Көркемдегіш құралдар



Мазмұны:

Кіріспе.......................................................................................................................2

Негізгі бөлім

I. Төлен Әбдіковтің шығармаларындағы көркемдегіш құралдар...................3

1.1 Метафора.........................................................................................................5

1.2 Теңеу..............................................................................................................12

1.3 Синекдоха......................................................................................................17

1.4 Эпитет............................................................................................................21

1.5 Метонимя.......................................................................................................26

1.6 Портрет..........................................................................................................31

Қорытынды............................................................................................................34

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі........................................................................35

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

         Кіріспе

          Көркем әдебиеттің негізгі құралы – тіл. Ұста металды, суретші бояуды қандай жақсы білсе, жазушы тілді сондай жақсы білуі керек. Онсыз ол өзінің ой-сезімін, өмір тәжірибесін басқаларға суреттеп жеткізе алмайды, өмір картинасын, адам образын жасай алмайды. Тіл, әрине, жалпы ұғым. Тіл – сан сөздердің жиынтығы. Ол сөздердің ішінде терең ой, сұлу сындар, нәзік сезім, асқақ көңіл, өжет ерлік, әдеп-әркен тағы басқа адам мінезіне тән ерекшеліктерді суреттеуге керекті тамаша көркемдері де, құлақ тұндырарлық дөкір, қоқыстары да бар.

         Көркем тіл, образды сөздерді білу тек жазушылар үшін ғана керек емес, әрбір сауатты адамның бәріне керекті. Өйткені әрбір адам өзінің ой-сезімін басқаларға білдіру үшін барынша көркем сөздерді қолдануға тырысады. Ол – табиғи нәрсе. Сондықтан оны түсіну, білу әр адамның өзі үшін керек.

         Жазушылар адам образын да, көркем сюжетті де, жеке адамға тән мінезді де, күйініш-сүйінішті де, табиғаттың әдемі көріністерін де көркем тіл арқылы жасайды. Тілсіз көркем шығарма жоқ. Тілге мән бермеу не оны білмеушілік әдебиеттің даму процесіне де көп кеселдік келтіруі мүмкін. «Жылтырағанның бәрі алтын емес». Жақсының жаманнан, асылды жасықтан айыру үшін әдебиетші, сыншылар көркем тілді өздері жақсы біліп, толық меңгеруі – басты шарттардың бірі. Міне, осылардың бәрі де көркем тілді кең зерттеп, терең түсінуімізді қажет етеді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

          Негізгі бөлім

          І. Төлен Әбдіковтің шығармаларындағы көркемдегіш құралдар.

          Көптеген жазушылардың жазу практикасына қарағанда, олардың біразы маңызды тақырып көтеріп, оқиғаны қоюлатуға және тартымды баяндауға қабілетті болады да, көркемдік шеберлігі одан біршама қалыстау болып жатады. Енді біреулері, керісінше, азды-көпті деректі көркем ой елегінен өткізіп, сөзді нәрімен сұлуландыра қолдану жағынан оқырмандардың назарын өзіне еріксіз аударып отырады.

          Төлен Әдбіков – прозашы, драматург, аудармашы. Оның үлкенді-кішілі көркем шығармаларындағыдай, әдеби туындылардың тіліне қатысты ой-тұжырымдары оқырмандарға барынша түсінікті болып келеді. Осындай әдеби туындыларына тән келесі ерекшелік – оның көп стильдігі. Мұның мәнісі көркем әдебиет шығармаларында басқа функциональдық стильдердің элементтері кездесіп отырады деген сөз. Қандай да көркем туындының (әсіресе, прозаның) көп кейіпкерлерден, оқиғалардан тұратындығын ескерсек, тілдік құралдардың да көп түрі пайдаланылатыны белгілі. Айталық, шығарма кейіпкерлерінің сөйлесіп, тіл қатысуы көп жағдайда ауызекі сөйлеу стилін еске салады.

