Қожа Ахмет Йассауи, «Диуани Хикмет»

Абылай хан атындағы қазақ  халықаралық қатынастар мен әлем тілдер университеті

 


 

 

 

 

 

 

 

Тақырыбы: Қожа Ахмет Йассауи, «Диуани Хикмет»

Орындаған: Тұрлы Дархан

Тексерген: Кыйсыкова А.Ж.

 

 

 

 

 

 

Алматы, 2011ж.

Қожа Ахмет  Йассауи (1093 ж.ш., кейбір деректерде 1103, 1041, Сайрам (Исфиджаб) — 1166 ж. Түркістан (Иасы)) — түркі халықтарының, соның ішінде қазақ халқының, байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орыны бар ұлы ақын, пәлсапашы.

Өмірбаяны

 

Қожа Ахмет Йассауи– түркістандық ғұлама, әулие. Қожа Ахмет Йассауидың арғы тегі қожалар әулеті. Әкесі – Исфиджабта даңққа бөленген әулие, Әзірет Әлінің ұрпағы Шейх Ибраһим. Анасы – Мұса шейхтың қызы Айша (Қарашаш ана). Мұса шейх те Исфиджабта әулиелігімен танылған. Кейбір деректерде Қожа Ахмет Йассауидың Ибраһим атты ұлы мен Гауhар Хошназ (Жауhар Шахназ) атты қызының болғандығы айтылады.Қожа Ахмет Йассауидың ұрпағы негізінен осы қызынан тарайды. 9 ғасырда Отырар, Исфиджаб, Баласағұн, Иасы, Сауран, Сығанақ Шаш, Сүткент, Жент, Кудур, Отлук, Өзкент, тағыда басқа Мауераннахр қалаларында ислам діні уағызшыларының белсенді әрекеттері саяси сипат алған болса, 10 ғасырдан бастап ислам ілімі жолындағы тәлім-тәрбиелік ордалар – медресе-теккелер түбегейлі орнығып, исламдық-руханияттық ахлақи (моральдық) ұстанымдар қалыптаса бастады. Қожа Ахмет Йассауи дүниеге келмей тұрып, Исфиджабта исламдық фикһ (құқық) мектебі ханафи мазһабының ондаған өкілдері өмір сүрді. Йассауи ілімі осы саяси-әлеуметтік, тарихи шарттарға байланысты қалыптасты. Қожа Ахмет Йассауи ұстаздарының көшбасшысы – Арыстан баб. Кашифи “Рашахат-ул айн-ил хайат” атты еңбегінде Қожа Ахметтің Арыстан бабтың шәкірті болғандығы, одан заһир және батин ілімдерінің сыры мен мәнін үйренгендігі, оған 16 жылы қызмет еткендігі туралы мәлімет береді. Йассауидың “Диуани хикметінде” де Арыстан баб жиі ауызға алынады. Қожа Ахмет Йассауидың өмірі мен қызметі туралы Жазба деректерде (Хазини, “Жауаһир-ул Абра Мин Амуаж-ил Биһар”) оның Юсуф Хамаданидың шәкірті екендігін көрсететін деректер болғанымен, соңғы зерттеулерде оны теріске шығаратын тұжырымдар айтыла бастады. Қожа Ахмет Йассауидың алғашқы шәкірті – Арыстан бабтың ұлы Мансұр Ата, екінші шәкірті – Сайид Ата Хорезми, үшінші шәкірті – Сүлеймен Бақырғани. Осылардың ішіндегі ең көрнектісі – Бақырғани (Хакім Ата) (Кашифи, “Рашахат-ул айн-ил хайат”). Тағы бір танымал шәкірттерінің бірі Мұхаммед Данышменди сопы Қожа Ахмет Йассауидың “Мират-ул Қулуб” атты мұрасын хатқа түсірді. Сондай-ақ Садр Ата, Бадр Ата, Қажы Бекташ Әулие, Сары Салтұқ, Шейх Лұқпан Перенде сияқты тұлғалар да Қожа Ахмет Йассауидың шәкірттері саналады. А.Беннигсон Қожа Ахмет Йассауидың Шопан Ата және Зеңгі Баба атты да шәкірттерінің болғандығын айтады. Йассауи шәкірттері жөнінде Фуат Көпрулу: “Мутасаууфтардың (сопылардың) өмірбаяны жайлы еңбектерде Ирак, Хорасан және Мауераннахр сопыларынан басқа түркі шейхтары деп жүрген сопылардың барлығы дерлік Қожа Ахмет Йассауи тариқатының шейхтары еді” дейді. Ахметтің әкесі діндар, құдай жолын ұстаған атақты шайкылардың бірі болған секілді. Бұлай дейтін себебіміз, ақынның 149-хикметінде оның шыққан тегі туралы төмендегі сыр шертеді:

...Ысқақ баба жұрыны, шейх Ибраһим Құлыны,

Машайықтар ұлығы - шейхым Ахмет Ясауи.

….Иасы оның арасы, жатыр  гауһар парасы,

Машайықтар сарасы - шейхым Ахмед Ясауи. Ахмет Бұқар қаласында  Юсуф Хамаданидан діни білім алғаннан кейін, Түркістанға келіп, сол кезде Орталық Азияда кең тараған сопылық, діни-тақуалық идеялардың ірі насихатшысына айналады. Ахмет Ясауидің ержете келе Түркістанға келуі дінге байланысты болса керек. Ақын өз өлеңдерінде Түркістанға келгені жайында былайша баяндайды:

...Он жетімде Түркістанда тұрдым, міне

Он сегізде Шілтеменеи шарап іштім,

Рузы қылды, Жәннат кезіп қорлар құштым,

Хақ Мұстафа жүздерін көрдім, міне...

