«Қобыланды батыр» жыры

      «Қобыланды батыр»    жыры

Немістің әйгілі ғалымы Альфред Вебер былай деп жазады: “Орталық Азиядан шыққан көшпелі халықтардың Қытай, Үндістан және батыс елдеріне баса-көктеп жетуі (ежелгі дүниенің осынау ұлы мәдениеттері көшпелілерден жылқыны пайдалануды үйренді) дүниенің үш атырабына да бірдей ықпал етті, ат үстіндегі көшпелі халықтар дүниенің кеңдігін таныды. Олар ежелгі дүниенің ұлы мәдениеті бар мемлекеттерін жаулап алды. Қиын-қыстау тіршілік пен қауіп-қатері мол жорықтар арқылы дүниенің жалғандығын түсінді, үстем нәсіл ретінде олар дүниеге ерлік пен трагедиялық сананы орнықтырып, оны эпос түрінде паш етті”. (Карл Ясперс. Смысл и назначение истории. – Москва, 1991. 46 бет). 
            Яғни, Альфред Вебер көшпелі түрік халықтарын әлемде алғашқы эпос тудырушы халық ретінде даралап көрсетеді. Ақиқаты да солай. Қазіргі этнологтардың есебінде жер бетінде 4-5 мыңдай этножаралым болса, солардың санаулылары ғана эпос туындата алған. Бұл ретте, Батыс жұртынан “Иллияда” мен “Одиссеяны” тудырған байырғы гректерді, Шығыс жұртынан “Махабхарата” мен “Рамаянаны” әкелген үнділерді ғана атауға болады. Ал, мүйізі қарағайдай қытай, славян халықтары эпос тудыра алған жоқ. 
            Ғалымдардың зерттеуінше, қазақ халқында, варианттарымен қосып есептегенде, мыңға тарта эпикалық туынды бар екен. Солардың ішінде бір ғана “Қобыланды” жырының 29 нұсқасының бар екенін және оларда әрісі сақ-ғұн заманының, берісі қалмақ-жоңғар кезеңінің белгілері жалғасып отыратынын ғалымдар әлденеше рет жазған еді. 
             Қазақ эпосы жайында алғаш пікір білдіріп, көңіл аударған ғалымдар – В.Радлов, И.Березин, Г.Потанин, Ш.Уәлиханов, А.Алекторов, Ә.Диваевтар еді. Бертінде терең зерттеген ғалымдардан М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Е. Ысмайылов, Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, О.Нұрмағамбетоваларды ерекше атауға болады.  
              Академик М.Әуезов эпостық шығармалар турасында: “Бұл дастандар көбіне сонау бір бағзы замандарда Орта Азияны, Қырым мен Еділ бойын жайлаған көшпелі тайпалар басынан кешірген нақтылы тарихи оқиғалардың поэтикалық көрінісі болып табылады. Батырлар жырының кейіпкерлері – Қобыланды, Қамбар, Тарғын сияқты аға батырлар мен Алпамыс, Сайын тәрізді батырлардың есімдері тарихи оқиғаларға байланысты”, – деп жазғаны баршаға аян.  
           Батырлар жырын, байтақ эпостарымызды кеңестік кезең таптық көзқарас тұрғысынан бағалап, оқытпады. Сөйтіп, сан ұрпақ ата-бабасынан қалған телегей-теңіз мұраны, ғажайып жырларды оқымай келді. Мұның өзі түптеп келгенде, нәрестені анасының емшегінен айырғанмен бірдей еді. 1951 жылы “Манас” эпосына арналған халықаралық конференцияда Мұхтар Әуезов жырды Ленинградта аспирант болып жүргенде оқығанын айта келе: “Манас халық эпосы, Күлтегінге ділгір болған халық Манастай батырды туғызбай тұра алмаған, ең ұлы эпостар деп жұрт “Иллияда” мен “Одиссеяны” атайды, көлемі жағынан әлемде “Манасқа” тең келер эпос жоқ. “Манасты” күзде қой күйек байлағаннан бастап жырласа, ас, намаз, дәрет мезгілін есептемегенде, көктемде қой қоздағанға дейін жырласа таусылмайтын жойқын, теңдесі жоқ, телегей теңіз жыр” – деп халық мұрасын алғаш рет қызғыштай қорып, сөйлегені есімізде. Бұл сөз “Манас” туған халқына жат саналып жүрген заманда бұлттан шыққан күндей жарқ ете қалып еді.  
            “Манасты” манасшылар жырлаған. Соңғы манасшы Қаралаев Саяқбайдың өнерін көзіміз көрді. Кешегі Сүйінбай, Майкөт, Жамбыл, Кенендер де “Манасты” өзінше жырлаған еді. 
             Эпостық мұраларды, ондағы тарихи тұлғаларды терең зерттеп, көп тер төккен кісі – академик Әлкей Марғұлан. Ғалымның еңбектерінде эпостық жырлардың деректері негізінен тарихи шындыққа сәйкес келетіні, жұртымыздың басынан кешкен ұлылы-кішілі оқиғалардың туындысы және халық даналығының айқын ескерткіші екендігі айтылады. Оларға әр кезде өмір сүрген халық батырларының ерліктері арқау болғаны ескертіледі. Сонымен қатар, Ә.Марғұлан қазақ эпосы өзінің қалыптасып даму тарихында ХІІІ ғасырға дейінгі екі кезеңді (көне заман және VІ-ХІІ ғасыр арасы) басынан кешіргенін және сол кездерде эпостық шығармаларымыздың алғашқы үлгілері туғанын қадап жазады. 
              М.Әуезов өзінің қазақ әдебиеті тарихы туралы зерттеуінде біздегі батырлар жырының ең көне үлгілері есте жоқ ескі заманда туған дейді, Қ.Жұмалиев қазақтағы батырлар жырының алғашқы үлгілері қазақ батырларының ертедегі ру бірлігін қорғау жолында жасаған ерліктерін жырлау негізінде туған деген тұжырым жасайды. 
               Қазақ эпостарының ішінде ең көп зерттелгендерінің бірі – “Қобыланды батыр” жыры. Қобыланды жөніндегі аңыз-әңгімені алғаш рет баспа бетіне түсірген кісі – В.Радлов. Содан бері бұл жыр әлі күнге дейін зерттеу нысанасына айналып келеді. 
                “Қобыланды батыр” жыры жайындағы алғашқы келелі сөзді Әлихан Бөкейхановтың “Туркестанские ведомости” газетінде жарияланған “Женщины по киргизской былине Кобыланды” деген көлемді зерттеу мақаласынан кездестіреміз. 
                Академик Мұхтар Әуезов өзінің 1925 жылы “Таң” журналына жариялаған “Қобыланды батыр” атты зерттеуінде бұл жырға “эпопея дерлік жыр” деп баға береді. “Қобыланды батыр” жырын ғалым Мәлік Ғабдуллин де егжей-тегжейлі зерттеді: 1947 жылы “Қобыланды батыр жырын ғылыми зерттеудің проблемалары” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады, 15 түрлі нұсқасын жариялады.  
           Сонымен қоса, “Қобыланды батырды” Марабай, Мергенбай жырау, Біржан Толымбаев, Айса Байтабынов, Мұрын Сеңгірбаев, Көшелек Еламанов, Шапай Қалмағамбетов, Құлзақ Амангелдиев, Нұрсейіт Битілеуов, Рахмет Мәзқожаев, Сүйінішәлі Жаңбыршыұлы, Қашқынбай жырау, Қали Нұрпейісов, Қалмағамбет Жамболов, Құлзақ Амангелдин, Әбілда Жүргенбаев, Ержан Ешімов, Шәкір жырау, Сыр бойының белгілі жыршысы Тұяқбай жырлаған. Қарақалпақстандық қазақ жыршыларынан: Қуанышбай Досымбаев, Тәжік жырау, Қарлыбай Қалжанов, Жақсылық Төлепов, Қошақан Туатаев, Ережеп Аманжолов, Төребай Құрбанов жырлаған. Бұлардың қай-қайсысы да “Қобыланды батырды” өзінше жырлаған, бір-бірін қайталамаған, жырдың көпшілікке таныс сюжетіне жанынан жаңа әңгімелер қосып айтқан. Жырдың айтушылары мен нұсқаларының мол болуы бұл жырдың халық арасына мейлінше көп таралғандығын білдіреді. Осылардың ішінде академиялық оқулыққа енгені Марабай нұсқасы. 
             Бұл жырдың 9 мың жолдық нұсқасын Ақтөбе топырағында ақын Нұрпейіс Байғанин да жырлаған. 
               – Мен “Қобыландыны” он жеті жасымнан жырладым, тұқымы жыршы Махует деген ақыннан үйрендім. Махуеттің әкесі Ділмағамбет, Ділмағамбеттің әкесі Бітеген, Бітегеннің әкесі Терлікбай, Терлікбайдың әкесі Бақы, Бақының әкесі Жаскелең, Жаскелеңнің әкесі Текберген деген атақты жыраулар өтіпті. Атадан балаға “Қобыландының” мен айтатын осы желісі қалған екен” – дейді Нұрпейіс.  
            “Қобыланды батыр” көлемді жыр болып бірден туа салмаған. Ол өзінің қалыптасып даму процесінде халықтың тұрмыс-тіршілігіне, қоғамдық өмірдің әр алуан талап-тілегіне сәйкес елеулі өзгерістерге ұшыраған; әрбір тарихи кезеңнің, қоғамдық ой-сананың, түрлі көзқарастардың көптеген әсерін бойына сіңірген. 
            Мәселен, жырдың Марабай, Мергенбай, Біржан, Құлжан, Досжан айтқан нұсқаларында Қобыландының алысатын жаулары кілең қызылбастар болып келеді, ал, Нұрпейіс, Айса, Мұрын жырлаған нұсқаларда бас кейіпкер қалмақтармен күреседі. Батырлық жырларда “қызылбас”, “қалмақ” деген атаулар әр кезеңдегі шапқыншы жаулар ретінде бірінің орнына бірі ауысып айтыла береді. Бұл жағдай тек қазақта ғана емес, көршілес қарақалпақ, өзбек, қырғыз, түркімен халықтарының эпикалық шығармаларында да жиі кездеседі.  
                “Қобыланды” жыры – тайпалық эпос түрінде туып, бірте-бірте жалпыхалықтық жырға айналған қазына. Қазан төңкерісінен бұрынғы фольклортану ғылымында бұл жырды орыс патшасы Иван Грозныйдың 1552 жылғы Қазан хандығын жаулап алу оқиғасымен байланыстыра қарау басым болды. Кезінде Мәлік Ғабдуллин бұл пікірге қарсы шығып, “Қобыланды” жырының одан үш жүз жыл бұрын ХІІІ ғасырдағы парсы жерін билеген Шыңғыс ханның ұрпағы Ғазан ханға қарсы күрестің барысында туған эпос екенін жазған еді. Жалпы, “Қобыланды” жырының нұсқалары батырды бес түрлі кезеңге апарып телиді. Солардың алғашқысы ІХ-Х ғасырлардағы пешенег дәуірі, екіншісі ІХ-ХІ ғасырлардағы оғыз-қыпшақ заманы. Үшінші-төртінші кезең ХV-ХVІ ғасырлардағы Ноғайлы ордасы мен Өзбек-Қазақ ұлысы кезеңімен байланысты. Ал жырдың қайсыбір нұсқалары батырды бергі ХVІІІ ғасырдағы Жоңғар жорығына араластырады. Әлбетте, мұның бәрі фольклор заңдылығына сәйкес, осы жырды жырлап таратушы жыраулардың елін сүйген, елі сүйген баһадүр батырға ділгірлігінен, белдеуден ат кетпеген беймаза замандардағы халықтың батырға зәрулігінен туған. 