          Төлен Әбдіков шығармаларында жиі пайдаланылатын көркем әдебиет тілінің тағы бір ерекшелігі – бейнелеу. Тілінің осындай бейнелі болып келуінің арқасында, сөздің көп мағыналық қасиеттерін әр қырына шеберлікпен жұмсаудың нәтижесінде жазушы қаламынан туған шығарма көркем деп аталады. Ал көркем әдебиет үшін әрбір сөздің, сөз тіркесінің және сөйлемнің былайғы оқырмандар байқай бермейтін мағынасын аша білу, сөз мағынасының «күнгейі мен көлеңкесін» айыра білу ерекше роль атқарады. Сондықтан да Төлен Әбдіков өз шығармаларының көркемдігі үшін тіліміздегі троптардың, фигуралардың еркін де жан-жақты қолдана білген.

Жазушының кейіпкер тілін жасаудағы шеберлігі, ең алдымен, бәрін бір қалыптан шыққандай етіп боямаламай, ауыл адамдарын өзіне тән ерекшелігімен сөйлете білгендігінде, әркімнің өз үнін оқушыға табиғи қалпында естірте білгендігінде, әркімнің «бойына шақтап тон піше» білетіндігінде. Автор осы мақсатта тіліміздің сөздік құрамын, фразеологиясын, фонетикалық бояуын, синтаксистік амалдарын кеңінен пайдаланады. Ал кейіпкерлердің рухани дәрежесіне, қоғамда алатын орнына, тартыстың сипатына байланысты сөздің алуан жарқылын орнымен пайдалану сәттері жазушы шеберлігін айқын танытып отыр.

          Жазушы қаламынан туған қайталамалар үйіп-төгіліп жұмсалуы арқылы кейіпкердің бет-бейнесін немесе сан алуан әрекеттерін әр қырынан таныту мақсатында оқырманның алдына айқын сурет тәрізді жайып салады. Былайша айтқанда, қаламгердің шығармаларындағы қайталамалардың бір маңызды жағы – оның суреттеудегі көрнекілік мәнге ие болатындығы. Мұндай қайталамалар сөздің мағыналарына астар, түрлі рең берулері арқасында неше алуан теңеулер ыңғайында да, метафора, синекдоха, метонимия ретінде де қолданылып отырады.

          Жазушы Төлен Әбдіковтің өз әріптестерінен ең басты ерекшеліктерінің бірі – қалың қауымға барынша түсінікті және әдеби нормадағы сөздерді пайдаланады. Екінші сөзбен айтқанда, оның туындыларында оқырманның күдігін тудыратын сөздер мен сөз тіркестері ұшыраспайды десе де болады. Егер суреткердің сөз қолдану тәжірбиесін ой елегінен байыппен өткізер болсақ, аз да болса диалектілік сипаттағы немесе баршамыз түсіне бермейтіндері кездесіп қалады. Бұл, әлбетте, автордың аңқаулығынан немесе  сөзге деген жауапкершілігінің төмендеуінен деуге әсте болмайды. Керісінше, жазушы мұндай жағдайда да әр түрлілікті басты нысана етсе керек.

 

 

 

 

 

 

 

          1.1 Метафора

   Метафораны жасау немесе жасай алмау бұл ойлаушы, сөйлеуші адамды сипаттайтын критерийлердің бірі ретінде танылады. Зерттеушілер сөзімен айтқанда, метафора әлемнің жеке тілдік көрінісін бейнелейді, себебі индивидуальдылық жеке адамның белгілі тілдік құралдарды таңдауына байланысты, яғни әр адамға, сөз суретшісіне, арнайы тек соған ғана тән қасиет бар.[1]

   Қазіргі кезде ғылыми парадигманың ауысуына байланысты, яғни өзінің дүниетанымы мен санасы бар адам орталығындағы тілдің “жансыз” жүйесіне қарсы тұрған, метафораға деген көзқарас қауырт өзгеріп, қызығушылық арта түсті.

          Ғалымдардың пайымдауынша, ойлау қабілетінің арқасында метафораларды күннен күнге жандандырады. Егер метафораны мағына ойыны ретінде қарастырсақ, ол (метафора) белгілі бір мағынаның көмегімен оған арналмаған басқа мағынаны жеткізеді. Бұл айтылған қасиет метафораның бір құбылыс арқылы басқа мағына білдіруі – адамның ассоциативті ойлауына негізделеді.