Түркістан қаласында жерленген Қожа Ахмет Яссауи «әзіреті сұлтан» аталып, басына 14 ғ. аяғында атақты Ақсақ Темір күмбезді сағана орнаттырады.Жалпы дәстүрлі түркілік сопылық рух пен Қожа Ахмет Йассауи дүниетанымы, оның ілімінің мәні мен маңызы “Диуани Хикмет”, “Мират-ул Қулуб”, “Пақырнама” сияқты мұраларынан көрінеді. Қожа Ахмет Йассауи сопылық ілімінің, дүниетанымы мен философиясының негізін моральдық-этикалық және сопылық хикметтер деп жіктеуге болады. Йассауи іліміндегі парасат ұғымы адамның адамгершілік ахлақи мәртебесіне және “инсани камил” дәрежесіне жету мәселесін қарастырады. Қожа Ахмет Йассауидың дүниетанымдық тұжырымдамасының теория негізін шариат пен мағрифат құраса, ал тәжірибелік негізін тариқат белгілейді. Қожа Ахмет дүниетанымының мәні – “адамның өзін-өзі тануы” арқылы “Хақты тануы”. Бұл жолдың алғашқы мақамы (басқышы) – “тәуба”, соңғысы “құлдық” (убудийат, абд). Бұл жолдағы адам “жаратылған – мен” екендігінің ақиқатына, жаратылыс сырына көзі жеткенде, өзінің адамдық парызы – “Алла мен адамның және адам мен қоғамның” арасында “көпір – жол” болу екендігін ұғынады.

Йассауи хикметтерінің мәні, философиясының өзегі – адам. Адам “кемелдікке” жетуі үшін қажетті білімді игеруі керек. Бұл білімнің қайнары – хикмет. Хикметтерде адам жаратылысы – Жаратқан иенің ұлылығын көрсететін, көркемдігі жағынан ең жоғарғы кейіпте жаратылған болмыс екендігі айқын көрсетілген. Қожа Ахмет Йассауи хикметтерінде адамның табиғаты Құранда айтылғандай – су мен топыраққа телінеді. “Асылың білсең су уа кил (топырақ) және килге (топыраққа) кетер йа” – дейді ол. Сопылық мағынада “топырақ” – адамның жаратылыс табиғаты, парасаттылық пен қарапайымдылық. Ал, нәпсіқұмарлық, менмендік, өркөкіректік – адамды адамшылықтан кетіретін қасиеттер. Қожа Ахмет Йассауидың кейбір хикметтерінде өзінің бүкіл болмысымен топыраққа айналғандығын білдіретін символдық ұғымдар қолданылады: “Басым топырақ, өзім топырақ, тәнім топырақ; Хаққа қауышар ма екем деп – рухым муштақ”. Бұл сопылық мағынада “уисал” (Хаққа қауышу) мақамын білдіреді. Топырақ болу, нәпсіден арылу – Хаққа қауышудың бірінші шарты. Осыдан кейін адам ақиқатқа жетіп, инсани кәміл дәрежесіне ұласып, өзінің Хаққа бастар “жол” екендігінің мәніне қанығады. “Топырақ болғыл әлем сені басып өтсін” дегендегі мақсат осыған саяды. Өйткені сопылық атауда әулиелер мен пірлердің қабірін де “топырақ” дейді. Қожа Ахмет Йассауи дүниетанымында әулие – даңғыл жол, өйткені ол – халқына жақсы мен жаманның, ақиқат пен жалғанның арасын айыруға жөн сілтейтін, Алла рахметінің қоғамдағы көрінісі болып табылатын дана тұлға.

 

 

 

 

 

Қожа Ахмет Йассауи ілімі

 

Қожа Ахмет Йассауи  ілімінде Хаққа қызмет ету халыққа  қызмет етуден басталады. Ал, халыққа, ұлтына қызмет етудің шарты – топырақ сипатты болу, нәпсіні тыю. Топырақ сипатты болып, өзін халқына арнау кемелдікті білдіреді. Қожа Ахмет Йассауи кемелдікке жету үшін адамда ашқ (қуатты махаббат) пен дерт болу керек дейді. “Дертсіз адам адам емес, мұны аңла; Ашқсыз инсан хайуан жынысы, бұны тыңда”. Осы хикмет жолындағы “дертсіз адам” адамдық сезімнен жұрдай, өз ұлтының, қоғамының, Отанының алдында жауапсыз, мұңсыз, қара басының қамын күйттейтін жан. “Ашқсыз адам” – илаhи фитраттан, яғни Алла тарапынан адамға берілген құдайлық сыйдан мақрұм қалған, өзінің адамдық қадірін бағалай алмайтын, парасаттылыққа ұмтылмайтын, өзін қоршаған әлемге, адамға, табиғатқа, осының бәрін Жаратушы иеге мән бермейтін жан. Дертті адамның Қожа Ахмет Йассауи іліміндегі алатын орны ерекше. Ол хикметінде “Білімің – шырақ, халің – пілте, көз жасың – жағатын май” болсын дейді. Дертті, шерлі адам пілте болып жанып, ашқ отына түсіп, қоғамның кемшілік тұстары мен ақсаған руханиятын көріп, көз жасы, қайрат-жігерімен одан шығар жол, дауа іздейді. Шынайы ашққа осы дерт арқылы ұласады. Ал ашқ кемелдікке жетелейтін күш-қуат көзі. Қожа Ахмет Йассауи ілімінде адамның жаратылыс мақсаты – Хаққа құлшылық ету (ибадат), ол “Сізді, бізді Хақ жаратты ибадат үшін” – дейді. Бұл ибадат (убудийат) – Хақты тану жолындағы ең жоғарғы мақам. Құдайлық ашқты, Аллаға деген махаббатпен тұтастықта көретін Қожа Ахмет Йассауи дүниетанымы Алла жаратқан адам баласын кемсітпей, өзімен тең дәрежеде құрметтеуді парыз деп қарайды. “Сүннет екен кәпір де болса берме азар, Көңілі қатты ділазардан Құдай бизар” деген хикмет адамның тегі мен түсіне, діні мен діліне қарамастан оған құрмет көрсету, адам ретінде ардақтауды пайғамбарлық сүннет (жүйе, заң, қағида) ретінде танытады. Өйткені Қожа Ахмет Йассауи ілімі – дін, мазһаб аясына сыймайтын шексіз ашқ (махаббат) жолы. Қожа Ахмет Йассауи дүниетанымында “дертті адам”, “топырақ адам”, “кемел адам”, сондай-ақ, “ғарип адам” тұлғалары да дәріптеледі.

