Ұрғашы малда жыныстық қызметтің реттелуі
Жоспар:
Кіріспе
Негізгі бөлім
- Ұрғашы малдың жыныстық органдарының анатомиясы
- Ұрғашы малдың жыныстық органдарының физиологиясы
- Ұрғашы малдың организміндегі жыныстық үрдістердің нейрогуморалді реттелуі
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер
Кіріспе
Малдың төлін өсіру бүгінгі таңдағы ең қиын да әрі өте көп күш жұмсауды, терең білімді қажет ететін жұмыс. Қазақ басқа көшпенділер сияқты ежелден мал баққан, мал өсірудің қыр-сырын жете білген халық. Дегенмен, бұрынғы кеңес өкіметінің тұсында, тоқырау заманында мал шаруашылығын өндірістік негізде жүргіземіз деп ірі сүт кешендерін салып, қойшылар бригадасын құрып, тағы басқада көптеген жұмыстардың атқарылғанына қарамастан, мал басының саны қысқарып, одан алынатын өнім күрт төмендеп кетті. Республикамызда жыл сайын аналық мал басының 30-40пайызынан төл алынбай қалады. Оған жаңа туған төлдің шығынға ұшырауын қосып есептесек, мұның республикамыздың халық шаруашылығына келтіретін зияны орсан зор.
Малды бағып-күтудің ережелерін сақтап, ғылыми тұрғыдан азықтандырып, организмде болатын физиологиялық, биологиялық үдерістерді дұрыс пайдаланып отырса, әрбір 100 бас сиыр мен құнажыннан жыл сайын 105-110 бұзау және жоғары сапалы өнім алуға болады.
Малдың жалпы жағдайынан басқа оның көбею, өсіп-өну органдарының физиологиясы мен анатомиясы, патологиялары жөнінде терең білім болмай, мұндай табыстарға қол жеткізу мүмкін емес. Малдың бедеу немесе қысыр қалу себептерін анықтап, ауруды емдеудің тиімді әдістерін қолдана білу керек.
Ұрғашы малдың жыныс аппараты ішкі және сыртқы бөлімдерден тұрады. Ішкі бөліміне: жыныстық бездер, жатыр түтіктері, жатыр, қынап, ал сыртқы бөліміне: сарпай (жыныс ернеулері), қынап кіреберісі, шүртекей жатады.
Ішкі жыныстық мүшелер. Жұмыртқалық (ovaria, oophoron) – жұп орган, негізгі атқаратын қызметі аналық ұрық торшасын және жыныстық гормондар түзіп шығару.
Сыртқы пішіні дөңгелек, сопақша болады, тығыз, көлемі: сиырда 3x2 см; ұсақ малдарда 1,5x1 см. Биелердің жұмыртқалықтары бүйрек тәріздес, көлемі 5x3 см, кейде одан да үлкен, ал мегежіндердің жұмыртқалықтары 3x2 см, сырты бұжырланып тұрады. Жұмыртқалықтың көлемі, салмағы малдың әртүрлі физиологиялық жағдайына қарай өзгеріп отырады.
Жұмыртқалық сыртынан алғашқы эпителлиймен қапталған. Осы қабаттың астында ақзаттық қабат орналасады. Жұмыртқалықты тіліп көргенде екі, яғни сыртқы-фолликулярлы және ішкі-милы (қан, лимфа тамырлары, жүйке жүйесі) аймақтан тұратынын ажыратамыз.
Фолликулярлы аймақта алғашқы, дамушы, пісіп жетілген фолликулдар (грааф көпіршігі) және сары денелер орналасқан. Жұмыртқалық сиырда, қойда, ешкіде жамбас қуысында, биеде құрсақ қуысында оң жағынан 3-4-ші, ал сол жағынан 4-5-ші бел омыртқалардың астында, мегежінде, қаншықта, мысықта құрсақ қуысының артқы бөлігінде орналасады.
