қоғам дамуындағы табиғи ресурстардың рөлі

Табиғатты пайдалану  экономикасы на кіріспе

1. Табиғи орта, табиғат ресурстары және оларды қорғау, тиімді пайдалану ұғымдары.

2. Қоғам дамуындағы табиғат ресурстарының рөлі. Табиғат ресурстарын сұрыптау.

3. Табиғатты пайдалану принциптері мен міндеттері.

 

1. Табиғи орта, табиғат ресурстары және оларды қорғау, тиімді пайдалану ұғымдары

Қоғам мен табиғат  арасындағы өзара байланыс бүгінгі  таңдағы мәселелердің бастысы болып  отыр. Қазіргі уақытта табиғатта  және экологиялық дамуда экологиялық  тепе-теңдікті сақтау міндеттері өзара байланысты. Өйткені, табиғат байлығын аяусыз сарқа пайдаланып, қоршаған ортаны бейберекет ластаумен экономиканың қалыпты дамуын қамтамасыз ету мүмкін емес. Табиғат-ресурстық әлеуеттің шектеулі екендігін және ғаламдық экологиялық апаттың жылжып келе жатқандығын әлем қауымдастығының жете түсінуінің нәтижесінде туындаған тұрақты даму идеясы осынау тығырықтан шығудың жолын іздеуге адамзатты мәжбүр етеді.

Қоршаған ортаны сауықтандыруға ықпал етуде және экономиканың тұрақты  дамуына жағдай жасауда табиғатты пайдалануды кешенді және үйлесімді түрде қалыптастыру ісі - әлем елдерінің алдында тұрған маңызды мәселе болып табылады, сондықтан қоғам мен табиғат арасындағы қайшылықтардың кедергісінен өту - өндіріс пен экономиканы экологияландыру болмақ. Осылардың шешімін табу үшін экономика саласындағы мамандардың экономика мен табиғатты пайдалану және қоршаған ортаны қорғау, экология пәндерін оқытуда сабақ беру жүйесін өзгерту қажет.

Экономикалық жоғарғы  оқу орындары мамандықтарының ерекшеліктерін ескере отырып, нарықтық қатынасқа өту кезеңдеріндегі қоршаған ортаны сауықтырудың экономикалық механизмдерінің маңыздылығы және табиғатты пайдаланудың тиімді жолдары осы пән бойынша қарастырылады.

Қазіргі кезде  табиғат ресурстарының сарқылуына және ғаламдық экономикалық апаттар мүмкіндігіне байланысты қоғам мен табиғаттың қарым-қатынасы өте өзекті мәселеге айналды. Қоғам мен табиғаттың арақатынасындағы қалыптасқан күрделі мәселелерді шешу үшін экономиканы, өндірісті және сана-сезімді экологиялау керек. Жалпы экономикалық мамандықтар бойынша дайындалатын студенттердің осындай көзқарастарының қалыптасуына «Табиғат пайдалану экономикасы» көмектеседі. Экономика және басқару саласындағы қазіргі мамандар экология негіздерін және табиғат пайдалануды ұйымдастыруды білу қажет.

Экономикалық мамандықтарға  дайындалатын студенттерге арналған «Табиғатты пайдалану экономикасы» пәнінің  басты мақсаты - табиғатты пайдаланудың тиімді жолдарын таңдау үшін табиғаттты қорғау шараларының экономикалық тиімділігін анықтау, табиғат ресурстарын бағалау, табиғатты пайдаланудың тиімдерін, шығындарын, табиғатқа келтіретін зияндарды есептеу тәсілдерін үйрету, сондай-ақ табиғатты қорғау мен пайдаланудың экономикалық әдістерімен таныстыру.

Бұл мәселенің  шешімі ең алдымен табиғаттың қалыпты жағдайын сақтап, оның ресурстарын тиімді пайдаланумен тығыз байланысты. Өйткені табиғат өндіріс қорының көзі, әрі өндірісті орналастыру ортасы ретінде өндірістің барлық саласына қатысты. Өндірістің даму қарқыны артқан сайын табиғат байлығын пайдалану мөлшері де өсіп келеді. Соған байланысты, әсіресе, қалпына келмейтін табиғат байлығының тиімді қорының азаюы немесе сапасының төмендеуі қоғамның өндіріске жұмсалатын шығынының артуына кері әсер етуде. Өндірісте қолданылатын табиғат қоры сапасының төмендеуінен туындайтын өндіріс тиімділігіне кері әсерді ғылыми-техникалық жетістіктер нәтижесі де жоя алмай отыр. Екінші жағынан, өндірістің кері әсеріне табиғи ортаны қорғау ісі де күрделене түсті. Сондықтан да табиғат байлығын кешенді, үнемді пайдалану кезек күттірмей шешімін табуға тиіс мәселеге айналып отыр. Оған табиғаттың және қоғамның даму заңдылықтары негізінде, олардың үйлесімділігін арттыру арқылы ғана қол жеткізуге болады.