               Шын мәнінде Қобыландының өмір сүрген дәуірі белгілі. Бұл — тарихи ақиқат. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі шыққан төл энциклопедиямызда мынадай жолдар бар: “Қара қыпшақ Қобыланды – (шамамен ХV ғасырда өмір сүрген) батыр, тарихи қайраткер. Көшпелі өзбек мемлекетінің негізін қалаушы Әбілхайыр ханның бас батыры. Қазақ шежіресінде Қобыландыны Қара қыпшақтан тарайтын Тоқтарбайдан туғызады. Қобыландыдан Беркімбай, Беркімбайдан бес таңбалы Қыпшақ ұрпақтары өрбиді... Ел аузындағы деректерге қарағанда, оның бейіті Қобда өзенінің бойында”, – делінген. Қобыланды батыр – шын мәнінде қайталанбас эпостық образ деңгейіне жеткен тарихи тұлға. Кейінгі кешенді зерттеулер Қобыланды батырдың ХV ғасырда Сырдың бойында хандық құрған Әбілхайыр тұсындағы Өзбек-Қазақ кезеңінде өмір сүргенін айғақтайды.  
                Ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың жазуынша, Қобыланды батыр Әбілхайыр ханның екі төбе биінің бірі болған. Себебі, әзірге белгісіз, Қобыланды ханның “Ақжол” биі атанып кеткен екінші биі Дайырқожаны ұрып өлтіреді. Жырда айтылатын Дайырқожаның әкесі Қотан жыраудың: “Қара қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным, сексен асып таянғанда тоқсанға, тұра алмастай үзілді ме жұлыным, адасқанын жолға салдық бұл ноғайлы ұлының, аққан бұлақ, жанған шырақ жалғыз күнде құрыдың, Қара қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным!” деп келетін жыр жолдарының өзі батырдың Өзбек (Әбілхайыр) хандығының іргесі шайқалатын тұста ғұмыр кешкеніне дәлел бола алады.  
                Бір қызығы, аталған жоқтауда Қобыландыға қатысты ешқандай жазғыру жоқ, жырау атышулы батырмен ұстасқан баласының өліміне күйініш білдіреді. Өзбек ханның мұрагері – Әбілхайыр Шәйбанидың қабырғалы екі биінің арасындағы осы оқиға, түптеп келгенде ұшса құс қанаты талатын ұлан-ғайыр жерді алып жатқан үлкен бір ұлыстың екіге жарылуына себеп болғанға ұқсайды. Осылайша ел іші алатайдай бүлініп, Керей мен Жәнібек сұлтандардың хандықтан кетіп, мұның аяғы Шу бойындағы Қозыбасы тауының етегінде дербес Қазақ хандығының құрылуына алып келеді. Бір жағынан Қобыланды батырды ұлтымыздың бүгінгі атауының қалыптасу шағының бастауында тұрған тарихи тұлға десек те болады. 
              Осыған орай белгілі тарихшы Қойшығара Салғараның мына пікірін де ескермеске болмайды. Ол өзінің “Қазақтар” атты роман-эссесінде: “...Қобыландының Дайырқожаны өлтіруі – елді екіге айыруының себебі емес, тек желеуі, ал, елдің екіге айрылуының тарихи шындығы басқада. Есен Бұғының Керей мен Жәнібек сұлтандарға Шу өңірінен шұрайлы жерді сайлап беруінде терістік шығыстан еміне енген ойраттар мен оңтүстік батыстан көзінің сұғын қадаған Ақсақ Темірдің шөбересі Әбу Сайд мырзаға арқа сүйеген өз ағасы Жүніске қарсы күресте өзбек жауынгер жігіттерін қалқан етемін деген мақсат, ізгі үміті жатыр” – деп жазады.  
              Қазақ эпосы бір автордың шығармасы немесе бір ғасырдың ғана жемісі емес. Оның тууының түп негізі сонау көне түрк эпикалық дәстүрінде жатыр. Орхон-Енесей жазбаларында ұшырасатын эпикалық стильдің элементтері осы ойымыздың айқын дәлелі бола алады. Зерттеушілердің пікірінше “түрк-моңғол халықтарының қаһармандық эпосы, оның пайда болу дәуірі біздің эрамыздан бастап көне Түрк қағанаты құрылғанға дейінгі аралықты қамтиды”. “Қобыланды батыр” эпосының сюжеттік желісі қыпшақ және оғыздардың эпикалық дәстүрімен, “Тоныкөк”, “Күлтегін”, “Қорқыт ата кітабы”, “Алпамыс батыр” жырларымен ұқсас, ортақ. Ендеше, “Қобыланды батыр” эпосын Алтын Орданың ыдырау дәуірінен бұрын туып қалыптасты деуімізге толық негіз бар.  
              Қазақ эпосының көркемдігінің жоғары болуына жыраулар мен жыршылардың сіңірген еңбегі айрықша. Батырдың ел-жұрты, ата-анасы, қалыңдығы және жан серігі – астындағы тұлпары – бәрі де эпоста әсерлі, асқақ бейнеленеді. Мұның бәрі эпос жанрының табиғатынан туындайды. 
               Осыған орай, Әбділда Тәжібаевтың: “Эпос бірден туа салмаған, жыраулар эпосты тудыру үшін алдымен дәуір, заман, ел ахуалы, тарихи тұлғалар туралы ұзақ толғаған. Мұны желі дейді. Желінің өзі күні-түні айтса таусылмайтын жыр болған. Содан соң барып батырдың қаһармандығы туралы эпос туған” – деген сөзі ойға оралады. Жыраулар эпосты домбыраға қосып, әуенмен жырлайды, кей-кейде оны тоқтатып ұзақ толғау сарынға түседі. Қалай орындалған күнде де жыр салтанатты болған. Қазақ эпосы турасында біршама зерттеулер жасаған профессор Н.Смирнова эпикалық тақырыптарға арналған күйлер де болатындығын атап көрсетеді. 
                 Эпостың негізгі қаһарманы – хас батырдың бойына адалдық, батылдық, алыптық секілді асыл қасиеттер жинақталып беріледі. Батырлық эпос ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан көне, дәстүрлі жыр, ол негізінен жатқа айту арқылы жалғасады. Бір жыршыдан екінші айтушыға ауызекі жету жолында әрбір қисса қисапсыз өзгерістерге ұшырайды. Әр алуан жүйріктер ғасырлар бойы бірінен-бірі іліп алып жырлағандықтан, бастапқы шығарған автордың немесе алғашқы орындаған жыраудың есімі ұмытылып қалуы да заңдылық. Осылайша ол халықтық шығармаға айналады. 
               Тарих тауларының тасасында қалған алыс-жұлысты жаугершілігі мол ерте заманнан күні кешеге дейін, анығырақ айтқанда, кітап шығару ісі жолға қойылғанға дейін батырлар жыры – эпос ұрпақ тәрбиесін түбегейлі мойнына алған академия секілді еді. Біріншіден – батырлар жыры ерте бастан баланың дүниеге, алыс-жақынға деген көзқарасын қалыптастырды, туған жерге деген оттай ыстық сүйіспендігін оятты; екіншіден – елін, жерін сүюдің тамаша үлгісін көз алдына елестете отырып, жау мен жанашырдың ара жігін ажырата білуге баулыды; үшіншіден – халық тілінің қайнар бұлағынан емін-еркін сусындатты. Шешен сөйлеуге, логикалық силлогизмге сай ойды дәл, ұғынықты етіп жеткізуге; төртіншіден – жарық дүниені көркем бояумен көретін суреткерлікке; бесіншіден – шапшаң ойлап, дүниені жіті көзбен көруге таптырмайтын құрал болды. 
               Эпостық жырлардағы бір ерекшелік – олар күйкі тірлік, күншілдік, пендешіліктен ада. Кейіпкерлері шетінен ірі сөйлеп, кесек турайды.  
               Қазақ батырлық жырларын шыққан заманына және тарихи кезеңіне қарай төрт дәуірге бөлуге болады дей келе, ғалым Е.Ысмайылов “Қобыланды” жырын ХІV-ХVІ ғасырлардағы ноғайлы заманының батырлар жырына қосады. Қайғысы мен қасіреті мол, шытырман оқиғалы ноғайлы заманынан қалған жыр аз емес. Халық тарихындағы осы бір аса ауыр кезең жырларда, күйлерде анық сақталып қалған.  
              Ә.Марғұлан “Қазақ эпосының сипаты және оның тарихи шарттылығы” атты еңбегінде қазақ эпостарының туу тарихын бес кезеңге бөліп қарастырады.  
1. Архаикалық кезең. Ол исламшылдыққа дейінгі түрк аңыз, мифтері негізінде жасалған туындылар. Көне ұлыстардың сыртқы жауға қарсы күресін бейнелейтін тәңірі культі, ата-баба әруағы культі, көк бөрі культі, аққу, қыран құс культі. Мысалы, Күлтегін жоқтауы, Құла мерген, Шолпан мерген, Ер Төстік, Ақ Көбек, Оғыз Қаған туралы аңыздар, т.б. 
2. Оғыз-қыпшақ дәуірі (ІХ-ХІІ). Бұл кезең жырлары Қытай, Иран, Византия, Араб шапқыншыларына қарсы күресті арқау еткен. Мысалы, “Қорқыт кітабы”, “Алдар көсе”, “Қозы Көрпеш” т. б. 
3. Ноғайлы дәуірі (ХІІІ-ХVІ) – “Бөген батыр”, “Едіге”, “Қобыланды”, “Ер Сайын”, “Қамбар”, “Мұсахан”, “Орақ”, т.б. 
4. Қалмақ шабуылы дәуірі. ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы “Құба қалмақ” заманы. Абылай заманындағы батырлар туралы жырлар, Олжабай, Қабанбай, Бөгенбай, т.б. батырлар туралы жырлар. 
5. Кейінгі дәуір. Қазақ батырларының хан, сұлтандарға, патшаларға қарсы күресін бейнелейтін Сырым, Исатай-Махамбет, Бекет т.б. туралы жырлар.  
             Профессор Б.Кенжебаев өзінің 1940 жылы жазған “Қазақтың халық эпосы” атты зерттеуінде: “Халық өмірінің диалектикалық даму жолдары сол халықтың әдебиетін, өнерін, анығырақ айтқанда, эпикалық жырларын, ертегі- аңыздарын туғызады. Өнердің бәрі өмір тәжірибесінен алынады. Әрбір халықтың тарихы күрессіз өтпеген. Сол күрес жолында халық ішінен қол бастайтын көсемдер шығады. Олардың жеңісін, тапқырлығын халық аңыз, жыр етеді. Міне, эпос осылай туады”, – деп топшылайды. “Қобыланды батыр” атты мақаласында Қобыланды тарихта болған ба, болса қай заманда деген сұраққа жауап іздейді.  
              Қобыланды Ақсақ Темір мен Тоқтамыс хан тұсында (ХІV-ХV ғ.) өмір сүрген. Оған дәлел: “Тоқтамыспен егескен Едіге батыр Ақсақ Темірге барып қолбасы болғанда, оның артынан кері қайтаруға тоғыз кісі жіберген. Соның бірі Қарақыпшақ Қобыланды болыпты”, – дейді.  
               “Қобыланды батыр” жырында ұшырасатын негізгі қаһармандар есімдері Алтын Орданың ыдырауы мен Қазақ хандығының құрылуы оқиғаларының ортасындағы тарихи тұлғалар. Тарихи Қобыландының Алтын Орда ыдырап, Қазақ хандығының құрыла бастаған кезінде өмір сүргеніне жазба дәлелдің болмауы, оның сол дәуірде өмір сүргендігін жоққа шығармайды. Ал, Алтын Орданың ыдырап, Қазақ хандығы құрылған дәуірде тарихи тұлғалар қатарында Қобыландының да тарихи жырда, эпоста, шежіре, аңыздарда көрінуі кездейсоқ емес. Көшпелі түрк халықтарында тарихи аңыз, жыр, шежіреге тарихи дерек көзі ретінде қарастырылады және сол деректердің көбі жазба мағлұматтармен сәйкес келеді.

