Мохандас Карамчанд Ганди (02.10.1869-30.01.1948 ж.ж.)
Қысқаша өмірбаяны
Мохандас Карамчанд ГАНДИ (02.10.1869-30.01.1948 ж.ж.) - Үндістан ұлт-азаттық қозғалысының қайраткері.
М. Ганди Оңтүстік Африкада жүргенде бейбіт жолмен қарсыласудың теориясы мен тактикасын белгілеп, оны сатьяграха (Шындық үшін тайсалма) деп атады. 1899 - 1902 және 1906 жылғы ағылшын-зулус соғыстары кезінде М. Ганди сол жақта тұрып жатқан үнділерден ағылшындарға көмек көрсететін санитарлық жасақтар құрады. Бурлар мен зулустардың күресін әділ күрес деп есептегенімен, ол үнділердің ағылшындарға жәрдемі Үндістанға өзін өзі басқару құқығын беруге септігін тигізеді деп үміттенді. М.Ганди осы тәсілдің арқасында өз халқын ағылшындық отаршылдық езгіден аман сақтап қаламын деп те ойлады. Ол заманда үнді халқын аман сақтап қалудың бірден бір жолы осы тәсіл екені де даусыз еді.
1915 жылы қаңтарда
Үндістанға қайтып оралғаннан
кейін М.Ганди Үндістан ұлт-
Алайда М. Ганди күресті қару күшімен емес, бейбіт жолмен жүргізуге тырысты, ұлы мақсат жолында қандай да бір күш қолдануға жан-тәнімен қарсы болды. Кейбір солшыл топтар оның бұл көзқарасын қолдамағанымен, тұтастай Үндістан халқы Махатма жағында еді. 1919-1948 жылдары Махатма Ганди Үндістан ұлт-азаттық Конгресі партясының идеялық жетекшісі және беделді саяси басшысы, ұл көсемі бола білді.
М.Ганидей ұлы тұлғаның арқасында Ұлттық халық Конгресі партиясы Үндістан халқының зор қолдауына ие болды. Үндістанның кемеңгер ақыны Рабиндранат Тагор қойған Махатма (Ұлы адам) деген құрметті атақ - М. Ганидің елі сүйген есімі.
Ағылшын отаршыларына қарсы күресте М. Ганди талай рет айдалып (1922-1924, 1930-1931, 1942-1944 ж.ж.), неше қайтара сотталып, абақтыларға отырғызылды. Отаршылардың бұл әрекеті күрескер азаматты жасыта алмады, қайта шыңдай түсті. Ағылшындарға "Үндістаннан тайып тұрыңдар!" деп алғаш ұран тастаған да М.Ганди болатын. Бір қызығы ұлы тұлға 1946 жылғы үнді моряктарының көтерілісін айыптады. Себебі, М. Ганидің ойынша Үнді халқы тәуелсіздікке тек бейбіт жолмен ғана жете алатынынына имандай сенуінде еді және өзі осы жолды мықтап ұстанды. Шын мәніндегі ұлт көсемі дәрежесіне көтерілген ол ұлы мұрат жолында титтей де солқылдақтық танытпады, таңдап алған жолына адал болды.
Ағылшындардың құйтырқы саясатының нәтижесінде 1947 жылы Үндістан -Пәкстан болып екі мемлекетке бөлінген тұста да ол үнділер мен мұсылмандарды бірлікке шақырды. 1948 жылы 30 қаңтарда Махатма Ганди Үнді реякцияшыл ұйымдарының мүшесі Натхурам Годзе дегеннің қолынан салтанатты митингі кезінде қастандықпен өлтіріледі.
Міне ХХ ғасырдың атақты перзенті Махатма Гандидің энциклопедиялық қысқаша ғұмырнамасы осындай.
Махатма Ганди ұстанған бағыт және оның өмірлік мызғымас көзқарасы
Ол қапияда қас дұшпанның қолынан көз жұмғанымен М.Гандидің соңында - ГАНДИЗМ атты діни-философиялық саяси ілім қалды. Және М.Гандидің өзі осы ілімнің негізін қалады. Ол ілімнің философиялық түпкі негізі - Құдайдың яғыни бір Жаратушының қақтығын мойындау, оны ақиқатпен қатар қою. "Мен үшін Ақиқат - ең басты принцип. Ол Ақиқат - Құдай" дейді М. Ганди өзінің "Менің өмірім" атты кітабында ("Жалын" баспасы, аударған Мейрам Асылғазин, 1989 жыл).
М. Гандидің ойынша Ақиқат гносеологиядан гөрі діни адамгершілік категориясына жатады. Оған қол жеткізу - тек адамның өз бетімен жетілуі, ізденуі және Ақиқатты өзінің күнделікті қам-қаракетінде жүзеге асыра білуі арқылы мүмкін болмақ. Ақиқатты жақын білу - Құдайды танып-білу дей келіп, ол: "Құдайдың алуан түрлі анықтамасы бар, себебі оның көрінуінің өзі алуан түрлі... Мен тек Ақиқат түріндегі Құдайға бас иемін" дейді (бұл да сол кітапта).
