Шаруашылық жүргізуші субъектілер қаржысының жұмыс істеу негіздері

 

 

 

Жоспар:

 

І. Кіріспе

 

ІІ. Негізгі бөлім

1.Шаруашылық жүргізуші  субъектілер қаржысының жұмыс  істеу негіздері

2.Шаруашылық жүргізуші  субъектілердің сыныптамасы

3.Шаруашылық жүргізудің  ұйымдық-құқықтық нысаны

4. Негізгі ұйымдық-құқықтық  нысандардың шаруашылық жүргізуші  субъектілері қаржысының ерекшеліктері

 

ІІІ. Қорытынды

 

ІV. Пайдаланылған әдебиеттер

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кіріспе

 

Шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржысы – бірыңғай қаржы жүйесінің құрамды бөлігі және айрықша сферасы болып табылады, оның орталықтандырылмаған бөлігін құрайды. Елдегі ақшалай қатынастардың аса маңызды сферасын соның ішінде халықтың мұқтаждарын, өндірістік емес сфераның материалдық шығындарын қамтамасыз етудің көздерін – жасалатын қоғамдық өнімді, ұлттық табысты және ұлттық байлықты алғашқы бөлуді қамтитындықтан және кәсіпорындар деңгейінде мемлекеттің қаржылық ресурстарының басым ауқымы қалыптасандықтан бұл буынның қаржысы қаржылардың негізгі, бастапқы бөлігі болып табылады.

Шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржысы қаржы жүйесінің сферасы ретінде қоғам экономикасының іргетасын қалыптастырады, өйткені мұнда материалдық және материалдық емес игіліктер жасалады. Шаруашылық жүргізуші субъектілер қаржысының сферасы шеңберінде материал, еңбек және қаржы ресурстарын көпшілік бөлігі шоғырландырылады, бұл қоғамда ұлғаймалы ұдайы өндіріс процесін қамтамасыз етеді.

Шаруашылық жүргізуші субъектілер каржысының болуы, жалпы мемлекеттің қаржысы сияқты, тауар-ақша қатынастарының өмір сүруімен және экономикалық заңдардың іс-әрекетімен байланысты.

Шаруашылық жүргізуші субъектілер қаржысы ақша нысанында ұлғаймалы ұдайы өндіріс процесінің негізгі жақтарын білдіреді және экономикалық заңдардың талаптарына сәйкес оны жүзеге асыруға септігін тигізеді. Ол ұлттық шаруашылықты одан әрі дамытуға қажетті ақшалай табыстар мен қорланымдарды бөлу және пайдалану үшін қолданылады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1.Шаруашылық жүргізуші  субъектілер қаржысының жұмыс

істеу негіздері

 

Даму ұлттық шаруашылықты басқару жүйесінің маңызды экономикалық инструмент экономиканы қайта құрудың қуатты құралы болып табылатын шаруашылық жүргізуші субъектілердің берік әрі жақсы қалыптасқан қаржыларысыз мүмкін емес. Өндірістік қатынастардың бір бөлігі ретінде олар басқа өндірістік қатынастардың жиынтығында басқарудың төменгі буындары шаруашылық қызметінің тиімділігіне тікелей әсер етеді.

Шаруашылық жүргізуші субъектілер қаржысы өзіне қоғамдық пайдалы қызметтің сан алуан сфераларындағы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік, жабдықтау-өткізу (делдалдық), сауда, дайындау, геологиялық барлау, жобалау қызметін, халыққа тұрмыстық қызмет көрсетуді, байланысты, тұрғын үй-коммуналдық қызметтерін, түрлі қаржы, кредит, сақтық, ғылыми, білім, медицина, ақпарат, маркетинг және басқа қызметті жүзеге асыратын кәсіпорындардың, фирмалардың, қоғамдардың, концерндердің, ассоциациялардың, салалық, министрліктер мен басқа шаруашылық органдардың, шаруашылықаралық, салааралық, кооперативтік ұйымдардың, мекемелердің қаржыларын кіріктіреді.

Шаруашылық жүргізуші субъектілер қаржысы жалпы қаржылар сияқты бөлу және бақылау функцияларын орындайды.