Жатыр түтікшелері (salpinx) – негізгі қызметі аналық және аталық жыныс торшаларының кездесуін қамтамасыз ету. Ол үш қабаттан (кілегейлі, етті, сірілі) тұратын, өте жіңішке, иректелген түтік, жұмыртқалық пен жатыр тармағын жалғастырып жатады. Жатыр түтікшесінің кілегейлі қабаты кірпікшелі эпителлийден тұрады. Ұзындығы биеде, түйеде, сиырда, мегежінде 25-30 см, қойда және ешкіде 10-15 см түтіктің диаметрі жұмыртқалыққа жақындаған сайын кеңейе береді. Тіпті жұмыртқалықты қоршап жатады.
Жатыр (uterus, hystera, metra)-қуысты орган, негізгі қызметі төлдің өсіп дамуын қамтамасыз етеді. Жатырды құрылысына қарай күрделі және жәй деп бөлуге болады. Күрделі жатыр жануарларда (қос тармақты екіге бөлінген-сиырда, түйеде, қойда, ешкіде, мегежінде, қаншықта; қостармақты-биеде, есекте; қос жатыр-кеміргіштерде), ал жәй жатыр – приматтарда. Жатыр қабырғасы кілегейлі, етті, сірілі қабаттардан тұрады.
Жатыр жамбас қуысында орналасқан. Сиыр жатыр тармақтары жамбас қуысында жатады. Кейде көп туған немесе кәрі сиырларда құрсақ қуысына қарай түсіңкіреп орналасады, ал биенің, мегежіннің, қаншық пен мысықтың жатыр тармақтары құрсақ қуысында жатады. Олар жатыр шарбысы арқылы бел омыртқа бұлшық еттеріне бекітілген.
Жатыр үш бөліктен тұрады: жатыр мойыны, денесі және тармақтары.
Жатыр мойыны (cervix uteri) қынап пен жатыр денесін жалғастырып тұрады, өте тығыз, бұлшық етті болады. Ұзындығы сиырларда 10-15 см жетеді, диаметрі 3-4 см цилиндр тәрізді орган.
Жатыр мойнының кілегейлі қабаты ұзына бойлық (биеде) және көлденең (сиырда, қойда, ешкіде, мегежінде) қатпарлар түзеді.
Осы көлденең қатпарлардың ұштары мегежіннен басқа малдарда қынапқа қарай бағытталып, бір-бірімен түйіспейді. Жатыр мойнының кілегейлі қабатының эпителлийі шырыш бөледі.
Жатыр денесі (corpus uteri)-жұмсақ, ұзындығы 2-3 см, бие жатырының денесі кең, ұзындығы 10-15 см жетеді. Себебі, биенің төлі жатыр денесінде және тармағында өсіп дамиды, ал қалған малдарда төл жатыр тармақтарында өсіп дамиды.
Жатыр тармақтары (cornua uteri)-жатыр денесінен шығып жіңішкере келеді де, ұрық түтікшелеріне ауысады. Жатыр тармақтарының екіге бөлінген жерін бифуркация деп атайды. Жатыр денесінен осы бифуркацияға дейін тармақ аралық өзек түзіледі. Сиырдың жатыр тармақтары қошқар мүйізі тәрізді астына қарай бүктеліп жатады, ұзындығы 20-30 см. Биенің жатыр тармақтары алға қарай, төмен түсіп барып, жоғары қайырылып тұрады, яғни дөңес жағы астына, ал ойыс жағы үстіне қараған.
Мегежіннің жатыр тармақтары құрсақ қуысында ішек тәрізді иректеліп жатады, ұзындығы 1,5-2 м жетеді. Күйіс малдарының жатыр тармағында кілегейлі қабаттан түзілген арнайы құрылымдар болады, олардың жалпы саны 80-120 дейін жетеді, олар тармақтарда 3-4 қатар, ал жатыр денесінде ретсіз орналасқан. Олар карункулдар деп аталады. Карункулдардың беткейінде кішкентай тесіктер бар, оларды крипталар деп атайды. Сиырлардың карункулдарының беткейі дөңестеніп келеді де, ал ұсақ малдарда түйме тәрізді ойыстанып келеді. Басқа малдарда карункулдар болмайды, сол себепті крипталар жатырдың кілегейлі қабатының беткейінде орналасады. Бұнымен қоса жатырдың кілегейлі қабатында жатыр бездері орналасады.
