніміне қарай бес топқа бөледі:

     1. Әртүрлі діннен хабардар, бірақ  әлі діни бағыт, бағдарламалары толық анықталмаған.

     2. Өздерін «қазақпыз», сондықтан «мұсылманбыз» деушілер, бірақ дінге әлі толық енбегендер. Бұл – сан жағынан ең басым топ.

     3. Кейбір мұсылман салт-дәстүрін  орындаушылар, мұсылман салтымен неке қию, жаназаны да қолдаушылар. Бұлардың саны өсуде.

     4. Дәстүрлі мұсылмандар: ораза ұстайды, намаз оқиды, мұсылман парыздарын орындауға тырысушылар.

     5. Басқа дінді ұстанатындар, олар  көп емес: аралас некеден туғандар, балалар үйінде тәрбиеленгендер, сондай-ақ тұрмыс жағдайына байланысты басқа дінге ауғандар, әлі де ізденіс үстінде жүрген жастар.

     Діни  сенімнің таяз екені де рас, ол заңды, біз әлі атеистік мемлекеттің  ызғарынан арылған жоқпыз. Заң  бойынша азаматтардың атеист дүниетанымын таңдауға да құқы бар. Дінді мойындайтын жастардың арасында діни әдеппен үйлеспейтін мінез-құлықты қолдау қатар жүретіні де белгілі. Діндар жастар ұрлыққа, темекі тартуға, тіпті жемқорлыққа, құмар ойындарға қарсы емес. Бұл өмір қайшылықтарынан туып отыр. Жемқорлық, әсіресе, тұрмыстық жемқорлық, ұсақ-түйек пара беріп, мәселені шешуге етіміз үйренгендіктен де болар. Қазақтар «орамалын беріп, шаруаны бітірдік» деп жатады.

     Дінге сену елімізде бақсылық, сиқырлы күштер, бал ашу, құмалақ салушылар, сәуегейлік жасаушыларға сеніммен де қатар жүруде. Тіпті теледидардан «барлық аурудан емдеймін», «барлық отбасылық мәселелерді шешемін» деген сияқты жүгіртпе жолдар арқылы күнде жарнама жасалып жатады. Бұл бұқаралық ақпарат құралдарының да тым коммерцияланғандығын көрсетеді. Әрине, Ванга сияқты көріпкелдер, халық мойындаған бірен-саран емшілердің жолы бөлек.

     Дін тұрғысынан бүгін Еуропаның келбеті  өзгеруде, кейде тіпті христиандықтан кейінгі Еуропа деп жатады. Қазіргі  кезде христиандық құндылықтар  өз мәнін жоя бастаған сияқты. 
2006 жылы Қазақстан Республикасы Парламент делегациясының құрамында Бельгия Корольдігіне ресми сапармен барғанымызда, біз үшін өте ыңғайсыз жағдайдың үстінен шықтық. Бағдарламаға сәйкес бізді Антверпен қаласының губернаторы қабылдады. Қабылдаудан кейін ғимараттың бір шетінде салтанатты шара өтіп жатқанын байқадық: музыка, ду қол шапалақ. Барсақ, екі жігіт некелесіп, достары, туыстары оларды құттықтап жатыр екен. Жындыханада болғандай әсер алып сыртқа шықтық. Келесі кездесуіміз қаланың священнигімен еді. Ол бізді күтіп отыр екен. Алғашқы сауалымыз діннің біржынысты некеге ұстанымы болды. Священник «Біздің қоғам азды, Жаратушы біреумізді ер, екіншімізді әйел етіп, жұптасып, отбасын құрып, ұрпақ өсіруге бұйырды. Біз болсақ, біржынысты некені заңдастырып, Жаратушыға, табиғатқа қарсы іс жасап жатырмыз» деді. «Сіздер» деп сөзін жалғастырды ол: «депутат екенсіздер, біржынысты некені қолдайтын заң қабылдамаңыздар. Естеріңізде болсын, сіздер құрметтеп қарсы алып, қонақ қылып жүрген біздің лауазымды адамдар, депутаттар, министрлер, басқалардың да бірқатары біржыныстық некеде тұрады. Сіздер оны білмейтін де шығарсыздар».

     Демократия  дегеннің екінші жағы да бар. Еркіндік әкесінің қызына үйленуіне, баласын  анасына үйленуіне, еркек пен  еркек, әйел мен әйел некелесуге, денем өзімдікі деп, оны сатып жезөкше болып, табыс табуға жағдай туғызып отыр. Еуропада балалардың 30 пайызы некеге тұрмағандардан туады. АҚШ-та балалардың тек 50 пайызының не әкесі, не анасы ғана бар, жалғызбастылар көбеюде.

     Әрине, Еуропада шынайы христиандық бар, тақуа, құлықты, діндар азаматтар да көп. Сондықтан христиан дініне деген салқындыққа, бұл рухани дағдарысқа үлкен алаңдаушылық білдіріп, адамгершіліктің қазығын Еуропа діннен іздеуде. Еуропа мемлекеттері барлық діни топтар мен ынтымақтасуға ықыласты, бірақ барлығына бірдей бейімді емес, діндерге үлкен таңдау, талғампаздық танытады. Қоғамның іргелі тарихи құндылықтары, мәдениетімен үйлесетін діни бірлестіктер мен жарасымды қарым-қатынас орнату басты мақсатқа айналса, басқаларға тек төзімділік қана танытады, кейде қысым да жасайды.

