Гегель философиясы. 2

Гегель философиясы

 

 

І. Кіріспе

ІІ. Негізгі бөлім

    1. Георг Вильгельм Фридрих Гегельдің неміс классикалық философиясындағы орны.
    2. Гегельдің философиялық көзқарасындағы «Абсолюттік идея» мәселесі
    3. «Рух феноменологиясы» еңбегіндегі философиялық идеялары

ІІІ. Қорытынды

ІV. Пайдаланылған әдебиеттер

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Гегель философиясы

Гегель, Георг Вильгельм Фридрих- неміс философы. ХVІІІ ғасырдың аяқ кезі мен XIX ғасырдың басындағы неміс классикалық философиясының аса көрнекті өкілі. Объективтік идеализм тұрғысынан диалектиқалық методты жүйелі түрде, жан-жақты зерттеуі арқасында Гегель философия саласында тарихи зор еңбек сіңірді. "Гегельдің материалистік жағынан ұғынылған диалектикасын Маркстің қалай қолданғандығына сүйеніп, біз осы диалектиканы барлық жағынан тексеріп шеше аламыз және тексеріп шешуге тиіспіз де... " деп жазған болатын В.И.Ленин.

Гегель 1770 ж. 27 тамызда Штутгартта, ірі чиновниктің семьясында дүниеге келді. Ол 1788 ж. Тюбингендегі теологиялық институтқа түсіп, оны 1763 ж. бітіріп шықты. Студенттік кезде ол Франциядағы ірі саяси өзгерістерге аса зейін қойып, оларды қуаттап отырды. Институтты бітіргеннен кейін Гегель бірнеше жылдар бойы Бернде, Майндағы Франкфуртте жеке адамдардың балаларын оқытып тәрбиелеумен айналысады. Осы жылдары жас оқымысты өзінің " Иисустың өмірі " (1795), "Христиандық діннің позитивтілігі " (1796), "Христиандықтың рухы және оның тағдыры" (1799) деген алғашқы шығармаларын жазады.

1801 жылдан кейін философ творчествосының иендегі дәуірі басталады. Иенде оның "Фихте мен Шеллингсің философиялық системаларының айырмашылығы" (1801), "Рух феноменологиясы"деген еңбектері жарық көреді. 1808 жылы Гегель Нюрнбергке ауысып, мұнда гимназия директоры қызметін атқарады. Осында ол атақты "Логика ғылымын " жазады. 1818 жылдан бастап ол Берлин университетінде философия кафедрасының профессоры, кейіннен бұған қоса университет ректоры болады. Бұл жылдары ол өзінің философиялық системасын құруды аяқтайды. Оның даңқы Германияда емес, одан тыс жерлерге де кеңінен тарайды. Гегель 1831 жылы дүниеден озады.

Философиялық ой-пікірі жағынан Гегель объективтік идеалист болды. Ол абсолюттік идеяны, абсолюттік рухты барлық дүниенің негізгі тірегі деп таныды. Идея, — деп көрсетті ол негізінде — белсенділіктің, іс-әрекеттің қайнар көзі, ол ұдайы өзгеріп, дамып отырады және осы даму процесінде бүкіл өмір сүріп отырған дүниені туғызады; сөйтіп идея шындықтың тіршілік беруші жаны болып табылады.

Гегельдің философиялық жүйесі үш бөлімнен тұрады:

 «Абсолюттік идеяның» өзін  өзі ашуының бірінші кезеңі. Логика, оның ойынша құдайлық ойлы ақылмен сай келетін «таза ойлы ақылдың» жүйесі. Логика, «абсолюттік идеяны» ғылыми - теориялық түрде ұғу.

Логика арқылы «Абсолюттік идея» категориялар жүйесі түрінде танымның қарапайым - болмыс, бейболмыс, нақтылы болмыс, сапа, сан, категорияларынан бастап әр алуан - химизм, биологизм сияқты анықтайтын ұғымдармен бүткіл жалпылық мазмұны ашылады. Гегель категорияларды ағымдағы, толассыз өздігінен пайда болатын қозғалыс күй-жағдайындағы таза ой деп сипаттады. Қандай түрде, немесе мазмұнына байланысты категориялар сезіммен қабылданатын материалға мұқтаж емес. Таза ақыл, ой және ойлардың даму сатылары ретінде олар өзінен өзі мазмұнды сол себептен заттардың мәнін құрайды.