Ғарип адамды кемелдік мәртебесіне  жеткізіп, пайғамбардың қоғамдағы өкілі, ізбасары ретінде бағалайды (қ. Сопылық). Қожа Ахмет Йассауи өзін де ғарип  ретінде көрсетеді: “Ғариппін ешкімім жоқ, бейшарамын hәм пақыр, Сенен басқа кімім бар, рақым ет Сен (Алла) таң сәріде” – деп рақымды тек Алладан ғана күтеді. Өйткені оны Алладан басқа шын ұғатын, қолдайтын ешкім жоқ. Оны ғарип қылып, жалғыздыққа итермелейтін күш оның дүниеге деген көзқарасы, илаhи ашқ – Хақ жолына деген ұмтылысы мен махаббаты. Ғариптік – адамның өз-өзімен іштей күресіп, санасын сансыратқан мәселелердің шешімін табу жолында рухымен тілдесу, өз әлімен ғана ләззат алу сияқты көңіл-күйді білдіретін психологиялық хал. Сондықтан да Қожа Ахмет Йассауи “Қай жерде ғарип көрсең һем дем болғыл” дейді. Яғни оларға дем бер, қолдау көрсет, қасынан табыл, құрметте дегені еді. Қожа Ахмет Йассауи дүниетанымында өмір мен өлім мәселесінің мәні өзгеше. Ғазали “өлімнің ақиқатын түсіну үшін, өмірдің мәніне жету керек, ал рухты білмей тұрып, өмірді тани алмайсың” дейді. Оның ілімінде нәпсі – жамандықтың, рух – жақсылықтың қайнар көзі болып табылады. Жақсылық пен жамандық секілді нәпсі мен рухтың да қатар өмір сүруі мүмкін емес. Рухтың өмір сүруі үшін нәпсінің өлуі шарт. Өйткені өмірдің мәні рухтың тазалығында, яғни көңіл айнасының сафтығында жатыр. Рух тазалығын мақсат тұту “ашқ” мәртебесіне ұласып, Хақ дидарын көру болып табылады. “Муту қабла ан тамуту-топырақ болмақ; Ашқтар өлмес бұрын өледі екен...” “Құл Қожа Ахмет, нәпсіні тептім, нәпсіні тептім, Өлмес бұрын жан берудің дертін шектім, Дидар тілеп тәрк етсем масиуаны; Өлмес бұрын болмысыңды айла фани...” Бұлар – “өлмес бұрын өлу” философиясына тән хикметтер. Қожа Ахмет Йассауи мұнда масиуаны (Хақтан басқа барлық дүниені) тәрк ету арқылы шынайы өмір мәнін ұғынуға шақырады. Оның көзқарасы бойынша, “шынайы өмір” деп, рухтың нәпсіден арылып, илаhи нұрлармен шайылуын айтады. Бұл ілім негізінде адамдарды “өлілер” және “тірілер” деп қарауға болады. Бұл жердегі “өлі” және “тірі” ұғымы рухқа байланысты. “Өлілер” – дүниеде нәпсінің құлы болып өткендер, олар тірі болса да өлікпен тең. “Тірілер” – нәпсілерін жою арқылы рухтарына “өмір” сыйлағандар, олар өлсе де мәңгілік өмірмен қауышқандар, бақи мәртебесіне жеткендер. Қожа Ахмет Йассауи дүниетанымында физикалық өлім жоқ. Ол жай ғана рухтың тәннен айырылып, басқа бір халге ауысуы. Аллаға құлшылықтың ең жоғарғы халі – еркіндік. Рухани өмір ішкі рухқа қатысты болғандықтан,Қожа Ахмет Йассауи іліміндегі еркіндік мәселесі де адамның “ішкі еркіндігі” шеңберінде қарастырылады. Ішкі еркіндікті ислам ахлағында “моральдық еркіндік” дейді. Яғни, Хаққа толық құл болған адам ғана толық еркін, азат. Демек, Алладан басқа барлық нәрседен тазару шынайы еркіндікке ұласады. Сопы Хақ алдында құл, халық алдында азат, еркін. Рухани өлімнің нәтижесінде нәпсі үстемдік құрып, адамды өзіне құл етеді. Адам өзінің жаратылысын, табиғатын жатсына бастайды. Нәтижесінде рух еркіндіктен айырылады. Қожа Ахмет Йассауи әдісі бойынша, рухты еркіндікке қауыштырудың жолы – зухд Қожа Ахмет Йассауи ілімінде ішкі еркіндікке жетудің дәрежелері мен басқыштары айтылады. Бұлар сопылық дүниетанымдағы “халдер” мен “мақамат” категорияларының рет-ретімен жалғасуы арқылы жүзеге асады. Ішкі еркіндік жайындағы мәліметтің негізі – дін. Ал дін адамзатқа “ішкі құлдықтан” құтылу және “ішкі еркіндікке” жетудің жолын көрсететін Алла тарапынан берілген илаhи жолдағы Қожа Ахмет Йассауи ілімі бойынша, “өлілер” мен “тірілер” ұғымына сәйкес, еркіндік мәселесінде де адамдарды екі топқа бөліп қарауға болады. Бірінші топ – “еркіндікті аңсаушылар”. Бұлар тек қана Хаққа табынып, құлшылық етеді. Екінші топ – “еркіндіктен қорқатындар”. Бұлар – нәпсі, мансап, байлық, атақ, дүние, адамға, т.б. табынып, құлдық ұрады. Хикметтің басы – Алланы бар және бір деп білу.