     Еуроодақ  елдеріндегі мемлекеттер шартты түрде зайырлы және ресми діні бар мемлекет деп бөлінеді. Еуропа және қазақстандық ғалымдар діндердің  құқық мәртебесін пирамидаға теңеп жатады.

     1. Пирамиданың төбесінде сол ресми дінді мемлекеттер тұр: олар – Ұлыбритания, Дания, Норвегия, Греция, Болгария сияқты мемлекеттер, олардың шіркеулерін, дәстүрлі діндерін мемлекет толық қаржыландырады. 
Нақтырақ мағлұмат алу үшін Норвегиядағы діни сенім жағдайына тоқталайық. Норвегияда дін мен мемлекет бөлінбеген. Ресми діні – евангелистік-лютерандық шіркеу. Норвегиялықтар өз дінін жарнамалауға әуес емес, діни шараларға қатысуға аса белсенділік танытпайды. Ресми дінді ел халқының 88 пайызы қолдайды, балалардың 75,7 пайызы шіркеуде шоқындырылады. Халқының 6,2 пайызы қай дінге де бейжай қарайды, олар атеист те емес. Елде жүз мыңға жуық мұсылмандар бар. Норвегия королі – шіркеудің де басшысы. Шіркеуді қаржылай қолдауға дін ахуалына жауапты мәдениет және шіркеу істері жөніндегі министрлік бар. Епископтар мен священниктерді осы министрлік тағайындайды. Парламент депутаттарының басым көпшілігі де – евангелистік-лютерандық діндегілер. Мектептерде де заң бойынша «Христиандық діндер және дүниетаным» пәні міндетті түрде жүргізіледі, сабаққа оқушылардың қатысуы талап етіледі. Бұл пәннің енгізілуі туралы қоғамда пікір әртүрлі: қолдаушылар да, қарсыластар да бар. Бірақ «Білім туралы» Заң христиандық, басқа әлемдік діндер, өмір философиясы туралы жастардың білуін талап етеді. Христиандық – Батыс өркениетінің мәдени мұрасы ретінде жоғары бағаланады.

     2. Ал Германия, Франция, Испания,  Австрия, Италия сияқты зайырлы елдер пирамиданың бел ортасында, дәстүрлі діндерін қолдау үшін әртүрлі конфессияларды қатал түрде жіктеп саралайды, артықшылықтар христиан шіркеуіне берілген. Германия, Румыния, Бельгия, Чехияда оның қызметі қаржыландырылады. Бельгия мен Германияда мектептерде діни тәрбие беріледі. Италия, Бельгия, Польша, Нидерланды, Австрия, басқа елдерде христиандық-демократиялық партиялар жұмыс жасайды. Германия, Греция, Польша, Италияда әскерде діни қызметкерлер ұстайды. Испания, Чехия, Словакияда шіркеуде тіркелген некенің заң күші бар. Бірқатар елдерде діни қауымдастықтар салықтан жеңілдіктер алады. Сонымен, Еуропаның зайырлы елдері саяси өмірде, дін тәрбиесінде және әскерде дінді ашық қолдап отыр. Сондықтан шіркеу мәртебесін алу, оны тіркеу өте қиын, ол үшін Австрияда – он алты мың, Румынияда – жиырма мың, Чехияда – он мың мүшелері болу қажет және діни дәстүрден айнымайтын, осы мемлекетте 10, тіпті кейбір мемлекеттерде 20 жыл өмір сүрген, қоғамға пайдалы, адамгершілік қағидаларына қайшы келмейтін қауымдастықтар тіркеледі. Ал бізде қауымдастық он адам болса тіркеле береді. Аталған мемлекеттердегі жауапкершілікті осыдан-ақ бағамдай беріңіз. 
Еуропаның бірқатар елдері Ватиканмен келісім арқылы түрмелер мен ауруханаларда діни салт-жоралар өткізуге, өздерінің жеке балалар бақшалары, мектептер, жоғары оқу орындары, денсаулық мекемелерін ашуға мемлекет есебінен білім мекемелерінде дін пәнін оқытуға құқық береді және діни неке мен мемлекеттік некенің бірдейлігін мойындайды. Айта кету керек, осындай келісім Ватикан мен Қазақстан арасында да бар, ол еліміздегі католиктерге жақсы жағдай туғызып отыр.

     Сондай-ақ арнаулы комиссиялар секталардың қызметін қадағалап, елдегі жағдайды талдап, шешімдер қабылдайды. Әсіресе, адамдарды таза жолдан адастыратын секталарға қарсы заң қатаюда. Діни салттар мен дәстүрлер қолдауда, негізінен, отбасына зор мән беріледі. Балаларға ата-аналарының дінін қабылдауға, жастардың басқа діндерге өтуінен сақтандырады. Діни дәстүрлерді дәріптеуде салтанатты діни мерекелердің орны бөлек.

Бөлім мәтінен кейін мынаны қосу керек