Қисын (логика) абсолюттік ойлардың, мазмұнын беретін ұғымдардың (категориялардың) заңды қозғалысы, оның өздігінен дамуы кезеңдері. Бұл ойлардың қозғалысы неден басталады? Ұзақ талқынаудан кейін Гегель мынадай қорытындыға келеді, басталым таза болмыс категориясынан. Болмыс, оның пікірінше, мәңгі-бақи бар бола алмайды және пайда болуы тиісті. Бірақ неден? Негізінде, бейболмыстан, жоқтан. «Әзірге ешнәрсе жоқ және әйтеуір бірдеңе пайда болуы тиісті. Басталу таза ештеңенің өзі емес, түк те еместің сондай түрі, одан әйтеуір бір бірдеңе болу тиісті, демек о баста да болатын. Сондықтан оны да, басқаны да яғни болмысты да, бейболмысты да ұстанған; ол болмыс және бейболмыстың бірлігі немесе, басқаша айтсақ, ол болмыс, және сонымен қатар, бейболмыстағы болмыс». Егер ғылыми жаратылыстану мен себепті байланыстылықтың алғы шарттары тұрғысынан қарастырсақ Гегель ойларының тұспасы жасанды көрінуі мүмкін. Шын мәнінде дымсыз ештеңеден нақты бірдеңе пайда бола қоймайды. Бірақ Гегельде нақты әлем туралы сөз болып жатқан жоқ, ол әлем бар болғанға дейінгі құдай ойлары.

Гегель философиясында үштік тек қана әдістемелік қызмет атқармайды, ол, сонымен қатар жүйе құрастырушы қызметін де атқарады, яғни, бұл жүйе жасайтын тәсіл, Барлық архитектоника, гегельдік философияның құрылымы осы үштіктік ырғаққа бағынады, сол үштіктің талаптарымен құрылады. Жоғарыда айтып өттік, бүтіндей алсақ Гегель философиясы үш бөлімге бөлінеді: - логикага, табиғат философиясына және рух философиясына. Бұл үштіктің әрқайсысы диалектикалық даму заңдылықтарының кезеңдеріне меңзейді. Қалай болса да Гегельдің өзі дәл осылай есептейді. Логиканы да ол үш бөлімге бөледі: болмыс туралы ілім, мән туралы ілім және ұғымдар туралы ілім. Әрбір көрсетілген бөлімдер үштіктер болып есептелінеді. Болмыс туралы ілім, мысалы, өзіне мыналарды қамтиды: 1) анықтық (caпa), 2) мөлшер (сан), 3) өлшем. Сапа үш бөліктен түзеледі: болмыс - нақты болмыс - өзіндік, өзі үшін болмыс. Болмыс та үштік: таза болмыс - дым емес - қалыптасу. Осы жердей әрі қарай категориялар үштікке бөліне алмайды үштіктің акыры.

ретінде өлшем жүреді. Әрбір зат, сапалық түрде анықталғандықтан ол өлшем болып табылады. Өлшемнің бұзылуы сапаны өзгертеді және зат басқаға айналады. Біртіндеушіліктің үзілісі болады, немесе сапалы секіріс.

Гегель бір сапаның бірте-бірте басқа күй-жағдайға ауысуды мойындайтын жалпақ эволюциялыққа батыл қарсы шығады. «Табиғатта секірулер болмайды... деп айтады. Бірақ біз, болмыстағы жалпы өзгеріс тек қана бір өлшемнің басқаға ауысуы емес сонымен қатар ол сапаның санға және керісінше біртіндеушіліктің үзілісі ретінде өзгеге қалыптасу, алдыңғы күй-жағдайдан басқа мәнге ие болатындығын көрсеттік». Су қатты салқындату арқылы бірте-бірте қатпайды, кейін қаттырақ қатаю үшін алдымен қоюланбайды, мұз консистенциясына жетуде ол, лезде қатады. Қату нүктелерінің температурасына жеткенмен егер ол тыныштықта болса, ол өзінің сүйық күй-жағдайын толық сақтай алады және болмашы шайқалыс оны қаттылық күй-жағдайға әкеледі.

