Монғол шапқыншылы- ғынан кейінгі кезеңдегі мемлекеттерге



КІРІСПЕ

Кез келген қылмысты істеу үшін адам өзін соған итермелейтін қоғамға зиянды мүдделерді, қажеттіліктерді, зұлымдық пиғылдарды басшылыққа алады. Яғни, адам қылмыс істеу үшін ең алдымен өзінің психологиялық ой – ниетін қалыптастырады. Бұл адамның ішкі сезімін, ойын, ниетін білдіреді. Бірақ, осы сезім, ой – ниет адамның нақты мінез құлқы, қимылы, әрекеті арқылы сырттай көрініс бермеуі мүмкін. Кейбір жағдайларда белгілі себептерге байланысты адамның қасақана ойлаған іс-әрекеті ақырына дейін детпейтін кезеңдері болады. Мысалы, қылмыскер кісі өлтіру үшін қару сатып алады, бірақ осыған байланысты құқық қорғау органдарының қызметкерлері оны ұстайды. Сол сияқты қылмыскер қаруды алып, жәбірленушіні өлтіру мақсатымен атады, бірақ жәбірленуші жеңіл жарақаттанып тірі қалады.

Сондықтан қылмыстық құқық теориясымен сот тәжірибесі қылмыстық заңға сүйене отырып, қасақана қылмыс істеу сатыларын ажыратады.

Қасақана қылмыс істеу сатылары деп қасақана дайындалу, оқталудан аяқталғанға дейінгі өтетін кезеңдерді айтамыз. Олар қылмыстың объективтік жағымен кінәлінің қасақаналық ниетін жүзеге асыру дәрежесіне байланысты бір бірінен ерекшеленіп ажыратылады. Көрсетілген сатыларды анықтау, аяқталған қылмыс құрамын құрамайтын қасақана қылмыстық іс-әрекет жасаған тұлғаны қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін және жаза тағайындау үшін өте қажет.

ҚР Қылмыстық кодексінде қылмыс істеу сатыларын үшке бөледі.

      Қылмыс істеуге дайындалу

      Қылмыс істеуге оқталу

      Аяқталған қылмыс.

Қылмыс істеуге дайындалу - қылмысты жасау үшін қасақана жағдай туғызудың кез-келген түрлерін құрайды.

Қылмыс істеуге оқталу деп – тұлғаның қылмыс істеуге тікелей іс-әрекет жасағанымен, қайсы бір себептермен қылмыс іс жүзіне асырылмаған жағдайды айтамыз.

Аяқталған қылмыс деп – тұлғаның жасаған әрекетінде нақты қылмыс құрамының барлық белгілері бар қылмысты айтамыз.

 

КУРСТЫҚ ЖҰМЫСТЫҢ ӨЗЕКТІЛІГІ. Адам белгілі бір қылмыстық іс-әрекет жасағанда міндетті түрде қылмыс істеу сатылары бойынша сараланады. Ал егер де қылмыстық іс - әрекет  істеуге дайындалса немесе оқталса, қылмыс істеуге дайындалу және оқталу бабы бойынша сараланады, яғни бұл аяқталмаған қылмыс болып табылады. Яғни бұл жұмыста ең алдымен қылмыс істеу сатыларын айыра біле тұра, тиісті жаза қолдануға негіз болады.

 

КУРСТЫҚ ЖҰМЫСТЫҢ МАҚСАТЫ. Қылмыс істеу сатыларының ара – жігін және айырмашылығын ашу, яғни, қылмыс істеуге дайындалу, қылмыс істеуге оқталу, сондай – ақ аяқталған қылмыстарды бір – бірінен ажырата білу.

Қылмыс істеу сатыларынсыз бір қылмысты саралау мүмкін емес. Сондықтан, мен осы қылмыс істеу сатыларының белгілі бір қылмыстық іс - әрекетті саралау үшін, оларды бір – бірінен ажырату үшін алатын орны және маңызы өте зор деп ойлаймын.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1. ҚЫЛМЫС ІСТЕУ САТЫЛАРЫНЫҢ ҰҒЫМЫ.

1.1    Қылмыс істеу сатыларының ұғымына сипаттама.

Қылмыстық Кодекстің Ерекше бөлімінің барлық баптарында көрсетілген белгілер негізінен аяқталған қылмыстарға тән белгілер. Алайда, кейбір жағдайларда қандай-да бір себептерге байланысты адамның қасақана ойлаған іс-әрекетінің ақырына дейін жетпейтін кезеңдері болады. Айталық қылмыскер кісі өлтіру үшін қару сатып алады, алайда оны құқық қорғау органдарының қызметкерлері қолға түсіреді. Сол сияқты қылмыскер қолындағы қарумен өлтіру мақсатында жәбірленушіні атады, бірақта жәбірленуші жеңіл ғана жарақаттанып тірі қалады. Сондықтан қылмыстық құқық теориясы мен тәжірибесі қылмыстық заңға сүйене отырып, қасақана қылмыс істеу сатыларын ажыратып көрсетеді.

