Ерте темір дәуіріндегі тайпалар

 

Б.з.б. I мыңжылдықтың басында  Қазақстан аумағын мекендеген халықтардың  тарихында және шаруашылық өмірінде бірқатар маңызды өзгерістер болды. Бұл өзгерістер темірден жасалған құралдарды пайданала бастауымен байланысты болды. Қоғамда мүлік теңсіздігі-топтардың шығуына негіз болды. Сондықтан қоғамда болып жатқан әлеуметтік жіктелу процесі, әлеуметтік топтар арасындағы қарым-қатынастарды реттеп отыратын күшті дүниеге әкелді, ол күш - мемлекет.

Қазақстан территориясында  алғашқы мемлекеттік бірлістіктер б.з.б. I мыңжылдықта пайда болды. Олар: .

1. Сақ

2. Үйсін

3. Қаңлы

4. Ғұн

 

Сақтар. Сақтардың  тайпалық одақтары.

 

Қазақстан және Орал далаларында  сақтар мен сарматтар билік құрған дәуірді тарихта «ерте темір  ғасыры», «ерте көшпенділер дәуірі»  немесе «скифтер дәуірі» деп атайды.

Қазақстандағы өмір сүрген тайпалардың ішінде аты-жөні жақсы  сақталған тайпалардың бірі-сақтар. Археологиялық зерттерлеуге және жазба деректерге қарағанда б.з.б. VII-IV ғғ. сақ тайпалары Орта Азия және Қазақстан жерін мекендеген. Парсы жазба деректері бойынша, Орта Азия мен Қазақстан территориясында мекендейтін көшпелі тайпаларды жалпы атпен сақтар деп атаса, ал гректің атақты тарихшысы Герадот (б.з.б. V ғ.) сақтарды «азиялық скифтер» деп атаған. Осымен қатар Герадот өзінің «Тарих» деп аталатын еңбегінде б.з.б. I мыңжы лдықта Орта Азия және Қазақстан жерінде «Сақ» деп аталатын бірнеше тайпалардың қуатты жауынгер одақтары болғаны айтылады. Ол одақтар: массагеттер, даилер, каспийшілер, исседондар, сарматтар, алаңдар, аримаспылар т.б.

Герадоттың айтуынша: «Сақтар-скиф тайпалары, бастарына тік тұратын, төбесі шошақ тығыз кийізден істелінген бөрік және шалбар киген. Олар садақ, қысқа семсер және айбалтамен қаруланған. Тамаша атқыш жауынгерлер болған».

Парсы жазбаларында сақтарды (1 Дарийдің «Бехистун жазбасы», Сузінің, Ксеркстің «Дәвтер туралы жазба»). «Құдіретті еркектер», Иран жазбаларында («Авеста») «Жүйрік атты турлар» деп атаған. Сактарда негізінен, әскери қоғам болды.

 

 

 

Сақ тайпалары үш топқа  бөлінген:

 

1)Шошақ бөрікті сақтар (Тиграхауда) Тянь-Шань тауын, Жетісу жерін, Сырдарьяның орта ағысын мекендеген

 

2)Теңіздің арғы жағындағы  сақтар (парадарайя) Қара теңіздің  солтүстігінен, Арал маңын яғни  Сырдария мен Амудария өзендерінің  төменгі ағысын мекендеген.

 

3)Хаома сусынын дайындайтын  сақтар (хаомоварга) Мұрхаб анғарын мекендеген.

 

 

 

Сақтардың шаруашылығы.

 

Сақтар, негізінен мал  шаруашылығымен айналысты. Мал шаруашылығының үш түрі болды:

1)Көшпелі мал шаруашылығы.  Батыс және Орталық Қазақстанда  өріс алды. Жылдың суық мезгілін  көшпелі сақтар құм жоталарының баурайына орналасқан қыстауларға немесе ірілі-уақыты өзендер жағасында өткізді. Олар бір жерде ұзақ отырып қалмай, мал жайымен келесі қыстауға, қолайлы жайылымдарға қарай орын ауыстырып отырды.

 

2)Жартылай көшпелі  шаруашылықпен айналысатын сақтар  малды қыстатып шығаратын тұрақты қоралар салды. Олар жыл сайын малдарын осы қора-жайларға айдап әкеліп отырды. Шаруашылық кәсібінің бұл түрі орманды дала оңірінде және биік таулы жерлерде кең тарады. Мұндай жерлер Тянь-Шань және Алтай тауларының баурайы, Жетісу, Шығыс Қазақстан аймағы болды. Қыстау маңындағы жерлерде тары, арпа, бидай өсірді. Пішен дайындалып, малды қолда ұстаудың мүмкіндігі туды. Енді сақтар қыстауларда ұзақ уақыт тұру үшін ағаштан, тастан жылы тұрғын үй салатын болды.