   Сөз жасауда, сөздік қорды байытуда мағына өзгерушілігі жетекші орын алады. Жаңа мағына жасау тілдегі бар материалдардың негізінде болса да, екінші жағынан, сол жаңа мағынаны көрсету мұқтаждығы сол сөздің мағынасының дамуына, сол сөзден жаңа сөз жасауға себепкер болады.

Сөздің мағынасының өзгеруіне әсіресе ішкі себептерден гөрі сыртқы себептер көбірек әсер ететіндігі байқалады. Сөз мағынасының ішкі (лингвистикалық) өзгерістерінің бір себебі, жаңа сөз немесе жаңа мағына сөздік құрамға келіп қосылғанда бұрыннан тілде бар сөздердің мағыналарынан өзара қарым-қатынасқа түсіп, солармен синонимдік байланыста жұмсалады. Мұндай жағдайда байланыс екі жақты болуы мүмкін. Сөздік құрамға келіп қосылған жаңа сөз не жаңа мағына бұрыннан тілде қолданылып келе жатқан байырғы сөздер мен байырғы мағыналардың жаңа сөздер мен жаңа мағыналарға сондай әсер етуі ықтимал.

             

1.Қабдолов З. «Сөз өнері», Алматы: «Санат»,2007, - 360 бет

Метафора (грекше metaphora – көшіру)- сөз мәнін өңдендіре өзгертіп айту, суреттеліп отырған затты не құбылысты айқындай, ажарлата түсу үшін оларды өздеріне ұқсас өзге затқа не құбылысқа балау; сөйтіп, суреттеліп отырған заттың не құбылыстың мағынасын үстеу мазмұнын тереңдетіп, әсерін күшейту. [219 бет]

2.Хасенов Ә. «Тіл білімі» , Алматы: «Санат»,2003, - 416 бет

Метафора (гректің metaphora – ауысу, ауыстыру мағыналы сөзі) – белгілі бір ұқсастықтарына қарай екі я одан да көп зат немесе құбылыстың бір атаумен аталуы. [143 бет]

3.Оралбаева Н.,Мадина Ғ., Әбілқаев А. «Қазақ тілі », Алматы: «Қазақ университеті»,1993, - 336 бет

Метафора – әр түрлі заттың түріне, түсіне және басқа да белгілерінің ұқсастықтарына қарап бір сөзбен аталуы. [77 бет]

4.Аханов К. «Тіл білімінің негіздері», Алматы,2002, - 664 бет

Метафора тәсілі арқылы атаудың ауысуы белгіленетін заттардың тұлға, түс, қимыл ерекшелігінің ұқсастығына негізделеді. [141 бет]

5.Жүсіпова М. «Қазіргі қазақ тілі», Алматы,2008, - 274 бет

Метафора тәсілі бойынша бір заттың тұлға түр-түс белгілерінің ұқсастығының негізінде ауысады. [75 бет]

 

Мысалдар:

1.      « - Қоян  жылы азғантай малымыз қырылып қалды да, туыстары сағалап, жер аяғы құрғасымен Жылындыға көшіп кеттік, - деп бастар еді көп әңгімесінің бірін». ("Әке” повесі, 8 бет). Мұндағы метафора «жер аяғы» автордың тілдің ерекше  философиялық белгілеріне тән ойлау қабілетін танытып отыр. Философиялық ойлау мен көркем шығармашылық адамның айналасындағы дүниені танумен байланысты. Автор қоршаған әлемдегі заттар мен құбылыстар өзгешелігімен оқырман қауымға әсерлі болып отыр.

2.      «Е, е, заманның беті жаман боп барады». (“Әке” повесі, 9 бет). Берілген мысалдағы метафора «заманның беті». Мұнда жазушы  сол кездегі дәуірдің, заманның көрінісін беті деген сөзбен сомдаған. Бұл жерде нақтылай кететін фактор сөздің жаңа мағынаға ие болуы емес, оның белгілі бір жағдаятқа байланысты мәнмәтінде жаңа қолданысқа түсуі.

3.      « - Енді тағдырдың жазуы солай болса не істейсің, - деді Өтеген күмілжіп, өзінің өлмей қалғанына шын кінәлі адамдай қыпылықтап». (“Әке” повесі, 16 бет). «Метафора – екі нәрсені, құбылысты салыстыру және жанастырып жақындату арқылы астарлы тың мағына беретін бейнелі сөз немесе сөз тіркесі»,-  академик З.Ахметов айтқандай, бұл мысалда жазуы деген сөз ауыспалы мағынада қолданылып,  сөйлемді өңдендіре өзгертіп тұр.

