Сақ дәуірінің көрнекті ескерткіштері: Есік, Бесшатыр, Тасмола қорғандары

Алматы энергетика және баланыс  университеті

Ақпараттық технологиялар  факультеті

 

 

 

 

Әлеуметтік пәндер кафедрасы

 

Қазақстан тарихы

№1 семесртлік жұмыс

Тақырып: Сақ дәуірінің  көрнекті ескерткіштері: Есік, Бесшатыр, Тасмола қорғандары

 

 

 

 

  

                                                                                     Орындаған: Белсариева А.А.

                                                    Топ: БВТк-11-1

                                                                                    Сынақ кітапшасының №112036

                                                                              Ғылыми жетекші: Раджапов А.

 

 

 

Алматы 2012

Жоспар

  1. Кіріспе. Мәдениет сипаттамасы............................................................................ 3
  2. Ертедегі темір дәуіріндегі  Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан.............................. 3
  3. Бесшатыр қорымы.................................................................................................. 4
  4. Архитектурасы және құрылыс техникасы........................................................... 6
  5. Есік обасы................................................................................................................ 9
  6. Ертедегі темір дәуіріндегі Орталық Қазақстан................................................. 11
  7. Тасмола мәдениеті................................................................................................ 11
  8. Қорытынды........................................................................................................... 15
  9. Қолданылған әдебиеттер..................................................................................... 16

 

   
  
  
  
  
  
  
  
  
  
  
  
  
  
  
  
  
   

      

 

 

 

 

 

 

 

   Мәдениет сипаттамасы. Сақ мәдениеті— ерте темір дәуірінде Қазақстан мен оған жапсарлас өлкелерді мекендеген тайпалар қалдырған археологиялық ескерткіштер жиынтығы. Сақтар көшпенділердің жоғары деңгейде дамыған өркениетін қалыптастырды. Сақтар адамзат қоғамы үшін аса маңызды мәдени құндылықтар қалдырды. Сақ тайпалары тарихы мен олардың материалдық және рухани мәдениетінің аса маңызды бастау деректері – қорымдар, жартастағы суреттер, сақ бұйымдарының көмбелері. Сақ қорымдарының шоғыры Сырдария, Іле, Талас, Шу, Лепсі, Есік, Шелек, Шарын өзендерінің аңғарларынан, Кеген мен Нарынқол алқаптарынан табылған.  Археологтар зерттеулері Қазақстанның әр түрлі аймақтарынан сақтардың аса жарқын, байырғы мәдениетін ашуға мүмкіндік берді.   

 Темір дәуірінің кезіндегі ру-тайпалардан қалған басты ескерткіштердің бір түрі бүкіл Қазақстанның барлық жерінде кездесетін төбе- болып жатқан обалар. Археологиялық зерттеулер Қазақстандағы сақ мәдениеті жөнінде (б.з.б. 7 — 3 ғ-лар) неғұрлым толығырақ деректер береді. 1930 жылдардың соңында басталған зерттеу жұмыстары іс жүзінде 1946 жылдан кейін ғана кеңінен өрістеді. Жетісу, Төменгі Сырдария, Орталық, Солтүстік, Шығыс Қазақстанда сақ мәдениеті ескерткіштері ашылды, көптеген қорымдар, ғұрыптық орындар, т.б. жәдігерлер қазылып, зерттелді. Жетісудағы Есік (Алтын адам) Бесшатыр обалары мен көптеген көмбелер, Сырдың төменгі ағысындағы Үйғарақ қорымы, Орталық және Солтүстік Қазақстандағы Тасмола мәдениетінің обалары, Шығыс Қазақстандағы Берел, Шілікті қорымдары, т.б. көптеген нысандар көне сақтардың тамаша ескерткіштері ретінде танымал. Кең байтақ аумақтарға тарағандықтан, әр өлкенің мәдениетін зерттеудің өзіндік жүйелері қалыптасқан.   

 Б. з.  б. V ғасырға жататын Бесшатыр қорымының сақ «пирамидаларынан» бөренелерден тұрғызылған ірі жерлеу құрылыстары тамаша сақталған күйінде табылды, олар Орта Азия мен Қазақстан аумағындағы жер бетіне ағаштан салынған ең ежелгі сәулет өнерінің бірегей ескерткіштері.   

