Махмұт қашқари

Жоспар.

Кіріспе.

  • Махмұд Қашқари кім?
  • Қашқари қайда, қашан туған?
  • Қашқаридің шыққан тегі
  • Кейінгі өмірі жайында не білеміз?

Негізгі бөлім.

    1. Еңбектің атауы неліктен «диуан лұғат-ит-түрік»?
    2. Қашқари «диуанын» қашан жазған?
    3. «Диуан  лұғат-ит-түрік» не үшін жазылды?
    4. «диуанның» табылу тарихын білеміз бе?
    5. «диуан» қай тілдерге аударылған?
    6. «диуанның» сөздік қоры қанша?
    7. Қашқаридің ғажайып картасын көрдіңіз бе?

  Қорытынды.

Түркі ғалымы 

КІРІСПЕ.

МАХМҰД ҚАШҚАРИ  КІМ?

Алғаш табылған күннен бастап түркі тілі тарихына үлкен бетбұрыс жасатып, қайта жазылып шығуына  себеп болған, түркі тілдерінің бізге  беймәлім қараңғы кезеңдерінен хабардар еткен «Диуан Лұғат-ит-Түріктің»  авторы, Түркітану ғылымының негізін  салушы, түркі лексикографиясының атасы, түркі тілінің тұңғыш диалектологы - Қашқарлы Махмұдтың өмірі жайында  жазба деректер арқылы жеткен мәліметтер тым мардымсыз. Тек Диуанындағы  там-тұмдап жеткен мәліметтерге сүйене отырып, Қашқаридің текті бір әулеттен шыққан ханзада, қызыл тілге шешен  ділмар, найза лақтырғанда дөп  тигізер асқан мерген, сондай-ақ заманының ең озық білімімен сусындаған білімпаз болып тәрбиеленгенін көреміз. Өзі жайында: «Түркілер арасында қызыл тілге ең шешені, ең әсерлі әңгімешісі, ең жақсы білім алған  білгірі, ең текті әулеттен шыққаны  және мықты найза лақтырушысы  болғандықтан олар мекен еткен барлық шаһарлар мен аймақтарды аралап шықтым», - деген Қашқари әрі қарай «Диуанының»  сөздік қоры жөнінде: «Түрік, түркмен, оғыз, шығыл, яғма және қырғыз тайпаларының сөздерін және олардың қыр-сырын  анықтап шығып, қажетіме жараттым. Олардың  әрбірінің тілі менің көкейіме ұялап, берік сақталып қалды. Мен оларды мұқият зерделеп, әбден тәртіпке келтіріп, жүйелеп шықтым», - дейді. Бұдан Қашқарлы Махмұдтың жалпы түркі тілдерінің сөздік қоры жайында асқан білгір болғандығын аңғарамыз. Өз дәуірінің  жазба әдеби тілдерімен қатар, түркі  тайпаларын аралап, жинақтаған сөздердің  мағыналары мен формаларын, түрлі  ерекшеліктерін еркін меңгеріп қана қоймай, көне түркі тілінің тарихи лексикасынан да хабардар болуы оның тілбілімін жетік меңгерген, аса  білімпаз ғұлама-ғалым болып жетілгендігін  көреміз. 
 ҚАШҚАРИ ҚАЙДА, ҚАШАН ТУҒАН?

Тегі Қашғари немесе Қашғарлы бола тұрса да, ғалымдар әкесінің Барысхан қаласынан екендігіне сүйене отырып, оның да сонда туғандығын алға тартады. Себебі Қашғари диуанының ешбір жерінде өзін Қашғарлық деп атамайды. Тек диуанында Қашғар қаласын ауа-райы мен ықлымын асыра мақтауы, Қашғар аймағына қарасты Қасы, Адығ, Опал секілді елді мекендерді «біздің ел» деп атауы, сондай-ақ Қашғар қағандардың өмір сүретін мекені екені және сол жерде білім алып, өскендігі оның Қашғари аталуына себеп болғанға ұқсайды. Ғалымның өзі Барысхан жайында: «Барысхан Афрасиябтың ұлы, қаланы сол салдырған және өзінің атын берген» деп толық мәлімет берсе, тағы бір жерде: «Ауасы таза, шөбі шүйгін болғандықтан қағанның атбегісі осында жылқы жайған, кейін елді мекенге айналған кезде қала сол атбегінің атымен аталып кеткен», - деп, қала атауына себеп болған басқа бір дерек келтіреді. 
Кей деректерде ғалымның Қашғар қаласының оңтүстік батысындағы Опал елдімекенінде дүниеге келгендігі айтылады. Шынында да Қашқари сөздігінде Опал елді мекенінен сөз еткенде «біздің елде бір ауыл», «біздің елдің жайлауы» секілді анықтамалар бергендігін көреміз. 
Қашғаридің туған жылы жөнінде де түрлі көзқарастар бар. А. Егеубаев «Диуанның» жазылған уақыты мен О. Пицактың пікіріне сүйене отырып, 1029-38 жылдар туған болуы керек деген болжам айтады. Дегенмен көпшілік ғалымдар 1008 жылы туған деп есептейді.

ҚАШҚАРИДІҢ ШЫҚҚАН ТЕГІ?

