Әлеуметтік проблемалар

Мазмұны

  1. Кіріспе                                                                                                       3
  2. Негізгі бөлім                                                                                             4
    1. Қоғамдағы ішкі әлеуметтік жағдайлар                                        4
    1. Елдегі саяси ахуал                                                                        12
  1. Қорытынды                                                                                              15
  1. Әдебиеттер тізімі                                                                                    16

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

      1. Кіріспе

                  Қазақстан тәуелсіздік алғаннан  бері даму жолында көптеген  бағдарламалар мен алғышарттарды  жүзеге асыруда. Еліміздің экономикалық, әлеуметтік, мәдени және саяси  дамуы жасалып жатқан реформалар  мен заңдар негізінде іске  асырылып отырғаны белгілі. Қазақстан 20 жылдық шепті еңсерді.  Еліміздің алдынан жаңа перспективалар ашылды. Алайда, бірнеше жылдан бері әлем мазасыз күй кешуде. Дағдарыс жаһандық деңгейде еңсерілген жоқ және әлемдік қоғамдастық қысымды турбулентті жағдайда тұр.

                  Қазіргі әлем барлық плюстерімен  және минустерімен төтенше деңгейде  өзара байланысты болып отыр. Бұл - барлық елдер де есептесуге  тиісті шындық. Оның үлкен, орташа  және шағын елдердің бәріне  де қатысы бар. Осының барлығы  мемлекеттен кесімді әлеуметтік саясат жүргізуді талап етеді. Сонымен қатар әлеуметтік мәселелерді әркез бақылауда ұстап, оларға тұрақты түрде қайта жаңғыртып отыру керек.

                  Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда әлеуметтік мемлекеттің берік іргетасы қаланды.  Қазақстан объективті түрде орташа Еуропа елдерінің әлеуметтік даму сапасы деңгейіне нақты жақындады. Қазақстандықтардың өмір үлгі-қалыптары тұрақты жоғарылауда. Бірақ еліміздің тұрақтылық пен игілік жемістерін қаншалықты тиімді пайдаланып келе жатқаны маңызды мәселе болып табылады. Қазақстанға экономикалық табыстар мен қоғамдық игіліктерді қамтамасыз ету арасында тиімді тепе-теңдік табуының өмірлік маңызы бар.

                  Әлеуметтік мәселелерді «кейінге» қалдыруға болмайды. Ал бұл, өз кезегінде, жаһандық дауылдарға қарсы тұра алу үшін жаһандық тұрақсыздық жағдайында, жаңа ғасыр жағдайында, Қазақстан қоғамы қандай болуы керек деген сұрақтарға жауапты талап етеді.

                 Біздің жүзеге асырылмаған резервтеріміз бен мүмкіндіктеріміз неде? Әлеуметтік саясат орнықты, жасампаз болуы үшін тағы не істеу керек?

                Осы семестрлік жұмыста мен  Қазақстандағы әлеуметтік проблемалар  мен еліміздегі саяси ахуалда  айқындап, жоғарыда көрсетілген  сұрақтарға жауап беремін. 

 

 

 

 

 

 

 

      1. Негізгі бөлім
        1. Қоғамдағы ішкі әлеуметтік жағдайлар

                Елімідегі әлеуметтік мәселелер мен проблемаларды бірнеше бөлікке бөліп қарастыруға болады.  Барлық маңызды салалар - білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, азаматтық қоғам институттарының қызметі және т.б. - арнайы заңнамалық актілермен реттеледі. Енді еліміздегі барлық әлеуметтік мәселелерді мына проблемалар бойынша жіктеуге болады. Оларға:орта  тап өкілдерінің аздығы,  маскүнемдік, қарақшылық,  баспанасыздық, жұмыссыздық, жоғарғы өлім көрсеткіші, қоршаған ортаның ластануы, мүгедектер жағдайы, сыбайлас жемқорлық,  нашақорлық,  балалар құқығының бұзылуы, төменгі туу көрсеткіші, кәрі кісілер жағдайы, өзін өзі өлтіру,  діни келіспеушілік, терроризм, жезөкшелік  және т.б. жатады. Осы аталған проблемалардың Қазақстан қоғамына және әлеуметтік  өміріне әсері жайында толығырық айтасақ.