Табиғат философиясы. Гегель абсолюттік идеяның дамуының екінші сатысы деп, табиғатты есептейді. Табиғат абсолютті ойдың туындысы, оның өзге болмысы. Рухтан болғандықтан, табиғат оларга байланыссыз бар бола алмайды. Гегель мұндай айтылуды қолданбағанмен, философияның ең басты сұрағын дәл осылайша шешеді. Гегель әлемнің жаратылысы туралы дәстүрлі діни түсініктерден алшақтау тұруға тырысады. Оның сөзі бойынша абсолюттік идея логика сатысында кеңістік пен уақыттан тыс бар болады. Оның логикасында бұл категориялардың жоқ болуы кездей-соқ емес. Гегельдің айтуы бойынша ең алғашқы не еді, содан соң не болды деу орынсыз. Дәл бұл сұраққа «ен алғашқы» және «сонан соң» айтылымдары сай келмейді. Олар «таза логикалықтың» біріншілік және екіншілігін білдіреді. Бірақ Құдай Гегельде мүлдем дәстүрлі түрінде болмайды, ол - әлемдік ақыл-парасаттың абстрактылы ойы болғанмен, ол, әлемнің жаратылысы туралы христиандық догмалардан бас тартпайды.

Табиғаттың өз тұрғысы Гегель үшін тартымды емес, ол, табиғатқа абсолютті ойдың даму кезеңі ретінде мән береді. Оның табиғатта көрінуін механика, физика, органика деп есептейді. Pyx табиғаттан, сыртқы материалдық қабығынан, нашар деңгей ретінде жыртып шығады.

Өзінің ойларында Гегель кейіннен жаратылыстанда растаулар тапқан диалектиқалық болжамдар да айтты. Оларға, мысалы химиядағы сандық өзгерістердің сапаға ауысуы, тоқты материя қозғалысының ерекше түрі ретінде түсінуі жатады. Бүтіндей алғанда философ табиғаты механикалық, метафизикалық тұрғыдан түсінуден аса алмады.

Рух философиясы. Бұл гегелдік жүйенің алғашқы екеуінің жинақталған үшінші сатысы. Бұл жерде абсолюттік ой бейне бір оянатындай, осында қалай табиғи тегінен азат болып, өзінің әлпетін абсолюттік рухтан табады. Адам- табиғаттың бөлігі. Бірақ адамдық pyx - табиғаттың емес, абсолютті рухтың өнімі. Табиғатгың өзі рухтан туындаған. «Біз үшін рух өзінің алғы шарты ретінде табиғатқа ие болады, ол оның ақиқаты, және сол себептен оған қатысында абсолютті. Бұл ақиқатында табиғат жоқ болып кетті, және рух онда идея ретінде анықталды, өзіне - өзі үшін - болмысқа қол жеткізді».

Рухтың өзінен өзі дамуы үш сатыдан өтеді. Оның дамуының бірінші сатысы субъективті рух - дербес адам санасы. Оны Гегель үш деңгейде қарастырады: антропология, феноменология және психология. Антропология - жанды сезімдік субстанция ретінде ашады; феноменология - жанның санаға айналуын мына сатыларда зерттейді: сана - өзіндік сана - ойлыақыл; психология рухтың теориялық және практиқалық қабілеттіліктерін көрсетеді.

Екінші саты - объективті рух, әлеуметтік өмір өрісін қамтитын және жекедаралықтың біртұтастығынан жоғары жеке адамдарда және олардың әртүрлі байланыстары, қатынастары арқылы көрінеді. Объективті рух - адам қоғамы және оның негізгі үш түрі: құқық, өнегелілік және мемлекетті қамтиды. Адам болмысы Гегелде ерекше рольді атқарады. Ол - абсолютті идеяны қолданушы. Әрбір адамның санасы - дүниежүзілік рухтың кішкентай бөлшегі. Нақ адамның өзінде абстрактылы және тұрқысыз дүниежүзілік рух ерікке, тұлғалыққа, мінез-құлыққа, жеке даралыққа ие болады. Сонымен, адам дүниежүзілік рухтың ең «ақырғы рухы».

Дүниежүзілік рух адам арқылы:

1) сөздер түрінде, сөйлеулерде, тілдерінде, ымдарында көрінеді;

2) адам қылықтары, әрекеітері, тарихтың өтуі - заңды қозғалысқа және мақсатқа бағытталған;

  1. адамның танымдық қарекеті арқылы өзін таниды, біледі;
  2. адамның материалдық және рухани мәдениеті түрінде жасалуы.