Қоғамдық  өндіріске табиғаттың жаңа байлықтары ұдайы қосылып және оларды игеру  мөлшері артып отырады. Ғылыми-техникалық жетістіктер бұрын игеруге мүмкін болмаған, сапасы төмен табиғат байлықтарын өндіріске қолдануға мүмкіндік береді, нәтижесінде өндірістің табиғи ортаға әсері күшейеді, табиғат байлығын пайдалану мәселесі шиеленісе түседі. Табиғат байлығын пайдалану қарқынының артуы халық санының өсуіне де байланысты. Үстіміздегі ғасырдың басында жерде 1571 млрд. адам өмір сүрген болса, 1990 жылы халық саны 5300 млрд.-қа жетті, ал 2000 жылы 6 млрд.-тан асады деп есептеледі.

Халық санының өсуіне байланысты, халық тұтынатын өнімдерді арттыруға, оған шикізат ретінде табиғат байлығын пайдалану мөлшерін кеңейтуге тура келеді. Сонымен қатар табиғат байлығы қорының шексіз еместігін де ескерген жөн. Әсіресе қалпына келмейтін табиғат байлықтарының, оның ішінде отын-энергия қорының тапшылығы сезілуде. Түсті металдардың көпшілігі - мыс, қорғасын, мырыш, қымбат бағалы металдар тапшы бола бастады. Олардың әр тоннасын өндіруге бұрынғыға қарағанда анағүрлым көп еңбек жұмсауға тура келеді.

Осындай жағдайда экономикалық даму факторларының: еңбек және табиғат қорының, өндіріс құралдарының даму себеп-салдарын айқындай білу қажет. Бұл факторлар бір-бірімен диалектикалық байланыста және қарама-қайшылықта болады. Қоғамның экономикалық өсуі өндіріс масштабымен, табиғат байлығын игеру қарқынының артуымен, өндіріс күштерінің дамуымен байланысты. Сонымен қатар өндіріс күштері қоғам мен табиғаттың қоғамдық-экономикалық қатынастары негізінде құрылады. «Адам және табиғи орта» жүйесінде өндіріс күштерінің, өндіріс қатынастарының даму үрдістерін тереңірек түсіну қажеттігі жаңа экономикалық ғылым - табиғат пайдалану экономикасының қалыптасуын туғызды. Бұл ғылымның пайда болуы мен дамуын ең алдымен шаруашылық қажеттіліктен деп ұғу керек. Ұзақ уақыт экономика және экология ғылымдары жеке-жеке ғылым салалары ретінде дамып келді, олардың өзіне тән ғылым негіздері, әдістері болды. Қазіргі кезде табиғат байлығын пайдалану және табиғи ортаны қорғау мәселелері жүйелі, кешенді экономикалық-экологиялық тұрғыдан қарастыруды қажет етіп отыр. Табиғат байлығын тиімді пайдалану табиғи ортаны қорғай отырып, қоғамның әлеуметтік-экономикалық қажеттілігін табиғат байлығымен қамтамасыз етуді талап етеді.

Табиғат байлығын пайдалану экономикасының пәні - қоғамдық өндіріс кезінде қалыптасатын қоғам мен табиғат арасындағы экологиялық, экономикалық қатынастар болып табылады.

Табиғат пайдалану  экономикасы: табиғат пайдалану үрдістерінде туындайтын экономикалық заңдылықтарды, өндірістің табиғи ортаға тигізетін әсерін және оның кері әсерінен қорғануды ұйымдастыруды:

  • халық шаруашылығын табиғат ресурстарымен қамтамасыз ету жағдайларын;
  • табиғат байлығын экономикалық бағалау әдістерін, табиғи ортаны бүлдіруден, табиғат байлығын ысырап етуден келетін зиян мөлшерін есептеу әдістерін;
  • табиғат байлығын неғүрлым тиімді пайдалану, табиғи ортаны қорғау мүмкіндіктерінің тиімділігін айқындау жолдарын;

• табиғат байлығын тиімді пайдалануды, табиғи ортаны қорғауды басқарудың экономикалық механизмін, оны жетілдіру бағыттары мен жолдарын зерттейді.