                Бірінші мәселе – маскүнемдік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулеріне сүйенсек, Қазақстан маскүнемдікке салынған азаматтар санының көптігі жағынан әлем бойынша алғашқы ондықтың қатарында тұр екен. Әрине, бұл - дабыл қағатын жағдай. Осыған қарап, егемен елдің ертеңі үшін алаңдауға негіз бар. Себебі, мамандардың пікірінше, алкогольдік ішімдіктер адам ағзасын улап қана қоймай, түрлі ауруларға шалдығуына себепкер болады. Статистикалық деректер бойынша елімізде ішкілікке салынудың салдарынан жыл сайын 28 мыңға жуық адам бауыр, жүрек-қан тамырлары, асқазан жарасы, ми инсульті тәрізді дерттерді асқындырып алып, жарық дүниемен қоштасады екен. 
Арнайы зерттеулер маскүнемдер отбасында туған балалардың басым бөлігінің денсаулығы нашар, қабілеті төмен болатынын дәлелдеген. Мәселен, француз дәрігерлері маскүнемдікке салынған он отбасында дүниеге келген 57 балаға зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, 25 бала сәби кезінде шетінеген, 5 бала тырысқақ ауруына, 5-уі ауыр ми ісіктеріне шалдыққан. Сондай-ақ, 12 баланың ақыл-есі кем болып туса, қалған 10 баланың ғана денсаулығы салыстырмалы түрде дұрыс дамығандығы белгілі болған. 
Мұндай жағдайдан кейін маскүнем адамы бар отбасында дүниеге келген бейкүнә сәбилердің болашағына үмітпен емес, күдікпен қарамасқа амал жоқ. Әсіресе, «ұрпақтың саулығы – ұлттың саулығы» деген қағиданы ұстанған елімізде бүгінгі күні маскүнемдікке салынған жастар қатарының жыл сайын көбейіп бара жатқаны өкінішті. Отандық наркологтардың айтуынша, соңғы үш-төрт жылда маскүнемдікке бет бұрған балалардың саны 10 есеге артқан.  
Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда бір жыл бойы сатылатын арақ-шарап өнімдерінің мөлшері жан басына шаққанда әрбір адамға 12 литрден келеді екен. Халықаралық сараптау нәтижесі бұл көрсеткіш 8 литрден асқан жағдайда, ондай елдің болашағы қауіпті екенін алға тартады.  
Мамандардың сөзіне қарағанда маскүнемдікке салынатындардың үштен бірін психологиялық ауытқуларға ұшырағандар құрайды екен.

                  Екінші мәселе - қарақшылық, қылмыскерлік. Қазақстанда қылмыс жасаушылардың саны артып барады. Ресми мәлімет қылмыскерлердің көбі жұмыссыздар екендігін айтады. Әйелдер мен кәмелетке толмаған балалардың арасындағы қылмыс да көбейген. Қазақстан статистика агенттігінің мәліметтері бойынша, 2011 жылдың қаңтар-шілде айларында қылмыс жасаушылардың саны өскен. Осы уақыт ішінде республикада 97 692 қылмыс тіркелген. Яғни өткен жылдың осы кезімен салыстырғанда 19 550 қылмыс артық тіркелген (25 пайызға көп). Қылмыс жасаудан келген материалдық шығын - 158 516,3 миллион теңге. Оның 61,6 пайызы экономикалық саланың үлесіне тисе, 25,3 пайызы жеке меншік мүлікке қатысты жасалған.  Елдің құқық қорғау орындары 47 620 заң бұзушылықты анықтаған. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 2,5 пайызға аз. 30 227 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған (өткен жылғы көрсеткіштен 8,8 пайызға аз). Қылмыстың 91,2 пайызын жасаған – бірінші рет мұндай іске барған адамдар. Қайтара қылмыс жасағандардың үлесі 8,8 пайызды құрайды. Ал қылмыстың 78,6 пайызын жұмыссыздар жасаған. Қылмыстың әлеуметтік құбылыс екендігіне дәлел – қылмыс жасаған азаматтардың негізінен жұмыссыз екендігі. Әрі олардың саны аз болса да, үздіксіз  артып келе жатыр. Егер 2006 жылы олардың үлесі 72,7 пайызды құраса, 2007 жылы 73,3 пайыз, 2008-2009 жылдары 74 пайыздан, 2010 жылы 75 пайызды құраған.  Өмірден өз орнын таба алмаушылық та адамды қылмыстық әрекеттерге баруға итермелейді.  Өз есебім бойынша, соңғы бес жылда Қазақстанда 370 мыңнан астам адам (жалпы халықтың 2,3 пайызы) қылмысты бірінші рет жасаған.  
 
                 Қылмыстың артуының негізгі себептері – шешімін таппаған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, идеологиялық және тәрбие жұмыстарының жүргізілмеуі. Қазір әйелдер мен балаларды құрметтеудің дәстүрлі шығыстық үлгісі еленбей қалып барады. Сол себепті әйелдерге қатысты жасалған қылмыс 147,5 пайызға, ал кәмелетке толмаған балаларға қатысты істелген қылмыс 125 пайызға өскен. Тұтастай алғанда барлық қылмыстардың төрттен үші әйелдерге қарсы жасалған.  Халықтың нақты ақшалай кірісі 2011 жылдың шілде айында өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 1,4 пайызға азайған. Халықаралық еңбек ұйымының есебі бойынша, 2011 жылдың тамыз айында жұмыссыздар 461,2 мың адам, ал жұмыссыздық 5,3 пайыз болған. Өмірдегі түрлі жағдайлар, баспана мәселесі, жұмыссыздық, қолдау мен келешектің жоқтығы, тығырыққа тірелу адамды қылмыстық жолға итермелейді.