Ганди Ақиқатты -абсолютті және относителді деп екіге бөледі. Біріншісі мәңгілік принцип Құдай болса, екіншісі адам санасында болады. Ізденудің мақсаты - абсолюттік Ақиқатты, Құдайдың мәнін білу. Ол мстикалық ішкі ой арқылы аян береді деп біледі М. Ганди.
М. Гандидің этикалық қағидасы джайнизмнен (біздің жыл санауымызға дейінгі соңғы мың жылдықтың орта шенінде Үндістанда пайда болған, брахмандардың әдет-ғұрпына қас діни ілім. Өзінің жолын қуғандарға аса қатаң адамгершілік-тақуалық талаптар қояды, кез келген күш көрсетуге, оның ішінде тірі жан атаулыны жоюға тыйым салады) алынған: "тірі жанды зәбірлеуге болмайды" дейтін ахимса идеясына негізделген.
Ганди ұсынған ұлт бостандығы үшін күрестің негізгі тактикасы "Сатьяграха" - негізінен зәбірлемеу принципіне құрылған. Ахимса мен Сатьяграха өзара үндес, сабақтас ілім.
Үндістанның ағылшын үстемдігінен құтылатын, азаттық алатын бірден-бір жолы: "свардж (өзін-өзі басқару) тек ешкімді де зәбірлемейтін шаралар арқылы ғана іске асырылуы керек" деп үйретеді. Гандидің өзі оны адам өміріндегі күнделікті мәселелерді шешудің еңбір оңтайлы, ұтымды әдісі санайды.
Сатьяграханы іске асырудың басты шарттарының бірі - Үндістан құрамындағы барлық халықтардың, барлық діндегілердің, көзқарастағылардың өзара түсіністік және өзара кешірімшілдік бірлігінде деп білді М.Ганди. Ол - Қамқорлық теориясын жақтады. Махатма Ганди үнділер мен мұсылмандардың бірлігі үшін табанды күрес жүргізіп, ұлт бостандығы күресіне үнділермен қатар мұсылмандардың да қатысуын қамтамасыз етті. Ол "дүниені қозғаушы күш және оны қозғалысқа келтіретін Құдайдың өзі белгілеген Заң" деп білді.
М.Гандидің этикалық көзқарасы: "кедейлікке, жоқшылыққа мейірімділікпен қарау, жапа шегу, тақуалық принциптері мен қоғамдағы дамуы - адамның өсімпаз мұқтажын қамтамасыз ету арқылы емес, оны саналы түрде тежеу арқылы іске асырылуы керек" деген көзқарасты мықтап ұстанды. Осы айтылған қағидалардың барлығын өзінің күнделікті қам-қаракетінде, ісінде қолдана білген, бұл жолдағы қандай қиындыққа да төзе білген, өз тәжірибесін ізін қуғандарға да кеңінен қолданған Махатма Ганди адамгершіліктің шырқау шыңына көтеріле білген бірден бір әлемдік, ғарыштық ірі тұлға.
М.Гандидің негізгі принциптері: Ахимса, Брахмачария, Сатьяграха деген не?
Махатма Гандидің өмір жолы туралы сөз еткенде: Ахимса, Брахмачария, Сатьяграха және тағы басқа осыларға үндес, сабақтас қасиетті атауларды ауызға алмай және олардың мән-мағынасына зерделей түсінбей, ұлы тұлға туралы бірдеңе деп айтудың өзі әбестік болар еді. Біз тілге тиек етіп отырған бұл үш атау Махатма Гандидің онсыз да сом тұлғасын биіктете түсетін биік тұғырлар екені даусыз. Алда әңгімемізге арқау болатын оқиғалар шоғырының қазақ оқырмандарына түсінікті болуы үшін ең алдымен осы сөздердің біздің тілімізде қандай мағыналарға ие болатыны туралы түсіндірме сөздік түрінде қысқаша болса да түсінік бере кеткенді жөн көрдік.
1. Ахимса - "күш
көрсетпеу, ешкімге ешқашан да
жаманшылық жасамау, біреуді жазықсыздан
жазықсыз азапқа түсірмеу" деген
сияқты терең философиялық
2. Брахмачария - "сөзбе-сөз аудармасы: Тәңіріге жақын келу". Бұл да - ілім. Оның жолын қуғандар адам баласына тән небір тәтті, жүрегің мен тәніңді еліктіргіш құмарлық сезім ләззатынан бас тартып, пәктік сақтап жүру. Бұл батылдық құлқынның құлы болған кез-келген пенденің қолынан келе бермейді. Бұны жүзеге асыру үшін Махатма Гандидей нағыз Құдайдың сүйген құлы болу шарт.
3. Сатьяграха - "Ақиқатқа арқа сүйеу". Өзі қолданған саяси күрес әдісін атау үшін М.Гандидің өзі енгізген төл термині. Осы қозғалысқа қатысқан адамдарды - "сатьяграхтар" дейтін. Сондай-ақ, осы атаудың негізінде дүниеге келген "Сатьяграха ашрам" да М. Ганди мен оның жолын қуушылардың Ахмадабаттың маңындағы Кочраб деген жерге шаңырақ көтерген қауымының атына айналған. Қауым мүшелерінің ішіндегілердің біршамасы кезінде Оңтүстік Африкадағы қызметінде М. Гандидің ажырамас ниеттес, мақсаттас және қандай қиындық болса да ажырамас серіктеріне дейін көтеріле білген адамдар еді. Сатьяграха қозғалысының нәтижесінде ғана Үндістан мемлекеті ағылшын отарлаушыларынан ешқандай қантөгіссіз жолмен азат етілгені белгілі. Бұл жолда осы қозғалыстың көсемі М.Гандидің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз...