 

3)Сақтарда шаруашылықтаң үшінші түрі- Отырықшы егін және мал шаруашылығы– Оңтүстік Қазақстанда, Сырдарья, Шу, Талас, Арыс өзендерінің бойында, табиғи су қорлары мол жайылымдары көп жерлерде кеңінен тарады. Бұл жерлерде суғармалы және тәлімі егіншілік басым болды.

 

Сақтарда мал шаруашылығының, негізігі бағыты қой өсіру еді. Олар қылшық жүнді қойлармен қатар, биязы жүнді қойда өсірді.

Сақтар тұрмысында жылқы  өте бағалы саңалды. Тез семіретін  және қысқы тебінге төзімді жылқы  түрімен бірге, салт мінуге арналған жүйрік сәйгүліктер өсірді. Ал шөлді және шөлейтті жерлерде айыр өркешті түйе өсіруді қолайлы көрді.

 

Сақтардың ұйымдық  сипаты және әлеуметтік құрылымы.

 

Сақ тайпалары одақтарының  басында көсемдер тұрды, оны патша  деп атады. Патшаларды тайпа көсемдерінің кеңесі сайлады. Тайпа көсемдерін оның барлық мүшелері сайлайтын болған. Тайпа ішіндегі аса маңызды ішкі және сыртқы істер халық (вече) жиналысында талқыланып отырды. Оған әйелдер де қатысқан. Қоғамның осындай саяси үйымын Ф. Энегельс әскери демократия деп атады. Себебі ол кезде соғыстың мәні зор еді. Соғыс тайпа үшін жайылымдық жер мен мал тартып алудың және өздерін сыртқы жаудан қорғап отырудың құралы болды.

Көсемдер әскер басы болды да, билік жүргізді. Олар тайпаны  қару-жарақпен, азық-түлікпен қамтамасыз етті. Ол өз тайпасы атынан бітім немесе келісім жасады. Патшалар (көсемдер) рулар мен тайпаларға жайылымдарды, көшіп қонатын жерлерді бөліп берді; ол жерлерді пайдалану тәртібін белгіледі. Жер үшін таласарды шешіп, рулар мен тайпалар арасында қарулы қақтығыстар болмауын қадағалады.

Сақ тайпаларында көпке  дейін матриархаттық ел билеу  тәртібі сақталып, әйелдер ерекше жағдайда болған.

Патшалар жауынгелер тобынан шықты.

Сақтар б.з.б. 519-518 жылдары  парсылармен соғысып, I Дарийдің әскеріне қарсы ерлікпен шайқасады. Сақтар парсылармен бірге Грекия, Египет жеріндегі соғысқа қатысады. Сақтың әйел патшасы Тамирис парсы патшасы Кирдің әскерін женген (б.з.б. 530 ж.).

 

Сақ қоғамының адамдары үш әлеуметтік топқа бөлінді. Олардың әрқайсына бір түс тән болды.:

 

1) жауынгерлер (қызыл)

 

2) абыздар (ақ)

 

3) басқа қауым адамдары (сары, көк)

 

Сақтардың өнері  мен саудасы.

 

Сақтарда қолөнер мен  сауда дами бастады. Шеберлер ер-тұрман, әшекей, найза, семсер акинақ, қанжар, жебенің  ұштарын т.б. жасаған.

Қолөнер жақсы дамыды. Мыс, алтын, күміс, қорғасын т.б. металдарды көп пайдалаған. Сонымен бірге теріден, ағаштан, қыштан ыдыстар жасаған.

Сақтар Алтай, Сібір, Шығыс  және Европа халықтарымен тығыз байланыс жасап тұрды. Сауда Жібек жолы және б.з.б. I мыңжылдықтағы «Дала  жолы» арқылы дамыды.

Сақ өнерінде аңдық стиль болды. Олар аңдар мен әр түрлі аңыздардағы жануар бейнесіндегі құбыжықтарды бейнелейтін еді. Аңдық стиль б.з.б. VII ғасырда Алдыңғы Азияда дүниеге келді. Арыстан бейнесіндегі «өмір ағашы» сақтарда ең көп тараған.

Сақтар әр түрлі жануарлар  бейнесіндегі құдайға, табиғат күштері күнге, желге, әр түрлі құбылыстарға табынды. Мысалы, күн күркіреу құдайы қабан бейнесінде бейнеленген. Олардың түсінігінше, әлем үш бөліктен құралған:

 

1) жер астындағы әлем

 

2) орта жер әлемі

 

3) аспан әлемі

 

Сақтардың археологиялық ескерткіштері.