Сондықтан да “Қобыланды батыр” эпосының, зерттеушілер айтып жүргендей, Әбілхайыр ханның ұлысы екіге бөлініп, халқымыздың тарихында шешуші рөл атқарған 1456 жылғы Қазақ хандығы құрылар алдындағы ұлысаралық өзара қақтығыстарды бейнелейтін және осы кезеңде туып қалыптасқан аса құнды эпикалық туынды екендігі даусыз.

“Қобыланды батыр” тақырыбын зерттеуге саналы ғұмырын сарп еткен ғалым Оразкүл Нұрмағамбетова еді. Ол өзінің “Қазақтың қаһармандық эпосы” атты еңбегінде эпосты көркем шығармаға жатқызады. “Әрбір эпикалық герой халықтың ойынан, арманынан туған. Мысалы, Қобыландыны да, Құртқа мен Қарлығаны да ешбір тарихи кісінің атымен байланыстыруға болмайды. Бұлар халықтың қиялы тудырған халықтық бейнелер”, – дейді.

Өз басым бұл пікірмен келісе қоймаймын. Өйткені, қай эпос та тарихи оқиғадан, шындықтан туады. Сөйтіп, ол шындық та, эпос қаһарманы да бірте-бірте көркем образға айналады. Қазақ жыраулары ешқашан қиялдан эпос, дастан тудырмаған. Олар өмір сүрген, халқына қорған болған батырларды, қайраткерлерді жырлаған, дәріптеген. Эпос қаһармандары қиялдан туды дейтін пікірден біз үзілді-кесілді арылуымыз керек. Жыр жайлы жазылған зерттеулерде ғалымдар пікірінің бір жерден шыға бермейтіні, қызу пікірталастардың көп болатыны да даусыз. Алайда, оған пәлендей күмәнмен қарауға болмайды. Өйткені, шындық пікір таласынан туады.

Жоғарыда айтқандай қазақ жырауларының “Қобыланды батыр” жырын жырламағаны жоқ. Өзге де батырлар жыры секілді “Қобыланды батыр” эпосының алғашқы нұсқасын кім шығарды, одан кім үйренді, бүгінгі бізге жеткен нұсқалары қай кезде айтыла бастады деген сұрақтарға кесіп-пішіп жауап беру қиын. Қалай дегенде де эпостарды батырдың шайқасын көзімен көрген, тарихи оқиғаға куә болған жыраулар шығарған. Және де сол жыраулардың бәрі де шетінен батыр болған. Халық тағдырын, ел тағдырын ол кезде батырлар шешкен. Соғыс аяқталысымен батырдың ерлігі туралы жыр шығарған. Эпостағы батырлар қиялдан тумаған. Тарихи шындықтан туған. Эпостық жырды тудыруға бір жыраудың өмірі жетпеген. Ұрпақтары ұластырып жырлаған. Өкінішке орай, бізге осы байтақ жырлардың жұрнақтары ғана жеткен.