АХИМСА
"Адамның өзін-өзі тазартпайынша жан атаулымен бірігуі мүмкін емес. Онсыз Ахимса Заңын сақтау бос арман болып қалады. Жаны таза болмаған жан Құдайды ешқашан түсінбейді. Сондықтан адамның өзін-өзі тазартуын барлық қызмет саласындағы тазару деп ұққан жөн. Және тазару өте жұғымпаз болып келеді: бұл маңайындағылардың да тазаруына сөзсіз апарады.
Бірақ адамның өзін-өзі тазарту жолы азапты да ауыр жол. Кіршіксіз тазалыққа жету үшін оның ойында, сөзі мен ісінде әділдік болып, махаббат пен ғадауат, жақындық пен жаттық секілді кереғар құмарлықтардан жоғары тұруы керек. Қажымай, талмай, қайтпай үнемі талпынып жүргеніме қарамастан мен осы бір үш жақты тазалыққа - ойдағы, сөз бен істегі тазалыққа әлі де болса жете алмағанымды білемін. Міне сондықтанда адамдардың мақтағаны мені қуанта қоймайды. Керісінше, ол көбіне арыма тиеді. Пендешілік құлқынды жеңу қалың қолмен дүниені жаулап алудан анағұрлым қиын іс болып көрінеді маған. Үндістанға қайтып оралғаннан бері көңілімнің қойнауында бұғып жатқан құмарлықтарымды танып білгендеймін. Мұны мойындауым жеңілісімді сездірмегенімен, өзімді өзім қорсынуыма мәжбүр етеді. Тәжірибелерім мен ізденістерім мені шабыттандырып, зор қуанышқа кенелтеді. Бірақ өзімді өзім қорсыну жолында әлі де болса алдымда көп қиындық тұрғанын білемін. Адам өз еркімен жақындарының ішінде өзін ең соңғы орынға қоймайынша оған райыс жоқ. Ахимса - ізеттіліктің ең соңғы шегі."
Бұл үзінді Махатма Гандидің өз қолымен жазған "Менің өмірім"("Жалын" баспасы, 1989 ж., аударған Мейрам Асылғазин) атты кітабынан алынып отыр.
Қайтадан бір зер салып, осы сөздерді оқып көріңізші, қадірлі оқырман, Құран сөрелеріндей ұлағатты ойлар емес пе расында! Ұлы Махатма Ганди қаламынан шыққан осынау қарапайым да қасиетті бұл ойлардан буддизм мен ислам дінінің арасындағы ұқсастықтарды көріп таң қалмасқа тағы да шараң жоқ!
Сіз бен бізге ұқсайтын Құдайдың бір пендесінің аузынан шыққан бұл сөздер жай ғана айтыла салмаған. Жетпіс сегіз жылдық ғұмырының ішінде Махатма Гандидің өзі тұла бойымен сезініп, бар болмысымен шындап жүзеге асырған адам баласы таң қаларлық ғажайып ерліктің бір ұшқыны ғана бұл.
Жер басып жүрген бұл пенденің екісінің бірінің қолынан келе бермейтін ұлы ерлікке барған Махатма Гандиге таң қалмасқа шараң жоқ. Сөзі мен ісінің арасында алшақтық болып көрмеген Махатма Гандидің өмір жолы бұрын-соңды адамзат баласы басынан кешіп көрмеген теңдесі жоқ үлгі-өнеге!
"Ақиқат іздеген жан тозаңнан да төмен тұруға тиісті. Тозаңды бәрі таптайды, ал Ақиқат іздеген жан тозаң тұтып, шаң басқандай, көмпіс болуы керек. Тек сонда ғана болмаса, оған дейін ол Ақиқаттың ұшығын да көре алмайды. Бұл Васишта мен Вишмамитраның сөйлескен сөздерінен айдан анық көрінеді. Христиан мен ислам діндері де мұны толық қуаттайды. Егер оқырманға менің сөздерім асылық айтқандай болып көрінсе, онда эксперименттерімнен бір қате кеткені және менің көргенім Ақиқаттың нышаны емес, сағым ғана болғаны. Мендейлердің жүзі құрбан болса да мейлі, тек Ақиқат үстем бола берсін. Мен сияқты адасқан пенделердің ісіне баға бергенде, Ақиқаттан қылдай да таюға болмайды" деген Махатма Гандидің әр сөзінен ең алдымен қарапайымдылық көрініп тұрса, сол қарапайымдылық арқылы ұлылықтың ұлы тұлғасы мен мұндалап алыстан көзге шалынады.
Барша адамзат баласы ес біліп, етек жапқалы бері іздеп келе жатқан асыл заты - осы емеспе! "Қолда барда алтынның қадірі жоқ" деп қазақ мақалында айтылғандай, сол бір барша адамзаттың асыл перзенті Махатма Гандиді көзінің тірісінде барша әлем мойындамады. Тіпті өзінің діндес, қандас бауырының қолынан қастандықпен өлтірілген де осы Махатма Ганди болғаны қандай өкінішті еді десеңізші!