Шаруашылық жүргізуші субъектілер қаржысының бөлгіштік функциясының ерекшелігі қаражаттардың жеке-дара ауыспалы айналымының процесінде өндірілген өнімнің құны белгіленген экономикалық нормативтер (салық мөлшерлемелері, амортизациялық аударымдардың нормалары, несие үшін пайыз) негізінде бөлінетігінде болып отыр, мұның өзі қаржының ұдайы өндіріс процесінде құнды бөлу және қайта бөлуге қатысуын айқындайды. Ақшалай қорлар мен қорланымдарды экономикалық тұрғыдан негіздеп бөлу қаржының ұдайы өндірістік тұжырымдамасын да іске асырудың басты шарты болып табылады. Оның мазмұны жай және ұдайы өндіріс кезінде материалдық және ақша қаражаттарының ауыспалы айналымы процесінде олардың қозғалысы арасындағы сәйкестікті қамтамасыз етуде болып табылады. Бұл үшін кәсіпорындар өнім өндіру мен оны өткізудің жоспарлары, болжамдары мен ниеттері негізінде, белгіленген экономикалық нормативтер негізінде уақыттың белгілі бір мерзіміне кірістер мен шығыстардың көлемін жасайды; шығыстардың шамаланған меншікті қаржы ресурстары, басқа ұйымдар мен өз қызметкерлерінің уақытша тартылған қаражаттары, банк несиелері есебінен, ал айырықша жағдайда бюджеттен бөлінетін қаражаттар есебінен жабылатынын анықтайды. Бөлу - өндіру мен тұтыну арасындағы байланыстырушы буын. Бұл процесс кәсіпорындардың өнім өткізуден түсім-ақша алуы және оны өндірістің жұмсалынған қаражаттарын өтеуге және таза табысты (пайданы) жасауға пайдалану арқылы болып жатады. Табыстың (пайданың) бір бөлігі қайта бөлу ретінде орталықтандырылған қорларға — мемлекеттік бюджетке, бюджеттен тыс қорларға түседі, ал қалған бөлігі еңбекке ақы төлеуге, әлеуметтік мұқтаждарға, өндірісті кеңейту және дамыту жөніндегі шығындарды қаржыландыруға шаруашылықтың қарамағында қалады.

Шаруашылық жүргізуші субъектілер қаржысының бақылау функциясы кәсіпорын экономикасында маңызды рөл атқарады: есепсіз және бақылаусыз шаруашылық жүргізуге болмайды. Ақшамен бақылау тек шаруашылық жүргізуші субъектілердің ішінде ғана емес, сонымен бірге оның басқа субъектілерімен, жоғарғы ұйымдармен және қаржы-кредит мекемелерімен өзара қарым-қатынастарында да жүзеге асырылады. Субъектілер арасындағы өзара қатынастарда бақылау жеткізілім тауарларға, көрсетілген қызметтерге және орындалған жұмыстарға ақы төлеу кезінде болады. Қаржы-кредит органдарымен өзара іс-әрекет кезінде бақылау бюджет алдындағы міндеттемелердің орындалуы кезінде, банк несиелерін алған және қайтарған кезде жүзеге асырылады.

Шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржысы сферасындағы сан алуан қатынастар олардың шаруашылық қызметі процесінде басқа шаруашылық жүргізуші субъектілермен болатын мынадай топтарға ірілендірілген ақша қатынастарына саяды:

басқа әр түрлі кәсіпорындармен және ұйымдармен (олар: өнім өткізуден түсім-ақша алу, өткізуден тыс табыстар түсіру, материалдық шығындарды төлеу, шарт міндеттерін бұзған кезде айыппұл төлеу және алу, бағалы қағаздарды өткізу, басқа кәсіпорындардың акциялары мен облигацияларына қаражаттарды инвестициялау, олар бойынша дивидендтер мен пайыздар төлеу және алу процесінде, коммерциялық несиелеу кезінде қалыптасады.