 

Шырықрабат– апасияқтардың («су жағасын мекендеген сақтар») астанасы. Бұл қала қазіргі Қызылқұм шөлінде орналасқан.

Сақтардың археологиялық  ескерткіштерінің бірі – Бабыш Молда  қаласы.

1969 жылы Алматы облысы  Есік қаласынан табылған Есік қорғаны – б.з.б. VIII-III ғасырлардағы сақ моласы. Бұл молада бай жас сақ жауынгері жерленген, оның барлық киімі алтынмен қапталып киіндірілген. Сондықтан ол «Алтын адам» деп аталған. Онымен бірге қару– жарақ, басқа да шаруашылық құралдар көмілген.

Ежелгі грек тарихшысы Герадот сақтар жайлы көп тарихи деректер қалдырған.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Үйсін

 

 

Б.з.б. II ғ. Қытай жазба  деректемелерінің хабарына қарағанда  Жетісу жерінде атақты Үйсін тайпалары  өмір сүрген. Жазба деректер бойынша  үйсіндерді алғаш рет тарих ғылымына таныс еткен Н.В. Кюнер мен академик Н.Я. Бичурин. Бұлардың аудармаларын және басқа да деректерді пайдалана отырып академик В. Бартольд өзінің атақты «Жетісу тарихының өчеркі» атты еңбегінде үйсіндердің қысқаша тарихын жазды.

Белгілі қытайтанушы тарихшы-ғалым Н. Мұқаметқанұлы: “Үйсін мемлекеті дегеніміз – үйсін тайпалар одағынан құрылған  Қазақстан аумағында б.з.д. ІІ – ҮІ ғасырларда өмір сүрген байырғы мемлекеттердің бірі. Байырғы үйсіндер, Үйсін мемлекеті бізге қытай жылнамаларының орысша аудармасы арқылы “Усунь” деген атпен белгілі болған. Үйсін мемлекеті жөнінде жазылған тарихи деректер мол, қазылған археологиялық мұралар көп, зерттеу еңбектері де аз емес”... Аталмыш “Үйсін” деген этноним ең алғаш қытай тарихшысы Сы Мачянь (Сыма Цянь) жазған “Тарихнама - Ши цзы. Хұндар тарауында” хатталған”, - деп көрсетеді.

Үйсін тайпаларының тарихи өмір тіршілігін қалыптастыруда, археологиялық  материалдарды жазба деректермен  салыстыра отырып, зерттеуде еңбек  еткен ғалымдар академиктер Ә. Марғұлан мен А. Бернштам болды. Қазіргі кезде сақ-үйсіндер тарихымен ұзақ жылдардан бері айналасып жүрген К.А.Акишев. Ол үйсін тайпалардың қоғамдық құрылысы мен әлеуметтік–экономикалық жағын бір жүйеге келтіріп, үйсіндер мемлекеттік дәрежеде таптық құрылыста өмір сүрген деген қорытындыға келді.

Үйсін деген сөз Қытай  деректері арқылы белгілі. Сөздің мағнасы  осы уақытқа шейін белгісіз. Жазба  деректерде үйсіндер «ат жақты, аққұбаша, сары шашты» болып бейнеленеді.

Зерттеушілердің біразы үйсіндер шығыс Иран тайпаларынан шыққан деп, екінші біреулері үйсіндер – түріктердің арғы аталары, олар түрікше сойлеген деп есептеді. Бірақ, қалай болсада, әйтеуір қазақтың ең ірі тайпаларының бірі «үйсін» деп аталады.

 

Үйсіндердің саяси  құрылымы.

 

Біздің заманымыздаң бұрын II ғасырда 177 жыл шамасында үйсіндердің мемлекеттік бірлестігі қалыптасты. Олардың ордасы қызыл алқап (Чигучен) Ыстық көлдің жағасына орналысты. Ол жағалай қыстақтары бар бекіністі қала еді.

Үйсіндердің негізгі  территориясы Іле алқабында болды. Олардың батыс шекарасы Шу мен Талас арқылы өтедідағы, қаңлылармен шектеседі. Шығысында хундармен ортақ шекара болды, ал Онтүстігінде олардың иелігі Ферганамен ұштасып жатты.

Үйсіндердің мемлекет басшысы  Гуньмо (Ұлы бек) деп аталды. Өкімет билігі атадан балаға мұрагерлік жолмен ауысып отырды. Гуньмоға бағынышты ұсақ ру басшылары кіші гуньмолар (бек) деп аталды. Бұлардан басқа жоғарғы және төменгі лауазымдар, қызмет адамдары және «вассал» князъ, тархан, хоубай деген әлеуметтік атаулар болған. Басты өндіруші тап құлдар мен қарапайым шаруалар болды.