4.      « - Айтып отырған сөзінің жаны бар екені рас, әке, - деді Дүйсен». (“Әке” повесі, 17 бет). Осы келтірілген мысалда «сөзінің жаны» метафора болып тұр. Автор осы метафоралық тіркес арқылы айтылған мәселенің рас және шындыққа жанасатынын өзіндік сөздік қоры арқылы оқырманға жеткізіп отыр. Мұндай қолданыс сөзге өң, көрік, береді; ойды жеріне жеткізіп айтуға себепкер болады.

5.      «Көктемнің аяқ кезінде тұңғыш қара қағаз Ақсары кемпірге келді». (“Әке” повесі, 40 бет). Осы берілген мысалда «көктемнің аяқ кезінде» метафора болып тұр. Негізінен алғанда аяқ деген сөздің бастапқы мағынасы адамның дене мүшесі. Алайда бұл мысалда ол «көктемнің соңғы күндері» мағынасында қолданылып келген.

6.      «Біз қойнаудың етегімен қайтадан шатқалға енгенде күн көзі бұлтқа тығылып, тау іші салқын тартып тұр». (“Оралу” повесі, 67 бет). Жоғарыдағы берілген  метафораларды  жасауда автор қойнаудың төменгі жағын етекке ұқсатып алмастырып отыр; адамның бойында болатын нәрсенің (көз) күннің бір белгісі ретінде көрсетіп тұр. Сонымен қатар таудың арасын «таудың іші» деп қолданған. Яғни бір затты, іс-әрекетті, құбылысты басқа бір затқа, әрекетке, құбылысқа балап сипаттағанда, суреттегенде олардың арасындағы ортақ белгі қасиеттер негізге алынады.

7.      «Мұрат арақ ішкісі келмей стақанның бетін жапқан адамша алақанымен енді ештеменің қажеті жоғын білдірді». (“Оралу” повесі, 68 бет). Көлемі мен материалы, мазмұны жағынан стақанның бетін адамның бетімен ешбір салыстыруға болмайтыны түсінікті. Сөйтсе де, мұндайлардың әрқайсысы әр түрлі сөзбен аталмай, бір-ақ  сөзбен айтылуында бір заңдылық бар. Ол –ұқсастық заңдылығы. Мәселен, адамның беті мен стақанның бетінің ұқсастығы – екеуі де заттың, нәрсенің жоғарғы жағы.

8.      «Марттың басында келген екінші повеска ештеңеге қаратқан жоқ, жездеммен бүкіл ауыл болып, жылап қоштастық». (“Оралу” повесі, 70 бет). Бұл сөйлемдегі «марттың басында» метафоралық тіркес. Автор марттың алғашқы күндерін басында деген сөзбен алмастырып тұр. Мұндай нысандардың өзгешелігі ұқсастықты тануға, айқындауға көмектеседі. Автор қоршаған әлемдегі заттар мен құбылыстар өзгешелігімен оқырман қауымға әсерлі болып отыр.

9.      «Хаттың қарсы бетіне жауды жеңерміз, оралармыз, қауышармыз деген сөздерді шала-шарпы ұйқастырып, екі шумақ өлең жазып жіберіпті». (“Оралу” повесі, 78 бет). Осы келтірілген мысалда «хаттың бетіне» деген метафоралық тіркес болып тұр.Төлен Әбдіков бұл сөйлемде хат жазып жатқан қағаздың келесі бетіне деген тіркестің орнына қолданған.

10. «Сәлен кемпір мен ауырып жатқанда бір-ақ күннің ішінде сырқаттанбастан қайтыс болып, кішкене қызды шешесі төркініне алып, кетіпті». (“Оралу” повесі, 83 бет). Бұл сөйлемде «күннің ішінде» - метафора. Себебі автор сөздерді айрықша мәнерлеп, көркемдеп айту мақсатымен дағдылы қалпынан басқаша етіп қалыптастырған. Сондықтан да образды метафора адамның айналадағы болмысты танып білуінің логикалық тәсілі, өмірдегі шындық құбылыстар арасындағы ұқсастықтарды сарапқа салудың, ой қорытудың, пәлсафалық пайымдау жасаудың құралы деп те қарауға болады.