 Іле Алатауының  солтүстік беткейіндегі үлкен  қорымға енетін «Есік» обасындағы  ақсүйек сақтың қабірі жерлеу  ғұрпының байлығымен қайран қалдырады.  Оның киімі, бас киімі мен  аяқ киімі алтыннан жасалған 4000-ға жуық қаптырма мен қалақша арқылы әшекейленген, олардың көпшілігі скиф-сақ кезіндегі «аң» стилінде орындалған. Есік қабірінен табылған күміс тостағанның маңызы ерекше, оның түбіндегі 26 таңбадан тұратын жазу, тегінде, әліпбилік жазба болуы ықтимал.  
 

Ертедегі  темір дәуіріндегі  Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан. Б. з. б. І мыңжылдықта Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан – болжамдардың бірі бойынша тиграхауда-сақтарға баланатын сақ тайпаларының үлкен тобы қоныстанған Орта Азия мен Қазақстанның этномәдени сақ қауымының өзіндік жарқын мәдениетінің ірі ошағы саналды. Үлкенді-кішілі Сырдария, Іле, Талас, Лепсі, Есік, Шелек, Шарын, Кеген өзендері мен басқаларының аңғарларында көптеген тас және топырақ обалар шоғырланған. Олардың көбісі жүздеген төмпешіктері бар үлкен молалы жер болып табылады. Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның басқа да ірі оба қорымдарында адамдар әр түрлі уақыттарда жерленіп, олар жүздеген жылдар бойында қалыптасқан. Биіктігі  20 метрге дейін жететін «патша» обалары дейтіндердің көп жинақталуы жөнінен Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанға Орта Азияда және Қазақстанның басқа аудандарында тең келетіні жоқ. Осындай археологиялық ландшафт А. Н. Бернштамды «патша сақтары мен усундер» нақ Жетісуды мекендеген деген қорытындыға келтірген.

Бесшатыр  қорымы

Бесшатыр қорымы Іле өзенінің оң жағасында, Шылбыр қойнауында орналасқан. Ол 31 обадан тұрады, олардың 21-і таспен, ал 10-ы қиыршықтас және топырақ үйінділерімен жабылған. Үйінділердің көлеміне қарай қорым обалары үлкен, орташа және кіші обалар болып бөлінеді. Үлкен обалардың диаметрі 45 метрден 105 метрге, олардың биіктігі 6 метрден 18 метрге дейін жетіп ауытқып отырады; орташаларында тиісінше – 25 – 38 м және 5 – 6 м; кішілерінде – 6 – 18 м және 0,8 – 2 м.  

 Сирек  кездесетіндері болмаса, қазылған  обалар бұрындары тоналып кеткен  болып шықты. Дегенмен де Бесшатыр  обалары мерзімін белгілеуге  болатын тамаша материал ( қанжарлар,  жебелердің ұштары ) ғана емес, сонымен  қатар қабір үстіне орнатылған  іргелі құрылымдардың ерекше  бағалы, жаға үлгілерін де берді.  Диаметрі 104 м, биіктігі 17 м Үлкен Бесшатыр обасы ерекше.Үйінді төбесі қиық конус тәрізді, жалпақ төбесінің диаметрі 32 м. Обаның тас жамылғысы табаны жағалай тығыз етіп бірнеше қабат төселген, бұл – орасан зор үйінді орнатқан цоколь секілді болып көрінеді. Үйіндінің солтүстік және оңтүстік жақтарында төменге қарай түсетін ордың (ені 2 м) ізі байқалады. Үйіндінің айналасынан 5 - 7 метр қашықтықтан тас дуал өтеді (ені 2 м және сақталып қалған биіктігі 50 – 60 см). Үйіндімен қатар бір басы көмілген ірі тас бағандардан (менгирлерден) және үлкен қойтастардан қоршау түрінде тұрғызылған дөңгелек құрылыстар салынған. Үлкен обаның айналасында барлығы 94 қоршау бар. Кейбір тік тұрған тас бағандарға қазақ ру-тайпаларының таңбалары қашап салынған. Обаның солтүстік-шығыс жағында тағы да осындай жеті қоршау бар, олар оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай созылып жатыр. Олардың жанынан қыш ыдыстардың көптеген сынықтары табылды, қыш қазандардың тұтқалары кездеседі. Қазылған қоршаулардың көпшілігінде тайыз жерден күл-ыс дақтары табылды, екеуінен сүйек қалдықтары, керамиканың сынықтары мен моншақтар шықты. Сірә, қоршаулар табыну мақсатына арналып, отқа табынуға және құрбан шалу ғұрпына байланысты болуы ықтимал.  