Қытай тарихшысы Сюй-Сунаның  қалдырған дерегіне қарағанда үйсіндер көшпелі мемлекет болған. Олар өзімен көрші жатқан Қытай сияқты ірі  елдермен тең құқықты дәрежеде саяси  және сауда қарым-қатынасын жасаған. Үйсіндердің Гуньмолары Қытай ханшаларына үйленіп отырған.

Үйсіндерде жоғары деңгейде тұрған әскери үйым болды. Әскерлері  жақсы қаруланған салт аттылардан тұрды. Мәселен, Қытай императоры Удидің 138 ж. батысқа жіберілген елшісі князь  Чжыньцянь үйсіндер иелігінде 630 мың  адам бар және айқасқа 188 мың жауынгер шығара алады деп жазады. Жазба деректер үйсін билеушілерінің сараланған (қаруланған) 30 мың атты нөкері жене оларға бағынатын 10 мың садақшысы туралы мәлімет қалдырған.

 

Шаруашылығы.

 

Үйсіндердің негізгі  шаруашылығы көшпелі мал шаруашылығы  болды. Сонымен бірге олар егін шаруашылығымен де айналысты. Жерге жеке меншік орнап, ол мұрагерлік жолмен атадан балаға қалып отырды. Үйсіндер жылқы, қой, ешкі, сиыр, түйе және басқа малды өсірген.

Тұтыну бұйымдардың  ішінде күнделікті тұрмысқа қажетті  қыш ыдыстар көп кездеседі. Олар формасы жағынан алуан түрлі. Тамақ ішуге керекті түрлі аяқ – табақ, тостағандар болса, азық-түлік сақтайтын, су таситын, айран, сүт сақтайтын түрлері болған.

Үйсіндер қорғасын, мыс, алтын кендерін білді.

Археологиялық қазбалар нәтежесінде табылған әйелдің тәжі тәріздес әшекейлі баскиімі Қарғалы диадемасы – үйсіндердің өнері мен діни нанымнан мәлімет беретін құнды ескрткіш. Ол 2300 биіктіктегі тау шатқалынан табылған.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қаңлы

 

Қаңлылар – қазақ халқының негізін  құраған ежелгі тайпалардың бірі. Олар туралы деректерді негізінен қытай жазбаларынан аламыз. Шығыстанушы Н. Аристов «қаңлылар – ежелгі түркі руы» деп көрсетеді. В.Востров олардың ежелгі тайпа және түркі тілдес екенін нақтылап берді. А.М. Бернштамның пікірінше де қаңлылар түрік тілді халық болған.

Қаңлы мемлекеті (б.з.д. ІІ ғ. – б.з. Ү ғ.) – Оңтүстік Қазақстанда  құрылған алғашқы мемлекеттік бірлестіктердің  бірі. Қытай деректері бойынша  астанасы Битянь қаласы болған. Қаңлының билеушісіне 5 иелік бағынышты болды. Кангюй мемлекеті мен оның иеліктерінің орналасу мәселелерінің тарихы И.Бичуриннен басталады, ол оның орналасқан жерін Сырдария өзенінің солтүстік жағындағы далалар деп белгілеген. «Шицзи» мәтініне «Давань туралы хикаяда» берген түсініктемесінде ол «Кангюй иелігі қазіргі қазақтың Ұлы жүзі мен Орта жүзі көшіп жүрген Сырдарияның солтүстік жағындағы далаларды алып жатыр» деп атап өткен. «Шицзиде» кангюйдің орналасуы туралы былай делінген: «Кангюй Даванның солтүстік-батысында шамамен алғанда 2000 ли жерде жатыр. Бұл - әдетте 20 000 әскері бар юечжиліктерге ұқайтын көшпелі иелік. Кангюй Даваньмен шектес және күшінің аз болуына қарай оңтүстікте юечжилердің билігін, шығысында ғұндардың билігін таниды».