11. «Сырттағы күзетшісі де үйге кірді. Одан ет келді». (“Әке” повесі, 10 бет). Берілген мысалда  «ет келді» деген метафора. Бұл жерде етті әкелді деген мағынада жұмсалып тұр. Яғни, мазмұнын тереңдетіп, ойды жеріне жеткізіп айтуға себепкер болып тұр.  Осындай метафора тілде елеулі қызмет атқарады. Ол сөзге атау беріп, жаңа мағына тудырады, көркем образ жасайды, сөз мағынасына көркемдік түр беріп қана қоймай, айтылған ойға терең, жанды сипат береді.

12. «Тым әріде, көз нұры, көңіл құрығы жетпейтін тым әріде қалған бейшара бір сағыныш жүрегінің түбін әлсіз түртіп, онсыз да қаусағалы тұрған әдіре қалғыр ит жанын күйзелткендей болды» (“Қонақтар” әңгімесі, 293 бет). Осы сөйлемде көз нұры, көңіл құрығы, жүрегінің түбі деген тіркестер метафора болады. Метафораның тәсіл ретіндегі басты мақсаты заттар мен құбылыстарға атау беру болғандықтан, олардың жасалуында ұқсастық заттар мен нәрселер  көмегімен жүзеге асырылған.

13. «Өткен ғасырдың аяғында ғана сынып, қан төгілген мына беймаза төбе енді ешқандай сойқан көрмегендей, ешкімді білмейтіндей, тыныш қана, иесіз, үнсіз жатты». (“Бассүйек” әңгімесі, 305 бет). Бұл мысалдағы метафора – «ғасырдың аяғы». Негізінен алғанда, ғасырда «аяқ» деген мүлдем болмайды. Бірақ бұл сөйлемде ғасырдың аяғы дегеніміз ғасырдың соңы.

14. «Бірақ мүсінді ел көзіне – ортаға қойғанда күтпеген жағдай болды».(“Бассүйек” әңгімесі, 308 бет). Берілген сөйлемдегі «ел көзі» - метафора. Себебі ел көзіне, яғни, сол елде тұратын адамдардың көзіне деген мағынаны үстеп, алмастырып тұр.  Метафоралық тіркестер бейнелеп суреттеуге шеберлікті аңғартады. Айтайын деген ойдың әсемдігі ғана емес, әсерлігі үшін де құбылту тәсілі керек. «Құбылту – сөздердің тура мағынасында емес, бұрма мағынасында қолдану, шындықты бейнелеп, кейде тіпті перделеп таныту, ойды өзгертіп, кейде тіпті ойды өңін айналдырып айту» - дейді академик З.Қабдолов өзінің «Сөз өнері» еңбегінде.

15. « - Жоқ, мен антро... – деп Хамит бірдеңені дәлелдемек болса да, санасының түкпірінде өзінің бірдеңеге түсініп қалғанын сезе кетті». (“Бассүйек” әңгімесі, 309 бет). Осы мысалда «санасының түкпірінде» деген тіркес метафоралық тіркес болып тұр. Шынтуайтқа келгенде, сананың түкпірі болмайды. Алайда бұл сөйлемде санасының ойында деген мағынаны білдіріп тұр.

16. «Жаз бойы денесіне су тимей, кезерген құрғақ дала көзі жаңа ашылғандай, жан біткендей бусанып жатыр». (“Бассүйек” әңгімесі, 314 бет). Бұл берілген мысалда «дала көзі» метафора болып тұр.Міне, осы тұрғыдан тіл табиғатындағы метафораның сырын, жасалу жолдарын, заңдылықтарын ашып беру керек. Заттар мен құбылыстардың атауын белгілі бір сөз арқылы бекітулі болады. Бірақ ол сөз – сол зат пен құбылыстың өзі емес, оның белгілі бір қатынастағы көшірмесі, “сәулесі”. 