Қынап (vagina, colpos)-жамбас қуысында, тік ішектің астында орналасқан. Негізгі қызметі шағылысуды қамтамасыз етеді және төл жүретін жол болып табылады. Оның ұзындығы ірі малда 30-35 см, ұсақ малда 10-20 см түтік, ұш (кілегейлі, етті, адвентиция) қабаттан тұрады. Кілегейлі қабаты безді эпителлий емес, көп қабатты жалпақ эпителлиймен қапталған, ұзына бойымен орналасқан көптеген қатпарлар түзеді. Қынаптың төменгі бөлігінде ұзына бойына орналасқан гартнер жолдары жатыр. Қынаптың краниальдік бөлігінде, жатыр мойнының жоғарғы жағында кеңейген күмбез тәрізді кеңістік түзіледі. Қынап пен қынап кіреберісін кішкентай ғана көлденең қатпар бөліп тұрады, ол-қыздық перде (hymen) деп аталады.
Сыртқы жыныстық мүшелер. Қынап кіреберісі (vestibulum vaginae)-жыныс саңылауынан басталып, қынапқа қосылатын, ұзындығы ірі малда 8-14 см болатын түтікше орган. Сиырда, қойда, ешкіде және мегежінде зәр шығаратын тесік кішкентай көлденең қатпармен екіге бөлінген, оның үстіңгі бөлігі зәр шығатын арнаға яғни, қуыққа барады да, ал астыңғысы тереңдігі 2 см тұйық тесік-дивертикул (diverticulum suburetrale) түзеді.бұл анатомиялық ерекшеліктерді мал ұрықтандырғанда немесе қуыққа катетер салғанда ескеру қажет. Биеде дивертикул болмайды. Қынап кіреберісінің негізгі атқаратын қызметі жыныстық қатынасты қамтамасыз ету.
Қынап кіреберісінің қабырғасы үш: кілегейлі, етті және дәнекерұлпалы қабаттан тұрады. Кілегейлі қабат көп қабатты жалпақ эпителлиймен қапталған және ол әр түрлі қалыңдықта қатпарлар түзеді. Қынап кіреберісінің екі жағында, кілегейлі қабаттың астында екі қатар орналасқан шырыш бөлетін түтік тәрізді бездер бар.
Жыныс саңылауынан 1,5-2,5 см тереңдікте,
сарпайдың жоғарғы бұрышына жақынырақ,
етті қабаттың ішінде қынап кіреберісінің
үлкен және кіші бездері орналасқан.
Бұнымен қоса биеде, мегежінде, қаншықта
қынап кіреберісінің екі
Қынап кіреберісінің төменгі бұрышында, шонданай сүйегінің үстінде, аталық жыныстық мүшенің рудименті-шүртекей (clitoris, cunnus) орналасады. Ол екі түрлі кавернозды (венозды және артериалды) денеден тұрады. Шүртекейдің жүйке ұштарына өте бай басы және аяқтары бар.
Сарпай (vulva)-сыртынан нәзік түкті терімен қапталған екі жыныс ернеулерінен (labia vulva) тұрады. Осы жыныс ернеулерінің жоғарғы жағы биеде сүйірленіп және төменгі шектері доғалданып қосылып, жыныс саңылауын құрайды.
Ұрғашы малдың жыныстық органдарының физиологиясы
Жыныстық және физиологиялық жетілу. Малдың өсіп-өну, төл беру қабілеті тек қана жыныстық жетілген кезеңнен басталады. Бұл кезде жыныстық органда, эндокринді аппаратта және бүкіл организмде өте күрделі морфологиялық, физиологиялық өзгерістер болады. Атап айтқанда аналық жыныстық безде фолликулдар өсіп жетіле бастайды да, онда аналық жыныс торшасы және жыныстық эстрогендік гормондар (фолликулин) пайда болады.
Бұл гормондардың әсерінен (эстрон, эстрадиол) ұрғашы малдың өзіне тән ерекше белгілері айқындала түседі, жыныстық органдары толық жетіледі, мал күйлейді, яғни жыныстық цикл қалыптасады. Осы кезден бастап аналық жыныстық безде овогенез үрдісі белгілі бір мерзімде, әрдайым қайталанып отырады да, ол мал қартайғанға дейін жалғаса береді. Сонымен қатар сүт бездері де өсіп дамиды.