                  Қазақстандағы жұмыссыздық мәселесіне тоқталатын болсақ. Егеменді Қазақстанда жаңа экономикалық жүйенің қалыптасуымен, нарықтық қатынастарға көшумен байланысты еңбек ресурстарын жаңа талаптарға сай пайдалану маңызды және күрделі мәселе болып табылады. Әсіресе, алдағы уақытта демографиялық процестердің біршама шиеленісуіне байланысты және еңбек сапасына деген талаптар дүниежүзілік бәсекелестік ортада күнен күнге артуына байланысты, бұл проблеманың өзектілігі де арта береді. Қазақстанда  еңбек нарығындағы жұмыссыздық - еңбек ресурстарын жұмыспен қамту, нақты бүгінгі күннің талабына сай, еңбек нарығын қалыптастыру – өзінің  шешімін күтіп тұрған мәселердін ең бір бастысы. ҚР Статистика агенттігінің мәліметіне сәйкес, 2011 жылы ҚР-да жұмыссыз тұрғындардың жалпы саны тұтастай 473,0 мың адамды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 23,6 мың адамға (4,7%-ға) аз. Жұмыссыздар деңгейі – 5,4% ( 2010жылы – 5,8%). Жұмыссыз ер адамдардың үлесі 43,3%, әйелдердің үлесі– 56,7%. Өткен жылы жұмыссыз жастардың (15-24 жастағы) жалпы саны 12,2%-ды, немесе 57,9 мың адамды құраған болатын.  Жұмыссыздық қай мемлекеттің болмасын ұлттың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін №1 әлеуметтік дерт болып табылады. Қылмыс пен кедейшіліктің, жезөкшілік пен қайыршылықтың түп-төркіні жұмыссыздыққа келіп тірелетіні анық.

                  Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті сұрақтардың бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіндігі күмәнсіз. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі болып осы зұлымдықпен күресу болып табылады. 
Сыбайлас жемқорлықпен күресу еліміздің бүгінгі күнгі күрделі мәселелерінің бірі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны айқын. Тәуелсіз Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықпен күрестің даму тарихын жалпылай төрт этапқа бөліп қарастыруымызға болады. Бірінші этап – 1992-1998 жж. Сыбайлас жемқорлықпен күрестің бастапқы кезеңі және нормативтік-құқықтық базаның қалыптасуы. Екінші этап – 1998-2000 жж. Сыбайлас жемқорлықпен күрестің басты құқықтық және әдістемелік негізі ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы туралы заңнаманың пайда болуы. 
Үшінші этап – 2001-2004 жж. Сыбайлас жемқорлықпен күрес проблемаларын шешудің жүйелік көзқарасының қалыптасуы. Төртінші этап – 2005 жылдың ақпанынан. Қазақстанның жылдам экономикалық, әлеуметтік және саяси модернизациялау контекстінде сыбайлас жемқорлықпен күресі.  
2011 жылы 50 сыбайлас жемқорлық іс әшкереленген. Келтірілген залал 256,4 млн. теңге. Сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы 49 іс сотқа жолданды. 
              Сыбайлас жемқорлық қылмыстардың ең көп тараған түрі бюджет қаражатын ұрлау (19), қызметтік жалғандық жасау (16), парақорлық (8), қызмет өкілеттілігін теріс пайдалану (5). Барлық анықталған сыбайлас жемқорлық қыл-мыстардың жартысына жуығы Ақтау қаласында, 40 пайызы Жаңаөзен қаласында, қалған 12 пайызы басқа аудандарда жасалған. 
Сыбайлас жемқорлық бойынша: ауыл әкімдеріне қатысты-3, мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне қатысты-16, мемлекеттік кәсіпорындарға қатысты-7 қылмыстық іс қозғалған. Мемлекет басшысының және Агенттік төрағасының тапсырмалары бойынша Маңғыстау облысы бойынша Қаржы полициясы департаментінің жедел-қызмет құрамы азаматтар мен кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған. 

                Елбасымыз атап айтқандай, «сыбайлас жемқорлықпен күрес қылмыскерлерді жазалау жөніндегі табанды шаралар ғана емес, бұл – мемлекет пен қоғамның күнделікті жұмысының тұтас кешені» болып табылады. Сол себепті әрбір Қазақстан Республикасының азаматы сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге міндетті. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Азаматтық қоғамның барлық институттарының күш-жігерін біріктіру, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың халықаралық тәжірибесі мен барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. 