Қылмыс істеу сатылары қылмысты қасақана жасағанда ғана орын алады. Қылмыс істеу сатылары деп қылмысқа дайындалудан бастап оқталудан – аяқталғанға дейінгі өтетін кезеңдерді айтамыз. Олар қылмыстың объективтік жағы мен кінәлінің қасақаналық пиғылын жүзеге асыру дәрежесіне байланысты бір – бірінен ерекшеленіп, ажыратылады. Көрсетілген сатыларды анықтау, аяқталған қылмыс құрамын құрамайтын қасақана қылмыстық іс - әрекет жасаған тұлғаны қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін және оған жаза тағайындау үшін өте қажет.

Қылмыс істеу сатыларын құрайтын іс - әрекеттер қоғамға қауіптіліктің түрлі дәрежелерімен сипатталады. Тұлғаның жасаған қылмыстық іс - әрекеті қылмыстың аяғына жақындаған сайын қоғамға қауіптірек болып табылады және тағайындау кезінде ескертілуге жатады.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі қылмыс істеу сатыларын үшке бөледі:

  1. Қылмыс істеуге дайындалу

  2. Қылмыс істеуге оқталу

  3. Аяқталған қылмыс

Қылмыс істеуге дайындалу – қылмысты жасау үшін қасақана қолайлы жағдай туғызудың кез – келген түрлерін құрайды.[1]

Қылмыс істеуге оқталу – тұлғаның қылмыс істеуге тікелей іс - әрекет жасағанымен, белгілі бір себептермен  қылмыстық іс - әрекет іс жүзінде асырылмаған жағдаймен сипатталады.

Аяқталған қылмыс – тұлғаның жасаған іс - әрекетінде нақты қылмыс құрамының  барлық белгілері бар қылмыстық іс - әрекет.

Алғашқы екі саты аяқталмаған қылмыс ретінде  біріктіріліп түсіндіріледі және олар қылмыстық  құқық теориясында қылмыстық іс - әрекеттің бастапқы сатысы деп қарастырылады. Қылмыстық заң қылмыстық ой – пиғылдың ашылуын сатыларына қоспайды. Бұл жерден ол үшін қылмыстық жауаптылық көзделмейтінін байқаймыз.

Қылмыстық ойдың ашылуы – қылмыс істеуді ойлаған адамның өз ойын басқа бір адамға ауызша немесе жазбаша түрде білдіруін айтамыз.

Жалпы норма бойынша қылмыс істеу туралы ойдың ашылцы қылмыстық жауаптылыққа тартуға негіз болмайды. Қылмыстық заң кімді болмасын, тек сөзбен, хат арқылы немесе басқа жолдармен қылмыс істеу туралы пікірі болғанын  білдіргені үшін жазалай бермейді. Өйткені мұндай жалаң ой қылмыстық заң қорғайтын объектіге ешқандай зиян келтірмейді және зиян келтіру қаупін туғызбайды. Оның үстіне қылмыстық ойдың  ашылуында қылмыстың негізгі белгісінің бірі – қоғамға қауіптілік жоқ. Қылмыстық ойдың ашылуын қорқыту арқылы жасалынатын қылмыстармен шатастыруға болмайды. Қылмыстық кодексте қорқыту арқылы жасалатын аяқталған қылмыс құрамының жекелеген түрлері үшін қылмыстық жауптылық  көзделген. Мысалы, Қылмыстық Кодекстің 112 бабында өлтіремін деп немесе денсаулыққа ауыр зиян келтіремін деп, сол сияқты адамның жеке басына өзге де ауыр күш көрсетемін не мүлікті өртеп құртамын деп қорқыту, жарылыс жасап немесе өзге жалпы қауіпті тәсілмен қорқыту, егер бұл қорқытудың іске асатындығына қауіптенудің жеткілікті негіздерінің бар екендігі анықталса – жазалануға жатады делінген. Аталған баптағы жеткілікті негіздер бар болса деген сөздің өзі қылмыстық ой – ниеттің белгілі бір іс - әрекетпен байланысын және оның қоғамға қауіпті көрсетеді. Ал, қылмыстық ойдың ашылуында  мұндағы аталған белгілер болмайды.

Тұлғаның ойлаған қылмысының алдын алу үшін қылмыстық ойдың ішкі істер органдарының қызметіне ашылуының маңызы зор деп есептеледі.

Қылмыс істеу сатыларының үш түрге бөлінуі әрбір қылмыс өзінің көрсетілген сатысында дамуы керек дегенді білдірмейді. Мысалы, кейбір жағдайларда қылмыс бірінші сактыдан өтіп кетіп ешқандай дайындықсыз әрекеттермен жасалады. Қылмыс барлық сатыдан өтсе де, оның өзіндік қылмыстық – құқықтық мәні тек соңғы сатыны ғана иеленеді. Сондықтан да сот тәжірибесінде алдыңғы сатылар соңғы сатылармен қамтылады. Демек, қылмыстық оқталу, қылмысқа дайындалу сатысын өзіне сіңіреді, ал аяқталған қылмыс жоғарыда айтылған екі сатыны да (оқталу, дайындалу) қамтиды. Осыған сәйкес қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу сатылары, қылмыстық әрекет бірінші немесе екінші сатылармен шектелгенде ғана өзіндік қылмыстық – құқықтық мәнге ие бола алады. Осыған байланысты Қылмыстық кодекс аяқталған қылмыс үшін ғана жаза тағайындап қан  қоймай, сонымен бірге алдын ала қылмыстық іс - әрекетке дайындалғаны үшін, аяқталмаған қылмыс үшін де – қылмыстық жауаптылықтың негізін белгілейді.

