Көне дәуір мәдениеті

 

  РЕФЕРАТ

Тақырыбы: Көне дәуір мәдениеті 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

                                          Орындаған: Оразиман Нұртілеу

                                          Тексерген: _________________

Көне дәуірден бастап XX ғасырдың басына дейінгі «мәдениет» ұғымының тарихи қалыптасуы. «Мәдениет дегеніміз не?» — деген сұраққа жауап беру үшін, бұл сөздің этимологиясына, яғни осы бір күрделі ұғымды білдіретін сөздің шығуына тоқталуды жөн көрдік. Қазақ тіліне бұл термин арабтың «маданият» — қала, қалалық деген сөзінен енген. Бұл ортағасырлардағы мұсылман мәдениетінің өркендеу кезеңінде қалыптасқан түсінікпен байланысты. Мәдениетке берілген көптеген анықтамаларды альтернативтік (қарсы қоюшылық) деп атауға болады. Бұл жерде алдымен көзге түсетіні — мәдениет пен табиғатты, «культура» мен «натураны» қарсы қоюшылық. Көне заманда «культура» деген ұғым «жерді өңдеу» деген мағына берген. Кейінірек, дәлірек айтқанда Цицеронның еңбектерінде (б.з.д. 45ж.) бұл сөздің мағынасы тереңдеп, «жанды жетілдіру» деген ұғымды білдірді. Уақыт өткен сайын еуропалық тілдерде мәдениет сөзі «білім беру», «даму», «қабілеттілік», «құрметтеу» сияқты мағыналарға ие бола бастады. Қазіргі заманғы сөздіктерде мәдениетке төмендегідей анықтамалар берілген: 

    а)  мәдениет — белгілі бір халықтың қол жеткен табыстары мен шығармашылығының жиынтығы;

    ә)  мәдениет — адамзат қауымының белгілі бір тарихи кеңістіктегі қызметі мен өзіндік ерекшеліктері (палеолит мәдениеті, крит-микены мәдениеті, қазақ мәдениеті және т.б.;

    б)  мәдениет — адамдық әрекеттің  белгілі бір саласының жетілу деңгейі (сөйлеу мәдениеті, еңбек мәдениеті, құқық мәдениеті және т.б.);

    в)  агромәдениет (дәнді өсімдіктер  мәдениеті, цитрустық мәдениет  және т.б.). 

Ал осы ұғымдардың ішінде мәдениеттану пәніне алғашқы екі ұғымның тікелей қатысты екендігін аңғаруға болады. Мәдениет ұғымы тарихи қалыптасудың ұзақ даму жолынан өтті. Мәдениет ұғымын алғашқы рет ғылыми тұрғыдан анықтауға тырысқандар философтар болды. Бірақ, өкінішке орай, XVIII ғасырға, яғни Ағартушылық кезеңіне дейін, басты құндылық — «адам мен оның ақыл-ойы» деген қағида жүзеге асқанға дейін «мәдениет» сөзі белгілі бір мойындалған термин ретінде қолданылмады, бар болғаны жаңа ұғымдардың синонимі ретінде ғана пайдаланылды. Сөзіміз дәлелді болу үшін — "мәдениет" ұғымын талдауды көне заманнан бастағанды жөн кәрдік. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, бұл терминнің алғашқы мағынасы жер-анамен, оны өңдеп-баптаумен тығыз байланысты болды. Демек «мәдениет» ұғымы жерді жырту, бау-бақшаны өңдеу, яғни өсімдіктер және жануарлар дүниесімен, дәлірек айтқанда, егіншілік пен ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты қарастырылды. Оған қоса бізге үйреншікті болып кеткен «мәдениет» ұғымының тәрбие мен біліммен байланыстылығының тамыры да сонау көне заманда жатыр. Білімсіз және тәрбиесіз адам еш уақытта мәдениетті бола алмайтыны ақиқат, ендеше білім мен тәрбие барлық халықтар мәдениетінің қайнар бұлағы болып табылады. Сонымен бірге мәдениет сөзі «құрмет тұту, сыйлау, құрметтеу, табынушылық» деген мағыналарға да ие. Осылардың ішіндегі ең бастысы — діни табынушылық. Көне замандағы адамдар әр уақытта да құдайлар қоршауында болды, олардың санасынан құдайлар берік орын алды. Үйде де, түзде де құдайлар адамдармен бірге болды, оларды жебеп, қорғап отырды. Құдайлар қалаларда тұрды, қала заңдары мен қала азаматтарын бәле-жаладан қорғады. Міне, сондықтан да болар белгілі эллинист Макс Поленц полистік патриотизмді ерекше дәріптейді. 