Жыраулар – әрі дана, әрі көсем, әрі батыр, әрі қайраткер, қысқасы өз заманының озық ойшылдары еді, тұла бойына тарих тұнған шежірешілер еді. Көрінгенді көсем деуге болмайды. Қазақ жырауларын Алланың ерекше жаратқан жандары, халық мұңшылары, жоқшылары десе де болады. Иоллық-Тегін, Тоныкөк, Сыпыра, Қазтуған, Үмбетей, Шалкиіз, Бұхар, Ақтамберді, Жамбыл, Нұрпейістер сондай абыздар, сондай жыраулар еді. Олар миллионнан астам жыр жолдарын жатқа айтқан. Олардың есте сақтау қабілеті, жады ерекше болған. Адам баласы өміріндегі осы бір ғажайып құбылысқа таң қалмасқа болмайды. Мәселен, Жамбыл “Мың бір түнді” он жеті күн, Көрұғлыны отыз күн-отыз түн жырлаған. Осындай алтын сандық кеуделі, басына тұтас бір халықтың тарихын сыйдырған жырауларды ұлықтап, олардың қазақ қоғамындағы ерекше орнын біз әлі айқындай алғанымыз жоқ. Сол абыздарымыз бен көсемдеріміздің әруағы алдында, біз әлі күнге белшеден қарыздармыз. Жыраулық ақындықтан әлдеқайда биік ұғым. Жырауды жыршымен еш шатастыруға болмайды. Екеуінің арасы жер мен көктей. Байтақ жырларды жыраулар ғана тудырған. Олар өз заманының шын даналары, көрегендері, сәуегейлері еді. Ал, жыршылар болса, жырды жаттап алып айтушылар.

Дүние жүзі халықтарының батырлық эпосында тұрақты кездесетін күрделі де көне мотивтердің бірі – болашақ батырдың дүниеге таңғажайып жағдайларда келіп, елден ерекше болып өсетіндігі. Қыз Жібектің көшіндей ырғалып көз алдыңнан өтетін эпостардағы қазақ қыздарының образы қандай? Қас батырдың жанына жалау бола білген, қажет болса қолына қару ұстап, ел қорғаған батыр қыздардың кескіні халық батырларымен бірдей суреттеледі.

Сонымен бірге, эпостарда жаугершілік заман талабына сай батырдың ұрыс алаңындағы ең сенімді серігі, әрқашанда ажырамас жолдасы, жақын жанашыры – астындағы тұлпары. Қандай қаһармандық эпоста болсын, батыр мен тұлпарының айнымас достығының ерекше әңгімеленетіні де сондықтан. Бұл дүниежүзілік эпоста ең көп тараған, ең көп жырланатын тақырып. Қажет болғанда тұлпарға тіл бітіп, иесімен тілдеседі, қиналғанда ақыл табады, иесін қауіп-қатерден құтқарады. Мәселен, Тайбурыл Қобыландыны “алты айшылық жолды алты күнде алып”, алыстағы Қазан ханның еліне “намаздыгер-намазшамға дейін” жеткізеді. Манастың Аққұласы да шапқанда “құланша құлақ жымырып, құйынша жерді сыпырып, желісіне жел жетпей” зулайды. Аққұла шапқанда үстіндегі қорғасындай Манасты құмалақтай көрмесе, Тайбурыл үстіндегі Қобыландыны тақиядай көрмейді.

Қаһармандық жырларда ең әуелі батырға лайық тұлпарды тап басып тани білуге, оны баптап өсіруге үлкен мән берілуі содан болса керек. Манастың Аққұласы, Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы, Ер Тарғынның Тарланы, Қамбардың Қарақасқасы секілді желден жүйрік, құстан ұшқыр тұлпарлардың шабысын суреттеу батырлық эпосқа ортақ тұрақты мотив. Бір қызығы, Тайбурылдың шабысы – Қобыланды батыр жырының барлық нұсқаларында еш өзгеріссіз кездеседі. Көлемі әр нұсқада 350 жол мен 235 жолдың арасында толқып отырады. Біздің ойымызша, Қобыланды жырының ең тұрақты тарауы – “Тайбурыл” эпизодын о баста өте талантты бір жырау шығарып, кейін барлық айтушылардың репертуарына еш өзгеріссіз еніп, сол қалпында ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырған. Бұл көшпелі жұрттың жылқы малына деген ғасырлар бойғы сүйіспеншілігінен туса керек. Қазақ “ер қанаты – ат” дейді. Эпостардағы тұрқы бөлек тұлпарлар халқымызбен бірге жасап келе жатқан қанатты құдіреттерге деген ыстық махаббаттан туған. Және олар өмірде болған. Жылқы малын кеше Абай да жырлады, Ілияс Құлагерді жырлады. Қазақпен егіз ұғымға айналып кеткен қазанат тұлпарларды талмай жырлау бүгінгі ақындардың да парызы.

“Қобыланды батырды” жырлаған жыршы-жыраулар эпостың ең ұтымды жерлерін өзгеріссіз сақтап, жырдың М.Әуезовтың сөзімен айтқанда “тұрақты, айнымайтын” өзегін жасаған. “Қобыланды батыр” жыры – көркемдік қасиеті жағынан да дүние жүзі эпостарының алдыңғы қатарында тұрған ең тамаша әдеби ескерткіштердің бірі. Бұл жырды әлем халықтарының батырлық жырлары сияқты классикалық эпостар қатарына қосуға әбден болады. Өйткені, Қобыланды туралы жырда классикалық эпосқа тән типтік қасиеттердің бәрі кездеседі.

“Қобыланды батыр” жыры қазақ эпосындағы күрделі де кесек туынды. Жырдың композициялық тұтастығы, сюжет желісінің тартымдылығы, стильдік көркемдік ерекшеліктері бұл нұсқаның сан ғасыр таңдаулы сөз шеберлерінің талқысынан өтіп, бізге әбден шыңдалып жеткендігін айғақтайды.

Қобыланды – туған елін, туған жерін жаудан қорғаған қаһармандықтың символы, қалың елінің мұңын мұңдаушы, жоғын жоқтаушы. Жауға ел намысы үшін, халқының жауда кеткен кегін қайтару үшін аттанып, ылғи жеңіспен оралады. Ақын-жыршылар эпостағы барлық оқиғаны Қобыланды төңірегіне топтастырып, оны арыстанға, көк бөріге, алғыр қыранға, ақсұңқарға, қырғиға теңеп суреттейді.

Қобыланды – ерліктің символына айналған тарихи қайраткер. Қазақ эпосындағы Қобыланды бейнесі – ол қайсар рухтың символы. “Қобыланды батыр” эпосы туралы қазақ әдебиеттану ғылымында аз жазылған жоқ. Халық бойына отаншылдық сезімін сіңдіріп, эстетикалық тәрбие беруде үлкен рөл атқарып келе жатқан осы бір күрделі көркем жыр жайындағы сөз жалғаса беретіні де анық.

“Қобыланды” жыры тек қазақ халқының ғана емес, сонымен бірге ноғай, қарақалпақ халықтарының да тарихи туындысы. Десе де Қобыландыны қазақтай жырлаған халық жоқ. Біздің қазақ – телегей теңіз жыр тудырған, аспанында ән қалықтап, күй шалқыған халық. Ел тізгіні өзгенің қолында болған кеңестік тоталитарлық жүйе бізге Қобыландыны тарих емес, ертегі деп оқытты. Шындығында бұл жырда біздің бабаларымыз басынан кешкен байтақ тарих жатыр.

Қобыландының Алтын Орданың ыдырау кезеңінде өмір сүріп, Қобда жерінен мәңгілік тыныс тапқан тарихи тұлға екендігі сөзсіз. Батырлық жырдың Марабай, Мергенбай, Нұрпейіс нұсқаларындағы жер-су аттарының – Ақтөбе облысындағы жергілікті атаулармен сәйкес келуі де тегін емес.

 

 

Пайдаланылған   әдебиеттер:

  1. Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет.ISBN 9965-893-73-Х
  2.   Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

