Халық педагогикасы – тәрбие құралы

Халық педагогикасы – тәрбие құралы.

Тарихқа көз жүгіртсек, халқымыз ата-бабаларының ғасырлар бойы жинақталған  өмір тәжірибесін, бай рухани қазынасын  жас ұрпақты тәрбиелеуде пайдаланған, бала тәрбиесіне ерекше мән бере, үміт арта, сергек қараған. Жас ұрпақтың алдына асқаралы мақсат қойылып, келелі міндеттер жүктеген, болашақ –ел қамқоры, Отан қорғаушысы, шаңырақ иесі, өмір гүлі деп бар жақсысын баласына арнаған. Халықтың өмірлік тәжірибеден түйгендері, бастан кешкендері, ұстаған қағидалары мен тұжырымдары, ұқыптылықпен жинаған әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері, даналық асыл ойлары, тәрбие шежіресі халық педагогикасы болып қалыптасқан. Халық педагогикасы халықтың ауыз әдебиетінде, ақын-жыраулардың шығармаларында, халықтың тәрбие дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, отбасындағы тәрбие, халық ойындары мен мерекелері, музыкалық шығармалары (әндер мен күйлер, билер), бейнелеу өнері, қолөнер туындыларында тәрбиелік мазмұнда көрініс тапқан.

Халық дүниеге келген жас  нәрестенің болашағын ойлап, бар  жақсылықты соның жолына бағыштап, көркемсөзге, өлеңге, әнге, күйге қосып, неше түрлі қызықты ертегілер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, әңгімелер шығарып, оларды күнделікті тәрбиеде пайдаланып отырған. Сан ғасырдан бері жинақталған ойшылдардың, даналардың, шешендердің, ел бастаған көсемдердің, ұстаздардың педагогикалық идеялары халықтың өмір-тіршілігімен, кәсібімен, ұлттық тәрбие дәстүрімен қоғамнан қоғамға жалғасып, дамып, ұрпақтап-ұрпаққа ауысып отырған.

Халық педагогикасының қайнар бұлағы – ауыз әдебиеті (фольклорлық  шығармалар) үлгілері. Адамдык принциптерге негізделген шығармалар – ертегілер, эпостық жырлар, ақыедар айтысы,аңыз-әңгімелер, өлең-жырлар, жаңылтпаштар, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер – жас ұрпақты адамгершілікке (отаншылдыққа, бауырмашылдыққа, жолдастыққа, достыққа, кішіпейілділкке, сыпайылыққа, үлкенді сыйлауға, ата-ананы құрметтеуге) тәрбиелеу, ақыл-ой санасын дамыту, дене тәрбиесі (мәдени-гигиеналық дағдыларын қалыптастыру, денсаулығын нығайту), еңбек тәрбиесі (күнделікті тұрмыс-тіршілік, мал, егін шаруашылығы, аңшылыққа баулу), эстетикалық (қолөнері, жан және тән сұлулығы), т.б. тәрбиесін жүзеге асыруға бағытталған. Бұл жөнінде кемеңгер жазушы М. О. Әуезов: «Табиғатты баурап алғанша адам қиялымен танып меңгеріп, оған өз ықпалын жүргізуді арман еткен. Ол ертегі, аңыз-әңгімелер түрінде тараған. Ертегілерде қоғамдық тартыс та, күштілердің көпшілікке көрсеткен қиянаты, зорлық-зомбылығы да, халықтың әділет, арман туралы ұғым-нанымы түгел жинақталған. Біз ауыз әдебиетін зерттей отырып, халық санасындағы отаншылдық сезімді, адамгершілік гуманизмді халықтың қанатты үміті – оптимизмді, сол халықтың өткендегі өмірін, аңсау арманын, әдет-ғұрпын көреміз...» - деп, жас ұрпақты тәрбиелеудегу ауыз әдебиетінің орнын жоғары бағалаған. Өйткені халықтың тәрбие дәстүрі ұлағатты сөздер, мақал-мәтелдер, ән, күй, музыкалық ойындар, теңге алу,  жамбы ату, аударыспақ, күрес, алтыбақан, қыз ұзату, келін түсіру, шілдехана, өнер сайыстары, атжарыс фольклорлық шығармалар арқылы көрініс тауып отырған. Ұлағатты тәрбиелік мәні бар мінез-құлық ережелері сипатындағы сөздері: «Аяғыңды көкке көтерме», «Үйге қарай жүгірме», «Қолыңды төбеңе қойма», «Малды басқа ұрма», «Малды теппе», «Мал сүйегін отқа жақпа», «Ақты төкпе», «Нанды лақтырма», «Қолыңмен жер таянба», !ұрлық жасама, өтірік айтпа», «Адамды саусақпен санама», «Есікті керме», «»Ақ төгілген жерді баспа», «Малға теріс мінбе», «Ысқырма», «Нанды баспа», «Нанның уағын тастама», «Нанды бір қолмен үзбе», «Пышақты жалама», т.б. – тәрбие тағылымы, моральдық ережелер. Бұлар – нағыз педагогика! Бұлардың бәрі баланың бойына нәрестелік, бөбектік, сәбилік кезеңнен-ақ дарытып сіңіретін халық педагогикасы.