Мынау қамшының сабындай қысқа ғұмырда тіршіліктің мәні мен мағынасына шындап көз жібермей, аз күнгі қызық дәуренді малданып жүрген біз - пенделердің осы бір бейшаралықтарымыздың өзіне Махатма Ганди асқан түсіністікпен, кешірімдікпен, төзімділікпен қарады. Ұлылықтың өзінде де сірә шек жоқ-ау.
Махатма Гандиді оқып отырғанда алдымен байқалатыны - Адам баласының қандай дінде де, қандай елде де, қандай ұлтта да бір-біріне өте ұқсас қарапайым ғана пенде екендігінде. Олардың қайғысы мен қуанышы, жеңісі мен жеңілісі, өкініші мен жетістігі, кемшілігі мен кемелдігі, жақсылығы мен жамандығы, адамгершілігі мен жауыздығы, адалдығы мен арамдығы, қулығы мен ақкөңілділігі, бары мен жоғы - бір-бірімен өте ұқсас. Бүгін жер бетінде қанша адам болса, соншалықты түр-түс, мінез-құлық бар. Былай қарағанда барлығы да - Ақиқаттың ақ жолын іздеп жүргендер сияқты көрінеді немесе сондай болып көрінуге тырысады. Ал шындап тереңдеп үңілсең - мәселенің барлығы ондай емес. Неге?..
Адамдардың бірін-бірі көре алмауы, бір-біріне ор қазуы, табан астында бірін-бірі алдап кетуге немесе бір-біріне қастық жасауға даяр тұратыны неліктен?
Небір алтынмен аптап, күміспен күптеп сарайлар салдырған, әлемнің түгелін болмаса да жартысынан астамын жаулап алған, сан миллион жазықсыз жандарды қырып жойған әміршілер де бұл Жалғаннан өтті. Солардың бірде бірі көзі тірісінде жиған тау-тау алтынын, атақ-даңқын ана жаққа өзімен бірге алып кете алған жоқ. Сонда олар не үшін жанталасты, не үшін әлемдік өркениетті жермен жексен етті, не үшін асып-толды?
Осы ХХІ ғасырға дейін жер бетінде небір сойқан қырғындар болыпты, қисапсыз адам қандары судай ағыпты. Жеңіпті, жеңіліпті. Сонда осы екі жақтың қайсысы түптің-түбі аңсаған арманына жетіпті?
Ол қандай әмірші болсын мейлі, қанішердің аты - қанішер, жауыздың аты - жауыз. Адам қанын судай шашқан, далаларды шаңға бөктіріп, қалаларды өртеп-қиратқан, Александрия мен Отырар сияқты қалалардың кітапханаларын өртеп күлге айналдырып, тіпті кейбірін мүлдем жойып жіберген Цезарьдан, Македонскийден, Шыңғыс ханнан, Напалеоннан, Гитлерден, Сталиннен соңдарында не қалды?
Алғыс па, қарғыс па?
Цезарын, Македонскийін, Напалеонын... мақтаныш еткен қазіргі заманғы батыстық центристік тарихшыларды, басқа да қанішерлерді ұлы бабасына балаған әдебиетшілерді не деп түсінуге болады?
Сан мыңдаған жылдар бойы адамзаттың небір кемеңгер ақыл-ойлары іздеген - Шындық пен Ақиқат осы ма?
"Мен", "Мен" деп кеуде соққан пенденің не ойлағаны бар, сонда? Пенделіктен асып, қайда барамын дейді екен? Менмендіктің түбі - құрдым немесе бейшаралық екенін ұғып түсінуге шама-шарқы мен өресі жетпеген жанды кім бағалайды? Тарих па, тобыр ма?..
Сұрақ көп, жауап жоқ!
Міне біз өмір сүрген Өмірдің қатал заңы осындай. Түптің-түбі адамзат баласы ақылына келіп, барлығы бірдей бір кісінің баласындай асқан төзімділікпен, қамқорлықпен, қайырымдылықпен, кешірімділікпен тату-тәтті өмір сүретін күн туар ма? Ақиқаттың ақ туы салтанат құрып, жер бетінде желбірейтін шақ тым алыста жатыр ма?..
Махатма Гандиді оқып отырғанда басыңа келетін алғашқы ойлар осындай... Ешкімді ешқашанда іренжіткісі, біреуге зәбір көрсеткісі келмеген, бар ауыртпалықты бір өзі ғана мойнымен көтерген, басқалар үшін не азапты да басынан кешкен, сонысымен замандастарына үлгі болған, адам баласының кез келгенінің қолынан келе бермейтін шыдамдық пен төзімділікке барған, Ақиқаттың ақ жолын таңдап алған, өмірінде бір рет те өтірік айтпаған, жан баласын іренжітпеген, тіршілік атаулыға аялай қараған, қолынан Жақсылықтан басқа келмеген, жеке басының бақытын, қуанышын, ләззатын тәрк еткен, ешкімді ешқандай ұлтқа, ұлысқа, мемлекетке, хандыққа, патшалыққа, сұлтандыққа, сектаға, дінге, сословияға бөлмеген, осы жолда қандай азап болса да қаймықпаған, Ақиқаттың ақ жолы үшін өлімнен де қорықпаған жер бетінде бір ғана адам болса, соның бірегейі азат Үндістанның ұлы перзенті - Махатма Ганди.