Б.з.д. ІІ-І ғғ. қаңлылар батыс өңірдегі белді мемлекеттердің бірі болды. Үлкен Хань әулетінің келесі хроникасы «Цянь Ханьшудың» «жерге орналасуды суреттеу» деген тарауында кангюйге арналған бөлім бар, онда сөзбе-сөз келтіргенде былай делінген: «Кангюй билеушісі Лоюень елінде, Уананнан 12 300 ли жердегі Битянь қаласын мекендейді. Ол наместникке тәуелді емес. Әміршінің жазда болатын жеріне Лоюеннен жеті күнде жетуге болады... Халқы 120 000 отбасынан, 600 000 адамнан тұрады; әскер саны 120 000 адам. Әдет-ғұрпы үлкен юечжимен бірдей. Кангюй шығыс жағында ғұндарға бағынады...». Осы ғасырдың ортасына қарай олардың орналасу мәселелері жөнінде негізінен екі көзқарас: 1. Кангюйлер Ташкент жазирасынан Хорезмге дейінгі қос өзен арасындағы кең-байтақ жерді алып жатты; 2. Кангюй иелігі Сырдария өзенінің сағасынан Ташкентке дейінгі алқапта шоғырланған, ал байырғы жерлері Сарысу өзенінің орта ағысынан сол өзен мен Шу өзенінде, Ұлытауға дейін орналасқан деген көзқарастар қалыптасты. Алайда кангюйлердің байырғы жерлері Сырдарияның орта ағысы бойындағы жерлер болған. А.Н.Бернштамның пікірі бойынша, неғұрлым ертедегі тарихи ескерткіштер – Авестада, Махабхаратада, Пехлевилердің бундахишні мен эпикалық Шахнамада аңызғы айналдырылған Кангха нақ осында орналасқан. Ол ежелгі түріктердің руналық ескерткіштерінің Кенгутарбант елін де осында орналасқан деп көрсетуді ұсынған еді. Кейіннен бұл көзқарасты Қазақстан зерттеушілері мен ежелгі Орта Азия тарихының саласындағы басқа да мамандар негізге алды. С. Г. Кляшторный мен Л. М. Левинаның еңбектері кангюйлердің орналасу мәселелерін зерттеуге қосылған елеулі үлес болды. Біріншісі кангюйлер туралы жазбаша деректердегі хабарларды қорытып, кангюй жерлерінің орналасуы жөніндегі негізгі пікірлерге сын көзбен талдау жасады. Л.М.Левина сол кезге қарай жинақталған археологиялық деректерді жүйеге келтіру мен қорытуда көп еңбек етті. Ол кангюйлер заманындағы Сырдария алқабының негізгі үш мәдениетін сипаттап, оларды кезеңдерге бөлуді ұсынды. Жан-жақты талдау негізінде автор өзі қарастырған жетіасар, отырар-қаратау, қауыншы мәдениеті кангюй мемлекеті тұрғындары мәдениетінің нұсқалары болып табылады деген қорытындыға келді.

Сонымен, Кангюйлер Сырдария өзенінің орта ағысының солтүстік жағын мекендеген және Кангха мемлекетінің ұйтқысы болған тайпалар одағы деп айтуға болады.

Егер б. з. б. II ғасырдың екінші жартысында қытай елшісі Чжан-Цянь Кангюй жерлерінің оңтүстігінде юечжиге, ал солтүстігінде ғұндарға тәуелді екенін айтса, біздің заманымыздағы I ғасырда мұндағы жағдай өзгереді. Егер Чжан-Цянь юечжи әскерін 100-200 мың, ал кангюй әскерін 90 мың деп хабарлаған болса, Цанб-Хань-Шу енді кангюй әскерін 120 мың, юечжи әскерін 100 мың дейді.

Бұл кезеңде Орта Азиядағы қос өзен аралығында юечжилердің  негізгі бөлігінің оңтүстікке, сол  жағалаудағы Бактрияға ығысуы, жерге  отырықшылық орын алып, жеке-жеке бес  иелікке бөлінгенін, мұның өзі  кангюймен салыстырғанда олардың  әлсіреуіне әкеп соқпай қоймағанын, ал кангюйлердің алдынан оңтүстік пен батысқа басқыншылық жорық жасау үшін мүмкіндік ашылғанын атап өткен жөн. Сол кезде б. з. б.  II ғасырдың аяғы – I ғасырдың басы, сірә, кангюйдің жоғарыда аталған тәуелді бес иелігі пайда болса керек.

Б.з.д. І ғасырдың екінші жартысында Чжичжи шаньюй бастаған ғұндар Оңтүстік-шығыс Қазақстан жеріне алғаш рет көшіп келе бастады. Осындай жағдайда Қаңлы мемлекеті Чжичжимен одақ құрып, оны үйсіндерге қарсы пайдаланбақ болды. Қаңлы билеушісі Чжичжиді Талас алқабына шақырып, оған өзінің атты әскеріне қолбасшылық ету құқын берді. Бірақ, каңлылардың үміті ақталмады. Чжичжи үйсіндерді бағындыра алмады. Енді ғұндар мен каңлылар арасында қайшылық туды. Чжичжи қаңлы билеушісінің қосынынан қуылып, Таластың жоғарғы жағына кетеді, сол жақтан өзіне қала тұрғызады. Шаньюй құрлысқа қаржыны Ферғана мен Парфия билеушілерінен  алым ретінде алып отырды, сірә, ол құрлысшы-шеберлерді де сол жақтан шақырып алса керек. Екі жыл бойы салынған қала мықты бекітілді, ол екі қорғанмен қоршалды, оның сыртқысы ағаш, ал ішкісі мұнаралары бар қамкесектен тұрғызылған дуалдан болатын.