Қылмыс істеуге дайындалу (24 баптың бірінші бөлігі) мен қылмыс істеуге оқталу (24 баптың үшінші бөлігі) қасақана жасалған әрекеттер ретінде анықталғандықтан, аяқталмаған қылмыс сатыларының субъективтік жағы тек қасақана жасалған қылмыстарда болады. Қылмыстық заң қылмысқа дайындалуды, оқталуды қылмыстық іс - әрекеттің бастапқы сатысы деп қарайды. Қылмысқа даярланғандық үшін қылмыстық жауапкершілік қылмыс істеу үшін құралдар немесе қаруларын іздестірген, әзірлеген немесе бейімдеп жасаған қылмысқа қатысушыларды іздестіру, қылмыс жасауға сөз байласу не қылмыс жасау үшін өзге де қасақана жағдай туғызған реттерде туындайды. Мысалы, кісіні өлтіру үшін у дәрі дайындайды, жоспар жасап қылмыс жасайтын жерді, жағдайды анықтайды, қылмысқа қатысушыларды іздестіреді. Жәбірленушінің келіп – кету жолдарын анықтап ізіне түседі т.б әрекеттер. Осындай жағдайларды жасағаннан кейін қылмыстың субъектісі қылмыс істеудің екінші сатысы қылмыс істеуге оқталу сатысына көшеді, яғни қылмыс құрамын  орындауға тікелей бағытталған Қылмыстық Кодекстің Ерекше бөліміндегі жеке құрамдарында көрсетілген іс - әрекеттерді істейді. Яғни, субъект тікелей қасақана қылмысты іс - әрекетке кіріседі, бірақта субъектінің ырқынан тыс  жағдайларға байланыссыз қылмыс ақырына дейін жеткізілмей қалады. Мысалы, біреуді өлтіремін деп оның жанды жерінен пышақ салады, бірақ дәрігердің дер кезінде көмек көрсетуі нәтижесінде ол тірі қалады. Осы екі сатыға да тән белгілер: қылмысты мінез – құлқының аяғына дейін жеткізілмеуі, субъективті жағынан осы екі сатыдағы қылмыстардың тікелей қасақаналықпен жасалуы. Қылмыстың осы екі сатысы, яғни қылмысқа даярланғандық  және қылмысқа оқталғандық – абайсызда жасайтын қылмыстарда зардапсыз (формальдық) құрамдағы, сондай – ақ жанама қасақаналықпен жасалатын қылмыстарда орын алу мүмкін емес. Егер кінәлі адам қылмыстық заңның Ерекше бөліміндегі жеке құрамдардың барлық белгілерін істесе, онда оның әрекеті  аяқталған қылмыс болып табылады. Мұндай жағдайларда  субъектінің іс - әрекетімен нақты қылмыс құрамының объективтік жағында көрсетілген белгі – қылмыстың зардабы нақты тууы керек. Қылмыстан болған зардаптың мәні мен көлемі нақты қылмыс құрамы арқылы белгіленеді. Қылмыстың аяқталу, біту уақыты әрбір қылмыс құрмының құрылысының ерекшелігіне байланысты да әр түрлі болады. Мысалы, қарақшылық құрамы қылмыстық заңда « бөтен біреудің мүлкін ұрлау мақсатымен шабуыл жасау» деп көрсетілген. Яғни, бұл жерде осы мақсатпен шабуыл жасағанда мүлікті иемдену, иемденуге байланыссыз – ақ, қылмыс шабуыл жасаған кезден бастап – ақ аяқталған қылмыс деп саналады.