Өзінің асыл текті әулеттен шыққанын мақтан тұтқан Қашқари Шығыс  Қараханиттер династиясы ханзадаларының бірі болып табылады. Шежіресі түркілер арасында ислам дінін қабылдап, тұңғыш рет мемлекеттік дін мәртебесіне  көтерген атақты Қараханиттер ханы Абдулкерім Салтұқ Буғра Ханға барып тіреледі. Толық аты-жөні Қашғари Махмұд ибн  Хүсейін ибн Мұхаммед. Әкесі Хүсейін  ибн Мұхаммед Чағры Тігін Барысхан қаласының әкімі болған. Ал атасы  Мұхаммед Буғра хан ибн Юсуф әуелі  Тараз бен Сайрам қалаларының  әкімі, кейін 1057 жылдары Қараханиттер мемлекетін билеген. 15 айдай билік  жүргізгеннен кейін Мұхаммед Буғра  хан тақ мұрагері ретінде үлкен  ұлы, Махмұдтың әкесі Хүсейінді  хан көтеруге шешім қабылдайды. Алайда Хүсейіннің таққа отыруын көре алмаған  ханның тоқалы, Хүсейінді таққа отырғызу рәсімінде таратылған асқа у қосып  беріп, күйеуі Мұхаммедтен бастап әулеттің бірнеше атқамінерлерін улап өлтіреді. Күйеуі Мұхаммед пен Хүсейіннің жақтастарына да ажал құштырып, ақыры өз баласы Ибрахимді хан тағына отырғызады. Әкесі хандыққа, өзі де ханзадалыққа әзірленіп жүргенде отбасы мүшелері қынадай қырылып, басына қара бұлт үйрілген Қашқаридің бұдан кейінгі өмір тарихы күңгірттеу. Әсілі Қашғардан қашып, көршілес түркі тайпаларын барып паналаған Махмұдтың түркі тайпаларының тілін жетік меңгеруіне де осы ауыр тағдыры себеп болса керек. Үлкен атасы Юсуф Қадыр Хан ибн Харун Қотан қаласын, ал әкесі Харун Қылыш Буғра Хан ибн Сүлейман 992 жылдары Бұхараны Саманиттерден азат еткендігі тарихтан белгілі. Харун Қылыштың әкесі Сүлейман Байташ Хан, оның әкесі де Абдулкәрім Салтуқ Буғра хан. Яғни Қашқари атақты Қараханит ханы Салтуқ Буғраның алтыншы ұрпағы болып табылады.

КЕЙІНГІ ӨМІРІ  ЖАЙЫНДА НЕ БІЛЕМІЗ?

1057 жылғы қантөгістен  соң отбасынан түгелге жуық  айрылған Қашқари Памир тауларын  асып өтіп, Түркістан аймағына  келеді. Мұндағы түркі тайпаларын  паналаған ғалымның, олардың тіліне, ауыз әдебиетіне, мәдениетіне деген  үлкен қызығушылығы оянып, болашақта  жазатын ұлы еңбегіне осында  материал жинақтай бастағанға  ұқсайды. Сондай-ақ Иранға, одан  Иракқа барып, араб және парсы  тілдерін үйренгендігі, тіптен медреселерде  ұстаздық жасағандығы да айтылады. 20 жылға жуық түркі тайпаларының  тілі, әдебиеті, мәдениеті, өмір салты  мен әдет-ғұрыптары жайында мол  материал жинақтаған Қашқари  1072 жылы Бағдатқа келіп, атақты  шығармасын осы жерде аяқтайды  және халифа Муқдәди Биәмриллаһқа  сыйға тартады. Бұл жөнінде  «Диуанның» бас жағында: «Маған  шексіз абырой, сарқылмас-түгесілмес  қайнаркөз болсын деген тілекпен  осы кітапты жазып шықтым да, бір Тәңірге сиынып, оған «Диуан  Лұғат ат-Түрік» деп ат қойдым. Қасиетті Пайғамбардың мақамында  отырған, Хашими тегінен және  Аббас ұрпақтары әулетінен шыққан  Тәңірдің халифасы Әбул-Қасым  Абдуллаһ ибн Мұхаммед әл-Муқтәди  Биәмриллаһқа сыйға тарттым»  дейді.  
Қашқаридың бұдан басқа «Китаб Жәуаһир Наһу фи Лұғат ат-Түрк» атты еңбегі болғандығын білеміз және диуанында кейбір мәселелерді осы кітабында егже-тегжей қарастырғаны жөнінде сілтеме жасап отырады. Өкінішке қарай бұл кітабы әлі күнге табылған жоқ.  
Ғалымның бұдан кейінгі өмірі жайындағы пікірлер бір-бірімен қарама-қайшы түсіп жатады. Бұл жөнінде тарихи жазбаларда басы ашық ешнәрсе айтылмайды. Кей деректерде 1080 жылы Бағдаттан өзінің балалық шағын өткізіп, алғаш білім нәрімен сусындаған Қашғар қаласы маңындағы Опал елдімекеніне келіп қоныстанғандығы, осы жерде Мұхаммәдия медресесін құрып, 10 жыл ұстаздық жасаған соң 1090 жылы 97 жасында дүниеден өткендігі айтылады. Ендігі бір деректерде 89 жасында Опалға келіп, 8 жыл дәріс берген соң 1105 жылы, тағы бір жерде 1026 жылы қаза болғандығы, өз медресесі маңындағы зиратқа жерленгендігі келтірілген. Қазіргі таңда Опал ауылының солтүстік батысында 4 километр жерде Қашқаридың кесенесі орналасқан. Қашқари жатқан зират кесененің оңтүстігіне қарай 20 метр жердегі төмпешікте көрінеді. Онда 1008-1105 жылдар аралығында өмір сүргендігі жазылған.

 

 

 

 

НЕГІЗГІ БӨЛІМ.

    1. ЕҢБЕКТІҢ АТАУЫ НЕЛІКТЕН «Диуани луғат-ит-түрік»?

Түркі тілінің тұңғыш оқулығын әзірлеп, грамматикасын түзген, түбі бір түркі халықтары тіл өнерінің өрісін мәңгілікке кеңейтіп, өркенін  өсірген, түркі тілдерінің диалектологиясының, лексикологиясы мен грамматикасының  негізін қалап, тіл білімі тарихында  салыстырмалы тарихи әдісті тұңғыш рет  қолданған ғұлама ғалым Қашқари  Махмұд, атын мәңгілікке өлтірмейтін, өзіне және зерттеушілеріне сарқылмас  қайнаркөз болатын тынысы кең  байсалды да ұлы еңбегіне Диуан Лұғат-ит-түрк, яғни түркі тілі сөздігінің жинағы деп ат қояды. Бұл жөнінде «Диуанында»: «Маған шексіз абырой, сарқылмас-түгесілмес қайнаркөз болсын деген тілекпен осы кітапты жазып шықтым да, бір  Тәңірге сиынып, оған «Диуан Лұғат  ат-Түрік» - түркі тілдері сөздігінің жинағы» деп ат қойдым», - деп жазады. Түбі бір күллі түркі тілдерінің тұтастығын білдіретін ортақ қасиеттері мен айырым белгілері айқындалып, өзекті заңдылықтары жүйеленген, түркі  жазба әдеби тілінің грамматикасы түзіліп, сөздік қоры жинақталған осынау ғажайып еңбектің аты затына сай, өте дөп қойылған деп есептейміз.