Полис дегеніміз — шағын ғана халқы бар қала, ал қала тұрғындары сол қаланың азаматтары болып саналады. Олар өз қаласының заңына бағынды, қаланы сыртқы жаулардан қорғады, қажетті азаматтық міндеттері мен борыштарын (халық жиналыстарын өткізуге, сот орындары мен қаланың басқа да мекемелерінің жұмыстарына және т.б. қатысу) мүлтіксіз орындап отырды. Мұндай қалаларда мәдениет әрі тәрбие беруді, әрі діни табынушылықты, әрі жер өңдеуді де білдірген. Дәл осындай үйлесімділік көне полистерде қала азаматтарының азамат болып қалыптасуына ерекше ықпал жасады. Гректер бұл процесті "пайдейя" (бала) деген ұғым арқылы берген. Бұл термин тәрбиелеу, оқыту деген ұғыммен қатар, кең мағынада білім беру, білімділік, ағартушылық, мәдениет деген мағыналарға да ие болған. Бұл жағдайда тәрбие мен білімнің жәй ғана байланыстары жайындағы идеяны аңғаруға болады. 

Гректер сонау көне заманның өзінде-ақ өмірге икемді, қабілетті, жан-жақты қалыптасқан азаматтарды тәрбиелеуге бағытталған сирек кездесетін білім беру жүйесін жасады. Адамға деген мұндай қамқорлықта сөзсіз гуманистік құндылық бар, оның негізінде мәдени процестердің мақсаты үшін күресстін адам идеалы жатыр. Бұл жөнінде В. Йегер былай деп тамаша айтып кеткен болатын: 

    «Грек  мәдениетінің идеяларынсыз ертедегі дүние тарихи кезең болып өмір сүре алмас еді де, ал Батыс Еуропалық мәдениет дүниеге келмеген болар еді». 

Грекияда, негізінен, мәдениеттің аристократиялық (ақсүйектік) түрі кеңінен таралған, ал оның негізінде терең генеалогиялық дәстүрлер (Гомер шығармалары кейіпкерлерінің көпшілігі құдайлардан тараған) жатыр. Ақсүйектік қасиеттермен қатар, «адамзаттық» қасиеттерге де ерекше көңіл бөлінді. Басты мақсатқа апарар жол - білім жолы болды. Г.Е. Жураковский былай деп жазды 

    «Көп жылдық Афины мектептеріндегі білім берудің түпкі мақсаты — оқушыларға афин қоғамының толық праволы мүшесі екендігін толық сездіру болып табылады». 

Балаларды мектепке жазып-сызуға үйретіп, грек әдебиетімен таныстырды. Грамматиканы музыкадан сабақ беру толықтырды, өйткені көптеген өлеңдер музыкамен сүйемелдеу арқылы жатталды. 12 жастан бастап ұл балалар палестраға барды, гимнастикамен айналысты. Жастар тыңдаушылар ретінде мемлекеттік істер қаралатын жиналыстарға да қатыса алатын болды. Демек, бұл айтылған жағдайлардың бәрі көне "пайдейяның" гуманитарлық қызметімен қатар, көне мәдениеттің дамуына ықпал жасағандығын көрсетеді. Ерекше атап өтетін бір жәй, мұндай білім беру жүйесі белгілі бір талаптар мен ережелерді игерумен ғана шектелмей, жастарды қоғамдық өмірге де дайындады. Демек, Грек қоғамының белсенді мүшесі болу, қоғамдық өмірдің сансаласына араласу белгіленген ережелер, талаптарды толық игергенде ғана жүзеге асып отырды, ал бұларды грекгер "даналық табыстар - нома" (заңдар) деп атады. Демек, мәдениеттің мақсаты — адам бойында ойлау, пікір айтып пайымдау қабілеті мен эстетикалық сезімді дамыту болды. Бұл жағдайда көне заман адамы өзінің табиғатпен байланысын ешуақытта жоғалтқан емес, ол үшін табиғат ерекше ыстық та, жақын да болды. 