17. «Бұлар қабір басына жеткенде күзгі қорғасын бұлттың арасынан күн көзі жылт етіп, төбешік басындағы қалың зиратқа сәулесін түсірді».(“Бассүйек” әңгімесі, 314 бет). Осы келтірілген мысалда қабір басына, күн көзі метафоралық тіркестер. Себебі, сөз мәнін ажарландыра, өңдендіре түсу үшін автор осы тіркестер арқылы ауыстырып, мазмұнын тереңдете түскен.

18. « - Чемоданның аузын жаба алмаған болып біраз қиналды, - таттанып қалған ба немене?...» (“Қонақтар” әңгімесі, 301 бет). Бұл берілген мысалда «чемоданның аузын» деген метафора болып тұр. Негізінен алғанда чемоданның аузы болмайтыны бізге мәлім. Алайда оны біз адамның аузымен тіптен салыстыруға болмайды. Осы екі нәрсенің ұқсастық заңынан осындай метафора қолданылып тұр.

19. «Еттің үстінде Кенжебек бізге тағы ішкізді». (“Әке” повесі, 28 бет). Осы мысалда метафора – «еттің үстінде». Оның негізгі мағынасы – ет жеп отырған кезде. Метафораның түп тамыры тілдің, сөздің туу тарихымен тікелей байланысты. Метафора тілді байытады, оған бұрын болмаған жаңалықтар енгізіледі, бірде-бір нәрсенің атаусыз қалмауына көмектеседі, әсіресе жеке қаламгердің қаламынан туған қолданыстар.

20. «Өмірзақ домбырасының басын бұлғалақтатып: Төрде отырған қайын атаң, Сейсен шалға бір сәлем, - деген кезде Кәмшат қайтер екен деп жүрегім дүрсілдеп, қарап қалдым». Бұл сөйлемде «домбырасының басын» деген метафоралық тіркес болады. Себебі, домбырасының басын деген тіркес домбыраның тиегі орналасқан бөлігін деген мағынада  жұмсалып тұр.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

         1.2 Теңеу

         Жазушының бір нәрсені көркемдеп суреттеу үшін, ол нәрсенің өзгешелік белгілерін көрсетпей-ақ, оны екінші нәрсемен салыстырып та суреттей алады. Бұл салыстыруды теңеу деп атайды. Теңеудің өзіне тән ерекшелігі – белгісіз нәрсені белгілі нәрсеге салыстыру арқылы көзге елсетету.[1]

         Қай теңеуді алмайық, суреттеліп отырған нәрсені не құбылысты тура біздің көз алдымызға әкеліп, олар туралы дәл, нақты ұғым қалыптастырады. Бұл ретте теңеу белгісіз затты белгілі затқа айналдырып, шығармадағы авторлық идеяға қолма-қол көркемдікшешім тауып тұрғандай.[1]

 

1.Қабдолов З. «Сөз өнері», Алматы: «Санат»,2007, - 360 бет

Теңеу – суреткер заттың, құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей – ақ, оны басқа затпен, құбылыспен салыстыра суреттейді. [221 бет]

2.Әдебиет теориясы, Алматы:«Мектеп!,1969, - 243 бет

Теңеу – жазушы бір нәрсені көркемдеп суреттеу үшін, ол нәрсенің өзгешелік белгілірін көрсетпей-ақ, оны екінші  нәрсемен салыстырып та суреттей алу тәсілі. [110 бет]

 

 

Мысалдар:

1.      «Қыста мойылдай қап-қара, атақты бәйге қарақасқасын, ал жер қайырысымен жұмыртқадай аппақ жорғасын мінетін». Осы сөйлемдегі «мойылдай» және «жұмыртқадай» деген сөздер теңеу ретінде қолданылып тұр. Себебі: 1) –дай деген жұрнақ арқылы жасалып тұр; 2) Ахмет Байтұрсыновтың тұжырымдамасы бойынша: «Теңеу, көріктеу, нәрсені айыра көрсетіп, айқын шығаруға жарағанымен, нәрсенің бейнесін суреттеп көрсетуге күші жетпейді. Ондай орында белгісіздеу сипатты белгілі сипатқа, белгісіздеу нәрсені белгілі нәрсеге теңеп, көрнектеп, ашығырақ көрсетеміз» дегендей, осы сөйлемдегі теңеулер белгісіз затты белгілі затқа айналдырып, сөйлемдегі авторлық идеяға қолма-қол көркемдегіш шешім тауып қолданылған. («Әке» повесі, 9 бет)