    1. ҚАШҚАРИ «ДИУАНЫН» ҚАШАН ЖАЗҒАН?

Еңбекті Қашқари Бағдатқа келген соң не келмей тұрып жазғандығы жөнінде түрлі көзқарастар бар. Дегенмен Стамбұлдағы жалғыз нұсқаның соңғы бетінде келтірілген мәліметке  қарағанда Қашқарлының Диуан  Лұғат ат-Түркі 1072 жылдың 25 қаңтарында басталып, 4 рет редакцияланған соң 1074 жылдың 10 ақпанында аяқталған. Осы  күні Стамбұлдың Ұлттық кітапханасында сақтаулы тұрған Диуан Лұғат-ит-Түріктің жалғыз нұсқасы Мәмлүктер топырағында  Сұлтан Бейбарыс заманында Савада туып, Дамаскіде өмір сүрген Мұхаммед ибн  ӘбуБәкір ибн Әбул-Фатхтың қолымен  шамамен 200 жылдан кейін 1266 жылдың 1 тамызында  көшірілген.

    1. «ДИУАН ЛҰҒАТ-ИТ-ТҮРІК» НЕ ҮШІН ЖАЗЫЛДЫ?

Қашқари сүбелі еңбегінің  жазылу мақсаты жөнінде «Диуанының»  басында-ақ: «Мен Тәңірдің бақ-дәулетті түріктердің жұлдызында жаратқанын, ғарышты солардың хандығының үстіне айналдырып қойғандығын көрдім. Тәңір  оларды «түрік» деп атап, елдік  пен билік берді. Заманымыздың билеушілерін түріктерден шығарып, өзге халықтардың  ерік тізгінін солардың қолына ұстатты. Оларды адамдарға бас қылды, хақ  істерде оларды қолдады және олармен  бірге болғандарды ғазиз, абыройлы қылды», - деп түрік халқының қадір-қасиетінің ұлылығын әспеттеп, дәріптеген соң  ұлық Тәңірдің оларға деген ерекше ықыласын әрмен қарай былайша  жеткізеді: «Сондықтан да оларға Тәңірдің өзі ат беріп, жер бетінің ең биік те, шұрайлы, ауасы таза жеріне орналастырған, оларды әскерім деп санаған. Себебі түркілер сүйкімділік, әдептілік, жарқынжүзділік, жүректілік, әділдік, кішіпейілділік, қарияларды құрметтеу, сөзінде тұру секілді ізгі қасиеттерге ие». Осылайша түркілердің Тәңір сүйер көп қасиеттерін санамалап шыққан соң: «Түркілердің оқтарынан сақтану үшін ақыл иесі әрбір жан олардың жолын ұстануы тиіс. Олардың көңілін тауып, өзінің мұң-мұқтажын жеткізе білу үшін олардың тілін үйренуден басқа жол жоқ», - деп түпкі мақсатын жайып салады. Яғни, араб тілінің мәдениет пен өркениеттің, білім мен ғылымның, ең маңыздысы дүйім мұсылман шығыс халықтары ардақтаған Қасиетті Құран тілі ретінде дәуренінің жүріп тұрған шағында түркі лексикасының мағыналық әрі тұлғалық қасиет-сырларын аша отырып, оның шексіз байлығын көрсету арқылы түрік тілінің араб тілінен бірде-бір кем еместігін дәлелдейді. Түркілердің ізгі қасиеттерін дәріптеп, күшейіп келе жатқан түркі ұлысының болашағының зор екендігін ескертеді. Болашақ түркі тілінде екендігін насихаттап, өзге ұлттарды түркі тілін үйренуге шақырады. Жай ғана шақырып қоймай түркі халқының мақал-мәтелдері мен фразеологизмдерін, жыр-шумақтары мен нақыл сөздерінің, этнонимдері мен топонимдерін жан-жақты талдап, ұлттың әдебиеті мен мәдениетін, ізгілікке құрылған салт дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын, руханияты мен дүниетанымын таныту арқылы түркілерді, түркі тілін сүйгізуге ұмтылады. Шын мәнінде «Диуанды» мың жасатқан да осы қасиеті болса керек.

«Диуани лұғат ит түрки» — тіл білімінің ең басты салалары бойынша теориялық тұрғыдан құнды түйіндер жасаған аса құнды ғылыми еңбек. Көне түркі әдебиет ескерткіштерінің тілін үйренуге бұл зерттеу көп көмек көрсетіп келді. Мәселен, осы кітап табылғаннан кейін ғана Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанын оқу, аудару және транскрипция жасау кезінде бұрын жіберілген қателіктер түзетілді.

М.Қашғари тек түрік  тіліне тән сөздерді ғана енгізуді мақсат еткен. Сондықтан бұл сөздіктен  – түркі халықтарының киім-кешек  пен үй жиһаздары, құрал-саймандар  мен шаруашылық бұйымдары, қару-жарақ  пен музыка аспаптары, туыстық атаулары мен рулар, әскери атақ-дәрежелері мен  атаулары, тағам аттары мен хайувнаттар, өсімдіктер мен әлем аттары, ай және күн аттары, қалалар мен елді-мекендер этнотопономикалық атаулары, ауру-сырқау мен дәрі-дәрмектер, ойын-сауық және салт-санаға байланысты алуан түрлі  салаға бөлініп жатқан сөздерді табуға болады.