Қожа Ахмет Йассауи  адам баласы осы шындықтан бейхабар қалғанда өзінің негізінен алыстай  бастайтындығын айтады. Осы ақиқатты адам баласына ескертіп, тікелей еске салып отыратын таным көзі – Құран деп біледі. Сонымен қатар, Алланы танудың негізгі сыры адамның өзінде екендігін айтады. Адам – микрокосмос болса, рух, бүкіл әлем, болмыс – макрокосмос, Алланың аяттары, яғни белгілері. Адам – рух әлемінде Алламен болған сұхбат-антты бұзбай “Зікір” арқылы үнемі есте сақтаушы. Қожа Ахмет Йассауи іліміндегі зікір, уажд (экстаз), сама сияқты әдістер Алламен болған сертті ұмытпау үшін қолданылған. Адамның арабша “инсан”, яғни “ұмытшақ” екендігін ескергенде, Құранның бір аты болып табылатын зікір (еске алу) адамдық болмысты толықтырып, кемелдендіріп отыратын әдіс екендігі белгілі. Осы тұста “қалу бәла” серті (“...мен сендердің Жаратушың емес пе едім” деген Тәңірінің сұрағына рухтардың “Ия, әлбетте” деген жауап-серті) мен рух әлеміндегі онтол. және туыстық бірліктің адамзат арасында осы кезге жалғасып, сақталуына деген ұмтылыстың, тілектің жатқандығын байқау қиын емес. Жалпы сопылық дүниетанымға тән бұл теориялы-тұжырымдамалық ұстанымды Қожа Ахмет Йассауи түркілік дүниетаным негізінде жаңғыртты. Ислам тарихында дінді ұғынудың, қабылдаудың ерекше түрі ретінде пайда болған “сопылық ағым” ресми діндегі (қалам мен фикһ) қасаңдыққа қарсы бағыт ретінде бой көрсетті. Сол секілді Қожа Ахмет Йассауи ілімі де түркілік дүниетанымның негізгі категориясы болып табылатын әмбебаптыққа сай дамыды. Тәңірді жазалаушы, қорқыныш иесі ретінде ғана емес, Тәңірді сүю және оның үкімдерін құрметтеу арқылы Аллаға махаббатпен қауышу-ұласу әдістерін қалыптастырды. Өйткені сопылық дүниетанымда Алла – ғашық (сүюші), мағшуқ (сүйілуші) әрі ғашықтықтың өзі болғандықтан да, ғашықтық болмыс жаратылысының ең негізгі мұраты. Бұл адам бойында махаббат, жауапкершілік сезімді, иман, т.б. асыл құндылықтарды қалыптастырады. Адам хикмет арқылы, оның нәтижелі жемістерінің негізінде ғана мәнді, мағыналы өмір, “адамша тіршілік ету өнерін” меңгере алады (қазіргі “Диуани хикмет”). Қожа Ахмет Йассауи ілімінің танымдық тірегін құрайтын адамгершілік қағидалардың өзегі – ахлақ (мораль). Ахлақ – хикметтің нәтижесінде қалыптасқан рухани құндылықтар жиыны. Адам ахлақ арқылы адамдық болмысқа, мәнге ие болады. Яғни, адам ахлақтық-рухани құндылықтарды бойына сіңіргенде ғана “шындыққа”, “жан тыныштығына” қауышады. Қожа Ахмет Йассауи ілімінде “жан тыныштығы”, “шындыққа жету” адамгершілік қасиет пен сипатқа ұласу арқылы тариқатта жүзеге асады. Аллаға қауышудың жолы қоғамға, адамға қызмет ету – тікелей ахлақтық кемелдену арқылы өтеді. Нәтижесінде рухани тазалыққа, өзін өзі меңгеруге қолы жетіп, “Кемел адам” тұрпаты қалыптасады. Көшпелі түркі қауымын имандылыққа шақыру арқылы Қожа Ахмет Йассауи ілімі барша түркі халықтары мәдениетіне үлкен өзгеріс енгізді. Дәстүрлі түркілік дүниетанымның негізі сыршылдық (мистика) дін екендігін ескерсек, сопылық танымның түркі мұсылмандығының ең маңызды ерекшелігін қалыптастырудағы себептерін ұғыну қиын емес. Бұл құбылыстың табиғилығын дін феноменол-сы тұрғысынан қарасақ, діндердің таралуындағы ескі ұстындардың толығымен жойылмайтынын, жаңалары сол құндылықтар, түсінік, ұғымдар негізінде өз орнын табатынын көруге болады. Көбінесе діндерде ескі ұстындар мистикалық институттармен тұтасып, “халық діндарлығы” түрінде тіршілігін жалғастырады. Бұл құбылыстың көрінісін Қожа Ахмет Йассауи дың сопылық-моральдық ілімінен көруге болады. Оның “құрма” символизмі арқылы Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбарға байлануы, осы құбылысқа Арыстан бабтың “себеп” болуы, өмірін пайғамбар өміріне ұқсатуға тырысуы, пайғамбарға ұқсаудың ишараты ретінде ұлының атын Ибраһим қоюы, пайғамбар жасына келгенде тірідей “жерасты мешітіне”, яғни қылуетке түсуі, осының бәрі оның іліміндегі көшпелі түркілерге исламды таратудағы маңызды әдістемелік, құбылыстық ерекшелік әрі жаңалық болып табылады.