Жас ұрпақты намысшылдыққа («Жаным арманымның садағасы»), ерлікке  отаншылдыққа («Ержігіт ел үшін туады, елі үшін өледі»), жақсылыққа («жақсы келді дегенше, жарық келді десеңші»), кішіпейілділікке («Кішіпейілділіктен кішіреймейді»), бауырмашылыққа, білімпаздыққа, ақылдылыққа («Ақыл азбайды, білім тозбайды»), өткір тілді шешендікке («Шешеннің тілі– ортақ, шебердің қолы – ортақ»), әдептілікке («Алты күн аш болсаң да, атаңның әдебін сақта»), тазалыққа («Тазалық – саулық кепілі»), еңбекке («Еңбек түбі – береке»), өнерлі, шебер болуға («Шебердің байлығы қолында»), өнерліні құрмет тұтуға, туған жер табиғатын, ерлік дәстүрін сүюге тәрбиелейді.

Қазақ ақын-жырауларының шығармаларынан халықтың салт-санасын, ой-өрісін, мақсатын, талап-тілегін, мұң-мұқтажын, қуаныш-сүйінішін, болашақ өрендерге айтар өсиетін, терең мәнін жас ұрпаққа ұғындыру өз алдына бір тәрбие құралы екенін мақтанышпен атап айтамыз. Қазақ даласының ұлы ойшылдары, халықымыздың қоғамдық-саяси, әлеуметтік, педагогикалық, философиялық ой-пікірлерінің көшбасшылары – Асанқайғы, Досмамбет жырау, Шалгиіз Тіленшіұлы, Жиембет жырау, Ақтамберді Сарыұлы, Үмбетей Тілеуұлы, Бұқар Қалқаманұлы, Шал (Тілеуке) Құлекеұлы, Махамбет Өтемісұлы, Сүйінбай Аронұлы, Базар жырау, т.б.

Адам бойындағы сапалы адамгершілік қасиеттерді жаман  әдет, жат мінез-құлықтарға қарсы  қоя отырып, жамандықтан жиренуге баулиды. Жастарға тіл мәдениетін үйретіп, шығармашылыққа тәрбиелеуде қанатты, асыл, көркем сөздердің ықпалы ерекше тиімді. Қазақ халқы салт-дәстүрлерге  бай, атап айтсақ:

  1. Бала тәрбиесіне байланысты дәстүрлер;
  2. Тұрмыстық салт-дәстүрлер;
  3. Әлеуметтік-мәдени дәстүрлер;
  4. Үйлену, үй болу салт-дәстүрлері;
  5. Жаңа заман салт-дәстүрлері.

Дәстүр дегеніміздің өзі  жалпы халықтың ұрпақтан-ұрпаққа  мұра болып қалып отыратын, қалыптасқан  озық салты мен әдет-ғұрпының жиынтығы. Оның ықпалдылығы, адамдардың қоғамдық психологиясына, күнделікті тіршілігіне енуінде. Әрбір ұрпақтың өмір тәжірибесінде екшеленген идеяларының, сұрыпталған моральдық ережелері мен нормаларының жыл озған сайын үстемеленіп, дамып отыруында.

Қазақ халқының салт-дәстүрлерінің  ерекшелігі мен қасиеті тәрбиелік әсер-ықпалы да осы өміршеңдігінде, жаңа дәстүрлердің туып, дамып, қалыптасып, тәрбие құралы ретінде ке»інгі мұра бошлып қала беруінде.

Қазақ халқының салт-санасында  ата-ананың арман тілегі ерекше көрініс  тапқан, бірақ бұл асыл қазыналар  тоқырау кезінде нағыз тәрбие құралы бола алған жоқ, қайта жыл  озған сайын тәрбиеден шеттеп шығып қалып отырды.