                Қазақстан қоғамында соңғы жылдары етек алып кеткен әлеуметтік мәселе – өз өзіне қол жұмсаушылық. Қай дінде болмасын, өз өзіне қол жұмсайтын адамдар жайында жақсы нәрсе айтылмайды. Исламның өзінде мұндай жандарды Құдайға қарсы шыққанмен бірдей деп есептейтіні белгілі. Содан да болар, тура жолдан таймаған ата-бабаларымыз өзінің өмірін өзі қиғандардың жаназасын шығармаған. Жерлейтін кезде де ауыл моласынан тысқары жерге апарып, жалғыз жерлеген. Алайда, қазір ондай емес, қазақ қоғамында суицидке баратын "жанкештілердің" саны тым артып кеткеннен кейін бе мұндайлардың жаназасын да шығарады, жұртпен бірге жерлейді де.Тым артып кеткен деп бекер айтып отырғанымыз жоқ. Қазақстан суицид көрсеткіші бойынша әлемде ең алғашқы орындардың бірінде. Ал, Орта Азия елдері арасынан біздің алдымызға түсетін мемлекет жоқ.  2010 жылғы мәлімет бойынша бүкіл Қазақстанда 145,9 мың адам қайтыс болған екен. Оның ішіндегі үш мыңнан астамы өз-өзіне қол жұмсағандар. Алаңдататын тағы бір нәрсе, осынау індет салдарынан көз жұмып жатқандардың арасында жастардың үлес салмағы артып кетіпті. Олардың басым бөлігі ер азаматтар дейді статистика мамандары. Бұл жағымсыз құбылыстың себебін әркім әрқалай түсіндіріп жүр. Жалғыздық, ішкі күйзеліс, өмірдің қиыншылығын көру, жіберілген қателіктер және тағысын тағы. Әсіресе, соңғы кезде сүйіктісімен ренжіскендер арасында суицидке жол беретіндердің қатары артып кеткен. Мұндайлардың кеселін медициналық аурулар қатарына жатқызу қиын, әрине. Мұны бір сөзбен рухани азғындау дер едік. Азып-тозбаса дәл мұндай оқиғалар күн сайын тіркелмес еді.

                Қазіргі таңда бүкіл әлем ғалымдары суицидтің алдын алу үшін де, себебін анықтау үшін де барын салып жұмыс істеуде. Түрлі деңгейдегі іс-шаралар күніне қаншама рет өтіп жатыр. Алайда, еш нәтижесіз. Көрсеткіштер қысқарудың орнына жылдан жылға артып барады. Және мұндай шаралардың күніне мыңдағанын өткізсеңіз де бұл цифраларды қысқарта алмайсыз. Өйткені адамзат баласы рухани тұрғыдан келгенде әбден азып-тозды.

                  Әлемді кезіп жүрген терроризм елесі елімізге де жетті. Астана, Атырау, Ақтөбе мен Тараз қалаларында жарылыстар мен қанды оқиғалар ретінде бой көрсетті. Жалпы, сарапшылардың пікірінше, еліміздегі терроризмге қарсы күресті шартты түрде үш кезеңге бөліп қарауға болады. Бірінші кезең – шетелден келген діни радикалдық ұйымдарға және экстремистік пиғылдағы азаматтарға қарсы күрес. Ол кезде күштік құрылымдар оларды ұстап, жазалап, ың-шыңсыз, дабыра етпей елден шығаруға ұмтылды. Террактілердің жасалуына алғы-шарттары бұрыннан болғанын қазір арнайы қызмет өкілдерінің өздері де мойындай бастады. Екінші кезеңде діни экстремистік ұйымдардың мүшелері болып табылатын қазақстандық азаматтар ұсталды. Мұны жасыру мүмкін емес еді. Бұл сырттан келген бұзық пиғылды ұйымдардың жұмысының әрекідік нәтиже бере бастағанын көрсетті. 2011 жылға дейін арнайы органдар діни радикалды топтардың жоспарларын бастапқы кезеңде болдырмай келген көрінеді. Былтыр 11 күш көрсету акцияларының алды алынып, 18 экстремистік топтың заңғы қайшы әрекеттеріне тосқауыл қойылған. 11 мыңнан аса осал нысандардың қауіпсіздігі күшейтілген. Үшінші кезеңде бірнеше дүркін жарылыс бүркеулі жатқан қазанның қақпағын ашып берді. Өзін «тұрақтылық пен келісімнің аралы» ретінде көрсетуге ұмтылған Қазақстанның шынайы бейнесі көріне бастады.

              Жоғарыда айтып өткен әлеуметтік проблемалардың барлығы да қазіргі кезде зерттеліп, өз кезегінде шешімдерін тауып немесе таппай жатқандары да бар. Дегенмен де, өз басым әлеуметтік топтың бір мүшесі, болашақ жас маман, жас тұлға болғандықтан, жалпы жастар проблемаларына ерекше тоқталғым келеді. Жастар саны, әлеуметтік жағдайына байланысты статистикалық мәліметтерге сүйене айтуға болады. Жастардың жағдайы туралы 2005 жылғы бүкіләлемдік баяндамада келтірілген мәліметтер бойынша, 1995 жылға қарағанда 2005 жылы жас адамдар (15 пен 24 жас арасы) саны 1,02 миллиардтан 1,15 миллиард адамға дейін өскен. Қазіргі кезде жастар дүние жүзі халқының 18 пайызын құрайды екен.