Жергілікті халықтың салт-санасы мен сенім-нанымына, әдет-ғұрпына қайшы келмейтін діни-мистикалық мектептің негізін қалаған Қожа Ахмет Йассауи шығармашылығы сопылық ағымның түркілік дәстүріне даңғыл жол салды. “Ислам дінін тек араб тілі арқылы ғана тануға болады” деген түсінікті теріске шығарып, сопылық әдебиет ұстанымдарын көне түркі әдеби тіл – шағатай тілінде сөйлетті. Қасиетті кітаптың арабша мағынасын толықтай түсіндіру, шариаттың қыр-сырын, дін қағидаларын қалың қауымға өз тілдерінде тереңнен таныту мақсатында хикметтерін жергілікті халыққа жақын айшықты поэзия тілімен жазды. Қожа Ахмет Йассауи түркі тілінде жатық әрі бейнелі жыр жазудың үлгісін жасап, түркі тілдерінің көркем шығармалар тудыру мүмкіндігінің мол екендігін дәлелдеді. Оның жазба әдебиет үлгісіндегі шығармалары түркі топырағында ертеден қалыптасқан суырыпсалмалық дәстүрдегі әдебиетке жаңа серпін, тың мазмұн алып келумен қатар, оны түр жағынан көркейтіп, кемелдендіре түсті. Сөйтіп, бұрыннан дидактикалық сипаты басым түркі әдебиеті насихаттық ой тұжырымдармен толыға түсті. Ол фольклор мен жазба әдебиеттің өзара жақындасуының, толысып, көркеюінің дәнекері бола отырып, Шығармашылық әдебиетінде ертеден қалыптасқан, Құран Кәрімде баяндалатын тарихи аңыздар мен пайғамбарлар, әулие-әнбиелер жөніндегі әпсаналарды хикметтерінде ұтымды пайдаланды. Қожа Ахмет Йассауи шығармашылығы түркі-мұсылман әлеміне кеңінен танылып, Йассауи ше хикмет жазу дәстүрге айналды. Кіші Азияда Қажы Бекташ, Жүніс Әмре, Сүлеймен Бақырғани хикметтерінен Қожа Ахмет Йассауи сарыны байқалды. 12 ғасырдан бері түркі халқының дүниетанымына елеулі ықпал еткен Қожа Ахмет Йассауи сарыны Асан Қайғыдан Абайға, сондай-ақ, күні бүгінге дейінгі қазақ ақындары шығармаларында көрініс тапқан.

«Диуани Хикмет»

 

Оның бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы — «Диуани Хикмат» (Хикмат жинақ). Бұл шығарма алғаш рет 1878 ж. жеке кітап болып басылып шығады. Содан кейін ол Ыстамбұл, Қазан, Ташкент қалаларында бірнеше қайыра басылады. Соның бірі 1901 ж. Қазанда Тыныштықұлының қазақтарға арнап шығарған нұсқасы болатын.Төрт тармақты өлеңмен жазылған бұл шығармасында ақын өзінің бала күнінен пайғамбар жасына келгенге дейін өмір жолын баяндайды, тіршілікте тартқан азабын, көрген қайғысын айтады, бұхара халыққа үстемдік жүргізуші хандардың, бектердің, қазылардың жіберген кемшіліктерін, жасаған қиянаттарын сынайды, бұл фәнидің жалғандығын білдіреді.«Диуани Хикматтан» түркі халықтарына, соның ішінде қазақ халқына, ертедегі мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына, этнографиясына, экономикасына қатысты бағалы деректер табуға болады.

Диуани хикмет, «Ақыл кітабы» – Қожа Ахмет Йасауидің сопылық идеясын жыр еткен, этикалық-дидактикалық мазмұндағы әдеби шығармасы.

Ақын өз кітабын қыпшақ даласы мен Орталық Азия түркілеріне кезінде түсінікті болған шағатай тілінде жазған. Мұның өзі араб тілінде жазылған Құран Кәрім мен түрлі хадис, тәфсирлердің күрделі қағидаларын жергілікті түркі халықтарының түсініп оқуына мүмкіндік берді. «Диуани хикмет» – көшпелі елдің ауыз әдебиеті үлгілеріне негізделіп, түркі халықтары фольклорының тілдік-стильдік, модельдік тәсілдерін зор шеберлікпен пайдалана отырып жазылған көркем туынды. «Диуани хикметтің» түпнұсқасы сақталмаған. Ең ескі нұсқасы XV ғ-дың орта кезінде араб әрпімен көшірілген. Бертін келе «Диуани хикмет» Қазан (1887–1901), Стамбұл (1901), Ташкент (1902–11) баспаларынан жарық көрген.