Мұнда қылмыстың субъектісінің түпкі мақсаты – жәбірленушінің өміріне не денсаулығына қауіпті түрде күш жұмсап, сондай – ақ күш жұмсаймын деп қорқытып бөтен біреудің мүлкін иемдену болғанымен қылмыс мүлікті иемденген, иемденбегеніне қарамастан шабуыл жасап, тонау уақытынан бастап аяқталған деп саналады. Кейбір қылмыс құрамының аяқталуы адам өмірі мен денсаулығына қауіпті жағдайларда қалдыру (119 бап), басқа адамның көрінеу ВИЧ/ЖҚТБ – ны жұқтыру қаупінде қалдыру (116 баптың 1- бөлігі). Бұл аталған қылмыстар құрамындағы қауіпты жағдайда қалдыру, жұқтыру қаупінде қалдыру бітпеген қылмыс құрмының белгісі емес, біткен қылмыс құрамының белгісі болып табылады. Сондықтан да мұндай құрам аяқталған қылмыс құрамы деп аталады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1.2 Қылмыс істеуге дайындалу.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 24 бабының бірінші бөлігіде «Тікелей ниетпен қылмыс құрамының немесе қаруларын іздестіру, әзірлеу немесе бейімдеп жасау, қылмысқа қатысушыларды іздестіру, қылмыс жасауға сөз байласу не қылмыс жасау үшін өзге де жағдайлар жасау, егер бұл орайда қылмыс адамның еркіне байланысты емес мән – жайлар бойынша ақырына дейін жеткізілмесе, қылмысқа дайындалу деп танылады» деп көрсетіледі. Заңда ауыр немесе ерекше ауыр қылмысқа дайындалғаны үшін қылмыстық жауаптылық басталады деп көрсетілген. Заңда дайындық  әрекеттердің  негізгілері ғана берілген. Мұнда қасақана қылмыс жасауға туғызылатын жағдайлардың жалпы көріністері орын алған. Кінәлі адам күні бұрын ауыр, ерекше ауыр қылмыстарды жасау үшін алдын ала иесіз пәтерді анықтап, құлыпты ашуға кезекті кілттерді немесе басқа да құралдарды дайындайды, жалған ақша жасау үшін соны жасауға қажетті материалдарды іріктейді, т.б.

Сонымен, қылмыс істеуге дайындалу мынадай белгілермен сипатталады:

  1)дайындық іс - әрекеттерін жасау; 

  2)қылмысты тек қасақаналықпен істеу;

  3)оның қылмыс құрамын толық орындауға дейін үзіліп қалуы;

  4)қылмыс адамның еркінен тыс жағдайларға байланысты істелмуі;

Дайындық әрекеттері көп жағдайларда қылмыс құрамының объективтік жағының белгілер қамтамасыз етумен тікелей байланысты болады. Өзінің объективтік белгілеріне сәйкес қылмыс істеуге дайындық адамның мынадай үш түрлі әрекеттері арқылы жүзеге асырылады: қылмыс істеу үшін құралдар немесе қарулар іздестіру я лайықтау немесе қасақана бір жағдайлар туғызу.

Қылмыс істеу үшін құралдар мен қару – аспаптар іздестіру дегеніміз кез келген тәсілмей заңды немесе заңсыз жолмен осы заттарды алуды айтамыз.

Қылмыс істеу қару – аспаптары болып қылмыс істеуге қолданылатын кез келген заттар саналады. Оған аталған немесе суық қарудың барлық түрлері қолдан жасалынған фин пышағын, сондай – ақ тесіп – кесетін нәрселер жатады. Қылмыс құралдарына қылмыс істеуге әдейі бейімделіп пайдаланатын таяқ, [2]үшкір тас, бөтелке сынығы, балта, балға, бұрғы, шеге суырғыш, бұрауыш сияқты заттар да жатады. Мысалы, адам қолдануға қолайлы үшкір тасты денеге жарақат келтіруге немесе автокөліктің әйнегін сындырып, ішіндегі заттарды ұрлауға пайдалануы мүмкін. Кінәлі адам шеге шығарғышты, бұрауышты немесе қашауды бөтен біреудің үй – жайының есігін бұзып, мүлкін ұрлау үшін дайындалуы мүмкін. Қылмыс істеу құралына қылмысты істеуге жеңілдік туғызатын заттар жатады. Бұлар мысалы, әскер міндетін өтеуден жалтару немесе контробандамен айналысу үшін жалған құжат дайындау, адамды өлтіру үшін  у дәріні немесе қатты әсер ететін зәрлі нәрселерді қолдану, ұрланған заттарды, қылмысты топтардың мүшелерін тасуға пайдаланатын көлік құралдар жатады. Егкр автокөлік, трактор басқа да техника түрлері қоймаларды бұзуға, кедергілерді таптап өтуге пайдаланылса, онда ол қылмыс ітеудің қаруы ретінде қарастырылады. Құралдар мен қару аспаптарын лайықтау деп қылмыс істеуге пайдалынатын заттарды қайта өңдеу, қолдан тапанша, пышақ жалған құжат жасап, оны қылмыс істеуге, қылмыстың ізін жасыруына пайдалануға әзірлеу және т.б. әрекеттер.

Қылмысқа қатысушыларды іздестіру деп әр түрлі тәсілдермен уәде беріп қорқыту, бопсалау жолымен болашақта істелетін қылмысқа бірге қатысушыларды табу, алу болып табылады. Қылмыс жасауға сөз байласу деп екі немесе одан да көп адамдармен нақты қылмыстарды істеу жөнінде күні бұрын уағдаластыққа қол жеткізу болып табылады. Қылмыс істеу үшін қасақана басқа бір жағдайлар туғызу деп құралдар мен қару-аспаптарды дайындаудан басқа қылмыс істеуге бағытталған кез-келген әрекеттерді айтамыз. Бұған жататындар: ұрлық істеу үшін қылмысты топқа мүше іздестіру, болашақ қалмыстың жоспарын жасау. Қылмыс істелетін объектілердің жүйесін зерттеу, қоймаларға жасырын кіру үшін дыбыс беретін құралдарды күні бұрын жою, пәтерге түсу үшін үй иелерінің келіп-кету мерзімін болжау сиақты әрекеттер жатады.