                 Жастарға қатысты мәселелерді зерттеуші ғалымдардың пікірлеріне сүйенер болсақ, олардың алдында шешуді қажет ететін көптеген проблемалар бар. Осылардың ішінен бесеуі ерекше бөліп аталған. Сөз ретінде Қазақстанда жастар проблемасына арналған зерттеулердің жеткіліксіздігіне байланысты көп жағдайда ресейлік мамандардың мәліметтеріне сүйенуге тура келетінін ескерте кетпекпіз. 
 
                  Олардың біріншісі “Қайда тұрамын?” деген проблема. Мұның, яғни пәтер мәселесінің бірнеше қырлары бар. Біріншіден, жастар барлық уақытта және барлық жерде бірдей қоғамның қамтамасыз етілген бөлігі бола бермейді. Өйткені, олар өмір сүруді енді ғана бастаған, негізінен ата-аналарының табыстары есебінен күн көріп жүрген қоғамдағы жеке тап болып табылады. Ал ата-ана өмірге деген көзқарастарына немесе материалдық жағдайларына байланысты балаға, үйленгеннен кейін жас отбасына жеке пәтер керек пе деген мәселені үнемі оңтайлы шешіп беріп отыра алмайды. Көптеген жағдайда ата-ананың өз балаларының талаптарын қанағаттандыруға қауқарлары да жетпей жатады. Жастардың өзінде боса-болмаса ақша жоқ. Ал несие алайын десе, бір жағынан тұрақты жұмысы, қомақты табысы болмағандықтан оларға банктер несие бере қоймайды, екінші жағынан, амалын тауып несие алған күннің өзінде жастардың аса жоғары ставкамен берілетін кредиттерді төлеуді қалталары көтермейді. 
 
                   Екінші проблема “Қайда және қалай оқимын?” деген сауалға келіп тіреледі. Жоғары білімсіз, кәсіби даярлықсыз табысы жақсы жұмыс табу мүмкін емес. Сондықтан жастардың дені, дәлірек айтқанда, өз ертеңі туралы ойланғандары білім алуды мектептен кейін де жалғастыруға тырысады. Бірақ бұл ретте де ақша мәселесі алдан шығады. Өйткені, жоғары оқу орнына тегін түсу үшін тума талант болу керек. Ал ондай ерекшелік екінің бірінің маңдайына жазыла бермеген. Жұрттың бәрі дарынды болып кеткен жағдайдың өзінде гранттардың шектеулілігіне байланысты олардың белгілі бір бөлігіне ақылы түрде оқуға тура келер еді. Өмір жолын енді ғана бастағалы отырған жас ондай қаржыны қайдан табады? Осы орайда емтиханнан немесе тестілеуден сүрінбей өткендер ғана оқуды одан әрі жалғастыруға лайық деген пікірдің де сыңаржақ көзқарас екенін мойындау қажет. Болашақта жақсы маман, іскер ұйымдастырушы болып шығу үшін сынақтарды 4 пен 5-ке тапсырып көзге түсу тіптен де міндетті емес. Өйткені, қандай да болмасын тест сұрақтарының адамның бойындағы бүкіл қабілет-мүмкіндіктерін ашып бере алмайтыны екінің біріне белгілі жәйт. Керек десеңіз, сынақтардан сүрінбей өтіп, оқуды ойдағыдай аяқтап шыққан кейбіреулердің кейін практикалық жұмысқа келгенде мүлде қабілетсіз болып шығып жатуы да әбден мүмкін. Бұл жерде біз емтихан, тест сияқты сынақтардан өте алмаудың салдарынан жоғары білімге, дәлірек айтқанда, дипломға қолдары жетпей қалған жастардың арасында талай-талай іскерлер мен дарындардың болуы мүмкін-ау дегенді айтпақпыз. 
 
                  Үшінші проблема “Қайда демаламын?” деген мәселе төңірегінде қылаң береді. Жастардың көңіл көтеретін, уақыт өткізетін орындар іздеуі табиғи жәйт. Бұл қай дәуірде де өскелең ұрпақ үшін өте маңызды мәселе болып саналған. Себебі, бос уақыттарын пайдалы өткізудің амалын таба алмай зеріккен жастардың теріс жолға түсіп кетуі оп-оңай. Нашақорлық, маскүнемдік, ұрлық, төбелес сияқты қылмыстар да дәл осындай себептерден, әсершіл, қызба мінез жастардың “екі қолдарын алдарына сыйғыза алмауларынан” туындап жатады. 
 
                Төртінші проблема “Қалай өмір сүремін?” деп аталады. Бұл жерде әңгіме табыс туралы болып отыр. Тіпті дипломы болғанның өзінде еңбек стажы жоқ жас маманның жоғары жалақы алатын жұмысқа орналаса қоюы екіталай. Мысалы, жақсы жұмысқа шақырғандар кемінде 5 жыл еңбек стажының болғанын талап етеді. Ал жастардың өмірдің барлық қызықтарын көре жүріп емін-еркін өмір сүргілері келетіндігі аян. Оның сыртында қызмет бабында жоғарылау жағын да ойлауы керек. Ал оның бәрі оңайлықпен іске аса қоятын шаруалар емес. Әсіресе, әркім өз күнін өзі көруі тиіс деген қағида белең алып тұрған нарық заманында бұл проблемалардың шешуі мейлінше қиын түйіндерге айналып отыр. 
 