М.Қашғари кітапты сегіз  бөлікке бөліп жазған:

  1. Хамза кітабы (әліптен басталатын сөздер)
  2. Салим кітабы (құрамында әліп, вав, йай, жоқ сөздер)
  3. Музағаф кітабы (қосар дыбысты сөздер)
  4. Мисаль кітабы (йай әріпінен басталатын сөздер)
  5. Үш әріпті кітап
  6. Төрт әріпті кітаб
  7. Мұрын жолды дыбыстар кітабы
  8. Қос дауыссыз дыбысты кітап. Бұларға келтірілген мысалдар әр кітап сайын есім және етістіктер болып екіге бөлінеді.

Академик А.Н.Кононов кітапта  қамтылған материалдарды бес  салаға бөліп қараған:

  1. Белгілі бір тайпаға тәндігі дәл көрсетілген сөздер қоры (лексикасы)
  2. Түркі тайпаларының мекен-қоныстары жайындағы мәліметтер
  3. Түркі  тілдерін топтастыру
  4. Түркілік тарихи фонетика мен грамматика туралы мәліметтер;
  5. Түркілердің тарихы, географиясы, этнографиясы, поэзиясы және фольклоры жайындағы мәліметтер.

Махұд Қашғаридың бұл сөздігін энциклопедиялық туынды деуге болады. Мұнда тек тіл мен әдебиетке  ғана емес, сондай-ақ сол кездегі  ру-тайпалар мен халықтардың қоғамдық-экономикалық жағдайына, көне тарихы мен әдет-ғұрпына  салт-санасы мен наным-сеніміне қатысты  аса бағалы деректер берілген. М.Қашғаридың еңбегінің осы бір өзіндік  ерекшелігі, энциклопедиялық мән-мағынасы жайында айта келіп, белгілі совет  түркологы А.Н.Кононов былай деп  жазады: «Мұнда ХІ ғасырдағы түріктердің  өмірі, олардың материалдық мәдениет бұйымдары, тұрмыс жайлары, этнонимдері мен топонимдері, ру-тайпалар туралы туыстық және жекжаттық терминдер, түркі қызмет адамдарының титулдары, аттары, тағам-сусындардың аттары, үй жануарлары мен жабайы жануарлар және құстар, мал шаруашылығы терминдері, өсімдіктер мен дәнді дақылдар, астрономиялық терминдер, халықтық календарь, айлар мен апталар атаулары, географиялық терминология мен номенклатура, қалалар, аурулар мен дәрі-дәрмектердің аттары, анотомиялық терминология, металдар мен минералдар, әсери-спорт және әкімшілік терминологиясы, діни және этникалық терминология, балалардың ойындары мен ермектері және басқа деректер көп жағдайда бірден-бір құнды деректеме болып табылады» деген.

Кітап араб тілінде жазылған. Мұнда түрік тайпаларының тілінде  жиі қолданылатын алты мыңнан астам  сөз бен сөз тіркестері араб тіліне аударылып, түсінік берілген. Еңбекте  сөздердің әр түрлі мағыналары түсіндіріліп қана қоймай, сол кездегі түркі  тайпаларының тіліндегі фонетикалық, морфологиялық ерекшеліктері айтылып  отырған.

Жергілікті тіл ерекшеліктері  назардан тыс қалмаған. 400-ден астам  сөздің тұсына ол сөздер қай тайпаның тіліне тән екені жазылған. Сол  дәуірде өмір сүрген түркі тайпаларының бастыстан шығысқа қарай орналасу реті, тайпа саны көрсетілген. Олардың  орналасу картасы берілген.

Сондай-ақ сөздікте 105 кісі аты, 29 ру-тайпа, 175 жер-су, қала атаулары кездеседі. Бірнеше қаланың, жер-су аттарының шығу тарихы жөнінде қызықты деректер, аңыздар бар.

Автор өзі тұстас көшпенділердің ой-өрісінен, дүниетаным жайларынан хабар  береді. Табиғат құбылысы, күн мен түн, аспан әлемінің тұрақты қайталанатыны өлең сөздер арқылы суреттеледі:

Тәңірі әлемді жаратқан

Дамылсыз аспан айналады

Жұлдыздар тізіліп, жүгірісіп

Түн, күнді түгел оранар

    1. «ДИУАНИ ЛУҒАТ-ИТ-ТҮРІК» ТАБЫЛУ ТАРИХЫН БІЛЕМІЗ БЕ?