Субъективтік жағынан дайындық әрекетін әр уақытта да тікелей нақты қасақаналықпен, қасақана қылмыс істеуге жағдайлар туғызады. Тікелей қасақаналықсыз жағдайлардың өзін жасау мүмкін емес. Кінәлінің ырқынан тыс жағдайларға байланысты іс-әрекетінің үзіліп қалуы деген белгі де қылмыстың тек қана тікелей қасақаналықпен жасалатынын көрсетеді. Яғни, бұл тұрғыдағы қылмысты абайсыздықпен немесе жанама, нақтыланбаған қасақаналықпен жасауға мүлде болмайды, мұндай жағдайда қылмыстан туатын зардап объективтік және субъективтік жағынан алғанда сөзсіз емес, жорамал күйде болады. Қылмысты істеуге дайындық сатысының негізгі бағыты сол, ол жоспсрлаған қылмыс нәтижесінің сөзсіз болуын қамтамасыз ету болып табылады. Қылмысқа дайындалудың зияндылығы сол, қылмыстың субъектісі қылмыс істеуге бар жағдайларды жасай отырып, өзінің ырқынан тыс жағдайларға қылмысты жасай алмайды. Кінәлінің ырқына байланысты емес жағдайлармен дайындық сатысының үзіліп қалуы объективтік немесе субъективтік мән-жайларға байланысты орын алуы мүмкін. Мысалы, дайындық сатысында басқа біреуді өлтіру үшін сатып алынған аңшылық мылтығын милиция қызметкерлерінің алып қоюы немесе ұрлық жасау үшін пайдаланатын қойма кілтін жасауға әрекеттенгенімен оны жасай алмай қоюы, т.б. , Мысалы, ағайынды С және К көршісінің пәтеріне түсу үшін қажетті саймандарды әзірлеп қойған кезде, сол пәтердің алдына басқа көршілер жиналып, өзара кездесіп қалып, ұзақ уақыт отырып шахмат ойнайды. Бұл ағайындылардың қылмыс істеуге мүмкіндігін жоймағандығымен, оны жүзеге асыруға кедергі келтірді. Бұл, сөз жоқ, ұрлық жасауға кінәлілердің ырқынан тыс жағдайларға байланысты жол бермей үзіліс жасалады.

Қылмысқа дайындықтың адам ойының қалыптасуынан айырмашылығы мынадай: адам ойының қалыптасуы –қылмыстың психологиялық сыртқы, объективті көрініс бермеген сатысы, қылмысқа дайындық - әр уақытта қасақана қылмыс жасауға бір жағдайлар туғызатын нақты іс - әрекет. Адамның ойын, яғни өзінің ойын қылмыс жасау туралы мінез білдіруі қылмыс сатысы болмайды, өйткені ол қылмыс істеуге бағытталған әрекет жасамайды. Қылмысқа дайындалу әр уақытта да іс-әрекет арқылы қылмыс жасауға қолайлы жағдайлар жасайды, онсыз қылмыстың орындалуы мүмкін болмайды. Қылмыс істеуге дайындықтың қылмысқа оқталудан айырмашылығы бар. Қылмысқа дайындыққа белгілі бір нақты қылмыс құрамын жасауға мүмкіндік  жағдайлар жасалады, ал қылмысқа оқталуда ол мүмкіндіктер жүзеге асырылады. Дайындық сатысында істеген қылмыс Қылмыстық кодекстің 24 бабы және Қылмыстық кодекстің Ерекше бөліміндегі тиісті баптары бойынша сараланады. Мысалы, басқа біреудің пәтерін ұрлау үшін кілт дайындап жатқан субъект, осы кезде әшкереленсе оның әрекеті Қылмыстық Кодекстің 24, 176 баптары бойынша ұрлық жасауға оқталғаны үшін сараланады. Бұл жерде 24 баптың көрініс табуы субъектінің аяқталмаған қылмыс жасағанын білдіреді.

Субъект өзінің дайындық әрекеттеріне тыйым салғанға дейін, басқа қылмыстың құрамын орындап үйренуге, оның әрекеті қылмыстың жиынтығы бойынша – тиісті қылмысқа дайындалғандық және басқа біткен қылмысты жасағаны үшін сараланады. Мысалы, А. өзінің қызметтес досы Б – ны кек алу үшін атып өлтіруге қара базардан Калашников автоматын сатып алған, бірақ оның бұл қылмысты істеуге дайындалғаны сезіліп қалып, оны милиция қызметкерлері ұстап алады. Оның әрекеті қаруды заңсыз алғаны үшін Қылмыстық Кодекстің 251 баптың бірінші бөлігімен және кісіні кекшілдікпен өлтіруге оқталу – 24, 96 баптың бірінші бөлігімен екі қылмыстың жиынтығы ретінде саралауға жатады. Қылмыс істеуге дайындалған субъектіге жаза сол Қылмыстық Кодекстің аяқталған қылмыс құрамы туралы санкциясында көрсетілген бабының санкциясы шеңберінде тағайындалады. Жаза тағайындағанда сол зардабының болуының мүмкіндігін, оның жүзеге аспай қалу себептерін, қылмысқа дайындық сатысының жүзеге асырылуын ескереді. Заңда, (56 бап, 1 және 2 бөліктері) қылмысты дайындық сатысында істеген субъектіге жазаны тағайындаудың ерекше тәртібі белгіленген.[3]

 

 

 

1.3. Қылмыс істеуге оқталу.