Өкінішке орай, қоғамының даму барысында, әсіресе эллинизм дәуірінде, көне полистердің өз тәуелсіздіктерін жоғалтуына байланысты грек «пайдейясының» идеалдары бұзыла бастады. Әлеуметтік тұрақсыздық пен бей-берекет саяси уақиғалардың салдарынан мәдениетке нұқсан келді. Білім берудің және тағы да басқа мәдени құндылықтардың дәрежесі түсіп кетті. Бірақ қоғамдағы мұндай өзгерістерге — қиындық пен тоқырауларға қарамастан мәдениет өз дамуын тоқтатқан жоқ. 

Христиандық сана негізінде дамыған ортағасырлық мәдениет пұтқа табынушылықты жоққа шығара отырып, көне мәдениеттің негізгі табыстарын сол қалпында сақтай білді. Ортағасырлық мәдениет политеизмге — монотеизмді, натурализмге - руханилықты, гелонизмге — (сүйсініп рахаттану табынушылығы) аскеттік идеалды, дүниені бақылау және логика арқылы тануға — Библияға сүйенген және оны шіркеудің белгілі қайраткерлері арқылы түсіндірілетін — кітаби білімді карама-қарсы койды. Өзінің жан дүниесіне терең үңілген ортағасырлық адам өз тұлғасының қайталанбайтындығын, ерекшелігін, тұңғиық екендігін байқады. Ал бұл жағдай политеизмнен монотеизмге көшуге толық мүмкіндік берді. 

Көне заманның адамы өзіне сену қасиетін мәңгілік кеңістік дүниесінен, оның ішінде ең бірінші кезекте табиғаттан алды. Ол — құпиялы аспан мен жұлдыздар әлемі, таулар мен өзендер, ал құдайлар болса табиғаттың бөлшегі ғана. Ортағасырларда мәдениетті түсінуде келелі өзгерістер байқалды. Рациональдық ізденісті адамгершілікке, адамның жан-жақты жетілуіне апарар жол деп карастыратын мәдениеттің көне түсінігі тұйыққа тірелді. Адамның заттық аспандық дүниеден, оның тіршілік отанынан басқа да дүниелердің, атап айтқанда, ерекше ләззат алар рухани дүниенің бар екендігі айқындалды. Адам өзін қоршаған ортада, кеңіегікте адамзаттың ақыл-ойынан тәуелсіз заңдылықтардың, ережелердің бар екенін аңғара отырып, онда жоғарғы «ақыл-ой» мен ең жоғарғы әділеттіліктің әрекет ететіндігін сезіне білді. Мәдениет тағы да адамның өз мүмкіндіктерін «жетілдіру» , оның ішінде акыл-ойды, ақыл-ой болғанда «табиғи бұзылмаған» және сеніммен толықтырылған ақыл-ойды "жетілдіру" тұрғысынан адамзат баласының алдында тұрған келелі мәселе дәрежесіне көтеріп, құпия дүниелер есігі айқара ашылды, қоршаған ортада, адам бойында рациональдылық ең басты емес екендігі айқындалып, ендігі жерде адам бойындағы жаңа өлшемдер — махаббат, үміт, сенім және т.б. жаңа сатыға көтерілді. Адам өзінің әлсіздігін де сезіне бастады, бірақ ол дерменсіздікті тануымен қатар, өзінің алып күш иесі екендігін де керсете бастады. Құдай адамды, оның мәңгілік жанын жаратты. Адамның бақыты өзін тануда емес, құдайды тануда. Адамның бақыты мен бостандығы оның тәуелсіздігінде емес, оның Құдайтағаланың ықпалында болуы мен онымен рухани бірлікте екендігін мойындауында. Міне, сонда ғана адам барлық қиындықтарды жеңе отырып, өз мақсатына жетеді. Осындай қасиеттерге ие болған ортағасырлар мәдениеті — тәлім-тәрбие, үйлесімділік пен тәртіп өлшемі ретінде емес, шектеушілікті жеңу, адамның үнемі рухани жетілуі мен және жан-жактылығымен де сипатталады. 