 Бесшатырда  үш үлкен оба: Бірінші, Үшінші  және Алтыншы Бесшатыр обалары,  орташа үш оба мен барлық  ұсақ обалар қазылды. Бірінші  Бесшатыр обасының диаметрі 52 м, биіктігі 7,6 м, оңтүстік жағынан – 8,93 м. Оба таспен жабылған. Үйіндінің түп жағына тас неғұрлым тығыз қаланған, обаның төбесі жалпақ. Үйінді үш қабат. Ең үлкені – екінші қабаты, ол қалыңдығы 8,5 метрден 13 метрге дейін жететін топырақ пен қиыршақтастан тұрады. Төменгі қабатының астында Тянь-Шань шыршасының өңделген тұтас бөренелерінен салынған үлкен ағаш құрылыс табылды. Сағана үйілген топырақ астына жерленген адамның үстіне тұрғызылғын, бұл түгелдей жер бетіндегі құрылыс.  

 Бесшатыр  сағанасы сол кезде ағаштан  салынған күрделі құрылыс болып  табылады, ол бірнеше бөліктен  тұрады, олар: дәліз (дромос), қабірдің  алдыңғы кірер аузы және жерлеу  бөлмесі. Сағананың барлық бөренелері жақсы өңделген: бұтақтары мен бұдырлары тегістеліп шабылып, қабығы аршылған. Бөлменің қабырғасын құрайтын бөренелер мұқият тегістеліп, бір- біріне тығыз қиюластырылған; бүкіл құрылысты мейлінше тұрақты ету үшін бөренелердің жуан жұмыр басы қарама-қарсы айқастырып салынған. Бұрыштарында бөренелер бір-біріне тек түйісіп қана тұрады және өзара бекітілмеген, сондықтан Бесшатыр құрылысы дағдылы түсініктегі қима емес.  

 Бөренелерде  қашау мен пышақ іздері жақсы  сақталған – олардың екі шеті мен ортасында кертік бар. Жерлеу бөлмесінің бөренелерден тұратын жалпақ төбесі шиден есілген арқандармен буылған қамыс төсеніш қабатымен жабылған. Сірә, жерлеу ғұрпынан кейін бөлмеге апаратын есікке ірі тастар қаланып, дәліз бекітіліп тасталған болуы ықтимал. Осыдан кейін ғана жерлеу құрылысының үстіне тас пен қиыршақтас аралас зор үйінді үйілген. Үлкен обалар тобының ең оңтүстігіндегі Алтыншы обадағы құрылыс та осындай. Оның үйіндісі таспен жабылған. Обаның диаметрі – 52 м, биіктігі – 8 м. Үйіндінің астында, ертедегі жер беті деңгейінен шамамен 2 м тереңдікте жерасты жолдарының жүйесі болған. Олар жерден қазылған және орталық бағыттағы есік пен бүйірдегі тарамдардан тұрады, негізгі жолдан түрлі бағыттарға бүйірге қарай жеті тармақ кетеді, олардың батыс жақтағы екеуі жарым-жартылай топырақпен, ал солтүстік-шығыс жақтағы біреуі ірі тастармен толтырылған. Жолдардың күмбезі жарты шеңбер тәрізді, жерасты жолдарының биіктігі 1,1 метрден 1,68 метрге дейін, ені 75 – 80 см. Қабырғалардың көптеген жерлерінде кішкене ойықтар жасалған, олардың айналасындағы ыс іздері оларда жер астында жұмыс істеген жер қазушыларға жарық беретін май шырағдандар тұрғанын дәлелдейді, бүйірдегі тарамдардан жануарлардың сүйектері – құрбандық шалудың қалдығы табылды. Бүйірдегі тармақтарымен қоса алғанда негізгі жолдың жалпы ұзындығы – 55 м.  

14-обаны қазған кезде  жерлеу құрылымының жаңа үлгісі ашылды. Обаның жерлеу құрылысының негізі – ұсақ қиыршықтастар араластырылып топырақтан тұрғызылған қабырғалар. Қабырғалар бөренелермен үш қатар етіп жабылған, бөренелердің төменгі екі қатары Тянь-Шань шыршасынан, ал жоғарғы қатары жиде бөренелер. Бөренемен жабылған төбесінде тас пен бұтадан және сексеуілдің шырпысынан он алты қатар етіп күмбез тәрізді жаппа жасалған. Мазардың негізі төртбұрышты, ал төбесы дөңгелек күмбез сияқты болған.  