Қылмыстық Кодекстің 24 бабаның 3, 4 бөліктері бойынша « Тікелей қылмыс жасауға тура бағытталған ниетпен жасалған іс - әрекет ( әрекетсіздік) егер бұл орайда қылмыс адамға байланысты емес мән – жайлар бойынша ақырына дейін жеткізілмесе, қылмыс жасауға оқталу болып танылады.

Қылмыстық жауаптылық ауырлығы орташа, ауыр немесе ерекше ауыр қылмыс жасауға оқталғаны үшін ғана басталады»,

Қылмыс істеуге оқталудың төрт түрлі белгісі бар. Біріншісі іс - әрекеттің қылмыс істеуге тікелей бағытталуы қылмыс істеуге оқталғанда, қылмыс субъектісі қылмыс құрамын орындауға тікелей кіріседі және қылмыстық құқылық норма диспозициясының объективтік жағында көрсетілген элементтерін орындайды. Мысалы, кісіні өлтіруде оған қарай мылтық атады, ұрлық жасағанда есікті бұзып тұрған жайға кіреді, көлік құралын айдап әкетуде көлікті қозғалысқа келтіруәрекетін жасайды және тағы басқа әрекеттер. Қылмысқа оқталғандығы іс - әрекет қылмыстың зардабын туғызатын себептің көрінісін білдіреді. Егер ол іс - әрекет үзіліп қалмаса, онда қылмыс зардабының болуы сөзсіз болар еді.

Қылмыс істеуге оқталудың екінші белгісі – субъективтік белгісі болып табылады. Қылмыс істеуге оқталғандық тек тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады. Бұл туралы қылмыстық заңның өзінде қылмыс істеу үшін тікелей бағытталып, істелген әрекет немесе әрекетсіздік деп тура көрсетіліп отыр. Заңдағы тікелей бағытталған деген сөздің өзі осы тұрғыда қылмыстың тек қана тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылатынын білдіреді. Мысалы, кісіні қасақана өлтіру жөніндегі сот тәжірибесі туралы Жоғары Сот қаулысында кісіні өлтіруге оқталу тек қана тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады, өйткені мұндай жағдайда кінәлі адам өзінің әрекетінің зиянды екенін біле тұра, оның зиянды зардаптарын болжай тұра, бұл зардаптардың болуын тілеп істейді.

Мысалы, С. деген азамат өзінің жұбайы К- ны Д. деген азаматпен  көңілдес екенін біліп, екуінің кездесуін аңдып, ақыры осындай бір сәтте олардың өзара оңаша сүйісіп отырғанының үсінен шығып, С. қалтасындағы бәкісімен әйелінің көңілдесі Д- ның күре тамырын қиып жібереді. Дәрігерлік көмектің нәтижесінде Д. Тірі қалады. Сот С- ның әрекетін қызғаныштан қасақана кісі өлтіруге тікелей оқталғандық деп саралаған. ( Қылмыстық Кодекстің 24 бабының 3 бөлігі, 96 баптың 1 бөлігі ).

Қылмыс істеуге оқталғандық әрекетсіздік арқылы да жүзеге асырылады. Мысалы, анасының өз нәрестесінен құтылу үшін, емшек бермей, өлтіруге бағытталған әрекетсіздігі. Қылмыс істеуге оқталу жанама қасақаналықпен жүзеге асырылмайды.

Қылмыс істеуге оқталғандықтың үшінші белгісі – істеуге бағытталған қылмыстың ақырына дейін жеткізілмеуі болып табылады. Яғни, қылмыс құрамын орындау сатысында қылмысты әрекет амалсыздан үзіледі. Бұл жерде қылмыс істеуге оқталғандықтың белгісі қылмыстың аяқталмай қалуы, бітпеуі болып отыр. Бұл белгі аяқталған қылмысты қылмыс істеуге оқталғандықтан айырудың басты белгісі болып табылады.