өзінің еңбек ұжымымен (бұл қатынастар еңбекке ақы төлеуді, сыйлық қорын жасауды, табысты (пайданы) бөлу және тұтыну қорынан қызметкерлерге жәрдемақылар төлеуді, сонымен бірге қызметкерлердің қаражаттарын тартуды (бағалы қағаздар сату, кәсіпорынның қаржы ресурстарын қалыптастыру үшін үлестік жарналарды) ортақтастырады;

мемлекетпен - бюджетке салықтар төлеу, бюджеттен қаржыландыру кезінде, мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алған кезде, сондай-ақ олар бойынша төлемдер алғанда, валюта қорлары мен ресурстарын қалыптастырғанда;

банктермен (қаржы қатынастарының бұл тобы банк несиелерін алу, оларды қайтару, несиелер бойынша пайыздар төлеу, банктерге уақытша пайдалануға белгілі бір төлем мен бос ақшаны беру, банк өткізетін бағалы қағаздармен жасалатын операциялар нысаны түрінде іске асады);

сақтық органдарымен - мүлікті, қызметкерлерді, коммерциялық және коммерциялық емес тәуекелді сақтандыру жөнінде;

жоғары ұйымдармен – ішкі салалық қайта бөлу шегінде (пайданы, табыстарды, капиталды қайта бөлу кезінде, жалгерлік төлемдер бойынша және басқалары);

құрылтайшылармен (бұл қатынастар құрылтайшылардың жарғылық капиталды қалыптастыру үшін қаржы жарналарын (салымдарын) төлеу кезінде, сондай-ақ кәсіпорынның пайдасын бөлгенде және оның бір бөлігін шартқа сәйкес құрылтайшыға аударған кезде қалыптасады) және т.с.с.

Шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржысына, бір жағынан, жалпы қаржылардың экономикалық табиғатын сипаттайтын белгілер, басқа жағынан, қоғамдық өндірістің түрлі сферасындағы қаржылардың қызмет етуіне байланысты ерекшеліктер тән. Сонымен бірге бұл қаржыға тән мынадай негізгі белгілерді атауға болады:

1) қаржы қатынастарының көпқырлылығы, олардың нысандары мен мақсатты арналымының сан алуандығы;

2) өндірістік құралдардың міндетті болуы және оларды қалыптастырумен, көбейтумен және қайта бөлумен байланысты қатынастардың пайда болуы. Өндірістік капиталдар - бұл өндірістің серпінді элементі, олар өндірістің өзі сияқты үздіксіз қозғалыста болады; сонымен қатар құн нысандарының тұрақты ауысымы болып отырады. Кәсіпорын қызметінің кез келген мезетінде өндірістік құралдар материалдық-заттай және ақша нысанында болуы мүмкін;

3) жоғары белсенділік, шаруашылық қызметінің барлық жағына әсер ету мүмкіндігі;

4) шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржысы бүкіл қаржы жүйесінің айқындаушы негізі болып табылады.

Шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржысы деп өнім (жұмыс, қызметтер көрсету) өндіріп, сату кезінде ақшалай табыстарды, қорланымдарды және қорларды жасаумен, бөлумен және пайдаланумен байланысты экономикалық қатынастарды айтады.

 

2. Шаруашылық жүргізуші  субъектілердің сыныптамасы.

 

Шаруашылық жүргізуші субъектілердің құрамына материалдық өндірістің барлық кәсіпорындары және нарықтық экономика жағдайында өзінің қызметін коммерциялық есеп негіздерінде жүзеге асыратын өндірістік емес сфераның бір бөлігі кіреді.

Шаруашылық жүргізуші субъектілер — кәсіпорындар мен ұйымдар (фирмалар, компаниялар, фермер шаруашылығы, шаруашылық серіктестіктері, ассоциациялар (бірлестіктер), ұлттық компаниялар және басқалары), мекемелер әр түрлі белгілері бойынша сыныпталады және оларды не ол, не бұл түрі бойынша айырудың негіздемелері қаржыны ұйымдастырудың сипатына елеулі әсер етуі мүмкін.