Жаңа заманда (ХУІІ-ХІХ ғ.ғ.) мәдениеттің көптеген теориялары өмірге келді. Жаңа заман философиясында көне заман мен ортағасырлар мәдениетін нақты түсіну және оған шындық тұрғысынан баға беру қайта қаралып, жаңа мазмұнға ие болды. Мәдениет философиясы тұрғысынан алып қарастырғанда, ең озық идеялар осы дәуірдің философиясында кеңінен насихатталды. Ағартушылық кезеңі - буржуазиялық қайта құруларға, терең саяси-әлеуметтік өзгерістерге толы тарихи, әрі рациональды кезең болып саналады. Бұл дәуірдің мәдениет теориясына үлес қосқан өз алыптары болды. Олар (Англияда — Толанд, Францияда — Вольтер мен Монтескье, Германияда - Лессинг, Шиллер, Гете) дүние мен адамзат жайындағы ақиқатты айту құкығын діннен тартып алып, адамның ақыл-ойының тәуелсіздігін батыл қолдады. Адам өзінің табиғи жаратылысынан-ақ қабілетті, ақылды жан және соны тиімді пайдаланудың нәтижесінде адам игілігіне сай қоғам құруға қабілетті. Ал бұл ізгі мұраттың іске аспауына адамның өзі кінәлі. Оның білімсіздігі мен мәдениетсіздігі, халықты қараңғылық түнегінде ұстау және т.б. мәдениет пен өркениеттің дамуындағы басты кедергілер болды. Олай болса, дәуір ойшылдарының антиклерикалдық (дінге карсы) көңіл-күйінің астарын аңғару онша қиынға соқпайды. Осындай көңіл-күй табиғат пен адамның дүниедегі орны туралы мәселені қайта қоюға мүмкіндік берді. Сондықтан да болар Ағартушылық дәуірінің философиясы мәдениет туралы ілімді дамытуға мүмкіндік беретін категорияларға сүйенді (табиғат, адам, қоғам, таным, акыл ой). 

Сонымен қатар бұл категориялар жалпы философиялық сипатқа ие болды. Олар XVIII ғасырдың ағартушыларына тарихи прогресс идеяларын дамытуға және тарихи дамудың мақсаты, қозғаушы күштері және мағынасы жөніндегі сұрақтарды белгілеуге мүмкіндік берді. Әрине, бұл сұрақтарға жауап қалыптасқан жалпы философиялық негіздер тұрғысынан берілді. Мысалы: «Мәдениеттің классикалық үлгісі» ұғымы мәдениетті — адамзаттың тарихи дамуының нәтижесі және адамзат баласының саналы және адамгершілік қоғамдық қарым-қатынастарының қол жеткен дәрежесі деп қарастырады. Мәдениетке байланысты қағидаларды Ағартушылық кезеңінің ойшылдары жаңа мәдени үлгілер (адам, қоғам, мемлекет, құкық, философия және т.б.) жасауға тырысты және өткен заман мен жаңа заманның мәдени тәжірибесін жаңаша сын елегінен өткізе отырып қарастырды. Бұл игі мақсатты жүзеге асыруда олардың алдында орасан зор көне және тың материалдар көптеп кездесті. 

Ортағасырлар  мен кайта өрлеу дәуірінен бастап зерттеле бастаған Көне заманның тарихи, философиялық, ғылыми және көркем әдебиетінен басқа, олардың назарынан археологиялық ескерткіштер, халық мәдениетінің шығармалары, саяхатшылардың дүние жүзінің әр елдері жөніндегі суреттемелері, түрлі тілдер жайындағы мәліметтер тыс қалған жоқ. Осыншама бай фактілерді есепке ала отырып, Ағартушылық дәуірінде Адамзат мәдениетін тұтастай қабылдауға талпыныс жасалынды. Мәдениеттің мән-мағынасы табиғаттағы дүниежүзілік күштердің (құдайтағаланың құдыретін де ескергенде) батыл іс-әрекетінің нәтижесі мен жемісі деп ссептелді. Бірақ сол кезеңнің өзінде-ақ «табиғат» пен мәдениеттің» гармониялық бірлігіне шүбә келтіру, оларды бір-біріне қарсы қою сарыны байқала бастады (Әсіресе Жан Жак Руссоның еңбектерінде). 