Тоқырау кезеңінде бірыңғай мәдениет жасаймыз деп ұлт мәдениеті, ұлт тілі, ұлі өнері атаулыдан  безіп, халқымыздың тарихы мен мәдени, әдеби, музыкалық мұраларын өз ана тілінде оқып, тыңдап, түсініп, тәлім-тәрбие ала білмейтін, өз ұлтының ізгі дәстүрін ұмытқан жеңіл-желпі даңғыра әуенге әуес, өз халқының тілі мен өнеріне, болашағына немқұрайлы қарайтын, адамгершілік сапасы, эстетикалық мәдениеті төмен, рухани дүние жүдеу талғамсыз ұрпақты тәрбиеледі. Ендігі жерде ана тілімізге мемлекеттік мәртебе беріліп, егеменділікке ие болуымызбен қатар халқымыздың тарихын, әдет-ғұрпы мен рухани мұраларын қастерлеп, күнделікті өмірде тәрбие тағылым құралы ретінде кеңінен тәрбиелеп, жас ұрпақты халықтық педагогика салтымен тәрбиелеу қажеттігі туды. Бұл біздің тәрбие саласында жіберген олқылықтарымыздың орнын бірте-бірте толтыруға, жас ұрпақты жаңаша түлетуге мүмкіндік берді.

Қазақ дәстүрінде баланы әлдилеу, жұбату ойнату, тәрбиелеу үстінде  оның алдына неше алуан тілек-мақсат қою өлеңмен, жырмен, әнмен, көркемсөз  айшықтарымен айтылған. Мектеп жасына дейінгі балалар ата-анасының, апа-ағаларының оқып беруі бойынша сәбилік шақтан-ақ халық ауыз әдебиетімен таныс бола бастайды. Бесік жыры, хайуанаттар, жан-жануарлар айтысы, ертегілер, жұмбақтар, жаңылтпаш сөздер, мақал-мәтелдер, өтірік өлеңдер – бәріде баланы қызықтырып, оларды қуынышқа бөлейді. Сөз өнерінің әдемі кестелері олардың сөздік қорын байытып бірден-бір мағыналы да мәнді сөйлеуге жаттықтыра береді. Тек бұл емес халықтық шығармалардың ішіндегі әр жақты айқын образ, оқиға барысының қызықты бола беруі, әдемі ән, қисын, жақсы ұйқас – бәрі де балаларға әсер беріп, ойын шыңдап отырады.

Бөбектің алғаш тыңдайтын  өлеңі – «Бесік жыры» - балаға деген махаббаттан, болашақ ел азаматы болсын деген тілектен туған ойлар. Халық тәрбиесі бала жас кезінен бастап көпшіл, ынтымақшыл, үлкенге сый-құрмет көрсете білетін өнегелі адам болуын көздеді және баладан адамгершілік қасиетті талап етті. Алақаны ашық, қолы кең береке иесі болсын, жұдырығын түйген сұм болмасын дегенді баланың бойына сәби шақтан сіңіруге тырысқан. Ата-ана өз баласын халыққа жан-жақты өнерімен, біліктілігімен, игілікті ісімен қызмет етіп танылса екен деп армандап, ол ізгі ойын бесік жырына қосты, жас нәрестенің болашағына үміт артты.

Поэзия мен әуен үндестігінен туған әннің, бесік жырының тәрбиелік ролін халық ертеден-ақ бағалай білген. Өйткені ән-жыр қай заманда да халықтың асыл арманы мен тілегін айқын бейнелеп, оны адам сезіміне дыбыстар жүйесі арқылы жеткізіп келген.

Адам табиғат пен өмірдің  бар қызығын жырға, әнге қосқан. Атап айтсақ: «Шілдехана», «Қырқынанан шығару», «Бесік тойы», «Тұсау кесу», «Атқа міну», т.б. тойлармен қатар қыз ұзату, келін түсіру уақиғаларының бәрі де көркемсөзбен, әнмен үндесіп отырған. Атап айтсақ: «Бөбек», «Қаз-қаз», «Тәй-тәй», «Ақ білек», «Бөпем-ай», «Әлди, бөпем», т.б. әні бар өлеңдердің әуені мейірімге, махаббатқа, жылы сезімге, жұмсақ үнге толы, бірқалыпты ырғағы бесіктің тербелуіне сай құрылған. Жалпы қазақтың халық әндерінің негізгі ерекшелігі оның әуенінің әуезділігінде, ырғағы мен формасында, терең де ашық-жарқын, жайдары, кең сарынды сазында (Б.Г.Ерзакович, А.Жұбанов). Сондықтан да ол сезімге әсер етіп, жан-жүйкені қозғайды, балалардың мінез-құлқы мен адамгершілік қасиеттерін, эстетикалық талғамын дамытуға ықпал етеді. Олардың қатарына отбасындағы мораль тақырыбына арналған өлеңдер, әндер, яғни ата-ананың баласына, баланың ата-анасына, іні-қарындастарына, туған туыстарына, үлкендерге деген қарым-қатынасы туралы, үй-ішіндегі ер адамның әйеліне, қызына, қарындасына, өзге жандарға деген қатынасы туралы шығармалар жатады. Әдетте, ата-ана балаға мейірімді де қамқор. Ата-ананың бұл мейірімінің көрінісі әр шаңырақтың балаларына жақсы ниетпен ұйымдастырған салтанатынан, тәрбие шараларынан көрініс табады.