Үшінші саты - Абсолюттік рух - өзіне өнерді, дінді, философияны қамтиды. «Абсолютті рух» ен жоғары даму түрінде, рух философиясына айналып, өзін өзі түсінеді және барлық өткен жолын ұғынады, «абсолюттік рух» адамзаттың дүние жүзілік тарихындағы мың жылдар бойында жинақталған рухани қарекеті. Бұл, сол «абсолюттік идея», адамдық мақсаттарда және істерде,- барлық адамдар ұрпақтарының қарекетінде, жасырын жұмыс істейді, бұл олардың ішкі идеалдық мәні, барлық әрекеттерінің танымдарының жасырын себебі.

Рух дегеніміз бірыңғай және бүтін бірдеңе, бірақ төменнен жоғарыға дамитын үдеріс. Рух дамуының қозғаушы күші деп, Гегель субъекті мен объектінің, идея мен заттың диалектиқалық қайшылықтарын есептейді. Осы қайшылықтарды өткере отырып, рух ез бостандық санасыңда озықтанады. «Рухтың субстанциясы бостандық, яғни өзімен өзіне қатынасында басқаға тәуелсіз».

Ал, философия тарихына келсек, онда ол бағытталған теолологиялық сипатта еді, яғни қоғамдық даму алдын ала мақсатталып қойылған бағытпен жүрді. Дүниежүзілік тарихты философ үш дәуірге бөледі: шығыс, антикалық және германиялық. Шығыс дәуірі бостандықтан толық айрылған, антиқалық дәуірде бостандыққа сайланған азшылық тон қана жетті, ал германиялық халықтарға келетін болсақ, ең алдымен немістер, олар бостандық сатыларына енді жетті. Бұл сипаттағы жасандылық және схемалық өзінен-өзі айқын. Сословиелік құрылым, монархия (конституциялық) Гегелдің ойынша бостандық категориясына әбден сай келеді. Мемлекетті ол бостандықтың іске асуы деп қана қоймай, сонымен қатар, құдайдың жердегі салтанатты шеруі деп есептеді. Ол, адам қоғамының және оның саяси институттарының даму шегі сословиелік сипаттағы, бірақ буржуазиялық либералдық өзгерту рухына жағдай жасаушы конституциялық монархияны мойындады.

Логика. Болмыс пен ойлаудың тепе-тендігі, Гегелдің ойынша, әлемнің субстанционалдық бірлігі болып табылады. Бірақ тепе-тендік абстракты емес, нақтылы, яғни айырмашылықты қажет етеді. Тепе-тендік және айырмашылық - қарама-қарсылықтардың бірлігі. Ойлау және болмыс екеуі де бір заңга бағынышты. Гегель, объективті абсолютті ойлауды, тек қана алғашқы басталым және барлық бардың дамуының қозғаушы күші, деп ойлайды. Әр алуан құбылыстарда көріне отырып, ол абсолюттік идея тұрғысында болады.

Абсолютті идея орнында тұрмайды. Ол бір сатыдан екінші сатыға, нақтылыққа және маңыздылыққа өтіп толассыз дамуда болады. Абстрактылықтан нақтылыққа өту - дамудың жалпы принципі. Дамудың ең жоғары сатысы - «абсолютті рух». Абсолютті идея бұл сатыда адамдық теория өрісінен көрінеді және езін өзі ойлау пәніне айналдырады.

Гегелдің объективтік идеализмінің философиялық жүйесінде кейбір ерекшеліктер бар. Бірінші, пантеизм. Құдайлық ой аспанның әйтеуір бір жерлерінде қалықтап жүр, ол ең кіші заттардың да және әрбірінің де мәнін құрап барлық әлемге өтіп кетеді. Екінші, панлогизм. Объективті құдайлық ойлау қатал қисынды. Үшінші -диалектика.

Гегель философиясының келесі маңызды онтологиялық ұғымы «жаттану (мүлкін алу - отчуждение). Ол туралы ештене айтуға болмайтын Абсолютті рух өзін мына түрлерде жаттандырады: қоршаған әлем - табиғат — адам, ал, содан соң, ой және адам қарекеті арқылы жаттана отырып тарихтың заңды дамуынын қайтадан Абсолюттік рухқа айналуы мына реттілік бойынша өтеді: Дүниежүзілік (Абсолютті) рух - жаттану - қоршаған әлем және адам - ой және адам қарекеті - абсолюта рухтың ой және адам қарекеті арқылы өзіне өзі қайта оралуы.