2.      «Жапағы құлағы қалқиған, қалақтай, мұртты қара екен». Осы сөйлемдегі «қалақтай» деген сөз – теңеу. Өйткені: 1) – тай деген жұрнақ арқылы жасалған; 2) Бұл теңеу – көркемдік заңдылыққа бағындырылған ажарлаудың белгісі. («Әке» повесі, 18 бет)

3.      «Өзі сарнайтын бақсыдай көзін бағжаңдатып: «Бабам қайда, бабам», - дейді әлсін-әлсін». Келтірілген мысалдағы «бақсылай» деген сөз теңеу ретінде қолданылған. –дай деген жұрнақ арқылы жасалған. Теңеу оқырман түсінігі айқындалу үшін және өнер туындысының эстетикалық әсері күшейе түсіру үшін қолданылған. («Әке» повесі, 18 бет)

4.      «Құйрығын шикідей шараға салып әкелді». Осы сөйлемдегі теңеу – «шикідей» деген сөз. –дей деген жұрнақ арқылы жасалып, сөйлемдегі «шикідей» деген теңеу арқылы көзімізге белгісіз құйрықты елестетеміз. Бұл – теңеудің өзіне тән ерекшелігі. («Әке» повесі, 18 бет)

5.      «Бірақ өзінің де шақшадай басы шарадай болды». Осы сөйлемдегі «шақшадай» және «шарадай» деген теңеулер өте ұтымды пайдаланылған. Себебі, адамның көз алдына елестетіп, әсерлі көрсетуі үшін қолданылған. («Әке» повесі, 19 бет)

6.      «Шіркін-ай, ұрпақ қалмай қояр ма деп қорқып жүруші едім, тоба, құдайдың жасаймын десе, жақсылығы аз ба» - деп жаулықтай шұбатылған бет орамалымен көзін сүрткен». Мысалдағы «жаулықтай» деген сөз теңеу ретінде қолданылған. –тай деген жұрнақ арқылы жасала отырып, сөйлемнің көркемдік образдылығын күшейту үшін қолданылып, автордың шеберлігін айқындай түсті. («Әке» повесі, 23 бет)

7.      «Кенет Кенжебек мәлік болған сиырдай ала көзденіп бізге қарап тұрды». Осы сөйлемдегі теңеу – «сиырдай». Мысалдағы теңеу әдеттегісінен тыс жаңа қолданыстарға, ішкі иірімдерге, нәзік ишараға, дәмді тұспалға, мағыналық астарға ие болады. («Әке» повесі, 27 бет)

8.      « - Не мынаны ішесіңдер, не дін жолын қуған қожа-молданың құйыршығымыз деп мойындайсыңдар – екінің бірі, - деп Кенжебек шегір көзі тікенектей қадалып, тұрып алды». Осы сөйлемдегі «тікенектей» деген теңеу сөйлемнің мазмұны мен көркемдік сипатының түрленуін, сұңғылы мен тереңдігін дөп басып, әрі нақтылап көрсетеді. («Әке» повесі, 27 бет)

9.      «Тіл–аузың тасқа тигір, көгермегір жұрт маңдайына арыстай бес ұл берген». Мысалдағы «арыстай» деген сөз – теңеу. Себебі, 1) – тай деген жұрнақ арқылы жасалған; 2) Мысалда автор теңеуді көркемдік мақсатқа пайдаланып, көркемдік қызметін, гармониялық үйлесімін шеберлікпен қолданады.  («Әке» повесі, 34 бет)

10. «Әкем бақташы. Ермектің әр хаты біздің үйде тұмардай сақталады». Зәки Ахметов: «Салыстыру, теңестіру дегеніміз ойлау, сезінудің нәтижесі болғандықтан, оған негізделіп жасалған астарлы мағынасы бар көркем бейне оқушының ой-сезімін қозғап күшті әсер етеді...»,-дегендей, мысалдағы «тұмардай» деген теңеуде оқушының ой-сезімін қозғап, әсер ету үшін пайдаланылған. («Әке» повесі, 38 бет)