Қазақ халқының ұлттық музыкалық  мәдениеті ән, күй шығармаларынан айқын да терең байқалады. Бұл  шығармалар қай заманда да халықтың талап-тілегімен, асыл арманына үндес  дыбыстардың жүйесі арқылы әсер етіп, адамның жан-жүйесіне қозғау салған. Кейде халық қайғылы, қуанышты оқиғаларды, ақыл-кеңестерді әнмен, күймен, өлеңмен, жұмбақпен хабарлап білдірген. Олар – сүйінші, естірту, жоқтау, тойбастар, беташар, т.б. бұлар хабаршы ролін де атқарған. Халық әндері өзінің пайдалану аясына қарай әлеуметтік, тарихи, лирикалық, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып немесе еңбек тақырыбына арналған.

Халық балаға табиғат тамашаларын  танытса да, еңбекке баулыса да, өмір сүруінің негізгі көзі, сарқылмас  бұлағы болған төрт түлік малды ән-жырға  қосқан. Оларға арнап әндер, тақпақтар, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, жұмбақ және өтірік өлеңдер, қанатты сөздер, ертегілер, музыкалық ойындар шығарып, күнделікті бала тәрбиесінде қолданған. Осы құралдар арқылы баланың сезімін оятып, рухани дүниесін байытқан, айнала қоршаған дүниені танытып, еңбекке баулыған. Халық өлеңдері мен жырлары, әндері балаларды шаруашылықпен, табиғат әсемдігімен, кең даладағы гулеген жел мен құстардың сан алуан дыбыстарымен, түрлі көбелек, шыбын-шіркейлердің ызыңымен, жабайы аңдардың, үй жануарлардың үнімен таныстырып, танымдық қызығушылығын өсірген.

Балалар мал бағу ісінде де үлкендерге көмекші бола жүріп, қозы-лақтың маңырауын, бие мен құлынның кісінеуін, сиыр мен бұзаудың мөңіреуін тыңдап, күн ұзағында таза ауада табиғатпен төл өскен. Төрт түлікті бағып-қағу, баптау барысында табиғаттың сан  қилы құбылыстарын, дала мекендеушілерінің  қимыл-әрекеттерін, тіршілігін бақылап, олардың өмір сүру тәсілдерін танып білген. Көк жүзінде қалықтап ұшқан құстарды, кең далада жөңкіле көшкен аңдарды, көк аспанда ақ мақтадай қалықтаған бұлттарды, олардың таң қаларлық көріністерін қызықтаған. Бірде олар бала қиялында бұлт арасынан шыға келер үлкен құбыжықты елестетсе, бірде үстінде оқ өтпес сауыты, қолында қалқаны бар, үшкір найзалы қол бастаған батырды көреді. Бірде бұлтты нарға, желмаяға ұқсатса, бірде «ай десе аузы, күн десе көзі бар» сұлуға ұқсатады. Бала қиялында айнала қоршаған дүние, тау-тас бірде арыстанға, бірде жолбарысқа, бірде «жеке батырға», кейде «жұмбақ тасқа», кейде «жалмауыз кемпірге» ұқсап, солай қабылданған. Бұл көріністер баланың ой-арманын өсіріп, қиялын ұштай түскен.

Ерте заманда қазақ  халқы өзінің көшіп-қонып жүруіне байланысты тек қана мал шаруашылығын кәсіп еткен. Сондықтан баланы жұбатса да, ойнатса да, еркелетіп сүйсе де немесе оның жақсы қасиеттерін бағаласа да малдың көркем тұлғасы мен сүйкімді қылығына теңеген. Баласын жақсы көргенде «қошақаным», «құлыным», «ботам», «ботагөзім», «ақ маралым», «ақ тайлағым», «ақ тоқтым», «марқа қозым» деп еркелетіп, дүниеге келген сәбилерге Серке, Танагөз, Ақтоты, Қозы Көрпеш, Ботагөз, Ақмарал, Марқа, Тайлақ деп те ат қойған. Бұл дәстүр күні бүгінге дейін жалғасып келеді.