Чжичжидің күшеюі, үйсіндерге шапқыншылығы Қытай империясын мазалады. Көп кешікпей қытай әскері жорыққа  шықты. Ол Ұлы Жібек жолын бойлай екі бағытта жүрді. Үш отряд Қашғар, Ферғана арқылы, Шатқал жотасындағы Шанаш және Талас жотасындағы Қарабура асулары арқылы оңтүстік жолмен, үш отряд солтүстік жолмен – Шығыс Түркістаннан, сірә, усундердің Чигучэн ордасы орналасқан Ыстықкөл қазан шұңқырындағы Бедел асуы арқылы өткен болар, содан соң Шу аңғарымен Таласқа беттеді. Әскерлер Чжичжи қаласы қорғанының жанында қосылды. Шаньюйдің өзі қоршауға дайындалған еді, ол өз әскерлерін қабырғаларды бойлай орналастырды, ал қала қақпаларының екі жағына «балық қабыршағы» сияқты етіп әдеттен тыс сап түзеген жаяу жауынгерлер отрядын қойды. Алайда, қаһармандықпен қорғанғанына қарамастан, қытайлар сыртқа ағаш қорғанды өртеп, топырақ дуалды опырып жіберді, қоршаудағылардың қарсылығын басып, қалаға басып кірді де қамалды басып алды. Чжичжи мен оның төңірегіндегі жақындары көптеген туыстарымен, балаларымен, әйелдерімен және атақты князьдарымен бірге 1518 адам тұтқынға алынды. Олардың бәрінің басы шабылды. Бір мың екі жүздей жауынгері Усун мен Ферғананың вассалдық князьдарына сыйға тартылды.

 

Қытай-кангюй қатынастарының басқа бір жағы Шығыс Түркістандағы оқиғаларға байланысты. Біздің заманымыздағы 78 жылы Бань Чжао басқарған қытай армиясы Шығыс Түркістан жазирасына үстемдігін орнатады. Алғашқыда кангюйлер император наместнигіне одақтас болады да, көп кешікпей өзінің көзқарасын өзгертіп, біздің заманымыздың 85 жылы Бань Чжаоға қарсы көтерілген Суле (Қашғар) билеушісіне көмекке әскер жібереді.

Қаңлы тайпаларының негізгі  кәсібі көшпелі мал шаруашылығы  болған. Олардың бір бөлегі егіншілік  және бау-бақша өсірумен айналысқан. Қолөнер едәуір дамыды. Олар Ұлы Жібек жолы арқылы көп елдермен сауда жасасқан, халықаралық саудаға қатысқанын археологиялық жұмыстар кезінде өзге елдерде жасалған заттардың табылуы дәлелдейді. Сол заманға сай қалалары да болды. Қаңлылар өрмекпен жүн мата тоқыған, алуан түрлі қыш ыдыстар істеген. Қоладан және темірден құрал-саймандар мен қару-жарақтар жасаған. Зергерлік бұйымдар мен әшекейлерді алтын, күміс және қоладан жасады. Ерте замандағы қаңлылардың жазу мәдениеті болған. Қаңлылар негізінен ата-аналарының аруағына, ал бір бөлігі отқа, айға, күнге табынған.

 

Қаңлы ескерткіштерінің жарқын көріністерін қауыншы, отырар-қаратау, жетіасар мәдениеттерінен көруге болады. Олар Сырдария сағасынан Ферғанаға  дейінгі өңірге тараған. Қауыншы  мәдениеті Ташкент аймағын қамтиды. 1958-1963 жж. А.Г.Максимова жетекшілік еткен Шардара археологиялық экспедициясы Оңтүстік Қазақстаннан қауыншы мәдениетіне жататын бірқатар ескерткіштер ашты. Оның біршама толық зерттелгені Шардараға таяу, Сырдарияның оң жағалауындағы Ақтөбе қонысы. Отырар алқабында Отырар-Қаратау мәдениетіне жататын ескерткіштер көп шоғырланған. Арыс өзенінің сол жағалауында аумағы әртүрлі Пұшық-Мардан, Қостөбе, Шаштөбе, Сейітман төбе, Ақайтөбе, Шалтөбе сияқты жиырма шақты қалашықтар бар. Олардың ең үлкені – Көкмардан. Бұлардың көбін 1969-70 ж. К.Ақышев жетекшілік еткен Отырар археологиялық экспедициясы тапқан. Жетіасар мәдениеті Қуаңдария мен Жаңадария аңғарын қамтиды. Бұл кездегі қала орындары біртектес. Қалалар мен обалардан Жетіасар мәдениетіне жататын түрлі бұйымдар табылды. Археологиялық қазбалар барысында табылған әшекей бұйымдар, шаруашылық заттар қаңлылардың егіншілікпен, мал шаруашылығымен, қолөнер кәсібімен, саудамен айналысқанын және өз тұсындағы Қытай, Парфия, Рим және Кушан империясы сияқты ірі мемлекеттермен саяси, экономикалық, мәдени байланыста болғанын дәлелдейді.