    «Алпамыс  батыр»  жыры

“Алпамыс батыр” — қазақ халқының қаһармандық эпосы. Терең мазмұны, көркемдігі мен тарихи шындықты қамтуы жағынан “Одиссея”, “Манас”, “Калевала”, “Қобыланды батыр” т.б. жырлар секілді әлемге танымал эпостық жыр. “Алпамыс батырда” халықтың басынан өткен қаһармандық оқиғалар эпик. әсірелеу заңдылығымен берілген. Жырда талай заманның түсінігі, дүниетанымы, шындығы қат-қабат қорытылып, полистадиялы түрде жинақталған. Мұнда түрік қағандығы дәуіріндегі (5-7 ғ.) азаттық үшін күрестің сарындарынан бастап, 17-18 ғ-ғы қалмақ шапқыншылығына қарсы қаһармандық ұрыстардың нақтылы елестері де сезіліп отырады. Зерттеушілер (В.М. Жирмунский т.б.) “Алпамыс батыр” жырында көне дәуірдің салт-санасы, ғұрпы, неғұрлым айқын бейнеленгенін атап өткен. Жыр дәл қазіргідей класик. бүтіндікке замандар бойында жетілу, толығу арқасында жеткен. Әсіресе, жырдан батырлық ертегілердің жігі айқын байқалуы эпосты ең байырғы туындылардың бірі деп есептеуге мүмкіндік береді. Мыс.: жырда қарт ата-аналардың жаратқаннан перзент тілеп әулиелерге түнеп мінәжат етуі, болашақ батырды зарығып көруі; жас қаһарманнның жедел ер жетіп, айрықша қайрат танытып өзі таңдап жүйрік ат мінуі; жау шапқыншылығына ұшыраған елінің кегін қайтарып, туған елін бақытқа кенелтуі; өзіне өмірсерік болатын сұлу жар таңдап бақытты өмір кешуі секілді ежелгі батырлық ертегілерге тән тұрақты сарындар жырда мейлінше анық және толық көрсетіледі. Алпамыс жау зынданында жатқан кезінде оның қалыңдығы Гүлбаршынды Ұлтақұлдың зорлықпен алуға ұмтылуы, батырдың өз әйелі “тойының” үстінен шығуы бұл эпосты ертедегі гректің “Одиссеясымен” үндестіреді. Әлбетте жырдың ең қызықты тармағы қазақ халқының бертіндегі тарихи өмірінің сипатын беретіндігі. Қазақ халқының 17-18 ғ-да қалмақ жаулаушыларына қарсы күресі көптеген жырларда фабулалық шынайы көрініс береді. Жырда көрсетілген жер, мекен, адам аттары, елдің шаруашылық кәсіптері, салт-ғұрыптары эпостың қазақ халқының төл туындысы екендігін дәлелдейді. Қаһармандардың туып-өскен, өмір кешкен елі — Жиде байсын, нақтылы тайпасының аты — қоңырат болып көрсетілгені көптеген ғалымдардың, соның ішінде Жирмунскийдің дастанды қоңыраттардың тайпалық эпосы деп айтуына мүмкіндік берген. Дегенмен, эпоста сипатталатын оқиғалар, адамдардың іс-әрекетінің молдығы, сан-дәуірдің наным-сенім ерекшелігін танытатын тұстары эпостың шеңберін бүкілқазақтық көлемге көтереді. “Алпамыс батыр” жырының халықтың есінен мәңгілік ұмытылмастай орын алу себебі тарихи әлеум. шындықтың биік көркемдікпен жырлануында. Мұндағы бейнеленетін көріністердің бәрі де қазақтың көшпелі өміріне тән мейлінше етене жәйттер. Байбөрі мен Байсарының бір-бірімен уәде байласып құдандалы болуы, қадым замандағы нағыз қазақтың шындығы. Құдалардың көкпар үстінде бір-бірімен өкпелесіп, Байсарының жат елге көшіп кетуі, барған жерінде зәбір көруі, ақырында Гүлбаршын сұлуды Алпамыс батырдың іздеп тауып, көп қиыншылық, азапты оқиғалардан соң алып қайтуы ұзақ жылдарға созылған жаугершілік заманның елестері. Әлбетте Алпамыс та, Гүлбаршын да мейлінше әсіреленген. Идея, мұрат дәрежесіне көтерілген бейнелер. Батырға тән ерекше қасиеттер: жаудан сескеніп қорықпайтындық, қалың дұшпанға қарсы шабатын, намыс пен арды жоғары қоя білетіндік, еліне қамқорлық Алпамыстың басынан табылса, әйел атаулының ең ұнамды сипаттары болып табылатын ақылдылық, мінезділік, опалылық сынды белгілер Гүлбаршынға тән болып көрінеді. Бұндай бейнелер халықтың ең ізгі адамдар туралы ұғымына, арманына сәйкес келеді. Эпостың қай заманда да халық көңіліне дөп келетін қасиеттері мұнда болғанды ғана емес, болуы мүмкіннің де жинақталып берілуінде. Алпамыстың отқа салса күймейтін, оқ өтпейтін, қылыш кеспейтін болып көрінуі халықтың ешқашан жойылмайтын, жаңсылықтан үмітін үзбейтін дәл осындай ел перзенті болса дейтін аңсарынан туған.

“Алпамыс батыр” жыры ел арасында замандар бойында айтылып келгенімен баспа жүзін алғаш рет 1899 ж. (“Қисса И-Алпамыш”, Қазан) көрген. Қазан төңкерісіне дейін бұл жыр 7 рет қайталанып басылып шыққан. Жырдың ел арасындағы түрлі нұсқаларын іздеп тауып, хатқа түсіріп орысша мазмұнда бастырған атақты фолькоршы Ә.Диваев. Ол бұл жырдың бір нұсқасын қарақалпақ бахшысы Жиемұрат Бермухамедовтан, тағы бірер нұсқасын Шымкент оязының тұрғыны Е.Ақылбековтің қолжазбасынан алған. Кеңес жылдарында өзге де батырлық жырларымен қатар “Алпамыс батыр” сан рет қайта басылды. Оның тарихи, көркемдік мәні мен орны туралы М.Әуезов, С.Сейфуллин, Қ.Жұмалиев, Ә.Марғұлан, М.Ғабдуллин, Н.Смирнова, Т.Сыдықов сынды зерттеушілер арнаулы еңбектер жазды. Бұл қатарда орыс ғалымы Жирмунскидің түрік батырлық эпосы туралы монографиясын айрықша атап өтуге болады. “Алпамыс батыр” жырының дүние жүзіне мәлім болуына осы аталған еңбектің пайдасы зор болды. Жырдың аса тартымды, кең танымал болуының тағы бір сыры оның фабулалық желілерінің түрік тілдес халықтарда да ұшырауына байланысты. Қазақ халқының бірнеше ертегілерінде “Алпамыс батыр” жырының оқиғалық сарыны кездеседі. Татар, башқұрт халықтарында бұл тақырып ертегі түрінде айтылады. “Қорқыт Ата кітабы” мен “Алпамыс батыр” жырының тараулары арасындағы ұқсастық тарихтың тағы да бір терең қабаттарына бойлатады. Мұның өзі қыпшақ-оғыз халықтарының бір заманда Сырдария бойларында ұзақ уақыт аралас өмір кешкендігінің де куәлігіндей. Тәуелсіздік туын көтерген көптеген түрік халықтары егемендік алған заманда бұл елдердің ерте кездегі өнер байланысын, тағдырлыстығын, мүдделерінің ортақтығын, көркемдік ойлау мәдениетінің жақындығын көрсететін этник. туыстықты дәлелдейтін нағыз қымбат куәліктің бірі “Алпамыс батыр” жыры болуы оның халықар. деңгейдегі мәнін арттыра түседі. Алпамыс батырдың түп негіздерінің пайда болғанына 1200-1300 жыл толды деп тұжырымдауымызға да осы мысалдар айқын себеп. Жырдың үлкен, көркем поэзиялық нұсқалары туысқан қарақалпақ, өзбек халықтарында да кездеседі. Бұл көрсетілгендер “Алпамыс батыр” жырының көптеген түрік халықтарының бастан кешкен тағдыр-талайын еске салатын жалпы түріктік қасиетінің молдығын аңғартады. “Алпамыс батыр” жырының халық арасында айрықша қастерленуі оның түрлі нұсқасы көп болуына ықпал етті. Қазан төңкерісіне дейін бұл жырды Қазақстанның барша облысында айтып келгені белгілі. Сол нұсқаларда жырдың соны қырлары кездесіп отырады. Әсіресе “Алпамыс батыр” жыры Оңтүстік Қазақстан уәләятында мол таралғаны атап көрсетерлік. Бұл өлкеде осы жырдың түрлі нұсқаларын айтқан С.Аққожаев, Ә.Байтұрсынов, Е.Керімбетов, А.Нысанов, Ж.Жақыпов тәрізді ақын-жыршылар өмір кешкен. Әсіресе Сұлтанбек Аққожаевтың жазып алған нұсқасы “Алпамыс батыр” жырлардың ішіндегі ең толық әрі көркем түрі болып табылады. “Алпамыс батыр” күйтабаққа жазылған. Ауыз әдебиеті шығармаларының қымбат қасиетінің бірі жаңа жазба туындылар жасауға негіз болатындығында. “Алпамыс батыр” жырының оқиғалық, құрылыстық және көркемдік ерекшеліктері бірталай авторларды жаңа туындылар жасауға ұмтылдырған. Мысалы: Өзбекстан мен Қарақалпақстан қаламгерлері осы жыр негізінде пьеса жазды. Ал қазақ композиторы Е.Рахмадиевтің “Алпамыс” операсы (Либр. жазған К.Кенжетаев) құндылықтарымыздың қатарына қосылды.