 Қабірдің  шығыс жағында есігі болып,  есіктің екі жағында жерге  тігінен көмілген қос-қостан екі бағана тұрған. Қос бағаналар бір-бірімен қазықтармен бекітілген, мейлінше берік болу үшін бөренелер шиден өрілген жуан арқандармен байланып тасталған. Кірер ауыздың төбесін бөренелердің үстінен ши арқандармен буылған екі қабат төсенішпен жапқан. Қабірдің лақатына кірер жердің жанына жуан бөрененің кесіндісі қойылған. Лақаттың еденінде адамның шашыраған сүйектері жатыр.  

 Бесшатырдың  хронологиясы кіші обалардың  бірінен табылған заттар бойынша  айқындалады. Оның үйіндісі астындағы  ұзын жағы батыстан шығысқа  қаратылған үлкен қабір шұңқырында (көлемі 3,50 де 2 м) жерленген екі адамның қаңқалары жатты. Сүйектер бірінің жанында бірі шалқасынан созылып, бастары батысқа қаратып қойылған. Жерленгендердің әрқайсысының жанына оң жағынан қысқа семсер-ақинақтар қойылған, ал сол (қорамсақтарда барлығы 50 қысқа сапты және ұңғылы жебе ұштарының он екі түрі бар). Қанжарлардың сабы көбелек тәрізді, ұшы бүлінген. Солтүстік жақтағы сүйектің сол жағында темір умбон жатыр, тағы бір жатқан нәрсе, сірә, кішкене ағаш қалқанның қалдығы болуы мүмкін, бел тұсында темір тоға жатты. Сүйектердің арасынан төрт ақық моншақ және біріне-бірі дәнекерленіп жапсырылған іші қуыс алтын түйіршіктерден жасалған екі моншақ табылды. Материалдар жиынтығына талдау жасау жалпы алғанда Бесшатырды б. з. б. V – IV ғғ. деп белгілеуге мүмкіндік береді.                     

 Архитектурасы және құрылыс техникасы.   

 Бесшатыр  қорымының көлемі 2 шаршы шақырым жерді алып жатыр. Алайда Бесшатыр обаларымен байланысты ескерткіштердің таралған жері қорымның өз ауқымынан әлдеқайда кең. Мәселен, қорымның солтүстік-шығыс жағындағы 5 шақырым жердегі төбеде алты қоршау орналасқан, олар келбеті мен салынуы жағынан Бесшатыр обаларына ұқсас. Обалардың батыс жағында үш шақырым жерде нақ осындай төрт қоршау бар. Одан да әріректе, батыс жағындағы 10 шақырым жерде де осындай, оңтүстіктен солтүстікке қарай орналасқан 45 қоршау бар.  

 Қорымның  төңірегіндегі бұл құрылыстардың  орналасуы, олардың сыртқы түрі, құрылымдары мен көлемінің бірдейлігі  оларды Бесшатыр қабірлерімен  бір мез.ілде салынған және  олармен байланысты деп санауға  негіз береді. Менгирлерден қорымдар төңірегіне қарай ашық салынған қоршаулар – Бесшатыр обаларына байланыссыз, қайта негізгі объектіні толықтыратын сияқты.  

 Сірә, Бесшатыр  кешені Іле өзенінің аңғарында  мекендеген  Жетісу сақтарының  киелі орны болса керек. Орасан  зор Бесшатыр патшалық обалары  орналасқан жерге сақтар ғасырлар  бойы келіп табынып, сансыз  көп құрбандықтар әкелген, ас  беріп, бата қылған, әр түрлі  діни жоралғылар жасаған. Мұндай  діни салтанаттар мен жоралғылар  өткізілетін орындарға менгирлер  мен қойтастардан үлкен қоршаулар  тұрғызылған.   

 Бесшатыр  қорымының барлық обаларына – үлкендері мен орташаларына да, кішілеріне де біркелкілік тән, олар тастар мен ірі қиыршықтастардан үйілген, төбесі жалпақ (трапеция тәрізді), етегіне тас тығыз қиюластырылып қаланған болып келеді. Үлкен обалар құрылымының ерекшелігі – үйінділер етегіндегі ордың терең болуы, обалардың астына кіретін жер осы орлардан басталған. Тегінде, жерлеу және обаны тұрғызу жоралғылары жасалғаннан кейін жер астына кіретін есік бата қылу, құлшылық ету және құрбан шалу үшін белгілі бір уақытқа ашық қалдырылып, сонан соң обаның кірер ауыз үстіндегі топырағының бір бөлігі құлап басып қалған болса керек.   