Ойлыақыл танымының құралы - ұғым. Ұғым қозғалысы қайшылықтар арқылы жүзеге асады. Қоғам қозғалысы үдерісінің өзі қарапайымнан күрделіге қарай жүріп, абстрактылыдан нақтыныға, бүтіндікке немесе категориялар жүйесіне шығуымен сипатталады. Білім жүйесін қалыптастыруга септігін тигізетін логика формасы (мұнда таным теориясы мен диалектика қосылады) диалектиқалық логика болып табылады. Диалектиқалық логика, деп түйіндейді Гегель, әлемді қарапайым тұрғыда бақылаудан, оның мәнін ғылыни түсіттуге дейін көтерілуге мүмкіндік береді. Сонымен, Гегель өзгерістер философиясын ойлап тауып, алғаш рет тарихты диалектиқалық секірмелі үдеріс ретінде танытты және ол туралы білім үнемі өзгерістегі нәрселер біткеннен кейінгі ой толғаулар нәтижесінде жинақталады, «Даналықтың күні бататын мезгіл» жетті — деп есептейді.

Гегельдің пікірінше, тарих - бұл адамның адам болу, әлеуметтену үдерісі және адамзаттың өткен жолы. Бұл оған өзін-өзі тану үшін қажетті негіз болып табылады. Адам тарихы өзіндік даму нәтижесінің барысында белгілі бір негізге келіп тоқтайды. Гегельдің түсінігінше тарих - рефлексия үдерісі сияқты. Бұл рефлексия дамудың диалектиқалық заңдарына бағынады.

Табиғат философиясының бірінші бөлімі — механикада, Гегель кеңістік пен уақыт, материя мен қозғалыс ұғымдарын қарастырады. Оның бұл көзқарстары XVIII ғасырдағы француз материалистерінің түсініктеріне қарсы бағытталған. Егер олар, кеңістік пен уақыттың материяиың өмір сүру тәсілдері екендігіне еш шүбә келтірмеген болса, Гегель үшін кеңістік пен уақыт — абсолюттік идеяның табиғатқа — "бейболмысқа" өту, айналу жолындағы өте қажетті "анықтамалар". Егер кеңістік пен уақыт және қозғалыстың ішкі бірліктерін болжай білгендігін ескермесек, Гегельдің бұл орайдағы түсінігі француз материалистерінен гөрі көп төмен еді.

"Табиғат философиясының" екінші бөлімі денелердің физикалық  және химиялық қасиеттерін қамтиды. Гегель атомистика іліміне қарсы шыққанымен, Лейбництің бағытын теріс көрмеді, әрі диалектик ретінде физика мен химия арасындағы тығыз байланысты, элементтердің өзгеру мүмкіндігін, химиялық түзілістердегі сапа өзгерістерінің сан өзгерістеріне тәуелділігін байқамай қала алмады. Ол химиялық түзілістердің тіршіліктің алғышарттары екендігін де пайымдай алды.

Гегельдің философиялық системасының соңғы бөлімі — "Рух философиясы". Идеяның табиғатқа айналғаны сияқты, табиғат та енді рухқа айналады. Демек, рух табиғаттан туатын кұбылыс болғаны. Бірақ, осыған қарап: рух-табиғат жемісі деп есептеуге болмайды. Гегельдің пікірінше, рух — абсолюттік идеяның өздігінен дамуы барысында пайда болады. Абсолюттік идеяның рухқа айналуы — оның өзіне-өзі оралғанын, оның толысып жетіскенін білдіреді. Рухты "өзін-өзі танитын шын мәнісіндегі идея" деп атауға әбден болады. "Рух философиясының" төмендегідей үш бөлімі бар: субъективтік рух, объективтік рух және абсолюттік рух. Бірінші бөлімде Гегель жеке адамның, индивидтің сана-сезімін зерттеумен айналысады. Субъективтік рух жөніндегі ілім өз алдына антропология, феноменология және психология болып тағы да үш салаға болінеді. Гегель қарастырған антропология адамның шығу тегін, оның жер бетінде таралуын зерттейтін ғылым емес, оның, предметі пәні— адамның " жан-дүниесін тану, адамдардың нәсіліне, жасына, жынысына байланысты пайда болатын ерекшеліктерін, сонымен бірге, олардың рухани құрылымын ашу, Гегель бір нәсілдің екінші бір нәсілден рухани артықшылығы бар, сондықтан бір нәсіл басқа нәсілдердің үстінен үстемдік ете алады деген пікірге қарсы шығады. "Адам өзінен-өзі саналы, ақылды — деп жазды ол осыған байланысты адамдардың бәрі де тең құқылы; демек, оларды жоғарғы дәрежелі, төменгі дәрежелі деп қарастырудың қажеті жоқ".