БРАХМАЧАРИЯ
Мохандас Карамчанд Ганди (Махатма - туған халқы құдайдай көріп, құрметтеп қойған ұлы есімі) - үнді халқының оның көзі тірі кезінде-ақ аты аңызға айналған көсемі екендігі турасында жоғарыдағы тарауларда азды-көпті әңгімелеп беруге талпындық. Енді ұлы адамның бейнесі жан-жақтылы толық ашылуы үшін оның басынан кешкен кейбір оқиғаларды ғана баяндап бермекпіз. Үндістанның ұлы перзентінің басынан кешкен барлық оқиғаларды баяндап шығу мүмкін емес. Тек қалың оқырманды еріксіз ойға қалдыратын, Ақиқатқа жетелейтін оның өмірінің кейбір тұстарын ғана тілге тиек етпекпіз.
Жалпы Гандилер әулеті үндінің Бания кастасына жатады. Олардың соңғы үш ұрпағы Катхиавар княздіктерінің бірсыпырасында бас министр қызметтерін атқарған. Өздері көп ағайынды, өсіп-өнген ұрпақ. Соңғы ағайынды екеуі бірінен-кейін бірі Порбандардың бас министрі қызметін атқарады. Мохандас Гандидің өз әкесінің аты - Каба Ганди. Ол төрт рет үйленген. Бұрынғы үш әйелі жастай қайтыс болады. Екі әйелінен екі қыз қалған. Төртінші әйелі - Путлибай бір қыз, үш ұл көтереді. Мохандас - солардың кенжесі.
Әкесі Каба ешқандай байлыққа ұмтылмаған, өз әулетіне берілген, шыншыл, ержүрек және мәрт адам болған (бұл екі қасиеті Мохандасқа дарыған сияқты. Авт. Ж.К.), бірақ қызба еді. Сезім ләззатын мейілінше татпайынша жүре алмайтын. Ешқандай білімі жоқ, бірақ тәжірибесі мол адам еді.
Шешесі Путлибай - құдайға құлшылық етіп алмай, тамақ туралы ойламайтын аса діндар адам болатын.
"Шешем парасатты
жан еді. Мемлекет ісінен жап-жақсы
хабардар болатын, сарайдағы әйелдер
де оның ақылдылығын құрметпен
ауыздарына алатын. Бала кездегі
еркіндіктің арқасында
Сонымен Порбандарда немесе Судампуриде 1869 жылы 2 қазанда Мохандас деген бала дүниеге келеді.
Мохандас барлық балар сияқты жеті жасында мектепке барады. Оның өзі айтқандай "бастауыш мектепте өте нашар оқиды" (сонда). Жасы он екіге қарағанда орта мектепке ауысады. Мохандастың өзі айтқандай "мұғалімдерге немесе мектептегі жолдастарыма бір рет те болса өтірік айтқаным есімде жоқ. Тым именшек едім және балалардан қашқақтап жүретінмін".
Бірде халық ағарту инспекторы Джайлс деген шенеунік балалардың білімін тексеруге келгенде Мохандас класс жетекшісі қанша көмектескісі келсе де, алған бетінен қайтпай "қазан" деген сөзді толып жатқан емілелік қатемен жазып, жазықты болғаны бар. "Мұғалім айтып жібергісі келіп, мені аяғымен түртті. Білмеген сөзді қасындағы баладан көшіріп алсын дегендегісі."деп осы оқиғаны М.Ганди естелігінде ауызына алады (сонда). Өйткені ол өзінің ұстазы үйреткендей, қанша мүмкіндік туып тұрса да ешкімнен көшіріп алғысы келмеген. Ол ешқашан да біреуден білмеген сабағын көшіріп алу дегенді мектепті бітіргенше үйрене алмай-ақ кетеді.
Мохандас мектепте жүргенінде өзі құдайдай көретін ұстазының бойынан көптеген кемшіліктер көріп, таң қалғаны бар. "Үлкендердің кемшілігін мүлдем аңғармайтыным бар еді. Кейініректе мен мұғалімнің басқа да көптеген кемшіліктерін білдім, бірақ үлкендердің ісін сынамай, айтқандарын орындап үйренгендіктен, оған деген құрметімді жойған жоқпын" дейді тағы да ол сол естелігінде.
Әке-шешесі Мохандасты мектепте оқып жүргенде он үш жасында үйлендіреді. Оған дейін оны ата-анасы үш рет басқа біреудің қыздарына атастырғаны тағы бар. Алғашқы рет атастырғанда жасы жетіде екен.
"Бұл тарауды тіпті жазбай-ақ қойсам ба деп едім: мұны әңгімелеу үшін көптеген ащы естеліктерді жаңғыртуға тура келеді. Бірақ мен басқаша істей алмаймын, өйткені ақиқаттан тайғым келмейді. Он үш жасымда мені қалай үйлендіргенін айтуды ауыр міндетім деп есептеймін Қамқорлығымда жүрген осы жастағы балаларға қарап отырып, некелескенімді есіме алғанда, өзімді өзім аяймын әрі менің көргендерімді бұлардың бастарына бермегенін ойлап, қуанамын" деп жазады естелігінде М. Ганди "Балалық некесі" туралы.