 Сәулет  өнерінің ескерткіші ретінде  Бесшатырдың әрбір үлкен обасы  құрылыстың екі түрінен: сыртқы және ішкі түрлерінен тұрады. Сыртқы құрылыс – тығыз қаланған тастардан, тас дуалдардан және үйінділер төңірегіндегі менгирлер мен қойтастар тізбегінен тұратын үйдің үстіңгі қабатында орнатылған сияқты жалпақ тебелі үшкіл үйінді. Үйінді архитектурасында жер астына түсетін ор және ішкі құрылыстары – ағаш қабір мен қуыстар маңызды ескерткіштер болып табылады.  

 Мұның  бәрі сақ тайпаларында Бесшатырдағы  ғұрыптық құрылыстар салынғанға  дейін-ақ архитектуралық-құрылыс тәсілдері мен түрлері: төрт бұрышты және дөңгелек етіп жоспарлау, тас қалау әдісі, ағаш өңдеу дағдылары мен ағаштан құрылыс салу, құрылыс кезінде ағашты, қамысты, тасты шеберлікпен ұштастыра пайдалана білудің ертеде-ақ орныққанын дәлелдейді. Сірә, мұндай құрылыс тәжірибесі ғұрыптық ескерткіштерді салу нәтижесінде ғана емес, сонымен қатар тұрғын үйлер мен қора-қопсылар салу кезінде де жинақталған болса керек.

Бесшатырдың  ғұрыптық құрылыстары тайпаларының көсемдерін мәңгің есте қалдыруға тырысқанын көрсетеді. Құрылыс салғанда оларды бүлінбейтіндей (тонамайтындай) ету ғана емес, сонымен бірге «мәңгі» тұратындай етіп салу мақсаты да көзделді. Сақтардың түсінігі бойынша, ескерткіш өзінің көлемі жағынан көсемнің құдіреті мен байлығына сай келіп, келер ұрпақтың бойына құрмет және қорқыныш сезімін ұялатуға тиіс болды.  

 Бесшатыр  обалары өздерінің көрнектілігімен  зор әсер қалдырады. Үлкен обаны  тұрғызу үшін ғана елу мың  текше метрден астам топырақ,  тас, қиыршықтас пайдаланылған,  ал онығ үстіне қорымнан 3 шақырым жерде орналасқан ең жақын таулардан мыңға жуық тақтатастар мен қойтастар тасып әкелінген.   

 Оба үйінділерін  стратиграфиялық зерттеу бұл  үлкен қорғандардың әрқайсысы  тастар мен топырақты жөн-жосықсыз текшелеу ғана емес, қайта ұүрылымы алдын ала ойластырылған сәулетті ғимарат екенін көрсетеді. Топырақтың көп қабат етіп үйілуі оба ішіндегі ағаш құрылысқа қажетті микроклиматты қалыптастырылып, ескерткіш-обаның өз сынын ұзақ уақыт сақтауына да әсер еткен.  

 Үйінділердің  көлемі жағынан қорым обалары  үлкен, орташа және кіші болып  бөлінеді, үйінділердің осы үш  тобына қабір құрылыстарының  әр алуан түрі: үлкендері мен  орташаларына – бөренелерден тұрғызылған қабір, киіз үй тәрізді бейіт, ал барлық кіші обаларға жерден қазылған шұңқыр (кейде оған салынған тас жәшік) сәйкес келеді. 4-ші обадағы киіз үй тәрізді шатырлы бейітке ешқайсысы ұқсамайды. Әзірше ол скиф-сармат мәдениетінің обаларынан табылған осы түрдегі бірден-бір құрылыс.  

 Бесшатыр  құрылыстарын салуға қажетті  бөренелер оба орналасқан орыннан  шамамен 200-250 шақырым болатын Іле өзенінің арғы бетінен, Іле Алатауының сілемдерінен дайындалған. Сол жерде, ағаш кесілген, бұтақтары мен бұдырларынан тазартылып, жасалған кетпелер арқылы оларды өзенге сүйретіп апарып, салмен құрылыс салынатын жерге жеткізген. Бұл орайда қыл арқандар мен ши талшықтарынан есілген арқандар пайдаланылған.  

 Ағаш  кесу, бөренелерді қысқарту және  басқа да ауыр жұмыстар жүзі  тез мұқалатын ауыр қола балталармен орындалған. Бөренелерді өңдеу сан алуан шоттар, қашаулар, үскілер, қола шапашоттармен жүргізілген болса керек.  