Батырлар жыры - ќазақ ауыз әдебиетінің өте ертеден келе жатқан күрделі саласының бірі. Батырлар жыры бір ғасырдың ғана жемісі емес.Ол халықтың ертедегі тұрмыс-тіршілігіне, тарихына, қоғамдық өміріне байланысты туып, солармен бірге жасасқан. Сондықтан да батырлар жыры өзінің қалыптасып, даму процесінде көптеген өзгерістерге ұшыраған. XIX ғасырда батырлар жыры жазылып ала бастады. Бұл кезеңде көптеген ғалымдар қазақ эпостарын зерттеп, қағаз бетіне түсіре бастаған. Мысалы, Ш.Уәлихановтың, В.Радловтың, Н.Ильминскийдің, Г.Потанинннің, А.Васильевтің, Ә.Диваевтың,т.б. ғалымдардың жинап бастырған еңбектерін ерекше атауға болады.  
            «Алпамыс батыр» жыры – қазақ халқының батырлар жырының ішіндегі ең көнесі. Жыр дәл қазіргідей классикалық бүтіндікке ғасырлар бойында жетілу, толығу арқасында жеткен. Жырда көрсетілген жер, мекен, адам аттары, елдің шаруашылық кәсіптері, салт-ғұрыптары эпостың қазақ халқының төл туындысы екендігін дәлелдейді.Батырлардың туып-өскен, өмір кешкен елі – Жиделі-Байсын тайпасының нақты аты – қоңырат болып көрсетілгені көптеген ғалымдардың, соның ішінде Жирмунскийдің дастанды қоңыраттардың тайпалық эпосы деп айтуына мүмкіндік берген. Дегенмен, эпоста сипатталатын оқиғалар, адамдардың іс-әрекетінің молдығы, сан дәуірдің наным-сенім ерекшелігін танытатын тұстары эпостың шеңберін бүкіл қазақтық көлемге көтереді.  
           «Алпамыс батыр» жыры баспа жүзін алғаш рет 1899жылы («Қисса-и-Алпамыш», Қазан) көрген.Қазан төңкерісіне дейін бұл жыр 7 рет қайталанып басылып шыққан.Жырдың ел арасындағы түрлі нұсқаларын іздеп тауып, хатқа түсіріп, орысша мазмұнда бастырған – атақты фольклоршы Ә.Диваев болды.Ол бұл жырдың бір нұсқасын Ж.Бермұхамедовтен, тағы бірер нұсқасын Е.Ақылбековтың қолжазбасынан алған. /3.297/  
            Басқа да батырлар жыры сияқты «Алпамыс батыр» жыры да Кеңес үкіметі тұсында бірнеше рет басылған.Жырдың тарихи, көркемдік мәні мен әдебиеттегі орны туралы М.Әуезов, С.Сейфуллин, Қ.Жұмалиев, Ә.Марғұлан, М.Ғабдуллин, Н.Смирнова, Т.Сыдықов сынды зерттеушілер арнаулы еңбектер жазды.Бұл қатарда орыс ғалымы Жирмунскийдің «Түрік батырлық эпосы» туралы монографиясын атап өтуге болады. «Алпамыс батыр» жырының әлемге әйгілі болуына осы ғалымдардың жазған еңбектерінің пайдасы зор болды.  
«Алпамыс батыр»жырының халық арасында айрықша қастерленуі оның нұсқасының көп болуына ықпал еткен. Мысалы, қазақ тілінде жырдың 10-11 нұсқасы бар.Қазан төңкерісіне дейін бұл жырды Қазақстанның барлық облыстарында айтып келген.Жырдың түрлі нұсқаларын айтқандар С.Аққожаев, Ә.Байтұрсынов, Е.Керімбетов, А.Нысанов, Ж.Жақыпов тәрізді ақын-жыршылар болып табылады. Әсіресе, Сұлтанбек Аққожаевтың жазып алған нұсқасы ең толық, әрі көркем түрі. /3.297/  
             «Алпамыс батыр» жырының қалыптасу, даму тарихы жөнінде ғалымдар арасында түрлі көзқарастар бар. Әр ғалым өз тұрғысынан топшылайды. Мысалы, проф.В.М.Жирмунский мен Х.Т.Зарифов былай дейді: «Өзінің шығу тегіне қарағанда «Алпамыс» қоңыраттардың рулық эпосы...Қоңыраттардың ру есебінде тарихқа белгілі бола бастауы монғолдардың жаулап алуымен байланысты». Бұл пікірді проф.А.К.Боровков «Алпамыс» жырының туған кезі – XII-XIVғғ. арасы болуы керек дейді. Ал акад.Ә. Марғұлан «Алпамыс» қыпшақ заманында туған, содан қалған жыр екендігін айтады.Жырдың қазақша нұсқасын көбірек зерттеген ғалым Т.Сыдықов «Алпамысты» рулық,тайпалық кезден келе жатқан мұра ретінде атайды. /1.184/  
              Сонымен,біз жоғарыда «Алпамыс батыр» жырының қалыптасу тарихы, даму кезеңі туралы ғалымдардың пікірлерін келтірдік.Ал осы ғалымдардың қайсысының пікірі шындыққа жанасымды екендігін біз дәл айта алмаймыз.Себебі әр ғалым өзінің ғылыми дәлелдерін келтіре отырып, өз пікірін тұжырымдаѓан.Десек те, біз бұл жырдың бас кейіпкерлері өмірде болған ба, болса олар қай ғасырларда өмір сүргендігіне байланысты жырдың шамамен қашан қалыптасқандығын анықтауымызға болады.  
              Тарих беттерінен үңілетін болсақ, Алпамыс деген батыр тарихта болған адам екендігін байқаймыз.Ол шамамен б.з.б. 110-50 жылдары өмір сүрген қолбасшы, батыр болған./3.296/ Алпамыс батыр шүршіттермен соғыста ерекше ерлік көрсеткен қолбасы.Тайчу (Тайшық хан) ғұн мемлекетін біржола жою мақсатында көшпелілер еліне бірнеше дүркін әскер аттандырады.Осы әскерге қарсы бағытталып,бірнеше аптаға созылған жойқын шайқаста Алпамыс шүршіт әскерлерін ойсырата жеңеді.Кейіннен тағы бір жойқын соғыстардың бірінде Алпамыс батыр жау қолына түсуі жыр-дастанға айналып,біздің дәуірімізге жеткен.  
             Міне,бұл деректер Алпамыстың, Тайшық ханның өмірде болғанын, яғни жырдағы батыр образы өмірден алынғандығын дәлелдейді.Міне ,сондықтан да біз "Алпамыс батыр" жырының қалыптасу кезеңін, яғни жырдың қашан пайда болып, халық арасына қашан тарай бастағандығын анықтағанымыз дұрыс.Осы уақытқа дейін көптеген ғалымдар жырдың тілін, көркемдік ерекшелігін, жырдың композициялық құрылысын,т.б. зерттеген.Ал жырдың шығу кезеңі, қалыптасу тарихы туралы әлі де болса деректер аз. Сондықтан да осы "Алпамыс батыр" жырының қалыптасқанына қанша уақыт болғанын анықтап алғанымыз жөн. Ал ол мүмкін шаруа ма? Көп жұрттың фольклорында таралған көп нұсқалы жырдың жасын білу мүмкін бе? Әрине, бұл сұраққа жауап беру қиын. Алайда, жырдағы атауларға, топонимдерге қарап жырдың жасын анықтауға болады.  
           "Алпамыс батыр" жырының мифтік және эпостық бейнесінің бірнеше жасы бар.Ең бірінші,тек есімдерге негізделетін жас анықтауда Алпамыстың заманы ең бері дегенде тас ғасырының соңы мен қола дәуірінің бастапқы уақыттарына кетер еді. "Алпамыс" есімі түркі халықтарында әр түрлі аталса да, олардың барлығының да бастапқы формасы біреу, ол - Манас.Бұл - мифологиялық адам жаратылу тарихындағы бірінші адамның есімі.Топан судан кейінгі адамзаттың атасы болған Манас туралы үндіарийлік миф сақталған. Алпамыстың сүйген жарының есімі - Гүлбаршын.Оның бұл есімінің кейінгі ғасырларда қалыптасқандығы көрініп тұр. Ал "Қорқыт ата" кітабында Банушешекті Гүлбаршын деп алсақ, оның бастапқы есімі Ману (Бану) болуы мүмкін. Сонымен,Манас (Алпамыс) пен Манудың (Гүлбаршын) есімдері бір көне түбірден өрбігені көрініп тұр, екеуінің есімі де мифтік алғашқы адамдардың еркектік және әйелдік нұсқалары болып табылады. Манас пен Ману - топан судан кейінгі алғашқы адамдар қосағы.Топан су туралы мифтің үндіарийлік нұсқасының б.з.б. 2-ші мыңжылдықта қазақ жерінде арийлік және ең алдымен жергілікті прототүркілік жұрт түсініктері негізінде қалыптасқанын ескерсек, есімізге бірден Шымкент маңындағы қасиетті Қазығұрт тауы еске түседі.Осы аймақ жұрттары арасында топан су туралы миф қалыптасқан, ал үндіарийліктер тек оны қазақ даласына келгесін игеріп, кейіннен Ману туралы өз түсініктеріне негізделген жаңа миф жасап алған.  
Әмірхан Балқыбектің "Қазығұрт, топан су және жебірей "Інжілі" " деген мақаласында ("Жас Алаш",2000,17 тамыз) да Қазығұрт пен үнді мифінің сабақтастығы туралы айтылған.Автор киелі таудың көне атауларына қатысты кейбір құнды тұжырымдар жасаған,солардың бірі - Қазығұрттың бір кездері "Манкур" деп (Бируни жазбаларында,10-11 ғғ.) аталғандығы."Манкур" сөзінің төркіні "Ман тауы" (кур - шумер-прототүркі тіліндегі "тау"дегенді білдіреді).Ә.Балқыбек сонымен қатар Қазығұрт іргесіндегі Мансары тауы мен Мансары әулиенің бар екендігін де айтады.Міне,осындай "ман"-дар қатарында қазақ жеріндегі "топан суды көрген тау" Манкур деп аталатын болса,оның Ману мен Манасқа тікелей қатысты екендігін аңғару қиын емес.Бұдан шығатын түйін:Манастың (Алпамыс) мифтік тұлғасының қалыптасқан нүктесі - Қазығұрт тауы, ал қалыптасу уақыты - ең бері дегенде б.з.б. 3 мыңжылдық болып шығады.Олай болса, Алпамысқа - 4000-5000 жыл деп айтуымызѓа болар еді, біраќ түркі халықтары "Манас" туралы, топан су туралы, алғашқы адамдар туралы мифті сақтай алмаған, сондықтан алдыңғы көрсетілген уақыт мөлшерін жырдың жасы ретінде көрсете алмаймыз.  
               Қазақ жырының үзіндісіне үңілсек, Алпамыстың елі - Жиделі -Байсын деп аталады.Ол - бүгінгі Өзбекстанның Сурхандария - Қашқадария аймағы. Алпамыс батырдың екінші жорығы "қалмақ елінде" өтеді. Мұнда ол тұтқынға түсіп, бірнеше жыл зынданда жатады..Алпамыс Кейқуат-ешкішінің,қалмақ ханының қызы Қаракөзайымның және мінген аты - Байшұбардың көмегімен зынданнан шығып, қалмақ еліне ойран салады,содан жаңа мемлекет орнатып,оның басшысы етіп кешегі ешкі баққан Кейқуатты қояды.  
          Ал Кейқуат - "Авестадағы" Кави Кавадтың (Фердоусидің "Шахнамасындағы" Кай Кубадтың) бейнесі болуы мүмкін,дегенмен оның есімінен белгілі бір тарихи астар іздер болсақ,ойымызға бірден Сасанидтер дәуіріндегі Иран шахы Кай Кубад (488-531ж) есімі келеді.Бұл - Орта Азиядағы түркі тілді көшпелілер, яғни "ақ ғұндар" немесе "хиониттер" деп те аталған эфталиттердің заманы (5-6ғғ) Сасанидтік парсылар мен эфталиттер арасында қақтығыстар жиі болып тұрған, бірақ басымдық соңғылардың жағында еді. Кай Кубад та эфталиттермен бірнеше рет соғысады,барлығында да жеңіліп қалады.496 жылы Ирандағы сарай төңкерісі кезінде тақтан тайдырылып,түрмеге қамалған Кай Кубад қашып шығып, эфталиттерге барып,пана сұрайды.Рақымшылығы молырақ көшпелілер патшасы оған пана болып,қызын әйелдікке береді,әскер қосып, Ирандағы билігін қайтарып алуына көмектеседі.  
              Міне,Алпамыстың ешкіші Кейқуатты қалмақ елін жеңгеннен кейін сол елге патша етуі сияқты жыр оқиғасы мен тарихта болған белгісіз эфталит патшасының Кай Кубадқа Ирандағы билікті қарудың күшімен алып бергендігі жөніндегі оқиға белгілі бір деңгейде ұқсас болып тұр..  
Жырда кездесетін топонимдер жырдыњ жасын анықтауға мүмкіндік береді. Мәселен, жырдағы топонимдердіњ ішінен "Қарахан тауды" ерекше атауға болады. Мысалы:  
Қарахан тауда бабамыз,  
Сірә,қабыл болған да…