Жыныстық жетілудің мерзімі
әртүрлі факторларға
Жыныстық жағынан жетілген
малды сол кезден бастап-ақ қашыруға
ұрықтандыруға болмайды, себебі бұл
кезде организм әлі толық жетілмеген,
жамбас қуысы тар. Мұндай жас малдың
буаздығы оның организміне де, іштегі
төлдің дұрыс дамуына да үлкен
зиян келтіреді. Сондықтан ұрықтандыру
үшін малдың жыныстық жетілуімен қатар,
организмнің физиологиялық
Физиологиялық тұрғыдан толық жетілген малдың сыртқы пішіні (эктерьері) және тірілей салмағы ересек малдың тірі салмағының 65-75 пайызын құрауы тиіс.
Құнажын, қашарлардың салмағы 290-300 кг жетсе 16-18 айды күтпей-ақ қашыра беруге болады. Мегежіндердің салмағы 110-120 кг жеткенде ұрықтандырады.
Жыныстық цикл. Жыныстық жетілген малдың организмінде, әсіресе, жыныстық жүйеде белгілі бір мезгілде қайталанып отыратын өте күрделі морфологиялық, физиолониялық құбылыстар болады. Бұл өзгерістер гипоталамус-гипофиз, аналық жыныстық безден басқаэндокриндік жүйелердің арақатынастық жағдайына байланысты және орталық жүйке жүйесінің тікелей басшылығымен іске асып отырады. Осы құбылыстардың белгілі тәртіппен қайталанып отыруын жыныстық цикл деп атайды.
Жыныстық циклды жан-жақты зерттеп, оны ілім ретінде қалыптастырған профессор А.П. Студенцов болды.
Оның анықтамасы бойынша жыныстық цикл үш сатыдан тұрады: 1. Қозу 2. Тежелу 3. Теңдесу.
Қозу сатысы төрт феноменнің көрінуімен сипатталады, олар: шылым ағу феномені, жалпы реакция (жыныстық қозу) феномені, күйлеу феномені және овуляция феномені. Осы қозу сатысында малдың организмінде оның шағылысуына, ұрықтануына, эмбрионның пайда болуына қажетті жағдай туады.
Жыныстық цикл синхронды немесе асинхронды; ырғақты немесе ырғақсыз, жарамды немесе жарамсыз болып өтеді.
Синхронды жыныстық циклдің барлық феномендері белгілі уақыт аралықтарында көрінеді, қозу сатысы тез қалыптасып өте айқын білінеді.
Асинхрондық жыныстық циклдің феномендері бір-біріне ілеспей, әр кезде көрініп, басылып жатады. Қозу сатысының қалыптасуы 4-5 тәулікке дейін созылады. Н.И. Полянцевтің мәліметі бойынша 25 пайыз сиырларда жыныстық цикл синхронды өтсе, 75 пайызында асинхронды өтеді.
Ырғақты жыныстық циклдің қайталану мерзімі бірдей, мысалға, әрбір 21 тәулік сайын қайталанып отырады. Ырғақсыз жыныстық циклдің қайталануы әр қалай, кейде 21 күннен кейін болса, енді бірде 45-60 күнге дейін малда жыныстық циклдің белгілері білінбейді.
Жарамды жыныстық цикл деп қозу сатысының барлық феномендері дерлік байқалған циклді айтады.
Жарамсыз жыныстық циклде бір немесе бірнеше феномендер көрінбей қалады. Мысалға: жалпы реакция феномені болмай қалады оны ареактивтік жыныстық цикл деп атайды, күйлеу феномені жоқ болса, алибидтік жыныстық цикл, шылым ағу феномені жоқ болса, анэстралдік жыныстық цикл, овуляция феномені жоқ болса, ановуляторлық жыныстық цикл деп аталады.
Жарамсыз жыныстық циклдің қайсысында болмасын малды шағылыстырғаннан, қашырғаннан ол тоқтамайды, ұрықтанбайды.