Объективтік рух деп аталатын екінші бөлімінде, сонымен қатар "Құқық философиясы" мен "Тарих философиясында" Гегельдің әлеуметтік-тарихи көзқарасы баяндалады. Гегельдің "тарих философиясы" жөнінде Ленин былай деп жазады: "жалпы алғанда, тарих философиясының берері өте-мөте аз — бұл түсінікті де, өйткені Маркс пен Энгельс нақ осында, нақ осы салада, осы ғылымда неғұрлым алға кетті. Гегельдің неғұрлым ескіріп, ескі-құсқы саудашысы болып қалғаны осы сала". Соған қарамастан, одан бұрынғы историографиямен салыстырғанда Гегель бұл салада да артына іс қалдырып кетті. Тарих философиясының басты міндет, философтың пікірінше, тарихты ақылға салып қарау. Тарихта ақыл үстемдік етеді, сондықтан тарихтағы нәрсенің бәрі де қажетті. Тарих қалай болса солай пайда болған, былыққан оқиғалардың, анекдоттардың жиынтығы емес. Тарихтан біз бостандық ұғымының даму сатыларын аңғарамыз. Тарихи процестің негізі, оның субстанциясы — рух деп үйретеді Гегель. Тарихты үздіксіз процесс деп қарау жеткіліксіз, тарихта даму бар, төменнен жоғарыға көтерілу, өрлеу бар. Тарих жөніндегі Гегель көзқарасының қалыптасуына француз буржуазиялық революциясының үлкен әсері болғанын атап өткен жөн. Өзінен бұрынғы және өзінен кейінгі буржуазиялық тарихшыларға қарағанда Гегель тарихты түсінуде, тарихты түсіндіруде көп алға кеткен оқымысты болды. Ол тарихты историзм принципіне сүйене отырып зерттеуге тырысты. Осының өзі айтарлықтай жетістік еді. Ол құлдық ақылға сыйымды ма әлде жоқ па деген сияқты пікірлерді ол бос сөз деп тауып, оның орнына "шындықтың бәрі ақылға сыйымды. Ақылға сыйымдының бәрі — шындық" деген атақты принципті ұсынды, шындық атрибуты Гегельде сонымен қатар қажеттілік болып табылатын нәрсеге ғана тән еді. Былайша айтқан нәрсеге де шындық дегеніміз тіптен де қазіргі қоғамдық немесе саяси тәртіпке барлық жағдайларда да, барлық кезеңдерде бірден тән болатын атрибут болып табылмайды. Керісінше, Рим республикасы шындық болған еді, бірақ оны ығыстырып шығарған Рим империясы да шындық болды. Дәл сол сияқты бұрын шындық болған нәрсенің бәрі дами келе шындық болмай шығады, өзінің қажетсіздігін, өзінің өмір сүруге құқылығын, өзінің ақылға сыйымдылығын жоғалтады. Әрине, бұдан келіп, Гегель фактілерді бұрмалады, оларға қиянат жасамады деп ойлауға болмайды. Гегель шығармасында фактілерді, алдын-ала қабылданған теорияға сай бұрмалау жиі ксздеседі. Гегель артта қалған феодалдық қатынастардың буржуазиялық өзгерістер енгізу керектігін мойындайды, бірақ бұл өзгерістер, оның ойынша, үкіметтің негізіне нұқсан келтірмеу керек. Ол конституциялық монархияны қостаудан бас тартып көрген жоқ. Бірақ бұл жағдайда Гегельдің диалектикасы кінәлы емес еді, оның идеалистік системасы осыны талап етті, диалектика системаға бағынуға мәжбүр болды.