Ж. Ж. Руссо сол кездің өзіне-ақ ғылым мен өнердің адамдардың табиғатын өзгерте алатынына күмән келтірді. Оның бұл көрегендігін бүгінгі күнгі адамзат баласының тағдыры, яғни "прогрестің кейбір қайғылы іздері, салдарлары" айқын көрсетіп отырған сияқты. Руссо ғылым мен өнердің жандануы қоғамдық прогреске нұқсан келтіргендігін дәлелдеуге тырысты. Оның ойынша, ғылым мен өнердің дамуына байланысты адамдардың «табиғи» жағдайы бұзылады, адамгершілік кері кетеді, қоғамдық теңсіздік орын алып, адамның бостандық сезімі аяққа басылады. Ол былай деп көрсетті: 

    «Адам  еркін болып туады, бірақ ол өз тіршілігін әрқашанда күреспен өткізеді», (Об общественном договоре. Книга первая, глава 1). 

Күн тәртібіне  қойылған бұл ойлар мен пікірлерге қарап Руссо өркениеттің рахатынан мүлде бас тартып, өткенге, яғни «тағылыққа» қайта шақырған екен деген түсінік туып қалмауы керек. Ол адамзат болмысының қарама-қайшылықтары адамның алғашқы кауымдық құрылыстан бастап өркениетке деген құлшынысы жолындағы тарихи қозғалысының қарама-қайшылықтарынан келіп туындайтынын көрсете білді. Қалай болғанда да, Руссо жаңа ғана туындап келе жатқан «буржуазиялық мәдениетті» сынай отырып, «табиғи адам» ретінде көне заманның «тағы» адамдарын ерекше бағалаған. Бұзылған және моральдық жағынан азғынданған "өркениетті" ұлттарға Руссо патриархалдық даму сатысында өмір сүрген адамзат қоғамдарының тазалығы мен адамгершілік қасиеттерін қарсы қойды. 

Адамзатты қоғамдық - тарихи тұрғыдан нақтылы қарастырғандардың бірі — Джанбаттиста Вико. Ол адамзат тарихының үйлесімділік мәселелеріне, оның заңдары мен ережелеріне баса назар аудару негізінде «адамзат баласының үздіксіз даму» идеясын алғаш рет ұсынған болатын, бұл идея бойынша барлық ұлттар өз дамуында үш дәуірді басынан кешіреді - «құдайлар ғасыры», «батырлар ғасыры» және «адамдар ғасыры». Ұлы неміс философы Иммануил Кант (1724-1804) «ақыл-ойға» табынған. Ол француз ағартушыларының дүниенің негізінде «ақиқат», «қайырымдылық», «сұлулық» деп ессптейтін идеяларын қолдай отырып, мәдениет ұғымын моральдық тұрғыдан басқаша қарастыруға әрекет жасады. Осы орайда Канттың «мен үшін екі құпия нәрсе бар, олар: жұлдызды аспан мен адамның ішкі рухани дүниесі» деген қағидасы кеңінен таралғандығын атап өткен жөн. Болмыстың адамгершілік (моральдық) жағына ерекше мән бере отырып, ол мәдениетті адамды хайуандардан айыруға мүмкіндік беретін құдайдың адамға берген ерекше қабілеті деп қарастырып, адам бойындағы қайырымдылық пен ізгілік қасиеттерді «келісімді императив» деп атады. Кант этикасының негізгі заңы бойынша, адамға тек «құрал» деп қарау күнә болып саналады. Дәл осыған ұқсас идеяларды Спиноза, Фейербах, Маркс, Фрейд сияқты ұлы философтар да айтқан болатын. Демек, Канттың ұғымынша, «мәдениет — табиғаттан бостандық патшалығына» барар жол, ендеше Кант ілімінің маңыздылығы — оның мәдениетті гуманистік тұрғыдан қарастыруында. 