Шылым ағу (oestrus). Жыныстық органдардың кілегейлі қабығындағы эпителий торшалары көбейіп, бірнеше қабат болады, олар шырыш (секрет) бөліп шығара бастайды. Жатыр ішіне жиналған шырыш сыртқа ағып шыға бастайды. Малдың сарпайынан жіп тәрізді шұбырып, мөлдір түсті шырыш ағып тұрады.осы құбылысты шырыш ағу феномені деп атайды. Қыныптың, қынап кіреберісінің, жатыр мойнының кілегейлі қабаты домбығып ісініп, қызарып қанталап кетеді. Алғашқы күндері аққан кілегейлі сұйық көп емес, жатқан жерінде жиналып немесе құйрығына жабысып қалғанын байқаймыз, кейіннен оның мөлшері біраз көбейіп, соңына қарай азая бастайды. Сұйықтың өзіде қоюланып, сарғылт тартып, бұлыңғырлана береді. Шылым ағу үрдісі көбінесе, 2-3 тәулікке созылады, кейбір сиырларда, қаншықтарда бөлінген шырышқа қан араласуы мүмкін, сұйықпен қосылып кілегейлі эпителийдің өлген торшалары көптеп көшіп (пролиферация) түсе бастайды. Бұл кезде жатырдың жиырылуы күшейе түседі, тік ішек арқылы ұстап, сипай бастағанда-ақ тез жиырылып серпіледі. Шылым ағу үрдісінің соңына қарай жоғарыда айтылған барлық пролиферативтік үрдістер бәсеңдейді. Қан айналымы азайып, кілегейлі қабаттың түсі бозғылт тартады.
Шылым ағу феномені басқа феномендерден бұрын басталады да, кейін аяқталады. Күзде, қыстығ суықт күндері бұл үрдіс қысқы мерзімде, баяу өтеді, ал көктемде жаздың жылы күндері керісінше, өте айқын, қарқынды 3-4 күнге созылады.
Шылым ағу үрдісінің маңызы өте зор, біріншіден оның санитарлық маңызы бар. Сұйық неғұрлым көп ақса, жыныстық жолдар соғұрлым тазара түседі, екіншіден сыртқа бөлініп жатқан кілегейлі сұйық аталық ұрык торшалары (спермийлер) үшін, яғни олардың жылдам қозғалуы өте қолайлы (реотаксис) орта болып табылады.
Шылым ағу үрдісі басталған соң 1-1,5 тәуліктен соң-ақ, малдың мінез-құлқы да өзгере бастайды, сөйтіп екінші феномен басталады.
Жыныстық қозу (жалпы реакция) феномені малдың мінез-құлқының өзгеруімен сипатталады. Мысалы, сиыр мазасызданып, бір орынында тұра алмайды, жиі-жиі мөңіреп аяғымен жер тарпиды, жем-шөпке қарамайды, сүтті кеміп кетеді. Биелерде құлынның іші өседі. Жайылымдарда жүргенде, аулаға шығарғанда басқа сиырларға асылып шағылысқандағыдай әрекет жасайды, өзінің үстіне басқа сиырлар асылғанда қарсыласпай тыныш тұрады, бірақ бұқаны жолатпайды.т Жыныстық қозу феномені 15-20 сағаттай созылады, кейде бұл феномен мүлде байқалмайды.
Күйлеу (libido sexsualis) феномені ұрғашы малдың шағылысуға, ұрықтануға дайын екенін көрсетеді. Күйленген мал еркек малды өзі іздеп барып, оған жақындап шағылысуға ыңғайланып тұрады, еркек мал үстіне секіргенде қозғалмай тұрады. Сиырларда күйлеу феномені орта есеппен 20 сағатқа созылады. Қыстың күндері 10-13 сағат қана болса, жазғытұрым бір тәулікке жетуі мүмкін. Әсіресе, таңертеңгілікте далаға шыққанда анық білінеді. Малдың күйленгенін күйттеуші аталықтар (бұқа, қошқар, айғыр қабан,) қолдану арқылы анықтаған дұрыс.
Овуляция (ovulation) феномені пісіп жетілген фолликулдің жарылып, оның ішінен фолликулярлы сұйықпен бірге аналық ұрық торшасының бөлініп щығу үрдісін айтады.