Табиғатты пайдалану экономикасының танымдық негізі - қоғамның дамуының экономикалық заңдарын зерттейтін экономикалық теория болып табылады. Ол экономикалық заңдарға сүйеніп табиғат байлығын пайдалану, оның қорын молайту және табиғи ортаны қорғау жөніндегі өндірістік қатынастарды зерттейді.

Табиғатты пайдалану экономикасы тек қана экология-экономикалық заңдылықтарды зерттеп қана қоймай, одан туындайтын өндірістік мәселелерді шешудің нақты экономикалық тетіктерін жетілдірумен де айналысады.

Экология-экономикалық қатынастар мен табиғаттану және басқа экономикалық ғылымдарды бір-бірінен бөліп қарастыруға болмайды. Табиғат байлығын пайдалану экономикасы әсіресе халық шаруашылығын жоспарлау, аймақтық және салалық экономика, статистика және талдау, экономикалық кибернетика және т.б. экономикалық ғылымдармен тығыз байланыста.

Табиғатты пайдалану экономикасы техникалық ғылымдармен де тығыз байланыста, өйткені өндірісті экологиялық талаптарға сәйкес ұйымдастыру, жүргізу барлық ғылыми-техникалық жетістіктерді ескеруді талап етеді. Техника - экономикалық шешімдердің де тиімдісі (дұрысы) - қолданылатын техника мен технологияның және табиғи ортамен үйлесімділігі болады.

Табиғатты пайдалану экономикасы география ғылымымен де маңызды байланыста. Аймақтық үйлесімділік, табиғат байлығының орналасу тиімділігі, табиғат байлығын пайдаланушы өндірістерді орналастыру тиімділігі, т.б. ортақ шешетін мәселелер.

 

2. Қоғам дамуындағы  табиғат ресурстарының рөлі. Табиғат ресурстарын сұрыптау

Табиғатты пайдалану экономикасының жалпы әдістері, бағытты, мақсатты зерттеулері жеке салалық экономика мәселелерін шешуге көмегін тигізеді. Салалық экономика табиғат байлығын пайдалану экономикасынан бұрын қалыптасты. Сондықтан оларда теориялық, іс-тәжірибелік жинақталған танымдар табиғат пайдалану экономикасының қалыптасу негізі болды.

Табиғатты пайдалану экономикасының негізгі атқаратын міндеттері: халық шаруашылығында табиғат байлығын тиімді пайдалану, табиғатты қорғау, экономикалық басқару механизмін зерттеу және жетілдіру болып табылады. Экономикалық басқару механизмі табиғатты пайдалануға байланысты үш кезеңді қамту керек: жақсарту (қалпына келтіру, қорғау), игеру және ұқсату.

Ең бірінші  кезекте ғылыми-техникалық жетістіктердің табиғи ортаға әсерін зерттеу керек. Күрделі құрылыс пен өндірістің, оның құрылым тиімділігінің табиғи ортаны, табиғат қорғауға, тиімді пайдалануға тигізетін әсері, экологиялық басқару жүйесі және табиғи ортаға зиянсыз шаруашылық ұйымдастыру, табиғатты қорғаудың халықаралық мәселелері және т.б. табиғатты пайдалану экономикасының тақырыбы болып табылады.

Табиғатты пайдалану экономикасының ғылыми зерттеу негізі - диалектика. Диалектикалық әдіс бойынша зерттелетін құбылыс (зат) жан-жақты, қайшылықта, даму үстінде қарастырылады. Диалектикалық әдіс бойынша ғылыми ой-таным жинақталған іс-тәжірибені қолданады. Тәжірибедегі кемшіліктері мен жетістіктерге ғылыми талдау жасалып, нәтижелері іс жүзінде қолданылып отырады.

Табиғатты пайдалану экономикасы үшін тарихи тану әдісінің маңызы зор. Әрбір құбылыс қалай пайда болды, қалай дамыды, қазіргі жағдайы қалай, ертеңі қалай болмақ, осы тұрғыдан өткен мен бүгінгінің байланысын сабақтастыра зерттеп отырады.