Стамбұлдың Ұлттық кітапханасында сақтаулы тұрған, жәдігердің осы күнге  келіп жеткен жалғыз ғана нұсқасының табылу тарихының өзі бір аңыз. Атақты Мысырлық тарихшы Бәдреддин  Махмұд ибн Ахмет ибн Мұса (ө. Хижра 758 ж.) өзінің «Замана ақыл-ойының ақық-інжулері»  атты еңбегінде түркілердің тілі, тұрмыс-тіршілігі, рулық таңбалық белгілері  жайында тұщымды мәліметтерді Қашқаридың «Диуанынан» алғандығын айтса, бауыры Шахабеддин Ахметпен бірігіп жазған «Шихаби тарихы» деген еңбегінде  де «Диуанды» пайдаланғанын көреміз. Катиб Челеби «Кәшф-үз-Зунун» атты еңбегінде  Қашқари «Диуанына» арнайы тоқталса, мәшһүр араб филологы Жамаладдин ибн  Муханна Махмұд Қашқариді өзінің ұстазым деп ардақ тұтатынын  жазады. 
 Міне, қаншама сүбелі еңбектердің жазылуына негіз болып, небір тілші, тарихшы ғұламалардың өзі ауыздарының суы құрып мақтаса да, 1914 жылға дейін Диуанның бірде-бір нұсқасы табылмаған-ды. Әйтсе де, талайлардың қолы жетпей, көзбенен бір көрудің өзі арман болған асыл мұра Түркияның бұрынғы экономика министрі Нафыз бейдің кітап сөрелерінің бірінде көп кітаптың бірі ретінде шаң басып жатқан болатын. Күндердің бірінде Нафыз бей жақындарынан бір әйелді шақырып алып: 
- Саған бір кітап беремін. Жақсылап сақта. Қалтаң жұқарып қиналған шақта алтын ақшамен 30 лираға сат. Одан төмен беруші болма, - деп тапсырады. Көп өтпестен-ақ ақшаға зәру болған әлгі әйел кітап жаймасындағы Бурхан бей деген саудагерді тауып, 30 лираға сататындығын айтады. Әрине «Диуан Лұғат» секілді еңбекті ақшамен бағалау әсте мүмкін емес. Алайда асылдың қадірін білмейтіндер үшін бір ескі кітапқа мұндай баға сұрау ақымақтың ғана ісі болып көрінері хақ. Бурхан бей мұндай ескі кітаптардың қадірін бір білсе, солар білер деген оймен «Энжумен илмия» деп аталатын ғалымдар кеңесі кеңсесіне алып барады. Кітапты мұқият қарап шығу үшін 1 апта мұрсат сұраған кеңсе қызметкері, 1 аптадан соң кітаптың құнын 10 лираға бағалайды. Бурхан бей кітаптың өзінікі емес екенін, иесі 30 лирадан төмен бермеуін тапсырғанын айтады. Әлгі кісі: «Мен 30 лираға бір кітапхана сатып аламын, кітабың өзіңе», - деп қайтарып береді. Міне, осы кезде өмір бойы жиған-тергенін кітап сатып алумен-ақ тауысқан, кітапқұмар, ізденімпаз Әли Әмри Ефенди әдеттегісінше жаймаға жаңа кітаптардың түскенін білмек болып Бурхан бейдің дүкеніне бас сұғады. Бурхан бей: «Бір кітап бар, бірақ иесі 30 лира сұрап отыр» - деп мән жайды тегіс баяндап береді. Кітапты қолына алған Әли Әмір есінен танып қала жаздайды. Қолында анау-мынау емес, түркі тілдерінің інжуі, талайлар бір көрудің өзін арман еткен «Диуан Лұғат» қой. Өз көзіне өзі сенер емес. Отыз емес, отыз мың лира да аз бұл кітапқа... Тез есін жинап, таңқалысын сездіріп, саудагерді есіртпейін деген оймен: 
- Тым шашыраңқы екен. Беттері түгел ме өзінің? Авторы да Қашқарлы біреу екен. Жарайды, не болса да кітап қой, «Энжүмен илмия» саған 10 лира берген екен, мен 15 лира берейін, - дейді ішкі сезімін білдіргісі келмей. Себебі қалтасында 15 лира ғана бар болатын.  
- Менікі болса, қуана-қуана ұстата салар едім. Иесі бір байғұс әйел. Алсаңыз бір әйелге жақсылық жасаған боласыз. Алмасаңыз өзіне қайтарып берем, - дейді Бұрхан бей.  
- Бағанадан солай демейсің бе! Енді әңгіме басқа. Байғұс әйелге көмектесу керек. Жарайды алдым мен бұл кітапты, - дейді. Алайда қалтасындағы 15 лираны ұстатып, қалғанын кейін алып келіп берем дегеніне саудагер көнсін бе! Асылдың қадірін білер біреу кездейсоқ кіріп қалып, алып кете ме деген үрей де қатты састырады. Ақыры саудагердің кілтін алып, дүкенді сыртынан құлыптап үйіне жүгіреді. Жолда «Дарүлфунунда» әдебиет оқытушысы Фаик Решат ұшырасады. Дереу 20 лира қарыз сұрайды. Фаик Решат қалтасында 10 лира ғана бар екенін, қаласа қалғанын үйден алып келіп беретінін айтқанда қуана келісе кетеді де, өзі дереу қайта Бурхан бейдің дүкеніне оралады. Әли Әмірдің мына қылығына таңданған Бурхан бей де кітаптың құндылығын сезіп қойған-ды. 30 лираны ұстатқанда ол да үстеме ақы сұрайды. Оның қолына 3 лира қыстырған Әли Әмір үйіне қарай зыта жөнеледі. Артына қарай-қарай кетіп барады. Бұрхан бей айнып қалып кітапты қайта алып қоя ма деген үрей үйіне жеткенше басылмайды. Үйіне келіп кітапты парақтап оқи бастағаннан-ақ қандай асыл қазынаға қол жеткізгенін ұғады. Кейін Әли Әмір «Диуанның» құндылығы жайында достарына былайша баяндайды: «Бұл жай ғана кітап емес, ұлы Түркістан өлкесі! Тек Түркістан емес-ау, бүкіл жихан десек болады. Түркілік, түркі тілі осы кітап арқылы мүлдем басқа қырынан танылып, жарқырайтын болады. Араб тілі үшін Сәййибуйиһин кітабы қандай болса, бұл оның түркі тіліндегі бауыры. Осы күнге дейін түркі тілінде дәл мұндай кітап жазылмаған. Бұл кітаптың шын бағасы берілер болса, бүкіл әлемнің қазынасын жинаса да жетпек емес. Бұл кітап пен хз. Жүсіп пайғамбар арасында бір ұқсастық көрем. Достары Жүсіпті болмайтын тиын тебенге сатқан жоқ па еді? Кейін Жүсіпті алып барып, Мысырда өз салмағындай жауһарға сатқан-ды. Ал мен бұл кітапты бұдан бірнеше есе ауыр алмас пен жақұтқа да айырбастамас едім... ».  
 «Диуан Лұғаттың» табылғаны жөнінде хабар қысқа уақыттың ішінде шартарапқа жайылып кетеді. Атақты Зия Гөкалп «Диуанның» табылғанын естігенде қуанғаннан Әли Әмірдің үйінен бір-ақ шығады. Алайда Диуанды көзінің қарашығындай қорыған Әли Әмір: «Қазір көрсете алмаймын, бәлкім 2 айдан соң көрсетуім мүмкін», - деп Гөкалпты жолатпайды. Көзімен бір көруді қанша жалынып сұраса да Әли көнбейді. Амалы таусылған Гөкалп мәжілістен таныс депутаттарды да араға салып көріп еді, мұнысынан да түк шықпайды. 
 Арадан бір апта өткен соң Әли Килислі Муалим Рыфатты шақырып алып, кітапты көрсетеді. Ары-бері парақтап көрген Рыфат бей: «Жанаб Аллаһ жариялануын насип етсін», - дейді. Бұл сөз Әлиге қатты ұнайды. Рыфатқа күн сайын келіп, 2-3 сағат жұмыс жасап, кітаптың сөгілген парақтарын реттеп, жөнге келтіруді ұсынады. Рыфат бұған қуана келіседі. Екі ай бойы ретке келтіріп, парақтарын түгендеген Рыфат, ақыры кітап беттерінің түгел екенін айтып, Әлиден сүйінші сұрайды. Әлидің қуанғаны сонша, тұрып жатқан үйінің жартысын Рыфатқа ұсынады. Рыфат одан бас тартып, ең үлкен сыйдың кітапты жариялауға рұқсат беру екенін айтады. Әли: «Иншаллаһ, ол күн де келер», - деп қысқа қайырады.  
Муалим Рыфат пен Зия Гөкалп кітапты жариялатудың жолын іздеп, ақыры Әлидің ең жақын досы, меселін қайтармайды-ау деп Талат пашаны (генерал) араға салады. Жоспар құрып, екеуін бір кеште ауызашарда кездестіреді. Талат паша Әли Әмірге: 
 - Қадірменді ұстаз! Сіздің алдыңызда сөз сөйлеуге ұяламын. Алайда рұқсат етсеңіз сізге айтар уәжім бар. Кітаптардың да адамдар секілді табиғи өмірі болады. Бұл кітап мыңдаған жыл өмір сүре алмайды. Жаңартып отырмаса шіріп жоқ болады. Бұрындары кітапты жаңарту үшін оның көшірмесін жасаған. Алайда мұның ауқымы тым тар, пайдасы аз. Адамзат өркениеті осы үшін баспа әдісін ойлап тапты. Баспа арқылы бұл кітапты мың, он мың, тіпті жүз мың етуге де болады. Олай болса, рұқсат етіңіз, бәрінен бұрын мұны бастырайық. Бас жағына сіздің есіміңізді қойып, дүниенің төрт бұрышына таратайық. Бүкіл әлем сізге қарыздар болсын. Бұл ізгілікті істі бізге көп көрмеңіз! - дейді. 
Генералдың сөзі көңіліне жағып, риза болған Әли рұқсатын береді. Тек бұл істі басынан соңына дейін Рыфат атқарсын және баспа ісі біткенге дейін кітап тек соның қолында ғана болсын деп екі шарт қояды. Осылайша түркі тілі мен мәдениетінің мәңгілік жәдігері араға 840 жыл салып барып баспаға жол тартты. Түркі халқының мүддесін жеке басының мүддесі мен пенделік талаптарынан жоғары қойған түркішіл, жанкешті азаматтардың арқасында жоқ болып кетуден осылайша аман қалған-ды.