Межелеудің ең жалпы белгісі кәсіпорындар мен ұйымдарды қызмет сфераларының біріне — материалдық немесе материалдық емес (өндірістік емес) сфераға жатқызу болып табылады. Қызметтің материалдық сферасының кәсіпорындары бүкіл қоғамның тіршілік әрекетінің негізі болып табылатын материалдық өнімдер мен игіліктерді жасайды. Бұл сферада жасалған өнімнің бір бөлігі оның салалары ішінде (өңдірістік тұтынудың өнімдері) тұтынылады, басқа бөлігі түпкілікті тұтынуға, соның ішінде өндірістік емес сфераға да бағытталады. Өндірістік емес сфера қызметінің нәтижелері қызметтердің нысанын қабылдайды, қызметтерді жасаудың процесі, әдеттегідей, оларды тұтыну процесімен тоқайласады, яғни олар қордалауға, сақтауға жатпайды.

Қоғамдық өндірістің екі сферасының аталған қағидалы айырмашылықтары бұл сфералардың қаржысын ұйымдастыруға — қаржыландыру, өнімдер мен қызметтер құнының жасалу процестеріндегі қаржы қорларының қозғалысы кезінде де, сондай-ақ қызметтің қаржы нәтижелерін қалыптастыру — қорланымдарды, табыстарды немесе пайданы бөлу және пайдалану кезінде де әсерін тигізеді. Мысалы, материалдық сфера қорларының қозғалысында өндірістік босалқы қорларды, аяқталмаған өндірісті жасаумен, дайын өнім және өндірістік емес сфераға сипатты емес бірқатар басқа процесстердің қозғалысымен байланыстылары елеулі орын алады.

Шаруашылық жүргізуші субъектілер сыныптамасы

 

Сыныптаманың басқа белгісі шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржылық қызметінің сипаты — коммерциялық және коммерциялық емес қызметі болып табылады.

Коммерциялық және коммерциялық емес қызмет болып межелену Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінде бекітіліп берілген, онда заңды тұлға ұғымы анықталады. Заңды тұлға деп меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығындағы оқшау мүлкі бар және сол мүлікпен өз міндеттемелері бойынша жауап беретін ұйымды айтады. Өз атынан мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтық міндеттерге ие болып, оларды жүзеге асыра алады, сотта талапкер және жауапкер бола алады.

Өз қызметінің негізгі мақсаты ретінде пайда келтіруді көздейтін (коммерциялық ұйым) не мұндай мақсат ретінде пайда келтіре алмайтын және алынған пайдасын қатысушыларына үлестірмейтін (коммерциялық емес ұйым) ұйым заңды тұлға бола алады.

Коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға мемлекеттік кәсіпорын, шаруашылық серіктестігі, өндірістік кооператив нысандарында құрылуы мүмкін.

Коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлға мекеме, қоғамдық бірлестік, тұтыну кооперативі қоғамдық қор, діни бірлестік нысанында және заң құжаттарында көзделген өзге де нысанда құрылуы мүмкін және ол кәсіпкерлік қызметпен өзінің жарғылық мақсаттарына сай келуіне қарай ғана айналыса алады.

Коммерциялық қызметтің мақсаты табыс алу болып табылады. Коммерциялық негізде материалдық өндіріс сферасы кәсіпорындарының басым бөлігі және материалдық емес сфера ұйымдары мен мекемелерінің едәуір бөлігі жұмыс істейді.

Өндірістік емес сфера мекемелерінің едәуір бөлігі: мемлекеттік басқару, қорғаныс, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру және қамсыздандыру құқық тәртібін қорғау, айналадағы ортаны қорғау, денсаулық сақтау мен білім берудің, мәдениеттің және шығармашылықтың үлкен тобы, іргелі ғылым коммерциялық емес секторда қалып отыр. Коммерциялық емес қызмет табыс (пайда) алуға емес, бүкіл қоғам үшін, соның ішінде халықты әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуге қажет функциялар мен іс-қимылдарды орындауға бағытталған.                                                                        

Шаруашылық жүргізуші субъектілерді сыныптаудың маңызды белгісі меншіктің белгілі бір нысанына тиістілігі (қатыстылығы) болып табылады. Заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасында меншіктің екі нысаны қабылданған: жеке меншік және мемлекеттік меншік. Жеке меншік азаматтардың және (немесе) мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен олардың бірлестіктері ретінде болады, жеке меншіктің айырықша түрі ретінде қоғамдық ұйымдардың меншігі болады.