Табиғатты пайдалану экономикасының негізгі әдістерінің бірі - жүйелілік. Осы әдісті қолдану арқылы жүйені құраушылар анықталады, олардың бір-бірімен табиғи ортаны қорғау мәселелерін қатар шешу қажеттігі, сондай-ақ қоғамның экологиялық қауіпсіздігі мәселесі туындайды.

Табиғат байлықтары, табиғат күштері экономикалық жағынан - пайдалану тиімділігі бойынша қарастырылады. Ал экологиялық жағынан - өмір сүруге, шаруашылық ұйымдастыруға қолайлығы бойынша қарастырылады. Табиғат негізі екі нысанға бөлініп қаралады: табиғи орта және табиғат байлықтары.

Табиғи орта деп - өндіріске тікелей қатыспаса да адамзаттың, жан-жануарлардың тіршілік етуіне мүмкіндік беретін табиғи заттар мен табиғи күштерді айтамыз. Мысалы, күннің қызуы, сәулесі, атмосфералық ауа, гидросфера, литосфера, т.б. жер бетіндегі барлық тіршілікке қажетті жағдай болып табылады.

Табиғат байлығы  деп - адамзат пайдаланатын немесе пайдалану мүмкіндігі бар табиғи заттар мен күштерді айтамыз. Табиғат байлығын адамзат шаруашылығымен тікелей байланысты қараймыз. Табиғат байлығын өндірістік материалдық байлық ретінде пайдаланғанда оны табиғат қоры немесе табиғи ресурс деп те атайды.

Табиғатты пайдалану экономикасында табиғи орта, табиғат байлығы ұғымдары олардың физикалық, химиялық қасиеттерімен ерекшеленбейді, оларды пайдалану мүмкіншіліктерімен ерекшеленеді. Табиғи заттар (күштер) пайдаланылатын табиғи ресурс немесе өмір сүруге қажетті жағдай болуы мүмкін, кейде мұның екеуі де болып табылады. Мысалы, жер, су, орман байлықтары әрі табиғат қоры, әрі өмір сүру, шаруашылықты ұйымдастыру ортасы болып табылады.

Табиғат байлығын экология-экономикалық (табиғат байлығын қорғау, тиімді пайдалану) тұрғысынан сарқылатын және сарқылмайтын деп екі ірі топқа бөлеміз, ал алғашқысын қалпына келетін және қалпына келмейтін табиғат байлықтары деп ажыратады іс жүзінде қолдану бойынша мына топтар бөлініп қаралады: минералдық шикізат (қазба байлық), жер, су, ауа, өсімдіктер, жануарлар.

Пайдалану тиімділігіне байланысты экономикалық сұрыптау экономикалық бағалау негізінде құрылады. Осы мақсатта халық шаруашылығының маңыздылығы тұрғысынан сұрыптау да қолданылады. Мысалы, егістік жер, жайылым, шабындық, суармалы егістік, бірінші, екінші және үшінші топ ормандары, пайдаланатын, пайдалануға даяр және запастағы кеніштер, т.б.

Сұрыптау  өзіндік әр түрлі мақсатқа құрылады. Сұрыптаулар табиғатты қорғау, табиғат байлығын тиімді пайдалану шараларын жоспарлауға, экономикалық тиімділігін анықтауға, жұмсалатын қаржы шамасын белгілеуге, экологиялық нәтижесін бағдарлауға мүмкіндік береді.

Халық шаруашылық салаларын: өндірістік, бей-өндірістік және экологиялық деп бөліп қарауға болады. Соңғысының ерекшелігі мұнда еңбектің табиғатты, табиғат байлығын қорғауға (сақтауға), молайтуға және тиімді пайдалануға бағытталғандығында.

Қоғамның  өмір сүру, даму ортасын сақтау тек қана табиғатты қорғау, қалпына келтіру, молайту, яғни экологиялық шаруашылықпен ғана байланысты емес, ол өндіріс салаларындағы табиғатты қорғау, оның байлығын тиімді пайдалану шараларымен де тікелей байланысты.

Экологиялық шаруашылықтың пайда болуы табиғатты  қорғау міндеттерінің қажеттігінен туды. Сондықтан, экологиялық шаруашылық табиғатты қорғауға, оның байлығын жаңғыртуға (молайтуға) бағытталған мақсатты еңбек.