Халық өлеңдерінде баланы жас кезінен есепке баулып, аз бен  көпті айырып, санай білуге үйретуге көп көңіл бөлген: «Оным-он, он бірім  не, соны тапшы, Ай-күнім!» - деп әдейі  бір санды әлденеше рет қайталап айтқызу арқылы оны тез есте сақтап, жаттап алуға ыңғайлы етіп, сондай-ақ жұмбақтың шешімінде де, осы сандар қайталанып айтылатындай етіп, асқан шеберлікпен, ұтымды әдіспен құраған. Жас баланың әңгімеге әуестенуі тілі жаңа шыға бастаған кезден-ақ басталады. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды ойнату, жұбату, айналасында болып жатқан оқиғалармен таныстыру үшін айтылатын ауыз әдебиетінде алуан түрлі өлеңдер, ертегілер. Әңгімелер бар.

Мектеп жасына дейінгі  балалар мекемелерінде көркем әдебиет  туындыларын, озық дәстүрлерді тәрбие құралы ретінде пайдалану үшін тәрбие бағдарламасына енгізу мәселесі Қазақстанда алғашқы балалар мекемелері ашылған кезеңнен қолға алынған болатын, әйтсе де өз дәрежесінде көрініс тауып, нағыз тәрбие құралы бола алмады.

Күнделікті өмірде ұстанып, әдетке айналдыратын Ұлттық дәстүрлеріміз: бұл келіннің аяғы ауырлауы – үй іші үшін, енесі үшін зор қуаныш. Ене алдын ала той дәмге ауыл әйелдерін, көрші-қолаңдарын шақырады. Бұл тойды құрсақ шашу деп атайды. Тойға келген әйелдер келінге сый-сияпат көрсетіп, шашу шашады. Құрсақ тойы үстінде, дастарқан басында нәресте көтеру, ана болу бақыт екенін, отбасындағы бала тәрбиесі, ананың орны, баланы бағып-күтудің қиындығы, жауапкершілігі, өз тәжірибелері туралы әңгіме болады. Олардың жақсы тілегі мен ниетін естіп, болашақ ана қуанышқа бөленеді.

Келіннің толғағы басталғанда  болатын жоралғы – жарысқазан деп аталады. Жиналған әйелдер адыраспанды тұтатып, келіннің басынан айналдырып аластайды, ененің сандығы ашылып, сақтаған құрт-майы, кәмпит-шайы шашылады, сыбағасы асылады. Бұл жоралғы перзент дүниеге дәмнің пісуімен келсін деген ниетпен істеледі.

Шілдехана. Нәресте дүниеге келген күні қалжа үшін қой сойылады. Қойдың етін жеп, 40 күн бойы қалжаланып, жел-суға тигізбей күтіледі. Қалжаға сойылған малдың мойын-омыртқасын таза мүжіп, керегенің басына іліп қояды (баланың мойны тез қатайсын деген ниетпен).  Баланың кіндігін кескен адам кіндік шеше болады. Ол – өмір бойы балаға қамқоршы, баланы анасынан кем көрмейтін адам.кіндік шеше өз қолынан пішіп-тігіп, балаға «ит көйлек» кигізеді. Оны бала қырқынан шыққан күні шешеді.

Нәрестеге 40 күн толғанда қырқынан шығару дәстүрі жасалады (40 қасық   суға   40 теңге-тиын)   салып   шомылдыру, қарын  шашын, сүт тырнағын алу).  Баланың ата-анасы қырқынан шығарған адамға көйлек не орамал сыйлайды.

Балаға ат қою. Қазақ халқы 40 күн өткен соң балаға «азан шақыры» ат қояды. Оның мәні — ат қоюшы нәрестені қолына алып, оң және сол қулағына атын атап, (мысалы «Сенің атың — Дана» деп) үш рет айқайлайды. Ат қою құрметі ең сыйлы аталарына, әжелеріне, нағашыларына тиеді.

Ат қойғанда баланың денсаулығы мықты, қатары-ның алды, жасы узақ, бақытты, керікті, ақылды, дәу-:гтті болсын деген  тілектер айтылады.