                  Соңғы проблема “Қандай мақсаттарға ұмтылу керек?” деген сауал төңірегінде тұйыққа тіреледі. Ресейлік мамандардың пайымдауынша, бүгінгі жастардың бойында, олардың ата-аналарында болғандай, нақты өмірлік бағыт-бағдарлар жоқ. Өйткені, қазір мемлекеттік деңгейде қалыптастырылатын ортақ мақсаттар да, жұртшылықты соған жұмылдыратын қуатты насихаттық мәшине де жоқ. Біздің әкелеріміз бен аналарымызда қоғам заңдылықтары туралы білімдер болды, олар қандай мақсаттарға қол жеткізудің мүмкін екенін және қайсыларының мүмкін емес екенін алдын-ала білді, деп есептейді ресейлік сарапшылар. Сірә, мұны да бүкіл ел халқын тек өзінің айналасына ғана топтастыруды мақсат еткен коммунистік партия жүзеге асырды деп түсінген орынды шығар. Қазіргі заманғы жастарда ондай мүмкіндіктер жоқ. Өйткені, қазір елде партиялар да, бірлестіктер де, түрлі ағымдар да көп. Оның сыртында қазіргі жастар бүгінгі партиялардың бұрынғыдай “коммунизм орнату” үшін емес, билікке таласу үшін құрылатынын да шетелдік партиялар тәжірибесінен көріп, біліп алған. Сондықтан өмірден әлі өз орындарын тауып үлгермеген жас буынды қаптап кеткен саяси партиялар онша қызықтыра да қоймайды. Дүние жүзі бойынша жүргізілген көптеген зерттеулер жастардың саясатпен айналысуға онша құлықты емес екендерін анықтаған. Оның есесіне олар бәрін бір өздері ғана шешетін дәулетті де әмірлі ағаларды көре жүріп, олардың алдындағы өздерінің дәрменсіздіктері мен шарасыздықтарын сезінуге мәжбүр. Мұндай көрініс жастарды ашындырып, небір кездейсоқ әрекеттерге итермелейді.

                       Аталған барлық әлеуметтік мәселелер, жағдайлар қоғамымыздың ең маңызды проблемалар болып табылады. Қоғамдағы осы әлеуметтік проблемаларды шешіп, одан әрі қоғамымызды дамыту үшін түрлі шаралар ұйымдастырылып, реформалар жүргізіліп, заңдар енгізіліп, бағдарламалар жасалуда. Бұл аталған проблемалардың бірнешеуі ғана. Тоқталмағаным қаншама. Мемлекет, үкіметтік емес ұйымдар, әлеуметтік қорлар т.б. өзекті мәслелерді шешуде қандай іс-шаралар атқарып жатқаны туралы айтатын болсам.  Жалпы елімізде жүзеге асып отырған бағдарламалар көп.  Мен ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  2012 жылдың 3 шілде күні жариялаған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасына тоқталғым келіп отыр. Бағдарлама еліміздегі барлық әлеуметтік мәселелерді толықтай аша отырып, әлеуметтік жаңғыру жолына түсуге мүмкіндік беретінін көрсетті.

                Әлеуметтік жаңғыртудың мақсаттары мен мәні қоғамды жаңа индустриялық-инновациялық экономика жағдайындағы өмірге дайындаудан, Қазақстанның үдемелі экономикалық дамуы мен қоғамдық игіліктермен кең көлемді қамтамасыз ету арасындағы оңтайлы тепе-теңдікті табудан, құқық пен әділеттілік қағидаттарына негізделген әлеуметтік қатынастарды бекітуден тұрады.

Жаңғырту үдерістері шеңберінде қандай маңызды міндеттерді шешу қажет?

● Жанжалды жағдайларды  ескертудің, реттеу мен шешудің әділетті заңдары мен нақты құқықтық нормаларын, сондай-ақ әлеуметтік қатынастардың барлық жүйесінің қызметін қабылдап, іске қосқан ұтымды.

● Қазақстандықтардың сапалы әлеуметтік үлгі-қалыптары мен кәсіби біліктілігі жүйесін, әсіресе экономикалық белсенді тұрғындардың арасында жасап енгізу міндеті тұр.

● Негізінде мемлекеттің, жеке сектор мен кәсіби бірлестіктердің  әріптестік механизмдері болатын әлеуметтік-еңбек қарым-қатынасының тиімді моделін құру маңызды.

● Қазақстандықтардың өмірінде өзін өзі ұйымдастыру, оның ішінде жергілікті өзін өзі басқару органдары бастауын дамытып, азаматтардың әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыруда нақты тетік болуы тиісті азаматтық қоғам институттарын «заманалыққа айналдыру» керек.