Табиғатты қорғау, табиғат байлығын тиімді пайдалану үрдістері бір-бірімен тығыз байланысты, оларды ешқашан бөлек қарауға болмайды. Табиғатты қорғау, қалпына келтіру, жаңғырту табиғат байлығын пайдаланудың ең алғашқы, бастапқы кезеңі. Оның басқа кезеңдері - табиғат байлығын игеру және үқсату. Соңғылары өндірістік салаларға жатады.

Түптеп келгенде, табиғатты қорғау, оның байлығын тиімді пайдалану қоғамның қажетін өтеуге бағытталған бір үрдіс болып табылады. Сондықтан «табиғатты пайдалану», «табиғат байлығын пайдалану» сөзін қолданғанда оған табиғатты қорғау және табиғат байлығын тиімді пайдалану мәнін береміз.

Қоғамдық  еңбек тұрғысынан қарағанда бір жағынан табиғат байлығын игеру, ұқсату шаруашылықтың екі тарауына - экологиялық және өндірістік шаруашылыққа бөлінген. Бұлай бөлу шаруашылықты ұйымдастыруға, басқаруға, жоспарлауға, экономикалық тиімділігін анықтауға, т.б. мақсатқа қажет болады. Бірақ бұл үрдістің екі жағы өзара тығыз байланыста болғандықтан өндірісті экология тұрғысынан, ал экологиялық шаруашылықты өндірістік-әлеуметтік тұрғыдан қарастыру керек.

Табиғатты қорғау шаруашылығының мақсаты экология-экономикалық жүйелерді қалыптастырып дамыту. Ғылыми тұрғыдан экология-экономикалық жүйе деп - табиғат пен экономиканың дамуын айтамыз, яғни қоғамдық ендірістің табиғи құбылыстарға сәйкес дамуын айтамыз.

Осыған сәйкес экология-экономикалық қатынас - адамдардың табиғатты пайдалану үрдістерінде табиғат байлығын қорғау, игеру және ұқсату жөніндегі бір-бірімен қарым-қатынасы. Ол екі жақты болады: әлеуметтік және ұйымдастырушылық. Әлеуметтік қатынас негізіне меншік табиғат байлығын иеленушілік жатады. Ал ұйымдастырушылық негізіне өндіргіш күштердің даму дәрежесі және өндірістік катынас жүйесі жатады. Қатынастың әлеуметтік жағы қоғамның экономикалық заңдарын қолдану арқылы табиғат байлығын пайдаланудың қоғамдық ұйымдасуын қалыптастырады, ал ұйымдастырушылық жағы өндіріс кезінде тұрақты болып тұратын экологиялық мәселелерді шешіп отырады.

 

3. Табиғатты  пайдалану принциптері мен міндеттері

Табиғи ортаны қорғау, табиғат байлықтарын тиімді пайдалану табиғаттың және қоғамның даму заңдылықтарына сүйеніп жүргізіледі. Заңдылықтардың үйлесімділігі және жүргізілген шаралардың осы заңдылықтарға сәйкес болуы басты міндет. Табиғат байлығын пайдалану және табиғи ортаны қорғау жүйесінде негізгі екі заңдылық тобын атауға болады. Бірінші, жалпы заңдылық - табиғат пен қоғамның қатынасындағы ең негізгі тұрақты байланыстар заңдылығы. Екінші, өндіріс қатынасымен шектелген арнайы заңдылықтар. Осы заңдылықтар бойынша табиғатты пайдалану мына төмендегі принциптер негізінде жүргізілуі керек:

  1. Басымдылық принципі. Табиғат заңдылығының қоғам заңдылығынан үстемдігі. Табиғат және қоғам жүйесінде табиғат заңдылығы қатаң ескеріліп, сақталып отыруы керек. Табиғат - қоғам бірлестігі табиғат заңдылығымен берілген, олар өзара тығыз байланысты. Осы байланыс бұзылмау үшін адамзат өзінің табиғатпен қатынасын табиғат заңдарына сүйене отырып жүргізуі керек. Табиғатқа ықпал жасау сол табиғат заңдылығының негізінде болуы керек. Бұл принципті сақтамау қоғамның дамуын тежеуге әкеп соғады.
  2. Табиғатты пайдалануды әлеуметтік қажетке бағыттау - табиғатты адам игілігіне айналдыру болып табылады. Табиғат байлығын пайдалануда қоғам мүддесі жеке салалардағы өндірістік мүдделерден жоғары қойылуы керек.
  3. Өндірісті экологиязациялау принципі. Өндірісті экологиязациялау - табиғат қорын түгесілмейтін, оған нүқсан келтірмейтін технология арқылы өндірісті ұйымдастыру, экологиялық еңбектің өнімділігін арттыру. Өндірісті экологиязациялау мына бағыттарда жүргізіледі: экологиялық жүйелерді сақтау, қалпына келтіру; шикізат өндіруде озық технология қолдану; шикізат қорларын үнемді пайдалану; қалдықсыз және аз қалдықты технология қолдану; табиғат қорғау шараларын кеңейту; өндірісті экологиялық талаптарға сәйкес орналастыру; табиғи ортаны ластауды азайту, жою, т.б.

4. Табиғат байлыктарының қоғамдық пайдалылығын арттыру және ұлғаймалы қалпына келтіру. Табиғат байлығын пайдаланушы салаларда ұлғаймалы өндіріс мына төмендегі шарттар сақталғанда мүмкін болады:

  • шикізат өндіру қарқыны материалдық өндіріс қарқынынан төмен болуы керек;
  • шикізатты тиімді (өнімді) пайдалану арқасында өңдеуші салалардың өсу қарқыны өндіруші салалардың өсу қарқынынан артық болуы керек;
  • қалдықсыз, аз қалдықты технология және табиғатты қорғау құрылымдарын қолдану қарқыны табиғатқа нұқсан келтіруші салалардың өсу қарқынынан басым болуы керек;
  • табиғат байлығын қалпына келтіру шараларының дамуы табиғат байлығын өндіруші салалардың өсуінен кем болмауы керек;
  • табиғатты қорғауға жұмсалатын қаржының өсу қарқыны барлық материалдық өндіріске жұмсалатын қаржының өсу қарқынынан артық болуы керек.

5. Табиғат байлығын пайдалануды ғылыми негізде жүргізу принципі. Табиғат байлығын пайдалану, әсіресе оның тиімділігін арттыру мүмкіндігі ғылыми жолға қойылғанда ғана мүмкін болады. Қазіргі кезде табиғат байлығын пайдалану аса күрделі үрдіс. Табиғат байлығын қорғау және тиімді пайдалану үрдістерінің табиғи ортаға әсерін, әсіресе ұзақ мерзімдік әсерін ғылыми негізде ғана болжауға және тиімді бағытта жүргізуге болады.

6. Оптималдық принцип. Табиғат байлығын пайдалану мүмкіндіктері, варианттары сан алуан. Олардың ішіндегі ең тиімдісін оптималдық принципін қолданып анықтауға болады.

7. Аймақтык. принцип. Табиғат байлығының аймақтық орналасуы, ресурстың бір түрінің екінші түрімен бір аймақта үйлесімді орналасуы, орналасу тиімділігі аймақтық принцип қолдануға мүмкіндік береді. Аймақтық принцип табиғат байлығын пайдаланудың, табиғи ортаны қорғаудың тиімділігін арттырудың басты негіздерінің бірі.

  1. Кешенділік. Табиғат байлықтары адамзаттың сан алуан қажеттігін өтейді, оларды ұқсату, өндіру,өңдеу әдістері де сан қилы. Сондықтан кешенді пайдалануды талап етеді. Көптеген материалдық шикізат табиғатта таза түрінде кездеспейді, қоспа түрінде болады. Сонымен қоса минералдық шикізатты өндіргенде, одан әлдеқайда мол мөлшерде тау жыныстары қазылады. Негізгі өнімдермен қатар жанама өнімдері, өндіріс қалдықтарын пайдалану кешенділік негізінде ғана жүзеге асады.
  2. Нарықтың заңдарына сәйкес барлық табиғат байлықтарын пайдалану төлемді болуға тиіс. Төлемділік принципінің негізінде ғана табиғат байлығын пайдалану, табиғи ортаны қорғау тиімділігін арттыруға болады.