Бесікке салар тойы. Оған көрші-қолаң, дос-жарандар, ауыл әйелдері қатысады. Көп балалы ана бесіктің жабдығын тексеріп, шашу шашады. Бесікке салу үшін тары, талқан, жент, кұрт-ірімшік, т. б. заттарды бесіктің тесігінен өткізеді. Бұны бесікке салар дәм деп атайды. Бесіктің астына қолын тосқан әйелдер бұл дәмнен татады. Бесіктің үстіне жеті зат: қамшы, жүген, тон, шапан, кебенек, көрпе, жабу жауып қояды. Оның мынадай мәні бар: жүген мен қамшы — ат устінен туспейтін ер болсын дегені, тон мен шапан — бала халықшыл, көпшіл болсын дегені, кебенек — ер мінезді, өршіл болсын дегені, қыз бала сұлу болсын деп жастығының астына айна-тарақ қойса, бала батыр, батыл болсын, шошымасын деген ниетпен жастығының астына қанжар, пышақ қояды. Бесікке салған әйелдерге үй иесі жүзік, сақина, білезік, сырға, т. б. беріп, сый-сияпат көрсетеді.

Отыру, еңбектеу, қаз тұрудан  соң нәресте аяғын басуға әрекет жасайды, ол кезде тұсау кесу ырымы жасалады. Оған қойдың тоқ ішегі, ала жіп керек. Тұсау кесетін адамды үй иесі қалап алады. Немесе «Мен сияқты жүйрік, шапшаң, сәнді жүретін болсын» деп дос-жоралары өздері ниет білдіріп, баланың түсауын кеседі.

Халқымызда нәрестенің атасы  мен әжесі немересіне арнап жас  төлге ен салу дәстүрі де бар. Бұл  — бәсіре деп аталады. (Ен құлынға, тайға салынады. Ол баланың өз қажетіне жұмсалады.)

Бала 4—5 жасқа келіп, естияр болғанда сүндетке отырғызу дәстүрін еткізіп, арнайы үлкен той жасайды.

Бұдан әрі қарай атқа алғаш міну, балабақшаға, мектепке бару, мектеп бітіру, т. б. жаңа дәстүрлер жарасымын тауып жалғаса береді.

Халық нәресте ойынға жарай  бастағаннан-ақ оны алдарқатып кеңілін  аулау үшін ойын-өлеңдер айтады: «Санамақ», «Қуыр-қуыр, қуырмаш», «Бақа, бақа, балпақ», «Қарға, қарға, қарғалар», «Түйе, түйе, түйелер», «Сауысқан», «Торғай», «Қөбелек», «Сүзеген ешкі», ал сәбилік шақта — ойын әрекеті ерекше орын алғанда олардың ойыны жырмен, әнмен, сөзбен астасады. Ойын өлеңмен басталып, өлеңмен аяқталады: «Ақ серек пен көк серек», «Қозы», «Үйшік», «Ұшты-ұшты», «Жүзім алу», «Жалау тартыс», есейе келе: «Арқан тарту», «Бәйге», «Күрес», «Сайыс», «Көкпар», «Орамал тастамақ», «Хан» (асықпен ойнайды), «Қолбауыш» (жіпті саусақпен іліп ойнайды), «Теңге ілу», «Тақия тастамақ», «Алтыбақан», т. б. ұлттық ойындар баланы тапқырлыққа, ептілікке, шапшаңдыққа, батылдыққа, ой-қиялын ұштауға, зеректікке, шығармашылыққа баулиды. Сөз ойындарына: жаңылтпаш айту, жұмбақ шешу, ұйқас табу, сөзбен қағысу, балалардың атына ұйқастырылған мазақтамалар айту, өтірік өлең құрастыру, өздері ғана түсінетін сөз, сөз тіркестерін жаттап алу, жұмбақ ойлап шығару, түрлі аңның, құстың, жануарлардың дауысын салып ойнауы, соларға еліктеп дыбыс шығару, т. б. жатады. Бұлар баланың тілін ұстартып, сөздік қорын байытады, шешен, тапқыр, бейнелі сөйлеуге, ойшылдыққа баулиды.

Қазақ халқында отбасындағы  бала тәрбиесінде ата мен әженің орны ерекше. Жас жұбайлар тұңғышын атасы мен әжесінің бауырына салады. Олар өмірден түйгенін ұрпағына үйретіп, баулиды.