 

ІІІ-V ғғ. қытай деректері  бойынша кангюйлер өзінің Орта Азиядағы қос өзен аралығындағы, Арал өңіріндегі иеліктеріне үстемдік етуінен айырылып, бірқатар тәуелсіз иеліктерге бөлініп кетеді. V ғасырда ол император сарайына елшілік жіберген елдер тізімінде ғана белгілі. Сірә, бұл кезге қарай кангюйлер орнында пайда болған ұсақ иеліктер эфталиттер мемлекетіне тәуелді болса керек. Біздің заманымыздағы 1 мыңжылдықтың орта шенінен бастап ортаңғы және төменгі Сырдария ауданындағы этникалық-саяси жағдай өзгерді. Оған түркі тілдес тайпалар басып кірді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ғұн

 

Біздің заманымыздан бұрын I мың жылдықтың екінші жартысынан бастап Евразияның этникалық – саяси  тарихында Орталық Азияның көшпелі тайпаларының ролі күшейе түсті. Осы өңірде, Байкалдан Оңтүстікте таман және Ордасқа дейін созылып жатқан далалық және шөлейт аудандарда қарабайыр малшаруашылығы мен шұғұлданған, этникалық жағынан әр түрлі тайпалар көшіп жүрді. Солардың басты бір тобы ғұндар еді.

Қазақстанның Онтүстік және Жетісу жерлерінде ғұндар б.з.б. II-I ғ.ғ. келе бастаған.

Ғұндар жайлы тарихи деректерді көрнекті Қытай тілінің  мамандары Н.Я. Бичурин мен Н.Кюнердің еңбектерінен білеміз. Ал олардың тарихын  жазуға еңбек еткен ғалымдар А.Н. Бенрштам, Л.И. Гумилев, Н.И. Конрад. Қазақ ғалымдарының ішінде соңғы кезде К.М. Байпаков айналысып жүр.

Б.з.б. IV-III ғасырларда Қытайдың солтүстік шекарасында тұрған тайпалар топтасып, тайпалық екі бірлестік  құрды. Олардың біріншісі Сюнну (Хунну немесе ғұндар); екіншісі дунху бірлестіктері деп аталды. Сюнулар (ғұндар) өз заманындағы, көршілес елдердің тарихына ықпал жасады.

Ғұндардың этникалық  шығу тегі, тілі осы күнге дейін  дәлелденбей отыр. Зерттеушілердің  көпшілігі оларды түріктердің арғы тегі деп есептейді.

Сонымен Қытай жылнамаларымен археологиялық зерттеулерге қарағанда, б.з.б IV-III ғасырларда Қытайдың Солтүстігінде  Байкалдан Ордосқа дейінгі аралықты мекендеген күшті ғұн тайпаларының бірлестігі құрылды. Олар өздерімен  көрші жатқан халықтарын басып алумен қатар Қытай жерінде дүркін-дүркін шабуыл жасап тұрған. Бұл жағдай Қытай патшасының наразылығын тұғызып отырды. Сөйтіп, ғұндар мен Қытай өкіметінің арасында бір-біріне алма-кезек жасалған ұрыс–талас, соғыстар олардың ұрпақтарының арасында 300 жылдан астам уақытқа созылған.