    1. «ДИУАНИ ЛУҒАТ-ИТ-ТҮРІК» ҚАЙ ТІЛДЕРГЕ АУДАРЫЛҒАН?

«Диуанның» ең алғашқы  аудармасы Муалим Рыфаттың қолымен 22 дәптерде түрік тілінде жасалған болатын. Алайда I дүниежүзілік соғыс, артынша елде орын алған саяси  тұрақсыздықтар мен азамат соғысы салдарынан аударма жарияланбай қалады. Бұдан  бөлек Абдуллаһ Атыф Түзүнер және Абдуллаһ Сабри Картер де түрік тіліне аударып шыққан-ды. Алайда бұлардың ешбірі жарияланбайды. Барлығы да қолжазба күйінде әлі күнге Түркияның кітапханаларында сақтаулы.  
Ататүріктің басшылығымен 1932 жылдың 26 қыркүйегінде Долмабахче сарайында ұйымдастырылған I Түрік тілі құрылтайында еңбекті аудару ісі қайтадан Муалим Рыфатқа жүктеледі. Екінші рет қайта аударып шыққан Рыфат, баспадан шығару үшін Түрік тілі қоғамының бас хатшысы Нежми Дилмен және Бесим Аталаймен Долмабахче сарайында кездеседі. Алайда келіссөз сәтсіз аяқталып, тағы да жарияланбай қалады. 1937 жылдың аяғында Нежми Дилменнің қолқалауымен аударма ісін Бесим Аталай өз мойнына алады және 1940-41 жылдары ең алғаш түрік тіліндегі аудармасы жарық көреді. Бұл аударма ұзақ жылдар бойы көптеген еңбектердің жарық көруіне арқау болып қана қоймай басқа тілдердегі аудармаларына да негіз болады. 
Өзбекстан ғылым академиясы баспасынан 1960-63 жылдары «Түрки сөзләр Дивани» деген атпен 3 томдығы жарық көреді. Аударып баспаға дайындған Салих Муталлибов. Ескерткіштің индекс сөздігін әзірлеген Гани Абдуррахманов пен Салих Муталлибов 1967 жылы 4-ші том ретінде жариялайды.  
 1955 жылы ағайынды Мұхаммед Пейзи мен Әхмет Зияи, 1963-66 жылдары Сайрани еңбекті қазіргі ұйғыр тіліне аударып шықса да, Шығыс Түркістандағы саяси тұрақсыздық салдарынан жарияланбайды. Ақыры 1978 жылы ұйғыр және қытай тілдеріне аударылуы жөнінде мәселе ресми күн тәртібіне қойылады. Шыңжаң ұйғыр автономиялық облысы Ғылым академисы жанынан құрылған кеңес мүшелері тарапынан аударылып, 1981-84 жылдар аралығында баспадан жарық көреді. 2002 жылы осы еңбектің негізінде қытай тіліндегі аудармасы жасалады. 
1982-85 жылдары арасында ағылшын тіліне аударылып, Гарвард университетінде «Mahmud al-Kashgari Compendium of Turkic Dialects (Diwan Lugat at-Turk)» деген атпен жарық көреді.  
Жәдігерді тұңғыш рет қазақ тілінде сөйлетіп, баспаға дайындаған Асқар Егеубаев болды. 1997 жылы 1-2 томдарын, 1998 жылы 3-томын «Түрік Сөздігі» деген атпен жариялаған болатын. 
Сондай-ақ 2004 жылы профессор Хүсейін Дүзгүн 1 томдық етіп парсы тіліне, Рамиз Ескер 2006 жылы әзірбайжан тіліне аударып бастырды. 
Көріп отырғанымыздай түрік, қазақ, ұйғыр, өзбек, әзірбайжан, қытай, ағылшын және парсы тілдеріне аударылып жарияланған «Диуан Лұғат-ит-түріктің» аудармалары мыңдаған кандидаттық және докторлық диссертациялар мен іргелі зерттеу еңбектеріне әлі күнге арқау етіліп келеді..