Қарахан таудың түлкісі,  
Келмейді ердің күлкісі....

Қарахан тауда қамалым,  
Баяғыдай бола ма ......

Қарахан таудың аршасы,  
Түсіп қалды үстіме.....

         Осы жолдардағы Қарахан таудың мифтік-поэтикалық бейнесі айқын, ол - Жерұйық сияқты киелі кеңістікті көрсетеді ."Қарахан" сөзінің төркіні "қанғ"-кеңістік, ел, территория" және "қара"-байырғы,түпкі ата-баба жұрты" дегенді білдіреді.Оның нақты тарихи кейіптенуі - б.з.д. 4 ғасырдан б.з.4-5 ғасырларға дейін, тіпті эфталиттер дәуірінде де (5-6ғ) өз атын сақтап өмір сүрген Қаңғар (Кангюй,Кангха,Кангдиз) мемлекеті.Ал Қаңғар жұртының 4-6 ғғ. Орта тұсы Отырар (Кангу-Тарбан), яғни Оңтүстік Қазақстан аймағы болған. Олай болса "Алпамыс" жырының эпикалық қалыптасу ортасы мен уақыты 5-6ғғ. Қазығұрт - Отырар аймағы деп атап көрсетуге болады./4/  
          6-8 ғғ. жырдың бастапқы нұсқалары қаңғарлар арасында кеңірек таралған.Кейін бұл жырды оғыздар игерген. Мысалы,"Қорқыт ата" кітабындағы "Бәмсі-Бәйрек туралы жыр" - Алпамыс туралы жырдың оғыздық нұсқасы болуы мүмкін.  
            Қазақ арасында таралған жалғыз қоңыраттық нұсқасының тарихи тағдыры өте күрделі,шырғалаң даму жолын өткізген.Қоңырат нұсқасы 5-6 ғғ.дейінгі замандарда-ақ арасы ажырап кеткен,арғы тегін Моңғолиядан емес,Орта Азияға қайтып оралғаннан кейінгі Алпамыс туралы жергілікті нұсқаны өз мифтік түсініктеріне сай қайта өңдеуінің нәтижесі болып табылады.Сонда қоңыраттар біздің жерімізге 12 ғасырлар шамасында келген болса,бұл жырдың жасы бергі дәуір болып кетеді.Сондықтан да жырдың қалыптасу дәуірін 5-6 ғысарлар арасы ретінде алып,қалыптасқан нүктесі - Отырар-Қазығұрт аймағыдеп алсақ,жырға 1500 жыл толған болады.Жалпы алғанда,қазіргі кезде осы бір қазақ жырына 1500 жыл толып отыр деп айтуға болады./4/

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті . - Алматы:Ана тілі. - 1991  
    2. Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихы . – Алматы:Санат. - 1994  
    3. «Қазақстан» ұлттық энциклопедия I том. - Алматы,1998  
    4. «Жас Алаш» 2002,19 ақпан, № 21  
    5. Қазақ Совет энциклопедиясы 12-том  
    6. Батырлар жыры II том. - Алматы:Жазушы. – 1986

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                   Лиро-эпостық    жырлар

Лиро-эпостық жырлар ғашықтық жырлар - лирикалық әрі эпикалық шығарма. Оқиға желісі бірін-бірі құлай сүйген екі жас арасындағы махаббатқа құрылады. Көпшілігінің оқиғасы сүйгеніне қосылуды аңсаған, жастарға ескі салт-сана қарсы тұрып, мерт қылумен аяқталады. Лиро-эпостық жырларларда халықтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, наным-сенімі, көңіл-күйі көбірек суреттеледі. Оларда реалистік және романтикалық көріністер сабақтаса келіп, реалистік әдіс басым жатады. лиро- эпостық жырларда кейіпкерлер батырлар емес, карапайым адамдар. Екі жастың бір-біріне деген сүйіспешілігін жырлайтын эпостарда, негізінен, махаббат отына жанған қыз бен жігіттің қосыла алмай, трагедияға ұшыраған тағдыры баяндалады. Әдетте, олардың бақытына кедергі болатын нәрсе -ата- аналардың қарсылығы немесе қызға ғашық басқа жігіттің жауыздығы , иә болмаса екі рудың араздығы болып көрсетіледі.

Ғашықтық жырлар көркем фольклордың даму барысында батырлық эпостан кештеу қалыптасқан, бірақ бұл қаһармандық жыр мүлде өшіп, оның орнына романдық эпос келді деген сөз емес, Эпостың бұл екі түрі көп уақыт бірге , бір -бірімен байланыса, қатарласа дамыған. Ұқсастықтары да аз емес. Олардың жалпы поэтикалық сипаты ұқсас. Айталық, сюжеттік құрылымдардың бір типті болып келуі, образдар жүйесіндегі біркелкілік, өлең құрылысы мен бейнелеуіш құралдардың біртектілігі секілді белгілер эпостың екі түрінде де кездеседі. Ғашыктык жырлар көп вариантты болып келеді Оның себебі көп замандар бүл жырлар ауыздан- ауызға тарап, біреуден біреу жаттап алу арқылы кейінгі ұрпаққа жетіп баспаға іліккен.[1]

Лиро-эпостық жырлардың түрлері

Қазақ Лиро-эпостық жырлары негізінен екі түрге бөлінеді:

  1. Қазақ халқының төл туындылары - "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу", "Қыз Жібек", "Айман-Шолпан"; "Күлше қыз", "Құл мен қыз", "Мақпал қыз", "Есім - Зылиха"

  1. Шығыс әдебиеті негізінде назира гөйлік дәстүрде жазылған қиссалар "Мұңлық - Зарлық", "Сейфілмәлік", "Бозжігіт", "Таһир - Зуһра", "Жүсіп - Зылиха", "Шәкір - Шәкірат", т.б.