● Қазақстан қоғамы өмірінің ақпараттық құрамдасын біршама жоғарылатып, Интернет-технологияның мүмкіндіктерін азаматтарды ақпараттандыру, сондай-ақ мемлекет пен тұрғындардың тұрақты «кері байланысын» нығайту мәселелерінде де кеңейту міндеті тұр.

● Орта таптың үздіксіз өсуіне, инновациялық экономиканың басты қозғаушы күші - креативті таптың пайда болуы мен дамуына жағдай жасау маңызды.

● Масылдық пен әлеуметтік инфантилизм секілді құбылыстарды еңсеріп, жеке адам мен бизнестің жоғары жауапкершілігіне, барлық еңбек субъектілерінің мемлекетке қатысты әріптестік өзара қарым-қатынасына негізделген еңбек қызметі мен игілікке жаңа тартымдылық енгізу қажет.

● Жаңғыртудың маңызды  аспектісі - Қазақстанда биліктің барлық деңгейіндегі сарапшылар мен менеджерлердің кәсіби корпусымен «тігінен» және «көлденеңінен» құрылған әлеуметтік үдерістердегі тиімді мемлекеттік басқару жүйесін құру.

Міне, осылайша ел президенті барлық мемлекеттік органдар осы міндеттерді шешуге бағдарлануы тиіс екендігін көрсетті. Барлық қойылған талаптар мен тапсырмалар толығымен  жүзеге асса, еліміздің әлеуметтік жағдайы көтеріліп, көптеген  проблемалары шешілетіні даусыз.

        1.   Елдегі саяси ахуал

                    Қазақстан бұрынғы империяның көлеңкесінде бас сауғалап келген өмірден түбегейлі және түпкілікті бас тартып, нарықтық экономикасы әлеуметтік бағытталған және жаңа принципті түрдегі қоғамдық қарым-қатынастарға негізделген күшті егемен мемлекетті құруға кірісті. Саяси жүйе мен мемлекеттік құрылыс түбегейлі түрде өзгеріп келе жатқаны, республиканың демократиялық бағытқа, халықаралық нормалар мен принциптерге адалдығы айқын. Біз құрып жатқан қоғамның ең жоғары құндылығы — адам, бүкіл өзгерістердің бәрі сол үшін, соның игілігі үшін жасалып жатыр. Адамдардың заң жүзінде құқықтары мен бостандықтарының кепілдігі қамтамасыз етілген, топтасу, адамгершілік, ұлтаралық келісім, барлық ұлттар мен ұлыстардың теңдігі идеялары негізделген. 
Осының бәрі — сайып келгенде, реформаларды дәйекті түрде жүзеге асырудың берік негізі. Алайда саяси және экономикалық жүйелердің ауысуына байланысты қоғамдық санада өзгерістер өздігінен болады деу сенімсіз болар еді. Бұл құбылыстың өзі айтарлықтай елеулі әрі күрделі, өйткені әлеуметтік өмірдің терең процестерімен, дүниетанымдық тағылымдардың өзгерістерімен, психологиялық таптаурындармен, сонымен бірге қоғам өмірімен, әрбір адамның тұрмыс салтымен байланысты. Әрі бүгінгі таңда біздің бәрімізге қос ауыртпалық түскен тәрізді: экономика мен қоғам өткен мен болашақтың ортасында сияқты. Артқа қайырылар жол жоқ екенін біле отырып, біз шаруашылық жүргізу жүйесінің, ғылымның, мәдениеттің, білімнің, рухани өмірдің бүгінгі таңда өткеннің сарқыншағынан арыла алмай отырғанын мойындауға тиіспіз. Тап осындай жағдай қоғамдық санада да болып отыр. Өткен ғасырдың өзінде ғылымда «аномия» деген ұғым қалыптасқан болатын. Мұның өзі адамның қалыптасқан құндылықтар жүйесі қайтадан ой елегінен өткізіліп, бүкіл ғұмырлық мұраттардың бәрі түбегейлі түрде өзгерген жағдайда адамның абдырап-сасқан кезін білдіретіні шындық. Мұның өзі жеке адамға ғана емес, бүкіл қоғам үшін ауыр сын. Осыған орай қазақстандықтардың басым көпшілігі реформа жөніндегі бағытты қолдап отырғанына қарамастан, өзгерістердің қажеттігін білгешмен, былайша айтқанда, жүрекпен жете түсінсе де, ақыл-оймен мән-мағынасына ой жүгірткен жоқ, адамдар өз болашағы үшін әлі сенімсіз, келешегін әлі де айқын көре алмай отыр. 
                   Десек те, соңғы жылдары қазақстандықтардың басым көпшілігі саяси ахуал жақсарып келеді деп есептейді. Қазіргі күні респонденттердің жартысынан көбі (51,5 пайыз) саяси ахуалды тұрақты деп бағалайды, 32,8 пайызы - оны сәтті деп санайды. Сауалнамаға қатысушылардың тек 12,9 пайызы елдегі саяси-қоғамдық жағдайды теріс бағалады. Жағымды бағалардың жалпы көрсеткіші 84,3 пайызды құрады, ол елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақты екендігін көрсетеді.