Қожа Ахмет Йасауи хикметтерінің жазылу тарихын, поэтикасын, сопылық-философиялық идеясын, қоғамдық-әлеуметтік мән-мағынасын, ислам дінін таратудағы рөлін М.Ф.Көпрүлузаде, Н.С.Банарлы, Е.Э.Бертельс, А.К.Боровков, Э.Р.Рустамов, В.И.Зохидов, т.б. ғалымдар жан-жақты зерттеді. Қожа Ахмет Йасауи «Диуани хикметте» «Аллаға жақындай түсу үшін» әрбір адам өзінің өмір жолында төрт басқыштан өтуі керектігін айтады. Біріншісі – шариғат. «Шариғат» – ислам діні қағидалары мен шарттарын тақуалықпен мүлтіксіз орындауды әрі құдайға құлшылық жасауды талап етеді. Екіншісі, «тариқат» – дін ғұламаларына шәкірт болып, жалған дүниенің түрлі ләззаттарынан бас тарту, Аллаға деген сүйіспеншілікті арттыра түсу болып табылады. Бұл басқыш сопылықтың негізгі идеясын, мұрат-мақсатын аңғартып тұр. Үшіншісі, «мағрифат» негізінен дін жолын танып-білу сатысы деуге болады. Бұл басқыштың негізгі талабы – күллі дүниедегі болмыс-тіршіліктің негізі «бір Алла» екенін танып-білу, түсіну. Төртіншісі, «хақиқат» («фано») – Аллаға жақындап, оны танып-білудің ең жоғары басқышы. Сопылық түсінік бойынша, «шариғатсыз» «тариқат», «тариқатсыз» «мағрифат», «мағрифатсыз» «хақиқат» болуы мүмкін емес. Бұлардың бірі екіншісіне өту үшін қажетті басқыш болып табылады. Қожа Ахмет Йасауи Аллаға (яғни Хаққа) жету жолында міндетті түрде төрт асудан мүдірмей өтуі керек деген пікір айтады. Ақынның айтуы бойынша, Хаққа жету жолындағы әрбір асудың он-оннан мақамы (тоқтамы) бар. Демек, осы төрт асудың қырық мақамын игерген пенде ғана «жабарут» (адам мен табиғат арасындағы үйлесімділік), «мәләкут» (өмірдің мәнмағынасына қанық болу), «лахут» (бұл жалғаннан безіп, о дүниенің рухани әлемін меңгеру), «насут» (жоғарыда аталған үш өлшемнің басын қосып тұрған күш) деп аталатын рухани дүниенің сырын пайымдауға мүмкіндік алады.

«Диуани хикмет» әрбір адамды имандылыққа, ізгілікке, жоғары адамгершілік қасиеттерге жетелейтін құдіретті күш, айқын бағдарлама деуге болады. Қожа Ахмет Йасауи әрбір адамның қадір-қасиетін, өмірде алатын орнын оның ішкі жан дүниесінің тазалығымен өлшейді. Адамның өз бойындағы ізгі адамгершілік қасиеттерді ұдайы жетілдіріп отыруы немесе бүкіл адамгершілік қасиетінен жұрдай болуы сол кісінің имандылығына байланысты деген түйін жасайды. Ал имандылық дегеніміздің өзі Алланың құлына ғана тән, адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеп, оны құдай жолына салып отыратын киелі күш деп түсіндіреді. Ақынның айтуы бойынша, имандылықтың ең басты көрінісі – мейірімді, кешірімді, өзгелерге жанашырлықпен қарау болып табылады. «Диуани хикметте» әрбір адамға қажетті қанағат-ынсап сезіміне ерекше мән беріліп, нәпсіні тыя білу мұсылмандықтың басты шарттарының бірі екенін ақын оқырманға қайта-қайта ескертіп отырады. «Ақыл кітабы» адамның ішкі жан-дүниесінің түрлі теріс ой-пиғылдардан, жаман ниеттерден таза болуын талдап, Алла алдында пәк, кіршіксіз болуға шақырады.

Бүкіл әлемдегі түркі халқы «Диуани хикмет» арқылы исламның рухани әлемімен, сол дәуір үшін ілгерішіл саналған сопылық ағымның философиялық ой-пікірлерімен танысты. «Диуани хикметте» жырланған адамгершілік, имандылық, қанағат, кішіпейілділік, жомарттық жайындағы этикалық-дидактикалық тұжырымдар бертін келе, қазақ ақын-жыраулары поэзиясынан өзінің көркемдік жалғасын тапты.

Қожа Ахмет Яссауи (Иасауи)- орта ғасыр рухани әлемінде өзіндік қолтаңбасымен белгілі болған ойшыл ақын. Оның «Диуани Хикмет» яғни «Даналық кітабы» түркі халықтары арасында сопылық ағымның орнығуына қызмет еткен еңбек еді.

«Даналық кітабы» жинағын толық түрде тұңғыш рет қазақ тіліне аударған ғалымдар, филология ғылымдарының докторлары Мұхамедрахым Жармұхамедұлы, Сәрсенбі Дәуітұлы, М. Шафиғи мырзалар «Диуани Хикмет» сөзін «Ақыл кітабы» деп аударған екен.

Мұхамедрахым Жармұхамедұлы осы жинаққа жазған алғысөзінде аударма табиғаты жайлы: «Бұл жолы аудармаға негіз етіп, ең көне нұсқаларының бірі, жаңаша 1897-жылы Ыстамбул қаласында басылып, республикамыздың Ұлттық кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазба қорындағы 2330-38- реттік саны бойынша сақталып келген нұсқаны алдық»,- деп ескерте кеткен екен.