Мұндай ретте Қылмыстық Кодекстің Ерекше бөліміндегі қылмыс құрамының белгілері толық жүзеге асырылмайды немесе заңда көрсетілген қылмыстың зардабы болмай қалады, сөйтіп біткен қылмысқа қарағанда қылмыс құрамының объективті жағының белгілерін түгелдей орындауға бағытталған іс - әрекет толығымен аяқталмай қалады. Мысалы, өзіне қас кісіні өлтіремін деп ол ұйқтап жатқанда оның үйінің есік – терезесін сыртынан бекітіп, үйінен шықпастай етіп, үйіне өрт қояды. Нәтижесінде ол ауыр дене жарақатын алып, аман қалады. Бұл жерде кінәлінің әрекеті қасақана кісі өлдтіруге оқталғандық ретінде сараланады. ( 24, 96 баптар, 1 бөліктері). Себебі, оның тікелей адам өмірін жоюға деген әрекеті, ақырына дейін оған байланыссыз себептермен жүзеге аспай қалады, яғни айтқанда, қасақана кісі өлтіру туралы қылмыстық заң нормасының объективтік жағының белгісі қылмыстың зардабы – кісі өлімі болмай қалады. Қылмыс істеуге оқталғагдық үшін жаза тағайындағанда сот кінәлінің істеген әрекетінің дәрежесі мен сиптын, қылмыстық  ниетті жүзеге асыру дәрежесін және қылмыстың ақырына дейін жеткізілуіне кедергі болған себептерді еске алады.

Яғни бұл жерде кінәлінің ырқына байланысты емес себептерден қылшмыстың ақырына дейін жеткізілмеуі- қылмыс істеуге оқталғандықтың [4]төртінші белгісі болып табылады. Бұл жерде кінәлінің ырқына байланысты емес себептерден деген ұғымды әр түрлі объективтік және субъективтік жағдайлардың жиынтығы ретінде қарау керек. Бұл жерде субъектінің өзінің ниетін жүзеге асыруға бар пәрменін сала кіріскенімен, оның ырқына байланысты емес себептермен қылмыс ақырына дейін жеткізілмей қалады. Мысалы, әйелді зорлағанда жәбірленушінің қарсылық көрсетуінен, үйді өртеуге қажет болғат от тұтатқыш суланып жанбай қалуы және т.б.

Қылмысты істеуге оқталғандықтың да қылмысты ниетті жүзеге асыру дәрежесі әр түрлі болуы мүмкін. Осыған байланысты оқталудың өзі біткен және бітпеген оқталу деп екіге бөлінеді. Біткен оқталу деп кінәлінің қылмысты аяқтауға қажетті деп санаған барлық іс-әрекеттерін толық істеуі бірақ осыған қарамастан, адамның ырқынан тыс жағдайларда қылмыс аяқталмайды және қылмыстың зардабы болмай қалады. Оқталудың бұл түрін біткен қылмыстан қылмыстың аяқталмауы немесе зардаптың болмай қалуы ғана ажыратып тұр. Мысалы,  Ж деген азамат арақ ішіп, мас күйінде өзінің әйелінің ағасы С –ға тиісті, оның жүрегінің тұсынан 2-рет пышақпет ұрады, осыдан кейін Ж далаға шығып, көршілеріне естіртіп, «көптен күткен армандарымды жүзеге асырдым, бір жауызды өлтірдім»-деп айғайлайды. Бірақ С-ның өмірі дер кезінде дәрігерлік көмек көрсету арқылы өлімнен құтқарылып қалады. Облыстық сот Ж-ның әрекетін бұзықылық ниетпен кісіні қасақана өлтіруге оқталғандық деп саралаған. (24-бап 3-бөлігі, 96-бап 2-бөлігі «и»тармағы).

Бітпеген оқталу деп кінәлінің қылмысты аяқтауға қажетті деп санаған барлық іс - әрекеттердің толық емес, жарым – жартылай орындау болып табылады. Мысалы, У деген адам Ю деген азаматты атып өлтіру мақсатымен, мылтықты оған кезеніп, оның шүріппесін баса бергенде, О деген азамат У- дың қолынан келтекпен ұрып, мылтықты тартып алып, өзін ұстаған: Бұл бітпеген оқталуға тән мысал. Ал егер О мылтықты атып, оқ К- ге тимей кетсе, онда оның әрекеті біткен оқталу болып саналар еді.

Қылмыстық құқық теориясында қылмыс істеуге оқталу жарамсыз объектіге, затқа немесе жарамсыз құралмен оқталу деп екі түрге бөлінеді. Жарамсыз объектіге немесе затқа оқталу деп оған кінәлі қаншалықты әрекет істегенімен жәбірленушінің,қылмыстың объектісінің немесе затының өзіндік ерекше өзгешеліктеріне байланысты оған зиян келтіру мүмкінділігінің мүлдем болмайтындылығын айтамыз. Мысалы, кінәлі тірі адам екен деп жәбірленушінің қалтасынан бір бума хатталған қағаз ұрлайды.