Мемлекеттік меншік республикалық және коммуналдық меншік болып ажыратылады.

Меншіктің аталған нысандарының ішінде шаруашылықты жүргізудің ұйымдық-құқықтық нысандарының көптеген түрлерін (санын) туғызатын әр түрлі шаруашылық құрылымдары қалыптасуы мүмкін:

1. Мемлекеттік меншікке негізделген мемлекеттік кәсіпорындар, соның ішінде: республикалық — Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтік дамуының жалпымемлекеттік міндеттерін шешу үшін;

коммуналдық меншіктегі кәсіпорындар — тиісті аумақтың халқының әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін қанағаттандыру жөніндегі міндеттерді шешу үшін, жергілікті бағынышта болады.

2.  Заңды тұлғалардың жеке меншігіне негізделген кәсіпорындар, әр түрлі тұрпаттағы шаруашылық серіктестіктері, соның ішінде акционерлік қоғамдар, кооперативтік кәсіпорындар мен ұйымдар.

3.  Қоғамдық бірлестіктердің меншігіне негізделген кәсіпорындар.

4. Құрылтайшылардың, соның ішінде шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардың мүлкін біріктіру негізіндегі бірлескен кәсіпорындар.

5. Азаматтардың меншігіне негізделген жеке меншікті кәсіпорындар.

6.Меншіктің жоғарыда келтірілген әр түрлі нысандарының қатысуындағы аралас кәсіпорындар.

Меншіктің барлық нысандарының теңдігі мен меншік субъектілерінің құқығын теңдей қорғау Қазақстан Республикасының заңнамасымен кепілденілген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен анықталған, ол шаруашылық жүргізуші субъектілердің құқықтық тәртібіне айтарлықтай өзгерістер енгізді.

3. Шаруашылық жүргізудің  ұйымдық-құқықтық нысаны

 

Кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық нысандары мен олардың мөлшерін ажырата білген жөн. Кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық нысандары меншік нысанымен — мемлекеттік, жеке (әр түрлілігімен) меншікпен анықталады. Мөлшері бойынша кәсіпорындар және кез келген нысан шағын, орта және үлкен болуы мүмкін. Заңнамалық тәртіппен қызметтің әр түрлі сфералары шағын кәсіпорындарының өңдірістік және ұйымдық міндеттерді жедел шешуге мүмкіндік беретін тиімді құрылымдар ретінде олардың дамуын ынталандыру мақсатында параметрлері анықталуы мүмкін.

Жалпы меншіктің әр түрлі нысандары кәсіпорындарының қаржысы ортақ қағидаттарға негізделген. Алайда бұл кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық мәртебесіндегі айырмашылықтар кәсіпорындарды басқару механизмінің кейбір ерекшеліктерін, мүліктік жауапкершілік сипатын және осымен байланысты болатын қаржы ресурстарын қалыптастырып, бөлудің нысандарын анықтайды.

Бұл ең алдымен жарғылық капиталды қалыптастыру көздеріне, табысты бөлуге және бюджетпен өзара қатынастарды ұйымдастыруға қатысты болып отыр.

Шаруашылық жүргізудің ұйымдық-құқықтық нысаны жарғылық капиталды жасаудың процесіндегі қаржы қатынастарының мазмұнын анықтайды.

Кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық нысандарын жіктеудің критерийлері мыналар болып табылады: меншіктің түрі, меншіктің субъектісі, мүлік иесінің мүліктік жауапкершілігінің сипаты (толық, шектелген, қосымша) және кәсіпорынды басқарудың механизмі. Осы критерийлерді ескере отырып, кәсіпорындар жеке, жекеше, серіктестіктер (толық серіктестік, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, акционерлік қоғамдар), кооперативтік, жалгерлік, мемлекеттік, шетелдік және бірлескен кәсіпорындар ретінде құрыла алады. Олардың барлығы бірыңғай заңдылық негізде іс-әрекет етеді және кәсіпорындардың қаржысын ұйымдастырудың ортақ қағидаттарына бағынады.