Ірі малдың овуляция үрдісін тік ішек арқылы аналық безді ұстап, сипап білуге болады. Күйлеп жүрген малдың аналық безінде көлемі 0,6-1,0 см, сырты жылтыр былқылдаған күлдіреуік байқалады. Ол өсе келе аналық бездің пішінін өзгертіп жібереді, дөңгелек шар тәрізді немесе сопақша үш бұрышты, алмұрт пішінді бола береді. Пісіп жетілген фолликулдың қабырғасы коллагенезі ферментінің әсерімен әбден жұқарады, ішкі қысым арта түседі де, фолликула жарылады. Бұл үрдістің өтуі фолликул қоздырғыш гормонмен лютендеуші гормонның тікелей әсер етуімен іске асады. Пісіп жетілген фолликулдің аумағы 1,5-2 см жетеді. Биенікі тіпті, үлкен 4-5 см жетуі мүмкін. Сиырда овуляция малдың күйлеуі тоқтаған соң, 10-15 сағаттан кейін өтеді. Егер ол аталық малмен жанасып, шағылысқа түсетін болып жатса, оның күйлеуі де, овуляциясы да тез өтеді.
Арық немесе ауру малдың овуляциясы көп кешігіп өтеді, 30 пайыз жағдайда овуляция болмай қаладым (ановуляторлық цикл).
Овуляциядан кейін аналық ұрық безінің көлемі кішірейіп, жұмсарады. Жарылған фолликулдің орны шұңқыр, оған қан толып, ұйиды, фолликулярлық эпителийдің торшаларымен араласа өсіп, оған лютеинді фермент сіңіп, сары денеге айналады.
Овуляциядан кейін 4-5 күннен кейін-ақ сары дене (corpus luteun) аналық ұрық безінің үстінен бұртиып біліне бастайды.
Егерде овуляциядан кейін мал тоқтап кетіп, буаз болса, сары дене мал төлдегенге дейін өзінің қызметін тоқтатпай сақталып қалады. Мұндай сары денені буаздықтың сары денесі деп атайды. Ал егерде мал буаз болмай жыныстық цикл қайталанатын болса, пайда болған сары дене 7-10 күннің ішінде ыдырап сіңіп кетеді де, аналық ұрық безінде қайтадан фолликулдер өсіп жетіле бастайды. Мұндай жағдайда сары денені жыныстық циклдің сары денесі деп атайды. Буаздықтың сары денесі мал төлдегеннен кейін 30 күннің ішінде, ал жыныстық циклдің сары денесі 15-20 күннің ішінде ыдырап сіңіп кетпей тұрып қалса, ондай сары денені тұрып қалған немесе персистенттік сары дене деп атайды. Бұл жыныстық жүйедегі қандай да бір патологияның белгісі.
Овогенез деп аналық ұрық безінде аналық ұрық торшасының пайда болып, өсіп-даму үрдісін айтады. Ұрық торшасы аналық ұрық безінің сыртқы қыртысты қабатында примордиалдік фолликулдердің арасында пайда болады. Овоцитті сыртынан бір қабат фолликулярлық торшалар қоршап тұрады. Бұл – алғашқы фолликула. Овоциттер эмбрионалдық кезеңде-ақ пайда бола бастайды. Бұл үрдіс жыныстық жетілу мерзімінде біршама қарқынды, ал одан кейін сәл баяулап қартайғанға жүріп отырады. Примордиалдық фолликулдердің жалпы саны сиырларды бірнеше ондаған мыңға жетеді, оның тек аз ғана бөлігі толық пісіп-жетіліп, овуляциямен аяқталады да, қалған фолликулдер атрезияға ұшырайды. Атрезия деп фолликулдің дамуы тоқтап, ішіндегі ұрық торшасы өліп, фолликулярлық сұйықтың ыдырап сіңіп кетуін айтады. Бұл – кәдімгі физиологиялық құбылыс.
Овоциттің төңірегіндегі қоршап тұрған бір қатар фолликулярлы эпителий бірнеше қатар болып көбейе бастайды, фолликула өсіп үлкейе береді, оның ортасына фолликулярлы клеткаларды шетке ығыстырып кең қуысқа айналады. Фолликула ұрық безінің терең қабатынан бетіне қарай жақындай береді. Фолликулдің қабырғасы ішкі және сыртқы қабаттан тұрады. Ішкі қабатында фолликулярлы эпителий орналасқан, ол экстрогендік гормон (фолликулин), бөліп шығарады сыртқы қабаты тығыз дәнекер ұлпадан, қан тамырларынан тұрады. Пісіп жетілген фолликулдің көлемі сиырда 1,5 см, биеде 4-5 см болады.