XIX ғасырда мәдениет  мәселелерімен тығыз айналысқан  ғалымдардың бірі — ағылшын ойшылы Эдуард Бернетт Тайлор (1832-1917) болды. Ол «мәдениет жөніндегі ғылым — реформалар жөніндегі ғылым» деп тұжырымдай отырып, мәдениетті үздіксіз даму үстіндегі процесс деп қарастырды. Тайлор өркениет кең, әрі этнографиялық мағынада — білімнен, наным-сенімдерден, өнерден, адамгершіліктен, заңдардан, салт-дәстүрлерден және қоғамның мүшесі ретінде адамның игерген дағдылары мен түрлі қабілеттерінен құралады деп есептеді. Нақты идеалды тұрғыдан қарастырсақ, мәдениет — жеке адам мен бүкіл қоғамды адамның бақыты мен болашағы жолындағы құндылықтарды дамыту арқылы адамзат баласын жан-жақты жетілдіру болып табылады. Демек, Тайлор мәдениетке адамның ақыл-ойы мен еңбегінің жемісінің тізбектері ретінде, дәлірек айтқанда, материалдық және рухани құндылықтар ретінде қарады. Тайлордың ілімінде барлық заттар мен идеялар бір-бірінен туындап жатады. Мұндай көзқарасты эволюциялық деп атау дәстүрге айналған. Оның ойынша, барлық ұлы адамдар өзінен бұрынғы әріптестерінің шығармашылығын жетілдіріп, не соған сүйеніп отырады. Тайлордың басты жаңалықтарының бірі - мәдениет атауларының бастамасы, тіпті негізі болып табылатын діннің шығуының анимистік теориясын өмірге келтіруі. Бұл теория бастапқы қандай дін болса да (Тайлор оны «кішкентай дін» деп атаған) «тағы (дикарь) философтың» жанның кабілетіне, рухтың адам денесінен бөлініп шығатынына деген сенімнен шықты деген тұжырымға негізделген. Біздің Көне замандағы ата-бабаларымыз үшін жұмбақ болған түс көру, галлюцинация, летаргиялық ұйқы, өліп-тірілу және т.б. түсініксіз табиғат құбылыстары «кішкентай діннің» қалыптасуына әсер етті. 

Егер Кантта, мәдениеттің мағынасы - адам бойындағы хайуандық сезімдік бастауды ақыл-ойдың немесе адамгершіліктің (моральдың) көмегімен жеңуге әкеліп тіресе, ұлы ойшылдардың бірі Фридрих Вильгельм Шеллинг (1775-1854) мәдениетті эстетикалық тұрғыдан ұғынып-меңгеруді басты орынға қойып, мәдениеттің басты мазмұны — адамдардың көркемдік қызметі деп жариялады. Шеллингтің эстетикалық көзқарастары оның «Өнердің философиясы» (1802-1803) атты еңбегінде толық баяндалған. Автор бұл кітабында адамның шығармашылық қызметінің басқа да түрлерінен көркемдік шығармашылықтың артықшылығын, тіпті өнердің ғылымнан да, адамгершіліктен де жоғары тұратындығын дәлелдеуге тырысқан. Көне заманнан бастап XIX ғасырдың аяғына дейінгі мәдениеттанымдық ойдың дамуын ғылыми тұрғыдан қарастыра отырып, мынадай қысқаша қорытындылар жасауға болады. Еуропада кеңінен тараған мәдениет жөніндегі ұғым діни сипатта болды және ол мынадай қағидаларға келіп тірелді: 

    а)  мәдениетті – ақыл-ойдың не  табиғи сезімнің көмегі арқылы  түсіну (энциклопедистер);

    ә)  мәдениетті - ішкі адамгершілік заңдарының көмегімен тану (Кант);

    б)  мәдениетті эстетикалық, көркемдік  шығармашылық қызмет арқылы білу (Шеллинг);

    в)  ең соңында мәдениеттің адамзаттың  тегіне қатыстылығы және оның абсолюттік идея мен дүниежүзілік рухты жүзеге асырудың құралына айналғандығы (Гегель);

    г)  адамзат мәдениеті үздіксіз дамып - өркендей отырып эволюция мен прогрестің жалпы заңдарына сөзсіз бағынады. 

Бірақ біз қарастырған кезеңде мәдениеттің материалдық негізіне мән берілмей (әңгіме Л.Г. Морган мен Э.Б. Тайлордан басқа Маркске дейінгі мәдениет жайындағы концепциялар туралы болып отыр), мәдениетті тек құдайдың шапағатымен ғана байланыстырып, бұл ұғымға мәдениеттің — ғылым, адамгершілік, философия, құқық және т.б. сияқты салаларын ғана енгізген. 
 

Қолданылған әдебиеттер:

Мәдениеттану негіздері: Оқулық. - Алматы: Дәнекер, 2000.


Көне дәуір мәдениеті