11. «Құдияр термесін бітіріп, тағы айтатын адамдай жөткірініп алды». Сөйлемдегі «адамдай» деген сөз теңеу ретінде қолданылған. «Тағы да айтатын адамдай»деп теңеп суреттеп тұр. Теңеу сөйлемде сөзге айрықша өң беріп, үстеме мағына қосады. («Әке» повесі, 42 бет)

12. «Екі көзі бұлаудай». Осы сөйлемдегі «бұлаудай» деген теңеу өте ұтымды, шебер қолданылған. Себебі, теңеу сөйлемнің мазмұнын тереңдетіп, ажарландырып, суретті көрінісін түрлендіреді. («Әке» повесі, 43 бет)

13. «Екі көзім алақандай болды». Сөйлемдегі теңеу – «алақандай». – дай деген жұрнақ арқылы жасалып, адамның көзін алақанға теңей отырып, эстетикалық әсер бере отырып ұтымды қолданылған. («Әке» повесі, 50 бет)

14. «Асқар таудай әкеңнен айырылдық қой, жалғызым-ай». Мысалдағы «таудай» деген сөз теңеу ретінде пайдаланылған. Сөйлемде әкені асқардай тауға теңеп, сөйлемге көркемдігімен қатар, ерекше әсер беруімен айқындала түсті. («Әке» повесі, 59 бет)

15. « - Тай-құлындай бірге өскен Сейсен өліп жатқанда жаннан қорқып жүрейінбе?» Берілген мысалдағы теңеу - «-дай» деген жұрнақ арқылы жасалып тұр. Автордың бұл теңеуді қолданудағы мақсаты – оқырманның көз алдына суреттелетін оқиғаны суреттеп, бейнелі түрде жеткізу. («Әке» повесі,  61 бет)

16. «Шаңы бұрқылдаған, қуықтай тар көше бойымен малта тастарға шоқалақтап, ағаш көпірден өтіп, поселканың сыртына шықтық». Осы сөйлемдегі «қуықтай» деген сөз теңеу ретінде пайдаланылған. Көшені сипаттауда қолданылып,теңеп, шеберлікпен пайдаланылған. («Оралу» повесі, 65 бет)

17. «...тілім-тілім болған беттеріне тұзы жоқ сары май жағып, киіз үй ішінде таң бозындай алагеуім сәуле шашып тұрған ошақ отына аяқ-қолын жылытып, қайнап жатқан қазанға мең-зең қарап, белгісіз бір себеппен жылап отыратын ауру қатындар елестейді». Осы сөйлемдегі теңеу «-дай» деген жұрнақ арқылы жасалған. Таңның сәулесін бозға теңеп, теңеуді суреткерлік шеберлікпен қолданған. («Оралу» повесі, 71 бет)

18. «Ат тырма жүргізетін Бағила деген келіншек бетін шиедей етіп тырнап тастапты». Сөйлемдегі «шиедей» деген сөз теңеу ретінде қолданылған. Яғни, «-дей» жұрнағы арқылы жасалып, теңеуді ұтымды пайдалануымен қатар, сөйлемдегі ой мен ұғым, сыр мен сезім дәлдігін әсерлі эмоциялық шеберлікпен қолданған. («Оралу» повесі, 74 бет)

19. «Күмістей аппақ сақалына сорғалаған жасты саусағымен қалай қағып қалып отырғанын байқап қалдым». Мысалдағы теңеу «-тей» жұрнағы арқылы жасалған. Теңеу оқырман түсінігі айқындалу үшін және өнер туындысының эстетикалық әсері күшейе түсіру үшін қолданылған. («Оралу» повесі, 74 бет)

20. «Ерекең жаңа қаз тұрған балаша тәлтіректей көтеріліп, ат жақты, қапсағай сары жігітті құшағына қысты». Келтірілген мысалдағы теңеу «-ша» жұрнағы арқылы жасалған. Осы сөйлемде теңеу адам образын жасауда айрықша қызмет етіп, адамның жан-дүниесін барынша тереңдей, мейлінше ашуға жұмсалған. («Қонақтар» әңгімесі, 295 бет)

Көркемдегіш құралдар