Фолликулдің өсіп жетілуімен қатар ұрық торшасы да өсіп жетіледі. Бұл кезде овоциттің құрамында және оның ядросында күрделі өзгерістер болады. Овоцит екі рет бөлінеді. Бірінші бөлінгенде одан екінші дәрежедегі овоцит және бірінші бағыттаушы дене тарайды. Осыдан кейін (көбінесе, овуляциядан кейін) екінші дәрежедегі овоцит екінші рет бөлінеді, оның нәтижесінде үшінші дәрежедегі овоцит және екінші бағыттаушы дене бөлініп шығады. Осы үшінші дәрежедегі овоцит жетілген ұрық торшасы болып саналады, оның ядросында хромосомалар саны жартылай ғана (гаплоидті сан) болады.
Көп төлді жануарлардың аналық ұрық безінде бір мезгілде бірнеше фолликулдер пісіп жетіледі де, овуляция үрдісі ұзаққа созылады.
Жыныстық циклдің қайталануы барлық малда, жануарлада бірдей емес. Сондықтан жыныстық цикліне өтуіне қарай барлық жануарларда полициклді және моноциклді жануарлар деп екіге бөлеміз.
Полициклді – жануарладың жыныстық циклі бір жылдың ішінде белгілі уақыт аралығында бірнеше рет, яғни әр 18-22 күн сайын қайталанып отырады. Бұған негізінен үй жануарлары, демек, сиыр, бие, мегежін жатады.
Моноциклді - жануарладың жыныстық циклі жылына бір немесе екі рет қана қайталанады. Оларға ит, мысық және жабайы аңдар жатады. Ал түйе, қой мен ешкіні полициклді жануарларға жатқыза отырып, олардың жыныстық маусымы бар екендігін көрсете кетуіміз керек. Қой, ешкілер күзде күйлейді, ал түйе көбінесе, қаңтар айынан бастап сәуір-мамыр айларына дейін бірнеше рет күйлейді.
Тежелу сатысы шылым ағу және жыныстық қозу феномендерінің бәсеңдеп барып басылуымен сипатталады. Кеше ғана күйлеп жүрген мал еркек малды теуіп-тістеп жолатпайды. Шылым ағу тоқтаған, жыныс органдарының кілегейлі қабатының қызарғаны басылып бозғылт тартқан, домбығып ісінгені де әлсіреген, жатыр мойыны жабық, қынаптағы кілегейлі қабатының эпителийі көшіп түсіп, астынан жаңа торшалар пайда болады. Мал тыныштанып, жем-шөпке тәбеті бұрынғы қалыпқа түседі. Сөйтіп, қозу сатысындағы байқалған эволюциялық үрдістер тоқтап, орнына инволюциялық үрдістер келеді.
Теңелу сатысы. Тежелу сатысының жалғасы болып табылады, бұл едәуір ұзақ уақытқа, жаңа циклдің басталуына дейін созылады. Малдың мінез-құлқында айтарлықтай өзгеріс болмайды, аталық малға қарамайды, болмаса, оған жоламай қашып жүреді. Ұрық безінде әртүрлі даму сатысындағы фолликулдер де, сары дене де байқала береді. Жатыр мойыны жабық. Бұл – тек сырттай қарағандаға тыныштық. Ал жыныстық органдарда көзге көрінбейтін гистологиялық, биохимиялық өзгерістер, үрдістер жүріп жатады.
Әдетте, жыныстық цикл жаңа буаздыққа әкеліп соқтыруы керек, буаздық аяқталып мал төлдегеннен кейін қайтадан жаңа цикл басталады. Жыныстық циклдің басталуын, оның өту барысын, оған әсер ететін ішкі және сыртқы факторларды білу, әр аналық малдан жыл сайын төл алып отыру үшін қажет.