 

4.  Негізгі ұйымдық-құқықтық  нысандарының шаруашылық жүргізуші  субъектілері қаржысының ерекшеліктері

 

Кәсіпорын экономиканың негізгі буыны ретінде меншік нысандары мен шаруашылық жүргізудің әр алуандығы, тауар-ақша қатынастары мен рыноктың дамуы кезінде жұмыс істейді.

Кәсіпорындарды ұйымдық-құқықтық нысандары бойынша межелеу олардың қаржысын ұйымдастырудағы айырмашылықтарға: капиталдың қалыптасуына, өндірістік-шаруашылық қызметін қаржыландыруға, шаруашылықты жүргізудің нәтижелеріне әкеп соғады.

Қазақстан Республикасы Президентінің "Шаруашылық серіктестіктері туралы" заң күші бар жарлығына сәйкес шаруашылық серіктестігі - жарғылық капиталы құрылтайшылардың (қатысушылардың) салымдарына (үлесіне) бөлінген, өз қызметінің негізгі мақсаты пайда түсіру деп есептелетін және заңды тұлға болып табылатын коммерциялық ұйым. Шаруашылық серіктестіктің мынадай нысандары белгіленген:

1) толық серіктестік;

2) сенім серіктестігі;

3) жауапкершілігі шектеулі серіктестік;

4) қосымша жауапкершілігі бар серіктестік;

5) акционерлік қоғам.

Толық серіктестіктің пайдасы мен залалдары қатысушылар арасында, егер құрылтайшылардың шартында немесе қатысушылардың келісімінде өзгеше белгіленбесе, олардың серіктестіктің жарғылық капиталындағы үлесінің мөлшеріне бара-бар бөлінеді; сенім серіктестігі мен жауапкершілігі шектеулі серіктестікте де осылай бөлінеді.

Акционерлік қоғамдар туралы Қазақстан Республикасының заңына сәйкес өзінің қызметін жүзеге асыру үшін қаражаттарды тарту мақсатымен акциялар шығаратын заңды тұлға акционерлік қоғам деп танылады.

Қаржы қатынастарының акционерлік қоғамға сәйкес белгілі бір ерекшеліктері акцияларды өндірістік және коммерциялық қажеттіліктерді қаржыландыру ретінде қолданғанда көрінеді. Қаржыны ұйымдастыруға акциялар категорияларының (кәсіпорынның акциялары, еңбек ұжымының акциялары, акционерлік қоғамдардың акциялары), олардың түрлерінің әр алуандығы әсер етеді.

Экономикада едәуір орынды мемлекеттік сектор алады. Бұл секторда кәсіпорындардың мынадай түрлері жұмыс істейді:

1) шаруашылық жүргізу құқығына негізделген кәсіпорындар; бұл құқық мүлікті мемлекеттен меншік иесі ретінде алған және осы мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқықтарын заңнамада белгіленген шекте жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорынның заттық құқығы болып табылады;

2) жедел басқару құқығына негізделген (қазыналық кәсіпорын) кәсіпорындар. Бұл құқық қазыналық кәсіпорынның меншік иесінен алған және өз қызметінің мақсатына, меншік иесінің тапсырмалары мен мүліктің мақсатына сәйкес заңнамалық актілерде белгіленген шекте сол мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын жүзеге асыратын заттық құқық болып табылады.

Мемлекеттік меншіктің түріне қарай кәсіпорындар: 1) республика меншігіндегі кәсіпорындар — республикалық мемлекеттік кәсіпорындар;

2) коммуналдық меншіктегі кәсіпорындар — коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар болып бөлінеді;

Басқа мемлекеттік кәсіпорын құрған мемлекеттік кәсіпорын еншілес мемлекеттік кәсіпорын болып табылады.

Мемлекеттік кәсіпорын үшін мемлекеттің тапсырмасын орындау міндетті болып табылады. Мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің негізгі міндет-мақсаты (арналымы) қоғам мен мемлекеттің қажетіне қарай айқындалатын мынадай әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешу болып табылады, олар:

1) мемлекеттің қорғаныс қабілетін материалдық жағынан қамтамасыз ету және қоғам мүддесін қорғау;

2)  экономиканың жеке меншік секторы қамтыған немесе жеткіліксіз қамтылған қоғамдық өндірістің сфералары мен салаларында бірінші қажеттіктегі тауарларды өндіру (жұмыстар атқару, қызметтер көрсету);

3) мемлекеттік монополияға жатқызылған немесе мемлекеттің функциясы болып табылатын сфералардағы қызметті жүзеге асыру. Кәсіпорынға қатысты уәкілді орган меншік иесінің және мемлекеттік басқару органдарының басқару функцияларын орындайды.

Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын қызметтің сан алуан сферасында құрылып, іс-әрекет етуі мүмкін.

Кәсіпорын өндіретін тауарлардың (атқарылатын жұмыстардың көрсетілетін қызметтердің) бағалары кәсіпорынның оларды өндіруге кеткен шығындарды толық өтеуге, оның қызметін шығынсыз етуге өз кіріс есебінен қаржыландыруды қамтамасыз етуге тиіс.

Мемлекеттік тапсырысты орындау есебіне кәсіпорын өндіретін және өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) бағаларын уәкілді органның келісуі бойынша жоғарыда айтылған талаптарды ескере отырып белгілейді.

Кәсіпорын иесіне аударылуға тиіс табыстың (пайданың) үлесі жыл сайын уәкілді орган Қаржы министрлігінің (тиісінше — оның жергілікті органдарымен) келісімі бойынша белгіленетін пайданы бөлудің нормативінде көрсетіледі және тиісті бюджеттердің кірісіне аударылады.

Жедел басқару құқығындағы мемлекеттік мүлікке ие кәсіпорын қазыналық болып табылады.

Қазыналық кәсіпорындар заңнамада белгіленген тәртіппен:

1)  төтенше және авариялық жағдайларда кен-құтқару және өзге де арнаулы жұмыстарды орындау, өрттен, су тасқынынан және басқа сұрапыл апаттардан қорғау;

2) заңнамада қаржыландырудың арнайы тәртібі белгіленген мемлекеттік автомобиль жолдарының жөне басқа инфрақұрылым объектілерінің жүйесін ұстау мен дамыту;

3) пошта байланысы мен телекоммуникация, жалпыреспубликалық және халықаралық байланыс желісін пайдалану саласындағы қызмет;

4) топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстар жүргізу;

5) денсаулық сақтау, табиғатты қорғау, білім беру, әлеуметтік қорғау, ғылым және мәдениет сферасында өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру үшін құрыла алады. Қазыналық кәсіпорын өндіретін және өткізетін тауарлардың (атқаратын жұмыстардың, көрсететін қызметтердің) бағаларын уәкілді орган белгілейді.

Еншілес кәсіпорын — өз мүлкінің есебінен басқа мемлекеттік кәсіпорын құрған заңды тұлға. Еншілес кәсіпорындар құру құқығын шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорындар ғана пайдалана алады.

Еншілес кәсіпорындар негізгі кәсіпорынды, соның ішінде монополияға қарсы заң талабы күшіндегі кәсіпорынды ықшамдау, негізгі кәсіпорынның филиалдарын дербес заңи тұлға етіп қайта құру, негізгі өндірістің тиімділігін арттыру үшін қосымша және мамандандырылған өндіріс құру, негізгі өндірісті оған тән емес қызмет пен функция түрлерінен босату мақсатында құрылады.

Кәсіпкерлік қызметті жүргізудің тиімді ұйымдық-құқықтық нысандарының бірі шетелдік фирмалар қатысқан бірлескен кәсіпорындар болып табылады. Бірлескен кәсіпорындардың мүлкі шартта анықталған мөлшерде қатысушылардың салымдары (жарналары) есебінен құрылады. Бірлескен кәсіпорындар заңнамамен белгіленген салықтарды төлейді, бірлескен кәсіпорын жойылғанда оның резервтік капиталының пайдаланылмаған сомасына қолданыстағы мөлшерлемелер бойынша салық салынады. Республикада шетелдік фирмалар қатысқан бірлескен кәсіпорындарды құрудың және олардың іс-әрекет етуінің тәртібі заңнамамен белгіленген. Кәсіпорын капиталындағы үлес уағдаластық бойынша анықталады.