  Яссауидің кітабын тақырыбы жағынан екі топта жіктеп қарастыруға болады. Біріншісі – сопылық ілімнің мазмұнын өлең түрінде жырлаған хикметтер тобы. Бұған уағыз – насихат, өсиет үлгісінде жазылған тәлім-тәрбие сипатындағы хикметтер жатады. Ал екінші тобы – ақын өз кезіндегі дәуір, қоғам бейнесін жасайтын лирикалық шығармалары. Бұл жинақты бір жағынан, философ Яссауидің дүние танымының мазмұнын баяндаған және екінші жағынан, сопылық ілімнің әдеби нұсқасын берген өлең-жырлар деп, ұстаздың шәкірттеріне, болашақ ізбасарларына, оқушыларына арнаған сөзі деуге болады: 
Бісміллә деп баян етіп хикмет айтып, 
Тәліптерге дүр уа гауһар шаштым, міне, – 
деуі содан. Мұндағы тәліптер деп отырғаны – шәкірттер деген сөз. 
 Жинақта бүкіл адамзатты толғандырған "Тіршілікті жаратушы кім?", "Өмір дегеніміз не?", "Адамның өмір сүрудегі мәні мен мұраты не?" – деген сұрақтарға Яссауи да жауап беруге тырысады. Яссауи хикметтері бойынша ғаламат ғарышты, шексіз өмірді, рух дүниесін жаратқан – құдірет пен хақ тағала. Ал адамның өмірінің мәні мен мұраты Алланың аманат етіп тапсырған рухани жанын дүние күнәсінен ада, таза түрінде алланың өзіне о дүниеде қайтарып беру парызында деп түсіндіреді. Сөйтіп, адам Алланың тұтастығынан бөлініп жаралған тағдыр бола отырып, енді қайтадан сол тұтастыққа, Алламен рухани бірігуге дайын болуға тиіс деп табады. Хақ тағала сеніммен, рухани бірлікпен суарылған махаббаттың мазмұны жеке құлқынның ләззаты емес, қайта өзін-өзі дүние қызығынан шектеу дейді. Сондай махаббат қана нағыз пәк, берік болмақ деп, оның небір керемет поэтикалық бейнелерінің түркі халықтары ұғымындағы махаббат ғажайыптары суреті арқылы көркем үздік образдар жасайды. Ғылым мен ілімге (сопылыққа) тек махаббат жолымен ғана жетуге болатынын айтады: 
Махаббаттың дариясына шомылушы 
Ғылым, амал қыл, қалар көп үлгісі, – дейді. 
 Мұндағы амал деп отырғаны – сопылықтың шарттарын орындау әрекеттері. Жинақта хақ жолынан тайдыруға итермелеуші шайтан, нәпсіхауа образдары махаббатқа қарсы қойылады. Адам өмірінің мәні өз бойын, өз рухын сол шайтан мен нәпсіхауаға алдырмауда дейді. Ғашықтықтың шын азабын тартқандай "өлмек бұрын жан бермектің дертін тарттым" деп, бар өмірін Алла жолын таза күйінде ұстау үшін күреске арнауды насихат етеді. Қожа Ахмет Яссауи философиялық мазмұнға құрылған хикметтерінде көбіне ойшылдығын танытса, өз ортасын суреттеуде әр құбылыстың мәнін көре білетін реалист суреткер ретінде көрінеді. Әр оқиғаға өзінің бағасын ашық айта білетін, әркімге тиесілі анықтамасын бере алатын шыншылдығын, сыншылдығын байқаймыз. 
 
"Диуани хикмет" – сыншылдық дәстүрдің басы. 
 
 Өз заманының дағдарыстарына дауа іздеуде Яссауи өз көзқарасы тұрғысынан мынадай тұжырымдар айтады. Алла сыйлаған жарқын өмірдің қасіретке толып, азып-тозып азғындауына адамдардың өздері кінәлі. Адамның ниеті, пиғылы, құлқы, жүріс-тұрысы, мақсат-мүддесі заман қайшылықтарын туғызады деп табады. 
Біліңдер достар, Хақ Расулдың елшілері, 
Замана күннен күнге азар болды... 
Патшалар әділдікпен үкім қылмас, 
Қазылар пара алмай арыз алмас... – 
деп, Яссауи заманның азуына әділетсіз патшадан бастап, тағдырына қанағатшылық етпеген пиғылы нашар пақырлардың бәрін кінәлі етіп айыптайды. 
 Ақын өз шығармаларында, әсіресе, ислам дінін таратушы, уағыздаушы, шариғат сөзін сөйлеуші, сақтаушы болуға міндетті ишан, молда, мүпти, сопы, дәруіш сияқты дінбасыларды қоғамдық сана-сезімнің алдыңғы өкілі ретінде қарастырып, олардың іс-әрекетінің, мінез-құлқының, адамгершілік қасиеттерінің рухани биіктікте көрінуін талап етеді. Сондықтан да қоғам қаймағы, рухани жалауы болған сол топтың азғындыққа түсуі – заман азғындауының себепшісі екенін айтады. 
  Ишан, шейх, қожа, молда дүние іздер, 
  Сырын білмес топ халықты келіп алдар, 
  Аят, хадис сөзін қойып малды іздер... 
  Шейх деп салар сарай, жинар дүние, 
  Алла үшін қылған зәрре амалы жоқ... 
  Ғалымдардың айтқан сөзін дұрыс білмес, 
  Нағыз дәруіштерді көзге ілмес, – деп, ашынады. 
 Мұндай заманда әділеттікті, Хақ істі жақтаушылар қуғындалып, ал мансап үшін пара беріп, дүние үшін арсыздыққа барғандар қоғам басшылары болып, билік құратынын әшкерелейді. Яссауи өз заманынан сонда да күдер үзбей, адамгершілікке шақырады, жақсыны үлгі тұтып, ізгілік нышанына қуанады. Ол өз уақытының бейнесін жасап кеткен ақын әрі сол қоғамның белсенді қайраткері де болды. 
 Яссауи сопылық әдебиетті тудыра отырып, қазақ әдебиетінде адам бейнесін, оның қоғамдағы қызметін, өмір мұратын жоғары дәрежеге қойып жасауға жол салды. Яссауи хикметтері қоғам өміріне, адам тіршілігіне жоғары талап қойған сыншылдық дәстүр әкелді. Оның бұл сыншылдық дәстүрі Дулат, Сүйінбай, Шортанбай, Мұрат, т.б. жырларында, тіпті күні бүгіндері де жалғасын тауып жатыр.