Бүгінгі таңдағы ата-әжелер оқып білім алған, «көзі ашық, көкірегі ояу» жандар. Отбасында қалыптасқан осы ұлттық дәстүрді құптап, жалғастырған абзал. Бала тәрбиесінде жас жұбайлардың білімін, өмірге жаңашыл көзқарасын аға ұрпақтың өмірден түйгенімен, тәжірибесімен байланыстыра отырып іске асырған тиімді. Бұл мәселеде ата мен әже жастардың өміршең жаңа серпілісін құптап, оларға жақындай түссе, ал жастар өз тарапынан олардың мол тәжірибесіне, өмірден алған даналығына құлақ асып, үлгі алып, бала тәрбиесін бірлесіп іске асырса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Халқымыздың ежелден берік ұстаған әдеп-салтының бірі — адамдар арасындағы ілтипатты қарым-қатынастар, екі жақты сыйластық. Сол себепті жасы үлкенді сыйлап, атын атамай, оларды ата, әже, апа, аға, тәте, жеңге, көке, әпке десе, жасы кішілерді үлкендер өз тарапынан інішек, қарындас, қызым, балам, келін, қалқам, шырағым, бауырым, т. б. деп, құрметпен атайды. Жасы үлкен адамның атын атау әбестік, өрескелдік, тәрбиесіздік болып есептеледі. Осыдан келіп туындайтын әдет — келін қайын атасының, қайын енесінің, қайнағасының, абысындарының аттарын атамай, апа, ата, әже, аға, жеңге дейді, қайын сіңілісі мен қайындарына жанама ат қояды. Егде, жасы үлкен адамдарды Сәке, Мәке, Ереке, Айеке деп атау, үлкенді құрмет тұтып, сыйлау — халқымыздың әдеп-салтындағы дәстүрге айналған жақсы ерекшеліктер. Бұл адамдар арасындағы сыйластыққа негізделіп, күнделікті қарым-қатынаста едәуір жеңілдіктер тудырады. Ұрпақтан-ұрпаққа ауысқан бұл өнегелі әдепті біз қазақтың мақал-мәтелдері мен нақыл сөздерінен, ауыз әдебиеті үлгілерінен және бүгінгі таңдағы шығармалардан көптеп кездестіреміз. Мысалы, «Үлкенге құрмет, кішіге ізет», «Аға әдепті болса, іні әдепті», «Әдепті бала өсірсең, ауылдың абыройы», т. б. осы сияқты сөздердің бәрі халқымыздың әрқашан да әдептілікті сақтағанын, сыпайы, кішіпейіл адамды үлгі, өнеге тұтқанын, жас ұрпақтың тәлімді, тәрбиелі болып өсуіне ерекше назар аударып, көңіл бөліп отырғанын айқын көрсетеді.

Біздің дәстүрімізде жастар үлкендердің алдына адуындап кіріп, тасырлата жүріп, шаңқылдап дауыс көтеріп, асқақтай сөйлеуі сөкеттік деп саналады. Сондай-ақ сырттан жасы үлкен адам кірген кезде, тұрып сәлем беру, сөйлесу, әңгімелесу, орнынан тұруға көмектесу, шығарып салу - жас адамға тән әдеп-салттар. Қазақтың атадан балаға ұласқан үлгілі дәстүрлерінің бірі — қонақ күтудегі жайсаңдығы, жомарттығы, дарқандығы, көл-көсір меймандостық пейілі. Қонаққа сый-қурмет көрсету — үлкен парыз, бұлжымас міндет.

Міне, жас ұрпақты бала жастан осы дәстүрлер рухында баулу, құлағына сіңіріп, әдет-дағдысына айналдыру — парыз іс.

Қазақ — сөз өнерін қатты  құрметтеген халық: «Сөз сүйектен өтеді», «Жақсы сөз — жарым ырыс», «Жаксы сөз жан семіртер». Сондықтан балаға сіз, рақмет, кешіріңіз, өтінемін деген сияқты сыпайылықты білдіретін сөздерді үлкендерге айтып жүруге үйрету, соған дағдыландыру — ата-аналар мен тәрбиеші-педагогтардың міндеті.

Қазақ халқы ұзақ сәлемдеседі. Оның мәні — текі амандасқан адамның  ғана халін білу емес, оның үрім-бұтағының, ел-жұртының, тіршілік тірегі болған мал-жанның бүтіндігіне де тілектес екенін білдіру.

Халқымыздың   дәстүрінде қол алысып  амандасуға ерекше көңіл бөлінген, жас баланы сәби кезінен үлкендермен қол алысып амандаса білу дағдысына тәрбиелейді. «Көкеңе қолыңды беріп амандас», «Ағаңның қолын ал», «Атаңа екі қолыңды бер» деп үйретеді ата-анасы. Ондай кездерде үлкендер «Ой, азамат   болыптығой!», «Таудай бол!», «Үлкен жігіт болып өс!» деп баланың қолын алып, сәлем беруге ынтасын арттырып, мерейін өсіреді. Бұл — сәлемдескенде   кішілер жасы үлкендерге орнынан тұрып ізеттілік, сыпайылық көрсетсін, қысылмасын, өзін еркін ұстап, еркін сөйлеуге үйренсін дегендік. Баланы жастайынан осындай инабаттылыққа баулу, ол есейгенде сыпайы адам болып қалыптасуына негіз болады.