Ұрғашы малдың организміндегі жыныстық үрдістердің нейрогуморалді реттелуі
Жыныстық цикл басталып, оның дұрыс өтуі үшін сыртқы ортаның әсерімен қатар гонадроптық және гонадальдық гормондар қажет.
Гонадропты гормондар: фолликул стимулдеуші гормон (ФСГ), лютеиндеуші гормон (ЛГ) және лютеотроптық гормон (ЛТГ) немесе лактогендік гормондар гипофизде түзіліп шығады да, қан арқылы аналық ұрық безіне және сүт безіне әсер етеді, яғни фолликулдердің өсіп жетілуін, овогенез үрдісінің жүруін қамтамасыз етеді. Аналық ұрық безінде овуляция болып, сол жарылған фолликулдің орнында сары дененің пайда болуы да осы гормондардың әсері.
Гонадальдық гормондар аналық ұрық безінде түзіледі, оған: фолликуоин (эстрогендік гормон) және сары дененің гормоны прогестерон жатады.
Сыртқы орта факторлары дегеніміз – күн сәулесі, ауаның температурасы, жем-шөп және еркек мал. Осы ішкі,сыртқы факторлардың бір-біріне тигізетін әсерін бір ретке келтіріп отыратын орын – орталық жүйке жүйесі.
Қазіргі ғылыми зерттеулер нәтижесіне сүйенетін болсақ, жыныстық цикл мынандай тәртіппен өтеді: күн сәулесі – көздің, терінің рецепторын, азықпен келіп түскен стерондар – ас қорыту органдарының рецепторын қоздырады, еркек малдың – иісі, сыртқы тұрпаты, дауысы, олардың аталық малға тән қылықтары, ұрғашы малға жанасуы, сол сияқты тағы басқа да қарым-қатынасы тиісті сезімтал рецепторларды қоздырып, сол арқылы импульстер ми қыртысындағы тиісті орталықтарға барып жиналады. Ол жерде сарапталып, талданған импульстер гипоталамус арқылы гипофизге жетіп, ФСГ гормонын бөліп шығаруға мәжбүр етеді. Бұл гормон қан арқылы аналық ұрық безіне әсер етіп фолликулдердің өсіп жетілуін дамуына ықпал етеді. Фолликулдердің ішінде фолликулин (эстрогендік гормон) түзіліп, қан арқылы миға, жыныстық жүйеге әсер етіп, соның салдарынан жыныстық циклдің қозу сатысы басталады. Жыныстық циклдің қозу сатысында: шылым ағу, жалпы реакция, күйлеу және овуляция феномендері бірінен соң бірі, тізбектеліп өтеді. Қанның құрамындағы эстрогендік гормондар өте көп болғанда, ФСГ гормонының орнына гипофиз ЛГ (лютеиндеуші) гормонын бөліп шығара бастайды. ЛГ гормонының әсері мен овуляция үрдісі жүзеге асып жарылған фолликулдің орнына сары дене пайда болады. Сары дене өзінің прогестерон деген гормонын шығара бастайды. Прогестеронның әсері мен жатыр келесі буаздыққа дайындалады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
М. Н. Жоланов, Қ. У. Қойбағаров, О.Т. Төребеков «Мал көбеюі биотехнологиясы», Алматы, 2009.
Ш. Қ. Қалтаев, Б. Д. Жукин, М.Н. Жоланов, Қ.У. Қойбағаров «Ветеринариялық акушерлік, гинекология және көбею биотехникасы», Алматы, 2011.

- Ұрықтану мен оның маңызы
- Ұстаз болу жүректің батырлығы
- Ұстаздық еткен жалықпас
- Ұстаздың шеберлігі
- Ұялы телефон: пайдасы қандай, зияны ше?
- Фiлософiя науки як об'єкт дослiдження
- Фiнансовi результати підприємства
- Ұлы Отан соғысының ңарсаңы мен алғашңы кезеңіндегі Қазақстан
- Ұлы Сүлейман сұлтанның қоғамдық – саяси қызметі
- Ұлыттық брентд
- Ұн және жарма технологиялық процесстері
- Ұннан жасалатын ұлтық тағамдар
- Ұннан жасалған өнімдер
- Ұн өндіру