    1. «ДИУАНИ ЛУҒАТ-ИТ-ТҮРІК» СӨЗДІК ҚОРЫ ҚАНША?

«Диуанның» абыройын асырып, Қашқаридің мерейін үстем еткен  нәрсе ол - әрине, осыдан мың жыл  бұрынғы түркі тайпалары тілінің  сөздік қорын жинақтап, мысалдарымен қоса беруі. Осы күнге дейін Қашқари  сөздігіне жасалған статистикалық  талдаулардың нәтижесінде бірізділік байқалмайды. К. Броккельманның «Mıttelturkischer Wortshats nach Mahmut al-Kashgaris Dıvan Lugat at-Turk» атты еңбегінде 7993 сөз орын алса, Бесим Аталайдың Индекс сөздігіндегі сөздердің саны 8783. Абдуррахменов пен Муталлибовтың индексінде 9222 сөз берілсе, Вефа Налбанттың түзген сөздігінде 8624 сөз реестерге алынған. Статистикадағы бұл әртүрліліктің себебі кей зерттеушілердің «Диуандағы» реестер сөздермен қоса мысалдар да берілген кей сөздерді де жеке сөз ретінде алғандығымен түсіндіруге болады.  
Диуанда жалпы түркілік сөздермен қатар оғыз, қыпшақ, қырғыз, йағма, ұйғыр секілді тайпалардың өздеріне ғана тән сөздер және белгілі бір аймақта ғана қолданылатын диалект сөздер де қамтылған. Сондай-ақ антропонимдерге, этнонимдер мен топонимдерге де арнайы тоқталып, олар жайында жан-жақты мәліметтер келтіруі «Диуанға» жай бір сөздік қана емес, энциклопедиялық та рең береді. Яғни «Диуанды» «түркі халықтарының энциклопедиялық анықтамалығы» деуге де болады. Осылайша «Диуан Лұғаттың» сөздік қоры түркілердің тек тілін ғана емес, рухани және материалдық мәдениетінің тарихи қырларын да ашып береді. Сөздерге көз жіберіп зерделеген әрбір кісі түркілердің отбасы ұғымы мен туысқандық қарым-қатынастары, ескі және жаңа наным-сенімдері, қоғамдық және мемлекеттік құрылымдары, экономикалық тұрмыс-тіршіліктері мен салт-дәстүрлері, ұлттық қолөнері, тағам түрлері, қару-жарақтары секілді сан-алуан ерекшеліктері жайында теңдессіз мағлұматтарға қанығары сөзсіз.

    1. ҚАШҚАРИДІҢ ҒАЖАЙЫП КАРТАСЫН КӨРДІҢІЗ БЕ?

«Диуани луғат-ат-түрік» негізгі ерекшеліктерінің бірі ретінде еңбектің 23-24 беттерінде орын алған әлемнің картасын атап өтуге болады. Бұл бір түркі азаматының қолымен сызылған әлемнің тұңғыш картасы. Әлбетте осыдан 1000 жыл бұрынғы шарттардағы жағрапия ғылымының мүмкіндігі тұрғысынан баға берер болсақ, өте жоғары деңгейде әзірленген.  
Картаның бір түріктің қолынан шыққандығының айғағы ретінде мына нәрселерді айтуға болады: Ең әуелі түрік қағандарының мекені болған Баласағұн шаһарын жердің кіндігі етіп алып, қалған шарлар мен елді мекендерді осы қаланың ыңғайына қарай орналастырылған және бағыттар Орхон жазбаларындағыдай ежелгі түркі дәстүрі бойынша анықталған. Түркілер мекендеген аймақтардағы шаһарлар мен елді мекендер, таулар мен өзендер, көлдер мен теңіздер бүге-шүгесіне дейін анық көрсетіледі. Сондай-ақ түркілер мекендеген аймақтарды белгілеуде өте аз қатеге жол берілуі картаның бір түркінің қолынан шыққандығының дәлелі деуге болады.  
Сонау Рұмнан Машынға дейінгі түркі тайпалары мекен еткен жерлерді қағаз бетіне бедерлеп шыққан ғалым, олардың әрқайсысына сипаттама береді. Олардың жер көлемі, қай аралықтарды мекендейтіні, тілі, географиялық ерекшеліктер жайында сөз етеді. Осылардың барлығы анық көріну үшін жердің пішіні тәріздес етіп дөңгелек шеңбер ішіне орналастырғанын айтады. Міне, бұл Коперниктен 5 ғасыр бұрын-ақ жердің шар тәріздес дөңгелек екендігі түркілер үшін жаңалық болмағанын, мұны жақсы білгендігін көрсетеді. 
 Қашқаридің бұл картасы Жапонияны әлемдік карта бетіне түсірген әлемдегі тұңғыш карта болуымен де ерекшеленеді. Ғалым Жапонияны «Жабарка» деген атаумен шығыстағы бір арал ретінде көрсеткен. Жапония әлемдік карта бетіне Қашқари картасынан аттай 400 жыл өткен соң ғана барып түскен-ді.