Халқымыз қыз баланы ерекше құрметтейді. Қыз — ел мен елді, бір ұлт пен екінші бір ұлттың арасын жалғастырушы, достастырушы, табыстырушы дәнекер, жаңа ұрпақты дуниеге әкелетін және оны тәрбиелеп өсіретін болашақ ана. Сондықтан қызды гүлге, нұрға теңейді, сөйтіп оны сәби шағынан нәзіктікке, биязылыққа, сұлулықты, әдемілікті сезіне білуге, сыпайы мінезділікке, тапқырлыққа    тәрбиелейді.  Ал  ұл   баланы   халықтың қамын ойлаушы  ер-азамат, отағасы, қыздардың, әйел-ананың намысын қорғаушы, тірегі болғандықтан батыл, батыр, өткір, еңбекқор, адамгершілігі мол азамат етіп баулиды, 4—5 жасынан бастап атқа мінуді, күреске түсуді үйретеді.

Қазақтың қиял-ғажайып ертегілерінде төрт түлік мал молынан қамтылған. Мысалы, «Ер Төстік» ертегісіндегі «ерге лайық ат — Шалқуйрық» ердің серігі, қолқанаты ретінде бағаланса, «Керқұла атты Кендебай» ертегісіндегі қуса, жетіп, қашса, құтылатын, аузымен құс тістеген ерен жүйрік Керқұла ат Кендебайды мұратына жеткізген.

«Алтын сақа» жинағындағы  «Қотыр тай» ертегісінде «...Бала жылқыдан бетіне қараған қотыр тайды ұстайды да, жүгендейді. Жүгендегенде, тайдың қотыры жазылады. Үстіне   тоқым салғанда құнан,   ер салғанда дөнен, айылын тартқанда   «бесті   ат» болады.    Бала қуанып үстіне қарғып мінгенде тұлпар болып, көзді ашып-жұмғанша жұртқа жетіп келеді.... сөйтіп, қотыр тайдың арқасында бала жалмауыз кемпірден құтылады.

Байқап отырғанымыздай, қазақ   ертегілерінде,   тек ертегіде ғана емес, жалпы    балалар әдебиетінде төрт түлік мал тақырыбы жақсы жырланған. Өйткені мал шаруашылығы — біздің халқымыздың егіншіліктен бұрын шұғылданған негізгі кәсібі. Сан ғасырлардан бері ата-бабаларымыз кәсіп еткен мал шаруашылығы қазак халқы үшін өмір сүрудің негізгі көзі болып келеді. Сол себепті халқымыз төрт түлік малдың өзіндік ерекшеліктерін, түр-түсін, қадір-касиетін жақсы біледі. Мал атаулары да біздің  тілімізде  ертерек   пайда болып,   сөздік қорымыз бен сөздік құрамымыздан негізгі орын алған. Мал атаулары    тұрмыстың   қажетіне,   түлік тектеріне, төлдеріне,  өмір   тіршілігінің    керегіне,  малдың өнімді, өнімсіздігіне, ен таңбаларына, сымбаттылығына, мінез-құлық    ерекшелігіне,    еті    мен    сүтіне,    жүрісі    мен шабысына, жүні мен майына, міністігі мен күш-көліктігіне байланысты беріліп отырған. Олай болса, жас ұрпақты халқымыздың өмір сүруінің негізгі бастауы болып келген төрт   түлік   малмен,   олардың    атауларымен,   мал шаруашылығымен,     онда     еңбек   ететін    адамдармен, ецбектерінің      нәтижесімен   бала    жастан   таныстыру парыз іс.

Жас ұрпаққа малдың адам өміріне пайдасын, қажеттілігін, олардың атауларын ататып, жастайынан құлағына сіңіру, түсіндіру балалардың жалпы малға, мал шаруашылығына дұрыс қатынасын орнықтырады.

Мал шаруашылығының мән-маңызын, қадір-қасиетін таныту балаларды бұл шаруашылықпен айналысатын адамдардың еңбегіне ілтипатпен қарап, бағалауға үйретеді. Халқымыздың ата кәсібі болып есептелетін мал шаруашылығын әрі қарай дамыту, жетілдіру – болашақтың міндеті.


Халық педагогикасы – тәрбие құралы