Гегель философиясы оның "философия тарихымен" аяқталады. Философия тарихын, Гегельдің пікірінше абсолюттік рухтың өзін-өзі тануы ретінде, ақиқаттық тарихи дамуы ретінде қарастыру керек. Өзінің идеалистік көзқарасына сәйкес, Гегель философия тарихында бұрмаланды. Сонымен бірге оның көптеген диалектикалық идеялары осы кезге дейін маңызын сақтап келеді. Өзінен бұрынғы философтардың рухани мұрасын мүлдем жалған деп есептейтін оқымыстыларды Гегель өткір сынға алды. Кейінгі философиялық ілімдердің қайсыбірін алып қарасақ та, — деп көрсетеді Гегель, — ол өзінен бұрынғы ілімдерді тұтастай жоққа шығара алмайды, өйткені кейінгі философияның өзіне де тірек керек, ол осы аталған нәрселерді өзінен бұрынғы ілімдерден ғана таба алады. Гегельдің пікірінше философиялық системаны теріске шығару деген оны лақтырып тастау емес, қайта оны әрі дамыту болып табылады. Философиялық системалар, әрине, біріне-бірі ұқсамайды, біріне-бірі қайшы келеді, бірін-бірі теріске шығарып отырады. Бірақта іс жүзінде олар бірімен-бірі диалектикалық байланыста болады. Философия тарихын Гегель, біріншіден, система ретінде қарастырады, екіншіден, — дамып отыратын, абстрактыдан нақтыға қарай өрлеп отыратын система ретінде қарастырады. Сондықтан ең соңғы философия өзінен бұрынғы системалардың жиынтығы ( синтезі болады); сондықтан ол ең бай система, ең ақиқат система.

"Рух феноменологиясын" Гегель ілімінің кіріспе бөлімі деп қарастыруға әбден болады. Мұнда ол философиялық білімнің пайда болу жолдарына талдау жасады, сананың сезімдік пайымдау формасынан абсолюттік білімге дейін өрлеуін үш түрлі бағытта қарастырады. Гегель ең алдымен индивидтің қарапайым, табиғи санасын зерттеді. Бұл сатыда сана өзінің табиғатын да, қызметін де өзінің адамзат тарихымен байланысын да білмейді. Екінші сатыда сана өзінің қоғамдық табиғатын түсінеді, өзін тарихи процестің нақ ортасында сезінеді. Үшінші, ең жоғарғы сатыда сана рухқа айналады, өзін-өзі таниды, искусство, дін, философия сияқты білім салаларын меңгеріп, абсолюттік білімнің асқар шыңына көтеріледі.

Сананың даму жолдарының әр түрлі сатыларына сәйкес «Рух феноменологиясы» ("субъективтік рух" , "объективтік рух" және "абсолюттік рух" болып үш тарауға бөлінеді. Гегель бұл енбегінде алғаш рет диалектикалық методты дәйекті түрде қолдана білді. Ол қоғам дамуында еңбектің, практиканың үлкен роль атқаратынын болжады. Сонымен қатар "Рух фсноменологиясында Гегель жатсыну проблемасына көбірек көңіл бөлді. Ф.Энгельс бұл еңбекті "рух эмбриологиясы мен палеонтологиясының параллелі деп, адам санасының тарихи өткен сатыларын қысқаша қайталау ретінде қаралатын, жеке адам санасының әр алуан сатылардағы дамуын суреттеу" — деп атады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қорытынды

 

Өз философиясын Гегель барлық өткен философиялық ілімдердің даму шыңы, абсолюттік рухтың өзін-өзі толық танып-білген сәті, дүниежүзілік тарихтың, ең жоғарғы және ақырғы рухани нәтижесі деп бағалайды. Қалай дегенмен де Гегельдің ұлы философ екендігі ақиқат. Оның философиясында озық ой да, кертартпа қыңыр ой да баршылық. Классикалық неміс философиясы, әсіресе Гегель философиясы марксизмнің қайнар көздерінің бірі болды. Л. Фейрбахтан кейінгі алғаш рет Гегель философиясына сын көзбен қарап, оның диалектикалық ойларын мистикалық қабықтарынан аршып алып өз кәдесіне жаратқан К. Маркс пен Ф. Энгельс еді. Олар басымен «жер сүзіп» тұрған Гегель диалектикасын аяғына мінгізді, материализмнің жаңа түрін- диалектикалық материализмді дүниеге келтірді

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер

 

 

1. Ғабытов “Философия”. 
 
2. Философия 5-томдық мәдени мұра бағдарламасы бойынша. 
 
3. Ғ.Есім “Философия тарихы”.


Гегель философиясы. 2