Қалыңдығына қосылып, ұлан-асыр той жастатқан түні жеңгесінің алдын-ала үйреткеніне қарамастан қойнындағы қалыңдығына дұрыстап еркектік міндетін көрсете алмай, масқараға ұшырағаны таусылмайтын бір әңгіме. Кейін нәпсіқұмарлығы оянғанда, нағыз тойымсыз еркектің өзі болып, жас келіншегін ұйқтатпайтын жаман әдет тауып алады.
"Ол кітапшаларда ерлі-зайыптылардың махаббаты, ұқыптылық, балалық неке және басқа жайлар айтылатын... Бұл кітапшалардағы өмір бойы күйеудің мойнына әйелге деген адалдық жүктелетіні жүрегіме мәңгі ұялады. Оның үстіне мен шындықты сүйетінмін, сондықтан әйелге өтірік айта алмайтынмын. Және осынша жас кезімде оны алдауым тіпті мүмкін емес-ті. "Егер мен әйеліме адал болуға тиісті болсам, онда әйелім де маған адал болуы керек"-деп ойладым мен. Бұл ой мені қызғаншақ күйеу етіп шығарды... үнемі аңдып жүруге мәжбүр етті..." (М.Ганди "Менің өмірім", "Жалын" баспасы, 1989 ж., ауд. М.Асылғазин) деп жалтақтамай ашық жазады сол бір балалық пен жігіттіктің қызықты шақтарын есіне алғанда.
Келіншегі Кастурбай асқан инабатты әйел болады. Ал Мохандас болса мектепте сабақ оқудың орнына үйінде қалған жас келіншегін ойлап, үйге тез жеткенше асығатын. "Үлкендерден ұят болады, сабыр сақтасаңшы" деген оның өтінішіне қарамастан талай рет ұятқа қалғаны тағы бар. Оның үстіне Мохандас сондай қызғаншақ болады. Әйелінің әр басқан ізін аңдып, тіпті, төркініне де жібермей, оны қызғыштай қорып, әуреге түседі. Ол Кастурбайға шын мәнінде ынтыға ғашық болған еді.
Мохандастың қызғаншақтығының арқасында жас келіншек Кастурбай білім алуға мүмкіндігі болмай, сауатсыз болып қалады. Бұған алдымен кінәлі - қызғаншақ күйеу екенін Мохандастың өзі де мойындайды. Бұлар отау көтерген Мохандастың 13 пен 18 жасының арасы түгесіп бітпес тән ләззатына толы болады. Ол он сегіз жасында Англияға оқуға кетіп, жанып-күюі аздап болса да басылғандай еді.
ОҢТҮСТІК-АФРИКАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ
Оның сотта (Бомбейде) алғаш сөз сөйлеуі сәтсіздікпен аяқталады: ол өзін қорғайтын сөз айта алмайды. Ол уақытта Гандидің бойында 1930 жылдары халықтың үлкен тобын өзіне қаратқан ерекше дарындылық (харизма) жоқ болатын. 1893 жылы ол өз отандастарының мүддесін қорғау үшін Оңтүстік Африкаға аттанады. Және 1915 жылға дейін (арасындағы үзілістерімен) сонда тұрады. Гандидің өзінің айтуынша, бұл оңтүстік-африкалық жиырма екі жыл оның тағдырындағы шешуші кезең болып табылады. Ол үнді қауымы азап шегіп жатқан шыңғырған шындықты танып, қызу түрде үкіметке берілетін арнаулы өтініштерді дайындайды, биліктің ресми құжаттарын өртеп, оған қарсы шығады. 1908 жылы ол алғаш рет тұтқынға алынады. 1913 жылы әлеуметтік бассыздықтың жаңа әрекеттерімен бетпе-бет келген Ганди билікке өз талаптарын қою үшін Трансвааль маршын қабылдайды. Әйтсе де, қайта қамауға алынған ол нәтижесінде тым болмағанда ұлттық теңсіздіктің ең жексұрын формаларын айыптайтын пакттың жазылуына қол жеткізеді (пакт – келісім-шарт – үлкен саяси маңызға ие халықаралық келісім-шарттардың бірі). Бұл оның бірінші жеңісі еді. Оңтүстік Африкада Ганди Англияға қарсы шығуға рухани күш-жігер жинайды. Табысты адвокат санатындағы ол кез-келген молшылықтан бас тартып, Дурбанның маңында ашрам деп аталатын ферма-коммунаның негізін қалайды, сонда тақуалықты, вегетариандықты, кедейлік пен тазалықты насихаттайды. Оның философиясы өзінің болмысы жағынан тұтастай алғанда түрлі діни сенімдер мен ілімдерді біріктіре отырып, өмір салтымен де үйлесім табады. Христостың адамгершілік ерліктері тамсандырған Ганди Құранды да беріле оқиды. Сондай-ақ Лев Толстойдың, Генри Тороның («Азаматтық бағынбаушылық»), Джон Рёcкиннің шығармалары оның зор қызығушылығын тудырады. Алайда оған бәрінен де индуизм мен оның басты киелі мәтіні, зорлық-зомбылықты айыптайтын және тән құштарлығының құлдығынан құтылуға шақыратын «Бхагаватгита» («Ізгі Құдайдың әні») күшті әсер етеді.