Сөз соңында айтарымыз, түркі  тілінің тарихи дәуірлерінің қай-қайсысын болмасын зерттеу нысанына алып, белгілі  бір дәуірдің тілі жайында пікір  айтқысы келген кез келген зерттеушінің Қашқариға соқпай айналып өтуі мүмкін емес. Әрбір пікірін «Диуани луғат-ат-түрік» арқылы дәйектеп қуаттауға тырысады. Сондықтан да тіл тарихына қатысты жасалған әрбір зерттеуде міндетті түрде Қашқаридың есімін кездестіреміз. Себебі Қашқари түркітану ғылымының негізін қалаушы, түркі әлемінің ең алғашқы филологы. Араб тілінің мысы басып, дәурені жүріп тұрған шақта түркі тілі, мәдениеті, тыныс-тіршілігі, рухани құндылықтары жөнінде сол араб тілінде еңбек жазып қана қоймай, араб мәдениетінің ошағы Бағдат қаласына барып, халифқа тарту етуі Қашқаридің түркілікті насихаттаушы ұлы миссионер екендігін көрсетеді. Ол түрік тілін тек арабтарға ғана емес, бүкіл өзге ұлт өкілдеріне үйретуді, танытуды, тіпті сүйгізуді көксейді. Түрік тілінің араб тілінен бірде-бір кем түспейтінін, түркілердің де жер бетіндегі халықтардың ең бір тектісі, тәңір сүйер жақсы қасиеттерге толы ұлы халық екендігін дәлелдеуге тырысады. Қашқари - бүкіл түркі тілдес халықтардың ортақ атасы, ал «Диуан» - түркі тілі мен әдебиеті, мәдениеті мен руханиятының сарқылмас қайнаркөзі. Қашқари «Диуанымен» 1000 жасады және түркілік ұғымы жер бетінен жойылып кетпейінше, бұл екеуі, Алла жазса, мыңдаған жылдар әлі де жасай бермек!

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ҚОРЫТЫНДЫ.

ТҮРКІ ҒАЛЫМЫ

Махмұд Қашқари түркінің тұңғыш тіл маманы, түркі тілінің  оқулығын жасаған, грамматикасын түзеп, жалпы түркі әлемінің тіл өнерінің өрісін кеңейтіп, өркенін өсірген  ғұлама. Түркология тарихында ол тұңғыш тарихи салыстырмалы әдісті қолданып, түркі тілдері тарихи диалектологиясының негізін салды. Оның осы тілдерді салыстырмалы түрде зерттеу тәсілі бүкіл Шығыс тілшілеріне ортақ  зерттеу тәсілі ретінде өзінше бір  мектеп болып қалыптасты.

Түркі жұртының бай тарихы, географиялық жағдайы, әдебиеті мен  өнері, этнологияық ерекшеліктері  «Диуани лұғат ат түркте» нақты  тарихи деректілік сипатпен танылған. Ол көптеген ұлыстардың, тайпалардың  тіл ерекшеліктерін саралап, түркі  тілінің бітімін ежіктей түсіндіреді, тұрмыс салтын, әдет ғұрпын баяндайды, сол кездегі бір қатар қаламгерлердің, ғұламалардың, тарихи адамдардың аттары мен өмірбаяндық деректерін, түркі  халықтарының байырғы жырларын, мақал  мәтелдерін береді. Сонымен қатар  ол көне дәуірдегі түркінің әлемдік  қартасын жасап, онда Барсхан, Баласағұн, Тараз, Екіөгіз, Қашқардан бастап, түркі дүниесінің ежелгі шаһарларын, елді мекендерін түгел дерлік көрсетеді. Бұл ретте оны түркі жұртының тұңғыш энциклопедиялық анықтамалығы десе де болады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиет

  1. “ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010.ISBN 9965-26-096-6 
  2. Махмұт Қашқари, «Түрік тілінің сөздігі»: (Диуани лұғат-ит-түрік): 3 томдық шығармалар жинағы / Қазақ тіліне аударған, алғы сөзі мен ғылыми түсініктерін жазған А. ЕГЕУБАЙ. — Алматы: ХАНТ баспасы, 1997, 1-том, 30 б. ISBN 5-620-00890-8 
  3. “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
  4. Келімбетов Н.,- Ежелгі дәуір әдебиеті, А, Ана тілі, 1992, 182 бет
  5. Сүйіншәлиев.,- ҮІІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ әдебиеті, А, 1985
  6. Қыраубаева А.,- Ежелгі дәуір әдебиеті, А. Ана тілі, 1992
  7. Древнетюркский словарь.,- М, 1969
  8. Кононов А.Н.,-  Махмуд Кашгарский и его «Дивану лугат ат турк», М, Советская тюркология, №1, 1972

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1-қосымша.

Мақал-мәтелдер.

Ат қасқасы ай болмас.  

Төрт түлік мал туралы  

 

Су татырмасқа - сүт бер.

Тәлім-тәрбие,өсиет,тағлым туралы  

 

Ер жігітті қорлама.

Тәлім-тәрбие,өсиет,тағлым туралы  

 

Үлкенмен керіспес болар.

Тәлім-тәрбие,өсиет,тағлым туралы  

 

Бар - бақыр, жоқ - алтын. 

Байлық-кедейлік туралы 

 

Қолыңа күміс қонса - алтын  өзі келер.

Байлық-кедейлік туралы 

 

Көсеу ұзын болса - қол күймес.

Сақтық туралы 

 

Ит - қаппас деме, ат - теппес деме.

Сақтық туралы 

 

Аңшы - қанша айла білсе, аю - сонша соқпақ біледі.

Аң-құс туралы 

 

Арқадағы жауыр ұлға қалар.

Мұрагерлік туралы 

 

Аш - не жемес, тоқ - не демес.

Жоқтық туралы 

 

Әдептің басы - тіл.

Тіл туралы 

 

Ұятсызбен ұстаспа.

Ар-намыс, ұят туралы 

 

Бақыттың белгісі - білім.

Ғылым-білім, өнер туралы 

 

Жер бастырығы - тау, ел бастырығы - бек.

Махмұт қашқари