Лиро-эпостық жырларында тұрмыс-салт жырларының айтыс, жоқтау, жар-жар, жұбату, жұмбақ айтыс, қоштасу, сыңсу сияқты түрлері өте жиі кездеседі. Қазан төңкерісіне дейін Лиро-эпостық жырларын жинап, жариялауда орыс ориенталистері В.В.Радлов, И.Н.Березин, Г.Потанин, т.б. көп еңбек сіңірді. Лиро-эпостық жырларды С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Ы.Дүйсенбаев, Ә.Қоңыратбаев, М.С.Сильченко, Н.С.Смирнова, М.Ғабдуллин, т.б. ғылыми тұрғыда зерттеп, еңбектер жазған.

 

  1. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010.ISBN 9965-26-096-6

"Бабалар сөзі" Әдебиет  және өнер институты, 2009 "Фолиант" баспасы, көркемдеу, 2009

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

         «Қозы Көрпеш  –Баян сұлу»  жыры

Соңғы кезде “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жыры жайында біраз еңбектер жазылды. М.Әуезов, Қ. Жұмалиев, Ы. Дүйсенбаев, Ә. Қоңыратбаев сияқты ғалымдар бұл жырды арнайы зерттеп, оның қазақта он алты варианты барлығын анықтады. Және де олар жырдың қазақтағы варианттары башқұрт, ұйғыр, барабын татарлары арасында, алтай елдерінде айтылатын әңгімелерімен салыстыра зерттеді, қандай ұқсастықтары, айырмашылықтары барлығын көрсетті. 

Қазақ арасында айтылып, ауызша тараған “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жырының он алты варианты бар дедік. Оларды зерттеген ғалымдардың мәліметтеріне қарағанда , бұл жыр ел арасынан өткен ғасырдың бас кезінде-ақ жинала бастаған. Бұл   ретте игілікті жұмыстар жүргізген орыс ғалымдары болған. Мәселен, шығыс әдебиеті мен араб тілін зерттеуші орыс ғалымы Саблуков жырдың бір варианты 1830 жылы бұрынғы Семей губерниясына қарасты Көкпектілік бір жыраудан жазып алған. Омбыда, губернатордың кеңсесінде, іс жүргізуші болып істеген Ғ. Дербісәлин 1834 жылы “Қозы Көрпеш — Баян сұлудың”  бір үлгісін хатқа түсірген. Бұрынғы Аягөз сыртқы округтік приказының тілмашы Андрей Фролов деген кісі 1841 жылы қазақ ақындарының айтуынан жырдың бір нұсқасын жазып алған.

1856 жылы Шоқа Уәлиханов “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жырын атақты Жанақ ақыннан естігенін және жазып аліанын айтады . Бірақ жырдың Шоқан жазып алнан бұл варианты өз кезінде баспа жүзін көрмегендіктен әлі күнге дейін жұртшылыққа мәлім болмай келеді.

Орыс халқының ұлы ақыны А. С. Пушкин Пугачев қозғалысы туралы материал жинау мақсатымен Орынбор жағына келіп, сол маңдағы қазақ ауылдарында да болады. Осы сапарында ол ел арасынан “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” әңгімесін естіп, негізгі мазмұнын жазып алады, кейіннен оны өзі поэма етіп жазуды ойлайды .

М. Путинцев 1865 жылы “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жырының бір вариантын жазып алып, оның мазмұнын орыс тіліне аударып бастырған . Академик В. Радлов жырдың бір нұсқасын қазақ арасынан жазып алады да, оны өзінің үшінші томына (1870 ж.) енгізеді.

Петербург университетінің профессоры И. Н. Березин өзінің “Түрік хрестоматиясы” дейтін кітабында (1876 ж.) “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жырының бір вариантын жариялайды. Түркістан өлкесінің археологаясын зерттеген ғалым  Н. Пантусов 1898 жылы Қозы мен Баянның моласы дейтін ескерткішті зерттейді, ол осы жолда ел арасынан “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жырының бір нұсқасын жазып алады да, оны әуелі Ташкентте кейіннен қазанда шыққан “Орта Азияның ескі заманы” дейтін кітабында бастырған. Оренбург музейінің басқарушысы болған орыс тарихшысы И. А. Кастанье өзінің “қазақ даласы мен Оренбург өлкесінің ескі белгілері” (1910) дейтін кітабында “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жырының он шақты нұсқасынан дерек береді және сол кітабында жырдың бір үлгісін орысша аударып жариялайды. Кастанье бастырған бұл нұсқа жайында мынадай бір мәлімет келтіреді: бұрынғы Жетісу облысының губернаторы Колпаковский Семейден қапалға бара жатып, жолда Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың моласын көреді, осы екі ғашық жайындагы аңыз әңгімелерді жинастыруды Лепсі уезінің начальнигіне тапсырады. Лепсі уезі начальнигінің айтуы бойынша, “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жырының бір үлгісін орман қарауылшысы Салағаев ел арасынан жинап тапсырады, ол орысшаға аударылады да, қастаньенің қолына түседі. Бұл кейіннен Кастаньенің бастырған варианты болып кетеді. 

Бұлармен қатар, “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жырының кейбір үлгілері, үзінділері 1877 жылы “Ақмола облыстық ведомосында”(186 1,3), “Нива” журналында (№2, 1899 ж., Е. 3. Баранов нұсқасы), “Дала уалаяты” газетінде (1894 және 1899 жылдар), “Торғай газетінде” (А. Васильев нұсқасы, 1900 ж., №6) басылған. Жырдың бір варианты 1916 жылы Сейітовтың қолжазбасы бойынша, “Орыс география қоғамының батыс — сибирлік бөлімінің еңбектерінде” жарияланған.

1878 жылы жырдың бір варианты  “Хисса Қозы Көрпеш” деген атпен Қазанда Ш. Хұсаиновтар бастырып, оны 1890, 1894, 1896, 1905 жылдары қайта бастырған. 

“Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жыры кеңестік дәуірде бірнеше рет басылып шықты. 1925 жылы Москвада басылды. 1936 жылы жырдың Жанақ айтуындағы нұсқасын М. Әуезов Алматыда шығарды. Кейіннен ол 1939 жылы шыққан “Ба-тырлар жыры” жинағына енді. Бұл жырдан алынған үзінділер оқу орындарына арналған хрестоматияларда жарияланып келеді. Г. Тверитин дейтін ақын жырдың бір вариантын өзінше жырлап, орысшаға аударып (1928, 1941, 1949) бастырды және “Песни степей” атты жинақта жарияланды. 1959 жылы Қазақстан Респуликасы Ұлттық ғылым академиясы жырдың алты вариантынан құралған (құрастырушы Ы. Дүйсенбаев) жинақ шығарды. Мұнымен қатар, “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” жырының сюжетін пайдалана отырып, жазушы Ғабит Мүсірепов пьеса жазды, кинофильм де шығарылды. 

Өткен ғасырдың өзінде-ақ “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жырына талай ғалымдар көңіл аударып, бірсыпыра пікірлер айтқан болатын. Олар жырдың өзін ғана сөз қылып қоймай, сонымен қатар Қозы Көрпеш пен Баянның бейітін ескі 

дүниенің ескерткіш белгісі ретінде зерттеген еді. Мәселен, Г. Н. Потанин бұл жырды аса жоғары бағалап, дүниежүзілік эпостық шығармалардың қатарына қояды. “Бұл жыр — дүние жүзіндегі ең қымбат әдебиет мұраларына жататын шығарма” , — дей отырып, Потанин оны Ромео мен Джульеттаға теңейді. Өз тұсында Шоқан да “Қозы Көрпеш” жырын сүйсіне тыңдап, Жанақтан жазып алғаны мәлім. “Алтын айдар Қозы Көрпеш пен сұлу Баянның сүйіспеншілігі туралы шығарылған ақындық аңыз”, — деп бағалайды ол.

Академик Радлов пен профессор Березин де “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жырының ертеден келе жатқан әдебиеттік мұра екендігін атап көрсетеді.И. Бе-зверхов “қазақтың өлеңшілері мен ақындары” туралы жазған мақаласында” “Қозы Көрпеш” жырын жоғары бағалап, қазақ халқының ерте заманда туғызған ақындық шығармасы екендігін айтады да, оны Арыстан ақынның қалай жырлағанын жазады. Түрік халықтарының ертедегі өлең құрылысын зерттеген ғалым Ф. Корш “Қозы Көрпеш” жырының көркемдігін ерекше сөз етеді. Бұл шын мәніндегі халық жыры деп бағалайды .

“Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жыры жайында пікір айтқан ғалымдардың екінші тобы Қозы мен Баянның бейітін зерттеген. Орыс ғалымдары Н. Абрамов,   Н. Пантусов, И. Кастенье, т. б. өткен ғасырдың аяқ кезінде бұл бейітті зерттей келіп, оны ерте заманның архитектуралық өнерін көрсететін белгі деп қарайды.

«Қобыланды батыр» жыры