«МАХАТМА» НЕМЕСЕ «ҰЛЫ ЖАН»
Ганди 1915 жылы Үндістанға оралған кезде, оны ұлттық батыр ретінде қарсы алады. Ол балалық шағы жайлы естеліктерін жаңа әсерлермен байыту үшін қала ішіне саяхат жасайды. Барлық жерде кедейліктің шегіне жеткенін көрген Ганди бұған ағылшындарды басты кінәлі санайды. Және ол өзі кейін «Сатьяграха» («Шындық күші») деп атаған әдіске жүгінуге шешім қабылдайды. Гандидің ойынша, адам әділетсіз және зұлым қарсыласқа тап келсе, ол оған адамгершілік күшімен және жақындарына деген махаббатымен қарсы тұруы керек. Махатма күш қолданбау қағидасымен қанаттана отырып, азаматтық бағынбаушылық пен пассив қарсылық науқанын бастайды. Мұндай маңызды акция ретінде ол 1919 жылы 6 сәуірде «хартал» ұйымдастырады (жалпы көтеріліс). Мұны ол Үндістандағы ағылшын үкіметінің төтенше өкілеттілігін кеңейтетін Роулетт заңдарына қарсылық белгісі ретінде өткізеді. Табыс көзге айқын көрініп тұр еді: оның ағылшындармен ынтымақтастықтан бас тартуға үндеуі Үндістан ұлттық конгресі партиясының (өзі оны 1920 жылдан басқарады) бағдарламасына негіз болып, елдімекендерді көптеп қамти бастайды. Ол ауыл экономикасын жандандыруға ұмтылып, үнділер өздерінің киімдерін шығарулары үшін британдық өндіріс киімдерін өртеуді ұсынады. Алайда 1922 жылы ағылшын тауарларына бойкот қозғалысы тоқтап қалады: Ганди тұтқындалып, алты жылға абақтыға қамау туралы үкім шығарылады. Екі жылдан кейін ағылшын билігі Гандиден азап шегуші жасаудан қорқып, оны түрмеден шығарады. Енді Махатма «сотқа жүгіне алмайтын» касталарға (зерттеушілер «сот жоқ каста» деп те атайды) ерекше көңіл аудара отырып, халықты ағартуға кіріседі. Өйткені 70 миллиондай үнділік тұрғын нас саналып, былғаныштарды тазалау сияқты ең лас жұмыстарға жегілген еді. Ганди өз ашрамына «сот жоқ касталарды» да қабылдап, осы тәріздес дәстүрлерге қарсы күресті. Түрмеде болған кезінде (1932) «Бапу» («Ұлы әке», сол кезде оны осылай атаған) қоғам назарын төменгі кастаның кедейлігіне аудару үшін аштық жариялайды. Оның үні көпшілікке жетті: «сот жоқ касталар» үшін ғибадатханалардың есігі ашылды және индустар да осы бір «Құдай балаларының» (Ганди атағандай) қолынан ас жеу үшін сонда ұмтылды.
Оңтүстік Африкада адвокаттық қызметте. 1906 жыл
СОҢҒЫ ШАЙҚАС
1931 жылы қыркүйек-қазан айларында Лондонда «дөңгелек үстел» ұйымдастырылады. Оған қатысу үшін Ганди де келеді. Ағылшын билігінен ештеңе өндіре алмаса да, халықаралық қоғамдық пікір айтушыларды өзінің ізгі ниетіне сендірді. Үндістанға оралған соң ол саясаттан, Үндістан ұлттық конгресінен кетіп, елдімекендердегі түрлі касталар мен ұлттық топтардың қажеттіліктерін жақсырақ білу үшін ел ішінде саяхаттайды. Ганди қоғамның жағдайы – Үндістанның тәуелсіздігі жолындағы күрделі мәселе екенін жақсы түсінді. Ол өзінің серіктестерімен де, әсіресе елді жаңарту мен әлеуметтік әділеттіліктің қамтамасыз етілуін көздеген Үндістан Ұлттық конгресінің сол қанатының өкілі Джавахарлал Нерумен де байланысын бекітті. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде (1942 жылы) Ганди ағылшын үкіметінің Үндістанға жапон әскерлерінен өз күшімен қорғанатындығын шарт ете отырып, доминион (Британия империясына қарайтын, бірақ басқару билігі өзіндегі елдердің аты) дәрежесін беру жайлы ұсынысын қабыл алмайды. Гандидің жауабы мынадай болды: «Үндістаннан кетіңдер!». Бұл жауап оның серіктестерінің ұранына айналады, осыдан кейін ол тағы да түрмеге түседі (1942-1944). Гандидің рухын түсірген және Үндістанның соңғы вице-королі лорд Маунтбаттеннің күш салуына қарамастан орын алған оқиға: тәуелсіздік алудың бірінші кезекте индуистер мен мұсылмандар арасындағы қарулы қақтығыстарсыз өтпей қалмағандығы болды. 1947 жылы 15 тамызда Үндістанның тәуелсіздігі туралы Заңға қол қойылды, алайда елді индуистік Үндістан және мұсылмандық Пәкістан деп екіге бөлуге тура келді. Соңғысы өз кезегінде екі бөлікке бөлінеді: батыс және шығыс (соңғысы кейін Бангладеш мемлекеті болды). Әртүрлі діни конфессиялар арасында бейбітшілік орнату үшін әдейі аштық жариялаған Махатма бұл бөлінуге қатты қапаланады. Жаппай қоныс аудару және онымен қатар орын алған күш көрсетушілік әрекеттер де оның жанын ауыртты: 7 млн. мұсылман үнді штаттары одағынан кетуге мәжбүр болса, 10 млн. индуист Пәкістаннан қашып құтылады. Махатманың шыдамдылық жайлы үндеуі тыңдаусыз қалды. Осы кезде сахнаға Пәкістанның болашақ көшбасшысы Мұхаммед Әли Джинна шығады. Ганди ешуақытта өзін мұндай жалғыз сезінбеген еді: мұсылмандар оны жек көреді және оның күресінің басты мақсаттарын түсінбейтін, жат көретін көпшілік индуистер оны сатқын санайды. 1948 жылы 30 қаңтарда Махатма индуист-экстремист Натхурам Годсенің қолынан қаза табады. Өз көсемдерін соңғы сапарға үнділер ғана шығарып салып қойған жоқ. Лорд Маунтбаттен «Махатма Гандидің есімі тарихта әрқашанда Будда және Иисус Христос есімдері сияқты ұлылықпен әспеттелетін болады» деп жариялады.