                     Елімізге «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын ауқымды іске асыруға көшу керек. Екінші – бірқатар шаралардың негізінде, атап айтқанда, демографиялық жағдайды жақсарту және халық санының орнықты өсуін қамтамасыз ету, еңбек ресурстарының ішкі резервін пайдалану, сапалы жұмыс орындарын құру, еңбек ресурстарының сапасын сақтау және арттыру, ұлттық еңбек рыногын қорғауға және экономиканың білікті кадрларға деген қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған оңтайлы еңбек көші-қон саясатын жүргізу арқылы еңбек ресурстарының санын арттыру және сапасын жақсарту. Үшінші – халықтың табысын арттыру. Төртінші – өзін-өзі қамтамасыз ететін жағдайы жоқ халықтың әлеуметтік әлжуаз санатына әлеуметтік көмек және қолдау көрсету. Елдегі саяси ахуалды статистика агенттінің ұсынған көрсеткіші арқылы көрсететін болсақ:

Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер

Халық (2013 жылғы 1 ақпанға, мың адам)

16 934

Жұмыссыздық деңгейі (2012 жылғы 4 тоқсан, %)

5,3

Орташа айлық жалақы (2013 жылғы қантарда, теңге)

99 152

Инфляция:

 

(2013 жылғы ақпан 2012 жылғы желтоқсанға, %)

1,7

(2013 жылғы ақпан 2012 жылғы ақпанға, %)

7,0

ЖІӨ (2012 жылғы қаңтар-желтоқсанға, %) 

105,0

Қысқа мерзімді экономикалық индикатор (2013 жылғы қаңтар 2012 жылғы қаңтарға)

102,6

   

Экономикалық салалардың өсу қарқыны (Нақты көлем индексі, %-бен) 

Өнеркәсіп (2013 жылғы қаңтар 2012 жылғы қаңтарға)

100,7

Ауыл шаруашылығы (2013 жылғы қаңтар 2012 жылғы қаңтарға)

98,6

Құрылыс (2013 жылғы қаңтар 2012 жылғы қаңтарға)

93,1

Сауда (2013 жылғы қаңтар 2012 жылғы қаңтарға)

112,3

Көлік (2013 жылғы қаңтар 2012 жылғы қаңтарға)

106,0

Байланыс (2013 жылғы қаңтар 2012 жылғы қаңтарға)

109,1


 

                    Қоғам мен елдегі әлеуметтік, экономикалық, саяси ахуал өзгерген сайын саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтаудың маңызы артады. Саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім Қазақстанның қай кезеңінде болмасын халық үшін міндетті болып табылатын құндылық. Тұрақтылық  пен келісім болмаса, ешқандай реформалар жүзеге аспайды. Ең алдымен халыққа керегі тұрақты даму. Ол билікке ғана емес, халыққа да керек. Әлеуметтік зерттеулерге қараған кезде Қазақстан халқының 80 пайызы қоғамдағы саяси тұрақтылықтың маңыздылығын айтады. Жалпы халықтың мақсат-міндеттері осы құндылықтың төңірегінде деп айтуға болады.

 

 

 

 

 

      1. Қорытынды

                    Семестрлік жұмыс барысында еліміздегі барлық әлеуметік мәселелер мен оның шешілу жолдары қарастырылды. Статистикалық және басқа да ақпарат көздеріне сүйене отырып түсінгенім - әлеуметтік проблемалар мемлекетте жеке-дара емес кешенді түрде шешілуі керек.  Берілген бағдарлама, реформалар мемлекет, облыс, аудан, ауыл көлемінде іске асырылуы тиіс. Сол жағдайда ғана біз барлық әлеуметтік мәселелерді шешіп, орта тапты көбейте аламыз. Қазақстанның әлеуметтік дамуы үшін әр қазақстандық өз үлесін қосу керек. Әр адам болашаққа үреймен емес,  үлкен үмітпен қарау керек деп есептеймін. Себебі, жеке тұлға қоғамның бір мүшесі, қоғамды құрушы әрі қалыптастырушысы.  Қазақстанның әлеуметтік дамуы үшін әрбір  қазақстандық өз үлесін қосу қажет.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

      1. Қолданылған әдебиеттер тізімі
    1. http://www.kaz.stat.kz
    1. http://www.enbek.gov.kz
    2. Назарбаев  Н.Ә. Қазақстан -2030. – Алматы, 1997
    3. http://www.azattyq.org
    4. Қарабаев Ш.Қ. Әлеуметтану негіздері – Алматы, 2007
    5. http://www.alashainasy.kz
    6. Орынбекова Д.С. Әлеуметтану барлық мамадықтардың күндізгі бөлімінде оқитын студенттер үшін семестрлік жұмысқа арналған әдістемелік нұсқаулар. – Алматы: АЭжБУ, 2011

 

 

 

 


Әлеуметтік проблемалар