 Бесшатыр  обаларын қазғандағы материалдар  Жетісудың сақ тайпаларының мәдениеті  туралы түсінікті байыта түседі. Олар көпжылдық тәжірибенің, жоғарыда  атап өтілгеніндей, жерлеу қабірлерін  салу кезінде ғана емес, сонымен қатар тұрғын үйлер салу кезінде де жинақталғанын дәлелдейді. Бұдан Жетісу сақтары «таза» көшпелі болған жоқ, олар жылдың жылы маусымдарында ғана көшіп, суық түсісімен қыстайтын жерлеріне барған да, қысқы тұрғын үйлерінде қыстаған деген қорытынды шығады. Тұрғын үй салғанда олар ағаш, тас, қамыс, бұта сияқты жергілікті материалды пайдаланған.

Есік  обасы  

 Есік обасы 40-тан астам обадан тұратын үлкен қорымның оңтүстік шетінде орналасқан. Обаның диаметрі 60 м, биіктігі 6м. Үйілген топырақтың құрылымы айқын емес, бірақ көп қабатты (3-4 қабат), малтатас қабаты қиыршық-сазды қабатпен ауысып отырады, орталықтағы моланың айналасынан ірі қойтастар жиынтығы байқалады. Үйінді астында екі қабір: орталық және бүйірдегі (оңтүстік) қабірлер бар. Ортадағы қабір қарақшылардың неше дүркін тонауының салдарынан әбден шөккен. Бүйірдегі қабір сол күйінде сақталған. Лақат Тянь-Шань шыршасының өңделген бөренелерінен салынған, оның көлемі: ішінен өлшегенде 2,9x1,5 м, сырты – 3,3x1,9 м, қабатымен қоса алғандағы биіктігі 1,3-1,5 м.  

 Лақаттың  оңтүстік және батыс бөліктеріне  ыдыстар қойылған, ал солтүстік бөлігінде, лақаттың тура тақтай еденінде жерленген адамның сүйектері жатыр. Ағаш қалдықтары мен темір тұтқаларға қарағанда, өлік ағаш қақпақпен жабылған болуы керек. Ол басын батысқа қаратып, шалқасынан созылып жатыр, бас сүйегінен өкше сүйегіне дейінгі ұзындығы 165 см.  

 Есік  обасындағы қабір құрылысы, сірә, былайша тұрғызылған болса керек:  әуелі ұзына бойы батыстан  шығысқа бағытталған тікбұрышты  қабір шұңқырын қазған. Оның түбіне  бөрене қима – лақат жасалған. Оның құрылымы өте қарапайым: ұзындықтары бірдей бөренелерді көлденеңінен лақаттың қабырғасы болатындай етіп қаластырған. Бұрыштарында бөренелер өзара байланбаған, тек түйісіп қана тұр, лақаттың ұзын және көлденең қабырғаларындағы бөренелердің ұштары қабірдің опырылып түспеуі үшін кезек-кезек ұмсындырылып шығарылған.   

 Лақаттың  қабырғаларына бөренелер бес  қатар етіп салынып, ол үстінен  де ұзын қабырғаларына көлденеңінен  қойылған бөренелермен жабылған. Түбіне жақсылап өңделген он тақтайдан бір-біріне жақсы қиюластырып еден төселген. Еденге өлік пен неше түрлі нәрселер қойылған.   

 Шамасы, еденнің өлік жатқызылған тұсына  ұсақ алтын қаптырмаларымен әшекейлеп тігілген мата төсеніш төселген болуы керек. Төсеніш үстіне тамаша сәнді киімі кигізіліп, бес қаруы түгел асылған өлік қойылған. Орныққан салт бойынша, өлік аяқ-қолы созылып, басын батысқа, бетін жоғары қаратып шалқасынан жатқызылған, оң қолының саусақтары кігдігінен төмен қойылып, сол қолы бір жағына созылып жатыр.   

 Оң жағында  бел тұсына ағаш қыны бар  темір семсер қойылған. Қару ілетін  аспалы белдікке алтын қаптырмалар мен жолбарыс басының бедерлі бейнесі бар өткерме шегелеген. Белдіктің сол жағына шауып бара жатқан бұлан мен ат пішінінде жасалған екі алтын тілігі жапсырылған, қайыспен қапталған ағаш қыны бар темір ақинақ ілінген. Оның әшекейлері арасынан белдіктің аспалары үшін жасалған, бүктетілген қасқырдың бедерлі бейнесі салынған цилиндр формалы екі қаптырма-тоға ерекше көз тартады.  

 Сол қолының  қарында алтын ұшты символды  жебе, одан жоғарырақ сабы жалпақ  алтын таспамен бунақтала оралған  қамшы, одан жоғарырақ –ішіне  қола айна мен қызыл бояу  салынған шағын жібек қоржын  жатты.  