БӨЛІНУГЕ ӘКЕЛГЕН ТӘУЕЛСІЗДІК
Махатма Ганди бастаған «Тұзды шеру»
Үндістанның отарлық тәуелділіктен азат етілуі (1947 жылы жазда) Біріккен Корольдіктің әлемдік ірі держава ретінде соңғы күндерінің жақындағанын білдірді. Алайда үнділердің жалынды үміттері мен Махатма Гандидің табанды күресінің мұраты болған тәуелсіздік нәтижесі елдің бөлінуіне алып келді. Кейбіреулердің айтуынша, бұл жерде бірінші кезекте ағылшындардың «Бөліп ал да, билей бер!» деген ұраны әсер етсе, енді біреулер мұны тарихи себептермен түсіндіреді: мұсылман дегдарлары ХІІ-ХVII ғасырлардағы басым позициясын жоғалтумен ақыры келісе алмады. Тәуелсіздік сол себепті өштесуге себеп болды, оның басында Пәкістан мемлекетінің басты құрушысы Мұхаммед Әли Джинна (1876-1948) тұрды. Отарсызданудан кейінгі алғашқы айларда бұқаралық қақтығыстар мен қоныс аударулар орын алды. Бұл, жалпы алғанда, 14 миллиондай адамды қамтыды. Ганди елдің бөлінуін өзінің жеке сәтсіздігі санады.
ІV. ТҮЙІН
Үндістанның азаттығы жолында Махатма Ганди жалғыз күресті десек қателескен болар едік. М.Гандидей рухы биік ұлы тұлғаны жебеп, желеп жүрген Үндістан халқының небір тамаша перзенттері тарихқ атты өшпес кітапқа өз есімдерін алтын әріптермен қалдырды. Есімдерін атайтын болсақ олар мыналар:
Ең алдымен М.Гандидің күрескер серігі, Үндістанның тұңғыш Премьер-Министрі Джавахарлал Неру, халық Конгресінің белгілі көшбасшылары - Бепин Чандра Лал, Л.Л. Рай, Гопал Кришна Гөкхале, Балангадхар Тилак, Рабиндранат Тагор, Патель, Раджендра Прасад, Сарат Чандра Бос, С. Раджагопалачария, Асаф Али, Джагдживан Рам, Джон Маттхай, Мтилал Неру, Аббас тьябджи, М.Р. Джайякар, т.б. есімдерін зор құрметпен ауызға алуға болады ( бұл деректер "ЖЗЛ" сериясы бойынша А.Горев, В. Зимяниннің Неру, Москва, "Молодоя гвардия", 1980 г. жарық көрген кітабынан алынды).
Тәуелсіз Үндістанның бүгінгі халқының саны ол тұста 300 миллионның о жақ, бұ жағында еді және халқының 90 пайызы ауылды жерде тұратын ( бұл да сонда). Сол соңғы көрсеткіштегі халық тұтастай Махатма Гандидің соңынан ерген және оны әулие тұтқанының өзінен көп нәрсені аңғаруға болады. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның негізгі тұрғыны қазақтардың да дені бүгінге дейін ауылды жерде тұратыны қай-қайсысымызды ойлантқаны жөн сияқты.
"Үндістан мен
Пәкстан арасындағы алғашқы
- Егер Халық
Конгресі Үндістанның екіге

- Мохияти ичтимо иктисодии бучети давлатии давлатхои хоричи
- Мохообразные как особая линия эволюции высших растений
- Моцарт Вольфганг Амадей
- Мочевая кислота, метаболизм мочевой кислоты и нарушение обмена
- Мочегонные лекарственные средства
- Мочекаменная болезнь
- Мочекаменная болезнь
- Мотострелковые войска
- Мотострелковые войска сухопутных войск ВС РФ
- Мотострелковые войска сухопутных войск ВС РФ
- Мотоциклы
- МО учителей физической культуры
- Мохаммад Наджибулла
- Мохандас Карамчанд Ганди