Сонымен, табиғатты қорғау және оның байлықтарын тиімді пайдалану бір-бірімен тығыз байланысты кешенді мәселе және олардың жиынтығын табиғат пайдалану деп атаймыз. Табиғатты пайдалану экономикасы ғылымның жеке саласы ретінде өзге ғылымдармен байланысты дамиды және көп мәселелерді қамтитын сипатта болады. Табиғатты қорғау мен пайдалануды үйлестіру қажеттігі күмән тудырмайтын ақиқат. Былайша айтқанда, табиғатты пайдалану міндетті түрде оны қорғаумен ұштастыруды талап етеді. Оның үстіне ол бүкіл әлемдік мәселе болып табылады. Сондықтан табиғатты пайдалану экономикасы экология-экоңомикалық байланыстарды қоғамдық өндірістің, табиғат қорғау, оның байлығын ұлғаймалы молайтудың экономикалық тиімділігін арттыру үщін саналы түрде басқару деп қарастырамыз. Табиғатты пайдалану түсінігі табиғатты қорғауды қамти отырып көп мағынада қолданылады.

Табиғатты пайдалануда жіберілген кемшіліктердің бірі - мәселені жеке биологиялық, физикалық, механикалық, географиялық, құқықтық, денсаулық сақтау, философиялық тұрғыдан қарастыру. Мәселенің әлеуметтік-экономикалық жақтары нашарлау зерттелді. Жеке өндірістің салаларында да табиғат жүйесінің жеке заттары оларды өсіру, қорғау, пайдалану тұрғысынан қарастырылып, кешенді зерттеуге көп көңіл бөлінбеді. Егер мәселе табиғатты пайдалану тұрғысынан зерттелсе, табиғат қорғау назардан тыс қалдырылды және керісінше, табиғат қорғау шараларын қарастырғанда тиімді пайдалану мәселесі ойластырылмады.

Табиғатты қорғау және пайдалану мәселелері табиғи кешендер бойынша, аймақ бойынша және жеке табиғат жүйелерін, ресурстарын пайдалану бойынша, жалпы кез келген жағдайда кешенді қарастырылуы керек. В.И. Вернадскийдің айтуы бойынша биосфера біртұтас зерттелуі керек, өйткені жеке организмдердің дамуы бүкіл биосфераның эволюциялық дамуымен байланысты.

Табиғатты пайдалану мәселелерін зерттеудің бір-тұтастығына жету өте күрделі. Сондықтан оған жеке мәселелерді іс-тәжірибелік тұрғыда зерттеу арқылы жетеміз. Сонымен қатар табиғатты қорғау мен пайдаланудың жалпы мәселелерін қарастыру арқылы нақты мәселелердің шешімін табамыз. Жалпы заңдылықты білмей жеке мәселелер шешілмейді. Зерттеуде жалпыдан - жекеге, абстракциядан - нақтыға, одан іс-тәжірибеге көшу әдісі қолданылады.

Табиғатты пайдалану халықаралық мемлекеттік және аймақтық (жергілікті) мәселе. Сондықтан барлық деңгейде қарастырылады. Табиғатты пайдалану дәрежесін бағалау әдістері барлық деңгейді қамтитын және алдын алу сипатында болуы керек. Өйткені табиғатқа әсерді, оның сипатын, зиянын алдын ала бағалау, оны болдырмау шараларын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Табиғатты пайдаланудың мемлекеттік және жергілікті мәселелерін экономикалық механизмдерді жетілдіру арқылы шешуге болады. Бұл табиғатты пайдалану экономикасының міндеті. Сонымен қатар табиғатты пайдалану экономикасы табиғат қорғау заңдарына сүйенеді және заңдардың орындалуын ұйымдастыру, бақылау, экономикалық ынталандыру тәсілдерін үйретеді. 

 

Бақылау сұрақтары:

1. Табиғатты пайдалану экономикасының пәні, мақсаты.

2 Табиғатты пайдалану - қоғамдық өндірістің ерекше саласы.

3 Табиғи ортаны қорғау.

4. Табиғатты байлықтарын тиімді пайдалану принциптері, басты бағыттары.

5. Табиғатты пайдалану экономикасының ғылыми зерттеу негізі.

6.Табиғатты пайдалану экономикасының әдістері

7.Табиғи ортаның  мәні.

8. Табиғат  байлығы.

9. Экологиялық  шаруашылық.

10. Экология-экономикалық  қатынас.

11. Басымдылық принципі.

12.Табиғатты пайдалануды әлеуметтік қажетке бағыттау

13. Өндірісті экологиязациялау принципі.

 


қоғам дамуындағы табиғи ресурстардың рөлі