 Лақаттың  еденіне өлік тамағы салынған  және ыдыстар қойылған. Жазуы  бар күміс тостаған мен оқшауырақ  тұрған алтынмен апталған қола тегененің де соларға жататыны анық. Оның ішінде жыртқыш құстың тұмсығы мен тырнақтары түрінде жасалған бірнеше мүсіндік алтын тіліктер жатыр. Ыдыстардың бірде-біреуінен жануарлардың сүйектері – ет тағамының қалдықтары табылған жоқ.  

 Ыдыстарды  орналастыруда белгілі бір тәртіп  сақталған. Қыш және ағаш ыдыстар  бөлек қойылған. Оңтүстік қабырғаға  жақын ағаш ыдыстар, арт жағында  – екі қатарда төрт табақша, алдыңғы жағында – тегене мен ожау тұр. Екінші қабырға жанына қыш құмыралар бір-біріне түйістіріліп, бір қатарға тізіліп қойылған, олардың алдында тегенелер орналасқан, тегенелердің арасында екі күміс тостаған мен қасық бірге қойылған. Қола аяқ бөлек, қаңқаның бас жағында тұр. Лақаттың шығыс қабырғасы жағындағы еден бөлігі заттардан бос. Сірә, лақаттың есігі (Бесшатыр обаларындағы сияқты) оның шығыс жағында болса керек.   

 Жерлеу  ғұрпы жасалып, дене қойылған  соң лақат қысқа бөренелермен  жабылып, шұңқыр топырақпен көмілген  де, сонан соң топырақ үйілген.  

 Антропологтардың  анықтауынша, Есік обасына жерленген  адам 17-18 жасар, бет бітіміне қарағанда ол сақтарға жатады. Ол алтынмен мол тігілген сәнді киім киінген. Басына түгелдей түрі де, көлемі де әр түрлі алтын қаптырмалармен сәнделген, төбесі шошақ, биік (65-70 см-ге дейін) бас киім киген. Бас киім жылқы, барыс, таутеке, құс бейнеленген 150-дей алтын қаптырмалармен және тоғалармен сәнделген. Есік жауынгерінің мойнында – ұшы жолбарыстың басы іспеттес алтын алқа, сол жақ сырғаларында – перузадан жасалған салпыншақтары бар, көз салған алтын сырға болған. Үстіне мата көйлек кигізілген, оның өңірі мен жеңдері неше түрлі алтын қаптырмалар мен тізбелер араластырып, әшекейлеп, кестеленген; көйлектің сыртынан киілген қызыл бояумен боялған былғары бешпенттің өн бойы жолбарыстың басы бейнеленген алтын тоғалармен және үш сала жапырақ формасындағы кішкене тоғалармен қапталған. Бешпенттің сыртынан зооморфтық стильде жасалған, көздің жауын алатын он алты көлемді қаптырмамен қапталған құрама белдік тағылған. Белдіктің оң жағына қызыл қынға салынған ұзын темір семсер, сол жағына бұлан мен жылқы бейнеленген алтын қаптырмалар шегеленген қыны бар темір ақинақ ілінген. Шалбар тігіс-тігісі бойымен ұсақ алтын шеттіктермен әдіптелген және балақтары бешпенттегідей алтын қаптырмалар шегеленген саптама етікке сұғындырылған. Сақ жауынгері саусағына екі алтын жүзік таққан, олардың біреуі – сәнді бас киім киіп қырын қарап тұрған адамның бас бейнесі бар алтын (жүзік-мөр). Есік обасындағы қабірдің мерзімі б. з. б. ғасырдың алғы – III ғ. деп белгіленіп отыр.  

 Ертедегі темір дәуіріндегі Орталық Қазақстан. Бұл кезде Орталық Қазақстанда ең көп таралғаны – обалы қорымдар. Ең ірі обалар: Бұғылы, Қызыларай, Қарқаралы, Баянауыл, Қызылтас, Кент, Арқарлы, Қу, Қызылтау, Ортау, Ақтау таулары мен сілемдері аудандарында шоғырланған. Олар Ұлытау, Арғанаты, Желдіадыр тауларының бөктерлерінде, Желдітауда, Тайатқанда, Шұнақта жақсы мәлім, Солтүстік Бетпақдалаға дейін жетіп жатыр.Балқаш өңірінің шөлді аймағында обалар Қотанемел, Тесіктас, Қайрақтас, Жалғызтау, Жорға, Көксеңгір тауларында шоғырланып, шығысында Шыңғыс жотасына дейін жетеді. Солтүстік-шығыста обалы қорымдар Шідерті, Өлеңті өзендері мен олардың салалары жағалауындағы жарқабақты тегіс аймақтарда, солтүстікте Ерейментау таулы жазығына және Сілеті өзенінің бас жағына орналасқан.  