Жарамсыз құралмен оқталу деп кінәлі адам қылмысты ниетті жүзеге асыруда қателесіп жарамды құралдың орнына жарамсыз құралды пайдаланып қылмыс жасайды. Мысалы, П және Ә деген екі жігіт Ақтау қаласында З деген кәрі шалдың үйінде тұрады. П және Ә қарт адамды улап өлтіріп, оның пәтерін өздері иелік етіп, сатпақ оймен З – ның ішетін тамағына « Колорада» қоңызын өлтіретін у дәрі салып жібереді. Асты қабылдаған З – ға алғаш ештеңе қатер болмайды. Бірақ та П мен Ә  З ас іше бастағанда- ақ өз істеген әрекеттерін қорқып, ішкі істер органдарына келіп, болған жағдайды шын жүректен өкініп хабарлайды. Олардың әрекетін сот кісі өлтіруге оқталғандық ретінде бағалаған. Қылмыстық Кодекстің кейбір баптарында, сондай – ақ құқықтық әдебиеттерде « қылмыс істеуге әрекеттер» деген сөздерді кездестіруге болады. Мысалы, Қылмыстық Кодекстің 257 бабында кәнігі бұзақылықтың белгілерінің бірі ретінде оқ – дәріні, газбен атылған қаруды, пышақты кастеттерді және де өзге де атылатын қаруды не денеге жарақат түсіруге арнайы белгіленген басқа заттарды қолдануға әрекет деген сөз бар. Бұл аяқталған қылмыс құрамының түсінігін білдіреді. Өйткені осы қылмыс құрамының диспозициясының ерекшелігі сол, ол аталған заттарды қолдану немесе қолдануға әрекет арқылы жасалса, онда оның объективтік жағының қажетті белгілері толық орындалған болып саналады.

Қолданып жүрген Қылмыстық заң бойынша қылмыстық жауаптылықтың бірден – бір негізі болып Қылмыстық Кодексте көзделген қылмыс құрамының барлық белгілері бар іс - әрекеті болып табылады. ( ҚК- тің 3 бабы). Бұл қағида аяқталған немесе аяқталмаған қылмысқа бірдей қатысты. Сонымен аяқталған қылмысты іс - әрекеттер үшін (қылмысқа даярланғандық және оған оқталғандық) қылмыстық жауаптылықтың негізі болып, аяқталмаған қылмыс құрамының белгілері бар іс - әрекеттер жатады. Мұндай ретте нақты қылмысқа даярланғандық немесе оқталғандық әрекеттері орын алған жағдайда қылмыстық жауптылық Қылмыстық Кодекстің 24 бабына сілтеме жасала отырып, істелген әрекет Ерекше бөлімнің тиіті баптары бойынша сараланады. Мысалы, ұрлық істеу үшін оқталғанда кінәлінің әрекетін Қылмыстық Кодекстің 24 бабының 3 бөлігі және 175 баптың 1 бөлігі бойынша саралау қажет. Мұндағы 24 баптың 3 бөлігі қылмыстың аяқталмағанын және оның оқталу түрінде істелгенін көрсетсе, ал, 175 баптың 1 бөлігі қылмыс істеген адамның ұрлық істеуге оқталғанын білдіреді. Қылмысқа даярланғандық және оқталғандық үшін жауаптылықтар өзара ұқсас және олардың бір – бірінен айрмашылығы бар. Ұқсастығы екеуі де аяқталмаған қылмыс сатысына жатады және мұндай қылмысты істеген ретте қылмыстық жауапқа тартылғанда міндетті түрде Қылмыстық Кодекстің 24 бабына сілтеме жасалынады. Айрмашылығы сол, қылмысқа дайындалғандықта жауаптылық  ауыр немесе ерекше ауыр қылмыстарға дайындалған кезден бастап жүзеге асырылады. Ал оқталғанда жауаптылық орташа ауыр немесе ерекше ауыр қылмыстарды істеуге тікелей кіріскен уақыттан бастап есепке алынады. Аяқталмаған қылмыстар үшін жаза тағайындалғанда сот Қылмыстық Кодекстің 52 бабында көрсетілген жаза тағайындаудығ жалпы негіздерін басшылыққа алады. Сонымен бірге Қылмыстық Кодексте аяқталмаған қылмыс үшін жаза тағайындаудың арнаулы ерекшеліктері көрсетілген. Олар мынадай:

1. Аяқталмаған қылмыс үшін жаза тағайындау кезінде соның себебінен қылмыс ақырына дейін жетпеген мән – жай ескеріледі.

2. Қылмысқа дайындалғаны үшін жазаның мерзімімен мөлшері осы Кодекстің Ерекше бөлімінде аяқталған қылмыс үшін тиісті бапта көзделген жазаның неғұрлым қатаң түрінің ең жоғары мерзімінің немесе мөлшерінің жартысынан аспауы керек.

3. Қылмысқа оқталғаны үшін жазаның мерзімі мен мөлшері осы Кодекстің Ерекше бөліміндегі тиісті бапта ерекше қылмыс үшін төрттен үшінен аспауы керек.

Қылмыс жасауға дайындалғаны үшін немесе қылмыс жасауға оқталғаны үшін өлім жазасы мен өмір бойы бас бостандығынан айыру тағайындалмайды. ( 56 бап)

Яғни, осы баптың мазмұнына сәйкес аяқталмаған қылмыстың аяқталған қылмысқа қарағанда қауіптілігі аз екендігі ескеріліп, жаза тағайындалғанда есепке алынуы әбден заңды болып табылады. Сондай – ақ, қылмысқа даярланғандыққа қарағанда қылмысқа оқталғандық үшін жаза қатаңырақ болуы шарт. Аяқталған оқталғандық үшін жаза аяқталмаған оқталғандықтан көбірек болуы тиіс.[5]

Монғол шапқыншылы- ғынан кейінгі кезеңдегі мемлекеттерге