Жылнамалар бойынша, ғүн  тайпаларының бірігіп саяси күшейген кезі б.з.б. 209 жылы Мөде ханның билік  жүргізген мезгілі. Оның жасаған  әскери реформалары ғұндарды қуатты мемлекетке айналдырған. Олар өздерінің оңтүстігіндегі дунхуларды талқандап, быт-шытын шығарды. Олардың аман қалғандары Монголия, Маньчжурияға дейін қашып бас сауғалауға мәжбүр болады. Ғұндар мұнымен де қанағаттанып қоймай б.з.б. 203-202 жылдары Саян-Алтай таулары және жоғарғы Енисей жеріне дейін шабуыл жасап, Қытайдың хань әулетінің негізін салушы (б.з.б. 202 ж.) Лю-банды б.з.б. 200 жылы жеңіп, оларды өздеріне бағынышты етеді. Қытай императоры ғұндардың Шаньюіне (ханына) қыз беріп, алым-салық төлеп тұрған. Сөйтіп, Байкал көлінен Тибет тауына дейін Шығыс Түркістанның Хуанхэ өзінінің Орта ағысына дейінгі аралықты алып жатқан ұлан байтақ жерде «Ғұн державасы» пайда болды.

 

 

 

Ғұндардың саяси, қоғамдық құрылысы.

 

Мемлекеттің басында  ұлы Сенгир (Шаньюй) тұрды. Оның билігі дара және мұрагерлік болды. Әдетте ол тағын үлкен ұлына немесе інісіне өсиет етіп қалдырған.

Шаньюй барлық ғұндарға тиесілі жерлер және бүкіл мемлекет территориясына билік жүргізуге  құқылы болды. Сонымен бірге, Шаньюй ол территорияны сақтауға, қорғауға міндетті болды. Оның соғыс жариялауға, бітім жасауға, армияны басқаруға құқысы болды. Жоғарғы сот билігі де Шаньюйдің қолында шоғырланды.

Ғұн мемлекетінде Шаньюйден  кейінгі екінші орында оның балалары және жақын туыстары тұрды. Бұданбасқа Шаньюйге туменбасы, жүзбасы, онбасылар  бағынышты болды. Ғұндар 24 рудан құралды. Әр руды ақсақалдар басқарды. Ақсақалдар мемлекет ісін талқылау үшін бір жылда 3 рет құрылтай өткізіп отырды.

Ғұндарда жақсы ұйымдастырылған  әскер болған. Мұның негізгі тез  жүретін атты әскер болды. Атты әскердің қаруы садақ пен жебе еді. Олар садақтарының сыртын сүйекпен қаптаған. Жебелердің екі түрі болған. Әсіресе, ұшқыр, ауыр ұңғырлы сауыт бұзар жебені темірден жасаған. Ұзын семсерлері ат үстінде жүріп соғысуға ыңғайлы. Ондай семсерлер Қазақстанда Ақтөбе Шаушықұм, Жамантоғай қорымдарынан табылған.

Ғұн қоғамында патриархаттық  – рулық қатынастары әлі күшті  болған еді. Сыма Цянь (б.з.б. 135-67 жж.) «Тарихи  жазбаларда» ғұндардың Левират  ғұрпы туралы былай дейді: «Әкесі мен ағалары өлсе тұқым құрымасын  деп олардың әйелін өздеріне алады, сондықтан ғұндарда қан араласу болса да, тұқым құрымайды». (Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах, обитавших в Среденей Азии в древние времена. т. 1. М.-Л., с. 58)

 

Ғұндардың шаруашылығы.

 

Ғұндарда мал шаруашылығы  жақсы дамыды. Олар үй-жануарларының барлық түрлерін өсірген. Жазба деректер ғұндар үйір-үйір жылқы, қора-қора қой өсіруші еді деп хабарлайды. Оларда егін шаруашылығы да маңызды роль атқарды. Әсіресе, ғұндар тарыны өсірген. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде, егіншіліктің ойдағыдай болғанын білдіретін темір орақ, шойын тістер, қол диірмендер, тас үккіштер сияқты егін салуға және оны жинап алуға қажетті құрал саймандар табылған. Сонымен қатар ғұндар аң аулаумен айналысқан.

Көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан ғұндардың негізгі баспанасы киіз үй және жартылай жертөбелер болды. Олар үйдің бір бұрышына салынған ошақтан еден астымен тартылған кәңмен (труба) жылытылған.

 

 

Ғұндарда қол өнер ойдағыдай дамыған. Әсіресе, олардың  шеберлері ыдыс-аяқтар, ұсталары темірден қару-жарақтар жасаған. Ыдыс-аяқтарды ағаштан, теріден, қыштан, металдан жасай білген.

Ғұн тайпаларының ішінде атақты зергерлер болған. Ауқатты  адамдардың зираттарынан табылған алтын  сырғалар, жүзіктер, әшекейлеп жасалған белдіктер жасалуы жағынан сақ  тайпаларының әшекей бұйымдарынан бірде-бір кем түспейтіндігің көрсетеді. Бұйымдарды сәндендіруге басты бейне есебінде жабайы аңдардың бейнесі қолданған.

Ерте темір дәуіріндегі тайпалар