Экономиканың кооперативтік секторы бірыңғай ұлттық шаруашылық кешені буындарының бірі болып табылады. Қазіргі кезде кооперация жүйесінде кооперативтердің екі негізгі тұрпаты — өндірістік және тұтыну кооперативтері жұмыс істейді.

"Өндірістік кооператив туралы" заңда өндірістік кооператив азаматтардың бірлескен кәсіпкерлік қызмет үшін мүшелік негізде, олардың жеке еңбегімен қатысуына және мүшелерінің мүліктік салымдарын (үлестерін) біріктіруіне негізделген ерікті бірлестігі делінген. Өндірістік кооперативтер тауарлар, өнімдер өндіріп, жұмыс атқарады, шаруашылық жүргізуші субъектілерге және халыққа қызмет көрсетеді.

Өндірістік кооператив коммерциялық ұйым және заңды тұлға болып табылады. Ол жеке кәсіпкерлік үшін заңнамалық актілермен тыйым салынбаған кәсіпкерлік қызметтің кез келген түрін жүзеге асыруға құқығы бар.

Өндірістік кооперативтің пайдасы жыл қорытындысы бойынша анықталады. Салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер төленгеннен кейін қалған пайда кооперативтің толық қарамағында қалады және оның мүшелерінің жалпы жиналысы мен кооперативтің құрылтай құжаттарында көрсетілген мақсаттарға бөлінеді. 

Тұтыну кооперативі сауда-саттық және тұрмыстық қызмет көрсету арқылы өзінің мүшелерін және басқа азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандырып отырады.

Қазақстан Республикасының заңына сәйкес селолық тұтыну кооперативі мүшелік негізде оның мүшелерінің (пайшыларының) материалдық және өзге де қажеттерін қанағаттандыру үшін өз мүшелерінің мүліктік (үлестік) жарналарын біріктіру жолымен жүзеге асырылатын азаматтардың ерікті бірлестігі деп танылады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қорытынды

Қаржы бөлімінің құрылымы әдетте болжамды-талдамалық, есеп-қисап,шағым, оперативтік - қаржылық жұмыстың бағыттарына негізделеді.

Қаржы-өтім бөлімдері бюджетпен, банктермен, жоғарғы ұйымдармен есеп айырысу жөніндегі, кассатық сияқты топтарға бөлінеді.

Шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржы қызметінің маңызды міндеттері мыналар болып табылады: табысты немесе пайданы өсірудің жолдарын іздестіру және рентабельділікті арттыру; өндіріс, күрделі қаржылар, жаңа техниканы ендіру және басқа жоспарлы шығындар жөніндегі тапсырмаларды қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету; мемлекеттік бюджет, банктер, жеткізушілер, жоғарғы ұйымдар алдындағы қаржылық міндеттемелерді орындау; есеп айырысуларды ұйымдастыру; өндірістік капитал мен күрделі жұмсалымды тиімді пайдалануға жәрдемдесу; қаржы ресурстарын дұрыс пайдалануды бақылау, айналым қаражаттарының сақталымдылығы мен тездетілген айналымдылығын қамтамасыз ету және басқалары.

Қаржыны оперативті басқаруға банк мекемелері қатысады. Екінші деңгей банктері кәсіпорындар мен ұйымдарға есеп айырысу-кассалық қызмет көрсетуді жүзеге асырады, ақшаға деген уақытша қажеттіліктерді несиелендіреді.  Шаруашылықты жүргізудің нарықтық негізіне көшкеннен кейін кәсіпорын басшыларының, акционерлік компаниялар мүшелерінің ғана емес, сондай-ақ басқарудың әкімшіл-әміршіл әдістері жағдайында болмашы рөл атқарған қаржы службаларының да рөлі ерекше арта түсті. Кәсіпорындарды дамытудың қаржы көздерін, қаржы ресурстарын неғұрлым тиімді инвестициялаудың бағыттарын іздестіру, бағалы қағаздармен операциялар жасау және қаржы менеджментінің басқа мәселелері нарықтық экономика жағдайындағы кәсіпорындардың қаржы службаларының негізгі мәселелері болып отыр. 

Шаруашылық жүргізуші субъектілер қаржысының жұмыс істеу негіздері