ОН ЕКІНШІ ҒАСЫРДЫҢ КУӘГЕРІ

 

Ал тарихи деректерге қарағанда, шығарма түпнұсқасы 12-ғасырда жазылып, түрлі ғасырларда әртүрлі көркем жазушылардың көшіруімен халыққа тарап отырған. Соңғы замандарға жеткен алғашқы нұсқаларының бірі 15-ғасырда араб әрпімен жазылса керек. Ғалымдардың дәлелдеуінше, «Даналық кітабы»-оғыз-қыпшақ тілінде өмірге келген дүние. Бұл тәсіл дастан көшпенді түркі тайпаларының бәріне бірдей түсінікті болсын деген ниеттен туындаса керек. Дегенмен шығарма баспаханада теріліп, жеке кітап ретінде он тоғызыншы ғасырдың соңын ала жарық көргенге ұқсайды. Ғалымдардың пікірінше ең толық нұсқасы Қазан қаласында 1887-жылы жарық көрген жинақта қамтылған секілді.

Филология ғылымдарының докторы Немат Келімбетовтың саралауынша, Қазан басылымында барлығы 149 хикмет қамтылған. Оның ішінде 109-ы аутордың өзіне тікелей тиесілі жыр жолдары екен. Қалғаны жинақты көшіріп жазушы шәкірттері тарапынан еніп кеткенге ұқсайды.

Ғалым Келімбетовтың талдауынша: «Даналық кітабында» негізінен төрт нәрсе мадақталады. Олар: «шариғат»- Ислам заңдары мен әдет-ғұрыптарының жинағы; «тариқат» - сопылықтың идеясы, мұрат-мақсаты; «мағрифат»- дін жолын танып, оқып білу; «хақиқат»- құдай және оған жақындау». Шариғат заңдарына сүйене отырып, ақын халықты ізгі қасиеттерге шақырады.

Ол жалған ғалымдар мен  жағымпаздарды аяусыз сын тезіне алады:

«Білгірі заман-ақыр залым болды,

Жағымпаз жаналғыштар  ғалым болды.

Сойқанды елге ашық айта алмаудан,

Ішіме менің дертті жалын  толды» дейді ақын.

«БЕС ЖАСЫМДА ШАРИҒАТҚА БЕЛІМ БУДЫМ»

 

Қожа Ахмет Яссауидің  жеке өмірбаянына қатысты деректер аз сақталған. Және түрлі дерек көздері әртүрлі болжам айтады. Бір дерекке қарағанда ол 1103-жылы туылып, 1228-жылы дүниеден өткен. Келесілеріне сүйенер болсақ, ақынның туған жылы белгісіз, ал қайтыс болған жылы 1166-жыл болуы мүкін. Дей тұрғанмен бір нәрсе-анық. Ақын 63 жасқа келгеннен кейін, пайғамбар жасынан асып, жер бетінде жүргісі келмейтінін айтып, қылуетке яғни жер астына түсіп, қалған өмірін сонда өткізген-міс. Бір аңыздарға қарағанда ақын қылуетте тағы 63 жыл жасағанға ұқсайды. Бұл турасында ақынның өзі:

«Бес жасымда шариғатқа белім будым,

Дін жолында Ораза ұстап, әдет қылдым.

Күндіз-түні зікір айтып, тәуба қылдым,

Сол себептен 63-те кірдім жерге...»-деп жырлаған.

Негізінен жыр жолдары 11, 12 буынды боп келген бұл хикметтер кейде а-а-а-б, ал келесі бір шумақтарында а-а-б-а тәсілімен жазылған екен. Ал Ислам танушы ғалымдардың біраз тобы Қожа Ахмет Яссауидың қылуетке кіруін «Алланың берген жасына, маңдайына жазған тағдырына қарсылық білдіру болды» деп, өз ұстанымдарын дәлелдеп келеді. Дерек көздерге қарағанда Қожа Ахмет Яссауи сәби кезінде анасыз, ал жеті жасқа толғанында әкесіз қалған екен. Әпкесі Гаухар-Шаһназдың қолында тәрбиеленген ол бертін келе Арыстан Баб, Хамадани сияқты ұстаздарынан дәріс алған көрінеді. Дегенмен Қожа Ахмет Яссауидың Ислам жолындағы алғашқы ұстазы өзінің әкесі болған екен. Ал, ақынның жолын қуып, сопылық сарында жырлар жазған шәкірттерінің ішіндегі ең танымалы Сүлеймен Бақырғани болатын. Сөз түйінінде Қожа Ахмет Яссауидың бір шумақ өлеңін келтіре кеткен жөн болар:

«Ғаріп-пақыр, жетімдерді қылған шадман,

Құлдық қылып, ғазиз жанды  еткен құрбан.

Тағам тапсаң, шын пейілмен күткін мейман,

Халықтан естіп, бұл сөздерді айттым міне...»


Қожа Ахмет Йассауи, «Диуани Хикмет»