 Тасмола мәдениеті. Ертедегі темір дәуіріндегі Орталық Қазақстанның ежелгі малшыларының мәдениеті неғұрлым көлемді археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген Тасмола қойнауының атына сәйкес Тасмола мәдениеті деп аталды. Оны ерекше бөліп алуға тастар тізбегі бар обалар – «мұртты» обалар деп аталатын ерекше үлгідегі ескерткіштер себеп болды. Мұндай ескерткіштер қазақтың ұсақ шоқылы өңірінен тыс жерлерден, мысалы, Қазақстанның шығыс және оңтүстік облыстарынан (Оба, Көктал, Ащысай және Еділ бойы («Үш ағайынды( аңғары) кездеседі, бірақ олардың кең тараған негізгі өңірі Орталық Қазақстан болып табылады.  

 «Мұртты»  обалардың түрлері көп, бірақ  олардың барлығы дерлік біртұтас  сәулет өнері кешеніне кіреді. Үйілген топырақ астында өлікті  жерлеу үшін қазылған терең  сопақша шұңқыры бар үлкен  оба оның негізін құрайды. Үлкен  үйіндегі жақын, әдетте шығыс  жағынан, кіші оба салынатын  болған. Оның астына, сол заманғы  жердің бетіне, жанына қыш ыдыс  қойылып, ат жерленген. Сонан соң кіші обадан шығысқа қарай бағытталып, шет жақтарында дөңгелек тас құрылыстары бар, доға тәрізді тас тізбектері қойылған.   

 «Мұртты»  обалардың архитектуралық кешені  қола дәуірі тайпаларының табынушылық  құрылыс өнерінің дәстүрлерін  айқын бейнеледі, бірақ сонымен  бірге бұл б. з. б. VII-VI ғасырларға және онан кейінгі кезеңдерге де тән жаңа құбылыс.  

 Бұрынғы  аттың терісі мен басын жерлеу  ғұрпынан айырмашылығы – тасты  тізбектері бар обалардан өлген  адамның аяқ жағына көмілген  жылқы қаңқасы табылды. Сірә, атын  құрбандыққа шалатын бұл ғұрып  күнге табынушылыққа байланысты  болу керек.  

 Тасты  тізбектері бар обалар кешенінің  элементтерінен Күн-құдайға атты немесе оның белгілі бір мүшесін құрбан ету, үнемі «кірер аузы» шығысқа, таңертеңгі күнге қаратып салынатын тас тізбектері сияқты күнге табынушылықтың ерекше белгілері деп топшылауға негіз бар. Ал доға тәрізді тас соқпақтар, сірә, алыста қалған, Ригведаға сәйкес, күнге арнап Варуна құдай дайындайтын сүрлеумен байланысты болса керек. Тізбектердің ұштарындағы дөңгелек тас құрылыстар ішіне бата қылу кезінде жағылған оттардың іздері де күнге табынушылықпен байланысты екені шүбәсіз.  

 Өлікке  жылқы малын арнау және Күн-құдайға атты құрбандыққа шалу ғұрыптары көбінесе діни ұғымдардың негізі ретінде Орталық Қазақстанның ежелгі малшылары арасына кең тараған.  

 Тасты  тізбектері бар құрылыс кешендері  салынуына еңбектің көп жұмсалуы, байлығы, сәнділігі жағынан ру-тайпа ақсүйектерін жерлеуге арналған. Әрбір рулық зиратта ондай құрылыстар онша көп емес, ал олардың жандарында қатардағы тайпаластары жерленген көптеген қарапайым обашықтар бар.  

 Ескерткіштердің  бұл түрлерінде адамды жерлеу  ғұрпының неғұрлым мәнді-мәнді сипаттары ұқсас. Бұлар – этникалық-тайпалық құрылымы бір, бірақ әр түрлі әлеуметтік топтардың ескерткіштері.  

 Тұрғындардың  антропологиялық үлгісі мен материалдық  мәдениеттің аса маңызды элементтері  ертедегі темір дәуіріндегі Орталық  Қазақстан тайпалары мен олардан  бұрын өмір сүрген андронов  тайпаларының сабақтастық бар  екенін айқын көрсетеді.   

Сақ дәуірінің көрнекті ескерткіштері: Есік, Бесшатыр, Тасмола қорғандары